МЕМЛЕКЕТ ПЕН ДӘСТҮРЛІ ДІН ҮНДЕСТІГІ
24.09.2020 0 1 706
Мұхаметхан БАЯЗИТҰЛЫ,
1969 жылы Түркістан облысының Отырар ауданындағы Көксарай ауылында туған. Шымкент қаласындағы Ескішаһар медресесінде, Пәкістан республикасындағы Исламабад халықаралық ислам университетінде оқыған.
Діндердің адам тәрбиесіндегі рөлін ерекше бағалай отырып, діндердің тарихын, олардың ізгілікке, имандылыққа шақырған және т.б. адамгершілікті насихаттаған қағидалары мектептерде оқытылып жатыр. Бұл бүгінгі жаһандану заманында аса қажеттілік болып тұр. Алайда бүгінгі дін оқулықтары туралы пікір қайшылықтары мол. Ол көбіне көп мемлекеттің дінге байланысты, оның ішінде ежелгі діндерге деген көзқарастарының кешегі кеңестік кезеңнен ұзап кете алмағанынан болып отыр.
Дүние есігін пәк, бейкүнә қалпында ашқан нәресте, алғашқы мейір махаббатты анасынан алады. Анасы оны: «Жаным, күнім, ботақаным», – деп елжіреп, құшағына алып, бауырына басады. Осы аналық мейір махаббат, нәрестенің жанына өтіп, оны қазақ етеді. Болмаса Адам (ғ.с.) мен Хауа (р.ғ.) анамыз ешқандай ұлттық құрамда болған емес. Демек нәрестені қазақпын деп мәжбүрсіз айтуына сеп болған, ананың жүрегінен шыққан махаббаты болмақ. Осы жерде Алланы материялдық (төменгі) деңгейде сезіммен, көкірек көзімізбен көреміз. Алланың мейір махаббаты қолмен ұстап көретін нәрсе болмағандықтан, ата — ана деген екі періштені (құл) жаратып, солардың жүрегінен мейір махаббатын, қамқорлығын көрсетеді. Бұл жерде ана, екі қызыметті қатар атқарып отыр. Алланың махаббатын жүректен-жүрекке өткізіп, жанына «Мен қазақпын» дегізді. Осы жерде нәресте, Алладан келіп тұрған рахметті көрді. Ата-анаға деген мұқтаждығын сезінді. Бірақ адам баласы, Алла қамқорлығын тез естен шығарушы. Соны білген атам қазақ: «Ата — ананың қадірін, балалы болғанда білерсің»,- деген. Демек құлдық қызыметті мойынға алмайынша, Алла махаббатын жүректен жүрекке өткізбейінше, Алла аманатын арқаламайынша ешқашан түсінбейсің. Бұл бір әулеттің аясындағы, Аллалық мейір махаббат. Ал » Ихсан» ол 18 мың әлемге келетін, Алланың аманат махаббаты. Ол махаббат Пайғамбарларымыздан (с.ғ.у.) мирас болып, алтын сілсәлә болып қияметке шейін жалғасын табады. Бұл махаббат иесі, Алла махаббатын жүректен жүрекке өткізіп, жаныңа «Мен мұсылманмын» деп айтқызады. Сонда ғана Аллаға құл болудың дәмін тата бастайсың. Сонда ғана шариғатқа махаббатпен зейін қоя бастайсың. Сонда ғана тек бала — шағаңды емес, бүкіл адамзатты сүйе бастайсың. Кісі айыбын емес, Аллаға дұрыс құл бола алмай жатқан өз айыбыңды көріп шәрмәндә боласың. Ата — ана махаббатын қалай көрген болсаң, Алла махаббатын солай көре бастайсың. Сонда ғана Аллаға шынайы махаббатың ояна бастайды. Хазірет Хуайда: «Махаббаттан – махаббат болар пайда, махаббатсыз адамнан қаш Хуайда», – деп соған орай айтқан. Ахиретте Алла Табәрак уә Тағала пендесінен: «Мен ауырып жатқанда неге келіп көңілімді сұрамадың?», – дейді екен. Сонда пендесі: » О Алла, Сен ауыратын адам емессің ғой»,- дейді. Алла тағыда: «Менің қарным ашқанда неге келіп тамақтандырмадың», – дейді. Пендесі: «Сенің қарның ашатын сен адам емессің ғой»,- дейді. «Ата — анаң ауруханада ауырып жатты, балам келіп қалар деген үмітпен, есікке телміріп қараумен болды, бірақ сен келмедің. Келгеніңде еді, Мені көрген болар едің». «Көршің бір нанға зар болып аш жатты. Бір үзім нан апарып бергеніңде еді, Мені тойдырған болар едің. Солардың жүрегінде Мен бар едім», – дейді.
Бір бала Хазірет Пайғамбарымызға (с.ғ.у.) келіп: «Әкем қайтыс болды», — дегенде, Пайғамбарымыз (сғс): «Алланың қарап тұрған көзі кеткен екен»,- депті. Демек барлық кезде, барлық жерде Алланы көрсе болады екен. Адам баласы Аллаға жақындаған сайын, Алланы басқа хәлде, басқаша сезімде, басқаша көзбен көре береді, көре береді. Сол үшін Хазірет Пайғамбарымыз (сғу): «Бір түнде 100 рет тәубе қыламын», – деген.
Кешегі кеңестік кезеңде дін қудалауға түсіп, атеистік (құдайға сенбеушілік) идеология, «дін халық-
қа апиын» деген тұжырым үстемдікетті. Жер-жерде «құдай-сыздар қоғамы» (общество безбожников) құрылды. Бұл кейін белсенді атеистік ұйымдарға айналып, дінге қарсы үгітнасихат майданы ашылып, мыңдаған дәрістер оқылып, кинофильмдер көрсетілді. Талай дін иелері қудалауға түсіп, айдалып, атылды. Тіпті, бір заманда ата-бабасы дін ұстағандар жаппай қудаланды. Талай мешіттер құлатылып, кейбірі мәдени ескерткіштің озық үлгісі болғанына қарамай басқа мақсаттарға пайдаланылып, тіпті, мал қора етілді. Мұның барлығы адамның өзіне деген сенімін жоғалтты.
Хазіреті Пайғамбарымыздан (с.ғ.у.)
Алла: «Ей Мұхаммед (с.ғ.у.) не сұрайсың? дейді. Сонда Пай-ғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үмметімнің жәннәтқа кіргенін сұраймын», –дейді. Солай 750 мәрте сұраса да: «Үмметімнің жәннәтқа кіргенін қалаймын», деп алғашқы жауабын қайталаумен болады. Сонда Алла: «Ей, Мұхаммед ( с.ғ.у.) сенің жүрегіңе бұл махаббатты салған кім?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Жаратушы Ием, сенсің», — деді. Осы Алланың аманат махаббаты хазіреті Әбубәкірге ( р.ғ.) өткенде: «Құдайым, мені сондай үлкен қыл да тозаққа сал, менен басқа адам баласы тозаққа сыймай қалсын», — деп дұға қылды.
Бұл біздің: «Баламыздың аяғына кірген тікен маңдайыма кірсін»
дегеніміз секілді. Бүкіл адамзатқа Аллалық мейір – махаббатты көрсетті. Осы махаббат 4 Шадиярдан кейін Пайғамбар ( с.ғ.у.) әулетінің ұлық ізбасарларына мирас болып қалды.
Әрине, қоғам болған жерде бытыраңқылық та болады, бірігу де болады. Қоғам болған соң, этникалық, таптық, ауылдық-қала-лық секілді жіктелу бар, жасына қарай, бай кедейлігіне қарай бірнеше топқа бөлінеді. Мәселе оның қай негізде жүріп отырғанында. Бұл жік қоғамның тарихи қалыптасуынан шығып отыр ма, әлде басқа бір тараптың тануынан туындап отыр ма, соған көз жіберу керек. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.у.): «Кісінің айыбын жасырсаң, Алла сенің айыбыңды жасырады», – деген. Бірақ біздер, өз кемшілігімізден гөрі, кісінің кемшілігін көріп, айыптауға бейім тұрамыз. Керек болса, кәзіргі уақытта, халық алдына шығып жүрген көп діндарларымыз, сұқбаттарын кісі айыбы негізінде құрып, жұрт алдында масқаралауды өздерінің беделін көтеру үшін негізгі құралына айналдырып отыр. Осылайша олар намаз оқымайтындарды кәпір санатына жатқызатын, кісі айыбын көруге бейім тұратын уахабилер мен енді намазын бастап жүрген жастарымыздың қолдауына қол жеткізіп отыр. «Құлап жатып сүрінгенге күледі», — демекші, байғұстардың сұқбаты тек қана өсек, кісі кемшілігі, ғайбат айтуға құрылған. Қазақ халқынан айып іздеу, масқаралау арқылы, өздерін керемет етіп көрсету олардың негізгі ұстанымы.
Ишан бабаларымыз: «Алдымен өзіміз мұсылман болып алайық», – деген. Бір сәт өзіміздің амалымызды ой елегінен өткізіп көрейікші, өзіміз мұсылман болдық па? Кәпір нәпсімізді ауыздықтай алдық па? Күніне 20 рет өлімді ойлап тұратын хәлге жеттік пе? Ишан бабаларымыздай, дәретсіз жер баспай, Алладан ұялып тұратын хәлге жеттік пе? Намазымыз миғраж болды ма? Дайым ихсан хәлінде жүреміз бе? Жетпесең, онда кісі айыбын айтуға кім құқық берді?!
Хазіреті Омар (рғ) қарқылдап күліп тұрған бір топ адамдардың қасынан өтіп бара жатып: «Сіздер 50 мың жылдық адам баласының миы қайнайтын махшар майданынан өттіңіздер ме? – дегенде, әлгілер: «Жоқ», — дейді. Сонда Омар (рғ): «Амал кітаптарыңыз оңынан берілді ме? — деп тағы да сұрайды. Олар: «Жоқ», — деп жауап қайтарады. Омар (рғ) тағы да: «Үш мың жылдық жолы бар сират көпірінен өтіп қойдыңыздар ма? — дейді. Әлгілер тағы да: «Жоқ», — деп жауап қайтарады. Сол кезде Омар (рғ): «Онда нелеріңе жетісіп қарқылдап күліп тұрсыздар?!» – деген екен.
Жалпы кім де болсын сұхбатты ешкімнің көңіліне тимей, барлық адам ғибрат алатындай етіп айтқаны дұрыс болады. Сол үшін Ишандарымыз: «Алланың әмірін орындамай кәпір болмайсың, әдепсіздік пен кәпір боласың», — деген. Жұрт алдында шариғат айтамын деп үлкендердің алдында әдепсіздік қылып, иманнан айрылып қалып жүрмейік. Бұл тұрғыда Хазіреті Пайғамбарымыз (сғу): «Кім құлын ұрса, оның кәффараты (төлемі) — оны азат ету. Кім тіліне патша болса, Алла оның ұят істерін жасырады. Кім ашуын жұтса, Алла оны азаптан сақтайды. Кім Алладан кешірім сұраса, Алла оны кешіреді», — деді. Ибн Абдулла риуаят еткен хадисте: «Хазіреті Пайғамбарымыз (сғу) күлмейтін, бәлки жымиып қоятын еді. Қарағанда да, барлық адамдарға бірдей қарайтын», — делінеді. Ибн Аббастан (рғ) риуаят етілді: «Кім күліп күнә істесе, ол тозаққа жылап кіреді». Күлкінің ең жаманы – Алла достары болған Ишандарға күлу. Бәрімізді ондай әдепсіздіктен Алла Өзі сақтасын.
Миссиология деген ғылым бар. Бұл тауар алуға жарнама жасау қалай меңгерілсе, адамдардың орныққан психологиясын миссияға сәйкес бұзу арқылы рухани тауар ету ілімге негізделген. Олардың мамандары сондай жетік келеді, тіпті қазақшаны қазақтан кем білмейді. Олар қазақтың салты мен психологиясын, тарихын терең біліп келуі мүмкін. Сондықтан оған қарсы тұру үшін сондай деңгейдегі құрылымымыз бен мамандарымыз керек. Барлық емханада тек қана тәнді емдейді. Барлық дәріханаларда сол тәнді емдейтін дәрі, дәрумендерді сатады. Жаныңды емдейтін бірде — бір аурухана, не болмаса дәріхана жоқ. Себебі жан кесел болады деген түсінік бізде мүлдем болған емес. Бүкіл денемізге тоқтаусыз, мүлтіксіз, құл болып қызымет көрсетіп тұрған жан анамызға ешқашан назар аударған емеспіз. Анаңнан пайдаланып ер жетіп алған соң қарттар үйіне өткізіп жібергенің секілді, болмаса, алжыды, жынды болды деп жындыханаға өткізіп жібергенің секілді жан анамыз жетімдік көрумен келеді. Тәннің кеселдігі ештеме емес, ары кетсе өліп тынасың. Ал жанның кеселдігі, тозаққа тықпай қоймайды. «Жүректерінде кесел бар, күннен — күнге күшейе береді»,- деген аят жанға қатысты айтылған. Сондай жүректер бар, тозақта да жібімейді. Ол жан кеселінің емделмегенінен келіп шығады. Жанның кеселдігі, сафра кеселіне ұқсайды. Тілінің астындағы тамыры кеселге ұшырап, дәм сезуден қалған адамға балдың тәтті екенін түсіндіріп көріңізші. «Ах», — тәтті десең де, «пай — пай», — тәтті десең де, ғылыми формуласын жазып түсіндірсең де, түсінуі мүмкін емес. Сол секілді жан дүниесі кесел адам да руханият әлемін түсіне алмайды. Бүкіл алған ілімің жанның кеседігінен, жанға өтпейді, тек қана нәпсіні семірткеннен басқа ештеме емес. Дәмді тамақ пісіріп, сосын итаяққа құя салғаның секілді бәрінің харамын шығарамыз.
Алайда жанның да емшісі бар. Біз оны Ишан деп атаймыз. Бірақ неге екенін қайдам, әйтеуір дәрігерден қашқан ауру құсап, Пірден де, ат тонымызды алып қашамыз да жүреміз. Өзіміздің жан дүниеміздің жетім екенін, кесел екенін бәріміз білсек те, алған бетімізден қайтпаймыз. «Ауруын жасырған өледі»,- деген. Ал біз болсақ, емделудің орнына, Ишандардың кемшілігін іздеп әлек боламыз. «Бір жынды, екінші жындыға ой тышқан десе, ана жынды, кім тышқан депті. Жоқ жүретін тышқан десе, жүретін қылып кім тышқан деген»,- екен. Біздің жайымыз да тура сондай. Жан кеселінен айығуды, жан жетімдігінен құтылуды, бәрімізге нәсіп етсін.
Қоғамдық құндылықтар негіз болушы адам, жер бетіндегі кез келген құбылыс адамға қатысты туындайды. Көбіне адамдар жұмақ басқа дүниеде деп таниды. Ал шындығына келсек, біз өзіміз басқа дүниеден қайтіп келіп жұмақ сол дүниеде деп дəлелдеп берген адамдарды көрген жоқпыз. Ол тек бір бізге аңыз, миф секілді. Жұмақты адамзат неде болса осы өмір сүріп отырған дүниесінен іздеу шарт. Адамзат ерте заманан өмір сүріп сол ата-бабаларымыздың салған жолын тану ол мына бүгінгі мəдениетіміздің, руханилығымыздың жемісі. Күн-делікті қарапайым қалыптасып жатқан мəдени құндылықтар да адамға, болашағына үлкен із қал-дыруына мүмкіндік жасайды. Жер бетінде қаншама мың халық бар, олардың өмірге деген түсінігі жалпы дінге деген көзқарастары əр түрлі. Қазіргі заманда сан-алуан діни ағымдар бар. Олардың көбісі халықтың көзін байлаушылыққа апаруы мүмкін. Мұсылман халқына ертеден келе жатқан ортақ діні – ислам діні. Ислам діні барлық мұсылмандарға ортақ дін. Науқастанып төсек тартып жатқан бір қария бала-шағасын түгел жинап: «Шырақтарым, мен сендерге екі өсиет қалдырамын. Мен дүниеден озғасын мені аяғымдағы мәсіммен жерлеңдер, өмірлік досым еді», — депті. «Екінші өсиетім, мені жерлеп келген соң мына хатты ашып оқыңдар», – деп бір хат қалдырыпты.
Қария дүниеден өткен соң балалары: «Әкеміз осындай өсиет қалдырған», — деп әкелерін мәсімен жерлемекші болып имамға айтса, имам шариғатқа тура келмейді деп көнбепті. Қарияны жерлеп келгеннен кейін барлығы жиналып әкелері қалдырған хатты оқыпты. Хатта әкелері: «Шырақтарым, көрдіңдер ме, бұл жалғаннан ең болмаса мәсімді де әкете алмадым», — деп жазған екен.
Бұл тұрғыда бабаларымыз: «Ана-ның құрсағынан келдің базарға, кебін алып қайтасың мазарға»,- депті. Шақиқ ибн Ибраhим айтады: «Адамдар өз сөздеріне, амалдарына, төрт нәрседе қарсы келеді. Бірінші, «Біз Алла Тағаланың құлымыз, пендесіміз», — дейді, бірақ емін — еркін істерін істейді. Екінші, «Алла біздің ризығымыз үшін кепіл болады», — дейді, бірақ олардың жүректері еш тынышталмайды, егер осы дүниеден бірдеңе тапса ғана тынышталады. Үшінші, «Ахирет бұл дүниеден жақсырақ», — дейді, бірақ тек қана осы дүниесі үшін дүние — мүлік жинайды. Төртінші, «Барлығымыздың басымызда өлім бар», — дейді, бірақ ешқашан өлмейтін қауымның істерін істейді», – депті.
Егер біз жалған дүниедегінің барлығы Алланың бізге берген аманаты деп қабылдап, өткен күнәларымызға өкініш білдіріп, Аллаға тәубе қылып, шүкір анамызды айтсақ, соның бәрі ахиретте жәннат болып қайтары анық.
Ертеден келе жатқан сабақ-тастықты жалғастыруда да осы діннің маңызы зор болды. Адам имандылыққа салынып, өзінің адамдық негізінде өмір сүріп, бұл өмірдің өткінші, қайтып келмейтіндігін, өмір бар жерде өлім бар екендігін сездіретін ол ислам діні. Адамға мына ғұмыр өткінші, ол өзінің қайтіп келмейтіндігімен өзгешеленеді. Ал ислам діні осы ғұмырдың өткінші екендігін ескере отырып, адамның адамшылдық негізін жоймауға үлкен үлес қосатын рухани ілім саласы. Нәресте дүниеге келерде жалған дүниенің зұлматынан қатты қорқып, өмірге келуге қарсылық танытады екен. Сол кезде періште: «Қорықпа, Алла саған екі құл жаратып қойған, олардың аты ата — ана деп аталады. Олар Алла әмірін орындап, саған құл болып қызмет атқарып, бағып-қағып өсіреді. Алла өзінің мейір махаббатын сол екі ата — ананың жүрегі арқылы береді», — деп уәде бергеннен кейін ғана нәресте жарық дүниеге келеді екен. Міне, енді сол Алланың аманатын көтерген ата — ана деген атты жамылған екі құл, өле-өлгенше баласына: «Жеткілікті деңгейде бере алмай жатырмын, жеткізе алмай жатырмын», — деп барын аузына тығып, біреуден кем болмасын деп, таң атқаннан, күн батқанға дейін шапқылап жүргені. Әке — шеше 10 баланы бағып-қағып өсіреді, ал 10 бала бір әке-шеше мұқтажын өтей алмайды. Ата-ана: «Берген үстіне бере берсем», – десе, ал ай сайын әке-шешесіне қарайласып тұрған бала: «Мен беріп тұрмын, менен басқа қай балаң берді? — деп міндет қылады, айтпаса әйелі: «Сен беріп тұрсың», — деп есіне салады. Міне солайша ата-анаңның өзіңді бағып-қаққаны, саған бөлген мейір махаббаты былай тұрсын, ана құрсағындағы қорыққан кезін де, ұмытады.
Хазіреті Пайғамбарымыз (сғу) айтты: «Егер Алланың білімінде ата-анаға «уф» деуден де артық құрметсіздік болғанында еді, Алла содан қайтарған болар еді. Ата-ананың көңілін қалдырған кісі қалағанынша амал істесін, ешқашан жәннәтқа кірмейді. Ата-анаға жақсылық істеген адам қалағанынша амал істей берсін, ешқашан тозаққа кірмейді»,- деді. Ата -аналарымызға Алла разы болсын! Алла екі дүниенің бақытын берсін! Бағып-қағып өсірген ұл-қыздарының қызығын көрсін! Қияметке дейінгі ұрпақтарына разы болсын. Алла баршамызды ата — ана разылығын табатындардан қылсын. Алла бәрімізді шүкір анамызды айталатындардан қылсын.
Əрбір қазаққа ойланатын уақыт жеткен сияқты. Мыңжылдаған тарихы бар ата-бабаларымыздың жолымен жүріп, салт-дəстүрімізді сыйлап, қолға алып, болашақ жастарға насихаттауға бейімдеу. Батысқа қарап еліктемеу, өз дінімізді қадірлеп қастерлеу. Дін де адамның барлық іс-əрекеттерінің сапалығына ықпал етіп, адамның «адам» деген атауға лайықты болуына қадағалайды. Бірде, Хазіреті Иса( ғ.с.) моланың қасынан өтіп бара жатып, бір қабірден шыңғырған дауысты естиді. Ертеңіне сол жолмен кері қайтады. Мазараттың тұсына келгенде, кешегі қабірден көтерілген нұрды көреді. Оған таңданған Иса( ғ.с.) Аллаға дұға қылып, болған оқиғаның сырын сұрайды. Сонда Алла: «Мәйітті өзің тірілтіп, болған оқиғаны өзінен сұра», – дейді. Иса( ғ.с.) Алланың құдіретімен қабірдегі мәйтті тірілтеді. Мәйіт қара сақалды жас жігіт екен. Иса( ғ.с) көргенін айтып, жігіттен оның себебін сұрайды. Сонда жігіт, өзінің нашар адам болғанын, ғибадат жасамағандығын, ешқандай сауап амалдарының жоқтығын айтады. Соған орай 7 жыл қабір азабын тартқан екен.
Әлгі жігіт осы жәйттарды айта келе: «Әйелімнің құрсағында бала қалып еді. Бүгін сол балам 7 жасқа келді. Әйелім баламды молдаға алып барыпты. Бүгін ол алғаш рет «біссіміллә» деп айтты. Айтқаны сол екен, қабір азабы тоқтатылып, Алланың рахметі келе бастады, жаным жай тауып рахатқа бөлендім», – дейді.
Бір кісінің әйелі өте тақуа болғандықтан әр бір істі біссімілләсіз бастамайды екен. Көп айтатыны соншалықты, бір затты алса да, қойса да біссімілләні айтады. Онысын күйеуі жақтыра қоймайды. Күндердің бір күнінде, күйеуі әйелін сынамақшы болып, саусағындағы жүзігін шешіп әйеліне: «Сандыққа салып қой, мен сұрағанда бересің», – депті. Әйелі жүзікті «Біссіміллә», – деп алып, «Біссіміллә», – деп сандықты ашып, «Біссіміллә», – деп сандыққа салып, «Біссіміллә», – деп сандықты жауып қойыпты. Әйелі көзден таса бола бере: «Біссімілләң қалай саған көмектеседі екен көрейін», – деп, жүзікті алып өзенге лақтырып жіберіп, әйеліне: «Жүзікті қайтып бер, керек болып тұр», – депті. Әйелі: «Біссіміллә», – деп сандықты ашып, «Біссіміллә, – деп жүзікті алып берген екен.
Пайғамбарымыз (с.ғ.у.): Дастар-қанға отырып, асқа қол созбас бұрын, үйдің үлкені «біссімілләні» басқалар ұмытып кетпес үшін өзгелерге естіртіп айтсын», – деген.
Ислам діні өте таза, қарапайым, елдің өмір сүру қағидаларына ыңғайлы. Ислам діні бүкіл адам-затқа бағышталған болашағы көлемді, əлемдік дін. Исламның өзге діндерден айырмашылығы,ғылым мен зерттеулерге жол ашып, еркін ойлауға, ізденуге мүмкіндік береді. Енді ғана өркендеп келе жатқан дінімізді орнықтыра түссек, одан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Өйткені ислам діні тарихи дамуымыздың негізі. Дінімізді бекем ұстап, дұрыс түсіну, жастарды ұлттық рухпен тəрбиелеу бүгінгі жағдайдың ісі. Ислам кез келген уақытқа, жағдайға, толыққанды тіршілікке арналған дін.
Бір шаруаң оңғарылмай қалса, соған бола арланып асылып қалмайтының белгілі. Асылып қалу үшін, жаның арыңның құрбаны болатындай қалге жетуі керек. Бірақ арыңның құрбаны болу екі жағдайда болады. Бірінші, нәпсі Құдайына құрбан болу, ол жағын талдап жатпай-ақ қояйық, кәзіргі заман нәпсі Құдайының шарықтап үстемдік көрсетіп тұрған уақыты. Нәпсінің ары үшін ойланбастан өзін құрбан қылатындар жетіп артылады. Ал шын Құдайға жаныңды құрбан қылу тіптен бөлек. Бұл жөнінде Хазіреті Пайғамбарымыз ( с.ғ.у.): «Арлы адамның үш белгісі бар. Арлы адам шам секілді, өзі күйіп тұрады, жарығын шашып тұрады, барша адам пайдаланады. Арлы адам ине сияқты, барлық адамды киіндіреді, өзі жалаңаш қалады. Арлы адам жеміс ағашы секілді, жемісін көтере алмай иіліп тұрады, адамдарға жемісін беріп өзі көлеңке болады»,-деді. Яғни, арлы адам Алла әміріне құл болып, өзін құрбан қылады. Нағыз арға құрбан болу руханиятқа байланған, жан дүниесі мұсылман, Алла әмірі үшін құл болып, жанын пида қыла білетін момынға тән. Сондықтан да руханияттың ары мен, нәпсәни арды шатастырмайық, ағайын.
Қазақстандағы ислам, бірін-шіден, адамзаттың өткенімен де, бүгінгісімен де, болашағымен де тығыз байланысып өмір сүре алады. Екіншіден, ғасыр замана үрдісімен процесінен, өркениеттен қалып қоятындай кертартпалыққа жол бермейді. Ислам кең, əр адамның ізденіп, зерттеу жасауына жəне өз заманының қайғы-қасіретіне шипа боларлық шара іздеуіне ерікті бағыт-бағдар береді.
Біз өмір сүріп жатқан күрделі əрі қарама-қайшылықтарға толы бұл ғасыр – технологиялық, ақпараттық-коммуникациялық төңкеріс, спутниктер, бағдар-ламалар жəне интернет дəуірі өткен ғасырдан мүлде ерекше екендігі айдан анық. Бұл замандағы жетістіктері жер шарындағы барлық адамзат баласына ортақ.
«Ең үлкен ауыртпашылық пен қиыншылықты Алланың достары көреді», — дегенді барлық діндар біледі. Бірақ біздер осы сөзді айтқанда, тек қана бір жақты ойлап, адамның басына төніп тұрған дүние тауқыметтерімен байланыстырып қараймыз. Енді осы ауыртпашылық сөзіне басқа қырынан қарап көрейік.
«Алла аманатымды 18 мың әлемге бердім, ешқайсысы көтере алмады, тек қана мүминнің қалыбы көтерді», — деген. Бұл – ең үлкен ауыртпашылық. Соған орай адам баласына Халифалық (орынбасар) міндет жүктелді. Демек, Алла аманатын көтеру, жүректері күнәдан пәктенген, Алла әмірін бұлжытпай орындайтын, уәдеге берік, Алла достарына тән қасиет. Себебі жүрегін мәңгі пәк етіп ұстап тұру, кез келген жұмыр басты пендеге ауыр тиері айтпаса да түсінікті. Сол үшін Алла: «Мені 18 мың әлемнен емес, мүминнің қалыбынан (жүрегінен) табасың», – деді.
Хазіреті Пайғамбарымыз (сғу): «Мен бір түнде 100 рет тәубе қыламын», – деген. «Көп құлшылық жасағаннан екі аяғы ісіп кететін», — деген риуаяттар өте көп. Алла Табәрак уә Тағаланың мейір махаббатын өзіне қабылдап, жер жүзіне шуақ қылып тарқату, тек қана Пайғамбарымызға ( сғу), және мирасқорларына ғана тән қасиет. Хазіреті Имам Ағзам Әбу Ханифа (рғ): «Дәреттің бір мұстахап амалын кеш біліп, дәретке қосқанымда, дәреттің хәліне басқаша кірдім. Сол дәреттен кейінгі оқыған намазымнан ерекше ләззат алып, ақихатқа миғраж қылдым», – деп, 40 жылдық намазын қайта оқыған. Кұптанда алған дәретпен, бамдат намазын өмір бойы оқыған. Осы амалдарды қарапайым адам көтере ала ма? Әрине, жоқ. Бірде бір жігіт: Мен де Имам Ағзам сияқты құптанның дәретімен тахажут, бамдат намаздарын оқимын», – деп күн құрғатпай намазға жылғылғанда, сегізінші күні оны жедел жәрдем келіп, жүйке ауруханасына алып кеткен екен.
Қазақта: «Молданың айтқанын іс-те, істегенін істеме», — деген мақал бар. Біздер дереу өзіміздің нәпсімізге туралап, молдалардан кемшілік көргіміз келіп тұрады. Мақалды да соның ыңғайына қарай пайдаланамыз. Молда айтса, біз көтере алатындай етіп айтады. Сол үшін Имам Ағзам (рғ) бізге ыңғайлап, көтере алатындай етіп «Мұхтасарды» қалдырған. Жалпы Ишандардың мүриттеріне бес уақыт намаздан бөлек беретін уәзипаларының өзі ықылассыздарға ауыр келеді. «Дәретсіз жер баспа», – деген бір әмірінің үдәбәрасынан шығудың өзі оңай емес. Ол бір-екі күн емес, өміріңнің соңына дейін дәретсіз жер баспау деген сөз.
Бір ауылға ауыр темір көтеретін палуан келген екен. «Палуан келді», – деп барлығы жүгіріп бара жатса, дәретке шыққан бір қария: «Ей, шырақтарым-ай, ауыр оның темірі емес, құман ғой. Көтергіш болсаңдар құман көтеріңдер», — деген екен. Алла әмірін орындап, дәстүрлі дінімізбен жүру бәрімізге нәсіп болсын.
Осыған орай Қазақстанда насихат тəсілдерін жаңғыртып жетілдіру кезек күттірмейтін міндетті шара. Өйткені өмірдің өзі əрдайым қозғалыс, даму үстінде, ал ижтиһад бейне оны жаңартып, жаңғыртып отыратын өлмес рух тəрізді. Тіршілік қажет іс-əрекеттерді ұдайы дамытып отыруды қолдайды жаңа жолдарды мегзейді. Бүгінгі таңдағы, əрі келешекте əр түрлі түйінде мəселелерді шешуде діннің алатын орны бөлек. Дініміздің басты мақсаты – мұра құндылықтарымызды қауіп-қатер-ден сақтау.
Хазіреті Нұхқа (ғ.с.) Алла Тағаладан уахи келіп, әлемді топан су басатыны ескертілгеннен кейін Алла әмірімен, Нұх (ғ.с.) кеме салуға кірісіп кетеді. Құмның ортасында салып жатқан кемесін жұрт қызықтап келіп тұратын. Бұндай сусыз шөлге салып жатқан кемесіне, жұрттың бәрі таңырқап, себебін сұрағандарға, халықтың барлығы Алла қаһарына ұшырағандарының себебінен, бүкіл әлемді топан су басатынын ескертті. Бірақ оған санаулы адамдардан басқа ешкім сенбеді. Тек келеке етіп күлумен болды. Хазіреті Нұх (ғ.с.) кемені 100 жылда тұрғызды. Бірақ Алла уәде еткен топан су келмеді. Жұрттың барлығы музей аралағандай, кемені қызықтап жан-жақтан келушілер толас
тамады.
Солай Хазіреті Нұх (ғ.с.) 300 жыл күтті. Осы аралықта адамдар кемені, ең болмаса әжетханаға пайдаланайық деп дәрет сындырып, нәжіске толтырып тастады. Нұх (ғ.с.) сабырлылықпен Алла әмірін күтумен болды. Күндердің бір күнінде, Алла жер жүзіне бір жұқпалы жара кеселін жіберді. Адамдар кеселден шіріп, асқынып кеткендері өліп жатты. Бір күні, кеменің шетінде дәрет сындырып отырған біреудің қолы, нәжіске тиіп кетеді. Тигені сол екен, қолындағы жарасы жазылып кетеді. Жалмажан нәжісті үсті-басына ысқылап, жараларына жаға бастайды. Түгел кеселден табан астында айығып кетеді. Ол жүгіріп барып басқаларға айтады. Сөйтіп 300 жылдан бері толтырып тастаған өздерінің нәжістерін, Алла өздеріне тазалатып қояды.
Соңында кемені жуып, тазалап береді. Сөйтіп барып Алла құдіретімен әлемді топан су басады. Хазіреті Нұхтың (ғ.с.) материялық деңгейде көрініс тапқан бұл кемесі. Руханият әлемінің жәннатқа бара жатқан кемесі еді. Ол кемеге жан дүниесі мен тәуба қылғандар ғана міне алады. Барлық замандағы Пайғамбарлар мен әулиелер сол кемеге шақырумен болды. Жәннәттің көлігі бөлек, тозақтың көлігі бөлек болады. Мәскеуге баратын көлікке мініп, мен Тәшкенге барамын деп мың рет айтқанмен бара алмайсың. Сол секілді жәннатқа баратын бірақ кеме бар, ол руханият кемесі. Ол кемеге мінген адам құтылады. Анадан жаңа туғандай пәк болады. Себебі ол кеме, тәубә кемесі. Ол кеме, Пайғамбарлардың, сахабалардың, ха-лифалардың, Ишандардың, мүштахит ғалымдардың, Аллаға жан дүниесімен тәуба қылғандардың кемесі. Құран кәрімде: «Тек қана кім тәубе етсе және иман келтіріп, жақсы амалдар істесе, Алла міне солардың жамандық күнәларын жақсылық, сауаптарға айналдырып қояды» (Фурхан сүресі, 70 аят).
Әли ибн Абу Талиб (р.ғ.) риуаят етеді: Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) айтты: «Аршының алдында, халықты жаратуынан 4000 жыл бұрын жазылған жазу бар: «Мен тәубе еткен және де иман келтіріп, жақсы амалдар істеген сосын тура жолда жүрген кісілерді жарылқаушымын» (Таhа сүресі, 82 аят) деді. «Барлықтарыңыз Аллаға тәубе етіңіздер, ей мүміндер. Әрине сонда құтыласыздар» (Нұр сүресі, 31 аят). «Әлбетте, Алла Тағала тәубе етушілерді және өздерін әрдайым таза ұстаушыларды сүйеді» (Бақара сүресі, 222-аят). Тәубе көшеде жүріп мен тәуба қылдым деген құрғақ сөзбен болмайды. Мысалға: көшеде көрген бір қызды, мынау менің әйелім деп, мыңырет айтқаныңыз бен әйеліңыз болмайтыны белгілі. Әйел болу үшін, неке шарттары орындалу керек. Куә керек, неке дұғасы оқылу керек деген сияқты. Тәубаға да сол секілді, Пайғамбарымыздың сүннеті орындалу керек. «Ей Мұхаммед (сғу) саған қол бергендердің қолдарының үстінде, Алланың құдірет қолы тұр» (фатық сүресі, 10 аят) деген. Демек, Пайғамбарымыздың (сғу) мирасқорлары болған бір Ишанға қол тапсырып, бір — біріне куә бола отырып, тәубе дұғасы оқылып, Алла алдында жан дүниесі мен, өткен күнәларымызға өкініш білдіріп, руханият әлеміне қосылып, руханият кемесіне мінуіміз керек болады.
Мұның барлығы тәуелсіз мем-лекетіміздің дін саласындағы бет-бұрысын айқындаған, еліміздегі діни кеңістіктің оңалуына игі әсер ткен алғашқы құқықтық қағидалар еді. Бұл әркімнің өзінің дінге көз-
қарасын дербес айқындауға, ұстануға немесе ұстанбауға еркіндік берді. Дінге сенушілер көбейіп, діни бірлестіктердің саны артты. Сан жағынан көбейе түскен мешіттер имандылық пен ізгіліктің орнына айналды.
Ертеде бір жігіт үлкен тері илейтін фабрикада, жарамсыз терілерді сорттап, күл-қоқысқа апарып тастаушы болып жұмыс істейді. Күні келіп, бір айлық демалысқа шығады. Демалысын, ел аралап, қызығы мол жерлерді зияраттауға арнайды. Бір қаланы аралап келе жатып, үлкен бір әтір сататын дүкенге кіреді. Өмірінде ондай иісті иіскемеген ол, жұпар иіске елітіп талып түседі. Дүкен ішінде жүрген адамдар, шулап, әлгі жігітке жәрдем береді. Бірақ жігіт есін жимай қояды. Сол кезде дүкенші, бір әтірдің аузын ашып, жігітке иіскетеді. Жігіттің жағдайы одан сайын нашарлап кетеді. Сөйтіп, дүкен ішіндегі адамдар, мүмкін мына иіс есін жинар деп, әр түрлі иіс суларды иіскете береді. Жігіт нашарлаған үстіне нашарлай береді. Соны байқаған көше сыпырушы, тез түсініп, бір иттің тезегін алып келіп, оның емін мен білемін деп, жігіттің мұрнына тезекті иіскетеді. Жігіт тез есін жинап, орнынан тұрады. Бұған жұрттың барлығы таңданып, көше сыпырушыны, әулиеге балайды. Материалдық деңгейдегі адамдардың иманы, осы жігітке ұқсас келеді. Руханияттан айта бастасаң елітіп жақтырмай, басы ауыра бастайды. Сосын өзі сияқты тағы бір материялдық деңгейдегі біреу, ақылын айтып айнытады. Оны олар әулиеге балайды. Иманы жанына өтпеген адамның мысалы осы іспеттес.
Қоғамдағы жіктелу мен бірігу үзіліссіз жүретін заңды нәрсе. Сол секілді діни жіктеліс те бар, тарихи-ұлттық діндер, дәстүрлі діндер және дәстүрсіз діндер секілді. Мәселе осылардың түкпірінде не тұр. Діни бірлестіктер мен ұйымдардың қандай жағымдыжағымсыз ықпалы бар, соны қарастыруда. Мектепке әлі бара қоймаған кезім болатын. Анам мархұммен су әкелуге екі шақырымдай жерге бардық. Анашым әпкішпен екі шелек суды иығына асып келе жатыр, ал мен болсам, әпкіштің ілгішінен ұстап анама ілесіп келемін. Үлкен арықтың көпірінен өте бергенімізде, анам шелектегі суды жерге қойып тоқтап тұрды.
Мен анамнан: «неғып тұрмыз?»- деп сұрадым. Анам маған: «Анау арықты жағалап келе жатқан аталарды көрдің бе?» – деді. Мен «иә» дедім. «Сол аталардың жолын кесіп өтуге болмайды, аталар өтіп кеткен соң жүреміз» деді. Аталар әлі көзге көрінер, көрінбес жерде келе жатқан болатын. Аталарды ұзақ күттік. Олар қасымызға жақындай бергенде, анам иіліп сәлем салды. Қариялар қасымыздан өтіп бара жатып, «Бақытты бол шырағым», деп анама алғыстарын жаудырды, ал мен болсам қуанып қалдым. Кейін есейе келе мектепке бардым. Бір күні мектепте, қуаласпақ ойнап бір баланы қуып келе жатыр едім, бір әже келе жатыр екен.
Әлгі бала әженің алдын кесіп өтті, сол кезде менің есіме баяғы анамның үлкендердің жолын кеспегені есіме түсті. Тоқтай қалдым, әже менің алдымнан өтіп бара жатып, алғысын жаудырды, «шырағым бақытты бол, өркенің өссін, сені тәрбиелеген ата-анаңа Алла разы болсын» дегенде, төбем көкке сәл-ақ жетпей қалды. Қуаныштан күні бойы, мәз мейрам болдым.
Кейін есейіп ер жеттік, үйленіп бала-шағалы болдық. Алла нәсіп қылып Пірге қол тапсырдық. Бірақ сол кездегі сезім, жаныма жазылып қалыпты. Мен анашымның қысқа өміріндегі сол кішкентай берген тәрбиесі, мені екі дүниенің бақытына бөлегеніне, Аллаға мың да бір шүкір қыламын.
Тарихтың тереңіне кеткен рухани мұра туындылары қайта жаңғырып, өзінің лайықты орнын тапты. Исламдағы танылған діни-саяси жəне мəдени алғы шарттар классикалық дерек көздерді талдау арқылы анықталады. Діннің қалыптасуы мен даму ерекшелігі ондағы «ижтиһад» ұғымының дінді пайымдаудағы басты шарт ретінде болып табылатындығы анықталып, Құран, хадис жəне сүннетке, сондай-ақ «ақидаға» қатысты көзқарастарының ерекшеліктері айқындалуда. Хазіреті Пайғамбарымызға (с.ғ.у.) сахабалар
жүгіріп келіп, «Расулулла (с.ғ.у.) Алқаманың (р.ғ.) тілі кәлимаға келмей қатты қиналып жатыр» дегенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.у.): «Ата-анасы бар ма екен?» дейді. Сахабалар «Анасы бар екен» деді. Олай болса анасын шақырыңыздар, келе алмаса Өзім барайын деді.
Анасы Пайғамбарымыздың (с.ғ.у.)
алдына келгенде: «Балаңызға рені-шіңіз бар ма?» деп сұрайды. Анасы: «Иә, қатты ренжулімін, әрдайым мені әйеліне жығып береді. Менен гөрі әйелін қатты тыңдайды» дейді. «Балаңызды кешіре аласыз ба?» дегенде, «Жоқ ешқашан кешірмеймін» дейді. Сонда Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) сахабаларға үйіп отын жинатып өрт қойып, «Алқаманы (р.ғ.) отқа әкеліп тастаңдар» деп бұйырады.
Сол кезде анасы шырылдап кетеді. «Жәннат аналардың аяғының астында, егер сіз кешірмесеңіз тозақтағы азабы бұдан да қатты болады. Ешқандай қылған сауап амалдары жәрдем бермейді» дейді. Ана байғұс: «Кешірдім, кешірдім» дегені сол екен, сахабалар жүгіріп келіп, «тілі кәлимаға келді» дейді.
Ибн Аббас айтты: «Мумин ата- анасын разы қылып таң атырса, Алла жәннаттің екі қақпасын ашып қояды. Ата-анасы ренжіп таң атырса, Алла Тағала оған тозақтан екі есік ашып қояды. Егер біреуі ренжісе, бір есік ашылады, олар разы болмайынша». Егер ата-аналарымыз залым болса ше? деді. «Залым болса да» деді. Хазіреті Пайғамбарымызға (с.ғ.у.) бір кісі келіп: «Мен жиhадқа баруды қалаймын», – деді. Хазіреті Пайғамбарымыз (сғу) » Ата-анаң тірі ме?» – деп сұрады. Ол: «Иә, тірі», – деді. » Енді, ол екеуіне қызметін істе, осы жиhат болады», – деді Пайғамбарымыз (с.ғ.у.)». Осы хадис арқылы, ата-анаға қызмет ету, Алла жолындағы жиhадтан да абзал екендігіне ишарат етті. Қазақта ұлағатты сөз бар: «Ата-анаң жынды болса байлап бақ», – деген. Ахиретте Алла Тағала пендесінен сұрайды екен: «Мен ауырғанда неге келіп көңілімді сұрамадың?» деп. «О, Құдайым сен ауырушы ма едің?» деп пенде таң қалады екен. Ата-анаң ауырып төсек тартып жатты. «Менің балам қашан келеді екен?» деп, есікке қарап телміріп сені күтумен болды. Егер келгеніңде – Мені көрген болар едің» – дейді. Ата-аналарымызды барында бағалап, қадіріне жетейік ағайын.
Ижтиһад исламды өмірлік тəжі-рибеге, бейімділікке əкеледі. Дін күнделікті өмірмен жəне кейбір жекеленген практикалық мəселелермен байланысты болады. Дін заманға байланысты бейімделіп тəжірибелерінде өзгерістер болып жатады. Адамдардың дінге деген көзқарастары өзгеріп, жаңадан мешіттер, діни оқу орындары ашылып, мектептерде араб тілін оқытып, Құран кітабын дұрыс оқи бастады, осының өзі дінге деген бетбұрыс. Ер адам Алланың разылығын тапқанда жәннәтқа кіреді, әйел ерінің разылығын тапқанда жәннәтқа кіреді. Ерінің үйін өз үйім деп қабылдап, бір бөлмесінің өзін сыпырған әйелге, Кағбаның ішін сыпырғандай сауап жазылады. Егер әйел «жұрттың байы бай, менің байым сұмырай» деп басқа еркектермен теңеп, өз ерінен басқа еркектерді артық санаса, тозақы болады. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген мақалдан-ақ, әр шаңыраққа Алла рахметі ері арқылы берілетіні айқын көрініп тұр. Ер адам шаңырақтың Пірі болып саналады. Егер осы үрдіс әйел адамға ауысып кетер болса, бүкіл жанұяның тозақы болу қаупі бар. Көп жігіттеріміз мен шаңырақты билеп төстеуім керек, жанұяның пірі менмін деп жаңа түскен сыпайы, биазы, сөйлемейтін, әдептен озбайтын келіндерді, өзіміз қоқыраңдап, «Сөйле — сөйле, неге сөйлемейсің тіліңді жұтып қойғансың ба?» деп, тілінің шығуына, тәрбиелейміз деп тозақы болып қалуына, өзіміз себепші болып қалып жатамыз. Өзіміз намаз оқыдық екен деп, түрткілеп, анау қамауда тұрған иттің шығып кетпейтінін біліп алып түрткілеп, одан сайын қабаған қылып, адам көрсе болды қаба беретін қылып қоятын секілді, тәрбиенің жөні осы екен деп талап ете беру дұрыс емес. Қазіргі уақытта жас жұбайлардың үштен бірі ажырасып кетіп жатыр. «Ерлі-зайыптылардың арасына, есі кеткен түседі» демеуші ме еді. Ал қазір кім көрінген араласатын болды. Ішіме сиған бала, сыртыма да сияды дегенді жаттап алғанбыз. Бір шаңырақты ажырату, мемлекетті тарқатқаннан да – күнәсі ауыр. Әйел адамның жаратылысы қабырға болғандықтан, қабырғаның майысып тұруы заңды құбылыс.
Ал егер жаратылысына қарсы шығып, оқтай қыламын десең, ол ақымақтық сындырып аласың. «Жылы-
жылы сөйлесең жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесең мұсылман діннен шығады» деген. Олар ақырындап майыса бастайды, ал ері ақырындап түзеп қояды. Келе-келе майысып емес, иіліп тұратын болады. Ер адам өзі мұсылман болса, әйелі қабатында жүріп мұсылман болары хақ.
Дін өзінің қоғамдық болмысымен байланысымен жəне оның бейнелеу формасымен сипатына қоғамдағы қалыптасу ерекшеліктеріне байланысты күрделі. Халықты тұрмыс- тірлікке тəн əдет-ғұрыпқа, салтқа тəрбиелеу – бүгінгі жағдайдың міндеті. Тəрбиенің арасында əрбір адамның өз талғамы, ой-толғауы, түйгені болуы керек. Сонда ғана ол өркениеттік деңгейде көтеріледі, алды-артына үңіледі. Сопылықтың басы ешкімді іренжітпеу, ал шыңы ешкімге іренжімеу. Осы екі ауыз сөзге бір адамның өмірі жетпей жатады. Себебі іренжітпеу деген тәнде, ал іренжімеу жанда тұрады. Тіліңе ие болып тіліңді тыйсаң болғаны, ешкімді ренжітпейсің. Ал ренжімеу, ол енді саған бағынбайды. Өзің жайлы біреудің өсектегеніне, болмаса балағаттағанына жаның шырылдап шыдай алмайсың, еркіңнен тыс, ауыздықтау мүмкін емес. Жаның мұсылман болғанда ғана іренжімейтін боласың. Себебі, әрбір істің артынан Алланы көресің. Алласыз қурай да сынбайтынын білесің. Абу Сайд Худрий айтады: «Бір адам Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.у.) алдына келіп: «Ей Алланың елшісі, маған өсиет айтыңыз » – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) айтты: «Сен Аллаға тақуалық істе. Өйткені, ол барша жақсылықтарды топтаушы. Тақуалықты мықты ұста. Өйткені, ол мұсылмандардың жетекшісі. Және Алланы зікір ет, құран оқы. Өйткені, ол саған жерде нұр, көкте зікір. Жақсы сөздерден басқасынан тіліңді сақта.Осымен шайтан малғұнды жеңесің»- деді. Хазірет Хасан Басрий (р.ғ.) айтты: «Данышпанның тілі жүрегінің арқасында болады. Егер сөйлемекші болса, жүрегіне қарайды. Егер де онда жақсылық болса, сөйлейді. Егер біреудің зиянына болса, сөйлемейді. Наданның жүрегі тілінің төңірегінде болады, ол жүрегіне қарамайды. Тіліне не келсе сөйлей береді» – депті. Аманат арқалаған асыл ұлықтарымызға екі дүниеде Алла разы болсын!
Керуенге ілесіп келе жатқан бір жігітке керуен басы: «Біз баратын қаламызға жеткенше жол ұзақ. Жолда кереметі көп үлкен-үлкен қалалардың қасынан өтеміз, керуеннен ұзап кетсең, бізден қалып қоясың», — деп ескертеді. Бірнеше күн жүргесін, керуен үлкен бір шаhарға жақын жерге тоқтап, түйелерін суғарып, тынығады. Іші пысқан әлгі жігіт шыдамсыздық танытып, ешкімге ескертпей қалаға кетеді. Шаhарға кіргенде бетін бүркемелеп жапқан бір қызға кезігеді. Қыздың биік өкшесінің тық — тық етіп кетіп бара жатқан дауысы құлақтан өтіп, бүкіл денесін шымырлатып, тұла бойын рахатқа, жан дүниесін ерекше бір сезімге бөлеп, жүрегі бүлкілдеп, махаббат сезімі оянып, қызды бір көруге ынтық болады.
Бұл не деген керемет сезім десеңші. Қыздың соңынан еріп, бір көрмей кетпеуге бел байлайды. Қыздың соңынан ерген сайын қызға деген ынтызарлығы арта береді. Әлгі қыз бір қақпаға кіреді. Жігіт қыз қайта шығар деген үмітпен оны есік алдында ұзақ күтеді. Ал ол шыға қоймайды. Шыдамы таусылған жігіт есікті қағады. Сол кезде қыз да сыртқа шығады. Жігіт қызға ғашық болып қалғанын айтып: «Жүзіңді бір көрсем арманым жоқ», — деп, қыздан дидарын көрсетуді сұрайды. Сонда әлгі бойжеткен өз жүзін бір көрсету үшін жігіттен көп ақша талап етеді. Жігіт қуанғаннан қалтасындағының барлығын қызға ұсынады. Қыз бар ақшасын алған соң жүзін бүркеген пердені ашады. Ашқаны сол екен, сасық бір иіс мүңк ете қалады. Жігіт қызға назар салса, оның аузы қисайған, тістері ақсиған, мұрны қоңқиған, көзі қитар, өзі қап — қара, нағыз адамның сұмпайысы екен. Шошынған жігіт артқа қарай ыршып кетеді. Керемет дегені сұмпайы болып шыққан соң жігіт сол жүгіргеннен керуен аялдаған жақтан бір-ақ шығады. Барса кеш қалыпты, керуен кетіп қалған екен. Жігіт далбасалап жолда қалады. Керуен де, керемет те, ақша да жоқ.
Иә, оның іздеген кереметі алдады, жетем деген жеріне жеткізбей жолда қалдырды. Бұл дүние бір керуен, кереметі көп, оны қусаң, алдандың. Демек жәннәттан да айрылдың.
Сопылықтың бір хәлінде, кереметке алданып 70 сопының біреуі ғана өтіп, қалғаны кері қайтады екен. Сопының мақсаты керемет көру емес, Алла мен қауышу. Керемет Аллаға барар жолда еріксіз кезігеді. Ұлықтарымыз айтты: «Бір адамның аспанда ұшып бара жатқанын көрсең, әулие екен деп қалма, шыбын да ұшады. Бір адамның судың бетімен жүріп бара жатқанын көрсең, әулие екен деп қалма, ағаш та жүзе береді. Сен оның амалына қара, құлшылығында кемшілік болса, онда оның кереметі шайтани. Ұстазының уәзипаларын толық орындап, амал ғибадаттары шариғатқа сай болса, онда оның кереметі хақ»,- деген. Алла сыйға берген руханияттың кереметін, нәпсі қалауына пайдаланбай, Алла разылығы үшін пайдалану баршамызға нәсіп болсын.
Ислам əлеміндегі Қазақстандағы қарама-қарсы бағыттағы басқа бір топ, шығыстан немесе батыстан жеткен барлық ой-пікірді тексеріп, саралап, сосын барып қабылдап насихаттау керек. Діннің кейбір мəселелерін дұрыс түсінбестіктен, əр түрлі қайшылықты шиеленістер болады, оны дер кезінде сараптаудан өткізіп тоқтау салу қажет. Дінді насихаттауда мəселенің дұрыс-бұрысын тиісті дəрежеде зерттеуді, ой таразасына салып, əділдікпен шешу қажет. Осындағы исламның негізгі мақсаты ішкі жəне сыртқы саясаты, ағымдарды дұрыс адамзатқа ұқтырып бүгінгі заман дамуына сай қалыптастыруы керек. Адамзат жер бетінде ғұмыр кешкен күннен бері материалдық жетістікке ұдайы ұмтылып келеді. Алайда адам бақыты біртұтас гармониядан құралатындықтан, материалдық жəне рухани байлықтың қатар болуын қажетсінеді. Себебі бұл өмірдің өзі диалектиканың заңымен қалыптасып, дамиды. Дегенмен де, аталған қажеттілікте материалдық қажеттіліктен рухани қажеттілік жоғары болады. Рухани байлық адамды адам ретінде, адамның барлық іс-əрекетінің сапалы болуына ықпал етіп қалыптастырады. Дәстүрлі дініміз соған қызмет етеді.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.