БІЗ СІЗДЕРДІ ҰМЫТПАЙМЫЗ…
12.07.2020 0 1 810
13-шілде қаралы күн.
Өкінішке орай әлемді жалмаған COVID-19 деген атпен мәлім вирус елімізді де есеңгіретіп жіберді. Өте аз уақытта қаншама адамнан айрылып қалдық. Бұндай ауыр жағдай Тәуелсіз еліміздің тарихында бұрын болмаған.
Республика бойынша жаппай дүрлігу басталды. Дәріханалардағы дәрі, ауруханалардағы орын жоқтығы салдарынан үрей мен қорқыныш адамдардың жүйкесіне де зор салмақ түсірді. Күніне жан-жақтағы жақын-туыс, дос-жарандардың, таныстардың қазасын есту қандай қиямет. Қаза туралы ақпараттың көптігі ертеңгі күнге деген үмітті де теңселтті. Халық еш көмексіз, қолдаусыз індетпен бетпе-бет қалып қойды. Бар-жоғы екі аптаның ішінде қара жамылған отбасылар саны артты. Дабыл қағылды. Жағдайдың ушыққаны ел Президентіне де жетті. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 8 шілдедегі телеүндеуінде 13 шілдені коронавирус құрбандарын еске алу үшін елде ұлттық аза тұту күні деп жариялады.
«Қазақстан денсаулық саласы пандемияға дайын болмады» деп мойындап, тергеу жүргізілетінін, денсаулық саласына жауаптылардың, әкімдердің жұмысы қатаң тексерілетінін айтты.
«Денсаулық сақтау жүйесі індетке тойтарыс беруге дайын болған жоқ. Осы мәселе бойынша тергеу жүргіземіз және бұл жағдайдан сабақ аламыз. Әкімдердің жіберген қателіктеріне тиісті баға береміз» деп, халықтың көкейіндегі ойын айтты.
Қажетті дәрі-дәрмек алғанға, медицина қызметкерлерін қолдауға бюджеттен тағы 150 млрд теңге бөлінетінін мәлімдеді.
Қ.Тоқаев осы қиын қыстау шақта жалған ақпарат таратқандар, дәрі бағасын көтергендер де заң алдында қатаң жазаланып, жауап беретінін айтты. Халық еш көмексіз, қолдаусыз індетпен бетпе-бет қалып қойды. Бар-жоғы екі аптаның ішінде қара жамылған отбасылар саны артты. Дабыл қағылды. Қазір Қазақстанда 58253 мыңнан астам адам науқастанды. 33814 адам аурудан айығып шықты. 313 адам нақты анықталған коронавирустан, маусым айынан бері 628 адам пневмониядан қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігі еліміздің барлық аймағында вирус жұқтырғандар ресми деректен көп болуы мүмкін екендігін айтып өткен.
Пневмонияға шалдыққан науқастарды COVID-19 дертінің хаттамасымен емдеп жатыр.
Тәжтажалдың кесірінен қаза болған барша азаматымызды, дәрігерлерімізді, жалындаған жастарымызды, қарттарымызды қимастықпен еске аламыз. Ұлт болып аза тұтамыз. Бұндай азапты күндер, қаралы күндер енді елімізде болмасын.
Қазір елімдегі, тіпті әлемдегі әрбір жанның жүрегі жаралы, жанары мұңды. Бірақ үміт үзбейік. Індеттен сақтанайық! Тажалдың тырнағынан құтылатын күн жақын! Бәріміз бірігейік, көмек қолын созайық! Сын сағатта жұдырық боп жұмылайық! Балалар ата-анасынан айырылмасын! Қарттарымыз аман болсын! Қаралы күн енді жарияланбасын!
Жанна ИМАНҚҰЛ,
«Жалын» журналының қызметкері
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.