АНТ АНТ

АНТ

23.11.2023 0 557

Өмер САЙФЕДДИН, 1884 жылы Түркияның Балықесір аймағының Генен қаласында туған. Алғашқы шығармалары 1911 жылы жарық көрді. Жазушының төрт әңгіме жинағы: «Биік өкшелі» (1923), «Ақ... АНТ

Өмер САЙФЕДДИН,
1884 жылы Түркияның Балықесір аймағының Генен қаласында туған. Алғашқы шығармалары 1911 жылы жарық көрді. Жазушының төрт әңгіме жинағы: «Биік өкшелі» (1923), «Ақ қызғалдақ» (1938), «Нүкте» (1956), «Ефруз бей» (1970), сондай-ақ оның өлеңдерінің антологиясы жарық көрді. Шығармашылығының айрықша ерекшелігі араб және парсы сөздері мен сөз тіркестерін қолданудан толықтай дерлік бас тарту болды.

 

…Туған жерім Гүнен. Жиырма жылдан астам көрмеген туған жерім санамдағы сағым сияқты. Мен үшін Гүненді ойлау ұмытылған, үзік-үзік ескі бір түсті еске түсіруге тырысқанмен бірдей. Ол кезде капитан шеніндегі әкеммен әрдайым алдынан өтетін қалалық мешіттің қарсы бетіндегі кішкене ғана, алқам-салқамы шыққан шатыр бар, суы ағаш бұталарынан еш тазартылмайтын өзенді, анда-cанда жуынуға баратын ыстық сулы моншаның терең хауызын еске түсіруге әрекет жасап көремін.
Алайда, алыс жерді көрсетпейтін қою тұман көз алдыңды перделей береді. Еске алуға тырысқан дүниемнің бәрінің түсі оңып, түрі жоғалған кеткендей… Ұзақ сапардан сағынышпен отанына оралған адам ақ тұман арасынан туған жерінің көкжиегін табу үшін қалай аласұрса, қасиет тұтқан туған жерімді көруге бір сәт ертерек жетуге асығып, мен де дәл сондай күй кештім. Кешкісін әдеттегідей қойлар мен сиырлар шаңын көтеріп өтетін тассыз көше, жапыраққа көмілген өңі қашқан шатырлар, қатты желге құлап қалатындай ескі қабырғалар, кішкентай ағаш көпірлер, шеті көрінбейтін алқаптар, аласа шарбақтар бәрі де сағымдар ішінде селдіреп, сиреп кете береді… Бұлардың ішінде үйіміз бен мектептің келбеті көз алдыма анық келеді.

***
Ауласы кең бақша… Қақ ортасында киіз үй сияқты аппақ үй… Біз әрдайым оң жақтағы ең түкпірдегі ақ пердегі бөлмедеміз… Азанда анам міндетті түрде терезенің алдында отырғызып, үй тапсырмасын орындатып, арасында сүт беретін. Терезеден ауланың келесі шетіндегі топырақ түстес есік-терезесіз ғимараттың не есік, не терезе екені белгісіз бір ғана тесігі болатын. Үңгір сияқты елестейтін әлгі тесікке қарасам зәрем ұшатын. Асымызды дайындап, кірімізді жуып, тақтамызды сүртіп, әкемнің атына жем беріп, иттерімізге қарайтын Абил апайдың әр түні әңгімелеп беретін қорқынышқа толы, соңы жоқ әңгімелеріндегі аю үңірейген әлгі тесіктен әне-міне, шыға келетіндей қорқа қарап отырамын. Күнде таңертең ояна сала түнде көрген түсім: «Үлкен әрі тойымсыз аюдың мені тау жаққа алып кеткенін, ормандағы ініне қамап, қолымды байлап, мұрным мен ерінімді жеп, одан соң, Байрамыш жолының бойындағы су диірменінің сарқырамасына лақты-рып тастағанын» әңгімелеп, анамның зәре құтын қашыратынмын, ол болса «Құдай сақтасын…» деп бәрін жақсылыққа жорып шыр-пыр болушы еді. Түсімді жорығанда менің үлкен ғұлама, сыйлы кісі, күшті қаһарман болатынымды, маған ешкімнің қарсы келіп, жамандық жасамайтынын айтқанда өзім әңгімелеген жалған әңгімені ұмытып, ерекше қуанатын едім.

***
Қай көшеде кіммен жүретін едім? Білмеймін… Мектеп бір қабатты әксіз болатын. Мектеп босағасынан аттағанда үсті жабық аулаға енетінбіз. Оның арғы жағында ағашсыз ашық аула… Ауланың шетіндегі үлкен ті-реуіші мен ұстағышы бар дәрет суы үшін қойылған сужинағыш тұратын…
Ұл балалар мен қыздар қарама-қарсы отырып, бірге оқып, бірге ойнайтын. «Аға мұғалім» қына жаққан шашы селдір, белі бүгілген, ұзын бойлы қартайып алжыңқыраған әйел адам еді. Жалт-жұлт еткен көк көзі, сарышым өңі, қисық мұрнына қарағанда көз алдыңа жүні түсіп, өлексені ғана талғажау етіп жүрген ауру лашын құс келеді. «Көмекші мұғалім» ер адам. Аға мұғалімнің ұлы. Біраз алаңғасар болғандықтан балалар одан еш қорықпайтын. Мен отыратын ең соңғы партаға аға мұғалімнің ең ұзын таяғы жетпейтін. Шашым ақ сары болғандықтан қыздар мені «Ақ бала» деп шақыратын. Ал, ұлдардың жартысы есімімді атаса, жартысы «Капитан баласы» дейтін. Сынып есігінің ашылмайтын жағындағы аспалы маңдайшадағы: «Келді, Кетті» деген жазу көңілсіз әрі жансыз кейіпте бізге көз тастап, қалың қабырғаның төбесіне жақын кішкене терезелерден төгілген жарық сәулесі тынымсыз айқайлай-шулай, жарыса жамырап оқып отырған балалардың бөлмені бас-
тарына көтерген шуынан одан бетер мұңая булығатындай көрінеді…

***
Мектепте бәріміз қорқатын жалғыз жаза бар. Таяқ… Үлкен тәртіпсіздік жасағандар тіпті, қыздардың өзі фалакаға (фалака – жатқызып қойып табанынан таяқпен ұрып жазалау) жататын. Кейбір балалар фалаканы көргеннің өзінде қорқып, зәрелері қашатын. Ал, болар-болмас тәртіп бұзғандардың жазасы соншалықты ауыр болмайтын. Көмекші мұғалімнің шапалағы… аға мұғалімнің ұзын таяғы… жазатайым тисе, басымызды ісіретін еді. Мен ешқашан таяқ жемедім. Мүмкін аяйтын шығар. Бірде аға мұғалім шегедей сүйекті саусақтарымен құлағымнан тартқаны әлі есімде. Қатты тартқаны соншалықты ертесіне дейін құлағым қып-қызыл шоқтай қызып жүрді. Нақты кінәм жоқ болатын. Негізінде шындықты айтқанмын. Ауладағы дә-рет алатын сужинағыштың бұрандасы сынып қалған екен. Аға мұғалім бұл тәртіпсіздікті жасаған баланы іздей бастады. Мұны жасаған ұзын көк жейделі белін қызыл белдемшемен байлаған әлсіз, сырқат бала еді. Ол туралы айттым. Фалакаға жататын болды. Бірақ әлгі мойындамады. Басқа бала орнынан тұрды. “Мен бұздым” деп, әлгінің кінәсі жоқ екенін айтты да фалакаға жатты. Айқайлап, жылап таяқ жеді. Ол сәтте аға мұғалім: «Неге өтірік айтасың, мына бейшараға нақақ жала жаптың» деді де, құлағыма жабысты. Беті тыржиып тартты-ай келіп.

***
Жыладым. Көз жасыма ерік бердім. Себебі, өтірік айтпап едім. Су бұрандысын кімнің сындырғанын өз көзіммен көрдім. Кешкі үзілісте таяқ жеген баланы тауып алдым да, жеке шығарып сөйлестім.
– Не үшін?! Екі ортада мен таяқ жедім. Оның бұранданы сындырғанын көрдім…
– Мен сындырдым.
– Жоқ, сен сындырмадың. Басқа ба-ланың сындырғанын көзіммен көрдім.
Бұл жолы қарсы келмеді. Жүзіме қарады. Біраз үнсіз қалды. Бүгінгі әрекетінің сырын сақтасам, түсін-діретінін айтты. Сөз бердім. Келістік.
– Ол үшін өте қатты алаңдадым деп бастады: Су бұрандасын Әли сындырды. Иә, мен де көрдім. Бірақ та, ол өте әлсіз және сырқатты бар бала. Фалакаға шыдай алмауы мүмкін еді. Ауырып аяққа тұрғанына көп те болмады. Өліп те қалуы мүмкін еді.
– Бірақ… Оның орнына не үшін сен таяқ жедің?
– Не үшін дейсің бе? Мен онымен ант ішкенмін. Ол бүгін сырқат, мен саумын және күштімін. Сол үшін құтқардым.
Айтқанын түсіне алмадым. Қайтадан сұрадым:
– Ант деген не?
– Білмейсің бе?
– Білмеймін!
Күліп алды. Менен біраз ұзақтады да:
– Біз бірін-біріміздің қанымызды ішкенміз. Мұны ант ішу дейді. Ант ішкендер қандас бауыр болады. Бір-біріне ең соңғы деміне дейін көмектесуге уәделеседі.

***
Кейіннен мектепте біраз бала-лардың, ант ішіскендерін аңғардым. Бір-бірімен қандас бауыр болыпты. Тіпті қыздардың өз араларында ант ішіскендерін де естідім. Күн-
дердің бірінде бұл әрекеттің қалай жасалғанына куә болдым. Көмекші мұғалім дәрет алу үшін сыртқа шығып кеткен. Аға мұғалім арқасын бізге беріп, бүгілген құрттай әлсіз әрекеттерімен бір тұрып, бір отырып намаз оқып отырған. Арт жақтағы партадағы екі бала ағаш сапты пышақпен саусақтарын тіліп-тіліп жіберді. Қолдарындағы тілінген жерін бірін-біріне үйкеп, қып-қызыл қанды әдбен араластырды. Содан кейін бірін-бірінің қолдарын жалады.
Ант ішіп, қандас бауыр болу… Осы оқиға мені қатты ойландыра бастады. Егер де менің де қандасым болса, мұғалімге құлағымды тартқызбас еді, күндердің күнінде фалакаяға жататын болсам мені құтқарады. Мектептегі соншама көп баланың ішінде өзімді жалғыз, доссыз, ешкімге керексіз қалғандай сезіне бастағанымда, анама ойымды айттым. Сыныптағы балалар сияқты менде біреумен ант ішіп, қан бауыр тапқым келетінін жеткіздім. Ант ішудің не екенін түсіндірдім. Ойымды құптамады. «Мұндай жиіркенішті әрекет жасама! Мүлдем жасаушы болма…» деп бірден тиып тастады.

***
Назар аудармағандай кейіп таныттым. Бар ойым, ант ішудің қалай болатын. Алайда кіммен? Аяқ астынан күтпеген бір жағдайдан кейін қандас бауыр табудың сәті түсті. Жұма күндері айналадағы көршінің балалары біздің бақшаға жиналатын еді. Содан кешке дейін бірге ойнаймыз. Арт жақтағы көршілес қажы Будактың менімен жасты баласы бар. Есімі маған өте қатты ұнайтын: Мыстык… Осы есімді айтқанда ерекше қуанамын әрдайым қайталап жүремін. Өте сыпайы әрі кішіпейіл болатын. Қыздар осы қайталанбас есімге байланып қалғандай, Мыстыкты бақшада немесе көшеде көрсе, бір ауыздан айтатын тақтаптары әлі есімде:
Мыстык, Мыстык,
Арабада қыстық,
Үш шырақ жақтық,
Кірпік қақпай қарадық! – деп шулайтын да жұмырық түйіп Мыстыктың алдына тұра қалатын. Мыстык еш ашуланбайтын. Жай күлетін. Біз де тақпақты жаттап алдық, кейде айқайлап айтуды қызық көретінбіз.

***
Кішкене ғана әлгі тақпақ өміріме біршама әсер етті. Кейде түсімде әдепсіз қыздардың оны араба үстінде сығыстырып, оған қоса жан-жағынан алаулаған үш шырақпен мазасын алғанын көремін. Мыстык неге мұншалықты момын. Неден бір сілкініп, қыздардың сазайын беріп, қолаңса сасыған арабадан секіріп кетпейді… Бәрімізден күшті еді. Аты сияқты дене тұрқы да, ешкімге ұсқамайтын. Басы, қолы, аяғы да… Тіпті жұдырығы да… Күресте бәрін жеңетін… Жаздың әр жұмасында бір десте қара талдың ұзын-ұзын бұтағын әкелетін. Бұталардан балалар ат жасап, ат жарысын ойнайтынбыз. Ойында да ол бәрімізді шаң қаптыратын. Оған жету мүмкін емес. Кезекті жұмада Мыс-
тык тағы да әдеттегідей бұталарымен келді. Ең ұзынын өзіме алатынмын. Қалғанын балаларға таратып беретінмін. Пышақ алып, бұталардың басын тегістеп, қабығын айырып құлақ жасап, мұрынын келтіріп, барынша аттың басына ұқсатуға тырысатынбыз. Мұны ең әдемі мен жасайтынмын.

***
Өзімнің атымды жасап жатқанмын. Мыстык пен басқа балалар кезегін күтіп тұрған. Қалай болғанын байқамай қалдым, қара тал бұтағының қабығы бірден ашылды. Сол сәтте ағаштың қабығынан тайған пышақ сол қолымның сұқ саусағын тіліп кетті. Жылы, қызыл қан аға бастады. Сол сәтте ойыма бір нәрсе сап ете қалды. Ант ішу… Саусағымды сыздатқан ауырсынуды ұмыттым да Мыстыкқа:
– Кәне, саусағымнан қан ағып жатыр. Қан бауыр, қандас болайық. Сен де кес…
Абдырап қалды. Көзімен жер сүгіп, басын шайқады.
– Бұл қалай? Ант ішу үшін қол кесу…
– Бауырым қорқатын несі бар? – деп үстелей түстім. Қан шығарсаң болды. Я қолдан, я саусақтан… бәрі бір. Кәне, кәне…
Құп алды. Қолымнан пышақты алды да, қолын тілді, тіпті опырып жіберді. Қаны соншалықты қою болды-ау ақпады, тамшыдайын шықты да тұрып қалды. Көп күтпей, саусағымызды үйкеп, қанымызды араластырдық. Бірінші болып мен жаладым. Қан дегенің – тұзды, жылы нәрсе екен. Содан кейін ол менің саусағымды жалады.

***
Қанша заман өткенін білмеймін. Мүмкін алты ай… Мүмкін жыл… Мыстыкпен қандас бауыр болғаным есімнен шығып та кеткен еді. Бірге ойнап, мектептен бірге қайтатынбыз. Күндердің бірі қатты ыстық еді. Аға мұғалім сабақтың жарымынан қайтарды. Тура бейсенбі күні сияқты… Мыстык екеуміз шаңы шыққан көшеде жаймен келе жатқанбыз. Беторамалым сөмкенің ең астында қалды… Аққан терді сүртпегендіктен жүзім шаршаңқы болатын. Үлкен әрі кең жолды кесіп өтуші едік. Шетте құлаған қабырға астында үйдің іргетасы көрініп жататын. Аяқ астынан үлкен қара төбет шыға келді. Бізге қарай жүгірді. Артынан бірнеше адам, қалың таяқтарымен қуып келеді. Бізге: «Қашыңдар, қа-шыңдар, тістейді…» деп айқайлап келеді. Қорықтық. Сасып қалдық. Не істерімізді білмедік. Шұғыл есімді жидымда «Құдай сақтасын, қашайық…» дегенімде болмаса, көзі оттай қызар-ған ит жанымызға жетті. Сол сәтте Мыстык: «Менің артыма тығыл…» деп айқайлай өзі алға шығып, иттің қарсысына шықты. Мақұлық оған бас салды. Бір-біріне жанасты. Иттің екі аяғы ауада… Тура күресетіндей жүзбе жүз қарсы келді.

***
Екеуі біраз тартысып, ақырында жерге құлады. Мыстыктың тақиясы мен көк беторамалы жерде түсіп қалды. Ұзаққа созылған бұл айқас жанымды жеді. Тітіркеніп кеттім. Иттің артынан түскен кісілер де жетті. Қолдарындағы ағашпен итті салып-салып жіберді. Мыстыкты құтқарды. Қолынан, мұрнынан сауғалап қан ағып жатыр. Ит құйрығын екі аяғынан арасына тығып қашып кетті. Мыстык: «Ештеңе етпейді… Ауырмайды… Жай ғана қанады…» деді. Кісілер үйіне жеткізіпті. Менде үйіме келе сала, бүгін басымыздан өткен жағдайдың бәрін анама айтып бердім. Абил апай мені ұзыннан ұзын жерге жатқызды. Таңдайымды басты. Бір уақытта бір
нәрселерді айтып-айтып келді де бетіме қарап «суф суф» дегенде сарымсақ иісінен түшкіріп жібердім. Ертеңіне Мыстык мектепке келмеді. Оның ертеңіне тағы да келмеді… Анама Қажы Будактарға барып, Мыстыктың үйіне барып қайту керектігін айтты. «Науқастанып жатыр екен, балам. Құдай қаласа, жағдайы дұрысталған соң, қайтадан бірге ойнайсыңдар, қазір босқа мазасын алмайық» деді. Содан әр күні Мыстык сауғып кеткенін үміт етіп, оны мектепте көремін деген үлкен ниетпен сыныптың табалдырығын аттайтынмын. Бірақ та… Ол еш келмеді… Әлгі ит құтырған екен. Емдету үшін Мыстыкты Банбырмаға апарған. Одан ары Ыстамбұлға жеткізеді екен.
Амал қанша бір күні Мыстык өліпті…

***
Бүгін ерте ояндым. Бұлтсыз ашық аспан астындағы табиғат мені әдеттегідей балалық шағыма тартып кетті. Жадымда қалған көне әрі бұлыңғыр, тозығы жеткен ауылым, туған жерімді көз алдымнан өткізгім келеді. Әрдайым еш себепсіз, сол қолымның сұқ саусағына қараймын. Бірінші буынның үстіндегі аңдаусызда кесілген кішкене ғана пышақ ізі мен үшін өте қасиетті тыртық. Ол тыртықтан ант үшін өмірін қиған, қаһарман қандас бауырымның ерінінің жылылығын саусағымнан сезгендей боламын және мені құтқару үшін өзінен биік, оның үстіне құтырған, үлкен әрі қап-қара қойшы итіне қарсы шыққан оның өжет әрі батыл рухын көремін.
Халық өзінің сан ғасырлық ғұр-
пынан, жадынан ұзаған сайын адамдар да иістеніп қарауға лайықсыз, қараңғылықта адасқан жандай, әде-
бінен айырылған әрі ниеті жаман, қайырсыз, қамсыз надан әрі
енжарлықтан азаптың бәрін көріп, тазалық пен адалдықты өткен күндердің бірінде жоғалтқан жақсы-лықтың жаршысы мүлдем басқа халде алдымнан шығатындай болады да тұрады…
Жанымды жұбатып, қуанышқа бөлейді. Сағаттар бойы Мыстыкты ойласам оның құрметімен текті әрі батыл әрекеті уақыт өткен сайын асқақтап, қадірі еселеп артады да мұңды азаптың ішінен бақыт тапқандай боламын…

ҒАШЫҚТЫҚ ЖӘНЕ
БАШПАЙЛАР

Асиме ханымнан Хасанға хат
Алдымен маған ғашық болып, жалынып-жалбарындың, ал менің сезі-
мім сенің құмарлығыңа үнсіз келісті. Ақырында маған үйлендің. Мен бақуатты едім. Атым, арбам бар-ды. Замандас жастардың қалауы мен едім. Басқалардың арманына сен қол жеткіздің. Бақыттысың. Мен сендік болдым. Соныңда адам танымастай мүлдем өзгердің. Менен суыдың. Маған қараудан қаштың, оның ақырында менен ажырадың… Бұл хатымды оқи бастағаныңда, жалынып отыр екен деп қалма. Бір алаңым бар. Менен суитындай не болды? Менен не болды? Қандай кемшілігім бар? Міне, бұл жылы да Кадыкөй қыз-келіншектері арасында өткен Қыз сыны байқауында Гран-При иелендім. Білімім жоғары бағаланды… Байлығым да. Олай болса неге суыдың? Менен сұлуын тапсаң да, байлығы менен асқанын таппайтыныңа соншалықты сенімдімін. Олай болса неге, неге менен кетіп қалдың?

Хасаннан Асиме ханымға хат
Әрине сұлуым, мен сүйдім. Сүю деген не? Жауабын білесің бе? Сүюді әркім әрқалай түсінеді. Жандардың, болмыс пен ынтаның алуан болуы… Біреулер қас пен көзге, біреулер қол мен аяққа, біреулер қарнына, біреулер бойына, біреулер санына көз тігеді. Ал мен үшін… Адамның келбеті және мінезі маңызды. Мектептен бері сөйлесушімнің адами мінезін білу арқылы оның қай жерге дейін баратынын дәл болжайтынмын. Бұл әдетіме айналып кетті. Мінезі жоқ адаммен сөйлескенде оның әңгімесін иттің үргеніне ұқсатамын. Жер бетінде қанша адам болса, әрқайсысының ішінде хайуани келбет пен мінез бұғып жатады. Көпірден өтерде, казинода отырғанда айналамдағыларға үңіле қараймын. Әлі де мінезсізге тура келмедім. Киімнің ішіне кіріп, адамның маскасын киген хайуандар…
Бір топ ит, өгіз, ешкі, құзғын, жылқы, есек, жапалақ, бүркіт, тауық, тотықұс, ара, көгершін, қарға, балық, аю, қаз, жолбарыс құдды… Кішкентайымда саф, кіршіксіз таза ниетте оқыған физиономиялық теориялары менің қиялыма әсер еткені соншалық Лафонтейін ертегілерінде баяндалған оқиғаның ішінде жүргендей сезіне-тінмін. Мәселен, қарсы беттен кө-рінген досым жақындап келеді, басында қызыл тақия, түрлі түсті костьюм, мойнында асыл тастары жарқырап тұр. Қыр мұрынды… Қолтығына су сепкендей, қолы жанына жайылған… Қағидалы, батыл… Жанынан қарасам ішінде жасырынған хайуанды көретін сияқтымын:
– Ай, міне, қораздың нақ өзі… дедім.
Жаныма жетіп қолымды алғанда қызартқан жүзіне, құс айдарының кескінін беретін тақиясы көзге ұра-ды. Дауысы ашық әрі созылыңқы. Ұзақ шақыратын қораздай. Онымен қоштасып, келесісімен жолықтым. Беті мен аузы жалпақ. Аяғы маймақ. Жаймен ақырын сөйлеп, күлгенде жүзі керіледі.
– Үйрек, үйрек…, дедім.
Бақ-бақтағанда мұны дәл атағаныма қуанып, ризашылықтан қанаттарымен құйрығының бәрі үйректің денесінде орналасқан жеріндегідей тауып жаттым. Танымал адамдардың көрнекті жазушылардың, министрлердің, халық
қалаулыларының, басқа да үлкен ман-
саптылардың мінездері жадымда сақтаулы. Мінездерін білгенімнен, жаңадан тағайындалған министрлердің халыққа пайдасының қаншалықты болатынын нақты айтып беремін едім. Осыған қарап, достарым:
– Ескі заманда туғаныңда пайғамбар болатын едің дейтін.
Мені қасиеті бар деп ойлайтын. Ақиқатында мен тек адамның мінезін көре білетінмін… Есек мінезді адам есектей, арыстан мінезді адам арыс-тандай өмір сүреді. Адамда қандай хайуанның мінезі болса, сол хайуан секілді өмір сүреді. Өгіз мінезді адамда ешуақытта жылпос, қулық, зейін болмайды. Есек мінезді ұялу, кішіпейілдіктен мақұрым. Ара мінезді шақса оңдырмайды, ит мінезді ырылдап тісін көрсетеді. Жолбарыс мінезді сезімтал мейірім білмес, тотықұс мінезді жұртты қайталаумен тыным таппайды, көгершін мінез сезім мен мейірімнің күлкілі кейпін келтіреді. Түлкі мінезділер бәрін алдайды. Ішіп-жеп қарын тойдыру шошқа мінезділерге тән.
Әйелдер де еркектер сияқты жекелеген жануарларға ұқсайды. Олардың ішінде де хайуан мінезі жасырын жатады. Семіз, үлкен кеуделі, шаршаңқы ауыр қозғалатын әйел – сөзсіз сиырға ұқсайды. Әлсіз, мінезсіз, қараторы, көріксіз көзі ғана әдемі әйелдер ешкінің нақ өзі. Ең әдемілері балапан, бөдене не тауық мінезінде болғандар. Бұл үш мінездің үшеуі де сенде жоқ. Өткен жаз еді. Ең алғаш ретін екеуміз Фенерде ұшырастық. Бірден мінезіңді байқағым келді бірақ, таппадым.
– Бұл қалай? – деп жүзіңе қарай-қарай мінезіңді байқамаған соң, саған сезімім ояна бастады. Сол кезде сенің келбетінен хайуанның мінезін көрмедім. Солай адамдардың, әйелдердің… Сенде ешқандай мінез болмағаны үшін, ешқандай хайуандық әрекет, хайуан болмысы жоқ-ты. Кейде күмәнге көміліп қалатынмын.
– Көзім байлаулы, мұнда да бір мінез бар, бірақ-та мен көре алмай, парқына жете алмай тұрмын дейтінмін. Үйленбеу тұрып, қыз бен
жігіт күндерімізде жүзіңе ұзақ-
ұзақ қарайтынмын, бұл әрекетім-ді ғашықтық ынтығу деп қабыл-дайтынсың. Жоқ. Мен сенің мінезіңді білгім келіп, сені ештеңеге ұқсата алмайтынмын. Мінезіңді біле алмай, сүйе түстім. Мүмкін сен де… Жарты жыл бақытқа толы ғұмыр кешірдік. Әрине есіңде шығар. Алайда бір күні азанда… Қандай өкінішті сенен ерте оянғанымда… Ерте оянып, терезенің жанында отырғанмын. Әлі төсекте едің.
– Бұл неткен кербездік дедім. Төсегіңнен тұрып, киіндің де жүктің жанына отырдың. Үй іші суық-ты. Жаңа ғана жаққан отым бөлмені ысыта қоймаған. Жүрегі тарсылдап кетті. Тұншығып жатырмын. Сен сүйретпеңнің үстінде жатқан сүр шұлығыңның бірін аяқ башпайларыңмен ілдің. Содан өзіңе тарттың да төсекте отырып аяғыңа сұқтың. Басқа шұлықты алмақ үшін сол аяғыңды ұзаттың. Көрмейін деп жанарымды тайдырдым. Міне, сұлу ханым, сен аяқ башпайларыңды қол орнына пайдаландың.
– Жиырмасыншы ғасырдың ортасындамыз.
Жаратылыс бастауынан яки үздіксіз жетілумен адам баласы мыңдаған жылды басып өтті…
…Қалшылдадым. Дерттендім. Мені шалқамнан түсірген мына тылсымның не екенін, сен мүлдем білмессің. Жатқан кезімізде қыртыстанып қалған көйлегіңді башпайыңмен жаздың. Енді мынады көргенде жаным қысылып, қайтадан қалтырай бастадым.
Тағы да түсінбедің:
– Үй суық болған соң, жаурап жа-тырсың – дедің.
Басқа бір таңда пештің жанындағы орындықта отырған едің. Аяғың шұлықсыз. Қайтадан жүрегім тарсылдай бастады. Аяғыңның башпайларымен әлі ысымаған пештің қақпағын ашытың, жалынға қарадың да, қайта жаптың. Бір күні сүйікті мысығың аяғыңмен ойнап жатты. Бұ кезде де шұлықтарыңды кимегенсің. Жүрегім көтерілді. Қатты булығып аузымды ашпадым. Башпайларың тым ұзын. Тым ұзын. Сол башпайлармен мысықтың алдыңғы аяғынан ұстап, кішкентай бөпедейін жоғары көтердің. Аяғыңды қолыңның орнына, тіпті қолыңнан артық епті қолданатынсың. Жүзіңе тесіле қарадым. Сол сәтте, қанша уақыт іздеп таппаған шын келбетіңмен оған жасырылған мінезіңді көрдім.
Сен маймылсың. Маңдайың тар, астыңғы иегің біраз шығыңқы. Көрікті, көз тартар бұлғақтаған тәнің маймылдың қимылына қиюласпайтын. Ал, аяқтарың… О, тоба… Маймылдың үшінші, төртінші аяқтары дерсің. Сен тағы да талпынсаң, жерден шұлығыңды алу, пештің қақпағың ашып-жабу, төсегіңді, көйлегіңді реттеу, мысықты жоғары баладай көтеру былай тұрсын, аяқ башпайларыңның ерекше ұзындығымен тамақ жеп, панино да ойнай алатыныңа шүбәм жоқ. Сенен үрейлендім. Содан кейін сен жатқан төсекке жақындамадым. Балтаның жүзі мұқалатын орманда қалғандай сезіндім де, ескі заман мақұлықтарының бірімен жұп құрағандай күйде қалдым. Жиырмасыншы ғасырда тәнінде аюуани қылықтары бар, бүгінгі маймылдар сияқты аяқтарын қол орнына қолданатын, қарадүрсін мақұлықтан, нақтысы сенен қаштым. Ұзақ кеттім. Қол сияқты пайдаланатын аяғыңның бірін жүрегіңе қой, солай қабылда. Осыдан кейін де сені сүйе беруім керек пе?

Асиме ханымнан Хасанға телеграф
– Қолыма тиген сәтте хатыңды оқымай жырттым, сенен жиіркендім. Абайла!
Бұдан кейін хат жолдауды тіпті ойыңа алма да!
Соңында оңбай қаласың….

КӨКТЕМ МЕН КӨБЕЛЕКТЕР

Кішкене бөлменің қою қызыл, қалың, салмақты перделі терезесі сырттан қарағанда жалт-жұлт жарқырап, сәт сайын түрлі түске түрленіп, көзге айнадай ұрып тұр. Көкпеңбек ашық аспан… Гүлді ағаштар… Қалғып кететіндей тыныштықтағы теңіз… Қарсы жағада сұр, бар-жоғы білінбес тұманға оранған таулар, төбелер, ақ жайлау… Көкте шағалалар саңқылдап ұшып жүр, көз алдымдағы табиғат аңыз елесінің ауадағы ақиқаты секілді. Терезенің алдындағы дәу орындықта қарттықтан қажып, сұлбасы қалған, кәрі, сап-сары әжей отыр. Көктем мен өмірден көңіл үзгендей сыртқа көз салмайды. Нұры қайтқан жанары бөлме ішіндегі қараңғылыққа қадала береді. Қарсы алдында кере-
уетте созыла жатқан, бидай өңді, керім сұлу тері қаптамалы кітап оқып жатыр. Терезеден гүл мен даланың иісі және теңіз толқының үнін жеткізген сәуірдің саялы самалы есіп тұр. Бір сағаттай уақыт өтсе де, бұл екеу бір де сөз шығармады. Қарт әжей тоқсанның жетеуіне шығып отыр. Бұрыш-бұрыш қараңғылықта қалған көзі оянғандай оқта-текте қарсыдағы кітап оқып жатқан шөпшегіне қарап қояды…
Үш тісі ғана қалып, бүрсиген ауызына жан біткендей болды. Есінеді. Мумияның бөлшегі сияқты сарғайып, мүжірейіп қалған қолын басына дейін көтерді. Қоңыр түсті орамалынан көрінген аппақ шашын сипады. Бір ауық ойға кетті. Қайта есінеді. Оянатын сияқты. Ашық терезеден соққан желдің ызғары жандандырып тастады, құстардың күн астындағы шырылдары, гүл мен көктің жұпар иісі қиялында ұзақ, ескі таңның шапағы, бітпес, мың түрге боянған жаңа бір таң атырды. Жаймен арқасын сүйеді. Қолын тізесіне қойып, басын көтерді. Денесін тіктеді. Шөпшегіне: «Айналайын, неге ештеңе демейсің? Біраз сөйлейік!» – деп еді, бидай өңді сұлу жаңа ұрпақтың кейінгі түрік әйелдерінің ешқашан орындалмайтын мәңгілік тағдырымен бұлт басқан қара көзін кітаптан айырмай «Әжетай, оқып жатырмын!» – деді.
Ол бар болғаны он сегіз жаста. Кереуеттегі қамсыз жатысы оған жағымды кейіп сыйлап, мақпал көй-легі әдемілігін айқындап, бейнесін асқақта бөксесінің бұлқынысы, ірілене түскендей, тізесі нәзік, етегінің қызғылт, ақшылтым көлеңкесінде өте мығым, тым әсем көрінген аяғы әрі етті, әрі түзу балтырынан төмен тым жіңішке көрінеді.
Қолындағы қара былғары мұқа-бадағы сүйріктей, аппақ, жіңішке, нәзік саусақтары кірпік қаққанша бұлқынып, көкірегінде буырқанып жатқан екі емшегіне жанасып, ұстап тұрғандай дерсің. Қою қара шашы мұңды, жабырқау айналасына шаттық сыйлап, зейініңді ашардай болады. Қарт әже сұрақ қойды:
– Не оқып отырсың, қарағым?
– Бір роман.
– Не туралы?
– Жай.
Әжей қайтадан ауыр ойға кетті. Алдындағы, жылдар бұрын қартайып, қайтыс болған неремесінің сұлу, әдепті немересіне қарап отыр. Мына дене өмірінің көктемі еді. Арадағы мына ғажап, терезенің арғы жағындағы жарқыраған, аңқыған көктемнің күні соншалықты бөтен. Қызығушылығын арттырып, шыдаманың шегінен шы-ғарған, он жетісіне толған шөбересінің солғын жүзінің сүйкімі, шаттық шуағын шашардай сәуір самалы оны баурап алып, балалық бақытын ояндырмай, жүзіне жылулық езуіне күлкі ұялатпай-ақ қойды. Қайтадан сұрады: “Ал, айналайын, романыңда нелер болып жатыр?” – дегенде ғана, жас қыз көзін бадырайта ашты. Кітабын тізесінің үстіне қойды. Өте сыпайы үнде тіл қатты: «Әжетай, француз романы ғана…» деді. Қарт ананың алаңын оятқан бұл емес, басқа нәрсе естігісі келіп еді:
– Аты қандай?
– Тағдыр тәлкегі…
– Кімнің тағдыры?
– Сүйіспеншілік пен бақыттан ада қалған әйелдер өмірінен.
– Ол кімдер екен?
– Біз… Түрік әйелдері…
Қарт ана ойға түсті. Сол қолымен қап-қара, жарқыраған шашын түзеген шөпшегіне ауыр көз салды. Мына қыз өмірдің зор азабын, қасіретін өткерген бір адам сияқты. Күлімсіреуі сирек, мұңы жиі. Мынадай кітаптардың әсері жастың санасын улап, жігерін солдарып тастаған деп топшылады. Жүрегін ауыр мұң басты. Өзі сұлу, өзі жап-жас қызды қатты аяды. Әбден қуарып, әжім басқан қолдарын беліне таяды. Қаһарлаған кейіпті, басын көтерді.
«Сүйіспеншілік пен бақыттан ада қалған әйелдер – түрік әйелдері ме?» – деді. Жоқ, жоқ. Түрік әйелдерінің сүйіспеншілік пен бақыттан ада қалған кезі жоқ. Сезім мен қуаныштан мақұрым қалған сендерсіңдер. Қазіргі әйелдер… Бәрінен жалыққан сендер. Амал қанша әжелеріңе ұқсай алмадыңдар. Біз қандай едік!… Жастық шағымызда бақыттан бал таттық. Көктем… Иә, мына көктем бізді бақыттан есімізден тандыратын. Ал сендер бұл бақытты сезе алмайсыңдар, сендер болса, кітап оқып, жеңіл оқиғаларға алданып, оның әсеріне жеңіліп, сезім, сенімнен айырылып мақұлыққа айналдыңдар».
Қыз жылы ғана күлімдеді. Қарт ананың мұндай қаһарлы, ызаға толы әңгімелерін әрдайым тыңдайды, кейде қарсы келіп, тартысып та қалады. «Сіздер оқымайтын ба едіңіздер, әжетай?» – деп сұрайтын.
– Оқығанда қандай. Бай, манап, мырзалар қыздарына парсы тілін үйретіп, діннен де сабақ алдыртатын. Тухфе Вехбиді оқытатын. Физулидің, Бакудың жырларын жаттатып, Мәснәуидің мәнін ұғындыратын. Қайталанбас теңеу, ұйқас теріп, ер азаматтарымызды қалай қалжыңдасу керектігін алдын-ала санамызға, зейінімізге, түйсігімізге тоқып алатынбыз. Біздің заманымыздағы әйелдердің ең үлкен мақтанышы, құрмет, әдебиет, басқада, ақылда… еді. Заман өзгергені соншалық сендер Френктің ықпалында кетіп, ұлттық болмысымызды мо-йындамай, басқаның қаңсығын таңсық көріп жүрсіңдер. Оларға ұқсамаққа талпынған сайын, ұлттық мендеріңнен жырақтап, жиіркене қараған сайын, ақиқаттан алыстап, бақыттан жұрдай қалып жүрсіңдер. Ай… ана кітапты қолыңнан алып!..»
Бидай өңді сұлудың жүзінде қайтадан күлкі ойнады: «Жарайды, әже!» – деп әжесіне жүзін бұрды да: «бұл кітапты лақтырып тастайын…». Оқымайын. Содан соң, мына мұң басқан, заты түрмедейін жан құлазытар үйдің ішінде тұтқындай тұсаусыз тұтылып, ақырында жынданып кеткенімізді қалайсыз ба? Оқығаныммен ой жазып, жанымды жұбатамын.
– Жоқ, қызым, оқығаныңнан жа-ныңның жадырағанын көрмедім. Көзіңе қарасам…
Бірде бұлт, бірде тұман ішінде. Барған сайын, құлазып барасың. Бұл кітаптар әрі у, әрі тағдыр…
– Жарайды, оқымай-ақ қояйын, бас-қа не істейін?
Қарт ана ойға кетті, оқымаса, не істейді? Шынында да айнала түрме сияқты. Сексен жыл бұрынғы өміріне ой кездірді. Ол уақытта еркектердің бөлек, әйелдердің басқа жолы бар-ды. Қазір болса, бәрі бірін-біріне араласып кетті. Мына дүние кең еді. Мыңдаған әйел бір-біріне барып, жолығып, сыр ақтаратын. Өздерінің ор-тақ әлемі, әңгімелері бар еді. Мода жоқ болатын. Аналарының киімін қыздары киіп, әжелер болса, алтындарын немерелеріне бе-ретін. Сырмалы мәсі-кебісімен қызыл
көйлек… ай десеңші, алқызыл көй-лектер… көктемнің көкмайсада серуендеп жүрген қыздардың әрбірі қызғалдақтайын жайнап тұратын. Араларында көріксіз, көңілі қаяу, ауырып абыржығандары жоқ-ты. Жі-гіттер сүйгендерінен басқаларға көз сүзбей, жасы жеткенде көп күттірмей отау құрып, жұбайларына деген ғашықтығы мен сезімдерін кірлетпей, араларында мәңгілік махаббат дастаны жазылып жататын. Кафелер, казинолар, сыраханалар, клубтар, театр-лар, жәлепжайлар, қонақжайлардың бәрі де бүкіл түрік еркек атаулыларын естерінен адастырып, сол жерлерде жүргендері жүрген, байғұс олардың әйелдері ес-түссіз үйде ұмыт қалған қарабайыр күзетшідей отбасының қауіпсіздігін үнсіз арқалағаны ар-қалаған. Сол әйелдер күйеулерімен тату-тәтті бірге, қала берді, ашық боялған үлкен үйлердің көлемді үстелдерінде, субұрқақ бақшалары, түрлі ағаштар, теңіз жағалауында соғылған зәулім үйлерде бас қосып, думандатып, қуанышты бірге бөлісетін. Қандай ойындар бар еді, жоралғылар, талғамды айтсаңшы, бүгін бәрі де ұмыт болды. Бүгінгісі Еуропа боламыз деп оқиды деп, демалмай киім ауыстыратыны бар, мода тыныштарын алды, рақаты былай тұсын, босқа маңғаздану, мағынасыз, себепсіз танауын көтергеннен басқа ештеңе де жоқ… Қолтығын қомдап ісіп-кебуді мінез қып, езуіміздегі күлкіден айырып, кең көйлектерімізді тілімдеп тарылтты, балтырымызды жабатын етіктерімізді лақтыртты, башпай тырнақтырымызды бояуды үйрентті де, құда түсудегі асыл кәделеріміздің бәрін алмастырып жіберді. Жолымызбен жоралғымызды түгел өзгерткен соң, рухымыз да өзгеріп шыға келді, түгелімен алдамшы, түгелімен жасанды, түгелімен арзанқол. Бақыт ұзақта қалған арман, қол жетпес елеске айналды. Салтымызбен бірге сүйіспеншілігіміздің де сәулесі сөнді. Негізінен адасқан, азап тартқан ұрпақ өсіп келеді… Бәрін жек көретін, ештеңені жаратпайтын, бұрынғыларды қараңғылықтағы қауым дейтін, қаскүнем, сырқатына ем табылмайтын ұрпақ, қазіргі өкпесі аузына тыққан, демігіп дем жұтуға зар болғандар-ай…
Қарт әже көзін жұма үнсіз жатты. Сексен жыл бұрынғы бақытымен бүгінгі қорлығымен тез әрі жылдам салыстырғанда, санасын ауыр зіл бас-ты, оның әлі де үзілмей келе жатқаны үшін терең күрсінді.
Бидай өңді сұлу әне-міне ғасырдың тауына шыққалы отырған нағашы әжесінің жүзіндегі терең әжімге ұзақ-ұзақ қарап, оның заманында бақыт туралы түсініктің қандай болғанын білгісі кеп, ой түбіне батты. Қанша тырысса да, ол түсінігіне жауап таба алмады да: «Үндемей қалдыңыз ғой, әжетай…» деді.
Қарт ана қас терісінің қатпарлары арасынан көзін ашты да:
– Қайран… Өткен күндеріммен, бұрынғы бақытымды ойлап отырмын.
– Әжетай, бұрынғы кезде, бүгін-гіден артық не бар еді?
– Көп… Өте көп…
Қарт әже белін жазды. Не айтырын, әбден ойланып алмаққа біраз ойлана отырып қалды. Содан әңгімесін бастады. Сұлу қыз оның аузының ішіндегі өткір қараңғылыққа қарап, одан шыққан дыбыстардың сәулесін көрін тұрғандай.
“Е, қарағым, көп дүние болатын. Бәрі де біз үшін өнеге, біз үшін қуаныш еді. Бәрі де: Балалық, мектепке бару, көйлек киюіміз, күйеуге шығуымыз, ана болуымыз, тіпті қартаюымыз да… бұлардың әрқайсысының әдептері бар болатын. Әр әйелдің бұл кезеңдері басқа әйелдер үшін әрі жол, әрі думан-ды. Бар өміріміз өнегесі мол думанның ішінде өтті.

Жұма өтпей келесі думанның әні қалықтайтын, сүндет той, үйлену тойы тіпті біреу үй салуды бастаса, оған көмектесіп бітіріп соңынан той басталып кететін. Жасауларымызды айтсаңшы, сырға салуларымыз бар бәрі думанмен өтетін. Өзімізге жарасымды әндеріміз болатын.
Бас қосып, өзара әңгімелесіп сыр ақтаратынбыз, қыста да жиналып қатар-қатар отыратынбыз. Өзімізге лайықты ойынымыз бар-ды. Әр мерзімді табиғаты мен ауасына сай мәнді де, сәнді өткізуші едік. Әлі бүр жармаған бір жылдың гүл көшетінің түбіне кешкірім ақ құмыралар ішіне сақиналарымыз бен үшкілдерімізді салып, ертеңгісін атар күнмен жарыса, жан жадыратар өлең оқитын едік. Бірін-біріне қайталамайтын өлең шумақтарын соғатын, өзгелердің айтқанына жуымай, әдемі ұйқастарды төкпелеп тастайтын келіншектер көп-ті. Қарт әже қарттық қатар тосқан ауытқушылықтардың әсері ме, жағы толмай сөйлей-сөйлей әңгімесінің тоқтамын айтпайды.
Сол сәтте бір топ құс терезе жанындағы бір ағаштың бұтасына кеп қонды. Саңқылдары мен өткір шырылдары қарт ананың әлсіз ғана дір-дір еткен үнін басып тастады. «Иә, айналайын, біз сендер сияқты «Не істейміз?» – деп кідіріп тұрмайтынбыз. Ойланып, кібіртіктеуге уақыт жоғалтпайтынбыз. Зерігу, жабығу дегеннің не екенін қартая келе білдік. Кіп-кішкентай себеп, үлкен той-думанның отын жағатын. Мысалы көктем… Ай, көктемде бөлмеге қамалып отырмайтынбыз. Көктемде біз бірін-бірімізді бау-бақшалардан іздейтінбіз. Көктемнің өзіне тән кереметтері мен ғажайыптары болатын.
– Әжетай, мәселен қандай еді?
– Қандай екенін сұрадың ба, қарағым, әр мезгіл өз қызығы мен
қуанышын қатар тосады. Бір жылдың шаттығы мен жорамалын сол көк-темнің жайма шуағымен бірге жасалатын. Ай сол жорамалдар… өте байсалды, тым сезімтал болатын. Әрдайым дәл келетін. Бәріміз шын сенетінбіз.
– Қалай?
– Көктем келе, ағаш бүрі мен гүлін жарып, әлемнің келбетіне жасылдан бояу тамып, шөптер де көтеріле бастағанда, біз бөлмеде бір сәтке де бөгелмейтін едік. Бақшадан бақыт іздеп, көктемнен байғазы сұрай-тынбыз. Көзімізге түскен бірінші көбелекке қарап, осы жылдың ба-қытын болжайтынбыз. Тоқтамай із-деп, тұрмай күтетінбіз. Бірінші көрер көбелегіміздің ақ яки қызғылт болуын өлеңдетіп тілек тілейтінбіз, ағаштардың жас бұталарына ақ немесе қызғылт мата байлайтынбыз. Ғайыптан сары не қара көбелектердің ұшырасып қалмауынан қатты қорқатынбыз
– Неге?
– Себебі көбелектердің түстері-нің мағынасы бөлек-ті. Сендер мұның бірін де білмейсіңдер ғой. Білмейтіндерің былай тұрсын, өзде-ріңше сенбейсіңдер, сенгілерің де келмейді. Ақ көбелек бақыттың бас-
тауы… қызғылт көбелек болса, денсаулықтың жаршысы… сары көбелек болса, тағдыр тауқыметі… ал қарасы жаманшылық, азап тіпті өлімнің хабаршысы дейтін едік. Ақ көбелек көрсек дереу, бұ жылдың ашық бақытқа толы жақсылықтың жылы деп ырымдайтынбыз… Көктем гүлдерінің құшағына тығылған гүлдер үшін ода оқып жарысатынбыз…
Қарт ана әңгімесін жалғай түсті. Маусымның алғашқы көбелектердің топ-топ легі көрінеді бастады. Тынымсыз, ауа кезген олардың түстері көп нәрседен хабар беретінін айтты: топтанып ұшқан көбелектер түсі ақ болса, о жылы байлық, қызғылт көбелектер тобы молшылық, сары түстілері құрғақшылық, өте сирек кездесетін қызыл түстен топтанған көбелектер тобы қан төгіс, қара түстілері берекесіз өліара кезең болатынын айтып, түсіндіріп жатыр. Үлкен оқиғалардың алдында әйелдер алғашқы көбелектер түсіне жіті мән беріп, көрген-білгенін дереу күйеулеріне айту жазылмаған дәстүр екенін әңгіме қылып отырды. Қара торы сұлу айтылғандарға құлақ аспай, үлкен, қара көзін қарт ананың арқа жағындағы терезеден сәуірдің самалы мен көк аспанына, ашық күн жүзіне көз тігіп, бала арманының жетегінде еді. Сексен жыл бұрынғы әйелдердің өмірлері шынында да бақытқа толы болғандай-ақ.
Жаңа заманның жайлылығын се-зінген сайын, бойжетіп, көзге ілене бастағаннан бұрынғы әйелдердің әдеттерінен, қылықтарынан ұзап, жан дүниесі аласұрып, алай-дүлей күй кешіп, солардың әйелдің талғамына, бақытты ететін көрікті келбеттері өздеріне жалыннан, темірден тұ-сау кигендей әсер береді. Жеке ғиба-датханадай тыныш, үйлеріне түрмеге қамалғандай қамалып, қара жамылғы, қалың орамалдарымен құлазытып, күрсініп, дөрекі, аяусыз кейіптен келбет беретін жамылғылары тұтқынның күйін елестететін. Өтірік пе? Дегенмен де «жетілу» бар жерде тартынуға болмайды. Жетілу дегенің өзгеру, өткенге ұқсамау, олай болмаса өткенге иек артқан әлгіндегі түрік әйелдерінің болмысы бұзылмай, тұнық табиғатын сақтап қала алмас-ты. Үйренуден, сәбиліктен, қорғансыздықтан, биязы да байсалды халінен шығарсақ, еркектерден асып түспесе де, солармен тең адам, иә адам қалпында қалды…

Қарт әжесінің «Қасиетті тарих» әңгімелеріндегі қиялға толы қалықтаған сөздердің құдіреті мұны баурай алмады. Құлағынан бұдан бәлен жыл бұрын құрмет, қошемет, арнаулар, қойылымдар, конференцияларда есімінің еленіп, атағының артқан кезі дүрілдете соғылған ду қол шапалақтың шаттығы мен сиқыры әлі естіліп жатқандай. Ол күндері бақыт бастарынан тая қоймаған дәурен-ді. Мына қара дүрсін құлдықтан азат боп, адамдығы еленер өмір салтына қайта келеріне үміт артады. Үміт… оты ерте сөніп… сөндірілген. Не шара? Арманы аяусыз аяқ асты тапталған…
Ойға батқан, көңілін ағыл-тегіл ақтарғысы келеді, дірілдейді. Алайда… алайда келер күннің атар таңынан жақсылықпен келеріне сене алмайтындай болған ба? Түрік әйелі күні келгенде парасат биігінен алты ғасырлық кездейсоқтығы, бәрін де жайып салған уақытта жаны жадырап, кемелденіп, ақылымен анау еуропалық әйелдердей адамзат алдына шығып, құрмет пен қолдау көріп биіктемесіне кімнің күдігі бар?.. Мына шүкіршілік тағы қанша салтанат құрады екен? Қарт әженің соңы көрінбейтін әңгімелірі жалғасып жатыр. Жас, бидай өңді жас сұлу қиялға берілгені сонша санасындағы сағымдай, ойнаған армандарына көлеңке түсірген сұрақтардың біріне де жауап таппайды. Күліп жіберді. Көбелектерге қарап бал ашу… Мұнысы қызық-ты. Бұрынғы түрік әйелдерінің сенім мен ықыласы қазіргі әйелдердің өміріне әсерін тигізе ма?
Қызығушылығын арттырды. Жат-қан кереуетінен тұрды. Бойын жазды. Бұ уақытта қарт әжей үнсіз отырып қалған-ды.
Қыздың шалт қимылда орнынан тұрғанына таңқала қарады.

– Тыныштық па, қызым, неге тұрдың деп сұрады.
Бидай өңді сұлу қыз: «Бұл көктемде бірде-бір көбелек көрмедім. Өзім көруге соншалық құмартып тұрғаным жоқ, мен сияқты түрік қыздары үшін, барша түрік қыздарының тағдыры үшін көргім келеді» – деп терезеге жақындады. Қарт әжей дір-дір ете, орнынан тұрды. «Көзім соншалықты көрмесе де, мен де сендер үшін көрейін…» – деп ол да терезе жаққа қарай қыбырлай бастады.
Екеуі де терезесін жақтауына сүйенді. Оң жақта құлпырған жас сұлудың келісті келбеті көріктенсе, сол жақта кіп-кішкентай бүкірейген қарт әже. Екеуі де сыртқа көз салған. Тамылжыған табиғат көз шағы-лыстырып тәтті де жылы құбылыс барған сайын ысып барады. Теңіздегі күн сәулесі оны басқа үміттермен ағып кеткен мәңгілік сарқылмас күмістей өзен суына ұқсаттым. Ағаштардың кішкене, қанық жасыл жапырақтары өзегінен, өмірінен үзілердей, жолына аппақ гүлдей кілемдей жайылып жатыр. Қарсы беттегі Тирсе таулары, сүр өскіндер, ақ шаңқай сағымдай менмұндалаған перінің қаласын елестетіп тұр. Үнсіз ғана, қарап отыр. Көзге түсер көбелек жоқ. Жұпар гүлдердің иісіне қонған шыбындар лезде қайта ұшып кетіп жатыр. Ауладағы гүлдерге үстінде ұшқан шыбындар кенет, аяқ асты жоқ боп кетеді. Жанұшыра жалғыз ұшқан шағала қаңқылдап зулап өте шықты. Қайда тұстан екені білінбеген құстардың шақырғаны, шуылдары саһардан бері сіркірей басталып, нөсерлеп құятын жаңбырдай естіліп тұр. Жас қыз бірден қолын жүрегіне қойды да, «ай, ай» деді.
Терезенің жанындағы ағаштың гүлді бұтақтарына қонып ұшқан бір қара көбелекті көрді. Көрсетті. Қарт әже дірілдеген, қуарған саусақтарын алға созып, «Алайда, сенен бұрын анау ақ көбелектерді көрдім» – деп мәрмәр қауыз үстінде ұшып жүрген көбелекті көрсетті.
Бойжеткен о жаққа қарай ауыр көз жіберді.
– Ай әжетайым, сіздің көзіңіздің нұры қайтқалы қай заман?» деді де: «ақ емес, сары, сары көбелек…»
…Анасының көңілін қалың қайғы басты, көзі қарауытты. Құлпыра жайнаған табиғаттың көркі қашты, мәрмәр қауыз жас, тұтқында өлген бір ханшайымның кесенесіне, бақшаның гүлдері отырғызылған жерлер құдды бір өкпе ауруынан қайтыс болған қыздардың шөп басқан қабірлеріне ұқсайды. Кері жүрді. Қайта кереуетіне келді. Қарт әжей де өлімнің хабаршысындай келген сары, қара көбелектер көрінген көктемнен үрейленді, кері бұрылды. Арқасы бүкірейген күйі орындығына доптай дөңгелене жай-ғасты. Бойжеткен қыз қолынан бір тастамаған қаптамалы кітабын қайта ашты, қара, үлкен өлген көбелектей көз алдына көлбеңдеген бұл кітапты біржола жапты. Оқымаған болмысынан, болмайтын іске әуес көбелектердің өтіріктен өсек етпейтініне, бейшара жаңа ұрпақ, қазіргі түрік әйелдерінің күтері жаманшылық, тауқымет, өлім екендігі және өмір бойы қара кебіндерін жырта алмай, оранып-бүркенуден құтыла алмайтынына, үйіндегі бос, төрт қабырғаның арасында елеусіз гүлдей қауызы жарылмай, ашылмай жатып өлетіндей болады… Бұрынғы сенімдердің ықпалы мен әсері соншалық бар түсінігің мен түйсігің, барлық жаратылыс пен ақиқаттан биік көрініп, өзгере еліктеушілігі әлгі қиял азабының күшін әуел баста-ақ быт-шыт етеді. Түсінгенімен мынадай жалған сенім, мұндай қатігездік, қиқарлық, қаскүнемдік бұрынғының бір сәттік басқыншылығы тек түріктерге, тек қана Түркияға ғана емес, басқаларында да бар. Бірнеше апта бұрын Парижге оқуға кеткен бауыры тұратын үйдің табағында әлгілердің оразасына сай ет пен май жемейтіні Парижде отбасылар арасында католик ақымақшылығын, діни құмарлықтың мұндай түрін Суданда шөлде, құмды, шексіз адам жегіштер ортасында да, мұндай адасушылық болмайтынын жазып жіберіпті…
Бірде өзі сияқты жастар, көз алдына бақытқа толы өмір суретін салған аянышты әйелдердің сүйікті жазушысы, үлкенде болса, оғаш жазушының шәкіртіне бәрінің де шегі мен шеті болатынын әңгімелегеннен кейін: «Дегенмен, адамдардың жабайылығында шек жоқ» деген сөзі есіне түсті.
Терезеден сүйгеніне жете алмай бақилық болған жас әрі жігерлі ғашықтың соңғы қоштасудағыдай нәзік, кірпияз сүюіндей самал соғып, топырағы кеппеген моланың үстіне қойылған гүлдердің иісі есіп, бөлменің қараңғы бұрыштарында көрінбес, азалы елестер кезіп жүргендей…
Қарт ананың көзі жұмулы. Мынадай сәтсіз жорамалдың қарияның көрмеген қажуы он бір ұйқысының еміндей әсер етті. Жас қыз… Жас бидай өңді сұлу кітапқа қадала қарағанымен оқымайды, ұзын қолдарын бүлікші кеудесіне басып, ішінен ерініне жеткен жүрек бұлқынысы күшті себепсіз бұлқан-талқан басуға әрекеттеніп бақты.
Бөлме ішін басқан маужыраған тыныштық ескілік пен жаңашылдық арасында түрік әйелдерінің көңілсіз, жұбатуы қабыспайтын екі белгісіндей еді. Біреуі бір ғасыр бұрынғы ұрпақ ақырғы өсиеті тіршілік былай тұрсын өлімге, ессіз қалар естеліктері… ал екіншісі бүгінгі күннің сәт сайын өзгерген нәзік, құмары белгісіз жаңа ашқан гүлі дерсің. Айналып келгенде екеуі де, екеуінің де тағдыры мына жабық, басқа біреу бас сұқпайтын бөлме бұларға ғажайып та, сәнді мазараттай-ды.
Терезенің алдына қонған топ құс, тамылжыта сайрап айналаны ғажап әсемікке бөледі, кейіннен сап тиылды. Қарт ана ұйықтап кетті. Жіңішке, нәзік әрі жағымды қорылы естіліп тұр. Шөпшегі, жас сұлу, әдемі қараторы қыз әлі де өкпелі, қатырған мұздай, кереуетінде қимылдамай ұзыннан түскен күйі жатыр. Кең терезеден тұрақсыз ескен, жұпардың үзіле келген иісі гүлді көктемнің самалының лебімен әлгіндегі қара көбелекті жеткізді. Бұл қап-қара көбелек жай-наған, тылсым табиғаттың, гүлді, ғажап көктем күнінде, қасіреттің, залым, надандықтың қара сәулесін бейнелеп тұрғандай. Көкала гүл жұпарымен жеткен қара сәуле мына кең терезенің алдында жанталасып жатыр. Айналадағы, қаскүнем ортаның, залым арбаулардың іштегі басқыншы мекеннің, сатқын өткеннің, залым сенімсіздіктің тумай жатып өлім құшқан мына тірі өліктерді, олардың соңы көрінбейтін ала-құла марғаулықтарына көз салған сайын, рақат тапқандай, қайда бет алып ұшқаны белгісіз құстардай, аяусыз да күйдіріп өтер шабуылға тап келіп, бар күшімен соңғы тұяқ серпкендей, бар болмысын жаншып тастаған, ашынған, буырқанған оттардай ащы да, ащы айқай салып қояды.

Аударған:

Еркінбек СЕРІКБАЙ

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *