САХНА СЫРЫН ЗЕРДЕЛЕГЕН ҒАЛЫМ
Бақыт НҰРПЕЙІС,
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану докторы, театртанушы. ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Сахнагер – 2017» Ұлттық театр сыйлығының, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» және «Құрмет» орденінің иегері. Қазақстан Театр қайраткерлері одағының, Қазақстан және Халықаралық театр сыншылар Бірлестігінің, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Бағыбек Құндақбайұлы
(1926-2010)
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, білікті театр сыншысы, өнертану докторы, профессор Бағыбек Құндақбайұлы қазақ театртану көшіне 1950 жылдарда келіп қосылған болатын. Сарабдал сыншының шығармашылық жолына зер сала үңілсек, зейнетінен бейнеті мол саладағы өзіндік қолтаңбасының құс жолындай сайрап жатқанына куә боласыз. Ол театртану мамандығы бойынша қазақ топырағында тұңғыш кандидаттық кейін докторлық диссертациясын қорғаған дара тұлғалардың бірі. Ұзақ жылдар бойы Ұлттық ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының «Театртану» бөлімінің меңгерушісі, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Ресей Табиғаттану академиясы Еуразия өнертану бөлімшесінің академигі болды.
Сонау 1955 жылы институттың соңғы курсында диплом жазуға материал жинау үшін Алматыға келген сапарында атақты түрік драматургі Н.Хикметтің «Махаббат туралы аңыз» пьесасы бойынша Академиялық драма театрының сахнасында «Фархад – Шырын» деген атпен қойылған спектакльге жазған оның ең алғашқы мақаласы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде басылды. Сол кезде-ақ көзі қарақты зиялы қауым қойылымның көркемдік ерекшелігін кәсіби тұрғыда талдап берген жас автордың театртанушыға тән зеректігі мен қалам қуатының қарымды екенін байқап үлгерген еді. Жұртшылықтың күткен үлкен үмітін толық ақтап, кейін театртану ғылымы мен сынының тұрақты маманына айналған Б.Құндақбайұлының бірден ел аузына ілігуіне ұстаздарының да ықпалы зор болды. Ол 1950 жылы Ташкенттегі театр және көркемсурет өнері институтының театртану факультетіне түскен кезде орыс театртану ғылымының алыптары, айтулы ғалым-педагогтар М.И.Григорьев, А.М.Эфрос, М.М.Морозов, К.Д.Березин, Я.С.Фельдманның тағдыр айдап сол институтта сабақ беріп жүрген кездері болатын. Атақты театртанушылардың дәрістерін тыңдап, мол тағлым алған Б.Құндақбайұлы олардың білім парасаттары туралы талай рет тамсана айтқан еді. Расында да, театртану ғылымының бар құпиясын үйретіп, сахна өнеріне деген зор қызығушылық пен құштарлық сезімді дарыта алған ұстаздарының сара жолын ұстанған Б.Құндақбайұлы қазақ театрының арғы-бергі тарихын жазуда өндіре де жемісті еңбек етті. Қазақ театртану саласын ғылыми бағытта дамытуда тұрақты қалам тербеді.
Өзінің еңбек жолын Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесінде екі жыл ұстаздық қызмет етуден бастаған Б.Құндақбайұлы одан кейін Қазақтың жасөспірімдер мен балалар театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болды. Бұл кезде ойлы да тұжырымды сын-мақалаларды өндіре жазып, мерзімді баспасөз беттеріне жиі жариялады. 1958 жылы Ұлттық Ғылым акдемиясының әдебиет және өнер институтының «Театр және кино өнері» бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа кіреді. 1961-1963 жылдар аралығында Луначарский атындағы ГИТИС-тің аспирантурасын профессор Г.И.Гоян мен Н.И.Львовтың жетекшілігімен бітіріп шығады.
Қазақтың театртану ғылымын кәсіби тұрғыда дамыту ісіне орасан зор еңбек сіңірген Бағыбек Құндақбайұлының қаламынан көптеген ғылыми еңбектер туды. Атап айтқанда, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 40, 50, 60 жылдық тарихына арнап жазған кітаптары, Мәскеу қаласынан жарық көрген 6 томдық «История советского драматического театра» (қазақ театрына қатысты тараулары 1966-1971), «Режиссер және спектакль» (1971), «Путь театра» (1974), «Уақыт және театр» (1981), «Мұхтар Әуезов және театр» (1997), «Заман және театр өнері» (2001 ж.), «Қазақ әдебиетінің тарихы» (2003-2005), «Театр туралы толғаныстар» (2006), «Қазақ сахна өнері. Тәуелсіздік кезеңі» (2009), т.б. жеке авторлық және ұжымдық монографияларда ұлттық театр өнерінің келелі мәселелерін жан-жақты қарастырған.
Қазақ театрының бүге-шүгесін жіліктің майын шаққандай түбегейлі зерттеген театр тарихшысының қаламынан туған аталмыш еңбектерде ұлттық театрымыздың туу, қалыптасу және өркендеу кезеңдерінің бәрі толық қамтылған. Атап айтсақ, М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театрының (қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры) жарты ғасырлық даму белестері мен шығармашылық келбеті орыс тілінде жарық көрген «Путь театра» деп аталатын кітабында айқын ашылған. Б.Құндақбайұлы алдыңғы буын театртанушылардың зерттеу нысаналарына ілінбей қалған маңызды мәселелердің бәрін қозғап, салмақты пайымдаулар жасаған.
Білікті ғалым «Уақыт және театр» деп аталатын кітабына әр жылдарда жазған мақала-зерттеулері мен көрнекті өнер қайраткерлерінің шығармашылық порттреттерін енгізген. Бұл кітап «Дәуір тынысы», «Театр және режиссура», «Облыстық театрлар», «Сахна суреткерлері», «Спектакльдер» деп аталатын бес бөлімнен тұрады.
Кітаптың «Дәуір тынысы» атты алғашқы бөлімі «Мұхтар Әуезов және қазақ театры» деген зерттеу еңбегінен басталады. Ол қазақтың ұлттық театр өнерінің дүниеге келуі мен қалыптасуына, кәсіби тұрғыда дамуына зор үлес қосқан ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтың сонау Семей қаласында 1915 жылдың 13 ақпанында өткізілген ойын-сауықтың басы-қасында болып, ұйымдастырушылардың бірі болғанын нақты деректерге сүйене отырып жазған. Автор «Біржан – Сара» қойылымы туралы «Айқап» журналында жарияланған мақаланы тілге тиек етіп, сол уақыт үшін бұл қойылымның қызғылықты болғанын атап өткен. (Қойылым режиссері Жүсіпбек Аймауытов болғанын біле тұра кеңестік идеологияның қыспағына байланысты оның есімін атамаған.)
Ең бастысы, сол кезде Семей қаласында білім алып жүрген қазақ жастары татар труппаларынан үлгі ала отырып, халық жырлары мен ақындар айтысын сахнаға бейімдеп қоя бастағанын және осының нәтижесінде М.Әуезовтің драматургия жанрына қалам тартып 1917 жылы «Еңлік – Кебек» пьесасын жазуына ықпал еткенін баса айтқан.
Б.Құндақбайұлы бұл зерттеуінде М.Әуезовтің театрмен шығармашылық байланысын үш бағытта қарастырған. Яғни, біріншісі – драматургия, екіншісі – театр туралы жазған ғылыми мақалалары, үшіншісі – аудармалары.
Театртанушы ғалым М.Әуезовтың драматургия жанрына келуінің түп төркінін Семей қаласында ұйымдастырылған ойын-сауықтармен тығыз байланыста болғанын жақсы ашқан. Соның ішінде белсенді жұмыс жасаған «Ес-аймақ» үйірмесінде драматургтің «Ел ағасы» (1921), «Еңлік – Кебек» (1922) пьесалары кәсіби театр ашылғанға дейін көрсетіліп жүрген. Пьеса сахнаға қойылған сайын драматургтің ерінбей-жалықпай өзгертулер енгізгенін Б.Құндақбайұлы былайша жазған: «…«Еңлік – Кебектің» 1917 жылғы нұсқасы қандай екенін ешкім білмейді, қолжазба бізге жеткен жоқ. Әдебиет тарихына, драматургия мәселесіне байланысты жазылған барлық ғылыми еңбектерінде пьеса туралы нақты сол жарияланған 1922 жылғы нұсқасынан басталады»,-деп [1,12 б.] ғылыми тұжырым жасаған. Ғалым өзіне дейін жазылған еңбектерді мұқият зерттеп, «Еңлік – Кебек» трагедиясының 1922 жылы әдеби редакциялауға ұшырап, біраз қысқартулар жасалғанын салыстырмалы талдаған.
М.Әуезов өзінің сахна өнері жайындағы ойларын, пікірлерін, эстетикалық көзқарастарын Қазақтың мемлекеттік театры құрылғаннан кейін жазып бастағанына автор кеңінен тоқтаған. Жазушының «Жалпы театр өнері мен қазақ театры» деген алғашқы көлемді мақаласы 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің ақпан айындағы санында жарық көрген. Б.Құндақбайұлы осы мақаланы талдап, М.Әуезовтың халық өнерінің мол қазынасын толық қамтып, қазақ театрының қалыптасуы мен дамуының шығармашылық ерекшеліктерін ашып бергенін таратып жазған. Сол сияқты жазушының қазақ актерлерінің шеберліктері туралы бірқатар мақалаларында театр зерттеушісіне тән қабілетін бөліп айтқан. Сыншының пайымдауынша: «М.Әуезов қазақ актерлерінің шығармашылық болмысындағы ақындық шабыт, импровизация, интуиция арқылы келген ірі жетістіктермен бірге, сол үлкен еңбек пен өнер нәтижесінің терең ой, психологиялық толғаныс жолымен саналы түрде келуінің қажеттілігін ескертеді»,-деп [1, 18 б.] тура бағалаған. Шынымен де, М.Әуезов қазақ театрының шаңырағын көтерген ата буын актерлеріміз Қалыбек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Серке (Сералы) Қожамқұлов, Әбікей Абдуллин сынды т.б. өнер шеберлерінің актерлік даралықтарын терең талдаған. Ұлы жазушы сол кездегі әрбір жаңа қойылымды, жеке актерлердің өнерін қалт жібермей көріп, жетістіктері мен олқы тұстарын үнемі жазып отырған. Ол актерлердің табиғи талантын бағалаумен бірге, олардан көп ойлануды, ізденуді талап еткен.
Б.Құндақбайұлы қазақ драматургиясы мен театрын дамытудағы М.Әуезовтың шығармашылық қызметінің ешуақытта да ұлттық шеңбермен шектелмегенін баса айтқан. Әсіресе, қазақ сахнасында аударма пьесалар қою арқылы репертуар қорын молайтып, актер шеберлігі мен режиссура өнерін жетілдіруге болатынын көрсетіп берген М.Әуезов әлемдік классикадан Шекспирдің «Отелло», «Асауға тұсау» және орыс кеңес пьесаларын В.Киршонның «Астық», К.Треневтің «Любовь Яровая», Н.Погодиннің «Менің досым», «Ақсүйектер», «Мылтықты адам» т.б. ана тілімізге аударып қазақ театрын тағы бір белеске көтергенін ерекше бағалаған. Сол арқылы театр қайраткерлерін өзге ұлттардың драматургиясын меңгеруге шақырып, шығармашылық байланыстарды күшейтуге өзі тұтқа болғанын бөліп айтқан.
Бір сөзбен түйіндегенде Б.Құндақбайұлы қазақ театр өнерінің өсу-өркендеуіне М.Әуезовтың сіңірген еңбегін тұтас қамтып, жан-жақты талдаулар жасап дәлелдеген.
Автор «Уақыт және режиссура» деп аталатын келесі мақаласында уақыт талабына байланысты театр өнерінің бейнелеу құралдарының да өзгеріске ұшырап, жаңғырып отыруы заңдылық екенін түсіндіруден бастаған. Сыншы көптеген театрлардың репертуарын саралай отырып, жаңа тақырыпқа жазылған пьесалардың сахнаға қайта қойылуының сирек екенін анықтаған. Ал еліміздің белгілі бір даму белестері, халқымыздың қаһармандық-төңкерістік күрестерін, ұлы тұлғалардың өмір жолын баяндайтын шығармалар қайта-қайта сахнаға оралып отыратынын нақты спектальдер негізінде талдаған. Театртанушының тұжырымдауында: «Ұлттық мәдениетіміздің тарихынан берік орын алған «Еңлік–Кебек»,«Қарагөз», «Айман–Шолпан», «Қобыланды», «Абай», «Ақан сері–Ақтоқты», «Қозы Көрпеш–Баян сұлу»,«Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Біржан–Сара» сияқты классикалық шығармалардың уақыт өткен сайын репертуарға, театр сахнасына қайта оралып отыруы, ең алдымен олардың өмір болмысының ескірмейтін философиялық, әлеуметтік маңызды мәселелерді бейнелеуіне байланысты [1 38 б.]. Ол ары қарата қазақ сахна өнерінің дамып, қалыптасуына тікелей ықпал жасаған бұл туындылардың көрермен қауымға берер эстетикалық рухани азығы мол болғандықтан да, мұндай шығармаларды сахнаға шығаруда әрбір театрдың жауапкершілікпен қарауға міндетті екенін тарқатып жазған. Аталған пьесалардың тағдыры режиссерлік шешімге тікелей байланысты екенін М.Әуезов атындағы академиялық драма театры, Қазақтың балалар мен жасөспірімдер театры, Қарағанды қазақ драма театры қойылымдарының мысалында келелі ойларымен бөліскен. Ол: «Кейбір спектакльдерді көріп отырып режиссураға актерлерден сахнада адам өмірінің ерекшелігін, рухани негізін талап етпей ме деп ойлайсың. Адам өмірінің ерекшелігін ашу театр өнерінің мақсаты ғой. Әр бағыттағы режиссерлердің тоғысатын жері де осы. Бұл творчестволық мақсаттың жүзеге толық аспауы актерлік өнердің дамуына кедергі болып жүр»,-деген [1, 46 б.] ойлары бүгінгі күнмен де өзектесіп жатыр.
Б.Құндақбайұлы осы бөлімде көтерілген мәселелерді кітаптың «Спектакль және режиссерлік тұжырым» деген мақаласында жалғастырған. Спектакльдің көркемдік тұтастығына, идеялық өткірлігіне жауап беретін басты тұлға режиссер болғандықтан да, оның пьеса таңдауынан бастап, актерлермен жұмыс жасау кезеңдеріне тоқталған. Театр зерттеушісі ұлттық классикалық пьесалар мен аударма шығармаларды қойған кезде режиссерлер тарапынан көп жіберілетін олқылықтарды ашық айтқан. Оған М.Әуезов атындағы академиялық драма театры сахнасына А.Л.Мадиевский қойған «Қарагөз» спектаклінің режиссурасы дәлел болады. Сыншы: «Той үстінде айтылатын «Беташар», «Жар-жар» да өзінің көркемдік деңгейіне жетпеген. Шығарманың тартысын шиеленістіріп, екі жақты қырғи қабақтыққа әкелетін осы той үстіндегі «Жар-жар» мен «Беташар» емес пе? Спектакльде «Беташар» қысқартылып, «Жар-жар» ажарсыз айтылғандықтан, трагедияның ең бір түйінді жері лайықты шешім таппаған»,-деп [1, 52 б.] пьесаның көркемдік мазмұнын ашатын осы сахнаның режиссер тарапынан дұрыс шешілмегенін сынаған. Сол сияқты аталмыш театр сахнасына тағы да А.Л.Мадиевский режиссурасымен қойылған А.С.Пушкиннің «Шағын трагедияларының» сәтсіздікке ұшырау себебін тура көрсеткен. «Сонау ХІХ ғасырдың басында жазылған шығармамен бүгінгі көрушілерге режиссер не айтқысы келеді? Өзінің алғашқы сапарында театрдың әлі келмеген трагедияны қайта қойып, актер труппасының өскенін байқауға алынған экперимент пе?… Біздің сахнамыздағы «Шағын трагедиялар» үлкен көркемдік деңгейге көтерілмеген шала шыққан дүние. Рас жекелеген актерлік жетістіктер бар»,-деген [1, 55 б.]. Бұл спектакльде режиссерлік ой-жүйенің тапқырлығы көрінбегенін, құр мазмұнды баяндаудан аса алмағанын жасырмаған. Б.Құндақбайұлы классикалық шығармаларды сахнаға қою үшін режиссер тарапынан мол дайындықпен қоса, режиссерлік ой-қиял, көркемдік тапқырлық қажеттігіне көңіл аудартқан. Ол: «Спектакльдің көркемдік тұтастығына, идеялық өткірлігіне жауап беретін басты тұлға режиссер. Режиссура жоғары принциптік көркем дәрежеде болғанда ғана спектакльде бәрі де – автор да, актер де, суретші де, композитор да творчестволық жеңіске жетпек, сонда ғана кезеңдік спектакль тумақ», -деп [1, 59 б.] ойын тұжырымдаған. Сыншының сонау 1965 жылы жазылған осы ойлары дәл қазіргі күні де сол қалпынша қалып отыр. Шынымен де, күрделі классикалық шығармаларды сахнаға қою режиссерден мол дайындықты ғана емес, ең бастысы сол пьеса арқылы бүгінгі көрерменге қандай ойды жеткізу маңызды екендін анықтау жетіспей жататыны үнемі айтылып жүр.
Б.Құндақбайұлының «Спектакльдің көркемдік тұтастығы» деген мақаласы да жеңіл оқылып, көтерген мәселесінің өзектілігімен бірден баурап әкетеді. Мұнда белгілі суреткерлер Әзірбайжан Мәмбетов, Бәйтен Омаров режиссурасымен қойылған спектакльдер талдау нысанына алынып, қойылымның сахналық ансамбльдік тұтас көркем шығарма болып шығуы негізінен режиссер жұмысының байыптылығына, оның шығармашылық мүмкіншілігіне, кәсіби дайындығы мен білім шеңберінің дәрежесіне тікелей байланысты екендігі жазылған. Театр сыншысы Б.Омаровтың Семей қазақ музыкалық драма театры сахнасында қойған К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші» қойылымындағы актерлермен жұмысын, шығарманы зерттеудегі ерекшелігін және қойылымның тұтастығын сақтаудағы кәсібилігін жоғары бағалаған.
Осы мақалада М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театрына Ә.Мәмбетов қойған Қ.Мұхамеджановтың «Құдағи келіпті», «Бөлтірік бөрік астында» қойылымдарын талдай келіп: «Қ.Мұхамеджановтың «Құдағи келіпті» деген соңғы пьесасының режиссерлік шешімі келісті табылыпты. Режиссер Ә.Мәмбетов комедияның ерекшелігін жете түсініп, оның кем-кетігін творчестволық қиялмен жымдастырып жіберген», — деп [1, 66.] бағалады. Сыншының қырағы көзі Ә.Мәмбетовтың әрбір шығарманың жанрына, көркемдік ерекшелігіне қарай қазақ театрларының тәжірибесінде бұрын-соңды сирек кездесетін шарттылыққа молырақ арқа сүйегенін тура байқап, қолдау көрсеткен.
Бұдан басқа аталмыш мақаласында режиссер мен драматург арасындағы шығармашылық қарым-қатынасқа, пьесаны өңдеу үрдісінде режиссердің автор идеясынан алыстамауы туралы келелі ойларын ортаға салған. Ең бастысы, режиссура мәселесін орынды қозғап, мамандарды даярлауға көңіл бөлуге мән берген.
«Репертуар және сахналық шешім» деген келесі мақаласында репертуар жұтаңдығынан құтылудың нақты жолдарын ұсынған. Біріншісі – төл туындылардың сапасын жақсарту, екіншісі – Одақ көлемінде ең озық шығармаларды аударып, сахнаға қою. Репертуар – театрдың келбетін танытатын болса, актер келбетін роль танытатындығына да кеңінен тоқталған. Репертуар жұтаңдығынан ұзақ уақыт роль ойнамайтын актерлердің біртіндеп шеберліктерінің босаңсып, шығармашылық қызулықтарының бәсеңдейтінін де жанашырлықпен жазған. Театр репертуарының ойдағыдай болмауына режиссерлердің жетіспей жатуы да үлкен кедергі келтіріп отырғанын және режиссер мамандарын даярлауға мемлекеттік тұрғыдан көңіл бөлу қажеттігін атап өткен.
Б.Құндақбайұлы «Классикалық шығармалар және оның бүгінгі қойылымы» деген зерттеуінде қазақ театр өнерінің дамып, қалыптасуына ұйтқы болған «Еңлік – Кебек», «Қарагөз», «Абай», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақан сері – Ақтоқты» т.б. пьесаларды меңгерудің үш кезеңін анықтап берген. «Біріншісі – тұңғыш ұлттық театрымыз ашылған уақыттан Ұлы Отан соғысына дейінгі кезең. Бұл тұста сахнаға шыққан «Еңлік – Кебек», «Қарагөз», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», спектакльдері негізінен тұрмыс-салттық драмалар үлгісінде қойылды», — деп [1, 78.] бірнеше қойылымдарды мысалға келтіріп талдаған. Екінші кезеңге 1941-1962 жылдар арасын жатқызған. «Мұнда енді жалаң натурализм жоқ, тарихи болмысқа байланысты халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, сахналық жабдықтар, киім үлгілері этнографиялық дәлдікпен көркем бейнеленген. Олар пьесаның мазмұнын, ұлттық ерекшелігін, кейіпкерлер өмір сүрген орта көрінісін, заман келбетін ашуға бағытталған. Шығармадан тыс, пьесаның ерекшелігінен бөлек режиссерлік шешімдер бұл спектакльдерде болмайтын»,-деп анықтама берген [1, 79 б.]. Бұдан ары: «Классикалық шығармаларды меңгерудің үшінші кезеңі – 1962 жылы қойылған «Абай» трагедиясынан басталады. Бұл спектакль өзінің режиссерлік шешімі, сахналық құрылысы мен мен көркемделуі, актерлік орындаушылығы жағынан сонау 1940 жылғы «Абайдан» мүлдем бөлек. Режиссер Ә.Мәмбетов тұрмыс-салттық элементтерден, этнографиялық дәлдіктен мүлдем бас тартып, трагедияны ұтымды табылған тұтас сахналық әдіс арқылы шартты түрде шешеді»,-деген [1, 80-81.]. Б.Құндақбайұлының бұл мақаласында уақыт көші алға жылжыған сайын ұлттық классиканы қоюдың режиссурадағы жаңа шешімдерін салыстырмалы түрде талдауымен құнды демекпіз.
Білгір театртанушының «Облыстық театрлардағы режиссура жайы» және «Өнер белесі» деген мақалаларында кең байтақ Қазақстанның алыс аймақтарында жатқан облыстық театрлардың репертуар саясатына, режиссурасы мен актерлік ойындарына қатысты құнды пікірлері бар. Сыншының зерттеулерінен әр ұжымның өзіне тән шығармашылық келбеті мен бағыт-бағдарын аңғаруға болады. Ол театрдың өзара ерекшеліктерін оның репертуарынан, қойған спектакльдерінің көркемдік сапасынан, актерлік-режиссерлік өнерінің дәрежесін анықтау арқылы ашқан. Спектакльдерді талдау барысында драматургия мәселесін де үнемі көтеріп отырған.
Кітаптың «Облыстық театрлар» деген үшінші бөлімінде Семей, Жамбыл, Қызылорда, Торғай, Талдықорған театрларының құрылуынан бастап даму кезеңдері тұтас қамтылған.
Бағыбек Құндақбайұлы Абай атындағы қазақ драма театры (Семей қаласы) туралы зерттеу еңбегінде: «Көркем үйірмелердің көбеюі мен олардың творчестволық жұмыстарының профессионалдық бағыт алуына 1920 жылы Семейде тұңғыш ашылған А.В.Луначарский атындағы қалалық орыс драма театры үлкен ықпал жасайды. Атап айтқанда, үйірмеге қатысушылар декорация жасау, парик, грим, бутафор сияқты өздерінің ойын-сауықтары мен спектакльдерінде бұрын-соңды қолданбаған сахна компоненттерінмен алғашқы рет осы театрда танысады. Орыс режиссерлері мен актерлері қазақ, татар, труппасының жұмысына көңіл бөліп, жәрдемдесіп отырған. Ең аяғы өздерінің репертуарлық жоспарына аракідік қазақ спектакльдерін енгізіп, театр сахнасына қойылуға көмектескен. Кейін орыс театры басқа қалаға ауысып оның үйі, барлық жабдықтары, сахналық құрал-саймандары 1934 жылы ашылған Мемлекеттік қазақ театрына беріледі. Мұның барлығы жас театрға кезінде таптырмайтын үлкен көмек еді», — деп [1, 122] жаңадан құрылған Семей театрының сахналық жабдықтау техникасы сол мезгілдегі облыстық театрлармен салыстырғанда әжептәуір жақсы жағдайда болғанын бөліп айтқан. Біз Б.Құдақбайұлының бұл еңбегінен театрды ұйымдастырып, актерлер құрамын іріктеуге шығармашылық көмек көрсетіп бағыт-бағдар берген белгілі өнер қайраткері Жұмат Шанин болғанын және оның «Ес-аймақ» труппасының белсенді мүшелерінің бірі Ғалиакпар Төребаевты режиссерлік жұмысқа баулып, сахна өнерін меңгеруіне мол ықпал еткені туралы мол мағлұматтар аламыз.
Б.Құндақбайұлы бұл театрда әр жылдарда қызмет еткен Л.В.Леонов, Ә.Матыбаев, Б.Омаров т.б. режиссерлердің жұмыстарын кеңінен қамтып, түбегейлі зерттеген.
Театртанушы ғалым Жамбыл, Қызылорда, Торғай, Талдықорған театрлары туралы жазған зерттеулерінде де әр театрдың шығармашылық өсу жолдарынайқын ашқан. Ол театрдың іргетасын қалаған актерлерден бастап, театр репертурынан орын алып, сахнада жүріп жатқан пьесалардың көркемдік ерекшеліктерін, режиссурадағы жетістіктер мен олқылықтарды кәсіби талдап, өз көзқарасын ашық білдірген.
Кітаптың «Сахна суреткерлері» деген бөлімінде Шахмет Құсайынов, Әлжаппар Әбішев, Әбділда Тәжібаев, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджанов, Қажықұмар Қуандықов, Әзірбайжан Мәмбетов, Қалыбек Қуанышбаев, Шәріпбай Сәкиев, Тұратай Иісова, Ғабдолла Сүлейменов сынды өнер қайраткерлеріне шығармашылық портреттер жазған.
Осы бөлімде драматургтердің пьеса жазу стильдері мен сан қилы бейнелер жасаудағы өзіндік ерекшеліктеріне, шығарманың тәрбиелік мәніне ғылыми-эстетикалық тұрғыда баға берген. Оның ішінде кейіпкер тілі, драманың композициялық құрылысы, тартыс құру, оқиғаны өрбітудегі шеберліктерін дөп басқан. Мысалы Т.Ахтанов туралы жазған мақаласында драматургтің 1978 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Ана дауысы» деген пьесалар жинағына енген «Сәуле», «Боран», «Күтпеген кездесу», «Махаббат мұңы», «Әке мен бала», «Күшік күйеу» пьесаларының көркемдік ерекшеліктеріне тоқталған. Қаламы қарымды, батыл ойлы суреткердің көбінесе бүгінгі заман тақырыбын жазуды алдына мақсат етіп қойғандықтан да, оның пьесаларының басым бөлігі өзі өмір сүрген қоғамның өзекті мәселелеріне арналып жазылғанын ерекше атап өткен. Өмір болмысының әлеуметтік келбетін ашу, кейіпкерлердің рухани ой-өрісіне үңіліп, мінез ерекшеліктеріне ден қою драматург шеберлігін танытатын басты қасиет екенін әрбір пьесасын талдай отырып жазған. Б.Құндақбайұлы: «Әрбір пьесасына мол дайындық, нақты да терең ой-тұжырыммен келетін драматург жанр мен сахна сырына қанық, ерекшелігіне жетік. Сондықтан Т.Ахтановтың пьесалары өмір болмысының актуальды мәселелерін шынайы көркемдікпен бейнелеумен бірге үнемі дәуір тынысын дәл басып, уақыт талабына жауап беретін өзіндік ерекшелігімен дараланады. Ол бүгінгі қазақ драматургиясындағы психологиялық деп аталатын бағытты бағдарлап, соны қалыптастырып дамытудың көш бастаушыларының бірі болып келе жатқан драматург», — деп [1, 229 б.] үлкен баға берген.
Кеңестер одағының драматургиясында «тартыссыздық теориясы» үстемдік құрып тұрған жылдары жазылған «Сәуле» пьесасында колхозды көркейту жолында бірінші басшы Сырдақ мал басын көбейтуді ұсынады. Сәуле болса малшы тұрмысын жақсартудың заманға лайық жаңа тәсілдерін алға тартады. Тартыс ескі мен жаңа күштердің арасында өтсе де, автор пьеса қаһармандарына терең ой, ішкі драматизм бере алған. Сырдақ пьесаның соңына дейін Сәулемен ұстасып, билікті қолынан бермей өзінің айтқанын жасайды. Автор Сәуленің жаңашылдық қасиетін, азаматтық бейнесін Сырдақпен пікір бөлісетін сәттерде ашып отырған. Бұл туралы Б.Құндақбайұлы: «Ол өмірдегі жаңалық нышанын тап басып тану нәтижесінде әлеуметтік күрделі құбылыстардың сырын дұрыс ашып, қым-қиғаш өмір ағымынан бүгінгі заманның бағыт-бағдарын жіті аңғарды. Сөйтіп, ұлы дүбірге үн қосып, еліміздің тыныс-тірлігіне әсер ететін оқиғаларды көре біліп, соларды шеберлікпен суреттеді», — деп [1, 229 б.] драматургтің заман талап еткен тақырыпқа үн қатуынан бөлек, адам тағдырын шиеленіскен тартыс үстінде суреттеген шеберлігін көре білген. Сонымен қоса, Т.Ахтанов пьесаларының бірнеше буын актерлер мен режиссерлердің шеберліктерін ұштауға үлкен баспалдақ болып, актерлер шығармашылығына тың тыныс пен мол табыстар әкелудегі ролін де жоғары бағалаған.
Б.Құндақбайұлы осы бөлімде Ш.Құсайынов, Ә.Әбішев, Ә.Тәжібаев, Қ.Мұхамеджанов пьесаларының қазақ театрының сахналық шежіресін жасауға аса зор ықпал еткенін жазған. Ол әрқайсысының драматургия жанрына келіп қосылған алғашқы жұмыстарынан бастап, кемелдену, толысу жылдарында дүниеге келген ірі жұмыстарын толық қарастырған.
Қазақ театр өнерін зерттеу мен сынына мол үлес қосқан театр сыншысы Мәскеудің А.В.Луначарский атындағы театр өнері институтын бітірген Қажықұмар Қуандықовтың театртану ғылымындағы орнын «Тұңғыш ұлт театры», «Серке Қожамқұлов», «Театрда туған ойлар» атты кітаптарының негізінде жазған. Сол арқылы Қ.Қуандықовтың сахнадағы күрделі театрлық құбылыстарды кәсіби тұрғыда тура талдап, қойылымды көрудегі қабілетін аса жоғары бағалаған.
Автор Қ.Қуандықовтың актерлік шеберлік пен режиссура өнеріне арналған еңбектерінде қазақ актерлерінің халық өнерінен сусындап, сахналық шеберліктің күрделі белестерінен өту үрдісін жан-жақты талдаулар арқылы негіздеп шебер жазатын қасиетін ерекше атап өткен. Оның қаламынан туған Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, Ш.Айманов, С.Қожамқұлов, Қ.Жандарбеков, К.Қармысов, Қ.Бадыров, т.б. көптеген актерлердің даралықтарын дөп басып жазған еңбектері қазақ театр тарихы үшін таптырмайтын құнды дүние болып қалғанын да баса айтқан.
Сол сияқты Қ.Қуандықов еңбектерінде қазақ режиссура өнерінің туып, қалыптасуы да кеңінен сөз болғанына тоқталған. Сонымен қоса әлем және орыс кеңес драматаургиясы мен режиссурасының озық үлгілерін, ірі жетістіктерін меңгеру қажеттігі туралы «Өз сахнамызда» (Шекспирдің 400 жылдығына арналған), «Көркем сөз зергері» (А.П.Чехов туралы), «Кіші театр», «Станиславский мұрасы», «Станиславский және қазақ театры» сынды көлемді мақалаларында орынды қозғағанын да қолдаған.
Б.Құндақбайұлы Қ.Қуандықовтың талантты театр сыншысы болумен бірге, пьесаны жақсы тәржімалайтын шебер аудармашы болғанын да назарынан тыс қалдырмаған. Оның соңына қалдырған рухани мұрасы арнайы зерттеуді қажет ететіндігін де еске салған. Шынымен де, қазақ театртану ғылымының биік тұғырға көтерілуіне сүбелі үлес қосқан Қ.Қуандықовтың ғылыми-теориялық еңбектерін мол қазына деп білеміз. Алмас қылыштай жалтылдап, шындықты бетке айтқан өткір тілді сыншының әрбір зерттеуі қазақ театр шежіресін байытып, арнасын кеңейтті. Сондықтан да, сыншының театр өнерін зерттеудегі жанкешті еңбегі алдағы уақытта кеңінен қарастырылатына күмән келтірмейміз.
Қазақ театр өнерінің жаңа бағытта дамуына айрықша еңбек сіңірген Ә.Мәмбетов туралы Б.Құндақбайұлы жазған мақаладан сыншының нәзік талғамы мен кәсіби тереңдігі көрініп тұр. Оның: «Болашақ спектакльдің пластикалық бейнесі, көркемдік бояуы, идеялық нысанасы режиссерлік ой-тұжырымда пісіп жетіледі десек, Ә.Мәмбетов бұл жағынан үлгі тұтарлық көрегендік танытты. Ұзақ іздену, толғану мен ойлану нәтижесінде спектакльдің сахналық түрін дәл тапты. Оның көркемдік ойлау ағымы спектакльді кең тынысты халықтық трагедия үлгісінде шешуге әкелді және өзінің режиссерлік мақсатын толық жүзеге асыруға музыканы, сахналық көркемдеуді, тіпті жарық, шуылды да ұтымды пайдаланып, барлығын шығарманың идеясын ашуға шебер бағыттай білді»,-деп [1, 244-245.] режиссердің жаңашылдығын «Қан мен тер» (Ә.Нұрпейісов), «Қобыланды» (М.Әуезов), «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» (Ғ.Мүсірепов), «Анархан» (А.Садыров, Ж.Асимов) спектакльдерін талдау барысында ашқан.
Б.Құндақбайұлы театр өнерінің басты тұлғасы актер жайында, олар жасаған бейнелер туралы да жалықпай жазған. Оның Қ.Қуанышбаев, Ш.Сәкиев, Т.Иісова, Ғ.Сүлейменов туралы мақалаларында актерлердің даралықтары мен ізденіс жолдары олар сомдаған нақты бейнелерді талдау арқылы жүзеге асқан. Драматургияның трагедия, драма, комедия, водевиль жанрларының ерекшеліктеріне сай сахнада сан түрленіп келісті бейнелер жасаудағы шеберлік сырларын қайталанбастай етіп суреттеген.
Кітаптың «Дәуір тынысы, замандас бейнесі» деп аталатын соңғы бөлімінде өзінің атына сай замандастар өмірінен сыр шертетін қойылымдар туралы жазылған. Дәлірек айтқанда, өткен ғасырдың 1960-1970 жылдары театр репертуарынан ерекше орын алған Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы», (реж. В.Пұсырманов, Балалар мен жасөспірімдер театры), М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылған Т.Ахтановтың «Күтпеген кездесу» (реж. Ә.Мәмбетов), Ш.Құсайыновтың «Қилы-қилы тағдырлар» (реж.Қ.Жетпісбаев), Ш.Айтматов пен Қ.Мұхамеджановтың «Көктебедегі кездесу» (реж. Ә.Мәмбетов) т.б. спектакльдерді талдау барысында уақыт талабы тудырған, белгілі бір кезең толғантқан мәселелердің дер кезінде сахнадан көрсетілуін терең сараптаған.
Сонымен, Б.Құндақбайұлының «Уақыт және театр» деген кітабынан ұлттық өнеріміздің өткен тарихын, алғашқы адымдары мен бүгінгі таңдағы қол жеткізген табыстарын, актерлік, режиссерлік ізденістерді, қазақ сахнасында қойылған спектакльдердің көркемдік шешімдері туралы мол мағлұматтар алуға болады. Сонымен бірге облыстық қазақ драма театрларының хал-ахуалы, кезеңдік спектакльдері, режиссурадағы бағыт-бағдары мен актерлік жетістіктері жайындағы зерттеулері ғылыми тереңдігімен ерекшеленеді.
***
Сарабдал сыншының «Заман және театр өнері» деген кітабы «Таланттар тобынан», «Фестивальдан фестивальға дейін», «Ізденіс көкжиегі», «Облыстық қазақ театрлары» деп аталатын төрт бөлімнен тұрады.
Б.Құндақбайұлы театр өнерін сырттай бақылаушы емес, оның дамуына, тарихын дұрыс жазылуына атсалысқан үлкен жанашыр еді. Кешегі ғылым мен ілім бір ғана идеологияға бағындырылып, саяси өлшемнен қаралған кеңес дәуірі кезінде ұлттық театрымыздың ірге тасын қаласқан азаматтардың есімдерін атауға тиым салынғаны белгілі. Соған қарамастан өзінен де, өзгеден де шындықты талап ететін әділ сыншы «Қазақ театр тарихының» бірінші томына енген «Тұңғыш талпыну», «Театр туғанда» деген тарауларда өз пікірін бүкпесіз білдірді. Бірақ заманның ызғары театртанушы ғалымға олардың атын ашық айтқызған жоқ. Тек жариялылықтың отты лебі ескеннен кейін ғана театр шежіресі қайта қарала бастады. Осы тұста Б.Құндақбайұлы ұлттық драматургиямыздың сүрлеуін салушысы тума дарын Ж.Аймауытұлының өмірі мен өнердегі орны туралы бұрыннан жиған құнды деректерін жариялады. Оның тартымды да шұрайлы тілмен жазылған «Жүсіпбек Аймауытов және театр өнері» деген көлемді зерттеуі «Шернияз» деген кітапқа кіріспе болып басылды. Автор өз кезеңінің өмір шындығын бүкпесіз дәл суреттеген драматург пьесаларының ерекшеліктері мен аудармашылық шеберлігін сөз еткен. Ең бастысы Ж.Айтмауытұлының театрды ұйымдастыруға белсене араласқанын және 1914 жылдан бастап режиссурамен алғаш айналысқан тұлғалардың бірі болғанын нақты деректерге сүйене отырып дәлелдеп берді. Ол жазушының әншілік, композиторлық қасиеттерінің зерттелмей жатқанына қынжыла отырып, алдағы уақытта мұнымен арнайы мамандар шұғылданса деген игі тілегін де білдірген. Б.Құндақбайұлы осы зерттеуін «Заман және театр» өнері кітабының «Таланттар тобынан» деген алғашқы тарауына енгізген.
Ғалымның Ж.Аймауытов туралы зерттеуінде оның драматургтік даралығы бүге-шүгесіне дейін талданған. Ол: «Ж.Аймауытов ауыз әдебиеті мен фольклорды, қиссаларды жетік біле отырып, көне дәуірді бейнелейтін бір де бір пьеса жазбаған, пьесаларын, тұтас алып қарағанда, барлығы да өз кезеңінің, бүгінгі күннің болмысын суреттейтін шығармалар. Және де басқа драматургтердің дүниелеріне ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктері айқын. Оның барлық пьесалары шымылдығының ашылуы жеке кейіпкерлердің психологиялық толғанысынан бастау алады»,-деп [2, 20-21бб.] осы айтқандарын «Рәбиға», «Ел қорғаны», «Қанапия мен Шәрбану», «Мансапқорлар» пьесаларына тән екендігін жазған. Бұдан ары қарата осы аталған шығармалардың композициялық құрылымын, диалогтардың көркем тілмен өрілуіне тоқтаған. Ол драматург пьесаларының идеялық бағыт-бағдарының айқындығын ерекше атап өткен. Нақтылап айтқанда, бұрынғы қоғамдық құрылыстың орнына, жаңа заманның келуін тарихи дәлдіктермен суреттеудегі драматург шеберлігін жоғары бағалаған. Соның ішінде драматургиялық туынды қимыл мен әрекетке құрылмаса толыққанды шығарма бола алмайтынын Ж.Аймауытовтың қатаң есте ұстап отырғанын нақты мысалдар негізінде дәйектеген.
Б.Құндақбайұлы драматург пьесаларындағы қатысушы кейіпкерлердің іс-әрекеттерін бір желіге бағындырып, олардың басынан өткен шынайы жағдайларды сөйлеу диалогтары арқылы шеберлікпен ашқанын және кейіпкерлердің көркемдік сомдалуы жағынан ғана емес, сөздерді қолдануы жағынан да ерекшеленетінін тура байқаған. Ондағы барлық қаһармандардың ішкі сезім иірімдерінің шынайы бейнеленіп, драматург аз сөзге көп мағына сидыратындай тұрақты сөз тіркестерін де орнымен қолданғанын сөз шеберінің тіл даралығын танытатын құбылыс ретінде бағалаған. Ол ұзақ жылдардан кейін дара тұлға Ж.Аймауытов шығармашылығының халқымен қайта қауышуына мол еңбек сіңіріп, ұлы жазушының ғазиз есімінің асқақтауына сүбелі үлес қосты.
Автор кешегі тоталитарлық жүйенің құрбаны болған Ж.Аймауытовтың алуан қырлы, әмбебап шығармашылығын ұлт өнері шежіресімен тығыз байланыстырып оның өмірі мен өнерін архивтік деректерге сүйене отырып, дәйектілікпен саралауы да осы мақаланың ғылыми құндылығын арттыра түседі. Сонымен бірге зерттеуші қазақ халқының шоқтығы биік тұлғаларының бірі Ж.Аймауытовтың драматург-жазушы ғана емес, мықты аудармашы болғанын және өзі жазған шығармаларды қазақ топырағында алғаш сахналаған режиссерлік еңбегін ашып көрсетеді. Бұл – қазақ театрының тарихында бұрын сөз болмаған тың жаңалық болды.Белгілі алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісімақова: «Театртанушы ғалымның зерттеулерінде кезінде идеологияның қудалауына ұшырап, жазықсыз жапа шеккен Алаш ұлыларының драматургия мен театрға байланысты жазғандары мен ой-толғамдары реттеліп берілген. Осы ретте Құндақбаев Жүсіпбек Аймауытовтың драматургиясын қазіргі ғылыми айналымға енгізген бірегей ғалым»,-деп [3, 23 б.] Б.Құндақбайұлының Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Қ.Кемеңгерұлы, С.Сәдуақасұлының ұлттық театр өнеріне қосқан үлестерін алғаш ғылыми айналымға енгізген еңбегін жоғары бағалаған. Шынымен де, ұлттық театрымыздың іргетасын қаласуға белсене араласқан арыстарымыздың сахна өнерін ілгерілетуді көздеп жазған танымдық-ағартушылық туындылары мен пьесаларының көркемдік құндылығы туралы толғаған пайымды пікірлері қазақ әдебиеті мен театрында кеткен ақтандақ беттерді толтырған маңызды дүние болып табылады.
Осы бөлімде оқырман қауым Б.Құндақбайұлының қаламынан туған Жұмат Шанин туралы көлемді ғылыми еңбекпен танысады. Тұңғыш ұйымдасқан қазақ театрының өсіп-өркендеуіне соңғы демі таусылғанша адал қызмет еткен ұлы тұлғаның шығармашылығын сыншы архив материалдарына сүйене отырып режиссердің ұйымдастыру және шығармашылық жұмыстарды қатар жүргізгенін қызықты баяндаған. Дәлірек айтқанда, күнделікті, апталық, айлық жұмыстарды, репетициялар мен түрлі дайындық сабақтарды алдын-ала жоспарлап, уақытында өткізген. Актерлердің апталық кестесін жасап, олардың шеберліктерін арттыруға көп көңіл бөлгенін нақты деректер арқылы жазған. Ж.Шаниннің режиссурасы халық өнерінің жетістігінен, өмірлік тәжірибеден, өзіндік ізденіс жолдарынан өрбігеніне кеңінен тоқталып, оның драматургиялық шығармаларын ерекше бағалаған. Әсіресе, драматургтің тарихи-эпостық тақырыптағы «Арқалық батыр» трагедиясының 1926 жылы автор режиссурасымен қойылып, ұзақ жылдар бойы театр репертуарында табысты жүру себептерін егжей-тегжейлі талдап берген.
Үлкен тартыстарға, тарихи жоталы оқиғаларды баяндауға құрылған «Арқалық батыр» пьесасында тарихи маңызы бар үлкен тартыстар мен көзқарастар шындыққа сай өріліп, көрікті тілмен көмкерілген. Автор кейіпкерлерге тән көсем сөздерді, тіпті төгілдіре сөйлейтін шешен тілді екендерін де жақсы көрсете алған. Пьесадағы әр кейіпкер көркем сөйлейді. Драматург стилінде композициялық тұтастықты ұстаумен бірге, еркін көсілу де бар. Кейіпкерлерлер өз байламдарын сөзбен түйіп, нүктесін қойып отырады. Б.Құндақбайұлы Арқалық бейнесінің нақты драматургиялық белгілермен дараланып, психологиялық тұрғыда нанымды мүсінделгенін жетістікке балаған. Сонымен қоса, шығарманың олқы тұстарын да атап көрсеткен: «Шытырман оқиға, қым-қиғаш тартыс, трагедиялық өлімдер өзімен-өзі қызық болғанымен, шығарманың идеялық көркемдік мазмұнына толық бағындырылмаған. Сондықтан Арқалықтың өлімі – драматургиялық мұраттан, трагедиялық үлкен мақсаттан тумай, жеңілірек шыққан»,-деген [2, 55.] пікірімен толық келісуге болады. Өйткені, қазақ драматургиясының қалыптасу жылдарында дүниеге келген пьесалардың көбінде әлі де болса драматургиялық шеберлік жетіспей жатқаны жасырын емес.
Б.Құндақбайұлы Ж.Шанин пьесаларының алтын арқауы адамгершілік, көшелі қасиеттер мен адамдық асыл құндылықтар екенін таратып айтқан. Драматургтің қоғамда орын ала бастаған кесапатты құбылыстарға қарсылығын шынайы қуатпен, ойшылдықпен бере білгенін айрықша бағалаған. Бұдан кейін театр сыншысы Ж.Шаниннің «Арқалық батырды» сахналаудағы режиссерлік жұмыстарын да жан-жақты талдаған. Ол Арқалық ролінде ойнаған Ж.Шанин мен Абылқай Абдуллиннің бейне жасаудағы ерекшеліктерін салыстырмалы талдаған. Сол тәрізді Әжіхан – Қ.Қуанышбаев, Қарашешен – С.Қожамқұлов, Диуана – Е.Өмірзақовтың актерлік шеберліктерін таратып жазған.
Кітаптың бұл бөліміне Әбділдә Тәжібаев, Қалыбек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Серке (Сералы) Қожамқұлов, Нұрмұқан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Маман Байсеркенов, Райымбек Сейтметов, Таңат Жәйлібеков, Есболған Жайсаңбаев, Мұхаметхали Хасенов, Сәкен Жүнісов, Ләйла Әуезова туралы әр жылдарда жазылған шығармашылық портреттер енген.
Б.Құндақбайұлы Ә.Тәжібаев, М.Хасенов, С.Жүнісов сынды драматургтер туралы жазған мақалаларында олардың кейіпкер мінезін жасау үшін әлеуметтік ортада туған қоғамдық тартыстарды басты оқиға етіп алатынын анықтаудан бастайды. Әр драматург кейіпкерлердің диалогтарын құруда өз жолымен жүреді. Олардың қаһарман мінезін жасау әдістері де әрқилы болып келеді. Тілде кейіпкер мінезінің типтік және маңызды жақтары, оның ойы, жан-дүниесі сөз арқылы кестеленіп, пьесаның басты идеясы да ашылады. Қаһарманның тілдік іс-әрекетінен оның қоғамда алатын орны, білім деңгейі, кәсібі мен мәдениеті, ой-танымы көрінеді. Оның ішкі жан-дүниесі, сезімдері де сөзбен өрнектеліп, өткен өмірі мен болашаққа құрған жоспары да қылаң береді.
Драмалық әрекет сөзбен өріліп, қаһарманның ішкі және сыртқы танымына байланысты өрбиді. Сондықтан, сөз кейіпкердің өмірлік маңызы бар мәселелерді талқылауда, өзіндік көзқарасын танытуда ерекше эмоциялық күй туғызады. Сезім мен парызды, жан қалауы мен қоғамдық қыспақтың қатар келуі, қиындықтарды жеңу арқылы кейіпкердің өсуі немесе моральдік құлдырауы барлығы оның тілдік ерекшелігімен дараланатынын Б.Құндақбайұлы аталған драматургтердің пьесаларын талдау барысында анықтап отырған.
Ғалымның қуатты қаламынан туған Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, С.Қожамқұлов, Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев, Т.Жәйлібеков, Е.Жайсаңбаев туралы жазған еңбектері де қазақ театр тарихынан ерекше орын алады. Театр сыншысы әрбір актердің шығармашылық өмірбаянынан ғана емес бүкіл қазақ театр өнері үшін құнды саналатын бейнелерді егжей-тегжейлі талдаған. Ұзақ жылғы актерлік қызметтерінде драматургияның әртүрлі жанрында әр заманның алуан түрлі адамдарының сахналық бейнелерін қалай жасағанын нақты спектакльдер мысалында анықтаған. Ол халық өнерімен сусындаған қазақ актерлерінің бүгінгі сахналық күрделі белестерге біртіндеп өсу үрдісін олардың рольдерін жан-жақты талдау арқылы көрсеткен. Аталған актерлердің тамаша өнерімен бірге, азаматтық келбеттері мен парасаттылығы да сыншы назарынан тыс қалмаған.
Б.Құндақбайұлы режиссерлер туралы жазған мақалаларында олардың драманың сахналық үлгісін табудағы ізденістерін, мизансценаларды ұйымдастыру мен актерлермен жұмыс жасаудағы ерекшеліктерін айқындап алады. Айталық, М.Байсеркенов пен Р.Сейтметов туралы жазған мақалаларында қос тұлғаның даралық болмыстары терең ашылған. Білгір сыншы бұл мақалаларында актер мен режиссер өнерін, ұлттық классика мен осы заманғы драматургиялық туындылардың қойылуымен тығыз байланыста қарастыру арқылы сахна саңлақтарының ізденіс ерекшелігі мен өнерде ұстанған суреткерлік позициясын айқындайды. Олар сомдаған сахналық бейнелер мен режиссерлік қойылымдардың қазақ сахнасындағы тарихи орнын анықтап тұжырымдайды. Бұл мақалалар сахналық өнерге қатысы жоқ жалаң, қызыл сөз бен артық әңгімелерден тыс, қайта әрбір актер немесе режиссер өнерін ұлттық классикалық туындыларды қою мен орындаушылық өнерді өзара қалыптастыра сахналық өнердің өзекті мәселелерін көтеруімен де ғылыми талдау жағынан аса сапалы болғанын атап өту парыз.
Монографияның «Фестивальдан фестивальға дейін» деп аталатын екінші бөлімінде ғалымның әр жылдары өзі көрген театр фестивальдері туралы жазған мақалалары топтастырылған. Соның ішінде әлемдік театр тарихында «София – 82 – Ұлттар театры» деген атпен Болгария астанасында өткен фестивальге қатысты қызық мәліметтермен таныстырудан бастайды. Екі аптаға созылған бұл іс-шараға 32 елдің 45 театры қатысып 500-ге жуық спектакль көрсеткен екен. Кеңес Одағынан барған өнер ұжымдарының спектакльдерінің жоғары деңгейде өткенін айрықша бөліп айтқан. Ол: «Кіші театр көрсеткен М.Горький шығармасының негізінде қойылған «Фома Гордеев» (сахналық жүйесін жасаған В.К.Седов), У.Шекспирдің «Король Лир» спектакльдері ерекше табысты өтті. Кеңес режиссурасының көрнекті өкілдері Б.А.Львов-Анохин мен Л.Е.Хейфец қойған бұл спектакльдер Кіші театрдың атақты М.С.Щепкин мен П.С.Мочалов есімдерімен тығыз байланысты актерлік шеберліктің академиясы екенін әлем өнер қайраткерлерінің алдында тағы да танытты»,-деп [2, 175.] режиссерлік шешімдердің тереңдігі туралы толғана жазған.
Сонымен бірге Театро Технис пен Амфитеатр (Греция), Дойче театры (Германия), Непсинхаза театры мен Тамаша Дьер балеті (Венгрия), Ноттара (Румыния), т.б. театрлардың қойылымдарын сахна өнерінің жетістігі деп бағалаған. Аталған фестивальге драмалық театрлармен бірге опера мен балет, фольклорлық ұжымдар да өнер көрсеткенін фестиваль ерекшелігі ретінде атап көрсеткен.
Б.Құндақбайұлы Орта Азия мен Қазақстан елдерінің дәстүрлі театр фестиваліне айналған «Наурыз–92» (Ташкент), «Наурыз–93» (Ашғабад) фестивальдеріне қатысқан өнер ұжымдарының спектакльдерін кеңінен талдаған.
Өзбекстанның Ташкент қаласында 1992 жылы өткен «Наурыз–92» фестивалінің шымылдығын ашқан Түркіменстанның экпериментальдық жастар театрының «Қорқыт ата» эпосының негізінде қойылған «Дэли Домрул» (реж.К.Әшіров), Ферғана драма және комедия театрының «Ташкентке саяхат» (реж.Б.Омонов), Хидоятов атындағы мемлекеттік өзбек драма театрының Әлішер Науаи поэмасының негізінде қойылған «Ескендір» (реж.Б.Юлдашев) спектакльдерінің режиссурасындағы жаңалықтарды тура көре білген. Аталған фестивальде қазақ театрының жүлделі орынға жете алмау себептерін де жасырмай айтқан. Мақала соңында: «Бүгінгі қоғам өміріндегі өзгерістер сахна өнерінен де өзгерістер тілейтіні заңды. Біз баяғы сүрлеуден шыға алмай жүрміз. Рас, театр әлеуметтік өзгерістерді қолма-қол суреттеуге бірден араласа алмайды. Бірақ ол өзінің бейнелеу тәсілін, ескі көзқарасын өзгертіп бүгінгілік концепция іздеуге міндетті.»,-деген [2, 196 б.] ойы қазіргі күнмен де үндесіп жатыр.
Сыншының «Өнер бәсекесі» деп аталатын мақаласы Ашхабад қаласында 1993 жылы өткізілген «Наурыз–93» фестиваліне арналған. Мұнда Түркіменстанның А.Құлмамедов атындағы жастар театры көрсеткен «Әулиелер таласы» (реж.О.Ходжакули), Моалланепус атындағы академиялық драма театрының «Медея» (реж.Т.Мәметвалиев), Тәжіктің мемлекеттік М.Вахидов атындағы жастар театрының «Сафар Махсум», Қырғыстан Ош театрының «Ақ Моор», Өзбекстанның атынан келген қарақалпақтың Бердақ атындағы театрының «Шарьяр», Семей театрының «Семей қасіреті» спектакльдері кеңінен талданған. Сонымен қоса фестиваль бағдарламасынан тыс Түркменстанның Мемлекеттік эксприментальдық жастар театр-студиясы көрсеткен «Кесіртке» (реж. К.Әшір) спектаклін үлкен жетістік деп бағалаған. Сыншы О.Ходжакули, Т.Мәметвалиев, К.Әшір режиссурасындағы жаңалықтарды, олардың шығармашылық ізденістерін өте жоғары бағалаған. Ол театр өнеріндегі көркемдік биікке жету режиссураға байланысты екенін, режиссердің ой-шеңбері, даралық келбеті, эстетикалық таным-талғамы қандай болса, театрдың да хал-жағдайы сондай болатынын нақты түрде дәлелдеген. Мақаласын қорытындылай келіп: «Қай кезеңде болса да театрды көркейтетін де кері кертіретін де режиссура. Бір сөзбен айтқанда театрдың көркемдік өрісін режиссура анықтайды.»,-деп [2, 205.] қазақ театр режиссурасына да ізденістер қажеттігін өткір қозғаған.
Осы бөлімде елімізде өткізілген бірқатар театр фестивальдері де кеңінен жазылған. Соның ішінде Ғ.Мүсіреповтың туғанына 90 жыл толуына орай өткен республикалық (Алматы, 1992), Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған республикалық (Жезқазған, 1995), М.Әуезовтың 100 жылдық мерейтойына арналған халықаралық (Алматы, 1997), М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының «Театр Көктемі – 1996», «Театр Көктемі – 2000» театрішілік фестивальдерінің ұйымдастырылуы, жетістіктері, олқылықтары жайында кәсіби тұрғыда жазған.
Автордың пікірінше фестиваль режиссерлік және актерлік шығармашылықтың көрігін қыздыратын өнер сайысының биік мәресі болып табылатындықтан халықаралық және республикалық театр фестивальдеріне қатысып, додаға түсу қажеттігін баса айтқан.
Кітаптың «Ізденіс көкжиегі» деп аталатын ІІІ бөлімінде «Еңлік – Кебектен» басталған, «Абайдың сахналық бейнесінің жасалуы, «Классика және спектакль», «Бүгінгі күн тақырыбын меңгеру», «Ізденіс белестері», «Драматургия, репертуар, театр», «Шоқан жалғаса береді», «Ассалаумағалайкум, хан Абылай», «Індет», «Томирис мәңгі тірі» деп аталатын әр жылдары жазған еңбектері топтастырылған. Мұнда қазақ театр өнерінің даму үрдістері мен репертуар саясаты, театрлардағы ізденістер мен іркілістердің себептері, шығармашылық бағыт-бағдар мәселелері терең талданған. Театрда қойылған ұлттық пьесалармен бірге әлемдік драматургиялардың озық үлгілерін меңгерудегі жетістіктерін де саралап берген. Сыншы: «Бүгінгі сахналық өнер ұлтқа қызмететуі қажет. Осы міндетті атқарып, әрі көркемдік дамудың биігіне көтеріліп жетілгесін әлемдік өркениетке ұласу мақсаты тұрғаны мәлім. Алдымызда үлкен ізденістер мен асулар тұр.»-деп [2, 370 б.] әр мезгілдің сахналық шығармасы халық сұранысына жауап беріп, заман талабына лайық болу керектігін үнемі айтқан.
Автор көп жылғы сыншылық қызметінде жаңа шыққан спектакльдерді бірнеше рет көріп үнемі жазып отырды. Оның «Ассалаумағалайкум, хан Абылай», «Індет», «Томирис мәңгі тірі» деп аталатын мақалалары ерекше шабытпен жазылған. Театр сыншысы егеменді ел болып, тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін бұрын айтуға, жариялауға болмайтын көптеген тарихи құбылыстардың сахнадан шынайы бейнеленуіне театрларымыздың мол үлес қосып келе жатқандығын айрықша бағалаған. Соның ішінде өнеріміздің қара шаңырағына айналған М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театры халқымыздың басынан кешкен талай күрделі құбылыстарды заман рухына сай дәлдікпен, көркемдік өткірлікпен суреттеуде үлкен ізденістерге барып, бүкіл республикамыздағы өзге театрларға үлгі болғанын үнемі жазып отырған. Театр репертуарынан берік орын алып, аншлагпен жүрген М.Байсеркеновтың «Абылайханның ақырғы күндері» спектаклін жоғары бағалаған. Сыншы: «Қазақ халқының тарихи өмір белестерін, өткені мен болашағын психологиялық толғаныс үстінде бейнелеген қойылым. М.Байсеркенов өзінің режиссерлік ой-тұжырымын жүзеге асыруда осылай қойылымның сыртқы бейнесін келістіріп жасап алып, оны актерлер ойынымен шебер жалғастырады. Ол Абылай өмірінің соңғы үш күнін ғана алып, соған оның бүкіл ғұмырын, қазақ халқының тұтас бір кезеңді қамтитын әлеуметтік өмірін, келер ұрпаққа арнаған аманатынсыйғызып тұр. Спектакльде әрекет жасайтын үш кейіпкер болғанымен, барлық оқиға мен ішкі тартыс желісі Абылай мен Бұқар жырау арасында кейде диалог, кейде монолог арқылы өрілген.», — деп [2,390, 391.] қойылымның идеялық көркемдік мазмұнының терең ашылуына Абылай – Тұңғышбай Жаманқұлов, Бұқар жырау – Сәбит Оразбаев пен Төлеубек Аралбаев, Сейіл – Уайс Сұлтанғазиннің зор еңбек сіңіргенін талдап жазған.
Аталған театр сахнасында ірі тарихи тұлғалардың өмірінен сыр шертетін шығармалар жиі қойылды. Солардың бірі драматург Шахимарден Құсайыновтың «Томирис» пьесасы болды. Б.Құндақбайұлы мақаланың кіріспесінде: «Егемендік пен бостандық қазақтың ежелгі асыл арманы болғаны белгілі. Туған жер мен елдің тұтастығы, халқының еркіндігі кімнің болса да патриоттық сезімін оятып, ұлттың намысын жанитын құдіретті күш. Сақтың ұлы падишасы Томиристің тұлғасын сахнаға шығару сол патриоттық сезім мен театрдың суреткерлік ұстанымын айқындай түскен. Елі мен жерін жаттан қорғаған сақтар аттан түспей, жорық үстінде күн кешкен. Бүгінгі көрермен қауым мұның астарын терең барлап қабылдап отыр.»,-деген [ 2, 404 б.]. Бұдан әрі спектакль режиссері Т.Жаманқұловтың сақ даласының көрінісін әсерлі эпикалық шешім тауып, трагедия атмосферасын бере алғандығын сипаттаған. Қойылымның бас кейіпкері Томирис – Дәрия Жүсіпова, Балқаш – Оразхан Кенебаев, Спаргис – Дулыға Ақмолда, Кир – Саят Мерекұлы, Мард – Болат Әбділмановтың роль сомдаудағы шеберліктерін таратып жазған.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақ драматургиясында өткенге жаңа көзқарас тұрғысынан қарау алдыңғы кезекке қойылды. Бірқатар пьесалар ел бірлігін сақтаған хандарымыздың, билеріміздің, батырларымыздың тарихтағы орнын дәріптеуге бағытталды. Сонымен қоса кеңес дәуірі кезінде ашық айта алмаған тақырыптар (Семей полигоны, аштық пен репрессия құрбандары, жетімдер үйі, қарттар үйі, т.б.) пьеса арқауына айналды.
Осы тұста қазақ қаламгерлері драматургиялық оқиғаларды баяндауда әлімсақтан қалыптасқан дәстүрлі бейнелер мен көркемдік тәсілдері әрқилы болуымен ерекшелене бастады. Солардың арасында Ә.Таразидың «Індет немесе жаңа адам жасаймыз» трагедиясы қоғам өміріндегі үлкен өзгерістерді бүгінгi тiрлiктiң диалектикалық дамуымен ұштастырып жазуымен дараланды. Аталған пьесада жетпiс жылдан астам уақыт бойы елiмiздi билеп төстеген коммунистiк идеологияның жанға салған жаралары суреткерлік шеберлікпен терең ашылды. Бұл шығарманы Қазақстанның халық артисі, режиссер Е.Обаев Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасына «Iндет» (1994) деген атпен қойды.
Б.Құндақбайұлы «Індет» деп аталатын мақаласында білікті режиссер Е.Обаевтың бейнелеу құралдарын тыңнан қарастырып, тұрмыс-салттық шешімдерге бармай көп ойларды символ мен метафоралар арқылы беруден көп ұтқанын кеңінен жазған. Сонымен қоса рольде ойнайтын актерлерді де қателеспей таңдағанын атап өткен. Ол: «Өзінің осындай жүйелі ой-тұжырымын актер ойыны арқылы жүзеге асыруда Е.Обаев барын салып, әр кейіпкер бейнесін толық ашылуына көңіл бөліпті. Бұл арадағы ең үлкен шығармалық жетістік қойылымның орталық кейіпкері Әзберген бейнесін жасаған актер Д.Жолжақсыновтыкі. Орындаушының бұл жолғы қимыл-әрекеті, сөйлеу ерекшелгі, кейіпкердің жан-дүниесіне үңілуі, сыртқы пішін-болмысы да бөлек.»,-деп [2, 398 б.] актердің сахнада танымастай құбылуын талантпен бірге, зор ізденістің нәтижесі екендігін бөліп айтқан. Сол сияқты осы спектакльде өнер көрсеткен Құдайберген – Сейітхан Есенқұлов, Әзиза – Гүлжамал Қазақбаева, Қызыл командир – Б.Сейітмамытов, Пәкизат – Кәмәлия Байтілеуова, Шерәлі – Оразхан Кенебаев, Ана – Күләш Қажығалиеваның да келісті сахналық бейне сомдағанын талдаған.
Автордың аталған мақалаларынан сыншының театр өнеріндегі құбылыстарды дер кезінде қадағалап, өзінің көзқарасын білдіріп отыратындығы байқалады.
Кітаптың «Облыстық қазақ театрлары» деген ІV бөлімінде облыстық театр сахналарында әр жылдарда қойылған спектакльдер қарастырылған. Атап айтқанда, Қарағанды, Шымкент, Талдықорған, Атырау, Павлодар, Жетісай, Жамбыл, Семей, Жезқазған театрларының өзіндік келбеті, репертуарлық саясаты, гастрольдік сапарларда әкелген спектакльдерінің көркемдік деңгейі, актерлік және режиссерлік табыстары, шығармашылық бағыт-бағдары туралы қызғылықты жазған. Бұдан театр сыншысының бүкіл еліміздегі театрлардың тыныс-тіршілігінен мол хабары болғаны аңғарылады.
«Театрлы Қарағанды» деген мақаласында С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры мен К.С.Станиславский атындағы орыс драма театрының 1980 жылдардың екінші жартысындағы репертуарына шолу жасаған. Облыстық театрлар арасында күрделі драматургиялық шығармаларға батыл барған екі ұжымның шығармашылық ізденістерін сараптаған.
С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының сахнасына Ерсайын Тәпеновтың режиссурасымен қойылған У.Шекспирдің «Макбет», Еврипидтің «Медея», С.Жүнісовтың «Өліара» спектакльдерінің идеялық мазмұндылығымен, көркемдік сипатымен ерекшеленгендігіне тоқталған.
К.С.Станиславский атындағы орыс драма театрының «Айыптылар» (А.Арбузов, реж. Н.Воложанин), «Қатардағылар» (А.Дударев, реж. А.Блинов) спектакльдері көркем-идеялық мазмұндылығымен, қызық режиссерлік шешімдерімен, байыпты орындаушылық өнерімен дараланғанын талдаған.
«Талғам таразысы» деп аталатын келесі мақаласында С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының Алматы қаласында өткізген гастрольдік сапары туралы жазған.
Театр сыншысы Алматыда көрсетілген М.Әуезовтың «Дос-Бедел дос», С.Жүнісовтың «Өліара», Ә.Таразидің «Жақсы кісі», Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» (сахналық жүйесін жасаған Ә.Мәмбетов), Еврипидтің «Медея» спектакльдерін талдай отырып, театрдың репертуарға шығарма таңдаудағы эстетикалық талғамына жоғары баға берген. Әсіресе, 1958 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген М.Әуезовтың «Дос-Бедел дос» драматургиясының көп жылдардан кейін сахнаға қойылуын шығармашылық батылдық әрі жұртшылықты елең еткізген мәдени құбылыс екендігін айтқан. Б.Құндақбайұлы: «Пьесаны қазақ драматургиясындағы тың белес, композициялық құрылыс, жанрлық сипаты, үш дәуірдің әлеуметтік құбылысына философиялық топшылау жасауымен қызық. Үш актылы пьесаның әр актысы әр заманның өзіне тән қоғамдық қайшылық сипатын ашып, адамдар қарым-қатынасының қалыптасу диалектикасына барлау жасайды. Әр дәуірдегі қоғамдық қатынастардың дамуына қарай жақсылық пен жамандық атаулының адам психологиясындағы өзгеру процестері пьесада диалектикалық заңдылық жолымен суреттелген»,-деп [2, 415 б.] әр кезеңдегі қоғамдық өзгерістер мен тарихи даму баспалдақтары кейіпкерлердің әлеуметтік болмысымен байланысты суреттелгенін пьеса ерекшелігі деп бөліп айтқан. Спектакль режиссері Е.Тәпенов Бедел басынан кешкен қиын кезеңдерді, халқымыздың басынан кешкен ірі оқиғалар етіп көрсете алғанын да жоғары бағалаған.
Б.Құндақбайұлының аталмыш мақаласында сол кездері театрда белсенді жұмыс жасаған Е.Тәпеновтың режиссерлік даралығы мен Қ.Сәтбаев, Р.Баймағанбетов, К.Жетімтаева, А.Сыздықов, К.Қожахметова, Қ.Сатаев, Р.Омарханова, Ә.Аблаева сынды т.б. актерлердің роль сомдаудағы шеберліктері қызықты баяндалған.
Мұнда негізінен бүгінгі театр өнерінің өзекті мәселелерін тілге тиек етіп, облыстық театрлардағы сахналық ізденістер мен олқылықтарын, олардың даму бағыттарын, драматургиялық тың шығармалардың идеялық-көркемдік сапасын, режиссерлердің спектакль қоюдағы нақты қолтаңбасын, репертуар саясаты мен актерлік шеберлік мәселелерін, өсіп-өркендеу мен даму барысын, бағыт-бағдарын терең талдаудан туған ойлары тұжырымдалған.
Ол академиялық театрлармен қатар, облыстық театрларда да репертуар ұқсастығы жиі кездесетініне тоқталған. Мұндайда театр сыншысы сахналық қойылым айырмашылығына, салыстырмалы тәсілді жиі қолданады. Негізінен рольдерді орындау мен режиссерлік шешімдердегі айырмашылықтарды ашып талдайды. Облыстық театрларды тұтас алып қарастырғанда, автор олардың әрқайсысына тән даралықтары мен көркемдік ерекшеліктеріне көңіл аударған. Жалпы қай зерттеу еңбегінде болмасын Б.Құндақбайұлы театр өнерімен бірге драматургия мәселесін де міндетті түрде қоса зерттеп отырады.
Оның «Ізденіссіз іргелі іс жоқ» деген мақаласынан тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында театрлар тап болған қиындықтарды білуге болады. Театр өнері саласындағы шығармашылық тоқыраудың болуына қаржы тапшылығымен қоса, репертуар таңдап, спектакль шығарудың саны мен мерзімі, бейнелеу тәсілдері, көркемдік бағдарламасын жасауға әр театрға ерік берілгенімен де, соны театр ұжымдарының дұрыс пайдалана алмай отырғанын жасырмаған. Республикамызда болып жатқан оң өзгерістерді бірден іліп әкетуге бұрыннан қалыптасып қалған жүйеге бейімделіп алған театрлар үшін оңайға соқпағанын сыншы батыл айтқан. Ол: «Облыстық ұжымдарда да асып бара жатқан шығармалық бұлқыныс, таңдай қағып таңданатындай іргелі қойылымдар көрінбей келеді. Бұдан бірер жыл бұрын әкімшілік жүйе қол байлау болып, ойымызды толық жүзеге асыруға, еркін сілтеуімізге тосқауыл болып жүр дейтін кейбір бас режиссерлердің бұл күндері дауысы шықпай, қиындықтың ығына жығылып, баяғы «ұзын арқан, кең тұсаудан» құтыла алмай жүр.», — деген [2, 421.]. Бұдан сол жылдары шын мағынасында көркемдік шоқтығы биік, кезеңдік шығармашылық табыс дәрежесіне көтерілген спектакльдер болмағанын байқалады.
Б.Құндақбайұлы облыстық театрлардың актерлік труппасын жастармен толықтыру, шеберлік ұштау, режиссура өнерін жетілдіру, репертуарды тың туындылармен толықтыру мәселелерін үнемі көтерген. Сыншының облыстық театрлар туралы зерттеулерінен сол театрлардың көркемдік биікке көтерілуіне атсалысқан режиссерлер мен актерлердің шығармашылықтары кеңінен жазылған. Бұл сол театрлардың тарихы үшін де таптырмайтын аса құнды жұмыстардың қатарында тұр.
Сонымен Б.Құндақбайұлының «Заман және театр өнері» кітабы қазақ театр тарихынан сыр шертетін өте бағалы еңбек болып саналады.
Зергер зерттеуші драматургия мәселелерімен де түбегейлі айналысқан ғалым. Ол «20-30 жылдардағы қазақ әдебиеті» (1994), «40-50-60 жылдардағы қазақ әдебиеті» және қазіргі күндері мәдени мұра жоспарымен жарияланған «Қазақ әдебиет тарихының» 7, 8, 9 томдарындағы «Драматургия», Қ.Мұхамеджановқа арналған тарауларын, «Өнер тарихының» театр өнеріне байланысты бөлімдерін жазды.
Б.Құндақбайұлы М.Әуезов шығармаларының 50 томдық жинағының алғашқы шыққан үш томына ұлы драматургтің пьесаларын талдап, олардың әртүрлі нұсқаларына ғылыми түсініктеме жазған. «Қазақ әдебиетінің тарихына» енген «20-30 жылдардағы драматургия» тарауында Ж.Аймауытовтың «Рәбиға», «Қанапия – Шәрбану», «Мансапқорлар», «Шернияз», М.Әуезовтың «Еңлік – Кебек», «Бәйбіше – тоқал», «Қарагөз», «Хан Кене», «Түнгі сарын», «Абай», «Айман – Шолпан», С.Сейфуллиннің «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар», Қ.Кемеңгеровтің «Алтын сақина», М.Дулатовтың «Балқия», Ж.Тілепбергеновтің «Перизат – Рамазан», Ж.Шаниннің «Арқалық батыр», Б.Майлиннің «Талтаңбайдың тәртібі», І.Жансүгіровтің «Кек», «Түрксіб», «Исатай – Махамбет», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесаларының жазылу тарихына тоқталып, олардың композициялық құрылымын талдаған. Ол жанр дамуындағы ерекше тенденцияларды, драматургтің стилін, пьесадағы кейіпкерлер арасындағы тартыс мәнін тура анықтаған.
Драматургия – адамзатпен жинақталған ұшы-қиыры жоқ сан түрлі ойлардың, бейнелердің, сезімдердің, оқиғалардың жиынтығынан тұратынын естен шығармай, пьесаның әдеби сапалылығын, драматург мұратын, түпкі ойын үнемі қамтыған. Тарихи тақырыптағы пьесаларды талдағанда автордың сол заманның рухын, тұрмыс-салты мен әлеуметтік тартысын қаншалықты дәл бере алғанына баға берген.
Аталған кітаптың келесі томындағы «1941-1956 жылдардағы драматургия» тарауында Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты», Қ.Мұқашевтың «Дала дастаны», С.Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов», М.Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсарин», М.Әуезовтің «Намыс гвардиясы», «Қарақыпшақ Қобыланды», Ш.Құсайыновтың «Кеше мен бүгін», «Алдар көсе» пьесаларының көркемдік ерекшеліктерін анықтап, жан-жақты әдеби талдау жасаған.
«Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабының келесі томдарына бұрын-соңды зерттеу нысанасына ілінбеген 1970-90 жылдардағы қазақ драматургиясы Б.Құндақбайұлының зерттеуімен әдебиет тарихының 9-томында жарық көрді. Ол ұлттық драматургияның жанрлық сипатының қанат жаюына үлес қосып, әлемдік сахна туындыларының заңдылығына жауап бере алатындай пьесалар жазған О.Бөкейдің, Д.Исабековтың, А.Сүлейменовтың, С.Сматаевтың, Ә.Тауасаровтың, Ә.Таразидің, Н.Оразалиннің, Ш.Мұртазаның, т.б. драматургиялық шығармалары талданып, көркемдік ерекшеліктері анықталған. Сол сияқты келесі томда Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағы келіпті», «Көктөбедегі кездесу», «Жат елде», «Өзіме де сол керек» пьесаларына талдау жасап, олардың қазақ драматургиясы мен театрындағы орны мен көркемдік деңгейін анықтаған.
Б.Құндақбайұлының театр туралы ғылыми очерктері неміс, ағылшын, француз тіліне тәржімаланып, дүние жүзіне қазақ театрының ұлттық сипатын танытты. Енді бір айта кететін мәселе, сыншы сахнада болып жатқан құбылысты қалт жібермей бағдарлап, оның әділ бағасын берумен бірге театрға байланысты термин сөздердің қазақша баламаларын жасауға да зор еңбек сіңірді. Ғалымның тікелей редакторлығымен құрастырылған терминологиялық сөздікті қазіргі кезде кеңінен пайдаланып жүрміз.
Бағыбек Құндақбайұлының ғылыми жұмыстарын саралай келе қазақ театртану ғылымына әкелген жаңалықтарын төмендегіше жіктеуге болады:
– «Театр режиссурасының сыны» деген ұғымды қалыптастырып, қойылымды тұтас көркемдік жүйе ретінде талдауды тереңдетті.
– Актерлік өнердің теориясын жетілдірді.
– Қазақ және Орта Азия театрларын зерттеудің жаңа тәсілдерін көрсетті.
– Заманауи спектакльдерді талдаудың ғылыми әдістемесін жасады.
– Театрдың қоғаммен байланысын, көрерменнің психологиясын зерттеді.
– Театр тарихын мұрағаттық құжаттар мен нақты деректер негізінде жазу дәстүрін қалыптастырды.
– Қазақ театртану мектебінің аналитикалық, мәтіндік дәлдікке негізделген бағытын дамытты.
– Спектакльді тек пьесаның көшірмесі емес, режиссердің жеке авторлық туындысы ретінде бағалау әдісін жасады.
- Көптеген термин сөздерді қазақ тіліне аударып, ғылыми айналымға түсірді.
- Әдеби мәтін мен сахналық интерпретацияны (режиссура мен актерлік ойынды) біртұтас байланыста қарастыратын аналитикалық- синтетикалық тәсілді жетілдірді.
Қорыта айтқанда, Бағыбек Құндақбайұлы қазақ театр тарихын зерттеудің ғылыми-теориялық жүйесін жасап берді. Ол еуропалықжәнересейліктеатртанумектептерініңтеориялықәдістерінқазақтопырағынашебербейімдейбілді. Берлин университеті Театр институтыныңнегізінсалушы неміс театртанушысы Макс Герман немесе кеңестік және ресейлік театртану мектебінің іргесін қалаған Алексей Гвоздев, кәсіби театртану ғылымы мен академиялық білім беру жүйесінің негізін салушылар Борис Алперс, Павел Марков, Григорий Бояджиев, Константин Рудницкий сынды тұлғалардай өзінің ізбасарларын дайындап, оларға ғылыми бағыт сілтеді. Орта Азиядағы театртану ілімінің ірі ғалымдары өзбектер: Мамоджан Рахмонов, Ташболат Тұрсынов, Мұхсын Қадыров, тәжік Низом Нұржанов, түркімен: Қуаныш Керими есімдерімен қатар тұратын Бағыбек Құндақбайұлының тұлғасы өз ұлтының театр өнері биігінде әрқашан жарқырап көрінеді.
Бүгінгі таңда қазақ театр өнерін зерттеумен айналысып жүрген театртанушы ғалымдардың қай-қайсысы болмасын ұлы ғалымның еңбектеріне жүгініп отырады. Сонымен қоса жоғарыда Б.Құндақбайұлы сүрлеуін салып кеткен әдіс-тәсілдерді одан әрі жетілдіріп, заман талабына лайық қазақ театртану ғылымын алға дамытып келеді.
Пайдаланған әдебиет:
- Құндақбаев Б. Уақыт және театр. – Алматы: Өнер, 1981. – 328 б.
- Құндақбайұлы Б. Заман және театр өнері. – Алматы: өнер, 2001. – 520 б.
- Ісімақова А.С. Алаштанушы ғалым Бағыбек Құндақбайұлы. «Қазіргі сахналық және экрандық өнердегі ұлттық құндылықтардың трансформациялануы» атты халықаралық ғылымыи-теориялық конференцияның материалдар жинағы. Алматы: Print Express баспасы, 2021. 424 б.
