«ӘКЕҢДІ АУЫЛҒА ЖИІ ӘКЕЛІП ТҰРШЫ…»
Аслан НҰРАЗҒАЛИ,
2001 жылы Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласында туған. «Қызылорда Болашақ университетінде» журналистика мамандығын тәмамдаған. «Қармақшы таңы» және Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінде, ақпараттық агенттігінде жұмыс істеген. ҚР Журналистер одағының мүшесі. «SDU» университетінде педагогикалық қайта даярлаудан өтіп, Балқаш қаласындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалім болып жұмыс істейді.
«ӘКЕҢДІ АУЫЛҒА ЖИІ ӘКЕЛІП ТҰРШЫ…»
Қала мен ауылдың арасын жалғайтын тас жолдан көлік жайдаққа түскелі бір жарым сағаттай болған. Тракторлардың толассыз жүрісінен әбден кедір-бұдыр болған жолда ақ жигули көк шаңды артына тастап жүйіткіп барады. «Сәбеттің» кезінде конвейерден шыққан көлік шұрқ-тесік. Ішке кірген көк ала шаңнан мұрнымыз әбден бітеліп қалған. Ақтөбедегі нағашының тойына баратындар көлікке тиеліп алғанбыз. Жеті жасар мен жол бойы әкемнің алдында отырып, айтқан әңгімелерін тыңдаумен келемін.
Сөз арасында әкем ауылға соғып, аздап демалып алатынымызды айтқан. Жайдақ жолдан шаршаған жүргізушіге әлі төрт-бес сағат басып отыру керек. Аптап ыстықта мынандай көлікте отырған бізге де демалыс керек-ақ. Міне, сол ауылға, «демалыс аймағына» жақындаған сайын көліктің азынаған моторының дарылдаған дыбысы ғана естілді. Артқы орындықта отырғандар қалың ұйқыға кеткен. Жүргізуші жолынан көз алмай жүйіткіп келеді. Ал әкемнің айтар әңгімесі таусылғандай алаң-ғұлаң етіп айналаға қарап әлек. Өзінің туып-өскен ауылының табиғатын қызықтап, өткен шақты еске түсіріп келе жатқан секілді.
Көп ұзамай ауылға да жеттік. Ең бірінші болып қара шаңыраққа соғатын болдық. Әкемнің әңгімелерінен талай естіген бұл ауыл маған таңсық еді. Жол жүргенде үстінен өткенім болмаса, ауыл ішіне кіріп көргенім жоқ. Бүгін бірінші рет келіп тұрмыз. Тежегіші шықырлап, көлік ескі бір үйдің алдына кеп тоқтады. Сұр «шипыры» көктеп кеткен, қабырғаларынан әк түсіп, сылағы ғана қалған ескі үй. Әкем аулаға кіре сала, алақанымен үйдің қабырғасын сипап ұзақ тұрды. Құдды бір үйді аяғандай, сылағына зиянын тигізгісі келмегендей ерекше жұмсақтықпен, мейіріммен сипағаны сезіліп-ақ тұр. Көк бояумен боялған ағаш есік әбден күнге күйіп, сықпыты кеткен. Құлыптың орнына жіппен байлап қойған үйдің есігін ашып, әкем «бісміллә» деп кірді. Оның ізінен біз де үй ішіне ендік. Терезелерін әбден шаң басқан үйге күн сәулесінің жарығы сығырайып қана түсіп тұр. Басқан сайын сықырлаған едені мазаңды қашырады. Үйді бір шолып шыққан әкем әр бөлмені таныстыра бастады.
– Мынау біздің зал. Мұнда үйдің ер балалары жататынбыз. Мына бөлме үйдің үш қызыныкі. Ал мына жерде ата мен әжелерің жататын. Шыға берістегі бөлмеде әдейі, түнде біз ешқайда шығып кетпесін деп екеуі жатады. Сықырлаған дауысты естісе аталарың аяқ жағында жатқан балдақ ағашымен салып қалатын, – деді сәл жымиып.
Жай ғана түсіндірген жоқ. Оның сол мезетте айтқан әңгімесі мұражайдағы жәдігерлерді таныстырған адамдай шын жүректен, бар ынтасымен айтылған-ды.
Сыртқа қарай шығып мал қораны, монша мен сарайды да көрсетті. Құдды бір сол үйді бізге сатқысы келіп тұрған адамша барлығын тәптіштеп түсіндіріп, көрсетіп әлек. Жалпы бұл үйде адам тұрмағанына 10 жылдан асқан. 2000 жылдардың басында ата мәңгілік сапарына аттанған соң, үйдің үлкендері қалаға, кішілері әжені алып Ақтөбе жақтағы ауылға көшіп кеткен. Ал үйді сатып алатындар табылмаған соң қаңырап бос қалған. Оны да біз сол жерде әкемнің әңгімесінен білдік.
– Үйдің артқы жағында жыра бар. Жазда ауылдың барлығы сол жырадан аққан суға шомыламыз. Біз дәу папаң екеуміз үйдің кішкентайларын, аға-көкелеріңді суға батырып ойнайтынбыз. Үйге дейін тырқыратып қуып, жетектеп жыраға дейін ерінбей әкелеміз де батырамыз. Сосын олар өтірік жылап, бір-екі су жұтқан соң жайларына жібереміз. Үйдің келесі баласын ұстап алып тағы сөйтеміз. Қыстың кезінде итті шанаға жегіп отырғызамыз. Көкелеріңді алдап отырғызамыз да иттен қашамыз. Біздің үйдің Ақтабан деген төбеті болды, соны жегеміз. Артыңнан қуған кезде шананы сұмдық жылдамдықпен сүйреп әкетеді. Шанада отырған көкелерің иманын айтып, бақырып жыламайынша не өзі секірмейінше итті жеткізбейміз. Солай үйдің балаларын «қинағанды» қызық көретінбіз, – деп әңгімесін ерекше жылулықпен, жымиған жүзімен айтуда. Ал үйдің үш баласы әкеміздің балалық кезін қызыға тыңдап, көз алдымызға елестетіп үлгеруге тырысып жатырмыз.
Әкем көше жақ бетке шығып кезекті әңгімесін бастады:
– Мына үйде құрдасым Қуаныш ағаларың тұрды. Құдайы көрші, жандай құрдас екеуміз бірге өстік. Бала кезден допқа, ләңгіге жақын еді. Күннің шыжып тұрған уақытында түскі ұйқыдан қашып соған барамын. Қорғасын құйылған қойдың жүнін алып шығып маған ләңгі тебуді үйретеді. Икемі жоқ мен бес-алтаудан артық тебе алмаймын. Ол соған «жынданып», көшені басына көтеріп: «Міне, былай» деп айқайлап, тағы көрсетеді. Мал жайлап болған уақытта да Қуанышқа келемін. Екеуміз бірге футбол ойнауға ауылдың шетіне барамыз. Ол жерде де допты аяғында еркін ұстап, қарсыласты алдап, «көрермен» қыздардың көзіне түседі. Допты тепкеннен гөрі өзгенің аяғына көп тебетін мен қызуқанды едім. Төбелес шығарамын. Онда да басында ызадан басталған тіресу кейін қыздардың көзіне түсу үшін жекпе-жек төбелеске ұласады, – деген әкемнің сөзіне біз аузымызды ашып қалғанбыз. Жалпы менің әкем бізге бірде-бір рет қол көтермек түгілі дауыс көтеріп көрмеген адам. Оның «жынданғанын» көрген емеспіз. Ұрмай-ақ, қабақ шытпай-ақ тәрбиеледі. Еркелейтін кезінде еркелетіп, артық кеткен кезімізде жай жымиып: «Өй, қой» деген сөзіне иланатынбыз. Міне, сол адамның бала кезінде қызуқанды, төбелеске әуес болғанын бірінші рет естіп бәріміз таңғалдық.
Ауланың сыртында алғашқы темекі шеккен, үйге мас болып атамыздан таяқ жеген, «бешірде» болған оқиғаларын айтып, шөп өртегені, ең бірінші мал сойғаны туралы естеліктерімен бөлісіп отырғанда жарты сағаттай уақыт өтіп кетті. «Бір үйге кіріп су ішіп, жолға шығайық» деген жүргізушінің сөзінен кейін әкемнің ойы да бөлініп кетті.
– Шерханның үйіне кірейік, – деп көршінің ауласына қарай жол сілтеді. Сол мезетте мен жүргізушіні жек көріп кеткенім рас. Өйткені, әкемнің бала кезін аса бір ыстық сезіммен айтқан естеліктері бізге қызық еді. Маған әкем бала болып кеткендей, әңгімелерін күні кеше болғандай мақтаныш сезіммен айтып тұрған өзімнің құрдасымдай көрінді.
Көрші үйдің ауласына кірген кезден-ақ әкемді сол үйдің кемпірі танып, құшақтай жөнелді. Беті күнге әбден күйген әже маған қарап:
– Үйбә-ә-әй, балаң өзіңнен айнымай қалыпты ғой. Кіші ұлың ба? – деп құп-құрғақ ернімен маңдайымнан «шүлп» еткізді. Өз әжемнен басқаға жолап көрмеген мен ол кісіні жылы қабылдай алмағаным рас. Бірақ әкеме жақын адам секілді. «Су ішеміз де, кері жолға шығамыз» дегенге қарамастан әлгі кісі көлеңкедегі сәкіге сүйреді. Бізді күткен адамдай самаурыны да қайнап тұр екен. Анам келіндік қызметін атқарып, шай құюға кірісті. Әкем бізді, үш баласы мен анамды, жүргізуші кісіні таныстырып болып, қаладағы жағдайы туралы баяндап отыр. Ыстық шайға ыстық күнде зауқы соқпаған мен көп жыбырлап кеттім. Өйткені астыға төселген киіз әбден қышытып, отырғызбай мазаны алған. Әрі-бері отырып, болмаған соң әкемнің қойнынан өтіп, алдына отырып алдым. Міне, сол сәтте менің көзім бір қызықты шалып қалған еді. Әкем қолына бір қызыл құмырсқаны алып алған. Мен алдына отырарда байқамай қолын қағып қалдым. Ол болса құмырсқа құлап қалмасын деп қолын тез жинап алды. Кейін құмырсқа да әкемнің шынтағынан бастап саусағына дейінгі аралықты шарлап, жейтін дым таппаған соң түсуге ұмтылғандай. Мұны байқаған әкем әңгімесін тоқтатпастан қолын киізге қойып, құмырсқаны жаймен жайына жіберді. Оның сол кезде өзінің туған топырағындағы құмырсқаға да зиянын тигізгісі келмегенін, қолын сілкіп жерге түсірсе жәндік бір жерін ауыртып ала ма деп ойлағанын ол кездегі менің бала түйсігім түсіне қоймаса да, жадына жақсылап сақтап қалған.
Шай ішіліп, әңгіме айтылып болған соң, дастархан басынан тұрдық. Рақметімізді айтып шығып бара жатқанда әлгі әже:
– Біздің жағдай осы. Ауылда-а-а-мыз. Бір-екі сиырымыз бен пенсиямызға күн көріп отырмыз сол. Сендер қаланың қызығына батып кеткенсіңдер ғой. Енді мынау емес пе, 10 жылды артқа тастап барып бір келгенің. Онда да тек жол-жөнекей соғып тұрсың. Балам, бір демалыста ауылға келсеңдерші. Қай үйге кірсең де, сендерді ешкім қуып шықпайды, өздеріңнің туған ауылдарың. Төрін ұсынып, қуана қарсы алады. Сендерді көрсем, марқұм Жәкөшімді көргендей боламын. Бүгін сендер сияқты балаларын жетектеп, құрдастарыңның қастарыңда жүретін кезі ғой. Әттең, Құдайға ешкім қарсы келе алмайды. Әй, айтпақшы тұра тұр, – деп көзіне жас алған әже асыға басып үйге кіріп кетті. Үйден қолына бір орамалды ала шыққан ол:
– Мә, құлыным, қонаққа барғанда тағарсың. «Импортный» орамал, өткенде қаладан «прадәвестер» келіп сатқанда алғам, – деп анама ұстатты. «Ал мынау кенже балаға», деп маған қағаз екі жүз теңге ұстатып жатқанда әке-шешем азар да безер қарсы болды. Әжей олардың қарсылығына қарамастан:
– Тиме, ала ғой. Гүлзаданың немересі – менің де немерем. Бала ғой. Әйтеуір, ақша беретін әже бар деп сені ауылға сүйреп тұрсын. Әкеңді келесіде ауылға алып келсең тағы да ақша беремін. Көп ақша беремін, – деп санаулы тісін жарқыратып күліп алды. Мен де ақша берген әжеге шамалы жүрегім жібіп, кейін өз әжем барын есіме түсіріп сәл ғана күліп, рақметімді айттым.
Көлікке отырып, ауылдың ішін бір-екі айналып, әкемнің кезекті естеліктерін тыңдадық. Мұғалімнің алдында тақылдап сабақ айтып тұрған балаша өткен күндерін әңгімелеген ол сол сәтте шынымен кішкентай балаға ұқсап кетті. Әр естелігін ұйып тыңдап отырған бізді көргенде шабыт алып, тоқтамастан сөйледі.
– Мынау тұрған клуб. Осында талай бидің түбін түсіріп, қызға алғаш сөз айтқанбыз. Мына жер бұрын контор болды. Анау жерде МТМ (машина-трактор шеберханасы – А.Н.), тракторлар тұратын. Мына ойда мен тракторды аударып алғанмын, – деген әкемнің ауылдан шыққанша әңгімесі тыйылмады.
… Ауылдан алыстап, трассаға жақындаған сайын әкем қайта-қайта айнаға қарай бергені есімде. Ол кезде мен оның себебін түсіне қойған жоқпын. Жолға шыққалы бері кішкентай балаша барлық естелігін айтып отырған ол ауылдан алыстаған сайын аз ғана уақытқа оралған «балалығын» тағы артқа тастап бара жатқанын түсінбеген еді. Тас жолға түскен кезде әкем терең күрсінді. Сол мезетте оның бір тамшы жасы менің бетіме түскен. Бірақ оны әкем және мен ғана білеміз. Жолына қарап келе жатқан жүргізуші, артта отырғандар сезбеген дүниені мен және әкем ғана сезді. Балалық бақытты кезді бастан кешіп жүрген менің жүрегім бір сәтке балалық шаққа оралған әке жүрегінің туған жерге, балалық кезге деген сағынышын сол сәтте ғана сезген еді…
АДАСҚАН ҚЫЗ
– Дәлсұлу қайда? – деді қатқыл жүзді, маңдайын әжім басқан, көзі ұйқыдан енді оянғандай қанталап кеткен Дүрмән.
– Қайда болсын?! Кетті-дағы сол баяғы өзен жағасына. – Мұны айтқан Дәлсұлудың шешесі Жортаң еді. Ол солғын тартқан, белінің бүкірі дәл түйенің өркеші секілді көкке ұмтыла өскендей кейіптегі кәрі кемпір. Күйеуінің белі бүкір кемпіріне жатуға ыңғайлы болсын деп арнайы түбінен дөңес ойыс жасап берген кереуетінде жатып ол: – Тамағың бүгін дайын бола ма, болмай ма? – деп зекіп қойды.
Бұл кезде Дүрмән үнсіз қазанның ішіндегі күрішін қуырып, етін күйдіріп болып ендігі майын құймақшы. Дала қараңғы, көктемгі мезгіл болғанымен, аспанда бұлт жоқ болса да бүгінгі түнге жақын кеш ерекше қараңғы.
– Әй, қаңғыбас қаншық! Келдің бе? Қайтесің оны, бері кел, – деп кемпір үйге енді кіріп әкесіне дастарқан дайындауға көмектеспек болған қызына баж ете қалды. – Аспан ашық, бұлттың басы да көрінбейді. Түнімен арқам сырқырап, тағы ұйықтай алмайтын болдым. Сипалашы мына «сұлуымды», – деп кереуетінен айнала бере өркешін қызына тосты. Дәлсұлу еппен, алақанын ашып тұрып жұмсақ сипалай кетті.
– Күшің бар ма-ей өзіңнің? Өй, солған неме! Сені де біреу қыз дейді-ау. Бір ебің не әлің жоқ сорлысың ғой сен. Беріп жіберу керек еді кезінде. Неменеңе мәзсің? – деп жекіді шешесі. Қызы да оның сөзін ести бере көбірек күш салып, шешесінің бұл күнде майы таусылып, қу сүйегі қалуға таяған өркешін ендігі қатты мыжғылай бастады.
Дәлсұлудың әдеті сол. Күн шапағынан шыға бере, айнала ашылған тұста жар жағасында сарылдай аққан өзен бойында отырады. Шерін, мұңы мен зарын өзеннің арылдап аққан ағысына айтады. Жұрт жайласып, үйді-үйіне ойысқанда жүзін тақиясымен жауып, көзін білінер-білінбес ашып, үйіне қарай кетеді.
Бүгінде 18-ден үш мәрте асқан Дәлсұлудың мұңы – мұң. Туа сала үйіндегілері үркіп-шошып, шешесі айтпақшы «отбасының шырқын бұзған». Балғын балалық кезінде де, бойжеткен боз шағында да көргені мен естігені қарғыс-сөгіс, қала берді кемсіту. Себебі мұндағы жұрттың барлығынан мұның ерекшелігі, жоқ кемтарлығы бар-ды. Ол дүниеге келгенде өзгелерге ұқсамай туған. Жатырынан шыққан баласы күліп емес, іңгәлап жылағанда ауылдың кәрі қатындары түгіл Жортаңнын өзі шошына қараған. Әшейінде туғанда күліп туатын баланың біразына «кіндік шеше» болған қатындар мұның жылағанын естігенде үрки қарап, шешесіне асығыс, тіпті аздап іш-қарнына лақтыра салғандай болып тұра қашқан. Содан бұл отбасының көргені – мұң, ішкені – қайғы, шеккені – жапа. Дәлсұлудың негізгі аты – Жұпаң. Туа бітті кемтар қыздың шарана кезінде түрі қорқынышты еді. Бала бола келе тіпті сұрықсыз, келбеті келіссіз болды. Сонысы үшін балалар оны кемсітіп, әжуалайтын. Ішінде тіпті одан қорқып, жүзін көрсе қаша жөнелетіндері де бар-тын. Әлі де бар. Содан да Жұпаң бала болып ойнамады, күндіз-түні мұң мен қайғыдан бір босаған емес. Қалай болғанда да қызын шын жақсы көретін әкесі мұны еркелетіп «Дәлсұлу» деп атап кеткен.
Заһарын шашып отыратын шешесі бұны бір қойнына алып жатқан емес. Сол жүргенде баласының иісін де білмеуі бек мүмкін. «Сен қайыршы басыма біткен сор болдың. Мына әкеңнің қолын ұзартып, күйеу әкеле ме деп үміттенбеймін де. Өмірге келгенінде оңбаған қыз он сегізінде отау иесі болар деймісің?! Осылай әркімнің сөзін бір естіп, жұртқа жиіркенішті болып өтесің де кетесің ғой түбінде», – деп күнде қақсайды.
Міне, осының бәрін көріп-естіп жүрген Дәлсұлудың бүгінде сүйенері сылдыр өзен мен шын жақсы көретін әкесі ғана. Дегенмен соңғы күндері қыз өзгеріп жүр. Өзеннен кеш қайтарда бұрынғыдай емес, жүзін жылы ғана жасыра, бойын тіктеп қайтатынды шығарыпты. Оның бұл ісіне шешесі іштей ойланып, әйтеуір ақымақ болса да бір қақбасты көндіріп жүрген шығар деп ойлайтын. Себебі оған бүгінде қолынан үй шаруасынан түк те келмейтін күйеу әкелсе де жақсы. Бір жағынан қара жұмыстың ебін білмейтін қызы үй шаруасын өрлете алмайтын күйеу әкелсе күні не болмақ деп те қымсынады. Ал Дәлсұлудың себебі басқа…
… – Бүйткен өмір бергенше мен сор маңдайлыны неге ала кетпедің екен?! – деп күндегі зарына салып отырған қыз кенет дір ете қалды. Майда тастардың адам аяғы басқандай шықырлағанынан қорқып, жүрегі аузына тығылғандай. Бұл жағаға «перілер ордасы» деп Дәлсұлудан басқа ешкімнің келуге жүрегі дауаламайтын. Енді артынан біреудің адымдап келе жатқанына бұл қорқып тұр.
– Қарындас, – деді бір қоңыр дауыс. Сол сәтте қыз да орнына атып тұрып, жер тіреп отырғанда қатты қысып ұстап алған тасты қолына алып, дәлдей қалды да: – Кімсің сен?! – деп қорыққанын білдірмеген болып айқайлады. Алайда оның дірілдеген қолы мен өзіне сенімсіздеу шыққан дауысы оның қорқып тұрғанын аңғартып-ақ тұр.
– Қорықпаңыз, мен бәрін түсіндіремін, – деді жігіт. Енді қыз да оның жүзіне ай сәулесінің жарығымен қарай бастады. Қарады да я қуанғаны, я қорыққанын түсінбей дал болды. Қою қара шашы мен көзінің түсі бірдей, қасы қалың, аздап түктелген сақал-мұрты бар жігіт екен. Көзін төмен сала бере оның домаланған иығын, алпамсадай денесін көрді. Балтыры да бір қолмен айналдыра ұстауға келмейтін ірі, буын-буынға бөлінген. Қыздың ауылында мұндай жігіт болсаДәлсұлудың тағдырын кешері сөзсіз. Себебі кемтар қатарына қосылып, ауылдағы балалар айтпақшы екінші «бөжәй» атанар еді. Алайда Дәлсұлу үшін бұл жігіт ерекше, сырлы да сұлу болып көрінді. Түр-әлпеті өзіндей сұрықсыз жанды өмірде бірінші рет көрген қыз сол үшін де аңтарылып тұрып қалған.
Жігіт қыздың көзінен ендігі қызығып, таңдана қарағанын байқап ептеп жақындай бастады. Дәлсұлу ендігі есін жиып, қайта қорқа бастағанын көргенде ыммен сабырға шақырып, адымын асықпай басты.
– Мен сізді бақылап жүргеніме, бақылап деймін ғой, байқағаныма бүгін үшінші күн. Ер кезегі үшке дейін демекші, бүгін ғана жаныңызға келуге батылым барды. Қорқытып аламын ба деп ойлап, сырттай ғана бақылап жүрдім. Әне, анау жарық үңгірдің тұсында отыратынмын, – деп жігіт күндіз-түні ішінен жарық сәулесі көрініп тұратын үңгірді нұсқады. Мұны естігенде қыздың жүзі сұрланып, енді екі есе қорқа бастады. Себебі бұл ауылда ол үңгір перілердің ордасына кірер қақпа аталып кеткен. Барып көргендер ол жақта түрі сұсты неше түрлі пері барын айтқан. Ол сөздер айтылғалы да жеті ұрпақ жеті рет ауысып үлгерген. Барып көргендердің көзі бүгінде болмаса да ауыл аянбай сенеді, жақындамайды да. Сол үшін де қыз жігіттен «Сен перісің бе?» – деп сұраған.
– Қайдағы пері, мен кәдімгі өзің сияқты адаммын, – деді сәл жымиып.
– Ада-а-а-м? Сен сау адамға ұқсамайсың ғой, – деді есін әлі толық жия алмаған Дәлсұлу. Қыздың дәл бұл сөзін жігіт толық түсінбесе де білдірмеуге тырысты. Ол өзінің атын атап, бұл жаққа қалай келгенін айта бастады. Жастайынан сөзге сараң болмаған, әңгіме айтудың жілігін шағып, майын ішкен Дидар көріпкел шалдың сексенбайы екенінен бастап, бүгінде қиял-ғажайып ертегі жазатын 25-тен енді асқан жас қаламгер екенін айтқанша бірталай уақыт өтті. Бұл кезде қыздың да көңілі орнығып, тура бір адам нанғысыз әңгімені аңтарыла тыңдап қалған.
– Атам, – әкесін ата дейтін – мен туғанда бұл өз өмірлік серігін шатқалдағы шыңырау арасынан табады. Сондықтан тезірек дидарлассын, жүздессін деп Дидар қоямын атын деген екен. Мен ес жимай тұрып, ол кісі дүние салған. Атам туарда жадырап тұрған дала бір мезетте қара бұлтпен сұрланып, ышқындап жел соғып, артынша толассыз жаңбырдан аққан сел үйлерді шайып әкетіпті. Бұл мезгілде әйелінің толғатып жатқанын сырттай бақылап, әкесі мен көрші қолаң далада жүрген. Ауылдың 5-6 келіншегі анасының жанында, босануға көмектесіп жатырған. Ақырында бар дауысымен жан-айқайы шыққан жүктінің әйелдер маңдай терін сүртіп, күшендіріп жатқанда даладағы ерлер көздері шаранасынан шығардай аңтарыла қапты. Төбеден жаңбыр суы сел болып аққанда ауылдың үйлерін ағызып жатыр дейді. Сексенге келгенше бала сүймеген атамның әкесінің қуанышын бөлісуші болып бүкіл ауыл мұның үйіне қарай жиылған, содан селден аман қалған екен. Ал аман қалған себебі сарылдап аққан сел дәл бұл үйді екі жағынан айнала ағып, аяғының астары құп-құрғақ болып тұра беріпті. Содан үрки де таңырқай тұрып қалған барлық ауыл үйлерінің ағып кеткенін де аңдамай қалса керек. Ал атам шыр етіп дүниеге келгенде қара аспанның қақ ортасынан бір сәуле нағыз түндіктен түсіп, шаңырақ ішін жап-жарық қылып жіберген екен. Сол туған бала ауылдың арғы өмірін айтатын көріпкел болыпты. Тіпті күнде бала тумаған әйелінің өзіне менің де «сексенде бір сеңгірбайым болады» деп айтатын көрінеді. Сонысы солай, сексенінде мен сап етіп дүниеге келе қалдым. Көзін көрмесем де естіп-білген әңгімелерден әкемді өз кейіпкерім етіп алып, бүгінде жұрт айтатын «қиял-ғажайып ертегі» жазамын, – деп бір-ақ тоқтады белгісіз жігіт.
– Ал мені қалай таптыңыз? – деді қыз. Әншейінде мұның әңгімелеріне сенбей, жұрт қышқыл-мысқылдап қоятын еді. Ал мына бір қыздың «ә» деместен сеніп отырғанына аңтарыла қалған Дидар әңгімесін әрі әкетті. Түсінде бір шатқалға бара жатырғанын, ішіне кірсе көз аштырмас жарық екенін, дегенмен алдыға жылы бір леп жетелегенін көрген. Атасының жорамалы есіне түсіп, шатқалды ұзақ іздеген екен. Ел ішінде ендігі жастық шағынан өтіп бара жатырғанын айтып, біреуді ала сал деген әңгімелер де болса керек. Алайда күдерін үзбей, үш жылдан астам барлық жерді шарлап іздепті. Міне, бүгін тапқанына үш күн уақыт. Бұл кезде уақыт таяп, қыз үйіне кету керектігін айтқан.«Айтқаныңыз рас болса, ертең жалғастырарсыз», – деп қыз аяқ асты қоштаспай кеткен.
Сол кездесулердің бүгінде төртеуі өтті. Екеуі айтпаған әңгіме қалмағандай. Әсіресе Дидар бұл жақта үй шаруасын ерлер істейтінін, әйелдер қара жұмысты атқару керектігін естігенде, қыз өзінің сұрықсыз әрі бір қатаң мінезі жоқ әлсіз әйел екенін айтқанда таң қалған. Ал бұл жақта сұлу деп саналатын адамдарды Дәлсұлу сипаттап бергенде аңғал жігіт «Ондайларды бізде бұжыр бет, жалмауыз кемпір дейді», – деп қарқ-қарқ күлген. Қыз да жігіт жақтағы өмір туралы, барлығының қарама-қайшы екенін білгенде аңтарылып қалған-ды. «Сен адасып туған қыз болдың ғой. Маған ер. Мен сені адал жарым қыламын», – деп жігіт бүгін соңғы сөзін айтқан…
… Дәлсұлу шешесінің өркешін сипалап жатқанда әкесі дастарқан басына шақырды. «Тас түсіп кетті ма деп едім?! Пісті ғой, әйтеуір. Ертерек ішіп, жатайықшы», – деп кемпір төсегінен бұрқылдай тұрды. Сыртына білдірмесе де ішінен «Таңнан кешке дейін төсекте жатқаннан қалай шаршайсың осы?» деген әкесінің ойын үнсіз түсінген қыз сәл жымия күлген. Бірақ аяқ асты тұнжырай кетті. Себебі жігітке соңғы сөзін айтпастан кете барған қыз дәл бүгінгі түні арғы жаққа, «өз жағына кетпек». Қимастық болса да әкесінің оны қолдайтынын сезеді. Жылуын көрмесе де жаман шешесін де сағынатын секілді. «Келіп тұрамын ғой», – деп ойлады ішінен шатқалдың бұлардан соң опырылып түсерін білмей. Сөйтіп қоштасты да арманына, өз жағына кете барды адасқан қыз…
ПОЙЫЗДАҒЫ МАХАББАТ
Кезекті демалыстан соң батыстан Сыр еліне жолға шықтым. Жолға шығарда ерте дайындалып, уақытынан бұрын шығатын әдетім бар. Себебі кешігіп қалудан белгісіз себеппен қатты қорқамын. Сөмкелерімді арқалап, вокзалға да келіп жеттім. Пойыздың келгенін күтіп тұрмыз…
Әкем мен анам екі жақтан ақылын айтып, құлағыма құйып жатыр. Қанша дұрыс дүние айтылғаны нақты есімде жоқ, себебі іштей қимастық сезім өртеп барады. Аз уақыттың ішінде ауылды да сағынып қалыппын, тезірек жеткім- ақ келіп тұр. Вокзал қызметкерінің дауысынан кейін дүрс-дүрс етіп пойыз да келіп жетті. Үйдегілермен қоштасып, жол жүру құжатымды көрсетіп вагоныма кіре сала өз орнымды іздедім. Астыңғы жақта орналасқан 29-орын. Заттарымды жайғастырып, пойыздың заңдылығымен терезеден ата-анама қол бұлғап тұрмын. Пойыз тұратын 20 минут зырғып өтіп, жөнеліп кетті.
Төсек-жабдығымды реттеп болған соң орныма жайғастым. Анамның көзіндегі қимастық жас есіме түскен сайын іштей өзімді ауыр сезінемін. Ойымды бөлу үшін сүйікті авторыма айналған Гийом Мюссоның кітабын жастанып, оқуға кірістім. Шағын стансаларға пойыздың тоқтағанын сезсем де кітаптан көзімді алар емеспін. Автордың шеберлігінің арқасында оның ойлап тапқан әлеміне еніп, өзімді басты кейіпкер ретінде сезініп жаттым. Бір кезде «Кітап не туралы?» деген сыңғырлаған дауыс ойымды сап бөлді.
Қасы-көзі қиылған, қалың қою қара шашты қазақтың қарапайым қызы екен. Көршімнің қай стансадан мініп, жайғасқан кезін шыны керек аңғармадым. «Өмір туралы. Кітап – өмір туралы» деп жауап қаттым. Жауабымды түсінгендей кейіп танытса да, түсінбегенін іштей сездім. «Қатігез махаббат. Шын сүйгендердің қосылмауы» деп жауап бердім. Ол сәл жымиып, әңгімені одан әрі жалғады.
– Өмірде шын ғашықтар қосылмайды дегенді кім шығарды?
–Төлеген мен Жібек, Ләйлі мен Мәжнүн, Ромео мен Джульетта ше?
– Егер олар қосылса біздің кезге дейін жыр-дастан болып қалмас еді. Бір-екі мысалмен көпке топырақ шашуға болмайды, – деді жолаушы қыз. Қалың ойға шомып кеттім. Басында әзіл ретінде жауап берсем де, өз ойымды ақтап алудың амалын іздедім. Еш дәлел таппаған соң «Сонда да» деп қысқа жауап қайыра салдым.
Әрі қарай кезекті стансаға келіп, оның ұялы телефонына қоңырау түсті. 1-2 минут күткен соң әңгіменің ұзаққа жалғасатынын сезіп, кітап әлеміне сүңгіп кеттім. «Шай ішесіз ба?» деген сөзге қалай «Иә, жақсы болар еді» деп жауап бергенімді де түсінбей қалдым. Шай ішпесе басы ауыратын адамдай. Сыпайылық үшін «жоқ» деп те жауап бермегеніме өкініп тұрмын. Бірақартқа шегінерге жол жоқ, ыдысымды алып жолсерік жаққа кетіп қалған. Ол да, мен де бір күндік жолға 3-4 күнге жететін тамақ, тәттілерімізді шығарып шай ішіп отырмыз. Қарсы бетте тамақ ішіп отырған аға мен апа күлімсіреп, таңдана қарап отыр.
– Куда путь держите? – деп, өзімше орысшалап әңгімемді бастадым.
– Арман қала Алматыға, оқуға тапсыруға бара жатырмын, – деп сыпайы жауап берді.
– Қазір ХХІ ғасыр, техника дамыған уақыт. Оқуға онлайн тапсыруға болатынын білемісің? – деп өзімше әзілдескендей болдым. Ол сәл жымиып күлді де, мағынасыз әңгіменің шоғын сөндірмес үшін жалғастырды:
– Білемін, әрине. Бірақ биылғы оқу жылы онлайн режиммен басталады екен. Ал мен 11 жыл бойы Алматыны көру үшін тынбай, күндіз-түні білім алдым. Енді 4 жылдық өмірімді арман қаламен астастырғым келеді.
– Әдетте адам деген армандаған мамандығының иесі болу үшін білім алушы еді. Сенің арманың тіптен бөлек екен.
– Ал мен әдеттегідей адам емеспін, – деген жауабымен ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Белгісіз арумен іштей тілдесе бергім келген соң сұрақтарымды жаудырып, өзімше зерттей бастадым. Тағы да келіп түскен қоңырау. Басында қызғаныш болып, кейін анасы екенін білгенімде басыла қалдым. Кітаптың ішіндегі қос ғашыққа соңында не боларын да білгім-ақ келіп тұр. Сол үшін сүйікті ісіме қайта кірісіп, әр бетін асыға парақтай бастадым. Неге екені белгісіз, бұл автордың кітаптарының соңы жақсы аяқталмайтын. Соның әсерінен ұзақ уақыт мұңға батып, өзге әлемнен шыға алмай жүремін. Бұл жолы да солай болды. Көңілге қаяу түсіп, ойлап табылған оқиға үшін жаным ашып отырды. Менің мұңлы жүзімді байқаған көршім ойымды бөлгісі келді ме, әйтеуір «Соңында не болды?» деп сұрады. Бастапқы жауабымдағыдай өмірде болатын жауапсыз махаббат дедім. Сәл жымиды да менен кітапты сұрады.
– Мен ертең кешке түсіп қаламын, ал сен оған дейін оқып бітіре алмайсың. Сосын кітаптың соңында не болары сені сөзсіз қызықтырады. Ал интрига адамның жүйкесін жегідей жейтін жаман қасиет. Бірақ мен кітапқа келгенде қатты қызғаншақпын, ешкімге қиып бере алмаймын. Оның үстіне сендей қызға көңілсіз жүрген жараспайды, – дедім.
– Қазір техника дамыған. Үлгермесем интернеттен жүктеп алармын. Онсыз да телефонмен уақытымызды құр өткіземіз, одан да кітап оқиын, – деген жауабымен енді маған әзілдей бастады. Қанша бергім келмесе де кітапты қолына ұстаттым. Алайда бұл жолы кітапты емес, оны қызғандым. Иә, қызды кітаптан қызғандым. Себебі ол кітап оқуға кірісіп кетсе, оның ойын қайта-қайта бөле алмаймын. Бірақ маған онымен әңгіме дүкен құрған ұнап қалды.
Сұлу қыз кітаптан көзін алар емес. Мен болсам оның сұлулығына тамсанып қарап отырмын. Расымен оның келбеті, мөлдіреген жанары мен тастай өрілген қос бұрымы өзіне сондай жарасып тұр. Менің қарап отырғанымды байқап, маған көз қиығымен қараған кез тіптен елітіп әкететін. Бұрын өзгенің аузынан ғашық болудың қалай болатынын естігенде асыра сілтеу деп ойлайтынмын. Енді дәл сол сезімді өзім сезінгендеймін. Бір қызығы бұрыннан таныс жан емес, өмірде бірінші рет көрген, мен үшін мүлде бейтаныс ару. Оның өзін аз-маз таныстырғанын таныс деуге мүлде келмейді. Мен оның есімін, қай ауылдан және қайда бара жатқанын ғана білуші едім. Дәл сол уақытта мен сұлу сылқымнан көзімді алмай ұзақ уақыт қарап отырдым. Оның әсем жүзіне тамсанып отырғаным соншалық маған қойған сұрақтарын да естіген жоқпын. Бүгін оның кітаптан айырылатын ойы жоқ секілді, енді ертеңгі күнге дайындалу керек. Арман, шіркін, тегін болған соң өз ойымда оған қалай сыр ақтаратынымды ойланып жатып қалың ұйқыға кетіп қалғам…
Шақырайған күн сәулесі көзіме түскенде терезеге көз салып, Сыр өңірінің аумағында келе жатқанымызды білдім. Қалың ойдың құрсауында жатып шешуге ұмытып кеткен қол сағатымнан уақыттың таңғы 5.42 екенін білдім. Ұзақ кезекте немесе кезекті стансаға келіп қалатындай асығып, жуынып келдім. Ауылда жүргенде әбден үйреніп қалғам, еш ойланбастан өзіме шай демдеп алдым. Ал сұлу қыз әлі оянбаған. Ертегі кітаптың ішіндегі суреттердегі ұйқыда жатқан аруды білесіз ба? Жолаушы қыз ертегідегі арудан әлде қайда әдемі еді. Айтпақшы, менің кітабым оны да қызықтырған секілді. Түнімен оқыса керек, қолына ұстап ұйықтап қалған.
Сымтетікте байланыс жүйесі пайда болған сәтте әлеуметтік жүйені ақтарып отырғанда ұйқыдағы ару да оянды. Ерте тұрғаныма таң қалған оған «Ауылдың баласымын ғой» деп күле жауап бердім. Серік болайын деп сұлу қызбен шай іштім. Уақыт өткізу үшін кітап туралы сөз қозғадық. Түні бойы кітап оқып шыққан ол соңына да жетіп қалыпты. Енді сол кітапты аяқтау үшін қайта жастанды. Мен болсам оның сұлулығына тояр емеспін, қарап отырудан шаршайтын да түрім жоқ.
– Негізінде мен өмірде сендей сұлу қызды көрмегем. Ақылына көркі сай деген жанның сендей боларын енді түсінгендеймін. Бұрын ғашық болу үшін алдымен адамды танып-білу қажет деп ойлаушы едім. Дегенмен осы кезге дейінгі ойым көкке ұшты. Қысқасы, мен саған ғашықпын, – деп ішкі сырымды жайып салдым. Бірақ қазақтың қарапайым қара баласында осынша сенімділік қайдан болсын… Бұл сөздердің бәрі менің көзқарасыммен ішкі ойда айтылған сөз еді. Ал жолаушы қыздың оның түсінгені не түсінбегені мені алаңдатпады. Бастысы бар сырым іштей болса да айтылды. Енді өзімді сәл жеңілірек сезіне бастадым. Бір ауыр жүктен құтылғандай кейіпке ендім. Осылайша шағын вагонда уақыт зырғып өтіп кетті.
Жолсеріктің «Жосалыдан түсетіндер, дайындаламыз» деген дауысы естілді. Асықпай заттарымды жинап, түсуге дайындала бастадым. Сұлу қызды қимағаным соншалық вагоннан түскім келмеді. Ішкі сырымды ақтармағаныма, ғашықтық сезімімді жеткізбегеніме қатты өкіндім. Бірақ бәрі кеш…
Сөмкелерімді арқалап сезімге толы вагонның соңына қарай аяңдап барамын. Аз уақытты оның қасында өткізу үшін ең соңғы болып түсуді жөн көрдім. Жүрдек пойыз тоқтауға жақын, түспеске амал жоқ. Вагонның ішінде енді мен болмасам да, белгісіз аруға деген ғашықтық сезімім қалды. Ол сезімді арудың сезінеріне күмән көп. Осылайша өкініш пен қимастық атты қиын сезімді кешіп, вагоннан түсіп жатқанымда сұлудың «тоқтаңыз» деген дауысы естілді. Мүмкін елестеген шығар деген оймен кете бардым. Бірақ әлгі дауыс тағы сыңғырлай түсті. Иә, расымен мен ғашық болған сұлудың дауысы. Бойжеткен қолына кітапты ұстап келе жатыр екен. Маған ұсынып «Шын өмірде шын ғашықтар қосылады» деді. «Жоқ, өмірде махаббат жоқ» деп кете бардым. Расымен, енді мен үшін ғашықтық сезімі бар шығар, бірақ махаббат жоқ болып көрінді. Себебі өмірде сіз сүйген адам сізді сүймейді…
Міне, бұл оқиғадан осындай ой түйдім. Бірақ ғашықтық оты өшпеді, әлгі сұлу күндіз-түні ойымнан кетпеді. Онымен жүздесу, жүздесу түгілі кездесу мүмкін емес екенін түсіндім. Енді ұмыту керек. Қанша тырыссам да ол қолымнан келмегендей. Ұмыта алар емеспін, тіпті оның бейнесі де көз алдымда бұлғаңдайды. «Уақыт – емші» деген оймен бір күні ұмытатыныма сенімді болдым. Ал ол кез келгенше сұлу туралы ойлап жүре беруді жөн көрдім.
Уақыт өте келе оны ойлауды ұмытып бара жатқанымды түсіндім. Бірақ оны естен шығарғым келмейтін. Менде оны еске салатын бір ғана зат бар. Ол – кітап. Әлгі кітаптың желісін толықтай жаттап алсам да қайта оқуға кірістім. Бос уақытымды тек сол кітапқа ғана арнадым. Оның әр парағы белгісіз аруды еске салатын.
Таңертең жұмысқа ертерек келдім. Уақыт өткізу үшін сөмкемнен әлгі кітапты алып, соңғы беттерін парақтай бастадым. Көңілім алабұртып, біреу суық суды үстіме құйып жібергендей күй кештім. Қалай? Неге байқамағам? Қара қаламмен анық жазылған жазба көзіме оттай басылды: «Көңіліңізді түсірмеңіз. Өмірде шын ғашықтар қосылады. 8-747-239-**-**…»
САТҚЫНДЫҚ
Бала кезде бұзық, ерке болдым. Ол кезде әлі қарындасым жоқ, үйдің «нөмірі бірінші» еркетотайы мен едім. Айтпақшы, мен 5 сыныпта оқығанда қарындасым дүниеге келіп, бір-екі апта папа-маманы қызғанып, тығылып жылағаным бар. Бірақ ол басқа әңгіме.
Бұл естелік балғын балалық кез туралы. Үйдегілерге айтқанын істететін де, «нулевой» сыныпқа «мектепте ойыншық жоқ» деп бармай, балабақшада қалатын да, 4 сыныпқа дейін ойыншық ойнайтын да – сол баяғы мен.
Неге екенін білмеймін, әйтеуір, балабақшада орысша топта болдым. Настя, Костя деген балалармен дос болып, «Алма кетті домалап» дегеннің орнына: «Ехала белка на тележке» деген санамақты жаттадым. Үйде қазақша, балабақшада орысша сөйлеп, полиглоттың «демо версиясы» едім. Балабақшадан күнде әкем немесе анам алып кететін. Үйдегі екі ағам мүлде алып кеткен емес. Өйткені, тек кәмелет жасына толғандармен ғана балаларды үйіне жіберетін.
Сол күн әлі күнге дейін есімде. Таңғы сағат жетіде анам оятты. Балабақша ішінде киетін сандалик, шетінде қып-қызыл жіппен Н.А (Нұразғали Аслан) деп тігіп жазылған ақ футболка мен қара шортиды жап-жасыл рюкзагыма салып алғам. Анам қап-қалың етіп киіндіріп, сыртқа шығарып жіберді. Далада «темір тұлпарымды» – шананы дайындап қойған әкем күтіп тұр. «Кожаный» салоны болмаса да таза ауа кіріп тұратын «кабриолетіме» отырып алдым. Үстімді әкем сол кездегі «модный», қоянның суреті бар көк одеяломен жақсылап тұрып қымтап, балабақшаға қарай жол тарттық. Жолда анау не, амандасқан кісі кім, қар неге сықырлайды деген болмашы сұрақтармен әкемнің миын жеп келе жатқанда, оның айтқан бір әңгімесі бар «настроениемді» құртты. Неге екенін білмеймін, әкем кезекші топқа қалғанымды құптамайтын. Мейлінше ертерек алып кетеді. Мүмкін кезекші топта өзімді біртүрлі сезінетінімді айтқан шығармын. Әйтеуір, әкем: «Бүгін үйде қонақ болады, үйде істейтін жұмыстар бар. Сол үшін кешке сені садиктен Нұржан нағашың мен Сұлтан ағаң алып кетеді» дегеннен бастап кішкентай қабақ түйілді де қалды. Неге?
Өйткені, құдайдың құтты күні анам не болмаса әкем алып кеткенде, міндетті түрде дүкенге соғамыз. Айлық түсетін алғашқы екі аптада ойыншық, киндер немесе тойбокс (ТоуВох) аламыз. Отбасылық бюджет азайды-ау деген кезде Tan-Tan Mivimex-тің арахис в кокосовой глазури, бигбабл сағыз алып береді. Бүгін ондай бақыт болмайтынына, екі «старшак» дым алып бермейтініне бала көңілім құлазып қалды. Содан кешке дейін қабағымнан қар жауып, «без настроений» жүрдім де қойдым.
Сағат шамамен 18:00. Өмірінде ондай жерді көрмеген, әженің «садигінде» ғана болған, бәріне таңқалғаннан жағы салбырап кетуге сәл қалған ағам мен анамнан тығылып темекі шегетін Нұржан нағашым келіп тұр. Екеуін бірден байқадым да, танымайтындай түр салып алдым. Олар орыс «воспитательницаға» тілдері күрмеліп, мені алып кетуге келгендерін түсіндіріп әлек. «Аслан, за тобой пришли» деген Наташа апайдың дауысына асықпа-а-ай барып, екеуінің көздеріне қарамастан «раздевалканы» көзбен бір шолып шықтым да, әкем немесе анамды көрмей тұрғанымды білдірдім. Айым оңынан туып, мені бірден түсіне қойған тәрбиешім: «Это твой брат?» деді. Дым ойланбастан, екеуінің көзіне бақырайып қарап тұрдым да, «Нет, за мной папа придет» дедім. Ана екеуінің көзінің қасында үш литрлік банканың өзі түкке тұрмай қалды. «Өй Аслан, эй Аслан» дегеннен басқа ештеңе айта алмады. Маған келгендерін зорға түсіндірген екеуі: «Он мой братишка» дегенді тіпті де айта алмай дал болды. «Любимый» тәрбиешім екеуінің әңгімесін тыңдамастан: «Пусть родители придут» деген сөзбен шығарып салды. Ол кезде «роскошь» саналатын телефон да жоқ екеуінде.
Сол кездегі Аслан іштей мәз-мәйрам. Үлкен іс тындырғандай алақандарын үйкелеп, өзін-өзі мақтап қояды. Ол күні біздің топ кезекші болмаса да, апай қалған 3-4 баланы дежурный топқа апармай, іште қалды.
Ентігіп, қара терге түскен әкемді көргенде жүгіріп барып құшақтап алдым. Шамалы реніші бар ол тез-тез киіндіріп, сыртқа шығарып: «Саған наказание. Шанасыз келдім, үйге жаяу барасың» деді. Жолай неге олай істегенімді сұрап, дүкеннен бірдеңе алуға бола істегенімді білген кезде әкем еріксіз жымиып, бір күліп алды. Сосын «Березка» деген магазиннен бір тойбоксты алып берді. Оның үстіне үйге жаяу да барған жоқпын, арқалап апарды. Осылай дүкеннен бірдеңе алуға бола, ағаларымды сатып кеткенмін…
