ТАСТАН ТАБЫЛҒАН СЫР – ОҒЫЗ ӨРКЕНИЕТІНІҢ БЕЛГІСІ
Дилорам ТАУАСАРОВА,
Түркістан облыстық «Ұлы Дала Елі»
орталығының ғылыми қызметкері
Қазақстанның оңтүстігінде оғыз ерте тарихы жөніндегі қалыптасқан түсінікті түбегейлі өзгертетін артефакт табылды. Ол – бетіне жазу қашалған шағын әктас блок. Ғалымдар бұл жазудың пайда болуын IX-X ғасырларға жатқызады.

Зерттеу нәтижелері көне жазуларды зерттеуге арналған халықаралық ғылыми – The Journal of Epigraphic Studies басылымда жарияланды. Бұған дейін Қазақстан жерінде жазудың пайда болуы XIII ғасырға тән деп есептеліп келген. Алайда зерттеушілердің анықтауынша, жазба дәстүрі бұл өңірде одан әлдеқайда ертерек қалыптасқан. Нақтыланған мәліметке сүйенсек, бұл тас тақташа 1990–жылдары заңсыз қазба жұмыстары кезінде табылғанымен, оған ресми ғылыми зерттеу жүргізілмеген. Кейін ол құжатталып, түркі эпиграфикасы саласындағы мамандармен бірлесіп жан–жақты талданған соң, 2025 жылы ғылыми қауымдастыққа ресми түрде таныстырылған екен. «Наука» басылымында жазудың өзі бір ғана жолдан тұрады әрі онда таңбалардың ерекше нұсқалары қолданылғандықтан, мәтінді дәлме–дәл оқу айтарлықтай қиындық туғызады. Баспа Kazar qan qul деген тіркес ретінде қарастырып, оны «Хазар қағанының қызметшісі» деп аударылғаны туралы жазады. Егер бұл жорамал расталса, аталған артефакт оғыз мемлекеті мен ерте орта ғасырлардағы ең қуатты дала империяларының бірі – Хазар қағанаты арасындағы саяси немесе иерархиялық байланыстардың болғанын айғақтайды. Мәтіннің төменгі бөлігінде қашалып салынған белгі стильдендірілген өзен бейнесі тайпалық тамға ретінде түсіндіріледі.Табылған артефакт оғыздардың ерте кезеңдегі мәдени дамуы жөніндегі қалыптасқан түсініктерді қайта қарауға негіз бола алады. Көптеген тарихшылар ұзақ уақыт бойы оғыздарды жазба дәстүрі дамымаған, негізінен ауызша мәдениетке сүйенген қауым ретінде сипаттап келген. Ал жаңа жазба оғыздардың IX–X ғасырлардың өзінде–ақ әкімшілік, саяси немесе мемлекетаралық қатынастарда жазуды қолданғанын дәлелдейтін тікелей айғақ. Олжадағы жазба маңызын одан әрі арттыра түседі. Өйткені ол оғыздар мен сол дәуірдегі аса қуатты дала мемлекеттерінің бірі Хазар қағанаты арасындағы дипломатиялық әрі саяси байланыстарды тереңірек түсінуге жол ашады. Мұндай таңбалар VIII–XI ғасырлардағы көшпелі түркі мәдениетіне тән. Ғалымдар бұл жаңалық оғыздарды жазба және мәдени даму деңгейі жағынан көктүріктер және ұйғырлармен бір қатарға қояды деп есептейді. Сондай–ақ ол оғыз тайпалары жазуды тек ғұрыптық мақсаттарда ғана емес, әкімшілік, дипломатиялық және басқару қажеттіліктері үшін де пайдаланғанын көрсетеді. Мысалы, қоныстарды бақылау немесе көрші мемлекеттермен байланыс орнату барысында.
Дегенмен түркі халықтарында жазу мәдениеті бұдан әлдеқайда ертерек пайда болғаны белгілі: көне түркі жазба ескерткіштерінің ең ежелгілері VIII ғасырға жатады. Соның бірі Есік жазуы: сақ дәуіріне (б.з.д. шамамен V ғасыр) жататын артефактілердегі жазбалар. Бұл таңбалар көне түркі руналық белгілерін еске салғанымен, бүгінгі күнге дейін толықтай оқылып, шешімін тапқан жоқ. Моңғолия жерінен табылған Орхон жазбалары, Суджи мекенінен табылған IX ғасырға тиесілі жазбалар да көне түркі жазба мұрасының қатарына енеді. Осы тұрғыдан алғанда, артефакт бүкіл Еуразия кеңістігінде түркі топтары пайдаланған ортақ жазба дәстүрінің аймақтық айғағы болуы мүмкін. Дала мәдениетіндегі жазудың тарихи контексті ерте орта ғасырлардағы түркі жазбалары тек билеушілердің есімдерін ғана емес, сонымен қатар саяси оқиғаларды, әлеуметтік құрылымды, идеологияны және діни ұғымдарды да айғақтайды. Мәселен, Орхон мәтіндерінде билік үшін күрес пен қағанаттардың тағдыры кеңінен баяндалады.
VIII–X ғасырлар аралығында Орталық Азия мәдени, саяси және сауда байланыстары аса қарқынды дамыған кеңістік болды: дала тайпалары, Қытай, араб әлемі және өзге де өркениет ошақтары өзара тығыз ықпалдастықта өмір сүрді. Осындай жағдайда жазу маңызды коммуникациялық құрал қызметін атқарды. Бұл жаңалық ғылымда Қазақстан аумағында жазудың пайда болу мерзімін қайта қарауға негіз береді: жазба мәдениет XIII ғасырда емес, кем дегенде IX–X ғасырларда–ақ болған болуы ықтимал. Сондай–ақ түркі дүниесінің қуатты бөлігі саналатын оғыздардың өзге түркі бірлестіктерімен деңгейлес жазба мәдениетке ие болғанын көрсетеді. Бұл, өз кезегінде, Еуразия кеңістігіндегі тарихи байланыстарды, соның ішінде дала мемлекеттері арасындағы саяси қарым–қатынастарды зерттеудің жаңа бағыттарын ашуға мүмкіндік береді.
IX ғасырға жататын ұқсас руналық жазбалар Оңтүстік Сібірде, Алтайда және Хакасияда (Ресей) де табылған, мұнда олар көне түркі тайпаларымен және алғашқы мемлекеттік құрылымдармен байланыстырылады. Моңғолия мен Солтүстік Қытай аумағында әкімшілік және діни мәтіндер үшін қолданылған ұйғыр жазба дәстүрінің ескерткіштері де белгілі.Ал Қырғызстан мен Өзбекстан аумақтарында археологтар көшпелі және жартылай көшпелі қоғамдар ортасында жазба белгілерінің қолданылғанын көрсететін жекелеген эпиграфикалық ескерткіштер мен тамғаларды тіркеген. Ең танымал жазба мәдениет үлгілері: Моңғолия (VIII ғасыр) Ерте түркі жазуының ең белгілі ескерткіштері Орхон жазбалары,Оңтүстік Сібір мен Алтай (Ресей, VIII–IX ғасырлар) Хакасия, Тыва және Алтай өңірлерінде бір жолдан тұратын қысқа руна жазбалар мен тамғалардың ондаған үлгілері, Енисей жазбалары (Ресей, IX ғасыр), Ұйғыр ескерткіштері (Моңғолия және Солтүстік Қытай, IX–X ғасырлар), Хазар қағанаты (Солтүстік Кавказ және Төменгі Еділ өңірі, IX–X ғасырлар).
Осы бай рухани мұраны бүгінгі ұрпаққа танытуды мақсат еткен «Ұлы Дала Елі» орталығында жазба мәдениеттің асыл қазыналарына арналған тағылымды экспозиция ұсынылған. Мұнда әрбір таңба – тарихтың тілі, әрбір жазу – ғасырлар арасын жалғаған алтын көпір. Экспозиция келушілерді жазба мәдениеттің қалыптасу жолымен таныстырып қана қоймай, ұлт жадында сақталған рухани сабақтастықтың мәнін терең сезінуге жетелейді, ұрпақтан–ұрпаққа жалғасқан рухани қазынаның мәнін терең сезіне алады. Бұл кеңістікте адамзат ойының тереңдігін, сөз құдіретінің қуатын айғақтайтын көне жазба ескерткіштері көрініс табады.
ҰСТАЛЫҚ ӨНЕР – ҰЛТТЫҚ РУХ ПЕН ШЕБЕРЛІКТІҢ АЙНАСЫ

Ұсталық өнер – адамзат өркениетімен бірге жасасып келе жатқан көне кәсіптің бірі. Темірді отқа қыздырып, балғамен соғу арқылы күнделікті тұрмысқа қажетті құрал–жабдықтар, қару–жарақ пен әшекей бұйымдар жасау – үлкен шеберлікті, төзімділік пен терең білімді талап етеді. Қазақ халқы үшін ұсталық тек кәсіп қана емес, ұлт мәдениеті мен рухани болмысының ажырамас бөлігі саналған. Археологиялық деректер ұсталық өнердің тамыры тереңде жатқанын дәлелдейді. Ежелгі сақ, ғұн, түркі тайпалары темір өңдеуді жетік меңгерген. Соның айқын дәлелі – Есік қорғанынан табылған Алтын адам киімі мен қару–жарақтары. Бұл жәдігерлер сол дәуірдегі металл өңдеу технологиясының жоғары деңгейде болғанын көрсетеді. Ұсталық – тек қолдың күші емес, ойдың дәлдігі мен жүректің сабыры. Сол өнердің шын бейнесі – құралдар. Балға, төс, қашау, егеу – жай темір емес, шебердің тілін сөйлететін серіктері.Әр құралдың өз мінезі бар:
балға – батылдықты,
қашау – нақтылықты,
егеу – төзімділікті талап етеді.
Оларды меңгеру – ұсталықтың алғашқы әрі ең маңызды қадамы.Жақсы құрал жұмысты жеңілдетіп, шеберді шыңдайды. Құралға қарап, шебердің тәжірибесін, ұқыптылығын, тіпті мінезін де тануға болады. Сондықтан ұсталар құралын көзінің қарашығындай сақтайды – себебі онда еңбектің ізі, уақыттың табы бар.Ұсталық өнердің айнасына қарағың келсе, ең алдымен құралдарға көз сал. Көрік,ойыс ауызды қысқыш, имек ауызды қысқыш, шымшуыр, сүйір ауызды қысқыш темір ұстасының ең маңызды құралдары. Құралдар нағыз шебердің болмысын көрсетеді. Кейінгі орта ғасырларда да қазақ даласында ұсталар ерекше құрметке ие болды. Олар соғыс қаруларын, ат әбзелдерін, тұрмыстық бұйымдарды жасап, ел қорғау ісіне үлес қосты. Ұста болу үшін тек күш емес, металл қасиетін түсіну, оттың температурасын дәл анықтау, шыдамдылық пен көркемдік талғам қажет еді. Бұл бұйымдар тек практикалық мақсатта ғана емес, эстетикалық тұрғыдан да ерекше өрнектеліп, ою–өрнекпен безендірілген. Қазақтың дәстүрлі оюлары темір бетіне нақышталып, ұлттық стильді айқындады.Халық арасында «Ұста – зергердің атасы» деген сөз бар. Ұсталар ел ішінде беделді, қасиетті адам ретінде танылған. Кей өңірлерде ұсталарды киелі санау дәстүрі болған. Себебі олар от пен темірді «бағындырған» шебер иесі деп есептелген.Ұсталық өнер көбіне әкеден балаға мұра болып беріліп отырған. Бұл – кәсіптің үзілмей, ұрпақтан – ұрпаққа жалғасуына ықпал етті.Бүгінде ұсталық өнер заман талабына сай жаңарып келеді. Қолөнер шеберлері ұлттық нақыштағы бұйымдарды заманауи дизайнмен үйлестіріп, көрмелер мен фестивальдерде таныстырып жүр. Қазақстанда дәстүрлі қолөнерді жаңғыртуға бағытталған түрлі мәдени бағдарламалар жүзеге асуда.
Ұлы Дала Елі орталығында металлургия және ұсталық өнерге арналған арнайы зал бар. Бұл залда музей қонақтары қазақ жеріндегі темір өңдеу ісінің ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі даму тарихымен таныса алады. Экспозицияда көне металл бұйымдарының үлгілері, қару-жарақтар, тұрмыстық құралдар мен әшекей заттар қойылған.Залда ежелгі сақ, ғұн, түркі кезеңдеріндегі металлургияның дамуы көрнекі материалдар арқылы көрсетіледі. Темірді қорыту, соғу, шыңдау тәсілдері туралы мәліметтер беріліп, ұсталардың қолданған құрал-саймандары таныстырылады. Интерактивті форматта шеберлік үдерісі бейнеленіп, келушілерге ұсталық өнердің қыр-сыры түсіндіріледі.Экспозиция қонақтарға Ұлы даланың бай тарихи мұрасын сезінуге, ата-бабаларымыздың технологиялық жетістіктерін көруге мүмкіндік береді. Металлургия мен ұсталық өнердің дамуы арқылы қазақ халқының өркениеттік деңгейі мен мәдени құндылықтары айқын көрсетіледі.Ұсталық өнер – халқымыздың тарихи жадын, эстетикалық талғамын және еңбекқорлығын көрсететін құнды мұра. Темірді иіп, одан өнер туындысын жасау – тек шебердің қолынан келетін қасиетті іс. Сондықтан ұсталық өнерді сақтау, насихаттау және жас ұрпаққа үйрету – ұлттық мәдениеттің болашағы үшін маңызды міндет.
МУЗЕЙ САЛАСЫНДА «ҮНСІЗ БІЛІМ» (TACIT KNOWLEDGE) ФЕНОМЕНІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ
Кейде бір қаланы картадан қарап танимыз. Ал кейде сол қаланы жан-тәнімен сезінеміз. Тар көшенің сыры, көне қабырғаның сыбдыры, үнсіз тұрған ескерткіштің тағдыры – бәрі де бір адамның әңгімесі арқылы тіріліп кетеді. Жыл сайын 21 ақпанда әлем жұртшылығы Халықаралық экскурсоводтар күнін атап өтеді.

Бұл мереке 1990 жылдан бері World Federation of Tourist Guide Associations бастамасымен тойланып келеді. Мақсаты – саяхат әлеміндегі көрінбейтін, бірақ аса маңызды маман иелерінің еңбегін бағалау. Экскурсовод – уақыт пен кеңістіктің шебері – жай ғана жол көрсетуші емес. Ол өткен мен бүгіннің арасын жалғайтын алтын көпір, елдің мәдениетін таныстыратын елші, тасқа тіл бітіретін әңгімеші, әр сапарды әсерге толы оқиғаға айналдыратын шебер.Өз дауысы арқылы сарайлар қайта салынғандай, батырлар қайта атқа қонғандай әсер береді. Бір сәтте сіз орта ғасыр базарында жүргендей боласыз, келесі сәтте тәуелсіз елдің заманауи көшелерінде қадам басасыз. Экскурсовод – жай ғана ақпарат жеткізуші емес. Ол – аудиториямен тікелей жұмыс істейтін маман. Бір күнде бірнеше топ, әртүрлі жас, әртүрлі көзқарас, әртүрлі мәдени орта. Бірі – мектеп оқушысы, бірі – шетелдік турист, бірі – ғалым, бірі – мемлекеттік делегация. Сондықтан экскурсоводтың жұмысы – сахнадағы тірі процесс. Әр экскурсия – жаңа аудитория, жаңа энергия, жаңа сұрақтар.«Ұлы Дала Елі» орталығының экскурсоводтары бір топқа тарихи деректерді ойын форматында жеткізсе, келесі топқа сол материалды аналитикалық деңгейде түсіндіруі мүмкін. Бұл – икемділік. Ал икемділік – кәсіби дайындықтың нәтижесі. Турист интернеттен бәрін оқып келеді. Егер экскурсовод тек жаттанды мәтін айтса – ол қызық болмайды. Бүгінгі аудитория тереңдік, сараптама, ерекше интерпретация күтеді. Қазіргі жаһандану жағдайында музей тек мәдени мұраны сақтау және таныстыру институттары ғана емес, сонымен қатар экономикалық және әлеуметтік дамудың маңызды факторына айналып отыр. Осыған байланысты кадрлардың кәсіби даярлығы ерекше мәнге ие. Алайда кәсіби біліктілікті тек формалды оқу бағдарламалары арқылы қалыптастыру жеткіліксіз екендігі тәжірибе жүзінде дәлелденіп келеді. Музейтану мамандықтары үшін тек теориялық білім емес, кәсіби интуиция, жағдайды сезіну, келушілермен қарым – қатынас орнату қабілеті, экспозиция логикасын түсіну және мәдени контексті бейсаналы деңгейде меңгеру маңызды. Мұндай білім түрі ғылымда «үнсіз білім» ұғымымен сипатталып,кадр даярлауда tacit knowledge феноменін мақсатты түрде қалыптастыру өзекті. Пәннің спецификалық табиғаты, келушімен қарым – қатынас, тақырыптық экспозицияны түсіндіру, мәдени контекстті сезіну сияқты қабілеттер арнайы тәжірибе арқылы қалыптасатын білімді (tacit knowledge) талап етеді. Мұндай білімді қалыптастыруда формалды оқытумен қатар тәжірибелік, бейформалды және кәсіби ортаға ену әдістері маңызды рөл атқарады.«Үнсіз білім» ұғымы ғылымда explicit knowledge (вербалданған) пен implicit knowledge (үнсіз) арасындағы айырмашылықты көрсетеді. Венгриялық ғалым М.Полани үнсіз білімді «тілмен жеткізу қиын, тәжірибе арқылы игерілетін білім» ретінде сипаттады. Бұл білім көбінесе әрекет барысында, кәсіби тәжірибеде қалыптасады – музей қызметкерінің экспозицияның логикасын, келушімен қарым–қатынастың нәзік реңдерін сезінуі сияқты құбылыстар осы топқа жатады. Осы тұрғыдан музей саласында кадр даярлау үдерісінде формалды оқытумен қоса үнсіз білімді мақсатты дамыту қажет, өйткені ол кәсіби бірегейлігін қалыптастырады және нақты қызмет жағдайында тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда музейлерде іс–тәжірибе, тәлімгерлік, стажировка, кәсіби қауымдастықтардағы тәжірибе алмасу сияқты әдістер кең қолданылады. Science Museum Group (Ұлыбритания) музей тобы музей объектілерінің «қолданылу тарихы» мен профессионалдық дағдыларды зерттеу жобасын жүргізеді, мұнда коллекциядағы құрал – саймандарды қалай қолданғандығы туралы нақты, түсініктер беріледі. Сан – Франциско музейі ғылыми білім беру мен музей қызметкерлерінің кәсіби дамыту бағдарламаларын ұсынады. Онда викториналар, мастер–класстар және тәжірибелік демонстрациялар музей қызметкерлерінің білімін нығайтуға бағытталған. Музей – өзіндік мәдениеті бар микроорта. Музей саласында кадр даярлау жүйесінде үнсіз білім феноменін ескеру – кәсіби даярлықтың сапасын арттырудың басты шарты. Тәжірибеге, әлеуметтік өзара әрекетке және кәсіби ортаға енуге негізделгендіктен, оны қалыптастыру үшін формалды оқытудан тыс әдістемелерді жүйелі қолдану қажет.Тәлімгерлік, тәжірибе, жобалық оқыту және кәсіби қауымдастықтардағы тәжірибе алмасу музей мен туризм мамандарының кәсіби интуициясын, мәдени сезімталдығын және коммуникациялық қабілетін дамытады. Бұл өз кезегінде мәдени мұраны сапалы таныстыруға, тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан туризм саласында мәртебе туралы сөз болса – ең алдымен экскурсоводтың еңбегі аталу керек.
