«Ақмола» қорымы жайлы білесіз бе?
20.02.2023 0 1 511
Төле Наржанов,
Жамбыл облысы, Байзақ аудандық
тарихи-өлкетану музейінің қызметкері
100 жылдан астам уақыт өңін бермей әппақ болып, бір қабырғасыда қисаймай тұрған «Ақмола» қорымы жайлы білесіз бе?
Ол мына суреттегі мазар. Көзбен көрсеңіз тіпті таң қаласыз. Бір қарағанда кәдімгі балшықтан тұрғызылған, бірақ сүттей әппақ болып тұрады. Пішіні кйіз үй іспеттес, жоғары жағында шаңырақ секілді ойығы бар еді. Мазар осы жылдары ғана сыр беріп жоғарғы бөлігі опырылып түсіп қалыпты.
1910 жылдары салынған мазар жайлы оқи отырыңыз.
Байзақ ауданының құрметті азаматы Мәдімар ауылының тұрғыны, марқұм Бердібек Төлепбергенов ағамыздың жазбасынан:
Ақмола — қыз мазары. Байзақ ауданы мен көршілес Талас ауданы аралығында Талас өзенінің батыс жақ тұсында қырат үстіне тұрғызылған. Тарихи жәдігер «Оххум» қаласы қорғаны орнынан төрт-бес шақырым қашықтықта орналасқан. Байзақ ауданының топографиялық жер картасына түсірілген. Ақмола дүкен, бекет деп көрсетілген. Ел аузындағы аңыз әңгімелерді тыңдасақ барлығы да бұрынғы замандағы атақты бір байдың бойжеткен қызының мазары екен деген болжам айтылады. Кеңестер Одағы қазақ даласына орнамай тұрғанда көшпелі қазақ малдың жағдайын ойлап, көшіп-қонып өмір сүргенін өткен тарихтан білеміз. Ол кезде қазақ даласында оқу-білім болмағандықтан, ол бай адамның аты-жөні, руы туралы кейінгі ұрпақтарға ешқандай мәліметтер жетпеген. Атақты бай малының жағдайын ойлап, қыста құмды қыстап, жазда қазіргі Талас ауданы малшыларының жаз жайлауы болған «Шатура» атты кең жайлауды жайлаған екен. Сәуір айы туа құмнан көшкен бай ауылы «Жиек» құмының шетіне шығып қонады. Осы түні байдың жалғыз бойжеткен қызын улы жылан шағып, қайтыс болады. Тағдырдың тауқыметіне назаланған бай “Көз-қуанышым, жалғыз қызым еді, ең болмағанда ары-бері өткенде көріп, көңілімді жұбатып жүрейін” — деп, Талас өзенінің батыс бетіне қызының мәйітін қойдырған екен. Талас өзені батыс бетіне қойылуына менің пайымдауымша екі түрлі себебі бар. Біріншіден, Ақмоламен жиек құм арасы он бес шақырым жер, жиек құм мен Талас өзені арасы татыр жер болып келеді. Құмдағы қыстау қоныстан көтеріле көшкен бай адам күтпеген жағдайда болған қыз мәйітін жол бойына қалдырмай, алты ай жайлап отыратын, жайлау бетіне қоюды жөн көрді. Екіншіден, жалғыз қызын ел жайлауға шыққанда отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, құтты орнына қондырып ұзатпақшы еді. Тағдыр ісі осылай болды, көнбеске не шара?
Бұл туралы қазіргі Мәдімар ауылының тұрғыны болған Сүлейменов Тәшім ата мен еңбек етіп жүрген кезде әңгімелеп еді. Тәшім ата 1900-1976 жылдар аралығында өмір сүрген. “Мен, он жасар баламын” — деді ата. Әкемнің атының артына мінгесіп жолаушылап келе жатып, осы Ақмола мазарының соғылып жатқан жерін көрдім. Талас өзені жағасындағы тоғайда кірпіш құйылып жатыр екен. Лай батпақ төзімді, мықты болуы үшін, қой жүні мен жылқы қылының үйіліп жатқанын өз көзімен көрген. Біздер сусындап отырған түйеге артылған он шақты мес (ешкі терісіне жасалған ыдыс) қымызды әкеліп түсірді. Ақмола қыз мазарының ұзақ уақыт сақталып, құламай, әппақ болып бір ғасырдан асып, екінші ғасыр куәсі болып тұруының бір себебі осы. Мазар соғылған лай батпаққа жылқы сүті мен айран да құйылып отырған. Тәшім атаның сөзінің жаны бар, себебі атаның – әкелерінің қыстау жайлауы «Оххум» қаласы қорғанының батыс жақ тұсында үш-төрт шақырым жердегі «Қарабақыр» өзені жағасында болған. Қыстауға соғылған қора — жайлардың орны қазірде жер бедерінен өзгеше болып, білініп жатыр.
Ақмола бекетіндегі көпір үстімен кезінде Байзақ (Свердлов), Жамбыл, Жуалы аудандарының қаптаған малы күзде құмға қарай, көктемде ойға, жазыққа қарай көшетін еді. “Өмір болған жерде өлім де болады” — дегендей, көші — қон кезінде, түрлі себептермен шетінеген сәбилер осы Ақмола қыз мазарының жанында жерленген.
Жақын арада Темірбек ауылдық округінің «Әміров Сарманқұл» шаруа қожалығының жұмысшылары арнайы барып осы «Ақмола» қорымының төңірегін қоршап қойды. Алдағы уақытта Ақмола қыз мазарына жоғарғы тараптан көмек көрсетіліп, мазар айналасы жақсы талдарды егіп, көріктендіріп, жаңа талапқа сай жөнделсе арнайы өңірімізге келген туристер мен қонақтар барып көретін болады. Бұл өткен тарихи орынға деген өлшеусіз құрмет болар еді.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.