Зайырлылықтың дін және  мемлекет функцияларындағы алатын орны Зайырлылықтың дін және  мемлекет функцияларындағы алатын орны
Досай КЕНЖЕТАЙ, философия ғылымдарының докторы   Діннің қоғамдағы орны туралы сөз болғанда мына мәселелер есте болу керек. Дін – ұлыстың тұр-мыстық түсініктері мен амалдарын,... Зайырлылықтың дін және  мемлекет функцияларындағы алатын орны

Досай КЕНЖЕТАЙ,
философия ғылымдарының докторы

 

Діннің қоғамдағы орны туралы сөз болғанда мына мәселелер есте болу керек. Дін – ұлыстың тұр-мыстық түсініктері мен амалдарын, олардың ақыл ойлау жүйесін, моральдық-құқықтық нормаларын жалпы дүниетанымдық тұғырларын қалыптастырады. Бір жағынан олардың барлық салт дәстүрлері осы дүниетанымдық тұғыр арқылы мәнге айналады. Әдет-ғұрып та бірінсіз бірі болмайтын болмыстан, үнемі қайталанатын циклдық сипаттағы үдеріс.
Біздің тіліміздегі «қоғам» сөзінің орнына ұлыс ұғымы философиялық тұрғыдан мәнді де терең мағынаға ие сияқты көрінеді. Сонда ұлыс, ұлт, ұлан арасындағы байланыстар өздігінен ұғынықты бола түседі. Ұлан (байтақ) сөзі де ұлыстың кеңістігін білдіреді. Ұлан — ұлттың жұрты. Ұлан-байтақ қос сөзі ғана осы сананы жаңғыртып тұр. Кеңістік пен ұлт тұтастығы — ұлыстың жүйелі, ғарыштық мәнге айналуынан келіп шығады. Ал ұлыстың ғарыштық тұтастыққа айналып, дара болмыс болуында дін негізгі фактор. Ұлыстың, яғни қоғамның, адам санасы мен іс әрекетінен тыс қалыптасқан болмысы жоқ. Яғни адам мен ұлыс өзара тығыз байланысты. Бір жағынан ұлыс адамның іс әрекетінің жемісі әрі оған үздіксіз ықпал ететін тұғыр. Екеуінің ортақ тегі «киелі тарихпен» ғана түсіндіріледі. Сонда ұлыс адамды, адам да ұлысты анықтайды. Адам сол ұланда (кеңістікте) өзінің ақыл ойы мен тәжірибесі негізінде ұлыстың саяси құрылымы мен ерекшелігін анықтайды. Ал құрылымның ерекшелігі адам мен қоғамдық жүйе арасындағы өзара қарым-қатынас өлшемдері арқылы нақтыланады. Осы құрылым мен өлшемдер ұлыстың әрбір мүшесі тарапынан қабылданады, ұлттық меніне айналады. Бұл өлшемдер ұлыстың әрбір мүшесінің ортақ тұғырнамасы деген сөз. Бұл құбылысты құндылықтар жүйесі деп атаймыз. Енді осы құндылықтар жүйесінің киелі әлеммен байланыстылығы тарихилық тұрғыдан сарапталғанда анық көрінеді. Киелі әлем — адамды Ұлы Тәңірмен бірлікке шақыратын институт, яғни дін. Сондықтан діннің ұлыс-ұлт болмысын нақтылаудағы рөлі ерекше.
Енді дін және саясат қатынасы мәселесіне ойысайық. Негізі ғылыми танымдық тұрғыдан, қоғамда дін және саясат қатынастары көрінісі құбылмалы. Бұл да діннің мәніне берілетін анықтамаларға байланысты. Мысалы «дін дегеніміз мораль» десек, онда бүгінгі саясат түсігінімізбен байланысы жанамалы болады. Ал егер «дін қоғам тіршілігін реттейтін құдайлық жүйе, заң» десек, онда саясатпен тікелей қатысты болып шығады. Байқап қарасаңыз, бүгін «діннің мәні не?» деген сұраққа әртүрлі жауап бар. Негізі бұл жауаптар кез келген ұлыстың (қоғамның) тарихи санасы негізінде де, бұрынғы платформаларда да дін және саясат қатынастары өркениеттер мен кезеңдерге қарай құбылып отырса, бүгінгі біздің кезеңде де басқаша мәнге ие.
Мысалы Мысыр, Греция, Рим және Христиан мен Ислам сияқты ежелгі өркениеттерде дін адам тіршілігін анықтаушы негізгі тұғыр. Діни және саяси билік дәстүрлі қоғамда бір әулеттің еркіне беріліп, барлық қоғамдық және саяси жауапкершілік солардың мойнында болған. Ұлыс-мемлекетте, көбінесе көсем-тұлғаның бойынан «киелілік пен саяси қызмет» қатар талап етілген.
Қазір әлемде дін және саясат қатынасы «модернизм мен секуляризм» ұстанымындағы проблема ретінде қаралады. Сондықтан дін және саясат арасындағы байланыстарды тарихи тәжірибе тұрғысынан бірнеше қабаттарға бөліп қарастыруға болады. Бірінші, дін саясатқа үстемдік етеді. Саясаттың дінге бағыныштылығы тәжірибесі Ортағасырлық христиан католицизмінен айқын көрініс тапқан. Әрине бұл қабатты тек католицизм шаблонымен ғана шектеуге болмайды. Мұндай таным, түсінік шаблондарын кейбір ерекшеліктерді есептемегенде ежелгі діндерден де, исламнан да кездестіруге болады.
Исламның тарихи тәжірибесіндегі «Үкім тек Аллаға ғана тән» (Ла хукма илла Аллаһ) ұранымен шыққан харижиттерді, шиаларды сосын суннилерді де жоғарыдағы бірінші көзқарасқа жатқызуға болады.
Енді келесі бір көзқарас бойынша, саясат дінге үстемдік етеді. Яғни діннің саясатқа бағыныштылығы қабаты кейіннен қалыптасқан. Дінді саясаттың құралы ретінде анықтау — позитивистік немесе республикашыл Макиавелли, Гобс, Руссо сияқты батыстық философтардың көзқарастары. Бұл ойшылдардың арасында, олардың осындай көзқарасына қарсы пікір айтып, діннің де, саясаттың да өзара дербес тіршілігін, жеке либералдық болмысын жақтаушы Локк сияқты ойшылдар да бар.
Жалпы дін мен саясат қатынасы тарихында ең күрделі де ықпалды із қалдырған ХІХ ғасыр позитивистері мен материалистерінің ұстанымы болды. Олар мемлекетті ең кемел басқару дәрежесіне жеткізу үшін скуляризмге негізделген, дінге қарсы «жаңа дін» немесе адамды діннен құтқару идеологиясын ұсынған С.Симон, Маркс пен Энгелстің платформасы. Осы көзқарастардың бірінші қабаты ғана бұрынғы теократиялық, дәстүрлі тұғырнама болса, қалған үшеуі жаңа демократиялық, спекулятивтік, яғни бүгінгі модернизмнің жемісі. Міне осы дін мен саясат қабаттары тарихының бүгінгі қоғамға берер тағылымы немесе ұсыныстарын жаңаша тұжырымдау — өте өзекті ғылыми танымдық мәселе.
Зайырлылық ұстанымы тек мемлекет пен дін қатынасын ғана емес, дін ішілік қабаттарды да қадағалайды. Ең алдымен зайырлылық бүгінгі «талақ эпидемиясына» ұшыраған қоғамға қажет.
Зайырлылық дінді бір жамағаттың монополиясынан құтқаратын ұста-ным. Ол қай дін, қай жамағат болса да. Кез келген жасты қысымға ұшыратып, билігі мен стратегиясы арқылы ноқталап алған жамағаттан «еріксіз жастарды» арашалайтын да осы зайырлылық. Діни сенімге деген жастарымыздың еркіндігін де осы зайырлылық реттейді.
Жастарды алдап соғатын кез келген діни топтармен күресудің орталығы да осы зайырлылық. Дін атын жамылып келген сұм ниеттердің сыры мен құпиясын әшкерелейтін де осы зайырлылық.
Мемлекет ол форма, яғни физика, мемлекеттілік мазмұн, яғни метафизика. Екеуі тұтас қаралса ғана «мемлекет» сенімді, нық дамиды. Мемлекеттілік сана — мемлекетке сенім береді. Себебі, мемлекет адам сияқты. Кезінде Хан Кенеге сенім берген де сол мемлекеттілік сана — «Алаш идеясы» — ерлік пен егемендік тұғыры болды.
Дәстүрлі қазақ дүниетанымы ерекшелігі бойынша, қоғам мен мемлекет, мәдениет пен дін, тіл мен діл, билік пен халық үндестікте болғанда ғана елдік тұрақтылық сақталады. Әрбір қазақ азаматының өз тұғырын, тарихи санасын тануы қазақтық міндет болуы тиіс.
Қазақтың мәдениеті жағынан елдігіне де, рухани, ұлттық санасына да жаңаша санада түлеген қазақ жастары ғана ие бола алады. Жастар еркін ойлы, кең, терең ілім, білім иесі болса, нұр үстіне нұр. Бұл тұрғыдан алғанда, қазақ қоғамдық ғылымына көп міндет артылып тұр. Тілші, әдебиетшілері, құқықшылары, тарихшылары баяғы кеңестік ғылыми шаблондары мен қалыптарынан айығулары шарт.
Бұл құбылысты тілге тиек етуімізге себеп, елдік үшін, кешегі кеңестік ұлтсыздандыру режимінен шыққан билікке де, елге де, азаматына да рухани жаңғыру, қайта түлеу үшін ширек ғасыр аз болып отыр. Бұл уақыт ұлт санасы үшін дым емес екен. Егер дін мен саясат қатынасы үдерісіндегі компоненттер өзгермесе, бұл ахуал тағы бірнеше жылдарға созылуы мүмкін.
Жүйе, система, низам деген ұғымдардың астарынан саясат құбылысын түсінеміз. Негізі низам-жүйе деген ұғымның мағынасы кең. Соның ішінде мемлекеттік жүйе туралы, мемлекет болмысына қатысты теориялар мен анықтамаларды шолып қарасаңыз, сол жүйенің бар болуының шарты қашанда имманентті, яғни сол кеңістікке қатысты болып шығады. Кезінде Фараби атамыз да Платонның мемлекет туралы ойларына талдау жасай отырып, оның саяси құқықтық локальдық кеңістікке қатысты құндылықтар жүйесіне негізделетіндігін баса көрсеткен еді. Демек, адамзат тарихында мемлекеттің бар болуының алғышарты өзгермеген. Шарты кеңістік пен уақыттағы қауым не ұлттың саяси еркіне негізделеді. Ол ерікті де ұлт өзін болмыстық жағынан тарих сахнасына шығарған мәдениеті мен өркениетінен алады. Ал мәдениеті мен өркениеттік болмысы жоқ ұлтта мемлекет болмаған, болуы да мүмкін емес.
Бұл тұрғыдан қазақтың болмысы, тарихи санасы мен тәжірибесі ешбір елден кем емес. Қазақ ұлты мен мәдениеті бүгінгі Қазақстанның мемлекет ретінде тарих сахнасына шығуының басты шарты болды. Бұл ақиқатты ғылыми тұрғыдан мақсатты түрде комментарий жасауды бұдан әрі кешеуілдетуге болмайды. Осы тарихи сана, құндылықтық қабаттар және мемлекеттік қатынастар арасында өзара үндестік шарт. Ол үшін қазақ ұлты мен Қазақстан мемлекеті институты арасында мемлекеттілік санаға, жүйеге сай, бағдарламалар мен құқықтық, онтологиялық саяси тетіктер жұмыс істеу керек. Осындай «шарттарды» сезіп, білу және тану үшін де қазақ болмысы төңірегіндегі сана мен құндылықтық алшақтықты, яғни жаттану құбылысын таразылап көруге болады.
Мемлекеттік институт бар, бірақ сол жүйеге ықпал ететін қазақта тарихи, ұлттық сана белсенділігі әлсіз. Соның салдарынан ұлт, ұлыс және ұлан арасындағы бірлік сезімі әлсіз. Ал үдерісті меңгеру үшін де, сол үдеріске ықпалды компонент боларлық орталықтандырылған, ұлттық, мәдени, діни, рухани, саяси және ғылыми танымдық белсенділік шарт. Уақыт бостықты ешқашан кешірмеген. Ол ең қатал сарапшы. Сондықтан да Н. Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиясын ұсынды. Бұл ширек ғасырлық егемендік тарихымыздағы ең маңызды белес.
Егемендікті алғанымызға ширек ғасыр өтсе де, мемлекет дін саясатын тым кеш реттей бастады. Онда да елдегі терактілерден кейін теориялық және практикалық тетіктер мен заңдар жанталаса қабылданды. Дін мамандарының (теологиялық және дінтанушылық бағыттар арасында кәсіптік мамандық деңгей) жетіспеушілігі, діни білім беру жүйесінің (әлі күнге мектепте дінді танудың қай бағытына басымдық беру керектігі жөнінде батыл қадам жоқ) жоқтығы, діни басқарманың (муфтиаттың мемлекеттік институттармен байланысу қабаттары мен тетіктері, функциялары мен ареалының практикалық мәні ашылмаған) дінді насихаттаудағы олқылықтары, Аллаға серік қосу (діни танымдық мектеп ерекшеліктері мен діни сана тәжірибесі туралы, қазақ мұслымандық ерекшеліктерінің бол-
мыстық мәні туралы имамдар мен азаматтық институттар арасында ортақ тұғыр қалыптаспаған, яғни Қазақтар қалай ислам өркениетіне кірді, қандай жолдармен, қалай деген сұрақтар төңірегінде ғылыми танымдық қажеттілікке құлақ асушылық ынта көрінбейді, осы жолда белсендік төмен), мазхаб, уахабизм (Қазақстандағы саяси ислам мәселесі қозғалмай жатыр), фундаментализм (экстремизм, терроризм туралы бағдарлама бар, бірақ оның мемлекеттік саяси ортақ платформасы туралы мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы бірлесе шешу мәселесінде шынайылық жоқ), мемлекеттік қауіпсіздік (бұл мәселеде ең алдымен бүгінгі қоғамдық жіктерге, мәдени құндылықтық, діни танымдық, саяси диалектикалық қақтығыстарға назар аударылуы тиіс болатын) және т.б.
Дін мәдениетімізді, салт санамызды қалыптастыратын өркениеттің негізі. Теологиялық тұрғыдан, діннің өзі қоғамдық мәселені шешу үшін жіберілген құдайлық институт. Болмыстық тұрғыдан дін қоғамға проблема болмауы тиіс. Яғни дін жеке болмыстық институт ретінде ешқашан мәселе болмайды.
Қоғамда діннің проблема ре-тінде теріс құбылысқа айналуы — танымдық, ғылыми, идеялық және рухани, тәжірибелік, саяси тұрғыдан функционалдық тепе-теңдікті қам-тамасыз ете алмауынан туындайды. Дін өз функциясын жүзеге асыра алмаса, қоғамда келеңсіз жағдайларға себеп болып, әртүрлі топтардың, қанаушылықтың, өшпенділік пен дұшпандықтың объектісіне айналады. Сондықтан қоғамымызда дінге қатысты мәселелердің дені болмыстық, психологиялық, саяси және танымдық себептерден туындап отыр. Бұл себептер еліміздегі мұсылмандардың діни танымына, сосын дінге қатысты мемлекет саясатына да теріс ықпал жасап отыр.
Дін – өте ықпалды күш. Ол өзіне сенетіндерді де, сенбейтіндерді де өз ықпалында ұстайтын қабілетке ие. Бұл күш асу, кедергі, тиым, шектеу танымайды. Өйткені, оның алғашқы сұхбат ету объектісі – адамның санасы мен рухы. Ал ақыл, рух, сана дегеніміз метафизикалық категориялар. Демек кез келген мемлекеттік, қоғамдық жүйенің оның ықпалында қалуы табиғи нәрсе. Осы күшті байқап, оның ықпалы мен қоғамдағы орнын танып, бірлік пен тұтастыққа негіздеп пайдалана білудің өзі мемлекеттік саясаттың, ғылыми орталықтардың рационалды бағыт ұстануы мен ортақ келісіммен әрекет етуіне байланысты.
Діннің рухын, құндылықтарын, заң-қағидаларын, доктриналық тео-риялық әрі практикалық негіздерін жалпы қоғамға бір мезгілде күштеп қабылдату құдайлық табиғатқа да, пайғамбарлыққа да жат нәрсе. Адам санасы мен рухы тең дәрежедегі сұхбат тұрғысындағы жанды үйлесім негізінде ортақ тіл табысса ғана өркендейді. Оған берілер мәлімет пен тағылымды тамтымдап бойына дарыта білу–тек пайғамбарлық ұстаздықты қажет ететін нәрсе. Демек діни танымда ұстаз орталық функция атқарады. Дін социологиясы да осы діни танымдық ерекшелікті негізге алуы тиіс. Діни саясатта діни топтар, ұстаздары арасында ортақ табиғи сұхбат болғаны абзал.
Бірақ, дінді жамағатшылықпен, фундаменталистік шаблонмен таныту не қабылдату болашағымызға балта шабу болып табылады. Бұл үдеріске төзімділік таныту, аз қазақты жіктеуге ыдыратуға апарады.
Ислам діні — қазақ болмысының мәні, елдік тәжірибесінің өркениеттік бастауы. Сондықтан бұл дінге жамағатшылық көзқараспен емес, танымдық, методологиялық тұрғыдан баға беруді үйренуіміз керек.
Себебі жамағатшылық көрінбейтін партиялық жікшілдікке бастайды. Ал егер танымдық тұрғыдан түсініп, түсіндірер болсақ, бұл топтар арасында ортақ диалог мүмкіндігі әрдайым сақталады. Сонда уақыт өте келе, уахаби-сопы, ескі мен жаңа қазақтар арасында мәмілегерлік, өзара құрмет пен келісім түсінігі қалыптасады. Бұл мәселеде, «ала қойды бөле қырқуды» бұқаралық ақпарат құралдары да тоқтату керек. Бар қазақ бір қазақпыз. Сенің дінді қабылдау методың мынау, менікі мынау, енді ортада екі танымдық методты біріктіретін ақиқатты табуға бастайтын диалог мүмкіндігіне жол ашсақ қана ұтамыз. Ешқашан өз елімізде, өз ішімізде өзара, сұхбат құра алмасақ, біреу бізге сырттан келіп, ынтымақта, бірлікте, болыңдар деп жол көрсетпейді. Сондықтан қазақ үшін, «менің жолым ақ, сенікі қара, мен жаннатқа сен тозаққа бара жатырсың» деген «балалық сезімнен арылып», эсхотологиялық салдарды Аллаға қалдырып, қазақтық тұғырға оралуды басты мақсат етіп, діндардың сыртына емес, руханиятына мән беруді үйренбесе, ел болудан ада болуы ғажап емес. Сондықтан қазіргі дін саясаты да, діни саясат та дінді болмыстық тұрғыдан танып, танытуды қолға алуға байланысты болып отыр. Діннің барлық қабаттарын тұтас тану керек. Ол тек қана формадан, құлшылықтан, тілдегі сөздер мен ауыздағы дұғалардан, иіліп бүгілуден ғана тұрмайды.
Жоғарыда дін өте ықпалды күш, ол сенетіндерді де, сенбейтіндерді де ықпалына алады, дедік. Ал кейбір атеистер бұл жолсыз-ақ осы қоғамда тіршілігімді сүрдіремін деп ойлайды. Шындығында солай ма? Олай болса талдап көрейік. Адам, отбасы, қоғам, мәдениет, мемлекет және өркениет арасындағы діннің орнын анықтаудан бастайық. Құдайға сенбейтін атеистің өзі отбасын құрарда неке ғұрпынан бастайды. Ал неке сакральды әлеммен тікелей байланысты, діни ритуал. Атеист іштей өзімен-өзі болғанмен, қоғамдық қағида, ережелерден қаша алмайды. Қоғамдағы кез келген норма сакральды әлеммен тікелей байланысты. Отбасында баласының дүниеге келуі де ритуалдық жоралардан тұрады. Балаға ат қоюдың өзі де сакральды әлеммен тікелей қатысты. Жарайды атеист дінді мойындамай ақ қойсын, бірақ дәстүрсіз де мына қоғамнан, мәдениеттен өз орнын алуға тырыссын делік. Кезінде позитивизм теорияларында дін мен мәдениет, дәстүр, салт өз бетінше дербес өмір сүретін құбылыстар ретінде танылған. Содан болу керек, экзистенциалистердің көбі, дін емес, дәстүр маған жетеді деп ойлайтын. Шын мәнінде дәстүр өз тіршілігін қамтамасыз етуі үшін де діни танымға мұқтаж. Дін мен дәстүр, мәдениет тұтастай өріледі. Сондықтан да мемлекеттің мазмұнында мәдениет, ал мәдениеттің мазмұнында да дін бар. Демек дін болмыс болғандықтан да, сен қанша жерден атеистпін десең де бәрібір ислам негізіндегі қазақ болмысыңнан қаша алмайсың.
Дін ақиқатында адам мен Жаратушысы арасындағы сырға толы, киелі қатынас. Сен тіліңмен атеистпін десең де, Оны Алладан басқа ешкім шешетін мәселе емес. Көрдіңіз бе, осы жерде де Аллаға мұқтажсыз! Сен өлгенде ешбір қазақ бұл атеистпін дейтін еді оны басқа молаға көмейік демейді. Қазақ болғаның үшін де, қазақтардың моласына жерленесің.
Бұл жердегі мәселе, қазір қоғамдағы дін құбылысының реалды қуатын танығысы келмейтіндер, пайыздық өлшемде социологиялық жік жасап, «сенетіндер», «сенбейтіндер», «атеистер», «гностиктер» деген қабат жасауға ұмтылып жатыр. Бұл дін мен саясат қатынасындағы салдары ауыр ең күрделі қателіктердің бірі. Дін нәзік мәселе. Салдары өте терең саяси-психологиялық қайшылықтарға апарып соғуы ықтимал. Жалпы киелілікпен, болмыспен спекулятивтік мәнде ойын ойнау тәжірибесін кеңестік режим көрсетіп кеткен, содан тағылым алғанымыз абзал.

Дін және саясат: Батыс пен Шығыс мәселесі
Жалпы дін мен саясат қатынасының жахандық қыры бар. Мұны қысқаша Батыс пен Шығыс мәселесі ретінде қарастыруға да болады. Мысалы Абайдың «Шығысым Батыс, Батысым Шығыс» болып кетті дегеніндей адам ақылы да, санасы да құм сияқты сусып отырады. Егер Батыс, Шығыс деген ұғымдар «Күнге» қатысты болса, демек ортақ деген сөз. Егер Батыс Шығыс дегенің дінге қатысты болса егер, онда Тәңір де ортақ екен. Егер текке қатысты болса, онда атамыз Хз. Адам ортақ екен.
Батыс пен Шығыс қатынасын ұстаз бен шәкірт деңгейінде танитындар да бар. Философ деген ол шәкірт әрдайым. Тек даналар ғана ұстаз. Батыста философия, Шығыста даналық, яғни хикмет. Бұл да танымдық-эпистемиологиялық шаблон. Ақиқат Батыста философиямен, ал Шығыста хикметпен танылады. Бірақ неге екені белгісіз, шәкірті ұстазына қарсы шыға береді. Мұның себебі ұстазының білмегенін де білгісі келетін шәкірттік психология болса керек. Әйтсе де ұстаздың шәкіртінен де үйренетіні көп. Дей тұрғанменен бұл анықтамалар ескірді. Бұлар философия мен хикметке берілген кешегі европацентристік тенденциялар кезіндегі тұжырымдар. Расында, ислами антропология бойынша, күннің шыққан жері мен батқан жерінде адамның бәрі — бір. Батыстың адамы бөлек, Шығыстың адамы басқа мәннен жаралған емес.
Адамдағы білу, тану, сену, мойынсұну, сезу сияқты танымдық акциялар да ортақ. Бірінсіз бірі болмайды. Біріне-бірі мұқтаж. Бірақ адамды адамнан уақыты, кеңістігі, тілі, діні, мәдениеті, ажыратып, тек қана ондағы Алладан берілген жаухар әрдайым «бір жаннан» жаратылғансыңдар деп ескертіп тұрады. Ал феномендер әлемінде бәрі керісінше болып жатады. Содан адам өзімен де, уақытпен де, кеңістікпен де, мәдениетпен де, дінмен де күресіп жатқаны. Тағы адамның арсыздығына қараңыз, осындай нәпсіден туындаған қайшылықтарды, негіздеп, небір «измдер», жасанды теориялар ойлап табады. Өз өтірігіне өзі сенеді. Нағыз жаттану деп осы құбылысты айтамыз.
Байқап қарасаңыз, адамға табынуға да, оны қолданып құрал қылуға да болады. Адам алдауға да, арбауға да бейім жаратылыс. Мемлекет те, дін де, қоғам да, саясат та бәрі адам үшін бар, бәрі адаммен құрылады. Фараби атамыз да, «…мемлекет құқықсыз, дін арсыз, қоғам тыныштықсыз, саясат әділетсіз болса, адам билеушілерге алданады, арбалады, құрал болады. Билік пен бағынушы, ұстаз бен шәкірт, әке мен бала арасындағы қатынаста моральдық өлшем, адалдық үстемдік етсе парасат сол» дейді. Ол «Парасатты ел тұрғындарының көзқарастарының төркіні» туралы кітабында философия мен хикметті діни танымнан жоғары қояды. Бұл антропоцентристік негізге сүйенетін анықтама, тұжырым.
Анықтама анық болса, адамды адастырмайды. Қазір кейбір анықтамалар уақытша, не бір ағымның, не бір саяси идеологияның, не бір діни танымның тіршілігін ғана қамтамасыз етеді. Енді сол тіршілігін жоғалтқан саяси қабаттар қазір тарих болып кетсе де, анықтамалары сол қалпы жалғасып отыр. Бұл орны бос қалған идеологиялардың орнына басқа идеология келіп орналаса алмай жатқандығын, сосын, сол елдегі құндылықтық бағдар немесе бағыттың көмескілігін көрсетеді. Адамдар кейде сол анықтамалардың құлы, өзіне өзі жаттанып, онысын өзі де білмей бұл өмірден өтіп кетеді.
Бүгінгі Батыстың құндылық-тарының негізі Шығыстан енген. Бұл жердегі ең басты құндылық – дін. Ол адамзаттың тарихи дамуының іздерінде сайрап, санадан орын алған. Мағжанның «Күннің ұлымын» дегендегі ойы осы ақиқатты меңзейді. Бірақ, қазіргі таңда соңғы бір жарым ғасырда ориентализм яки европацентристік тенденция бойынша Батыс орталық болып тұр. Шығыс шет, шекара. Яғни барлық жақсы, пайдалы, оң, көркем құндылықтар Батыстан тараған. Шығыс болса, жаман, теріс, зиянкес, сұрқия надандықтың орталығы. Сондықтан Шығыс адамдары өздерінің осындай жамандықтарынан арылып немесе өздері саналы түрде бас тартып, өзін Батысқа сай қайта қалыптастыруы керек. Бүгінгі терракт, экстремизм сияқты құбылыстар осы санаға қарсы жасалып жатыр. Ориентализм бойынша «Батыс не десе Шығыс соны орындауы тиіс». Шығыс өз бетінше егемендігіне алданып, ұлттығына малданып, өз еркімен жері, елі, мәдениеті мен дініне сай құндылықтар негізінде заң, құқықтық жүйе құруды ұмытқаны жөн. Себебі жаңа өркениет тек Батыста. Шығыс өліп бара жатқан ескі өркениет».
Бүтіннің бөлшекпен қатынасы теориясы, дала мен қала қатынасы тәжірибесі негізінен Шығыста, онда да түркі ислам өркениетіндегі халықтарда қалыптасқан. Сол тетік бүгін Батыс тарапынан дамытылып, Шығысқа қайта қолданылып отыр. Қазір жер шары осы таразы бойынша Христиан мен Ислам арасында теңселіп тұр.
Таразының тұғырын анықтау үшін де теориялар мен танымдық ұстанымдар, идеялар керек. Мысалы, діндер арасында диалог бола ма? Болса қай платформада болады? Болмаса неге болмайды? Жалпы осы диалог ұғымы қайдан шықты? Құран діндер арасындағы сұхбат туралы не дейді? Жалпы сұхбат құбылыс па? Жоқ әлде үдеріс пе? Ол қандай категория? Адамзат тарихында діндер арасы сұхбат туралы не айтылады?
Міне осы сұрақтарға Батысты да, Шығысты да құтқаратын орта жол — түркі ислам өркениет тәжірибесінен жауап табуға әбден болады. Таяу Шығыстағы бүгінгі ылаң осы ақиқатты бүркемелеудің амалы сияқты көрінеді. Бұл — жахандық саясаттың айнасы.
Тарихта жахандану құбылысының қабаттары үздіксіз үдеріс сияқты. Кезінде түркі халықтары жаппай араб, орыс жахандануынан аман қалды. Енді ағылшын жахандануында «мазхабтар арасы өзара қырқыс» деп анықталғанымен, идеясы түркі ислам өркениетіне бағытталуда. Осы идеяның ұстанымы, құралы — уахабизм. Бір жағынан кешегі Батыс пен Шығыстың «қырғи қабақ соғысының» жалғасы. Екі орталық сол қалпында, өзгеріс жоқ.
Мысалы, Хемпфер мен Армени Вамбери екеуі де негізінен ағылшын тыңшысы. Алғашқысы Хижазда Османлы мемелекетін құлату үшін Мұхаммед Абдулуаххаб ал Наждидің ұстазы болды. Өзі кейін мойындап артына кітап жазып қалдырды. Ислам құндылықтарын, діни ұстанымдары мен әр ағымның қайшылықты түйіндерін жақсы меңгерген. Британ Үндістан басқармасының зерттеушісі әрі орындаушысы бола білді. Армени Вамбери де негізінен университет профессоры, ғалым. Оның Орта Азияға саяхаты туралы жазбалары да өте маңызды. Бұхара әмірі сұлтан Музаффариддин 1863 жылы қажылыққа аттанар салтанат алдында Вамбериді тыңшы, шпион деп таниды . Себебі ол қанша жерден ислами құндылықтарға жетік, танымы, білімі артылғанымен, түркі ислам сазы мен музыкасы арқылы сыры ашылып қалады.
Батыс пен Шығыс, яғни түркі ислам өркениетінің өткен ғасырдағы мұрагері Османлы мемлекетін ыдыратуда Англия мен Патшалы Ресей арасындағы келісімшарттар болған. Олардың бұл жөнінде бір өркениет ретінде белгілі мүдде қайшылықтарына дейін бірге ортақ жұмыс жоспарлары болғандығы туралы жазылып сызылған зерттеулер жеткілікті. Англия мен Ресей ХІХ ғасырда мұсылман топырақтарын бөлісіп отарлау жөнінде өзара келісе алмай қалады. Бірақ Британия «ұлылығын» танытып, Ресейдің стратегиялық тыңшы орталықтарын жариялауды кейінге қалдырады.
Ал Ресей патшасы Османлы патшасы Абдулхамитке Британияның мұсылмандар арасындағы шпиондарын жариялап жібереді. Солардың арасында Орта Азияда «зерттеулермен айналысу үшін Стамбулда сарайда қызмет істеген» Вамбери де бар болатын. Вамберидің Орта Азияға саяхатынан соң бір жылдан кейін Шоқан Уәлиханов дүниеден озды. Міне осы жерде көп түйін бар. Бұл ориенталистика мәселесі. Өзектілігін әлі күнге жоймай отыр.
Мәселе өткен ғасырлардың ғана стратегиялық тарихы емес, бүгін үшін де функциялық маңызы бар саяси стратегияға келіп тіреледі. Шоқан құбылысы жай ғана бір төре әулетінің орыс империясымен қатынасы ғана емес, отарлаушы мен отарланушы арасындағы қатынас та емес, шоқындыру саясаты ғана емес, ол Қазақ топырағындағы Орыс ориентализмінің ең маңызды орталығы болатын. Орыс ориентализмінің тетіктері біздің елде бүгін де өте ықпалды болып отыр. Қазір орыс пен қазақ арасындағы тарихи құбылыстарды комментарий жасаушылар, былай түсіндіреді: «Ресей билігі басқа, орыс басқа, сондықтан кезінде орыс империясының жасаған әрекеттерінің бәріне бүгінгі орыстар кінәлі емес. Сондықтан болған болды. Өткенді жеккөрінішті қылып көрсетуге жол жоқ. Себебі орыс-қазақ арасында ұлтаралық өрт өршіп кетуі мүмкін. Олай болса, қазақ зорлап орыстандырылды, зорлап шоқындырылды деген сияқты тарих жазылмасын. Қазақ өз еркімен Ресейге қосылды. Себебі Жоңғар, Қоқандықтар қысым жасады. Керек десеңіз, Қазақтарды сол қысымнан құтқарып, бүгінгі амандығына жеткізген, көмек берген Орыс казактары болатын».
Жалпы бүгінгі саясат осылай. Батыс пен Шығыс қатынасында терең ойланатын бір мәселе тағы бар. Ол біздегі Абайтану, Фарабитану, Иасауитану, Машхүртану, Шәкәрімтану, Сұлтанмахмұттану, қазақтану, исламтану, дінтану, мәдениеттану, әдебиеттану, өнертану, музыкатану, саясаттану, қоғамтану салаларына қатысты. Бәрі тану ұғымымен анықталады. Бірақ танылмай жатады. Бұл біртұтас болмыстық танымды талқандау идеясы кешегі кеңестік саясаттың ұлтсыздандыру мұраты болатын. Әлі сол қалпымызбен келе жатырмыз. Тану дейміз танытпаймыз, тұтастық дейміз бөлшектейміз. Сол баяғы жоғарыдан сыналап ыдырату.
Бұл ыдыратудың кеңестік қызыл қырғыны кезінде теориялық, мето-дологиялық, эпистемиологиялық негіздері қалыптасып, оны бақылайтын орталықтар да жұмыс істеген болатын. Арнайы шаблондар бар, ол кеңес идеологиясына қызмет етіп, нәтижелері қазақ оқымыстыларының аузымен тұжырымдалды. «Ойлауда бірлік, сөзде бірлік, істе бірлік» идеясына қызмет етпейтін қорытындылар мен тұжырымдар әлі тіршілігін жалғастырып отыр.
Кеңестік шығыстану ғылым орта-
лығының стратегиясында түркі
болмысын бөлшектеудің аксиоло-гиялық, гноселогиялық және эпистемиологиялық қабаттары бойынша жақ-жақты координациясы жасалып қойылды. Қоғамтану, әлеуметтік ғылымдар кезінде өте маңызды, идеологиялық цехтар, цензуралар, бақылау тетіктері арқылы таразыланды. Әлі күнге сондай шаблондардан қалған ұғымдар, салалар, танымдар, қалыптар өзгерместен сіресіп тұр. Ол жоғарыдағы «танулардан-ақ» көрініп тұр. Арамызда «атында тұрған не бар, заты дұрыс болса болды» деушілер де бар. Бұған да бас изеуге болар еді. Бірақ ол қазақтың, қоғамның, тарихтың, танымның, жалпы егемен елдің әлеуметтік ғылымының жаңа белеске көтерілуіне кедергі болады да тұрады.
Біз көбіне әдет-ғұрып туралы өткен шақта қарастырамыз да, онымен байланысымыз үзіліп қалған яки ұмыттық деп бәрін өткенге жаба саламыз. Осы дәстүр деген құбылыстың сырына үңіліп қарасақ, адам мен дәстүр арасындағы байланыс ол рухани интеллектуалдық сипатта екен. Ол деген сөз, адам мен дәстүр арасындағы эпистемиологиялық үзікті қайта сабақтауды мақсат ететін де, онымен байланысуды қажет ететін де, адамның ішкі рухани әлемі екен. Ол — құндылық. Егер сен оны иеленсең, өз бойыңда тапсаң, сонда ғана ол дәстүр.
Ол материалды мирас емес. Оны әрбір ұрпақ өз бойында, санасында жаңғыртып, сүзіп, қайта қорытып иегереді. Сонда дәстүр меңгеріледі. Ал енді өзің сол мәдениеттің өкілі бола тұра, дәстүрді өткен шақпен шектеп, қол үзіп қалдық, ұмыттырды, ұмытып қалдық қой деп, өтірік жаны ашығансу ол ұлтқа, болмысқа деген сатқындықпен тең.
Себебі, дәстүр — жанды құбылыс. Оны тек өткеннен емес, өзіңнен, санаңнан, ұлттық діліңнен іздеп тауып алуың керек. Жанды құбылыс себебі ол сана деңгейінде сенде бар. Сонымен қауыш, өзіңді өзгерт, жан тыныштығың үшін, ұлттық құндылықтарды құрметтеуіңе, ұрпақ алдындағы жауапкершілігіңе мін болмас үшін. Сонда сенде дәстүр де, салт та, ұлт та, діл де, дін де болмысқа айналып шыға келеді. Міне сонда ғана сен қазақсың! Сен үшін біреу дәстүріңді сақтамайды, сен үшін біреу қазақша сөйлемейді, сен үшін біреу құндылықтарыңды қорғамайды. Сен өзің үшін осыларды өзіңмен бірге алып жүруің керек екен. Ауыр ма? Амал жоқ, егер қазақ болып қаламын десең, басқа жол жоқ.
Таным қабаттары өте күрделі. Әсіресе соры қалың елде таным дегенге пысқырып та қарамайды. Себебі таным көптеген ауыр шарттардан тұрады. Оның ең бастысы өзіңді-өзің тану. Ал қазіргі қоғамда адамның өзін тануға құлқы жоқ. Себебі өзіндегі ақылды жұмыс істетуге деген ынтасы мен жігері өлімші күйде қалған. Сол ынта мен жігерді беретін орта да маңызды шарттардың басында келеді. Ол көбінесе болмыстың өлшемі туралы білім берілмегендіктен және дұрыс ұлттық тәрбие көзін көрмегендіктен болады.
Исламда танымның ең абзалы мағрифатуллаһ — құдайды тану. Мұның жолы да, шарты да ауыр. Біздің мұсылмандық діни тәжірибемізде құдайтануды «ар ілімі» деп атайды. Ол үшін Иасауи жетпіс мақамдық моральдық өлшем қойыпты. Арлы болу оңай емес екен. Бұған үлкен жүрек керек. Терең оймен, ақылмен тану бұл да оңай емес. Ол үшін теориялық білім керек. Танымның «не үшін» және «қалай», яғни мәніне, мақсатына және әдісіне ие болу керек. Оның мәні мен мақсатын айқындау үшін де дәстүрлі ақиқатқа негізделген тәжірибелер мен салыстыруларды жүзеге асыратын ойлау әдісі керек. Осындай ойлар осыдан он бір ғасыр бұрын Фараби атамызды қатты мазалапты. Нақыл мен ақылдың (Алла мен адам), білу мен сезінудің (қал мен хәлдің) тұтастығы деген ұстанымды алға тартыпты. Осындай адам ғана танымға жетеді, онда да «белсенді сана» (Алланың құты, хикметі, хидаяты) жәрдемі шарт депті. Мұнда бір шарт тағы бар. Құдай болмысы, ақиқаты төңірегінде шарт туралы айта алмаймыз. Ал адам туралы шарт болмаса ештеңені де түсіндіре алмаймыз.
Құдайлық жаратылыстың сырына қарасаңыз кез келген құбылыс яғни жаратылыс өлшемнен тұрады. Өлшем ол да шарт. Демек жаратылыстың өзінде шарт бар. Алла шексіз, адам шектеулі. Бірақ адамға шексіздіктен берілген бір құрал бар. Ол – ақыл, Аллаға қатысты шектеулі, ал адам қатысты шексіз. Бұл тану, білу яғни теориялық болмыстық гносеологиялық тұрғыдан, ал сезінуде ақыл шексіз. Бірақ ақыл шексіздікті тілмен, мантықпен түсіндіру мүмкіндігінен ада. Олай болса таным шартпен, ол шарт та өлшемнен, ол өлшем де гносеологиялық, психологиялық қабаттардан тұрады екен.
Сондықтан Абайдың «Ақыл» мен «жан» мен «Өзім» деген жұмбағы бүгінгі күнде де өзекті болып тұр. Бұл жерде «Өзім» деген не? Мен деген не? Мұның мәні маған не үшін керек? Осының қажеттілігін негіздейміз деп кеше Батыста небір психоаналитикалық мектептер қа-лыптасты. Меніңше осы «өзді» тек қана психоаналитикалық тұрғыдан қарастыру жеткіліксіз. Ол үшін адамды қоршаған шарттардың бәрін тұтас қарастыру керек. Адамның мәні рух дегенімізбен де оның «өзін, менін» ұға алмасымыз анық.
Кезінде С. Хантингтонның «өрке-ниеттер аралық соғыс» теориясы төңірегінде «Батыс пен Шығыс» тепе-теңдігінің орнына екінші бір орталық Ислам Әлемін қоюы жайдан жай емес еді . Бұл жоба Батыс ориенталистикасының, Ресей Шығыстанушылығының да ортақ жобасы болатын. Бұл келісімдер француз, ағылшын, орыс отарлаушы белсенді әрекеттері кезінде қаланды және әлі жалғасып отыр. Бұл жобаны кейбір зерттеушілер «Османлы мен Алтынорданың» үрейінен туған мәңгі ұмытылмайтын Батыс христиан тарихи санасының жемісі деп бағалайды.
Хантингтонның «өркениеттер аралық яғни діндераралық соғысы» теориясы өміршеңдігін көрсете алмады. Бұл жерде дін атына жасалған жобалардың барлығы негізінен саяси сипат алғандығын көруге болады. Таяу Шығыс мәселесі Батыс Жахандық саясатының орталығы болғанына да бір ғасыр толған жоқ. Бірақ бүгін Таяу Шығыстағы «дін ішілік мазхабтар соғысы теориясы» практикада сахналанып жатыр. Бұл теорияның пісіп жетілуі мен орындалуына қажетті материал бар еді. Ол материал, идея, ұстаным, кеңістік пен сана тек мұсылмандарда ғана бар. Себебі мұсылмандар өз діни негіздерін «ғылыми танымдық» тұрғыдан қайта сараптау мен эпистемиологиялық талдаудан мақрұм болып келді. Әлем түбегейлі ғылыми таным арқылы трансформацияланып жатқанда, ислам әлемі өз ішінде тұншығып жатты. Мұсылмандар өздерін Батыспен салыстырудың орнына өткен шақтағы исламның тарихи жетістіктері арқылы дәріптеп, жұбанышпен күнелтті. Ғылым жасалмады десек тағы болмас. Діни-танымдық теологиялық шеңберлерде онда да мазхабшылық, шариғат пен конституция арасындағы, метатрадиционализм мен модернизм арасындағы пайдасыз комментарийлерге негізделді. Міне Батыс пен Шығыс арасындағы сан ғасырлық тарихи сұхбаттың нәтижесі, Ирақтағы жағдай «Суннилер мен шиилер» арасындағы мазхабтық қақтығыс ретінде әлемге ұсынылып жатыр. Яғни жоғарыдағы теорияның кеңістік пен уақыттағы көрінісі, сахналануы болып жатыр. Бүкіл әлем сол театрды тамашалап қана қарап отыр.
Ирақта болып жатқан құбылысты Н. Ә. Назарбаев өте жақсы тұжырымдады: «ол жерде дін жоқ». Шындығында ол жерде қан ағып жатыр. Адамның қанын судай шашуды адамзат тарихында да, бүгін де ешқандай ақылмен, ар ожданмен, дінмен, иманмен түсіндіріп, анықтау мүмкін емес. Адамның қанының су құрлы, тәнінің топырақ құрлы құны болмай қалды. Осыны жасап жатқандар өздерін «әлхамду лиллаһ мұсылманмын» дегендер екендігін көргенде, солардың қатарында қазақтың боздақтары да боздап жүргенін елестеткенде, қайғыдан ұйқыдан қаласың.
Ирақтағы бұл трагедияның аты мазхабтар аралық қақтығыс. Бір-бірін өлтіріп жатқандар суннилер мен шиилер, яғни мұсылмандар. Мұсылмандар ол жерде де саяси идеологияның құралы болып, «аксиологиялық трансформация» мен «терминдер мен ұрандардың» сойылын соғуда. Бұл да өкінішке орай, кешегі кеңестік кезеңдегі көтерілген «мәңгүрттіктен» еш айырмашылығы жоқ құбылыс. Мұсылман мәңгүрттері адам қанын былай қойғанда, өздерінің «анасы», «панасы» болған діни құндылықтарын жойып жатыр. Молаларды қиратып, оны ескіліктің, артта қалушылықтың, надандықтың символы деп танытып жатыр. Олардың бір бірлерінің көзқарастарын салыстыруда қолданып жатқандары сана, пайым, түйсік, таным, ой, зерде емес, молалары, мешіттері, кітаптар мен мәдени мұраларын қиратумен, жоюмен өткен тарихын өшірумен жарысуда.
Расында Құранда мұсылмандарға «жақсылықта жарысыңдар» деуші еді. Бұлар Құранға да пысқырмайтын болды. Себебі өздерінше, «суннилік пен ислам тең, шиилік пен мұсылмандық тең. Осындай теңдік қойылған жерде, фундаментализм мен буквализм, фантизмнің шегі болмайды. Оны Құранмен өлшеп әуре болудың керегі жоқ. Тарихтарын сол үшін қиратып жатыр. Өткенді еске алудың қажеті жоқ. Оны тарих ретінде де жоққа шығарған азбал».
Олар осы күндеріне мәз, ертең не болса о болсын. Өздері отырып «сұхбат, таразылау, мәмілеге келу, ақылға салу, құранды қайта оқу» деген саяси да, діни де, ерік-жігерлері табылмай жатыр. Ислам тарихында мазхабтардың шығу себебі саяси негізде болды. Онда ешқандай «діни сенім» (иман негіздері бойынша) негізінде мазхаб болған емес. Сондықтан исламда «секта» жоқ деп айтамыз. Діни-танымдық яғни доктриналық мазхабтар бар, олар — Матуриди, Ашари сияқты мазхабтар. Мысалы, ислам тарихындағы Осман бин Аффанның өлімі саяси негізде болды. Әбу Тәліп пен Муавия арасындағы соғыс та саяси негізде болды. Осы саясаттың артында тақталас, билік жатты. Осындай өте нәзік, бірақ өте маңызды мәселені сыртқы жахандық топтар өз мүддесіне пайдаланып отыр. Сондықтан бүгінгі Ирақтағы мәселе саны аз шиилерді қолдап, билік басына алып келіп, өздері паналатып, саны әлде қайда басым суннилерді биліктен ығыстырып, төреші болғысы келуінде де сол баяғы тарихи сананы жаңғырту жатқан болатын. Кешегі кеңестік кезеңдегі «большевиктер мен меньшевиктер» диалектикасы. Мұнда сынып, тап қайшылығы, «кедейлікті» құндылық сипатында көтеріп, байларға қарсы айдап салу болса, Ирақта мазхабтар қайшылығы, өз діни танымдарын басты құндылық етіп көрсетіп, басқаларды «кафир» ретінде күстаналау. Қолданыстағы методология бір.
Құранды дұрыс пайымдағандар ешқашан мұндай сахналарға актер болмайды. Мұсылмандардың өз діндерін білмеуі, Құранды дұрыс танымауы, жахандық саяси мүдделердің пайдасына болып отыр. Шиилерге келсек, олар халифалықты Али алу керек еді деген көзқарастарын ақидаға айналдырып жіберген. Шындығында ислам тарихына қарасаңыз, Хз. Мұхаммед пайғамбарымыз өлерінде, орнына ешкімді мұрагер етіп қалдырмаған. Егер артыма Али мұрагер болсын деген сөз, не ишара болса, Ансарлар жиналып, ендігі діни лидер бізден шықсын деп жиналыс өткізбеген болар еді. Араб тайпалары арасындағы тақ талас пен билік табиғи құбылыс еді. Әбу Бакрды халифа сайлағанда ол «қурайш көсемі емес», «аус» та емес, «хазраж» да емес еді. Сол сияқты Әбу Бакрдың халифалығы ислам рухына сай таңдаулы, лайықты тұлғасымен, исламға жасаған қызметімен, пайғамбарға деген қатынасымен өлшеніп, сайланды. Ол жерде Алидың халифалығы туралы пікірталас та болмаған. Бұл жердегі аналогия, қазақ болмысындағы құрылым тайпа, ру, жүз құбылысының да кезінде кеңестер саясатында қолданылғандығын, бүгінгі әрбір қазақ жастары есіне алып жүруі тиіс.
Ислам – болмысында зайырлы дін. Саяси, мемлекеттік билікті мұсылмандардың таңдауы мен еркіне қалдырған. Бүгін де егемен еліміздің ертеңіне, баяндылығына кепіл болатын тек бір тетік бар, ол да зайырлылық. Елбасымыздың «зайырлылық біздің басты құндылығымыз» дегендегі ойы осыған саяды. Себебі қоғамдағы кейбір уахабилік танымдағы жастарымыз да «мазхабтар аралық қақтығыстың көрігін үрлеп жатқандарын» байқап жүрміз. Олар тарихымызда болмаған «сунни және шиға» қақтығыстарын қолдан жасағылары келеді. Бұл сыртқы жоба иелері мен тапсырыс берушілерінің Қазақстанды да «қарауылға алғандығын» көрсетеді.
Шығыстың ашық ауыз аңғалдары Батысқа келгенде аңқиып, дамыған мәдениет өнімдерін алып, таң қалып кетсе, Батыстықтар Шығысқа барғанда тек зерттеуге барады. Мысалы 1800-1950 жылдар арасында тек қана Таяу Шығысты зертеген 60 000 мың кітап жазылыпты. Бүгін де солай, біздің байлар тек Батыстың электро техникасы мен секс техникасын алып келеді. Ақшасын шашып келеді. Ал олар осы біз тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан туралы қаншама кітап жазып үлгерді. Неге, себебі олар бұл елді қалай басқаруға болады, қалай өзіме құл қылам, қалай өз дегеніме жүргіземін деп келеді екен. Қазақтың әнін, мәдениетін, тілі мен дәстүрін, тарихы мен дінін, ділі мен руларын, жалпы этнографиялық зерттеулерді жүргізген орыс шығыстанушылары да сол ориентализмнің мақсатымен жүрді. Олардың ар жағындағы ниеті мен мақсатына қарамастан, біз бүгін олардың атына көше беріп, мектептерге атын беріп жатырмыз. Мұның атын «балалық» деп ат қойған аталарымыз. Бүгін де қазақты сол «балалық шақтан» арылды деп айтуға негіз жоқ.
Батыс пен Шығыс саясатында жекелеген тұлғалардың рөлі де маңызды. Батыста христиан жіктерінің ашылуы кезінде М. Лютер тарих сахнасына шықты. Батыстың оянуына ықпал етті. Ориенталист С. Чев «Исламды террор, зорлықшыл, үрей мен құбыжық қылып көрінетін варварлар тобыры ретінде танытуда мақсат бар. Ғасырлар бойы ислам Европа үшін әрдайым бәленің жатыры болды. Он жетінші ғасырдың соңына дейін Османлы айбаты бүкіл Европаны дірілдетті. Христиан әлемі үшін ең басты қауіп, үрей болды. Уақыт осы үрейді жалпы өмірдің ағысымен жеңуді, сейілтуді үйретті. Бұл ориентализмнің нәтижесі болатын» десе, Э. Сайд: «Ориентализм жалпы алғанда Батыс тарапынан әлсіз қалжыраған Шығысқа қабылдатылған доктрина. Осы доктрина бойынша Батыс Шығысты өз ішінде ерітіп, жоқ қылып, ең болмағанда арадағы айырмашылықты жоюды мақсат етеді» дейді. Л. Массигнеон «Біз мұсылмандардың бар тірегін қираттық. Фалсафалары, діндері құрыды. Енді олар ештеңеге сенбейтіндей болды. Терең құзға құлап бара жатқандай сезінеді, хаос, анархия немесе өзін-өзі дарға асуға дайындадық. Қазір осы хәлдің ең кемел сатысында тұр» деп баға берген.
Ақырзаманды күтіп жүрген протестан евангелистер: «Сәл қалды, «Ей Иса тірі болсаң, енді тез жерге түс» деп жатыр. Ұлы Израил мемлекетін құрайық та, ақырзаманды орнатайық, мына дүниеде одан басқа қызық қалмады» деп, Тәңірді ақырзаманды болдыруға асықтырып, мәжбүрлеп жатыр. Бұл саяси, теологиялық кризис. Бұл сананың кризисі, ақылдың дағдарысы. Жер бетіндегі бір қауымның санасы бұзылса, басқаларын ұстап қалу бос әурешілік. Мұсылмандар әлемі де осы «Армагеддон теориясының» пұшпағын илеп жатыр. Қайтсін енді Құраны бар да ділі жоқ, формасы бар да мазмұны жоқ, аты бар да заты жоқ, тарихы бар да санасы жоқ, елі бар да егемендігі жоқ, сөзі бар да мәні жоқ, тәні бар да жаны жоқ. Осындай себептермен мұсылмандар евангелистік мәдениетке құл болып жатыр. Ал күтіңдер Исаны! Бітсін мына театр деп, «Иса режиссерға» қарсы шығып жатыр. Сонда Алланың сынағы қайда қалды?
Осыдан он төрт ғасыр бұрын ислам ақылды, нақылды, арды тұтастандырып, иманды жүректерге нұр қылып құйып, адамзатты ұйытып, қанды тоқтатып еді. Енді сол ислам қолданылып, адам қаны судай шашылып жатыр. Ислам өкілдері исламды түсінуден, түсіндіруден алыстап кетті.
Тарихта ІХ ғасырдан бастап, кейбір мұсылмандар ақылды жоққа шығарды, ХVІ ғасырдан бастап, түркі халықтары, ақыры Батыстың отары болса, енді қуыршаққа айналды. Сондықтан ба, Құранның бірінші аяты «Иқра» мағынасы маған «оқы» емес, «терең үңіл, өзіңді таны» сияқты болып көрінеді. Біріншіден, «дін» мен «араб дәстүрін» ажырата алмасаң осылай болады. Екіншіден, негізі кез келген құбылыс алдымен формасымен өз әсерін көрсетеді. Артынан мазмұны толыққан соң ғана толқын екпіні лықсып барып кері қайтады. Бұл — табиғи хәл. Сондықтан сабыр деген тұғырға, үмітке жақсылап жабысып алып, алға қарай нық сеніммен баса беру керек. Уақыт өте келе осы жанайқайлардың барлығының деңгейі мен тығыздығы нақтылана бастайды.
Қазіргі кезеңде елімізде Ислам діні өзіндік ерекшеліктерге ие. Бұл біздің жеке мемлекет, дербес ұлт екендігіміздің көрінісі. Ислам дін ретінде өте жанды, белсенділігін танытып отыр. Дегенмен, исламның жас мемлекетіміздің дамуы мен баяндылығына қызмет етуі үшін атқарылар шаруалар жетіп артылады. Соның ең басты шарты, ол дін мен ғылым бірге қатар дамуы тиіс. Екінші дін мен мәдениет тұтас қарастырылуы шарт. Осы екі шартты да тарихилық ұстаныммен жүзеге асыруымыз қажет. Себебі тарих ол кез келген мәселені шешудің қазынасы, қоры әрі тәжірибесі. Себебі, біз кеше ғана мұсылман болған ел емеспіз. Біздің діни тәжірибемізде көптеген дін ғұламалары болған. Солардың тарихи орны мен мұралары туралы тұжырымды, ғылыми талдауларға негізделген ой айтылды. Бұл шындығында жастарымызда осы ұлы даладан шыққан ғұламаларымыздың мұрасына деген иелік пен сенім отын ұялататыны сөзсіз. Сонымен қатар ислам орта ғасырларда математика, химия, астрономия, медицина, философия мен поэзия, әдебиеттің дамуына үлес қосқан дін. Ислам ренессансы осы біздің топырағымызда жасатқан бабаларымыздың мұраларына деген сұранысты арттырып отыр. Сондықтан исламды сол бабалар салған жолмен қайта жандандыру керек деген тұжырымға келдік. Себебі бүгінде, кейбір діндар жастарымыздың көзқарастары шектен шығып, радикалды, зорлықшыл, неосалафилік тенденциямен қалыптасуда.
Қазақ елі Ислам дінінің сүнниттік бағытын, оның ішінде фиқх бойынша Әбу Ханифа мазһабында, ақида бойынша Матуриди жолын, ал ар ілімінде Иасауи тәжірибесімен астасып жатыр. Ыбырай, Абай, Майлықожа, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім тағы сол сияқты тұлғаларымызды тану орта ғасырлық мұраларды игерудегі алтын көпір іспеттес.
Жалпы діни тәжірибе арасындағы сабақтастықты құру, дамыту, жаңғырту бұл тікелей ғалымдардың ісі: Қазақстан және Орта Азия аумағының тарихи-діни мұраларын зерттеу жұмыстарын жүргізу; Қазақстан және Орта Азия аумағының тарихи-діни мұраларын заманауи ғылыми әдістермен зерттей отырып қоғамның назарына ұсыну; Мұсылман әлеміндегі діни, әлеуметтік, мәдени және интеллектуалдық өзгерістер мен дамуды қадағалап, талдау жасап отыру; Ислам зерттеушілері, ғылым адамдары мен дін мамандары үшін білім базасын қалыптастыру, еліміздегі және шет елдердегі ғылыми және академиялық ұйымдармен байланыстар қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізу; Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажет деп тапқан жағдайларда ғылыми және діни тақырыптарда қоғамға бағыт-бағдар беретін пікірлерді әзірлеп ұсыну сияқты нақты тұжырымдар айтылуда.
Екінші мәселе ол діни сана. Діни сана дегеніміздің көрінісі ол ғұлама, діни ұстаз, лидерлерге байланысты. Біз қазақтар түркі ислам өркениеті ретінде шығыстық ділдегі мәдениет қатарына жатамыз. Біздің дүниетаным да универсализмге негізделген. Бізде даму мен үйлесім, үндестік пен бірлік деген құндылықтар да исламның мәнімен суарылған. Сондықтан бүгін биліктің қоғамды қолдан жасалған диалектикалық жікпен басқаруының қазаққа пайдасы жоқ. Ол Батыс үшін икемді. Ал біздің қоғам ешқандай әлеуметтік не саяси не идеологиялық қабаттар мен таптардан тұрмайды. Қолдан жасалғанның бәрі баянды бола бермейді. Ол үшін сан мен сапа да керек. Біздің қоғамда қазақтың қазақтығы мен елдік санасын қалыптастыруға орталықтандырылған саяси, идеологиялық тұғыр ең тиімді жол. Сондықтан мына қоғамдағы ақ пен қара, ескі мен жаңа, сопы мен салаф болып дай-дай болған жіктер мен «жігіттердің» басын қосып кеңесуді мемлекеттік институттар қолға алғаны абзал. Мәселе өте маңызды. Қарғайын десем, жалғызым, қарғамайын десем, жалмауызым болып кетер деп қауіптенемін. Мынандай жахандық қысым мен жан-жақты кризис пен соғыс өрті төніп тұрғанда, елдің, қоғамның қабаттары арасында ортақ платформаны қамтамасыз ету мемлекеттік институттың міндеті. Оның үстіне ширек ғасырлық қоғамдық транформациялық діни сана мен танымның бағыты анықталып, «әсер — кері әсер» үдерісі мен өтпелі кезең аяқталып келеді. Енді осы жерде екінші кезең, сұхбат пен құрмет кезеңіне мемлекеттік институттың араласуы тұрақтылық пен қоғамдық тыныштыққа бастайтындығы сөзсіз. Сонда қазақ жастары жікке емес, түсіністікке, өзара төзімділікке бет алары анық. Бұл жердегі айтпақшы болған ойым, кешегі кеңес үкіметінің, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктері бүгінгі егемен елдің ертеңіне жауап бере алмайды.
Тарихқа жүгінсек, әр қоғамның, әр ұлттың, әр мемлекеттің өзіндік дамуының табиғи сара жолы болатындығы тарихи санасына сенімді елдер үшін анық мәселе. Бұлардың ең басты трагедиясы елдің ішінен жау іздеу. Бұл диалектика, бұл анық қолдан жасалған жік. Біз қазақ кім болса ол болсын, (сопы, уахабист) елдік платформада тізе қосу, бірігуге келуді идея ретінде алуымыз қажет. Қалғаны уақытпен өзі-ақ қалпына келеді.
Қазақ мәдениеті, ұлты, мемлекеттілігі мен тарихы ешқашан діни платформада екі жақ болып тартысқан емес. Оған тарихымыз, діни тәжірибеміз, діни танымымыз куә. Тарихи тәжірибемізде елдің бірлігі мен панасы болған басты құндылықтарымыз негізінен Иасауи мұрасы төңірегінде болып келді. Себебі, осы бір тарихи тұлғаның атымен барша түркі әлеміне кеңінен тараған ілім арқылы ислам өркениеті мен діні қазақ болмысына айналды. Ислам құқықтық Ханафи жүйесі де, Матуриди діни танымдық мектебі де, осы ілім арқылы қазақ даласынан орын тепті. Қазақ хандық мемлекетінің негізінде де осы тұлғаның рухани, діни, құқықтық салып кеткен арнасы жатыр. Бұл құбылысты құндылық ретінде тану және құрметтеу бүгінгі мемлекеттілігіміз бен тұрақтылығымыздың тұғыры, руханиятымыздың күретамыры, елдігіміздің іргесі, ұлттығымыздың діңгегі дегенге саяды.
Қоғамда қазір жахандық үдерістер мен құбылыстарды сыналап, қазақтың болмысы мен тұрақтылығына, мемлекеттілігімізге қарсы жасалып жатқан жобалар бар. Бұл уахабилік тенденциялық әрекеттерден көрініс береді. Бұларға заңмен тыйым салу ең соңғы шешім екендігі белгілі. Рас бар мәселені тек заңмен шеше де алмаймыз. Әсіресе діни танымды. Міне осы діни таным қазақтың кейбір жастарын Сирияға бағыттап жіберді. Дәл осы діни таным зайырлы мемлекет ұстындарына деген құрметсіздік пен елемеушілікті егіп жатыр. Бұл діни таным қазақ мұсылмандығын ревизиялап, өткен ата-бабаларымыздың діни тәжірибесін мансұқтап, елді жікке бөліп барады. Қазір жастар санасында, интернеттегі әлеуметтік желілерде өзара төзімсіздік, ылаң, агрессиялық психологиялар қалыптастырып отырған да осы жобалар.
Мысалы, кейбір әлеуметтік желілерде «Әзіреті Сұлтан пір и Түркістан, Қожа Ахмет Иасауи қабірін» өртеп, тозақ отымен шыжғыртып, оны да «ширк» ретінде танытқан видеолар қазір таңсық емес. Бұл өте қауіпті таным, аяғы вандализмге апарып соғуы ықтимал. Бұл қауіп те орынсыз емес, себебі уахабилік танымға негізделген саяси ағым тарихта «қабір қиратушылар» деген атпен белгілі. Сосын қазір уахабилік таныммен уланған жастар арасында Қазақстанға «таза ислам» «Иасауидің қабірін қирату» арқылы келеді деген таным, түсінік бар. Оның да адресі уахабилік тенденция. Себебі уахабилік таным, сопылық құбылысын ислам дініне енген жаңалық, бидғат (ересь) деп қабылдайды.
Кезінде Иасауи мұрасы кеңестік жүйеде ысырылып, исламға «оппозиция» ретінде танылып, сол идеологияға қолданылды. Тәуелсіздік алған соң тағы бір «сопы жамағат» өз мүдделеріне Иасауидің тұлғасын қолданғысы келді. Бүгін енді тағы да сол «Иасауи тұлғасы» қазақ мұсылмандығына жат діни таным болып табылатын уахабилік тенденцияның құралына айналмақшы. Иасауи кесенесі, қабірі, тарихи тұлғасы мен орны қазақ мемлекеттілігінің баяндылығының да символы, ол ел санасында ерекше статусқа ие.
Мына дүние адам үшін жаратылды. Құран солай дейді. Мына дін ислам да адам үшін «нақыл» етілді. Яғни жіберілді. Бірақ Алла адамды мына дүниеде адаспасын деп ақылмен сомдады. Адамның адамдығы оның ақылын қолдана білуінде деді. Енді қараңыз, адамды қоршап тұрған танымдардың бәрі адамның қажеттілігі үшін бар. Кез келген танымды алып қараңыздар. Өнер, сәулет, әдебиет, тарих, тіл, дәстүр, сана, әдет ғұрып, дүниетаным, философия, мораль, құқық, саясат, дін, ғылым, миф осылай жалғасып кете береді. Осылардың бәрі адамға керек. Ешқайсысы да шайтаннан тумаған. Адамнан шығып, адамға келіп, адаммен қатысты сұрақтарға жауабы бар танымдар.
Кеше позитивизм кезінде осы-лардың ішінде дінді жоққа шығарып еді, адам адамға құл болды дедік, бүгін діни танымнан басқаны танымайтын, мойындағысы келмейтін психология өршіп келеді. Онда діни таным жеке дара адамды хайуандар тұратын үңгірге айналдырады, оны Ирақтағы ахуалмен-ақ салыстыра беріңіздер. Бұл салдары. Ал себебі болса, діни таным басқа танымдармен өзара байланыста болуы керек. Олай болмаса, дін өзінің ардақты атынан айрылады. Әрбір таным орнына адамдарды қойып көріңіз, яғни танымға антропософиялық ұстаныммен қараңыз. Басты шарт өзара тату, өзара тұтастықта, өзара құрметте, ешкімнің құқықтық шеңберіне кірмей, таптамай, махаббатпен тыныс алуына байланысты екен. Олай болса, кез келген таным басқа танымдарсыз өмір сүруі табиғи түрде емес, саяси детерминизммен ғана болады. Егер елді саяси тұрғыдан белгілі бір таным шеңберінде негіздеп басқаратын болсаңыз. Кешегі коммунистік идеология сияқты, онда адам құл болады, сол сияқты діни танымды да жалаулатып идеологияға айналдырсаңыз, зайырлылық, демократия деген құндылықтар құнсыз болып шыға келеді. Діннің діни табиғатын сақтап тұруы үшін де ғылым парыз. Сондықтан бүгінгі зайырлы демократиялық қоғамның баяндылығында діни таным мен ғылыми таным тұтас болуы шарт.
Елімізде дін құбылысының барысы мен бағытталуы туралы арнайы мемлекеттік саясат енді қалыптасып келе жатыр. Яғни орталықтандырылған іс шаралар ғылыми танымдық негіздерге құрылып, дін төңірегінде қоғамдық және мемлекеттік институттар арасындағы көпірлер құрыла бастады. Қоғамдық жамағаттар мен ағым өкілдері арасында диалогқа негізделген мәжілістер өткізілетін болды.
Діни таным өзі табиғаты жағынан сырттай «біз және олар» дилеммасын тудыратын таным екендігі белгілі. Мына қоғамдағы «сопы, уахабистер, заманшылар, нақшилар» арасындағы ортақ платформа ол қоғам және оның тұрақтылығын негізге алатын діни бірлестіктер туралы заңда, құқықтық және құндылықтық тарихилық негізде «Ханафи» мазхабы екендігін мойындата отырып, бір идеологиялық арнаға бұрылып жатыр. Ия, әзірге бұлар ұстанымдық, тенденциялық даму үдерісін бастан өткеріп жатыр. Енді осы бетбұрыс идеялық, мазмұндық деңгейге қарай ойысуы тиіс. Сонда мемлекеттілік пен егемендігіміздің баяндылығына деген кепілдік орнайды. Міне осы бағытта, мемлекеттік ұстанымның, дінге оның тарихи жолы мен діни тәжірибесіне деген ымырасы басты шарт. Бұл біржағынан «дін және мәдениет, өнер мен тіл, тарих пен діл» тұтастығын ортақ идеологиялық тұғырда басқару мен дамытуға оң септігін тигізеді деп үміттенеміз.
Жалпы дін антропологиясы бүгінге дейінгі материалдарды діни сенім, діни сана, діни таным мен діни тәжірибе шеңберінде топтастырып, комментарий жасауға бет бұрып келеді. Сол сияқты республикалық жүйедегі мемлекетте де діни таным мен ғылыми таным қатар, ортақ, өзара тең сұхбатта бірге болу платформасын табуы тиіс. Теория мен практика жақындай түссе, нәтиже де сомдалып көріне бастайды.
Қазір қазақтың әлемі де, әруағы да таразыға тартылып жатыр. Енді рухты жоққа шығару ашық айтыла бастады. А ласту бираббикум? Қалуу баала. Мен сендердің Жаратушың емес пе едім? Рухтар бір ауыздан «Сен біздің Жаратушымызсың». Мұны қазақтар “әлімсақ” ал мисақ дейді. Алла құзырында рухтардың анты деп те қабылдайды. Бұл түсінік ислам теологиясына да сай түсінік. Ал енді рухты жын деп таныту ол қазақша айтқанда “танту”. Құранда “Халақту инса уа жинна лийағбудуни” яғни бұл жерде адамдар мен жындарды маған құлшылық етсін деп жараттым. Яғни адамдар мен жындар екі бөлек болмыс, олардың жаратылыс мақсаты бір. Енді сол жынды рухтың орнына қоя салу ол кешегі Онгон деп танытатын Фреид психологиясынан қалған түсінік. Бұл батыстық позитивистік шаблонға қарап комментарий жасаудан басқа ештеңе емес.
Ислам дін антропологиясында адамның рухы тәнге дейін одан кейін де оның ақиқаты туралы, эсхатологиялық сипаттары туралы да Құран аяттары негізінде жақсы түсіндіріліп келеді. Сондықтан қазақтар рух, аруақ деген түсінігі ешқандай исламға қайшы түсінік емес, ғылымға да. Бұл туралы дін психологиясы саласы бойынша заманауи зерттеулер де дамып келеді. Бүгінгі дінтану мамандығына да осы пән оқытылады. Жалпы дін деген ол өз алдына арналы ғылым. Теологиялық, теософиялық, дінтанушылық аспек-тілері өзара қатар дамыса игі.
Бірақ, өкінішке орай, ислам дін ғылымдары сол баяғы орта ғасырлық эпистемиологиялық деңгейде қалған. Себебі гносеологиядан жұрдай. Сол шаблондармен қаруланған жастарымыз, бүгін дін феноменін құбыжық қылып көрсеткілері келеді. Рух ақиқат. Он сегіз мың әлемнің тылсымының бастысы. Ол туралы Құранда “аз мәлімет” берілді деп, түсу себебінде тыйым салынғанымен, ислам философиясында рух тақырыбы, “ал фалсафат ал уула” яғни ұлы фалсафа ретінде жалғасты. Ибн Сина, Фараби, Ғазали, Даууани, Иасауи, Хазини Абай, Шәкәрім мұралары сол ұлы фалсафаның сұлбасы, яғни, сабақтастық жалғасып келеді. Осы желіні үзгісі келетіндер атеистер мен бүгінгі неосалафилер ғана.

Діни таным мен діни сана
Кешегі кеңестік дінсіздендіру, ұлтсыздандыру идеологиясының салдарынан ауызға да алынбай ұмыт бола бастаған рухани мұраларымыз қайта жаңғырып жатыр. Қазақ елі деген өз алдына дербес ел болдық. Ықылым заманнан еңсе көтергелі ұстанып келе жатқан сунниттік бағыттағы «ханафи» мазхабы мен «матуридилік» діни танымын өзімізше зерделейтін күн туды. Әсілі, халқымыздың басынан қаншама аумалы-төкпелі нәубеттер өтсе де, елдігінен айнымай осы күнге дейін аман-есен жетуінде рухани тұғырлардың орны ерекше. Бүгін рухани тұғырларды қайта жаңғыртып, тарихи сана, ұлттық болмысымызбен қауышу ең басты өзекті мәселе.
Өкінішке орай, қоғамда дін құбылысы ар, иман, махаббат деген рухани мәнмен емес, керісінше сыртқы формамен, сосын «куфр», «ширк», «бидғат» сияқты нормалармен танылатын болды. Осы өлшемдердің үстемдік етуінің салдарынан дін құбылысы «жақтастар мен қарсыластар» деген екі шепке айналды: «біз және олар». Ең сорақысы, «біз» жақтағылар да, «олар» жақтағылар да бір-бірін тек қана сыртқы формасына қарап бағалауда. Бұл ахуал қоғамды үрейге орай бастады. Ал үрейлі адамнан мораль, адамгершілік құндылықтар күтудің өзі абсурд. Себебі өзі қорқып, сенімінен айрылған адам қоғамға көркем мінез үлгісін көрсетеді деген бос сөз.
Қазақтың мәдениеті, дүниетанымы, мемлекеттілігі бәрі исламмен анықталып, түсіндіріледі. Олай болса, ислам біз үшін ең басты құндылық. Ал құндылыққа ең алдымен жауапкершілікпен, махаббатпен қарау керек. Бізде керісінше құндылыққа үреймен, күдікпен қараймыз. Осы хәлдің психологиялық себептерін, танымдық негіздерін ақылға сала отырып сараптауымыз шарт. Тарихи болмысымыздағы исламға өз орнын бере отырып, өзіміз де сол панадан алатын орнымызды таба білгеніміз абзал.
Ол үшін жат ағымдарды тануды, олардан қашуды, өзіміздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы қанымызға сіңірген, тәжірибеде ақталған, «дәстүрлі мұсылмандық негіздерімізді» табуға, сонымен табысуға деген ниет, әрекеттерімізді біріктіріп, ғылыми негізге салуымыз қажет.
Олай болмаса, қазіргі қоғамдағы діни таным төңірегіндегі ақыл мен білімге емес керісінше, жамағатшылдық-идеологиялық пікірталастар мен мағынасыз тартыстар — қазақтың ішкі қуатын, әрекетшіл қабілетін сарқып, оның әлемге ашылуына, бүгінгі заман талабына сай болуына кедергі жасай беретін болады. Яғни адам мен Алла, қоғам біржақты нақылдың көлеңкесімен ғана қарастырыла берсе, келешекте де үлкен рухани ауытқушылықтардан ада бола алмаймыз. Сондықтан Алла мен адам, әлемді тұтастандырып, адамға ең ұлы мәртебе беріп, дәстүрлі діни танымдық аян, ақыл, сезім, ішкі таным ерекшеліктерін ескеріп, әрқайсысына өз орны мен ақиқатын нақтылап көрсеткен, болмысымызды қалыптастырған рухани төл тұғырларымызды жаңаша тұжырымдап, тіршілік көзі ретінде қоғамымызға қайта ұсынуымыз шарт.
Бүгін зерттеу аспектісі ретінде түркі мұсылман ойшылдарының ғасырлар бойы қолданған танымдық, методологиялық дәстүрлерін айқындап, құқық, экономика, саясат, философия, психология, социология, тарих, дін және жаратылыстану ғылымдарын да жаңғыртуда тарихи қорымызды иеленіп, бүгінгі заман талабына сай сүзіп, қайта түсініп, түсіндіруді, өмірге қолдануымыз қажет. Сонда ғана ислам мына егемен елімізге, қала берді әлемге нұр болып көрінеді.
Болмаса, ислам террорист, со-ғысшыл, ұрдажық, «қауға сақалды», «қысқа балақты» тип қалыптастыратын дін ретінде танылудан, құбыжық күйге түсуден ада болмайды. Бұл құбылыс жалғаса беретін болса, дін құбылысының мәдениет, адам, ұлт және өркениет қабаттарындағы алатын орны туралы ақиқатты аша алмай кетеміз.
Қазақстанның өткен ғасырлардағы саяси отаршылдығы, кеңестік, атеистік идеологиялық қысымы кезеңінде дін құбылысының болмыстық мәніне көңіл бөлінбеді. Қазақ мұсылмандығының негізгі арнасы Ханафи, Матуриди мен Иасауи үштігі, яғни исламдағы фиқх, калам мен тәрбие тұғырлары да көмулі жатты. Құқықтық, доктриналық және моральдық құндылықтарымыздың бастаулары мен діни тәжірибесі жоқ саналып, ұлттық болмыстан ажыратылдық. Дін құбылысы ғылымпаздық шаблонымен зерттелді. Бірақ бұл зерттеулер діннің жоғарыдағы айтқан болмыстық мәніне қатысы болмады.
Қазір дінтанушылық зерттеулердің ғылыми-танымдық шеңберде зерт-теліп келе жатқанына да жүз елу жылдың жүзі болды. Ғылыми таным діннің мәнін емес, формасын ғана негізге алды. Яғни дін реалды құбылыс ретінде танылмады.
Бүгін діни ахуалдың өзектілігі мен қажеттілігіне қарай осы құбылысты «діни сана», «діни сенім», «діни тәжірибе» және «діни таным» қабаттары арқылы тұжырымдаудың пайдасы зор. Бүгінгі сыртқы жат діни ағымдардың қысымы тарих бойы қалыптасқан мұсылмандығымыз бен ұлттық, мәдени болмысымызға үлкен қауіп. Бұл қауіпті сейілтудің бірден бір жолы — ғылым. Ғылым проблемалардан қашуды емес, оны шешуді қамтамасыз ететін құрал.
Құран – ислам дінінің және онымен байланысты ойлау жүйеміздің негізі, қайнар бұлағы. Бірақ адам шектеулі болмыс. Оның ұғыну, тану қабілеті де, танымға жету құралдары (көру, есту сияқты) да шектеулі. Адамның қоршаған ортасына байланысты бірнеше әсер етуші факторлардың ықпалында қалуы табиғи жағдай. Құран — құдайлық таным объектісі. Дегенмен, тарихта, діни тәжірибеде уақыт өте келе пайғамбар анықтаған үкімдердің яғни Құрандағы кейбір ұғымдардың мағына жағынан кеңейіп немесе өзгеріске ұшырауына куә болып отырмыз. Бұған ислам ғылым тарихындағы тафсирдің саны, тафсир мектептерінің көптігі дәлел бола алады. Құран адамды өзін, өмірді, әлемді мұқият зерттеуге, өмірдің, болмыстың мәнін ойлауға шақырады. Ал, ойсыз, әуейілерді нәпсіқұмар, білімге емес жалған хабарға берілген надандар ретінде танытып, оларды «керең», «мылқау», «соқыр» қатарына қояды. Бүгінгі Матуриди мұрасының танылуы мен ғылыми түсіндірілуінің өзектілігі де осы жерде туындап отыр. Олай болса, діни танымды ғылыми тұрғыдан тұтастықта зерделеу шарт. Діни таным — діни сананың эпистемиологиялық қоры. Діни сана ол мәдениетіміздің мазмұны, өзегі. Қазақ мәдениетінің мазмұны болған діни санамыз да Матуриди ақидасы арқылы қалыптасқан.
Сыртқы жат идеологиялық діни танымдардың әсерінен еркіндік, тағдыр сияқты мәселелер де адамның ықпалынан тыс құдайлық детерминизмге негізделіп түсіндіріліп жатыр. Бұл адамды еркі мен жігерінен ажыратып, еліктегіш мұсылмандыққа, ойсыздыққа итермелеп жатқан діни доктриналық фактор. Қазақтың төл мұсылмандық танымы осындай доктриналардың ықпалында қалып отыр. Нәтижеде қазақтың дәстүрлі отбасылық құндылықтары діни сенім тұрғысынан жікке бөлініп, жанұя ішінде үлкен әлеуметтік, танымдық проблема көрініс бере бастады. Бұл жай ғана отбасы мәселесі емес. Отбасы – ұлт болмысының, қоғам тұтастығының, мемлекеттің тұрақтылығының негізгі тірегі. Ал отбасының жікке бөлінуі қоғамның бірлігіне, мәдениеттің тұтастығына қауіп. Егер біз қоғамдағы бүгінгі келеңсіз үдерістердің ертеңгі салдарынан сақтану үшін бұл іске бүгін өз бағытымыз бен ұлттық позициямызды нақтылап қоймасақ кеш қаламыз. Ол үшін ең алдымен діни сенім бостандығымен қоса дәстүрлі дінді жандандыру және дамытудың барлық тетіктері мен негіздерін қайта қарау қажет. Сонда ғана ислам діні – қазақ болмысы мен мәдениетінің негізгі күретамыры және сақтаушысына айналады. Бұдан кеш қалсақ, бүгінгі жахандық қыспақтың құралы болып, ислам қоғамды ыдыратушы қара күштің орталығы болады.
Ал ұлт болмысының сақталуында жаттану емес өзінің құндылықтық, рухани тұғырларымен қауышу шарт. Исламофобиялық тетіктер арқы-
лы исламға, өз анамызға жиіркенішпен қарайтын бол-сақ, онда болашағымыздың баян-дылығын қамтамасыз ету мүмкін емес.
Сондықтан, дініміз бен мемле-кеттілігіміз – бірінсіз бірі болмайтын басты құндылықтарымыз. Себебі мемлекеттілігіміздің негізі – қазақ мәдениеті. Оны дамытудың жолы болмысқа қатысты арнайы саясат, қамқорлық қажет. Бұл жерде мемлекет және дін арақатынасын тарихи онтологиялық ұстаным арқылы өзіндік ерекшеліктермен нақтылап алған дұрыс. Ол үшін біз республикалық, демократиялық негіздегі мемлекет болғандықтан ұстанып отыр-ған зайырлылық принципіне нақты түсіндірме жасап, мәдениет, дүниетаным мен тарихи жадымыздың талаптарын ескеруіміз жөн. Бұл — қазақ мемлекеттілігін, оның күшін нығайтудың алғышарты.
Бүгінгі діни ахуалды реттеудің тетіктерінің бірі ретінде Матуриди мұрасының маңызы зор. Осы бағытта еліміздің қоғамдық институттарында «матуридитану» орталықтарын ашуды қолға алған абзал. Бұл орталықтар Қазақстанның болашағының негізін қалайтын идеологиялық платформа қалыптастыратын функция атқаратындығы сөзсіз. Себебі дін және мемлекет байланысында мұқият болуы тиіс нәрсе – әрбір ой, теория және практиканың артында құндылықтар жүйесі мен рационалды шындық базасының жатқандығын естен шығаруға болмайды.
Бұл құбылыстарды талдап түсіндіруіміздегі мақсат біреу. Кеше кеңестік қызыл режимнен діни санамыз өлімші болса да аман қалды. Себебі діни таным мен діни тәжірибеге тыйым салынды. Кейбір мәдени қабаттарымыздағы құндылықтар да діни мән ретінде қысымға ұшырады. Тәуелсіздіктен кейін ғана діни сана жаңғырып, оның қоршаған мәдени қабаттарына тіршілік ене бастады.
Кешегі кеңестік ұлтсыздандыру салдарымен күресеміз деп жүргенде, уахабизм қазақ мұсылмандығын ширкпен, діни санасын шаманизммен, діни танымы мен тәжірибесін жоққа шығару белең алып барады. Діни санамыздың айнасы болған жырлар мен қисса, дастандар, термелер, әдеби мұралар редакцияланып жатыр. Сол себепті қазақтың мәдениетінің мазмұны, мәні болып табылатын діни сана тұншығып отыр.
Діни сана табиғатынан тек өзіне тән «діни танымды» ғана қабылдайды. Басқа таным оған жат, бөтен. Демек қазақ «екі діни таным» арасында қысылып отыр. Сондықтан қазаққа діни санасын, яғни ұлттық, мәдени қабаттарын сақтап қалу үшін, өзінің төл діни танымын жаңғыртып, оның білім беру жүйесінен орын алу тетіктерін қарастырғанымыз абзал. Себебі діни сана өзгерсе мәдени қабаттар да өзгеріске ұшырайды. Оны өзгертететін де, сақтап қалатындар да қазақтың өзі. Қазақ болмысының ең белсенді қабаты жастарымызға дұрыс діни білім беруді қамтамасыз ету мемлекеттің міндеті болмақ.
Бүгін бұқаралық ақпарат құ-ралдарында «қай ислам» деген сұрақ өзекті болып тұр. Дін құбылысы туралы «таза ислам», «дәстүрлі ислам» және «байсалды ислам» ұғымдары арқылы берілген «қалыпты таңбалар» мен «қорытындылар» түрлі деңгейде, әр түрлі дәрежеде өте жиі айтылатын болды. Оған қоса «экстремистік, террористік» әрекеттерді анықтау және оны сараптайтын орталықтар да мемлекеттік деңгейде жұмыстарын бастап кетті. Жаппай ішкі саясат бөлімдерінің де негізгі айналысатын басты шаруасы дін болып қалыптасып үлгерді. Дегенмен, мемлекеттік және қоғамдық интитуттардың зайыр-лылықты басшылыққа алудағы методологиялық ұстанымдары мен анықтамалары нақты болмай тұр.
Діни ахуал тек Қазақстанда ғана емес, жахандық саясатта да өзектілігін сақтап отыр. Сондықтан әлемдік проблема болып табылатын «діндер аралық тепе теңдіктер мен үйлесімділіктерге де» дәстүрлі тұрғыда дін өкілдерін Астанаға жинап, ел болып үн қосудамыз. Бұл ортақ проблемаларға бірге жауап іздеу деген ниет.
Бүгін дін неліктен басты назарда тұр? Бірінші жауабы дін әлемде саясаттың басты құралына айналды. Бұл транценденттілік тұрғыдан, ал енді имманенттілік тұрғысынан да жауабы да өте қарапайым. Егер дін өз функциясын жүзеге асырса, ең болмағанда негізгі жораларын орындай білсе, қоғамда дін басты назарға алынбас еді.
Таным дегеніміз кең мағынада – болмысты танытатын, бар нәрсені ойда кескіндеп, мүсіндейтін айна. Бірақ, құбылыс пен оның танымы өзара сәйкес келе ме? Яғни, адам болмысты сол қалпында тани ала ма? Болмыстың танылуы әрдайым біртектес бола бермейді. Танымды сипаты мен анықтамасына қарай діни, философиялық, ғылыми, өнер, тұрмыстық және оккульттік және тағы басқа деп бөлуге болады. Бұл танымдардың әрбірінің адамның тіршілігі мен өмірінде өзіне тиесілі орны мен рөлі бар. Осылардың ішіндегі діни таным – табиғаты мен ұстанымы жағынан жоғарыдағы басқа танымдардан ерекше. Діннің өзегін аян яғни, Құдайдан келген таным құрайды. Сондықтан да аян өзгермейді, абсолюттік ақиқат ретінде қабылданады. Бірақ, бұл қабылдау – толығымен иман, сенімге тікелей қатысты. Алланың аяны ақиқат. Өйткені, абсолют және өте кемел болмыста кемшілік жоқ. Міне, сондықтан да Алланың аянының дұрыстығы мен бұрыстығы пікірталасқа орын жоқ. Дұрыстығына иман еткен сол дінде қалады, иман етпегендер де ол діннен шығады. Өйткені, діннің негізінде абсолют ретінде қабылданған таным бар. Бұл құбылыс кез-келген діндер үшін ортақ. Дінде Алланың аянымен бірге адамға тән танымдар да қатар өмір сүреді. Бұлар, негізінен Алланың аянының түсіндірмелері. Дінде әр түрлі мазхабтар мен тариқаттардың болуының себебі – бір мәселе төңірегінде әр түрлі пікірлер мен түсініктердің болуы дер едік. Бұл айырмашылықтар Алланың аянының әр түрлі түсіндірілуінен туындайды. Сондықтан бір дінде, Алланың аянына негізделген әр түрлі түсініктер мен құлшылық формалары кездеседі. Бұл – табиғи нәрсе.
Ислам дінінде суннилік, шиилік сияқты догмалық-доктриналық мазхабтар мен ханафилік, шафиилік, ханбалилік сияқты құқықтық мазхабтар және осы мазхабтардың негізінде де әр түрлі нақшбандийа, кадрийа, иасауийа, маулауийа, маламийа, халуатийа, байрамийа, рифаийа, сулайманийа секілді тариқаттардың барлығы Құранға негізделген. Бұлардың айырмашылықтары мен ерекшеліктері Құранның ұста-нымдары мен үкімдерінің түрлі-түрлі түсіндірілуінен туындайды. Кейінгі кездері бұларға локальдық және глобальдық идеологиялық тұжырымдар қосылды. Сондықтан айырмашылықтар, діндегі адамға тән танымдардан келіп шығады. Ал кейінгі қосылған танымдық аспектіге дін мен дәстүрдің аймақтық тайталасы да кіреді. Ал адамға, мұсылманға бірдей, бір стандартта танымды күштеп тануға болмайды. Бұл – Құрандық ұстаным. Солай болса да әлемде қазір «ибрахими діндер» немесе «діндераралық тұтастану» идеясы да таңылып келеді.
Ислам өркениетіндегі тафсир, хадис, фиқх және қалам сияқты ілімдер де негізінен адамның ой-өрісі мен іс-әрекеттердің жемісі және адамға тән танымдардан құралған, қалыптасқан. Ал бұл танымдардың дұрыстығы мен бұрыстығы мәселесі төңірегінде пікірталас жүргізуге болады. Өйткені, бұл танымдар адамға тән болғандықтан өзгермейтін танымдар емес. Әрбір ағымның өкілдері өздерінің мұраты мен Алланың мақсатын бір деп біледі. Сондықтан осы түсініктер мен иланған үкімдері – олар үшін тура жол, шариғат. Міне, діни танымды басқа танымдардан ерекшелеп тұрған ең маңызды сипат. Дей тұрғанмен қазір мұсылман әлемінде жаңа тафсир жаңа тұжырым шыға қойған жоқ. Шықса да Батысқа қарай еліктіріп исламды христиан әлемі арқылы түсіндіргісі келіп тұрады. Сондықтан пікірталас ислам негізінде емес, Батыс пен Шығыс арасындағы тайталасқа барып тіреле береді.
Бір мәселе төңірегінде әр түрлі сенімдердің болуы адамның табиғатынан екенін, одан құтылудың мүмкін еместігін білуіміз керек және екінші жағынан бір ғана ақиқаттың бар екеніне сеніміміз болуы керек. Негізінде ақиқат біреу, Алла бір. Бұл жағдайда плюрализмді қабылдасақ, Алланың білуі мен білінуі мәселесі қайшылық туғызуы ықтимал. Әрбір топтың ақиқат өлшемі өздерінің қабылдаған сенімі шеңберінің ішінде. Басқа түсіндірмелер мен үкімдер олар үшін қате немесе дұрыс жол емес. Бұл – діни танымның негізгі табиғаты. Міне осы ақиқатты мұсылмандар бүгінгі күні қабылдағысы келмейді. Зорлық, үстемдік еткісі келеді де тұрады. Өйткені олар балалық дәуірді басынан өткеріп жатқандықтарын да сезінбейді. Бұл жерде Құранның ұстанымын да мойындағысы келмейді. Себебі менікі ғана дұрыс деген таным басым тұрады. Бұл ақылдың емес, нақылдың немесе діни танымның сипаты. Ал ислам әлемінде қазір ғылыми емес, діни таным, ақыл емес, құрғақ қағидалар басымдыққа ие.
Діни танымда үкім-нормаға яғни, өздері қабылдаған аянның түсіндірмесіне мойынсұну міндет. Негізінде, адамдағы, қоғамдағы діни тіршілікті (тансцендентальды) Құдіретті болмыстан келген аянның өмірдегі қолданысынан көре аламыз. Ал, аянды күнделікті өмірде қолдану – дін шеңберіндегі түсіндірмелер мен адамның танымына қатысты. Бұл тұрғыдан алғанда, діни тіршілікте айырмашылықтар, яғни, плюрализм басым. Бірақ, адам кемел болмыс емес, сондықтан «абсолюттік таным» иесі бола алмайды. Адамның ең дұрыс танымға жету жолы – ғылым. Ал ғылым да бір қалыпты емес, әрдайым өзгеріп, дамып отыруының өзі адамның абсолюттік таным иесі бола алмайтынын көрсетеді. Дегенмен, адамның уақыт өткен сайын мұрат еткен танымға жететіні рас. Ал, абсолюттік таным, адам үшін әрдайым идеал болып қала береді. Алланың өзін, аянын түсіну, ұғынуда да адамның психологиялық-гносеологиялық ахуалы да солай.
Бір мәселе төңірегінде танымның түрлі болуының себебі – танымның өзгергіштігіне қоса, адамдар арасында танымға жетудегі ең басты қабілеті болып табылатын ойлау мен сана қабілетінің деңгейі және мәдениеттің әртүрлілігі мен көп қабаттылығы. Осындай көптүрлілікті (плюрализмді) бір тектілікке негіздеу немесе әр түрлі көзқарас пен түсініктердің беруін ғана қоғамда үстем қылу тек деспотизммен күшпен, зорлықпен ғана жүзеге асады. Бұл шешім – адамның ойлау мен сенім еркіндігіне жасалған қиянат деген сөз. Бұл адам үшін нағыз зұлымдық. Алланың өзі Құранда «..қаласам, барша адамзатты мұсылман қылар едім» деген аятын ұмыта береміз. Алланың орнына өзімізді қойғымыз келеді. Алланың атынан ойланбастан оп-оңай үкім айта беретінді шығардық. Абай заманында «Бас басына би болу» құбылысы енді Алланың орнына үкім беруді де ар санамайтын хәлге жетті. Алланы иемдену, ақиқатты меңгеру дегеннің өзі ахлақсыздық емес пе еді.
Абай атамыз айтпақшы «Алла деген сөз жеңіл» болып тұр. Осы жерде «Алланың аянының өзі әр түрлі ұғынылса, әр түрлі түсінілсе, онда сенім бірлігін қалай қамтамасыз етуге болады?» деген орынды сұрақ туындауы мүмкін. Бұндай сенім бірлігі, кез-келген діндегі өзгермейтін негізгі тұғырлар мен ұғымдарға сену арқылы жүзеге асады. Бұл тұғырлар – иманның негіздері болып табылады. Осы иман негіздерін қабылдағандар сол діннің өкілі болып қала береді, қабылдамағандар да бұл діннен тыс қалады.
Алланың бірлігіне, Пайғам-барларына, кітаптарына, ақырет күніне, періштелеріне сену, осыларды қабылдау ислам дінінде бірлікті қамтамасыз етеді. Құранда, Ниса сүресінің 136-аятында сенім бірлігінің негізі көрсетілген. Онда (Ей, иман етушілер, Аллаға, оның пайғамбарына, түсірген Кітапқа және одан бұрын да түсірген кітапқа иман келтіріңіз! Егер кімде-кім қабылдамай күпірлік етсе, онда ол шын мәнінде адасуда» деген мағынада анық нақтыланған. Исламда мазхабтар мен тариқаттар Алланың аянының түсіндірмесінде ең ықпалды әрі ғұлама, кемел-ұстаздың уағызы мен тәліміне мұқтаж адамдар тобының табиғи сұранысынан пайда болды. Дінде, тарихи процестер негізінде пайда болған осындай діни топтар қоғамның талабына туған құбылыстар. Қоғамдық сана мен өмір шындығынан қашып құтыла алмайсыз. Бұларды жоқ санау діннің ерекшелігіне және адамның табиғатына сыймайтын іс. Сайып келгенде, танымға негізделген кез келген іс-әрекеттер плюрализм сипатында болатындығы анық. Сондықтан, бұл ұстанымның адам баласының қашып құтыла алмайтын тағдыры екендігін сезінген абзал. Осы ұстаным – діндарлар арасындағы төзімділіктің толеранттылық негізі. Діндер аралық төзімділік пен өзара құрмет те осы ұстанымға тікелей қатысты.

Діни таным мен ғылыми таным
Кешегі дінді жоққа шығарушы теориялар, бүгін тарих болып қалды. Кеше де, бүгін де дін өзінің реалды құбылыс екендігін мойындатып отыр. Себебі дінге қажеттілік, қабылдасаң да, қабалдамасаң да адамның табиғатында бар. Дін қоғамдық сананың трансформациялануындағы басты рөлін жоғалтпақ емес. Тіпті ислам бүгінгі таңда жахандық саяси үдерістің басты орталығы.
Жахандық саясат исламды «таза және бұзылған» жіктерге бөлу арқылы, өзінің ықпалын орнатқысы келеді. Бұл саясатты кеңестік кезең идеологиясы да қолданды. Исламды жіктерге, сыныптарға, қабаттарға бөліп тастады: «гетеродоксальды ислам», «ортодоксальды ислам», «классикалық», «халықтық», «байсалды ислам». Бұлар исламды ұғым ретінде іштен сырттан, біліп, білмей қолдану мәселесі еді. Исламды бөлшектеп, қалыпқа салып, өз мүдделерінің ыңғайына икемдеп, «таза ислам», «таза емес ислам» деген анықтамаларының артында үлкен саясат жатыр.
Бірақ исламда «секта» жоқ. Өйткені, онда «діни сенім» бірлігі бар. Бұл жердегі мәселе, ол ұғымдарды ғылыми-танымдық негізде қолдану мәселесі. Дін құбылысын тұтастық ұстанымымен тану деген «дінтанушылық және теологиялық» қырын ажыратып емес, керісінше тұтастандыру деген сөз. Сонда қоғамға да, мемлекетке де пайдалы нәтиже аласыз. Позитивистік, атеистік кезеңде діннің тек қана көрінісімен ғана, формасына назар аударып, сакральды қырын алып тастап, таныдық. Себебі «ғылымпаздық» солай итермеледі. Бүгін біз зайырлы елміз. Дінге еркіндік берілді. Демек дінге деген көзқарас та, таным да өзгеруі тиіс.
Бұл жерде мәселе анықтамада болып отыр. Ислам − ол діни сенім, яғни иман негіздері тұрғысынан біреу. Оның екіншісі, біріншісі жоқ. Оған анықтамалар арқылы өзгертулер емес, алдымен өзімізді өзгертіп қатынас жасауды қолға алуымыз қажет. Ислам анықтама, атау беруге мұқтаж емес. Оған мұқтаж бізбіз, мұсылмандар. Біз исламды қалай танып, танытып жатқанымызды саралап, талдауымыз қажет. Мәселе исламға «байсалды, халықтық» деп атау беруде емес, өзімізге, жастарға сол құндылықтарды, ұстанымдарды мұрат етуді, оқытуды, білім беруді ұйымдастыру шарт.
Дін құбылысын зерттеуде жаңа тұжырым ұсынамын. Мұнда діни сана, діни сенім, діни тәжірибе мен діни таным тұтас қарастырылады. Бұл жердегі діни сана — қазақ (адам), діни сенім — ислам, діни тәжірибе — тарих, діни таным — ұлттық мұсылмандық түсінік.
Дін ислам өз тіршілігін — адамды қоршаған мәдениеттердің алуандығы шартымен — діни таным арқылы көрсетеді. Діни сенім — барша мұсылмандар үшін ортақ, бір. Тек олардың діни тәжірибесі ғана дербес болғандықтан да, сезімі мен қабылдануы да бөлек. Міне, діни таным осы жерде өзінің болмыстық, онтологиялық сипатын көрсетеді. Себебі діни тәжірибені адам өз мәдени кеңістігі арқылы өз бойынан өткереді. Бұл шартты да діни сана, яғни адамның «мені» анықтайды. Міне осы болмыстық анықтамалар негізінде біз ислам біреу, ал мұсылмандық көп дейміз. Себебі діни танымдар мен діни тәжірибелер көп.
Осындай антропологиялық методо-логиялық негіздерге кейбір қайшы көзқарастарға тоқталып өтпекпін. Яғни кейінгі кезде тілге тиек етіліп жүрген «таза, саф ислам, дұрыс ислам» тіркестері туралы. Бұл тіркестерді көбейтуге де болады. Себебі ислам Бір және Бар, ол Алланың тек діні. Жоғарыда кезінде ориенталистер исламды «классикалық, халықтық, гетеродоксалдық, ортодоксалдық, байсалды…» деп бөліп тастады дедік. Онда мақсат бар еді. Бұл таным болмыстық тұрғыдан исламға, оның рухына да жат. Алла бір ғана исламды адамзатқа жіберді. Енді сол таухид діні атауы болған исламды біз, мұсылмандар, ойланбастан ұғымдармен бөлшектеп жатқанымызды сезінбейміз.
Діни таным тіл арқылы танылып, сол мәдениетке қызмет етуі тиіс. Қазақтар жанпидалық танытып діни танымды қазақ тілінде алуға тырыспаса, онда олардан қазақтың мәдени қабатына пайдасы болмайды.
Ақыл ой мен дүниетанымдық тұрғыдан, неосалафилік таным, бірінші тұлғалықты жоғалтуға, терең ойға емес құрғақ қағидашылыққа, мәнге емес формаға, жанға емес материяға, ділге емес әріпке, Құранға емес ұранға, тұтастыққа емес диалектикаға, парасатқа емес надандыққа, эволюцияға емес ре-волюцияға желіктіреді.
Салыстыру, ақыл таразы бол-мағандықтан дайын асқа тік қасық, фанатқа айналып, мейірім емес қара күшке, төзуге емес зұлымдыққа бағыттайды. Білім, ғылым орнына дайын қағидалар мен үкімдердің құлына айналасың.
Жоғарыда айтқандай, ойдың тегі шексіздікпен үндесіп жатыр. Ой исламда қалбтің (жүректің) әрекеті. Қалбтің тегі Алламен байланысты. Мәселе сол Алла туралы дәлелдер, танымдар мен түсініктер исламда бірнеше методологиялық қабаттар арқылы байытылып, өзара ықпалдастықта тіршілігін жалғастырып келеді. Ол фалсафа, калам және фикх пен тасаууф қабаттары. Бұл қабаттар бізге, бүгінгі Алла, адам және әлем туралы ойлау тәжірибеміздегі сүрлеулерді ғылыми-танымдық тұрғыдан қайта сараптауға мүмкіндік беретін платформалар. Осы тұғырларды тұтастандырушы қуат философиялық таным болатын. Тарихта дін-иманға дұшпан деп, ең алдымен философияны жоққа шығарғандар да мұсылмандар болды. Онысы «битке өкпелеп, тонды жағумен» тең болды.
Сосын христиан әлемі философияны жоққа шығарды. Олар да ақиқатты тануда философия дәрменсіз, ақиқатты тек ғылым ғана жеткізеді деп сенді. Содан соң совет идеологиясы да философияны «өз идеологиясының» қорғаушысына айналдырды. Бірақ ол философия емес еді. Ғылыми атеизмнің құралы ғана болатын. Жалпы бұл жерде адамзат «оңайға қашатын, жанпидалығы кем, өзіне берілген ақыл ойдың» өлшемі мен қысымынан бойын аулақ салғысы келетін саяси мақлұқ деген анықтама шындыққа жақын келеді.
Сол сияқты бүгінгі жастар арасынан да «философияны түсiнудiң орнына оны харам» деп ат-тондарын ала қашатындар кездесіп қалады. Себебін Абайды оқысаңыз түсінесіз. Ислам әлемі өзіне яғни, тұлғалық болмысына сенбейді. Нәтижеде мұсылмандар адамды қоршаған көп танымның ішінен діни танымға ғана тығылады. Діни танымда «болады, болмайды, харам халал» деген шекара нақты берілген. Соны ойланып жатпастан ала салу, оған мойынсұну оңай. Сол себепті ислам әлемі өз дінін заманға сай комментарий жасау қабілетінен мақрұм болып қалды. Негізінен эпистемиологиялық мәселелерге ендеп кіру, оның мәніне бойлауға шамасын келтірмейтін обьективті, субьективті себептер көп. Соның бірі, әрі бірегейі неосалафилік тенденция, саясиланған, шарттанған ислам. Кейбір жастарымыз соған бейім болып алды.
Себебі бізде жастарға ұсылынып отырған үлгі шаблон, үміт, стимул нақты емес. Жастардың қоршаған әлемінде олар сүйенетін шынайы болмыс кескіні болмаған соң, әрине жастар уахабизмнің сүйеуіне мұқтаж. Біз қазір кеше Ханафи едік, Матуриди едік деп жастарды сол қағынан жеріген құландай көреміз. Неге жастар уахабизмге ден қойды? Себебі оларда қаржы бар, оларда жастармен айналысады, оларға сенім ұялата біледі, ертеңіне үміт береді, болмыстық шаблон, идея ұсынады, қарнын тоқ қылып кәсіп береді. Содан кейін санасына уахабилік танымды тықпалайды да бүгінгі қоғаммен салыстырып көрсетеді. Ондай саналық деңгейдегі жастар қазақтың өткен тарихына ғана емес, мына бүгінгі қоғамдық жүйесіне де наразылықпен, агрессиямен революциялық тенденциямен қарайды. Бұл жерде жастарды жазғырудан аулақпын. Оларға дер кезінде дұрыс діни таным бағдары берілмеді. Кешегі ғылыми атеизм әсері жалпы қоғамды дәстүрлі діни таным арнасынан, тарихи санасы мен тәжірибесінен аулаққа апарып тастаған. Міне осы мәселелерді жүйелі, мақсатты түрде шешетін мемлекеттік саясат пен орталықтандырылған ұйымдастыру тетігі құрылмайынша бұл айтылғандар жай сөз болып қала береді.
Қазақ жастарын, мәдениет, болмысын, ұлтын сақтау үшін де діни танымды бүгінгі уахабилерге беріп қоюға болмайды. Дін — мәдениетіміздің мазмұны. Сол мазмұн дәстүрдің озығын да, тозығын да табиғи түрде анықтайды. Уахабилер тарих сахнасына шыққанда оларды «мазар қиратушылар» деп атаған. Уахабизмнің тегі тексіздікке, жолы дәстүрсіздікке, фитна мен жікке, мұсылмандарды бірліктен алыстатуға бағытталған жахандық жобаға айналып үлгерген. Қазіргі түрлі жамағат пен көп сөздер осының айғағы. Дін адам жүрегіне қонақтамайынша, ол қоғамда түр мен тілде түрленіп, көбейе береді. Діннің бұл жағы да бар.
Құндылық атаулының — ол қай қабат болса да, орталығы — дін. Тарих қанша дегенмен тәжірибе ретінде діни сананың ықпалында болады. Себебі діни сана ұлттың, мәдениеттің мазмұнын анықтайды. Қазақтың саяси, тарихи, мәдени, кеңістіктік, уақыттық, мемлекеттік, құқықтық, моральдық, генеологиялық, дүниетанымдық, нормалық нақтылануының таби-ғатындағы ерекшеліктерді екшеп отырып, бүгінгі қоғамдық сана арасындағы айырмашылықтар осылай сараланса керек. Бар мәселе болмыстық қатынаста жатқан сияқты. Бұл онтологиялық қабаттар жоғарыдағы атап өткен құбылыстар, танымдар мен өлшемдердің барлығына қатысты. Ол өзі тек, негіз, қан, туыстық, мәнге қатыстылық санасы мен сезімінің құнсыздануынан келіп шығады екен. Егер бұлардың құндылық деңгейі сақталғанда, сана деңгейінде салыстыру, бағалау үдерісінің жылдамдығы уақыт талабына сай болар еді. Ал салыстыру үшін қазақ өз болмыстық мәніне бүгін баға беріп үлгерген болар еді. Ол үшін де тану үдерісі мән мен құбылыс арасында, уақыт пен кеңістік ішінде жандылығын сақтаған болар еді. Сонда өткен, осы шақ уақыт талаптары арасында да сабақтастық тетіктері шапшаң жүрген болар еді.
Яғни діни тәжірибемізден қол үзіп қалуда кешегі кеңестік жүйенің зардабы терең. Кеңестік саясат жалпы түркі халықтарын ислам философиясы мен өркениеті шеңберінен тыс қарастыруға ұмтылды. Оған тарихи сана кедергі болғандықтан ислам философиясының өңін айналдырып таныту идеологиялық ұстаным болды. Аударылған мәтіндері де жұлмаланып берілді. Орыс ориенталистикасы мектебінің арнайы методологиялық негіздері мен түсіндіру тұғыры арқылы шектеліп, күзелгендіктен аты ғана исламдық, мазмұны ежелгі грек философиясынан көшірілген деп танытылды. Алайда тәуелсіздік алысымен мемлекеттіліктің тұғыры ретінде тарих қайта тұжырымдалып, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында тарихымыз бен ойлау жүйемізге қатысты жәдігерлер мен ойшыл даналарымыздың мұралары сараланып өз тілімізге аударыла бастады Міне, осы белес түркі ислам мәдениеті, өркениеті мен философиясының жаңаша тұжырымдалуына алғашқы қадам болды.
Ислам философиясын жалпы алғанда барлық мұсылман халықтарының ақыл-ойының жемісі, түрлі тілдер арқылы бейнеленген ислам өркениеті мен мәдениетінің, ғылымы мен өнерінің Құран желісінде түсіндірілуі деп тұжырымдауға болады. Ислам философиясын атауына қарап, оны тек дінмен ғана шектеуге болмайды. Нақтырақ айтқанда, ислам философиясы ислам әлеміндегі әртүрлі мәдениеттер негізінде дамыған ойдың ағымы екендігі мәлім. Даналық, хикмет, терең ой, сарын, сыр сияқты категориялар қазақ ойлау жүйесінің негізгі іргетастары. Даламызда ислам, фикх, философиялық мектептері де кеңінен дамығандығы мәлім. Ислам өркениеті тұрғысынан бұған сай келетін интеллектуалдық дәстүрлер теология-кәлам, ислам философиясы және сопылық-даналық болды. Бұл үш таған ислам философиясында өзара ықпалдаса отырып, параллель дамыған. Соның ішінде сопылық философия танымдық негізде алдыңғы екі танымнан ерекше қалыптасқан. Тақырыптары бір және ортақ болғанымен Алла, әлем және адам қатынасын әрқайсысы өзіндік сұрақтар мен ұстанымдар арқылы методологиялық негізде тұжырымдаған.
Ислам ойлау тарихында ғылым-дарды жүйелі түрде сыныптау идеясының да алғашқыда исламдық ойлау жүйесін қалыптастырған философтардан шыққандығын ес-тен шығармауымыз керек. Фараби, Баласағұн, Иасауи, Хазини, Абай, Майлықожа, Шәкәрім мен Мәшһүр сияқты даналарымыз ислам философиясының алып тұғырлары ретінде тарихтан орын алып отыр. Бірақ кеше біз, өзіміздің мұсылмандық діни тәжірибеміздегі тұлғалардың қалдырған мұраларына да жаттанып өстік.
Соның салдары, мысалы бүгінгі иасауитану саласында ашылмай жатқан, тиісінше танылмай, танытылмай жатқан қат-қабат мәселелер жетерлік. Иасауидің өмір сүрген кеңістігі мен уақыты ғылыми тұрғыдан тұтас сарапталып біткен жоқ. Тарихи тұрғыдан ол дәуір туралы мәліметіміз шектеулі, өте аз. Тарихи дереккөздердің жұтаңдығы өз алдына, қолда бар деректердің өзін ғылыми айналымға айналдыратын сала маманы жеткіліксіз. Иасауи дәуірінің діни, құқықтық, саяси, экономикалық, мәдени қабаттары беймәлім. Бар деректердің өзі Иасауидің өскен ортасы мен рухани әлемінен бізді толығымен хабардар ете алмайды. Иасауи туралы жазылған дереккөздердің дені аңыз-әпсаналармен көмкерілген. Рас, әрбір аңыздың ақиқаты бар. Бұл жеткіліксіз.
Дегенмен ел аузындағы кең тараған аңыз желісі мен ХІV ғасырда жазылған Иасауи мұрасына қатысты трактаттар арасындағы мазмұндық желі ортақтығы көңіл көншітеді. Иасауидің туған және қайтыс болған жылы туралы толық мәлімет жоқ. Иасауидің 1166 жылы қайтыс болғандығын жазбаша дереккөзі Кашанидің «Рашахат-ул айн-ил хайат» атты еңбегінен ғана кездестіреміз. Иасауи тариқатының негізгі жалғастырушылары Зәңгі ата, Мансұр ата, Бақырғани, Зарнуқи, Хазини (Қайғы), Камал Шайх, Құл Машраб туралы деректер де қат. Иасауиді тұтастай кескіндейтін мәліметтер мен зерттеулерсіз оңды ғылыми тұжырымдалған танымдық, тағылымдық еңбек жасау мүмкін емес. Иасауи ілімі мен ойлау жүйесінің болмысы қандай? Иасауи мұрасының жалпы түркі халықтары тарихындағы олардың ойлау жүйесіндегі орны мен маңызы қандай? Бүгін Иасауи іліміндегі философиялық көзқарастары танымдық, этикалық, моральдық, эстетикалық, діни-теологиялық тұрғыдан сарапталуы қай деңгейде? Қоғамымыздағы осындай дүниетанымдық маңызды сұрақтар мен мәселелерді ғылыми негізде жауаптандыру, ғылыми зерделеу – уақыт талабы. Философия мен дін қатар өмір сүргенде ғана адам, шынайы адамдық қалыбын сақтап қала алады.
Исламда калам мен фикх ғылымы саласының соңғы ғасырларда дамымай қалғанына олардың фалсафа туралы көзқарастары кедергі болып отыр. Уахабилердің методологиясы бірінші «нақыл сосын ақыл» дейді. Оның ақыры, алдымен «тауық пайда болды ма жоқ жұмыртқа ма» деген грек философиясынан енген ауру сұраққа барып тіреледі. Уахабистер осы шаблонда танымдық шеңберін анықтаған. Мұраты белгілі араб мұсылмандығын ғана мойындайды. Қалғандары дінге кейіннен келген өздері де сөздері де құлшылықтары да бидғат деген теорияға жұмыс жасайды. Ол ислам әлемін бөлшектеуге дайындалған әдістің нәтижесі. Оны бүгінгі уахабизм өкілдері түсінбейді. Олар терең ойды-хикметті елемейді, ол ақылдың қызметі дейді. Ал нақыл олар үшін ойланбастан сол қалпы қабылдай салатын заң ретінде көреді. Құранда ақылы жоқ адамға жауапкершілік жүктемеймін дейді. Шындығында ақылдың обьектісі адам, ал нақылдың обьектісі Алла. Сол Алла, «мені ақылмен танығандарың, ең абзал мүслим болғандарың» дейді. Бұл мәселе де өз алдына бөлек тақырып.

Дін танудағы теология мәселесі
Діндегі ең нәзік мәселе – теология саласы. Оған әр ел руханиятының, кез келген ұлттық салт-дәстүрдің іргетасы ретінде қарауға болады. Десек те, теология – біздегі кенжелеп қалған сала. Әрине, Қазақстан азаматтарының бұл олқылықтың орнын толтырып, білім алу мақсатында шетелдерге шығуы үйреншікті жәйтке айналды. Алайда, жастарымыздың шетелдердегі теологиялық оқу орындарында білім алу тетіктері қаншалықты реттелген? Неліктен бұл мәселе бойынша мемлекеттік органдар тарапынан жүйелі саясат әлі дұрыс жүргізілмей келеді? Неліктен отандық оқу ошақтарын өзімізде қалыптастырмаймыз? Қазіргі таңда қоғамда алаң туғызып жүрген мәселелердің бірі, міне, осыған келіп саятынын айтқанымыз жөн. Ал бұл мәселенің күрделену бағытына қарай бет алғанына, демек, оған тереңірек үңілу қажеттігіне кейбір дінтанушылар айрықша мән беріп отыр.
Бүгінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерде білім алу үшін азаматтардың бастапқы, яғни бакалавр деңгейіндегі жоғары білімі болуы тиістігі туралы талап бар. Бұл, әрине, дұрыс талап. Өйткені, жоғары білімі және өз саласы бойынша алдына қойған нақты талабы бар жастар ғана шетелдік оқу орындарында сапалы білім алары анық. Алайда, бұл орайда «Осыған ұқсас жүйені шетелдік діни оқу орындарында білім алғысы келетін азаматтарға да талап ретінде неге қоймаймыз және ойластырмаймыз?» деген заңды сауалдың туындайтыны белгілі.
Себебі, бұл қисынды басшылыққа алар болсақ, отандық арнаулы діни білім беретін медреселерді және жоғары оқу орындарын бітірген, өмірлік көзқарастары қалыптасқан жастардың шетелдік теологиялық оқу орындарында білім алуы қай жағынан алғанда да елімізге анағұрлым пайдалы болар еді. Әрине, біз бұл жерде басқа да ғылым салалары тәрізді сапалы исламдық діни білім беретін жетекші теологиялық оқу орындарының маңызын жоққа шығарып отырған жоқпыз.
Десек те, теологияны шетелден оқып келу көңілде түйткіл тудыратынын тағы да ешкім жоққа шығара алмасы анық. Сондықтан, отандық оқу ошақтарын өзімізде қалыптастыру күн тәртібінде тұрған көкейкесті мәселе екенін ашық айту қажет. Оны осы мәселеге қатысты деректерден, сала мамандарының ой-пайымдарынан да анық аңғарып жүрміз. Демек, ұл-қыздарын шетелдік діни оқу орындарында оқытқысы келетін ата-аналарды және шетелде білім алғысы келетін жастарды бұл мәселеге байыппен қарауға шақыруды ешкім де қате түсінік ретінде қабылдамауы тиіс.
Кезінде, яғни еліміз тәуелсіздік алмай тұрып, Түркістанда «теология және еркін ойшылдық» мамандығы ашылып, сол жерде біршама маман білім алды. Кейіннен жаппай дінтану мамандықтары ашылады. Алайда, дін саласының кейбір өкілдері бүгінгі дінтану мамандығы стандарттары еліміздің діни-танымдық мәселелерін жан-жақты шешуге жауап бере алмайтынын жасырмайды. Сол себепті, осыдан біраз жыл бұрын елімізде Білім және ғылым министрлігі қосымша теология шифры бойынша мамандар даярлауды қолға алды. Соның негізінде теология мамандығының білім беру стандарты әзірленді. Қазір елімізде теология мамандығы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде бар.
Дін құбылысының тек білім беру саласы ғана емес, білім беру саласынан тыс қабаттарда да теолог мамандар жоқтың қасы, себебі, бұл мемлекеттік деңгейде жүйелі шешімін тапқан мәселе емес. «Діни білім алу үшін жастарды шетелге жіберген жөн, бірақ, оның шарттары мен қағидалары белгіленіп, қадағалануы қажет. Менің ұсынысым бойынша, жастарды бакалавр деңгейін алу үшін жібермеу керек, тек магистратура мен докторантураға жіберуге болады. Шетелге кеткендер «жолдама хаттамасы» арқылы кетіп, қайта келгенде де сол жүйе бойынша қайта қабылданып жатса, құба-құп. Діни білім алу үшін шетелге барғандардың көбі өз мүмкіндіктерімен кеткен жандар. Ал олар елге келіп, қызмет ету үшін дипломының расталуы, тексерілуі заңдылық, себебі, бұл бүгінгі ұлттық қауіпсіздік шараларының аясына кіреді. Иә, шынымен де, өзге елде діни сауатын ашып келетін мамандарымыздың біліктілігіне зерттеу жүргізу артықтық етпейтінін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
Жалпы теология дүниетанымдық негіздердің ұстыны. Бір ғана тақырыпты талдап қараңыз. Шіркеу шайтан туралы не дейді? Шайтан жындардың көсемі, патшасы, ол жай ғана зұлымдық атаулының аллегориялық теңеуі емес, ол ақиқаты бар жаратылыс. Ол тек зұлымдық жасаушы. Тура тек жақсылық, қайырымдылық жасаушы құдай сияқты. Сонда шайтан құдай сияқты мәңгі ме? Жоқ әлде жаратылған болмыс па? Егер шайтан мәңгі болса, онда ол жаратылмаған, Құдаймен тең. Егер олай болса Құдай жалғыз емес, Қайырымдылық құдайы бар және зұлымдық құдайы шайтан бар. Егер шайтан құдайдан кейін жаратылса, онда ол да бір махлуқ. Бірақ ол махлуқ бола тұра неге тек қана зұлымдық жасайды, неге ол қайырымдылық жасай алмайды, жасай алмағанына тағы өкінбейді де. Онда Құдай оған тек зұлымдық жасаушы функция берген шығар. Сонда Құдай зұлымдықты жаратпаған. «Өзі жаман атты болмайын» деп, зұлымдықты жасайтын махлуқ жаратты ма екен. Сонда бәрібір зұлымдық атаулының бірінші себебі жаратушысы Құдай болып шығады.
Олай болса Құдай шексіз қайырымды, игілік иесі емес. Шіркеу әрі қарай не дейді екен. Мұқият болыңыз! Шіркеу: алғашқыда шайтан да, жындар да періштедей пәк, кемел жаратылған. Тағы сұрақ туады: Сонда кемел жаратылған болмыс кейіннен құдайлық беделді жоққа шығара ма? Тағы да сол құдайдың көзінше оның беделі мен құдайлығына нұқсан келтіре ме? Негізі шайтан жаратылысынан кемел емес еді десеңіз онда түсінуге болар еді.
Христиан теологиясының осы теориясынан түйгеніміз, құдіретті құдай кемел болмыстар жаратқысы келіп, оларға барлық қабілеттерді үйіп төкті. Бірақ қателесті, шіркеудің түсінігінше. Демек Құдай құдіретті емес, мінсіз емес.
Негізі, теологияның бірінші қақпасы – ақыл. Ақылмен түсінілмеген, ұғынылмаған негіздерді адам болмысы қабылдамайды. Құдайды ұғымдармен ұғынуға тырысады. Яғни шексізді шектеулімен қабылдайды. Шарты да ақылдың тиянағына көнсін! Бұл адам мен Алла арасындағы байланыстың ең табиғи жолы. Ақылмен ақтарып жіберсең талай теологиялык түсіндірмелер еңкейіп қалады. Христан теологиясының әрбір құбылысы осылай сұрақтарға көміліп қала береді. Салафилердің теологиясы да осылай. Тек сене бер дейді. Б
әрібір шектеулісің, ақылың жетпейді деп өзіңді құлақ кесті құлға айналдырады. Ал Ислам адамды ерікті, саналы құл болуға шақырады. Сондықтан кез келген нәрсеге ақыл мен сана елегін беретін бір методология бар соны меңгеру керек. Ол Фарабиде, Матуридиде тұр. Тек сол мұраны оқып тоқып үйренсең болғаны. Фарабидің «Ихса ул улум», «Мадинат ал фадила», «Таһсилу ас сағада» осы үшеуін салыстырып, байланыстырып, меңгеріп, түсініп шыққан маман, ислам дін саласының кез келген қатпарларын жете түсінетін деңгейге жетеді.
Осы орайда ислам теологиясына қатысты бір мәселеге тоқтала кетсек. Шошқа туралы сұрақ. Рас шариғатта шошқа өзі емес, еті харам. Бірақ сопылық таным бойынша шошқаны да көркем жаратылған жануар, махлуқ қатарына жатқызады. Себебі оны да Алла жаратқан. Алланың жаратуында кемшілік жоқ. Сол себепті сопылардың шошқаға Жаратушысын танытатын айна ретінде баға беруі ақылға қонымды. Себебі шошқаға қарап ақ Алланың «Бір және Бар» екендігін тануға болады. Ол да Алланың «тажаллисі» (шеберлігінің көрінісі) махлуқы. Ал не үшін харам етілгендігі сыр. Оның себебін білмейміз, ол да мұсылмандар үшін бір сынақ шеңберіндегі мәселе.
Жалпы Алланың тыйымынан нақты себеп іздеу қате, одан тек хикмет пен мақсат, мұрат іздеу керек. Бұл сопылардың ұстанымы, әлемнен тек мән іздеу. Исламда Алладан басқалары «әлем» категориясына кіреді. Ал адамның әлемнен мән іздеуі Алланың сипатын табу «вужуд» оның «Болмыстық бірлігіне» ұмтылу болып табылады.
Исламда діни үкімдер мәжбүрлік, қысым, қоршаған орта, ахуал, уақыт, кеңістік жағдайларына қарай екінші орынға түседі. Ондай хәлде мұсылман адам сол ортаның, заңына қарай, қағида ережелеріне қарай бейімделуі шариғат канондарын бұзғанға, не елемегенге жатпайды.
Оған қоса зайырлы елдің шартына қарай мемлекеттік мекемелерде діни киім мен діни нормаларды орындауда шектеу қойған болса, оны орындау азаматтық міндет, олай болса, мектепке мұғалім болып барып, тұмшаланып «хиджаб киіп ішкі тыныштығың бұзылса да, сыртқы тыныштықты сақтау, қоғамда тұрақтылыққа үндесу» міндетің, бұған шариғатымыз, дініміз, Алламыз позитивті мүмкіндіктер берген. Ең бастысы уақытпен кеңістік, қоғам, арыдан қарасаңыз, жан тәніңді асырау, жұмыс істеп, напақа табу басты шарт. Бұл діннің талабы, зайырлы қоғам талабы арасындағы үндестікке қызмет ету сенің міндетің.
Ислам теологиясына қатысты тағы бір мәселе: «Музыканың дінге, болмысқа қатысы бар ма?». Ислам музыканы жоққа шығармайды. А. Вамбери деген тегі еврей, Мажарстаннан шыққан, Ағылшынның тыңшылығын атқарған саяхатшы, ғалымның бір жазбасында басынан өткен оқиғаны талдап көрейік. Бұл да музыкаға қатысты. Музыканың мұсылмандар үшін мақсаты тәнге тығылған жанды тербету. Тән — жанның бесігі. Сондықтан мұсылмандар музыка тыңдағанда кеудесін теңселтеді. Ал кәпірлер музыканы естігенде секіре бастайды. Осы ерекшелікті білмеген Вамбери ұсталып қалып Бұхараны тәрк етуге мәжбүр болады. Ол музыкаға елтіп аяғын селкілдетіп отырады. Әмір шақырып алып шыныңды айт әйтпесе өлтіремін дейді. Ол шынын айтады. Менің мұсылман емес екенімді қалай білдіңіз дегенде, мұсылмандар музыканы «жанды тербетер бесік» ретінде қабылдап, естігенде кеуделерін теңселтеді, ал сен болса аяғыңды селкілдеттің» деген екен.
Расында исламда музыка харам ба? Яғни бүгін қоғамда ислам дінінде музыкаға тыйым салынған ба деген сұрақ жиі естілетін болды. Құран адамдық өлшемді алып келді дейміз. Ал музыка сол адамдық өлшемге қызмет ететін рухани құбылыс. Рухани. Ол рухтың сыңары. Ол уахидің пайғамбарымызға берілу жолы. Ол — Азан. Ол — қырағат, ол — маулид, ол — саз, ол — хәл, ол — сыр, ол — адамның ішкі тілі, ділі. Музыка туралы ең алғашқы теориялық зерттеулер мен талдаулар, түсіндірмелер ислам философиясында жүйеленді. Кинди, Фараби, Ибн Сина, Даббуси аталарымыз музыканы рухтың қысқа дыбыстар арқылы илахи қабаттар мен ырғағымен үндесуі ретінде анықтады. Исламда музыка харам дегендер бар. Болды. Бірақ олар надандар мен фанаттар ғана. Ислам теологиясындағы ойлау ерекшеліктері мен ұстанымдары уақыт өте келе қалыптасып, даму көрсетті. Алғашқыда ойлау «сөз бен мағына», «құбылыс пен мән», «ескі діни нормалар (үкім) мен жаңа нормалар», «уахи (аян) мен нубубат (пайғамбарлық) және араб мәдени болмысы» үштігінде қалыптасты. Содан соң сырттан басқа діни танымдық дәстүрлі сұрақтар ене бастады. Бұл сұрақтар алдымен яхудилік пен христиан діни танымдық қалыптағы сұрақтар болатын. Сонымен қатар мұндай сұрақтар сол кездегі исламдағы нубуаттың орталықтандыру функциясы арқылы салыстырмалы, өзіндік болмыстық даралануды қамтамасыз етті. Мысалы бір мәселе төңірегінде салыстырулар «ахли китап» (Ибрахими діндер) шаблонымен жасалатын. Бұл шаблон ислам теологиясының принциптері мен идеясына да қайшы келмейтін. Себебі жоғарыда айтқанымыздай, исламның ойлау және танымдық қабаттарының негізгі идеясын белгілеуші тұлға «наби» тірі, «уахи» үзілмеген, «араб мәдени болмысы» ислам нормаларымен трансформациялану үстінде болатын. Исламда ойлаудың принциптері мен идеялары арасындағы қайшылықтар, пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейінгі, рашид халифалар кезеңінде, жаңа саяси, экономикалық, әлеуметтік, діни, философиялық, дүниетанымдық қабаттармен болған сұхбатта тереңдей берді. Сұрақтар көбейіп, жауаптар азая бастады. Міне осындай қажеттіліктер негізінде исламдағы негізгі ғылымдар пайда болды. Әрбір ғылымның зерттеу алаңы мен аспектілері де олардың қарастыратын сұрақтарының табиғатына қарай нақтылана бастады. Міне сондай ислам ғылымдарының бірі әрі бірегейі калам яғни теология ғылымы.
Калам сөз, алғашқыда Құран аяттарындағы Алланың сипаттары мен адам сипаттары арасындағы ұқсастық пен болмыстық айырмашылық туралы теориялық, логикалық, философиялық талдаулар мен түсіндірулерді қамтыды. Негізі барлық ғылым атаулының бір ғана функциясы бар ол — түсіндіру. Себебі оны түсінетін, талап ететін болмыс бар, ол — адам. Ғылым адам үшін бар. Бірақ, фикх, тафсир, хадис сияқты ғылымдардың түсіндіру қабаттары адамның практикалық ойлауына, күнделікті шешімі мен қолданылуына қатысты болғандықтан да оның негіздері де имманентті, яғни «нақыл» орталықты болды. Ислам ғылымдарының бұл қырын арадан бес ғасыр өткенде «синаат ал амалиийа» (практикалық өнер) ретінде танытқандар болды. Ал екінші қыры, каламның Алла, адам және әлем қатынастары тұрғысынан ортақ байланыстарды трансцендентті, яғни таухидтік платформада түсіндіру болды. Бұл қыры да «синаат ал назарийа» (теориялық өнер) ретінде танытылды.
Дін институт ретінде Алла тарапынан адамға берілген шаблон. Адамның ақыл-ойы шексіздіктен келген. Шаблонда адам ақылын шектеу, тыю, бақылау, ұстаным, идея бар. Осы арқылы ой, ақыл да шаблондар шеңберінде, өзінің осы дүниедегі қажетті тіршілігінің, экзистенциялық негіздеріне мүмкіндік алады. Бұл да адамның жаратылысына тән құбылыстар. Ойлау — табиғи құбылыс. Уахи осылай дейді. Бірақ сол табиғилық та адамның ортасы мен дініне қарай өзгеріп отырады. Себебі, әрбір діннің Алла, Жаратылыс, Болмыс, Рух туралы танымдық негіздері бар. Ойлау да сол платформалардан аспай, діни ұстанымдарды сақтай отырып, өзінің теориялық, философиялық қабаттарына қолдау көрсете алмаса, практикалық тұрғыдан керексіз болып қалады. Бұған мысал, бүгінгі салафизм мен кешегі атеизм сияқты ағымдардағы ойлаудың тоқырауы.
Исламда ойлаудың тоқырауы, әсіресе уахабизмдегі «неолютерандық тенденция», ол сонау грек философиясының исламға ене бастауындағы танымдық платформаларда жатыр. Яғни исламда ақыл мен нақыл қатынасы тұтастыққа емес, грек мұраларындағы сана мен болмыс қатынасының көшірмесіне айналды. Екеуі арасында тұтастық емес, керісінше диалектикалық қайшылық белең алды. Басқаша айтқанда, адам мен Алла қатынасын «уахи орталықты дәстүрге» негіздеп түсіндіретін әдістің орнына, кейіннен діни тәжірибе әдебиеттерінде «ахл ал хадис мектептері» ретінде танылған «неосалафилік діни танымдық шаблонның» басымдық алуы себеп болды. Алғашқыда ислам ғылымдары жап-жақсы, ғылыми-методологиялық, танымдық, эпистемологиялық қабат-тарды олардың сұрақтарына қарай жіктеп келе жатқан өркениет болатын. Бұл өркениет небір «ихса ал улум» (ғылым сыныптамасы) инварианттарын жасаған мәдениетке айналып үлгерген еді. Бірақ кейіннен мұсылман дін ғалымдары, адамды қоршаған танымдардың барлығын дін орталықты, яғни уахи орталықты «біріншілік» мәртебесіне үстемдік беріп қойды. Мұсылмандарда тұтастық емес, «біріншілік-екіншілік» қатынасы ойлау шаблонына айналып үлгерді. Исламдық таухиди ойлау ұмытылды. Себебі, ол кезде дін адамды, саяси биліктің «эсхотологиялық ақиқатпен» тікелей байланысына бағыттайтын құралға айналған еді. Демек дін саяси еріктің құралына, қолжаулығына айналды. Содан дін біріктіруші емес, керісінше ыдыратушы фактор болды. Ислам Аббаси халифатының саяси еркін бөлшектеп, бірнеше мемлекеттерге бөлініп кетті. Бірақ исламдағы ойлаудың құлдырауы мен тоқырауына себеп болған танымдық ұстанымдар туралы зерттеулер мен талдаулар сол бойы ұмытылып қала берді. Оған қоса Батыста дамудың техникалық, ғылыми эпистемиологиялық белсенділігі артып, мұсылмандар психологиялық, экономикалық, саяси, әскери тұрғыдан қысым көріп, отарға айнала бастауы да оларға ойлаудағы тоқырауды таразылауға мұрша бермеді.
Исламда принцип пен идея бірлігі де «жан мен тән» іспеттес тұтастыққа негізделген категория. Бұлар ислам философиясындағы дұрыс ойлаудың логикалық, теориялық негіздердің маңызды қабаттарын құрайды. Ислам философиясында осы ойлау платформасын шатастырып, өзара бір мәселені айтып отырса да, бір-біріне соңында дұшпан болып кеткен ағымдар мен танымдардың өкілдері бар. Ислам ғылымдары арасында бүгінге дейін сөз, мән, құбылыс, мақсат, мұрат, әдіс, ұстаным, идея, құжат, дәлел туралы әлі күнге түйісе бермейтін топтар мен қабаттар баршылық.
Бұл жердегі негізгі мақсат, осы мәселені ғылыми-танымдық деңгейде талдап, сараптауды түсіну болып табылады. Себебі, кейбір танымдық қабаттар тұрғысынан алып қарағанда, қазір қоғамда ортағасырлық діни танымдар қайталанып жатыр. Ол деген сөз өткен тарихи таным қабаттарына сараптау, бағалау жасалмағандықтан, тарих құбылыс ретінде қайталануы бек мүмкін.

Саяси ислам және жастар

Қазір жастар қоғамдағы құбы-лыстарды Құран аяттары арқылы түсіндіруді ең реалды танымдық құбылыс деп таниды. Содан болар жастар «Құранда мынау бар, анау жоқ» деп өз пікірін тықпалап, үкім беруге құмар-ақ. Қазір аятсыз қарапайым, көлік жүргізу де мүмкін болмай барады. Олар әлі «жасыл жанғанда» жүруге болатындығы Құранда бар ма десе ше? Құраннан аят іздеп кетеміз бе, жоқ әлде өз ойымызбен шешеміз бе? Алла айтады: «Ей адам Сен ақылыңды қолдан, ойлан» дейді. Әсілі біз ойланудан шаршағанбыз. Одан да ойланбастан, Құранда не жазылған соны істейік деген психология. Ол да бір «таслимиат» өлшемі. Бірақ ондай таслимиат Алланың қалауы емес. Ондай құлшылық мұсылманды Аллаға емес, қу нәпсіге жалшы қылады. Таяу Шығыстағы ұрдажық, тек автомат ұстайтын тобыр қылады. Жалпы уахабилік нақылшылық тенденциясы қоғамды жаулап алуда.
«Дәлелің бар ма?», «Құранда бар ма?» — деген сұрақтардан ақ, неосалафтық тенденцияның қоғамдық санаға қатты әсер ет-кендігін байқауға болады. Кеше кеңестік кезеңде Лениннің Маркстің еңбектерінен цитата келтіретін едік. Онымен салыстырғанда бұл өте жақсы құбылыс. Бірақ адам қайда? Адамның ақыл-ойы, санасы, еркі, жауапкершілігі, тұжырымы, таңдауы негізінде емес, аянмен негіздесең сөзге тоқтар болыпты. Демек қоғам Алладан басқа негіздерді мойындамайтын хәлге жеткен бе? Сонда қоғамда «діни таным» басымдыққа жеткен бе? Жоқ олай емес. Бізде ғылыми таным да, діни таным да басымдыққа ие емес. Бізде қазір Абай айтқан сол баяғы «Бас басына би болған, өңшең қиқымдық», өзім білгіштік, кердең кеуделік психология басым. Сонда бұл қоғамда, не дінде, не ділде, не дүнияда «единица» болмай тұр екен деген ой келді.
«Жастар неге радикалды ағымдарға бейім тұрады деген сұрақ басты мәселе. Қазақ жастарының түпкі арманы, ақшаға жалдамалы әскер болу, бір жағынан мал табу, екінші жағынан ислам жолында, Алла жолында соғысу» деген пікір айтушылар бар.
Тағы да «Сириядағы соғыс оларға тәжірибе үшін керек. Тірі болсын, ертең сол тәжірибе мына Қазақстанды арылтып, Аллаға бет бұрғызуға керек болады деп сенеді». Ондай пиғылдағыларға мына ел «кәпірлердің дийары» (топырағы). Тағут, ширк, куфр жайлаған кеңістік болып танытылып қойылған. Бұған имамдар немесе қоғамдық институттар арқылы, ағартушылықпен ғана жауап беру жеткіліксіз. Зайырлылық ұстанымы қолданылмаған елде, ол республикалық елмін, демократиялық, құқықтық елмін дегенмен, пайда бермейді. Мемлекеттік қауіпсіздік үшін шарт болған нәрсені жасамау, мемлекет баяндылығын қамтамасыз ету жолында нақты шешім қабалдай алмау деген егемендікке күман тудыратын жағдай. Осылай жалғаса берсе, уахабист емес басқа халық та елдің ертеңіне күдікпен қарай бастайды. Ал бұл психология мемлекеттік жүйенің тіршілігіне ең басты қауіп екендігі белгілі.
Екінші мәселе дінді ғылыми таным тұтастығы арқылы білім беруге ағартушылыққа қоса беріп салыстырып көрсету керек. Үшінші мәселе адам ешқашан тек діни таныммен ғана өмір сүрмеген. Оған қоса адамға қажетті барлық сала, таным, мәдениет, білім мен өнер берілу керек. Жалпы жастар саясаты елімізде қайтадан мазмұндық жағынан толықтырылып жүзеге асырылуы тиіс. Қоғамдағы әрбір азаматтың санасы үшін талас күрес жүріп жатқан шақта бұған мемлекет те, қоғамдық институттар да бірге, бір бағытта қарсы жұмыла күрескені абзал. Бұл негізі үздіксіз процесс. Мемлекеттің баяндылығы, оның іргетасы болып табылатын ұлттық платформаны сақтап тұру ол дем, хәл, уақыт сияқты өлшеуіштермен анықталады.
Бүгінгі жастарымыздың ұлттық санасы мен болмысын тек «дұрыс діни таным» ғана оятып, дұрыс қалыптастыра алады. Адам, ұлт, мәдениет қатынасын дін ғана уақыт пен кеңістікке салып, тарихымен таразылап даңғыл жолына салып береді. Дінді тану өзіңді, өз болмысыңды, мәдениетіңді, тарихи тәжірибеңді, ұлттық санаңды тану деген сөз. Сондықтан кешегі кеңестік идеология ұлтсыздандыру үшін алдымен дінді құртуды басты мақсат етті.
Дін сонымен қатар терең білімді, ақыл сананы, сұңғыла ойды, парасат пен арды қатар ұстай білетін адамға ғылымы мен іліміне есік ашып береді. Дін алдымен адамның өзіне деген, ішкі әлеміне деген сол арқылы Жаратушысымен байланысының сапасына көңіл бөлуді үндейді.
Ол тұла бойыңа маза бермей, дамыл тапқызбай сені бойкүйездіктен арылтады. Жан қайғысына соқтырады. Содан сені ер қылып шығарады. Абай атамыз айтпақшы, «Қайғы дерт ер сипаты» болып шыға келесің. Бұл тұрғыдан жастарымыздың өз дініне деген махаббаты мен ұмтылысы, талабы өте жақсы. Бұл құбылыс қазақтың ертеңінен мол үміті бар ел екендігін көрсетеді. Жастарымыздың діни танымға деген ұмтылысы мен талабынан қорқуға болмайды. Жоғарыда айтып өткенімдей, жастар мен діни білім алу орталықтары, қоғамдық және мемлекеттік институттардың осы тақырыптағы іс-шаралары енді қалыптасып келе жатыр. Бұл дін және жастар құбылысының өзара үйлесімі мен үндестігінің көрінісі.
Ал енді, сенікі мынау, менікі анау деген «балалық психология» санасы мен санатындағы мәнсіз, дәмсіз де пікірталастар қоса қабат келе жатыр. Бұл да ойланатын жайт. Егер екі жақ өзара төзімділікпен ізденіске барар болса нәтиже оң деген сөз. Қазақ қоғамында діни таным платформасы қалыптасатын базасы бар кеңістік. Енді осы топтарға қосылмайтын, осы тақырыптарға қызықпайтын жастардың да қабаты бар. Бұл қабат келешекте негізгі мәселе көзіне айналуы ықтимал.
Құқықтық жағынан емес, психологиялық үндестігі тұрғысынан. Себебі олар бүгінгі экзистенцияалдық мәнге араласпай отыр. Дін құбылысы бүгінгі Қазақстан қоғамы үшін ғана емес жалпы әлемде ең басты танымдық, болмыстық, моральдық, өркениеттік ерекшеленуге ұйытқы-қатық болып отыр. Кейбір жастар ешбір діни, мәдени, ұлттық болмыс мәселесіне өзінің қатысы жоқтығын негіздегісі келіп, ұлт аралық толеранттылықты ту етуге шақырды. Бірақ адам егер өзінің табан асты жолын, яғни тарихи тамыры мен өзін болмысқа айналдырған құндылықтарын білмесе, онда толеранттылық қалай қалыптасады. Толеранттылық адамдардың бірін-бірі тануынан туындайды. Тану, таным болмаған жерде салыстыру болмайды. Адамда ешқандай белгілі бір әлем болмаса, өзінің дінін де тілін де, мәдениетін де тарихын да, құндылықтарын да білгісі келмесе, ұлтаралық толеранттылық деген сылдыр су болып қала береді.
Негізі мақсатымыз, қазақ жастары ояу болса дейміз. Себебі барлық аманат та, жүк те сол жастықтың мойнында тұр. Адамзаттың да, қоғамның да көктемі жастық.
Сондықтан жастарымыз ояу болса, қайдан жел, қайдан дауыл тұратынын білсе екен деп үміттенеміз, содан қауіптенеміз. Негізі барлық уақытымыз да, саналы еңбегіміз де осы жастарға деп білеміз. Аштықта да, тоқтықта да өз елінің тарихы мен тарихи мәніне, қадіріне жетсе, сүйсе дейміз. Дінін тек білім, ғылыммен ғана алса, егемендігіне тек намыс жігерімен, еліне тек махаббатымен, бар үмітімен, болашағына сеніммен, ерлікпен қараса, ешкімнің алдында жасық, ез, ешкімге құл болмаса, бір-біріне дос, бауыр болса, тілі мен діліне құрметпен, үлкенге ізетпен, кішіге қамқор болса, мына жердің егесімін деп кеудесін керіп жүрсе т.с.с. осылай кете береді.
Сондықтан жастарға артар жүк көп. Қыздарымыз да құндылық атаулыны сақтайтын да, құрметтейтін де, жалғастыратын да, алмастыратын да, ертеңгі ана, ұлттық тәрбие орталығы.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *