ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫ БІРЛЕСІП ТОҚТАТАМЫЗ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫ БІРЛЕСІП ТОҚТАТАМЫЗ
Құдияр Біләл жазушы, ҚР «Мəдениет қайраткері»   Қазір әлемдік деңгейде әйелдерге, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алға шыққанын жоққа шығаруға болмайды. Соған орай БҰҰ Бас хатшысының... ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫ БІРЛЕСІП ТОҚТАТАМЫЗ

Құдияр Біләл
жазушы,
ҚР «Мəдениет қайраткері»

 

Қазір әлемдік деңгейде әйелдерге, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алға шыққанын жоққа шығаруға болмайды. Соған орай БҰҰ Бас хатшысының «2030 жылға қарай әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты бірлесіп тоқтатамыз» науқанын қолға алды. Бұл тұрғыда гендерлік зорлық-зомбылықты Орталық Азия елдерімен аймақтық ынтымақтастық және халықаралық ұйымдармен бірлесіп, көпжақты қолдау арқылы тоқтатуға болады. Осы іс-шараға әр отбасы өз үлесін қосуы қажет.
Жалпы қай отбасының да негізгі тірегі — махаббат. Сондықтан әуелі махаббат мәніне назар аудару қажет. Егер кім де болсын махаббаттың шынайы мәнін ұға алса, онда ондай отбасының бақытты өмір кешері күмәнсіз. Маxаббат туралы сөз еткенде біздің білетініміз тек екі жас арасында болатын маxаббат. Бізге осы ой келген сәтте-ақ маxаббат туралы түсінікте бірден шалыс басамыз. Болмаса маxаббат тек жастарға ғана тән емес. Мәңгілік маxаббат әлеміне шомып, өмірден сол әу бастағы аяулы сезімдерін жоғалтпай өтетін адамдар да өмірде аз кездеспейді. Жалпы мән берсек, кейде кездейсоқ бас қосқандар маxаббатының қайта біртін-біртін күшейіп, сол маздаған маxаббаттан нәр алған әлгі үйдің ел-жұрт қадір тұтатын қара шаңыраққа айналғандығына да куә болып жүрміз. Негізінен бұл – біздің ұлттық дәстүрімізге тән үрдіс.
Ал шынтуайтына келгенде маxаббат дегеніміз…
Біз оның негізгі мәнінен ажырап қалғанбыз. Содан барып оны көктен жерге түсірдік. Сол жерге түскен маxаббатты қанша алаулатқымыз келсе де ол бәрібір өз тұғырына қайта орныға алмады. Біз соған қол жеткізе алмаған соң баянсыз маxаббаттарды дәріптей бастадық. Баянсыз маxаббаттың шырқау биікке көтерілгені сонша, біз маxаббатта тұрақтылық болады деген ойды тәркі ете бастадық. Содан келдік те шынайы маxаббатты іздеу науxанын бастадық та жібердік. Байыбына барсақ, махаббатты іздеген жан ешқашан таппайды. Себебі, ол — оның өзінде жоқ. Маxаббат — өзіңдегі алау сезімнің екінші жан жүрегі арқылы өзіңе қайта оралуы. Егер бізде сол маxаббат жұрнағы бар болса, біз оны алаулата маздатып, ғашық болған жанның өзіне қайтарар едік. Мынандай бір тәмсіл бар.
Айыпты болып қолға түскен бір жігітті жасақшылар көпшілік алдында дүре соғып жазалайды. Жасақшылар қанша сабаса да әлгі жігіт дыбысын шығармай шыдап жата береді. Дүре соғушылар шаршап, шамалы дем алуға отырғанда, көпшілікпен бірге жазалауға қарап тұрған xазреті Бишри Хафи әлгі жігітке таяп келіп, одан осыншалықты таяқ жесе де шыдап жату себебін сұрайды. Сонда жігіт «Мына адамдардың арасында мен сүйген қыз да бар. Соған өзімнің дәрменсіз екендігімді білдірмес үшін шыдап жатырмын» дейді. Сонда Башри xазреті «Сен сүйсең — Алланы сүй. Ол сені дәрменсіз болсаң да жақсы көреді» деп, маxаббат мәнін түсіндіреді. Сол бір ауыз сөз жігіт өмірінің түбегейлі өзгеруіне себепкер болады.
Байыбына барсақ, адамның бір-біріне деген маxаббаты қанша жерден асқақ болғанымен, тіпті ол маздаған алау сезім жан қиюға да ұласып жатқанымен ол бәрібір шынайы маxаббат мәнін ашып бере алмайды. Маxаббаттың мәні — өзіңді жоқ ету. Ал оны иелік етуге құрылған маxаббат — маxаббат емес. Мәселен, Мәжнүн Ләйліні шексіз сүю арқылы өзін жоқ ете алды. Ол сол кезде барып шынайы маxаббат иесімен қауышты. Мәжнүннің Ләйліге бұрылмай, Алланы іздеп кетуі сондықтан. Мынандай бір тәмсіл бар.
Бір кедей жігіт патшаның қызына ғашық болады. Ғашықтықтан өлер қалге жеткен соң бір ғұламаға барып «Мен, әрине, патша қызына қол жеткізе алмайтынымды білемін. Бірақ жанымды жай таптырар бір ақыл беріңіз» дейді. Сонда ғұлама «Егер күндіз-түні тоқтамай Алла деп айтатын болсаң, қызға қол жеткізесің» дейді. Сол-ақ екен жігіт бірден тоқтаусыз «Алла!», «Алла!» деп айта бастайды. Аузынан Алладан басқа сөз шықпайтын жігіттің даңқы біртіндеп жан-жаққа тарай бастайды. Жігіт даңқы бір күні патшаға да жетеді. Патша оны алдына алдырып, Аллаға шынайы берілген оған қызын бермек болады. Сонда Аллаға деген маxаббаты жүрегіне өтіп кеткен жігіт қызды алудан бас тартып, «Алла бар қалауымды беретінін білгенімде, қыздан да өзге жоғары нәтижелерге қол созған болар едім» дейді.
Айтқандарымыздың бәрі қиял-ғажайып әңгіме сияқты көрінбес үшін адамдарға тән маxаббатқа шамалы мән бере кетелік. Әуелде маxаббат нысанына шоу-бизнес жұлдыздары ілінеді. Жалпы, атақты, даңқты адамдардың бәрі сол «ауыл» маңынан табылып жатады. Егер оларда әлгі «жұлдызды нәтижелер» болмаса, олардың ешқайсысы да маxаббат көкжиегіне көтеріле алмаған болар еді. Сол сияқты дене сымбаты мен бет ажарын да әлгі «нәтиже» санатына қоссақ, біз әспеттеген маxаббатта зәредей де қадір қалмайды. Өкінішке қарай, біз негізінен сол «нәтижеге» құрылған сезімді маxаббат деп түсініп, бірыңғай соны дәріптеп кеттік. Ал оның баянсыз маxаббат екенін «түсініп» қалғандар, тығырықтан шығар жол таппағандықтан, тағы да қателікке ұрынып, қосыла алмағандар маxаббатын алаулата бастады. Ал шынайы маxаббат мәнін түсінген біздің ата-апаларымыз болса, бір-біріне сүйдім-күйдім демей-ақ жүректерінде жанған маxаббат отымен өздерін де, отбасын да құт-береке мен шаттыққа бөледі. Алайда, әлгі біз айтқан «нәтижелерді» ардақ тұтатындар ол маxаббат мәнін ешқашан түсіне алмайды. Ал махаббат мәнін түсінбеген отбасылар дау-дамай мен зорлық-зомбылықтан арылмайды. Соған орай Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты түбе-гейлі жою туралы Декларацияда былай делінген:
«Әйелдер саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, азаматтық және тағы басқа да салаларда адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау үшін және оларды жүзеге асыру үшін қажетті барлық құқықтарға ие. Аталмыш құқықтардың құрамына атап айт-қанда келесілер кіреді:
1. өмір сүру құқығы;
2. теңдік құқығы;
3. бостандық құқығы және жеке басының дербес құқықтылығы;
4. заңға сәйкес теңдей қорғау құқығы;
5. қандай да болмасын түрдегі дискриминацияға ұшырамау құқығы;
6. физикалық және психикалық денсаулығының ең жоғары деңгейіне жету құқығы;
7. әділ және қолайлы жұмыс жағдайларына деген құқық;
8. азаптауларға, және тағы басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысын таптайтын іс-
әрекет немесе жаза түрлеріне ұшырамау құқығы».
Жасыратыны жоқ, қоғам өзгерді. Соған орай ұлт та өзгерді. Бүгінгі қазақ кешегі қазақ емес. Сонда айырмашылық неде? Ол айырмашылықты санап түгесе алмайсың. Уақыт алмасқан сайын біз кері кетіп барамыз. Рас, біліміміз, мәдениетіміз артты. Алайда біз қазақ болудан қала бастадық. Кешегі қазақты айтамын.
Бүгінгі өркениеттік даму мен заманауи мәдениет жетістігі тұрғысында саралағанда біз тілге тиек етіп отырған кешегі қазақ бойында жұртқа үлгі ететіндей пәлендей бір ерекшелік болмайтын. Әйтсе де сол қазақ бізден тәуір еді.
Ой ұғынықтылығы үшін әуелі өзіміздің күнделікті ішіп жүрген асымыз мәнін ашып алайық. Себебі, адам баласы өзі ішкен астан тұрады. Басын ашып айтайық. Қазір жер бетінде химияланбаған ас жоқ. Астан дәм кеткені сондықтан. Ол дәм астан ғана емес, жеміс-жидектен, көкөністен де кетті. Ол дәм қазақтың етінен де кетті. Болмаса жер бетіндегі ең дәмді ас қазақтың еті еді. Себебі, қоспасыз болатын. Біз бала кезде жеген қауынның дәмі тіл үйіретін. Тәттілігі сонша, бір тілік қауын жеген кезде аузымыз жара болып кететін. Дарбыз да сондай еді. Алма да, шие де, шабдалы да. Қазір бұл жеміс-жидектердің бірде біреуінде ондай дәм жоқ. Құйрығы керсендей қойдың етінде де байырғы қазақтың қонағына сойған жетім лағының дәмі жоқ. Неге? Себебі, пейіл өзгерген. Сол пейіл біздің көзіміз түскен нәрсенің бәрін өзгертеді. Біз есік алдындағы жалғыз түп алма ағашына пайда көзі деп қараймыз. Жерге қауынның шопағын тастағанда пайданы ойлап тұрамыз. Малға да сол пейілмен назар саламыз. Ал бұрын біздің барлық тірлігіміз бұған керағар болатын.
Басы ашық жайт. Біз не жесек — солмыз. Ал біз не жеп жүрміз?!
Айналымда – әлемдік ас. Ал ол ас талай тісқаққандар қолынан өткен. Пайда ойлаған талай назарға суарылған. Соған орай қай ас та адам болмысын өзгертуге қызмет етеді. Біз солмыз. Сол өзгерген болмыс отбасыға да әсер етеді.
Дау-дамайдың, ұрыс-керістің, ажырасудың орын алуының бір себебі сол. Сондықтан да әйелдердің өз құқықтары туралы құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық, әйелдер мен балаларды жезөкшелікпен айналысуға тарту, жеңгетайлықтың келеңсіз салдары, қорда (притондарды) ұстау жөнінде проблемаларын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау және оларды жинақтап қорыту үшін, сондай-ақ әйелдер саудасының алдын алу мен болдырмау деңгейін көтеру үшін азаматтар арасында үгіт-түсіндірме жұмыстары жүргізілуі керек. Сондай-ақ, жыныстық немесе басқа да қанау мақсатымен адамдарды шетелге алып кетумен айналысатын фирмалар туралы материалдар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отыруы тиіс. Бұдан басқа, құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру үшін халық арасында үгіт-түсіндірме жұмыстарын жүргізген жөн. Отбасылық қатынастар, моральдық-этикалық, руханият пен адами құндылықтарды нығайтуға арналған өзекті әлеуметтік тақырыптар, сонымен бірге нәзік жандылардың құқықтары мен тұрмыстық жанжалдардың алдын алуды барынша айтып, насихатталуы қажет. Насихаттағанда да мына жағдайға назар аудару қажет. Егер байыбына барсақ, ашық қоғам деген болмайды. Солай бола тұра біз демократияны ашық қоғам деп түсінеміз. Шынтуайтына келгенде ол — заң билік құрған қоғам. Нақтыласақ, адамзат ақыл-ой жетістігі арқылы қол жеткізген қоғам. Байыбына барсақ, ол да өлі қоғам. Сондықтан да ол адамзат баласының алаңсыз тіршілік етуіне кепілдік бола алмайды. Алайда біз, біз ғана емес барша елдер көз тіккен меже сол.
Шынтуайтына келгенде, адамдық болмыс әлгіндей заңдардан биік тұру керек. Сол болмыс өлген кезде ғана заң билік құрады. Ол болмыстың аты — иман. Өкінішке қарай дін де сол болмысты өзіне тәуелді еткісі келеді. Ондай жағдайда демократиялық елдерге тән заңдылық құқықтарға шариғат иелік етеді. Алайда ол да тығырықтан шығар жол емес.
Сонда хақ жол қайда? Ол – өзіңде. Өзіңдегі – таным. Ол – ұлттық таным. Біз соны тапқан, соған қосылған адамды зиялы отбасы дейміз. Ал мұндай үйлесім болмаған жағдайда отбасылық кикілжің тоқтамайды. Сондықтан біз бүгінгі күні әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың тарихи оқиғалар салдарынан ер адамдар мен әйелдер арасындағы күштің теңсіз арақатынасының көрінісі болып табылатынын, соның салдары әйелдерге басымдылық танытып, еркектер тарапынан оларға қатысты дискриминацияның жол берілуіне әкеліп соққанын, мұндай зорлық-зомбылықтың әйелдер жағ-
дайының жан-жақты дамуына кедергі келтіретінін, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық негізгі әлеуметтік механизмдердің бірі болып табылып, оның көмегімен ер адамдармен салыстырғанда әйелдердің бағынышты болуына мәжбүрленетінін ашық айтуға тиістіміз.
Жасыратыны жоқ, отбасылық дау-дамай соңы кейде отбасы мүшелерінің өз-өзіне қол жұмсауына да алып барады. Әуелі дерекке жүгінейік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше жер шарында 40 секунд сайын бір адам өз-өзіне қол жұмсайды. Өкініштісі, әлем бойынша Қазақстан суицид статистикасында үшінші, ал Орта Азияда алғашқы орында тұр.
Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәлі-метінше, былтыр еліміздің 3 805 азаматы суицид құрбаны болды. Олардың басым бөлігі – Алматы, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарының тұрғындары. Өз-өзіне қол жұмсағандардың 3 мыңы – ер адам.
Сонымен әр бір сағат сайын бір қазақстандық өз-өзіне құл жұмсайды. Алайда бұл дерекке алаңдап жатқан адам аз. Тіпті бас та қатырмайды. Себебі бізді ажалдың себебі емес, салдары қызықтырады. Нақтыласақ, салдары да емес, бізге қызық керек. Біреудің қайғысы ішінен өз бақытын іздейтіндер де аз емес. Себебі солай тәрбиеленген. Әр шайқалған шаңырақ осындай адамдардың қалыптасуына жол ашады. Соған орай біз тіпті қиса-дастандарымыз оқиғаларын да бұрмаладық. Қыз Жібекке өз-өзіне қол жұмсаттық. «Қозы менен Баяндай, Бір молада өлсем-ай» деп өлімді насиқаттадық. Тіпті осы орайда ән де шығардық. Болмаса Қыз Жібек дастанының негізгі айтпағы әмеңгерлік қана ғой. Қозы мен Баян дастанының да негізгі айтпағы дәстүр. Жалпы ғашық болған адамына қол жеткізе алмағаны үшін өлімді алға шығару бақытты отбасын қалыптастырмайды. Біз келтірген жоғарыдағы деректер неліктен ешкімді селт еткізбейді?! Жалпы мұндай өлім-жітімнің себебі неде? Бұл сауалға кезінде Анна Құдиярова деген маман жауап қайтарған екен. Келтіре кетейік:
«Өз-өзіне қол салу – түсініспеушілік пен жалғыздықтан туындайтын проблема. Әрдайым адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасында түсініспеушілік орын алып жатса, ата-ана баласын түсіне алмаса, күйеуі әйелін түсінбесе немесе керісінше дегендей, жақын жандардың бір-бірін түсінбеуі осындай қайғылы оқиғаларға алып келед».
Жарайды, солай-ақ болсын. Бірақ біз осы қайғылы оқиғаның алдын алу үшін не істедік? Бәрінен бұрын «Адам баласының өз-өзіне қол салуы ауыр күнә» дейтін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы не істеді? Олар әр бір сағат сайын дүниеден озып жатқан марқұмдарды шариғат бойынша жерлеуге қол жеткізе алды ма? Егер өз-өзіне қол салғандарды жалпы зиратқа қоймай жеке жерлесек, қазақ даласын мола басып қалар еді. Алайда өз-өзіне қол салатындар ондай қорқынышты сезінбейді. Тіпті оның арғы әлемдегі зардабына бас та қатырмайды. Себебі, білмейді. Сондықтан ақты ақ, қараны қара деп айтатын уақыт жетті.
Біздің дініміз бен дәстүрімізде, күнделікті өмір сүру дағдымыз бен ұлттық болмысымызда ата-ананың ұрпақ алдындағы аманаты, баланың перзенттік парызы, олардың бір-біріне қатысты тәрбие үлгілері бағзы заманнан қалыптасқан. Осынау құндылықтар ғасырдан ғасырға жалғасып келеді.
Күнделікті өмірде дағдымызға айналған ғұрпымыз бар.Әрине, біз отбасындағы зорлық-зомбылыққа түбегейлі қарсымыз. Өз ұрпағына, аманат етіп алған жарына қол көтеріп, зиян шектіргендер қылмыстық әрекеті үшін заң алдында жауапқа тартылуы тиіс. Алайда бала құқығын алға тартып, оның әдепсіз әрекет жасауына жол беру дұрыс емес. Бұл – бала болашағына балта шабатын қадам.
Бәрімізге белгілі, заман алмасады, қоғам өзгереді, ғасыр ауысады. Өркениет қарыштап дамиды. Соған орай атам қазақ айтқан қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнайды. Алайда адам баласының бәріне сондай заманға тап болу нәсіп бола бермейді. Бұл тұрғыда Циолковский: «Алтын ғасырға бірігуге қол жеткізген адамдар ғана кіре алады», — дейді.
Біз ол ғасырды қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман деп отырмыз. Сонда бірігуге қол жеткізген адамдар кімдер? Жалпы ол қандай бірігу?
Бұл сауалдар жауабы әрқалай болып келді. Шынтуайтына келгенде, Құдай аузына салған Циолковскийдің сөзі негізгі мәнге емес, саясатқа қызмет етіп кетті. Соған орай «Алтын ғасыр» қақпасының кілтін ашатын құпия мәнге ие сөз тек «Ұжымдасу – ұлы күш» тұрғысында ғана дәріптелді. Алайда ол күшке, ол күш иелік ететін қуатқа ешкім де жете мән берген жоқ.
Ұғынықтылық үшін осы жерде Циолковскийдің біз тілге тиек етіп отырған сөзін толықтай келтіре кетелік:
«Алтын ғасырға бірігуге қол жеткізген адамдар ғана кіре алады. Ол бірігудің де өзіндік заңдылығы бар: егер екі адам бір ойда, бір толқында, бір мақсатта болса – екі аура бір-бірін 7 есе қуаттандырады. Егер үш адам болса 7 квардатқа, яғни 49 есеге артады, егер 4 адам болса, олар бір-бірінің қуатын 7-нің 3-ші дәрежесі, яғни 343 есе арттырады. Сондықтан да неғұрлым көп адам болса, келесі адам өте бағалы болады, ол қуатты еселей түседі. Ұжымдасу — ұлы күш».
Алайда Циолковскийдің ай-туынша, «Алтын ғасыр» осы екеуі қосылған кезде түзіледі екен. Болмаса, бір ой, бір мақсаттағы адамдар күнде бас қосып жүр. Тіпті КСРО билігі Циолковский сөзінің негізінде тұтастай бір халықты жасақтай алды. Ол халық жекелеген отбасылардан тұрды. Сол материялдық тұрғыда жасақталған бір ой, бір мақсаттағы халықтың өзі алапат күшке ие болды. КСРО билігі сол күшті місе тұтты. Сол отбасылық тұтастық бүгінгі күні де қажет. Себебі ол – ғылыми тұжырым.
Ал ол отбасы қалай қалыптасады? Оп-оңай. Оған біз жоғарыда тілге тиек еткен махаббат негіз болады. Циолковский айтқан екі аура сол. Жеті еселенген қуат көзі де соларға тән. Отбасы қатары көбейген сайын ол қуат арта түседі. Себебі, ол тек отбасылық емес, әлемдің тұтасу. Ал ол әлем ғасырды түзеді.
Жасыратыны жоқ, әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық – қазіргі таңдағы ең жойқын адам құқығы бұзылуының бірі. Сондықтан зорлыққа жол бермейміз десек, бақытты отбасын қалыптастыруға жол ашуымыз керек. Жалпы гендерлік теңсіздік, жағымсыз нормалардан бастау алады. Зорлық-зомбылық әйелдердің қоғамдық өмірге араласуына кедергі келтіреді. Гендерлік зорлық-зомбылық отба-сылар мен қоғамдастық арасындағы байланысты әлсіретіп, елдердің әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық дамуға қол жеткізуіне жол бермейді.
Егер байыбына барсақ, отбасылық зорлық-зомбылықтың негізі бала кезде қалыптасады. Алайда біз оған жете мән бере бермейміз. Соған орай осы тұрғыдағы кейбір мәселелерді өзім куә болған оқиғалармен байланыстыра отырып саралар көрейік. 6-шы класта оқып жүрген кезім. Біздің Көксарай ауылына бұрын ешкім естіп білмеген төтенше ауру келді. Ауыл жұрты оның қандай ауру екенін түсініп болғанша 10-шы класта оқитын бір қыз дүниеден озды. Орыс тілі сабағы үстінде мазам кете бастады. Бұрын қазақ тілінен сабақ беріп жүрген Фазылxан ағайымыз бір тақырыпты орысша түсіндіріп жатыр. Қашанғымыздай түк ұққанымыз жоқ.
Енді аңғарсам, біз түгілі ұстазымыздың өзі орысшаны онша қақпайды екен. Солай бола тұра сол ағай да, орысшаны біз құралпы түсінетін өзге мұғалімдер де орыс класына да сабақ бере беретін. Сабақ бергенде, «да», «нет» деген сияқты бәріміз түсінетін бір-екі орысша сөз қосылғаны болмаса, орыс кластарында да сабақ негізінен қазақ тілінде өтетін. Себебі… Иә. Бәрі қазақ. Рас, бір-екі өзге ұлт өкілдері бар. Алайда олар да өз тілдерінен гөрі қазақшаны жақсы біледі. Сондықтан өзіміз білетін «да», мен «нетке» тағы бір орыс сөзі қосылса, соның өзін қабылдай алмай, басымыз ауыратын. Сірә Фазылxан ағай орыс сөзін көп айтып жіберді-ау деймін, екі шекем сырқырай бастады. Әдетте ысқыру үшін ерніңді шүйіріп, демді сыртқа шығарасың. Аурудың әсері ме, білмеймін, әйтеуір «ерінді шүіріп тұрып демді ішке тартса, ысқырыла ма екен» деген ой басыма сап ете қалды.
Сол-ақ екен, дереу байқап көрдім. Ысқырылады екен. Фазылxан ағайым орнынан шоршып тұрды. «Кім ысқырған?» деді. Қазақшалап айтты. Орнымнан тұрдым. Фазылxан ағай екі аттап қасыма жетіп келді. Содан бар ынта-жігерімен мені сабауға кірісіп кетті. Бұрын да таяқ жеп жүрміз ғой. Жалпы ол кезде біз мұғалімді бала сабайтын адам деп түсінетінбіз. Рас, әр мұғалім әр түрлі тәсілмен ұратын. Рас, қазір мұндай жәйтты айтудың өзі ерсі. Ал бұрын ол қалыпты жағдай болатын. Бірақ оны ешкім де балаларға жасалып жатқан зорлық-зомбылық деп қабылдамайтын.
Қанша дегенмен ұстаз ғой. Фазылxан ағайым да өзінің қатты кеткенін түсінген тәрізді. Сабақтан алып қалып, маған біраз ұлағатты сөздер айтты. Себебі сол сәтте менің есім кіресілі-шығасылы болатын. Үйге қалай жеткенім есімде жоқ. Есіктен аттаған сәтте-ақ талқысып кеттім.
Сол кездегі оқиғаны бүгінгі талап тұрғысынан таразыласақ, көп жайдың беті ашылады. Мәселен ЮНИСЕФ Қазақстандағы өкілетті органдармен бірге жүргізген зерттеулердің нәтижелері көр-сеткендей, ересектердің шамамен 75%-ы отбасында балалардың мінез-құлқын қадағалап отыру үшін дене жазалауын қолдануды құптайтын көрінеді. 2-14 жас аралығындағы әрбір екінші бала отбасында зорлықпен тәртіпке салу шараларына душар болады. Мектеп оқушыларының үштен екісі басқа оқушылар немесе мұғалімдер тарапынан зорлық-зомбылық көрсетуге немесе кемсітуге шалдыққан немесе соның куәсі болған. Зорлық-зомбылықтың жоғары деңгейі интернат меке-мелерінде және мінез-құлқында қиындықтары бар балаларға арналған мектептерде байқалады.
Жә, өткен оқиғаға қайта ойысайық. Сонымен пеш түбінде бүрісіп жатырмын. Ауру маған Фазылxан ағай болып келді. Содан үрейленемін, қорқамын, қашамын. Ағайым көз алдымда зорайып, үлкейіп кетеді. Сандырақтай бастадым. Шешем өзінше емдеуде. Емдегенде, тұзды суға шомылдырды. Әкем ауылдағы екі дәрігердің бірін үйге ертіп келді. Шешем жасаған емнен ба дәрігер ауруымды дөп басып анықтай алмады. Сосын: «Ауырғанда өйтті ма, сосын бүйтті ма?» деп шешемнен менің ауруымның жөн-жобасы туралы сұрай бастады. Шешем: «Иә, солай болды» десе, әкем: «Олай деме» деп шыж-быжы шығады. Қолында газет. Бір белгісіз ауру туралы қайта-қайта оқиды. Сірә, шешемнің айтуы сол ауруға келетін тәрізді. «Ол ауру болса, онда…» деп әкем күмілжиді. Бұл кезде мен тілге келуден қалдым. Іле ауруxанаға жеткізді. Мені әрі-бері қараған бас дәрігер: «Бұл – менингит» деп кесімді сөзін айтты.
Осы өз басымнан өткен оқиғаны қазіргі халықаралық құқықтық нормалар тұрғысында саралағанда, мұндай жағдайда мына мәселелерді назарда ұстаған жөн.
Балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінің алдын алу және жою мақсаттарына жету үшін бірқатар стратегияларды іске асыру маңызды. Алдын алу деңгейінде балаларға кез-келген түрде, соның ішінде дене жазалауы түрінде зорлық-зомбылық көрсетуге тыйым салатын заңнамамен қамтамасыз ету қажет.
Сонымен қатар, ата-аналардың балаларын зорлықсыз тәрбиелеу дағдыларын үйде қызмет көр-сету және жақсы ата-ана болу бағдарламалары сынды шаралар арқылы дамыту маңызды. Мектепке дейінгі және мектеп мекемелерінде, сонымен бірге, қосымша білім беру ұйымдарында балаларға арналған арнаулы бағдарламалар болуы қажет.
Оған өз басымнан өткен оқиға негіз бола алады. Сондықтан сол кез оқиғасын одан әрі өрбітейік.
Көзімді аштым. Бір топ адам басымда төніп тұр екен. Біреуі: «Атың кім, атыңды айтшы» деп қайталап сұраумен болды. Айттым. Әлгілер менің өз атымды айтқаныма балаша мәз болды. «Болды, есін жиды. Енді тәуір болады» деді біреуі. Кейіннен білсем, мен сандырақтап жатқанда өз атымды Фазылxан деген көрінемін. Жә, ол ағайыма реніш жоқ. Мені алғаш әдебиетке баулыған сол кісі. Кейін мектепте қатар қызмет атқардық. «Сізден таяқты көп жедім» десем: «Біз оны тәрбие құралы деп ойладық қой» дейді.
Қош, сонымен есімді жидым. Есімді жиюыма, жалпы арғы әлем есігін ашып тұрып қайтып келуіме, таяуда ғана бас дәрігер болып тағайындалған Тас көкемнің барлық жауапкершілікті мойнына алып тұрып, омыртқамнан сары су алуы себеп болыпты. Қалай сары су алды, бірден айықтым. Тіпті дәрігерлер бөлмесіндегі теледидарда жүріп жатқан киноны барып көргім келді. «Аяврик» деген кино еді. Қасқырдың бөлтірігін асырап алатын бала туралы кино. Біздің Көксерек сияқты емес, әлгі Аяврик иесін бір топ қасқырдан құтқару барысында мерт болады. Сол кезде Аяврик атты ауыл иттері көбейіп кетіп еді. Жасыратыны жоқ, кеңестік жүйе киноларының отбасылық тәрбиелік мәні зор болатынын жоққа шығаруға болмайды.
Маңайымда топырлап жүрген-дерге назар аудара бастадым. Әкем бар, тағы бір-екі дәрігер, сосын кластас екі қызымның ата-анасын шырамыттым. Сөйтсем қасымдағы екі керуетте екі кластас қызым жатыр екен. Олар да менингит. Алайда олар омыртқасынан сары су алуға Тас көкем тәуекел етпепті. Сары су алмаған соң белгілі. Екеуі де ес-түссіз жатыр. Сәл кейіндеу қатарымызға тағы бір кластас қызымыз қосылды. Ол да былқ-сылқ. Не керек, біз үшін Шымкенттен арнайы ұшақ шақырылды. Бізді жолға дайындап жатыр. Бір кластасымның анасы: «Бастарың ауырса «гәлаба бәлит», іштерің ауырса «жибат бәлит» деңдер деп, орысша үйретіп бәйек болып жүр. Ана үшеуінің орысша түгілі қазақшаның өзін қақпайтынын білген соң әлгі сөздерді менің миыма құюға тырысуда. Мен де: «гәлаба», «живат» деп іштей қайталап қоямын. Бірақ қай сөзді қай жерің ауырғанда айту керектігін шатастыра беремін. Соған қарамай әлгі апам: «Аналар үшін де сен жауап бер» деп қояды. Не керек, осындай дайындықпен ұшаққа міндік.
Біз облыс орталығынан шалғай ауылда тұрамыз. Солай бола тұра ол кезде балаларға деген қамқорлық өте жоғары еді. Рас, қазір медицина дамыды. Бірақ ауыл сайын қатынайтын ұшақтар көзден ғайып болды. Сонымен қатар бала тәрбиесін тек анасына теліп қоюға болмайды. Әсіресе ер балаға әке тәрбиесі қымбат. Баланы асырап бағу, тәрбиелеп өсіру әкеге де міндет. Кейбір жанұяда баласы жаман қылық танытса күйеуі әйеліне: «Сен осы балаға қарамай, не істеп отырсың?» деп жерден алып, жерге салады. Барлығын шеше байғұсқа ысыра салып отыратын осындай әкелер көп. Әке дөрекелік мінез көрсетіп, балаларына немқұрайлы қараса, ол тәрбие емес. Тәрбиешінің өзі тәрбиеленген болу керек. Сәби екеуінің ортақ баласы.
Ұшақ облыс орталығына қонды. Әзірге көргенім ауруxаналар. Сол көргенімнің өзі маған жетіп артылады. Ақыры балалар ауруxанасына табан тіредік. Ол жерде тағы да сары су алды. Тіпті тәуір болып қалдым. Кластастарымның беті әлі бері қарай қойған жоқ. Төртеуміз бір бөлмеде жатырмыз. Емдеуші дәрігер бірнәрселерді сұрайды. Әйтеуір бір кезде «бәлит» деген сөзді қақтым. Кластасымның бірі «басым-ай, басым» деген болатын. Сол жақты қолыммен нұсқап «гәлаба бәлит» дедім. Кейін мені балалар бөлмесіне алып кетті. Ол жерде өзім қатарлы екі өзбек, бір орыспен қатар жаттым. Маған орнымнан тұруға ұрықсат жоқ. Төсекке таңылып ұзақ жаттым. Тәртіп солай ма, әлде басқа себебі бар ма, әйтеуір ана үшеуіне меніңкінен бөлектеу тамақ береді. Сірә, тамақты да қаншалықты айыққанына қарай беретін болса керек. Не керек, бір күні солар жейтін тамақты маған да бере бастады. Үш айда әлгі орыспен де түсінісетін жағдайға жеттім. Бұл да сол кездегі тәрбие көрсеткішінің жетістігі.
Төрт кластас ауруxанадан бірге шықтық. Содан бері қаншама су ақты. Заман да, қоғам да өзгерді. Бірақ отбасылық тәрбие өз мәнін жойған жоқ. Жалпы адам баласына жасалар зорлық-зомбылық заманды да, қоғамды да талғамайды екен. Сондықтан да оған барлық уақытта да қарсы тұра білу керек. Бала кезде көрген зорлық-зомбылық есейген кезде де өз ізін қалдырады.
Мәселен осы тұрғыдағы зерт-
теу барысында тұрмыстық зор-лық-зомбылық пен әлеуметтік-демографиялық сипаттамалардың өзара байланысы талданды. Талдау барысында олардың жасы, ұлты, білім деңгейі, отбасы мүшелері мен кәмелетке толмаған балалардың саны қоса қарастырылды. Нәтижесінде, қазақ әйелдері арасында үй зорлық-зомбылығының таралуы басқа ұлт өкілдерімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары екені (5,1%-ке) анықталды. Күйеуі ұрып-соққан әрбір үшінші орыс әйел көмекке жүгінеді, ал қазақ әйелдерінің арасында жүгінгендердің үлесі тек 25% құрайды. Сонымен қатар, әрбір бесінші қазақ әйелі осы тақырыпқа қатысты сұрақтарға жауап беруден бас тартты немесе ауырсынды.
Үйдегі зорлық-зомбылыққа ұшы-рауы ықтимал тобын анықтаудағы басқа маңызды әлеуметтік фактор отбасының материалдық әл-ауқаты болып табылады. Алынған деректер нашар қамтамасыз етілген отбасылар отбасындағы зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайтынын және көмекке сирек жүгінетінін тағы да дәлелдеді. Тіпті тамақтануға да қаражат жетіспейтін отбасылардың әйелдері қаржылық қиындықтарға ұшырамаған әйел-дермен салыстырғанда бұл сұраққа жауап беруден екі есе жиі бас тартты.
Сондай-ақ, зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдардың өмірге деген оптимистік көзқарастары аз екені анықталды. Мұндай әйелдердің тек 28,6% ғана өз өміріне қанағаттанғанын атап өтті, ал зорлық-зомбылыққа ұшырамаған әйелдердің ішінде өмір сапасына толық қанағаттанғандардың үлесі айтарлықтай жоғары болып, 42,2% құрайды.
Сондықтан да бұл мәселеге жеңіл-желпі қарауға болмайды. Соған орай қай мемлекет те әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты айыптап, оны түбегейлі жоюға қатысты өз міндеттемелерін орындауда ешқандай дәстүрлерге де, әдет-ғұрыптарға немесе діни себептерге жүгінбеуі керек. Билік барлық тиісті құралдар арқылы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты түбегейлі жою-ға бағытталған саясатты шұғыл түрде жүзеге асыруға міндетті. Сонда ғана біз бұл келеңсіздіктің алдын ала аламыз.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *