Тәуелсіздік – киелі ұғым. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп туған халқына келелі ой қозғар кесек мақала арнауы – Ел Президентінің перзенттік, азаматтық парызы. Парыз. Мағынасы...

Тәуелсіздік – киелі ұғым. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп туған халқына келелі ой қозғар кесек мақала арнауы – Ел Президентінің перзенттік, азаматтық парызы. Парыз. Мағынасы телегей терең ұғым. Перзенттік парыз. Азаматтық парыз… Өз тұсында қазақ әдебиетінің абызы, классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов ақсақал экологиялық проблеманы көтерген «Сең» туындысын орыс тіліне аударып, шығармаға лайықты атау беруде ойланып-толғанып, ұзағырақ жүріп қалады. Кейін «Парыз» («Долг») деп ат беріп, айдар таққанда, ел азаматтары: – О, бұл іспетті проблеманы көркем әдебиетте көтере білу – нағыз азаматтық парыз емес пе!– деп қол соққаны белгілі.
Ендеше, Мемлекет басшысының, өмірлік тәжірбиесі ұланғайыр Елтұтқаларының, ақсақал ардагер ағаларымыздың бүгінгі жаңа ұрпаққа Тәуелсіздік құндылықтарының тағы-лымы турасында ой өруі – парыз іс. Ел Президентінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы «Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым», «Қоғам мен құндылық», «Ұлағат пен ұстаным» секілді төрт бөлімнен тұрады. Мақала мазмұнына дендеп енбестен бұрын, «бағдар», «белес», «таным», «тағылым», «қоғам», «құндылық», «ұлағат», «ұстаным» ұғымдарына үңілейікші. Ұлттық менталитетімізге тән ұғымдар, ұлттық межелер. Аталған ұғымдар астарына бойлай келе, оны қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен байланыстырғайсыз. Ойлантпай қоймайды.
Шынында да, қастерлі Тәуел-сіздігіміздің 30 жылдығында ұстанған басты бағдарымыз қандай болды? Қандай белес-асулардан өте алдық? От пен судан өткен өткеліміздің танымы неде, тағылымы қандай? Қоғам қалай дамуда? Ұлттық қазақы құндылықтарымызды аяқ-асты еттік пе, әлде құнын ескере, аялай білдік пе? Отыз жылдың ұлағаты неде? Ендігі ұстанымымыз не болмақ? Мемлекет басшысы аталған мақаласында осы ұғымдарға баса назар аударған. Турасын айтсақ, бағдары айқын елдің межелі нысанасы анық болады.
Ел бағдары әлемдік бағыт үдесінде дамуы тиіс. Бағдарлы ел де белді белестерден өтері даусыз. Жазық та тегіс жерден сүрінгеннен сақтасын! Небір белесті бедерлердің танымдық тұрғыда жаңа білім қорын қосары әлемге аян. Осы жолда озық елдердің тәжірибесінен тағылым алғанға не жетсін!
Қоғам — жалпы алғанда біртұтас өзгеше бірлестіктегі, тар мағынасында жақсы танымал ұлттық бірлестіктегі адамдар тобы топтасқан өзіндік сан қилы күрделі орта. Осыншама күрделі қоғамның өркениетті дамуына бірден-бір септесер адамзатқа ортақ та, белгілі бір менталитеттен туындар сериалды ұлттық құндылықтардың да орны ерекше.
Осы құндылықтардың ел дамуында жарқырай көрінер ұлағаты бәрінен бөлек. Ал ұстаным мәселесін жеке тұлғаға орайлас алсақ, өмірлік ұстаным – адамның дүниетанымдық, моральдық-психологиялық қасиеттері және оның қоғамға қарым-қатынасын білдіру арқылы көрінетін ішкі қағидасы дер едік. Жеке тұлғаның өзіндік өмірлік ұстанымы оның қоғамға, қоғамдық байлыққа тән көзқарас-пікірлерінен, іс-әрекетінен, қоғамдық қызметінен, өмірге көзқарасынан білінбек. Адамның өмірлік белсенді ұстанымы еңбек үрдісінде ғана айқындалып, шыңдала беки түспек.
Айналып келгенде еліміздің мемлекет ретіндегі басты ұстанымы жеке азамат тұлғаларының азаматтық, адамзаттық ұстанымдарынан өрби дамымақ. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылын қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес, көптеген халықтарға тән қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуірге балайды.
Президент мақаласында еліміздің әрбір саналы азаматын – тыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?–, –Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?– Мемлекетті нығайта түсу үшін тағы не істейміз?– тұрғысындағы сауалдар толғандырарын айта келе, азаттықтың алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі, екінші онжылдық – Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі, үшінші онжылдық шаңырағымыздың биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналуымыз, ал төртінші онжылдық міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу деп пайымдауы ойға қонымды. Ақиқаты – осы үш онжылдықта атқарылған елдік істердің қомақтылығы.
Мәселен, алғашқы онжылдықта Ата заңымыздың қабылдануы, ел аумағының ядролық қарудан толық тазартылуы, Елордамызды Арқа төсіне көшіруіміз, жастарымыздың әлемнің маңдайалды оқу орындарында білім ала бастауының өзі неге тұрады? Қысқасы, осы іспетті игі де ізгі істердің нәтижесінде ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз бір көтеріліп қалғаны айдай анық.
Екінші онжылдықта «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырып, тарихымызды түгендеуді өз қолымызға алуымыз, елімізге шет елден қомақты инвестиция тартуымыз, Есілдің жағасында бой көтерген еңселі елордамыздың ұлттық идеямызға айналуы, тұрғын үй құрылысының бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуы көңіл қуантады.
Ал үшінші онжылдықта «Қазақстан – 2050» стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межелеуіміз, «100 нақты қадам» секілді ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруымыз, нәтижеде саяси және экономикалық реформалармен қатар халық қолдауына ие болған рухани жаңғыруға баса мән беруіміз ойымызды серпілтіп, бойымызды биіктетеді. Осыншама толағай табысқа қол жеткізудің кілті халқымыздың даналығы, ұл-қызымыздың сана-лығы, жанқиярлық еңбегі мен Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналған Елбасының төккен тері дер едік. Ендігі міндет – қуатты елге айналу, кемелдікке қол жеткізу, ұлттық жаңа болмысымызды қалыптастыру.
Осы орайда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек», — дей келе: –Тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден
ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұмылып кетпеудің бірден-бір кепілі–, — деп тұжырымдайды. Расында да, бүгінгі Тәуелсіздік құрдастары ел тәуелсіздігін ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома сынды көреді.
Десек те, Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі тиіс. Себебі бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Осы жолда ата-бабаларымыз небір
зұлмат замандар мен қанқұйлы нәубеттерді басынан өткерді. Олай болса, бұл ретте жас ұрпақтың тарихи санасы айқын әрі берік болуы жолында кешенді іс-шараларды қолға алу қажет-ақ.
Осы орайда Ел Президенті: «Көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет. Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек»,- деп жазады. Одан әрі: «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады… Азаттықтың алғашқы қарлығаштары–Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек», — деп түйеді. Сөзсіз, аксиомалық мәселе, тек қана ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ғана ұрпақ санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға зор мүмкіндік берері даусыз.
Президент мақаласында еге-мендігіміздің мәңгілік үштағаны Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз екенін қозғай келе, осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтауды баса айтады. Бұл ретте Мемлекет басшысы: –Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы
да баса айтқым келеді–, — деп шегелейді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері
және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұ-
рыс болуы қазақ тілін
меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты… Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы», — деуі аса өзекті
мәселе. Турасын айтсақ, тілдің қадірін білмеген кімнің қадірін білмек. Әрине, тіл мәселесіне қатысты бұрын-соңды ешкім айта қоймаған тың ой айту оп-оңай шаруа болмас. Өзімізге салсақ, бұрын айтылған ойды қайта-қайта қаузауға құмар емеспіз.
Десек те, алдыңғы кезекте айтыла тұрса да, қолға алынуы кешеуілдеп жатқан, жүзеге асуы әлі де үйлесіңкіремей тұрған, не көзден таса, көңілден қалыс қалыңқырап жүрген кейбір кезек күттірмес қомақты мәселелерге акцент беру
орынды.
Әсіресе, Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында мемлекеттік тілге қатысты бірқыдыру елдік мәселелерді тілге тиек ету заңдылық іспетті. Мәселен, осы орайда қолымызға жаңа Қазақстанның жастарына арналған «Менің 100 кітабым» кітапханасы сериясы бойынша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ақыл- парасат кітабын» қайтара алдық. Еңбекте –Тәуелсіздік – тәуекелі тұратындардың еншісі– тақырыбында Елбасымыздың ұлт Тәуелсіздігі туралы 45 пікір-тұжырымы, ал мемлекеттік тіл хақында –Ұлттық сана ұлттық тілмен қалыптасады– тақырыбында тұжырымды қағидалары топтастырылып оқырманға ұсынылған. Бұл – «көсем-қиында, шешен-жиында» дегендей, Елбасымыздың Ел Тәуелсіздігі тұсындағы, яғни, сандаған
жылдар бойғы алуан жағдаяттар белесінде қорытқан толайым түйіндері. Бұл аз емес. Енді осы 180 толымды түйін таратыла-таразылана өз шешімін табуы тиіс. Бастысы осы 180 толағай тұжырым бүгінгі саналы жаңа ұрпақ санасына егілуі тиіс.
ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: Тәуелсіздік – тарих-ың мәңгіге бөліп берген еншісі емес, халықтардың мамыражай өмір сүруіне берілген кепілдік те емес: аңғал болмағанымыз абзал–,-деп бастайды. Орынды айтылған сөз – орнына қағылған шеге. Тыңдалмаса – сөз жетім. Ендігі кезекте дуалы ауыз кеудесін кере айтылған мәңгілік мәмілені әрбір ұлт ұрпағы саналы тұрғыда жан жүрегімен ұғатындай етуіміз қажет. Одан әрі Елбасы: «Тәуелсіздік – тәуекелі тұратындардың еншісі»,-деп бекіте түседі. Шынында да, тәуекелі тұратындардың ғана қолы жетпесе, Тәуелсіздік киелі бола ма? Азаппен, арпалыспен келмесе, Азаттықтың құны бола ма? Оңайлықпен келсе, оның қадір-қасиеті бола ма? Қадірі жоқ нәрсе қолда ұзақ тұра ала ма?
Бүгінгі ұрпақ Ел Тәуелсіздігінің қадірін жете сезіне ме? Біздіңше, бұл сауалдар бойынша бір кісідей терең ойлану өз алдына, осы жолда әр кез қамдану керектігі айқын. Қуанарлығы – Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстанның өзінің бірде-бір қадамымен, іс-әрекетімен немесе тіпті бірде- бір сөзімен өңірлік және жаһандық қауіпсіздікке нұқсан келтірмеген мемлекеттің бірегей үздік өнегесі тұрғысында әлемге танылуы жан дүниеңді марқайтады.
Елбасымыз: «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, Тәуелсіздікті мәңгі ұстап қалу одан әлдеқайда қиын. Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткерген тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа жөнсіз тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген»,-деп саралайды. Демек, Тәуелсіздік Туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға да соншалықты қажыр-қайрат керектігі айдай анық.
Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің тұғырын бекемдей түсу жолында баса салмақ салар мәселелердің өзі бір шоғыр. Мәселен, халық айтса, қашан да қалып айтпайтыны рас қой. Бабалар сөзіне сүйенсек, тілін білмеген түбін білмейді. Елбасы айтпай ма: –Бойында қаны бар, намысы бар әрбір азамат: –Енді тәуелсіздікті қалай кемел-дендіреміз, елдің көсегесін қайтсек көгертеміз?! – деп ой-санасын қамшылауы керек – деп.
Демек, бүгінгі оқу-тәрбие жұмысын осы бағытта аса сақтықпен саналы түрде өрбіту қажеттігі күн тәртібінен түспеуі тиіс, тіпті бұл бағыттағы кешенді жұмыстарымызды еселеп арттыру қажет, ұлттық дәстүрге айналдыру шарт. Қолға тиген киелі Тәуелсіздігімізді сақтау жолында еліміздің әрбір азаматы ойлануы тиіс. Бейқамдыққа, аңғалдыққа жол жоқ; Тексіздік – тілсіздіктен. «Тілі бар халық – халық, Тілі жоқ халық – балық» демей ме атам қазақ.
Қазақтығымыз – қасиетіміз. Қазақтығымыздың басты белгісі қазақша сөйлеу емес пе. Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: –Жиырмасыншы ғасырға шейін түрік тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті–,-деп жазады. Тіл қаруы – сөз. Тіл – әдеп басы. Демек, ағайын-ау, сөзің-өзің емес пе.
Ендеше, бүгінгі қоғамдағы тіл тазалығын сақтауды ескеру, сөйлеу мәдениетінің құлдырауына мысқал да жол бермеуге баса басымдық жасау – парыз іс. Осы бағыттағы соны зерттемелерді, тың талдамаларды қаржылай қолдау – кейінгі ұрпаққа қажет мол қор жасауға алғышарт; Тіл – ақылдың өлшемі. Елбасы айтады: «Қазақ тілі – ғажап тіл. Оның болашағы да ғажап. Тек оны насихаттай білуіміз керек. Ғажап тілді азап тіл сияқты етіп көрсететін оқулықтардан құтылуымыз керек» деп. Демек, еліміздегі мектеп оқулықтары тілінің сапалығы да – бүгінгі аса ауқымды мәселе қатарында; «Туған жер – тұғырың, туған тіл – қыдырың».
Елбасы айтады: «Отаршыл заманды еске салып, халықтың намысына тиетін атауларды да, тілдің төл заңдылықтарын, табиғи үйлесімін бұзып тұратын атауларды да өзгерту керек» деп. Өкінішке орай, бұл құбылыс қоғамымызда әлі сіресіп тұр, тоңы да жібіген жоқ. Бұған не себеп, не кедергі? Сана төмен бе, әлде етіміз үйреніп кетті ме? Әлде бұған бұрылар мұрша жоқ па, әлде мүмкіншілік кем бе? Тіл – ұлттың жаны, ойдың шындығы, көңілдің тілмашы, елшінің қылышы.
Елбасы айтады: «Қазақстанның тәуелсіздігі бейбіт жолмен келді. Бұл – азаттық үшін алысқан мың-мыңдаған азаматтардың қасиетті қанының өтеуі. Бұл – бүкіл тарихында өзгелерге қиянат жасау дегенді білмеген халықтың пейілінің қайсарлығы… Еңсесі түскен елдің есін жиғызған, жапа шегіп, зар жылаған халықтың көзінің жасын тыйғызған кімдер еді. Азаматынан айырылған арғымаққа қайтадан ер салдырған, тұтастық туын қолға қайтадан алдырған кімдер еді? Қасиетті бабаларымыз – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би еді– деп. Сондай-ақ, – Ел ебелек емес, ер көбелек емес – деп, аузымен құс тістеген қаһарлы қалмақ ханының алдына тайсалмастан шығып,
–Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай
жай жатқан елміз.
Елімізден құт қашпасын деп,
Жерімізді жау баспасын деп,
Найзамызға үкі таққан елміз.
Жау аяғына басылмаған елміз,
Ешбір дұшпан басынбаған елміз,
Басымыздан намыс асырмаған елміз…– деп келетін халық сөзін айтқан 15 жасар Қазыбек сынды ұлт ұлын еске алайық. Бұл ел рухын шыңдап, халықтық қаһармандықты ширықтыру бағытындағы жүйелі жұмыстардың әлі де молынан қажеттілігін айғақтайды.
Демек, тіл мәселесі – аса күрделі де жауапты мәселе. Асығатын да, аптығатын да, тіпті ретін тауып саяси ұпай жинап қалатын да жер бұл емес. Бұл орайда науқаншылдыққа да орын болмауы тиіс. Басқалардан қалып қоймайық деп қазірше қолдан келмейтін, тек қоғамды әуре-сарсаңға түсіргеннен басқа ештеңе бермейтін жартыкеш жарымжан жоспарларды, баянсыз бағдарламаларды қою керектігін басты кредо тұтпасқа болмас. Жалпы білім беру, ағарту, тілді үйрету, меңгерту, тілдік дағды қалыптастыру мәселелері ғылымда салған жерден бола қалмайды, алдын ала эксперимент нәтижесінде ғана ғылыми негізделіп, өрісі кеңеймек. Олай болса, тілді оқып-үйрену мәжбүр ету арқылы емес, саналы түрде, жұрттың барлығы үшін бала жастан басталуы, ұйымдық және әдістемелік жағынан қамтамасыз етілуі тиіс. Елімізде тұратын әрбір азаматтың осындай ғылыми көзқарастың қажеттілігін айқын ұғынып, қолдарына дау жоқ. Қысқасы, жақсылық та, жамандық та тілден. –Тіземнен сүріндірсең сүріндір, тек тілімнен сүріндірме– демей ме атам қазақ. –Аз сөйлер де, көп тыңдар қас асылдың баласы– деп Махамбет бабамыз айтқандай, ұлт Тәуелсіздігін кемелдендіру, ел көсегесін көгерту, тіл мәртебесін арттыру жолында ұлтжанды ұлдардың ісі бітер ме. Бүгінгі таңда сөзден жаңылып, ізден адасатын ретіміз жоқ. Себебі небір қиын да күрделі кезеңдерде ұлтты қожыратпаудың қуатты қаруы болған қазақ тілі – бүгінгі өмірімізде де ұлтты тұтастандырудың таптырмас тегеурінді тетігі. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бағдарламалық ауқымдағы мақаласында: –Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел… Ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның және әрбір азаматтың міндеті–, -деуі жас Тәуелсіз елімізге ауадай қажетті өзекті ой.
Себебі, бірлік – тіршілік көзі, бірлік – ырыстың мерейі, бірлік – ұлтты сақтаудың бір кепілі. Демек, ел бірлігі – ең асыл қасиет. Бірлік біздің қасиетті туымыз дерлік. Ал туды биікте желбірете ұстаса ғана сәнді. Бірлеспеген білектің әлсіз боларын білеміз. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғанға не жетсін! –Біріккен екі бірлігі жоқ жетіні жеңеді–. –Біріккен жүз бытыраңқы мыңды алады». Саусақ бірікпей, ине ілікпесі, қол жұмылмай жылынбасы аян. Кеңесшіл ел азбасы, кеңесіп пішкен тон келте болмасы белгілі. «Төртеу түгел болса – алар, алтау ала болса алдырар–. –Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді». «Екі ауыз біріксе, кер ауызды басады».
Қысқасы, ынтымақ – бұзылмайтын қорған, бірлесе еккен ағаш – орман. Айналып келгенде, береке басы бірлікте. Одан әрі тереңдете үңілсек, түркі бабаларымыз бірлікті елдің іргесі сөгілмесін кейінгі ұрпаққа айтуды парыз санағандықтан, ғибратты сөз түйіндерін тасқа қашап жазып, дала заңдары тек достық пен бауырластыққа негізделгенін аңғартқан.
Анақарыс (Анахарсис) сынды арысымыз бақытты шаңырақты жалтылдаған сәнді сарай емес, жан жарыңның, жақын-жораларың мен сүйкімді балаларыңның сыңғырлаған күлкісі, ырысы мен ынтымағы тұрғысында түсініп, үйді балташылар мен тас қалаушылардың еңбегінің ғана емес, үй ішінде тұрып жатқан адамдардың өзара қарым-қатынасының жемісі деңгейінде пайымдаған.
Тоқсары (Токсарид) данышпан достық туралы көп сөзден достық пейілді бір іс артықтығын болжайды. Тоныкөк (Тоң-ұқық) баһадүр түнде ұйқы көрмедім, күндіз күлкі көрмедім, қызыл қаным төгілді, қара терім сөгілді, күшімді сарқа жұмсадым, жауға да шаптым құрсанып, бәрі де ел үшін деп еңселі ой тастайды. Білге (Мерген) қаған ел болып бірігуден асқан бақыт жоқтығын баса айтады.
Күлтегін сынды арлы азамат бек ұлдарың құл болмасын десең, пәк қыздарың күң болмасын десең, бірлік керектігін, тату елге тыныштық пен тоқшылық қашан да нәсіп боларын айтып кеткен.
Жаңа Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы, оның бірлігін қамтамасыз етуші, ел Атазаңын, адам мен азаматтың құқы мен бостандығын қорғаушы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ақыл-парасат кіта-бына» ел бірлігі хақындағы 60 ой-толғам енгізілген. Бір ғажабы, олардың әрқайсысы – асыл афоризм, кесек алтын ойдың үзігі дерлік дүниелер. Елбасы ой-толғамдарына бойлай айтсақ, бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық іс тек жарасқанға бұйырмақ. Бақсақ, біздің бабаларымыз тірі болуы үшін бір болған, ендеше біз ірі болу үшін бір болуымыз керек. Тек бірлесіп қана, бүкіл халықтың күш-жігерін біріктіріп қана алға баса аламыз.
Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев: «Егер де халықтың бірлігі болмаса, отансүйгіштік жанқиярлығы болмаса, бұл жер де, қазақ халқы да, Қазақстан да тәуелсіз ел болмас еді», – деп орынды ой қозғайды.
Турасын айтсақ, ауызбіршілік жоқ жерде ешқашан ұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Бұл орайда да Елбасы: «Қазақты еш уақытта сырттан жау алған емес, ала алған да емес, қазақ, әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бірліктен күшейген». –Бабаларымыз өзгелердің төріне шығу үшін өзі де меймандарына қақ төрден орын беріп, құрмет көрсеткен–,- деп ой қорытады.
Олай болса, еңсесі биік елдікке есі кеткен ғана топырақ шашады. Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген кісі өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды. Анық білеріміз – егер қандай да бір ел тұрақтылықтан айырылса, онда күллі жаһандық тыныштыққа қауіп төнгені. Бұл ретте тұрақтылық саяси мәселелерді шешудің күшке негізделмеген тәсілдеріне көбірек сүйенгенде ғана сақталмақ.
Бұған қоса айтсақ, –популизм– –этнопопулизм– деген ұғымдар бар. –Популизм– латын тілінен аударғанда –populus– деген сөз, халықтың құқығы мен мүддесі үшін күрес дегенді білдіреді. Популизм – жекелеген адамдар тобының, кейбір басшылардың адамдардың көңіл-күйлерін қалып-тасқан жағдайларға байланысты өз мүддесіне пайдалануы.
Заманауи саяси лексикондағы –популизм – түсінігі көп жағдайда саяси күрестердегі тактикалық әдістердің құралдарын анықтауда, көпшіліктің қоғамдық санасының апелляциясына байланысты жиі қолданылады, максимализм және саяси шешімдерді бірыңғай бейімдеп қабылдауда да қоғамдық өмірде көрініс береді. Ал –этнопопулизм– ұғымы ұлттық ділге (менталитетке) бағыттала таразыланады.
Бұл реттегі Елбасы түйіндері де ойлантпай қоймайды. Мәселен, Елтұтқасы: –XXI ғасырда елдерді ұлы және қосалқы, бастаушы және еруші елдер деп бөлу өркениеттілік тұрғысында мүлде ескірген. Үстемдікке ұмтылу инерциясы прогреске апармайды. Ол планетамыздың жекелеген елдер мен аймақтарын жаһандық дамудан шетқақпай қалдыру қаупін туғызады.
Бұл – баршамыз үшін де тығырық– ,- деп жазады. Бүгінде айқыны популистер саяси ұпай жинау үшін ештеңеден тайынбайды. Ең бір қасиетті ұғымдарды да саудаға салады. Олар адамдардың үлкен уәделерге, даңғаза ұрандарға оңай иланатындықтарын да жақсы біледі. Қоғамның небір күрделі мәселелерін оп-оңай шешіп тастауға уәде береді.
Ал ондай жол көбіне-көп біреу-ақ: өз халқыңды жұрттың бәрінен де артық халық деп ұғындырып, оны басқаларға қарсы айдап салу. Ал этнопопулизм – демократиялық қоғамның денесіне шыққан безеу емес, дерт. Онымен ұдайы күреспей болмайды. Ол жағдайға байланысты тез өзгеріп тұрады. Қоғамды одан әрі жетілдіргенімізде де қыр соңымыздан қалмайды. Мұндай кесапатпен әкімгершілік жолмен де, идеологиялық жолмен де күресіп, көп ештеңе бітіре алмайсың. Онымен күрестің жалғыз жолы – адам материалының сапасын жақсартуға күш салу.
Бүгінгі әлем төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңінде қадам басуда екенін ескерсек, жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертерін ойланбасқа болмайды. Олай болса, ұлт әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуға тиіспіз.
Рухани жаңғырудың мән-маңызы нақ осында. Бүгінгі таңда өз тарихын, тілін, мәдениетін білетін, заманына лайық шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық – қазіргі қоғамымыздың идеалы. Біз XXI ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт ретінде –Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет– жобасын іске асыруға тиіспіз. Күллі әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы тиіс.
Асылы, жақсылықты жадында сақтай білген елдің рухы қашан да биік. – Өткенге қарап, ертеңіңді түзеу– өсиетін ұстансақ, өткеннің өнегесі баға жетпес байлық екенін танимыз. Осыны жадында тұтып, тарихтан тағылым ала білген халқымыз Тәуелсіздік дәуірінде татулық пен бірліктің, тыныштық пен тұрақтылықтың арқасында талай келелі толағай табыстарға кенелуде. Берекелі бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай алсақ, мерекелі тірлігімізге төнетін қауіп жоқ. Ең дұрысы, елдік тұтастыққа жік түсіретін, ағайын арасын суытатын қадамдардан аулақ болу жөн. Ал рухы биік тұлғаның рухани құндылықтарға терең бойлай білген, тұла бойына ауадай сіңдіре білген, құнарлы нәр іспетті ұялата білген тұлғаның осы үдеден табылары анық. Қысқасы, аталған мәселелердің қай-қайсысы да – елдің елдігін, ертеңін ойлай айтылған мәселелер.
Президент айтқандай, бұлардың бәрін де қазақтың қанына сіңген қасиет – келелі істі ақылдасып бірге шешу дәстүрін де жалғастыра береміз… Қандай жағдайда да елімізде, ең алдымен, адамның құқығын толығымен сақтауға негізделген заң мен тәртіп болуы керек.
Анархия мен жүгенсіздік жақ-сылыққа апармайтыны анық. Бүгінгі ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Қазіргі кезеңде де –Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық– (Абай). Ел Президентінің мақала соңындағы: –Біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасаймыз.
Ең ғажайып ерліктер Отанға шексіз сүйіспеншіліктен туындайтыны сөзсіз. Шын отансүйгіштік дегеніміз – жалаң ұран тастау емес, еліңе, халқыңа қызмет ету. Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді…
Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Осы жолда –Тәуелсіздік бәрінен қымбат!– деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс–, — деген түйіні әбден қолдарлық, үлкеніміздің де, кішіміздің де әркез ескерер басты кредомыз болуы тиіс.

А-Кыдыршаев
Абат Қыдыршаев,
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Рухани жаңғыру» институтының директоры, профессор

Т-Шайхиев
Тұрар Шайхиев,
«Рухани жаңғыру» институтының ғылыми қызметкері

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *