Зулап өткен уақытыма өкінем!..
30.09.2015 0 3 199
Ибрагим ИЛЬЯСЛЫ
(Гаджиев Ибрагим Мұсаұлы)
1963 жылы Әзірбайжан Республикасы Баку қаласы Қазақ ауданында дүниеге келген. Бірнеше жыр жинақтары жарыққа шыққан. Әзірбайжан Жазушылар Одағының, Дүниежүзі жас түрік жазушылар Одағы басқармасының мүшесі, Әзірбайжан Президенті степендиясының және Махмұд Қашқари сыйлықтарының лауреаты
Айырылу әні
Бұл түнде де сен жанымда болмадың,
Жалғызсырап тұрмын бейне ай сынды.
Саған қарай бастайтұғын жолдарым,
Терезеңе телмірумен таусылды.
Жүрсің бе әлде бұл түнде де елеңдеп,
Үкілеген үміттерім үзілді.
Көлеңкең жүр, көше жақта көлбеңдеп,
Боран сенің жасырады ізіңді.
Қатар түзіп сұлулыққа ынтыққан,
Саған тіпті тамсанады жұлдыздар.
Қайтем енді, қаша алмаймын шындықтан,
Айды дағы тоңазытты түнгі ызғар.
Мына түнді қоштасуға баласақ,
Таң шапағы махаббаттай елес пе?
Айырылуды кездесу деп санасақ,
Бұл кездесу айырылу емес пе?
* * *
О, құдайым! Сала гөрме сынаққа,
Тұлпарынан айырылған жігітті.
Қанатсыз жан бұлқынады бірақ та,
Құлың сенің мейіріміңнен үмітті.
О, жаратқан! Қандай жолды таңдасам,
Не болады кек алуды қолдаса?
Отан-ана тоналады әрқашан,
Ұлдарының ар-намысы болмаса.
Жердің соры көз жасына айналса,
Махаббаттар мұздай қатып құр тынар.
Ар-намысым зұлымдықпен байланса,
Жаным менің қарсы болып бұлқынар!
Әлем тамаша
Жаңбыр құйып аспаннан,
ұшқындаса қар көктен,
Жеп-жеңіл боп қалықтап,
бұлттар жүзсе әндеткен.
Ақ бұлақтар сылдырап,
гүлдер өссе әр көктем,
Демек, әлем тамаша.
Шамдай жанған жұлдыздар тұрса
жанды түлетіп,
Теңіз тулап, өзендер ақса Хақты жыр етіп.
Жаратушы өмірді берсе бізге сый етіп,
Демек, әлем тамаша.
Армандасақ, өткенді сараласақ бағамдап,
Біреу озып бәйгеден, біреу қалса қараңдап.
Барлық адам бір-бірін құрмет тұтса,
алаңдап,
Демек, әлем тамаша!
* * *
Тура келсе ай, күні,
Тағдыр бізді сынайды.
Сүйсе адам қайғыны –
Жылайды шын, жылайды.
Күлкі әркімге жазылмас,
Кімге жазды шын жылау?
Қайғы бар ма басылмас,
Күлген жанда мұң жүр-ау…
Қайғырар жан, не күлер,
Қарамастан сұрқына.
Кез-келген жан егілер,
Сүйген жанның рухына.
Сен қалайсың?
Алыстасың, жоқсың менің жанымда,
Жалғыз қалдым бір алапат дауылда.
Тағдыр жазып, кеттің шалғай ауылға,
Сен қалайсың, жайың қандай, сүйіктім?
Ұры күндер сені менен ұрлады,
Бал шақтардың қалмай тіпті жұрнағы.
Иран бағым, қызғалдағым қырдағы,
Сен қалайсың, жырларымнан күй ұққын.
Жолда жатқан тастай болдым басы артық,
Ешкім мені алмас енді тазартып.
Сағынғанда жүрегімнен ғазал күт,
Сен қалайсың, маған орның биік тым.
Қазынамсың бар байлықтан тым ұлы,
Әлемдегі сұлулардың сұлуы.
Аңсатты ғой саусағыңның жылуы,
Сен қалайсың, лағымысың киіктің?
Көңіл бөлші ойлар болсаң арғыны,
Тең болсыншы төрт құбылаңның барлығы.
Ибрагимнің өзің болдың бар мұңы,
Сен қалайсың, жайың қандай, сүйіктім?
Өкінішті
Бақыт құсы қонған жандар – «озғандар»,
Кімге қонар деп қызығып, таяймын.
Өкінішті, тақта тағы сол жандар,
Тақты да мен мүсіркеймін, аяймын.
Ошағымен ыстық болар әр мекен,
Бұл өмірдің тереңіне бойласаң.
Үміт отын жаққан жандар бар ма екен?
Үлесімді аяймын мен ойласам…
Қырандайын қанатымды қомдадым,
Қалам жүрер ақ парақтың бетімен.
Осы кезде жазсам да жыр жолдарын,
Зулап өткен уақытыма өкінем!..
* * *
Бүгінгіге қарайлаймын бекерге,
Бар ма менің көңілімнің дауасы?
Деп жүргенде : «Көктемге тез жетем бе?»
Қыс оралып, қар жауып тұр, қарашы.
Ақ боранға тас атып ем ышқынып,
Маған қарай соқты одан қарсы ағын.
Гобустанның құмындайын ысқырып,
Қоршағандай әлемдегі барша мұң.
Айналдырып аппақ қарға құлатты,
Ақ түтекте аюдаймын мен енді.
Боран қандай қаһарлы еді, қуатты,
Ұйқы басып, маужыратты денемді.
Оянғанда кірпіктерім болмады,
Аяз екен талдап жұлған әрқайсын.
Көз жасымнан көл жиналып, орнады,
Одан құстар әні естілмес, нанбайсың.
Көкке қарай ұмтыламын талай мың,
Жәннат бағы шықпай қойды санаттан.
Аллаға жол тапқым келіп қараймын,
Осы жолда қолда мені, Жаратқан!
Түс
Жер қазылып, қаны аққан,
Тұз себілген жараға.
Осындай түс, жаратқан,
Келді менің санама.
«Тарихты ұрлар ұры тұр», –
Деген дауыс келеді.
Ұрпақтардың сыны тұр,
Біз қорғаған жер еді.
«Тонап жатыр барымды», –
Жердің дауысы жаралы.
Қайтем енді, жанымды,
Сұрақ мүжіп барады.
Мен күлмеймін, басылмай,
Туған жердің солығы.
Айтты бәрін жасырмай,
Тылсым жердің зор үні…
* * *
Өмір қысқа, таңға жуық ұйқыдай,
Әне-міне, дайын тұрар молаң да.
Қараңызшы, адамдардың сиқын-ай,
Ойды емес, күшті сыйлар қоғамда.
Білектілер кеуде керер ісініп,
Ақылының аздығына қарамай.
Ескерілмей мейірім мен кішілік,
Күштілердің өктем болған заманы-ай!
Сүліктейін қан соратын күштілер,
Бұл өмірде әлсіздігін білмеді.
Өкінішті, тек аз адам түсінер,
Оғын күткен ойыншықпыз тирдегі…
Аударған – Саят ҚАМШЫГЕР
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.