ТАҚ ҮШІН КҮРЕС ТАҚ ҮШІН КҮРЕС

ТАҚ ҮШІН КҮРЕС

30.09.2015 0 2 499

Вильям ЭНСВОРТ XIV. ҚАШҚЫНДАР СЕН-ЖЕРМЕНДЕ Майерскофтан кеткеніне бір апта өткен соң, Беатриса Джонсон әкей мен Вальтер Кросбидің жанына еріп, Сен-Жерменге келді. Жол бойында дін... ТАҚ ҮШІН КҮРЕС

Вильям ЭНСВОРТ

XIV. ҚАШҚЫНДАР СЕН-ЖЕРМЕНДЕ

Майерскофтан кеткеніне бір апта өткен соң, Беатриса Джонсон әкей мен Вальтер Кросбидің жанына еріп, Сен-Жерменге келді.
Жол бойында дін қызметшісі жас бойжеткен қызға монастырға бармау қажеттілігі жөнінде жанын сала түсіндірумен болды, бірақ ол өз дегенінен бір бір елі артқа қайтпады. Вальтер, ең дұрысы, онымен таласпау деп ойлады, өйткені ол королеваның көмегіне иек артты.
Олар келген күні король мен королева Версальда болатын, сол жақтан қос жұп келесі күні қайтуға тиіс еді. Беатрисаға өзінің бұрынғы бөлмесі берілді, себебі, королева оның бөлмесіне ешкімнің де тиіспеуіне бұйырыпты, сондықтан сақтап қоюды тапсырыпты.
Беатрисаға өзі ұзақ уақыт бойы қорғанда болмаса да, бұл жай өте керемет болып көрінді. Сол себепті, өзіне еліттіріп, тартып тұратын әлемнің күш-қуатын Беатриса бостан-босқа, бекерге тастап кете ала ма екен?!
Келесі күні шіркеуде Беатриса ынты-шынтымен, жан-тәнімен дұға оқып, өзінің жанындағы серіктерімен бірге дәлізге шықты.
Ауа райы ғажайып болатын, өзін қарсы алған қауым да аса көңілдітұғын. Өзімен таныс-біліс болғандар Беатрисаның оралуын өте зор қуанышпен қабылдады, әйтсе де, ол бақилық болған әке қайғысынан түгелдей арылмаған-ды.
Дәлізден шығып, серуендеушілер төменге, баққа қарай түсті. Сәлден соң ІV Генрихтің павильоны жағынан корольдің аттылы экипаждары көзге көрінді.
Королева Беатрисаның оралғаны жайлы білген-ді және өзінің сүйікті қызметшісін көруге деген ықыласының артқаны соншама, барша рәсім мен салтты шетке ысырып, экипаждан түсе салысымен, өзімен бірге екі қызметші әйелдерді ертіп, Беатрисаға қарай аяғын жылдамдата басты.
– Мен сізді осы жерде көргеніме қандай қуаныштымын десеңізші, – деді королева Беатрисаны құшағына қатты қысып. – Мен, тіпті, қорқа бастаған ем, сіз ендігіде мүлдем келмейтін шығар деп. Ханзада әр күн сайын сізді сұрайтын, бірақ мен не деудің ретін таппайтынмын, соңғы уақыттары сіз маған хат та жазбай қойдыңыз. Полковник Паркер мен доктор Бромфильд жуырда ғана Майерскофтан келді, бірақ сізден хат болмады. Олар маған тек қана өкінішке тола жаңалықты жеткізді, әрине, бұны жалған деп есептеймін; сіз бұл дүниенің қызығынан баз кешіп, монастырға баруға әрекет етіп жүргендейсіз бе?
– Менің жалған дүниенің тіршілігінен көңілім қалған жоқ, аса мәртебелі, – деп жауап берді Беатриса, – тек қана оған деген талғамым сейілді. Маған монастырда оңашалану әлдеқайда бақыттырақ секілді.
– Ал капитан Кросби осынау шешіммен келісті ме? – деп сұрады королева оған қарай бұрылып.
– Мен егерде оның осынау ойға алған ниеті жүзеге асса, ең бақытсыз адам болар едім, – деді дауыстай үн қатқан Вальтер. Мен, аса мәртебелі, сіздің көмегіңізге иек артамын және үмітімді тауыспаймын, сіздің Беатрисаны осынау дүдәмал жолдан бас тартуына қажыр-қайратыңыз толық жетеді.
– Мен оны бұндай іс-әрекеттен ұстап тұра алмаймын, – деп өз ойын ашық айтты королева, – бірақ Беатрисаның өзі ақыл-есінің еркіне құлақ салады деп үміттенемін. Өйткені, шын мәнінде, бұл дүниеден қашатындай сізде ешқандай да себеп, сылтау жоқ қой ә, – деп ол Беатрисаға қарады.
– Мен бұндай қадамға ішкі әлемімнің үніне мойынсұна бардым, – деп ақтала сөйледі Беатриса. – Егерде сіз маған осы мәселе бойынша сөйлесуге мүмкіндік берсеңіз, онда сіз менің әрекетімнің дұрыс екендігін аңғарасыз. Менің сезімім бүтіндей өзгерді.
– Бұндай сөздерді есіту өте өкінішті, – деді королева өз ойын шынайы білдіріп. – Мен, әрине, сізді тыңдауға даярмын, бірақ алдын ала ескертемін, мен сізбен келіспеймін. Мен, тіпті, сізбен қоштасуды қаламаймын.
– Мен сізбен жалпы алғанда айрылыспаймын, ханым. Мен сізбен әрқашанда бірге болмасам да, сіз үшін әрдайым дұға оқимын.
– Бірақ сіз әрқашанда дәл осындай көңіл-күйде бола бермейсіз ғой, қымбатты Беатриса.
– Алайда, мен аса мәртебелі, сіздің құрметіңізге әрқашанда лайық боламын деп үміттенемін.
– Жоқ, Джонсон әкейге сізбен сөйлесу қажеттігін тапсыру қажет, – деді королева байыпты түрде.
– Мен оны ақылға келуге әрекет жасап көрдім, аса құрметті ханым, – деп пайымдай сөйледі дін қызметшісі, – бірақ бәрі де бос әурешілік болды.
– Мен берік шешімге келдім, аса мәртебелі, – деп сөзге араласты Беатриса. – Өзімді монастырда бақыттырақ сезінетін секілдімін.
– Сіз бұлайша айтуға әлі де тым жассыз, – деді аңғарымпаздық таныта сөйлеген королева. – Сізді қалай болғанда да, тақуалық өмір қаншама қызықтырғанымен, әрине, жасаған бұл қадамыңызға өкінетін боласыз және мен сізді осы ниеттен бас тартқызуды парызым деп есептеймін.
– Аса мәртебелі король де дәл осындай ой-пікірде деп ойлаймын, – деді Вальтер.
– Мінеки, корольдің өзі де осы тұсқа келе жатыр, біз қазір одан осы мәселе жайлы сұраймыз, – деді Мария.
Иаков дәліз бойымен серуендеуге шыққан кезде, Беатрисаны көзі шалып, полковник Паркермен және лорд Мельфордпен бірге ол төмен қарай түсті. Сәлемдесіп бола бере, ол:
– Сіз монастырда тұруға бел байлағансыз ба? – деп сұрады.
– Бұл рас, тақсыр.
– Сіз бұл қадамға барудан алдын ала жақсылап ойландыңыз ба? – деп сұрады король байыппен. – Менің жеке ой-пікірім, монашкалық өмір – ең бақытты өмір. Бірақ мұндай шешімді тым асығыс әрі қабырғаңмен кеңеспей қабылдамаған абзал.
– Менің шешімім жан-жақты ойластырылған, – деп жауап берді жас бойжеткен, – және мен оны өзгерте алмаймын!
– Мен осынау қадамды қолдай алмаймын, тақсыр, – деді королева. – Сіздің, – деп сөзін жалғады ол, – келешегіңіз өте жарқын, сіз айналаңызға тек қана бақыт нұрын шашуға жаратылған жан секілдісіз, ал сіз бұл дүниені тәрк еткіңіз келеді.
– Мен керісінше ойлаймын, Беатриса өзіне ізгі ниетті таңдап алған сияқты, – деп өз ойын қорытты король. – Мен бірақ күмәнданамын, ол өзінің шешімін жақсылап ойлап алды ма екен?
Вальтер корольдің аяғына жығылды.
– Тақсыр, егерде мен өзімнің қызметім үшін қандай да бір марапат сұрау құқына ие болсам, онда маған мынадай жақсылық жасауыңызды өтінген болар едім: бұндай құрбандықты жүзеге асыруға жол бермеңізші.
– Мен сіздің өтінішіңізді жан-тәніммен орындаған болар едім, – деп толқи сөйледі король. – Бірақ мен бұл іске араласа алмаймын.
Осы уақытта Беатрисаның жанына кішкентай ханзада жүгіріп жетті. Оны ұзақтан байқаған ханзада Беатрисаға асыла кетті. Бірақ ханзада оның болмысындағы өзгерістерді байқап, бірден-ақ селк етті. Ол енді ғана сезді, Беатриса қайғы жамылып тұрған-ды.
Оны қос бетінен сүйген бала уайымды жүзбен жанарын қадай:
– Сіз ауырып тұрған жоқсыз ба? – деп сұрады.
– Ия, мен кеселге шалдыққан ем, ханзада. Мен қазірде де әлі толық жазылып кеткен жоқпын.
– Сіздің әкеңіз қайтыс болды ғой ә, маған солай айтылды.
– Бұл мен үшін өте үлкен қайғы болды, ханзада. Мен ендігіде монастырға кеткім келеді және өз өмірімнің қалған күндерін сонда өткізбекпін.
Бала оған таңданған кейіппен қарады.
– Қалайша? Сіз монахиня болмақсыз ба? Капитан Кросбиге күйеуге қайтіп шықпақсыз?
– Бұндай жағдай менімен есептеспейді, ханзада, – деді Беатриса мұңлы жүзбен.
– Бұл енді тым қатал шешім! – деп дауыстай сөйледі бала. Сіз сонда оны сүймейсіз бе?
– Жоқ, ханзада, мен оны әрқашанда сүйемін.
– Онда не себепті сіз оны бақытсыз етпексіз?
– Сіз мен туралы жаман ойламаңыз, ханзада, – деді Беатриса. – Сіз, ханзада, жасыңызға қарамай, өте ақылдысыз және егерде жан тыныштығын оп-оңай қалпына келтіруге мүмкіндік туатын болса, онда мен бұны бұдан бұрын-ақ жасай алатындығымды түсінесіз деп ұғамын. Алайда кейбір сәттерде оны кенеттен жоғалтып алатынымызды қайтерсіз.
– Мен де солай ойлаймын, – деді король осынау әңгіме ауанын аңғаруға ұмтылған болмысымен. – Жарайды, серуенімізді одан әрі жалғастырайық, – деді ол ханзадаға қарай бұрылып.
– Мен Беатрисамен бірге боламын, – деп жауап қатты бала.
Корольдік жұп баққа қарай бет алды. Король Ланкаширдегі істердің қалай жүріп жатқанына қызығып, Вальтерге бірнеше сұрақтар қойды. Бірақ ол Манчестердегі сот процесі басталмай жатып, қаладан кетіп қалғандықтан, сот жайында корольге жарытып, ештеңе дей алмады. Бұл туралы ақпарат Сен-Жерменге тек қана араға апта салып жетті және осынау қуаныш мұнда шаттық пен асқақ думанға ұласты.
Алғаш рет соңғы жылдар бедерінде Иаков тағдырдың оң беті өзіне қарай бұрыла бастағанын түсініп, тұңғыш рет рухы жаңғырып, жаңарғандай болды.
Шамалауымызша, якобиттердің қолдау сезімі ендігіде Ланкаширде нығая түсуі әбден мүмкін еді; ондай көңіл-күй шпион Ленттің өлгенін естігенде де айқын аңғарылды; адамдар бұл жәйтті қанағаттанғандық сезіммен қарсы алды.
Сен-Жерменге келген сэр Джон Фенвикті, полковник Тильдеслейді және Тоунлейді король лезде қабылдады. Қабылдау рәсімінде басқалармен бірге бұл жолы тағы да бір жаңа тұлға – герцог Берик қатысты.
Герцог Берик – Иаковтың Иорск қаласында герцог болып тұрғанда әлдебір Арабелла Черчильден тұрған заңсыз ұлы; ол өзінің жасы жиырма төртте болса да, әскери атақ-даңқы шартарапқа тараған, сол кездегі ең көрнекті қолбасшылардың бірі болуға лайық тұлғаға айналған-ды. Ол Иаковты Ирландияға барған сапарында жанында еріп жүрді, Бойн жанындағы шайқасқа және Англия мен Голландияның бірлескен флотымен француз эскадрасын талқандауға қатысты.
Содан кейін ол маршал Люксембургтің басшылығымен Голландияда қызмет етті, бірнеше шайқастарда ерекше көзге түсті және Норвинд жанында тұтқынға түсті.
Сұлу жүзді, тамаша тұлғалы герцог Берик өте айбарлы келбетке ие еді. Ол адамдармен сөйлескенде, өзара қарым-қатынаста суық, тәкаппар, кесек мінезді тұлға болатын. Қатаң тәртіптің тарапын қалаған ол, ешқашанда артық-ауыс тірлікке, іс-әрекетке бара бермейтін және оның әкесі бұның еш уақытта да қателеспейтіндігіне сенімі өте кәміл еді.
Соңғы кезде Англияның солтүстігіне жаңа экпедиция жіберу туралы мәселе туындады да, король герцог Берикпен бірге Версальға аттанды, онда Людовикпен біргелікте өзара іс-әрекетті талқылау қажет болатын.
Әдеттегідей Людовик оларды сыпайы түрде қабылдады және пайымдай сөйлеп:
– Мен аса мәртебелі, сізге көмек көрсетуге даярмын, бірақ сіздердің жақтастарыңыздан көбінесе көп жағдайда көңіліміз қалды, сол себепті ең алдымен, олар өздерін көрсетсін, – деді.
– Аса мәртебелі өте дұрыс айтады, – деді герцог Берик сыпайылықты сақтап, – сондықтан менің көзім жетпегенше, біздің достарымыз толық даяр болмағанша, шабуылға шығуға кеңес бермеймін.
– Олардың өзі жорыққа аттансын, сонда ғана мен оларға қолдау көрсетемін.
– Мен оларға аса мәртебелінің уәдесін жеткіземін.
– Жақсы, бірақ егерде олар бұл жолы да кейін қарай шегінсе, онда менен артық нәрсе күтпей-ақ қойсын, – деп сөзін жалғады Людовик.
Сен-Жерменде өткен якобиттердің үлкен кеңесінде полковник Тильдеслей Манчестердегі сот процесінен кейін олардың партиясының үміті мен армандары нығая түскендігін ерекше атап өтіп, егерде көтерілісті қолдап-қуаттаса, қандай да бір жағдай болмасын, ешқандайда сәтсіздікке ұшырамайтынын қадап айтты.
– Мен бұған оншалықты сене қоймаймын, – деп жауап берді герцог Берик. – Ланкаширлік якобиттер қашанда уәдені үйіп-төгіп береді де, оны орындауға келгенде дәрменсіздік танытады.
– Менің пікірімше, билікті басып алушының көзін жоймай, біздер ештеңеге де қол жеткізе алмаймыз, – деді Джордж Барклей.
– Осынау көзқарасқа ие болып жатқан жақтастарымыздың көбейе бастағанына мен өте қуаныштымын, – деді сэр Джон Фенвик. – Мен ежелден-ақ бұны ең дұрыс бағыт деп ойлаушы ем. Егерде Вильгельмді құртсақ, басқаның бәрі де майдан қыл суырғандай өз рет-ретімен жүзеге асатын еді.
Кеңес өтіп жатқан бөлмеге осынау сөздер алма-кезек айтылған сәтте, капитан Кросби кіріп келді. Оның жалт-жұлт еткен көздеріне қарап, оның қандайда бір аса маңызды жаңалық әкелгенін байқауға болатын.
– Мен аса мәртебеліге жаңалық айту құқына иемін, бұл ақпарат сізді таң қалдырады әрі өкіндірері де хақ, – деді ол. – Сіздің қызыңыз Мария, ағылшын королевасы қайтыс болды.
Бәрі де қайран болды.
– Қайтыс болғаны қалай? – деп сұрады Иаков. – Бірақ мен оны естімеген ем, ол ауырды ма?
– Ол ұзаққа созылмаған аурудан кейін қайтыс болды, – деп жауап берді Вальтер.
Осынау табан астынан айтылған хабар осында отырған адамдарға өте ауыр тиді.
Бірнеше минөт бойы мүлгіген тыныштық орнады. Ақырында король үнсіздікті бұзды.
– Құдай тағала оны кешірсін! – деді ол. – Мені кешіріңіздер, мырзалар, мен бүгін біршама шаршадым. Маған қолыңызды беріңізші, капитан, – деді сөзін жалғай Вальтерге бұрылып.
Капитанның демеуіне сүйеніп, Иаков өзінің дұға оқитын бөлме-жайына бет алды және сол жерде тізерлеген халде ынты-шынтымен дұға бағыштай бастады.
– Мен сізге, тақсыр, кейбір деректерді толықтырып айта аламын, – деді Вальтер Иаков орнынан тұрған кезде, – бұл хабар сізді жұбатуы ғажап емес. – Бұдан екі ай бұрын мен сіздің қызыңызбен Кенсингтон сарайында жолықтым және ол сізге кезінде алғыс жасаудың орнына теріс қылық көрсеткеніне өкініш білдірді және сіздің кешіруіңізге қол жеткізуге әрекет ететінін айтты…
– Мен қызымды жүрек түкпіріммен әлдеқашан кешіріп қойғанмын, – деп король оның сөзін бөлді. – Құдайдың да оны кешірері хақ.
– Ендігіде аса мәртебелі ханзада Оранскиймен қандайда бір туыстық байланыстардан босады, – деді Иаковтың жанына ерген Петр әкей. – Сіз ендігіде оның тұла бойынан шын мәніндегі билікті басып алушының нақ өзін көретін боласыз. Ендігіде сіз оны құрту жөнінде бұйрық беретіндігіңізге мен күмән келтірмеймін.
– Маған олай етуге ар-ұятым әлі де жібермейді.
Ғибадатхана бөлмесіне королева кірді.
– Менің рұқсатсыз енгеніме кешірім өтінемін, – деп сөз бастады ол. – Бірақ мен мұнда келе алмауға мүмкіндігім болмады. Осынау қасіретті қыздың басына зеңгір көктің қарғысы тиді. Мен оны аяймын. Бірақ оның күйеуінің де көзін жою керек.
– Оны мен аяп отырған жоқпын, – деді қатқыл үнмен Иаков.
– Аса мәртебелі ендігіде оны қолдап қолпаштамасын. Оны құртуға бұйрық беріңіз.
Король міз бақпады.
Келесі күні астыртын сөз байлаушылардың жаңадан кеңесі болып өтті. Ұзаққа созылған сөз талқысынан соң, Лондонға бірнеше адам жасырын жағдайда барып, өздерінің ой-ниетін жүзеге асыратын болып шешілді. Осынау астыртын сөз байлаушылардың қатарында, атап айтқанда, біздерге таныс сэр Джон Фенвик, полковник Паркер және капитан Чарнок бар еді.
Петр әкейдің табанды түрде талап етуі арқасында ғана Иаков осынау іс-әрекетке өзінің келісімін онша разы болмаған халде берді.
Тильдеслей мен Тоунлей осынау іске қатысудан үзілді-кесілді бас тартты.
Сэр Фенвик өзі күтпеген жерден кедергіге тап келді. Мәселеге леди Мария араласып, осынау қадамға барудан күйеуін бас тартуға көндіре бастады, оның сенімінше, астыртын сөз байламы міндетті түрде жария болады, сөйтіп, астыртын сөз байлаушылар қатал түрде жаза тартады деді. Бірақ Фенвик өзінің дегенінен қайтпады.
– Біздің бәрімізге толықтай сенуге болады. Ешкімге де шпиондық ниетте деген күмәнмен қарамау қажет, – деді ол.
– Мен капитан Пендерграстан сезіктенемін.
– Сен оған негізсіз түрде әділ көзқараста емессің. Сен Вальтер Кросбиден сұрашы, ол жөнінде не ойлайды екен. Сіз одан әлдене жөнінде сезіктенесіз бе? – деп сұрады ол осынау әңгіме өтіп жатқан ІV Генрихтің павильоны ішіне енген капитаннан.
– Оны сезікті деп ойламаймын да! – деп дауыстай сөйледі Вальтер сауалдың кенеттен қойылғанына таң қалып.
– Леди Мария капитан Пендерграс бізді сатып жібереді деп есептейді.
– Менің одан сезіктенуіме ешқандайда себеп жоқ, – деді леди Фенвик. – Бірақ мен оған, неге екенін білмеймін, сенбеймін.
– Менің ойымша, сіздің сезіктенуіңіз негізсіз, – деп пайымдай сөйледі Вальтер.
– Маған үнемі ойластырыла беретін осынау астыртын сөз байламы ұнамайды, – деп тітіркене сөйледі леди Мария. – Қорқамын, осы тірліктердің бәрі де барша қатысушылардың өлімімен аяқталады-ау деп.
– Егерде осынау жоспар басынан бастап, жүзеге асқанда, онда бәрі де жай-жайында болар еді, – деп үн қатты Вальтер.
– Құдай мұндай қанқұйлы тірлікті құптамайды! – деп дауыстай сөйледі леди Фенвик.
– Петр әкеймен сөйлессеңші, – деді кейіген үнмен оның күйеуі. – Сенің көзқарасыңның дұрыс еместігін ол сендіріп айта алады. Ал менің көзқарасымды өзгерте алмайсың, мен өз шешімімді қабылдап қойғанмын.
– Осы істі қолға алуға сіз де шешім қабылдағансыз ба? – деп сұрады королева Вальтерден.
– Әрине, сөзсіз түрде.
– Мұндай жағдайда сізбен сөйлесудің де жөні жоқ екен. Мен корольдің өзімен сөйлесейін.
– Саған осынау іске араласудың мүлдем қажеті шамалы.
Билікті басып алушы адам қандай болғанда да, жазасын алуға тиісті және аса мәртебелі бұл жайында ендігіде бұдан әрі сөйлесуге жаны қаламайтындығына королеваның көзі жетті.

* * *

Сен-Жерменге алғашқы келген күннің өзінде-ақ, Беатриса королеваның және кішкентай ханзаданың жандарынан бір елі ұзап кете қойған жоқ, бала да оған деген сағынышын күшейте түсті. Беатриса таңертең өте ерте тұрып, шіркеуде ғибадат кезінде ұзақ уақыт дұға оқумен болды; осынау инабатты да ғибадатты іс-әрекеттері оның болмысына көбінесе арып-ашығандық және қажығандық хал-ахуалды дарытты.
Полковник Тильдеслей әрдайым Беатрисамен сөз таластырып жатты, бірақ нәтижесі болмады, сондықтан да, оның денсаулығы жөнінде уайымдай бастады. Сарай маңындағы қыз-келіншектер Беатрисаның соншалықты өзгергеніне қатты таң қалғандықтан, өздеріне өздері келе алмай, бас шайқаумен ғана болды.
Бірде қорғанға Людовиктің жанына еріп, мадам де Ментенон келді. Королева онымен жаңалықты бөлісуге асыққаны соншалықты, Беатрисаның монастырға баруға шешім қабылдағанын да жеткізді. Мадам де Ментенон жас бойжеткен қызбен сөйлесуге тілек білдірді. Сол үшін де Беатрисаның соңынан адам жіберді; жас қыз кешіктірмей лезде келді.
– Бейшара қыз! Бұл қазірдің өзінде-ақ монахиня болып үлгеріпті-ау! – деді мадам де Ментенон Беатрисаға жанарын аударып. – Бірақ ол монастырда, шынында да, бақыттырақ болуы мүмкін ғой. Әйтсе де, ол корольді құтқарған капитан Кросбимен атастырылып қойған емес пе еді?
– Ия, бейшара капитан жан далбаса халде жүр, – деп жауап берді королева.
Мадам де Ментенонға жақындай түсіп, Беатриса версальдық қонаққа үйіріле сәлем берді.
– Аса мәртебелі королева маған хабарлады, – деп сөзін бастады мадам де Ментенон, – сіз монастырға баруға әрекет етіп жүр екенсіз. Сіз қазірдің өзінде-ақ осы дүниенің тірлігінен шаршап-шалдығыпсыз, бірақ мен ойлаймын, сіз кейін бұл қадамыңызға қатты өкінетін боласыз.
– Мен бұл дүниеден арып-ашқан жоқпын, – деп өз ойын білдірді Беатриса, – мен тек қана оның қызықтырып, еліктіретін тіршілігінен бойымды аулақ ұстағым келеді.
– Бұл – жақсы, әрине. Бірақ сіз монастыр қабырғасының ішіне аяқ басқан соң, тек қана Құдайдың еншісінде болуға тиіссіз. Бұл тірліктің бәрі де капитан Кросбимен арадағы тартыс-таластың нәтижесі емес шығар деп үміттенемін?
– Біз капитан Кросбимен тартысып-таласқан емеспіз. Бұл әлі де болса, менің өмірімдегі осы дүниемен арадағы үзілмей қалған жалғыз байланыс қана.
– Әйтсе де, осынау байланысты үзу оңай болар ма?
– Құдай тәңірінің көмегіне сүйенемін.
– Мен сізге екі айға Сен-Сирге жайғасуыңызға кеңес беремін, – деді мадам де Ментенон. – Сіз ол жерде діни қызметкер-әйелдің қарамағында боласыз, егерде сіздің екі айдан кейін сезімдеріңіз өзгермесе, сіз монастырға баруыңызға әбден болады. Мен сіз туралы мадам Сен-Жеранмен сөйлесемін.
– Маған деген көңіліңізге шын жүректен алғыс айтамын, – деді Беатриса терең үйіріле иіліп.
– Сен-Сирде болғанында оны өзінің ойға алған ниетінен бас тартқызады деп ойлайсыз ба? – деп сұрады королева Беатриса ұзап кеткен соң.
– Шамалауымша, – деп жауап қатты мадам де Ментенон. – Мұнда ол монашканың өмірі қандай болатындығын өз көзімен көретін болады.
– Сондықтан, капитан Кросби үшін әлі де үміт бар. Оған бұл жайында айту қажет.

* * *

Лондонға сапарға аттанып жатып, Вальтер Кросби Беатрисамен қоштаспай кетуді жөн көрмеді. Осы ретте ол оны қабылдауға өз келісімін берді.
– Сізді өзіңіздің ақылға сыймайтын ой-ниетіңізден қайтару бекер-ақ, бос әңгіме. Маған ендігіде мәселенің мән-жайы бұрынғыдан өзгеше көрінеді. Мен оны аса қатқыл қылмыс деп есептеймін және ол жүзеге аспаса екен деп тілеймін. Ал егерде бұл тірлік сәтті аяқталса, онда сізді ғұмыр бойы ар-ұятыңыз жегідей жейтін болады. Ханзада Оранскийді шайқас кезінде немесе өзін-өзі қорғаған сәтте өлтіруге болады, бірақ оған кездейсоқ бір бұрыштан шабуыл жасау – парасатты адамға лайықты іс емес, осынау ой-пиғылдан сіз бас тартады деп сенемін.
– Менің бұл жолға түсіп кеткенім соншама, одан кері қайтуыма тым кеш, – деп түнере жауап қатты Вальтер.
– Жаман іс-әрекеттен арылуға ешқашанда кештік етпейді. Бұны тағдырдың өз еншісіне қалдырыңыз: ол – ең жақсы би. Тағдыр ханзада Вильгельмнің өліміне жол бермейді, ал сіздің қолыңыз оған қарсы көтерілмейді. Вальтер өзіңізге мұндай күнәні артпаңыз. Менің жаным тітіркенетін бұл ниетті өз жайына қалдырыңыз. Мен сізге қолымнан келсе, сана-сезіміңізге әлі де сіңіруге даярмын.
– Мен сізден бұндайды күтпеген едім, – деп мұңайған халде үн қатты Вальтер. – Бірақ сіздің ақыл-есіңіз, шамалауымша, қайғы, мұңмен шерленген. Сіз, бәлкім, ұмытқан шығарсыз, Вильгельм Оранский – біздің дініміздің ең зұлым дұшпаны, ол қолдан келгенінше римдік сенімді уағыздайтын адамдардың бәрін де құрбан етті. Мұндай жаудың көзін құрту қажет. Егерде Құдайдың еркі солай болса, онда ол жаһаннамға кетеді. Оның біздің елге зұлымдық жасағаны соншалықты, оны турап-турап, шапқылап тастаудың өзі аздық етеді. Оны ұсақтап кесіп тастаудан мен бас тартпас ем.
– Маған бұндай сөздерді есіту өте ауыр. Сіз бұлай айтуға өз парызыңызды жалған түсінгендіктен барып отырсыз.
– Өз әкесіне қарсы шыққан королева Марияны Құдай қарғады, – деді өрекпи сөйлеген Вальтер сөзін одан әрі жалғай. – Ол қайтыс болды және олардың некесі перзентсіз қалумен айқындалды. Әлі де аз уақыт өтер-өтпес, Вильгельмнің өзі де ғайып болатындығына мен сенімдімін.
– Сонымен, сіз менің айтқандарыммен есептескіңіз келмейді-ау ә, Вальтер? – деп сұрады Беатриса.
– Көтерілісшіл ханзаданы аяудың себептерін көріп отырған жоқпын. Керісінше, барлық жағдаяттар оны өлтіру қажеттігін аңғартады.
– Оның өлімі үшін, өзіңіз де жаза шегетін боласыз, – деді жас бойжеткен мұңайған күйде.
– Мейлі, солай-ақ болсын. Мен тағдырдың әрқилы соққыларына алдын ала әзірленгенмін. Ендігіде қош болыңыз, Беатриса. Біздің қоштасуымыз мұншалықты мұңды болады деп ойламаған ем. Бірақ маған сізді тағы да көруге мүмкіндік беріңіз.
– Уәде ете алмаймын, Вальтер. Болашақтың күңгірт екендігі соншалықты, оған зер салудың өзінен шошимын. Сіз Сен-Жерменнен оралған шақта, бәлкім, мен кейін қайтуға мүмкіндігі жоқ жайда болармын.
Осынау сөздерді естігенде, Вальтердің ет жүрегі қатты қысылды, бірақ ол өзінің толқынысын нағыз ерлерше жеңе білді.
– Сонымен, біздер бір-бірімізбен кінәласпай, қоштасалық ә? – деп сұрады ол Беатрисаның бетіне тік қарап.
– Ия, солай еткеніміз дұрыс. Біздің екеуміз де өзгергіміз келмейді. Сіз өз шешіміңізді қабылдадыңыз. Мен де қабылдадым. Қош болыңыз.
Беатрисаның қолын ұстап, Вальтер оны құшырлана сүйіп-сүйіп алды.
Капитан Кросби корольмен, королевамен және ханзадамен қоштасқан соң, сэр Джон Фенвикпен бірге жеңіл ат арбаға мініп, Калеге аттанды.

XV. СЕЙІЛГЕН НАЙЗАҒАЙ ОТЫ

Олар сапарға шыққаннан кейін бір апта өткен кезде «Корольдің басы» атты көне заманнан бері келе жатқан қонақ үйінде, түскі астар мен дәм-тағамдар берілетін ең үлкен бөлмесінде, көп санды якобиттер қатысқан жиналыс болып өтті.
Сол уақыттарда Лондонда якобиттер клубынан аяқ алып жүруге болмайтын, онда олар Темзаның оң жағындағы Сити мен Вестминстердің ең жақсы мейманханаларында жиналатын. Шамалауымызша, аса маңызды оқиғаға әзірлік жүріп жатты.
Біз әңгіме қозғаған жиын әдеттегі якобиттердің бас қосуына қарағанда, әлдеқайда қауіпті сипатпен ерекшеленді. Оған барша якобиттердің атақты мүшелері қатысты. Осы жиынға қатысуға шақыру алғандардың бәрі де мейманханаға белгіленген уақытта, кездейсоқ шабуыл бола қалған жағдайға байланысты қарумен келуге тиісті еді. Бәрі де жиналған кезде бөлме іші мүлдем өзгеше бейнеге енді. Бірақ мұнда тек қана дворяндар қатысып отырды, олардың арасында мәртебесі биік бірнеше адамдар да бар болатын.
Бұл жерге қандай да бір шпионның кіріп кетпеуі үшін барша қауіпсіздік шаралары қабылданды, ал егерде ондай жандар бас сұға қалғанда, оның мұнда не көріп, не істегенін еш уақытта әңгіме етпеудің жолдары қарастырылды.
Қонақ үйдің алдыңғы жағында Джонсон әкей тұрды, ол әрбір ішке кірген адамды король Иаковке адалдығы туралы ант қабылдатты. Содан кейін жиналыстың әрбір қатысушысы өзінің аты-жөнін айрықша кітапқа жазып болғаннан соң ғана, үлкен бөлмеге кіру құқына ие болды.
Мұнда король Иаков гвардиясының құжынаған солдаттары бар еді, оларды полковник сэр Барклей Сен-Жерменнен алып келді. Олар әбден іріктеліп алынған жастар болатын, сол себепті де сайдың тасындай әскерлерге мейілінше сенбеске амал жоқ-ты. Қатысушы адамдардың бәрінің де жүзінен әлдебір нақты шешімге тоқтаған, бейнебір, қалай болғанда да, осында не үшін жиналғандарына байланысты, соны орындауға деген берік байламның таңбасы айдай анық байқалатын.
Олар астыртын сөз байламын жасаушылар еді, бірақ қарапайым халықтың емес, саналы, сауатты зиялы қауым өкілдерітұғын. Бұлардың барлығы да римдік-католиктік шіркеудің адал ұлдары болатын және өздері ежелден-ақ қудалауға түскен отбасыларына тиесілі еді, ендігіде бұндай қысастықтан босануға олар өз белдерін қатты буған-ды.
Дегенмен, бұлар мұнда өздеріне зарар келтірілген әділетсіздіктерді еске алу үшін жиналмады. Жиын-кеңестің мақсаты – ханзада Вильгельмді құрту еді, олар бұны билікті басып алушы деп есептеді және тақ төріне құлатылған Иаковты отырғызу деп білді.
Бөлменің арасындағы биіктеу жерде он екі адам отырды, олар жиынға кейбір ұсыныстар жасағысы келді. Олардың бәрі де өз армандарын жүзеге асыруға ыстық ынта-ықылас танытты. Олардың арасында сэр Барклейдің сұлу тұлғасы көзге көрінді, ол өзімен бірге ханзада Оранскиймен және оның министрлерімен шайқасқа түсуге құқық беретін король Иаковтың бұйрығын алып келді. Оның жанына асқақ та тәкаппар сэр Джон Фенвик жайғасты, ол өзін қандайда бір ұсақ-түйек нәрселермен қапаландырған Вильгельмнен кек алу үшін, тәуекелге бүкіл байлығы мен өмірін таразының бір басына салды. Ал қалғандары Иаковқа адал берілгендік сезімімен шабыттанған және католик дінін қызғыштай қорғауға даяр тұлғалар еді.
Алғашқы болып сэр Фенвик сөз алды. Алға қарай шыға және жеңіл-желпі иіле тағзым жасап, ол өз сөзін былайша бастады:
– Мен мұнда біздің аса маңызды ісімізді талқылауға жиналған соншама көп айтулы тұлғаларды көргеніме қуаныштымын. Біздің ортақ іс-әрекетіміз жаппай қолдау табады деп сенемін, біз мұнда оған қарсы бірде бір дауысты естімейміз деп ойлаймын. Айтпағым менің – мынау. Ханзада Оранскийді қолға түсіру және мықты күзет арқылы лезде маған тиесілі Ромни-Марчтағы үйге жеткізу, сол жерде даяр тұрған кемемен оны Францияға аттандыру. Егерде осынау жоспар сәтті орындалса, ал бұған мен еш күмән келтірмеймін, онда бәрі де ойдағыдай болады. Билікті басып алушы біздің билігімізге көшеді, біздер оны корольдің қолына тапсырамыз, ол өзінің қалауынша оған тиісті шара қолданады.
– Король ендігіде Каледе екендігі маған мәлім, – деді Вальтер алға қарай шығып. – Ханзада Оранскийді сол жаққа аттандыруға болады.
– Одан жақсы жерді таңдап алудың да қажеті жоқ, – деді сэр Джон.
– Сіздің жоспарыңыз өте жақсы, – деді капитан Чарнок өз сөзін бастап және өз кезегінде алға қарай шығып. – Бірақ біздердің, ханзаданы Францияға алып баратын кемені, бәлкім, қолға түсіруі де әбден мүмкін. Одан да батылырақ қимыл жасап, тас қараңғыда Кенсингтон сарайындағы күзетке шабуыл жасау әлдеқайда сенімдірек болар еді, сөйтіп, күш жұмсау арқылы өз жолымызды Вильгельмнің аппартаменттеріне дейін ашып, сол жерде оны жан тәсілім еткен абзал. Ия, оны өлтіру керек, – деді ол қайраттана. – Мен осынау іске жан-тәніммен қатысар едім.
– Мен де! – деп дауыстай сөйледі майор Ловик. – Билікті басып алушы өлтірілгенде, біздерге Иаковты король етіп жариялау ғана қалады.
– Бұның бәрі жақсы, – деп өз ойын білдірді Джон Френд, – бірақ біздер тым тәуекелге бел буып отырмыз, өйткені шабуыл жасасақ, ол толық жүзеге аспауы да мүмкін.
– Қандай шабуыл жасасақ та, біздер тәуекелге барамыз, – деп өз ойын білдірді полковник Темпест. – Сіз өз тарапыңыздан не ұсынбақсыз?
– Менің жоспарым, – деді сэр Джон Френд, – мынада деп ойлаймын. Жексенбі сайын ханзада Оранский әрқашанда Кенсингтон сарайынан Сент- Жермен сарайындағы шіркеуге барады. Оны осы уақытта атып тастау керек. Сіздер бұған не дейсіздер?
– Ия, бұл сенімдірек, – деген бірнеше дауыстар естілді.
– Алайда, ханзаданы аман сақтап қалатын, мыңдаған, ойға алмаған жағдайлардың кез келуі әбден мүмкін, – деп үн қатты капитан Партер, – Қазір менде өз жоспарым бар, әйтсе де, қазір мен оны сіздерге хабарлай алмаймын.
– Мінберге көтеріліп, өз сөзіңізді жеткізіңіз, – деп айқай салды кейбіреулер.
Бірақ капитан өз орнынан қозғалған жоқ.
– Ендігіде сіздер, мырзалар, мені де тыңдаңыз-
дар, – деді сэр Барклей мінберге көтеріліп. – Король Вильгельмнің күзеті жиырма бес адамдай. Мен өзіммен бірге король Иаковтың қырық адамын алып келдім. Солармен бірге мен ханзаданың күймесіне олар Гайд-паркке кіріп келген кезде шабуыл жасамақпын. Бір топ біздің солдаттар қақпаны басып алып, оны бекітіп тастайды. Егерде батыл түрде шабуыл жасасақ, сәтсіздіктің
болуы мүмкін емес.
Залдың тұс-тұсынан естілген дауыстар мен
қолдап-қолпаштауларға қарап-ақ, барша адамдар-
дың осы ұсынысты қабылдайтыны айдан анық еді.
– Ханзаданың гвардиясы оны ержүректік таныта қорғайтынына ешбір күмән жоқ, – деді сэр Джордж. – Бірақ олар біздің қысымымызға шыдай алмайды. Олардың бәрі де өз тақсыры секілді өлтірілуі тиіс. Менің жеке өзім шабуылға басшылық жасаймын.
– Онда жеңіс сөзсіз біздікі болады, – деген дауыстар күмбірлей жөнелді.
Қолдау-қолпаштау шапалақтары басылған сәтте, сэр Фенвик генерал Барклейге былай деді:
– Біздер сіздің жоспарға тоқтаған секілдіміз.
– Ия, ия, – деген дауыстар жан-жақтан естіле бастады.
– Біздер өз дегенімізге қол жеткізетіндігімізге кепіл боламын, егерде қандайда бір кездейсоқ қиындықтар мен кедергілер жолымызда тап келмесе, – деп сөзін жалғады сэр Фенвик. – Екі күннен кейін осы бөлмеде басқа жиын өтеді, онда осы бөлмеде ең соңғы әзірліктерге қатысты мәселелер бойынша келісімге келу жайында әңгіме болады.
Шешім қабылданды, жиынға қатысушылар жан-жаққа тарай бастады.
Дәл сол күннің кешінде жиналысқа қатысқан астыртын сөз байлаушылардың үшеуі, атап айтқанда, капитан Пендерграсс, Фишер және Делярю сол көшедегі басқа бір шағын асханада өз мәжілістерін өткізді.
Олар өзара жай ғана үнмен сөйлесіп жатты.
– Сіздер қалай ойлайтындарыңызды білмеймін, мырзалар, – деді олардың бірі, – бірақ менің ар-ұятым алдағы күндер ішінде жүзеге асатын король Вильгельмді өлтіру мәселесімен келіспейді. Бір ғана сөз осынау қанқұйлы қылмыстың алдын ала алады және бұл сөзді айтқан жөн. Мен бұл жайында Джонсон әкеймен сөйлестім, бірақ ол маған, егерде бір ауыз сөз аузыңнан шықса, онда ажал құшасың деп қорқытты. Соған қарамастан мен астыртын сөз байламын граф Портландқа ашып айтуды жөн деп санадым. Сіздер, дегенмен, өз қалауларыңызбен іс-әрекет етсеңіздер де болады.
– Жоқ, егерде сіз солай шешсеңіз, онда біз де сізден қалмаймыз.
Келесі күні сағат 11-лер шамасында Вальтер Сент-Джем паркінде болды, сол жерден Гайд-парк арқылы Кенсингтон сарайына қарай бет түзеді, ондағы мақсаты – алдын ала барлау жасау еді.
Ол сарайдан екі жүз қадамдай жерде тұрғанда, кенеттен сарай есігі айқара ашылып, салт атқа мінген корольдің өзі де көрінді. Оның алдында бір топ гвардияшылар жүрді және соншасы кейінде келе жатты. Оның жанында адъютанты капитан Вернон бар еді.
Вильгельмнің үстінде алтынмен зерленген, керемет тігілген қызғылт камзол бартұғын және кең желекті қауырсындармен безендірілген шляпа-сының астынан иығына қарай ұзын париктерінің толқыны төгіліп тұрды. Ұзын қонышты етіктері мен фламандық шілтерден тігілген галстугы оның киімдерін толықтыра түскен-ді.
Бұл корольдің өзі екендігіне ешбір күмән-данбауға болар еді. Кесек бітімді беті, құс тұмсығы, әлденебір нәрсені іздеп тұрғандай қоңыр түсті ойнақшыған көзі, бұның бәрі де ІІІ Вильгельм екендігін нұсқағандай болатын.
Вальтердің жанынан баяу өтіп бара жатып, Вильгельм оған өзінің қырағы құстай өткір жанарын тіге қарады. Капитан Кросби шляпасын басынан алып, тағзым жасады. Король жедел түрде өзінің адъютантына бұрылып:
– Бұл кім өзі? – деп сұрады.
– Білмеймін, аса мәртебелі, – деп жауап қатты капитан.
– Сұраңызшы, оның аты-жөні кім екенін? – деп сөзін одан әрі жалғай сөйлеген Вильгельм өзі мінген сұлу атын кілт тоқтатып.
Вальтер одан әрі қарай қозғалғысы келіп, әрекет ете бастағанда, оның қасына адъютант жетіп үлгерді.
– Аса мәртебелі сіздің есіміңізді білгісі келеді, сэр, – деді ол.
– Менің аты-жөнім Вальтер Кросби, – деген жауап естілді.
Адъютант оның сөзін корольге жеткізгенде, ол бірнеше секөнт ойланды да:
– Оған күні ертең таңертең сағат онға Кенсингтон сарайына келуін жеткізіңіз, – деді.
Вальтер құрмет көрсете тағзым етті, король одан әрі қарай жүріп кетті. Бұл оқиға жас якобитті өте қатты толғандырды, тіпті, ендігіде өзінің не істеуі керектігін де білмей қалды. Корольдің көзін жою үшін өте керемет жағдай туғанымен, бүкіл тұла бойын осы ой тұтастай кернегенде, неге екені белгісіз өзінен-өзі қарсылық танытты. Мәселенің мән-жайына сонда да болса, терең бойлап, ол корольдің бұйрығын орындауға шешім қабылдады, бірақ осынау кездесу жайында өз серіктеріне ауыз ашпауға серт берді.
Келесі күні таңертең ол Кенсингтон сарайына ешбір қару-жарақсыз келді, ондағы ойы – оны кейін әлдеқандай қылмысты ой-пиғылмен айыптай алмасын дегені еді.
Вальтер сарайға кірген кезде оған аса мәртебелі бақ ішінде екендігін айтты. Қызметші оны дәліз бойымен, ғажайып бақ ішіне алып барды, онда король өзінің министрлерінің бірі граф Портландскиймен бірге серуендеп жүрген болатын. Оның қимыл-қозғалыстары өте шалт еді, ол, шамалауымызша, әлденеге ашулытұғын, кей-кейде графқа көз жанарын қадай түсетін.
Король ат үстінде әлдеқайда көрікті көрінетін, бірақ ендігіде де оның тұлғасына қарап, ұлылығын атап өтпеске болмайтын.
Вильгельм Оранский сол уақыттарда қырық бес жаста еді. Оған қатты тиген соққы, әйелінің өліміне қарамастан, ол қажыр-қайрат пен жігерге, сергек ақыл-ойға кемел болатын. Денсаулығының мықты болғанымен ерекшеленсе де, әйткенмен, күш-қуат беретін заттарды жиірек қолдану арқылы ол өзінің күшті ерік-жігерімен көпшілікті қайран қалдыратын. Сол дәуірде, әскери таланттар артылып жатқан шақта, Вильгельм ең үздік қолбасшылардың бірі болып есептелетін.
Оның туған елі Голландияда оны алақанға салып аялайтын, ол сондықтан да өз мемлекетін қасық қаны қалғанша қорғауға ант берген-ді. Өзі қол жеткізген табыстардың арқасында. онымен бүкіл Европаны есептесуіне мәжбүр етті. Өзінің бостандығы үшін бұған міндетті болған 1688 жылғы революция бұны ағылшын тағына отырғызды, Бойн жанындағы шайқастан кейін ол билікті түбегейлі өз қолына алды.
Біздің әңгімемізге қатысты сол кезеңде Вильгельм ендігіде тек қана Иаковтың құпия жақтастарымен және өзінің өміріне қастандық жасамақшы болған астыртын сөз байлаушылармен күресуіне тура келді.
Министрмен сөйлесіп болған соң, ол орындыққа келіп жайғасты. Граф Портланд ұзап кеткеннен кейін Вальтер алға қарай шығып, терең иіле тағзым жасап, король алдында қасқая тұрды.
– Аса мәртебелі мені көруге тілек білдірген екен.
– Мен сізге бірнеше сұрақ бергенді жөн деп білген ем, – деді король. – Осы сарайда сіз марқұм королевамен сөйлестіңіз деп естідім.
Соңғы сөздерді айтқанда оның дауысында қобалжығандық сезім аңғарылды.
– Ия, рас, аса мәртебелі, – деп жауап берді Вальтер.
– Сондағы әңгіменің мазмұнын маған айта аласыз ба? Ұялмай, жасырмай жауап беріңіз.
– Аса мәртебелі менімен өз әкесі жайында әңгіме қозғады. Оның әкесімен соған дейін мен Сен-Жерменде жолыққан болатынмын және оның өмірін қылмыскердің пышағынан сақтап қалған ем.
Вильгельм өз бойында тұтанған түсініспеушілік отын баса алмады.
– Сіз маған айтыңызшы, – деп айқайлай сөйледі ол ашу-ызамен, – шынымен де, анау тұрған қылмыскер мені осындай іске жалдап, сатып алды деп, маған айып тақты ма?
– Ол бұны мойындады, бірақ король Иаков оның берген түсініктемесіне сенген жоқ.
– Мен бұны естуге қуаныштымын! Ол бұл жөнінде маған әділдік танытыпты. Бірақ қазірде менің естігенімдей, аса мәртебелі маған басқаша қарайтын секілді, ендігіде мені жүздеген қанжар орып, осып жіберуге әзір тұр дейді.
– Король Иаковтың мұнда ешқандай кінәсі жоқ, аса мәртебелі, – деп тіл қатты Вальтер бұл оқиғаның мән-жайына терең барғысы келмегендей үнмен аңғарта.
– Мен білемін, мені өлтіру үшін аса ауқымды астыртын сөз байламы жасалынған. Мен олардың басты тұлғаларын да айтып бере аламын. Бұлар – сэр Джон Фенвик, сэр Джон Френч, Вильям Перкинс, сэр Джон Барклей, полковник Темпест және басқа да жиырма шақты адамдар.
– Оларды әлдебіреулер айтып қойды ма! – деп дауыстай сөйледі Вальтер.
– Сонымен,сіз астыртын сөз байламы орын алып отырғанын мойындайсыз ба? – деп король Вальтерді сөзден ұстады.
– Аса мәртебелі, шамалауымша, сіз ақпаратпен жақсы қамтамасыз етілгендіктен, бұны жоққа шығарудың өзі бекершілік, – деді Вальтер.
– Екі күн ішінде оған қатысы бар барлық тұлғалар тұтқындалып, түрмеге жабылады, – деп сөзін жалғады король. – Осы жағдайды пайымдай отырып, астыртын сөз байламдары өте сирек жағдайда ғана жүзеге асатынын сіз байқай аласыз. Граф Портланд астыртын сөз байламы жөніндегі мәліметті капитан Пендерграсс пен Фишерден алыпты. Қашып кетемін деп ойлаудың ендігіде ешбір пайдасы жоқ, өйткені күзет қатары еселене көбейген.
– Аса мәртебелі, – деді Вальтер, – мен қазір өзімнің қандай күйге түскенімді анық түсінемін. Менің өзім де астыртын сөз байламына қатысқанымды жасыра алмаймын. Бірақ мен королеваны ең соңғы рет көргенімде, ол маған мына жүзікті берді де, қауіп-қатер төнгенде бұл зат мені құтқарады деп уәде берген-ді.
– Маған оны көрсетіңізші, – деді король.
Вальтер жүзікті тапсырды.
Король оған ұзақ уақыт бойы зер сала қарап, ең соңында:
– Королеваның уәдесі орындалатын болады және сіздің өміріңізге рақымшылық жасалады. Маған алғыс айтпаңыз. Сіз өміріңіздің сақталғанына маған емес, марқұм королеваға міндеттісіз. Бірақ сіз маған ой-ниетіңізді өз жайына қалдыратындығыңыз жөнінде шынайы сөзіңізбен ант беруге тиіссіз.
– Ант беремін, тақсыр, – деді Вальтер.
– Мен сондай-ақ сізді бостандыққа жіберетін қолайлы сәт келгенше, сіз осында қалуға тиіссіз.
– Сіздің айтқаныңызға көнуге тура келеді, аса мәртебелі.
Король Вальтермен сөйлескен уақыттың ауқымында баққа ертіп келген қызметші бұлардан оншалықты қашық емес тұста тұрды. Корольдің белгісін байқаған ол орындыққа қарай жақындай бастады.
– Капитан Кросбиді бүгіннен бастап жайғасатын бөлмесіне алып барыңыз, – деді король.
Қызметші иіле тағзым етті де, Вальтерді өзінің соңынан еруге шақырды.

Орыс тілінен аударған
Нұрғали ҚАДЫРБАЕВ

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *