НОДАР ДУМБАДЗЕ
Грузин жазушысы (1928-1984). Тбилиси университетін тәмамдаған. Кейін Грузияның жастар журналында әдеби қызметкер, «Грузияфильм» киностудиясында алқа мүшесі, «Нианги» сатиралық журналының бас редакторы болған. 1973-84 жылдары Грузия жазушылар одағы басқармасының хатшысы, төрағасы болды. Шығармалары 1948 жылдан бастап жариялана бастады. Алғашқы «Ауыл баласы» әңгімелер жиғаны 1958 жылы жарық көрді. «Мен, әжем, Илико мен Илларион» повесі, «Күн сөнбесін» романы (Ленин комсомолы сыйлығы,1967 ж.) Грузия ауылдарының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыр кезеңін суреттеуге арналған. «Түнде түскен күн сәулесі», «Алаң болма, апа» романдарына өз заманындағы жастар өмірі арқау болған. «Ақ жалаулар» (Грузияның Мемлекеттік сыйлығы, 1975ж.), «Мәңгілік заңы» (Лениндік сыйлығы, 1980 ж.) романдарында адам сезімінің нәзік қырларына терең бойлай білді. Оның «Мен, әжем, Илико мен Илларион» повесі, «Алаң болма, апа» романы, «Нұрлы түн» шығармалар жинағы қазақ тілінде жарық көрген.
Кез-келген мамандық иесі құрметке лайық екені баршамызға мәлім. Сондықтан мен досымның төрт жыл табанынан тозып университетті тәмамдағаннан кейін ит шаруашылығына қызметке тұрып, жұмыс істей бастағанын қор санағаным жоқ. Бұл жұмысқа нәзік жандылар бір түрлі қарайтын еді. Сол себепті досымның жасы отыз сегізге жетсе де үйленбей сүр бойдақ болып сүрленіп жүрген сұрқы анау айтарлықтай таңданысымды тудырған жоқ болатын.
Оның енді шаңырақ көтеріп шадыман күй кешпейтініне үмітімді жоғалта бастағанымда жүрегін жұдырығына түйіп алып досым өзі жүгіріп жетпесі бар ма?! Ентігін баса алмай есін әрең дегенде жинап үлгеріп бар айтқаны: «Ойбай, құрыдым, шапшаң жинал, олар бізді сарыла күткендеріне сағаттан астам уақыт өтті, қалыңдық көруге барамыз» дегені болды. Мен әрине ойланбастан, көтеріңкі көңілмен келісім бердім.
Ауымыз бен бауымызды жинап барғанымызда алдымыздан үстіндегі жеміс-жидектен, аста-төк тамақтан, арақ пен шараптан белі қайысып тұрған дастархан күтіп алды. Арасында күйеу жігітке қарата оқтын-оқтын тамаша тілектер айтысып барып орындарымызға жайғасып алыстық. Төзіміңді талдырар, жүрегіңді тебірентер тілектерден кейін күйеу жігітке деген ілтипат болар, қызыл араққа қызып алғандардың қызу әңгімесі иттер хақында болды.
– Ешкімнің есінде қалмаған ескі замандардан бері ит адамның жан жолдасы. Ит ең алдымен адамға жолдас болмас бұрын ораман-тоғайдың досы болған. Яғни, қалың орманда қажетін тауып қорек еткен. Содан оны адам тауып алып мойнына қарғы бау тағып, ауласына байлап қоюға үйретіп алған. Адамдарға иттердің көмегі ауадай қажет: Итпен бірге аңға шығады, қылмыскерлердің ізін кесу үшін пайдаланады…
– Ит шынында қабілетті мақұлық иесі. Оған кез-келген істі сеніп тапсыруға болады.
– Өте дұрыс айтасыз. Әне, менің құдай қосқан көршімнің иті керек десең базарға барады…
– Қойшы, тіпті… Мүмкін, базардан керекті затын сатып алатын шығар?
– Онда тұрған не бар. Қалағанын бермей көр қауып алсын…
– Сен оны айтасың. Ит деп менің көршімнің итін айту керек. Иесінің дәм-тұзы таусылып бақиға көшкенде байғұс иті қабірінің басында өлді. Адалдық деген осы да…
– Ал менің итім қонақтар үшін жайып қойған дастарханнан татып алмас еді…
– Ол ақылды итіңіз қайда қазір?
– Жақында ғана көрші қатын үстіне ыстық су құйып өлтіріп алды…
– Ит деп менің итімді айтыңдар. Таңертең таңғы асымды алдыма әкеліп қойғаннан кейін, газеттің жаңа санын әкеп беруге жанталасып қайта жүгіреді…
– Соқ өтірікті. Онымен қоймай ол газеттерді дауыстап оқиды десең мен өзіме жауап бермеймін…
Дәл осы кезде сөз күйеу жігітке, менің досыма тиген болатын. Тамағын ақырын кенеп алды да:
– Қалай айтсақ та төрт аяқты табиғат иелерінің адамдар арасында абыройы асқақ. Десе де, есімізге түсірейікші олар жайлы айтылатын оғаш сөздерде көп-ақ. «Қаншықтың күшігі», «күшіктей қыңсылама», «ит өмір», «итше ұли бермеші», «иттер ит өліммен өледі» деген сөздер жетіп артылады. Сонымен, иттер жасасын.
– Күйеу жігіттің амандығы үшін!
Таң шапағы біліне бастады. Қонақтар жәйімен үйді-үйлеріне тарай бастаған. Ауланың ішіндегі үйшіктен арыстанның ақырғанындай тосын үнге құлақ түре қалдық. Кенет жұдырықтай шынжырын сүйретіп құбыжық шыға келді. Зәреміз ұшып, запыран құсып жіберердей болдық.
– Мынау кімнің күшігі – деді күйеу жігіт мардымсып.
– Есің дұрыс па, қайдағы күшік? Бір жегенде өгіздің тұтастай етін дүйім көрмей жұта салады, – деп қожайыны томсырайып қалды.
– Жіберіңдер, – деп күйеу жігіт бұйрық етті.
– Отпен ойнама, бала. Жеп қойса қайтесің! – деп артқы жағымыздан біреу міңгірледі.
– Босатыңдар, босатыңдар! – деп қайталады да – Мен жолбарыстың өзін жөнге саламын. Қазір, қарап тұрыңдар менің оған не істейтінімді көресіңдер, – деді де ауашарақ жерде жатқан таяқшаны еңкейіп барып алды. Адамның қолындағы ағашты байқап қалған ит аңырая қарап қалыпты. Бір мезетте күйеу жігіт қолындағысын лақтырып жебіріп, итке қарап бұйрық берді. «Мура, алып кел». Ашулы ит алыстау жердегі таяққа бір, адамға бір қарады да… Ештеңені аңғарып үлгермей қалдық. Мура мен менің досым аяқ астынан алыса кетті.
– Ойбууу, өлтірді!
– Құтқарыңдар!
– Жоламаңдар. Шеттеріңнен талап тастайды.
– Ол да дұрыс. Жаның жаһаннамға жол тартады.
– Естеріңнен адастыңдар ма?! Құдайсыздар-ау, күйеу баланы аясаңдар етті.
– Ей, қожайын. Аузыңа қан толды ма, арақтан аманы сен ғана ғой, бірдеңе десеңші, сенің тіліңді алатын шығар!
– Не айтатыны бар. Мен айтарымды бағана айтқанмын…
– Бетіңді қалқала, бетіңді! Сұлулығыңнан сау тамтық қалтырмады ғой.
– Көмейіне жұдырығыңды жүгіртіп көрші, қоятын шығар!
– Танауыңды бүркемеле, естимісің!
– Итпісің деген… Адамша айтып тұрмыз ғой, қой енді!..
– Қанның исін сезіп алды. Енді, қашан жеп қойғанынша қоюға тиісті емес…
Осы айқай-сүреңіміз қашанға дейін жалғасарын кім білсін?! Егер көршінің жүгірмегі жүгіріп барып бір шелек мұздай суды арпалысып жатқандардың үстіне лақ еткізіп құя салмаса. Ашулы хайуан су болған қалың жүнін сілкілеп үйшігіне зытып берді. Біз жабылып көмекке келмегенде, күйеу жігіт әупірімдеп аяғына тұра алмас та еді. Киімінде сау тамтық жоқ таланған, зәбір көріп жапа шеккен, тәнінде тістердің табы қалған досымды көргеніме таң қалдым. Тірі қалғанына тағы бір таң қалған едім.
– Қыздар осы да қызық болып па?! Жылдам үйге кіріңіздер ұялмайсыңдар ма, күйеу бала жартылай жалаңаш тұр ғой.
– Қыз-келіншектер жөніне қарай жылыстап кете барды. Сәлден соң досымның жарақатын аппақ дәкемен таңып, жөнді ештеңе қолымызға ілікпегеннен кейін бұтына болашақ қайын атасының шалбарын киіп қайтуға тура келді. Ауладан шыға берісте:
– Сіздер мынаны ұмытып барасыздар, – деп қалыңдық жүгіріп келді. Артыма бұрылғанымда дал-дұлы шыққан шүберекті бірден таныдым. Иттің сілекейіне шыланған досымның тойға киемін деп ниет еткен бір киер шалбарының қалдықтары еді бұл…
Аударған – Қуат ҚИЫҚБАЙ
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.