ТАЗАЛЫҚТАН БАСТАЛҒАН ТАҒЫЛЫМ

ЖАННА- сайт сурет

Жанна Иманқұл,
«Жалын» журналының қызметкері, «Ақпарат саласының үздігі» иегері

 

Тазалық, байыбына барсақ, адамның қоршаған ортаға деген көзқарасы, өзі өмір сүріп отырған мекенге құрметі, қоғамдық жауапкершілікті қаншалықты сезінетінінің көрінісі. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы – еліміздің қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көркейту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін жаңа сапалық деңгейге көтеру бағытындағы ең ауқымды да жүйелі бастамаларының бірі, оның мәнін бір күндік сенбілікпен немесе белгілі бір мерзімде өткізілетін тазалық жұмыстарымен ғана өлшеуге болмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған бұл жоба мезгілдік қоқыс жинау науқаны емес, қоғамдық сананы түбегейлі жаңғыртуға, табиғатқа деген ұқыпты әрі жауапты көзқарасты күнделікті өмір салтына айналдыруға бағытталған стратегиялық қозғалысқа айналды.

Еліміздің бас қаласы Астана, нақтылай айтсақ, мемлекеттің әкімшілік орталығы ғана емес, Қазақстанның бүгінгі келбетін танытатын, оның даму бағытын көрсететін, қоғамдық мәдениетінің деңгейін аңғартатын қала. Астанаға келген адам ең алдымен оның сәулетіне, көшелерінің кеңдігіне, ғимараттарының көркіне назар аударатыны белгілі. Алайда қаланың шынайы мәдениеті зәулім ғимараттарымен ғана өлшенбейді. Оның көшелерінің тазалығы, аулаларының күтімі, жасыл желегінің жай-күйі, тұрғындарының қоғамдық тәртіпке деген көзқарасы да елорда туралы түсінікті қалыптастырады. Демек, Астананың таза болуы – бүкіл қала тұрғындарының ортақ мүддесі. «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылған жұмыстарға назар аударсақ, осы ұстанымның нақты іс жүзінде көрініс тауып келе жатқанын байқаймыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жеке үлгісімен халықты ұйымшылдыққа шақырып, 2026 жылдың 25 сәуірінде «Самал» саябағында, ал 19 қыркүйекте Президент саябағында өткен экоакцияларға арнайы қатысып, жас белсенділермен, еріктілермен бірге ағаш көшеттерін отырғызды. Ел Президентінің мұндай экологиялық шаралардың басы-қасында жүруі жалпы қоғамға, әсіресе жастарға үлкен серпін беріп, туған жерді көркейтуге деген ынтаны арттыра түсті.

Бастама негізінде өткен көктемгі және күзгі экологиялық іс-шаралар ауқымының кеңдігімен, оған тұрғындардың әртүрлі әлеуметтік топтарының қатысуымен ерекшеленді. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен тазалық жұмыстары елорданың барлық ауданын қамтып, аулалар мен көшелерді, саябақтар мен гүлзарларды, өзен жағалаулары мен қоғамдық кеңістіктерді ретке келтіруге бағытталды. Бұл жұмыстарға мемлекеттік мекемелер мен коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлері ғана емес, жастар, студенттер, еріктілер, кәсіпкерлер, мәдениет қайраткерлері, тұрғын үй бірлестіктері және қарапайым қала тұрғындары да қатысты. Осылайша тазалықты сақтау ісі белгілі бір мекеменің қызметтік міндетінен шығып, көпшілік жұмылатын қоғамдық іске айналды.

Мәселен, 2026 жылғы 25 сәуірде Астанада өткен жалпықалалық экологиялық акцияға 120 мыңнан астам тұрғын, 3,5 мыңнан аса кәсіпорын, ұйым және мекеме қатысқан. Қала аумағын тазарту мен абаттандыру жұмыстарына шамамен 930 арнайы техника жұмылдырылып, 2400-ден астам аула, жүзден аса саябақ пен гүлзар қамтылған. Сол күні елордада шамамен 10 мың түп ағаш отырғызылып, 150 тонна қоқыс шығарылған. Бұл көрсеткіштердің әрқайсысының артында нақты еңбек, ұйымдастыру жұмысы, азаматтардың белсенділігі тұр. Бір күннің ішінде осыншама адамның ортақ мақсат жолында бас қосуының өзі тазалық мәселесіне деген қоғамдық көзқарастың өзгеріп келе жатқанын аңғартады. Алайда мұндай көрсеткіштерді келтіргенде бір нәрсені ескерген жөн. Тазалық жұмысының нәтижесі жиналған қоқыстың көлемімен ғана бағаланбауы тиіс. Керісінше, келесі жолы сол аумақтан қаншалықты аз қоқыс жиналатыны да маңызды. Өйткені тазалық мәдениетінің қалыптасқанын көрсететін басты өлшем – қоқысты көп жинау емес, айналаны ластамау әдетінің орнығуы.

Байыбына барсақ, Астанадағы экологиялық акциялардың ерекшелігі де осындай түсінікті орнықтыруға бағытталуында. Қала әкімдігі тазалық жұмыстарын ұйымдастырумен қатар, тұрғындарды қоғамдық кеңістікті күтіп ұстауға тартуды да назарда ұстап келеді. Қала кеңейген сайын тазалықты сақтау міндеті де күрделене түседі. Жаңа үйлер салынады, жаңа көшелер пайда болады, демалыс орындары көбейеді. Соған сәйкес коммуналдық инфрақұрылымға түсетін салмақ та артады. Мұндай жағдайда тазалық мәселесін тек арнайы техниканың санын көбейтумен немесе қызметкерлердің жұмысын күшейтумен шешу қиын. Қаланың әр тұрғыны өз ауласына, көшесіне, қоғамдық орындарға жауапкершілікпен қарамайынша, тазалықты тұрақты деңгейде сақтау мүмкін емес.

Халқымызда «Тазалық – саулық негізі» деген сөз бар. Бұл ұғымды көбіне адамның жеке басының тазалығымен байланыстырамыз. Шын мәнінде оның қоғамдық мәні де терең. Таза аула, байыбына барсақ, балалардың қауіпсіз ойнайтын ортасы. Таза саябақ – адамдардың жайлы демалатын мекені. Таза көше – қала мәдениетінің көрсеткіші. Ал күтіп-бапталған жасыл желек – бүгінгі тұрғындардың ғана емес, келешек ұрпақтың да игілігі. Сондықтан «Таза Қазақстан» акциясын қоршаған ортаны көркейтуге бағытталған іс-шара ғана емес, қоғамның өз мекеніне деген қатынасын өзгертуді көздейтін тәрбиелік бастама ретінде де бағалауға негіз бар.

Бұл бастаманың Астанада жүйелі жалғасуы күзгі экологиялық айлық барысында да айқын көрінді. 2026 жылғы 12 қыркүйек пен 10 қазан аралығында өткен ауқымды тазалық жұмыстары елорданың барлық ауданын қамтыды. Астана әкімдігінің қорытынды мәліметіне сәйкес, осы кезеңде экологиялық іс-шараларға 400 мыңға жуық тұрғын мен 15 мың кәсіпорын және ұйым қатысқан. Тоғыз мыңға жуық аула аумағы ретке келтіріліп, 150 мың тоннадан астам қалдық шығарылған. Жұмысқа үш мыңға жуық арнайы техника жұмылдырылған. Сонымен қатар күзгі көгалдандыру науқаны аясында 13 мыңға жуық ағаш, 175,9 мың бұта мен гүл отырғызылған. Бұл деректер елордада тазалық пен абаттандыру жұмыстарының ауқымды ұйымдастырылғанын көрсетеді.

Әрине, мұншалықты үлкен жұмысты үйлестіру оңай емес. Қаланың барлық ауданында тазалық шараларын бір мезгілде жүргізу үшін нақты жоспар, мекемелер арасындағы өзара байланыс, техникалық қамтамасыз ету және тұрғындардың белсенділігі қажет. Бұл тұрғыда Астана әкімдігінің ұйымдастырушылық қызметіне ерекше мән берген жөн. Себебі экологиялық акцияның нәтижелі болуы тек оған қатысушылардың ынтасына ғана байланысты емес. Қай аумақтың тазартылатынын белгілеу, арнайы техниканы бөлу, жиналған қалдықтарды уақтылы шығару, көгалдандыру жұмыстарын үйлестіру, коммуналдық қызметтердің өзара іс-қимылын қамтамасыз ету, нақтылай айтсақ, барлығы да жүйелі басқаруды талап етеді. Осындай жұмыстардың үйлесімді атқарылуы қала тұрғындарының ортақ іске қатысуына қолайлы жағдай туғызады.

Сонымен бірге әкімдіктің ұйымдастыру қызметі мен тұрғындардың азаматтық белсенділігін бір-бірінен бөліп қарастыруға болмайды. Әкімдік қажетті жағдай жасайды, коммуналдық қызметтер күнделікті жұмысты атқарады, ал тұрғындар сол еңбектің нәтижесін сақтауға атсалысады. Егер осы үш тараптың арасында түсіністік болмаса, қанша қаражат жұмсалып, қаншама техника тартылғанымен, тазалық мәселесі қайтадан күн тәртібіне шыға береді. Сондықтан «Таза Қазақстан» акциясының маңызды тағылымдарының бірі – қоғамдық жауапкершіліктің ортақ сипат алуында.

Астанадағы тазалық жұмыстарына жастардың белсенді қатысуы да назар аударуға тұрарлық. Студенттер мен еріктілердің сенбіліктерге шығып, ағаш отырғызып, саябақтар мен өзен жағалауларын тазалауы олардың табиғатқа деген жанашырлығын нақты іспен ұштастыруына мүмкіндік береді. Адамның бойына жауапкершілік сезімін орнықтыруда тікелей еңбекке араласудың әсері ерекше. Өзі ағаш отырғызған жас сол ағаштың бүр жарып, өсуіне ерекше ықыласпен қарайды. Өзі маңдай терін төгіп тазалаған саябақтың қайта ластанғанын көрсе, ешқашан бейжай қарай алмайды. Демек, тазалық акцияларына қатысу – қоршаған ортаға деген құрмет пен жанашырлықты іс жүзінде баулудың ең тиімді жолы.

Ел ертеңі саналатын жастардың ортақ іске деген құлшынысы да жоғары. Тазалық акциясына атсалысқан Төрегелді Шарманов атындағы Ұлттық медицина университеті Педиатрия факультетінің 4-курс студенті Омархан Дінмұхамед өз ойын былайша білдірді: «Таза Қазақстан» республикалық акциясына достарыммен бірге қатыстым. Бұл бастамадан біздің елордалық жастар мен студенттер қауымы ешқашан тыс қалмайды, керісінше, әрдайым алдыңғы қатардан табылады деп білемін. Себебі Астана – барша еліміздің жүрегі, бас қаламыз. Бас қаланың келбеті қашан да таза, заманауи әрі жайлы болуы тиіс. Болашақ дәрігер ретінде мен үшін денсаулық пен тазалық – ажырамас ұғымдар. Елордамызды таза ұстау арқылы біз өзіміздің патриоттығымызды, сүйіспеншілігімізді көрсетеміз. Басқаларды да, тұрғындар мен қала қонақтарын да осы ортақ мекенімізді бірге аялауға шақырамын!»

Елордадағы экологиялық акциялардың тағы бір маңызды бағыты, нақтылай айтсақ, көгалдандыру. Астананың табиғи-климаттық ерекшелігін ескерсек, бұл жұмыстың қаншалықты маңызды екенін түсіну қиын емес. Қысы ұзақ, аязы қатты, жазы ыстық әрі желді қаланың жасыл желегін көбейту тұрақты күтімді талап етеді. Ағаш отырғызып қоя салу жеткіліксіз. Оның жерсінуі, суарылуы, зиянкестерден қорғалуы, маусымдық күтімінің дұрыс жүргізілуі де маңызды. Сондықтан көгалдандыру жұмыстарының сапасы отырғызылған көшеттердің санымен ғана емес, олардың кейінгі жылдары қаншалықты өсіп-жетілгенімен бағалануы керек.

Осы тұрғыдан қарағанда, «Таза Қазақстан» акциясы аясында отырғызылған әрбір ағашқа ұзақ мерзімді жауапкершілікпен қараудың маңызы зор. Бір күнде мыңдаған көшет отырғызуға болады. Бірақ сол көшеттердің әрқайсысын күтіп-баптау әлдеқайда ұзақ уақытты қажет етеді. Ағаш отырғызу – бастама, ал оны өсіру – сол бастаманың жалғасы. Сондықтан елордадағы көгалдандыру жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін отырғызылған ағаштардың есебін жүргізу, олардың жағдайын бақылау, суару жүйелерін жетілдіру және күтімге жауапты мекемелердің жұмысын үйлестіру маңызды. Бұл міндеттердің орындалуы қаланың жасыл қорын көбейтуге ғана емес, бөлінген қаржы мен жұмсалған еңбектің нәтижелілігін қамтамасыз етуге де ықпал етеді.

Астана көшелерінің, саябақтарының, тұрғын алаптарының тазалығы туралы айтқанда коммуналдық қызметкерлердің еңбегін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Қаланың күнделікті тіршілігінде олардың жұмысы көп жағдайда көзге көріне бермейді. Таңертең адамдар жұмысқа асыққанда көшелердің тазартылып, қоқыс контейнерлерінің босатылып, қоғамдық орындардың ретке келтірілгенін қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Әсіресе елорданың қатал климаттық жағдайында коммуналдық қызметтердің жұмысы жеңіл емес. Қыста қар мен мұзды тазалау, көктемде жиналған қалдықтарды шығару, жазда жасыл желекті күтіп ұстау, күзде жапырақтар мен тұрмыстық қалдықтарды жинау – жыл бойы үздіксіз жалғасатын міндеттер. Сондықтан «Таза Қазақстан» акциясының тәрбиелік мәнін сөз еткенде коммуналдық қызметкерлердің еңбегіне құрмет қалыптастыру мәселесін де ескерген дұрыс.

Осы ретте Әл-Фараби даңғылы мен Ақмешіт көшесінің орталық жүру бөлігі мен жалпыға ортақ тротуарлар тазалығында жұмыс істегеніне бірнеше жыл болған ЖШС «Астана Тазалық» мекемесінің өз ісіне жауапты қызметкері Байжұма Жайнагүлдің қаламыздың келбеті мен тазалығы жайлы: «Қаламыздың көшелері, алаңқайлары мен қоғамдық орындарының тазалығына жауаптылардың бірі болып, уақытылы еңбек еткеніме де біраз жыл болды. Тазалықты сақтау тек коммуналдық қызметкерлердің міндеті ғана деп қарап, қоғамдық орындарға немқұрайды қарайтын көзқарас әлі де кездеседі. Ең алдымен, әрқайсымыздың қоғамдық мүлік пен қоғамдық кеңістікке деген көзқарасымыз бен санамыз өзгеруі тиіс. Елордамыздың әрбір тұрғыны мен қонағына өтінішімді жеткізгім келеді: табиғат пен қаламыздың тазалығын бірге сақтайық! Тазалық – бұл тек жұмыс емес, бұл ортақ мәдениетіміздің айнасы» деген пікірі әрқайсымызға ой тастаса, нұр үстіне нұр болар еді.

«Таза Қазақстан» аясындағы «Таза жағалау», «Мөлдір бұлақ» кіші акциялары өзендер мен су арналарының жағалауларын тазартуға бағытталды. Есіл өзені, Ақбұлақ пен Сарыбұлақ, Нұра-Есіл каналы және Кіші Талдыкөл аумақтарында жүргізілген жұмыстар елорданың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған шаралардың бір бөлігі болды. Су нысандарының маңы тек қаланың табиғи көркін толықтырумен шектелмейді. Олар қалалық экожүйенің маңызды құрамдас бөлігі болып саналады. Сондықтан олардың жағалауларын қоқыстан тазарту, су айдындарына түсетін жүктемені азайту, табиғи ортасын сақтау мәселелері тұрақты назарды қажет етеді.

«Таза Қазақстан» акциясы қалдықтарды сұрыптау мәдениетін насихаттауға да мүмкіндік береді. Қағаз, пластик, шыны және басқа да қайта өңдеуге жарамды материалдарды бөлек жинаудың маңызын тұрғындарға түсіндіру, тиісті инфрақұрылымды дамыту, қоғамдық орындарда қалдық тастау тәртібін сақтау – тазалықты ұзақ мерзімді қамтамасыз етудің құрамдас бөліктері. Алайда мұндай жұмыстарды тек насихат деңгейінде қалдыру жеткіліксіз. Тұрғындардан белгілі бір тәртіпті талап ету үшін соған қолайлы жағдай жасалуы да қажет. Қоқыс контейнерлерінің жеткілікті болуы, олардың уақтылы босатылуы, қайта өңдеуге арналған қабылдау жүйесінің қолжетімділігі қоғамдық тәртіптің сақталуына тікелей ықпал етеді.

Елордада тазалық мәселесіне тұрғындардың қатысуын арттырудың жаңа тәсілдері де қолданылып келеді. Соның бірі – TazaQazBot телеграм-чат-боты. Бұл жүйе арқылы тұрғындар қаладағы тазалық пен абаттандыруға қатысты мәселелер жөнінде өтініш бере алады. Мұндай цифрлық тетіктердің маңызы – тұрғындарға өздері байқаған мәселені жауапты мекемелерге жеткізу мүмкіндігін беруінде. Өйткені үлкен қаланың барлық аумағындағы жағдайды тек коммуналдық қызметтердің күнделікті бақылауы арқылы толық қамту қиын.

Дегенмен цифрлық жүйенің тиімділігі өтініш қабылдаумен ғана өлшенбеуі керек. Оның нәтижесі мәселенің қаншалықты уақытылы шешілгеніне, тұрғындардың берген ақпаратына қандай жауап қайтарылғанына және сол мәселенің қайта туындамауына байланысты. Егер тұрғын өзі хабарлаған аумақтағы кемшіліктің түзетілгенін көрсе, мұндай жүйеге деген сенімі артады. Ал өтініштер жауапсыз қалса, азаматтық белсенділіктің төмендеу қаупі бар. Сондықтан қоғамдық бақылау мен әкімдіктің кері байланысын үйлестіру «Таза Қазақстан» бастамасының тұрақты нәтижеге жетуіне ықпал ететін маңызды тетіктердің бірі бола алады.

Әрине, атқарылған жұмыстардың ауқымды болуы барлық мәселе шешілді дегенді білдірмейді. Үлкен қалада тазалыққа қатысты кемшіліктердің кездесуі заңды. Кейбір аумақтарда қоқыстың уақытылы шығарылмауы, жасыл желектің жеткілікті күтім көрмеуі, тұрғындардың қоғамдық орындарды ластауы сияқты мәселелер туындауы мүмкін. Мұндай кемшіліктерді ашық айтып, оларды жоюдың жолдарын қарастыру экологиялық бастаманың мәнін төмендетпейді. Керісінше, атқарылған жұмыстың нәтижесін объективті бағалауға мүмкіндік береді. Өйткені тазалық мәдениеті тек жетістіктерді көрсетумен ғана емес, шешімін күткен мәселелерге жауапкершілікпен қарау арқылы да қалыптасады.

Біздің дәстүрлі дүниетанымымызда да тазалыққа ерекше мән берілген. Қазақ халқы қонысын қадірлеген, су көзін ластамауға, ағашты орынсыз сындырмауға, табиғатқа қиянат жасамауға үндеген. Бұл ұстанымдардың астарында қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүру туралы терең түсінік жатыр. Мәселенің тағы бір қыры – тазалық мәдениетінің отбасынан басталуы. Ата-анасы қоғамдық орынға қоқыс тастамайтын, табиғатқа ұқыпты қарайтын, өз ауласын таза ұстайтын отбасында өскен бала да сол әдетті бойына сіңіреді. Сондықтан экологиялық тәрбие тек мектеп қабырғасындағы түсіндіру жұмыстарымен шектелмеуі керек. «Таза Қазақстан» акциясына отбасылардың, балалар мен жастардың қатысуы осы тұрғыдан да маңызды.

Астана – еліміздің түкпір-түкпірінен келген адамдардың басын қосқан қала. Мұнда әр өңірден қоныс аударған тұрғындар еңбек етіп, білім алып, отбасын құрып, ортақ қалалық ортаны қалыптастырып отыр. Сондықтан елорданың тазалығы белгілі бір ауданның немесе мекеменің ғана мәселесі емес. Ол – осы қалада тұратын әрбір адамның ортақ жауапкершілігі. Адамның туған жері әртүрлі болуы мүмкін, бірақ өзі өмір сүріп отырған мекеннің қадірін білуі бәріне бірдей қажет. Осы түсінік қалыптасқан жағдайда қалаға деген сүйіспеншілік тек сөз жүзінде емес, нақты әрекет арқылы көрінеді.

«Таза Қазақстан» акциясының елордадағы қоғамдық маңызын арттыратын жағдайлардың бірі де осында. Ол әртүрлі кәсіп иелерін, әр жастағы тұрғындарды, түрлі мекемелердің қызметкерлерін ортақ іске жұмылдырады. Күнделікті тіршілікте бір-бірімен араласа бермейтін адамдар сенбілік кезінде қатар еңбек етеді.

Сонымен бірге мұндай қоғамдық бастамалардың шынайы нәтижесі тұрғындардың ерікті қатысуымен тығыз байланысты екенін де естен шығармаған жөн. Тазалықты сақтау ісі тек жоғарыдан берілетін тапсырма ретінде қабылданса, оның тәрбиелік әсері шектеулі болуы мүмкін. Ал адам өзі тұратын қаланың көркеюіне шын ниетімен атсалысса, ортақ іске деген жауапкершілік те күшейеді.

Астанадағы «Таза Қазақстан» акциясының нәтижелеріне осы өлшем тұрғысынан қарағанда, оның қоғамдық әлеуеті айқындала түседі. Жүздеген мың адамның тазалық жұмыстарына қатысуы – елеулі көрсеткіш. Алайда сол белсенділікті сақтап қалу, оны тұрақты қоғамдық мәдениетке айналдыру бұдан да маңызды міндет. Егер бүгін сенбілікке қатысқан адам ертең өз ауласын ластамауды күнделікті әдетіне айналдырса, акцияның тәрбиелік нәтижесі көріне бастайды. Егер кәсіпорын өз аумағын тазалауды тек белгіленген күнгі шара деп емес, тұрақты міндет деп қабылдаса, қоғамдық жауапкершілік күшейеді. Егер мектеп оқушысы өзі отырғызған ағаштың күтіміне қызығушылық танытса, экологиялық тәрбие нақты мазмұнға ие болады.

Сондықтан елордада жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясының басты тағылымы – тазалықты сырттан талап етілетін міндет емес, адамның ішкі мәдениетінің көрінісі ретінде қабылдауға үндеуінде. Мұндай түсінік бір күнде қалыптаспайды. Ол үздіксіз тәрбие, жүйелі еңбек, қоғамдық жауапкершілік және күнделікті дағды арқылы орнығады. Астанадағы көктемгі және күзгі экологиялық іс-шаралар осы бағытта жасалған нақты қадамдардың бірі болды.

«Таза Қазақстан» жобасы – таза табиғат, жайлы қала және дені сау болашақ ұрпақ үшін жасалған ең маңызды қадамдардың бірі болып қала беретіні анық. Еліміздің бас қаласы Астана осы арқылы өзінің «жасыл қала» мәртебесін бекемдеп, әлемдік деңгейдегі заманауи әрі экологиялық таза мегаполиске айналу жолында нық қадам басып келеді.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *