ПАТРИОТИЗМНІҢ МӘНІ МЕН НЕГІЗДЕРІ ПАТРИОТИЗМНІҢ МӘНІ МЕН НЕГІЗДЕРІ
Құдияр БІЛӘЛ, ҚР Мәдениет қайраткері   Қай мемлекетте де ардақ тұтатын ұлттық құндылықтары мен сол құндылықтарды ұрпақ жадына сіңіретін идеологиялық әлеуеті болады. Ол әлеуеттің... ПАТРИОТИЗМНІҢ МӘНІ МЕН НЕГІЗДЕРІ

Құдияр БІЛӘЛ,
ҚР Мәдениет қайраткері

 

Қай мемлекетте де ардақ тұтатын ұлттық құндылықтары мен сол құндылықтарды ұрпақ жадына сіңіретін идеологиялық әлеуеті болады. Ол әлеуеттің мағынасы кең. Оның ең бастысы – ұлттық тәрбие. Аталмыш тәрбие бастауы – әрбір отбасы. Жалпы мемлекеттік патриотизмнің негізі сол бастаудан негіз алады. Ол негіз әу баста апа-әжелеріміздің әлдиінен бас-тау алатын. Одан ертегіге, қиса-дастандарды оқумен жалғасын табатын. Ол қызметті қазір теледидар алмастырды. Сондықтан бізге телелидар бағдарламаларына жете мән берген жөн. Бұл тұрғыда «Балапанның» қызметін айта кеткеніміз жөн. Балауса балдырғандарды өзіне баураған «Балапан» олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре білді. Бәрінен бұрын қала балаларының ана тілінде тілдерін сындыра алды. Сондай-ақ ертегі кейіпкерлерінің де аттарын жаттата алды. Бұл –Отанды сұю үрдісінің алғашқы баспалдағы.
Осы үрдіс балабақшаларда жалғасын табуда. Бұл тұрғыда да қабылданған арнайы бағдарла-малар өз нәтижесін беруде. Алайда кейінгі жылдары жаппай жеке-меншік балабақшалардың бой түзей бастағанын жоққа шығаруға болмайды. Солай бола тұра барлық балабақшаларды бірыңғай тәрбие жұмыстарын қалыптастырған жөн.
Ол – ұлттық, Отандық тәрбиеге негізделуі керек. Бұл үрдіс барлық ұлттық балабақшаларға тән болуы керек. Ол мейлі орыс, кәріс, ұйғыр, өзбек балабақшасы болсын. Барлық ұлттық құндылықтар мемлекеттік тұтастыққа негізделуі керек.
Осы үрдістің мектеп қабыр-ғасында да жалғасын тапқаны жөн. Мектеп бағдарламалары өз алдына, патриоттық тәрбие бірыңғай болуы тиіс. Сонда жас жеткіншек қай мектепте білім алса өз Отандарының бір екенін ұғынып өседі.
Жалпы патриоттық тәрбиенің негізі кең. Ол ұлттық мәдениеттен де, табиғатты аялаудан да, спорттан да, музыкадан да, жалпы барлық саладан көрініс табуы тиіс.
Ал ол қалай көрініс табады? Саралап көрейік. Мәселен күні кеше ғана бокстан Әлем чемпионаты өтті. Сол жарыста қазақстандық брксшылар төрт алтын, бір күміс медальға қол жеткізді. Бәрінен бұрын Қазақстан Ташкент төрінде төрт рет шырқалып, төрт рет көк туымыз көкке көтерілді. Сол кезде жарыс тұғырына көтерілген боксерлеріміз бастарына ұлттық тақия киіп шықты. О баста бұл бастаманы министрлік не федерация қолға алды деп ойлаған болатынбыз. Бақсақ ұлттың рухын көтеретін бұл рәсімді сол жердегі қарапайым көрермендердің бірі жүзеге асырыпты. Ол Махмұд жеңіске жеткен кезде трибунадан басындағы тақиясын лақтырып, «марапаттауға киіп шық» деп айқайлады. Тіпті, оның аты-жөні де белгілі. Бексұлтан Зікіров есімді жетісайлық жігіт екен. Махмұд киіп шықты. Кейін оны Асланбек киді. Жалпы бүкіл суретте сол бір тақия жүр.
Бұл – әлем чемпионатындағы бір ғана көрініс. Бір ғана мысал. Бірақ, қандай тамаша?! Не шықса да, халықтың ортасынан шығады. Боксшылар да осы ортада өсті. Сондықтан, ата-бабасы киген ұлттық тақияны, қала берді ұлтын, дәстүрін, салтын аттап кете алмады. Басына дереу киіп алды. Қазақша тәрбие, қазақша таным және қазақ деп соққан патриот жүрек бар кезде, осындай керемет нәрселер болып жатады…
Осы тақылеттес ойды Мақсат Сқақов бауырымыз да айтқан екен. Ол кісі бүй дейді:
«Ертеде футбол десе ішкен асын жерге қоятын бір ағамыз “Қайрат” командасының шын жанкүйері екен. Ташкентте өткен “Қайрат” пен “Пахтакор” командаларының жолдастық кездесулерін көруге барады.
«Қайраттың” асығы алшысынан түсіп жергілікті команданың қақпасына бірнеше рет гол салады. Ала шапанды ағайынның арасында жалғыз қалған ағамыз эмоциясын сыртқа шығара алмай шәрмәндә болады.
Айқайласа ала шапанды аға-йыннан оңбай таяқ жейтінін біледі. Үндемейін десе іштегі от өртеп бара жатыр. Болмағасын “Қайрат” қақпаға гол салған сайын стадионды басына көтеріп “Пахтакор”, “Пахтакор”, ”Пахтакор” – деп айқайлайды екен.
Сол айтпақшы кешегі Тәшкеннің төрінде өткен бокстан әлем чемпионатында бауырларға риза болдым. Бөріктінің намысы бір деген. Ұлттық рух деп осыны айтады. Әнұранды жатқа айтып, жігерімізді бір жаныды.
«Балам-деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шығады”. Ол үшін адамның намысын оятып, жігерін жану керек. Жігерін жану үшін, рухын оятатын халықтың үні керек. Төле би бабамыз жатқан мекенде еліміздің әнұраны қалықтады.
Қалықтаған әнұран тірінің деле-бесін қоздырса, өлі әруақтарды да бір аунатқан шығар. Әнұранымыз төрт рет шырқалып, көкбайрағымыз көкке төр рет көтерілгенде, төрт құбылам түгел жандай сезіндім өзімді.
Спортта болсын, мәдениетте болсын, ғылым мен білімде болсын, өндіріс пен өнеркәсіпте болсын бауырларымыздың жігерімізді намысымызға жанитын қолдауы керек. “Болар елдің баласы, бірін-бірі батыр дейді”.
Себебі біздің жүректерімізді жалғайтын, рухымызды оятатын әнұранымыз ортақ, “Біріңді қазақ, бірің дос. Көрмесең істің бәрі бос”.
Ташкентке көз тіккен бүкіл отандастарымыздың рухы көте-ріліп, бір жасап қалды. Халқымыз бүкіл жеңімпаздардың есімдерін асқақтатты. Еліміздің мерейі артты. Жастарымыз соларға қарап бойын тіктеді. Ұлттық, рухтық патриотиз дегеніміз, міне, осы. Біз оған спорт арқылы қол жеткіздік. Нақтыласақ, спорттық тек бір ғана саласы — бокс арқылы қол жеткіздік. Ал мұндай спорт түрлері қаншама. Алайда ол спорт түрлері ел рухын ояту үшін тап осы бокс сияқты нәтиже керек. Бұл тұрғыда мемлекетіміз тарапынан сан-салалы жұмыстар атқаруда. Министрлік, одан коитет, әр облс, қалалардағы спорт басқармалары осы тұрғыда жұ-мыстар атқаруда. Бұған спорт мектептерін қосып, тоқтаусыз өтіп жатқан спорт жарыстарын қоссақ, ел рухын оятар нәтижелердің оңайшылықпен келмейтіндігіне көз жеткізесің. Сондықтан мектеп қабырғасындағы денешынықтыру сабақтарына да жете мән берген жөн. Байыбына барсақ, ол жай ғана пәндік сабақ емес, патриотизмге негіз болатын алғашқы баспалдақ екендігін түйсінгеніміз жөн.
Жалпы жастарымызға спорт арқылы патриоттық тәрбие берудің мағынасы кең. Ол — насиқат арқылы да жүзеге асады. Ол үшін спорт тарихына мән берген жөн. Жалпы біздің спорт мектебіміз бір күнде қалыптасқан жоқ. Оның негізі – біздің батырларымыз. Ауыз әдебиетінің өкілдері. Ертегі кейіпкерлері. Солар бойындағы арда қасиеттердің бәрін спортқа телуге болады. Байыбына барсақ, ат құлағында ойнау да, құралайды көзге атқан мергендік те, жаумен алысқан кездегі айла-тәсілдер де спорт түріне жатады.
Есімдері бізге аңыз боп жеткен сол айтулы тұлғалар өз бойларындағы әлгі спорттық жетістіктерді негізінен жеке бас пайдасы үшін емес, ел тұтастығы үшін пайдаланған. Демек отандық патриотизмнің бастауы тым әріде жатыр. Тек соны ұрпақ жадына жеткізе білуіміз керек. Сондай-ақ нақтылы спорт арқылы айтулы нәтижелерге қол жеткізген Қажымұқан сияқты айтулы тұлғаларымыз да ұдайы дәріптеліп отыруы керек. Сонымен қатар спорттық барлық саласына ел мақтанышына айналған спорт майталмандары да жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеуге негіз болады. Ең бастысы, әлгі спорт шеберлері нәтижесін тілге тиек еткенде олардың мемлекет мәртебесін асқақтатқанына жете мән бергеніміз жөн.
Тарихқа келейік. Рас, біз тәуелсіз мемлекетпіз. Алайда тәуелсіздік пен мемлекет тарихын бір ұғым деген түсіністік қалыптаспау керек. Егер байыбына барсақ, мемлекет тарихы, оның негіздері мен сипаттары, ұлттық құндылықтары, мемлекеттік рәміздері біздің қай-қайсымыздың да патриоттық сезімімізді оятады. Сондықтан мемлекет тарихын тілге тиек еткенде оны тек біздің жүріп өткен жолымыз деп қана емес, сол тарихи оқиғалардың мемлекеттік іргесін қалап, әлеуетін күшейткенін, сол тарихи оқиғалар ортасында болған біздің ата-бабаларымыздың мемлекет мүддесі үшін жасаған жанқиярлық еңбектерін біз жастарға үлгі ете алуымыз керек. Сонда ежелгі тарихтың өзі кімнің де болсын патриоттық сезімін оятады.
Бұл тұрғыда бізге арғы тарихтың өзі өнеге. Сонау ғұн, сақтар тарихы, одан бергі Алтын орда кезеңі бізден тысқары тұрған жоқ. Біз сол мемлекеттерді заңды мұрагеріміз деген түсініктің өзі қай жастың да патриоттық сезімін оятады. Тіпті 1456 жылдан бастау алатын қазақ тарихының өзі бізге өнеге. Содан бергі бастан өткен қаншама тарихи оқиғалар, мемлекет тарихы сын тезіне түскен кезеңдер, сол кездегі хандарымыз бен билеріміздің оңды шешімі, батырларымыздың жанқиярлық ерліктері әлі күн-ге дейін ешкімді де бейжай қалдырмайды. Тек сол тарихтан тағлым алып, бабалар рухын жастар бойына еге білуіміз керек.
Патриотизмді тілге тиек еткенде мемлекеттік рәміздерді аттап кетуге болмайды. Олар: Ту, Елтаңба, Әнұран. Бұлар — мемлекеттігіміздің кепілі. Сондықтан оларға деген құрмет бала кезден қалыптасып, өмір бойы санадан өшпеу керек. Сондай-ақ мемлекеттік рәміздердің қай-қайсысы да әр адам жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатуы тиіс. Ол үшін әлгі рәміздердің мәні мен өзіндік орнын бағалауымыз керек.
Мәселен Ту. Ту ілінген ғима-раттың мемлекеттік мекеме екендігі кімге де болсын мәлім. Демек Ту өзі ілінген ғимаратты айшықтап тұрады. Бұл — Тудың мемлекеттік рәміз ретінде мәнін ашады. Сонымен қатар мемлекеттік шаралар өткенде де Ту алға шығады. Тіпті Президенттің өзі Туға тәу етіп, құрмет білдіреді. Және де мемлекет басшылары ресми кездесулер өткізгенде олар өз Туы астында мәміле жасайды. Сондай-ақ өзге елде қызмет жасайтын елшілер де көлігіне өз елінің Туын іліп алады. Жарыс тұғырына көтерілген спорсмендер де өз елінің Туын көтеріп, марапатталады.
Міне, Тудың мемлекеттік рә-міз ретінде атқаратын осындай қызметтерін тарқатып айтар болсақ, кімнің де болсын өз елінің Туына деген құрметі артып, патриоттық сезімі оянады.
Елтаңба да тап осындай құрметке ие. Соған орай мемлекеттік іс-шараларда шешендер сөз алатын мінберге дейін мемлекеттің Елтаңбасымен әспеттеледі. Барлық мақтау, марапаттау қағаздарында Елтаңба бейнеленеді. Соған орай қай азамат та өз елінің Елтаңбасын айшықтайтын жекелеген отрибуттардың мәнін жете білгендері жөн. Елтаңбадағы мүйізді пырақтан бастап, сабағы майысқан бидайды, маңдайында жарқыраған жұлдызды құрмет тұтуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, Елтаңбадан өз елінің тыныс-тіршілігін сезінуі тиіс. Оның сонда ғана мемлекеттік рәмізге деген құрметі артып, өз еліне деген махабаты артады.
Әнұран да сол сияқты. Басы ашық жәйт, Әнұран кез келген жерде орындала бермейді. Ол мемлекеттік маңызы бар іс-шаралар кезінде ғана орындалады. Әнұранның орындалуы, әлгі шараның маңыздылығын арттырады. Ол іс-шараға ресми сипат береді. Сондай-ақ Поезидентіміздің өзге елдер басшыларымен ресми кездесулерінде де Әнұран орындалады. Сонымен бірге спорт жарыстарында жетістікке жеткен спортсмендер құрметіне де Әнұран орындалады. Әнұран орындалған кезде біз оң қолымызды жүрегіміздің үстіне қойып құрмет көрсетеміз. Бұл – мемлекетімізге деген құрмет. Сол құрмет елге, Отанға деген патриотизмді қалыптастырады.
Байыбына барсақ, патриотизм негіздерінің бірі – мәдениет. Мәдениеттің ауқымы кең. Ол – өнер, ол – музыка, ол – театр, ол – тарихи жәдігерлер… Осылай жалғастыра беруге болады. Оның әрқайсысы бір-бір сала. Ол мәдениеттің де басын министрлік тұтастырып тұр. Одан комитет бөлініп шығады. Облыстар, қала, тіпті аудандарға дейін мәдени басқармалар мен бөлімдер қыщмет көрсетеді. Соның өзі-ақ мәдени іс-шаралардың маңызы мен мемлекетімізде алар өзіндік орнын айшықтайды. Мемлекеттік тұрғыда атқалыпып жататын мәдени іс-шараларлың өзі әлгі мәдени негізді танытуға қызмет етеді.
Сонда ол қандай негіз? Байыбына барсақ, ол негіз сан-салалы. Ол тарихи жәдігер болуы мүмкін, ол – өлмес туынды, не болмаса, көне кітап, не сурет, не музыка, не драмалық шығарма болуы мүмкін. Егер біз солардың қай-қайсысын да мемлекеттік тұрғыда бағалап, әспеттей алсақ, соның өзі халықтың әлгі негіздерге деген құрметін арттырып, патриоттық сезімін қалыптастырады.
Мәселен, Арыстан баб, не болмаса Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне назар аударайық. Бұл екі кесене де тарихи жәдігерлер санатына жатады. Сан мың ғасырлық тарихи оқиғалар куәсі болғандығы өз алдына бөлек әңгіме. Бұл жерде дін де, әдет-ғұрып та, ұлттық мәдениет те көрініс береді. Осы киелі жерлерге табаны тиген тарихи тұлғалар есімі де қос мәдени ошақ қасиетін арттыра түседі.
Соның бәрін тарихи оқиға-лармен байланыстыра отырып рухани мұралар құндылығын ұрпақ санасына сіңіре алсақ, соның өзі жеткіншек ұрпақтың париоттық сезімін қалыптастырады. Ал ондай тарихи жәдігерлер Қазақстанның барлық аймағында бар. Бір жағы ол туризмнің өрістеуіне жол ашады.
Ал туризм – кімнің де болсын еліне, жеріне, туған Отанына деген құрметін арттырады. Туризмнің негізін әр ауылдан бастап өрістетуге болады. Қай ауылда болсын құпиясын ішіне бүккен, адам баласын өзіне баурайтын тарихи, не табиғаттың ерекше жаратылысына ие жерлер баршылық. Сол жерлерді қадір тұту, сол жерге қонақтар назарын аудару – өзіңнің туған жеріңе деген құрметпен бірге, туризмнің өрістеуіне жол ашады. Бәрінен бұрын ол – өзіңнің Отаныңа деген махаббатыңды оятады. Ал ол өрістей келе Қазақстанның барлық аймағына деген құрметіңді қалыптастырады. Әр адам бойындағы сол құрмет — Қазақстанның әлемге танылуына септігін тигізеді.
Мәдениетті тілге тиек еткен соң музыкаға соқпай өте алмаймыз. Музыиканың мағынасы кең. Ең бастысы, ол – ұлттық өнер. Ол – ұлтқа тән музыкалық аспабтар. Оның өзі сан түрлі. Алайда біз сол музыкалық аспабтар мәніне жете назар аудара бермейміз. Оларды танып-білуді жекелеген мамандар еншісіне қалдырамыз. Ал оның соңы әлгі музыкалық аспабтарға деген жастар құрметін жоғалта бастайды. Сондықтан да біз музыканың өзінен де, аталмыш музыкалық құралдардан да ұлттық ерекшелікті танытып, оның ұлтты тұтастырудағы, рухын асқақтатудағы қызметтерін жеткіншек ұрпақ жадына сіңіре білуіміз керек. Сонда ған бізді домбвраның үні, қобыздың сарыны, сырнайдың сазы, шаңғауыздың әуезі баурайтын болады. Ал ол бау-рау – мемлекетке деген құрметті қалыптастырады. Ол құрметті жеке әншілер одан әрі өрістете алады. Оның басында байырғы халық әншілері тұрады. Сондықтан да есімдері ел жадында қалған Біржан, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса сынды өнер иелері есімдерін де ұдайы насиқаттап отыруымыз керек. Ал олар өнері — мемлекетіміз абыройын көтереді. Соның бүгіні жарқын көрінісі — Димаш.
Иә, Димаш Құдайберген өзінің теңдессіз талант иесі екендігін әлем жұртшылығына таныта білді. Ең бастысы, әлем халқы Димаш арқылы Қазақстанды таныды. Елге, ұлтқа деген пер-зенттік махаббаттың қандай бола-тындығын Димаш өз өнерімен де, ұлтқа, тілге деген құрметімен де көрсете білді. Оның осы өнегесін жаншама жастарымыз үлгі тұтты. Оның фанаттары қазақ музыкасына, тіліне, әдет-ғұрпына ден қоя бастады. Бір сөзбен айтқанда, Димаш Құдайберген елді, Отанды сүйюдің жарқын үлгісіне айналды. Жастарымыз бойына патриотищмнің нәрін екті. Бұл күнде біз Димашты жастарымызға үлгі тұтудамыз. Демек жек адамның өзі қаншамама идеологиялық жұмыстардың жүзе-ге асуына үлгі бола алады екен. Иә, патриотизмнің жарқын көрінісі — Димаш Құдайберген.
Ол өзіне тән ерекше талан-тының арқасында қазақтың ұлт-тық музыкалық аспаптарын да насихаттай алды. Димаштың арқасында әлем жұртшылығы домбыраның қоңыр үніне қанықты. Қобызды таныды. Оның ғажап үніне тәнті болды. Соны көрген қай қазақтың да жүрегіне мақтаныш сезімі ұялады. Димаштың өзі де қисынын тауып қазақ күйлерін әлем назарына ұсынды. Міне бұл нағыз патриотизмнің үлгісі. Біз тек соны өскелең ұрпаққа үлгі ете білуіміз керек.
Патриотизмнің нағыз үлгісі –әскер. Соған орай жастарымызды әскер қатарына шақыру барысында біз ең әуелі әр солдаттың әскер сапында тұруының мәнін ашуға тиіспіз. Байыбына барсақ, ол – мемлекеттің әлеуеті, ол – қорғаныс, ол – айбар, ол – темірдей тәртіп, ол – жауапкершілік… Осылай соза беруге болады. Ең бастысы, біз жастарымыздың әскер қатарында болуын отансүйгіштіктің, пат-риотизмнің негізі екендігін ұғындыра алуымыз керек. Сонда қай жас та әскер қатарында болудың жауапкершілігін сезінеді. Өзінің Отан қорғаушылар сапында тұрғанын түйсінеді. Соған орай Отан қорғаушылар күні мейрамының да мәртебесі артады. Ең бастысы, Отан сөзінің мәнін түсінеді.
Байыбына барсақ, Отан мен мемлекет бір ұғым. Соған орай Отан ұғымының мағынасы кең. Ол – отбасың, ол – туған жерің, ол – бүкіл Қазақстан аумағы, ол — тау-тасың, орман-тоғайың, аң-қүсың. Міне, осы ұғымдарды жастар бойына дарыта алсақ, Отан қорғау мәні ашыла түседі. Ал ол ашылу кімнің де болсын жүрегіне өз Отанына деген патриотизм сезімін оятады.
Тілімізде «Білімдінің жүзі жа-рық, білімсіздің жүзі шарық» деген қанатты сөз бар. Шарық — қараңғы деген ұғымды білдіреді. Демек білімді мен білімсіз жарық пен қараңғыға баланып отыр. Осы даналықтың өзі-ақ біздің әу бастан білімге ден қойғанымызды аңғартады. Соған орай аталарымыз «Білімді мыңды, білекті бірді жығады деген.
Алайда біз білім алуға мем-лекеттік тұрғыда мән берілгенімен оны негізінен қалыпты жағдай деп қабылдаймыз. Егер байыбына барсақ, жас бүлдіршіннің Әліппе бетін ашқан сәтінен бастап оның өз мектебіне, ұстазына деген сүйіспеншілігі қалыптасады. Ол сүйіспеншілік жастарымыз бойына патриоттық сезімді қалыптастырады. Отанның отбасынан бастау алатынын біліп өскен қай бала да ол ұғымды мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап кеңейте түседі. Себебі, мектеп – Отанның бір бөлшегі. Ал білім алудағы мақсат – Отанға қызмет ету.
Сонымен білім саласында жастар бойына патриоттық рух нәрін қалыптастырамыз? Байыбына бар-
сақ, бұл мәселе мемлекеттің тұрғыда жүйелі түрде шешімін тапқан. Оқу озаттарының, сондай-ақ ұстаздардың билік тарапынан марапаттылып отыруы, оқушылар үлгерімінің бағалануына дейін әр бала, әр оқушы мемлекет қамқорлығын сезініп отырады. Ал сезіну өз Отанына деген сүйіспеншілік сезімін оятады. Тек оны кім де болсын қалыпты үрдіс ретінде қабылдамау керек. Бір сөзден айтқанда, қай игілікті істің артында мемлекет тұратындығын кім де болсын түйсінуі тиіс.
Тәуелсіздік алғаннан кейін-ақ жастарымыздың өз білімдерін шет елде оқуына жол ашылды. Бұл тұрғыда мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасы жұмыс жасайды. Осы бағдарлама аясында қаншама жастарымыз білім алды. Білім алып қана қойған жоқ, олар елге білікті маман ретінде оралып, ел игілігі үшін қызмет атқаруда.
Ал оларды елге алып келген қандай күш? Ол – біз жоғарыда тілге тиек еткен білім беру саласында қалыптасқан патриоттық рух.
Ол рухты қалыптастырудың да ішкі ирімдері бар. Тәрбиелік жұмыстар өз алдына. Отбасылық тәрбиенің де орны бөлек. Бұл тұрғыда, ең бастысы, білім иелерінің өз отанымызда бағалануы, абырой биігіне көрерілуі, ұдайы дәріптеліп отыруы дер едік. Бүл үрдіс ұдайы жалғасын тауып отыруы керек.
Білімді тиек еткен соң ғылымды аттап кете алмаймыз. Ғылым — қай кезде де мемлекет қамқорлығында. Ұлттық ғылым академиясы — қазақ ғылыми жетістігінің бірден бір нәтмжесі. Оның құрылу тарихының өзі қаншама буынға өнеге. Айтулы ғалымдарымыз ел мақтанышы. Ал олардың есімдері – жастарға өнеге. Ғылымға бет бұрған жастарымыз соларға қарап бой түзейді. Ал олар еңбектерін мемлекетіміз ұдайы назарда ұстап, бағалап отырады. Мемлекет тарапынан жасалатын осындай игі шаралар жастар рухын оятып, патриоттық сезімді қалыптастырады.
Қазақ ғылымының тарихы тым тереңде жатыр. Оның басында ұлы тұлға – Әбунасыр әл-Фараби тұр. Осы ұлы ұстаздың қазақ даласынан шығуының өзі жастарымыз бойына өршіл рухты қалыптастырады. Көне Отырардың әлемдік деңгейдегі білім ордасы болуы да қай жүрекке де мақтаныш сезімін ұялатады. Оның үстіне, кейінгі зерттеулерде. Әбунасырдан бөлек отызға тарта Фарабилардың шығуы, олардың әртүрлі ғылым саласында теңдессіз жаңалық ашқандықтары, сондай-ақ әлемде теңдесі жоқ кітапхананың қазақ даласында болғандығы да біз үшін мақтаныш, әрі өз елімізге деген перзенттік махаббатты қалыптастырады. Жастар бойына патриотизм нәрін егудің бір негізі осы.
Жалпы патриотизмнің негізін әр саладан, әр іс-әрекетімізден бағамдауға болады. Тек соған жете мән бере бермейміз. Мәселен бұл тұрғыда ақын-жазушыларымыз атқарып жатқан жұмыстар да елеусіз қалып жүр. Оны көпшілік қауымның кешегі күн өткен Жазушылар одағының кезекті құрылтайына берген бағасынан да аңғаруға болады. Ал шынтуайтына келгенде қай ақын-жазушы да өз жеке бастарына қарағанда елдік мүддені жоғары қояды. Байыптап көрелік.
Кешегі күн Жазушылар Ода-ғының кезекті құрылтайы дүрілдеп өтті. Дүрілдеп дегенді сөздің ыңғайына қарай айттық. Болмаса ең мамыражай қалыпта өткен құрылтай осы болды. Осы шараға орай әлеуметтік желі қызуы біраз көтеріліп еді, алайда тез басылды. Белсенділік танытқан жігіттер де үнсіз қалды. Сөз алған шешендер де кәжің-күжің әңгімеден ары аспады. Ашуға мінгендей көрінген бір-екі әріптесіміз де әдептен озбады.
Үзіліс кезі. Өзіммен өзім оқшау тұрған менің қасыма бір қарындасымыз өзімсіне келіп, сөз бастады. Оның кім екенін бажайлағанымша ол: «Мына құрыл-тай түк те көңілімнен шыққан жоқ. Неге үнсіз отырсыздар? Ұлт басына төнген қасіретті сіздер айтпағанда кім айтады? Өңшең оты өшкен шал-шауқандар… Жұлқынып тұрған жастар да көрінбейді… Сіздерге не болған?!» деп, сауалды оқша жаудырды.
Жүзіне сүйсіне қарадым. Оттай жанып тұрған қазақтың қара домалақ қызы. Шырамытайын дедім. Фейсбукта сөз таластырып жүретін Гульнар Изтаева екен.
Алғаш рет жүздесуім. Суретіне қарағанда көріктілеу екен. Ал сөзі — мірдің оғындай. Ол: «Осылай үнсіз қала берсеңіздер елдіктен айырыламыз ғой» деді. Мен: «Өздеріңдей қыздарымыз барда өлмеспіз» деп қойдым. Сосын іле: «Мынау жүрген ақын-жазушылардың бәрі сенен өткен патриот, сенен өткен Отаншыл, сенен өткен оппозиционер» дедім. Ол менің бетіме аңтарыла қарады. Мен: «Бұлардың бәрі өздерін құрбандыққа шалған адамдар. Шынтуайтына келгенде, тәуелсіздікті сақтап қалған осылар» дедім. Гульнар қарындасым менің аузымды бағып үнсіз тұр. Өңінде таңданыс бар. Менің ақын-жазушыларды өзімше қорғай бастағаным қызық көрінетін тәрізді.
Одан әрі – Өзің білесің, КСРО билігі ақын-жазушылар әлеуетін тиімді пайдаланды, – дедім де, әңгімені одан әрі былайша өрбіттім:
– Бұрын қай ақын-жазушы да өз оқырмандарын қалыптастырған бір-бір тұлға еді. Олардың қаржылық мүмкіндіктері де жақсы болатын. Ол кезде сананы тұрмыс билемейтін. Билік соған мүмкіндік жасады. Соған орай ақын-жазу-шылар да мемлекет идеологиясына қызмет етті. Ал ол қызметтің еш сөкеттігі жоқ. Себебі, өз елі, өз Отаны.
Өзімізге келейік. Тәуелсіздік таңы атты. Құндылықтар алмасты. Ұлттық байлық талан-таражға түсті. Қалам иелері шөміштен қағылды. Қағылып қана қойған жоқ, олардың өздерін де, жазған-сызғандарын да жоққа шығару билік тарапынан саналы түрде жүргізіле бастады. Бір сөзбен айтқанда, ел сөзін айтар тұлғалар қоңыз теріп кетті. Қалғаны билікке жағымпазданып күн көрді. Әлі де солай. Сырт көзге солай.
Шынтуайтына келгенде, әр ақын-жазушы өз жарылар кезін күткен жанартауға айналды. Солай бола тұра олар неге жарылмайды? Себебі, олар үшін тәуелсіздіктен қымбат ешнәрсе жоқ. Олар билік басында кімдердің отырғанын да біледі. Олардың ел басына күн туса қашып кететінін де біледі. Ал енді сондай сенімсіз билігі бар бойын енді тіктеп келе жатқан жас мемлекетке қарсы наразылықтар туғызу бізге опа бере ме? Тәуел-сіздігімізден бір-ақ күнде айырылып қалмаймыз ба?
Гульнарға көзімнің астынан барлай қарап қойдым. Байқаймын, қарсы уәж айтқысы бар. Ол уәжді өзім айттым.
– Біз кешегі күнге дейін осы оймен келдік. Енді бұрынғыша өмір сүруге болмайды. Ақын-жазушылар үнсіздігінен қазақ халқы қаншама ұлттық құндылықтарынан айырылып қалды. Билік те басқа бағытқа бұрылып кетті. Ендігі – үнсіздік — тәуелсіздіктен айырылу.
Гульнардың бетіне қан жүгіре бастады. – Бірақ, – дедім мен, – Осы уақыт аралығында біздің бірқатар ақын-жазушыларымыз өзді-өзін жоғалтып алды. Бүгінгі тілмен айтсақ, билік оларды сындырды. Солай бола тұра билік басындағы шынайы мемлекетшіл тұлғалар ақын-жазушылардың ұлттық идеология үшін қажеттілігін сезіне бастады. Сонымен қатар олар шыдамдылығының соңғы шекке таянғанын да түйсінді. Әрине, бәрі емес. Ең бастысы, сол түйсінгендер басында Президентіміз тұр. Жазушылар одағының су жаңа төрағасы Мереке ағамыз соны айтты. Біздің үнсіз қалғанымыз сондықтан.
Гульнардың алабұртқан көңілін орнықтыру үшін «Мен қазақ халқының жарқын болашағына сенемін. Біз әлі әлемді билейміз!» деп қойдым. Ол: «Мен де сенемін!» деді. Көзі жасаурап тұрды…
Патриотизмді тілге тиек еткенде, ел астанасын да қаперге алмай кете алмаймыз. Байыбына барсақ, Астана – мемлекеттігіміздің кепілі. Ол – біздің мақтанышымыз, ата-баба аңсары. Бүкіл әлем бізді тәуелсіз ел ретінде таныса, еліміздің Астанасын да тап солай бағалайды. Себебі, мемлекетіміздің басты құрылымдары сол жерде орналасқан. Президентіміздің Ақ ордасы да сол жерде. Соған орай мемлекеттік барлық іс-шаралар, мемлекеттік маңызы бар құжаттар, заңдар, жарлықтар сол жерде қабылданып, сол жерден бастау алып жатады. Бейнелеп айтсақ, Астана – мемлекеттің жүрегі іспеттес. Сондықтан да ол біз үшін, Қазақстанның әр азаматы үшін аса қымбат, қадірлі.
Астана – біздің тәуелсізді-гімізбен бірге бой түзеп, өркендеп өсіп келеді. Көкпен таласқан ғимараттар, Қаланы қақ жарып ағып жатқан Есіл өзені, көше бойындағы ескерткіштерге дейін бас қала ажарын кіргізіп тұр. Тәуелсіздік символына айналған алып ту да осы қалада. Сондықтан да біз Астананың өзіндік орны мен мәнін ашып көрсетіп, бас қалаға деген құрметті, патриоттық рухты әр жеткіншек санасына сіңіре білуіміз керек.
Біз жоғарыда тілге тиек еткен патриотизм негіздерінің бәрін Отан деген бір ұғым аясына жинақтауға болады. Сондықтан да біз Отанды анаға балаймыз. Ол біздің қамқоршымыз, ол біздің қорғанымыз. Бір сөзбен айтқанда, біздің барымыз да, нарымыз да Отан.
Отан туралы М. Мақатаев:
«Мен оның түнін сүйем,
күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау,
гүлін сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін
қыбырлаған,
Бәрі маған «Отан!»
деп сыбырлаған.
Жаным менің,
Кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол
оның шырылдаған!
Отан!
Отан!
Бәрінен биік екен.
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен…» десе, Жұмекен Нәжімеденов:
«Көкірегімнің үміті мен тілегі,
Күй боп түлеп, күн боп
шығып күледі.
Күн астында көк төбелер түледі
Менің елім, менің елім – гүл елі!

Айтпағым бір ағыл-тегіл –
сыр еді
Шежіреңе ол өлең болып кіреді.
Мендегі өнер сен деп
өмір сүреді,
Менің елім, менің елім –
жыр елі!» – дейді.
Отан туралы осы ұғым, осы түсінік кез келген азаматтың бойынан табылуы тиіс. Сонда өзің туған, өмір сүріп жатқан өңірдің әр тасы, әр бұтағы, жұтқан ауасы кімді де болсын ерекше сезімге бөлейді. Сол сезім өз Отаныңа деген өшпес махаббатты қалыптастырады. Сол кезде ол Отанның әдебиеті де, мәдениеті де, тарихы да, салт-сана, әдет-ғұрпы да, мемлекеттік рәміздері де, бір сөзбен айтқанда, біз жоғарыда таратып айтқан патриотизмге арқау болған барлық негіздері жаныңды баурап, өршіл рухты қалыптастырады.
Сондай рухты ұрпақ өз Ота-нының мәртебесін әрдайым асқақ-тататындығы күмәнсіз.
«Туған жерге туың тік» дейді қазақ атам. Осы даналықтың өзінде үлкен мән бар. Егер байыбына барсақ, ту ол – тәуелсіздігіңнің, елдігіңнің кепілі. Ал туған ел – Отаның. Демек, туыңды өз Отаныңа тіккенің абзал. Бір жағы, туған жер – өз үйің, өз босағаң. Соған орай «Отан – отбасыңнан басталады» деп қоямыз.
Басы ашық жайт. Туған жер – өз Отаныңның бір бөлшегі. Демек, яғни, байыбына барсақ, әр адамның өз ауылына, өзі туып өскен жерге деген сағынышы, оның Отанына деген сағынышының бір көрінісі. Біз өз елімізде жүргенде Отанға деген сағынышты сол Отанның бір бөлшегі – туған жер арқылы сезінеміз. Егер шет ел ассақ, әлгі сағыныш тұтас елге деген сағынышқа ұласады. Алайда ол сағынышты елге, Отанға, мемлекетімізге деген пат-
риотизммен ұштастыруға біз жете мән бере бермейміз. Болмаса оның бәрі бір ұғым.
Енді осы айтылғандары, яғни туған жерге деген сағынышқа мән беріп көрелік. Шындығында біз өз туған елімізді не үшін сағынамыз?
Байыптап көрелік. Біріншіден, ол біздің кіндік кескен жеріміз. Соған орай «Кіндігі туған жерге байланған» деген де ұғым бар. Екіншіден, ол жерде біздің балалығымыз өтті. Үшіншіден, ол жерде біздің дос-жарандарымыз бар. Төртіншіден, біз білім алған алтын ұя мектебіміз де сол жерде.
Осылай жалғастыра беруге болады. Туған жерге қатысты біз тілге тиек еткен жекелеген құндылықтардың қай-қайсысы да біз үшін қымбат. Ең бамтысы, ол жерде біздің ата-бабаларымыздың зираты бар.
Сол сияқты біз үшін ол жердің топырағы да қадірлі. Себебі, сол ұлтарақтай жер үшін біздің арғы бабаларымыз қанын төккен. Сондай-ақ, сол жерді сыртқы жаулардан қорғаған. Ол жер бізге сол үшін де қымбат. Сол үшін де қадірлі. Ол жер – біздің отанымыздың бір бөлшегі.
Енді осы түсінікті кеңейтейік. Жер, ол – тұтас Қазақстан аумағы. Ауыл тұрғындары мен өзге аймақ адамдарының еш айырмашылығы жоқ. Барлығы бір халық. Ұлттық құндылықтар да бір. Ән де, күй де ортақ. Жалпы мемлекеттік қай құндылық та бізді тұтастыра түсуде. Тіпті елді, жерді сыртқы жаудан қорғаған батырларымызға дейін ортақ. Демек біздің туған жерге деген сағынышымыз, ту-ған жерге деген перзенттік махаббатымыз, туған жерге деген патриоттық сезіміміз – Отанға, мемлекетімізге деген асқақ рухпен ұштасып жатыр екен. Тіпті ол ұғымдарды бөліп жаруға болмайды екен. Патриотизмнің бір мәні осы.
Қазақстанның әр аймағы өзінше сұлу. Табиғаты да әрқилы. Бір жер – тау, бір жер – орман, құмды жерлер де бар. Сол сияқты бір жерден өзен ақса, бір жерде көл бар. Тіпті теңіз де бар. Тап сол сияқты әр аймақта тек сол өңірде ғана болатын табиғаттың әсем көріністері, тарихи орындар, мәдени мұралар бар. Біз оларды да өзіміздікі деп қабылдаймыз. Сол қабылдауды қалыптастыратын елге, Отанға деген патриоттық түсінік.
Мәселен Бәкір Тәжібаев өзінің туған елге арнаған өлеңінде былай деген:

Туған елім —
Өзің берген сөзің ғой!
Менде көрер көз болса —
Өзің берген көзің ғой!

Шаттық құшқан шеруде,
Күйді көтерген өзің ғой!
Қиындықты жеңуге,
Үйреткен де өзің ғой!

Толқығанда сезім-ой,
Әппақ арым, тілегім.
Туған елім өзің ғой —
Арқа сүйер тірегім!

Туған елім, өзіңнің,
Жазираңды кездірдің.
Жайма-шуақ кезімнің,
Рахатын сездірдің!

Туған елім — гүл елім,
Қасиетіңді білемін.
Өзіңе деп жүремін —
Лүпілдеген жүрегім!

Ақын өлеңінен аңғарылып тұрғандай, ол өз бойындағы барлық арда қасиеттерді туған еліне телиді. Тіпті ауыздағы сөзін де, екі көзін де туған елінен сыйға алғанын айтады. Бұл – туған елге, Отанға деген шынайы махаббатты аңғартады. Сонымен қатар, өн бойындағы қайсар мінезді де, әппақ арын да туған еліне телиді. Солай дей тұра туған елін арқа сүйер тіреніш көреді. Міне, Отанға деген асқақ патриоттық рухтың көрінісі осындай-ақ болар!
Туған елін гүлге балаған ақын өсіп-өнген жерінің барлық қасиетін саралай келе, лүпілдеген жүрегінің Отанымен қашанда бірге соғатынын паш етеді. Ақын өлеңі біз үшін сонысымен де құнды, әрі бағалы.
Біз рухани жаңғыруды негізінен мемлекеттік бағдарлама ретінде қабылдап, оның мәніне жете бойлай бермейміз. Рас, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік жаңғыру бағдарламасы аясында да қаншама игі шаралар қолға алынып, жүзеге асты. Қаншама тарихи жәдігерлер қайта бой түзеп, халықтың рухани азығына айналды. Халықтың байырғы қазыналары шаң-тозаңнан арылып, ұлттық құндылықтарға айналды. Көзден таса қалып, ұмыт бола бастаған қаншама асыл мұралармыз аталмыш бағдарламаға орай халық көзайымына айналды.
Бұның бәрі нақтылы нәтиже. Алайда негізгі мәннің сыртқы формалық көрінісі ғана. Ал басты мән – патриотизмде.
Әуелі рухани жаңғырудың сөз-дік мәніне назар аударайық. Егер мән берсек, жаңғыру сөзі – қайта түлеу дегенге келеді. Оянған, назарға алынған нәрсе ғана қайта жаңғырады. Оның қайта жаң-ғыруына қарап, жаңғырған нәрсенің кезінде ұлттық құндылыққа айнал-ғанын түйсінуге болады. Ал оның жаңғыруы – демек, оған деген қажеттілік, әрі сұраныс бар. Себебі ол – рух. Рухани-ақ делікші. Қалай атасақ та оның жан қалауы, бір сөзбен айтқанда, жан азығы екендігін бағамдауға болады.
Сонымен рухани жаңғыру аясына қандай құндылықтарымызды жатқызуға болады? Санамалап көрелік. Жалпылама атасақ, ондай құндылықтар әдебиетімізде де, мәдениетімізде де, тарихымызда да бар. Тарқатып айтсақ: тарихи жәдігерлер, мәдени мұралар, қиса-дастандар, күмбезді кесенелер, көне музыкалық аспаптар… Осылай жалғастыра беруге болады. Соның бәрі біздің рухани құндылықтарымыз. Біздің өткеніміз. Сол өткенмен қайта қауышу мемлекеттік бағдарлама арқылы жүзеге асып жатса, оған қалайша қуанбассың, қалайша шаттанбассың?! Міне, патриоттық рухтың бір көрінісі осы.
Біздің мемлекеттігіміздің, тәуел-сіздігіміздің тағы бір кепілі – теңге. Теңге – санына қарай емес, мәніне қарай құнды. Ол мән бір теңге мен он мың теңгеде де бірдей. Себебі ол – тәуелсіз елдің төл валютасы. Ол — сенің мемлекеттігіңнің кепілі. Ол – сенің банкің, ол – тауар айналымы, ол – мемлекеттер арасындағы сауда-саттық, ол – сіз бен біздің еңбекақымыз, ол – қарттардың зейнетақысы. Осылай жалғастыра беруге болады. Соның бәрі теңге болған соң жүзеге асып жатыр.
Бұл тұрғыда ақын Қаршыға Есімсейітова өзінің «Бір теңге» атты өлеңінде былай дейді:
Арзан күлкі. Қарық болдық бәріміз,
Өңшең білгір, жасымыз да кәріміз.
Аяқ асты жатты ұлттық құндылық,
Он мың болып қуат берер нәріміз.

Теңге жатыр. Алшақ емес арамыз,
Алшаң басып, елемей де барамыз.
Тұра қалып иілдім де көтердім,
Отанымның белгісі бар, қараңыз…

Маңдай тері, халқымның байлығы, Біреуге құт, біреудің бір шайлығы
Талайлардың тағдырын да өзгерткен,
Өзек талып, жетпегенде айлығы.

Бұл – нәпақа, несібесі біреудің,
Керек емес, күлкіменен іреудің.
«Алтын балық» емес ол, ұлт байлығы,
Маңдайына жазылған бақ ілеудің.

Барымызды бағамызға балайық,
Теңге жатса, жерден көтер, халайық.
Ұлтымыздың қасиетін жоғалтпай, Мәрттігіне бас иіп бір алайық.

Күлкі арзан. Өмір қымбат ағайын, Ойымда жоқ бұл ортаға жағайын.
Елтаңба бар бір теңгені қастерлеп,
Омырауыма өлең алқа тағайын.

Не айтайын, ақтарылған бұл елге,
Жарар ма екен жыр жолдарым бір емге.
Бір мүсәпір шырағы боп жағылған,
Жерде жатқан Елтаңбалы бір теңге,
Тағдырларға таңба болып басылған,
Миллиардтарға негіз болған бір теңге…

Міне, бір теңгенің бағасы. Ол теңгедегі басты құн – Ел-таңбаның бейнеленуі. Ал Елтаңба – мемлекеттік рәміз. Оған деген құрмет, мемлекетке жасалған құрмет. Міне бұл да патриотизмнің жарқын көрінісі.
Еңбек бағаланады. Ал ол еңбектің мемлекет тарапынан бағалануы – кімге де болсын үлкен мәртебе.
Жалпы ол бағалаудан да тәуелсіз мемлекеттің, өз Отаныңның қамқорлығын аңғарасың. Еңбектің бағалануы біртіндеп сатылап, мемлекеттік деңгейге дейін көтеріледі. Еңбегіне орай беріліп жататын сый-сияпаттар, мақтау қағаздары, орден-медальдар мен атақтар, байыбына барсақ, жеке адамға көрсетіліп жатқан құрмет қана емес, ол – мемлекеттің де айбары. Сол айбар өз азаматтарын бауырына басып, қамқорлығына алады.
Соған орай мемлекет тарапынан берілген баға да жеке тұлғаны даңқ тұғырына көтереді. Сондықтан қай марапат иесі де өз елін мақтан тұтады, абыройының асқақтай беруіне тілекші болады.
Біз тақырыпқа орай патрио-тизмнің мәні мен оның негіздерін біршама сөз еттік. Көп адам байқай бермейтін күнделікті күйбең тір-шілікте сан рет тоқайласып жататын қай мәселе астарында да патриотизмнің негізі жатқанын аңғартуға тырыстық. Ендеше сол құндылықтарды ұдайы ұлықтай білейік, ағайын!

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *