ХАН КЕНЕ ХАН КЕНЕ

ХАН КЕНЕ

10.11.2024 0 56

Жұмаш КЕНЕБАЙ-КӨКБӨРІ, Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының иегері   …Атпай қойды құланиек таң неге? Бұлқынғандай санасында әлде не? Сайын дала – Сары Арқаның төсінде, Суыт жүріп... ХАН КЕНЕ

Жұмаш КЕНЕБАЙ-КӨКБӨРІ,

Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының иегері

 

…Атпай қойды құланиек таң неге?
Бұлқынғандай санасында әлде не?
Сайын дала – Сары Арқаның төсінде,
Суыт жүріп келе жатты Хан Кене…

Ғажап түні, тамылжыған тамыздың!
Сорабы көп шиырлаған сан іздің…
Талып, талып, жеткендей ме алыстан,
Зарлы күйі Қорқыт Ата – абыздың?..

Толықсиды көк төсінде толған Ай,
Көкбестісі – тайпалады жорғалай.
Ұлы Ханның көкірегін керенеген,
Ұлы ойлардың қысып тұрған толғағы-ай…

«…Ұлттың қамын ойламасты Хан деме»,
Деген не сөз: «біреу үшін қам жеме…»
Көк Түріктің Көк Семсері ең соңғы,
Болатын-ды Ұлы Бабам – Хан Кене!

Жұртын ойлап, әлі толып, піспеген,
Қаншама рет ол бармағын тістеген.
Азаттығы үшін қайран Қазақтың,
Ширек ғасыр, ат үстінен түспеген…

Төңірегі кілең айғай-шу еді,
Атқа Ұлты үшін қонғаны да шын еді.
Қара ормандай қалың орыс – бір жақта,
Бір жағында – айдаҺардай Шың елі…

Қолдан түскен емес семсер балдағы,
Сенетін ол Ұлы Күнге алдағы…
«Білге Қаған, Күлтегіндей БаҺадұр,
Қолда,- дейді ол – Бабалардың әруағы?!!»

Жауы біткен төтеп бермес сесіне,
Ұлы Қаған – Шыңғыс түсті есіне…
«Көк Түріктің Көк байрағын қайтадан,
Тіксем, — деді ол – Ұлы Дала төсіне!»

Отпен ойнап, шоқ тістеген жасында,
Біра-ақ рет туатын сан ғасырда,
Хан Кененің ақ сауыты үстінде,
Алтындаған Дулығасы басында.

Батырға тән бес қаруы – бойында,
Жалғыз ғана ер Қазағы ойында.
Келе жатыр басын тігіп бәйгеге,
Туған халқы Азаттығы жолында!

Жаратылған жан сияқты жалыннан,
Ол қорықпайды, жер
қайысқан жауыңнан!
Ақ сауыты – асыл темір қарулар,
Дулығасы – ай нұрына малынған!…

Хас жүйріктей, талай суып, таң асқан,
Сақ болған жөн…
Айлалы ғой жауы асқан…
Қату қабақ, отты жанар, сом дене,
Шоқша сақал – келбетіне жарасқан!

Өзін-өзі жейді неге апырым-ай?
Ол Жебедей, қолда тұрған атылмай.
Төгілгенде Айдың әппақ сәулесі,
Ертегіден шыға келген батырдай!..
Ай да сұлу! Жұмыртқадай аршылған,
Жалын сілкіп, көкбестісі аршындар!
Көк сүңгілі көк найзаның желегі,
Бір қолында тура көкке шаншылған!

Тұла бой күш – буырқанған орасан,
Қол жетпейтін ұлы тұлға ол асау!
Хан Кененің келбетіне көз тоймас,
Ай төгілген бір қырынан қарасаң!

«Азаттық та – бар маңызы Өмірдің,
Қандайы да қорқытпайды Өлімнің!
Ой, дәриға-ай, болмас еді Арманым,
Көрсем шіркін! Азаттығын Елімнің!

Баяғыдай Ұлы Далам – кең болса,
Боз жусаны – бар сырқатқа ем болса,
Қазақ Елі – қайта тіктеп еңсесін,
Үлкен-кіші Хандықтармен тең болса?

Қадыр тұтып, отбасынан Отанын,
Тіксе Қазақ, өз алдына отауын?
Орыс, қытай – мәмлеге келісіп,
Іргедегі Қоқан қойса қоқаңын…

Қазақ салты – жоралғы мен жол болса,
Би атаулы – әділдікпен зор болса,
Төрде отырса, Хан-Қараша жарасып,
Ырыс басы – «ақ» дегенің мол болса,

Батырлары – сауысқаннан сақ болса,
Қариясы – жақсылыққа жақ болса,
Жігіттері – шеттерінен марқасқа,
Арулары – періштедей пәк болса!..

Тәңірінің құдіреті қолдаса,
Жыраулары – Заман жырын толғаса,
Ұры-қары, өсек-өтірік, жемқорлық,
Атыменен бұл Қазақта болмаса!..

Қарт атаулы – жасты көріп жасарса,
Қыз-келіншек – қыр гүліндей жасанса!
Басқа елдермен сауда-саттық молайып,
Алыс-беріс, кіріс-табыс жасалса!..

Шөлі – шүйгін, балық толы – көлі бай,
Деген сөз бар: «жері бардың – Елі бай!»
Осындай бір күн туса екен, шынымен,
Қазақтайын менің қайран Еліме-ай!

Қазір жұрттың көпшілігі ез еді,
Жауы қайда, көлеңкеден безеді.
Бәрі арман ғой! Мұндай күнді өз басым,
Көре алмаспын… Құрғыр жүрек сезеді…

Өтеуіне – көп ұйқысыз түндердің,
Бақытына – мен білмейтін «кімдердің»,
Түптің-түбі бұл Қазақтың басына,
Туары анық, бірақ ондай күндердің!..

Ал, ол ұрпақ, мені есіне ала ма?
Менің атым, әлде ұмыт боп қала ма?
Қой үстіне жұмыртқалар бозторғай,
Ол ақиқат! Күн туады Далама!

Талай тар жол, соқпақтардан өтер Ел,
Тән жарасын жазатынға жетеді ем.
Біреу – даттар, біреу – менің атымды,
Аспандатып, төбесіне көтерер!

Аш бөрідей, талай торда бұлқындым,
Бірақ, құлы болғамын жоқ құлқынның!
Қолдан келген біраз істі атқардым,
Теңдігі үшін Қазақ деген Ұлтымның!

Ешкім білмес, астында бір қырқаның,
Жатар менің тек сүйектен құр тәнім…
Өтер талай, жүз жылдар мен
мың жылдар,
Келер талай, мен білмейтін ұрпағым!» –

Дегенде іштей: «енді түсіп тынығам,»»
Көкбөрінің даусы жетті ұлыған…
Бірден есін жиып алды жарық етіп,
Қалың ойда келе жатқан Ұлы Хан!..

Бұл шынымен, түз тағысы – қасқыр ма?
Көкшулан тұр, толған айдың астында!..
Жасауылы, күзетші мен күтуші,
Қалған еді бір төбенің астында…

Көкбөрінің үні неткен зарлы еді?
Сай-сүйекті сырқыратар зәрлі еді!
Ұлы Ханға шағып тұрған мұң-зарын,
Көкбөрінің әрекеті заңды еді…

Бөлек еді, Көкбөрінің ұлысы!
Қатты батты Хан Ие ме, бұнысы!
Көкбөрімен ұлығандай қосыла,
Күңіренді Ұлы Дала Ұлысы!

Ұлы Дала, қоса зарлап тұрғандай!
Көк Тәңірі, іштен әзер тынғандай!
Сүттей жарық Ай нұрына малынған,
Көз тиердей ғажап еді түн қандай!..

Еркелетіп, леки ескен самалын,
Сусылдайды ақ селеуі даланың!
Сыздатады, Ұлы Ханның жүрегін,
Аузы ашылып, іштегі бар жараның!..

Үн шықпайды! Тілі қалған байланып!
Қарай берді қол жетпейтін Айға анық!
Осы сәтте, Хан Кененің өзі де,
Кеткендей ме, Көкбөріге айналып?!!

Қалтыратты, кенет желдің ызғары!
Тасып қаны, кенет қайта мұздады!
Осы ұлуға сыйып кеткен сияқты,
Қазағының жиған барлық мұң-зары!

Қолқа тұсын біреу жұлып алғандай!
Санасында Үміт оты жанғандай!
Осы сәтте, жан-дүниесі құлазып,
Жер бетінде Бөрі Екеуі қалғандай!..

Жақсылық па, әлде мынау сұмдық па?
Бұл не ұлыс? Әлде дала жым-жырт па?
Ой, дүние-ай, не боп кетті бұл Өмір,
Бұл Жалғанның – жалғандығы
шындық па?

Кім айтады, Өмір деген немене?
Кім айтады, Өлім деген немене?
Жер бетінде болса егер де Әділет,
Сол Әділет – түптің-түбі жеңе ме?

…Айдың жүзін бұлт басты ма түнерген?
Қаралы түн! Бейуақытта кім өлген?
Кенет! Кенет! Абыр-сабыр! Бөлек үн!
Сөйлегендей: «шүлдірлескен» біреулер…

Қаптағандай, жер бетіне албасты,
Қойды Бөрі, бөтен ұлу – зарласты!
Сөйткенінше, есті жиып Ұлы Хан,
Жанындағы қаруына жармасты!..

Бәрі де кеш… Ұлы тұлға «аҺ!» ұрды,
«Қолдай көр? – деп,
Әруақтарды шақырды?
Хан Кенені қорғау үші Көкбөрі,
Арыстанша қалың жауға атылды!

Қайта туын тіккендей ме Көк Түрік?
Болмас сірә, бұдан өткен Тектілік!
Ұлы Ханды қорғау үшін манадан,
Тұрмапты ғой, қайран Бөрі,
текке ұлып?!.

Қас дұшпанға, Көкбөрі оқтай атылды!
Кім көріпті бұдан өткен батылды?
Есті туған, сөйтіп, қайран жануар,
Қорғап қалды: Хан Кенені, Батырды!..

Не ғып ұзап кетті Кене, тобынан?
«Шаңқ!» еткенде білте мылтық оғынан,
Қайран Бөрі, үсті-басын түк басқан,
Бір жауыздың жатты өліп қолынан…

…Ата жауы, абыр-сабыр шуласты,
Төңіректі сақылдаған жын басты!
Жатыр еді Бөрі жауын жастанып,
Кеңірдектен бір-ақ орып «жүн басты!»

Болды қазір Хан Кенеге сол медет,
ҚаҺарына мінді қайта Ер кенет!
Өз әскері дер кезінде үлгеріп,
Қалың жауын ойсырата жеңген ед!..

…Жеңістерге жетті Кене, көптеген!
Өтті бастан қиын күндер өткелең…
Бұл оқиға, Хан Кененің есінен,
Қапияда көз жұмғанша кетпеген…
Бұл Жалғанның жалғандығы –
жалған-ау,
Жөнсіз Өлім, талайларды жалмады-ау…
Сол ерлікті, түз тағысы жасаған,
Қандастары, бір қайталай алмады-ау!..

Туар күнді күтіп елге оңынан,
Ал, Хан Кене, қайтпады алған жолынан!
Көкбөріге керісінше, өзінің,
Тапты ажалды бір қандасы қолынан…

Ей, Түріктің азған ұлы, састың ба?
Қаласың-ау «лағнеттің» астында!
Іштен шыққан тіршілікке түсінсең,
«Қас қылмайды, қасқыр екеш,
қасқыр да…».

…Ғашықтарға, еркелеген наз қымбат!
Күйшілерге, күмбірлеген саз қымбат!
Көк Найзалы Көк Түріктің ұрпағы,
Ол заманда кеткен еді азғындап!..

Қайырылмас, Өмір неткен қысқасың?
Өміріңе, өзің ғана ұстасың!
Хан Кене мен Көкбөріні сатқанды,
Бүгінгі ұрпақ, мықтап есте ұстасын!..

(соңы)

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *