КӨКТЕМ НӘРЛІ БОЛМАСА…
10.11.2024 0 88
Қанат АЛТЫНБЕК,
2001 жылы туған. 2022 жылы əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Тарих» факультетін бітірген. Қазақстан авторлар қоғамы РҚБ мүшесі. Қазіргі таңда ҚР Ұлттық кітапханасы, Ғылыми-əдістемелік қызметінің маманы. 2023 жылы «Апамның алақаны» атты əңгімелер мен өлеңдер жинағы жарық көрді. Бүгінде 30-ға жуық ғылыми-публицистикалық мақалалардың авторы.
Құбыла беттен құланиектеніп шығып, батыстан бастап жер әлемді қызылға бояйтын бір тұтам күн, мына біздерге білдірмей айласын асырып жатыр. Бір күніміз келесі күнге ұласып ешқандай жаңалықсыз, жаңғырусыз өтуде. Өкінішті.
«Көк тұман алдағы келер заман» деп даналықтың әбілхаят суын ішкен Абайдай абыздың сөзін білсек те мәнін аша алмай келеміз. Қазақты қазақтан басқа ешкім сынауға хақысы жоқ дейміз. Ал, қазақтың бар кемшілігін тайға таңба басқандай етіп жазып кеткен Хәкім Абайдың да сөзіне тоқтамайтын кездеріміз бар. Соңғы уақытта «Кейқуаттанған» дүмше ғалымдар, дүмше қалам ұстаған сиялы зиялылар ұялмай Абайға тас атуда. «Абайдан пәлендей қате таптым», деп қуыс кеудесін ұрғылауда. Оны қазіргі тілмен айтқанда «хайп» қуған мүддесі бөтен жандар жарнамалауда алдына жан салар емес. Нендей өкінішті. Құдай-ау, Абай бізден бір ғасыр бұрын өмір сүрген жан ғой. Тіптен оны жоққа шығаратындарда жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады дерсіз. Негізі жоқ, дәлелі жоқ сылдыр сөзді ту етіп бұқараның санасына күдік ұялатқысы келеді. Бірақ оларынан түк шығар емес. Өздеріне ұқсаған қуыскеуде немелер ғана бас изеп надан идеологияның артынан ергісі келеді. Оны Әлиханның жобасы дегісі келеді.
Онда Абайдың көзін көрген Мұхтар Әуезовты қайда қоямыз. Оның жазған төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопэясын қайда қоямыз. Абай орта ғасырда емес технологияның енді дамып келе жатқан ғасыр айрығында ғұмыр кешкен тұлға. Оның түпнұсқа бір емес, екі бірдей суреті бар. Көзі тірісінде шықпаса да қайтыс болғанына бес жыл толғанда 1909 жылы кітабы шыққан. Енді бұдан артық дәлелдерді де келтіре беруімізге болады. Дегенмен, шығарманың жүйесінен ауып кетерміз.
Сөзіміздің кіріспесін Абайдан бастап жатқанымыз жайдан-жай емес. Бүгінгі күннің биігінен қарасақ Абайдың кемеңгерлік көкжиегіне жеткен қазақ жоқ. Таңданарлығы біз қызыққан Абай өмір бақи өзіне-өзі көңілі толмай кетті. Сонша ақыл кені бола тұрса да «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім, Ер жеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім», деп жастық шағында алған білімін одан ертерек алмағандығына өкінеді. Ал біз ше? Хәкімнің маңайына жақындай алмасақта болмашы жеткен жетістіктерімізге қуыс кеудемізді қағып шаттанамыз, тәкәппарланамыз.
Абай біздің төл құжатымыз. Абай ол қазақилықтың айнымас эталоны. Қазақ темірқазығы.
Ұлттық имунитетке нәрі қанбаған жастар легі бүгінде түрлі сенімнің етегінен ұстап, артынан көзсіз еруде. Еліктеушіліктің шыңына бізде жақындап қалғандаймыз. Әрине, адам ең алдымен тәрбиені тал бесіктен бастап алады. Сондықтан бұл жерде отбасы институтының алар орны алабөтен.
Қазақ табиғатпен біте қайнасып кеткен ұлы халық. Сақтан басталған салты мен ғұннан басталған ғұрпына көз тастасаңыз бұл сөзіме көптеген дәлелдер табасыз. Қазақ әуелі амандасқанда «Мал, жан аман ба?» деп төрт түліктің жайын адаммен бір деңгейге қояды. Қазақ өз ғұмырын төрт мезгілмен де сабақтастыра салыстырады. Сондықтан да біз бұл очеркті «Көктем нәрлі болмаса, қалған айдан қайыр не?» деген тақырыпта алдық. Адам баласының күзде дұрыс өнім беруі көктемге тікелей байланысты болмақ. Ендеше шығармамыздың жүйесі бойынша жүрелік.
Теледидардан немесе түрлі жиындардан ғибраты төгілген, әр сөзі көркемдікпен өрілген қазыналы қарияларды көзіміз шалып, таңдай қағып тамсанамыз. Ол кезде біз ақылы мол қарияның қалайша осы деңгейге жеткендігі жөнінде ойлануымыз керек. Қартайып орнымыз төр болғанда маржан сөзді сүзіп, хикметке толы оқиғаларды сөз етуіміз үшін жастық шақтан бастап қарттыққа әзірленуіміз шарт. Осы бастан өз заманымыздың сөз ұстаған абыздарының алдынан өтіп, батасын алып, салихалы сөздерін санамызға тоқуымыз ләзім. Сонымен қатар, ғасырлар қойнауында қалған аузымен құс тістеген билер мен шешендердің өнегелі өсиетнамаларын сарғайған парақтардан көз майын тауысып оқуымыз керек.
Өмір мезгілдеріміздің алғашқы маусымы, көкжиекті кеңітер көктемді нәрге, ғибратқа толтыра білсек, алда келер жазымыз жадырап, күзіміз мол өнімге толып, ақ қарлы қысымыз рахатпен өтеді.
Қазіргі таңда тек жастар емес аға буында кітап, газет, журнал оқудан іргемізді бөліңкіреп алдық. Бірақ оқитын адамдар құрып кеткен жоқ. Кеңестік кезеңмен салыстара қарасақ оқитындардың саны аз екені жасырын емес. Бір сөзбен айтқанда кешегі кірәсін шырпақпен көз майын тауысып кітап оқитын оқырмандардың орнын «Тик ток», «Инстаграм», «Фейсбук», «Ютуб» қарайтын көрермендер басты. Ақпарат ағынымен келген дәледі, дәйексіз көптеген мағлұматтарды санамызға сіңіріп түрлі бұралаң жолдармен жүріп келеміз.
Негізінен оқырманның сөзімен көрерменнің сөзін тыңдасаңыз жер мен көктей айырмашылықты байқайсыз. Себебі, сіз оқығанда әрбір ситуацияның сөзін терең түсінесіз, ал көрген кезіңізде маңызды мәселелерді жеңіл-желпі қабылдайсыз. Сондықтан біз ең алдымен оқитын ұлтқа айналуымыз керек.
Тақырып төңірегінде сіздерге жастық шақ туралы көптеген ғибратқа бай оқиғаларды ретімен келтіруді жөн көрдік.
Ықылым замандарда бір патша салтанаты дәуірлеп тұрған уағында патшалығындағы бас мүсіншіні шақырып, патшалығындағы ең бақытты һәм ең бейшара, ертеңгі күнге деген мүлде үміті жоқ адамды тауып, оның мүсінін тұрғызуды бұйырады. Бас мүсінші ел кезеді. Еш мұңы жоқ адамды табуы әуелінде қиынға соғады. Барша адам бақытты болып көрінгенмен ішкі мұңы ішінде екеніне көзі жетеді. Осы адам бақытты-ау деп барған адамының да ішінде сапырылсқан қиындықтар бар екенін көріп көңілі пәсейеді. Күндердің күнінде мешіттен шығып базар аралап жүрсе, бір жас бала құмда асыр салып ойнап жатыр екен. Қасында ата-анасы да бар. Әлгі баланың көзіне қарап осыдан артық бақытты жан жоқ шығар, деген оймен бар қабілетін іске салып әлгі баланың мүсінін айнытпай кейіптеп, ханның алдына апарады. Хан да бақытты жас баланың мүсінін көріп көзіне қуаныш ұялайды. Уәзірніне дән риза болып, баланың ер жеткеніне дейін жететін алтын береді.
Ендігі мәселе ең бейшара адамды табу керек. Бұл расында да мүсіншіні қажытады. Қай елге барып, кіммен жолықса да, кіммен сөйлессе де бақытсыз адамды таба алмайды. Тіптен бала-шағасы отбасынан қапыда айырлыған жанмен тілдескенде де әлі де өмірге деген бір үміті бар екенін сезеді. Қолы мен аяғынан айырылып, мүгедектіктің қамытын киген адаммен тілдескенде де жүрегінде ертеңгі күнге деген үміті бар екенін көріп, бұл жұмысының оңайлықпен бітпейтінене көзі бірден жетеді.
Арадан жиырма жылдай уақыт өтеді. Бақытсыз адамның мүсіні өмірге келмейді. Енді оны мүлде жасай алмайтын шығармын деп ойланып жүргенінде қаланың шығыс қақпа бетінде қайыр сұрап отырған жігітке көзі түсіп, қасына жақындайды. Аз-кем сұхбаттан соң бұдан артық бақытсыз, бейшара, ертеңгі күніне сенімі мүлдем жоқ жігіт осы болар, бұдан артығын таппаспын деп, жігіттің келісімімен мүсінді бастап кетеді.
Көп ұзамай патшалықтағы ең бақытсыз адамның мүсіні де әзір болады. Жиырма жылдай уақыттан кейін әрең тапқан кейіпкеріне өз ризашылығын білдіріп, садақа беріп жатқан кезде жаңағы жігіт еңкілдеп еңірейді. Мұны көріп мүсінші аңтарылып қалады. Өксігін басып, не үшін жылғанын айтады. Сөйтсе осыдан жиырма жылдай уақыт бұрын ең бақытты жанның образындағы жас бала ер жеткен соң ең бақтысыз адамның да образын сомдап тұр екен. Яғни құр мақтан мен елдің қисынсыз қолпаштауына еліріп кеткен жігіттің көктемі нәрсіз өткен. Осындай оқиғаға куәгер болған мүсінші де, хан да қатты ойға батып, еліндегі жастардың тәрбиесіне байланысты түрлі шешімдер шығарған деседі.
Бұл қиссаның сіздерге жайдан-жай айтып жатқан жоқпыз. Тәкапарлық пен ел айтқан желбуаз сөзге елігіп қуыс кеуделікпен көктемімізді босқа өткізіп алмауымыз керек деген ескертпе үндеу деп қабылдасақ жөн болар.
Біз бұл тақырыпты жазу идеясын қоғманан алдық. Жасттық шағын бос өткеріп алып қартайғанда қазыналы қартқа айнала алмауы бүгінгінің басты мұңы емес пе? Әрине аталмыш тақырып төңірегінде бізден өзге де сиялылар қалам тербеген. Солардың ішіндегі бірегейі Қазақстанның халық жазушысы, адуынды ақын Мұхтар Шаханов өткен ғасырда санаға сілкініс жасаған «12-3 = ?» деген жыр жазған еді. Оның композияциясы мынадай. Патша өзінің қарттығын жасыру мақсатында айналасына тек қана қаусаған қарттарды жинайды. Ал жауқазын жастарды ең төменгі жұмыстарға жегіп, билікке мүлде жақындатпайды. Күндердің күнінде патшалығын өзге патшалық қалпақпен ұрғандай етіп жаулап алады. Қаусаған қарттарды бір сапқа тізіп, тізерлетіп отырғызып, бастарын аман сақтап қалу үшін «он екіден үшті алса қанша қалады» деген сауал қояды. Ойланбастан «үш» деп жауап бергенде жауабының қате екенін түсінеді. Сол аралықта тасадан: «Мен жауап берсем болама?» деген бозбаланың үні шығады. Бұл кім екен деп тұтқындағы билеуші қараса өзі болашағын қиған атқосшысын тани кетеді.
Жеңімпаз Хан: «Әрине жауап бере ғой» дейді. Сол кезде атқосшы жігіт төмендегідей жауап қатады:
«…Заңдылық — ол. Заңды бiлмеу — зор қайғы.
Егер, егер он екiден үштi алсақ,
Ештеңе де қалмайды.
Айлар — жылдың ұланы.
Бiздiң әpбip жылымыз
Он екi айдан тұрады.
Он екi айда үш ай көктем бар екенi белгiлi.
Көктем деген — табиғаттың таңғажайып ерлiгi.
Ол ерлiктiң даңқын ешкiм қаға алмайды шeткepi,
Ал жастық шақ — адамзаттың көктемi.
Мiне, осы көктем нәрлi болмаса,
Әр тiршiлiк өз қopeгiн қажетiнше алмаса,
Айырылмай ма бар мағына-көрiктен?
Онда шырын үмiтiңнен қараңды үз.
Көктемде гүлдемесе алмалар мен өрiктер,
Қалған анау тоғыз айда
Қандай жемiс күте аламыз одан бiз?
Қанша налып, жегенiңмен пұшайман,
Бұған қарсы табу қиын күш, айла.
Қараңызшы, тоғыз айдың тағдыры
Байлаулы тұр үш айға.
Оған тiптi жүрмек емес басқа заң.
Мұны және жұмбақ санау — зор қайғы.
Сондықтан да он екiден ешқашан
Yштi алуға болмайды,
Алған адам мына бiздiң ханымыздай сорлайды!…», – деп жасы кіші болса да ақылы асқан даналығын көрсетеді.
Көрдіңіз бе, алдынғы толқын өзінен кейінгі буынға жол көрсетіп, жоба үйретпесе елде өсу процесі тоқтайды. Яғни сабақтастықтың салты бұзылса, дүниенің дидары бұзылады.
Аллаға шүкір дейміз, біздің қоғамда салыстырмалы деңгейде жастарға қолдау жасалынып келеді. Егемендігімізді алып, еңсемізді көтеріп, ел болу үшін ертеңімізге кемел бағдар жасау үшін ең әуелі жастарымыздың болашағына алаңдап түрлі жолдаулар мен қолдаулар болғанын бүгінде жоққа шығара алмаймыз.
Еуропа елдерінде жұмыс күші қартайған, яғни елдерінде жастардың қатары сирек. Кең жазиралы сахарамызда жастардың қатары басым. Ендеше жастары мол ел ертеңіне сеніммен қарай алады. Қазіргі таңда жастар білімді, білікті. Бірақ еріншектік пен өзгеге еліктеушіліктің де бар екені рас. Тәуелсіздікті қанжығамызға байлағалы Қазақстанның тынысы кеңейіп, қолы ұзарып, ғаламның алпауыт мемлекеттерімен терезесі теңесіп, дипломатиялық қарым қатынастар жасасты. Соның арқасында ел болашағы жастар, әлемнің еңселі елдерінде білімін жетілдіріп, озық деген ғылым салаларын меңгеріп, елімізге қайта оралып, елінің ертеңі үшін бар білімін тәжірибе жүзінде бақылап, ел өркендеуіне қызмет жасауда.
Әйтседе, мемлекет қаржысымен шет елдерге барып көзі ашылып, білім алған кейбір жастар қатары елге оралуды мақсат тұтпай, сол елдерде табан тіреп қалғаны, менің түнгі ұйқымды бөледі. Санамды сан саққа, ойымды он саққа жетелейді.
Сөз барысында келтіргеніміздей, жастардың жан-жақты болғанымен, еліктеушілігі басым, яғни қазіргі қазақ жастары өзге елге, әсіресе Еуропаға еліктеуі де көзге оғаш көрінеді. Неліктен біздің жастар өзгеге қарап өзін түзеу керек, неліктен тарихтан белгілі баһадүр батырларына еліктемеске?! Әлде сол темірқазықтарымызды жастар арасында дәріптейтін жоғары буынның кінәсі ме?
Бар қазаққа аты машһүр академик Асқар Жұмаділдаев бір журналистке берген сұхбатында «Ақылды жастарды ұғатын шалдар азайып кетті» деген пікір білдіріпті. Бұл пікірі расында да ойландырмай қоймайды. Қазіргі таңда балауса буын жастарға барлық жағдай жасалынған, бірақ оларға тек қағаз жүзінде ғана бағдар көрсетпей іс жүзінде де жас буынның өмірлік бағдарын түзейтін жоғары буынның аздығы немесе біздің сиялы зиялыларымызға жастардың ертеңі ойландырмайды, деген де қауіпті ой келетіні жасырын емес. Қазіргі күнде бізде орта буын жоқтың қасы. Шынында да бізде орта буынның жоқтығы жас буын мен жоғарығы буынды байланыстыратын алтын көпір бола алмайтындығы, қазақтың қария зиялыларын жастардың сирек танитындығы шығармашылығын жиі оқымайтындығы да өкінішті.
Бұл сөзімізбен қазақтың бар жастарын ақымақ, білімсіз, ал жоғары буынды түгелімен өз басын ғана ойлайды демейміз, расында кейбір жазушыларымыз жас қаламгерлерді іздеп жүретіндігі де баршылық.
Жастардың көбі шетел әдебиетін оқитындығы да ақиқат. Меніңше мұның басты себебі: біздің әдебиетіміздегі жастар яғни балалар әдебиетінің ақсап тұрғандығы. Ендеше есейген жастар өз тілінде, өз әдебиетінде жазылған заманауи проза, поэзияларды жастайынан өте сирек оқығандықтан да есейгенде өз назары өзге елдің әдебиетіне ауады. Сөйтіп том-том романдарды оқитын оқырманның аздығын, балалар әдебиетінің Кеңестік кезеңде қалып қойғандығынан деп білемін.
Бір сөзбен айтқанда бала жанының бағбаны болған Бердібек Соқпақбаев, балауса буынның жанашыры Мұзафар Әлімбаев пен «Жастар біздің бағымыз, жарқын болашағымыз» дейтін Әбдірахман Асылбековтей жас оқырманның шынайы достары өте сирек. Дегенмен жоқ деп айтуға хақымыз жоқ. Балалар әдебиетінен қалам тербеп жүрген жазушыларымыздың кітаптарының таралу аясы аз болғандықтан, ауылдар мен алыс жерлердегі жауқазын оқырманның қолына жетпей жатыр.
XXI ғасырдың ата-аналары балаларына бар игілікті жасап жатыр, смартфонды да, компьютерді де, ақшаны да, алайда ата-аналардың басты және бірегей қателігі жоғарыда келтірілген дүние игіліктерін балаларына беретін тәрбие мен шатастырып алуында.
Дәстүрлі атамұра Ислам дінін берік ұстанған ата-бабаларымыз ешқашан бала тәрбиесіне немқұрайлы қарамаған. «Бес жасқа дейін балаңды хандай көр, он бес жасқа құлдай жұмса, одан соң өзіңдей сырлас, сұхбаттас бол» деген жастар тәрбиесіне байланысты өзінен кейінгі ұрпаққа мұралы өсиет қалдырған.
Қазақ интелегенциясының ірі қайраткерлерінің әлемдік тұлғалармен терезелері тең түрде сөйлесе алуы расында да таңдай қақтырар оқиға. Негізінен қазақы тәрбиеде «ата-әже» институты қарқынды түрде жұмыс жасаған. Қай тұлғаның өмірін қарасақ та атасынан не әжесінен өнеге алып, халықтық әдет-ғұрыптарды сіңіріп, жыр, дастан, қиссаларды жатқа оқып бұғанасын бекітеді. Жастайынан ел билігіне араласып тарихта «бала би» атағына ие болған жандарда аз емес.
Қазақтың тұрмыс тіршілігі өзге ел қызығатындай деңгейге көтерілген кезең Тәуке ханның билігі тұсы екені тарихтан белгілі. Тарихшылар ол кезеңді «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» деп жазады. Тәукенің бас кеңесшілерінің бірі, жеті жарғыдағы жеті бидің бірі, «Қарлығаш әулие» атанған Төле би Әлібекұлы шешендігімен жастайынан таныла бастаған. Қарап тұрсақ ғұмыр мезгілінің көктемінен бастап, нәрге бай болған. Оның бала кезіндегі төреліктері хақында ел ауызында сақталған оқиғалар аз емес. Солардың біріне тоқталсақ.
Шу өзенінің Балқашқа жақын жайылымына Үйсін мен Арғын тайпаларының белді бектері таласыпты. Екі жақтың да билері бас қосып, кеңесіп, бəтуаласа алмай отырғанда, топқа еріп келген он бес жасар Төле билік айтушылардың бірде-біріне көңілі толмай:
Ақты ақ деп бағалар,
О, игі жақсы ағалар!
Өзегі талса ел біткен
Өзен бойын жағалар, – деп сөз бастай бергенінде: «Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без, ана тұрып, қыз сөйлегеннен без» деуші еді. Мына бала кім өзі?», дейді төрдегі би. Төле қасқая қарап тұрып:
– О, би аға, он үште отау иесі демес пе,
Кінəлімін бе келіп қалсам он беске!
Сөз сөйледім, бұйыра көрмеңіз айыпқа,
Ала көз болу ағайын адамға лайық па?
О, игі асқар тауымыз,
Əділ ме осы дауымыз?
Жар астында тұрғанда
Жасырынып жауымыз? – дейді. Сонда төрдегі би:
– Қой асығы демеңдер,
Қолыңа жақса, сақа қой.
Жасы кіші демеңдер,
Ақылы асса, аға ғой, – деген екен.
Балам, ағалық билікті саған бердім, – дейді. Бала Төле жұлып алғандай: – Сары табақтан сарқыт қайтады деген. Билікті маған берсеңіз, Шу өзенінің оң жағын үйсін, сол жағын арғын жайласын, – деп билік айтады. Бұл шешімге екі жақ та риза болып, бітімге келеді. Сонда төрдегі би:
– Үй баласы ма деп едім,
Ел баласы екенсің.
Ай маңдайлы арысым,
Талабың алдан өтелсін.
Ауылыңның таңы бол,
Маңдайдағы бағы бол! – деп, бала Төлеге бата берген екен. Осыдан бастап Төленің аты шығып, ел арасындағы дау-жанжал келіссөзге араласып, билік айта бастапты. Көрдіңіз бе, қазақ қашанда жастардың, өскелең ұрпақтың бетін қақпаған белін буған. Бір сөзбен айтқанда сабақтастықтың салты бұзылмаған.
Жас кезінен ел көзіне түсіп, танымды оқиғаларымен танылған Бала би хақындағы мына бір оқиғаны да көзі қарақты оқырманның назарына ұсынуды жөн көрдік.
Төрт кісі бірлесіп, бір ақсақ ешкіні семіртіп соймақ болып қырманға жібереді. Және сойғанда кім қай аяғын алатынын алдын ала белгілеп қойса керек. Ешкі бір күні шүберек ораған ақсақ аяғын отқа тигізіп алып бақырып, қырманды айнала жүгіріп, содан қырман өртенеді. Өртке кінәлі кім деп іздегенде үш сау аяқтың иесі: «Отқа жұғысқан да, қырманға өрт қойған да шүберек байлаған ақсақ аяқ», – деп ауру аяқтың иесін айыпты қып шығарыпты.
Сонда Бименбет: «Ешкі бір аяғымен жүрмейді, үш аяғымен жүреді және ауру аяқпен жүрмейді, сау аяқпен жүреді. Ешкіні отқа айдаған да, отты қырманға әкелген де сау аяқтар. Сондықтан өрттің шығуына оның үш сау аяғы кінәлі», — деп ақсақ аяқтың иесін айыптаудан арашалап қалады. Бұл оқиғадан тағы да байқайтынымыз ғұмыр мезгілінің көктемінде-ақ болар бала өзін танытып үлгереді.
«Мен әлі жаспын ғой, уақыты келгенде жасармын», – деп өмірінің ең жалындаған жастық шағын босқа өткізіп алу өте қауіпті іс. Біз мұны бостан босқа айтып жатқан жоқпыз. Бос әурелік пен еліріп еліктеушіліктің етегінен ұстап бара жатқан жастардың қатары бүгінде аз емес.
Адамның физиологиялық жасымен рухани дүниесін өлшеуге болмайды. Бұл жөнінде Мұхтар Шаханов ағамыз мынадай жыр жазған екен:
«Жер бетінде жел өшірген із аз ба,
Жігерсіздің өрісі әркез тар болған.
Отызында кемпір болған қыз аз ба,
Жігіт аз ба, отыз бесте шал болған?!».
Ұлы тұлғаларымыздың жастық шағынан бірер оқиғаларды жоғарыда сіздерге, яғни жастарға үлгі ретінде келтірдік.
Жас буынның тағы бір адасатын жері қиындықтан қашу. Жеңіл жолмен жетістікке жету үшін бос сағымның артынан қуып өмірін өткізіп опынып жатқан жасөспірімдер жоқ емес. Қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың жастық шағында басынан өткен мына бір оқиғаға назар аударсаңыз.
Қазақ шекарасының арғы бетінде туылып, ғұмыры екі империяға бөлініп қалған Қабдештің жоғарғы білім алған жері қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультеті. Оның ұстазы кім еді десеңіздер айтайын, Мұхтар Әуезов болатын.
Қытайдан келіп білім алып жатқан қазақ студенттерін оқуын соңына дейін жеткізбей қайта алып кетейін деп жатқан кезде Қабдеш Мұхаңның алдына барады. Балаң көңіл Әуезовтың қолынан келмейтіні жоқ деп ойлайды. Араша түсіп алып қалады десе керек. Өзінің қоштасуға келіп тұрғанын айтып, Шыңжаңда оқыған азаматтарды шетінен айдауға жіберіп, тіптен алды атылып жатқанын айтады. Сондағы Мұхтар Әуезовтың бар айтқаны «Жолың болсын».
Көңілі түсіп, қоштасып шығып бара жатқанында Мұхтар Әуезов: «Қабдеш сен өзі жазушы боламын деген жігітсің ғой. Жаратушы өзі жазушы боламын деген адамның тағдырын тауға да, тасқа да соғады. Соған төзген адам ғана шын жазушы болады. Мүмкін сен том том романдармен көптеген әңгімелердің идеясын жазуға бара жатқан шығарсың. Биографияңды байытуға байытуға бара жатсың, жасыма», – деп жігерлендіреді.
Осы бір ауыз сөз Қабдешті әдебиет әлемінің классигі болуына бірден-бір ықпал етеді. Расында да ағамыз Шыңжанда сүргінде жүргенде бірнеше романдар мен әңгімелердің желісін санасына жазады.
Мұсылман әлемінен түлеп ұшып арифметика арқылы ғаламды тізе бүктірген Мұхаммед әл-Хорезми атамыз «Қашанда минусты плюске айналдыр» деп өсиет еткен екен. Яғни кез-келген жамандықты жақсылыққа айналдыру керек. Міне көрдіңіздер ме, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың бір ауыз сөзімен жастық шағындағы қиыншылықтарды болашағы үшін келісті пайдалана білген Қабдеш ағамыздың кейінгі таңғажайып ғұмыры баршаға анық.
Балауса дәурен, жауқазын кезең хақында қалам тартпаған қаламгер жоқ шығар сірә! Бәрі де өзінің алыста қалған жастық шағы туралы кейде көзіне жас алып та жатады. Қазақтың терең ойлы ақыны Ғафу Қайырбеков осы тақырыпта төмендегідей жыр жазып, тебіреніп еді:
«Жастық шақта кеуде-сор көкке тіреу
Болса дағы ойы – мұз, миы – сіреу.
Жəне сондай желөкпе бір жиында:
«Алтын тауып алдым!» – деп айтты біреу.
«Көрсет! Көрсет!» – дауыстап жұрт дүрлікті.
Алтын кетті жетектеп ит тірлікті.
«Ол – алтыным мынау!» – деп, əлге дереу
Қасындағы көрсетті бір жігітті.
«Ойбой!» – деді шегініп ашулы топ,
«Өңшең дүлей, есердей ақылы жоқ,
Бір ақылды жылтырап көзге түссе,
Ардақтаған ағайын асылым деп».
Содан артық алтынның жоқ керегі! –
Деп еді, жұрт тағы да өкпеледі…
Қол ұстасып екеуі кетті қырға…
Бұл уақыт – гүл жайнаған көктем еді…».
Сөзіміздің қорытындысына да таяп қалғандаймыз. Менің құрдастарым яғни жиырма мен отыз жастың арасында жүрген достарым, мен осы очеркті сіздерге арнап жаздым. Менің бар қорқатыным әлеуметтік желідегі желбуаз, боркеміктердің сөзін трендке, өздерін брендке айналдыру расында үлкен қауіп.
Өткінші жандардың болмашы сөздерінің соңынан еріп ғұмыр мезігілінің көктемінде дұрыс дақыл еге алмай, қалған мезгілдері босқа өтіп жатқан жандарды көзіміз көріп жүр.
Дер кезінде жасалынбаған әр шаруа уақыт өткен соң тек қана қиялға айналып қалады.
Ешкімге өкпелеп, кінә артуға болмайды, әркім өз тағдырын өзі жасайды. Ешқашан біреу маған көмектессін деп өмір сүруге хақың жоқ. «Біз қоғамдық көлікте үлкендерге орын береміз, ал қоғамда олар да бізге орын берсін» деген жастардың да сөздері бүгінде әлдеуметтік желіде желдей есіп жүр. Әрине ойланатын мәселе. Дегенмен тағы да қайталап айтамыз, әркім бақытты тағдыр жасауға қауқарлы.
Көктемгі көкжиегін кеңітудің орнына бос іспен уақыт өткізу ол қалған ғұмыр мезгілдерінің жеміссіз өтуіне алып келеді. Керісінше жауқазын жастықты білім алуға, кәсіп меңгеруге жұмасасақ қай сала болмасын жетістіктің ең биігінде біз тұрамыз.
Қазыналы қарт жерден өсіп шықпайды, аспаннан екі аяғы салбырап түспейді. Ауызы дуалы қарт болу үшін бүгіннен бастап әзірлену керек. Аз-аздан үздіксіз тер төгу керек. Тышқанның екі тісі күрек емес, бірақ тауды теседі. Яғни табандылықтың арқасында бәрі болады. Ол туралы сіздерге әр дәуірден бірнеше мысалдар келтірдік. Өнеге аламын десеңіз мархабат.
Біз бұл шығармамызда тек қана қазақ интелегенциясының жастық шағынан мысалдар келтірдік. Негізінен әлемдік тұлғалардан да бірнеше хикметті оқиғаларды сіңіруімізге әбден болатын еді. Бірақ, жас шыбықтай буыны бекімей тұрған жасөспірімнің темірқазық бағдарлаушы жұлдызы ең алдымен өз ұлтынан болуы тиіс. Біз әлемдік өркениетке шектеу қойып, тек қана ұлттық шеңберден шықпауға әсте үндемейміз. Тек қана оңы мен солын танығанша бар танымды өз ұлтынан алып иммунитетін мықтап алған кез-келген адам әлемдік аренаға шыққанда еліктеушіліктен, фанатизмнен аулақ болып, сол үлгі болар ғаламдық бірегей тұлғаға айналды.
Көктеміміз нәрлі болып, қалған ғұмыр мезгілдеріміз тек жақсылықтарға тола берсін!
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.