САБЫРЛЫ ҰСТАЗ,  САРАБДАЛ ҒАЛЫМ САБЫРЛЫ ҰСТАЗ,  САРАБДАЛ ҒАЛЫМ
Саян Жиренов, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ұстаз-ғалым – Айман Қобланова Әлемдік білім мен ғылым кеңістігінде ұстаз бен ғалымның орны ерекше. Ұлт руханиятында ұстазды... САБЫРЛЫ ҰСТАЗ,  САРАБДАЛ ҒАЛЫМ

Саян Жиренов,
филология ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор

Ұстаз-ғалым – Айман Қобланова

Әлемдік білім мен ғылым кеңістігінде ұстаз бен ғалымның орны ерекше. Ұлт руханиятында ұстазды ұлықтау, ғалымды құрметтеудің өзіндік дәстүрлі жолы қалыптасқан. Руханият кеңістігінде ұстаз бен ғалымдардың көп болғандығынан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Өмірде шынайы талантты ұстаздар мен ғалымдар өздерін өзгеге көрсетуді ұната бермейді. Ұстаздығы мен ғалымдығын кәсіби жұмысы, күнделікті әдеті деп санайды. Өздері табиғатынан өте қарапайым, публикадан алшақ жүреді. Бәлкім олар «ұлылық – қарапайымдылықта» деген қағиданы қатаң ұстанатын болар. Осындай жандардың бірі – білім мен ғылымның қара шаңырағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ұзақ жылдардан бері жемісті қызмет етіп келе жатқан ұстаз-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айман апай Қоблановаға қарата айтуымызға болады.
Айман апай ұстаздық пен ғалымдықты қатар меңгерген, екі саланы сабырға бағындырып, сарабдалдықтың жарқын үлгісін көрсетіп келе жатқан жандардың бірі. Апай тумысынан сабырлы ұстаз, арғы-бергіні тереңнен тартып зерделейтін сарабдал ғалым. Ғалым-ұстаз мұндай қа-сиеттерге үш үлкен ордалы мектептен өту арқылы жеткен тұлға. Біріншісі, апайдың қара шаңырақ әл-Фараби атындағы КазГУ-де З.Қабдолов, Т.Кәкішев, К.Аханов, М.Томанов, Р.Әмір, Т.Сайрамбаев, Б.Сағындықұлы, т.б. секілді айтулы ұстаз-ғалымдардың алдынан дәріс алып, іргелі филологиялық базалық білімді игеруі алғашқы өмір мектебі болды десек жаңылмаспыз.
Біле білген адамға КазГУ жай мектеп емес. Үлкен өмір мектебі. Ал, екіншісі А.Байтұрсынұлы атын-
дағы Тіл білімі институтында ізденуші болып, ғылым жолына келген, тілтаным ғылымын игерген кезеңдерін айтуымызға болады. Тіл білімі институты нағыз ғылымның қайнаған қара қазаны саналса, сол жердегі үлкен ұстаздар Ә.Қайдаров, Ө.Айтбаев, Ш.Сарыбаев, Р.Сыздықова, Е.Жанпейісов, К.Хұсайын, Ж.Ман-
кеева, Н.Уәли секілді көптеген ғалымдардан тәлім алғандығы анық. Ғылымға келген адамның ғылыми жетекшісі болатындығы белгілі.
Айман апайдың ғылыми же-текшісі «ана тіліміздің абызына» баланған Рәбиға апай Сыздықова болды. Рәбиға апайға шәкірт болған Айман апай сөз жоқ бақытты адам. Рәбиға апайға шәкірт болу кімге де болса арман. Апайдың қарапайымдылығы сол академик Рәбиға апайдың шәкірті едім деп көп жерде айта бермейтіндігі. Өзін академиктің шәкіртімін деп жарнамаламайтындығы. Әрбірден соң тілшілердің біразы білсе, көпшілігі біле де бермейді. Әйтпесе өмірде ұстазының атын әр жерге визитка етіп тықпалап, жөнді-жөнсіз өзін жарнамалап жүргендер қаншама. Ғалым-ұстаздың терең лингвистикалық білімді, кірпияз ғылым дейтін әлемді, адамға тән қарапайымдылықты, кісіліктің жолын, дәлел мен дәйексіз пікір айта бермейтін ғылыми сарабдалдықты, тумысында бар сабырлылықтың салмағын арттыра түскен мектебі Тіл білімі институты болды деп байлам жасаймыз.
Айман апай Қобыланованың іргелі білімді игеріп, тілтаным дейтін ғылымды меңгеріп, кемеліне келіп, өсіп өнуіне ықпал етен үшінші мектебі «ұстаздардың ұстаханасына» баланған Абай атындағы ҚазҰПУ болды. Бұл жер педагог-мамандарды даярлайтын өндіріс майданы. Айман апай өндіріске келіп, білімі мен ғылымын бір арнаға тоғыстырып, мұндағы сайдың тасындай сақа ұстаздар, қабырғалы қайраткерлер Н.Оралбаева, Ғ.Қалиев, С.Мақ-пырұлы, Т.Тебегенов, Б.Шалабай, Т.Рахымжанов, Т.Жұмажанова,Б.Әб-
діғазиұлы, Ф.Оразбаева, Қ.Қасабек, Б.Қасым, Г.Қосымова секілді мамандардан мамандығын шыңдай түскендігі сөзсіз. Осы арқылы Айман апай өмірдің үлкен үш мектебінен өткен ұстаз-ғалымға айналды. Әрі үш мектептің өкіліне баланды. Айтулы үш мектептен өткен адамның академиялық білімі ұшаң теңіз, ғылымы қуатты, қаламы құнарлы, кісілігі келісті. Мұндай болмау әсте мүмкін емес. Әсілінде осындай үш мектепке өкіл болған адам кемде кем.
Ұстаз-ғалым Айман апай Қобланованың дәріс оқу ерекшелігі – үлкен ойды ортаға салу, студенттің өз бетімен ізденуіне жол көрсету, семинарды жүргізудегі «тең дәрежелі ой бөлісу» тәсілі, «азбайтын ат, тозбайтын тон білімде екендігін» сабырмен ұғындыруға негізделеді. Ұстаздыққа тән көп қасиеттің бірі, бәлкім бірегейі сабырлылық болар. Ұстаздың білім алушылармен қарым қатынасына келсек, әрбір білімпазды өзімен тең санауы, «сіз» деп сөйлеп, сабырмен салиқалы орта құру әрекеті өзіндік стилі ретінде саналады. Әдетте ұстаздың мұндай тәсілін сол мезетте біреу түсінеді, біреуі түсінбейді. Бірақ уақыт өте келе көпшілігінің сөзсіз түсінетіндігі айдан анық аксиома. Оны өзіміз көрдік. Азды-көпті өмірде көзжеткіздік. Ал бұдан шығатын қорытынды ұстаз сабағының мақсатына жеткендігі, дәрісінің өміршеңдігі деп санаймыз.
Профессор Айман апай Қобланованың ғылымдағы орны бөлек. Ғылымы өз алдына бір төбе. Академик Рәбиға апайдың жетекшілігімен «Қазақ сөз этикеті» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. «Өнері – өмірі, өмірі – өнері» деген секілді, ғылымда да тақырыбы мен өмірі үндес, үйлесімді жағдаяттар жиі кездеседі. Бұл жағынан келгенде ғалымның тақырыбы табиғатына сәйкес. Диссертациясындағы сөз әдебі өзінің әдебіне айналған.
Біз білетін ғалым-ұстаздың сөзі қорғасындай салмақты, ойы орамды, шыңыраудай терең. Көп тыңдайды, аз сөйлейді. Жұрт көрмегенді көре біледі. Көшелі ой мен көсем сөздің көрігін қыздырады. Түйінді ойды түйіп айтады. Ғалымға тән үлкен сарабдалдық қасиет осындай-ақ болса керек. Ғалымның қаламынан екі жүзден астам ғылыми мақала, көптеген оқулықтар мен оқу құралдары, бірнеше іргелі монографиялар ғылыми өндірісте жүр. Профессор А.Қобланованың сөз этикетін зерттеуден бастаған жұмыстары, сөз мәдениетін зерттеуге ұласқан. «Сөз мәдениеті», «тіл мәдениеті», «тілдік норма» деген мәселелер бойынша біршама зерттеулер жүргізді. Соның нәтижесінде «Қазақ тілі мәдениетінің ортологиялық мәселелері» (2018) атты ғылыми монографияны ғылыми өндіріске енгізді. Ғалым-ұстаз бұл монографиясында жекелеген сөздерден бастап сөз қолданыстардың дұрыстығы, тілдік нормаға сәйкестігі, «дұрыс сөйлеу – мәдениеттің көрсеткіші» деген мәселелерді шегендеп береді.
Ғылым деген дүние кейде дербес, кейде ұжымдық деңгейде жасалады. Профессор А.Қобланова ұжымдық жұмыстарды теоретик және методист ғалымдармен бірлесе отырып, теориялық та әдістемелік те жұмыстарды қатар жүргізген автор. Ғалым-ұстаздың бірлескен авторларының есім сойынан ат үркетін айтулы мамандар. Олар кімдер десеңіздер бүгінгі тілтаным ғылымы мен әдістеме іліміндегі қабырғалы қайраткерлер. Әр тұжырымы бір теорияға татитын профессор Н.Уәли, әдістемелік әдістер арқылы білімнің көкжиегін адаспай табуына жол нұсқауда өзіндік орны бар профессор Ф.Оразбаева секілді авторлармен жұмыс жасауының өзі көп жайттан сыр шертері анық. Ғалым-ұстаз көптеген зерттеушілермен ұжымдық жұмыстар жасады. Оның бәрін жіпке тізіп беру шарт емес болар. Алайда ұжымдық жұмыс жасауда да профессор А.Қобланованың өз айтары, өзіндік ұстанымы, от орнындай орны бар, көпке мойындалған маман.
Ғылыми ортада «докторға бер-
гісіз кандидат, академикке бер-гісіз доктор» дейтін бейресми мәртебелі тезистер қалыптасқан. Айман апайдың асықпай-саспай сабырлылықты серік етіп жүргенде, «ұтылған жері» осы болды. Бұл кісі «сабыр түбі – сары алтын» деп, докторлық жұмысы бабына келсін, иі қансын, қайнауы жетсін деп жүргенде республикамызда ғылыми дәрежелер алу ережесі бір күнде өзгерді де кетті. Ғылымның соңына түскен біраз жұрт әттеген-айлап, сан соғып қалды. Солардың бірі – Айман апай болды. Апай докторлығын қорғап үлгермеді. Бірақ бұл кісі тағы да сол сабырлылығының арқасында сыр бермеді. «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» деп сабыр сақтады. Ғылым докторы болуға білімі мен білігі толық жететін апайымыз осы жерден қағылды. Алайда ғылыми ортада «докторға бергісіз кандидат» ретінде мойындалды.
Әр нәрсенің бір қайыры бар деген рас екен. Докторлық жұмысын қорғап үлгермегенімен, жазған-сызғанының өтеуі, көп жылғы еңбегінің нәтижесі ретінде профессорлық ғылыми атағына қол жеткізді. Құдайдың шеберлігінде шек жоқ. Еңбек еш кеткен жоқ деген осы болар. Көңілі орнықты. Ғылыми ізденісіне жаңа бір құлшыныс бітті. Бұл күндері тың тақырыптарға түрен салуда. Сөз кенішін іздеп, дұрыстығын түзеуде. Ғалым-ұстаздың үндемей сабырлы қалпында жүріп-ақ, көшелі ойға арқау болған жаңа бір сарабдал туындымен олжа саларына бек сенімдіміз.
Ұстаздық пен ғалымдықтың тізгінін тең ұстаған Айман апайдың кісілік келбеті, адами болмысы, жан әлемі, туа бітті жаратылысы, ішкі мәдениеті бөлек. Бұлайша сенімді айтуымызға ғалым-ұстаздың алдынан дәріс алғандығымыз, ғылыми кеңістіктегі бұл кісінің бізге берген кеңесі мен өзіндік сүрлеуі, біраз жылдан бергі әріптестік жолымыздың ортақтығы түрткі болды. Алланың көркем есімдерінің бірі – Сабыр екен. Адам баласына жете бермейтін көп нәрсенің бірі – сабыр. Ал бұл жағынан келгенде біздің кейіпкеріміз сабырды серік еткен, өмірінің айнымас бөлшегіне айналдырған тұлға. Кісілігі сабырдан тұратын жанның болмысы бөлек болатындығына сүйіндік. Кісілігінен кішілігі басым, сабырды ту етіп ұстанған, қылаудай артық сөзі жоқ, сөзі санаулы, ойы кенеулі, еңбектің «кәтепті қаранарындай», ғайбат пен айбат дегенді білмейтін жаннан үйренетін дүние өте көп.
Ал осындай болмыс иесіне қаратып бір ауыз жылы сөз айтпау мүмкін емес. Ұстаз-ғалыммен қатар жүрген, шәкірттік пейіл, әріптестік ілтипат, жаныңдағы жақсы адамның мерейін көтеруді азаматтық парыз санадық. Сабырлы ұстаз, сарабдал ғалымға өмір жасыңыз ұзақ, деніңіз сау, отбасыңыз аман, жазғаннан жазарыңыз көп болып, немереден шөбере көруге нәсіп етсін деген тілекті тіледік!

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *