ЗҰЛМАТ ЗҰЛМАТ

ЗҰЛМАТ

24.05.2023 0 512

Айтмұхаммет Шеген, 1950 жылы ШҚО, Үржар ауданында туған. Мамандығы инженер- механик. 1974 жылы Павлодар индустриялды институтын бітіріп, Целиноград «Қазақсельмаш», « Павлодар трактор», « Павлодар... ЗҰЛМАТ

Айтмұхаммет Шеген,
1950 жылы ШҚО, Үржар ауданында туған.
Мамандығы инженер- механик. 1974 жылы Павлодар индустриялды институтын бітіріп, Целиноград «Қазақсельмаш», « Павлодар трактор», « Павлодар машинажасау» зауыттарында басшылық қызмет атқарған. «Өзіңнің Өз болуың саған міндет» деген шығармалар жинағы 2021жылы жарық көрген.

 

ҚАРА ЖОЛ

Жолдар бар ауылдардың арасында.
Айналған Қара жолдың саласына.
Кімдер жүріп өтпеген бұл жолдармен,
Бала жүрген,әкесі анасы да.

Ауылдастар құрымет көрсететін,
Жақсы хабар әкелген жолаушыға.
Суыт жүрген байқаса біреулерді,
Анықтаған: дос па әлде қарақшы ма.

Бұл жолмен жүрген адам адаспаған.
Діттеген жерге жетіп,толастаған.
«Өмір жолы» болған бұл ел ішінде,
Бұл жолмен ел қым- қуыт араласқан.

Бала барған мектепке осы жолмен,
Осы жолмен арманға қадам басқан.
Бүгінде бұл жол болды жалғызаяқ.
Көлік жоқ сапырылысқан – некен-саяқ.

Көресің шұбырынды жаяуларды,
Арқаға дорба асынған, қолда таяқ.

Көп болды қарасы жоқ жүрген малдың.
Ізі жоқ жүріп өткен арбалардың.
Иесіз бұл Қара жол құлазып тұр,
Естисің қарқылын тек қарғалардың.

Түтін жоқ түзу ұшқан бұрынғыдай,
Қаңқасы қалқайып тұр моржалардың.
Белгі жоқ тіршіліктен қайда барсаң,
Ұсқыны үрейді алған ауылдардың.

Қой қайда қора толы, маңыраған?
Кешқұрым қозылары жамыраған?
Сыздаған желіндерін «көтере» алмай,
Өрістен қайтқан малдар,мамырлаған?

Жылқы қайда жалынан самал ескен?
Дүбірі тұяғының жерді «тескен»?
Мама бие сауылып,құлын ойнап,
Қыз- жігіттер қайда жүр саба піскен?…

 

ТАЖАЛ

Дүние-ай,тарылттың-ау басар жерді,
Бұл тағдыр неге бізге қырын келді?!
Мейірбан, тыныш жатқан ел едік қой,
Қарсы алған, ақ ниетпен келгендерді.

Бүгінде құл биледі дана қалып.
Жоқ қылды бүкіл малды санап алып.
«Большевик» деген тексіз тажал шықты,
Қырды елді, бар азықты тонап алып!?

Орыстар билік құрды шексіз-шетсіз,
Істеді ойға алғанын кедергісіз.
Қарсыларды тұтқындап көзін жойды,
Қолбала болды оларға кедей-тексіз.

Жамандап игі жақсы көсемдерді,
Атқызды ата жаудай еш тергеусіз!?
Тәркілеп бар азықты малмен бірге,
Аштыққа ұрындырды елді еріксіз.
Жан жаққа босып кетті қайран жұртым,
Қырылды тарихта еш теңдессіз!?

ЖЫРТҚЫШ

Сарқылып көз алдында қайран өмір,
Ілбіп басқан жаяулар қара нөпір.
Жан үзіп жол бойында қалып жатыр,
Адам жоқ арулайтын, жаназа оқыр…
Шоқиып Көктөбенің күнгейінде,
Қадалып жолға қарап қасқыр отыр…

Қара азайып барады жан үзбеген.
Көбі аттанды бақиға алдыңғы ізбен.
Біреулер тентіреп жүр ен далада,
Тышқан мен жылан іздеп, жапан дүзден.
Өліп қалған ананың қос емшегін,
Тірі сәби сорады нәр іздеген…

Кім білер, мүмкін болар түс ауған кез,
Байқады екі адамды сұм « қасқыркөз».
Өліктер көп болса да жол бойында,
Тіріні ұстап жейтін «қасқыр мінез».
Шұбырып сілекейі, аңдып жатыр,
Келерін бас салуға бір сәтті кез…
Қасқырдың ашкөзіне түскен адам,
«Межеге» жақындады кешке таман.
Бір ұлын жанына ерткен әйел екен,
Қолында сәбиі бар құндақтаған…

АНА

Бұл ана айырылған мекенінен,
Жүрген жоқ мына жолда өз еркімен.
Ауылы келін болған харап болды,
Туыс-туған, көршілер көзі көрген.

Қалғаны қайын жұрттан ұл мен қызы –

Аманат болашаққа бір әулеттен.
Барлығы көз алдында аштан өлді,
Жан жары, ата-енесі мәпелеген.
Ауылда тірі пенде қалмаған соң,
Келеді енді, міне, қара жолмен.

Сенгені бір-ақ уыс бидай ғана,
Жаулыққа кайын атасы түйіп берген…
Бар ойы – өзі өлсе де аман сақтау,
Сәби қыз бен баласын соңына ерген…

Аңдып жатқан алыстан басқан ізін,
Жаяулар жемтік еді жыртқыш үшін.
Тікеннің арасынан шыға келді,
Көкжал қасқыр ақситып азу тісін…

Айқайлап аласұрды сорлы Ана,
Қам жасап қос сәбиін құтқаруға.
Жерді тырнап қасқырлар айналып жүр,
Сезіп тұр қауқар жоғын қорғануға…

Кезігіп жыртқыштарға тым аулақта,
Тірелді қайран Ана тығырыққа,
«Мені же, балаларға тиме» деуді,
Қалайша ұқтырарсың мақұлыққа?

Амал жоқ, «етіңнен ет кесу» керек.
Қанжылап тұрса-дағы Ана-жүрек.
Өшеді әулетінің соңғы оты,
Сондықтан шешім керек елден ерек.
Ол шешім бұл мезетте біреу ғана –

«Болашақ» ана тұрған қара бала.
Қалайда ол бала аман қалу керек,
Зарланды лажы болмай қайран Ана…

Тастады сәби қызды құндақтағы.
Еріксіз мәжбүрледі – ұрпақ қамы.
Қасқырлар қызға айналып тұрған кезде,
Баланы алып қашты арқадағы…

Баланың біреуіне ажал жетті –
Көзінен қан аралас жасын төкті.
Сәбиін өз қолымен өлтіруге,
Сұм тағдыр әз Ананы мәжбүр етті…

Дүние-ай, неге төнді бұл қасірет?
Қалайша басқарды елді жауыз-жендет?
Ананы өз сәбиін өз қолымен,
Жыртқышқа тастатқызды-ау, мына нәубет.
Неліктен біздің халық азап шекті?
Неліктен билік құрды бір келімсек?…

Ей, халқым, бұл қасірет сабақ болсын,
Ұрпағым еркін өмір сүрсін десек.
Бермеуге ел тізгінін жат қолына,
Балаңның баласына өсиет ет!

ЖЕНДЕТ

Осылай қынадай боп ел қырылды,
Қор болды тыңдата алмай арыз-мұңды!?
Төріңе шығып алды бір еврей,
Білмейтін салт-санаңды, өз тіліңді?!
Қазаққа басшы болды Голощекин,
Әуелден біліп алған бар сырыңды.
Менсінбей жүре тыңдап елдің сөзін,
«Сенбеді» көрсетсең де өлігіңді!?
Әулетін ақпатшаның қырып салған,
Қанішер жендет екен тым жырынды…

Әділін айтыңдаршы, ей, адамзат,
Адамның өмірінен не бар қымбат?
Сәбиін жыртқыштарға жеуге берген,
Ананы мәжбүрлеген қандай сынақ?

Бұл сынақ емес, жұртым, аш көзіңді,
Бұл әбден жоспарланған нағыз ЗҰЛМАТ.
Ұлан-байтақ жеріңе көзін тігіп,
Қазақты бас көтертпей болды қырмақ.
Жартылай ойға алғаны іске асты,
Толықтай жоя алмады – қалды жұрнақ…
Еркіңді Еріңе емес жауға берсең,
Көретін күнің міне, осы болмақ!

Барымташы ұзаса малыңды алар,
Қарақшы бейсауатты жолда тонар.
Ел ішінде тентектер болғаны рас,
Мүлік алды, қатыгез болмады олар…
Ал біздің еркімізді тартып алды,
Кремльде отырған «жақсы достар»…
Жіберді басшы қылып бір жауызды,
Шаш ал десе қуана басыңды алар.

Сескеніп қазақтардың бірлігінен,
Аштыққа ұрындырған міне солар!
Кіріптар болсаң егер өзге ұлтқа,
Төріңді былғап кетер осындайлар.
Билетпе мәңгүртке де өз еліңді,
Өз халқына қызмет етпейді олар!
Бүкіл бір ұлтты қырған хайуан барда,
Қасқырды жыртқышсың деу қате болар…

Кім айтар бұл нәубеттің нақ өлшемін?
Аштықтан қанша жанның баз кешкенін?
Қаша халық безініп туған жерден,
Қанша әулеттің отының мәңгі өшкенін?…
Уақиға қиял емес ойға келген,
Болған жай – көрген адам айтып берген.
Ұрпағын жанұшырып сақтап қалған,
Мекемтас* ақсақалдың Анасы екен…

*Мекемтас Мырзахметұлы – Абайтанушы ғалым. Филология ғылымының докторы,профессор. Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының және «Түркі әлеміне қызмет» халықаралық сыйлығының иегері. «Абай тану» ғылыми- зерттеу орталығының директоры. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.1930 жылы туған.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *