СПОРТ САҢЛАҚТАРЫ СПОРТ САҢЛАҚТАРЫ
Қыдырбек РЫСБЕК, спорт журналисі, «Дене шынықтыру және спорт жөніндегі республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы» РМҚК директоры   ЕРДІҢ СОЙЫ – ЕКІ АҒАМ ХХ ғасырдың... СПОРТ САҢЛАҚТАРЫ

Қыдырбек РЫСБЕК,
спорт журналисі, «Дене шынықтыру және спорт жөніндегі республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы» РМҚК директоры

 

ЕРДІҢ СОЙЫ – ЕКІ АҒАМ

ХХ ғасырдың 50-жылдарының соңында бұған дейін әбден тепкіге ұшырап, жойқын ашаршылық пен қанды қасап репрессиядан, екінші дүние жүзілік соғыстан әбден қансырап, селдіреп, рухы білте шамдай өлеусіреп қалған қазақ жұртының еңсесі ептеп көтеріле бастады. Оған бір себеп: Шоқыр Бөлтекұлы баптаған боксшылар құрамасының дүркін-дүркін жеңістері болса, екінші жағынан Қабден Байдосов бастаған балуандарымыз да қатты қажыр танытып, одақтық, халықаралық бәсекелерде топ жара бастады. Осы дүрмекте Әбдісалан Нұрмаханов пен Әбілсейіт Айхановтың даңқы ерекше дүркіреді. Қара нардай қос саңлағымыз жер шарының спорт ареналарын дауылдай шайқады. Сол қымбат жеңістерімен туған халқымыздың мұңайған көңілін шат қылып, еңкейе бастаған еңсесін тік көтеріп әкетті. Осы жылдары қазақ рухы қайта түледі.
Әбілсейіт Айханов – ССРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, ССРО чемпионы, Совет одағы чемпионатының күміс медалисі, ССРО кубогының алтын медал иесі, кіші әлем чемпионатына баланған «Тбилиси» турнирінде екі рет жеңіске жетті, айтулы халықаралық жарыстардың жеңімпазы (сол жақта).
Әбдісалан Нұрмаханов – ГАНЕФО ойындарының чемпионы, ССРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері атанған бірінші қазақ спортшысы, ССРО чемпионатының екі дүркін күміс, ССРО халықтары спартакиадасының екі мәрте қола жүлдегері.
Екі ағаммен де етене жақын сыйластым. Еркелеген кезім де болды. Қазір сол сәттер сағынышқа айналды…

 

ҚАБДЕН БАЙДОСОВ

 

Қабден Байдосов. Күш атасы Қажымұқаннан кейін еркін күрестен алаш жұртының абыройын асырған белді балуандарымыздың бірі. Сонау хан Абылайдың заманында «Күлдір-күлдір кісінетіп…» жырымен барша қазақтың рухын асқақтатқан атақты Ақтамберді жыраудың ұрпағы.
Қабден ағамен талай жерде бірге болдық. Талай мәрте сұхбат құрдық. Қашан көрсең де қарапайым, көп сөзге жоқ, сабырлы қалпынан айнымайтын, қара кемедей орнықты кісі еді. Неге екені белгісіз, аға алғаш жолыққан күннен бастап мені туғанындай жақын тартты. Әсіресе, «Қазақ балуандары» жинағын қолға алған 90-шы жылдардың ортасында осы кітапқа қажетті материалдарды жинау кезінде қолдан келген жәрдемін аяған жоқ.
…1957 жылы Петр Матущак бастаған Қазақстан құрамасы Мәскеуде «Буревестник» ерікті спорт қоғамының одақтық біріншілігіне қатысты. Қабден Байдосов 62 келіде күш сынасатын еді. Жаттығуға кіріскені сол еді, жақын тұрған екі балуанның әңгімесі намысына шоқ боп тиді. «Бірінші кезекте кіммен шығасың?» деп сұрады бір жігіт екіншісінен. «Қайдағы бір қазақпен, – деді екінші балуан шіренген күйі. – Оны таза жығамын. Себебі, қазақтар еркін күресті білмейді». Оны екіншісі қостады: «Сенен кейін қазақты мен жеңемін…»
Петр Матущак «естідің бе?» дегендей, шәкіртіне қарады. Тұла бойын намыс буған Қабден үнсіз ғана күлімсіреді.Бұған шекеден қараған армян жігіті, ССРО спорт шебері Испарян қараторы қазақтан оңбай жығылды. Матущак шәкіртінің қолын қысқан сәтте Қабден ұстазының құлағына: «Оларға «қайдағы бір қазақты» көрсетемін», деп сыбырлап үлгерді. Бұдан кейін Байдосов Олимпиаданың күміс жүлдегері, ССРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, бакулік Рашид Мамедбековты таза жеңді. Бірінші разрядты балуанның ССРО чемпионатының бес мәрте күміс медалінің иесі әрі Олимпиада жүлдегерін алып ұрғаны осы біріншіліктегі нағыз сенсация болды.
Чемпионат барысында төрт спорт шеберін, бірнеше бірінші разрядты балуанды жеңген Қабден «Буревестник» ерікті спорт қоғамы одақтық чемпионатының жеңімпазы әрі Қазақстан балуандарынан бірінші болып «ССРО спорт шебері» атанды. Күреске қатысқанына бір жарым жыл жаңа толған Байдосов осылайша айды аспанға бір-ақ шығарды.Сөйтіп, Байдосов қазақ балуандарынан бірінші болып Совет одағының құрамасына енді. Қабден балуан Кеңес одағы құрамасындағы ең күшті балуанның бірі болды. Ол әлем чемпионы, одақтың бірнеше дүркін чемпионы Владимир Рубашвилимен үш мәрте белдесіп, екеуінде ұтып, бір рет тең түсті. Бірақ одақ бапкерлері өз салмағында талассыз мойны озық тұрған Байдосовты дәл әлем чемпионатына аттанар сәтте «Алматыға емтиханыңа бар», деп еріксіз елге жібереді. Осындай әділетсіздіктің талайын басынан кешірген Қабден Рахманқұлұлы нағыз дер шағында балуандықты доғарып, бапкерлік кәсіпке ауысады.


«Қабден жаттықтырушылық жұмысқа керемет құлшыныспен кірісті, — дейді ССРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Петр Матущак. – Сол кезеңде бапкерліктің қыр-сырын Байдосовтан артық білетін маман жоқ еді. Ол құраманың аға жаттықтырушысы қызметіне қызыққан жоқ. Есесіне, еркін күрестің жаңа техникалық элементтерін іздеді, жаттықтырушылық жұмысын шығармашылық ізденіспен ұштастырды. Қабден Рахманқұлұлы үздіксіз ізденіс үстіндегі жат-тықтырушының ғана жастарды баптауға хақысы бар екенін жан жүрегімен түсінді. Осы жолда бар бейнетке төзді. Ерен еңбектің арқасында ол күрес саласындағы ірі тұлғаға айналды».
Байдосовтың тұсында ұлттық құраманың шығармашылық қуаты артып, балуандардың техникалық-тактикалық мүмкіндіктері өсе түсті. 1962-1971 жылдарда Байдосов ұлттық құраманың екінші жаттықтырушысы, республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебінің аға бапкері болды. Күрестегі белді мамандарының айтуынша, бас жаттықтырушы Петр Матущактың тұсында жаттығу процесіне негізінен Қабден Рахманқұлұлы жауап беріпті. Яғни, бас жаттықтырушы Матущак Байдосовқа толық сенген. Ал 1971 жылдың күзінде Петр Матущак бас жаттықтырушы қызметінен өз еркімен босағанда құраманың тізгіні Қабден Байдосовтың қолына тиді. Ол бұл қызметті 1974 жылға дейін атқарды.
Енді Қазақстанның еркін күрес балуандарының 1962-1975 жылдардағы басты нәтижелеріне қысқаша тоқталып көрейік:
ССРО халықтары спартакиа-дасының жеңімпаздары: Әбілсейіт Айханов(1963), Алексей Семкин (1963), Петр Суриков (1971).
ССРО чемпиондары: Амангелді Ғабсаттаров(1962), Әбілсейіт Айханов (1963), Алексей Семкин (1963), Петр Суриков (1971), Аманжол Бұғыбаев (1973), Федор Баумбах (1974), Александр Иванов (1974).
ССРО халықтары спартакиа-дасының жүлдегерлері: Г.Мұсаев, Р.Нұрманов, А. Иванов.
ССРО чемпионатының жүлдегерлері: Ә. Айханов, А.Бұғыбаев (екі рет), С. Әбдікәрімов, А. Иванов (үш рет), С. Мұқашев, А. Мыцик, П. Суриков (екі рет), Ф. Баумбах, Р.Нұрманов, А. Поляков. П. Суриков 1973 жылы Еуропа чемпионы атанса, 1975 жылы құрылық чемпионатының қола медалін жеңіп алды. Осы жылы Ф. Баумбах Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанды.
1974 жылы ССРО Спорт комитеті Қабден Байдосовты одақтағы ең үздік күрес маманының бірі ретінде Кубаға жіберді. Байдосовтың Бостандық аралындағы еңбегі жемісті болды. Бірде Байдосов білекті сыбанып, балуандарды баптап жатқан кезде жаттығу залына Куба басшысы Фидель Кастро кіріп келеді. Қазақ бапкерінің қара терге малшынып спортшылардың арасында жүргені Фидель Кастроға қатты әсер етеді. «Мына кісі өз ісіне шын берілген, нағыз кәсіби маман екен, – дейді Кастро көпшіліктің алдында. – Жаттықтырушыларымыз дәл осылай тер төксе, бізден де мықты балуандар шығады». Иә, Байдосов бұған дейін ешкім мойындамаған Куба күресін жаңа белеске көтерді. Ұзамай осы елдің қос балуаны – Барбаро Морган мен Луис Окана Кубаның балуандық тарихында бірінші болып әлем чемпионатының қола жүлдегерлері атанды.
Тағы бір құнды дерек: П. Матущак пен Қ. Байдосов қамшының сабындай қысқа мерзімде жеті бірдей ССРО чемпионын баптаса, бұл екі маман құрамадан алыстаған 1976-1991 жылдарда бір ғана Мұсан Абдул-Муслимов 1979 жылы Совет одағы халықтары спартакиадасының жеңімпазы әрі одақ чемпионы атанды. Осыдан-ақ Қабден ағалардың бапкерлік білігін бағамдай беріңіз. Ал 1976-дан 1992-жылға дейін үш-ақ қазақ балуаны: Мәлік Нәдірбеков одақ чемпионатында, Серік Алшынбаев пен Мәулен Мамыров ССРО халықтарының спартакиадасында жүлдеге ие болды. Бұл– алпысыншы жылдардағыдай емес, жер-жерде спорт мектептері көптеп ашылған кездегі жағдай.
1980 жылы Мәскеу олимпиадасында Жақсылық Үшкемпіровтің қасында Қабден Байдосов болды. Одақ пен Қазақстан спортының басшылары аса жауапты сәтте Жақсылықтың қасына Байдосовты қосуы тегін емес. Басшылар Қабден ағаның небір қысталаңнан сүрінбей өткен сұңғыла маман екенін білгендіктен, Жақсылықты оған сеніп тапсырды. Байдосов сенім үдесінен шыға білді.

ЕРМАХАН ҚАЛАЙ
ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ БОЛДЫ?

Спорт қуған қазақ баласы, ақыл алда жүрмесе, мың жерден мықты болсаң да, Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы атану мүмкін емес. Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов атан түйенің белі қайысар бейнетке төзумен қатар, ақыл-ойға жүгінген спортшы.
1996 жылы Ермаханның Атланта олимпиадасындағы айқастарын көзбен көрдім. Жартылай финалға дейін қамшы салдырған жоқ. Жартылай финалда тоқсан бестегі әлем чемпионатында өзін дырдай ғып сабаған Алфредо Дуверхилмен (Куба) қолғап түйістірді. Екеуі алғашқы екі раундта тең тартысты. Бәсекенің соңғы жағында Ермаханның бір қайнауы кем екені көзге ұрып тұрды. «Дуверхилге жұдырығың тигенде, бетон қабырғаны ұрғандай боласың. Ал, ол сілтегенде, денеңе шой балға тигендей, сүйегің сынып кете жаздайды». Бұл – Ермаханның сөзі. Осы Олимпиададан кейін Ермахан: «Мен боксшы емеспін», деп мәлімдеді. «Қалайша?» десті қалың жанкүйер. Олимпиаданың қола жүлдегері өзін боксшы санамаса, онда елдегі мыңдаған боксшының кім болғаны?
Сөйтсек, Ермахан шаршы алаңдағы әр қадамын есептеп, қарсыластарының оңы мен солын таразылап, өзінің кем-кетігін екшеп, іштей шамырқанып, толғанып жүр екен ғой. Дуверхилден қатарынан екі ұтылғаны жанын сыздатқаны анық. Ол Дуверхилге, басқа мықтыларға қарап, солардың биігін нысанаға алған екен. Құрғақ күшпен, жалаң жұдырықпен оларды ұта алмайтынын қапысыз ұққан Ермахан тынымсыз ізденіске көшті. Бапкерлерінің ақыл-кеңесін қалт жібермей тыңдайды. Оған қоса өз білгенін ұштаумен болды.
Тоқсан жетідегі әлем чемпионатына аш бурадай буырқанып барды. Дуверхил екеуі екі жақтан жапыра жеңіп, финалда қайта шарпысқан. Айналайын, Ермахан, шүу дегеннен көк бөрідей өршелене кірісті. Куба құрамасындағы небір апайтөс жігіттерді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын, арыстан жүректі Алфредо бұл жолы екі-ақ ұпайға озды. Қол созымдағы олжаның сусып кеткеніне іші күйген Ермахан батыр нағыз бокстың дәмін енді татқандай. Осы екпінмен 71 келі салмақтағы кілең ердің сойы бас қосқан Германиядағы «Алтын дулыға», Тайландтағы «Король кубогы» жарыстарын, Швеция мен Түркиядағы жекпе-жектерді сыпыра ұтып шықты.
Тоқсан сегіздің күзінде Әлем кубогына таласу үшін Қытайға жол тартқан. Есі-дерті — Дуверхилді ұту! Жоқ, Дуверхил көрінбейді. Оның орнына 67 келіде әлемнің үш дүркін чемпионы Хуан Эрнандес Сиерра келіпті. Ермахан сасқан жоқ. Барын салып айқасты. Бірақ, Хуан нағыз дүлейдің өзі екен. Алдын орап кетті. Іші оттай жанған Ыбрайымов жуынатын бөлмеге кірген бойда айнаға қарап тұрып: «Әй, Ермахан, мына қалпыңмен Олимпиада шыңына шыға алмайсың. Саған әлі көп тер төгу керек», деп бармағын шайнады. Иә, күтпеген жерден бір бүйірден шыға келген Эрнандес Ыбрайымовты сең соққандай етті. Кейінгі бір жылға жуық уақытта Дуверхилден басқа басты қарсыластарының бәрінен басым түскен Ермаханның жан дүниесі осы сәтсіздіктен кейін төңкеріліп түскендей болды. Ыбрайымовтың өз сөзімен айтсақ, Хуан Ермаханның көзін ашты.
Ермахан қайта ширықты. Хуанмен айқасты неше мәрте айналдырып көргені есінде жоқ. Түн баласы кірпігі айқаспай, дөңбекшіп шығады. Сөйтіп жүріп, Эрнандеспен тайталастың әрбір сәтін жадына тоқып алды.
Негізгі қарсыластарын бес саусағындай білетін Ермахан енді Хуанды әбден зерттеді. Екі бірдей Олимпиаданың күміс жүлдегері. Бойы сырықтай, соған сай қолы ұзын. Төрт раундқа еркін көсіледі (ол кезде 2 минуттан 4 раунд). Солақай. Алыстан және орта қашықтықтан талдырып ұрудың хас шебері. Бір ұмтылғанда 4-5 соққыны қас пен көздің арасында жібін үзбей, түйдек-түйдегімен тастайды екен. Бокстың небір сойқандары қарсыласының маңдайы мен иегіне қас қағымда 3-4 соққы жұмсап үлгерсе, Эрнандестің балғадай жұдырығы кірпік қаққанша маңдайыңнан кіндігіңе дейінгі аралықты ат тепкендей пергілеп өтеді.
Ұстаздарымен кеңесе келе, ұзынтұра Хуанға қарсы орта және жақын қашықтықта айқасуға бел буды. Алыстан шыдатпайды. Оның үстіне, Эрнандестің кеудесі желкөріктей. Бес-алты раундқа еркін сілтейді. Хуанды бәсеке ортадан ауа бере шаршату үшін екпін үстіне екпін қосып отыру керек. Ал, Ермахан, мықты болсаң, Хуанның осал тұсын тауып көр.
Қос қолына гантель ұстаған Ермахан тау қуалап, тас басып, талмай жүгіруге көшті. Бірнеше күннен кейін тынысы кәдімгідей ашылғанын сезінген. Тек құйын-перен қимылмен Эрнандесті еңсере алмайтынын терең түйсінген Ыбрайымов шой балғамен резеңке дөңгелекті өші кеткендей соққылады. Бапкерлер белгілеген кесімді межеден асырып ұрады. Бірақ қай жаттығуда болсын, шектен шыға зорыққан жоқ. Әр қадамын өте дәлдікпен, қалт жібермей есептеп отырды.
Осылай тер төге келе бокс дегеннің бәзбіреулер ойлағандай былғары қолғаппен мәдениетті төбелесу ғана емес, тұтас ғылымға айналғанын жан- тәнімен сезінді. Боксшы рингтің ғалымы болуы керектігін, онсыз үлкен майдандарда нан жоқтығын қапысыз ұғынды. Бапкердің жетегімен ғана жүретін спортшының алысқа бармайтынын да түсінді.
Бір күні «осы мен төртінші раундқа жарамай қаламын-ау», деген қауіппен су астында 100 метр сүңгуге тәуекел етті. Бұрын 70 метрден кейін демі бітіп, су бетіне атып шығатын боксшы келе-келе жүз метрді еңсерді. Ұлттық құрамадағы бірде-бір спортшы су астында ұзаққа сүңгуден Ермаханнан аса алған жоқ. Бас бапкер Тұрсынғали Еділов, бокстың профессорлары Нұрғали Сафиуллин мен Александр Апачинский Ыбрайымовтың жанкештілігіне дән риза.
Сосын, рингте ойша уақыт санауда да жүйрік шықты. Бапкерлер «қане, бір минут айқасыңдар, тура бір минутта өздерің тоқтай қалыңдар», дейді. Ермахан уақыттан онша ауытқи қоймайды.
Тоқсан сегізде Эрнандеске қарсы өзінің шабуылы әлсіз болғанын есепке алған Ыбрайымов бойдағы күшті төрт раундқа тең бөліп тастап, орта, жақын қашықтықтан толассыз шабуылдауға тас-түйін бекінді.
2000 жыл. Сидней олимпиадасы. Эрнандеспен айқас қарсаңында Ермахан екеуміз бір көлікке қатар отырдық. «Ереке, Эрнандеспен қалай болады?» «Аға, саспаңыз, оны әкесіне танытамын!» Мына сөзден кейін тұла бойым темір құрсаудан босағандай, жеңілдеп қалдым.
…Төртінші раундтың соңында Ермахан сілтеді дейсің. Нөпір соққының астында қалған Хуанның тынысы тарылып, ауырсына ыңқылдаған үні әудем жердегі бізге естіле бастады. Әлемдік бокстың нағыз майталманы Хуан Эрнандесті талассыз жеңген біздің батыр әрі қарай қамшы салдырмай, Олимп шыңында ат ойнатты.
Біздің сондағы көңіл-күйді тілмен бейнелеп жеткізу қиын.

ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНДАРЫ!

Қазақ жастары ХХ ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап дене шынықтыру мен спорт саласы бойынша жоғары оқу орындарында оқи бастаса, екінші дүниежүзілік соғысқа дейін еліміздің әр қиырында спорт үйірмелері жұмыс істей бастады. Сол дүрмекпен спорттың сан түрін дүркірете қуған қазақ саңлақтары 1960 жылдан бастап әлемдік ареналарда атой сала бастады. Бірақ большевиктердің отарлау саясаты спорт саласын да қатты шарпыды. Сол кезеңде Олимпиада, әлем чемпиондары болуға қарым-қабілеті толық жететін Қабден Байдосов, Әбілсейіт Айханов, Жәнібек Сауранбаев, Әбдісалан Нұрмаханов, Аманжол Бұғыбаев секілді сайыпқырандарымыз Мәскеудің көпе-көрнеу қиянаты салдарынан тұсаулы тұлпардың күйін кешті. Жетпіс үшінші жылдан бастап Совет одағы чемпионаттарында жүлдегер атанып, одақ чемпионы деңгейіне көтерілген Жақсылық Үшкемпіров Еуропа чемпионатына тек 1980 жылы ғана барды.

Иә, империяның екі ғасырдан аса сірескен тоңы осы жылдары ғана жіби бастады.
Енді олимпиадалық спорт түрлері бойынша қазақтан шыққан дүние жүзінің чемпиондарын тізіп көрейік:
1) Шәміл Серіков, грек-рим күресі,1978-1979 ж.ж.
2) Жақсылық Үшкемпіров, грек-рим күресі, 1981 ж.
3) Нұрлан Меңдіғалиев, су добы, 1982 ж.
4) Тимур Досымбетов, қазіргі бессайыс, 1982 ж.
5) Марат Сатыбалдиев, велоспорт, 1989 ж.
6) Дәулет Тұрлықанов, грек-рим күресі, 1989 ж.
7) Бақтияр Байсейітов, грек-рим күресі, 1998 ж.
8) Болат Жұмаділов, бокс, 1999 ж.
9) Серік Сәпиев, бокс, 2005,2007 ж.
10) Ердос Жаңабергенов, бокс, 2005 ж.
11) Біржан Жақыпов, бокс, 2013 ж.
12) Мерей Ақшалов, бокс, 2013 ж.
13) Данияр Елеусінов, бокс, 2013 ж.
14) Жәнібек Әлімханұлы, бокс, 2013 ж.
15) Жасұлан Қыдырбаев, ауыр атлетика, 2014 ж.
16) Назым Қызайбай, бокс, 2014, 2016 ж.ж.
17) Дина Жоламан, бокс, 2016 ж.
18) Ләззат Күнгейбаева, бокс, 2016 ж.
19) Елдос Смет, дзюдо, 2015 ж.
20) Қайрат Ерәлиев, бокс, 2017 ж.
21) Бекзат Нұрдәулетов, бокс, 2018 ж.
22) Сәкен Бибосынов, бокс, 2021 ж.
23) Теміртас Жүсіпов, бокс, 2021 ж.
Советтің бодандығында болған кезеңде 6 әлем чемпионы, тәуелсіздік тұсында 17 жеңімпаз! Әзірге спорттың жеті саласынан ғана. Бәрі спорттың жазғы түрлерінен. Озық тұрғаны бокс – 13 чемпион! Одан кейін балуандар – 5 жеңімпаз! Осы жерде жанымызға қатты бататыны: арғы жағын айтпағанда, кейінгі 30 жылда еркін күрестен бір әлем чемпионын баптауға жарамадық… Әзірге шыққан асуымыз осы. Аз ба, көп пе? Өздеріңіз сараптай беріңіздер.

ЖӘНІБЕК САУРАНБАЕВ

Ж.Сауранбаев өткен ғасырдың 60-70-жылдары дүние жүзіндегі ең үздік волейболшылардың бірі болды.
Доп ойындарынан Совет одағы құрамасына енген тұңғыш қазақ спортшысы.
ХХ ғасырдың 60-70 жылдарында алаш жұртының айбынын асырған спорт саңлағының бірі әрі бірегейі, әйгілі волейболшы Жәнібек Сауранбаев екенін білгеніміз жөн. Қазақ волейболының негізін қалаушы, атақты спортшы, айтулы бапкер Октябрь Жарылғаповтың төл шәкірті Жәнібек Нығметұлы 1963 жылы доп ойындарына ден қойған қазақ жастарынан бірінші болып ССРО жастар құрамасына қабылданды. 1964 жылы Сауранбаев Совет одағының ұлттық құрамасының белді ойыншыларының қатарынан орын тепті.
Ойлап қараңыз, ата-бабасы волейбол добын ұстап көрмеген қазақтың қараторы жігіті сол тұстағы әлемдегі ең алып державаның бас құрамасының дәнекері болды. Дәнекер – шабуылшы немесе қорғаушы емес. Дәнекер – команданың тіні, өзегі, алаңдағы өзге бес ойыншының арасын жалғап, үйлестіруші ақылманы. ССРО құрамасы Жәнібек жарқырай көзге түскен тұста жер шарындағы ең күшті құраманың бірі, нақтылай айтсақ, Олимпиаданың екі мәрте жеңімпазы болатын. Сауранбаев сол сұрапыл құраманың алаңдағы ең басты дирижері еді. Сөзіміз құрғақ болмауы үшін Жәнібек ағаның бала кездегі досы, командалас серігі, кейін Латвия құрамасын ССРО халықтары спартакиадасының алтын тұғырына бастап шыққан, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған Совет одағы құрамасының бас бапкері Геннадий Паршиннің мына сөзіне жүгінейік: «Жәнібек досым сол кезеңде дүние жүзіндегі ең үздік дәнекердің бірі болды!»

Дүние жүзі чемпионатының
тұңғыш жүлдегері

Қазақ халқына Олимпиада ойындарының тұңғыш медалін 1960 жылы ұшпа жүйрік Ғұсман Қосанов сыйласа, Жәнібек Нығметұлы әлем чемпионатында олжа салған алғашқы қазақ спортшысы. Құрамында Сауранбаев ойнаған Совет одағының құрамасы 1966 жылғы әлем біріншілігінде қола медальді жеңіп алды.
Әлем кубогының тұңғыш жеңімпазы. Олимпиадалық спорт түрлерінен Әлем кубогын қанжығаға байлаған бірінші қазақ баласы кім десеңіз, тағы да Жәнібек Сауранбаев алдыңыздан шығады. Жәнібек ағамыз 1965 жылы ССРО волейбол құрамасының дәнекері (связующий) ретінде Әлем кубогы бәсекесінде топ жарды.
Еуропа чемпионы атанған бірінші қазақ волейболшысы. Сауранбаевтың тыңнан түрен тартқан қадамын әрі қарай жалғастырсақ, 1967 жылы Жәнібек Нығметұлы қазақ волейболшыларынан тұңғыш Еуропа чемпионы атанды.
Доп ойындарынан тұңғыш ССРО чемпионы

Волейболдан Совет одағының ең алғашқы чемпиондарының қатарында Жәнібек Сауранбаев пен Амангелді Сұлтанов тұрғанын көнекөз жанкүйерлер ұмыта қоймаған шығар. Негізін Октябрь Жарылғапов қалаған Алматының «Буревестник» командасы Қазақ елінің доп ойындары командаларының арасынан ең бірінші болып 1969 жылы Совет одағы чемпионатында топ жарды. «Буревестник» Совет одағына қараған азиялық республикалардың ішінен одақ чемпионы атанған жалғыз команда. Тағы ескеретін жағдай: ХХ ғасырдың 60-70 жылдарында Қазақстанның футбол, баскетбол, допты және көгалдағы хоккей командалары Совет одағы чемпионаттарында тегеурін танытып жүрсе, солардың арасында 1972 жылға дейін «Буревестниктің» шоқтығы биік болды.

Еуропа чемпиондарының
кубогын олжалаған тұңғыш
қазақ спортшысы

1970 жылы Алматының «Буревестник» командасы Еуропа чемпиондары кубогының жеңімпазы атанды. Сол тарихи жеңіске команда капитаны Жәнібек Сауранбаев зор үлес қосты. «Буревестниктің» сапында Валерий Кравченко мен Олег Антропов секілді Олимпиада жеңімпаздары ойнағанына қарамастан, Сауранбаев ұзақ жыл дауылпаз команданың капитаны болды. Осының өзі Жәнібектің азаматтығы мен ойыншылық шеберлігіне берілген әділ баға екені анық. Қазақ спортының тарихында Еуропа кубогын ең бірінші олжалаған команданың сапында дарынды ойыншы Амангелді Сұлтановтың болғанын айтуға тиіспіз.
1971 жылы «Буревестник» Еуропа чемпиондарының кубогын тағы да жеңіп алды. Еуропаның ең таңдаулы клубына тағайындалған күміс кубок қатарынан екінші жыл команда капитаны Жәнібек Сауранбаевқа салтанатты түрде табыс етілді. Сауранбаевпен бірге жеңіс тұғырына Амангелді Сұлтанов пен Төленді Ахметжанов сынды саңлақтардың көтерілгенін еске алудың өзі бір ғанибет. Сол тұста әлемдік волейболдың тізгіні еуропалықтардың қолында болатын. Дүниежүзілік чемпионаттарда Совет одағы, ГДР, Чехословакия құрамалары озық шығып жүрсе, Румыния, Болгария командалары күміс тұғырдан көрінетін. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Совет одағы мен Еуропада үш жыл қатарынан жеке-дара көш бастаған «Буревестник» 1969-1971 жылдарда дүние жүзіндегі ең күшті волейбол клубы болды. Бұған күмән келтірсеңіз, басқасын айтпағанда, құрамында бірнеше әлем чемпиондары бар чех, неміс клубтарын ұтқан бас бапкер Заңғар Жәркешев пен Жәнібек Сауранбаев командасының жеңіс шежіресін парақтап көріңіз.
Аталарымыз «Тақыр жерге шөп шықпайды» деп тегін айтпаған. Жәнібектің әкесі Нығмет Сауранбаев филология бойынша еліміздегі тұңғыш ғылым докторы. 1954 жылы жарық көрген 50 мың сөзден тұратын орысша-қазақша сөздіктің авторы. Осындай әкеден тәлім алған Жәнібек жас кезінде оқуға зерек болыпты. Сонымен бірге Мұхтар Әуезовтен бастап әлемдік деңгейдегі жазушылардың кітаптарын ден қойып оқыған екен. Міне, қазақтың алғыр да білімді жасы волейболға барып еді – бүкіл әлем мойындаған серке спортшы дәрежесіне жетті. Ал біз кейінгі жылдары спортшы балалардың ата-тегі мен біліміне мән бермейтін болдық.
Ал Жәнібек Нығметұлы неге Олимпиада жеңімпазы болмады дегенге келсек, ол 1964 жылы ССРО құрамасының базалық командасы – ЦСКА-ның шақыруын қабыл алмады. Соны кек тұтқан Мәскеу Сауранбаевты екі бірдей Олимпиадаға – Токио мен Мехико ойындарына апармай қойды.
Алланың қалауымен Жәнібек ағамен бірнеше мәрте кездесіп, екеуара талай мәрте әңгімелестік.

АРҚАЛЫ БАЛУАН

Елдос ерекше балуан. Оның осыдан 6-7 жыл бұрынғы белдесулері тіпті ғажап еді. Ол қарсыласын иығына өңгере бере шалт қимылмен татамиге тастап кеп жібергенде орныңнан еріксіз атып тұрасың. Бұл сәтте Елдос екі білегін көкке білеп, арқаланған ақын ағалары құсап шаттанады дейсің. Қимылы сондай әйбат. Бұлықсып атқыған сезімі, жанартаудай бұрқ еткен қайраты жанарында шоқтай жарқырайды. Сол мезет арқалы ақын Қасым Аманжолов құлашын жаза екпіндете өлең оқып тұрғандай сезімде боламын. Немесе Олжас ағатайымның сонау алты қырдың астындағы Мәскеудің төрінде кеудесін керіп тастап, күркіреген үнімен совет империясын тәнті қылған сәті көз алдыма келгендей болады. Немесе Нұрғиса Тілендиев ағамыздың «Отырар сазының» асқақ әуенімен қырандай қалықтаған кезі санада қылаң ете қалады.
Иә, Елдос дзюдоға ғашық. Ғашық болмаса, атан түйенің белін үзердей атақ-бәйгілері оған жеткізбес еді. Сол ғашық сезімді сұмдық бейнетпен, жанкешті, күрескер мінезбен демей білді. Ойланды, ізденді, жылады, қуанды, шаршады, жығылып жатып тістеніп қайта тұрды. Жарақаты шыбын жанын қуырып, талай түндер дөңбекшіп шықты. Бәлкім, бір айланы мың рет, бәлкім, жүз мың рет пысықтаған шығар. Бір татамиді, мүмкін, миллион мәрте таптаған болар. Ал Елдостың бір жаттығуда елу жеті келі «чучелоны» үш жүз рет кеудеден асыра лақтыратыны, он алты келі кір тасын үш жүз мәрте көтеретіні өз алдына бөлек әңгіме. Ақиқатында оның әлем чемпионы атанып, олжалаған алтын медалінің арғы түкпірінде біз білмейтін, Елдос пен бапкері Ғалымжан Жылгелдиев қана жан-тәнімен сезіне алатын, солар ғана өрімін тарқатып, сырын ашып беретін сұрапыл жылдар, сұрапыл еңбек жатыр.Иә, біздер спортшы жеңісінің бетін, бер жағын, күндей жарқыраған сәулелі сәтін ғана көреміз. Соның өзі бізді Алатаудың асқар шыңына жетелегендей, ғажап бір күйге бөлейді. Ал жеңімпаз сол мезет қандай сезімді бастан кешеді? 3 дүркін Олимпиада чемпионы, 6 мәрте әлем чемпионы, шешен халқының ұлттық мақтанышы Бувайсар Сайтиев бұл турасында былай дейді: «Жеңген кезіңде қолыңды көтереді – бұл түк те емес. Осы жеңіс үшін өзімді қаншалықты қамшылап, қаншалықты өзімді сарқып салғаным, қалай жеңгенім тек өзіме ғана аян».
…Елдос былтырғы әлем чемпионатында сол иықтың жарақаты салдарынан бір қолмен белдесіп шықты. Соның өзінде төрт қарсыласын сан соқтырып, қола тұғырға табан тіреді. Дәл финалға жол ашар белдесуде тайландтық жігіт Елдосты жібін үзбей үш қайтара оң жамбасқа салуға әрекеттенді. Қатарынан үш рет. Бұрын біздің балуан қарсыласына бір әдісті екі қайтара үзбей жасауға жол бермейтін. Бұл жолы үш мәрте жұлқи тартқызып қойды. Неге?! Сол қолы қарсыласын тіреуге жарамады. Ана жігіт аунатып тастаған бетте Елдос қолын ауырсынып отырып қалды. Бұған дейінгі күрестерде де оның сол қолын тартына, байқап жұмсайтынын аңғаруға болады.
Бұдан не түйеміз? Аты дардай Қазақстан ұлттық құрамасында спортшыларды мұқият тексеріп, үнемі қасынан табылатын ғылыми-кешенді топ жоқ. Жер жүзіндегі озық спорттық державалар жаттығу мен жарыс процесін ғылыммен қаруландырып, жеңіс пен ғылымды арбаның қос жетегіндей қатар ұстап жүргенде біз әлі баяғы «сарынмен» келеміз.
Жә, осы жерден тізгін тартып, алдағы Париж олимпиадасына тәуекел қылған Елдос балуанның тілеуін тілейік.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *