ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ ЖАСТАР ТӘРБИЕСІНДЕГІ АЛАТЫН ОРНЫ
08.06.2022 0 6 011
Құдияр БІЛӘЛ
ҚР Мәдениет қайраткері
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасында атап өтілгеніндей, жастар саясатының қажеттігі жас өркеннің өмірге қадам басып, қоғамда өз құқығын иеленумен, оның алдында жауапкершілік арқалау сәтінде бетпе-бет келетін өмір мәресінің қиындықтарымен айқындалады. Жастар саясатын қалыптастыра отырып, мемлекет жастардың келешекте маңызды салмаққа ие болар халықтың бірден-бір белсенді тобы екендігін ескереді. Мұның өзі жастардың мемлекет құрылысындағы рөлі мен орнын жете бағаламауға жол бермеуді көздейді.
Мәселен, әр ұлтқа тән басты ерекшелік, оның тілі. Соған орай тіл мен Отан анаға баланады. Ал анаң қай тілде сөйлесе, сен де сол ұлттың өкілісің. Бұл тұрғыда Халел Досмұхамедұлы: «Ана тілін біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – зор қате», — дейді.
Қате болатыны, ондай жағдайда кім де болсын ана тілі арқылы қалыптасатын ұлттық болмыстан біртін-біртін ажырап, жаттана бастайды. Себебі, Константин Паустовский айтпақшы:
«Ана тіліне немқұрайлы қарау – өз халқының өткеніне, бүгініне, болашағына немқұрайлы қарау деген сөз».
Бұл тұрғыда Ж.Аймауытов: «Ана тілі халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі», — дейді.
Солай бола тұра біз өз ана тілімізден алшақтай бастадық. Әрине, ол күн бір күнде қалыптасқан жоқ. Алайда ол күн де келді. Өз ұлтын менсінбейтіндер бой көрсете бастады. Ал олар, Георг Гегельше айтсақ:
«Өз ана тілін менсінбейтіндер — өз ұлтын үш рет өлтіргендер».
Жә, өткен өтті. Бүгінгі күнге келейік. Тәуелсіз елміз. Өз билігіміз өз қолымызда. Соған орай жастар саясаты алға шықты. Жастарымыз жаппай шет тіліне бет бұрды. Жастардың төл мәдениеттен нәр алуы, еліміздің тарихи өткенін оқып-үйренуі, қоғамымыздағы достық ахуал мен бейбітшілікті, рухани келісімді нығайту жас ұрпақ бойында біздің ортақ Отанымызға — Қазақстан Республикасына деген мақтаныш сезімін қалыптастыра бастады.
Ана тілі үшін болған күресте ұлт зиялыларының дені алдыңғы шептен көрінді. Қалың көпшілік Парламент мінберінде саңқылдаған Шерхан Мұртаза ағамыздың даусын әлі ұмыта қойған жоқ. Ол кісі кезінде:
«Ана тілінсіз халық болмайды. Тілінен айырылған ұлт – тарихынан, түп-тамырынан айырылған ұлт. Тілсізді ұлт деуге болмайды. Тілінен айырылған халық – ата-бабасының, туған әкесі мен анасының атын ұмытқан халық. Ал ондайларды мәңгүрт деп атайды», — деген еді.
Демек жас буын бойында отаншылдық, іскерлік, жауапкершілік қасиеттер қалыптастырмай, жастардың ізгілікті, рухани өркендеуіне, сондай-ақ, өткен буын-ның әлеуметтік-мәдени тәжірибесін, әлем өркениеті жетістіктерін игеруіне жол ашпай әлеуметтік ұстанымдағы экономикасы бар демократиялық қоғам құру мүмкін емес.
Бұл тұрғыда ақын Ұлықбек Есдәулет өзінің «Қазақ тілі» атты өлеңінде бүй дейді:
«Қазақ тілі – ана тілім,
Көне тілім, жаңа тілім.
Ұрпақтардан ұрпақтарға
Мұра болып қалатұғын.
Абай тілі, Сəкен тілі,
Бабам тілі, əкем тілі,
Сені сыйлап, қастерлеумен
Мұратыма жетем түбі.
Халқымыздың азаттығы,
Салтымыздың ғажаптығы,
Жасай берер, жайнай берер,
Өзің барда, Қазақ тілі!»
Басы ашық жәйт. Біздің ең басты құндылығымыз — тәуелсіздік. Ендеше тәуелсіздікке қол жеткізген күнді қастерлейтін, ардақ тұтатын жастарды тәрбиелеу біздің басты міндетіміз. Бұл тұрғыда атам қазақ:
«Тәуелді елдің сұлтаны болғанша, тәуелсіз елдің ұлтаны бол!» — деген. Алайда осы күні қай қазақ та әрқилы көңіл ауанына беріледі. Ол көңіл Есенғали Раушановтың мына өлеңінде де көрініс беретін тәрізді. Оқып көрелік:
«Жоқтық деген немене – барлық делік,
Бақыт деген дүние ме – алдық бөліп.
Дүниедегі ең ұлы көрініс не?
Ол шідерін үзген ат қарғып келіп.
Мен қайрылдым, сен-дағы бұрылшы, інім,
Қалай не деп ұғамыз мұның сырын.
Аяғыма қараймын – шідерім жоқ,
Неге қақсай береді жіліншігім?»
Есенғали жіліншігі қақсауын әркім әрқалай қабылдайды.
Алайда аталарымыз айтпақшы: «Ханның да, қараның да рухани өзегі – тәуелсіздік. Өзегінен айырылған ел өледі». Сондай-ақ: «Ерінен айырылған көмгенше жылайды, Елінен айырылған өлгенше жылайды», — дегенді де біз айтқанбыз.
Рас, Эрве Базен айтпақшы: «Кез келген Тәуелсіздіктің қайнар көзі — материалдық тәуелсіздік».
Әйтсе де: «Біздің жұрт бостандық, теңдік, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады», — деген Әлихан Бөкейхановтың сөзін де қаперге алғанымыз жөн. Сондықтан да бізге: «Біз Италияны құрадық, енді италиялықтарды жасап шығарайықшы», — деп Камилло Кавур айтпақшы, Тәуелсіздік күні келгеніне шаттанатын қазақтарды жасап шығару қажет. Бұл тұрғыда Спартак: «Адам алаң үшін емес, тәуелсіздік үшін жаралған», — депті.
Қалай десек те Габриэль Лауб айтқан бір шындық бар. Ол: «Құл ешқашан тәуелсіз болуға ұмтылмайды, оның арманы – өзге құлдардың үстінен қарау».
Біз құл емеспіз. Бізге тәуелсіз ел көк туының мәңгілік желбірегені бәрінен де қымбат. Қазақ жастары – елдің болашағы. Қай кезде де халқымыз өзінің болашағы — жастар тәрбиесіне көңіл бөліп отырған. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің жолдары мен амалдары да сан тарау. Солардың ішінде шешуші рөл атқаратын тәлімі мен тәрбиенің бір түрі — жастарды патриотизм үлгісінде тәрбиелеу маңызды іс саналады.
Қазіргі кезде жастарымыздың арасында Отанды қорғауға деген саналы көзқарастың болмауы салдарынан әскер қатарында қилы келеңсіздіктер жиі кездесіп қалады. Сондықтан да балабақшадан бастап, мектепте, ЖОО-да және өзге де мекемелерде патриоттық тәрбие беруді қолға алудың қажеттігі айқын байқалуда. Тәрбиенің бұл түрі жас ұрпақты елін қорғауға, ұлттық әскер сапында адал қызмет атқаруға, азаматтық қасиеттерге баулиды. Бұл тұрғыда Алмас Ахметбекұлының мына өлеңінің де алатын орны ерекше. Оқып көрелік:
«Көк тудың желбірегені —
Қазақтың асқақ беделі.
Махаббат, қайрат екеулеп,
Шымырлатқаны денені.
Көк тудың желбірегені —
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту
Жан емес,
Маған керегі —
Көк тудың желбірегені.
Көк тудың желбірегені-
Елдіктің асқақ өлеңі,
Әр жаққа тартпай, қазағым,
Бір сөзге жинал дегені.
Көк тудың желбірегені —
Бақыттың елжірегені,
Қиырда қалған қазақтың
Азат отанға жете алмай
Көзінің мөлдірегені».
Жалпы жастар тәрбиесіне апа-әжелеріміздің де алатын орны зор. Ол — ұлттық тәрбие. Мәселен «Апа» деген сөзге мән беріп көрелік. Қазақтың апасы. Мейлі, әже-ақ болсын. Сіз сол әже-апаларымызды көз алдыңызға қалай елестетер едіңіз?
Иә, бұл күнде ол әже-апаларымыздың тек елесі ғана қалды. Ал біз көрдік. Олар кеудесі жұпар аңқитын. Олар қазақтың даласындай кең еді.
Сіз сол апаларымыздың ашық-шашық жүргенін көз алдыңызға елестете аласыз ба? Жалаң бас жүргенін ше? Шоңқайма туфли кигенін, боянғанын, ішкілік ішкенін, жер теуіп билегенін…
Сауалды осылай жалғастыра беруге болады. Енді осы сауалдарды немереңізге қойып көріңізші. Оларға бұл қойған сауалдарымыздың біреуі де таңсық емес. Себебі, күнде көріп жүр. Бұл күнде кимешек киген апа-әжелерді емге таппайсың. Болмаса Мұқағали Мақатаев ағамыз күні кеше ғана:
«Әже, сен бірге жүрсің меніменен,
Өліге мен өзіңді телімегем.
Ақ кимешек киген бір кемпір көрсем,
Ақ кимешек астынан сені көрем.
Өңі-түсі өзіңнен бір аумайды,
Немересін ертпесе жүре алмайды.
Таныс дауыс, таныс сөз, таныс мәсі,
Көзіме оттай басылып, алаулайды.
Аппақтығы ұқсайды әрінің де,
Әжімің де, аумайды тәлімің де.
…Әлемдегі әженің бәрі бір ме?!
Әже, сен тірі екенсің әлі күнге.
Қия өтпейді…
Ұқсайды ізеті де,
(Ізетсізді бұлар да түзетуде.)
Бұлар да бабасынан алып қалған,
Өз жұртының дәстүрін күзетуде.
Әже, сен бірге жүрсің меніменен,
Өліге мен өзіңді телімегем.
…Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,
Ақ кимешек жоғалса…
Нені көрем???» — демеп пе еді?!
Мұқаң айтпақшы, ақ кимешек жоғалды. Сол ақ кимешекпен бірге тұтас бір дәуір көшті. Бұл күнде:
«Әй», дейтін әже жоқ,
«Қой», дейтін қожа жоқ.
Болмаса бізде апа-әжелеріміз, тарихи тұлғаларымыз қалыптастырған бағзыдан келе жатқан дәстүрлі ұлттық мектеп бар еді. Халық жадында сақталып қалған Тұмар, Зарина, Бегім, Бопай, Қарашаш, Домалақ, Абақ, Айғаным, Күнбике, Зере тәрізді ханшалардың елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі мен ерлік істері бізге өнеге болатын. Арыға бармай-ақ қазақ хандығы тұсынан бергі ел билеген Айғаным, қол бастаған Бопай ханымдар, Күнбике, Айбике, Зере аналардың ұлт тарихындағы орнын, ұрпағына қалдырған тағлымын үлгі тұтсақ та жетер еді. Мәселен, Шоқанның әжесі Айғанымды біз мектеп қабырғасынан білеміз. Сол Айғаным әжесінің Шоқанның болашақта үлкен ғалым болып қалыптасуына көп әсері болған.
Сондай-ақ Абайдың әжесі Зерені Ырғызбай тұқымдары, барша ауыл адамдары “кәрі әже” деп атаған. Ақылды, зейінді, мейірімді Зере немерелерінің ішінде Ибраhимді ерекше жақсы көріп, оны Абай деп еркелеткен. Ізгі жүректі, үлкенге қамқор, кішіге пана бола білген Зере әже Абай өміріне, ақындығына игі әсерін тигізген. Ал жалпы қазақ тарихында солардай айтулы апа-әжелеріміз аз болмаған. Олардың қатарында есімдері ру атымен аталған апаларымыз да бар. Мәселен: «Абақ керейлер», «Алтыншаш», Күнбүбі анамыздан тараған «Қызай» руы, Ақбике анамыздың лақап атынан тараған «Мұрын» руы, Абақ керейдің ішіндегі «Сегіз Жанат» руы, Бәтей анамыздан тараған «Енең тоқалары», «Тарақтының» ішіндегі «Он екі Әлеуке» руы, кіші жүздегі «Алтын-Жаппас» руы, «Түрікпен адайлар», «Қыпшақтың» ішіндегі «Қарақыз» руы, «Қаракесектің» ішіндегі «Нұрбике-Шаншар» руы, сондай-ақ Шеркеш-Қойыс-Шүйі руы да осы тізімге кіреді.
Ал бүгін солармен деңгейлес тұратын апа-әжелеріміз бар ма? Әрине, ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Дегенмен ақ кимешекті жоғалтқанымызды жоққа шығара алмаймыз. Ал ол кимешекпен бірге көп нәрсе кетті. Солармен қайта қауышу үшін де бізге жастар тәрбиесіне мән беру керек.
Ұлы Даланың тәжірибесі, құндылықтары арқылы жастарды отансүйгіштікке, ерлікке, батыл-дыққа тәрбиелеудің жолдарын іздеуге тиіспіз. Мына жаhандану заманында ұлттық сәйкестікті сақтау өзекті мәселе болып отыр. Ал оған тосқауыл бола алатын күш — ол Ұлы Дала құндылықтарын жаңғыртып, дамыту. Оларды ұрпағымыздың бойына сіңіру. Ол қандай құндылықтар?
Ол ұрпақтан-ұрпаққа, атадан балаға келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз, мәдениетіміз, сондай-ақ шыншылдық, әділдік, бауырмалдық, пәктік, ұждандылық секілді асыл қасиеттеріміз. Соларды паш етіп, өзімізге қорған етсек, руханиятымызға жат жүниелер — жемқорлық, жезөкшелік, қызтекелік, маскүнемдік, нашақорлық секілді кеселдерден арыла аламыз.
Иә, жастар тәрбиесін тілге тиек еткенде апа-әжелеріміздің еңбегін жоққа шығара алмаймыз. Кезінде Жанар Айжанова айтқан әнде сол ойды айғақтай түседі. Оқып көрелік:
«Ақ шашты көрдім, апа-ау, самайыңнан,
Байқадым терең әжім маңдайыңнан.
Жәудіреп жас балаша жаутаңдайсың,
Сезіледі шаршағаның, апа-ау, жанарыңнан.
Не көрмеді біздер үшін аяулы ана,
Сонда да түсінбейді-ау барлық адам.
Дұшпандар десе десін сыртыңыздан,
Жеткізген осы күнге апа-ау, сенің арқаң.
Бар мекен мейірімді адам бір өзіңнен,
Ыстық-ау алақаның тілімделген.
Анашым әлі күнге көз алдымда,
Бейнетің біздер үшін, апа-ау, өзің көрген».
Сондай-ақ ақ сақалды қариялар да бұрын әр ауылдың сәні еді. Бәрінің де аузында Алласы, қолдарында тәспісі болатын. Тегіс шапан киетін. Баста — тақия. Аяқта — мәсі. Бәрі де шаштарын тықырлап алып жүретін.
Бұл күнде ондай қариялар жоқтың қасы. Рас, шал-шауқан қай ауылда да баршылық. Олар қалада да аз емес. Көбінің иегінде бір тал қыл жоқ. Шортикті шалдар да аз емес. Сірә, «Алтыға дейін бала ерке, Алпыстан кейін шал ерке», — деген мақал соларға қарата айтылса керек. Қалай десек те,
«Жасында байқары жоқтың
Жасы жеткенде айтары жоқ», — екенін көзіміз көріп жүр. Болмаса аталарымыз айтқандай:
«Шалға қарттық,
Жігітке жастық жарасады». Соған орай: «Жас жүрген жер – мереке.
Қарт жүрген жер – береке», — делінеді. Ондай қарттар Сағи Жиенбаевтың мына өлеңінде де көрініс береді. Оқып көрелік:
«Дүниеге келер бір рет,
Дария-кеуде,
Тау-мүсін,
Құрыштан құйған құдірет –
Қарттарым, аман-саумысың?
Өздерің болсаң жанында,
Ел іші жомарт,
Еңселі,
Дән иісі жүрген қанында
Даламның бір-бір бөлшегі.
Арада жылдар жөңкіліп,
Алыстап кеттім біртіндеп,
Айта алмай ауыз толтырып
«Ассалаумағалейкүм!» – деп.
Өзге бір менде жоқ тілек,
Өздерің көзбен баққаным,
Жайлы жер іздеп кетті деп,
Жазғыра көрме, қарттарым.
Ердім бір сиқыр қаламға,
Шығардым белге жыр көшін.
Болғам жоқ алаң,
Даламда
Әулие қарттар жүргесін.
Жанды ғой бағы даланың,
Сендерге қуат, дем берсін.
Киесі де оның сендерсің,
Иесі де оның сендерсің.
Алдында жүрші көзімнің,
Асылым, алтын қазынам.
Ауыра қалсам, өзіңнің
Пейіліңмен-ақ жазылам.
Сағынтып талай жыр туар,
Оралар әлі-ақ сан жыршы.
Даламның иісі бұрқырап,
Қарттарым, аман-сау жүрші!».
Жалпы жастардың жат әдеттен бойларын аулақ ұстап, салауатты өмір салтын ұстануға үндеу ақсақалдардың міндеті. Бұл мақсаттағы іс-шаралар елімізде үздіксіз жүргізіліп келеді. Мәселен, спорт және дене шынықтыру — біздің мемлекеттік жастар саясатының маңызды бағыты. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіруі жөнінде Мемлекет басшысы алға қойған міндетті жүзеге асыруда халықтың денсаулығы ең маңызды мәселе болып табылады. Қазіргі уақытта әлеуметтік жағдай, өмір сүру ұзақтығының төмендеуі және адам экологиясының қолайсыздығы бүкіл өркениетті әлем үшін көкейтесті мәселе болып отыр.
Жастар тәрбиесіне ақсақалдардың алатын орнын саралау барысында мына бір деректі әлеуметтік желі бетінен көзім шалды. Келтіре кетейін:
Ақсақал керек…
Әйгілі Варна шайқасында сұлтан II Мұрат (1404-1451) соғыс майданында өлген дұшпан әскерінің кіл жас жігіттерден құралғандығын байқайды. Жанында келе жатқан қолбасшының біріне:
«Қарашы! Оғаш емес пе? Осыншама өліктің ішінен бірде-бір ақсақалды кісіні көрмедім. Бәрі жап-жас жігіттер екен», — дейді. Сонда қолбасшы:«Падишаһым! Араларында бір ақсақал кісі болса, осындай бәлекетке ұрынар ма еді?» — деп жауап берген екен.
Біздің жоқтап отырғанымыз да сондай ақсақалдар. Бұл тұрғыда Есей би:
«Атаңның ботасын алма,
Батасын ал,
Бота өліп қалады,
Батадан бағың жанады», – деген. Ал Махмұд Қашқари болса: «Атасынан ақыл алса, тентек ұл да жөнделер», – дейді.
Жалпы адам баласы әрқилы. Сол әрқилылық жеке адам болмысын қалыптастырады. Соған орай біреу — өнерге жақын, екінші біреу — спортқа жақын, үшінші — саясатқа, төртінші — билікке, бесінші — ішкілікке, алтыншы — қыз-қырқынға… Осылай жалғатыра беруге болады. Осылардың ішінен ақсақалдар іріктеліп шығады. Ол ақсақалдар – Аллаға жақын. Олар бұрын жанын баураған, өмірінінің мәніне айналған, өзіне жақын тұтқан нәрселерді тәркі еткендер. Соған орай олар әр ауылдың берекесі болып отырды. Жасаған дұғалары қабыл болды. Себебі, Аллаға жақын. Аллаға жақын адамды көргенде өзіңнің пенделік ісіңе қарадай ұяласың.
Соған орай айтарымыз, мына жаhандану заманында лайықты тәрбиесіз ұлтты, ұрпақты сақтап қалу қиын. Қазақ халқы ежелден-ақ ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. Тәрбие құралдарын таба білген. Батырлық та, даналық та осы тәрбиеден бастау алады. Өйткені, тәрбиенің өзі нағыз ұлттық құндылық! Қазақтың тарихы мен мәдениетінде, салт-дәстүрлерінде, ауыз әдебиетінде әлі де болса беті ашылмай жатқан тәрбие құралдары көп. Соларды ашып, зерделеп, қазіргі этнопедагогика, этнопсихология ғылымдарымен ұштастырып, бүгінгі ұрпақтың игілігіне жаратуымыз қажет. Мысалы, қазақтың нақыл сөздері мен мақал-мәтелдері — тұнып тұрған тәрбие құралдары. Халқымыз Көп сөз көмір, аз сөз алтын деп бекерге айтпаған. Азда болса, мәнді, мағыналы сөзбен ұрпағын тәрбиелеп, психологиялық ерекшелігін сақтап, бірлігін қорғап, нығайтып, дамытып отырған. Сондықтан, ең дамыған 30 елдің қатарына ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып енсек, болашағымыз баянды бола түседі.
Басын ашып айтайық. Ақсақалдық — өмірден баз кешу емес. Ол — даналық; ол — кемелдік; ол — көрегендік; ол — мына жалғанға байланбаған адам; бір сөзбен айтқанда, ол — тәрбие көзі.
Сонымен қатар қазақ үшін киелі заттың бірі — шаңырақ. Шаңырақтың мағынасы кең. Ол — баспана; ол — құт; ол — кие; ол — дәстүр; ол — тарих…
Жә, осы жерден шегерейік. Алайда қазақ үшін ең бастысы — шаңырақтың шайқалмауы. Бізге соны жастарымыздың түсінгені қымбат. Бұл тұрғыда Лев Толстой жарықтық та: «Бақытты отбасылар бір-біріне ұқсас келеді. Ал әр бақытсыз шаңырақтың өзіне тән қиындықтары бар», — депті. Ал атам қазақ болса: «Жау құтырса, шаңырағыңа қобыз тартар», — дейді.
Жалпы киіз үй біздің өміріміздің негізі. Нақтыласақ, мәні. Соған орай біз кез-келген жас отбасыға тілек айтқанда: «Босағаларың берік, керегелерің кең, шаңырақтарың биік болсын», — деп қоямыз.
Мына бір шумақ өлең де сондай ежелгі тілектің бірі:
«Құтты болсын шаңырақ,
Пана болсын жалғыз Xақ!
Қосағыңмен қоса ағар,
Өмірлерің болсын шат».
Рас, біз үшін қара шаңырақтың орны бөлек. Кім де болсын ол үй босағасынан имене аттайды. Бұл тұрғыда ақын Серік Әкрамұлы:
«Киіз үйге кіргенде,
Бәрі басын иеді.
Оның сыры білгенге,
Шаңырақ қой киелі.
Кереге, уық ғажап тым,
Кестелі ою өң береді.
Киіз үйі қазақтың,
Жер шарындай дөңгелек.
Түлеткен сан ұл-қызды,
Киіз үйім – дастаным.
Ай менен Күн, жұлдызды,
Шаңырақ қой аспаным», — дейді.
Иә, бәріміз де бір-бір шаңырақ иесіміз. Айтудың оңайын-ай. Ал кімнің шаңырақ иесі екені даулы мәселе. Соған орай талай отбасы шаңырағы ортаға түсуде. Осы даулы мәселе біздің мемлекетке де тән. Бұл орайда «Шаңыраққа қара!» — деп ескерту де жасалып қойылады.
Шаңырақтағы мән – тұтастық. Себебі, бір үйде бір-ақ шаңырақ болады. Ал сол тұтастыққа нұқсан келтіргісі келетіндер — үй ішінен үй тіге бастайды. Үй ішінен тігілген үйде шаңырақ болмайды. «Шаңыраққа қара!» деген сөз соған орай айтылады.
Мұндай ұғым саясатта да бар. Жастар саясаты – ел ертеңін айқындайтын басым бағыт. Жастар саясаты жастардың білім, еңбек және жұмыспен қамту, денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге, шығармашылық әлеуетін дамытуға, жастарды ауқымды әлеуметтендіру және патриотизм құндылықтарын қалыптастыру үшін жағдай жасауға бағытталған. Мемлекеттік жастар саясатының басты мақсаттарының бірі — еліміздің әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуына үлес қосуға, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға тәрбиелеу.
Мемлекеттік жастар саясаты жастарға еліміздің толыққанды азаматы болуға жақсы мүмкіндік беруі тиіс. Соған орай атам қазақ отау иесі — жастар тәрбиесіне ерекше мән берген.
Шынында да жастардың ша-ңырағы болып табылатын отаудың жөні бөлек. Отау — қара шаңырақ иесі қалауына қарай тігіледі. Қара — қазақ үшін қасиетті түс.
Қара – жұмбақ, құпия түс. Қара түс – тәуелсіздіктің белгісі. Қара — мағына беруші түс. Қара даулы рең. Бір жағынан қараңғылық, қара күш, кінә, қарама-қайшылықпен байланыстырылса, бір жағынан берілгендік, табандылық, қажырлық, қайсарлық, өжеттік, тұрақтылық, шыдамдылықпен, қырағылықпен, білгірлікпен, сенімділікпен астастырылады. Бұл тұрғыда Уинстон Черчилль жарықтық:
«Артқы жағынан қара мата ұстап тұратын адам табылмайынша, ешқандай да жұлдыз жарқырай алмайды», — деген екен.
Бір сөзбен айтқанда, қазақ – барша жұлдызды жарқырататын сол қара мата. Әбубәкір Қайранның «Шаңырақ» атты өлеңінде біз айтсақ па деген талай ой қамтылған екен. Ендеше келтіре кетейік:
«Ат, затын биік ұстар ғұмырында
Шаңырақ мәнді қазақ ұғымында.
Астында шаңырақтың дүниеге кеп,
Жар сүйіп, еркелетер қыз-ұлын да.
Осы атау тым кеңейтер ой-сананы,
Ұғым бар, нанымдар бар сан салалы.
Мәселен, әлдекімнің үй, отбасын
«Пәленнің шаңырағы» дей салды.
Ұғымды ойға салсаң азырақ бір,
Ұлтыңның ұлылығы жамырап тұр.
Қарасаң, Елтаңбаңа назар салып,
Оттай боп ортасында шаңырақ тұр.
Данагөй бабалардың жаны жақсы,
Адамдық нұрлы рухтың бәрін ашты.
Ұстаны дана емес деп кім айтады
Ең алғаш ойлап тапқан шаңырақты?!.
Жасауға шаңырақты кіріскенде,
Үйшілер сақ болады бір істерге:
Қайыңның қапталдысын, талдың сойын
Таңдайды, жоламайды шіріктерге.
Алғанын алдыменен жонып алар,
Өткізіп сонсоң шоттан, көзі қанар.
Бойына дым тартсын деп бір-екі апта,
Саз жерге киізге орап, көміп алар.
Келеді қозға салып, балқытар шақ,
Шеңбер ғып иер сонсоң қалыпқа сап.
Шеңберін шаңырақтың «тоғын» дейді,
Ал оны иеді үйші анықтап ап.
Жасалған бір ағаштан тоғын сирек,
Сындырып алса үйшінің, «қолы күймек».
Иілген екі ағашты біріктіріп,
Жасаған бір шеңберді – жеңілірек.
Ендігі үйшілердің бір жұмысы –
Көздерін шаңырақтың ою ісі.
Көзеумен күйдірілген бұл көздерге
Уықтың нық сұғынып тұрады ұшы.
Орнатып шаңыраққа шыбық шабақ,
Өзіне қойыпты үйші дұрыс талап.
Үш-үштен айқасатын күлдіреуіш
Түндікті дөңес етіп, тік ұстамақ».
Жасыратыны жоқ, біз иелік ететін барлық ұлттық құндылықтар — ауылдан бастау алады. Солардың ішіндегі ең бастысы — ұлттық тәрбие. Егер бала бойына ұлттық тәрбие дәні егілмесе, ол бала өзге құндылықтарға мойын бұрмайды. Сонда ол қандай тәрбие?
Жастарды отаншылдық, рухани, адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеу ісінде оларды діни экстремизм мен фанатизмнің залалды ықпалынан қорғау аса маңызды бағыт алуы шарт. Осы мақсатта жастар арасына діни-экстремистік көзқарастардың еніп кетуінен сақтау тетіктері жасалуы керек.
Әрине, бұл тұрғыда біз негізінен ата-әже тәрбиесін қаперге аламыз. Алайда ол біржақты түсінік. Мәселен ойын баласы ұдайы ата-әже қасында байланып отырмайды. Сондай-ақ үш ай жазғы демалыста қаладан ауылға қып-қызыл орыс болып келген бала да ойын балаларымен араласып жүріп-ақ тез арада қазақы балаға айналады. Себебі, ауылдағы тәрбие бөлек. Ол — тәрбие де емес. Өмір салты.
Мәселен, ауыл баласы бір көрпенің астында жатады. Бір көрпенің астында өскен бала қолына тиген қай нәрсені де өз бауырларымен бөліседі. Ал біз сол бауырмалдықты қолдан жойдық. Көрпені ғана емес, бөлмеге дейін бөлектедік. Ал ауылда бәрі ортақ. Тұтас бір ауыл бір атаның балалары тәрізді. Сол ауылдың кешегі қасиеті мен бүгіні Фариза Оңғарсынова апамыздың «Ауыл» атты өлеңінде көрініс береді. Оқып көрелік:
«Біздің ауыл ұя еді киелі бір,
теңіз бойы, бұйратты жиегі қыр.
Өнегелі ұл менен қыз өсіріп,
шаңырағына құт қонған үй еді кіл.
Жігіттері мәрт мінез, жаны сері
жалғыз арман – ерім деп таныса елі.
Бұрын біздің ауылда әр азамат
бүкіл елдің ары мен намысы еді.
Ауылдастың қайғысы жанын жосып,
беруге әзір ел үшін санын да осып,
әкесінен жас қалған ұл мен қызды
қамқорлайтын қатарға бәрін қосып.
Ер азамат болғанмен жер кіндігі,
әйелдерден басталар ел бірлігі.
Абысындар сыйласса бір-бірімен,
ауған түйені басқандай ердің жүгі.
Бір-біріне жаны ашып жаны сыздар,
әйелдерде өзге ұқпас тағы сыр бар:
бір-бірінің бауырына өз ұлдарын
бала қылып салатын абысындар.
Татулықтың бұл – дағы шын белгісі,
қимастықтың кем емес Күннен күші.
Бауырынан перзентін қиып бермес
бірін-бірі көре алмай күндер кісі.
Биыл елде жоқ кімнің сауын малы;
анау үйдің жағдайы ауыр ма әлі –
ақсақалы, жасы боп ақылдасып
барлық істі шешетін ауылдағы.
Асан биыл ұзатады Нұрбаланы;
әкесіне ас береді Құрманәлі;
кенжесіне Ағиба келін алмақ –
бас құда боп бұл жолы кім барады?
Сәт те, Иса да, білеміз, өр екенін,
сөзге келіп қалыпты сол екі ерің.
Ер шекіссе, кетеді ел бірлігі –
табыстырып қайтыңдар ол екеуін.
Жауын нәрі көгерер жерге сіңбек,
дәстүр нәрі — өнеге елге сіңбек.
Келе қалса бір үйге сыйлы қонақ,
ауыл болып күтетін елге сын деп.
Көктемеде қазы мен тамсап шұжық,
уыз ішіп, құрт жеген әр сәт қызық.
Шақырысып жататын, бір-біріне
соғымынан, сүрінен дәм татқызып.
Кедейлік жоқ. Туса да ақшалы күн,
менің ауылдастарым басқа бүгін:
ұқсамайды ешкімге, ешбір елге,
жоқ баяғы ұмтылыс, асқақ ұғым.
Жұрдай және намыс пен ардан бәрі,
сүйтіп жүріп бітпейді жанжалдары.
Ат орнына машина мінгендер көп –
іліп алар ішінде жан қалмады.
Ата-баба зыр қаққан жақ түсірмей
елдік дәстүр сәбилік ақ түсімдей.
Қора-жайда ұсқын жоқ жыпырайып,
ішкіштердің қисайған шәпкісіндей.
Жат болды деп күйінер босқа шалы,
келіспесе екі ұлдың от шашары,
«балаң түртті баламды!» – деп әкелер
төбелеске шығып не соттасады.
Ауырсаң да ешкімнен күтпе хабар,
бала ақша алып көршіге сүтке барар.
Жақын жерден шаң да шұң
дауыс шықса,
шам сөндіріп, есігін кілттеп алар.
Судан шіріп қурайды түзінде егіс.
Құмды боран соққанда күзің де – қыс.
Жиналыстың өн бойы – сөзтөбелес,
өңештерін үзгенше қызыл керіс.
Жан ашырлық күтпеңіз жұрттан аса,
ән салмайды ащы су ұрттамаса.
Бір кәсібі – карта ойнау, төбелесте
бас жарыспай бермейді тіпті араша.
Жол көрсетіп, жөн сілтер талғамды ұлға
әулиедей қарттарым болған қырда.
Сұңқарлары ертерек кетіп, енді
шалапайы қалыпты шалдардың да.
Жолдан келсең, жеңгелер қылығы – арман
қарсы алатын қуана шығып алдан,
Ауылымның қасиеті сұйылыпты
шалап сүттей қаймағын сылып алған.
Құт-киемді сыпырып ұры жалған,
інгендеймін тұлыпқа ыңыранған.
Бүгін шөлейт далада ауылымның
моласы мен ызыңдап мұңы қалған».
Рас, соңғы шумақтарды оқыған кезде көңілің құлазиды. Себебі, баяғы ауыл жоқ. Ол ауылдың жоқ болатынын ұлтымыздың маңдай алды зиялылары әу баста-ақ білген. Соған орай Мұстафа Шоқай: «Бiздiң шын жүректен және асыға күтерiмiз бiр ғана нәрсе, ол атамекенiмiздiң орыс пролетариаты диктатурасынан құтылуы. Бiз барлық жерлестерiмiздi осы ұлттық мұратымыз жолында бiр жан, бiр тән болып жұмылуға шақырамыз», — деген.
Иә, аталарымыз айтқандай:
«Ынтымақсыз елді –
Ұрысы билейді.
Ынтымақты елді –
Дұрысы билейді».
Бірақ қалай десек те:
«Ағайын тату болса – ат көп,
Абысын тату болса – ас көп», — екенін жоққа шығара алмаймыз. Бұл тұрғыда Нельсон Мандела да:
«Ұлт – биліктегілермен емес, қарапайым тұрғындарымен бағала-нады», – деген екен. Сондықтан да Бауыржан Момышұлы айтпақшы:
«Өзінің ұлтын сыйламаған, ұлтын мақтаныш тұта да алмайды, ол сөз жоқ арамза, тексіз әрі қаңғыбас».
Бізге жастар саясаты сол үшін де қажет. Жастардың тән, жан саулығы — елдің стратегиялық қоры және оның қазіргі дамуының шешуші факторы. Жасөспірімдер мен жастардың бойында ізгілікті, рухани құндылықтарды қалыптастыру әлемдік, ұлттық мәдени құндылықтарды насихаттауға иек артып, жас шамасына қарай қарастырылуы тиіс.
Иә, бәріміз де ауылда өстік. Біз сол ауылдың бір-бір бөлшегі едік. Сондықтан қай ауылға да тұтас қарау керек. Сол тұтастық біздің ұлттық болмысымызды қалыптастырады. Мәселен өз басым кезінде туған ауылымды былайша еске алып едім:
«Білеміз ауылда өстік, сіз де мен де,
Жиде жұпар аңқиды гүлдегенде.
Көктем шыға кеурекке шығушы едік,
Құмды асып кетуші ек іздегенде.
Тазқұм бар, ар жағында
Тобышақты,
Сол маңда Ескер көкем
қойын бақты.
Қариялар көп еді-ау есек мінген,
Содан бері қаншама сулар ақты.
Қисыққұдық, әрі ассаң
Кетпенқалды,
Ұмытылмай бәрі де есте қалды.
Қозыны қуырылған «точка» деуші ек,
Өкімет сол «точкадан»
елтірі алды.
Қолдан келсе өмірдің көшін деме,
Өмір теңіз ал біздер бейне кеме.
Қарғатұяқ бар ма екен осы күнде,
Кеуіл терген кезіміз есіңде ме?
Отырушы ек сабақта білсек бұқпай,
Таяқты да жейтінбіз қалсақ ұқпай.
Дәу арыққа шомылып қайта-қайта,
Торала боп жүруші ек
судан шықпай.
Ол кезде құдық болды, болды әуіт,
Пайғамбарға оқыды шалдар мәуліт.
Сиямен жазушы едік, малып-малып,
Бас-бас сайын болатын бір-бір дәуіт.
Айналды өткен күннің бәрі арманға,
Қаппар көкем жоқ
қазір бұл жалғанда.
Бәріміз де клубқа ағылушы ек,
Радио жаңғыртып ән салғанда.
Сары автобус ауданнан келуші еді,
Таласа соған бәрі енуші еді.
Ол кезде қазіргідей көпір де жоқ,
Пароммен ары-бері өтуші еді.
Одан кейін салынды қайық көпір,
Ол көпірден өтетін шошып шопыр.
Көктем шықса сең соғып,
қайық қашып,
Болушы еді су беті опыр-топыр…»
Бұл – барлық ауылға тән сурет. Жер, су, табиғи өнімдер сол қалпы. Өзгерген тек адамдар ғана. Сондықтан жастар тәрбиесін қолға аламыз десек, аталарымыз айтпақшы:
«Біреуің бас, біреуің аяқ бол,
Біреуің құйрық, біреуің қанат бол».
Жалпы жастар саясаты тәуел-сіз Қазақстан елінің басты басымдықтарының бірі болып табылады. Жастарға айрықша көңіл бөлген мемлекет қана саяси және экономикалық табысқа жете алады. Жастардың инновациялық әлеуетін тиімді қолдана білген мемлекет стратегиялық артықшылыққа ие болады. Сондықтан да елімізде жастарды жалпы қоғамдық үдерістерге қосу мақсатында ынталандыру шаралары іске асырылып, олардың өзін-өзі жүзеге асыруы үшін мемлекеттік деңгейде жағдай жасалуда.
Иә, тәрбие көзі — ұлттық негіз. Егер қазақтың:
1. «Ұят болады»,
2. «Обал болады»,
3. «Сауап болады», – деген сөздерінің мәнін түсініп, сол сөздер тағлымын ұстансаң, жастар тәрбиесінде жетістікке жетесің. Нақтыласақ, тамырын ұлттық құндылықтарға байлаған жастарды қалыптастырасың. Мұсылмандық та сол. Себебі бұл сөздер: «Сендерге Пайғамбар не әкелсе алыңдар да, неден тыйса одан тыйылыңдар», — деген аятқа негізделген. Оның үстіне, Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатының негізгі мақсаты – жастардың азаматтық, әлеуметтік дербес тұлғалық қалыптасуын жүзеге асыру үшін қажет құқықтық, экономикалық, ұйымдастырушылық жағдайларды жасау мен нығайту. Қоғамдық өзгерістердің күрделілігі жас азаматтардың әлеуметтік жағынан жан-жақты қалыптасуына, жас қауым тіршілігінің барлық қалтарысына әсерін тигізді. Дәстүрлі жастар мәселелерін шешудің мазмұны мен тәрбие тәсілдері жаңа тарихи жағдайларда мүлде өзге қырынан қарастырылуға тиіс болғандықтан түбегейлі өзгерді. Сондықтан да біз ұлттық құндылықтарға жете мән беруіміз керек. Соған орай бізде ұлттық тәрбиеге орай айтылатын тыйым сөздер бар. Сол сөздерді жадына тоқып өскен бала, ешқашан қазақтықтан айнымайды. Себебі, тыйым – тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, ақыл-кеңес берудегі тәрбие құралдарының бірі. Жалпы қай тыйым да балаларды жаман әдет, жат пиғыл, ерсі қимыл, әдепсіз істерден сақтандыру мақсатында қызмет атқарады. «Ұлға — отыз үйден тыю, қызға — қырық үйден тыю», — деген мақал соған орай айтылған.
Мәселен, бүйірін таяну – қайғының, жағын таяну — мұң-шердің, жүресінен отыру — әдепсіздіктің белгісі болғандықтан тыйым салынған. Мұндай тыйым үлгілері ел ішінде өте көп. Себебі, қай тыйымның да соңында салдары бар. Мәселен, тізені құшақтау — жалғыз қалудың; қолды төбеге қою — ел-жұрттан безінудің; үлкеннің жолын кесу — әдепсіздіктің; асты төгу — ысыраптың белгісі ретінде танылған және ондай ерсі істерге қатаң тыйым салынған.
Сол тыйымдарға шек қойылған кезден бастап біз қазақтықтан шыға бастадық. Мәселен, әйел қауымының жалаңбас жүруі ұят болудан қалды. Сол тыйым нәтижесі — бүгінгі сақалсыз шалдар. Сол тыйым — бізді ішкілікке үйір етті. «Ұят боладыны» ұмытып едік, әп-сәтте жалаңаштанып шыға келдік. Тіпті ол ұятсыздық теледидар арқылы төрімізге шықты. Жат ел мәдениетін бойымызға дарыттық. Сол-екен қыздарымызға қарата айтылатын «Шашыңды жайма» деген тыйым сөзді айтпайтын болдық. Ал жайылған шаш — жаманшылық шақырады. Оның әрқилы көрінісін күнде көріп отырмыз. Бұл күнде жастарға «Тізеңді құшақтама» деп айтатын да қария қалмады. «Мойныңа белбеу жіп салма» деген тыйымды да ұмыттық. Қазір осы екі тыйым салдарын да күнде көріп отырмыз. Біз тіпті «Көп сөйлеме» деген тыйымның бар екенін де білмейміз. Оның есесіне жастарымыз теледидар бетінде бір-біріне сөз бермейтін болды.
Сондай-ақ біз «Нанды бір қолыңмен үзбе» деген тыйымды да естен шығардық. Тіпті нанды қолмен турамайтын болдық. Ал ол — ұлттық ұстанымға жат. Осы тақылеттес ұлттық ұстанымға жат тыйымның бірі «Қыз — ұлдың, ұл — қыздың киімін кимесін» деген тыйым еді. Бұл тыйым да әдіре қалды. Салдары — екекшора қыздар мен қызтеке ұлдар.
Сондай-ақ біздер:
«Дініңді сатпа», ұлтыңды сатпа, арыңды сатпа», «Құдайға, пайғамбарға, әулиеге тіліңді тигізбе» деген тыйымдарды да тәркі еттік.
Бағзыдан келе жатқан «Жаманат шақырма» деген де тыйым бар еді. Ал біз болсақ жаманаттан басқаны айтпайтын болдық. Оларға тағылар басты кінәрат — тыйым сөз мәнін ұғынбауы. Сондықтан бұл мәселені де жастар саясаты деңгейінде шешкеніміз жөн. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму барысында саяси-идеологиялық, мәдени тұрғыдан жаңаруына сай жас ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беру үкіметіміздің жаңа стратегиялық бағдарламасының басым бағыттарының бірі болуы тиіс. Еліміздің географиялық орналасуы мен ұлттық-этникалық ерекшелігіне орай жастарымызға халықтық дәстүрге негізделген бабалар рухына сай тәрбие жүйесін құру қажеттілігі қазақстандық білім саласының маңызды проблемаларының бірі екенін түйсінуіміз қажет. Ұлттық құндылықтарды тілге тиек еткен соң төмендегі тыйым сөздерге тағы бір назар салып қоялық. Себебі жастар үшін ол да тәрбие. Сонымен:
Дастарханды, тамақты баспа.
Үлкендерден бұрын тамаққа қолыңды салма.
Кісі мініне күлме, кемтарға күлме.
Малды, ыдысты, тамақты теппе.
Суды сапырма, суға дәретке отырма, суға түкірме.
Көкті жұлма, шашыңды жұлма.
Үй айнала жүгірме.
Босағаны керме, құшақтама.
Табалдырықты баспа, отырма.
Үйді сабама, малды басқа сабама.
Бейіт тұсынан шауып өтпе, жүгіріп өтпе.
Бейітке қолыңды шошайтпа, оған қарап түзге отырма.
Итке ожаумен ас құйма.
Түнде үй сыпырма, түнде тырнағыңды алма.
Үлкендердің жолын кеспе, сөзін бөлме.
Бүйіріңді таянба, жер таянба, иегіңді таянба.
Бетіңді баспа.
Өтірік жылама.
Жұлдызды, адамды санама.
Сыпырғышты тік қойма.
Қолыңды қусырма.
Адамға пышақ, мылтық кезенбе.
Бос бесікті тербетпе.
Құранды, тамақты баспа.
Жақын адамға пышақ сыйлама.
Тұзды, күлді баспа.
Отпен ойнама, оттан аттама, отқа түкірме.
Нанды жерге тастама, үстіне басқа затты қойма.
Бейуақытта жылама, ұйықтама.
Бейуақытта кісіге көңіл айтпа.
Бөркіңді теріс киме.
Үйде ысқырма.
Үйге жүгіріп кірме.
Айды қолыңмен көрсетпе.
Құдыққа түкірме, ыдысқа түкірме, жоғары қарай түкірме.
Шелектегі суға аузыңды батырма.
Ақты төкпе.
Адамды айналма.
Адамға қарап түкірме, есінеме.
Жалғыз ағашты кеспе.
Пышақтың жүзін жалама.
Пышақты шалқасынан қойма.
Таңдайыңды қақпа, басыңды шайқама.
Қызды ұрма.
Кісіге, молаға саусағыңды шошайтпа.
Орынсыз күлме.
Кісі айыбын бетіне баспа.
Көп сөйлеме.
Адамға, малға зәбір жасама.
Балаңа басқа ұрма.
Ата-анаңа қарсы келме.
Түнде суға барма.
Бетіңді сызба.
Нанды бір қолыңмен үзбе.
Асты үрлеме, асты жамандама.
Тамақты сораптап ішпе.
Қолыңды төбеңе, желкеңе қойма.
Өтірік күлме, өтірік сөйлеме, өтірік жылама.
Ішегіңді тартпа, табаныңды тартпа.
Қабірді баспа.
Аманатқа қиянат жасама.
Ант ішпе, әбес сөйлеме.
Өтірік куәлік жасама.
Намазды бұзба.
Құстың ұясын бұзба.
Құмырсқаның ұясын баспа.
Ұрлық қылма, зорлық қылма.
Тіліңді шайнама, тіліңді тістеме, шығарма.
Саусағыңды аузыңа салма.
Кісі үйінде түрегеп тұрма.
Түрегеп тұрып немесе жатып тамақ ішпе.
Саусағыңды кеземе.
Аяғыңды тұсама, қолыңды байлама.
Көп ішінде қатты сөйлеме, қатты күлме.
Желге қарсы түкірме, желге қарсы дәрет сындырма.
Үлкеннен бұрын сөйлеме.
Үлкеннен бұрын тамақ жеме.
Үлкеннен бұрын отырма, жатпа.
Үлкеннің бетінен алма.
Шақырмаған жерге барма.
Рұқсатсыз үйге кірме.
Жұрт көзінше кекірме, қасынба.
Жұрт алдында құлағыңды қасыма, мұрныңды шұқыма.
Жерді сабама, жерді тепкілеме.
Баланы шошытпа.
Атқа теріс отырма.
Қайықты тербелтпе.
Әдепсіз сөзді айтпа, өтірік айтпа.
Мақтаншақ болма, тәкәппар болма.
Әйелге күш көрсетпе.
Малды боқтама.
Асты қорлама.
Жәндікті жәбірлеме.
Уһілеме.
Маңдайыңды, басыңды ұрма.
Отты, ошақты аттама.
Дастарханды, ыдысты, тамақты аттама.
Жаман әдетті үйренбе.
Жаман ырым жасама.
Етбетіңнен жатпа.
Ерсі қимыл жасама.
Шашыңды, тырнағыңды өсірме.
Кісі төсегіне отырма.
Теріс қарап отырма, жүреңнен отырма.
Шалбарды басыңа жастама.
Қолыңды артыңа ұстама.
Түнде мал санама.
Түнде күл шығарма.
Таңертеңгі асты тастама.
Көзіңді жыпылықтатпа.
Қолыңды кеудеңе қойма.
Ерніңді шығарма.
Орындықта аяғыңды айқастырып отырма.
Бала бетіне үрлеме.
Тырнағыңды тістеме.
Егер байыбына барсақ, мұның бәрі мәңгілік ел ұлттық идеясы аясында еліміздің білім беру жүйесіндегі этнопедагогика, этнопсихология мәселелерінің әлемдік білім-ғылым кеңістігіндегі маңызы және оны дамытудың заманауи мүмкіндіктерін саралау, жүйелеу және пайымдау. Сондай-ақ, ғалымдардың басын қоса отырып, этнопедагогика, этнопсихология ғылымдарының жаңа бағыттарын айқындау.
Біз ұлттық құндылықтарымызды жеткілікті бағаламайынша толық-қанды тәуелсіз ел бола алмаймыз. Ал ұлттық құндылықтар — нағыз тәрбие көздері. Оларды дамытып, көркейтуде және тәрбиеге арқау етуде этнопедагогика, этнопсихология ғылымдарының алар орны ерекше. Сондықтан осы саладағы өзекті мәселелерді талқылап, өзара пікір, тәжірибе алмасып, жаңа бағыттарды айқындауымыз қажет.
Бәрімізге белгілі, қазақ – батыр халық. Нақтыласақ, бұрын батыр болатын. Соған орай қай қазақ та: «Атамыз батыр болған», — деп қояды.
Иә, аталарымыз батыр еді. Себебі олар ұлттық тәрбие уызына жарыған еді. Өздерінің қазақ екенін мақтан тұтатын. Ал біз… Біз:
«Тоқсанымыз жиылып,
Тоқты жыққан батырмыз.
Сексеніміз жиылып,
Серке жыққан батырмыз».
Ал нағыз батыр Юлиус Фучик айтпақшы:
«Батыр – ол адамзат қоғамының мүддесі үшін, сын сағатта қолынан келген барлық мүмкіндікті жасай алатын адам».
Байыбына барсақ, қай қазаққа да тәуелсіздікті баянды етуден асқан сын сағат жоқ. Сондықтан да біздің әр күніміз күреске толы болуы тиіс. Алайда бұл – болатын ел азаматтарына тән қасиет. Соған орай аталарымыз:
«Болатын елдің баласы
Бірін бірі:
«Батыр!»дер.
Болмайтын елдің баласы
Бірін бірі:
«Қатын!» дер», – деген.
Бұл күнде бірін бірі батырға балап жатқан адам аз. Алайда «диван батырларының» күн санап көбейіп келе жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Сірә аталарымыз: «Өз інінде көртышқан да батыр», — дегенді соған орай айтса керек.
Батырлық туралы Бауыржан Момышұлы:
«Ешкім де іштей батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады», — депті.
Ал біздің өскен ортамыз да, алған тәрбиеміз де ұлттық негізбен үндесе бермейді. Оны Тоныкөктің: «Қағаны батыр, ақылгөйі кемеңгер елдің бағы жанады», – деген сөзінен де бағамдауға болады.
Рас, қазір заман өзгерген. Соған орай бүгінгі заманның батырлары да жаңа тұрпатта қалыптасуы тиіс. Оны Құтып: «Ойлай білген ер — көзсіз батырдан көп артық», — деп ілгергі дәуірде-ақ айтып қойған. Бұл тұрғыда Александр Суворов та:
«Батырлық, сергектік, ерлік әр жерде-ақ, әр жағдайда-ақ қажет болса да, олар өнерден туындап жатпаса да зая кетпек», — депті.
Алайда кіжіну – батырлық емес. Жалпы, «Жау жоқта – батыр көп,
Дау жоқта – ақыл көп» – болатыны ешкімге де құпия емес. Әйтсе де аталарымыз:
«Бәйгеге қосар атыңның
Ерін алма, терін ал.
Күреске түсер батырдың
Көңілін жайла, шерін ал», — деген екен. Ал біз күреске түсуге мүмкіндігі бар батырларымыздың көңілін жайлаудың орнына, жағаларына жармасумен келеміз. Ол да біздің қазақтықтан алшақтағанымыздың бір көрінісі. Содан болар, бұл күнде біз жауды сырттан іздемейтін болдық. Сыртқы күш бізге «Қазақтың жауы — қазақ» екенін мойындатып қойған. Бізді ел етіп ұйытпай отырған сұмдықтың сұмдығы осы. Біздің ұйыса алмай жатқандығымыздың бір себебі сол. Сондықтан да мемлекет жастарға, олардың материалдық деңгейі мен әлеуметтік жағдайына қарамастан, өмір жолын таңдау мен жеке жетістіктерге жету үшін мейлінше мол мүмкіндіктер ашуға тиіс. Сонда ғана жастар саясатының өзекті міндеті — жастардың тұлғалық қалыптасуын қамтамасыз етуі іске асатын болады.
Сөз соңын Әйтеке бидің сөзімен түйіндейік:
«Батыр боп жауға найзаң тимесе,
Батырлықтан не пайда.
Бай болып халқыңа пайдаң тимесе,
Байлығыңнан не пайда…».
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.