МЫҢ БОЯУЛЫ МАҢҒЫСТАУ
16.07.2021 0 1 922
Құдияр Біләл
жазушы,
ҚР «Мəдениет қайраткері»
«Туған жер» деген кезде әрбір азаматтың, әрбір адамның жүрегінде тулаған шабыт пен сезім ұялайтыны анық. Себебі адам өзінің туған жерінің төлі. Сол даланың, сол жердің, сол мекеннің меншігі. Туған жерге деген сезім мен махаббатың өлшемі шектеулі болмайды. Ол шексіз.
Осы бір ерекше шексіз патриоттық сезімді әрбір азамат пен жастардың бойына етене сіңіріп, қандарына дарыту үшін, сөздің ұғымын кең мағынасында түсіну үшін, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында орындалу керек міндеттердің ішіне «Туған жер» бағдарламасын ұсынды. Ал бағдарламаның мәні неде?
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл бағдарламаның мәні деп үш ерекшелікті атап көрсетеді.
«Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді». Біз маңғыстауға жасаған сапар барысында осы мәселелерге назар аудардық. Біз тақырыпқа шығарған Әбіш ағамның сөзін талай естігенмін. Бірақ сезінген емеспін. Ал бояуды бар деп білмеппін.
Шынында да Маңғыстауға табаны тимеген адамның «Қайдағы бояу?!» дері күмәнсіз. Сондай-ақ бұл маң даладан табиғат сұлулығын іздемес те еді. Тек Әбіш ағамыздың ұтымды ойына тамсанары кәдік.
Бақсам, Әбіш ағамның асқақтығы, кеңдігі, жалпы адами болмысы Құдай қазаққа сыйға тартқан мына мың бояулы далаға тартқан екен. Сол мың бояуды Әбіш ағамыз көріпті. Сол боуды көру бізге де нәсіп болды.
Әуелгі көргеніміз – теңіз. Алғаш рет сегізінші қабаттағы үйдің балконынан көрдім. Әсерлене қойған жоқпын. Өлі сурет.
Кешкісін жағалауынан көз салдым. Теңіз көркіне емес, қала халқы тіршілігіне көңілім толды. Демалыс орындарын жайнатып қойыпты. Айнала тап-таза. Ерсілі-қарсылы жүрген халық. Бәрі қазақ. Қала қонақ күтуге дайын. Сірә болашақта жергілікті тұрғындар басқа жұмысты қояды-ау! Келімді-кетімді қонақтарға туристік қызмет көрсетуге машықтанса, қай қазақтың да асығы алшысынан тұрары кәдік.
Қуаныш құдамды әңгімеге тарттым. Мұнайшы болған соң әңгімені өз кәсібіне қарай тарта береді. Өздері кәсіптеріне орай әзірбайжандармен емен-қайым араласады екен. Олардың да біздің мамандарға күні түсетін көрінеді. Жеке кәсіпкерлер бір-бірімен іскерлік байланыс орнатыпты. Қазақтардың орыс құрсауынан шыға бастағаны байқалады.
Шәй үстінде өмірінде Сырдариядан терең су көрмеген өз бауырларыма, жеңге келіндеріме, өзге де қонақтарға кәнігі теңізшідей әңгімені гөйіттім.
— Өзге теңіздермен салыстырғанда, Казпийдің толқыны қысқа, әрі жиі болады, — деп қоямын. Одан әрі: — Толқын жиі болған соң, кеме де соққыны көп алады. Тіпті асау толқындар кемені аударып жіберуі мүмкін. Сондықтан қай кемеші де теңізге бойлап енуге тәуекел ете алмайды. Себебі, теңізге енетін есік бар. Егер ол есікті таппасаң, жағалаудан әрі ұзаймын деп ойлама. Сол есіктің қайда екенін білетін жер бетінде екі-ақ адам бар. Екеуі де осы Ақтауда тұрады. Олар өз құпияларын өзгеге ат басындай алтын берсең де айтпайды. Тек әулетінен бір-ақ адамға үйретіп кетеді. Маяк та солай. Маяк тілін білу де жеке әулет еншісіне жазылған. Ол әулет те осы Ақтауда тұрады. Жер бетінде олардан өзге басқа маман жоқ, — деп әңгімені біраз сілтедім. Бұған қоса «Теңіз ауруы» туралы да біраз құпияның бетін аштым.
Шәй үстіндегілердің бәрі маған таңдана қарайды. Мен болсам құдамнан естіген әңгімелерімді гөйітіп отырмын. Не керек, сол жерде менен асқан теңізтанушы болған жоқ.
Ертесіне кемемен теңізге шықтық. Жағалаудан ұзаған сайын теңіз өзгере бастады. Теңіз теңіз емес, алып бір құбылысқа айналып кетті. Үрейлі. Құйылған моналит тәрізді. Суды көрген жоқпын. Тұтас бір әлем. Жаны бар. Өзіне тән тілі де бар. Тілін білмеген соң сөйлесе алмадым. Өзімді басқа плонетадан келген адам тәрізді сезіндім. Мына теңіз адайлардан басқаны қабылдамайтын тәрізді.
Маңғыстау мені баурай бастады. Бір бояуының өзі тәнті етті.
Алматыдан аттанарда баратын жерлерімді бір електен өткізіп қойғанмын. Әуелгіде: «Бозжырадан» бастармын», — деп ойлаған едім. «Шерқала» мен «Тамшалыға» жолай соғып кетпек болдым. Маңғыстауға табаным тиген соң жоспар өзгерді. Бақсам, менің бармақ болған жерлерім бір-біріне қарама қарсы бағытта жатыр екен.
Біраз бас қатырудан соң таңдау «Шерқалаға» түсті. «Шерқала» атауын да кейін жаттадым. Суретін жиі көрген соң ба, әйтеуір сол тау көзіме ыстық көріне берді. Суретін әр көрген сайын өзімше «Үстірт» деп қоятынмын. Жалпы «Үстірт» туралы да түсінігім шамалы. Өз пайымдауымша Маңғыстау мен Үстірт егіз ұғым тәрізді. Сондықтан өзімше Үстіртті көрсем, Маңғыстауды танып біле қоятын адам тәрізді сезіндім. Оның үстіне бұл бағытта Шартастар бар. Ол Шартастардың тарихы тым арыға кетеді екен. Әлеуметтік желі солай дейді.
Берік деген жолсерік жігіт Маңғыстаудың тау-тасын тамыршыдай сезініп өскен жігіт. Ол: «Әуелі Шақпақ атаға соғайық», — деді. Іле: «Әруақтарды аттап кеткеніміз жарас-пас», – деп қойды.
Қанша жерден сопы болсам да оның бұл ойын онша құптай қойған жоқпын. Іштей: «Әруақты алға шығарсам Бекет атадан бастар едім ғой», — деп ойлап қойдым. Алайда ләм деп тіл қатқаным жоқ. Сөйлеп келе жатқан Берік. Ол: «Шақпақ атада жер асты мешіті бар. Ержан хазреттің мазары да сол жерде», — дегенде, мен: «Жер асты мешіті болғанда, әлгі әруақтарды зияраттауға болатындығы туралы дұға жазылған мешіт пе?» — деп сұрадым. Берік: «Иә, сол мешіт. Кезінде әлеуметтің желіде біраз дау болды ғой», — деді. Мен: «Онда сапарымызды сол жерден бастайтынымыз оңды болған екен. Ержан хазретке де құран оқитын болдық», — деп оған қолдау білдірдім.
Енді Ержан хазрет қанша дегенмен нақышбанди тарихатын ұстанған айтулы ишан ғой. Ал Шақпақ атаның тарихы арыға кетеді.
Өзімше ой қорытып отырмын. Ой қорытқанда, Бекет атаның алдында ақталған сиқым. Бір жағы әруақ аттап кеткен жоқпын ба деп қорқып та отырмын. Сол оймен Беріктен «Шақпақ ата мешітінің салынғанына біраз болған шығар?» — деп сұрадым. Ол: «Оныншы ғасырдың шамасы», — деді. Іштей қуанып қалдым. Бекет атамның ренжи қоймайтынына бек сенімді болдым.
Таушық ауылынан ары оздық. Берік: «Мынау Ембі тау», — деді. Мен қайталап сұрадым. Ол: «Емді тау деп те аталады», — деп қойды. Мен: «Сол дұрыс шығар», – дедім. Сосын: «Мына даланың тау-тасы емес, ауасына дейін ем ғой. Не деген сұлулық! Әр таудың, әр шөптің, әр төбенің өз бояуы бар. Әбіш ағам айтқан-ақ қой. Бір ауыз сөзге бәрін сыйғызған. Айналаға көз салшы, мың түсті бояу», — дедім.
Тағы бір ақшаңқан тауға көзім түскенде Беріктен: «Үстірт осы ма?» — деп сұрадым. Ол: «Үстірт Бекет атадан ары қарай басталады», — деді. Іштей Маңғыстау туралы мүлде түсінігімнің жоқтығын мойындап та қойдым.
Иә, мен көріп келе жатқан мына аймақ менің Маңғыстау туралы танымымның быт-шытын шығарды. Неге екенін қайдам, өз басым Маңғыстауды шөлді аймақ деп ойлайды екенмін. Шөл болғанда да, несін жасырайын, «Ит байласа тұрғысыз жер-ау» деп ойлап қоятынмын. Оның үстіне оңтүстіктен осы жаққа қоныс аударғандар да «Ау райы жақпады. Сосын кері қайттық» деген әңгімені жиі айтатын. Енді бақсам, оларды бұл жер қабылдай қоймаған екен. Тілін таппаған соң, әрине, қабылдамайды. Олар мына даланың бояуын емес, тымырсық ауаны, аңызақ желді ғана көрген ғой. Шынтуайтына келгенде ол жел емес, тек осы сайын далаға ғана тән жұпар ғой, жұпар! Аңқуын-ай!
Өзімнен өзім сөйлеп келемін. Таңданып, тамсанып келемін. Берік күледі. «Сіз әлі Маңғыстау кереметтерінің бірін де көрген жоқсыз ғой», — дейді. Мен: «Маған осы көргенім де жетеді», — деймін. Сол-ақ екен. Алдымнан теңіз шыға келді. Еркімнен тыс «Уау» дедім. Сосын: «Ғажап, ғажап!» — деп тамсана бердім. Есім шығып кетті. Шынымды айтсам, мұндай сұлулықты еш жерден көрген емеспін.
Шақпақ атаға жеттік. Неге екенін қайдам, жанарым жасқа тұнды. Ержан хазреттің моласы басында қарлыққан дауыспен құран оқыдым. Сосын Шақпақ ата мешітіне бас сұқтық. Әуелі баспалдағына назарым ауды. Жергілікті ақ тастан қашап жасапты. Керемет! Ішке ендік. Таудың іші ғой. Қалай ойғаны бір Аллаға аян. Оң жақта да, сол жақта да бөлме бар. Жарық тура төбеден түседі. Сол жарық түсіп тұрған жерге тұра қалдым. Төбеден түсіп тұрған жарық емес, Алланың нұры тәрізді әсер қалдырады. Жоғары қарай өрілген сатымен сыртқа шықтық. Жоғарыдан төменге назар салдық. Айнала тым-тырыс. Төменде зират. Ержан хазрет сол жерде жатыр. Бұл жерге ең таяу ауыл — 20-30 шақырымдай жерде. Солай бола тұра адам қарасы үзілмейтін тәрізді. Бір көлікке мінген зияраттаушыларды өзіміз де көрдік.
Бұл да бір бояу. Алланың бояуы. Қасиеті өз алдына. Сол жерге табаным тигеніне Аллаға шүкіршілік айттым.
Аттың басын «Ақеспеге» қарай бұрдық.
Жол үсті Берік жолсерік пен күйеу балам Қайрош екеуі тілдесіп келеді. Екеуі де адай. Бірақ бұл өңірдің қазақтары жөн сұрасқанда ішкі аталарды ғана атайды. Берік сөз арасында: «Менің нағашыларым қосайлар деп қойды. Әңгімелеріне құлақ түріп отырған мен қосайлардың «Түркімен адай» деп те аталатынын біліп алдым. Келесі сапарымда қасыма серік болған қосай Қасым досыма: «Сен түркімен адай екенсің ғой», — деп қойдым. Ол: «Иә, бізді солай деп те атайды», — деді. Әңгіме барысында мен де Ер Қосай туралы білетінімді ортаға шығардым. Қасым: «Біз түркімендік қожаның қызынан тараймыз. Қосай атамыз тоғыз баласынан айырылған соң жасы келген шағында сол анамызға үйленген екен. Ол анамыздан да алты бала сүйеді. Соған орай біз түркімен адай аталып кеткенбіз, — деді. Сұраса келе қойныңдағы әйеліңді қарын бөле етіп шығаратын қазақ болған соң Қасым екеуміз ескі достығымызға қоса нағашылы жиенді болып алдық.
Айналамыздағы әр төбе, әр таудың өз тарихы бар. Әр әңгіменің басын бір шалып келе жатқанда «Адайдың 60 батыры» туралы да сөз болды. Қасым: «Сол алпыстың бірі — Тілеу батыр менің атам», — деді. Мен өз тарапымнан: «Сен енді Ер Қосайдың ұрпағысың ғой», — деп қойдым. Сосын: «Айтпақшы, Әбіш ағам қай атаға жатады?» — деп сұрадым. Күйеу балам мен Берік екеуі қосарлана: «Жаңай», — деді. Сосын екеуі жаңайдың шежіресін біраз таратты. Батыр да, ақын да, жазушы да, айтулы кәсіпкерлер де осы рудан шыққан көрінеді. Жалпы қай рудың да осалы жоқ. Бір байқағаным, адайлар әңгіме айтқанда өзге атаны кемсітпейді екен. Есебін тауып бәрін мақтайды. Әңгімелерін тыңдап отырып өзіңнің де адай болғың келіп кетеді.
Шәй үстінде Қуаныш құдам: «Осы әншілердің бәрі Шымкенттен шығатын көрінеді ғой», — деді. Мен: «Иә, оныңыз рас, бізден Тамара Асар, Айгүл Қосанова деген әншілер шыққан. Жеменей деген де әншіміз бар», — деп қойдым. Құдам күлді. Сосын: «Жеменей менің інім», — деді.
Сол әңгіме есіме түскен мен Беріктен: «Жалпы Маңғыстауда адайлардан өзге рулар тұра ма?» — деп сұрадым. Ол: «Беріштер бар», — деді. Бір байқағаным, қай адай да беріштерді тілге тиек еткенде ауыздарын толтырып сөйлейді екен. Сөз ыңғайларынан беріштердің де адайдың бір бұтағына айналып кеткенін байқадым. Әйтсе де сөз арасында кәнігі шежіретанушылардай: «Адай мен таз ағайын емес пе?» — деп қойдым. Олар: «Иә, емшектес қой», — деді.
Есіме Әбіш ағам түсті. 1999 жылы «Қазақ газеттері» ЖАҚ-на қарасты басылымдардың бір топ қызметкерлері (редакторлар) «Егемен Қазақстан» газетінің 80 жылдығына барып едік. Сол жолы 60-қа келіп жатқан Әбіш ағамыздың да той дастарқанынан дәм татқанбыз. Ол да бір заман екен. Өткенге көз салсам, Әбіш ағамыз бізге Бас редактор болған 1993 жылы не бәрі 54-ақ жаста екен. Көзге ересек көрінетін. Ересек қана емес, тым асқақ, тым биік болатын. Өзі де, сөзі де кесек. Аллаға шүкір, сондай алыптардың алдын көрдік.
Сол сапарда «Астанаға үйреніп қалған боларсыздар?!»- деген сауалымызға Ержұман ағамыз: «Бір жылдан кейін астаналық, екі жылдан кейін арғын боласың», — деп еді. Ал мен екі жылда емес, екі күнде адайға айналып бара жатқан тәріздімін. Жалпы Маңғыстауда тұру үшін адай болу керек. Бұл — бөліну емес, табиғи болмыс. Тек адай болсаң ғана мына тау-таспен үндесесің. Тек сол кезде ғана Әбіш ағам айтқан мың бояулы Маңғыстауды көре бастайсың.
Айналамдағы бірыңғай тау жоталарына көз салып келе жатқанмын. Бір кезде біз мінген көлік ойда-жоқта аппақ шоқылар арасына енді де кетті. Айналамның бәрі аппақ. Жер де, төбеден төнген тау-тас та. Оның үстіне жай тас емес. Әр шоқы бір әлем. Өздері аппақ. Тіс шұқитын бір тал ағаш жоқ. Бірақ сұлулыққа тұнып тұр. Тура бір алдымнан сыйқырлы қақпа ашылып, ертегілер әлеміне кіріп кеткендей болдым. Биік жартас басына көтеріліп, айналама көз салдым. Шағын ғана мүйіс. Аппақ әлем сол мүйісте орналасқан. Еркімнен тыс: «О, шебер, Құдай», — дедім.
Иә, мұндай сұлулықты тек Жаратушы Иеміз ғана жасай алады. Бұл да Маңғыстауға тән бір бояу. Ақеспе десе, Ақеспе! Көрген де арманда, көрмеген де арманда. Біз көрдік. Сол сұлулықты көру енді сіздерге нәсіп олсын! Ақеспенің жырын айтып тауса алмай отырғанда Торыш аңғарына да келіп қалдық. Торыш — Алтынқазғанның маңайы. Алтынқазған туралы да таңды таңға ұрып әңгіме айтуға болады.
Торышқа келейік. Торыш емес, шартастарға. Ол тастарға әлеуметтік желі бетінде көз салғанмын. Кәдімгі шартас. Жоқ, кәдімгі емес, кәдімгі тас болса, тау-тасты аралап неміз бар?
Әуелгіде шартастардың тарихы қызықтырған. Бір деректерде бұл шартастардың осы жерде жатқанына бір миллион жылдан асыпты.
Миллион деген көп сан. Анау әлем жұртшылығына таңдай қаққызып отырған Мысыр пирамидалары да біздің шартастардың қасында кеше ғана өмірге келген бала. Енді ол шартастардың біздікі екені рас қой.
Осы жерде кәкір бар. Рас, «біз» дегенде, ойға мемлекет оралады. Бірақ мына шартастарға назар салып отырған билік жоқ. Соған орай шартасқа көңілі ауғандар ұнатқан тасын дөңгелетіп алып кетуде. Қолды болған шартастар бірінің бір мекеме ауласының ажарын кіргізіп тұрғанын өзіміз де көрдік.
Жә, Торышқа келейін. Бұл жолы да қаптаған шартастар ортасынан бір-ақ шықтық. Қай тасқа қарарымды білмей, алақтап келемін. Берік тоқтар емес. Менің дегбірсізденіп кеткенімді байқаған ол: «Қазір қалың тастың ортасына кіреміз», — деді.
Кірдік. Айналаның бәрі дөңгеленген шартас. Аралап жүрмін. Араладым деген жай сөз. Жүгірудемін. Тағат тауып тұра алмаймын. Бірінен екіншісіне, одан үшіншісіне, одан… Осылай шыр айналудамын. «Мынау не ғажап!» дегеннен басқа аузыма сөз түспейді. Біреуін құшақтадым. Бірінің төбесіне шықтым. Екіге жарылған біреуінің ішіне де жатып көрдім. Құмардан шығар емеспін. Биіктеу бір жерге шығып, айналама көз салдым. Өзімше шартастар жатқан жер аумағын білмекпін.
Білдім. Бәрі көз жетер жерде. Жұмбақтың көкесі осы. Ол да емес. Ол құпияны сәл кейіндеу білдім. Құпия екені рас енді. Басты құпия — мына шартастардың бұл жерге қайдан келгендігі. Одан кейінгі құпия — бәрінің бір тектестігі. Рас, көлемдерінде шамалы айырмашылық бар. Ең басты құпия — барлық шартастардың бір жерде шоғырланып жатқандығы.
Өз-өзіме келген соң Беріктен: «Мына шартастар басқа жерде кездесе ме?» — деп сұрадым. Ол: «Шерқала маңында шамалы бар», — деді.
Шерқала жаққа жол тарттық. Берік: «Мынаған қараңыз», — деп назарымды ұзынан ұзақ созылып жатқан қыратқа аударды. Ғажап! Әлгі шартастар бір сызық бойында қаз-қатар тізіліп жатыр. Бұл тізбек те көп құпияны ішіне бүгуде. Ал ондай құпиялар Маңғыстау даласында өте көп. Көбісі мемлекет назарынан тыс жатыр. Еге жоқ. Өкініштісі сол.
Жалпы мұндай шартастар Коста Рика, Кола түбегі және Франц Иосиф аралдарында да кездеседі екен. Бірақ ол шартастар құпиясы да ашыла қоймаған. Әрқилы қисындар айтылғанымен ешқайсысы да нақтылы байлам емес. Ең бастысы — сол шартастарға біз де иеміз. Ал ол шартастарды көргісі келетіндер аз емес. Біз соған жол ашсақ болды. Бәлкім ол күн де келер. Тек сол күнге дейін мына шартастардың орнын сипап қалмасақ болғаны.
Шерқаланы төбесі көрінгеннен-ақ таныдым. Алыстан тым асқақ көрінеді. Сұлулығы өз алдына.
Көлігіміз тауға таяп қалды. Берікке: «Осы жерден аялда. Суретке Шерқаланы тұтас алып түспесек, түбіне барған соң өзге таулардан айырмасы болмай қалады», — дедім. Берік: «Кәсіпқой маман екеніңіз көрініп тұр. Осы жерге қанша адамды әкелдім. Сіз айтқан ұсынысты біреуі де аузына алған емес. Қайтар жолда биік қыратқа өзім тоқтап, қонақтардың суретке түсуіне мүмкіндік жасаймын. Сіз де суретке сол жерден түсерсіз», — деді. Келістім. Ал кәсібіме келсек, журналистік өз алдына, оның үстіне біз редактор болғанбыз. Ал редакторлар басқаның байқамағанын көре білуі керек. Жалпы сұлулықты көре алу да бір ғанибет қой. Мынау Шерқала Маңғыстау даласындағы сондай сұлудың бірі. Өзіне тән тарихы да бар. Бергі тарих. Арғысын Құдай біледі.
Әзірге Құдай дейік. Бәлкім билік мәдениетке қатысты бағдарламалардың бірі арқылы осы тарихи мұраға назар аударса, сырын ішіне бүккен талай құпияны біз де білерміз. Сонда мына маң далада түйелер ғана емес, туристер де қаптап жүрер еді.
Турист демекші, Маңғыстау даласындағы осы Шерқала сынды талай тарихи орындарды тамашалап, көне жәдігерлер қасында суретке түстім. Әруақты аталарымыз басына қүран оқыдым. Тіпті қырық шәкіртімен қоса жерленген әулие мазары жанынан да өттім. Мазар да емес. Көп төбенің бірі. Әспеттеңкіреп айтсақ, тау. Ал мына далада ондай таулардан көз сүрінеді. Сол ой ішімді тырнап өткен соң, жолсерігіме: «Мына тау басында жатқан қырық шәкіртті ғұлама жалпы Маңғыстаулық 362 әулиенің қатарына кіре ме?» — деп сұрадым. Жолсерігім: «Кіреді», — деді. Іштей: «Маңғыстауда 362 әулие бар» деп алыста жүріп біз де шіренеміз. Оған Сайрамдағы сансыз, Отырардағы отыз, Түркістандағы түмен бапты қосамыз. Бірақ ардақ тұтатынымыз тек Арыстан баб пен Пір Бекет қана» деп ойлап қойдым. Болмаса сол сансыз бабтар мен мынау айдалада елеусіз жатқан 41 әулиені түгелдейтін уақыт жетті ғой! Жә, бұлардың қай төбенің басында жатқанын білдік. Қалғандары қайда екен?
Шерқалаға келейік. Сонау бір жылдары қазақ қолынан, нақтыласақ, атқа қонған адайлардан ығысқан түркімендер осы Шерқаланың төбесіне шығып жан сақтаған екен. Қазақтар болса, қазақтар емес, адайлар болса жау қашатын жер қалдырмай, Шерқаланы қоршауға алған. Алайда түркімендер беріле қоймаған. Содан не керек, саққұлақ бір адай түркімендердің құдыққа қауға салғанын естиді ғой.
Құпия мәлім болады. Түркімендердің берілмеу себебі, құдық қазу арқылы суға қол жеткізген. Қазақтар ойласа келе, тағы да қазақ дедік, болмаса бұл жерде қазақ жоқ. Бәрі де адай. Қазақ болу үшін өзге де рулар бас қосу керек. Ол рулар арасында төре мен қожа міндетті түрде болу керек. Онсыз біз қазақ болып ұйыспаймыз. Егер мән берсек, адайдың қазақпен тең дәрежеде қатар аталатыны сондықтан. Жаумен көбіне жеке тірескендерінен. Рас, олармен беріштің бір атасы да ұдайы бірге жүрді. Жалпы осы Маңғыстау түбегіне алғаш рет 60 үйлі адай қоныс тепкенде, екі үйлі беріш те бірге келген деседі. Сол екі атаның адайдың бір бұтағы болып кететіні сондықтан.
Жә, қазақтарға келейік. Адайлар аузымен айтылатын шежіренің басын шалғаннан кейін қазақ дей берейік. Сол қазақтар түркімендер қазған құдықтың бүйірінен барып қосылуы тиіс құдық қазуға кірісіп кетеді. Әуелгіде қиястау кеткенімен, екінші рет қазғанда түркімендердің құдығына жанамалай барып қосылады. Сол-ақ екен, құдыққа қауға салған түркімендердің арқанын қияды да отырады. Су жолы кесілген соң жау амал жоқ беріледі.
Қазақтар қазған сол жанама құдықтың жұрнағын біз де көрдік. Көрдік те аталарымыз көрегендігі мен өлермендігіне таң қалдық. Ғажап!
Сол ғажаптың бұл күнде жұрнағы ғана қалған. Ертеңгі күні ол жұрнақ та жоқ болады. Сондықтан Шерқалаға да билік тарапынан қамқорлық керек. Туристер дамылдайтын да шайла қажет. Жалпы бұл маңның бәрі де осы Шерқала сынды тарихи орындарға тұнып тұр. Содықтан шайла емес, келістіріп тұрып қонақ үй салған жөн.
Шерқала — Ораз ұшқан деп те аталады екен. Кейінгі атау. Аталары әруағын асқақтатқан Ораз деген қазаққа еріккен бір орыс: Аталарың шынымен әулие болса, мына таудан секірші. Әлгі мақтан тұтқан аталарыңның сені қағып алғанын көрейін», — депті. Намысқа тырысқан Орекең сөзге келместен тау басынан секірген де кеткен ғой. Құдай абырой бергенде, далбаңдаған қазақы кең шапаны парашюттік қызмет атқарған тәрізді. Бұл — әруаққа деген сенімнен шығыңқырап қалған кейінгі қазақтардың ойы. Болмаса, шынымен-ақ әруақ қолдауын көрмеген адамның мына таудан секіріп, аман қалуы неғайбыл. Сол аман қалған қазақ — Ораз атамыз. Тек жерге топ ете түскенде өкшесі шытынап кеткен көрінеді. Бірақ сыр бермеген. Аяғын нық басқан қалпы әлгі орысқа қоқилана қарап, кете барған.
Бұл күнде ондай қазақтың табыла қоюы екіталай. Маңғыстау даласындағы қаншама тарихи жәдігерлердің елеусіз жатуы сондықтан.
Маңғыстау даласын біраз шарладық. Ен дала. Аракідік көзімізге түйелер шалынады. Басқа жан жоқ. Түйелердің өзі бізге тосырқай қарайды. Ойнақтағандары да болды. Ол ойнақтау, бір жағы түйелердің қоңды екенін көрсетсе, екінші жағынан жабайылана бастағанын аңғартады. Жүндері де қырқылмаған. Ұйпа-тұйпасы шығып жүрген бір түйе. Бір жағы обал. Мына шыжыған аптапта қайбір жетісіп жүр дейсің. Түйе жүнінің сұранысқа ие болмауына қайран қалмасқа шараң жоқ. Бәлкім құдайға қараған бір кәсіпкер бұл істі де қолға алар.
Жә, «Қамалдар алқабына» келейік. Шерқала маңындағы шағын таулар жиынтығы бір ауыз сөзбен — «Қамалдар алқабы» деп аталады. Айтса айтқандай, Шерқаламен іргелес жатқан Айрақты мен Шоманай бейнебір қорғанға ұқсайды. Жалпы сол маңдағы қай тау сұлулығы да көз жауын алады. Айналаңа көз салғанда өзіңді басқа плонетада жүргендей сезінесің. Жер бедері де әп-сәтте өзгеріп отырады. Тауы мен төбесін ажырата алмай қаласың. Көкаланы көргенде тіпті тілің байланып қалады. Ғажап! Көкалаға көз салғанда бұл сөзді кем дегенде жүз рет айтасың.
Көкала — тау. Айлалаңның бәрі тау ғой. Бірақ Көкаланың жөні бөлек. Өзі екі бүйірін қысқан екі дөңнің арасына кірігіп жатыр. Жалпы бұл жерде таудың пайда болатын да жөні жоқ. Оймақтай ғана жер.
Сол жерде көздің жауын алатын тау шоқысы бой түзеген. Жай шоқы емес, жай тас та емес, түсі өзгеріп тұрады. Төменде шашылып жатқан қиыршық тастар бояуы да әрқилы. Ал таудың өзі, тау емес, шоқы. Шоқы да дәл анықтама емес. Дұрысы — Көкала. Көкала — шебер бір мүсіншінің қолынан шыққан туынды тәрізді. Ол мүсіншіні — мұхит десек болады.
Иә, мына өңірдің бәрі бір кезде мұхит табаны болған. Ғалымдар болжамы бойынша, шамамен осыдан бес миллион жыл бұрын осы маңда ежелгі Тетис мұхиты болған көрінеді. Маңғыстау даласындағы барша ғажайыптар сол мұхит туындылары десе болады. Біз көрген тау-тастар, мұнаралар, қырлар, ойпаттар, бір сөзбен айтқанда, Маңғыстау жерінің бедері — мұхит табаны, не ертегі әлемі. Бүркеулі тарих беттері де осы жерде. Шамалы беті ашылған Қызылқаланың өзі Маңғыстау тарихын Шыңғыс хан дәуіріне бір-ақ алып барды. Ал ол қалаға тән мәдениет өз алдына бөлек әңгіме. Оғыздар тарихы да осы маңнан қылаң береді. Шерқаланың да тарихы әріде жатыр.
Шердің мәні — арыстан. Сонда ол арыстан кім? Тарихи деректер ілгері дәуірде осы тау шатқалына бекініп, жаумен соңғы демдері шыққанша арыстанша алысқан батырлар деседі. Сонда ол батырлар кім? Сол батырлар атын иеленген мына тау бар. Өздері жоқ. Біз тек таудан ұшқан Оразды айтамыз. Сондай-ақ Айрақтыны таға тәріздес, Шерқаланы — арыстанға, Шоманайды — қорғанға ұқсайды дейміз де қоямыз. Адай тарихын да біліп жатқанымыз шамалы. Болмаса қазақ жері шекарасын соңғы рет кеңейткен осы адайлар. Түкімендердің көнекөз шалдары: «Үстірт құдығының бал татыған суы-ай», — деп көздеріне жас алатын көрінеді. Сол құдық суына шөліркеген бір түркімен шалына немересі: «Мынау үстірт құдығының суы» деп жолшыбай кездескен бір құдықтан (Ол құдық та Маңғыстауда) су алып барған екен, әлгі шал дәмін алған соң төгіп тастапты. Төгетін де жөні бар. Үстірт құдығы суынан бір дәм татқан адам, ол дәмді ешқашан ұмытпайды. Шөліркеген таңдай сол суды аңсайды да тұрады.
Бұл — бір ғана құдықтың жыры. Ал адайлар қол жеткізген тұтас жерді айтсақ бар ғой…
Жә, ол бөлек әңгіме. Маңғыстау даласын біраз шиырладым. Назарым көбіне тау-тасқа ауғанымен, аракідік жер бедеріне де көз салып қоямын. Жайылып жүрген бірлі-жарым жылқыларға да көзім түседі. Қабырғалары ырсиып тұр. Мына топырағы шығып жатқан даладан не жеп жүргені белгісіз. Бұл бетімен алдағы қыстан аман шыға қоюы неғайбыл. Мал ұстаған ағайынға ертерек қам жемесе қиын. Тамшалы маңындағы көлде қамыс қалың өсіпті. Маған жолсерің болған жігіттер: «Орып алу керек екен», — десіп жатты.
Алайда Шайыр ауылы маңына барғанда жасыл аймаққа тап болдым. Бұл жердің малдары да қоңды. Демек маңайда су бар. Су көзін іздеп келе жатқанымда жолсерігім: «Анау Отпан тауы», — деді. Елең ете қалдым. Енді Амал мерекесінің осы жерден бастау алатынын білеміз ғой. Жолсерігім: «Бұл Маңғыстау даласындағы ең биік шоқы. Кезінде осы тау басына от жағылып, қазақ жасақтары бас қосып отырған. Қазір тек Амал мерекесінде ғана от жағылады», — деді.
Отпан тауының соншалықты биік шың екеніне тап сол кезде шіли сенім арта қойған жоқпын. Кейін әлеуметтік желіден мынандай ақпар алдым:
«Маңғыстаулықтар Амал мерекесін Отпан тауында тойлайды. Аталмыш мейрам «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде басталады. Маңғыстаудың биік шоқысы да осы Отпан тауы (Балтық теңізі деңгейінен 532 м). Оның басында Адай батырға арналған 37 метрлік ескерткіш орнатылған. 2007 жылы Адай батырдың құрметіне «Отпан тау» тарихи-мәдени кешені ашылды. Мұнда екі стела бой көтерген, олар Адай атаның (Адай руының бабасы) екі ұлын (Құдайбеке мен Келімберді) бейнелейді. Сонымен бірге, Ұлы қаншық қасқырдың мүсіні орнатылған».
Бұл мәліметтерге назар салсақ, Амал мерекесінің тарихы әріден бастау алатын тәрізді. Нақтыласақ, көрісу де тек адайларға тән дәстүр. Алайда жалпы қазаққа жаттығы жоқ. Тіпті осы көрісуді күнделікті амандасу рәсіміне кіргізіп жіберсек те жарасар еді.
Отпан таудан ары астық. Ақтауға баратын күре жолға түстік. Жолсерігім: «Қазір Қарақия ойпаты бастау алады. Бұл ойпат әлем бойынша бесінші орынды иеленеді», — деді.
Жол шетіндегі тақтайшаға көзім түсті. Шынында да Қарақия ойпаты теңіз деңгейінен 132 метр төмен екен.
Төмен құлдиладық. Жолсерігім: «Құлағыңыз бітелген жоқ па?» — деп сұрап қояды.
Құлаққа мән бергенім жоқ. Өз ойыммен болып кеттім. Үстірт мәнін түсіне бастадым. Маңғыстаудың бір жағы — ой, екінші жағы — қыр. Сол қыр — Үстірт делінеді. Ол Үстіртің Бекет ата мешітінен бастау алады.
Ойды көрдік. Енді қырға шығу керек. Шықтық. Ол енді бөлек әңгіме.
Бекет атаға бет түзедік. Жаңаөзеннің төбесі көрінгенде жолдың екі шеті мұнай өндіру қондырғыларына қаптап кетті. Еріксіз «Уау» деп жібердім. Сосын қасымдағы екі жолсерігіме: «Өздерің байсыңдар ғой», — деп қойдым. Екеуі де тіл қатқан жоқ.
Ғаламторға үңілдім. Жал-
пы Маңғыстау облысының аумағында өндірілетін 725 млн. тонна өнеркәсіптік санаттағы мұнай қоры, 5,6 млн. тонна конденсаты бар 70-тен астам кен орындары ашылыпты. Бұл кен орындарының жартысына жуығы пайдаланылуда екен. Олардың көпшілігі игерудің соңғы сатыларына өтіпті. Қалдық қорлардың басым бөлігі алынуы қиын кен орындарына жатады екен. Ең ірі кен орындар – Өзен, Жетібай, Қаламқас, Қаражанбас…
Қанша тырысқаныммен өзімді алдаусырата алмадым. Әңгіме Жаңаөзен оқиғасына қарай ойысты. Бәрі де бір жігіттің бухгалтерияға барып, жалақысы туралы анықтама алмақ болғанынан бастау алыпты. Өзендегілер әлгі анықтама үшін оны Астанаға жіберген. Ал ол жерде берілген айлығы туралы анықтамадағы қаржы көлемі қолына алып жүрген жалақысынан бірнеше есе артық болып шыққан. Біреулер барлық жұмысшылар жалақысы үстінен қырқып алып отырған ғой. Жасырын бухгалтерия құпиясы ашылған соң жұмысшылар өре көтерілген. Соңы… Оны білеміз.
Тағы да ғаламторға үңілдім.
«ҚазМұнайГаз» мәліметіне көзім түсті.
«Бүгінгі күні дүниежүзілік мұнай қорының 3%-на ие Қазақстан, әлемдегі мұнайға бай 15 елдің қатарына кіреді. Мұнайгазды аудандар еліміздің 62% аумағына орналасқан және 80-нен астамы игеріліп отырған 172 мұнай кен орындарын қамтиды. Мұнай қорларының 90%-дан астамы – Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ, Өзен, Жетібай, Жаңажол, Қаламқас, Кенқияқ, Қаражанбас, Құмкөл, Солтүстік Бозащы, Әлибекмола, Орталық және Шығыс Прорва, Кенбай, Королевское ірі кен орындарына шоғырланған. Кен орындары Қазақстанның 14 облысының алтауында орналасқан. Олар Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Маңғыстау облыстары. Бұл ретте, көмірсутектері қорларының шамамен алғанда 70%-ы Қазақстанның батысында топтасқан».
Иә, байлық жетеді. Жә, байлығы бар болсын. Зиярат жайына көшейін. Мына екеуі де тұнжырап кетті. Жол шетіндегі тақтайшаға көзім түсті. «О, Шопан атаға таяп қалыппыз», — дедім.
Көлік оңға бұрылды. Әуелі Шопан атаның күйеу баласының басына бардық. Тәртіп солай екен. Оның үстіне жол үстінде. Кәдімгі қабір. Пәлендей ерекшелігі жоқ. Алайда есігі аузынан арабша жазуларды аңғардым. Соған орай суретке де түстім. Шопан ата жер асты мешіті де көзге көрініп тұрды. Аттың басын сол жаққа бұрдық.
Шопан ата жер асты мешітінің маңы қорымға айналыпты. Ескі қорым. Өзі мешітімен іргелес бөлмеде дамылдауда. Басында құран оқып, асасын ұстап суретке де түстік. Суретке түсуге, жалпы ол бөлмеге кіруге ұрықсат жоқ екен. Алайда бізге тоқтау салған ешкім болмады. Шырақшысы Шопан ата тарихынан біраз мағлұмат берді. Тарих та емес. Жалпы әулиелерге қатысты ұзын сонар әңгіме. Сөзін бөлуге тура келді. Менің қасымдағы қосай Қасым дос сәлде киіп қоқырайып отқан соң әлгі шырақшы құран оқуға да батпады.
Мен де құран оқыдым. Енді Шопан атаның басына күнде келіп жатқан жоқпыз. Мешітін араладық. Іркес-тіркес екі-үш бөлме. Есігінен еңкейіп кіресің. Мешітке бізден өзге де зияраттаушылар бас сұқты. Оларға да сәлделі адай құран оқумен болды. Маған: «Құран оқыдым ғой, садақаға берген тиын-тебенін алуыма болатын шығар», — деп қояды. Мен: «Осы жерде шамалы аялдасақ біраз қаржы жинап алатын тәріздіміз», — деп қойдым.
Қаржы демекші, Діни басқарма осы көл-көсір қаржы мен әруақ абыройын асқақтататын және сол істері арқылы қисапсыз сауапқа кенелетін игілікті істен саналы түрде бас тартып отыр. Егер Діни басқарма қазақ даласындағы халық тоқтаусыз зиярат ететін барша әулиелі жерлерге иелік етсе, әруақтан медет сұрайтын қазақы таным мен ресми дін үндесер еді. Сол кезде Мүфтият қолдауымен талай әулиелі жердің басы бүгінгі заман талабына сай ретке келіп, шырақшылар мәртебесі де көтеріле түсері күмәнсіз. Бәрінен бұрын халықтың дінге деген сенімі артар еді. Соның бәрін қазір Діни басқарма көтеріп жүрген Ихсанға қатысты бағдарлама аясында жүзеге асыруға болады.
Жә, өз зияратымызға келейік. Мазар ескі. Әр мола басына қойылған құлпытастар да көне дәуірден сыр шертеді. Құлпытастардың өзі әрқилы. Тілін білер адам табылса олар да көп әңгіме айтпақ. Біз де шамалы араладық. Едәуір жерде жатқан Шопан атаның қайынатасының басына барып құран оқыдық. Құдығынан су іштік. Біреулер: «Кейінгі кезде құдықтан су шықпайтын болды», — деп еді, бізге нәсіп болды. Суы түщы екен.
Сол жерде: «Осы зиратта Сүгірдің де моласы бар», — дегенді құлағым шалды. Елең ете қалдым. Сұрастырып көріп едім, қай жерде жерленгенін ешкім дөп басып айта алмады. Оның үстіне зират та кеңейіп кеткен.
Логикаға сүйендім. Зират арасына жол түскен екен. Кейіннен салынған жол. Іштей: «Осы жол қалай да Сүгір жыраудың басына апаруы керек», — деп ойлап қойдым. Қателеспеппін. Тура үстінен түстім. Ұлы жырауға да құран бағыштап, бет сипадық.
Қосай Қасым дос: «Мына тәжтажал кесапатына байланысты адам қарасы азайып қалды. Болмаса бұрын мына жерге дастарқан жазылып, зияраттаушылардың бәріне тамақ берілуші еді», — деді. Мен: «Жолшыбай мұнда бұрылып кеткенімізге Бекет атамыз ренжімей ме?» — дедім. Қасым: «Жоқ, ренжімейді. Шопан атаны Бекет атаның өзі зияраттап тұрған», — деп нық сеніммен жауап берді. Мен: «Әулиелі жерлерді зияраттау сол кісілерден қалған. Мәселен Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың өзі Хорасан атаны зияраттап тұрған. Ал дінді біз олардан артық білмейміз ғой», — деп қойдым.
Іле Бекет атаға аттанып кеттік.
Күре жолға түстік. Бағытымыз — Бекет ата. Іштей «Иә, Маңғыстаудың әр тасы киеге тұнып тұр. Жер асты мешіттері де баршылық. 362 әулиден қалған із де аз емес. Солар мектебінен тағлым алған жергілікті халықтың: «Танысаң — адаймын, танымасаң — құдаймын» дейтін де жөні бар екен-ау», — деп ойлап қойдым.
Шынтуайтына келгенде, бұл — сопылық таным. Байыбына барсақ, адай мен Құдай бір ұғым. Соған орай адайды таныған адам оның Құдай екенін онсыз да біледі. Ал танымаған адам, оның Құдайлық болмысына тәнті болады. Әрине, тәнті болған соң: «Сен кімсің?» — деп сұрары кәдік. Сонда мына сайын даланы мекен еткен қай қазақ та: «Танысаң — адаймын, танымасаң — құдаймын», — деген сөзді айтқан. Бұл — Мансұр Халлаждың: «Мен — Алламын», — деген сөзімен пара-пар тұр. Тән мен болмыс үндескен кезде кім де болсын осы сөзді айтады. Себебі, тән — сүйек, яғни адай, ал, болмыс — ол — Аллалық сипат. Нақтыласақ, Өзі. Тән болмысқа қосылғанда адай құдайға айналады. Сол адайдың қазір тек өзі ғана қалды. Құдайды жоғалтып алдық. Соған орай қазіргі адайлар құдаймын деп айтпайтын болды. Адай сол сөзді айтқан күні қазаққа дін де, шынайы тәуелсіздік те қайта келеді.
Бекет атаға келдік. Құз басынан төменге көз салдым. Сонау төменде зияратшылар жыбырлап кетіп барады. Соларды мына аптапта осынша мехнатты жолды басып өтуге итермелеген қандай күш?! Сол күш бізді де дедектетіп осында алып келді. Ол күштің аты — әруақ!
Біз де бірінші баспалдақты бастық. Жолдың орта шеніне келгенде төбеден маңырап киік түсті. Төменнен де екі-үшеуін көрдік. Қасымдағылар Бекет ата киігінің қарсы алғанын жақсы ырымға балап жатты.
Төменгі сатыға да іліндік. Осы жерде жан шақырып, Бекет ата бұлағынан су іштік. Мешіт жоғарыда көрініп тұрды. Енді бір «Әуп!» десек, діттеген жерге жетеміз.
Жеттік. Шырақшы байсалды кісі екен. Бекет ата, мына мешіт туралы біршама мағлұмат берді. Құранымызды оқып, келесі бөлмеге өттік. Сол жерде біраз дем бастық. Ешқайсымыздың да орнымыздан тұрғымыз жоқ. Жанымыз жай тауып, рахат бір күй кештік. Зияраттаушылар қарасы көбейе бастаған соң амалсыз орнымыздан тұрдық.
Қайтар жол ауыр болады-ау деп ойлағанмын. Жаңсақ ой екен. Қиындығы сезілген жоқ. Оның үстіне әр бұрылыста дем алуға арналған орынжайлар дайындалған. Сол жерде шамалы дамылдаймыз. Құдай абырой бергенде әр дамылдаған жерде алдымыздан салқын самал есіп отырды. Шөл қысып еді, жоғарыдан төмен түсіп келе жатқан бір пірәдар бауырым өзімен бірге алып келе жатқан бір құты мұздай суын қалдырып кетті. Біз де зияратымыздың қабыл болғанын іштей сезініп отырдық.
Іле Бозжыраға аттанып кеттік.
Бекет ата туралы кеңірек қаузауымызды өтінген ұсыныстар түсті. Соған орай Маңғыстаулық Лаура Қожа қарындасым біраз деректер жіберген екен, оны сөз соңында ұсынамын. Бұған қоса Өтеген Оралбай ағамыз тілге тиек еткен мақалаларға да көз салдым. Олардан да үзінді беріледі. Көлеміне шектеу қоймадық.
Әуелі мына бір жайтқа назар аударған жөн. Ел арасында қанымызға сіңіп, сүйегімізге өтіп кеткен: «Пірдің соңы — Бекет, ердің соңы — Есет», — деген әуелгі мәні өзгерген қанатты сөз бар. Байыбына барсақ, бұл — қорлау сөз. Үміті үзілген, болашағы жоқ, тарих сахынасынан көшетін халыққа қарата айтылған. Біз сол сөзді қабыл алып, соған мойынсұнған халықпыз. Алайда өзімізді өзіміз: «Бұл Бекет ата пірлігі мен Есет батыр ерлігін үстемелеу үшін қолданылатын қанатты сөз», — деп қоямыз.
Жаңсақ сөз. Дұрысы: «Пірдің пірі — Бекет, ердің ері — Есет», — болуы керек. Рас, қазақта батыр көп. Бірақ Есет жалғыз. Сондай-ақ пір де баршылық. Алайда пірдің пірі — Бекет. Себебі, құтып. Өзге пірлер сол құтыпқа байланып тұрады.
Жалпы пір — Алланың жібі. Ол жіп үзілсе, қиямет-қайым басталады.
Шынтуайтына келгенде, біз әлгі жалған ұранның зардабын көп көрген қалықпыз. Ең бастысы, пірді жоқ ету арқылы діннің руханиятынан айырылдық. Сондай-ақ батыр-ларымызды жоққа шығару арқылы да ұлттық рухтан ажырап қалдық. Ал тізімге алынған батырлар біздікі емес, Кеңестер одағына телінді. Өзіміздікі: Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Қасым ағаларымыз еді. Оларды да батыр дей алмай тіліміз байланды. Себебі, Есеттен кейін туған. Жалпы жеке тұлғаларды ұлттан жоғары қоюға болмайды. Сондықтан әлгі қанатты сөздің біз ұсынған байырғы нұсқасын қайта жаңғыртқанымыз жөн.
Енді Бекет атамыз туралы айтылған ұлағатты сөздер мен тосын ой, тың деректерге келейік. Әуелгі сөз басын Әбіш ағамыздан бастайық. Ол кісі былайша төгіледі: «Ол – көзінің тірісінде қиянатқа жол бермес Әділдіктің, күпірлікке жол бермес Адалдықтың, қараулыққа жол бермес Шапағаттылықтың, қатыгездікке жол бермес Мейірімділіктің, арсыздыққа жол бермес Парасаттылықтың асқан үлгісін танытқан, елінің жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы бола білген азамат, жаудан елді арашалаған Батыр, дауда әділетті арашалаған Қази, озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған Пірәдар, Әлсізге Медет, Күштіге Айбар, Зарыққанға Жебеу, Тарыққанға Демеу, Асқанға Тосқан, Сасқанға Сая, Ұрпаққа Ұстаз, Ұлысқа Ұран, Ел Иесі, Жер Киесі”
Өтеген Оралбай ағамыз былай дейді:
«Бекет ата жиырма тоғыз таңбалы кіші жүз елінің ішіндегі он екі ата Байұлының Адай тайпасының Мұңал тармағынан тарайды. Атаның әкесі – Мырзағұл, анасы – Жәния. Жәния анамыз, жарықтық, қасиетті Назар қожаның қызы екен (Назар қожа атақты Әбіш Кекілбайдың бабасы Жаңайға бата берген абыз. Сол батадан кейін туған ұлына Жаңай баба Қожаназар деп ат қойған. Әбіш ағамыздың ұрпақтары қазір Қожаназар деген текпен жүр). Мұңалдан Жаулы бөлімі, одан атамыздың Қосқұлағы шығады. Бекет атадан Жайлау, Бәйтелі, Тоғай, Байнияз, Қодар есімді бес ұл және Маңдайлы, Ақмаңдай деген екі қыз тарайды. Олардан тараған ұрпақтар қазақ жерінің төрткүлінде тірлік кешіп жатыр».
«Рухани жаңғыру» бағдарламасында «Жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс».
«Бұл жұмысты өз бетімен жіберуге болмайды, мұқият ойластырып, халыққа дұрыс түсіндіру қажет.
Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек».
«Абай» сайтына да көз салдым. Онда Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы дейтін Маңғыстаулық Бекеттанушы мынандай ой айтыпты:
«Қазіргі көптеген зерттеушілердің тұжырымы бойынша Бекет ата Маңғыстаудың «360 әулие» қатарына кірмейді. Ежелгі шежіре-дастандардың бәрінде бұл жер «360 әулиелі киелі Маңғыстау» деп аталған. Демек, ол әулиелер Маңғыстауда Бекет атадан бұрын болып өткен. Ел аузы қазір олардың қатарына Бекет пен Саназар әулиелерді қосып 362 дейді».
Ол кісінің мына пікірі де көкейге қонымды: «Атамыздың есіміне Ата деген ұғымның қосылуы сөз түсінген адамға аса ұлы құрмет. Тікелей мағынасы «қанға сіңген қағида бойынша» бүкіл халық болып Адам атаның есімін Бекет атамызға лақап (мақтау) есім ретінде еншілеп, сен Адам атаңа лайық ұлсың, ұрпаққа атасың деп отыр. Күнделікті тіршілікте жасы үлкен қариялардың барлығында ата деп құрметтегенімізбен, «о дүниелік» болғандардан Ата есімін иемденгендер Маңғыстауда аса көп емес. Олардың қатарына Ман ата, Шақпақ ата, Шопан ата, Қошқар ата, Масат ата, Дәуіт ата, Қосай ата, Есен ата, Сейсем ата, Исан ата, Қараман ата, Құсан ата, Табын ата, Тұрыш ата, Шағырық ата, Ұшқан ата, Түкті ата, Құсшы ата, Бейнеу ата, Дармен аталар жатады. Қалған әулие-қорымдарға «Ата» деген ұлы ұғым қосақталып айтылмайды».
Енді сөз соңын нақтылы деректермен түйіндейік: Пір Бекет ата Мырзағұлұлы 1750 жылы қазіргі Атырау облысы Жылыой ауданына қарайтын Ақкиізтоғай ауылынан 30 шақырым қашықтықта, Жем бойындағы Ақмешіт деген жерде дүниеге келген. Шығу тегі: Адай – Келімберді – Мұңал – Жаулы- Қосқұлақ – Жаналы. Жаналыдан бес бала: Атағұл, Өтеғұл, Еділбай, Жарылғап, Мырзағұл. Бекет атаның әкесі – Мырзағұл, анасы – Жәния. Олардан төрт ұл: Алдаберген. Алдыоңғар, Меңдіғұл, Бекет. Бекет атаның анасы – атақты Назар қожаның қызы. Кәрі нағашысы – Тама Есет Көкіұлы қалмаққа қарсы соғыстарда елге танылып, батыр атанған ұлы тұлға.
Бекет ата жастайынан білімге құштар болып өседі. Ол Хиуаға аттанарда, әкесі оған әуелі Шопан атаға барып зиярат етуді тапсырыпты. Ол Шопан атаға үш күн түнеп, түсінде Шопан ата Хиуа шаһарындағы Бақыржан қожа деген ғұламадан дәріс алуына аян беріпті. Бекет ата 14 жасында Хиуадағы «Шерғазы хан» медресесінде Мұхаммедұлы Бақыржан Пірден 7 жыл дәріс алады. Бекет ата 16 жасында алғашқы билігін айтып, ақсақалдарды аузына қаратады. Сөйтіп, Бекет ата 21 жасында елге оралып, «сақып кемел» атанып, шатырхат алып, елге келген соң Ақмешіттен алғашқы мешітін салып, бала оқытады. 22-23 жасында жау жасағын қасиетімен қайтару арқылы ұлысқа ұран болып, қашқан да «Бекет!», қуған да «Бекет!» дейтіндей дәрежеге жетеді. 24 жасында қазіргі Ескі Бейнеудегі мешітін қаздырып, 28 жасында Оғыландыдағы мешіт құрылысын бастайды. 40 жастан асқан уақытында Хиуадағы шайхы-пірлердің алқалы жиынында арнайы сынақ тапсырып, пірлік дәрежесін алады. Яғни «Бекет сұпы», «Пір Бекет» атанады.
Пір Бекет ата ежелгі дәстүр бойынша көптеген елді мекендерде мешіттер мен медреселерге арнап ғимараттар салған сәулетші. Ел аузындағы әңгімелерде мешіт саны – жетеу, нақты белгілісі бесеу. Ол мешіттер – Жем өзенінің бойындағы Ақмешітте, Құлсарыға жақын жерде. Әктасты жартасқа қоржын там етіп ойып жасалған шағын ғимарат. Оның басына кейін қос кесене тұрғызылған. Ақмешітте атасы Жаналы, әкесі Мырзағұл мен анасы Жәния, баласы Тоғай, күйеу баласы Шорман жерленген.
Арал теңізі жағасындағы Баялыда, ескі Бейнеуде, Бозашы түбегінің Каспий жағалауындағы Тобықты деген жердің шығыс бетінде және Оғланды тауында орналасқан. Мешіттер сол кезеңдердегі Адай халқының көшіп-қонған және орналасқан жерлерін білдіреді. Бекет атаның Ақмешіттегі мешіті 18 ғасырдың бірінші жартысындағы адайлардың мекендеу орталығы болса, Оғландыдағы бас мешіт Үстірт пен Маңғыстаудың, яғни жергілікті халықтың тілімен айтар болсақ, жоғарғы Адай мен төменгі Адайлар мекенінің шектесер тұсында және бүкіл Арал-Каспий аралық аймағының орталығы болып табылады. Екіншісі — Ескі Бейнеуде, ұлутасты шатқалға қашалған. Бөлмелері құлап, үгітіліп, байырғы қалпын жоғалта бастаған. Бейнеудегі мешітте ағасы Меңдіқұл мен шөбересі, түбекке танымал Самалық әулие жатыр. Ал Баялыдағы ескерткіш-ғимараттың жай-күйі мәлім емес.
Бекет Атаның өмірінің соңғы кезінде тұрғызған мешіті Маңғыстау облысы Қарақия ауданының Жаңаөзен қаласынан оңтүстік-шығыс бағытта 180 шақырым, Сенек ауылынан солтүстік-шығыс бағытта 95 шақырым қашықтықта орналасқан. Мешіт табиғаты көркем Оғланды жеріндегі ақ-бор тасты тау шатқалының терең орта қабатынан ойып жасалған. Таудың биік басынан төмендегі мешітке дейінгі аралық 2 шақырымға жуық жол. Жоғарыдан төмен қарай ылдилап, тасты төсеніштермен арнайы жасалған жолмен, әсем табиғатты тамашалап, таудың қырлы етегін тырбаңдап өскен жыңғылдарға көз тастап жер асты мешітіне ақырындап жетуге болады. Оғыландыдағы ғимарат жақсы сақталған. Жерасты ғимараты маңында Бекет ата пайдаланған бұлақтар мен құдықтар бар. Таудың шатқалынан ойып жасалған мешіт құрылысы төрт бөлмеден тұрады. Бекет ата мүрдесі осы бөлмелердің бірінің іргесіне қашап орналастырылған. Төргі бөлмеде қасиетті сырық ағашы бар. Бекет атаға бару үшін зияратшылар жалғыз ғана соқпақ жолмен барып, тәу етеді. Ескерткiш кiре берiс дәлiзден, дұға оқитын залдан, тұрғын бөлмеден, қабiрханадан тұрады. Ортаңғы бөлменiң төбесiнде жарық түсу үшiн жасалған саңлау. Оны арқардың мүйіздері жапқан. Мешіт ішінде әйел адамдарға арналған жеке орындар да бар. Оған тағзым етіп, сауап тілейді.
Пір Бекет ата бұл мешіт-медреселерде құдайға құлшылық еткен, бала оқытқан. Бекет ата өз шәкірттеріне ислам дінін, математика, физика, астрономия, алхимия пәндерінен дәріс берумен қатар, халықтық медицинаның қыруар салаларын да үйреткен.
Бекет ата бала кезін Жем бойындағы Ақмешітте, ал өмірінің соңғы жылдарының көбін осы Оғыландыда өткізген. Бекет Ата 1813 жылы 63 жасында өмірден өтті.
Пір Бекет ата бір мезгілде бірнеше өлшемде өмір сүрген. Әулиенің кереметі хақ демекші, бізге жеткен аңыздарда Бекет атаның қара аққу болып ұшуы, шын мәнінде, оның осы өлшемдер дәргейіне жеткенін білдіреді. Бекет ата сонау қиырда жатқан Маңғыстаудың ойынан Бұқарадағы таңғы намазға аққу болып ұшып келіп, қатысып, жұрттың бәріне көрініп, қайтадан ұшып кетіп отырған. Тіпті Бекет ата жайылып жүрген киіктерді қолымен ишара жасап қайырып әкеліп, сауып алып, сауырынан сипап қайта жібереді екен.
«Шариғат базарында сайрандағам, Мағрипат бақшасында жайрандағам, Тариқат сарайында сайрандағам, Хақиқат есігін аштым, міне» – деп, Қожа Ахмет Яссауи бабамыз жазып кеткендей, дүние төрттігінің төріне шыққан Пір Бекет атаның сопылық жолдағы қасиетті қызметі болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге. Бекет атадан қалған киелі заттары: асатаяғы, тымағы, кітабы бар. Мұның бәрін ұстазы Бақыржан қожа Бекет атаға еншіге беріп кеткен екен деседі. Әсіресе, көк түсті аса таяқтың қасиетін ерекше көрсеткен: «Шаршасаң көлік, шөлдесең сусын, қорықсаң қару, тоңсаң панаң» деген. «Көк аса» аталуының да себебі болған, екі сөзден құралған, Көк-аспан, ал «Аса» маңызды, қажетті деген ұғымды білдіреді. Яғни көктегі күштермен, аруақпенен байланыс үшін керектігін білдіреді.
Пір Бекет атаның әулиелік дәрежесі құтыб болған. Оның әулиелігін басқа әулиелердің мойындауы туралы ел арасында көптеген аңыздар бар.
Сондай-ақ, Пір Бекет ата дауда әділетті арашалаған Қази болған. Көршілес отырған ел ішіндегі дау-дамайларды шешуде, халықты бейбіт өмір сүруге үгіттеуде Бекет атаның еңбегі ерекше. Солардың бірі Қараман Ата басындағы түрікпендер мен анттасу оқиғасы. Қожаназар байдың Қошан деген кенже ұлы Антқа тігілгенде, Пір Бекет ата Аллаға жалбарынып: «Уа Құдайым, біз айыпты десең, бізді ат, қара айыпты десең, қара атты ат!» дегенде, қара ат антқа керілген ала арқаннан аттай бере құлапты да, Қошанның астындағы ерінің алдыңғы басына шаншылған біз тұрған жері ұшып кетіпті. Аттан құлаған сәби Қошан бір аунап барып қайта тұрады. Бұған көнбей дау шығарған жақ: «Басына келіп Ант ұстасып тұрған Қараман әулие тегіне тартып қазақтарға жақтасып кетті. Көне Үргеніштегі Шикабір әулиеге барып, қайта анттасамыз!» деп қиқу салған. Сонда Бекет ата: «Айтқандарыңыз болсын, ертең таң намазында сонда кездесейік» — деп қара киімді Қошанды алдына алып, қара сәйгүлікпен ұшуға қомданғанда, дауласқандар: «Бұлай құдыретін көрер көзге асырып тұрған жұртпен тайталасып болмас!» – деп бір мәмілеге келген екен. Жауласып жүрген екі ел осылай татуласыпты.
Пір Бекет атаның Аллаға құлшылық жасап, оқыған дұғасы қабыл болып, оның сопылық дәуірінде Алланың жәрдемімен ел ішінде алауыздық келеңсіздіктер, еларалық жаугершіліктер, табиғат апаттары, жер қуаңшылығы, малда індет, адамдарда елді күйзеліске ұшырататын тырыспа, шешек сияқты аурулар болмаған.
Бекет атаның өзі көзінің тірісінде «Маған келетін кісі ең әуелі жолдан Шопан атаға соғып, тәуап етсін» деген өсиет қалдырған.
Пір Бекет атаның жиі қолданатын өнегелі өсиет сөздері:
1. Тек қана бір Аллаға сыйыныңдар!
2. Аллаға зікір салыңдар!
3. Ата-аналарыңды сыйлаңдар!
4. Жақындарыңды сыйлаңдар, жат жанынан түңілсін!
5. Біреуге қиянат, не озбырлық жасап, тұрып менің атымды атамаңдар!
6. Қарқараға жандарың келгенше менің атымды ауызға алмаңдар, өте қиын жағдайда жәрдем сұраңдар!
7. Бейнетіңе сабырлық қыл, ал рахатыңа шүкірлік қыл!
8. Жақсыны өзің үшін, ал жаманды ел үшін сыйла!
9. Тек жүрсең, тоқ жүресің!
10. Ниетің жолдас болсын!
11. Елді, жерді, діл мен дінді, салт-дәстүрді көздеріңнің қарашығындай қорғаңдар! – деген өсиет сөздері кейінгі ұрпаққа үлгі болды.
Әулие Пір Бекет атаның өмірден өтер алдында халқына айтқан соңғы өсиеті: «Басыма ит сарытып, басындырма. Жаттың табаны таптамасын». Әулиенің бұл өсиеті бұлжытпай орындалыпты. Қазір Пір Бекет атаның басына баратын жалғыз аяқ соқпақ қана бар. Ол соқпақтан басқа еш жерден пенде баласы маңайлап бара алмайды.
Міне, 270 жылға таяу уақыттан бері осы Пір Бекет атаның орнына келіп, әулиенің рухына бас иіп, тағзым етіп, бірі ауруына шипа, енді бірі жанына жайлылық, істеріне сәттілік іздеп толассыз келіп жатқан зиярат етушілерді апаратын соқпақ жол дамыл көрген емес.
Сопылық жолдың пірі, әулиелік қасиеті жұртының көз алдына көрінген, «кемел адам» дәрежесіне жеткен Пір Бекет атаның өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ғана емес, мәртебелі мектеп, мінәжатты дәрі болары хақ.
Бозжыра шатқалының қай маңда екенін біліп алғанбыз. Бекет атаға алып баратын күре жолдан онша қашық емес. Жабайұшқан тауының маңына келгенде оңға бұрыласың. Содан он шақырымдай жерді қара жолмен шоқақтасаң, Бозжыраға жетіп барасың. Көлікке обал. Шаңға көміліп қалады. Сол қара жолға түскенде билік тарапынан жол салу туралы ниеттің де болмағанын аңғару қиын емес. Алайда Бозжыраны көргісі келетіндер қатарының аз еместігін ойылған жол тереңдігінен де бағамдауға болады.
Жолдың жайсыздығы шіли алаңдата қойған жоқ. Есіл-дертім Бозжыраға тезірек жету. Оның үстіне Бекет атаға жеткізетін күре жолдың салынғанына да көп бола қоймапты. Бәрі де: «Әулиелі жерге қиналып бару керек», — дегенге саятын дүмшелік түсініктің кесірі. Сол ой шылауынан шыға алмаған кейбіреулер қажылыққа да жаяулап барып жатады. Алайда, заманауи технология жетістігін тым асыра пайдаланатындар да кездесіп қалады. Мәселен, Қағбаны тікұшақпен жеті рет айналып, тәуап (бұл — қажылық парыздарының бірі) жасағандарды да көзіміз көрді. Бұлайша қажылық парызды өтеудің шариғатқа қаншалықты сай келетінін білмедім. Әйтсе де өзім қабылдай алмадым.
Тікұшақ демекші, Бекет ата мешітіне таяу маңда да тікұшақ қонатын алаңқай бар екен. Әңгіме барысында зияраттаушылар: «Елбасы тікұшағы осы жерге қона алмапты. Ата қош көрмеген ғой», — деген сыңайда сөз өрбітіп жатты. Бұл әңгіменің ұдайы қайталанып отыратынын іштей сездім. Сондықтан өз ойымызды ортаға шығарайық. Байыбына барсақ, табиғаттағы тосын мінез әруақтың оянғандығының белгісі. Ол — зияраттаушы зиратының қабыл болғанының айғағы. Нақтыласақ, әруақтар тоғысы. Табиғи құбылыс зияраттаушы мәртебесіне орай көрініс береді. Жалпы әруақ жебемеген адамды түйе үстінде де ит қабады.
Жабайұшқан тауы туралы да мағлұмат бере кетелік. Жабай дейтін аңшылыққа бейім бір кісі сол тау шатқалына ұя салған құстың балапанын алмақ болады. Соған орай ұяның төбесінен баласының беліне жіп байлап, төмен түсіреді. Алайда жіп үзіліп, бала төмен құлайды. Баласынан айырылғанына опынған Жабай өзін таудан лақтырып жіберген екен. Әйтсе де шұбатылған жіп бір тасқа ілініп, бала аман қалған көрінеді.
Жә, Бозжыраға келейік. Қара жолының өзін біршама сөз еттік. Енді сөз етпеске де болмайды. Бозжыра — ескерусіз қалатын жер емес. Ол — «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енген. Демек биліктің назарында болатын-ақ жөні бар.
Бозжыраға жоғарыдан да, төменнен де баруға болады екен. Біз жоғарғы жолды таңдадық. Міне, Бозжыраның да төбесі көрінді. Мына сұлулықты көргенде тілім байланып қалды. Қай жаққа қарарымды білмеймін. Әйгілі Бозжыра шоқылары көзіме түсер емес. Айналамның бәрі ғажап бір әлем. Оңға, солға бір қараймын. Іштей жоғарғы жолмен алып келген Берік жолсерігіме алғыс айтып қоямын. Төменнен мына сұлулық байқалмас еді.
Бозжыра шатқалын бойлап жүріп келемін. Айналаның бәрі мың бояу. Міне, акула тісіне ұқсас Бозжыра шатқалы. Акула демекші мына аймақтың бәрі бір кезде мұхит табаны болған ғой. Берік осы Бозжырадан табылған акула тісін де көрсеткен.
Ғалымдар да: «Бозжыра 5 миллион жыл бұрын ежелгі Тетис мұхитының табанындағы әктас шөгінділерінің көтерілуінен, мұхиттың тартылуынан пайда болған», — деген пікір айтады. Айналаңа көз салғанда ғалымдар пікірін бекер дей алмайсың.
Бозжыраға алғаш рет көпшілік назарын аударған белгілі эстрада әншісі, марқұм Батырхан Шүкенов болатын. Ол өзінің «Сағым дүние» атты әнінің бейнебаянын дәл осы Бозжыра шатқалы мен Алматы облысындағы «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде түсірген еді. Сол бейнебаянды түсіру үшін тікұшақ пайдаланылғаны да кезінде талай әңгімеге арқау болған. Ол кезде Бозжыраға қарағанда тікұшақтың абыройы басым еді.
Қазіргі әншілерге рахат. Дронды көкке көтерсең болды, бір бейнебаян дайын. Реті келіп тұрған соң қонақ үй мәселесін де қаузай кетелік. Егер қонақ үй болса, өз басым сол жерге аялдар едім. Сол қонақ үйде адай шәйімді ішіп отырып, Алланың мына ғажайып сыйына таңертең де, кешке де, түнде де назар салар едім. Оған қоса, біз де әлем жұртшылығына өркениет көшіне ілескен ел екенімізді танытар едік. Қарадай шала бүлініп: «Табиғат сыйын сол қалпы сақтап қалайық», — дейтіндерге күлкім келеді. Әлгі белсенділер осыған дейін Бозжыраның бар екенін де білмейтін. Кейбіреулер: «Егер Бозжыраны шектен тыс дәріптейтін болсақ, Бекет атаны зияраттаушылар азайып қалады», — дейтін көрінеді.
Бос сөз. Бұл тұрғыда Берік: «Атаның басына баруды ниет еткендер Бозжыраға қонақ үй емес, алтын сарай салсаң да бұрылмайды», — деді. Сөз-ақ.
Бозжырадан кейін Қызыл күпке бұрылдық. Ол енді бөлек әңгіме.
«Шебер құдай!». Егер Маңғыстауға жолың түссе, бұл сөзді сан рет қайталайсың.
Салыстырмалы түрде алғанда, Маңғыстау — алақандай ғана жер. Оның үстіне, жалпы түсінікте, тау-тасты, шөлді аймақ. Соған орай Алла Тағала Маңғыстау жерін сұрқай бір бояумен сүйкей салса, ешкім де ренжи қоймас еді. Сонда бәрі мәлім болады. «Шөлді аймақ-қой» дейсің де қоясың.
Маңғыстау туралы жалпы түсінік осы ойдан алыс ұзай қоймайды. Бірақ ақиқат мүлде басқа. Жаратушы иеміз осы өңірге назар салғанда жердің астын да, үстін де қазынаға толтырып жіберген. Алла Тағала мына сайын даланың қалаған жерін ойып алады да, сол жерге Өзінің шексіз мүмкіндік иесі екенін көрсетеді. Сондай жердің бірі — Қызыл күп. Су жиылған жерді күп дейтін көрінеді. Бірақ мына жер бетінде су жиналатын жерлер аз емес. Солардың бірде біреуі жер бетіне бұлайша өз өрнегін сала алмайды.
Жер бедері әрқилы. Қызыл, сары, көк, ақ… Бірінің үстіне бірін қашап, қолдан орналастырған тәрізді. Жыралар, жарқабақтар өз алдына бір сән. Көз алмай қарап отыра бересің.
Қызыл күптің қалай пайда болғаны туралы әрқилы әңгімені құлағым шалды. Ешқайсысын да теріс дей алмаймын. Алайда өз тұжырымым бар. Ол — Құдайдың құдыреті. Мынандай сұлулықты табиғи құбылыстың біріне балай салу — ақымақтық. Тіпті әлгі «табиғи құбылыс» ғылыми тұжырым болса да. Егер байыбына барсақ, барлық ғылыми тұжырымның арғы жағында әруақ әлемі бар. Ал әруақ — Алланың әскері. Демек барлық жаратылыста Алла жасырын тұрады. Тек сол қүпия заңдылық Маңғыстау даласында ашық көрініс береді. Маңғыстаудың сұлулыққа тұнып тұрғаны сондықтан.
Бір күнқағары бар жерге аялдап, шәй іштік. Шәй демекші, шәйды адайлар сынды ішетін қазақ кем. Өзім де шайқор қазақтың санатына жатамын. Шайқор болғанда да кәсіби шайқормын. Шайдың бабын бір қарағанда ажыратамын. Шешемнің оң жағында жамбастап жатып, шәйді сілтеуші едім. Бүкіл ауыл әйелдерінің ортасында талай самаурынды түгескенбіз. Ауылдағы бүкіл құпиялы әңгімелерді білуші едім. Сол апа-жеңгелерім, көрші-қолаң мен Алматыға оқуға аттанғанда: «Бұл ол жақта шәйсыз қалай өмір сүреді?»- деп уайымдаған болатын.
Сол шешемнің шәйын Ақтаудан таптым. Алғашқы күні-ақ шәйға назарым ауды. Кездейсоқтық қой деп ойладым. Алайда жалпы жұртшылыққа шәйға деген өз көңілімді білдірдім. Айнаш құдашам: «Ертеңгі шәйды өзім дайындаймын», — деді.
Ертеңгі күн де келді. Шәй құйылды. Дәмін алдым да басымды көтердім. Айнаш құдашам да назар салып отыр екен. «Нағыз адай шәй», — дедім. Сосын: «Бұл шәйді «Айнаш шәй» деп атауға ұрықсат етіңіз», — деп қойдым. «Дайындау технологиясын жазып берерсің» дегенді айтуды да ұмытқаным жоқ.
Одан кейін де бірнеше үйге бас сұқтым. Тіпті сонау Форд-Шевченкодан да дәм таттым. Барлық жердегі шәйда бір дәм. Ол дәм тек «адай шәйда» ғана бар. Ол да бір бояу.
Менің сопы бауырларым еліміздің барлық аймағында бар. Олардың қатары Маңғыстауда да аз емес. Сол бауырларыммен дастарқандас болуға бір-екі сағат уақыт таптым. Егер уақытқа шектеу қоймасам, өзге шаруаның бәрі қалар еді. Сопылар әлемі басқа бояудың бәрін басып кетеді.
Алшын бастаған пірәдәрлар Мұхамметхан інім екеумізді қонақ ретінде күтіп отыр. Мен өз тарапымнан сол Ақтауда оншақты жылдан бері тұратын Шымкенттік бір досымды қатарымызға қостым. Алшын «Әңгімелері жарасады ғой» деп ойласа керек, қонақтар қатарына Тараздық бір пірәдәрды қосыпты.
Шәй үстінде оңтүстіктер әңгімені гөйітіп отыр. Адайлар тым-тырыс. Тек Алшын ғана анда-санда сөзге араласады. Оның өзінде де: «Жақсы келдіңдер ме?», «Шаршаған жоқсыңдар ма?», «Тамақтан алсаңдаршы», дегеннен әрі аспайды. Өзі менің баламмен қатарлы. Бірақ әңгімесі түйеден түскендей. Алайда ойында түк жоқ. Пірәдәр ғой. Ыздиып отыр. Іштей: «Сопылық әдеп те адайлардың мінезіне әсер ете қоймайды екен-ау», — деп ойлап қойдым.
Маңғыстау жеріне табаным тигеніне екінші күн болғандықтан адайларды әлі жете тани қоймағанмын. Осының алдында Қуаныш құдамның сонау тоқсаныншы жылдары Шымкентке барған сапары туралы әңгімесін естігенмін. Ол әңгіме де Маңғыстау халқы туралы ой түйуіме біршама әсер еткен.
Сонымен менің Қуаныш құдамның Шымкентке жолы түседі. Оны-мұны шаруамен базарға соғады. Өзі әңгімесін: «Базарға барсам, бір жігіт қауын сатып тұр екен», — деп бастайды. Мен оған дәу бір торала қауынды көрсетіп: «Мына қауын қанша тұрады?» — дедім. Ол: «Жиырма бес теңге», — деді. Мен: «Ендеше тарт таразға», — дедім. Ол: «Не үшін?» — деді. Мен: «Салмағын білмейміз ба?» — дедім. Ол: «Сізді қауынның салмағы қызықтырады ма?» — деп сұрады. Мен: «Жоқ, мені қауынның салмағы емес, бағасы қызықтырады», — дедім. Ол: «Бағасын айттым ғой», — деді. Мен: «Сонда қанша болады?» — дедім. Ол: «Жиырма бес теңге», — деді. Мен: «Онда тарт таразға», — дедім. Ол маған біраз аңтарыла қарап тұрды да: «Сізге қауынның салмағын білу не үшін керек?» — деп сұрады. Мен: «Сатып аламын», — дедім. Ол: «Ендеше алмайсыз ба?» — деді. Мен: «Бағасы қанша?» — деп қайталап сұрадым. Ол: «Жиырма бес теңге», — деді. Сол кезде барып басыма сәл-пәл саңылау кірейін деді. Сол-ақ екен: «Бір қап қауын қанша тұрады?» — дедім. Ол: «Өзіңіз көйлек алатын адамдай болдыңыз ғой. Аласыз ба, жоқ алмайсыз ба?» — деп ашу шақыра бастады. Мен оның қолына екі жүз теңге ұстаттым да әлгі торала қауынды алып, тайып тұрдым. Қауын сатушы жігіт артымнан аңтарыла қарап қалды», — деп Қуаныш құдам әңгімесін аяқтады.
Сол кезде де: «Әр елдің салты басқа» деген осы екен-ау», — деп ойлап қойғанмын. Сол шәй үстінде Атырау халқының Маңғыстаулықтардан бөлек екенін білдім. Бекет атаға зияраттаушылар әңгімесінен Орал-дықтардың да өздеріне тән әдет-ғұрпы мен салт-санасы бар екендігіне көз жеткіздім. Ақтөбе де сондай. Біз болсақ: «Батыс өңірі», — деп барлығын бір қазанда қайнап жатқандай көреміз. Болмаса бір өңірде жатқан сол төрт облыс бір-бірімен ұшақ арқылы қарым-қатынас жасап жатады. Бірақ соған мән беріп жатқан адам аз. Егер байыбына барсақ, қазақтың әр руына тән өзіндік мінез бар. Ол мінезге сол мінезді қалыптастырған туған жер табиғаты да әсер етеді. Адайлардың кімге де болсын «Сен» деп сөйлейтіні сондықтан. Егер «Сен» демесе, онда адай емес. Тіпті Маңғыстаулық емес. Дұрысы — Батыстық емес.
Тамшалы — Ақкетіктен отыз шақырымдай жерде. Ақкетік — Форт-Щевченконың байырғы аты. Ту сыртынан ауыл екі ақ шоқы арасынан көрінетіндіктен Ақкетік аталып кеткен. Қазір қала мәртебесінен айырылып қалыпты. Мен: «Қала тұрғындары көше бастаған ба?» — деп алаңдаушылық білдіріп едім, жергілікті тұрғындар: «Бар мәселе санақтың дұрыс өтпеуінде», — деп түсіндірді. Мәселен, теңіз жағалауындағы екі ауыл халқы санақтан тыс қалған. Соған орай Форт-Щевченко қала мәртебесінен айырылып қалған. Бұл деген жергілікті әкімшілік қала халқына тиесілі бюджеттен қағылды деген сөз. Ал оның қала халқы тұрмысына әсер етері күмәнсіз. Осылай кете берсе, қала ажарына да нұқсан келмек.
Жалпы маған қала ұнады. Әсіресе Иса мен Досан батыр ескерткіштеріне тәнті болды. Ескерткіш орны да керемет таңдалған. Әйтсе де жігіттермен әңгіме барысында екі батырға да насиқаттың жетіспейтіндігін аңғардым. Соған орай әріптесім Маңдайлының адайдың қос батыры туралы қысқаша мағлұматын келтіре кетейін:
«Иса мен Досан — Маңғыстау қазақтарының 1870-73 жылдарғы Ресей империясының озбырлық саясатына қарсы күресінің
басшылары. Ескерткіш авторы жергілікті мүсінші Көшер Байғазиев».
Мүсінші Көшер Байғазиевке мың алғыс! Жалпы қаланың өзіне тән тыныс-тіршілігі бар. Жұмыс орны да жеткілікті. Теңіз жағалауында шетелдік биржалар сап түзеп тұр. Демалыс орындары да баршылық. Теңіз де көз тартады. Мөп-мөлдір. Тіпті Ақтаулықтардың өзі теңізге түсу үшін осында келеді екен. Бір қызығы, бар өмірі осы теңіз жағасында өтсе де, суға жүзуді білмейтін де жергілікті тұрғындар бар екен. Сірә ол да теңіздіктерге тән құпияның бірі-ау. Болмаса шолақ арық жағасында өскендер де суда шортанша жүзеді. Ал теңіздің жөні бөлек. Оған тек аяғыңды маласың. Тағы бір таң қаларлығы, теңізден онша қашық емес жерді шамалы қазсаң, мөп-мөлдір тұщы суға тап боласың. Ондай тұщы сулар теңіз ортасындағы барлық аралдарда бар.
Тамшалының жолы ойлы-қырлы екен. Жол бойы теңіз жағалауында қалып қойған ескі ауылдың жұртына тап болдық. Билік халықты осы жерден алпысыншы жылдары көшірген екен. Сол маңнан оңға бұрылсаң, Тамшалы онша қашық емес. Айналаның бәрі тау-тас. Джип болмаса, өзге көліктің жүруі қиын. Тамшалы — таудың қойнауы. Үңір емес. Төбедегі жартастар да сондай бір әсемдікпен орналастырылған. Бәрі де қолмен қойғандай. Әр тас, әр шың, әр ағаш бұтағы тылсым бір құдіретке бағынып тұрған тәрізді.
Бұл — Тамшалыға алыстан көз салғандағы алғашқы әсер. Түбіне таядық. Тастар, әлде жер бедері, бірінің үстіне бірі қаланып қалған тәрізді. Сол қаланған тастар арасынан су тамшылап тұр. Төбесі құрғақ. Айналаның бәрі тау-тас. Судың қай жақтан келіп жатқаны белгісіз. Суы тұщы. Ішіп көрдік. Мұздай тамшы су астында үн-түнсіз тұрғанның өзі бір ғанибет. Атам қазақ: «Тамшы — тас жарады» дегенді осы Тамшалыға қарап айтқан екен-ау», — деп ойлап қойдым. Әйтсе де Тамшалының да қамқорлыққа зәру екендігі аңғарылып-ақ тұр. Басы лас. Кездейсоқ жолаушылар ойына келгендерін істеп-ақ баққан. Тамшалы тарихын жергілікті тұрғындардың өздері де білмейді. Тіпті көбісі бұл жерге келмеген де. Сол келмегендер қатарында билік те бар. Сірә, Тамшалы бекер жыламайды-ау!
Бір адайдың адуынды қатыны оңтүстікке ұзатылған қызына қарата:
«Тайдай тулаған бекіренің бел кеспесін жемей, балдай татыған сорпасын ішпей, мұрыныңды шүйіруші едің, бұл күнде қоңырсыған қой сорпасына қор болдың-ау», — деген екен. Ол қатынның көңіл ауанын бекіре сорпасын ішкен адам ғана түсінеді.
Біз іштік. Асылған етін де жедік. Қуырылған, кептірілген балығының да дәмін таттық. Байқасам, мына Ақкетік халқы бекіре етіне кекірік атпаса да бұйырған нәпақадан кенже қалып жатпағанға ұқсайды. Сыртқа саудаға шығармаса да қонаққа ұсынар балық қай үйден де табылады. Бұл ауылда бекіренің тұмсығын бір сипап-ақ икрасының бар, не жоқ екенін білетін әккі балықшылар да бар екен. Бірақ жергілікті тұрғындар сол икраңа соншалықты бір қызығушылық таныта қоймайтын тәрізді. Оның үстіне биліктің де құрығы ұзын. Өздері болмаса өзгеге қара уылдырықты асата қоймайды.
Жә, асылған балыққа келейік. Балықтан бұрын көзім дастарқанға түсті. Жайылған дастарқанның төрт бұрышында «Қосай ауылы» деген жазу бар. Айтпақшы, дастарқан сол жайманың үстіне жазылды. Әйтсе де төрт бұрыштағы жазу көрініп тұрды.
Бәрі жарасымды. Қосай баба рухын сезініп отырдық. Еркінси алмайсың. Жалпы осы рух біздің барлық іс-әрекетімізден сезіліп тұру керек.
Иә, ұлттық рух — әр отбасыдан басталады. Қасымдағы Қасымға дастарқанды иегіммен нұсқап: «Менің жездем ғой», — деп қойдым. Ол да дайын отыр екен. Телефонын ашып, бір өлең жолын ұсына қойды. Оқыдым. Онда:
«Басына басты қоссам деп,
Батыр туған Қосайдан,
Рұқсат сұрап келеді,
Рұқсат беріп Ер Қосай,
Қабыл болды тілегі.
Түрікпеннен қожа Сейітқұл,
Ер Қосайдың досы еді,
Оғылдың басы бос еді.
Ақылды туған Ақылдың,
Таңдағаны осы еді.
Жақсының ісі бітеді,
Жаманның ісі жетеді,
Бір күндері болғанда,
Ұлан асыр той беріп,
Қосайға асыр жар қылып,
Қиып берді некені.
Жаратқан Алла себепші,
Басына бақыт қонсын деп,
Ұғылменді шарт қойды.
Ұлды болсам егерде,
Балдарымның бір жағы,
Түркпеннің аты болсын деп,
Жылдар өтіп арадан,
Байбол, Бали, Тіней бар,
Сүйіндік Айтен, Бегей бар,
Шешесі қойған шартпенен,
Түркпен-Адай тараған…», —
делініпті. Бұған қоса адайдың толық шежіресі де беріліпті. Келтіре кетейін:
«Адай ата – Қазақ халқының қалыптасуында көрнекті рөл атқарған тарихи тұлға. Шежіре бойынша «Сегіз Арыс Адай» елі осы Адай атадан тарайды. Адай бабаның тарих аясына шығуы 15 ғасырдың орта тұсы. Ол кенже немересі Мұңалдың қолында бақилық болған. Адайлардың Мұңалды қарашаңырақ иесі, киелі босаға, құт-береке дарыған «мұңал ошақ» деп ерекше атайтыны да осыдан. «Мұңал ошағы» Қазығұрт тауының оңтүстігінде, білетіндер оны қасиетті қара орын деп кие тұтады. Адайлардың ең көп тараған іргелі аталарының бірі – Қосай. Қосай ата Қарақалпақстанда, Нүкістің шығысы Назархан-Бестөбе қауымына жерленген. Жазушы Ә.Кекілбайұлы Адайдың 1435 – 1449 жылдары он төрт жыл хандық құрғанын жазады. Бұл тарихи деректі И.Трофимов пен Әнес Сарай нақтылай түседі. Адай бабаның жұбайы Жанар – Қарақалпақ Жантаза байдың қызы деп айтылады. Құдайке мен Келімберді осы Жанардан туады. Адай тегі туралы деректемелерде шежірешілердің қай-қайсысы да Адайдың әкесі Елтай, шешесі Қанбибі екенін мойындайды. Адайдың екі баласы Құдайке мен Келінберді.
Құдайкеден екі бала — Қосай, Тәзеке.
Келінбердіден алты бала- Ырысқұл (Құнанорыс), Ақпан, Шыбынтай(Балықшы),Әлнияз (Жеменей), Тобыш, Мұңал.
Осы Құдайке мен Келінбердіден тараған сегіз немерені «Сегіз Арыс Адай» деп айтады!
Құдайкеден тараған ұрпақтары:
1. Қосай арысы. Түрікменадай рулары:
Есембет, Есек, Еміл, Өрезек, Айдаралы, Айтқұл, Бәйнеке, Киікбай, Бердіс, Сердалы, Қатен, Шалбар, Қадір, Әйтей, Бегей, Тіней, Бәли, Жаманадай.
2. Тәзіке арысы. Тәзіке рулары:
Қабақай, Өтей, Сәрке.
Келінбердіден тараған ұрпақтары:
3. Ырысқұл арысы. Құнанорыс рулары:
Жанбай, Жантуған.
4. Ақпан арысы. Ақпан рулары:
Қаракүшік, Қармыс, Сармыс.
5. Шыбынтай арысы. Балықшы рулары:
Қожамберді, Қожағұл, Бағытай, Мәмбет, Есберді, Жүйрік, Атамбек.
6. Әлнияз арысы. Жеменей рулары:
Шолақ, Солтаналы, Бегімбет, Қалша, Мырзагелді, Қожантай, Қожағұл, Алдасай, Кедей, Бәйбіше, Қаратоқа, Ақбота, Көшке, Олжашы, Мамыр, Бөкен, Есен, Кенже.
7. Тобыш арысы. Тобыш рулары:
Табынай, Бәубек, Шоңай, Жаңай, Тоқабай, Өтеғұл, Құлбай, Қамысбай, Күмісбай, Қаржау, Дорал, Қожа, Шегем, Бегей, Қараш.
8. Мұңал арысы. Мұңал рулары:
Алақұлан, Әли, Жанақ, Боқсары, Әтембек, Байшағыр, Мамыртай, Жақау, Қырымқұл, Қыдырша, Бабақұл, Мая, Қоштан, Төлеп, Медет, Көрпе, Күшік, Қосбармақ, Байпақ, Байбоз, Өтеулі, Матай, Айым, Шақа, Жаманғара, Сүгірәлі, Сарғасқа, Жәдігер, Дәулеталы, Мете, Кеще, Жетімек, Тоқтамыс, Бектеміс, Базар, Шотан, Майлан, Құдайберген, Тастемір, Ескелді, Қосқұлақ, Қырықмылтық.
Осы Құдайке мен Келінбердіден тараған ұрпақтарды «Сегіз Арыс Адай» деп айтады!».
Жә, бекіремізге келейік. Бекіре де кәдімгі ет сияқты асылады. Нан салмасында да айырмашылық жоқ. Тек тұздығын дәу кесемен табақтың (ілеген) ортасына қояды екен. Балықты соған бір батырып алып соға бересің. Сорпа соңынан келеді. Ол сорпаны ішкен кезде қызына жаны ашыған әлгі қатынның жан дүниесін түсінесің.
Кепкен балықтың да майы сорғалап тұр. Мен үй иесіне: «Мына балықтың үш-төрт түйірін орап берші, әйеліме дәм таттырайын», — дедім. Ол: «Сіздің сыбағаңызға бүтін бір балық дайындап қойдым», — деді. Содан әлгі балықты ұшаққа алып өтуге бола ма, болмай ма деген әңгіме көтерілді. Өз басым алып өтетініме бек сенімді болдым. Іштей: «Бір балыққа шамасы келмесе соншама әулиелі жерді несіне араладым?!» — деп ойлап та қойдым.
Шамасы келді. Балықты ешкім байқамады. Ұшақ та құстай ұшты. Біздің әйел: «Осы ұшақтың өткенде доңғалағы шықпай қалған көрінеді» деген ыңғайда әңгіме айтқысы келген еді, ол кісіге де: «Тек осы жолы емес», — дедім. Себебі, әруаққа жүдә қатты сенемін дә. Маңғыстауды көтеріп тұрған да сол әруақ. Пір Бекет! 362 әулие! Менің Әбіш көкемнің рухы! Сабыр Адай, Светқали Нұржан сынды сол өршіл рухты ту қылып ұстап тұрған біртуар жігіттері! Қош бол, мың бояулы Маңғыстау!
Мың бояу демекші, өткенде бір танысым телефон шалды. Амандықтан соң ол: «Сенің Маңғыстау туралы жазбаларыңды оқып жүрмін. Сен көрген тауды біз де көрдік. Бір тал ағаш жоқ. Сенің көріп жүргенің қайдағы сұлулық?» — деді. Оған: «Мен Қызылқұмда туғанмын. Мен сол құмнан да сұлулық көремін. Сол сұлулықты көру үшін кейде қыр асып кетемін. Айдалада түнеп те қалатыным бар. Сексеуілге де көз алмай ұзақ қараймын», — дедім.
Құдайшылығын айтсам бар ғой, әр ерекше жаратылыста Алла көрініс береді. Жалпы Ол барлық жаратылыста көрініс береді. Тек біз ерекше жаратылыстарға ғана назар аударамыз дә. Ал ондай жаратылыстар Маңғыстауда тұнып тұр. Біз соған ғашық болдық. Тек көр!
Бір сөзбен айтқанда, «Ту-ған жер» бағдарламасы жал-пыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналды.
Еліміздің әрбір тауы мен өзені, сайы мен қыры – тұнып тұрған тарих. Оған сай сол өлкеде халқына пана бола білген, ел есінде қалған біртуар перзенттер бар. Ал, олар жайында жас ұрпақтың білгені абзал.
Батырлар мен ақындар бірі найзамен, бірі жырмен қорғап қалған ұлан байтақ даланың қазіргі иесі ретінде, әрбір Қазақстан азаматы өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқару керек. «Туға жер» бағдарламасының жаппай халық арасында үлкен күшке ие болуы, жастардың бойына патриоттық тәрбие ұялату үлкен міндет. Ұсынылған жобаның үдесінен шығу ғана емес, оны бүгінгі күнмен өлшемей, ертеңгі ұрпаққа жету үшін еңбек ету – басты парыз.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.