ЖАНЫМЫЗДЫҢ ЖАРТЫСЫ НЕГЕ ЖАБЫРҚАУЛЫ? ЖАНЫМЫЗДЫҢ ЖАРТЫСЫ НЕГЕ ЖАБЫРҚАУЛЫ?
Сабырбек ОЛЖАБАЙ, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Құрметті журналисі   Отбасылық тұрмыс және махаббат мәселесінде қашан да адамның жалпы қабілеттері, саяси және адамгершілік тұрпаты,... ЖАНЫМЫЗДЫҢ ЖАРТЫСЫ НЕГЕ ЖАБЫРҚАУЛЫ?

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
ҚР Жазушылар Одағының мүшесі,
ҚР Құрметті журналисі

 

Отбасылық тұрмыс және махаббат мәселесінде қашан да адамның жалпы қабілеттері, саяси және адамгершілік тұрпаты, оның дамуы, жұмысқа қабілеті, адалдығы, өз еліне шексіз берілуі, қоғамға деген сүйіспеншілігі шешуші рөл атқарады.
А.С. МАКАРЕНКО.

1. КӨЗІ КӨГЕРГЕН КЕЛІНШЕК

…Айнұр оны бір көргеннен ұнатты. Санжар сымдай тартылған, қою қара шашты, кең иықты, көздері үнемі күліп тұратын жігіт. Спортпен айналысады. Сондықтан ба, қасында үнемі жігіттер бірге жүреді.
Олар жаттығудан соң ұшырасып қалды. Айнұр киімдерін ауыстырып, кетейін деп жатқан. Осы кезде Санжар бір топ достарымен спорт залына кіріп келді. Сұлу да сымбатты жігітке тесіле, көзінің астымен қарағыштаған бойжеткендер көп еді. Санжар олардың арасынан Айнұрға ғана мойын бұрды. Айнұр қысылып, үн қата алмай қалды. Бұл тығырықтан жігіт құтқарды.
Содан былай екеуі кездесе бастады. Әуелі сыйласты, соңынан сырласты. Ақырында екеуі қол ұстасып келіп әуелі Айнұрдың әке-шешесі алдынан өтті. Мұнан кейін Санжардың ауылында дүркіреп той өтті. Құдалар бас ұстап, жамбас мүжісті. Былайғы жұрт: «бірін бірі дөп тапқан жарасымды жұп» десіп тарасты.
Олар алғашқында бірін-бірі көре алмаса тұра алмайтын еді. Санжар үйленген соң көп ұзамай қаладағы жұмысына кетті. «Ауылда кемпір-шалға қолқанат бол. Қалаға күзге тақау алып кетемін» деген. Бұны ата-енесі де хош көрді. Сағынысып қауышар үзілмелі-үздіккен күндер мен түндер өз ләззатын үстемелеп жатты.
Сондай күндердің бірінде Санжардың киімінен Айнұр өзіне беймәлімдеу иіс аңғарып қалды. Санжардың да баяғы өліп-өшіп тұратын сезімі суып қалғандай. Былай шыға, ұрлана ұялы телефонымен әлдекіммен ұзақ сөйлеседі. Арғы жақтағысы келіспейді ме, кім білген, онымен ұзағырақ кергілеседі. Осының бәрі Айнұрдың аппақ, ақүркек көңіліне күдік-күмән ұялатты. «Неге бұрынғыдай аймалап сүймейді? Неге қашқақтай береді? Неге телефонмен жасырынып сөйлеседі?» деген сан сауал миынан кетпей-ақ қойғаны.
Ақыры шыдамады. Ішіне сыймай бара жатқан күдігін күйеуіне ақтарып салды. Ашуына булығып, жылап та алды. «Қалада біреуің бар» деп бұртиды. Теріс қарап жатып алды.
Осы түсініспеушіліктің соңы Санжардың келіншегін жұдырықтап тастауымен аяқталды.
– Осындай да сымбатты келіншекке қол көтеруге болады ма?
–Қолың сыңғыр. Қалада жүріп әбден қағынған ғой.
– Бұлардан бәрі шығады. Сұлу келін-шегін ауылға қамап қойып, қаладан әлдекімді тапқан ғой.
Бұл әңгімелердің барлығы да Айнұрдың құлағына жетіп жатты. Не істеу керек? Басы қатты. Енесі оңашада оған көп сыр ақтарды. Жеңгелері басу айтты. Бәрінен де қинағаны көзінің көгеріп қалғаны болып тұр ғой. Басқасы болса бірдеңке етіп бүркемелемес пе еді?
Сөйтіп жүргенде ойда-жоқта ағасы сау етіп жетіп келмесі бар ма? «Әкем мен апам сені сағынып жүр. Санжар екеуіңді келіп, кетсін дейді». Келгендегі шаруасы осы. Басында Айнұр да ағасының тәпе-теңде келе қалғанына қатты қуанған. Тіпті, көзінің көгеріп қалғанын ұмытып та кетіпті. Ағасының мойнына арсалаңдап асылып жүргенде ойына ештеңе келмепті ғой. Айдос қарындасының бойындағы өзгерісті тез аңғарды. Аңғарды да бойын жиып ала қойды. Күйеу баламен суық амандасты. Құда-құдағидың бәйек болғандарына міз бақпады.
Шай ішілді. Қуырдақ желінді. Артынша үйеме табақ ет келді. Айдос ашылмады.
Қарындастың іші қылп еткен. Бір ыңғайлы сәтте самауырынға сексеуіл жарамын деп жүріп балтаны ыңғайсыздау ұстап бұтақ көзіне жазатайым тиіп кеткенін айтып үлгерді. Бірақ аға қабағы ашылмады.
Санжар қанша жерден спортшы болғанымен, Айдостан тайсақтады. Қайнағасы да анау-мынауға дес беретін жігіт көрінбейді. Орнынан тұрып алыса кетсе, мұны атып ұратын түрі бар. Шымыр білектерін көрсеңші. Жауырыны қақпақтай. Алақандары, салалы саусақтары ерен күшті айқын көрсетіп тұр. Қайнағасы қағып жіберсе, бүкіл ауыл адамдары арасында күлкіге қалмайды ма?
Бір тәуірі, қайнағасының қабағы ашылмағанымен, күйеу балаға шүй-лікпеді. Қарындас та сыр бермеген. Санжарды жаңа көргендей еркелеп, соның ыңғайын бағыт бақты. Сырт қарағанда екеуінің арасынан қыл өтпегендей еді. Жарасымды қылық, жас жұбайлардың бірін-бірі айтқызбай түсінісуі былай-ғыларға күмән келтірмеген.
Ертесіне ағасы шұғыл жиналды.
– Құда бала, не асығыс бар? Қарындасыңның ауылыңда екі-үш күн аунап-қунап жат. Бүгін сені тауға алып барамыз. Қызықтың бәрі тауда. Кекілік, құр атамыз. Сосын көлге барармыз. Балық аулаймыз. Бізде қымыз жеткілікті. Осының барлығын өзіңе арнап жоспарлап отырмыз, – деген Санжардың ағасы.
Бірақ, Айдос мұның барлығына қы-зыққан жоқ. Ауылда тығыз-таяу жұмысы барын айтып, босқа әурелемеуін өтінген.
Ауылдан қалаға қатынайтын жалғыз автобусқа қонақты Санжар мен Айнұр шығарып салды. Айнұр күйеуінің қолтығынан тарс қылып ұстап алған. Санжарға жол-жөнекей еркелеумен болды.
–Аға, бірер күннен соң барып қалармыз, – деді Айдос автобусқа мінерде.
Қу қыз «көзімнің көгергені кеткен соң барамыз» демейді. Мұны Айдос іштей сезді. Бірақ, қарындасы жайраңдап тұрған соң, күйеу балаға қалай соқтығысады.
Ол автобуста іші әлем-жәлем болып келе жатты…

2. ҚАТЫГЕЗДІК ҚҰРБАНЫ

Бұл Астана–Нұр-Сұлтан қаласында бұдан біраз жыл бұрын болған оқиға. Қылмысты Астана қалалық ішкі істер департаменті Тергеу басқармасының аға тергеушісі, аға лейтенант Дияс Тоқатов ашқан еді.
Елорданың темір жол вокзалы маңында пәтер жалдап тұратын Нұржан кешкілік бір өзі бір бөтелке арақты тастап алды. Бойы қызып, батылданайын дегендей. Осындайда ғой, бойдақтығы есіне түседі. Ал вокзал маңы қыз-қырқынға толы. Бұл маңнан біреуді табуға болады. Осы оймен ол вокзалға тартып кетті. Қас қарайып қалған сәт еді. Сондықтан да жаяу жүргіншілер сирек. Нұржанға да керегі осы. Құрбандығын тез табады әрі көзге де түспейді. Бір жақсысы бұл маңда электр жарығы да жоқ. Көшелері қараңғы еді. Мұндайда жолын бола кетеді. Осылай мысықтабандап құрбандығын іздеп келе жатқанда аспалы көпірден түсіп келе жатқан бір қызға көзі түсе кетпесі бар ма? Енді не тұрыс? Мынау дайын олжа емес пе? Тонаса да, зорласа да көріп тұрған ешкім жоқ. Іштегі ібілістің түрткілеуі бар, бойдақтықтан боза ішіп жүрген желігі бар, ол өзін-өзі тоқтата алмады. Сәтін салғанда қарсы жолыққан бойжеткен мұндай сұлу болар ма? Ал, мұндай сәтті қалай құр жіберсің, ту сыртынан құшақтай алды. Сасып қалған бойжеткен шыңғырып үлгермеді, ауызын тұмшалап тастады. Оның қолында пышақ бар еді. Пышақты көрген қыздың үні шықпай қалған. Оның үстіне қарулы қол иесі «үніңді шығарсаң, мойыныңды орып жіберемін» деп ақырып тұр. Бойжеткеннен әл-дәрмен кетіп, жігіттің ыңғайына көне берді.
Қорғансыз әрі қорыққанынан тұла бойы дір-дір еткен жас қызды сүйрелеп адам жүрмейтін оңаша жерге алып келді. Қыз, қызсың ба дейтұғын қас сұлудың өзі еді. Тығыршықтай дене. Қиылған қас. Көріктей басылып жатқан қос анар. Жұпар иіс. Ол мас болған сайын масайрай түсті. Ындыны құрып, қызға ішіп-жеп қоярдай қарады. Сосын «шешін» деді ақырып. Мұны күтпеген қыз шыңғырып жіберді. Оның дауысы қараңғыға сіңіп жоғалды. Көмекке келетін ешкімнің жоқтығын білетін айуан қыздың үстіне аюша қорбаңдап қона кетті. Қыз әлсіз болса да қарсыласып бақты. Оның дәрменсіздігін пайдаланған айуан қызды бетінен ұрып, есінен тандырды. Қарсылық тиылған соң арам ойын жүзеге асыруға кірісті. Түн жылап тұрды…
Ол біреудің әлпештеп өсірген жалғызы еді. Қыз өзінің жігіті бар екенін, жақында тұрмысқа шығатынын, абыройы төгілмеген, уыздай жас екенін айтып әбден жалынды, егіл-тегіл жылады. Бұған айуан селк еткен жоқ. Нәпсінің құлына айналған ол жас денеге шеңгелше қадалды. Ол да қайтпайтын мақұлық екен. Таң қылаң бергенше қызды әбден әуреледі. Дәрменсіз қыз оның ащы уысынан босап кете алмады. Уыздай жас қыз өмірде мынадай сұмдық бар деп ойлап па еді? Енді ғана бүршік жарған балауса гүл сабағынан осылай үзіліп қалды. Ал, жерге үзіліп түскен гүлді тағы аяқтар таптап өтері белгілі.
Есі кіресілі-шығасылы бойжеткен өзің кім зорлап кеткенін анық білмейді. Әйтеуір түнде бір мақұлықтың тап бергенін айтады. Тергеуші аса тәжірибелі еді. Көп ізденді. Оқиға орнын әбден зерттеді. Вокзал аңдитындарды сырттай көзден таса қылмады. Сөйтіп жүргенде Нұрлан кезекті құрбандығын аңдып жүрген жерінен қолға түсті. «Мас болыппын» деді. «Жас болыппын» деді. Өкінді. Өкірді. Бірақ, қылмысы кешіруге жатпайтын еді.
Осындай озбырлықтың құрбанына айналып жүргендер аз ба? Әрине, көп. Ана бір жылдары Шымкент теміржол вокзалы маңынан жолаушылар аңдып, оларды Сарыағаш шипажайына апарып саламын деп көлігіне мінгізіп, жол-жөнекей Қазығұрт ауданы маңындағы тоғай ішінде зорлап, өлтіріп кететін таксистер көбейген. Алғашқында «ойбай, не дейсің, Қазығұртта манияктар шығыпты» десіп шуылдасты жергілікті тұрғындар. Сөйтсек, жалғыз-жарым қыз- келіншектерді аңдитын таксист екен ғой. Өзі ташкенттік болып шықты. Алты бірдей келіншекті дәл осындай жолмен зорлап, тонаған. Дәрменсіз келіншектер тоғай ішінде жан тәсілім болып қала берген. Полиция қызметкерлерінің қырағылығы арқасында бұл мақұлық та ұсталып, сазайын тартты.
Тағы бір таксист Сарыағаштан өрімдей қызды мінгізіп алып, айдалаға апарып, зорлап, өлтіріп, қалта телефонын алып кеткен. Сол телефон оған пәле болып жабысты. Ол да бүгінде темір тордың арғы жағында, көзі жәутеңдеп таксист болған күндерін сағына еске алып отыр…

3. ӘЙЕЛДЕР
ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА
НЕГЕ ЖИІ ҰШЫРАЙДЫ?

Жалпы, әйелдердің зорлық-зом-былыққа жиі ұшырауы әлемдік дең-гейдегі алаңдатар күрделі мәселе. Солардың ішінде Қазақстан да бұл жағынан алдына есе жібермейтіндер қатарында. Бұған БҰҰ «Біз Қазақстан Үкіметін, азаматтық қоғамды және жеке секторды әйелдердің жетістіктерін қолдауға, әйелдердің құқығына қатысты мәселелерге көңіл бөліп, жұмыста гендерлік теңдікті сақтауға шақырамыз» депқазақстандықтарға үндеу арнаға-нынан-ақ ағаруға болады. Үндеуді БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимура Шимомура жолдаған. Үндеуде Қазақстан заңдарында «сексуалдық тиісу» түсінігіне толық анықтама берілгені айтылады. Бірақ, әйелдер қоғамдық орындарда зорлық-зомбылықтан толық қорғалмаған. Әрине, халықаралық ұйым бостан-босқа дабыл қақпайды.
БҰҰ «қоғамдық орындарда әйелдерге тиіскен жағдайда куә болғандардың 25 пайызы ешқандай әрекет жасамаған» деп те көрсетеді. Иә, бізде «көрдім деген көп сөз, көрмедім деген бір сөз» деген принципті ұстанатын көрмес, түйені де көрместер жетіп жатыр. Олар жауапкершіліктен қашып, көрген–білгенін сот алдында жайып салудан тайсақтайды. Немесе қылмыскерден қорқады. Осыдан барып, жәбірленуші көмексіз қалады. Ал қылмыскер бостандықта жүреді. Егер жәбірленуші сенің туысың не қарындасың болса ше? Сондықтан арлы адам қандай жағдай болмасын, жәбірленушіге көмекке ұмтылуы керек. Қорқақтық кешірілмейтін күнә.
БҰҰ Қазақстандағы әйелдердің жұмыссыз екеніне де дабыл қаққан. Осыған керісінше, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қызмет ету салаларындағы жалдамалы жұмыстарға әйелдердің 70 пайызы тартылады. Сонда олар тек ауыр жұмыстарды ғана арқалап жүрулері керек пе? Біз олардың мойындарына онсыз да бала табу, оларды тәрбиелеу, үй жұмыстарын артып қойғанбыз. Енді келіп, тәуір қызметтерді, жұмыстарды өзді-өзіміз бөлісіп алғанбыз. Бұл қандай әділеттілік?
Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы мен Семей қаласының әкімдігі осы мәселелерге байланыстырып «Балаларды бірге қорғайық!» деген үш күндік акция өткізген екен. Осының алдында ғана осы сарындас акция астанада өтеді. Осы үш күнде бірталай жәйттің беті ашылған. Акция барысында қалалық прокуратура қызметкерлері қоғамдық ұйымдардың мүшелерімен бірге колледж студенттері және жоғары сынып оқушыларымен кездескен. Осы кездесулерде нәзік жандыларды қалай құрметтеу керектігі, қыздарға үнемі қарайласып жүрудің маңыздылығы жан-жақты айтылған. Соның ішінде қыздарға зорлық-зомбылық жасау айуандық екені түсіндірілген. Тіпті, оларға қатты сөйлеуге болмайтыны да сыпайылап айтылған.
Акцияға қатысушы «НеМолци КZ» қоғамдық қорының төрайымы Дина Смайылова:
– Мендегі бар мәліметтерде зор-ланған әйелдердің көптігі сондай, жүрек ауыртады. Хат жазушылардың 70 пайызы кішкентай қыздар мен ұлдар болып шыққаны қатты өкіндіреді. Бір жаманы, олар өз отбасында қорланған, зорланған. Балаларды өгей әкелері, ағалары, туыстары зорлаған. Кей аналар балаларының зорланғанын білсе де, білмегенсіп отырған. Олардың «баламыз бұзылып кетті» деп өз қағынан сырт айналуы нені білдіреді? Бұл жерде баланы қалай кінәлай аламыз? – деп шырылдауы тегін бе?
Дина соңғы кездері барлық сала бо-йынша сексуалды зорлауға байланысты қоғамның пікірін өзгертуге күш салып жүргенін алға тартады.
Семей қаласына сонау Алматы облысынан бір қыз арнайы қатысып отырған. Ол Есік қаласында тұрады екен. Жас қыз именбестен мінберге көтеріліп, өзінің қалай зорланғанын қаз-қалпында айтып берген. Оны бұған не мәжбүрледі? Зорланған қыз осы оқиға жөнінде шағын бейнебаян да ала келген көрінеді. Онда қызды зорлаған төрт «батыр» жайбарақат отыр. Өздерінің сотталатындарына тіпті де сенгілері келмейді. Олар үшін қыз зорлау қалыпты жағдай. Алайда, олар 8-10 жыл арқалады.
Мұны Дина Смайылова жеңіс санайды. Өйткені, біздің елде зорланған әйелдердің тек 8-10 пайызы полицияға шағымданады екен. Неге? Өйткені, олар зорланғанын бүркемелейді. Ұят санайды. Полицияға шағымданған күннің өзінде оларға жасалар қоқан-лоққы бір толас-тамайды. Қорқытады, үркітеді. «Елге жариялаймын» деп сес көрсетеді. Елге аты шыққанша жабулы қазанды жабулы қалдыруға тырысатын қыздар сот, полиция көрсе тұра қашады. Қылмыскерді жауапқа тартып, олардың қылмысын мойындату да оңай емес. Әсіресе, қыз бала болған оқиғаны айтып бере алмайды. Осыны білетін жігітсымақ сытылып кетеді не сот алдында білгішсініп, тықақтап отырады. Мұны жігіттің таныстары қолдайды. Осы қысымға шыдай алмаған зорланған әйел сот залын тастай қашады. Осыны білетіндер сот залында қымсынбайды, ретін тауып тағы әйел зорлайды. Өйткені, қыздар өздерін әшкере еткізгісі келмейді.
Осы акцияда өзін такси жүргізушісі зорлап кеткен тағы бір қыз қымсынбай мінберге көтерілген. Ол үйіне қайту үшін такси ұстаған. Такси жүргізушісі оны жол-жөнекей зорлап тастапты. Байғұс қыз қарсыласып баққан. Бірақ, такси жүргізушісі «өлтіремін» деп қорқытқан. Өлім әрине, қашан да қорқынышты. Ал, абыройсыз болу одан да қорқынышты. Осыны кеш түсінген әлгі бойжеткен осындай шабуылға тап болғанда қыздарға не істеу керектігін айтып берген. Бастысы, таксиге жалғыз-жарым отырмау керек. Амалсыз отыра қалғандай болсаң, сақтық шараларын қалай жасау керектігін ойластыр. Қандай көлікке мінгенінді, қашан жететінінді әке-шешеңе не бауырыңа алдын-ала ескерт. Жүргізуші басқа бағытқа бұрылса, таксиден түсіп қал. Түсе алмайтындай жағдайда телефон арқылы көмек сұра. Ал, зорлыққа тап болдың ба, амал не, барлық жағдайға дайын бол. Сен не үшін ұялуға тиіссің? Біздің қоғамда нәзік жандыларды алақанға салып, аялап жүруі тиіс қой. Сенің әлсіздігіңді бір оңбаған пайдаланып кетсе, үнсіз қалуың керек пе? Егер олай етсең, қылмыскер жазасыз қалады. Ол есіріп, тағы біреуді зәбірлейді. Сондықтан, қазақ қыздары шамадан тыс ұяң болмауы тиіс.
Семей қаласының прокуроры Марат Тұрұбаев жетім балалар интернатында тәрбиеленіп жатқан ұл баланың зорланғанын мысалға келтірген. Интернат басшылары бұл жағдайды ұзақ уақыт жасырып келген. Арада уақыт салынғандықтан бұл қылмысты ашу оңай болмапты. Ал, қылмыскер баланың дәрменсіздігін пайдаланып, арам ойын бірнеше рет жүзеге асырған. Прокурор осы жәйттен соң өзінше ой қорытып, балалар үйі мен интернаттағы жағдайлар әрдайым психологтар назарында болуы керек деген тұжырымға келген. Әрине, балалар ата-аналарының көз алдарында емес. Зорлық көрсе де, қорлық көрсе де шағымдана алмайды. Сондықтан бұл мәселеге қоғамның назарын аудару керек. Адамдарды осындай жаман әрекеттерден аулақ болуға шақырған жөн.
Әрине, бұл айтуға ғана оңай. Қоғамның назарын тап қазіргідей заманда қайсы жаққа бұрған дұрыс? Сен қанша жерден «өйтпе, бүйтпе» дегеніңмен, қорқаулар өз дегендерін істеп кетіп жатыр. Бұған Тараз қаласындағы мектеп ауласындағы әжетханада жап-жас қызды әлдекімнің зорлап кетуі дәлел. Бұл делқұлы ұсталып, жазасын алды. Іс осымен бітті ме? Жоқ. Мұндай айуандарды жұрт көзінше жазалауымыз керек. Сонда ғана арам ниеттілер аяқтарын тартады. Әйтпесе, олардың тайрандағандары тайраңдаған.
Акцияда Семей қаласының әкімі Ермек Сәлімов сөйлеп, осындай шаралар мен жиындарды жиі өткізіп тұрудың маңыздылығын айта келіп, біздің қоғамда әлі де шешімін таппаған мәселелер жеткілікті екеніне тоқталған. Айталық, бізде әйелдерін қойша сабайтын еркектер әлі де жеткілікті. Олар тиісті органдарға шағымдануды өздеріне ар көреді. Біз оларға көмектесуіміз керек. Жәбір көрген әйелдерге, қыз-келіншектерге арналған дағдарыс орталығын ашуымыз керек. Бұл жерде дәрігерлер, мұғалімдер, әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істеулері тиіс. Бұған қаржы табылады. Отбасында қорлық көрген балалар мен әйелдерді қорғау барлығымыздың міндетіміз.
Міне, осындай акциялар еліміздің барлық қалалары мен аудандарында жиі өтіп тұрса мұның пайдасы болары анық. Біріншіден, адамдардың құқықтық білімі артады. Зорлық-зомбылық көргендер әлеуметтік ортаға бейімделеді. Екіншіден, қаскөйлер арам ойларын жүеге асырудан тиылады.
Біздің қолымызда Қазақстан Ішкі істер министрлігінің 2020 жылғы мәліметі бар. 2019 жылы республика бойынша әйелдерге күш көрсету бойынша 32556 қылмыс тіркелсе, Алдыңғы жылы 32632-ге жетіпті. Бұл әйелдерге күш көрсету 0,2 пайызға көбейгенін көрсетеді.
Біздің республикада «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру» туралы Заң қағаз жүзінде ғана қалған сыңайлы. Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесімен айналысып жүрген ма-мандардың айтуынша, әлемнің әр бұрышында мұндай мәселе бар. Отбасындағы қысым елдің мәдениетіне, экономикасының дамуына немесе сенім-нанымына байланысты емес. Бұл құбылыс жекелеген адамдардың ерекшеліктеріне, мінез-құлықтарына қа-
тысты. Бірақ, әр адам мемлекеттің белді мүшесі. Оларды кез келген қауіп-қатерден сақтау мемлекеттің міндеті.
Сондықтан ҚР ІІМ Дағдарыс орталығы одақтары мен Біріккен Ұлттар Ұйымының әйелдер қоры (UNIFEM) Қазақстанды тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңды тездетіп қабылдауға шақырды. Депутаттар тұрмыстағы зорлық-зомбылықты мемлекет тарапынан қадағалау керектігін ашық айтты. Оған себеп те жеткілікті.
Қай кезде де отбасында жәбір көру оқиғалары кездесіп тұрады және ол барған сайын асқынып барады. Тіпті, Ішкі істер министрлігі жыл сайын осы сипаттағы мыңдаған оқиғаның тіркелетінін жасырмайды. Ең өкініштісі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан жыл сайын республикада 500-ге жуық әйел көз жұмады екен. Әрине, бұл төзгісіз жағдай.
Осындай жағдайларды болдырмау үшін «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру туралы» Заң талаптарын күшейту керек. Мұнсыз отбасында болып жатқан қысымдарды шектеу мүмкін емес. Қолданыстағы заңнама бойынша, полиция қызметкерлері белгілі бір қылмыс орын алмайынша өздігінен әрекет ете алмай келгені белгілі. Заң аясында отбасындағы әйеліне қол көтерген еркек жазасын алуы тиіс емес пе? Еркектер көбіне әйелдерін болмашы жағдайларда жиі мазалап, телефон арқылы қысым көрсетіп, әр қадамын аңдып, оңашада жұдырықтап алуды артық санамайды. Бұл қалыпты жәйт сияқтанады. Бірақ, түптеп келгенде мұның барлығы әйел құқығын шектеу емес пе? Осыдан шығатын қорытынды заң аясында мұндай арсыздыққа барғандарды жауапкершілікке тарту керек-ақ. Жоғарыдағы заң талқыланып жатқанда депутаттар тергеу біткенше күдіктіні қамауда ұстау керек деген ұсыныс білдірген. Десе де, кейбір жағ-дайларға байланысты республика бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің нақты саны нақтыланбай да қалады екен.
Тіпті, осы іспен айналысып жүрген мамандардың қолдарындағы ақпарат біркелкі емес. Депутаттар әйелдерге қатысты қылмыстың түрі көбейіп бара жатыр десе, Ішкі істер министрлігінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімінің басшысы Мәншүк Қалиғожина керісінше азайып отыр деп мәлімдеген. Ал, Қазақстандағы «Дағдарыс орталықтары одағының» төрайымы Зұлфия Байсақова бұл мәселеде нақты статистика жоқ екенін жасырмаған. Ол былай дейді:
– Тұрмыста зорлық-зомбылық көре-тін жандардың нақты санын айту мүмкін емес. Өйткені, олар арнайы органдарға барып тіркелмейді. Кей әйелдер, дәл сол мезетте ашуын білдірсе, кейін күйеуіне кешіріммен қарап, отбасы бақыты үшін әрі қарай өмір сүре береді. Бұл барша шығыс қыздарына тән қасиет. Олар ешқашан да күйеулерін жаманатты қылғысы келмейді. Дегенмен, жан жарларының осы кешірімпаздығын түсінетін еркектер азайып барады. Сондықтан оларды арнайы заңмен жауапкершілікке тартудың артықтығы жоқ.
Өмірде не болмайды. Мына бір жағдайға назар аударайықшы. Әйгерім көп-көрім келісті келіншек. Күйеуі шатаққұмарлау жан. Ішіп келіп сабайтыны бір бөлек те, себепсіз ұрыс–жанжал шығаратыны бір басқа. Отбасы жылуын сезінбеген келіншек күйеуін кешіріп те көрді, жалынды, өтінді. Бірақ, дөңмінез күйеуі отбасының берекесін алып бітті. Тыныштық деген арманға айналды. Осыдан соң Әйгерім онымен ажырасып кетті.
Сонда да оның басынан қиқу кеткен жоқ. Күйеуі оған жиі келеді. Қысым көрсетеді. Оған уақыттың кез-келген мерзімі бәрібір. Ойына түскен кезде жетіп келеді де әйелін ұрып-соғып, қорқытады. Полицияға шағымданып та көрді. Алайда, олардың да ескертуден артық қолданған шарасы аз. Сондықтан, Әйгерім әйелдерді қорғайтын заңның пәрменді болуын қалайды.
Дағдарыс орталығы одағының зерттеулері бойынша, Қазақстандағы әрбір үшінші әйел соққыға жығылады, ал бесінші әйел зорлаудың құрбаны болады екен. Сондай-ақ адам саудасындағы «тірі тауардың» 80 пайызын әйелдер құрайды. Бүгінде елімізде зорлық–зомбылыққа тап болғандарға қолдау білдіру үшін дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Бұған қосымша Ішкі істер министрлігінің арнайы бөлімшелері бар. Десек те, елімізде бұл мәселе түпкілікті шешілген жоқ. Бұған адам саудасының әлі де өршіп тұрғаны, әйелдердің зорлықты көп көретіні айғақ.

4. СТАТИСТИКА САРАҢ СӨЙЛЕЙДІ

Елімізде отбасындағы зорлық-зом-былық жағдайы статистикаға көнбей тұр. Өйткені, оның құрбандары құқық қорғау органдары мен дағдарыс орталықтарына, өте қауіпті жағдайлар болмаса сирек жүгінеді. Алайда, тіркелген фактілердің өзі елімізде бұлмәселенің әлі де өткір екенін көрсетеді. Осыдан келіп біздің ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төніп отыр деп те қорытынды жасауға тура келеді. Өйткені, отбасы құндылығы ең маңызды мәселе. Отбасында береке болмаса, Отанда береке бола ма? Әр отбасы мемлекеттің бір уығы. Оларды біртіндеп сындыра берсе, шаңырақ ортасына түспейді ме?
2017 жылы жүргізілген зерттеулер бойынша, елімізде орын алған барлық қылмыстардың 38 пайызы әйелдерге қатысты болып шыққан. Солардың басым көпшілігі ауылдық жерлерде орын алған. Әрбір үшінші әйел әйтеуір бір жағдайда қысым көріп отырған. Көзі көгерген. Ерні жырылған. Шашы жұлынған. Десе де олар бұл туралы ешқандай да бір органға барып шағымданбаған. Ал, туыстарынан материалдық не моральдық көмек сұрамаған. Бұл бәлкім, қазақ әйелдеріне тән ұяңдық шығар.
Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы (AERC) сарапшылары ауылдық жерлерде әйелдер мен қыздарға жыныстық немесе басқа да зорлық–зомбылық жасалған жағдайда оларға көмек аз көрсетіледі дейді. Құрбандар көбіне қорғансыз қалады. Ал, қаскөйлер жазадан сытырып кетіп жатады. Бұған түрлі жағдайлар әсер етеді. Әйелдер сырларын шашқысы келмейді. Қаскөйлердің судьямен ымыраға келуі де әйелдерді ығыр еткен. Жағдайды анықтамақ себеппен жәбірленушіні жұрттың алдында сұраққа алу, намысына тиетін сауалдар беру, қылмыскерлерге бүйрегі бұрып тұрғанын аңғартып қалуы, осының барлығы жәбірленушінің жүйкесін парша-парша етеді.
Қолданылып келген заңнама тұр-мыстық зорлық-зомбылық жасаған адам-ды жазалауды көздеген емес. Құқық қорғау жүйесі әйелдердің арыз жазып, шағымданғанын қолдамайды. Бұл жағдай зорлық-зомбылық жасаушылар пайдасына шешіледі.
Орталық мамандарының айтуынша, әйелдерге арналған дағдарыс орталықтары елімізде әлі де жеткілікті емес. Олардың ғимараттары түгел шешілмеген. Уақытша баспанада отырып жұмыс істеу түрлі қиындықтарға әкеліп соқтырады. Әйелдер мұндай орталықтың бар екенңн білмей де қалып жатады. Өйткені, олар қонысын жиі ауыстырады. Ауыл әйелдері дағдарыс орталықтары бар екенінінен мүлдем хабарсыз.
Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы мамандарының пікірінше, ауылдық жерлердегі учаскелік полиция инспекторлары мұндай істерді мүлдем қарамауға тырысады. Бұған әйелдер де кінәлі. Өйткені, бүгін берген арызын түс қайта қайтарып алады. Ал, тіркелген әрбір арыз шешімін табуы керек. Мұндайда ауыл билері ерлі–зайыптыларды татуластыруға, арызды қайтартып алуға тырысады. Әрине, отбасы шырқының бұзылуына біз де қарсымыз. Бұл жердегі мәселе –көкала болып таяқ жесе де, күнде зәбір көрсе де көніп жүре беретін әйелдер туралы. Ауылдық жерлерде әйелдерге немесе балаларға арналған бөлмелер көріп пе едіңіз? Олар түгілі инспектордың өзі қуықтай бөлмелерінде айнала алмай отыр. Осы аядай бөлмеде жәбірленуші отбасымен бірге күйеуінен көрген қорлығын жасырмай баяндап шыға алады ма? Айналасының барлығы өзінің таныстары болғандықтан ашыла алмайды, сырын бүгеді. Көршілерден, туыстардан көмек сұрау келіншек үшін өліммен тең.
Сарапшылар зорлық-зомбылық кө-біне еркектердің үстемдігінен, бар-лығын өзі бақылауда ұстағысы келетін мінезінен туындайтынын айтады. Әйелдер мен балалар көбіне өздерінің қорғансыз екенін жасырады. Мұндай жағдайда, әрине, мемлекет тарапынан қорғансыздарға көмек керек. Мемлекет пен қоғам бірлесе қимылдағанда ғана нәтиже шығады. Гендерлік теңсіздікті жою үй шаруашылығы қатынасындағы биліктің әділдігіне алып келер еді. Мәселен, әйел отбасылық бюджеттің бір тұтқасын ұстаса, оны ашық та тиімді жаратса, береке-байлық еселене түспей ме. Біздің ауылдық жерлерде табысты бірыңғай еркектер табады. Әйелдер ошақ қасындағы жұмыстарын ғана біледі. Сосын күйеулерінен ажырап қалу олар үшін ақырет. Егер маскүнем немесе жуан жұдырықты күйеуінен кетсе аштан қататындай көреді. Аштан қатқанша, таяқ жесе де, зәбір көрсе де осы босағада ілініп-салынып жүрулері тиіс. Ал, өзіне өзі сенімді әйел ғана күйеулерінен кете алады. Осы тұрғыдан алып қарастырсақ, отбасындағы зорлық-зомбылық әйел-дердің ерік-жігеріне де қатысты.
Өз бизнесі бар, күйеуінің табысына қарап отырмаған келіншектер көбіне өздерін еркін сезінеді екен. Олар көбінесе өздерін бақытты санайды. Отбасындағы зорлық-зомбылық олар үшін жат. Десе де күрделі қаржылық жағдайға тап болған әйелдер зорлыққа жиі ұшырайды. Оларға жау да көп. Ең әуелі, күйеуі «шамаң келмейтін шаруада нең бар?» деп тиіседі. Күйеуіне экономика жағынан тәуелді келіншектер көбінесе зорлық көріп жатады екен. Ал отбасында кикілжің бар отбасылардың балалары жақсы білім ала алмайды. Бұған эконемикалық жағынан да мүмкіндігі жоқ. Содан барып олардың балалары ата-анасының тағдырын қайталайды.
Кезінде Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы 1424 ауыл тұрғынына сауалнама жүргізген екен. Көптеген респонденттер үй ішіндегі зорлық-зомбылықты жасыруға тырысқан. Мұның өзі нақты жағдайды анықтауға өз дәрежесінде қиындықтар тудырған. Ал, екінші жағынан, ауыл әйелдерінің ішкі сырға берік екенін көрсеткен.
Сауалнама қорытындысында әйел-дердің 64 пайызы таныстарының арасында әйелдеріне күш қолданатындар жоқ деп көрсеткен. Ал, 36 пайызы «мұндайды білеміз» деп сырғытып өте шықпақ болыпты. Жауап берушілердің 3 пайызы ғана зорлық-зомбылықтың құрбаны болып жүргендіктерін жасырмаған. Ал,17 пайызы таныстарының арасында осындай оқиғалар бар екенін білетіндіктерін жазыпты. Респонденттердің 16 пайызы «жауап бергім келмейді», «жауап беруге қиналамын» деп сауалға жауап беруден жалтарған. Бір ерекшелігі, әйелдер күйеуінің қатыгез қарым-қатынасы кезінде қандай күйде болатынын айтудан бас тартпапты. Олар 6,9 пайызды құрап отыр. Олар күйеулерінен зорлық көрген кезде ешкімнен көмек сұрамаған. Және ешкімге хабарламаған да. Ал, сұралған әрбір бесінші әйел отбасындағы кикіл-жіңге өзін айыптайды екен.
Сауалнамаға жауап қатқан әйелдердің 2 пайызы отбасында қорлық көріп, тиісті орындарға шағымданғанын көрсеткен. Олар күйеулерінің туыстарына, поли-цияға, төркіндеріне шағымданған. Қоғамдық ұйымдарға, дағдарыс орта-лықтарына барып өз жағдайларын айтып шағымданған әйелдер 1,8 пайызды ғана құраған.
Ауыл әйелдерінің 8 пайызы отбасында зорлық-зомбылық көрмегендерін жазған. Олар мұндай жағдайда тиісті орындарға барып шағымдануға дайын екендіктерін жасырмапты. Алыс ауылдың келіншектері қалайда күйеулерімен татуласуға дайын екен-діктерін білдірген. Ал, күйеулері сабай қалса, тиісті органдарға баруға дайын екендіктерін бүкпесіз жеткізіпті.
Сауалнама барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық пен әлеуметтік-демографиялық қатынастардың өзара байланысы туралы да қарастырылыпты. Сауалнамада респонденттердің жасы, ұлты, білімі, отбасы мүшелері, кәмелетке толмаған қанша баласы бар екені де сұралған. Міне, қызық! Қазақ әйелдері арасында отбасылық зорлық-зомбылық зардабын тартатындар әлдеқайда көп екен. Олар 5,1 пайызды құраған. Ал, орыс келіншектерінің әрбір үшіншісі жәбір көрсе тиісті орындарға жүгінген немесе хабарлаған. Ал, қазақ әйелдері арасында жүгінгендердің үлесі 25 пайызды құраған. Сонымен қатар әрбір бесінші қазақ әйелі осы тақырыпқа қатысты сұрақтарға жауап беруден бас тартыпты. Мұны ауырсынғандар да кездескен.
Тұрмыстық зорлық–зомбылыққа ұшыраған әйелдердің өмірге деген оптимистік көзқарастары да әрқилы. Олардың 28,6 пайызы өз өмірлеріне қанағаттанатындықтарын айтқан.
Соның ішінде зорлық-зомбылыққа ұшырамаған әйелдердің ішінде өз өмірлеріне толық қанағаттанамыз деп 42,2 пайызы ғана жауап қатқан.
Дисперстік тест нәтижесі бойынша регрессиялық үлгіге қызмет түрі, хоббиінің болуы, отбасының мәртебесі және ұлттық сипаты енгізілген. Басқа факторлар статистикалық тұрғыдан маңызды емес деп саналған. Осыдан шығатын қорытынды: тұрмыстық зорлық–зомбылық әйелдердің жасы мен біліміне, отбасының материалдық жағдайы мен табысының мөлшеріне қатысты емес екен. Кей аймақтарда әйелдерге зорлық-зомбылық жиі көр-
сетіледі дегенімізбен, мұның өзі тұрмыстық деңгейдің әрқилы екенімен өлшенбейді.
Сауалнама бюджеттік мекемелерде қызмет жасайтын әйелдер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, уақытша жұмыссыздар арасында да жүргізілген. Олардың араларында да отбасылық зәбір көретіндері көп екені анықталған. Ал, керісінше, студент қыздар, жеке салада жұмыс істеушілер, үй шаруасындағы әйелдер және мүгедектігі бойынша жұмыс істемейтіндер зорлықты сирек көріпті.
Мына дерек те назар аудартады. Тұрмысқа шықпаған қыздар зорлық-зомбылыққа аз ұшыраған. Олар 8 пайызды құрапты. Ажырасқандардың 11,4 пайызы күйеулерінің таяғын әлі ұмыта алмай жүр.
Күйеулерімен ажырасқан әйелдер балаларының тегін өзгертуге тырысады екен. Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Заңына сәйкес, егер, баланың ата-аналары бөлек тұратын болса және баламен бірге тұратын ата-ана балаға өзінің фамилиясын бергісі келсе, Азаматтық хал актілерін жазу органы бұл мәселені басқа ата-ананың пікірін ескере отырып, баланың мүддесіне сәйкес шешеді.
Он жасқа толған баланың есімін, әкесінің атынжәне тегін өзгерту баланың келісімімен ғана іске асады. Отбасында зорлық көріп ажырасқан әйелдер баласын көбінесе өздерімен бірге ала кетеді.
Бұл жағдайда көбінесе екі жақты талас-тартыс болып жатады. Қайсысының күші көп, бала сол жаққа кетеді. Мұның соңы бала психологиясына зиянды әсер етумен бітеді. Отбасылық ұрыста әйел де, еркек те өз үстемдігін жүргізуге тырысып бағуы түбінде жақсылыққа апармайды.
Түптеп келгенде, жанымыздың жартысы, отбасымыздың берекесі жан жарымыздың жадыраңқы жүруі өзімізге байланысты. Қазақ қазақ болғалы ешқандай заң шығармай–ақ әйел баласын құрметтеген. Кешегі етігімен қан кешкен батырларымыз жауға аттанғанда барлық шаруаны әйелдеріне табыстап кетпеді ме? Олар күйеулерінің сол аманаттарына барынша адал болды.
Шындығына келгенде шаруасы түзде бітетін еркектер бала тәрбиесімен түпкілікті айналыса алмағаны да жасырын емес. «Әкелерін келе жатыр», «Келген соң әкелеріне айтамын», «Әкелерің сендер үшін осылай етіп жүр» деген қамқор сөздерінің өзі ұрпақ тәрбиеледі емес пе? Сонда бүгінгі отағаларының беделі соншалықты құлдырағаны ма? Жоқ, олай емес. Әйелдерді қуыршақ көріп, ермек еткісі келетін кейбір есерлердің әрекеттерінен әйелдер әлі де болса зардап шегіп келеді. Аялы алақан, жан жылуымен отбасы берекесін кіргізіп отырған жанымыздың жартысына зәбір көрсету – халыққа зәбір көрсету. Ендеше, қоғам болып, мемлекет болып бетімізге шіркеу болатын осы бір оспадарсыз мінезден арылайық. Мемлекет те, қоғам да, отбасы да әйелдердің жүрек жылуына зәру, мұқтаж. Олай болса, бұл өткір мәселені қоғам болып талқылап, әйелдерге, қыз-келіншектерге көрсетілетін зорлық-зомбылықтың жолын кесуіміз керек.

5. КЕКТІ КЕЛІНШЕК

Балжан бүгін де төсегінен жай тұрды. Енесі оған «неге ерте тұрып, сиырыңды саумадың?» дей алған жоқ. Кеше Та-йыржан жұмысынан кеш келді. Аяғынан тұра алмайды. Сөйтіп отырып Балжанға тиіскен. «Бар, арақ тауып кел!» Екі кештің арасында арақты қайдан табады? «Айран ішсеңші» деді ол күйеуіне. «Немене мені мазақ етіп отырмысың?».
Ұрыс осыдан басталды. Ақыры Балжан таяқ жеп құлады. Кеш тұруының сыры осы.
– Апа, балалар қайда? – деп сұрады ол енесінен.
– Бүгінгінің баласы үйде отыра ма? Ойнап кетті де.
Балжан күйеуінің жұмысына кеткенін біледі. Арақ ішіп келген күннің ертесіне ертелеп кетіп қалатын әдеті. Сондағысы жұмыс қалып бара жатыр-ау демейді. Азаңымен қу құлқынын ойлайды. Қалтасында теңгесі болмаса жолдастарына жармасады. Әйтеуір бас жазады.
Өткенде ғой, ішіп келіп, енесінің ара түскеніне қарамастан сойып салды. Балжан белін көтере алмай екі күн жатып қалды. Осыдан екі жыл бұрын ішіне теуіп, түсік тастатқаны бар. Соған қарамастан «бала таппайсың» деп кіжінеді. Мынадай әпербақанға бала тауып беріп отырған өзі де ақымақ.
Дегенмен, «қояр, ақылы кірер» деу-мен күні өтіп келеді. Қайдағы қойған. Бұл үндемеген сайын тиісуін үдетті. Құтырған бурадай жыны шашырап келіп төсегіне құлайды. Соның құсығың жуамын деп-ақ шаршаған.
Міне, Тайыржан бүгін де «тойып» келді.
– Әй, қатын! Қайдасың? Тамақ, онымен қоса арақ әкел!
Балжан тамағын әкеліп берді.
– Арақ қайда?
Балжан үндемей құтылуға тырысты. Көзінің оты жарқ етті.
– Апа!Апа!
Балалары шар етті. Оны тыңдайтын Тайыржан ба, құлап жатқан мұны теуіп кеп жіберді.
Ертесіне ол көзін ауруханада ашты. Балалары үрпиіп келіп кетті. Енесі келіп, құшақтап отырып ұзақ жылады.
Балжан бір шешімге бел байлаған еді. Ауруханадан соң ол алыс қалалардың біріне аттанып кетті. Балалары соңынан іздеп келер. Іздеп келмесе, не бопты сонша, өз жұртында қалып барады ғой. Жетілер, жеткізер. «Жетім қозы маңырар, маңырар да отығар».
«Сені соттатқаннан есем түгенделмес. Жазаның ең ауыры менсіз өмір сүріп көр» болды бар айтқаны.
Содан бері талай жылдар өтті. Та-йыржан арағың қойып, ел қатарына қосылған. Қазір бір күн ауру, бір күн сау. Күні-түні Балжаны есінен шықпайды. «Қадіріңді кеш біліппін-ау» деп күрсініп отырады да қояды.
Иә, Балжанның кеудесінде кешірілмес кек кетті. Ол Тайыржанды жалғыздықпен жазалауға бекінген-ді.
Тайыржан сол жазаны тартып келеді. Бұл жазаның Ар жазасы екені есіне түскенде іші өртенеді…

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *