Қазақстан үкіметі әйел адамдардың өмірдің барлық салаларына белсенді қатысуына жағдайлар жасауда. Қазақстанда жүргізіліп жатқан гендерлік саясат нәзік жандарға ерлермен қатар ел өміріне тікелей...

 

Қазақстан үкіметі әйел адамдардың өмірдің барлық салаларына белсенді қатысуына жағдайлар жасауда. Қазақстанда жүргізіліп жатқан гендерлік саясат нәзік жандарға ерлермен қатар ел өміріне тікелей қатысуға көп мүмкіншіліктер жасайды. Елбасының айтуынша: «Біздің гендерлік теңдік, экономикалық және саяси өмірге әйелдердің қатысуын кеңейту.
Бұл мәселе бойынша біз Еуроодақтың 14 мемлекетін басып озып, әлемнің ең дамыған 50 елінің қатарына кірдік»[1]. Дегенмен, гендерлік саясат туралы теріс түсініктердің де қалыптасуы да күннен күнге ұлғаюда. Бұл зерттеу жұмысы осы қоғамдық мәселені негізге алып, қоғамдық сананы жақсы жаққа өзгертуге бағытталады.
Гендер – негізі анатомиялық жыныста құрылған, уақыт өте келе қоғам талабына сай өзгеріп отыратын әлеуметтік жыныс.»Gender» сөзi ағылшын тiлiнен аударғанда жыныс (еркек, әйел) дегендi бiлдiредi. Ол ерлер мен әйелдердiң мiнез-құлқын, олардың арасындағы әлеуметтiк қарым-қатынасты, олардың әлеуметтiк және мәдени нормалары мен рөлдерiнiң айқындайтын ұғым. Оның негізгі тұжырымдамасы гендер мен жыныс ұғымдары арасындағы айырмашылықта болып табылады.
Бұл айырмашылықты алғаш рет 1968 жылы американдық психоаналитик Роберт Столлер өзінің «Жыныс және гендер» деген еңбегінде көрсеткен [2]. Гендерлік мәселелерді зерттеуде Д. Уильям, Р. Столлер, Дж. Скотт, Т. Л. Лабутина, И. А. Школьников, Л. П. Репина сынды шетелдік ғалымдардың еңбегі зор. Қазақстанда да гендерлік саясат мәселесін зерттеп, өзінің ғылыми еңбектерін арнаған ғалымдар көп. Соның ішінде Б. Х. Хасанов, Г. Г. Соловьева, С. Шакирова, М. А. Өскембаева, Н. Шеденова, К.А.Тохтыбаева, Б. Қылышбаева сынды ғалымдар еліміздегі гендерлік ілімнің дамуына үлкен үлес қосты.
Гендерлiк саясат – қоғамдық өмiрдiң барлық салаларында ерлер мен әйелдердiң теңдiгiне қол жеткiзуге бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық қызмет [3]. Қазақстанда гендерлік саясатпен ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия белсенді айналысады. Қазақстан қатысатын гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі келісім-шарттар тізімі: Әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі Пекин тұғырнамасы (1995 ж.); БҰҰ Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенциясы (1998 ж.); Әйелдердің саяси құқықтары туралы конвенция (2000 ж.); Тұрмыс құрған әйелдердің азаматтығы туралы конвенциия (2000 ж.); ДЕҰ-ның 1951 жылғы № 100 ерлер мен әйелдердің тең құндылықты еңбекке тең сыйақы алуы туралы конвенциясы (2000 ж.); Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенциясының Факультативтік хаттамасы (2001 ж.). 2003 жылдың 27 қарашасында ҚР-ның гендерлік саясатының Тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжатта саяси өмірге әйел мен ердің теңқұқылы қатысуы; әйелдер дискриминациясына қарсы күрес; тең дәрежеде кәсіпкерлікті дамыту; әйелдердің экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету; қызметтегі теңдік; отбасыда тең және екі жақ үшін қолайлы жағдай жасау мәселелері қарастырылады [3]. Осы Тұжырымдамаға сай ҚР-ның 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік Стратегиясы қабылданды.
Стратегияда мемлекеттің гендер-
лік саясатын іске асыруға бағыт-талған міндеттерді отбасылық құн-дылықтармен байланыста қарас-тырған [4]. Көптеген заңнамалық құжаттардың қабылданғанына қара-мастан әлі күнге дейін жыныстар арасындағы теңгерімсіздіктің бар екенін статистикалық мәліметтер дәлелдейді. ҚР статистика жөніндегі Агенттігінің мәліметтері бойынша, еліміздегі әйел-дердің айлық жалақысы ерлердің жалақысымен салыстырғанда орта есеппен 1,6 есе аз екен. Оның ішінде қаржы саласында – 1,8 есе, қонақ үй-мейрамхана бизнесінде және өнеркәсіпте – 1,5 есе аз болып келеді.
Мұндай теңгерімсіз қатынастың бір себебі белгілі бір дәрежеде әйелдердің жалақысы төмен салаларда жұмыс істеуі болып табылады. Мысалы, білім беру саласында 75,3%, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсету саласында 79,2%, қонақ үйлер мен мейрамхана бизнесінде 68,8% республикамыздың нәзік жандары көбірек жұмыс істейтіндігі дәлелденген. Ер адамдар болса, керісінше негізінен жалақысы жоғары – мемлекеттік басқару салаларында 77,4%, құрылыс саласында 82,7%, өндірісте 69,1%, қуат, газ және суды өндіру мен тарату саласында 60,8% көбірек қызмет етеді. Жоғарыда аталып өткен салалар жаһандану заманының негізгі талаптарына жауап бере алатын салалар болып табылады.
Дегенмен біз елімізде әйелдердің белсенділігі мүлде нашар күйде деп айта алмаймыз. Қазақстан Президенті жанындағы Отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мәліметтеріне қарағанда, бүгінде елімізде 3,5 миллионнан астам әйелдер кәсіпкерлік салада қызмет етіп жүр[5]. Елімізде әйел кәсіпкерлер санының көбеюін ҚР Іскер Әйелдер Ассоциациясының Президенті Р.Б. Сарсембаева болашақтағы дамудың кепілі деп белгілеген. Оның 2004 жылы жарық көрген «Қазақстан қоғамының нарықтық трансформациясы: гендерлік анализдің тәжірибесі» еңбегінде әйел адам іскерлігі мен қоғамдағы белсенділігінің келесі артықшылықтары көрсетілген: олар өз амбицияларын жасырын ұстайды, стратегиялар ойластыруда жауапкершіліктері көбірек, қаражат жағдайларында ұқыпты, адамдармен тез тіл табысады, өз интуицияларына жиі жүгінеді, ерлерге қарағанда әлеуметтік жауапкершіліктері жоғары [6].
Бүгінгі күні елімізде Раушан Сәрсембаеваның басшылығымен «Іскер әйелдер Ассоциациясы», Розлана Таукина мен Тамара Калееваның жетекшілігімен құқыққорғаушы журна-
листік ұйымдар, Гүлсара Тіленшиева құрған әйелдердің ақпа-раттық алматылық орталығы, «Аруана» атты әйелдер клубы, Мұсылман әйелдерінің Лигасы, «Аналар кеңесі» еңбек етуде. Қазақстан қоғамының қалыптасқан гендерлік түсінігі Зерттеу жұмысының басты сұрағына жауап табу мақсатында ең алдымен әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Сауалнама қоғамның гендерлік білімін тексеру үшін қажетті 7 жабық сұрақтан құралды.
Сауалнамаға қатысушылар жыныс бойынша ер мен әйел, жас бойынша 14- 30 жас, 31-49 жас, 50- ден жоғары, ұлты бойынша қазақ, орыс, өзге топтарға жіктеліп, әрбір топ жеке зерттеледі. Барлығы- 158 қатысушы. Зерттеу қорытындысы:сауалнама сұрақ-тарының ішінде «Үй еңбегімен – үй шаруашылығын ұстап-күту жөніндегі ақысы төленбейтін қызмет (үй жинау, кір жуу, тамақ дайындау және т.б.) негізінен кім айналысу керек?» деген сұраққа респондеттердің көпшілігі — «әйел адамдар» деп жауап берді. Бұл үй еңбегімен негізінен әйел адамдардың айналысуы біздің қоғамда қалыптасқан үйреншікті жайт және үй ішілік міндеттердің тең бөлінбеуі әйелдерді кемсіту нысандарының бірі болып табылатынын екінің бірі біле бермейтіндігін көрсетеді. Үй еңбегімен – үй шаруашылығын ұстап-күту жөніндегі ақысы төленбейтін қызмет негізінен кім айналысу керек? Жынысы бойынша.
Сауалнамамның негізгі сұрақта-рының бірі – «Гендерлік саясат бойынша әйел адамдар барлық салаларда ерлермен бірдей күшке ие бола ала ма? – деген сұраққа жауап беру кезінде де қатысушылардың гендерлік сауатсыздығы байқалды. Көпшілік қауым гендер мен жыныс ұғымдарын айыра алмайды. Гендерлік теңдікті орнатуды әйел мен ер адамдардың мүмкіндіктері мен құқықтарының теңдігі ретінде емес, олардың табиғи жаратылыстық күштерінің тең болуы ретінде түсінеді, бірақ олар әйел мен ер ешқашан теңесе алмайтын мүмкіндіктердің болатынын ұмытып кетеді. Мысалы, ер адам табиғатынан зор физикалық күшке ие, сондықтан ол ауыр дене күшін қажет ететін жұмыстарды жақсы атқарады, ал әйел адамға табиғатынан нәзіктік пен ана махаббаты беріледі. Сол себепті гендерлік теңдік күштер теңдігі емес, қоғамдық сана осы айырмашылықты толық ұғынуы қажет.
Мәселені толыққанды дәлелдеу үшін БАҚ-қа контент-анализ жасалды. БАҚ құралдарынан алынған ақпаратты өңдеу барысында анықталған проблемалар – әйелдердің көпшілігінің өз құқықтарын толық білмеуі, олардың гендерлік және құқықтық сауатсыздығы. Бұл мәселе сауалнама және құрылымдалмаған сұхбат жүргізу барысында да дәлелденді. Сауалнамадан алынған деректердің дәлдігін жетілдіру үшін экспертпен құрылымданбаған сұхбат жүргізілді. Сұхбат СҚО-ның «Аналар кеңесі» ұйымының басшысы, «ТОМИРИС» гендерлік білім орталығының төрағасы, Петропавл қаласының «Қала-лық гендерлік клубы» әлеуметтік жобасының жетекшісі Смаилова Күлімкөз Қайырбайқызымен жүргізілді. Сұхбаттың шынайылығын дәлелдеу мақсатында сұхбат берушінің рұқсаты арқылы сұхбат аудио жазбаға жазылып, суретке түсірілді. Жүргізілген зерттеулерден келесі қорытындыға келдік, гендерлік саясатты нәтижелі жүргізу үшін қоғамның гендерлік теңдік туралы сауаттылығын арттыру қажет.
Әлемдік гендерлік индекс кес-тесіндегі Қазақстан. Қазіргі таңда әлемдегі гендерлік саясатқа баға беру үшін әлемдік гендерлік индекс қолданылады. Әр елдегі гендерлік теңдікті негізгі 4 критикалық салалардағы жетістіктер бойынша бағалайды[7]. Олар:
— Экономикалық саладағы қатысу мен мүмкіндіктер (ер мен әйелдің жалақысының қатынасы, шешім қабылдауға қатысуы, жоғары дәрежедегі жұмыспен қамтамасыз етілуі);
— Білім беру саласы (барлық білім беру түрлерінің екі жыныс үшін де қолжетімділігі);
— Денсаулық сақтау саласы мен өмір сүру ұзақтығы (туылу көрсеткіштері, өмір сүру деңгейінің көрсеткіштері);
— Саяси үрдістерге қатысу (билік басындағы гендерлік өкілеттілік) [8]. Бұл тізімде Исландия, Швейцария, Финляндия сынды Скандинавия түбегінің елдері көш бастап тұр. Қазақстан болса әзірге жалпы 47 орынды иеленген. Еліміз экономикалық қатысу және мүмкіндік бойынша 36 , білім беру саласында 28, денсаулық сақтау саласында 1, саяси өмірдегі белсенділік бойынша 78 орында тұр.

Қазақстандық гендерлік индекс
матрицасы

0-ге жақындаған сайын толық теңсіздік 100-ге жақындаған сайын толық теңдік (сурет) [9]. Бұл сызбадан біз білім беру және денсаулық сақтау салаларында толық теңдіктің орнауы жақындап қалса, саяси салада бұл күнннің туар уақыты әлі алыс екендігін көре аламыз.
Бұл – саясатқа әйелдердің белсенді қатыспайтынының айқын дәлелі. СҚО- ның барлық 39 әкім орынбасарының тек 7-еуі (18%), 14 әкімдік жүйенің басқарушыларының ішінен 3 әйел (20%), аудандық маслихаттың 182 мүшесінің 40-ы (21%), ауылды мекендердің 203 әкімінің 27-сі (13%), басқарма басшыларының 3-еуі (15%), басқарма басшыларының орынбасарларының 10-ы (37%) әйелдер болып табылады [10]. Бүкіләлемдік экономикалық форумның негізін қалаушы және президенті Клаус Шваб: «Әйелдер әлемдегі адами капиталдың жартысын құрайды. Сол себепті қыздар мен әйелдердің құқықтары мен білімдерін кеңейтіп, олардың көшбасшылығы мен таланттарын әлемдік деңгейде қолдану – бәсекелестікке қабілетті әлемнің негізгі жетістігі пен даму элементі»-, деген екен.
Бұл сөздер шынымен де бүкіл әлемде ел дамуына келгенде мәселе әйелдердің кез келген салада белсенділігін арттыруға келіп тірелетінін көрсетеді. Сонымен қоса, гендерлік саясатты қажетті деңгейде жүргізетін – АҚШ, Швеция, Финляндия, Канада, Бельгия, Дания және т.б. әлемнің жоғары және тұрақты дамыған елдері болып табылады. Сол себепті Қазақстанда да гендерлік саясаттың қажетті деңгейде орнауы еліміздің дамыған 30 елдің қатарына кіруін жылдамдататынына сенімді бола аламыз.
Қазақстан іскер әйелдер қауымдас-тығының төрайымы Раушан Сәрсем-баеваның пікірінше, біздің елдегі әйелдерді үш топқа бөліп қарастыруға болады екен. Бірінші топта ұлттық дәстүрді берік ұстайтын аналар тұрады. Олар үшін отбасылық жағдайдағы салт-сана, дәстүрді берік ұстап, өздерін «ошақты сақтаушы» ретінде көрсету басты орында тұрады. Олар үшін күйеу – отбасының асыраушысы.
Бұл топ өкілдерінің көбісінің жоғары білімі жоқ. Олар көп жағдайда ауылдық жерлерде тұрады. Екінші топты орта және егде жастағы аналар құрайды. Олар жаңа қоғамдық формацияға өкпелі, өйткені нарықтық қатынастардың келуі бұл топтағыларды жұмыссыз қалдырған.
Екінші топтағылар төмен жалақы алып жұмыс істегеннен гөрі, мемлекеттік жәрдемақы алғанды тәуір көреді. Бұл топқа жататындар қосымша білім алып, қайта даярлықтан өтудің болашағы жоқ деп ойлайды.
Үшінші топқа жататындар жоғары жалақы беретін жерлерде жалданып жұмыс істейтіндер. Бұл топтағылар – жас және орта жастағы әйелдер. Олар – нарықтың қыр-сырын білетін, соған орай арнайы білім алғандар. Бұл категорияға жататын аналар мен арулар қоғамдағы отбасылық әлеуметтік-экономикалық жағдайдың өзіне қатысты болып тұрғанын айқын аңғарған жандар. Олардың ішінде саяси карьерасын биліктен іздейтін жастар көп. Үшінші топтың қосымша бөлігін құрайтындар – кәсіпкер әйелдер. Олардың басты мақсаты – нарық заңдылықтарынан қалмау және олар осы кәсібі үшін ғана өмір сүреді. Олар үшін отбасы екінші ретке қалады. Міне, біз осы 3 топ өкілдерін бір арнаға тоғыстырғанда ғана гендерлік саясатта бір нәтижеге жетеміз.
Тең құқықтар мен мүмкіндіктер негізінде әйел адамдардың әлеуетін кеңінен пайдалану бұл тұрақты дамудың кепілі. Қазіргі заманның екі негізгі стратегиясы – тұрақты даму мен гендерлік саясат. Қоғамның гендерлік саясат жайлы түсінігі жеткілікті деңгейде қалыптаспаған.
Көпшілік гендерлік саясатты тек әйелдерге қатысты мәселе деп түсінеді, бірақ оның ауқымы әлдеқайда кең бұл – даму мәселесі. Бұл – адамзат өркениетінің болашағы. Қазіргі заманғы қоғамның негізгі мақсаты әйел затына деген дәстүрлі• көзқарасты өзгерту. Бұл көзқарасты өзгертуді жанұя тәрбиесі мен білім беру жүйелерінен бастау керек деп ойлаймын.
Біз Мәңгілік Ел құндылықтарына негізделген гендерлік теңдікті қалып-тастыруымыз қажет. Бұл ең алдымен, азаматтық қоғам және құқықтық мемлекеттік негізінде әр адам үшін тұлғалық жетілуге жағдай жасау, әйел адамдар мен ер адамдардың өз мүдделерін еркін білдіруі, экономикалық, саяси, білім беру ресурстарына бірдей қолжетімділігі арқылы өмірлік мақсаттарына жетуге жағдайлардың жасалуы.
Қазіргі жаһандану мен жаңа цифрлік технолгиялар кезеңінде адам дамуының• басты өлшемі оның жыныстық, нәсілдік немесе этностық белгілері емес, кәсіби құзіреті, жауапкершілігі мен шығармашылық әлеуеті. Қазақстанның дамыған отыз елдің қатарына ену мақсатына сәйкес ұлттық дамудың негізгі басымдылығы – зияткерлік, ғылым мен білім, адамның капиталының дамуы болу керек.
Қазақстан үшін дамыған отыз елдің қатарына ену осы адам капиталын дамыту арқылы мүмкін. Бұл маңызды стратегиялыық міндетті жүзге асыру әйелдердің елдің экономикалық және саяси өміріне жан-жақты және белсенді қатысуынсыз мүмкін емес. Қазақстанда әйелдер халықтың еңбекке жарамды және жоғары білімді бөлігінің көпшілігін құрағандықтан, қоғам дамуының индустриалды өндірістік дәуірінде негізгі өндіргіш күш ер адамдар болса, цифрлі технологиялар заманында әйелдердің рөлі басым болуы ғажап емес.
Сондықтан, қазақстан қоғамының өркендеуіне әйел адамдардың зияткерлік мүмкіндіктері мен қабілетін толыққанды пайдаланудың маңыздылығын түсіну
Қазақстанның өркендеуіне үлкен ықпалын тигізетіні сөзсіз. Гендерлік саясаттың қажетті деңгейде жүргі-зілуі қоғамдық сананы өзгертіп, Қазақстан-ның дамуына пайда әкеледі деген қорытындыға келдік.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Қазақстан гендерлік теңдік бойынша әлемнің ең дамыған 50 елінің қатарына кірді. http://m.inform.kz/ru/article/2358060
2. Ржаница Л.С. Интеграция женщин в процессе общественного развития. М.,1994, 324 б.
3. Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы, 2006 жыл http://adilet.zan.kz/
4. ҚР-ның гендерлік саясатының Тұжырымдамасы, http://adilet.zan.kz/
5. Жеңісова Е.Ж., Қаржаубекова А.Қ. «Қазіргі Қазақстандағы гендерлік саясат» дипломдық жұмыс. 6. Сарсембаева Р.Б. Рыночная трансформация Казахстанского общества: Опыт гендерного анализа. 2004. 235-237 б.
7. Global Launch of 2015 Human Development Report. Электрондық ресурс: http://hdr.undp.org/en/2014-report
8. Сакевия В. И. Индекс гендерного неравенства 2013.Электрондық ресурс: http://demoscope.ru/weekly/2014/0607/reprod03.php
9. Gender Gap Index. Электрондық ресурс:http://reports.weforum.org/global-gender-gap-report2015/economies/#economy=KAZ
10. «Женщины Северо-Казахстанской области в политике» Смаилова К.К., 2016 жыл

Дилбар Бегалина,
Назарбаев зияткерлік мектебінің оқытушысы,
Анел Қоспанова,
Назарбаев зияткерлік мектебінің студенті

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *