ЖАТЫПАТАР ЖАҢЫЛТПАШТАР
18.03.2021 0 1 880
Көпен ӘМІРБЕК,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері
Арагідік балалар әдебиеті ауылына ат шалдырып қоятын белгілі сатирик Көпен Әмірбек бұл жолы «Жатыпатар жаңылтпаштарға» кезек беріпті. Рас, балалар әдебиеті ақын-жазушылар тарапынан осылайша келіп тұратын «балаларға базарлыққа» кенде де емес. Әйтсе де жаңылтпаштың жөні бөлек. Бұл өзі алдыңғы буын ақсақалдардан кейін арасы біршама үзіліңкіреп қалған жанр. Сол олқылық орнын бүгін сатира саңлағы Көпен Әмірбек толтырып отыр.
Басын ашып айтсақ, соңғы 20-30 жылдың көлемінде балалар әдебиеті қоржынына түскен нағыз базарлық осы болды. Бұл жаңылытпаштарда ой да, тіл де мақсат та, мүдде де бар. Бір сөзбен айтқанда, осы жаңылтпаштарға тілін сындырған қай жасөспірім де сөз мәніне терең бойлап қана қоймай, ұлттық рухи болмысқа терең тамыр жіберері күмәнсіз. Сонымен қатар бұл шығарманы бала-шағадан бастап, жастың да, жасамыстың да бас алмай оқитыны күмәнсіз. Әйтсе де оқырман игілігіне айналғалы тұрған әдеби туындының балалар мен жасөспірімдерге арналғанын қаперде ұстағанымыз жөн.
1.
Сары қыз
Қарбыз жеді.
Сары қыз қарбызды
Жалғыз жеді.
2.
Нұрғали тұрған үй
Тұран жақта.
Тұран
Нұрғали тұрған үй жақта.
3.
Бұлбұл
«Тұлпар болам!» деді.
Тұлпар
«Сұңқар болам!» деді.
Бұлбұл тұлпар болмай,
Бұлбұл болды.
Тұлпар сұңқар болмай,
Дүлдүл болды.
4.
Қара бала
Қарағайды аралайды.
Арасы қарағайды
Аралауға жарамайды.
5.
Сары бала
Арбаға мінді.
Арбаға мінген
Сары балаға
«Сарнама!» дедік.
6.
Атама ұнайтын
Бота ма?
Тайраңдайтын тайлақ па?
Мінгенге жақсы
Інген бе?
Əлде, нар ма?
«Нар жолында жүк қалмас»,
Нардан мықты бар ма!
7.
Шарханның
Шақшадай басы шарадай болды.
Шалшыққа аунап,
Қара лай болды.
8.
Мағазды мазалама,
Мағаз қағазға жаза ала ма?
Мағаз қағазға жаза алмағасын,
Қағаз қайық жасаған
Мағазға айып таға алмайық.
9.
Қанаттың арманын
Қанағаттандыра алмадық.
Қанағаттандыра алмағанымыз сол –
Қалаға аттандыра алмадық.
10.
Əрі-бері жүретін,
Əбігерленіп үретін
Арлан итім
«Р-р-р» дейді.
Қырық екі əріптің
«Р»-дан басқасын білмейді.
11.
Қоңсы тұратын Қоңқыштың
Қоңызы да жоқ,
Доңызы да жоқ.
Қоңыр үнді қобызы бар.
12.
Аңғарда
Аң бар.
Аңысын аңдып,
Ататын жан бар.
Аңды аямайтын
Браконьерді аңғар.
13.
Əрі қарасам –
Ала қарға.
Бері қарасам –
Қара қарға.
Ала қарға
Жарға қонды.
Қара қарға
Қарға қонды.
14.
Балық аулап отыр ауыл:
«Балыққа
Балықшының толтыр ауын!».
Балыққа емес,
Балықшыға
Бас салады қолтырауын.
15.
Боран борап,
Қар жауды.
Ауа-райы қолайсыз ба?
Тыз етіп,
Табаныңнан сыз өтіп,
Жаурап қалма абайсызда.
16.
Сурет салсаң,
Сəндеңкіре.
Əр бояумен
Əрлеңкіре.
17.
Аңғал-саңғал
Шоңқорамыз қаңырап тұр.
Қоңы кетіп, тоңғасын,
Қоңыр қозым маңырап тұр.
18.
Бұл – бізбіз.
Шыж-быж болмай,
«Сіз-біз» болып,
Сызылып тұрған қызбыз.
19.
Жоңышқаға жайылған
Жорғамды,
Ажырыққа əкеп,
Азырақ оттаттым.
20.
Үш-төрт бала бір-бірін
Келекеледі біртүрлі.
«Кімге кім күлді?» деп,
Бір-біріне ұмтылды.
Басы піспес баланы
Етеді ме жұрт үлгі?
21.
«Əжеме керек көзілдірік!»
Деп ойладым өзім біліп.
Көзілдірікке қоса
Қажетті
Газетті əкеп,
Əжемді мəз еттім.
22.
Қаңбақ
Жаңғаққа ұқсамайды.
Жаңғақ
Қаңбаққа ұқсамайды.
Қаңбағың-қаңғалақ,
Жаңғағың-жаңғалақ.
Қаңбағыңда мəн жоқ,
Жаңғағыңдай дəн жоқ.
23.
Ат жемейтін,
Ащы шөптің
Шыққанынан,
Шықпағаны жақсы ма?
Шықпағанынан
Шыққаны жақсы ма?
24.
Домбай мен Омбай
Дойбы ойнады.
Омбай оңбай ұтылып,
Ойбайлады.
Ойбайлаған Омбайға
Домбай қой-қойлады.
25.
Ауым-сауым,
Ұйпа-тұйпа,
Салдыр-салақ.
Бұл кім?
Кеп тұр күлкім.
26.
Жып-жинақы,
Тап-таза,
Түп-түзу.
Бұл кім?
Ұқыпты болуға ұмтыл!
27.
Мамам
Банан берді.
Бананды маған бермей,
Оған берді.
Оған бермесе,
Ойбайлап дау іздейді.
Бананның қазақшасын
«Мəуіз» дейді.
28.
Табанымнан
Тік тұрдым.
Ботқаны отқа қойып
Бұқтырдым.
Бұқтырып қойған ботқам
Бытбырық боп,
Түбі күйді.
29.
Əбігерге түсіп
Əрі-бері жүрді де,
Дəрігерге
«Дəрі бер!» деді.
Дəрігер дəрі беріп,
Бəрін емдеді.
30.
«Табанымызға тас батты,
Тар көшеге асфальтты
Қалай төсейміз?» деп,
Бас қатты.
31.
Бетпақ əппақты
«Батпақ!» дейді.
Əппақ бетпақты
«Əппақ!» дейді.
Бетпақ-бетпақ,
Əппақ-əппақ.
32.
Жансызбыз,
Сансызбыз,
Мың-мыңбыз.
Жымыңдаған жұлдызбыз.
Жасырынбақ ойнаймыз
Күндіз біз.
33.
«Балдырған»
Алдырған
Балақай алақайлап,
Мейірін қандырған.
34.
Күн шықты,
Шықылықтаған үн шықты.
Шықылықтаған даусынан
Танып қойдым шымшықты.
35.
Оншақты моншақты
Тізіп тұрып,
Қызайды қызықтырып,
Салған суреті
Быжық-тыжық.
36.
Үйде көрпе көп,
Көрпеше аз.
Бір-ақ көрпешенің өзі
Құрақ көрпеше.
37.
Үйде
«Үйме-жүйме
Төсекке тиме!»
Деген тəтем,
Түйе жүн төсекті
Төрт қонаққа төсепті.
38.
Құштарлығынан гөрі
Іштарлығы басым
Үш қу,
Бір-бірін менсінбей
«Пішту!» дейді.
39.
Аман
Жаман ойынға
Əбүйір болғанда,
Тағы үйір болмады.
40.
Ындыны кең қомағай
Ықылық атты.
Обал-ай!
41.
Ырғап-ырғап,
Бір қап құрғақ
Құрма ап келді.
Бір қап
Құрғақ құрманы
Ұрлап келді.
«Ұят-ай!» деп
Тұрмақ па енді?
42.
Ақ көйлек,
Көк көйлек,
Қызыл көйлек,
Ұзын көйлек киіп,
Бойлары биік,
Қырық құбылып
Қыздар шықты.
Етек-жеңі мол екен,
«Бұл не?» десем, мода екен.
43.
Қазір ғана
«Бажылдама!»
Деген едік.
Бажылдады.
Байбайлады.
Айғайлады.
Шатақ мінез шығарды
Қай-қайдағы.
44.
Алақтап,
Далақтап жүрмегесін,
Киімінің бəрі əппақ.
45.
«Атты кісі
Аттан түсіп,
Жаяу кісі
Жатып қарағандай
Сұлу!» дейді əпкемді.
Міне, тағы
СМС- пен хат келді.
46.
Тілазарды жұмсасаң,
Азар да безер.
Зығырыңды қайнатып,
Ығырыңды шығарар.
47.
Ойынға
Мойын бұрып,
Алаңдады.
Далаңдады.
Сыныпты əрең тəмамдады.
48.
«Жақсы оқиды!» деп
Қызығасың.
Қызғанасың.
Іші күйгендер
Тұз жаласын.
49.
Ұйқысының
Ұйқы-тұйқысы шығып,
Жанарына жас тығылыпты.
Жас тығылған себебі –
Жастықта жатып бастырылығыпты.
50.
Өзгені шағыстырып,
Өзі білінбеді.
Өсекшіге өкпелеп,
Көзім ілінбеді.
51.
Албасты басқыр қасқыр
Қалың қойды ықтырды.
Ықтырғанын көріп,
Төбе шашым тік тұрды.
52.
Күн батып,
Қас қарайды.
Қас қарая көрсетті
Аспан айды.
53.
Мəдиге
Əли кеп,
Ойнағаны ғанибет.
Мəди мен
Əлиге
Ғани кеп,
Қосылса қалар зар илеп.
54.
Сара апайдың
Сары шалы,
Самсаны
Шайнай алмай шаршады.
55.
Əпер демей үш етік,
Бір етікті місе тұт.
56.
Бір ағайды
Танығыңқырамадым.
Танығыңқырамағаныма
Жабырқағыңқырадым.
57.
Сатыр-сұтыр,
Тақыр- тұқырға
Бір сəт
Таңырқап тұрсақ.
Бытырадай бықпырт қып,
Соққан екен бұршақ.
58.
Бейқамға не айтам?
Не айтсам да бейқам.
59.
Бір пəнді ғана
Жақсы оқитын Нұртанды,
Жұрт алды дей алмаймыз.
60.
Дəу қарға
Тауларға қонбайды.
Тауларға қонбайтын
Дəу қарғаға дау бар ма?
61.
«Өтпейтін неткен кетпен!»
Деп пе ең?
Қара жерді қақ айырар,
Қайрасаң еппен.
62.
Балақайды байқайық.
Байқайық та
Қайқайып жүргенін айтайық.
63.
Зəрлі аязда бəрі аралас,
Жаңбыр жауса қар аралас,
Қарбалас боп,
Көктайғақта ақ тайлақ
Тайраңдай алмайды.
64.
Мылтықты көрді де,
Аңшы болам деп ынтықты.
Ынтықса да бұл тіпті
Оқтай алмас мылтықты.
65.
Буылдырланып бүгін бір,
Бұлт басқан аспан бұлыңғыр.
66.
Зəмзəм не?
Бальзам не?
Зəмзəм да – ем,
Бальзам да – ем.
67.
Алысқа шабуға
Атым шыдамады.
Атымды қамшылауға
Дəтім шыдамады.
68.
Кең жердің де
Кедір-бұдыры көп,
Кем жері бар.
Кем жердің де
Кедір-бұдыры жоқ
Кең жері бар.
69.
Шардараның
Шағаласы əр түрлі.
Шарықтап ұшып,
Шарқ ұрды.
70.
Ол кісінің оңды ісі,
Иі жұмсақ, мол кісі.
71.
Дəлдүріш жүзгішпін деп,
Дəлеңдепті.
Арыны қатты өзеннің
Арғы жағасына əрең жетті.
Ағып кете ме деп,
Зəрем кетті.
72.
Ептеп
Ет жеп,
Таңдайым тандырдай кепті.
Кесе тола
Кока-кола
Шөлімді қандырмай кетті.
73.
Үйтіп-бүйтіп
Көрді де «Ютуб» тағы,
Сілесі қатып, титықтады.
74.
Қақаған қыс, дала-қар,
Қара нар нені паналар?
75.
Құлқын сəріде тұрып ап,
Маңырады сұр лақ.
76.
Оркестр ию-қию,
Азан-қазан, сартыл-сұртыл.
Даңғаза жұрт
Дирижердың артында отыр.
77.
Күйіндім-ау,
Күтем деп күтпегеніне.
Күтпегендегі
Діттегені не?
78.
Пысық тым
Мысықтың
Мысын басып «Піш!» дейді.
«Піш!» дейтіні –
Ішетінді ішпейді.
79.
Жұмысқа бейім құмырсқаның
Илеуіне қарап,
Үй деуіме бола ма?
Илеуінде құжынамай,
Билеуіне бола ма?
80.
Сұрың қандай
Сұқсыр құс?
Сұқсырдың түсі –
Сұп-сұр түс.
81.
Қақ-соқпен
Жұмысы жоқ Мақсат
Жақсы-ақ.
82.
Таудың жартасын,
Жартасының əр тасын,
Жықпыл-жықпылын
Жатқа біліп,
Аралайды атқа мініп.
83.
Ойпаңда жүріп
Одан асты.
Ордан құлап
Омақасты.
84.
Айла-амалды қайдан білді,
Майлы ішектей айналдырды.
85.
Əрі-сəрі боп отыр ек,
Жəкем жəрмеңкеден келді де,
Мəре-сəре болдық.
86.
Ырың-дырыңнан соң,
Ұзын мұрынға жұдырық тиіп,
Ұзын мұрын
Қызыл мұрын болды.
87.
Орманның арасынан
Арланның қарасын көріп,
Көзі шарасынан шықты.
88.
Латын тіл – жақын тіл ме,
Жақын тіл –Латын тіл ме?
Латын тілін оқы, оқы дейміз.
Оқымасақ нұқы-нұқы дейміз.
89.
Бет,
Жүз,
Əлпет,
Дидар,
Сықпыт,
Ұсқын,
Кескін,
Келбет…
Мағынасы біреу-ақ,
Қанша сөздер айтылды.
Ата-анамның тіліндей
Таба алмайсың бай тілді.
90.
Парықты білмей,
Паркті білетін баланы
Парықты бала дейміз бе?
91.
Əжем
«Жер дегдіді» деді.
Жер дегдіді деген не?
Жаңбырдан соң
Жел соғып, жер дегдісе,
Жер дегдіді дейді.
92.
Тартып жеп,
Артық жеп лəмпісті,
Деміне нан пісті.
93.
Лəйліпті,
Лəйліпті.
«Қарсы шығар қай мықты?»
Деп өзінше ойлапты.
Қой десе де қоймапты.
Төбесіне əкесі
Əңгіртаяқ ойнатты.
Жым қыпты.
Кім мықты?
94.
Шұлғауы шұрқ тесік,
Шұлығы қырық тесік.
Қырық тесікті де
Шұрқ тесік дейді.
95.
Көріп жүрсің күнде өзің,
Бабаңның соққан күмбезін.
Күмбез күмбірлей ме,
Күңгірлей ме?
Күмбез күңгірлемейді,
Күмбірлейді.
96.
Көктемде
Көкектің бəрі
«Көкек!» дейді.
Көп торғай
«Көкек!» демей,
Секектейді.
97.
Қара қарға барады ұшып,
Қалай ұстар бала күшік?
98.
Істемей қалды лифті.
Шебер кеп үйтті,
Бүйтті.
Зымырап кетті лифті.
99.
Үш баланың
Үшеуі үш түрлі.
Үшіншісі күшті үлгі,
Біледі екен үш тілді.
100.
Ересекке
Не десек?
Ересек келешекке
Берешек емес.
Келешек
Ересекке берешек.
101.
Бұра тартып бұлданады,
Тұлданады, жынданады.
Қит етсе
Бетіңнен ала түсетін,
Қайтсек екен бұл баланы?
102.
Сояу мұртын тікірейтіп,
Жон арқасын күжірейтіп,
Мысық итке айбарланды.
Айбар шеккеніне
Алабай төбет қайран қалды.
103.
Жəй шелпегің
Қай шелпек?
Жəй шелпегің де
Майшелпек.
104.
Аспазшы қызға
«Тамақ асшы!» дедік.
Асханада – масқара,
Асқан асының тұзы көп.
Ащы жедік.
105.
Шықылықтады
Шымшық тұрып.
Шымшықпен бірге
Шегіртке де ыршып тұрып,
Шырылдады.
Шым-шытырық шуылдары.
106.
«Салт-сананы көксеп
Жүрмейсің!» деп сөксек,
«Соқыр теке, соқ-соқ!»
Деген ойынға
Мойын бұр.
107.
Екі бала егесті,
Егескенде не десті?
Тулап-тулап,
Будақ-будақ
Бейпіл сөзбен түтіндетті.
«Қату болмай
Тату болайық,
Бізге керек бітім!» депті.
108.
Ала тайға балақай
Қарғып мінді, алақай!
Мөңкіді, мөңкіді,
Ала қашып жөңкіді.
Ала тайды балақай
Бас білдірді сол күні.
109.
Əлжуазға əл керек.
Əл жинауға не əңгелек,
Не бал керек.
Балдан бұрын
Əңгелекті таңдар ек.
110.
Екі бала
«Шықшытыңнан ұрып,
Быт-шытыңды шығарам!» деп,
Оқыста боксқа түсті де,
Бокстаспай
Қораз құсап шоқысты.
111.
Қыс түсті де,
Қар жауды үсті-үстіне.
Көктем кеп күн түсті,.
Атқардық түрлі істі.
112.
Нұрқанат бірден-ақ
Қырдан түсті сырғанап.
Қалған бала тұр қарап.
113.
Бір сығым майдың да,
Қыр-сыры бар.
Қыр-сырын білмесең,
Қырсығы бар.
Қиқым-сиқым,
Қылшығы бар.
Дəкемен сүзіп,
Бір сығып ал.
114.
Торт артық па,
Құрт артық па?
Торт құр тəтті,
Құрт тəп-тəтті!
115.
Үлде мен бүлде.
Бұл не?
Күлме!
Ескі сөзді
Естімеппін мүлде.
116.
Қос сөз
Бос сөз бе?
Атам:
-Пай-пай,-деді де,
Ішейікші шай-пай!-деді.
Пай-пай мен шай-пайдың
Шайын түсіндім де,
Пайын түсінбедім.
117.
Ыбылжыған ынжықты
Кім жықты?
Жаттықтырушының жаттығуын
Бұлжытпай орындаған бұл мықты.
118.
Тұраш та,
Рəш та,
Күлəш та
Квасқа
Құмар екені рас па?
119.
Қияңқы қырсықтанды.
Қырсықтанды да,
Қимас досының
Қитығына тиіп, ұрсып қалды.
120.
Сурет салдым.
Ирек-ирек
Үйрек салдым.
Сирек салмай,
Жиірек салдым.
Пламастермен
Бəле басқыр
Жəне қасқыр салдым.
121.
Бағана
Ағама
Тайымды тағала!» деп ем,
«Тайды тағаламайды» деді.
122.
Қозы, лақты
Өзі бақты.
Қозы, лақтың
Көзі ұнапты.
123.
Бағдаршамды
Аңғарсаң аңғар.
Таң қалсаң
Таң қал.
Үшкірлі бұрышында
Үш түрлі шам бар.
124.
Көке мен бөпе кофе іше ме,
Сок іше ме?
Бөпе сок ішеді,
Көп ішеді.
Көке кофе ішеді,
Көп ішпейді.
125.
Аралары ара-дара
Қара қарға дара-дара ұшты.
126.
Автоматта
Қат-қабат жатқан оқ
Атқан оқ емес.
127.
Картаны қарай шық,
Сарайшықта бар айшық.
Қай жерде Сарайшық?
128.
Жылтыңдамаймын,
Тың тыңдамаймын.
Жылтыңдап,
Тың тыңдап жүргеннен
Тымпыңдап жүрген жақсы.
129.
Жағадан алып,
Жағаласты.
Біреуі біреуінің
Құлақшынын ала қашты.
Қашқан бала
Қарау болып қара басты.
130.
Балаларға
«Дала қар ма?» деп ем,
«Дала қар» деді.
» Шана бар ма?» деп ем,
«Шана бар» деді.
«Дала қар болса,
Шана бар болса,
Сырғанауға
Шама бар ма?» деп ем,
«Шама бар!-деді,-
Шамамыз
Баяғының батырларына
Барабар!» деді.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.