Уахит ШӘЛЕКЕНОВ Қазақ – дүние жүзіндегі тарихы өте терең, адамзат өзі туралы дерек қалдыруға ақыл-ойы жеткен заманалардан тамыр тартатын халық. Көне тарихқа бойлағанда,...

 

Уахит ШӘЛЕКЕНОВ

?????????????????????????????????????????????????????????

Қазақ – дүние жүзіндегі тарихы өте терең, адамзат өзі туралы дерек қалдыруға ақыл-ойы жеткен заманалардан тамыр тартатын халық. Көне тарихқа бойлағанда, ғұн, сақ, скиф, үйсін, қаңлы, найман секілді ұғымдарға соқтықпай өтетін ғалым жоқ. Ол тарихи кезеңдерден кейін де қазақтың арғы бабаларының аты аз құбылған жоқ. Бірақ ақиқат біреу – сол кезеңдердің бәрі қазақтың адамзат көшімен бірге болашаққа жол тартқандағы «бекеттері» ғана.

Өркениет (цивилизация) – қо-ғамның саяси және заттай әрі рухани мәдениетiнiң даму дәрежесiн белгiлейтiн ұғым. Ол адам баласының басынан өткерген эволюциялық жолмен iлгерiлеуiн, дамуын сурет-тейдi. Жер шарын мекендеген халықтардың барлығы дерлiк эво-люциялық жолмен дамып келе жатыр. Жер жүзіндегі адам саны 6 миллиардтан асты. Олардың өмiрлерi секiрмелi болмаған. Ертедегi халықтар өздерiнiң мекендеген табиғи-жағрапиялық жер шариятына және бастарынан өткерген тарихи оқиғаларға байланысты бiр деңгейде дамымаған. Кейбiр халықтар алға iлгерiлеп, өркениеттiк деңгейге жетсе, қалғандары баяу дамыған. Бұндай табиғи құбылыстарды ертедегi адамзаттың тарихынан-ақ кездестiремiз. Жерорта теңiзiнде ежелгi Рим мемлекетi пайда болып, бiздiң жыл санауымыз бойынша 200 жылға дейiн Рим империясы өмiр сүрiп, Батыс Еуропаға, Балқан түбегiне, солтүстiк Африка мен Алдыңғы Азияға өзiнiң үстемдiгiн жүргiзген және көне Қытай мен Үндi өркениетiмен байланыста болған. Рим, Грек антикалық өркениетi қарауындағы және алыстағы көршiлерiне де әсерiн тигiзгенiне бағзы тарих куә (Всемирная история в иллюстрациях. Рим и древний мир. Т.2. М., 1994).
Бұл тоқталған өркениет орта ғасырда да өз жалғасын тапқан. Тарихтың осы кезеңiнде үш ұлы өркениет дәуiрлеген: Еуропа, Ислам және Қытай. 1100 және 1350 жылдары Батыс Еуропа халықтары феодализм қоғамында жасап, мемлекеттердiң бастыкүштерi құдiреттi аристократтар мен кедей шаруалар (дихандар) болған. Олардың қолдарындағы күштi құрал христиан шiркеулерi, дiни адамдары болып, феодализм қоғамын қуаттандыруда айырықша қызмет атқарған. Феодализм қоғамындағы өмiр осы дiни көзқараспен қаралған. Еуропаның феодалдық мемлекеттерi көршi елдерге өздерiнiң заттай және рухани мәдениеттерiнiң жетiскендiктерi арқылы әсерiн тигiзген.
979-1126 жылдары Сун дәуiрiнде Шығыс Азияда қарқындап дамыған Қытай өркениетi қалыптасқан. Өзiнiң қарқынды дамуы арқылы қытайлықтар жақын және алыстағы көршiлерiне үлгiлi әсерiн тигiзген. Кiтапты басып шығару тәсiлдерiн тауып, кiтаптар баспаханаларда басылу дәрежесiне жеткен. Мылтықтың дәрiсiн (порох) және қағаз ақшаны шығарған. Бұл жаңалықтар Ұлы Жiбек жолы арқылы әлемге, сондай-ақ, еуропалықтарға таралған. Қытайдың жiбек кездемесi, шыны ыдыстары (фарфор) және тоқыма құралдары сияқты заттары кең көлемде тарқаған. Ежелгi уақытта келiп шыққан Қытай жiбегiнiң атымен шығыс пен батысты жалғастырған Ұлы Жiбек жолы б.з.б. II ғасырда дүниеге келiп, ол Орталық Азияның қалаларының үстiмен жүрген (Сонда. Средние века. Т.4. М., 1994).
Ежелгi және орта ғасырдағы Орталық Азия түрiктерiнiң қоға-мындағы, жалпы мәдениеттегi же-тiстiктерi көршi елдердiң, соның iшiнде Алдыңғы Азия халықтарымен тығыз байланыста дамыған. Ислам өркениетiнiң өрлеуiне, араб, парсы халықтарымен бiрге түрiктер де ат салысты. Бұл өркениеттiң дамуы ислам дiнiнiң келуімен тiкелей байланысты. Бұл дiн қысқа уақыт iшiнде (1100-1350 жж.) Испанияның оңтүстiгiнен Қытайға дейiнгi мекендеген көп ұлтты халықтардың мемлекеттiк дiнiне айналды.
Ертеден буддизм және христиан дiндерiнiң ықпалында болғандығына қарамастан, олдiндерден бас тартып, ҮIII ғ. басында түрiктер ислам дiнiн қабылдап, оны мемлекеттiк дiнге айналдырды. Бұл жерде, ежелгi бабаларымыз хұндар (гүндер) Орталық Азия арқылы шығыс елдерге тараған буддизмге қалай қарағаны туралы Бiлге қағанның (725 ж.) Тоныкөкке (Тонюкук) ақылшысына) буддизмдi түрiктерге қабылдатсақ қайтедi деген сұрағынан үзiндiге көңiл аударайық: “Бiлгенiң тағы бiр ойы өлкеде Таоист пұттарын жасап, түрiктердiң iшiнде буддизмдi тарату болатын. Бiрақ бұған Тоныкөк қарсы шығып, буддизмнiң адам бойындағы басшылықты және билiк сезiмдерiн әлсiрететiнiн күш пен соғысу жолының бұдан келмейтiнiн, егер түрiк халқы өмiр сүрсiн десең, осы дiн мен пұттарды мемлекетке кiргiзбеу керек” – дедi (Бiлге қағанның өсиетi. Түркiстан. 2001. Б.7.).
Келтiрiлген үзiндiден, Көктүрiк мемлекетiнiң ақылгөйі Тоныкөктiң елбасының буддизм дiнiн қабылдау туралы айтқан пiкiрiне қарсы тұрып, буддизмнiң түрiк халқының адамгершiлiгiне, жаратылысына тура келмейтiнiн дәлелдеп, оны мемлекеттiк дiнге айналдырудың қажетi жоқ екенiн баяндаған. Оны ақылды елбасшысы Бiлге қаған мақұлдаған. Сөйтiп, ислам дiнi келгенше көктүрiктер бұрынғыша тәңiрге, көп дiнге сенушiлiгiн өзгертпеген.
Ислам өркениетi, жоғарыда аттары аталған өркениеттер сияқты, өзiнiң негiзiн ежелгi заманнан алады. Ислам дiнi түрiктердiң эволюциялық дамуына өзiнiң қолайлы әсерiн тигiзген. Орталық Азияның автохтондық перзентi — түрiк. Оның даму жолы көршi елдермен, соның iшiнде батыс көршiсi Алдыңғы Азия халықтарымен тығыз байланысты болған. Түрiктердiң ертедегi және орта ғасырдағы тарихи формацияларды өздерiнiң басынан өткергенiне тарихи, археологиялық және т.б. ғылымдардың деректерi дәлелдейдi.
Орталық Азия жерiнен тас, қола және темiр дәуiрлерiнiң ескерткiштерi кең көлемде ашылды. Ендi сол бай мағлұматтарға сүйенiп, түрiктердiң бастарынан өткерген тарихи кезең-дерiне шолу жасайық.
Жер шарындағы үлкендi-кiшiлi халықтар алғашқы қоғамды бастарынан өткергенi баршаға мәлiм. Онан кейiнгi құл иеленушiлiк қоғамдық формацияны түрiктер “секiрiп өтiп, бiрден феодализмге барды” деген жалған пiкiр осы күнге дейiн үстемдiк етуде. Қазақ совет энциклопедиясында: “Қазақстанның ежелгi халқы дамудың құл иелену сатысына соқпай өттi. Мұнда көптеген ғасырлар бойы патриархалдық үй құлдығы болғанымен, ол қоғамдық-экономикалық формация дәрежесiне көтерiле алмады” (Қазақ совет энциклопедиясы. Т.6. Алматы. 1979. Б.258.) делiнген. Кеңес үкiметi жылдарында жарық көрген “Қазақ ССР тарихы” бес томдығының 1996 ж. “Қазақстан тарихы” атты бiрiншi томында осы пiкiр қайталанған. Қазiргi елiмiздiң тарихын оқитындардың көпшiлiгiнде осындай түсiнiкке сенетiндер әлi де бар. Бұл концепция шындыққа келмейдi. Оны жиналған деректерге негiздеп қайта қарайтын уақыт жеттi.
ХI ғ. бас кезiнде жасаған ұлы ба-
бамыз, данышпан ойшыл Жүсiп Баласағұни:
“Болған талай қалалар да, халық та,
Уақыт көмдi бәрiн жердей табытқа.
Болған талай ауылымыз, тайпамыз,
Ендi соның iзiн тауып байқаңыз…” (Баласағұн Жүсiп. Құтты бiлiк. Алматы. 1996. Б.602.) десе, ХХ ғ. қазақтың дарынды ақыны Мағжан Жұмабаев:
Ертеде Оқыс, Яксарт –
Жейхун, Сейхун,
Түрiктер бұл екеуiн дария дейтiн.
Киелi сол екi су жағасында
Табасың қасиеттi бабаң бейтiн… (Жұмабаев М. Шығармалары. Алматы. 1989. Б.173).
Бұл ғұламалар ертеде түрiктердiң тұрақты ауылдары мен қалаларының болғанын, олардың көптеген қоныстары Әмудария мен Сырдария түрiктердiң ежелден жерi екенiн айта келе, уақыттың өтуiмен жердiң қойнауына енiп, ескерткiшке айнал-ғанын меңзейдi. Ендi кейiнгi ұрпақтар сол бабалардың қоныстарын зерттеп, тарихымызды бiлу қажеттiлiгiн өсиет ретiнде айтқан.
Ғұламалардың тiлектерiн iске асыруда ХХ ғ. археологтар қыруар жұмыс атқарды және түрiктердiң шынайы тарихын жазуға қажеттi жаңа деректердi топтады.
Солардың iшiнде, С.П.Толстов басқарған кешендi “Хорезм архео-
логиялық-этнографиялық экспедиция-
сының” атқарған қыруар зерттеу жұмыстарынан хабар берейiк. Бұл экспедиция Әмудария мен Сырдарияның орта ағысынан төменгi жерлердегi ежелгi, антикалық және ортағасырлық түрiктердiң ескерт-
кiштерiн жарым ғасырдан артығырақ уақыт жан-жақты зерттеп, жоғарыдағы ғұламалардың өсиетiн орындауда айтарлықтай зерттеу жұмыстарын жүргiздi. Өте бай жиналған деректер жеке-жеке монографиялар мен экспедицияның еңбектерi болып жарық көрдi: мысалы: “Древний Хорезм” (1948); “По следам древ-нехорезмской цивилизации” (1948); “По древним местам Окса и Яксарта” (1962) және т.б.
Осы еңбектердiң нәтижесiнде, ертедегi түрiктердiң тарихы қайта қаралып, Әмудария мен Сырдария, яғни Тұран өлкесiнде антикалық заманда ежелгі мемлекеттердiң бол-ғаны дәлелдендi. Б.з.б. II- б.з. V ғасырларында ертедегi сақтардың ұрпақтары Әмудария мен Сырдария алқаптарында Қаңлы, Ферғана, Тохаристан мемлекеттерi өмiр сүрген. Б.з. I-IV ғасырларында Кушан империясы, б.з. V-VI ғғ. Эфталит мемлекетi дәурендеген. Қаңлы мем-лекетiнiң бас астанасы Самарканд қаласы болған (Шәлекенов У.Х. Орталық Азия түрiктерiндегi құл иеленушiлiк //Отан тарихы. 2-3. 2003. Б.11). Орталық Азия түрiктерiнiң ежелгі қоғамда жасағаны туралы автордың арнайы мақаласы жарық көрдi (Сонда. Б.7-15). Бұл мәселе осы мақалада кеңiрек айтылған.
Аттары аталған мемлекеттердiң алғашқысы және түрiк мемлекетігін құруда қаңлылар ұлы күш болғанға ұқсайды. Қаңлы мемлекетiне көп жерлер қарап, сол жерлердi мекендеген түрiктер қаңлы деп аталған. Қаңлы – жиынтық этноним. Түрiктер еншi алысқан кезде, әр тайпаның, мемлекеттiң басшылары қаңлы руынан сайланған. “Кәделi елде қаңлы бар, қаңлыдан хан сайла, қаңлы тұрғанда басқа хан болмайды” (Шәлекенов У.Х. Қаңлы тарихына қатысты еңбек //Ана тiлi. Тамыздың 5-і, 2004.) деген ел арасында қанатты сөздер әлi күнге дейiн сақталған. Б.з.б. I ғ. аяғында Қытай деректерiнде: “Кангюи, керiсiнде (усунмен салыстырғанда) өркөкiрек, батыл және бiздiң елшiлерiмiз алдында бас июге ешбiр көнбейдi. Онда наместниктен жiберiлген чиновниктердi усундердiң елшiлерiнен төмен отырғызады. Тамақты әуелi солардың князьдері мен ақсақалдарына, сонан соң барып наместниктiң елшiлерiне тартады” (Қазақстан тарихы. Т.1. Алматы. 1996. Б.275).
Бұл сөздi қытайлықтар тегiн айтпаған. Олардың қаңлыларға берген мiнездемесiне қарағанда, Қаңлы мемлекетiнiң басқару жүйелерiнiң қытайлықтардан анағұрлым жоғары болғанын байқауға болады. Олар қытай елшiлерiне өздерiнiң жоғары болғанын көрсетiп келген. Көне түрiктер тарихын зерттеуге барлық саналы өмiрiн сарып еткен Л.Н.Гумилев те соны айғақтайды: “Бiрақ зерттеушiнi материалдық мәдениеттен гөрi, түрiктердiң қоғамдық тiрлiгi мен әлеуметтiк институттарының күр-делi түрлерi қайран қалдырады: ел, еншiлiк-таспиқтық жүйесi, шендер иерархиясы, әскери тәртiп, елшiлiк үрдiсi, сол сияқты көршi елдердiң идеологиялық жүйелерiне қарсы қоятын, мұқият әзiрленген дүниетанымның болғандығы таң қалдырады” (Гумилев Л.Н. Көне түрiктер. Алматы. 1994. Б.5).
Л.Н.Гумилевтiң жазғанына қара-ғанда, түрiктердiң заттай мәдениетiн айтпағанда, олардың қоғамды басқару жүйелерi, әлеуметтiк қарым-қатынастары (институттары) жоғары дәрежеге жеткенiне қайран қалуға болатынын айырықша атап өткен. Елдi басқару тәртiптерi, әскери өнерлерi, елшiлердiң жұмыс атқару жүйелерi, тәсiлдерi, қоғамдық идеологияның дамуы өркениеттi халықтардың бiрiнен де кем емес екенiн көрсетедi. Түрiктердiң бұндай өркениетi анти-калық заманда қалыптасып, тарихтың кейiнгi кезеңдерiнде алға өрлеуде болған.
Антикалық дәуiрде Орталық Азия түрiктерi оңтүстiгiнде иузiлер, шығысында хундар мемлекеттерiне бөлiнiп жасаған. Б.з.б. II ғасырда Хун империясы құрылып, оны Туман (Теоман) хан, (Бахаддин Өгел. Улы хун империясының тарихы. Бiрiншi кiтап. Алматы. 1998. Б.71) оның мұрагерi – баласы Мау Тун (Мете) (Сонда. Б.74.) басқарған кезде Хун империясы құрылып, ол ұлы күшке айналған. Қытайдың батыс көршiсi болған хундар жиi-жиi оларға қарсы шабуыл жасаған. Одан қорғану үшiн қытайлықтар батыс шекарасына Ұлы Қытай қорғанын сала бастаған. Чин династиясының императоры Шы Хуанди құрылысты аяқтаған: “Шы Хуанди билiк басына шыққаннан кейiн Ұлы Қытай қорғанын салып бiтiрудi тездетiп аяқтау үшiн еңбек күшiн де, қаржыны да аямай төктi. Оның ең негiзгi мақсаты – солтүстiктен келетiн шапқыншы тайпаларынан шекарасын қорғау, сол арқылы империясын аман сақтап қалу болатын” (Сонда. Б.81).
Осы келтiрiлген үзiндiге қарағанда, саяси, әскери жақтан хундар Қытайға ерте заманнан-ақ ұлы күш екенiн iс жүзiнде көрсетiп отырған. Қытай императорының батысқа жасаған талай жорықтарын сәтсiз аяқтатқан. Бұндай күштi хундардың мұрагерлерi көктүрiктер де қытайлықтарға соққы берiп, олардың шекарасын батыс көршiлерiнiң есебiнен кеңейтуге мұрша бермеген. “38 жасында Бiлге (қаған – У.Ш.) қыс кезiнде қытайларды жаулап алды. 39 жасқа келгенде, көктемде татыбтар көктүрiктерге басқыншылық жасайды. Төңкер тауында басшыларының 40000 әскерiнiң 30 мыңын Бiлге өлтiрдi. Сол кездерде аурудан қайтыс болған үлкен ұлы үшiн өлтiрiлген басшы Қуға арнап Бiлге кесене тұрғыздырды… Бiлге қаған ит жылының оныншы айында 26 күнi (25 қараша 735 ж.) қайтыс болды… Асына Қытайдың Лисiн тау генерал басшылығымен 500 адам келдi” (Бiлге қағанның өсиетi. Түркiстан. 2001. Б.19).
Хүндар мен түрiктердiң жүргiзген iшкi, сыртқы саясаттары елiне шексiз берiлгендiгiн және олардыңақыл-ойларының өте жоғары дәрежеде болып, түрiк халқының Отаны – Орталық Азияны қорғап, жерiн, халқын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, түрiк өркениетiнiң жалауын жоғары көтерген.
Бiлге қаған Түрiк халқын қатты сүйген. Бұл жөнiнде Қытай деректерiнде де жазылған. Өзiнiң жазбаларында шығыста Қытайдың Шанг-Тунг даласында, iшкi Азияда Төкуз – ерсiн (Қарашар) аймағында, солтүстiкте Байырку жағасына (Аны өзенi) және батыста Темiр есiкке (Сырдария өзенiнiң аймағында Самаркант – Баях жолы бойында) дейiн сапар шеккенiн еске салғаннан кейiн былай деген: “Тәңiрдiң бұйрығы үшiн халқымның көзiнiң көрмегенi,құлағының естiмегенi үшiн күннiң шығысына, күннiң батысына, күндiзге, түнге жеткiздiм. Алтынның сарысын, күмiстiң ағын, жiбектiң тазасын, аттың айғырын, нәжiсiнiң қарасын, тиынның көгiн түрiк халқына енгiздiм” (Сонда. Б.8).
Тарихи тұлғаның бұл қалдырған мұрасы, оның өз халқын шексiз сүйгендiгiн, барлық өмiрiн сол үшiн жұмсап, түрiктердiң бұрын қолдары жетпеген жеңiстерге әкелгенiн қысқаша баяндауы, Бiлге қағанның кемеңгер, ақылды қолбасшы тұлға екенiн көрсетiп тұр. Ол небәрi 50 жасқа келiп, 735 жылы 25 қарашада өмiрден өттi (Сонда. Б.20). Сонан берi 1270 жыл өтсе де, оның атқарған iсiн, жазып кеткен өсиетiн кейiнгi ұрпақтар шексiз құрметтейдi және үйренедi. Сондықтан да 2001 жыл Күлтегiн жазба ескерткiшiнiң нұсқасы Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетiне әкелiп қойылды және сол туралы халықаралық ғылыми конференция өткерiлдi. Бiлге қаған түрiктердi бiрiктiрiп, империя құрып, оны ұлы күшке айналдырғанын көтерiңкiлiк тұрғыдан халқына өсиет ретiнде былайша бiлдiрген: “Төбедегi аспан айналып түскенiнше, жер ойылмайынша, ешкiм Түрiк ұлтының мемлекетiмен салт-дәстүрiн жоя алмайды” (Сонда. Б.18) деген. Адам өмiрiнде, сондай-ақ, отбастарында да, мемлекеттерде де бiрлiк шешушi күш екенiн бабаларымыз ертеден ұққан және соған сүйенiп ұлы iстердi атқарған. Қазақ халқының күнделiктi тұрмысында “Бiрлiк болмай, тiрлiк болмайды” атты қанатты сөз жиi қолданылады. Оның бағасы әрiде жатқанын Бiлге қағанның айтқанынан ұғуға болады. Бiрлiк, қазiргi егемендi Қазақстан Республикасының дамуына да ауадай қажет.
Тарихи деректерге қарағанда, ан-тикалық заманның өзiнде-ақ түрiктер көршi Қытайға өркениет әкелген: “Шалғайдағы Алтай мәдениетi “Иаңшау мәдениетiнiң” ортаңғы кезе-ңiнен былай қарай өз ықпалын жүргiзе бастағанын көремiз. Негiзi, Қытайдың солтүстiгiнде қола мен мыс сияқты металлдар өте аз едi… осыдан, түрiк халқы жасап, кемелдендiрген қола өнеркәсiбi Солтүстiк Қытай арқылы Оңтүстiк және Шығыс Қытайға жетiп, өркендегенi аңғартылады. Сөйтiп, Қытай жерiнде қытайлық қола өнеркәсiбi дамып, өркендедi. Қандай да бiр жаңа деректер табылып жатса да, өзгермейтiн ақиқат осы болатын. Сондай-ақ түрiк тайпаларының шығысында монғолдардың да өмiр сүрiп жатқанын ұмытпауымыз керек” (Бахаддин Өгел. Сонда. Б.17).
Бұл пiкiрдi жалғастырып, автор: “Үш аяқты ыдыстар мемлекеттiң символы болатын. Тоғыз ыдыс — тоғыз елдiң белгiсi. Осы үш аяқты әсем ыдыстар бұл жерден Шан династиясына, одан әрi Жу династиясының астанасына жөнелтiлген. Мiнеки, бұдан Алтайдың қола бұйымдары iшкi Қытай қалаларына қарай барғанын бiлуге болады. Қытайдың солтүстiгiнде қола рудасы жоқ болатын. Сондықтан мұнда Алтайдың әшекей бұйымдарына елiктеп еш нәрсе жасалмайтын” (Сонда. Б.22).
Бахаддин Өгелдiң бұл пiкiрiн дәлдейтiн археологиялық деректер Қазақстан жерiнен бiрқанша табылды. Иманғали Тасмағамбетов өзiнiң “Ат жалындағы өркениет” атты сүбелi еңбегiнде бұндай үш аяқты қазандардың суреттерiн 53-55-беттерде берiп, олардың Алматы қаласының маңынан, Шығыс Қазақстаннан, Жетiсу өңiрiнен табылған б.з.б. V-III ғғ. жататын жәдiгерлер екенiн жазған (Тасмағамбетов И. Ат жалындағы өркениет. Алматы. 2003. Б.53-69). Осы ыдыстарға қарағанда, сол кездегi бабаларымыздың түстi металдарды еркiн иелеп, көркем, сұлу, өрнектелген бұйымдарды жасап, оларды Ұлы Жiбек жолындағы елдерге, сондай-ақ алдымен Қытай көршiлерiне жеткерген. Осы антикалық дәуiрде Орталық Азия жерiнде кеншiлер кең аймақта тау кендерiн меңгерiп, осы күнгi елiмiздегi түстi, кейiн қара металдардың негiзiн салған. Бiздiң заманымыздың даму дәрежесiне сай үлкен зауыттар, комбинаттар жұмыс iстеп тұр. Солай болса, ертедегi темiр кенiн иеленушiлердiң саны да аз болмаса керек. Өйткенi Қазақстанның көпшiлiк жерiнен ертедегi кендердiң орындарын археологтар, геологтар тапты және зерттедi. Осындай өркениетке жеткен бабаларымыздың бiлегiнiң күшi мен маңдайының терiмен жасаған темiр бұйымдары бiзге археологиялық дерек ретiнде сақталып келген. Олар – отырықшы кеншiлердiң өндiрген байлықтары.
Хұндар өмiрдiң басқа салалары бойынша да өзiнiң өркениеттiк әсерiн Қытайға тигiзiп отырған. Сол кезде Ферғана (Дайуян) мемлекетiнде қан терiлi аттар өсiрiлетiн. “Аттары жоңышқа жейдi. Ферғанада 70-тен артық қала бар. Асыл тұқымды жылқылары көп. Жылқыларынан қан тәрiздi тер шығады. Аңыздарда айтылуынша, бұл жылқылар тұлпар тұқымынан шыққан көрiнедi. Ферғанада бiр тауда ерекше бiр жылқылар болады – мыс…” (Бахаддин Өгел. 2 кiтап. Б.26). Бұндай айырықша асыл тұқымды жылқыларды өсiретiн “Дүлдүл” атанған тау – осы күнгi Қырғызстанның Ош облысының Үзген (Өзкенд) ауданының жерiнде орналасқан қала. Ол Қарахан әулеттерi кезiнде астаналардың бiрi болғанын айтқанбыз. Оны 1952 жылы археологиялық экспедиция кезiнде бұл қалада болдым. Сол ауданда Дүлдүл атаған таудың бауырында бұлақтан пайда болған көл бар. Сол көлдiң жағасында биiк жартасқа әдемiлеп салынған аттардың суреттерi сақталған. Бұл кезiндегi Ферғана тұлпарларының бейнесi болса керек.
Бұндай асыл тұқымды жыл-қылардың қытайлықтарды қызық-тырғаны сонша: “Б.з.б. 140-86 жылдарда Қытайдың патшасы Ферғанаға елшi Жаң Шиянды аттандырып, көптеген алтын (1000 алтын), басқа да асыл заттар берiп жiберген. Ол Ферғанадан асыл тұқымды ат сұрады. Ферғана ханы, хан патшалығы бiзден өте шалғай, қалың қол бастап мұнда келе алмайды деген оймен өздерi қастерлейтiн асыл тұқымды жылқыларын бергiсi келмейдi. Сондықтан Қытай елшiсi Ферғана ханын балағаттайды. Ферғаналықтар Қытай хандығының елшiлерiн өлтiрiп, олардың мал-мүлкiн сыпырып алады” (Сонда). Онан кейiн генерал Ли Гуаң Лиге 100000-нан астам әскерiмен келiп, Ферғаналықтармен 4 жыл соғысып, нәтижесiнде әскери қолбасшы У Ганы өлтiрiп, оның басына қоса 300 жылқы берiп, қытайлықтарды елiне қайырады. Қытай патшасы У осынша шығынға ұшырағанына қарамастан, Ферғанадан әкелген жылқыларға риза болып, ол жылқылардың санын көбейтуге бар күшiн салады және жоңыршқа тұқымын елiне алдырып, оны жылқыларына берiп, Ферғана жылқыларын өсiрудi ен жайдырады. Осы жылдарда жоңыршқа мен жүзiм де Қытайға жеткерiледi. Сол кезде Ферғанада жүзiмнен шарап жасайтын: “Ферғананың жер-жерiнде жүзiмнен шарап жасалады. Байлар қоймаларында он мың күптен (Qlcek) артық шарап жасайды. Ол неше ондаған жылдар бойы сақтаса да бұзылмайды. Бұл ел шарапқа өте құмар” (Сонда).
Бұған қосымша, хұндар (түрiктер) өзiнiң жерiн басып өтiп, шығыспен батысты жалғастырған Ұлы Жiбек жолына өздерiнiң билiгiн жүргiзiп отырған. Б.з.б. 140-86 жылдары Қытай патшасы У Қытай керуендерiнiң осы жолмен кедергiсiз өтуiне айырықша көңiл бөлген. “Қытай керуендерiнiң батысқа қарай бет алуы хұндарды ызаландырды. Өздерiне қарасты түркiстандық қалаларға олардың жолын кесiп тастауды бұйырды… Түркiстандағы осынау қалалық хандықтан хұндарға тыңшылық хабар жеткiзiп те тұрушы едi. Хұндар оларға бұйрық түсiрiп, Қытай керуендерiнiң жолын кескiзiп тастайтын” (Сонда. Б.22).
Осы мәлiметтерге қарағанда, хұндар Ұлы Жiбек жолының тұтқасын ұстап, халықаралық байланысты күшейтуге, әйтпесе әлсiретуге ықпа-лын жүргiзген. Сондықтан Хұндар мен Қытай араларында келiспеушiлiктер орын алған. Қытай мемлекеттерi хұндарға күш көрсетiп, жүз мыңдаған әскерлерiн жиi-жиi жiберген. Олар өздерiнiң алға қойған мақсаттарына кейбiр кезде уақытша жетсе де, бiрақ ұзатпай-ақ хундар оларды келген жағына қуып салып отырған. Қытайлықтардың саны көп болса да, батыстағы көршiсi Хұндардың жерiнiң есебiнен аумағын кеңейте алмаған. Бұл тұжырымға қарағанда, хұндардың ел басқару, әскер құру және соғысты жүргiзу тәсiлдерi қытайлықтардан жоғары тұрғанын көрсетедi. Барлық жақтан, Хұн империясы өздерiнiң жақын және алыс көршiлерiнен анағұрлым өркениеттi ел болғанын көремiз.
Орта ғасыр – бүкiл дүниежүзi тарихының ежелгi дүние мен жаңа тарих аралығындағы тарихи кезең. Ол алғашқы және құлшылық қоғамның жаңа сатыдағы пайда болған феодалдық қоғамдық формация б.з. 5-17 ғғ. үстемдiк еттi. Бұрынғы бастан өткен қоғамдарға қарағанда, өндiрiс күштерi мен өндiрiс қатынастары анағұрлым алға өрлеген кезең. Феодализмде жерге меншiк үстемдiк етiп, iрi жер иелерi тың жерлердi игерiп, экономика алға iлгерiлеп, бұрынғы қалалар iрiленiп, жаңа қалалар өсiп шығып, олар қолөнер кәсiбiнiң және сауданың, мәдениеттiң орталығына айналып, феодалдық басқару орындары орналасты.
Орта ғасырда түрiктердiң басқару жүйелерiнде айтарлықтай алға iлгерiлеушiлiктiң болғаны байқалады. 542 жылғы мағлұматтарға қарағанда, “Қытайлар түрiктердi сюннулердiң (ғұндардың) ұрпақтары деп санаған” (Қазақстан тарихы. Т.I. Алматы, 1996. Б.296). Түрiктер бұрынғы ыдыраған Хұн империясының орнына келiп, оны қайтадан бiрiктiрiп, Ұлы Түрiк империясын құру үшiн қыруар жұмыстар iстеген. Бұндай ұлы iске түрiктер Бiлге қағанның кезiнде қолдарын жеткерген. Бiлгенiң ең маңызды ерекшелiктерiнiң бiрi — мемлекеттi басқарудағы тұрақтылық. Ағасы Қапан, бауыры Құл Тегiн сияқты дөрекi емес, халықтың тағдырын, оның мүддесiне шешетiндей жұмсақ мiнезi едi. Қажет болғанда соғысудан тайынбайтын едi… (Бiлге қағанның өсиетi. Түркiстан. 2001. Б.8).
Келтiрiлген үзiндiден Бiлге қағанның ақылды, кемеңгер ұлы басшы екенiн және барлық 50 жылдай саналы өмiрiн сүйiктi түрiк халқына жұмсағанын байқаймыз. Бұрын халқының қолы жетпеген байлыққа күнi-түнi қажырлы еңбегi арқылы жеткергенiнің куәгерi болып отырмыз. Бөлшектенiп кеткен түрiк мемлекеттерiнiң басын қосып, Ұлы Түрiк империясын құрып, оны ұлы күшке айналдырған.
Бiлге қағаннан кейiн бұл Түрiк империясы бөлшектенiп, ортағасырда бiрнеше майда мемлекеттер пайда болған. Түргеш (Сарыүйсiн), Қар-лұқтар, Оғыздар, Кимек қағанаты, Арабтар, Қарахандар. Аттары атал-ған Орталық Азия түрiктерiнiң мемлекеттерiнiң iшiндегi ең күштiсi – Қарахан империясы. Қарахандар ежелгi Орталық Азияда құлиеленушi түрiктердiң мемлекеттерiн құрған Афрасиабтың ұрпақтары (Шәлекенов У.Х. Түрiктердiң отырықшы өркениетi. Алматы. 2003. Б.98). Жамал Қаршидiң айтуынша, Қарахан мемлекетi 955-956 жылдары құрылған (ҚСЭ. Т. 6. Алматы. 1975. Б.510).
Қарахандықтар жоғарыдағы аттары аталған мемлекеттердi бiрiктiрiп, үлкен мемлекет құрды. 999-1089 жылдарда Қарахандар Шығыс Түркiстанда, Жетiсу және Мәуренахрды биледi. Бұл үлкен мемлекеттi 5 астана арқылы биледi: Қашқар, Баласағұн, Узкенд, Самарқан және Бұхара. Олардың iшiнен Баласағұн бас астана болды. (Шәлекенов У.Х., Шалекенов М.У. Баласағұнның жұмбағы шешiлдi. Алматы, 2004.)
Қарахан әулетiнiң негiзiн салу-шы Сатұқ Боғра хан (915-955) ислам дiнiн қабылдады (Қазақстан тарихы. Т. 1. Алматы, 1996. Б.399). Бұл дiн Орталық Азия түрiктерiнiң мемлекеттiк дiнiне айналып, орта ғасырдағы үш өркениеттiң бiрi – ислам өркениетiнiң тiкелей ықпалында дамыды. Бұл халықтардың қоғамдық құқықтары, мемлекеттiк басқару жүйелерi, өнерлерi, әде-биеттерi және бiлiмдендiру сала-лары, салт-дәстүрлерi ислам дiнiнiң тiкелей әсерiмен алға өрледi. Жаңа дiн ұлы күшке айналып, ислам мәдениетi көпұлттық тайпаларды, халықтарды бiрiктiрдi. Ислам дiнi-
не кiрген халықтардың көп салалы өмiрлерiнде алға өрлеушiлiк болды. Мұсылман халықтарының iшiнен табиғи және гуманитарлық ғылымдардың саласынан ғалымдар шығып, олар өздерiнiң ғылымдағы жетiстiктерiмен әлемдi таңғалдырды. Көптеген елдердiң ғалымдары ислам елдерiнiң зерттеушiлерiндей болуға ұмтылды. Орта ғасырда Батыс және Еуропа халықтарындағы ғылыми-бiлiм христиан дiнi тарапынан қуғынға ұшыраған шақта, ислам дiнiн қабылдаған араб, парсы, түрiк халықтары ертедегi Грецияның, Римнiң, Византиялық ғылыми жетiскендiктерiн сақтап қалды. Бұл халықтардың арасынан шыққан ғұламалар сапалы, ғылыми негiзде Герадоттың, Аристотельдің, Платон-ның және сол сияқты ғұлама-лардың еңбектерiн өз тiлдерiне тәржiмелеп, оларды ел арасына кең көлемде тарқатты. Солардың бiрi, бiздiң жерлесiмiз әл-Фараби “екiншi Аристотель” деген лақап атқа тегiн ие болмаған.
Ислам дiнiнiң негiзi болған Құран халықтың заттай және рухани мәдениетiнiң дамуына үлкен әсерiн тигiздi. Бұрын бiр дiндi мойындамаған түрiктер ислам дiнiне кiрiп, оның елдi, халықты өркендетуге үлкен әсер ететiнiн түсiнiп, Құрандағы дiни қағидаларды орындауға және ислам дiнiн дәрiптеуге кiрiстi. Бұл дiннiң буддизмге қарағанда, түрiктердiң болмысына, мiнез-құлқына, мәдени талаптарына, жалпы менталитетiне жақын келетiнiне түсiнiп, оны қабылдап, түрiк елiнiң мемлекеттiк дiнi ретiнде құрметтедi. Құран бiлiмге және ғылымға сүйiспеншiлiкпен қарайтыны қалың халық арасынан қолдау тауып, түрiктер, басқа да халықтар сияқты, перзенттерiн оқуға беруге, ислам дiнiнiң қағидаларын үйретуге айырықша көңiл бөлдi. Орталық Азияда мектеп, медресе және дiни, ғылыми орындар ашылды. Тек Қарахандардың бас астанасы болған Баласағұнда “Махмуд Ибн Валидiң айтуынша, «дiни адамдардың жұма намазын оқитын 40 мешiтi, күнделiктi намаз оқитын 200-ден астам мешiтi, 20 ханқа және 10 медресе болған” (Шәлекенов У.Х., Шәлекенов М.У. Баласағұнның жұмбағы шешiлдi. Алматы, 2004. Б.13).
Бұндай дiни және оқу орындары ауылдарда, үлкендi-кiшiлi қалаларда болған. Ұлы Жiбек жолындағы әлемге белгiлi Испиджабта (Сайрам) Хожа Ахмет Иассауи (ХII ғ.) дүниеге келген. Осы қалада оның әкесi Ибрагим, анасы Қараш-ананың кесенелерi сақталған. Әйгiлi Хожа Ахмет Иссауидiң кесенесi (ХIҮ ғ.) Түркiстан қаласында салынып, ол әулиелi жер, “екiншi Медине” делiнедi (Пылев А.И. Ходжа Ахмад Ясави: суфийский поэт, его эпоха и творчество. Алматы, 1997). Бүгiнде халық аузында “Мединеде – Мұхаммед, Түркiстанда – Хожа Ахмед” деген қанатты ұғым жиi-жиi айтылады.
Қарахан әулеттерi кезiнде Түрiк-тердiң ислам өркениетiнiң жалауын жоғары көтерiп, әлемге әйгiлiғұлама-ғалымдарды Орталық Азияда дүниеге әкелген: Рудаки, Ж.Баласағұни, М.Қашқари, әл-Фараби, әл-Хорезми, әл-Бируни, Ибн-Сина, Омар Хайям, Қ.Ахмед Иассауи және т.б. Араб елдерiнен жинаған деректерi бойын-ша, Ә.Дербiсәлиев Қазақстан жерiн-
де орта ғасырлық қалалардан шыққан ғұламалардың еңбектерiне тоқталған: Отырарлық ғалымдар – II, Сайрам, Түркiстаннан – II, Сыр бойынан – 10, Тараздан – 6, көмiлiп қалған қалалардан – 13 (Дербiсәлиев Ә. Қазақ даласының жұлдыздары. Алматы, 1995). Бұлардың саны зерттеген сайын толыға беретiнiне сенімiмiз мол. Өйткенi, түрiктер — ерте заманнан перзенттерiне бiлiм берудi дәстүрге айналдырған халық. Ислам өркениетiне негiзделiп, түрiктер рухани жақтан да Қарахан әулеттерi кезiнде айырықша дамып, шарықтап өркениеттiң биiгiне жеткен. ХII ғ. дейiн Қарахан династиясынан кейiн бұл өркениет әлсiрей берген. Бiрақ ұлы өркениеттiң оты бiрден сөнбей, оның әсерi кейiнгi ұрпақтардың дамуына демеушi болып отырған.
Монғол империясы кезiнде де, ислам өркениетi өзiнiң мәнiн жоғалтпай, оның монғолдардың мәдени дәрежесi жағынан жоғары екенiн байқатты. Соған қарамай, еуропацентристердiң жазғанын бiздiң тарихшылар қайталаған: “Елдiң саяси және мәдени байланыстарын үзiп, шаруашылығын күйреттi. Қазақстанның Оңтүстiк және Оңтүстiк шығысындағы отырықшы ауылдарының халқы қатты күйзелдi. Отырар, Сауран, Сығанақ, Жент т.б. қалалар қиратылып, Жетiсу бойындағы қалалар құрып кеттi” (ҚСЭ. Т.8. Алматы, Б.120).
Қазақстан тарихының бiрiншi
томында “Шыңғыс хан шапқыншы-лығы” (Қазақстан тарихы. Т.1. Алматы, 1996. Б.440) атты бөлiмiн-де де Шыңғыс ханның шабуылын жоғарыдағы келтiрiлген үзiндiнiң мәнiнде суреттеген. Бұл пiкiр басы-лымдардың бәрiнде де осы тұрғыда қайталанған. Ендi Шыңғысхан, оның әулеттерiнiң ХII-ХIҮ ғғ. жүргiзген iшкi және сыртқы саясаттарын қай-тадан қарайтын уақыт жеттi. Олардың жүргiзген ұлы iстерiне тарихи шын-дыққа негiзделiп баға берiп, оның көлеңкелi және сәулелi жағын ашып айту қажет.
Орталық Азиядағы бытыраңқы түрiк мемлекеттерiн монғолдар бiрiктiрiп, өз империясын құрған. Яғни, көктүрiктерден кейiн ыды-раған түрiктер қайта бiрлескен. Түр-кiстанның ежелден көршiсi болған, түрiк тiлдес емес халықтар бұл империяның бассалы (бағынышты елдерi) болып қалған. Монғолдардың қол астында жасаған: Таяу Азия және Қытай елдерi. Монғолдар өздерi басып алған жерлерiнде басқару жүйесiне айтарлықтай өзгерiс енгiз-ген жоқ. Басқару орындарында жергiлiктi халықтардың уәкiлдерi болып, олар алым-салық жинап, ел басқару жұмыстарымен айналысты. Өйткенi Монғол империясына кiрген халықтардың ел басқару әлеуметтiк-экономикалық және мәдени даму дәрежелерi монғолдардан жоғары болатын. Жаугершiлiкпен келген монғолдардың саны өте аз болып, жергiлiктi халықтар империяның негiзгi тұрғындарынан құралған. Бұндай этникалық теңсiздiкпен Шыңғыс хан, оның ұрпақтары санасуға тура келген. Мемлекеттiк ислам дiнi, түрiк тiлдерiөздерiнiң жұмысын атқара берген. Монғол елшiлерi, басқарушылар қыпшақ тiлiнде сөйлеген. Қорыта келгенде, Монғол империясына ислам өркениетi өзiнiң жағымды әсерiн тигiзген және ислам дiнi түрiктердiң дiнi ретiнде үстемдiгiн тоқтатпаған. Бiздiң елге келген монғолдардың iшiнде ислам дiнiн, мәдениетiн, әдет-ғұрпын қабылдағандардан түрiк, қазақ болып кеткендерi аз болмаған.
Монғол империясының iшiнде түрiк тайпалары iрiленiп, этникалық жақтан өсiп, халықтық сатыға көтерiлiп келген болу керек. Бұл мәселе әлi күнге дейiн түбегейлi зерттелмеген. Олардың бәрi де ислам өркениетiнiң негiзiнде алға өрлеген. Сондай-ақ, Шығыс Еуропа славяндары бытыраңқылық жағдайда жасап келе жатса, оларды монғолдар Москва князьдығына бағындырып, бiрлескен Орыс мемлекетiн құруға жәрдемшi болғанын тарих растайды.
Монғол империясының ел бас-қарудағы жағымды жақтарын пайдаланып, түрiк мемлекеттерi өздерiнiң өркениеттi мәдениетiн алға өрлеткен. “Өз кезiнде Шыңғыс хан Ясасы – монғол заңдары жинағының құрамына кiрген және ХҮII ғасырдағы қазақ қоғамы жағдайында мағынасын жоғалтпаған халықтық ғұрыптың кейбiр дәстүрлi нормалары қазақтардың заң ескерткiшi “Жетi Жарғының” (Тәуке ханның “Жетi жарғысы”, “Ережесi” немесе заңдары) бiр бөлiгi болуы ықтимал” (Сонда. Б.448.).
Ислам өркениетiнен сусындағын қазақ хандарының iшiнен халқын алға өрлетуде айтарлықтай үлес қосқан перзенттерi шыққан. Олардың iшiнен Қасым хан (ХҮI), Тәуке хан, Абылай хан және т.б. Ондай ұлдарын халқымыз әлi күнге дейiн құрметтейдi. “Қасым ханның қасқа жолы”, “Есiм ханның ескi жолы”, Әз Тәукенiң “Жетi Жарғысы” деген қанатты сөздер ел арасында жиi-жиi айтылып келе жатыр. Ел билеген азаматтар да аз емес. Олардың iшiнде қара қылды қақ жарған шешендер мен әдiл билер де аз болмаған. “Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” деген мақал сөздер халық арасында кең қолданылады. Олардың iшiнде Төле би, Қазбек би, Әйтеке би сияқтылар аз болмаған. Бұл мақалдың мәнi мәңгi жасайды. Бұлардың бәрi түрiк, оның бiр бөлiгi қазақ халықтары ертеден өркениеттi болғанын, оның тарихи дамулары жер бетiндегi жоғары дамыған халықтардан кем емес екендiгiн дәлелдейдi. Бұның бәрi ежелден түрiктер өзiнiң Тәңiрi берген өте бай жерiн иеленiп, өркениеттiң негiзiн ерте қалаған халықтар екенiн айғақтайды.
I-Петрдiң әйгiлi “Шығыс мәсе-лесiн” ХҮIII ғ. Ресей iс жүзiне асырып, “Ұлы қақпа” болған Қазақстан жерiн отарландырып, Орталық Азияны және Қиыр шығысқа дейiнгi жерлердi қолдарына кiргiздi. Отарландырған сан жағынан азды-көптiазиаттықтардың, соның iшiнде қазақ халқының жерiн, жер байлығын иеленiп қана қоймай, рухани жақтан да отарландырды. Ресей отар халықтардың өгей әкесi мен шешесiндей болды. Қол астындағы халықтардың бәрiн өздерiнен төмен тұтып, барлық жаманатты соларға жапты: тарихы жоқ, мәдениетi нашар, көшпендi, тек төрт түлiк малдың иесi, оларға “туземдер” деген ат қойды. Ежелден өркениеттiң тасын қалап, “Тәңiр” берген бай Орталық Азияны мекен еткен түрiк халқы терезесi тең ел болғанын, Ресей империясы 300 жылға жақын уақыттың iшiнде ұмыттыру үшiн қолынан келгендерiнiң бәрiн iстедi. Қазақстанға келген зерттеушiлер, саяхатшылар және т.б. сияқтылардың көпшiлiгi шындықты қисық айнамен көрсетуге тырысты. Мiне, осындай идеология Кеңес Үкiметi кезiнде, Коммунистiк идеологияның тонын жамылып, қағаз бетiнде тең, iс жүзiнде бүркемелеп отаршылықты жүргiзiп келгенiн халқымыз бiледi. Нәтижесiнде, ғасырлар бойы қалып-тасып қалған асыл әдет-ғұрпымыздан айырылдық, өркениетке жеткерген ислам дiнi бекерлендi, ана тiлiмiзден айырылып қала жаздадық, тарихымыз ақтаңдақтарға толды және т.б. Бұлардың бәрiнiң кейiнгi кездерде бет пердесi ашылды.
1986 жылдың Желтоқсан оқиға-сынан кейiн, 1990 жылы егемендi Қазақстан Республикасы (ҚР) болып, тәуелсiздiкке жеткеннен бас-тап, Коммунистiк идеологияның құрсауынан шығып, елiмiздiң саналы азаматтары өткен тарихын шынайы сын көзбен қарап, оның iшiнде ақиқаттыққа тура келмейтiн уақиғалардың орын алғанын көрiп, оған “ақтаңдақтар” деген айдар қойылды. Рухани мәдениетiмiзге кiрген ақтаңдақтардың бетiн ашып, оны түзетуге ұмтылған және сол жолдан таймаған азаматтар баршылық.
2003 жылдың 22-23 мамырында ҚР Ғылым академиясында: “Урбанизация и номадизм в Центральной Азии: история и проблемы” атты халықаралық ғылыми конференция өттi. Оған шетелдерден ғалымдар келдi. Соның iшiнде А.М.Хазанов, С.Г.Кляшторный және т.б. бұрыннан өздерiн “белгiлi шығыстанушылармыз” деп жүрген еуропацентристер өздерiнiң көзқарас-тарын қайталаумен болды. ХХ ғасырда жиналған бай тарихи, архео-логиялық, этнологиялық деректерге сүйенiп, түрiк халықтарының шы-найы тарихын жазу керектiгiне көңiл бөлмейтiндiктерiн тағы бiр рет көрсеттi. Бұндай ғылыми конферен-цияның бiздiң төл тарихымызды жазуға беретiн жәрдемi шамалы. Құдайға шүкiр, өзiмiздiң ата тарихымызды өзiмiз жазатын жағдайға жеттiк. Бiздiң тарихымызды шетелден келген еуропацентристер бұған дейiн жазып, оны ақтаңдақтармен толтырды. Ендi, өздерiмiз төл тарихымызды жаза алатынымызға сенуiмiз қажет. Шетел ғалымдарына бас июдi қоятын уақыт жеттi. Бiрақ олардың ғылымға кiргiзген жаңалықтары болса, оны басқа халықтармен қатар қабылдауымыз керек. Өйткенi барлық ғылымның жетiскендiктерi әлем халықтарына қажет. Ол – ғылымның даму заңдылығы.
Жоғарыда келтерiлген тарихи шындықтарға қарағанда, Орталық Азия аборигендерi көне замандардан бастап, өркениеттiң негiзiн салып, әлемдегi басқа да халықтар сияқты эволюциялық жолмен дамып келе жатқан, көш алдында жүрген түрiктер екенiне күмәндануға болмайды. Қазiргi түрiк тiлдес халықтар –антикалық және орта ғасырдағы ислам өркениетiн бастарынан өткерген түрiк бабаларының ұрпақтары. Олар “Тәңiрi” берген тамаша бай Орталық Азияны отанына айналдырып, оның байлығын мейлiнше игерiп, бастарынан тарихи формациялардың бәрiн өткерiп, өздерiнiң заттай және рухани мәдениеттерiн дамытып, мәдени өркениеттi халық болғанын дәлелдейтiн тарихи деректер жеткi-лiктi. Түрiктер жақындағы және алыстағы көршiлерiмен ұдайы байланысты болып, олардың жетiс-тiктерiн қабылдап, өзiнiң тарихын дамытып, оны өркениеттiк сатыға көтерiп, көптеген елдерге қолайлы әсерiн тигiзгенiне жоғарыда деректер келтiрдiк.
Сол тарихи шындыққа негiзделе келе, Орталық Азияда Түрiк өркениетi дәуiрлегенiне күмән келтiруге бол-майды, өйткенi ол – тарихи шындық.
Уахит ШӘЛЕКЕНОВ

Редакция қоржынынан

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *