САЯХАТШЫ КҮНДЕЛІГІ
24.09.2020 0 1 995
Темірхан МОМБЕКҰЛЫ,
1953 жылы Түркістан облысы Мақтаарал ауданында туған. «Қуанышы көп күндер» (1981), «Күміс велосипед» (1983), «Ғашыктық жөні бір басқа» (1988) сынды әңгіме, повесть жинақтарының, «Тағдыр» (2000), «Көшетіңнен айналайын» (2001) публицистикалық кітаптар мен «Босқындар», «Құсшы-Қаражон» радио-пьесалардың авторы.
Қаламгер бірнеше жыл ұлан-байтақ елімізді шығармашылық мақсатқа орай велосипедпен аралаған болатын. Біз жазушының сапар кезінде көрген кейбір жайттары мен көңілге түйген ойларының бір шоғырын оқырмандарға ұсынғанды жөн көрдік.
***
Ақсу өзені төменде болғандықтан жоғары көтерілу кәдімгідей күш болды. Ақыры, жарты жолда көлігімнен түсіп, тоқтадым. Жел баяу соғып тұр. Өзен бойындағы қамысқа тұмсық батпайды. Тым қалың. Анда-санда бірлі-жарым үй кездеседі.
280-ші шақырым. Келесі белеске көлігімді жетелеп шықтым.
Бағанағы Шу-Меркі айырығынан бермен қарайғы жолымда «Камышовка» деген кеден бекеті болды. Бүгінгі жолым – айнала елсіз еді. Көп тұстарда күре жолдың екі жағын қалың ағаш алып жатты. Мұндай елсіз маңда кісі жүрексінеді екен. Әсіресе, көлігім бұзылып қалмаса екен деп қобалжимын. Аллаға үзбей жалбарынып тілек тілеумен келемін. Кеден бекетіне дейінгі осынау аймақ шекара бойында жатқандықтан елді мекенсіз. Күре жол Қырғызстанның территориясымен өтеді екен. Жер – қырғыздікі, ал жол – қазекемдікі.
Қырға шыққан соң, самалға кеуде тосып тұрған бойы күнделігімді толтырып тұрмын. Елсіз дала. Ара-кідік жүк көліктерінің дыбысы естіледі.
***
Күре жолдың іргесінде Қара балта өзені ағып жатыр. Бұрылысқа Тараз-242, Құлан-120, Меркі-38 деп жазылыпты. Осы арада құрылыс бастап жатқандардан да: «Жол – Қазақстандікі, ал жер – Қырғызстандікі» дегенді естідім. Әдетте шекаралық аудан-дардың көп өңірі жалаңаштау, елсіздеу болып келеді.
Содан, не керек, қауын – менен, пышақ – олардан табылып, үшеуіміз қауын жедік.
***
«Степное» – қазақ пен қырғыз елінің шекарасындағы бірінші кеден бекеті. Бекеттің жанындағы шайхананың «орысша оқығанмын» деген қожайыны Мұхтар Әуезовті де, Шыңғыс Айтматовты да білмейді екен…
ТОҚТАШ ӨЗЕНІ
Кешке таман Тоқташ өзенінің жағасына тоқтап шомылып едім, суы Ырғайтыдан гөрі салқындау болды ма, жаурадым. Біреу бұл маңда үй бар десе, біреу жоқ дейді. Содан, қобалжулы жолға шыққан едім, киіз үйді көріп, «Е, Алла!» дедім. Аппақ машинаны жуып жатқан томпиған бір сүйкімді жігіт қонуға бірден рұқсат етті. Тоқтар Зауытбекұлы деген Ботбай руынан тарайтын бұл азаматтың біраздан соң көрші ауылдағы ағайындары да келді.
Сайдағы Тоқташ өзенінің жағасы – көкпеңбек, қамыс, терек. Осы маң әлдебір кең өзек секілді, одан ары – адыр.
Жақын маңдағы он тоғыз үйлі ауыл – «Жауғаш батыр» аталады. Арпа, бидай егілген есік алды – бақшалық, қалған жердің бәрі – шабындық. Түйеден басқа төрт түлік түгел. Ешкім шошқа ұстамайды.
ЖОЛАУШЫ МА?
ҚОЛЖАУЛЫҚ ПА?
Кешкі асқа отырғанымыз сол еді, үш ит абалап, жаяу жалпылап тартып бара жатқан екі жеткіншекке тұра жүгірді. Үй қожайыны әлгілерді иттен арашалап, ертіп келді. Бірі – қазақ, бірі – шатыс. Сөздеріне сенсек, Алматыдағы ата-аналарын іздеп шығыпты. Ал мен мыналардың Алматыға жаяу бармақшы әрекеттеріне қарап шошыдым. Қиын күнкөріс осындай құл-дырауға жеткізсе, халықтың жағдайы шынымен-ақ тынған екен.
Бірі – он бесте, екіншісі – он төрттегі жеткіншектер жаурап қалған екен, шай ішіп барып бой жылытты. Итке талану тұрмақ, бұл маңда қас қарая қасқырға да жем болып кету қаупі бар.
Үй иесінің әйелі болса, екі ұлдың санасына жалғыз-жарым жүруге болмайтынын жеткізсем деген ойда Маусымжан деген сиырына қасқыр тигенін айтып жатты.
Бір оңашалықта, үлкендер жағы: «Әке-шешелері ме, әлде жақындары ма, біреулері қарыз боп қалған шығар. Сосын бұларды ұстамайды деген оймен шөп сатуға осыларды жұмсаған болу керек» – десті. Яғни, наша саудасы қаршадай балаларды қолжаулық еткен болып шығады. Саудагерлер жергілікті балаларға азын-аулақ ақша беретін болып келісіп, «Пәлен уақытта, пәлен күні сағат пәленде осы арадан ағызып өтеміз. Дайын тұрасыңдар!» дейді. Жолдың жағасында балалар жинаған «шөптерімен» жасырынып жатады. Ағызып келе жатқан машина кілт тоқтап, тез мінгізеді де, зуылдайды кеп. Ол арадан неғұрлым тез, әрі алысқа кетуге тырысады. Неғұрлым ұзаған сайын, қауіп азая береді. Қауіпті аймақтардан әбден ұзаған соң ғана, өздеріне қажетті «шөптерін» алады. Бұл араға Шу алқабы жақын жатқандықтан, әр түрлі сылтаумен алыс-жақыннан сабылған апиыншылардың тіміскі жорығы бір тыйылмайды екен.
«Кім болса да, жолаушы ғой, далада қалдыра алмайсың, үйге кіргізесің. Ал, сендер Алматыға жаяу жете алмайсыңдар. Документтерің де жоқ, кез келген жерде ұстайды. Одан да ауылдарыңа қайтыңдар», – деді аналарға.
«Сұмдық екен!» деп жағамды ұстадым да, сөздерінің қисыны келмей тұрған екеуге қарап қойдым.
Мен «Степной» кеден бекетінен өте бергенде, тығыздалып оралған шөптерді көрсем де, мән бермеппін. «–Шөп жинап жүрсіз бе? – деген кеденшілерге, «Е, бұлар мені шөпте жүрген шаруа деп тұр екен-ау», – деп ойлап, «Жоқ», – дегенмін жайбарақат қана.
Осы жайлар есіме түсіп айтып едім, үй иелері әбден күлісіп алды да, «шөп» деп кәдімгі шөпті айтып тұрған жоқ қой, ана бәлені айтады, енді есіңізде болсын», – десті.
Егер кеденшілер күдіктеніп, заттарымды тексере қалса, мүмкін масқара болар ма еді, өйткені менде жусан бар болатын… Дәл сол сәтте күллі дүние жүзін шулататын нашалы аймаққа тым таяу тұрғанымды сезбеген менің мүлдем жайбарақаттығым кеденшілердің сенімін тудырған шығар, кім білсін? Білмеген соң, ешнәрсеге мән бермейсің.
***
Бұл азаматтар мәжбүрліктен тоқтаған адамдардың барлығына әлдерінше қолұшын береді екен. Ас-ауқатын ұсынады, қондырады. Көлігі бұзылғандар тіпті осында үш-төрт күнге дейін бөгеліп қалады екен. Бірде, боранда, көліктері бұзылған қызылордалық жігіттер ұшырасыпты.
– Қастарына бардым, – Бүйтіп отыра берсең, үсіп өлесің ғой. Біздікіне жүр, деп ұсыныс айттым , – дейді Тоқтар.
– Машинамды қайтем? Өткен-кет-кендер түк қалдырмайды ғой, – деген соң машинасының кісі алып кетеді-ау деген бөлшектерінің бәрін шешіп алдық. Көлікті қармен көміп тастадық. Сонан үш күн бойы машинасын жөндеуге көмек беріп, шығарып салдым.
– Бұл қашан болып еді?
– Екі жыл бұрын.
– Олар қайта айналып соқты ма?
– Арнайы келем, – деп, рахметін айта-айта кеткен. Бірақ әлі келе алған жоқ. Талайлар келем дейді. Бір-ақ адам кейін іздеп келді.
«Жақсылыққа жақсылық әр адамның қолынан келеді, жамандыққа жақсылық ер адамның ғана қолынан келеді» деген даналық бар. Ал біз тым болмаса, сол әр адамның қолынан келетін «жақсылыққа жақсылықты» ұмытпасақ дейміз. Өз басым ше? Талай адамнан жақсылық көрдім. Шамам келгенше, сол қайырымын қайтаруға тырысамын. Тіпті қайыра алмаған жағдайда, сол жақсылығын айтамын, жазамын. Өмірде жақсылық, жақсылық жасау деген өз басымнан талай өткен, талай адамның жақсылығының шапағатын көргенмін.
Ағайынды Тоқтар мен Бақыттың мені үйлеріне қондырып, дәм татқызуын да жақсылық деп қабылдадым. Бұл – қазақы қонақжайлылықтан тереңдеу құбылыс еді. Әңгімелесіп, сырласып, сыр шертістік. Кейбір жерлерде сырласып, тамақ ұсынбақ тұрмақ, қонатын жердің өзін әрең бөледі.
Түнде жұлдыз көріп жатайыншы деген оймен қазан ошақ қалқасында тұрған темір кереуетте жатуды жөн санадым. «Үйге қалаған жеріңізге жатыңыз. Ал, осы араны қалап тұрсаңыз, мейлі, бірақ бұл жер суықтық қылмасын», – деді үй иелері.
Атамекенімді аралап жүрген сапарымда, әрбір ауылдан кетерде, қымбат көрген кісілермен қоштасқанда, қимай қиналғаным бар. Сол сезімдер осы жолы мына жаны жайсаң, қазақы, жомарт үйден аттанарда тағы қайталанды. Өмір шіркіннің ылғи да кездесуі мен қоштасуы қатар жүреді. Кездескенге, қауышқанға не жетсін!
298-1189 шақырым. Айдала. Қырдағы бидайдың кей тұсы орылған. Өртелген беткейлер де көзге шалынады. Анадайда бір КАМАЗ – жүк көлігі көрінді. Соны ес көріп, бағыт алдым.
312-1175 шақырым. Күн көтеріл-генімен, әзірге қызуы білінбейді. Ал денем от болып жанып, терлей бастадым. Жиырма шақырым жер бойы тоқтамаған екенмін, біраз демалмасам болмас деп ойлап, жерге төсеніш тастап ұзыннан сұлап, ойға беріліп жатырмын.
Тоқташ өзенінің жағалауы кең өзекті алқап, салқын самал тамаша еді-ау! Күн біраз көтеріле аттандым. Бір бел, бір сай кезектесіп жатыр. Сай атаулы көк түсте болса, қыр – сарғыштана бастаған еді. Талай белдерден асып келем, кейбір жолсыз тұстарында көлігімді жетелеп алам.
Жазығы созылыңқы тұсқа кіді-ріп алуды жөн санадым. Жол жағала-рында, кей тұстарда ағаш бірде сұйық, бірде қою кездеседі. Ал мына жерде ағаштар тізбегі ұзаққа созылады екен. Осы тізбектерді, бағана, бір белге шыққанда-ақ, алыстан, көз ұшынан көріп, Аспара шығар деп үміттенгенмін, алайда, ол болмай шықты. Алдымнан тағы бір ауыл көрініп тұр, мүмкін, Аспара осы ма екен?
Артыма қарасам, өзім артта қалдырған жағым да, долбарлап келе жатқан алдым да бозданып көрінеді.
Осы жолы тоқтаған жерім төрт-бес үйлі Қаратұма ауылының тұсы болды. Бұл арадан су толтырып алдым.
320-1167 шақырым. Жаңағы 312 шақырымнан бері Құдай жарылқап, жазық болып келе жатыр. Мана бұлдырап көрінген, өзі жолдан бұрыстау жатқан, басқа ауыл болып шықты. Ал, Аспараны жол үстінде деп еді…
Қаратұма ауылынан асқанымда жер реңі көгеріп сала берді. Жолдың екі жағында, кей тұстарда қамыс, тізіліп электр бағаналары тұр. Бәрінен де шекарашылардікіне ұқсас қарауыл-мұнара көзге бірден шалынады.
Көкжиек бозжиек болғысы бар ма, қалай. Сол бозжиекке сыймай, сыйғысы келмей, сыя алмай, кәдімгі алып Аспантау жатыр.
Кеше тоқсан бес шақырым жер жүріп өткенмін. Бүгінгі меже – жетпіс болар, әзірге дейін жиырма сегіз шақырымды алғанмын. Алда әлі қырық екі шақырымым бар еді. Алла сәтін салса, Меркеге қоналқаға түспекпін. Ақырындап самал есе бас-тады.
Тәңіртаудың кей тұсы көкбозданып көрінеді. Арырақ үңілесің, одан биік, әлдебір қуысы кей тұстарда ағарып қар жатыр.
ҚАРАТАЙ ТҰРАҒЫ
«Қайыңдысай» өзенінің жағасын-дағы қалың ағаштардың арасында шайханалар ашып қойыпты. Әлгі Аспара емес дегенім, Аспара болып шықты. Ең жақын үй мен күре жолдың арасы сегіз жүз метр шамасындай. Ағашы мол, жап-жасыл жазықта жатқан ел екен.
Кеше жолымда еуропалық бітімдегі саяхатшы кезігіп: «Қайда барасың?» – деп сұрады. «Түркістанға», – десем, «Жарайсың!» – деп ырзалығын білдіріп кете барды. Мұндай адамдар әдетте жол жүру машақатын, сапар қиыншылығын біледі, сөйте тұра ұнатады. Ал, Ұзынағаштың қасынан өткенде, бұл әрекетке үрке қарайтын бір бауырым: «Түркістанға-а-а-а-а!» деп есі шыға таңырқап қала берген болатын.
Осы араның шайханасында әріптесім Асқат ақын кездесе кетіп, кеу-кеулесіп қалдық.
329-1157 шақырым. Аспара өзенінен де өттім. Бірақ суы жоқ болса да жағалауы – қалың қамыс. Күн ысып келеді. Қамыстар иіліп, тербеліп тұр. Жол бойында жан шақырып, көлеңкелер ағаш та жоқ. Алыста ауылдың тал-дарағы байқалады. Мынадай ыстықта сол ауылдар жер түбі секілді еді.
326-шақырымға жетпей, сол бүйірде «Опасно для жизни! Высокое напряжение!» деген жазуы бар сопақ темір жәшікше тұр. Нөмірі – 328. Соның көлеңкесіндемін. Алайда, көлеңке аздығынан қимылдауға да, көсіліп жатуға да – жер тар. Айналаның оты – жақсы. Қалың. Бірақ сая қылардай бір де бір тал-дарақ жоқ. Сәт өткен сайын көлеңкесі бар болғыр қусырылып барады. Жолда жеке тұрған екі үй мұнартып көрінеді. «Шіркіндердің бірі жолға жақын отырса қайтеді» деп қоямын.
340-шақырымнан өте бергендегі жыңғылдың көлеңкесі сұйықтау еді. Не де болса соны паналадым. Жоқтан тәуір дегендей.
Жол бойындағы жусан жарықтық биік екен.
343-шақырымнан өте бергенде, жол солға бұрылды. Дәл осы бұрылыста бір аппақ киіз үй мен оның қасында бір вагон тұр. Қымыз, шұбат, таза су деп жазып қойыпты. Алайда киіз үй құлыптаулы тұр еді. Оған еш налығаным жоқ. «Мына жерге машина тоқтай ма?» деп, әлдеқандай жалғыз қырғыз әйел жөн-жоба сұрайды. Сонымен, қойшы, көлігімді вагонның қалқасына қойдым да, өзім киіз үйдің көлеңкесіне жайғастым. Бетон бетіндегі жылтыр плиталар салқын екен. Рахат.
Айдалада отырып, «Шіркін-ай, осындайда мұздай өзенге шомылып алар ма еді» деп те қиялдап қоямын. Былтырғы, он сегізінші, он тоғызыншы, жиырмасыншы тамыздардағы, Түркіс-тан-Жаңақорған аймағындағы үш күндік аптапты еске түсіргенмен, күн дәл сондағыдай күйіп тұрған жоқ еді. Алайда, мұндай ыстықта көлеңкесі жоқ жер жолаушыға ауырлық қылады екен. Алланың арқасында әйтеуір шыдап келемін.
Ал енді мына киіз үйдің көлеңкесі рахат, жанға дауа дерліктей.
Жалғыз кездерімде бірер мәрте денем тіксінді де, содан соң үйреніп кеттім. Қорқыныш дегенді тіпті ойламадым да. Адам дегеніңіз жалғыз жортқанға да үйреніп кетеді екен.
Сәлден соң қымыз-шұбат сатушы келді. Қымыран іштім. Құдықтан аққан суға жуынып-шайынып, дәрет алып, бесінді де оқыдым. Меркеге дейін он үш шақырым бар дейді. Одан арғы жерде жол бойында ел көп көрінеді. Яғни, сапардың қиын тұсы артта қалды.
Мен асығыстау қорытынды жасаппын… Алдымда бір сәтсіздік күтіп тұрыпты. Ел қарасы дегенмен, елдің де елі бар дегендей.
Болмашы ғана леп бар. Ал великтегі жүк ауыр еді.
349-шақырымнан өте беріп, әлдебір бұзылған аялдаманың көлеңкесіне келдім. Жол бойында жиде мен қарағаш мол. Тау жақын. Асылы, көктемде бұл өңір жайнап кететін болуы керек.
Тараз – 158 шақырым дегенде, қуанып кеттім. Шу – 92, Меркі – 7. Бұл көрсеткіштердің айтып тұрғаны еді. Меркі – оң жаққа – тауға қарай жеті шақырым жерде екен. Мен Тараз жолымен кетіп барамын. Айналма жолдың бойында шақырымға жуық қашықтықта өңшең бал сатушылар қатарласып тұрып алған.
Тау енді тіпті жақын қалды. Тау беткейінің көкорайы тіпті ғажап! Айтуға тіл жетпейді!
356–1130 шақырым. Жолдың екі жағы – ағаш. Көлтоған өзенінен өте қоналқалық жер ойлай бастадым. Бұл маңдағы «Қызыл таң» ауылында жүздей шаңырақ тұрады екен. Бау-бақшалық сулары Шу каналынан келетіндіктен жетіп артылады.
Меркеге кіре берісте теміржол өтеді. Елді мекеннің ішін араламай шетін ала жүріп келемін. Батыс шеттегі қос киіз үйді қымызхана ретінде тігіпті. Қожайыны – Қанат пен Ғалия деген ерлі-зайыпты, оларға көмектесетін Ләйлә есімді келіншек және бір қыз. Қуантатыны – жергілікті халық қымыз-шұбатты көп тұтынады екен.
Қанат: «Қона кетіңіз» – деп еді, «Жолаушылар көп, түсетіндер бар, жайым болмас» – деп тағы да алға жылжыдым.
Күн енді көтеріліп келеді. Алда бір сәтсіздіктің боларын сезгендей, неге екенін қайдам, көңілім біртүрлі жабырқаулы еді.
Осы сапарым барысында өмірімде ұмытылмастай сабақ болған жайтты ретімен баяндайын.
***
Тұрар Рысқұлов ауданына қарайтын Жаңа тұрмыс ауылындағы бес жүздей үйдің дені – Ботбай. Төрт түліктің барлығы бар. Егіндіктерінде арпа, бидай, жоңышқа, жүгері аралас көрінеді. Су мол болғандықтан да, үй маңында бау-бақша жайқалып тұр. «Қарлығаш» деген – балалардың демалыс жайы да осы өңірде. Бұл маңда Жыланкөз, Ойранды, Қырынтүбі, Мыңжылқы деген жер атаулары бар. Мыңжылқы деп, кезінде, бет қаратпас қытымыр қыста, бір бай мың жылқысын аман алып қалғандығынан аталыпты деген сөз бар.
Одан ары Ақкүшік көлінің жағасындағы Сатыпалды ауылы да жасыл желекті. Бұрынырақта ерекше баулы жер болған деседі. Бұл ауыл халқы малдарын ақы төлеп бақтырады. Шамамен ауылда оншақты отар, жайылымда тоғыз жүздей жылқы, екі мың шамада ірі қара бар. Бәйге, көкпар ұйымдастырылып тұрады екен.
Жаңа тұрмыстан кейін Меркі тауы да жақындай түседі.
Сонымен, Жалпақсаз, Тасшолақ, Қазақ, Қара қыстақ мекендерін біріктіретін келесі ауылдық аймаққа табан тіредім. Орталығы – Қара қыстақ. «Қазақ» деген жазуды көріп, әдейі тоқтадым.
«Қазақ» шаруа қожалығының төрағасы – Аязбайұлы Елдос есімді қандасымыз екен.
Бұл жердің жігіттері «Жеттіңіз бе?» деп жылыұшырай амандасып, мен туралы радиодан естігендерін айтып, тілеулес екендіктерін білдіріп жатыр.
***
Қара қыстақ ауылында Бәйдібек баба атында мешіт бар екен. Қазақ тарихында өзіндік орны бар бұл бабамыз – Домалақ енедей ардақтымыздың жары.
Ауылдың Таразға шығатын жағындағы «Әзиз» қымызханасына түстім.
***
Жасы ұлғайған сайын адам тәубашыл болып, пейілін кеңге салатынымен қатар, секемшіл де бола түсетініне осы жолы көзім жетті. Менің сөз етейін деп отырған кейіпкерім – үйіне қондырарда маған соншалықты риза болған сыңай танытып, тіпті бата да берген тұғын. Бір-екі рет елеусіздеу ғана, «Бөтен ойың жоқ қой, әйтеуір?! Ұры емессің бе?» дегені бар. Әзілі шығар, ары кетсе, жай бір сәттік күдік болар деп жобаладым да, анау айтқандай, мән бере қоймағанмын. Ал келіні кітабымды да, құжаттарымды да қолына ұстап, шал болса сыртынан көрді. Келіні атасына жай-жапсарымды толығырақ түсіндірген болар деген оймен өзім де біраз жайды жеткізгенмін. Оның білетін қиссасын, ұзақ әңгімесін жазып алдым.
Сапар үстінде кісіні кереғар сезімдер көп иектейді. Небір қуанышты сәттерді бастан кешесің. Күтпеген жерден күлкілі, немесе ауыр жағдайға да ұшырасып жатасың. Көңілің қалады. Налисың. Әсіресе, ниетің – ақ, арманың – адал, бауыр болмысыңа ауыр жағдаяттар оңай соқпайды. Жаның жүдеп, қиналасың. Ал енді осы шаңыраққа, әсіресе ақсақалға, басында риза болғанмын. Адам үйінен үш қадам шықса мүсәпір деген осы шығар, бәлкім?
Ит-құстан, т.б. жағдайлар орын алса деп, қорғаныс үшін ала шыққан матамен оралған темір білігім бар еді. Ойымда түк жоқ, жәшіктегі заттарымды реттеп отырғанмын. Ақсақал әлгі темірді көріп, шұқшиды да қалды. Онсыз да күдік пен сенімі арпалысқан қарт кеудені күдіктің жеңуіне сол темірі құрғыр – отқа май құйғандай әсер етті-ау.
Көре салысымен, «Мынау не?» деді. «Темір. Итке, мас-пасқа керек» деймін. Темірді қарт біраз ұстап отырды. «Тағы бір бәле жоқ па?!», – дегендей, тіпті жәшіктегі басқа заттарды да тегіс қарап шықты. Ақыры:
– Милиция шақырам, – деп қарап тұр.
– Шақыра беріңіз. Мен намазымды оқып алайын, – дедім. Намазымды да оқып болдым.
– Кетпе, тұра тұр. Милиция шақырдым. Өзің маған жақындама! –дейді.
– Шыныңыз ба? Милицияңыз не?
– Шақырдым.
Алдында дауыстап біреулерді, бәлкім балаларын болар шақырып жүр еді, бірақ ешкім көрінбеді.
– Балаларыңызды оятыңыз, – дедім. Олар үйде шынымен жоқ па, әлде оята алмады ма, әйтеуір ешкім келмеді. Жолымнан қалдырды-ау деп іштей ренжулімін. Термосымдағы ыстық судан аздап ішіп алып, осы кісінің түнде ғана: «Ертеңгісін шай ішіп, асықпай жүр» дегенін есіме алдым. «Таңертеңгілік салқында жол өндіргенім дұрыс, сондықтан ерте қозғаламын» дегенмін. Тым ерте жүргелі жатқаным да – мына байғұстың күдігін тіпті қоюлатып, мүлдем асқындырып жіберсе керек. Ақсақал үйін айналып қора жағына қарай кетіп еді, біраз айналды. «Не болар екен? Шынымен милиция келіп, түсініскенше, босқа уақытымды алады-ау. Құлағымды кеспес, бірақ уақытқа обал ғой. Ай, мына шалды-ай!» – деп мен отырмын.
Әлден уақытта атын жетелеп әкеліп, жайлап ерттей бастады. Егер мен өзі күдіктенгендей «бандит» болып шықсам, атқа мініп алып айқасқысы бар ма, әлде, басқа ойы бар ма, кім білсін?! Шамасы мал жағын түгендеп келді-ау…
«Жүре бер» деді ақырын ғана. «Адамдар не боп кеткен» деп, іштей налыдым. Ақсақалға: «Мұныңыз не?! Балаларыңызды оятыңыз, доку-ментімді, кітабымды көрсін. Мен тек жақсылықпен, ақниетпен жүрмін. Сіз менің көңілімді қалдырдыңыз» деп, ренжулі екенімді айттым. Ақсақал болса, тағы да «Жүре бер» деп бейбіт үнмен қайталады. Ілтипат белгісі ретінде қолын алып қоштасайын дедім де, күдікшіл қарт тағы қауіп қылар деп, ол ойымнан тез айныдым. «Жақсы, сау тұрыңыздар» – дедім де, кете бардым.
Көңілім – астан-кестен. Кісіге қиянат ойламаған қадамың әртүрлі тұрғыда түсініле береді екен-ау?! Денемді әзер игеріп келе жатырмын. Мен түгіл велосипед те дөңгелектері жерге жабысып қалғандай ауыр қозғалады.
Шалдың шектен тыс күдік-шілдігінен болған оғаш қылығы маған кәдімгідей сабақ болды.
Бұл жағдайға біреулер, кейін тіпті өзім де күлуім мүмкін. Ал сол сәттегі жаназабым күлетін халде емес еді. Ұры болмай, жайдан жай кете салғаныма, шал қуанса қуанған шығар, әрине, оны анық білмеймін. Ал өз басым секемшіл қарттан оңай құтылғаныма қуандым.
Бұл енді Еңбекші ауылының шыға берісі. Көкарық та, Еңбекші де – күре жолдың екі жағынан ұзына бойына жайғасқан. Тау жағым да, қамшылар жағым да – жасыл желекті.
Міне, Құлан елді мекені! Осы өңірдің көріністері бейнеленген үлкен суретке Киелі Құлан деп жазып қойыпты. «Киелі» деп өте дұрыс жазған-ау, кім жазса да. Себебі қасиетті қазақ жерінің бар өңірі – киелі, құтты. Мұндағы Қорағаты өзені қайнардан бастау алып, Шуға барып құяды екен.
Ішкі істер саласынан зейнетке шыққан Мәскеу Таңатұлымен таныстым. Кім екенімді білген соң, бірден «сізге» көшіп, ілтипат білдіре бастады. Тіпті Тараздағы тілшіміз Бақытжанға телефон соқпақ та болды.
Бұл маңның базары қайнап жатыр. Адам дегеніңіз – ығы-жығы. Көлік те жетеді. Мені осы арада ерекше қанаттандырған, тіпті күшіме күш қосқан бір жайт – қайнаған ханбазардағы жарнама атаулының тегіс тек қана қазақ тілінде дәурендеп тұрғаны еді. Тек қана қазақша! Керемет! Қазақша жарнамаларды тек Түркістан базарынан ғана естуші едім. (Бала күндегі Жетісай базары да тек қазақша еді. Иә, ол кездегі жарнамалардың мазмұны мүлдем басқаша еді-ау! Әсіресе, бүгінгілердің түсінігіне қабысуы тым қиын. Мәселен, мынадай үлгіде: ат үстінде жүріп бір қазақ: «Бәленшенің өткен бейсенбіде екі бұқасы жоғалды, – дейді де, малды сипаттайды. – Дерегін айтқан адамға, көрген кісіге пәлендей сүйіншісі бар» – дейді. Осындайларды талай естідік. Сол кездегі қандастарымыз иманды екен. Жоғалған малдың дерегін айтатын. Ал қазір ше? Егер базарға барып осылай деп жар салшы, «Мынау, немене өзі, көктен түсті ме, әлде, жынды ма?!» деп күлер еді.
***
Базардың шет жағымен көлігімді жетелеп, жайлап кетіп бара жатқанмын. Бір топ кісі қайда бет алғанымды сұрайды. «Түркістанға» дегенім сол, оны-мұны жеміс-жидек сатып отырған төрт-бес кавказдық әйел (түрік не әзірбайжан):
– Жаса! Жаса! Жаса! – деп дауыстап жіберді. Бұны кіршіксіз көңілден шыққан қошемет пен сүйсінулер ретінде қабылдадым.
Біраз өткен соң, «неге әлгі кісілердің қасына кідіріп, ниеттеріне рахмет айтпадым, ә» деп өкінгенмен, ұзап кеттім…
***
407-шақырымнан өте бергендегі мама ағаштың көлеңкесі қою екен. Көлеңкесінің рахаты-ай! Арқадан соққан ерекше бір самал жүрісімді жеңілдетіп келе жатқандай. Мұны Құдай тағаланың бір шарапаты, көмегі-ау деп топшыладым. Жақсылық ауылынан шығып келемін. Күре жол елді қақ жарып өтеді екен. Айнала – бидайын орып алған дөңесті, жонды сары дала. Сол жағымда – тау тізбегі, ал алдымда – тағы бір ауыл көрінеді.
Шайтанарбаны айдағанның бір тамашасы дене көп энергия шығындап, зат алмасу жақсы жүреді, қан айналым жақсарады. Тамаққа, суға да тәбет жай кездегіден екі есе көбейеді. Әншейінде шайқор едім, сондықтан да термостан қайнаған ыстық суды үзбедім. Қанша қанып іштім дегенмен, шай болсын, су болсын демде термен шығып кетеді.
Мына желдің жүріске жақсы болып тұрғаны-ай. Ал Оң жақтағы қырдың астынан ағаштардың ұшар басы көрінеді. Солай қарай бір трактор тартып барады. Бұл дала – кезінде мың-мыңдап құлан жортқан дала ғой. Бүгінде сол жарықтықтардан бар ма екен? Әлде екіаяқтылар бәрін жойып жіберді ме? Аңызда – бір отардың қойшысын көрдім. Ауылға таман тағы бір отар қой көрінді.
Осындай-осындай көріністерге қарап отыра беруге болатын болса да, жолаушы болғандықтан, жүру – парызым. Осы көріністерді қимай тағы біраз тамашаладым. Әуелгі отардың алдында анда-санда соңына қарап-қарап қойып, екі жүз метрдей шамада иті жортып келеді. Шөлдегеннен тілі салақтап кетіпті. Отарды күннің ыстығы қайтқанша көлеңкеге иіріп тастауға иесіне көмектесіп келеді. Біржола қара үзіп кетуге шамасы келсе де өзіндік адалдығы жібермейді. «Итті иесімен қинасын» дейтін қазақ, итті жеті қазынаның қатарына бекер қоспаған-ау.
Келесі ауыл – Көкдөнен аталады. Төрт жүзден астам шаңырақ түтін түтетіп отырған бұл мекенде су жағы аздау екен. Құбырмен берілетін судың өзі белгілі бір сағаттарда беріліп, тоқтатылады екен. Бұл құбыр суының дәмін таттым.
Ыстық күнде жүгі ауыр көлікпен мұншалық ұзақтыққа шеру тарту – анау айтқандай оңай шаруа емес. Оған қоса, түс әлетінде ұйқы қысады, бірақ оған жағдай қайда. Әсіресе, бір сағатқа болса да, ештеңеге алаңдамай, жақсылап дем алып алса, тым болмаса жанашырдың шаңырағы болса ғой деп армандайсың. Ал, айдалада ұйықтау – қатерлі. Үш рет далада ұйықтап едім, үшеуінде де «көлік пен заттарымды біреу көтеріп кетпеді ме» деп, шошып ояндым…
Мүмкіндік болса, табиғатты та-ңертең және кешке тамашалағанға не жетсін! Осы сапарда байқағанымдай, күн шыжыған түс әлетіндегі ми қайнатқан аптапта адамдар мен жан-жануарлар ғана емес, тау мен тас, күллі табиғат та мазасыз күйге түседі екен. Алдымда күре жол көсіліп жатыр. Жүріп келемін.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.