ЖҮЗІНЕН НҰР ТӨГІЛГЕН КӘСІПКЕР ЖҮЗІНЕН НҰР ТӨГІЛГЕН КӘСІПКЕР
Нәдір Ярмагаметов 1992 жылы Сарыағаш қаласында дүниеге келген. Өрен 5 сыныпта оқып жүргенінде бір күні сол аяғының бас бармағы, ертеңіне екі аяғы тізесіне дейін,... ЖҮЗІНЕН НҰР ТӨГІЛГЕН КӘСІПКЕР

Нәдір Ярмагаметов 1992 жылы Сарыағаш қаласында дүниеге келген. Өрен 5 сыныпта оқып жүргенінде бір күні сол аяғының бас бармағы, ертеңіне екі аяғы тізесіне дейін, арадан бір күн өткенде беліне дейін жансызданып жүре алмай қалған. Ата-анасының жаны шырылдап апармаған жері қалмады. Ақ желеңділер қолынан келген жәрдемін бергенімен жасөспірімді аяғына тұрғыза алмайды.

Үкілі үмітін үзбеген бала Нәдір қаншалықты ем қабылдағанына қарамай мүмкіндігі шектеулі жанға айналғанына мойымады, басына түскен ауыртпалыққа морт сынбады. Алла Тағаланың берген сынағына налымады, адам баласының ең жақсы қасиеттерін бойына жинаған момын мұсылман екенін танытты. Ер азамат қауымына тас атудан аулақпыз, бірақ тепсе темір үзетін аяқ-қолы балғадай базбіреулерінің қартайған ата-ана-сының немесе әйелінің мойнына отырып алып «жұмыс жоқ» немесе «денсаулығым жарамайды» деп өз міндетін орындай алмай жатқан, яғни отбасын асырауды жадынан шығарған қазіргі таңдағы «еркексымақтарға» үлгі-өнеге боларлық іс-әрекет жасап жүргеніне тәнті болдық.
Сөзімізді кейіпкеріміздің бала күнінен бастасақ. Үйге келіп математикадан дәріс беретін мұғалім Нәдірдің ата-анасының жоқ екендігін пайдаланып, «әйелім ауырып жатыр, мен сені оқытамын деп жүрмін, саған оқып не керек, екіге екіні қосуды білсең болды емес пе?» деп аузына түскенін айтады. Көңілі қатты қалғандықтан бала сабақ тыңдаудан бас тартады.
Бірнеше айлап ауруханада жатып, уақыттың қалай сырғып өткенін де байқамайды. Мектеп бітіретін жасқа жақындағанда «мен жұмыс істеуім үшін білімді болуым керек» деп өтінішін жазып, қысқа уақыттың ішінде орта мектеп бағдарламасын меңгеріп, ұлттық бірыңғай тесттен өтіп, жүрек қалауымен колледждің информатика бөліміне құжатын тапсырып, түседі. Тәжірибеден өткенін «Компьютердің қыр-сырын терең білгендіктен мектепте сабақ өту маған қиынға соқпады. Балалар ұйып тыңдады. Мені жақсы қабылдағанын көздеріндегі ұшқыннан байқадым» деп ерекше сезіммен еске алды.
Осы салада білгенін кейінгі толқынға үйретуге құлшынған жас информатикадан сабақ бергісі келе-тінін жеткізгенде, сол кездегі аудандық білім бөлімінің басшысы «мектепте сабақ беру үшін жоғары білімді педагог дипломы болуы тиіс, оның үстіне білім ошақтарында орын жоқ» деп бетін қайтарады.
Нәдір алдынан шыққан мәселені өзі шешкісі келеді. Тестке дайындалып жүргенінде В.С.Крамордың «Повто-ряем и систематизируем школьный курс алгебры и начало анализа» атты кітабын сатылымнан таба алмайды. Тестке дайындалуға қатты керек болған оқулықты танысынан бірнеше күнге сұрап алып, ерінбей компьютерде теріп, беттеп, реттеп, баспаханада шыққандай етіп арнайы жіппен мінсіз тігіп, қалың мұқабамен түптеп алғаны балаң жігіттің алған бетінен қайтпайтын қайсарлығын, іскерлігін, ептілігі мен төзімділігін байқатады. Аталған кітаптың мұқабасында атауы жазылмағаны болмаса, кәдімгі үлкен, беделді баспадан жарық көрген екен деп қаласыз. Осы батыл да өжет қадамы оған жаңа іске бастама болды.
Қазір мектеп бағдарламасы бойынша оқушыларға берілетін кейбір оқулықтар мен арнайы дәптерлерді базардан сатып алып жүрміз. Баспадан шыққанының бағасы қымбаттау болғандықтан ақшаны үнемдеп көшірмесіне ұмтыламыз.
Бірақ осындай көшірмелердің кейбір беттеріндегі тапсырмаларды оқуға болмайтынын көріп, өкініп қалған сәттеріміз жадымызда. Ал өзі қабылдаған тапсырысты үлкен жауапкершілікпен орындайтын Нәдір
Фархатұлының көшірме оқулығын парақтап сапасына риза болдық. Бір облыстың орталығы болған, елі-
міздегі үшінші мегаполис, қаншама баспаханасы бар шырайлы шаһа-рымыз – Шымкенттегі бір мектеп әкімшілігі Нәдірдің жұмысын, жауапкершілігін жоғары бағалап, жолдың ұзақтығына қарамай тапсырыспен арнайы жасатады екен. Иманжүзді Ярмагаметов тапсырысты орындауға жұмсалған шығынды ғана есептеп, көпшілікке қолжетімді баға болуын ескеріп адал еңбегіне бағаны шарықтатпайды. Мейірімді кәсіпкердің басты мақсаты пайда көру емес, халыққа адал да сапалы қызмет ету.
Білімге құштар жас өнер десе ішкен асын жерге қояды. Пианинода ойнауды үйренген. Көңілі құлазығанда немесе шабыттанғанда итальяндық композитор Людовико Эйнаудидің, оңтүстік кореялық дарынды композитор Ли Руманың сырлы шығармаларын орындайды.
Нәдір бала күнінде қарындасына түрлі ойыншықты қолдан жасап бергенді ұнатады екен. Сол қасиеті ойына тыным бермеді. Ғаламтордан ізденіп, ағашты ойып түрлі кескін жасауға болатын құны 50 мың теңгелік станокты тапсырыспен алдырды.
Ізденуден талмаған қажырлы жас балақайларға арнап мұхитта тіршілік ететіндерден «Су асты әлемі», солтүстүк мұзды мұхиттың ақ аюы, тағы басқа мекендеушілерінен құрастырылған, «Африка жануар-лары», «Қаздың отбасы» атты 2-3 қабатты пазлдарының нәзік талғаммен, көздің жауын алатын тартымды да сырлы, оңайлықпен сынбайтын, бала ойнағанда және аузына салғанда уланбайтын арнайы сырмен боялған (оны Ресейден арнайы алдырады), бір сөзбен айтар болсақ, өте сапалы әрі экологиялық таза және ең бастысы Қазақстанда жасалған ойыншықтарды көргенде таңданысымызды жасыра алмадық. Базар сөрелерінен Қытайда картоннан жасалған, бір-екі рет құрастырғаннан кейін мыжылып кететін пазлдарға көзіміз әбден үйренген. Нәдір жасаған пазлды көргенде балалық шағыңа қайтып ойнағың келіп кетеді. Үйде, кішкентай ғана станокта жасалған десе, сенбейсіз. Атағы жер жарған танымал, бренд бір зауыттан шыққандай.
Мұндай сапалы да әдемі ойыншықты туысқаныңызға ұялмай сыйлайсыз. Бағасы қымбат та емес. Ол балақайға естен кетпес қуаныш сыйлайтыны сөзсіз. Бала сау-
сақтарының моторикасы мен ойлау жүйесін дамытуда орны ерен ойыншықты барынша көптеп шығарып, базарға шығарсақ нұр үстіне нұр құйылар еді. Он саусағы майысқан шебер, мақтануды жаны сүймейтін, аз сөйлеп көп жұмыс тындыратын іскер жігіт Нәдір «Тұтынушыларым менің тауарымның сапалы орындалғанына қуанып алғанын көргенде ерекше шабыттанамын, өз ісіме құлшынысым арта түседі, кәсібімді кеңейте түссем деп армандаймын. Егер мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, жаныма өзім секілді осы іске қызығатын жастарды тартсам» деп өз ойын айтып ағынан жарылды. Аузымыздың суы құрып айтып отырған ойыншықтарды жасау үлкен шыдамдылықты, ептілікті, төзімділікті, асқан жауапкершілікті талап етеді. Оны осы жұмысқа деген ынтамен, сүйіспеншілікпен жасамаса болмайтынын ұқтық. Қысқа қайырып түйіндесек: инемен құдық қазғандай ауыр жұмыс.
Сөзімізге мына марапаттаулар дәлел бола алады. 2018 жылы Қазақстан мүгедектер конфедерациясы Нәдір Фархатұлын қолөнердегі қол жеткізген зор жетістіктері үшін «ЖанШуақ» сыйлықақысымен қошеметтеді. «Ата-мекен» ұлттық кәсіпкерлер пала-тасы тарапынан ұйымдастырылған Түркістан облысының ең үздік тауар өндірушілерінің «Turkistan Onimderi 2019» көрме-жәрмеңкесінде «Өнімнің ең үздік дизайны» («Лучший дизайн продукции») аталымы бойынша марапаттаған.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екін-ші бағыты аясында «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау операторы ретінде ұйымдастырған «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы бойынша курста оқып, бастаған бизнесін өркендетуге ұмтылды. Түркістан облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы ұйымдастырған «Бизнестің жол картасы-2020» биз-несті қолдау мен дамытудың бірыңғай мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін өткізілген конкурсқа лазерлік станокта балаларға арналған ЭКО-өнім дайындау бойынша бизнес-жобасымен қатысып, 1 миллион теңге қайтарымсыз грант ұтып алды.
Оған 300 мың теңгені өз жанынан қосып, лазермен ағашқа ою түсіретін құрылғыны алып, тауарларының санын көбейте түсті. Атап айтсақ, ою-өрнекпен безендірілген фоторамка, көлемі үлкен пазлдар, ағаштан жасалған түрлі ойыншықтар (машина, үйлер, қылыш, тағы басқа), нәрестенің жарық дүние есігін ашқан сәттегі салмағы, бойы, есімі жазылған фоторамка-куәліктер, түрлі-түсті және оюлы фоторамкалар, түрлі көлемдегі ою-өрнекті қобдишалар, канцеляриялық бұйымдар, шақыру хаттар, 3D түнгі шамдары, ағаш пен шыныны оюлаған бұйымдар, торт қоюға әшекейленген тақтайша, дәмхананың атауы көркем жазылған тақтайшалар, сыйлық салуға арналған түрлі көлемдегі қораптар, мәтіндер, оюланған панельдерді тапсырыспен жасауды қолға алды. Нәдір Ярмагаметовке тапсырыс беру үшін жасаған бұйымын инстаграмдағы EcoWoodGraft парақшасынан көруіңізге болады.
Бізбен әңгімесінде Нәдір Фархатұлы:
«Балаларға қазақ халық ертегілері кейіпкерлерінен пазл жасасам деген ниетім бар. Ертегі кейіпкерлерін салатын суретшілермен байланысып, рұқсатын алсам деп әрекеттенудемін.
Осы мүмкіндікті пайдаланып қаламыздағы «Алып» сауда кешенінің көліктерге арналған ақылы тұрағының біраз бөлігінде аспан ашық, күн жылы кездері біздің жасаған бұйымдарымызды сатуға рұқсат берсе екен деген өтінішімізді айтқым келеді. Ауданымызда бір мен ғана емес, басқа да тауар өндіретін мүмкіндігі шектеулі жандар бар екенін білемін.
Кәсібін жандандыруға ұмтылған азаматтарға үкіметіміз тарапынан қаржылай қамқорлық танытылып жатқанына ризашылығымды аудандық газет арқылы білдіргім келеді.
Мемлекетіміздің мүмкіндігі шек-теулі жандарға көрсетіп жатқан көмегі жылдан жылға арта түскенін ерекше атап өткім келеді. 2010 жылдан бастап бірінші, екінші топтағы өздігінен қозғала алмайтын, арбаға таңылған мүгедектерге көмек ретінде «Инватакси» қызметі енгізілді. «Инватакси» мүгедектерді жұмыс немесе оқу орнына, медициналық мекемелерге, әлеуметтік сала нысандарына, автовокзалдарға және тағы басқа органдарға жеткізеді. Ауданымызда жүріп тұруы қиын бірінші топтағы 58 мүгедекке «Инватакси», 107 мүгедекке әлеу-меттік такси қызметі ұсынылуда. Мүгедектерді міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету нормасы екі есе (360-тан 730 данаға дейін) ұлғайтылды. Есту қабілеті нашар адам үшін ымдау тілі маманының қызметін көрсету уақыты екі есеге (30 сағаттан 60 сағатқа) өсті.
Медицина саласы да елімізде өте жақсы дамыған. Ауданымыздың кейбір тұрғындарының «Ташкентте медициналық қызмет сапалы көрсетіледі» деп айтқанын есіткенде «Сарыағаш қаласы мен Ташкентті салыстыруға болмайды. Өйткені Ташкент – бір елдің астанасы. Ал Сарыағаш – бір ауданның орталығы екенін естен шығармаған дұрыс» деп айтқым келеді.
Өз тәжірибемнен айтар болсам, егер азамат өзінің дертінен айығуға барынша ынтамен кірісіп, ізденіп, порталмен клиниканы дұрыс таңдаса болғаны, ел ордамыз Нұр-Сұлтанда жоғары деңгейде медициналық қызмет көрсетілетініне көзім жетті. Тіпті бізде құны арзан болғандықтан шетелдіктердің келіп күрделі оталарды жасатып жатқанына куә болдым», — деп өз ойымен бөлісті ел ертеңіне нық сеніммен қараған жүзінен нұр төгілген кәсіпкер.
«Алып» сауда кешенінің әкімшілігі Нәдір Фархатұлының бұйымдарын сататын бір орынды қайырымдылық ретінде жасап берсе, Қазақстанда балақайларға жасалатын ЭКО-ойыншықтардың көптеп сатылуына жол ашылар еді деп санаймыз. Біздің бұл ойымызды «Алыптың» негізін қалаған іскер, жаны жомарт жігіттер қолдайтын болар деп сенім артамыз.
«Бұрын мүмкіндігі шектеулі жандарға көпшілік есіркей қарайтынын байқайтынмын. Қазіргі таңда ондай көзқарас жойылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар да қоғамның тең мүшесі болып саналады. Оларға кез келген орта қолжетімді дәрежеде. Әрбір мекемеде пандустар орнатылған. Үлкен қалаларда пандусы бар автобустармен еркін жүруге болады. Астанаға қатынайтын поезда қол арбамен жүретін мүмкіндігі шектеулі адамдарға қажетті барлық жағдайы жасалған арнайы вагоны бар. Сөзімнің соңында мен сияқты осындай жағдайға түскен мүмкіндігі шектеулі жандарға «Лучшее лекарство – быть занятым. В нашей жизни большое значение имеет адаптация. Чем скорее мы адаптируемся к новой жизни, тем скорее станем самостоятельнее, найдём себе увлечение быть занятым и цель жизни» дегім келеді» деді қазақ және орыс тілін жетік білетін Нәдір Фархатұлы.
Өмір сырын терең түсінетін, мүмкіндігінің шектеулілігіне қарамастан алға қадам басатын жандардан біздің үйренеріміз, үлгі алар тұстарымыз көп деп ойымызды түйіндедік.

Гүлбахар АМАНБЕКҚЫЗЫ – журналист,
Түркістан облысы,
Сарыағаш ауданы

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *