Терапевт Темір Әділовтің бір күні Терапевт Темір Әділовтің бір күні
Айтбай ТАСИЛОВ, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Әділов таңға жуық жайсыз түс көрді. Төрт күн бұрын амбулаториялық қабылдауда болған, құлағының мүкістігі бар гипертоник шалмен бірге... Терапевт Темір Әділовтің бір күні

Айтбай ТАСИЛОВ,
Қазақстан Жазушылар
Одағының мүшесі

Әділов таңға жуық жайсыз түс көрді. Төрт күн бұрын амбулаториялық қабылдауда болған, құлағының мүкістігі бар гипертоник шалмен бірге ере кірген қызы түсінде көзі шатынап:
– Сен! Әкемді өлтірдің! – деп төніп келіп, кеудесін сұқ саусағымен нұқып, нұқып қойып: – Сотта сөйлесеміз, сотта — аа -а… – деп, шалқая түседі.
Бұл: – Оу, қалқам, не жазығым бар? Өлтірдің дегенің қалай? Адам түгілі құмырсқаны да өлтіруге қимаймын… Не үшін?.. – деп жалынышты үнмен сұрайтын сыңайлы.
– Бронхиальная астмасы бар әкеме бисопролол бергенің қай сасқаның? Содан приступ болып, өлді…
– Тахикардиясы, стенокардиясы… Аздап қан қысымы… Ол дәрі тәулік бойы бір сыдырғы, жағымды әсер беретін еді. Екі жарым миллиграм приступ шақырмаса керек…
– Адамның тілі келмейтін екінші дәрі беріпсің. Интернеттен қарадым… Лошадинная доза… Әкемнің ат емес екенін ұмытып кеткен тәріздісің?! Всё! Енді сені түрма күтіп тұр! Түрме – ее — е – деп күңірене дауыстап, қос қолының төрт саусағын клетка ете қиыстырып, сұмдық сұрланып, бедірейе түседі.
Оянып кетті. Басын көтеріп төсегінде аз — кем мең-зең болып отырды да: «Тіфу, түс екен ғой…» деп есін жиғандай болды. «Шақиған көзі қандай жаман еді», деп ойлады. Содан кейін үйдегілерді оятып жібермеуге тырысып, ептеп басып дәлізге шығып, жарықты жақты. Қабырғадағы сағатқа көз салып еді, бестен жиырма минут өткен екен. Кітаптар тұрған бөлмеден фармокотерапия туралы Машковскийдің қос томдығын алып шығып, үңілді де: «Бәсе… Тұп-тура осы дозаны жазғамын. Жадым әлі жайында. Құранды жатқа білген қарының немересіне екі мың қаралы дәрінің дозасын есте сақтау қиын шаруа болып па, тәйірі. Шалдың қызы босқа шатақ шығарып, сандырақтап тұр», – деген ішінен, әлгіндегі естігендері түсінде емес, «бәлеқор қыз» шынымен үйіне келіп, өңінде дау соғып тұрғандай әсерге беріліп. Енді ұйықтай алмасын білді. Үстіне спорт киімдерін іліп, тысқа шықты. Күздің бұлтты түні түнеріп тұр екен. Анда-санда, көңіл хошы болғанда азанмен қозғалысқа түсетін әдетіне салып, үйінен үш жүз метрдей жердегі «Абай» саябағына қарай жеңіл жүгіріске көшті. Саябақта аракідік қыдырыстағандар да, велосипед тебушілер де төбе көрсетіп қояды. Кейбірі танып: «Қайырлы таң, көрінбей кеттіңіз ғой…» деп, қол бұлғап өтіп жатыр.
Жүгірді, жүрді, еңкейіп-шалқайып жаттығу жасаған болды. Бір сағат өткенде үйіне оралды. Душ қабылдап, сергісе де манағы түс көлбеңдеп ойына орала берді. Жаңадан қабылдаған пациенттерінің қалтофон нөмірін жазып алатын. Шалға звондады. «Бәлеқор қызы» алды. «Бүгін жақсы ұйықтады. Қазір ғана таза ауамен тыныстайын деп сыртқа шығып кетіп еді. Таңалакеуімнен көңіл бөліп жатқаныңызға көп рахмет, аға…», — деп ризашылық білдіріп тұр. Қалтафонын сөндірді. Зайыбы Райхан дәмділеп таңғы асты пісіріп, дастархан жайып тастаған екен.
Тарелкада ұқыптылықпен тізіле қалған қазы мен сиыр тілінің кесінділері. Жанында жеміс салаты мен қарақұмықтың үстіндегі екі котлет. Күміс легендегі аппақ, жұқа, ағылшын фарфорынан жасалған ыдысқа кофе құйылыпты. Жанында бірнеше бәліш. «Ой, как элегантно!» деп мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін келіншегінің «еңбегін» елеген болды. Миллионға жуық халқы бар қалада, іздеушісі де көп дәрігер үшін дүйсенбі шын мәнінде «ауыр күн» болатынын ескергеннен болар, әйтпесем, бүгінгідей «молшылық» пен бәйек болып, қас-қабаққа қарау басқа күндері бола бермейді. Басқа күндері тоңазытқыштан кешеден қалған асты тауып, өзі ысытып ішіп, екі түйір грек жаңғағын шағып жеп, бір шыны кофесін жұтып кете беретін. Иә, он екі мүшең қалыпты қызмет атқаруы үшін, ағза қоректік заттардан кенде болмағаны жөн.
Бүгін зыр жүгіруге тура келуі мүмкін. Аяғың болмаса да, миыңа тыным болмайды. Жексенбіден қордаланып, сені күтіп тұрған мәселелер ауруханаға ене салысыңмен алдыңнан «алақайлап» шығады. Көбіне таразылап, асықпай шешетін, үйреншікті жәйттер. Кейде табан астынан, агониядағы сырқаттың мүшкіл қалі көріне кететіні де бар. Барыңды салып, тез қабылдаған радикалды шешіміңмен әрекетке көшіп, «ажал құрығынан» ажыратуға тырысып көресің. Ажырата алсаң, міне, дәрігер үшін ең бір ләзатты сәт. Ал, ажырата алмай, жеңіліс тапсаң… білдірмеуге тырысқаныңмен, жүрегің «жылайды». Ойсырап, ортайып қаласың. Саған үміт артқан туыстары аурухана есігіне келіп, күтіп тұр. Ал, барып айтып көр; «өлді» деп. Түсінген түсінеді, мұндай кездегі дәрігерге түскен ауыртпалықтың салмағын.
Самай жағы ағара бастаған шашы қысқа кесіліп, жан – жақтан жеткен хабарды қалт жібермей қабылдауға дайын сансыз антеналардай тікірейе қалған, қырық тоғыз жастағы, орта бойлы, жалпақ бет, қою қара қасты, терапевт Әділовті сырт көз самарқау қимылы мен сылбыр сөйлеуіне қарай, кісіде жұмысы жоқ, өз жанын күйттеп жүрген, бейқам «көдедей көптің» біріне балар еді. Бұл «алыстан» көретіндердің пікірі болса, жанында жүрген, «жақыннан» көретін әріптестестері Әділовтен үш кемшілік табатын. Оны бізде естігенбіз. «Бұл артықшылық қой, кемшілік десек оны айтқан аузымыз қисайып кетпей ме», дегеміз. Дегенмен жұрт айтқанда айтсақ, біріншісі – басшылық қызметтен басын ала қашуы. Институт бітіріп келгенде, зауыт емханасында терапевтік қызмет атқарды. Ауыр жұмыстан діңкелегендер, еңбекке уақытша жарамсыздық парағын алуға келетін. «Инструкция» бойынша ол үш күнге ашылады. Оны одан әрі ұзарту үшін үш күн өткесін емханаға оралып, дәрігерге қайта көрінуі тиіс. Есік алдындағы тар, қапырық дәлізде, кезек күткен қырық – елу сырқаттың арасында бірнеше сағат тұру, ауру түгілі сау адамның өзін титықтатып, беті енді бері қарап, жұмсарған дерт қайтадан қатайып шыға келетін. Енді «Әділовіміз не істеді?» дейсіз ғой. Ол батылдыққа барып, жиі қадағалауды қажет етпейді-ау деген сырқаттардың еңбекке жарамсыздық парағын үш күнге ашып, емхана меңгерушісіне қол қойдырып, мөр бастырып алғасын, «инструкцияға» томпақ әрекет жасап, пациентінің «парағын» тағы үш күнге ұзартып, алты күннен кейін бірақ келуге мүмкіндік бергендіктен, жеңіл-желпі кеселділер алты күнде аттай шауып кететін болған. Сырқаттардың тез сауығуы жас терапевтің қызметіндегі «оң динамика» ретінде бағаланып, емхана басшылығы бөлім меңгерушілігіне жоғарылатпақ болғанда, келіспеген.
Бірер жылдан кейін қалалық емханаға қызметке шақырылып, бұл жерде де қан қысымы жоғарылағандарды емдеуде елеулі жетістікке жетті. Қалалық терапевтер қоғамының жиынында сөз алып: «Құрметті әріптестер! XX-шы ғасырдың бірінші жартысында дәрігерлер шипалығы жоғары дәрі- дәрмектің болмауынан, гипертониямен мардымды күресе алмағанын білесіздер. Мәселең, терапия білгірі. өмірінің көп жылдарын гипертония ауруын зерттеп, оны дауалауға арнаған, «Литература рисует нам врача времен Мольера в парике, мантии, с клистирной трубкой в руке. Медицина XX века представляет врача, держащего в руках тонометр. Вопросу кровяного давления, в настоящее время придается особое и, можно сказать, исключительное значение», деп жазған профессор Кончаловскийдің өзі осы гипертония ауруынан 67 жасында көз жұмуы соның бір дәлеліндей. Елуінші жылдардың ортасында ірі клиникалардың өзінен дибазолдың бірер ампуласын табу үлкен сәттілік саналатын. Қазір аға буынға жататын дәрігерлер көбіне резерпин, раунатин, адельфан сынды әсер ету мерзімі төрт сағаттан аспайтын гипотензивті дәрілерді қолданумен шектеліп келеді.
Ал, «Кәрі құрлық» елдері гипертонияны емдеуде әдеуір алға жылжып кетті. Мәселен, Германияда «Кнолль» фирмасы 1962 жылдың өзінде-ақ гипертонияны емдеуге өте тиімді дәрі – калцийлік канал антоганисі – верапамилді синтездеген. Сол сияқты обзидан да ерте қолданысқа енді. Химиялық құрамы мен әсер ету механизміне байланысты топ-топқа бөлініп, қан қысымын қалпына келтіретін вета – блокаторлармен, АПФ ингибторларымен, альфа – адреноблокаторлармен, ангиотензин рецепторларының блокаторларымен қаруланған дәрігерлер гипертонияны емдеуде ірі жетістіктерге жетті. Бізде жүрек пен қан тамырларының және бүйрек ауруларын шипалығы тиімді дәрілермен емдеп, көштен қалмайық», деген. Осыдан кейін, көп ұзамай Әділов «шипалылығы жоғары» дәрілерді қалада қолданысқа ендірген алғашқы дәрігер болып «горздравтың» назарына ілікті. Мұнысы да ескеріліп қалалық емхананың бас дәрігерлігіне ұсынылды. Науқастарын емдеп, солардың ауырт-палықтарын жеңілдетуге уақытын молынан арнағанды қалайтынын айтып, басшылық қызметтен тағы бас тартқан. Басшылықтан бас тартуын бас жағында бір кінараттың барлығымен байланыстырған басшылар қайтып ондай ұсыныс жасаудан аулақ болыпты. Расында, екінің бірі қолынан келсін, келмесін «кресло» десе аңдысып, атысып, шабысып кетіп жатқанда, алдында хатшы қызы бар кең кабинет, емхана алдында аяғыңды жерге тигізбес жеңіл автокөлік, тағы қаншама игіліктері бар қызметке бармау ақыл-естен бір кілтипан барлығының белгісі саналатыны заңдылық. Дегенмен облыс басшысының әйелін емдеп, құлан таза айықтырып жібергенде, Әділовті қаланың бас терапевті болуға көндіріп, ауруханадан өзіне жеке кабинет аштырып берген болатын. «Мейлі, бастық болғысы келмегенді қайтеміз қинап, болмай-ақ қойсын» деп, ол «кемшілігін» жайына қалдырып, келесісіне көшсек; жиын бола қалса, ешкімнен қаймықпай шындықты айтып, «горзддравтан» бастап, өзі қызмет атқаратын аурухана басшысына дәрігерлерді қоса шыжғырып алатындығы. Көпсөзділікке бармай, өз жоспарлаған үш минуттегі айтатыны; мемлекеттік емдеу мекемелеріндегі медиктердің мардымсыз жалақысы, содан туындайтын Гиппократ антын еске алудың қиындап бара жатқандығы, кейбір шипагерлердің дәріханалармен әмпай-үмпайға барып, өтпей жатқан дауалау мүмкіндігі күмәнді, тіпті зиянды дәрілерді үйіп-төгіп жазып беруге бейімділігі, бірсыпыра әріптестерінің қазіргі буржуазияның алдында құрдай жорғалап, жарлыларға жүрдім – бардым қарауы т.с.с. «жазғырулар». Бұған әріптестерінен кек сақтап қалатындары болғанымен, басшылық жағы бастарын шұлғып, кешіріммен қарайтын. «Кешірімшілдіктің» басты себебі – онсыз қала терапиясының уақытша болса да ақсайтындығы, орны опырыла үңірейіп қалатындығынан еді. Ал, үшіншісі – біздің елдің өлшемімен алғанда, кедей дәрігерлер санатына жатпаса да, жекеменшік автокөлік сатып алудан ат тонын ала қашатын әпенде әдетіне байланысты болатын. Қашан қарасаң не жаяулатып, не автобуста кетіп бара жатқанын көресің. Ауруханадан түн ортасында: «Ойбай, тез жетіңіз! Сіздің ауруыңыз үзіліп бара жатыр…» деп звондаса, атып көшеге шығып, такси ұстайды.
Сағат жеті жарымда автобус аялдамасына келді. Егер жолда кептеліс болмаса, ауруханаға 25 минутте жетеді. Көп күттірмей ескі таныс – 8-ші автобус таяп келе жатты. Жолаушылар аздау екен. Бос орынға жайғасты. Автобус ауруханаға жақындай түскен сайын қоңыр төбел тіршілігі ұмытылып, өзінде емделіп жатқан сырқаттардың жай – күйіне алаңдауы арта түсті. Сенбі күні түскен Сапарханов «жүрек инфарктісі» еді. Соның жағдайы мазалап келеді. Кеше кешкілік кезекші дәрігерге телофон шалғанда, реанимацияға ауыстырылғанын айтқан. «Дәріден қайыр болатын түрі емес. «Шунтированияны» көтере алмас,.. дұрысы «стент» қойдырту… кардиоцентрге тездетіп ауыстыру керек», деп ойлап келеді. Жолдың оң жағынан көзіне ыстық, соңғы жиырма екі жылғы дәрігерлік өмірі өткен, бір кварталды түгелімен алып жатқан аурухана сүлбесі де көріне бастады. Автобус аурухана қақпаснан өтіп барып тоқтады. Есіктен түсе бергенде, ту сыртынан әйел даусы:
– Сәлеметсіз бе, Тимур Адилович! Демалыс күніңіз жақсы өтті ме? – деді бәсең үнмен. Бұл екінші терапия меңгерушісі болатын.
Ауруханада екі терапия бөлімі бар. Екінші терапияда өкпе, ас қорыту жүйесісінің дерттері емделсе, өзінің біріншісінде кардиологиялық жене нефрологиялық аурулар дауаланады. Яғни, жүрек пен бүйрек аурулары. Таныстары Әділовтен қай бөлімде жұмыс істейтінін сұрай қалса, қызметтері де тығыз байланысты, осы өмірлік маңызды екі мүшенің аттарының алғашқы әріптерін біріктіре бірде «жүбүй бөлімінде» десе, тағы бірде соңғы үш әрпімен «рек – рек бөлімінде» деп әзілдей жауап қататын.
– Сәлем, Айман Мансұровна. Арыздану күнә шығар… Бұл жексенбіде Құдай иіп, ауруханаға шақырту болған жоқ, – деді қатарласа аяқ жолға түсіп келе жатқандарында.
– Түнде сағат он екілерге таман, реанимациядан дәрігер-интерн звондап, сіздің қалтафоныздың нөмірін сұрады. Мен асығыс шаруа болып жатқан шығар деп нөміріңізді айттым. Неге менен сұрағанын… Сіздің нөміріңіз де сол тізімде көрсетілген ғой. Хабарласпады ма?
– Жоқ, хабарласпады. Сол екі арада жағдай түзеліп кеткен шығар… Жас қой, сасқалақтап жүргенде, тізім басындағы сіздің нөміріңіз көзіне түскен болар. Кеше кеш мезгілінде үшінші палатадағы Сапархановты реанимацияға ауыстырған. Сол мәселе шығар…
Осы кезде бұлар ауруханаға есігіне жетіп, бір-біріне сәтті жұмыс күнін тілеп, жөндеріне кетті. Әділов екінші қабаттағы жұмыс орнына көтерілді. Сағат сегізден өтіп қалған. Әлі ешкім жұмысқа келе қоймапты. Кабинетіне кірейін деп тұрды да, дәлізде дәрігер тағайындауларын орындағаны жөнінде белгі соғып отырған кезекші медбикеден Сапархановты сұрады.
– Темір ағай, ол кісі реанимацияға ауыстырылған еді. Шамалы жағдайы дұрысталып, өзіне келгесін, жанында ес – түссіз аппараттарға байланып жатқандардан шошынып: «мұнда жатпаймын, Әділовке апарыңдар» деп шатақ шығарып, ұйықтамай қойғасын, сағат екі жарымда палатасына қайта әкелгенбіз.
– Кардиоцентрге ауыстырғанша сонда ұстай тұрғанда болатын еді… Жарайды, – деді де кабинетіне кіріп кетті. Киімін ауыстырып бола бергенде, жүгіріп келіп, есікті жұлқи ашқан медбике:
– Ағай… Ағай! Ана кісі… үштегі, тағы есінен танып қалды, – деді ентіге.
– Реанимацияға хабарла… Тез экстренный қобдишаны алып кел, — деп жүре сөйлеп, жылдамдата басып, үшінші палатаға енді. Сапархановтың қарауытып, көгеріңкіреген жүзінен тіршілік белгісі білінбейді. Жүрек тоқтаған, тыныс жоқ. Қарашық ұлғайған. Сырқат клиникалық өлім жағдайында.
Енді әр секунд қымбат. Медбике де қобдишамен жүгіре оралды. Екеулеп ауруды матрасымен қоса еденге түсіріп, жан қайтару әрекетін бастады. Кеудені ауыз арқылы үрлеп артынша жүрек тұсын қабырғаны майыстыра қос қолмен массаж жасауға кірісті. – Міні, – деп медбике дәрілі ұзын инелі щприцті қолына ұстата берді. Жүрек қуысына тікелей дәрі жіберілгесін, өкпені үрлеу мен жүрек массажын жалғастыра түсті. Портативті дефибриллятор аппаратымен реаниматолог келіп, бірден жүректі қайта соқтыру шараларын өз қолына алды.
Ашық есіктен бөлім меңгерушісі көрінді. Жұмысқа келген дәрігерлер де жиыла қалып, бірі кіріп, бірі шығып жатты. Азғана уақыт өткенде, жүрек «соқсам ба, соқпасам ба» дегендей, жалқаулана оқта-текте дүрс, дүрс ете бастады. Тағы да қажетті егулер жасалынғасын, арбамен лифт арқылы бірінші қабаттағы реанимацияға түсірілді.
Әділов бас дәрігердің орынбасарының қабылдауына барды. Сол арада тұрған аурухана қызметкерлерінің: «бүгін нервный» деген күңкілін құлағы шалды. Алдына кіргендерді көп ұзатпай, әскерилердей «ытқытып» кабиетінен тез шығарып жіберіп жатты. Кезек бұған жетіп, кіргенде:
– Ә, Железный гений… Кел! Не шаруа? – деді жастары қарайлас орынбасар, екеуара кезіге қалғанда Әділовті осылай атайтын ескі әдетіне салып. Онысы Темір деген ныспысына сай мінез көрсетіп, ауру мүддесін қорғай білуімен қатар, қиыннан жол тауып кететін біліктілігіне байланысты еді. Үңіле қарап, мұның жүзінде сирек болатын толқынысты байқап: – Что?.. Архичрезвычайный случай?.. – деп сұрағын нақтылай түсті.
– Өткен сенбі күні қарамағыма жүрек инфарктісімен ауру түскен. Жалғызілікті, еңбегі сіңген, Орденді қария. Бізде бірер ай бұрын емделген көршісі мен туралы айтқан ба, шақырылған «скорый» үйіне барғанда «тек Әділовке апарыңдар» деген талап қойыпты. Екі рет клиникалық өлімнен қайтты. Енді «стент» қойдыру үшін кардиоцентрге жатқызу керек. Олар сенбі күні орын жоқ деген. Басшысымен сөйлесіп, госпитализацияны шешіп берсеңіз…
Телефон шыр ете қалды. – Иә. Қан?.. резус отрицательная?.. Қайда бар? Перинатальныйда? Алыңдар! Кейін қайтарармыз. Операция қашан? Әлі екі сағат бар… үлгересің. Әй, сен бәрін менің мойныма аса бермей, өзің де айналыссайшы… білдей бөлім меңгерушісің – ғой. Қатынас қағаз керек болса, әкел! Ординаторыңнын бірін жібер, — деп телефонды жайына қоя бере:
– Фамилиясы? – деді, алдында жатқан қала емдеу мекемелерінің телофон нөмірлері жазылған тізімге көз сала.
– Сапарханов.
Телофонға қолын соза бергенде, онысы тағы да безектей жөнелді. Бұл жолы қала әкімінің хатшысы болып шықты.
– Бас дәрігер жаңа медоборудования мәселесімен екі күнге Астанаға кеткен. Мақала? Қай газетте? Ақ халат киген алаяқтар деп пе? Бүгін шаруалар көп болып тұр. Ертең кіріп шығамын. Түсіндіріп айтыңызшы… Рахмет. Сау болыңыз, – деді реңі бұзылыңқырап. Осы кезде мойны жіңішке, есесіне құйрығы томардай жуан шаруа медбикесі екпіндей еніп, қағаздарға қол қою керектігін айтты.
– Марта Александровна, я Вас предупреждал же… понедельник… подписи после обеда, — деді, көмейіне кептелген сөздерді түгелімен ақтармай, өзін тежей, айтарын үзіп, үзіп тістене сөйлеп. Жеңілдегісі келді ме, әйел шығып кеткесін: – Осы қатында «чипуховый» мәселемен таңсәріден шабын терлетіп шаба беруден жалықпайды екен, — деп тастады. Бір сәт ойланып, бұ жолы қалтафонын алып, түймелерін басып жатып:
– Сапарханов дедің бе? – деді. «Дипломатиясы» бар, ысылған басшы кардиоцентр директорымен жағдай сұраса сөйлесіп, бұйымтайын айтып еді, «жоқ» демеді. Темір орынбасар кабинетінен шыға лифті күтпей, баспалдақпен жүгіре түсіп, реанимация меңгерушісіне «келісім» болғанын жеткізді. Сапарханов жатқан бөлменің есігін сәл ашып қарады. Аспалы егумен айналысып жатқан медбикеге әлденені айтқан сыңайын байқады да: «Адам тірі болса, оны емдеу керек!», деп ойлап, көңілі жайланып, есікті жаба қойды.
Енді бөлімде өзін күтіп жатқан қарамағындағы аурулардың жай – күйімен алаңсыз айналысуы керек. Алдымен сырқатнамалардағы зерт-ханалық, инструменталдық тексеру нәтижелерімен танысып алғасын, палаталарды аралап, ауруларды кезегімен қарап, жағдайы ауырлау дегендерінің жанында көбірек аялдап, сұхбаттасып, мұңын тыңдап, жебеу сөзін айтып болғасын диагнозына, бастапқы тағайындаған емдеріне қажетті өзгертулер жасайды. Міне, бұл терапевт Темірдің сағат он екіге дейінгі күнделікті атқарар ісінің жалпылама сипаты, егер тұтқиылдан килігетін, аптасына екі — үш рет жүз көрсетіп қалатын, бас терапевсіз шешілмейтін мәселе шыға келмесе…
Бүгінде әр пациентінің жанына он минуттай отырып, ауруы жөнінде, өткен өмірі жөнінде шер тарқата айтқандарына асықпай құлақ түрді. Мұндағылардың, әсіресе егделеулерінің бірсыпырасы сыртынан қарағанда алаңдатар ешнәрсесі жоқтай, көрінгенімен, шешіле сөйлескенде көңілдері сынық, қап-қап қайғы-мұң арқалап жүргендер.
– Көп қиянат көрдім. Жау алыс-
тан келмейтінін білесің. Айналам-дағылардан. Алауыз, күншіл ағайын-нан. Жұмыс атқарған жердегі әділет-сіздіктерден… Солар жиылып келіп, жүректі жұлмалады. Ақырында осы, өзің айтып отырған кеселге душар етті, – деп тұнжырады бесінші бөлмедегі Сүйіндік деген орта жастағы кісі.
– Қартайғанымда жетесіз ұл мен желөкпе қыздан күйдім шырағым. Ұлым әйел алып, менімен тұрғысы келмеген келіннің жетегінде бөлініп кеткен еді. Екі жыл болды қайта оралып, ішімдікке бой алдырған байғұс күнаралатып әйелімен қырқысады да жатады. Қыз байынан ажырасып бір баламен ол да үйге оралды. Оның да сұйық жүрісі жанымды қинайды. Кей – кейде ойлап қоямын, осылардың бәрін көрмей, маған: «қызығын сен көр» деп бақиға ертерек аттанып кеткен күйеуім қандай бақытты еді деп, – егілді Зағипа апа.
– Ешкімге зиян етпей, тып – тыныш өмір сүргің келеді. Соған қол жеткізе алмай жүрмін. Жаныңды жаралайтын, орынсыз қажау жүйкеңді жұқартады. Біреуге ісің түсе қалса, оп-оңай шешіле салатын шаруаның өзін қияметтей қиынға айналдырып жіберетін, жібуі қиын, мұзбет кеңсе иелері көбейді. Әлгі жасанды интелект дей ме, әлде робат па… келешекте солардан қайыр болмаса… – деп күрсінді, салған үйін заңдастыра алмай жүрген Зиядин қария.
– Балам кәсіпкерлікпен айналысам деп, үйді тігіп, теңгемен он миллион кредит алып, күйіп қалды. Банк алған ақшаны қайтармағасын үйімізді алып қойды. Аңғалдау еді. Айналыспақ ісінің бас – аяғын, кіріс шығысын жөнді есептемеген де… Шағын мейманхана салмақ болып сатып алған жер келешекте автомагистраль өтетін аумақ екен. Алаяқтар алдап соғыпты. Құрылыс жарымына жеткенде, прократурадан адамдар келіп, бұзып тастауын талап етті. Балам содан ішіп кетіп, емдеу орнында жатыр. Қаңғырып біз қалдық… – деп мұң шақты Пайғамбар жасындағы Алдаберген деген емделуші.
Осы айтылған ауыртпалықтардан емдеуші дәрігері құтқарардай үмітпен қараған сырқаттардың жанары Әділовтің көз алдына қайта-қайта орала берді. Мұның «құтқаруы» – дұрыс емдеп, баяғы сау кездеріндегідей шапқылатып жіберу. «Ми жыласа», «көз жасы» жүректе, азқазанда, ішекте» болатынын білетін, жандағы жайсыздық тәнді де мүжитінін есепке алатын Әділов торыққан жандарға бір-екі ауыз, қажет-ау деген шынайы жылы сөз таба білді.
Әрине сырқаттардың бәрі жоғары-дағы төртеудей тұйыққа тіреліп жүргендер емес. Аурулары сынды әрқилысы табылады. «Жақында Маямаға демалысқа ұшамын. Соның алдында бір қаралып, аурудың алдын алып, «профилактика» жасап қояиын деген ем», «Қыз ұзату қамындамын. Құдалық, той өткізу көп күшті талап етеді. Аздап «ремонт керек», «Баламның фирмасы ауруханаға жаңа УЗИ аппаратын алып берді. Соның есебінен қарттықтың ауруларынан емделіп жатырмын», «Ешқандай еміңнің керегі жоқ.
Қажет болса интернет арқылы өзім-ақ емделе беремін. Біреулерден қашып, тыныштық үшін тығылып жатырмын», дегендер де болды. Бұхарбай деген беймаз шал медбике белгіленген уағында қажетті егужасайын десе «кейін кел» деп қуып жібере беретін құсайды. Кейде мүлдем жасатпай қояды. Қит етсе болды, қалтафонымен баласына шағымданып, онысы келіп қоқаңдап бөлім қызметкерлерінің мазасын алудың екі-үш күннен бері орын алып жүргенін Әділов білетін. Сөйлесіп, жүрегін тыңдап көрді. Мінез ексең, саулығыңды орасын дерлік. Жүрегі асау атша тулап тоқылдаса, одан қалмай тілі де әр жәйтті айтып тақылдап тұр.
– Жасыңыз нешеде?
– Жетпіс тоғызда.
– Ең кенже немереңіздің жасы ше? – деді басқа бір «дерек көзінен» шалдың кенже немересінің тойында болуды «армандайтынын» естігендіктен.
– Он төртте.
– Оның үйлену тойына қатысқыңыз келе ме?
– Әрине!
– Онда мен тағайындаған егулерді уағымен қабылдаңыз, — деді де, орнынан көтеріліп келесі ауруды қарауға бет алды.
– Сіз ішімізді алақанмен сипап, басып көресіз. Жүрегімізді, өкпемізді тыңдайсыз. Қан қысымымызды өлшеп көресіз. Сіздің алдыңызда аралап кететін жас жігіт, интерн дей ме, денемізге қол тигізбейді. Тек қағаздарына үңіліп: «УЗИ – дің, ЭКГ – нің көрсетуі бойынша диагнозыңыз «пәлен» дейді де, жөнеп береді. Қайтер екен деп, өзіңіз тағайындаған дәрінің ішу мөлшерін сұрай қойып едім, жалмажан қалтасындағы «құралын» ала сала іздестіре бастады. Ол мағлұмат қалтадағы компьютерде емес, бас сүйегіндегі «биокомпьютерінде» болуы тиіс емес пе?! – деді шағымданған райда Есімбек деген жігіт ағасы.
Бар жиылған ақпараттарды қазандай басында қайнатып алғасын, дәрі – дәрмектердің фармакокинетикасы мен динамикасын бес саусақтай білетін Әділов, бірінің жетпей жатқан тәндегі емдік әсерін екіншісі толықтыратындай, бірінің ағзаға қатқылдау қырын екіншісі жұмсартатындай, жандағы кінәраттарды да ескере әйгілі гросмейстерше сан түрлі комбинацияда қамырша илеп тағайындауға кірісті. Мұнысы оны басқа әріптестерінен дараландырып тұратын, біз айтқымыз келген бірегейлігі еді. Дәрігердің ішкі ниеті түзелмесе, ісі де түзелмейді. Ішкі ниет пен ішкі түйсік егіз ұғым. Ішкі түйсікті интуиция десек, ол тегінен (генетикасынан) бастау алатын қасиет. Әділовтің интуициясы оның мінезінен яғни мағлұматты қабылдау шапшаңдығы мен ойлау ауқымы, байқағыштығы мен тез сараптауға қабілеттілігі, жадысына және өткеннің тәжрибесімен ұштасқан біліктілігі мен атқарған кәсібіне жауапкершілікпен қарайтын адалдығынан құралған еді.
Сағат он екіде бөлім меңгерушісіне кіргенде ол жұмыс уағында қалтафонмен сөйлескендері үшін екі санитарка келіншекті жер-жебіріне жете ұрсып жатыр екен.
Мұны көре сала: – Кел, мына екеуіне қара! Қашан көрсең сол қолында швабра, құлағына тосқан оң қолында сотовый… кердең, кердең етіп жүргені. Жұмысты жарытпағандарын қойшы, өз молаларын өздері қазып жүргендерін біле ме екен осылар?! Электромагнитті толқындар миларыңды ойып түседі – ғой, ақымақтар! Қазіргі елде қаптап бара жатқан онкологиялық аурулардың бір себебі – сотовыйлар… Тосын жағдайды ет жақындарыңа хабарлау керек болса, мейлі дер ем. Ары-бері өткенде құлағымды түрсем; ертелі-кеш айтатындарың түкке тұрмайтын өсек – аяң, қылжақ әңгімелер. Ертеңнен бастап жұмысқа кірерлеріңде сотовыйларыңды тіркеу бөліміне тапсыратын болыңдар. Болды! Бара беріңдер! – деп сөзін зеки аяқтады. Екеу шығып кеткесін Әділовтің иығына асқан фонедескоп пен қолындағы тонометрін байқап:
– Оу, қайдан келесің құрал-сайман-дарыңды арқалап? – деді.
– Тойдан емес Төке, жұмыстан. Бұлар – терапевтердің жұмыс құралы емес пе?!. Урологтардыкі – сұқ саусақ, гиекологтардікі – балаң үйрек пен ортан терек, хирургтардікі – қандауыр, невропатологтардікі – балға дегендей… – деп жалғастыра бермек еді, меңгерушінің қабағында болар-болмас кірбің барын байқап, тиыла қойды.
– Сізге айта кетейін деп кірген едім. Ауруларымның ішінен өмірлеріне қатер төніп тұрған әзірше ешкім жоқ. Сапархановқа «стент» қойыпты. Звондап білдім. Жағдайы бір қалыпты. Сырқаттарға қажет, бірақ біздің дәріханада жоқ дәрілердің тізімін аға медбикеге бердім.
– Осылайша терапиялық өміріміз де өтіп бара жатыр – ә… Темір, – деп, жұмысын тап-тұйнақтай етіп атқаратын Әділовке сенетіндіктен, ешнәрсені қазбалаламай, пәлсапаға беріле, екі қолын көтере, керіліп алды. – Тағы да дәрігерлік өмір, отбасылық өмір, тіпті жыныстық өмір деп жалқы өмірді бөлшектеп жатамыз. Ал, өлімді медицинада клиникалық, биологиялық деп екіге бөлгенімізбен, түптеп келгенде біреу – ғой. Ол зәлім біздің әзілімізді көтере бермейтін көк бет емес пе?! Соңғы кезде оқта-текте мені ойқастап, қорқытып қояды… Иә… қорықсаң да қорықпасаң да, бәрібір өлуге тура келеді… – деп сөз аяғын өзіне айтқандай бәсең үнмен аяқтады.
– Төлеген Нұржанович, неге олай дейсіз? Бір жеріңіз ауырып жүр ме?
– Бір айдан бері кеудемнің оң жағы сыздайтындай… Бүгін біздің рентгенге түсе салсам, «оң өкпенде бармақтай дақ бар» дейді…
– Владислав Юрьевич демалыста деп естігемін. Ана жас қыз қателескен шығар… Бұрыннан қалған ескі процесс болуы да мүмкін. Кәуек пен сыра ішкенді жақсы көретін едіңіз… Ең арысы эхинококк сынды бір құрт қабығына оранып, тығылып жатқан болар, – деді, әлгіндегі санитаркаларға айтқан «қаптап кеткен онкоаурулардың» сырын ұғынғандай болып, меңгерушінің ойын ол пәледен адастыруға тырысып.
– Ертең барлық анализдерді тапсы-рыңыз. МРТ-ға салып көреміз. Консилиум жасап, байыбына жетейік. Жұмысқа алаңдамаңыз. Міндетіңізді мен атқара тұрайын, – деп жанашырлық білдіре сөйледі. Сырқаттанған дәрігерлердің өз саулығы жөніндегі ішкі тұжырымын өзгерту қиынның қиыны. Нағыз пессимистер солар. Дегенмен Темірді жақсы білетін меңгерушінің шамалы реңі кіріп, айтқандарымен келіскендей болды.
Дәлізде кезіге кеткен, күз басынан бері өзіне бекітіліп, іс-әрекетін байқауы тиіс дәрігер-интернді түскі ас ішуге сағат бірге кабинетіне келуін ескертіп жүре бергенінде, қалтафоны шақырды. Баяғы мектептегі «бала досы» Мұхит екен.
– Тимур, ұмытқан жоқсың ба, осы сәрсенбі туған күнім екенін. Нағима «Достар» кафесінде сағат кешкі сегізге дастархан жаймақ. Біраз гуілдейік, келе аласың ба?
– Бара алмаймын-ау. Жұмысқа байланысты екенін білесің ғой… Менің «дозамды» алып қой. Жексенбіде, тыныштық болса, үйіңе барып, сенің саулығың үшін тартып жіберермін.
– Жарайды онда, сау бол. Келетін болсаң, хабарлас.
Күндегі әдетіне салып, пікір алмасып, аруханадағы соңғы жаңалықтарды есту үшін I-ші терапия дәргерлерінің ординаторлар бөлмесіне кірді. Мұнда екі дәрігер отырады. Елизавета Борисовна зейнеткерлікке шығып, жұмысын жалғастырып жүрген дәрігер. Төлегенге дейін осы бөлімді басқарған. «Екі сіңлім бар» дейтін. Екеуі де медицина саласында. Бірі – Мәскеуде, екіншісі – АҚШ – та тұрады. Борисқызы әлемдегі терапия туралы жаңалықтардан хабардар жан. Соларының соңғыларын Әділовтен көңіл аулай білетін еврей ұлтына тән әдеппен, ізет сақтай сұрап, мақтаулы дәрігердің деңгейін қадағалап қоюды ұмытпайды. Бүгін де амандасып болғасын, бірден:
– Дорогой Тимур Адилович, Вы не слышали про высоком нормальным артериальном давление? – деп сырнайдай сызылта, жұмсақ үн қатты.
– Да, слышал Елизавета Борисовна. Такой термин принято европейскими экспертами в 2010 году. Это предгипертензионной состояние — субклинический стадия артериальной гипертензии.
– Чем он харектеризуется?
– При этом артериальное давление держится в пределах 130–139/85–89. Повышается риск развития системной и внутриклубочковой гипертензии, мочевой экскреции альбумина и хронический болезни почек более чем два раза.
– Что можно рекомендовать?
– Можно блокаторов ангиотензиновых рецепторов. В частности валсартана.
– В какой дозе?
– Низкие дозы Елизавета Борисовна. Где то 40-80 миллиграмов.
– Ой, спасибо! Вы чётко и исчерпывающим оброзом ответили. Очень благодарна! – деп риза райда шығыңқы көзі күлімсіреді.
«Өзі біліп тұрып, сұрайды» деп ойлады Әділов.
Екінші ординатор – бас көтермей асығыс, қолындағы сағатына аракідік көз тастап, сыпырта сырқатнама толтырып жатқан келіншек Зухра Ағзамқызы. Емізулі ана. Енесі дүниеге келтірген ұлын «үш жыл емізесін» деп талап қойған. Енді сағат бірге дейін шаруаларын бітіріп, түскі үзілісте артынан автокөліпен келетін күйеуімен үйіне ілесе барып, нәрестесін емізіп қайтуы керек.
– Көп жаза бермеңіз… Диагноз қоюға керек-ау деген деректерді түсірсеңіз жетпей ме?! Қалада болған шетел дәрігерлері бізді «екі көздері ауруда емес, қағазда» деп айыптапты – ғой… Кеңес кезінде ауруға да, дәрігерге де қажеті жоқ шектен шыққан формальды, трефератты қағаз толтыру дәуірлеп тұрды. Адамға емес, қағазға сенетін. Соның салқыны әлі бар. Қағаз байғұс көнбіс, нені болса да, қанша сүйкесеңіз де бетін тосып жата береді. Бірақ қайта оралмайтын уақыт өледі де… Обал!
– Өткен медсоветте Төлеген Нұржа-нович: «Аз жазасың» деп ескерту жасаған.
– Ендігі де тағы солай десе, қысқа жазуыңызға «кінәлі Әділов, сол жолдан тайдырды» дей салыңыз. Мен өз сөзіме жауап беруге тырысып көремін, – деген әзілді репликасын қабылдамаған сынық жүзін байқап: – Не болды Зухра Ағзамқызы? Көңілсізсіз ғой… – деді жай ғана, елеусіздеу үнмен.
– Ана он бірінші палатадағы Қарасирақова әр жолы: «Ақша төлегем… Ақша төлегем…» деп ежіктей ескертіп, мені саудагердей көріп, жынымды келтіреді. Жаңа обходта тағы солай деді. Тап бір ақшасын маған төлегендей… «Терапия коммерция емес, ал, мен коммерсант емеспін! Терапевпін», – дедім. Дұрыс айттым ба?
– Дұрыс жағы да бар. Бірақ, ағыл-шындарша «Күректі күрек деп атауға» бет бұрған капитал заманында, біздің ісімізде де сату, сатып алу орын алуда емес пе?! Біз оларға саулығын қайырамыз, олар бізге сол үшін ақша төлейді. Солай… – деді. Дегенімен айтқаны көкейіндегісі емес еді. Өзі де бірер мәрте қисынсыз талап қойылғанында, Зухраша: «Мен коммерсант емеспін, терапевпін! Біз қызмет көрсету сферасына жатпаймыз. Біз ауру жандарды емдейміз. Сондықтан сіздер клиент емес, пациент деп аталасыздар», деп қалған.
Осы кезде Елизавета Борисовна алдындағы шырылдаған телефонды құлағына тосты да:
– Тимур Адилович, Вас вызывает к себе замглавврач, – деді.
Замглавврач: – Железный… Менің университетте проректор болып қызмет атқаратын кластасым бар. Шешесі науқастанып қалыпты. «Дұрыстау доктор жіберші» деп өтініш жасап жатыр. Поликлиникадағы қабылдауыңнан кейін барып қайтшы. Адресі мынау, — деп қолына жарты парақ ұстатты. Сәл – пәл ойланып: – Әй, сенің көлігің жоқ еді-ау… – деп завгарға звондады. — Бас дәрігердің көлігі сағат бесте емхана алдына барып тұрсын. Әділовті ауру көруге апарып келеді, – деп нұсқау беріп болғасын: – Кемпір секемшіл, кірпияз адам. Көңілін табарсың… – деп қолын беріп, қайырласты.
Кабинетіне оралғанда есік алдында дәрігер-интерн тұр екен. Тоңазытқыштағы үйден әкелінген оны-мұнысын «микровалновкада» қызды-рып, стол үстіне қойды. Асықпай түскі астарын ішу кезінде, ауыз астан босай қалғанда, Әділов сырқат Есімбектің шағымына орай әңгіме өрбітті.
– Терапияда… жалпы медицинаның қай саласында болмасын тексере, зерттей білу – үлкен өнер саналынады.
– …
– Айтшы, «Медицинаның анасы – терапия» деген кім?
– …
– Чехов!
– …
– Жарайды, біле жүрсін дегенім ғой. Институттағы ұстазым, профессор Бакеш Шәкімқызы: «Ауруды тексеріп, пальпация, перкуссия жасап жатқанда оны алғаш қолданысқа 1765 жылы ендірген Ауенбруггерді, аускультация жасағандарыңда оны 1816 жылы тексеру әдісі ретінде медицинаға ендірген Лаэннекті еске алыңдар», дейтін. Лаэннекке кеудені тыңдайтын құрал ойлап табуына бір кездейсоқ оқиға себеп болыпты. Сырқатты көруге шақыртылған ол Париждегі Лувр ауласынан өтіп бара жатады. Төңкерістен кейінгі кезең екен; барлық жерде қираған заттар шашылып жатады. Солардың арасында ойнап жүрген екі бала оның назарын өзіне аударыпты. Оның бірі құлап жатқан ағаш бөрененің кесіндісінің бір жағынан түйрегішпен тырналаса, екінші жағында отырғаны бөренеге құлағын тосып тырналауды естіп жатқанын байқайды. Зерек Лаэннек осыдан ой түйіп үлгереді. Шақыртылған сырқат өте етжеңді, жүрек талмасы бар жас қыз болады. Бұған дейін дәрігерлер құлақты кеуде үстіне қойып тыңдау арқылы жүрек ырғағын бағамдап келген.
Жас қыздың кеудесіне басын қоюға ыңғайсыданған шипагер әлгіндегі балалар ойыны есіне түсе кетіп, сол жерде жатқан дәптерді түтікше тәрізді етіп орап алады да, сол арқылы қыздың жүрегін тыңдайды. «Міне керемет!», деп таңғалады Лаэннек. Жүрек соғысының ырғағы да, өкпе тынысы да кеудеге басты қойып тыңдағаннан әлдеқайда анық естіледі. Сөйтіп ол сол кезгі өзекті мәселені шешіп, қазіргі фонедескоптың атасы стетоскопты ойлап тапқанын естіген шығарсың?!
– …
– Терапевтің өмір бойына жалғасатын тірлігі сырқат туралы мағлұмат жинаудан, ойланудан, диагнозын қоюдан, емін тағайындаудан, нәтижесін күтіп уайымдаудан тұрады. Бұрынғы дәрігерлер тергеушідей сұрастырып, сырқат туралы бәрін біліп, пальпация, перкуссия, аускультация арқылы обьективті мағлұматтар жинап, диагнозды «клиникалық ойлау» жүйесімен жоғары дәлдікпен қоя білген. Ол қазіргі микроэлектроника мен компьютерлік техника заманында да маңыздылығын жоя қойған жоқ. Сондықтан ауру диагнозын қойғанда, зертханалық тексерулердің нәтижелеріне, рентгендік, УДТ, ЭКГ тағы басқа аппараттардың тұжырымдамаларына сүзгілеуден өткен «клиникалық ойлауыңды» қосуың керек. Жасырын ештеңе қалмауы керек. Ағзадағы дисфункцияны емдеу үшін сырқат туралы бәрін білуге тиіссің. Дұрыс па?
– …
– Қай жылғысың?
– 1990.
– Онда сен оптимизм толқынындағы, болашаққа сеніммен ұмтылған «ципрлы буынға» жатасың. Әлемде әр алты жылда фундаментальды білім екі есеге ұлғаяды. Медицинадағы өзгерістерді жіті қадағалап, өз кәсібіндегі тәжірибеге бейімдей ендіруге мамандардың санаулысы ғана қауқарлы. Мықты маман болу үшін сол санаулының ішінен табылуға тиіссің. Оған қазір барлық жағдай бар. Тек уақыт жоғалтпай, талпынсаң болғаны.
– …
Әділовтің созылыңқы монологы диалогқа жалғаспады. Бас шұлғудан арыға бармаған интерн сөмкесін асынып, шығып кетті. Әділов ойланып қалды. «Үндемеу – ойсыздың даналығы» деуші еді… Мелшиуі жаман… Медицинаға кездейсоқ ұрынғандардан емес пе екен? «Сөзге кедейлік» — терапевт үшін үлкен кемшілік. Дер кезінде айтылған бір ауыз сөз де ем. Енді саған назар аударыңқырап, тағы бір кездессек, «ішкі жайың» алақандағыдай мәлім болады».
Интерннің үнсіздігі студент шағында Шелектің «Қорамында» темекі теріп жүргендерінде, қалжыңбас курстасы Жамаш айтқан бір анекдотты есіне оралтты. «Айдаладағы жалғыз киіз үйде отыратын жылқышының жалғызы үйленіп, келін түседі.
Күнде жылқышы баласы екеуі жылқыларын бағуға айдап кетіп, үйде жас келін мен енесі ғана қалатын құсайды. Осылайша бір апта өтеді. Келін үнсіз. Қол диірменге ұн тартып, бір ауыз сөз айтуға жарамай отыра беріпті. Ақырында шыдамы таусылған енесі:
— Шырағым сөйлесеңші, — дейді.
– Апам: « Барған жеріңде сөйлеме!» деген.
– Онысы несі… Неге?
– Айтуынша, сөйлесем ақымақ екенімді біліп қояды екен,
– Оныңды қой. Жағызымның әйелі-сің… Сен сөйлемегенде кім сөйлейді?! Жан баласы жоқ адырда сөз естімей жынданып кететін шығармын. Сөйле! — деп бұйырады ене. Сонда келіні диірмен айналдыруын тоқтатып, аз – маз ойланып барып, бүйдепті:
– Жылқы бағу оңай емес шығар… Тепкенде ат тұяғы дөп тисе, адам өліп кетеді деп естігем. Егер, жазым балып, балаңызды ат теуіп өлтіріп қойса, мен қайтемін? Атама тиемін бе?
– Өшір үніңді, — деп кейиді көзі шарасынан шыға ашуға булыққан ене. – Құдай басқа салғанын қарашы… – деп күйіне түсіп барып, сәл үнсіздіктен кейін: – Әй, жарқыным! Шешеңдікі жөн екен. Бұдан былай сөйлемей-ақ қойшы… – деген екен».
Жамаштың анекдот айтқандағы комик актерше құбылатын жүзі көз алдына елестеп, өзінен — өзі езу тарта көңілденіп, интернді ұмытты.
Сағат екіден өтіп қалыпты. Екі жүз метрдей жерде орналасқан аурухананың поликлиникалық бөліміне бет алды. Осында соңғы жарты жылдан бері «бейінді маман» ретінде екі сағат амбулаториялық сырқаттарды қабылдайды. Әділовті іздеушілер күн сайын шұбап келіп,, бөлімге кеңес алуға ене бергесін, әкімшілік осындай шешім қабылдаған. Кіре берістегі тіркеу орнында орта жастағы әйел:
– Мен ақиқатын анықтап, дұрыс диагноз қойып, тиімді ем беретін дәрігерге ғана көрінгім келеді, — деп регистраторға ескерту жасап жатыр екен.
– Темір Әділұлы, бүгінге он бес адам жазылып қойды. Мына кісі де сізге кіргісі келеді, — деді регистратор мұны көре сала.
– Жібере бер, – деді де бөлмесіне еніп кетті. Гиперактивті, босқа уақыт шашпай істі тез бастап, шиін шығармай, мұқият және тез атқаратын Әділов белгіленген уағында поликлиникадағы қабылдауын аяқтап, проректордың үйіне барып, шешесін көріп, емін тағайындап ауруханаға қайта оралды. Ауырлау деген үш сырқатына тағы да бас сұқты.
Бұл кезде сағат жетіге таяп қалған. «Өмір тек жұмыстан тұрмайды. Қой, жетер… Үйіме қайтайын» деп киімілгішке қол созды. Аялдамаға шығып, 8-ші автобусына отырды. Автобустың. орта тұсындағы, терезеге тақау бос орынға жайғасты. Біртіндеп жұмыс орнынан ұзаған сайын, ойларын да сырқаттарынан қашқақтатуға тырысып келеді. Көшеге көз тастап келеді. Үңіліңкірегенге заман лебін, уақыт демін сездіретін бір жер болса, ол осы көше. Сол қапталдан оза түскен, бүйіріне «Өз күніңді өзің көр!» деп жазып алған жабағы ескі фургон бұрында көзіне шалынатын. Жазуының кейбір тұстары көмескілене бастапты.
Баяғы нарыққа бет бұрған тоқсаныншы жылдардың басында, масылдық заманының өткенін ескерту үшін жазылса керек. Осы жазу көзіне түскен сайын ойына наразылық нышаны үйіріле қалатыны бар. Бұл жолы да: «Қазір жұрт «өз қотырын өзі қаситынын», тап осылай жалаулатып жазбаса да біледі. Адамдардың бір-біріне деген көңілін суытып, араларын алшақтата түсетін мұндайынан гөрі «Адамның күні адаммен» десе, оқығанның жан-дүниесіне бір сәтке сәуле шашылып, жылынып қалар ма еді… Бәрін өзіміз қолдан істеп, бүлдіреміз де: «Неге мейрімсіздік белең алып бара жатыр?» деп таң қаламыз», деп ойлады.
Жол бойынан сәл әрілеу, сірә, мейрамхана болар, түрлі түсті шамдары жарқыраған еңселі үйдің маңдайына: «Дәл қазір өмір сүр!» деген қызыл түсті жазу жанып-өшіп, мен мұндалайды. «Тұлпар болсаң Тайбурыл, барыңды бүгін қарышта» дейтіндей… «Мұнысымен келісуге болар… Біздің ата-аналарымыз: «Коммунизм тұсында қарық боламыз» деп дәмеленумен өмірден өтіп кетті. «Кейінің» келмей қалуы, қиянатшыл өлім бәріне бір сәтте нүкте қоюы мүмкін. Данұшпан Эйнштеин: «Кешегіден үйреніңіз, бүгінмен өмір сүріңіз, ертеңге үміт артыңыз», дегенді босқа айтпаған шығар…».
Өзінен екі қатар алда, бұған бетін бере жайғасқан әкесінің інісі Сүндетті автобусқа кіргенде-ақ байқаған. Ол да мұны көргенімен, көрмегенсіді. Өкпесі бар. Жөн. Жарты жыл бұрын ұлын үйлендіргенде, ауруханадағы өмір мен өлімнің арасындағы сырқаттың жайына байланысты тойына қатыса алмаған. Алаңдауы көп тіршілігімен жүргенде, одан кейін де үйіне барып: «Келіннің қадамы құт болсын!», дей алмапты. Автобус аялдамаға тоқтағанда, орнынан тұрып, түнеріңкіреп жанынан өтіп, түсіп кетті. Кейде, Әділовтың басына ұйқастар ұрына кететін жәйі бар. Көбіне орынсыз жазғырылғанында… Сонысына салып: «Жұмыс, жұмыс, жұмыс» деп, Туыстарға жуыспадым. Барады өтіп амандаспай, Өкпелеген туыстарым», деп ернін жыбырлатқандай болды. «Солай Әділов! Жұмысқа жақын болсаң, туыстан алыстайсың. Өкпесі қара қазандай ағайын «жұмысыңды» ескере қоя ма. Қартайып, жалғыз қалғаныңда: «Ешкіммен араласпайтын неме еді…» деп табалауы да мүмкін-ау» деп ойлады.
Үйінен таңертең жеті жарымда шыққан еді, енді сағат тілі соның кешкісін көрсеткенде оралды. Отбасымен асықпай кешкі асын ішті. Қонақ бөлмеге шығып, мектептің соңғы класында оқитын ұлы Омар мен одан екі жас кіші қызы Айданамен аз-кем шүйіркелесіп, оқу үлгерімдері туралы сұрастырды.. Үлкен ұлы «Болашақ» бағдарламасымен Испанияда оқып жатыр. Райхан оған «ақша салу» қажеттігін ескертті. Жүйке жүйесі бір мезетте екі- үш шаруаның шешімін араластыра, шыр айналдыра шеше беруге қабілетті Әділов ұлыменмен шахмат ойнай отырып, «Терапевтический архив» журналынының соңғы санындағы статьяларға көз жүгіртіп, қажет-ау деген мәліметтерді қойын дәптеріне түртіп алды. Он жылдан бері өзінде қаралып, ем алып келе жатқан пациенті Ирина Сергеевна звондап, саулығына байланысты оны -мұныны сұрастырып, біраз уақытын алды. Ғаламтордан көз алмай, өз ауруын емдеу әдістерін бақылайтын, білмейтіні жоқ зейнеткер, жаңалық бола қалып түсінбей жатса, дереу қоңырау шалады. Әр жәйтті мыжи айтып, Әділовтің ығырың шығаратын кезі де болады. Сабыр сақтап, шыдап бағады. Сағат он бірге таяп қапты. Қызының бөлмесіне енді. Компьютерге қадалып отырған оған:
– Айдана, ұйқыға уағымен жату керек. Кешеде он екі жарымға дейін отырдың. Ол жарамайды, қызым.
– Папа, аз ұйықтап, көбірек өмір сүргім келеді. «Ұйқыны – кішкене өлім» депті ғой. «Ұйықтап өтсең өміріңде, Ұдайы ұйқың қанбаса, Өмірің не? Өлімің не? Артыңда ізің қалмаса» дегенді естідім…
– Жақсы шумақ екен. Бірақ, ұйқыны емес, оралмайтын уақытты бағалап, бұл өмірде игілікті істерді атқара алуды меңзеп тұр. Мәселеңки деп айтсақ, біздің қуанышымыз бен мұңымыз, амбициямыз бен бостандықты сүюіміз, өткенді еске түсіруіміз бен болашақты болжауымыз, дүниеден өтіп кеткен жақсы көретін жандарды аңсауымыз бәрі, бәрі бар болғаны жүйке жасушалары мен биомолекулалардың өзара әрекеттерінің «жемісі». Ұйқы – адам миындағы жүз миллиардтан астам нейрондардың өз функциясын игеру кезіндегі жүз триллионнан астам бір – бірімен әрекеттесуін аз уақытқа тежеп, шағын бөлігін «күзетке» қалдырғасын, тыңаю үшін қалғандарының дамылдайтын кезі. Бір сөзбен айтқанда: «Ұйқы – мидың азығы». Сондықтан ұйықтай ғой, балапаным. Қайырлы түн. Жақсы түстер көр.
– Рахмет, папа. Түсіндім. Бұдан былай сағат он бірде ұйқыға кетіп, сіз сияқты алтыдан тұруға тырысып көремін. Әжем айтатындай: «Құдай тыныштығын беріп», сізге де қайырлы түн болсын, – деп компьютердің түймелерін басып, сөндіруге кірісті.
Әділов душқа кіріп шыққанында, Райхан:
– Жұмыстан кезекші дәрігер звондап, хабарласуыңды өтінді, деп қалтафонын ұсынды. Хабарласып еді, гастраэнтеролог Сәуле Қадырқызы екен.
– Кешіріңіз мазалағаныма Тимур Адилович. Ана төртінші палатадағы Бұхарбай ата туралы айтайын деп едім. Кешкі уколды жасатпапты. Сағат сегізде баласы емші әйел ертіп келіп, не ем жасағанын білмейміз, содан кейін жүрегі қысылды. Кардиограммада пароксизмальная тахикардия…
– Изоптинді физертіндімен көрме-діңіз бе?
– Білемін ғой… Оны жасайық десек, баласы бізді жуытпай, сіздің келуіңізді талап етіп жатыр…
– Жақсы, барамын, – деп қалтафонын сөндіріп, киіне бастады. Райхан такси шақырды. Аурухана әкімшілігі араласқан болуы керек, Әділов жұмыс орнына жеткенде, полиция қызметкерлері шалдың баласын бөлімнен қуып шығыпты. Егуден кейін 15-20 минутта сырқаттың жайы дұрысталғасын кабинетіне енді. Стол шетінде жатқан қалың сырқатнамаға көзі түсті. Жарты ай бұрын II-ші терапияда пневмониядан қайтыс болған 72 жастағы ер азаматтыкі. Туыстары сотқа берген. Ертең сағат 14-те патанатомиялық конференцияда сол мәселе қаралғанда, оппонент ретінде сырқатнаманадағы мағлұматтарды сараптап, конференцияда сөйлеуі керек. Емдеуші дәрігері – пульманолог Сафура Ғазизқызы. Қырық бір жастағы, тәжрибелі дәрігер. Былтыр аты жаман аурудан күйеуі қайтыс болған. Мектеп жасындағы үш баласы бар. Бүгін түске дейін сырқатнаманы сараптауға алып келген пульманологтың қатты күйзелісте жүргені аңғарылды.
Бас дәрігердің орынбасары: «Емдеу барысында қателік жіберілген болса, прокурорға дейін тап», деген. «Қателік біліктілік пен шеберлік бар жерден бар аяғын тартады. Осал жерін дөп басып, қарсыласпасаң, «әке, жәке» деп жалбарынғаныңмен ойындағысын жүзеге асырмай тынбайтын қатыгез ажал, санаң бір сәтке қалғып кеткенде жіберген қателігіңді кешірмейді. Дәрігер қателеспесе адамдар мәңгі өмір сүрер ме еді…
Әділетсіз кінәлау жиілеп кетті… Осындай мамандық таңдаған екенсің, бәріне көндігуің керек. Жұмыс сондай…» деген ойлардың жетегіне ілескен бас терапевт, бағана Сафура Ғазизқызы: – Бәрін тастап, бет ауған жаққа қаңғып кеткім келеді, – деп түңіле жылағанда, осы ойларының шет жағасын айтқысы келгенімен, айтпады. Шаршаған шипагердің сөзіне: – Біздің ісіміз тек жеңілістерден тұрмайды – ғой, – деген басу айтқан болды. – Байыбына жетейік. Пневмония қазіргі қуатты антибиотиктердің заманында да, уақтылы емделмесе, қария жастағылардың өмірін ұстарадай қиып түсетінін білесіз. Мүмкін сіздің ешқандай кінәңіз жоқ шығар…
Ертең жұмысқа екі сағат ерте келіп, сырқатнамамен танысып шығамын. Сіз маған сағат тоғызда бас сұға қойыңыз, пікірімді айтармын, – деп шығарып салған. Сағатына қарап еді он екіден өтіп қалыпты. «Үйге жеткенше тағы жарты сағат… Сырқатнаманы қарап шығу үшін таңертең сағат алтыдан жұмысқа оралуым қажет. Дұрысы кабинетте қалайын», деп шешті. Райханға қалтафонмен күтпеуін ескертті. Дүлей жел тұрып, терезені сатырлата ұрғылай жауын басталды. Диванға жайма төседі де, шешінбестен жата кетті. Енді кешегі түсінен шошып оянған сағат бестен жиырма минут өткенге дейін ұйқыда болады деп жорамалдап, Әділовтің бір тәуліктегі іс-әрекеттерін қағазға түсіре жасаған «хронометражымды» аяғына жетті деп, алдын-ала баттита нүкте қоюға ниеттенгеніммен, ішкі түйсік асықпауымды қалайтындай… Оған себеп уақыт талғамай ұрына беретін ауру, «әлегін» салып, кезекші дәрігерді қысылтаяң жағдайда қалдырып, қыспаққа ала кесе, оның көмек қажет етіп, «Тез шақыр!» деп медбикені кабинетіндегі бас терапевтке қарай жүгірте салуы мүмкін екендігінен еді. Ал біз білетін ол керіліп-созылмай, бес минуттың ішінде жұмыс режіміне қайтадан еніп, құстай ұшып жететіні анық. «Құдай тыныштығын берсін», қәзірше «осындай беймаза мамандық таңдаған екенсің, арыздану – айып» деп жиі айтатын терапевт Әділов ұйқыда.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *