Алматы облысы Іле ауданы Ынтымақ ауылы №30 орта мектептің 7 сынып оқушысы – Аяулым Бердіғұлова Сынып жетекшісі: Сахариева Нұрбақыт Оразбекқызы
17.11.2018 0 3 810
Ақ жауын
(Әңгіме)
Күз. Күңгірт аспаннан күн шуағы төгіледі. Мен жүрген жолды бойлай мизам ұшып жүр. Мен ерекше сезімде келемін. Есіме осыдан біраз жыл бұрынғы бір оқиға түсіп келеді.
Ол кез мен бесінші сыныпты аяқтаған көктем еді. Арада аз уақыт өткендіктен бе сол жаздағы жайдарлы күндердің бәрі айна қатесіз әлі есімде. Себебі, мен сол жылы алғаш рет ғашық болдым. Мені ғашық еткен жайдарлы жаздың ақ жауыны еді…
Жазғы демалыс. Мен оңтүстіктегі шырайлы Шымкент деп аталатын шаһарға сапарлап келіп, Арыс жағасындағы тіршілігі жарасқан Берген атты ауылдағы нағашыларымның үйінде қонақта болып, жазғы демалысымды өткізіп жүргенмін. Ол жақты мен қазақ елінің Африкасындай елестететінмін. Ыстығына адам шыдамайды. Маған сол ауылды Африканың ыстығынан кептірмей,жасыл бағын жайқалтып, сақтап тұрған ауылды қоршай аққан Арыс өзені секілді көрінетін. Сонда барып, нағашы әжемнің «Екі жағы көл, ортасы шөл»- деп айтқан ауырлау әңгімесі еріксіз есіме оралар еді.
Әжем әрдайым мені ертіп жүреді. Қартайған кәрі адамға қолғабыс болам деп,өзім де қыдырымпаз болып алған тәріздімін. Маған бір апта ішінде бұл ауылдың ой-қырының бәрі таныс болып кетті. Күнде кешкісін көшеге шығып, шуылдап ойнайтын ауылдың қарасирақ балалары мен шаштары бидайдай өрілген өзім қатарлы балауса қыздар. Тақияларын қисайта киіп, қой қайыруға шыққан әкелер мен сауын шелегін алып, бұзаулармен әлек болған аналар. Және ошақ басында көсеуін көсеп терең ойға шомып отырған ақ жаулықты әже мен көше бойлай әр үйдің алдында таяғын сүйеніп, кешкі у- шуға қызыға қарап отырған аталардың бейқам бейнесі ыстық көрініске айналды. Бұл- қас қарайғанша қызуы басылмайтын ауыл өміріндегі ең керемет шақ. Қазір мен үшін осыларды еске түсіріп толғану бір бақыт секілді.
Мұнда түстен кейін ауыл балаларының бәрі Арыс өзеніне шомылуға барады. Менің де келгелі ең сүйікті ісім осы болды. Әйтсе де, мені жалғыз жібермейтін. Сондықтан жар басынан шуылдаған шомылушы топқа қызыға қарап отыратынмын. Кейде өзім сонда жүргендей күй кешемін. Алыс отырсам да балалардың аттарына дейін жаттап алған едім. Бірақ, танисың деп жібере салатын еркіндік әлі болған жоқ. Әжем қорқады…
Біздің көршілер өте жақсы адамдар. Балалары да үнемі мені өз ойындарына қосқысы келеді. Көршінің менімен жасты қызы бар. Әлемде ондай ерке бала жоқ шығар. Әрдайым жыламсырап ағасының мазасын алады да жүреді. Ағасы сегізінші сыныпта оқиды. Мені де ерекше жақсы көретін. Қарындасына жиі мақтайды. Сол үшін де ол қызбен керемет дос болып кете алмадым. Ол менен ағасын қызғанатын еді…
Бір күні көршінің баласы маған өздерімен бірге суға баруды өтінді. Менің жүзім бал-бұл жанып кеткенін көріп, өзі барып әжемнен сұрады. Қарындасымен қосып апаратын болған соң, әжем рұқсат берді.
Бүгін күн қатты ыстық емес. Аспан ала бұлтты. Үшеуіміз асыға жүріп келеміз. Көршінің қызы бізден оза жүріп келеді. Ағасының «тоқта» дегенін құлағына да ілмеді. Еркелік емес, тәлпіштік сынды бұл ісі. Ал ағасы менімен үлкендерше сөйлеседі. Әлде маған солай көріне ме? Өз қарындасына қарағандай қарамайтыны айдан анық. Арыс өзені үйіміздің төменгі жағында ағып жатқанымен, шомылу үшін ауыл сыртына шығып, тоғай арқылы баратынбыз. Көп жүрмей, өзенге де жеттік. Мұнда балалар, тіпті үлкен адамдар да көп еді. Біз жүрген бір сағат ішінде көршінің баласы бізден көз айырмады. Мен жауапкершілікпен қарағаны шығар деп түйдім. Енді у-шудан алыстап үйге қарай қайтуға жол бастадық. Шомылуға құмары қанбаған көршінің қызы аға тілін алмай, қаша жөнелді. Ағасы артынан қумады. Үйге баратынына сенген болар. Көршінің баласы келер жолда бастаған көңілді әңгімелерін жалғап келеді. Кенет күн күркіреді. Жаңбыр жауатынын сездім. Аспанға назар аудара бере жып-жылы тамшылар тапырлап көбейе түсті. Жүрісті жылдамдатуға тырысқанмен, үйге жеткенше су болатын сияқтымыз. Жігіт қолымнан сүйрелей, ағаш түбіне барып тығылдық. Ақ жаңбыр құйып кетті. Аспан бұлыңғырланып, біз паналап тұрған қара ағаш желмен қисайып, жаңбыр бетке ұра бастады. Найзағай жарқ ете қалғанда селк ете түсіп, қалай екенін білмеймін, жігіт құшағына тығыла түстім. Жігіт мені қапсыра құшақтап, суықтан дірдек қаққан маған ыстық ықыласпен күртешесін жаба түсті. Ал мен ше? Жүрегім атша тулап, бұрын бастан өтпеген ерекше сезімді кештім. Бәлкім, үлкендер айтатын махаббат деген осы шығар?! Бәлкім, бұл менің найзағайдан қорқынышым ғана болар… Мен үшін бұл әлі түсініксіз еді. Кенет құлағыма жаңбыр дауысының сейілгені естілді. Біз алғашқыдай көңілді емес, үйге үнсіз оралдық. Кеудем ерекше сезімге әлі бөленіп тұр.
Таңертең әжем мені жолға дайындады. Ауылдағы демалыс уақытым аяқталып, Алматыға аттанбақшымын. Ауылға бауыр басып қалғандаймын. Қимастықпен қоштастым.
Бүгін де дәл сондай ақ жауын жауды. Қолшатырсыз көше бойлап келемін. Әлдекім мені күртешесімен жауыннан қорғап тұрған секілді…
Баянсыз достық
(Әңгіме)
Менің ауылым табиғаты мен тіршілігі жарасқан Алматы дейтін алып шаһардың етегінде орналасқан. Есіктен енді еніп келе жатқан қоңыр күздің не ыстық емес, не суық емес жаймашуақ күндерінің бірі. Оқу жылының басталғанына да көп болған жоқ.
Балдырған шағымнан ауылда тұрғандықтан ба, ауыл өмірі маған ұнамды, қызықты көрінетін. Жан- жануарлар да жаныма жақын болды. Күшік, мысықтарға қатты қызығып көршілерден сұрап алып келетінмін. Әйтсе де, мен тауық асыраймын деп ойлаған жоқ едім.
Бір күні әкем үйге малды ауылдан мал алып келді. Балабақшада суреттерін ғана көретін сүйкімді бұзау- қозылар келмей жатып үйіміздің белді мүшелеріндей болып кетті.Әрине, ол кезде мен небәрі бірінші сынып оқушысы болғандықтан ба, оларды қатты жақсы көрдім. Менің әкем салмақты жан. Әзілі де, шыны да орнымен айтылады. Оның да таңертеңнен кешке дейін айналысатын ісі- менің жаңа достарыма күтім жасау болды. Мені көп жақындата бермейтін. Сонда да маған әкемнің менің жаңа достарыма көңіл бөлетіні ұнайтын еді.
Қызыл күннің ыстығы басылған, көшелері күңгірт тарта бастаған күздің салқын кешінде сабақтан асыға қайтып келе жатырмын. Үйде менің достарым күтуде екенін біліп, олармен алыстан тілдесіп келемін. Олар болса әкемнің қамқорлығындағы қызықты күндерді бастан кешуде, әсіресе, сиыр- бұзаулардан бөлек екі қой. Келген күндерінен бойлары өсіп, қозы күндері қорада қалып, есік алдына шығып жайылатын болды. Мені қатты таң қалдыратыны- әкемсіз шөп жемейтін. Ал мен олар үшін терезеден телмірген таныс бала бейне ғана едім.
Таңертең. Әкемнің әлдекіммен сөйлескен дауысы естіледі. Үйге біреу келген бе деп ұйқымды ашып, төсегімнен тұра бастадым. Есінеген күйі есік алдына щыға бере қора жақтан анамның сауын шелегінің дызылдаған әні құлағыма келді. Ерте тұрып алыппын. Енді түсіндім, әкем екі қойды сыртқа шығарып жайып отыр екен. Анам сиырын сауып болған соң, әкем оларды табынға қоспақшы болды. Жайылып жүрген екі қой да әкемнің артынан жүгіре жөнелді. Қойларды қайыра бергенім сол еді, екеуі екі жағымнан айналып қашты. Ал мен жасыл шөпке торғайдай топ етіп құлап түстім. Сол сәт жанарымды жас торлады. Құлағаным үшін емес, достарымның мені елемегендігі үшін.
Аз уақыттан соң екі қойын айдаусыз ертіп әкем келді. Анама әлденелер айтып мәз. Мен осы сәтте достарыма ренжіп, бұртиып отыр едім. Менің ренішімді сезгендей біреуі бәтеңкемнің тұмсығын иіскеледі. Мен аяғымды тартып алдым. Дәл осы күннен бастап олар менің досым емес еді. Таңғы ас ішуге кірген әкем сырт киімін ауладағы ағашқа іліп кетті. Шәй ішіп отырып терезеден қойлардың әкемнің киімін жиі иіскейтіндерін көрдім. Мен үнсіз жымидым. Бірақ маған енді олар дос емес қой, жаңадан дос тапқым келді. Менің де достарым мені әкемдей жақсы көрсе деп іштей армандадым.
Сенбі күнгі сабақтан асықпай келе жатырмын. Мені ешкім сағынбайтын, күтпейтін секілді. Есікті ашқаным сол еді, шиқылдаған дауыс құлағыма келді. Құстың үні. Сонда бұл дауыс қайдан шығып жатыр?! Үйге есік аузынан сөмкемді жылдам ендіріп жібердім де дауыс соңынан жүрдім. Көп жүрмей-ақ, гүлдердің түбінен сап- сары балапан тауып алдым. Алақаныма салып, жерден көтердім. Ол менің алақанымды тіпті де жатсынбайтын тәрізді. Менімен дос болу үшін әдейі іздеп келгендей. Бір сәт оны көшеге алып шығып, анасына қоспақшы да болдым, бірақ райымнан тез қайттым. Бәлкім, шынымен де, менімен дос болуға келген шығар, ә?
Менің қуанышқа толы қызықты күндерім басталды. Алғашындағы үйге кіргізуге рұқсат етпейтін болар деген қорқынышымның бәрі сейілді. Балапан бізбен бірге үйде тұрды, ағам оған арнап үйшік жасап берді. Мен онымен шындап дос болуға кірістім, әрдайым тамақтандырып, ертегі оқып беремін, сырымды да бөлісуді ұмытпаймын. Арада біраз күндер өткен соң, балапанның бойы ұзарып, жәшігінен шығып кете беретін болды.
Қанша түсіндірсем де, тілімді алмады. Мен тағы ренжідім. Мұны байқаған әкем маған балапанымның тауық болғанын, үйде ұстауға болмайтынын түсіндірді. Ертеңіне балапанымды өзім апарып, қорадағы малдарға қостым. Мұнда тауықтар жоқ, момақан қойлар ғана. Олар бір- біріне тез үйреністі, таласып- тармасып жемді де бірге жейді. Кеш қарайғанда да тауығым қойлардың үстіне қонақтайтын болды. Мен енді мүлде алаңсыз болдым және ренжіскен қойлармен қайта достасуға мүмкіндік алдым.
Арада күндер мен айлар зымырап өтіп жатты. Бір күні әкем аз күнде қойларды да, тауықты да әкететінін айтты.
-Қайда?- дедім мен төбемнен біреу мұздай су құйғандай.
-Оны саған білудің қажеті жоқ, қызым,- деп салмақпен жауап берген әкем, ендігі сұрақтарға жауап бермейтінін білдіріп, бұрылып кетті.
Енді мен күні бойы достарыммен қоштаспақшы болдым. Бірақ олар ештеңе де сезбейтін сияқты. Расымен, ертеңінде сабақтан келсем, достарым жоқ. Мен қайта жалғызсырай бастадым. Ұзақ ойланып, өзімді жұбатқандай болдым: «Олар енді қайтып келмейді. Мен есейдім ғой. Ол үшін өкінбеймін. Менің әлі достарым көп болады. Әйтсе де мен оларға қамқоршы, жақсы дос бола алдым. Ал олар маған дос бола алмаған тәрізді. Сонда да оларға ренжімеймін.»
Қазір ойлап қарасам, ол кез біздің ең бақытты кездеріміз болыпты. Менің де, достарымның да қуанышты кезеңдері. Алаңсыз балалық шақ. Себебі, ол кезде мен де, қойлар да, тіпті тауық та әкемнің қасапшы екенін білмейтін еді…
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.