Қоғамдық сананың рухани жаңғыруы
26.06.2018 0 2 653
Назархан Уән
Абай атындағы РММИ 11-сынып оқушысы
Республикалық жыршылар жарысының,
«Журналист болғың келе ме?»
сайысының жеңімпазы
Биыл дербес мемлекет болып қалыптасқанымызға 27 жыл болмақ. Осынша аз уақытта дамыған 50 елдің қатарына кіріп, әлемде ойып тұрып орнымызды алдық. Одан әрі жетіліп, мүйізі қарағайдай 30 мемлекеттің қатарына кіру үшін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің келесі бағдарламасын, «Рухани жаңғыру» идеясын ұсынды. «Осыған дейін экономикамызды дамыттық. Ендігі кезек санамызды дамыту»,-деген Президентіміз. Жаңарулар мен жаңғырулар ғасыры атанған ХХІ ғасырда жұтылып кетпес үшін бізге рухани берік ұрпақ қалыптастыру керек. Бұған дейін өзімізді жетілдіреміз деп басқа ұлттардың қалыбы мен өркениетін өзімізге таңып, уақытша адасып та қалдық. Бірақ қазір жағдай басқа. Біз өзгеге емес, өзгелер бізге қарап үлгі аларлықтай жағдайға жеттік. «Санамыз іс-әрекетімізден алда болуы керек». Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы осы мақсаттарға жету жолында орындалатын бірнеше міндеттерді атап өтті.
Жұртымыз салт-дәстүр мен жорал-ғыларға бай. Алайда соның ішінен біз өзімізге қажеттісін іріктеп алуымыз керек. Яғни бұл жолда прагматизмді жанымызға серік еткен жөн. Артық шығын мен ысырапшылдық кез-келген елді аяқтан шалатын қасиеттер. Ал ХХІ ғасырда кез-келген қателік қатерлі. Тарихымыздағы таптаурын қағидаларды өзгертіп, толыққанды жаңаруға аяқ басамыз. Қанымызда ана сүтімен тараған қазақтық бүлкілдеп жатыр. Қазақтық деп отырғаным көк бөрінің ұрпағы саналған ұлтымыздың асыл қасиеттері. «Қанмен дарығанды қасиеттемесең, қадірің болмайды», — деген Д.Қонаев.
Прагматизм – тек ысырапшылдыққа жол бермеу емес, ұлтымыз бен өзіміздің рухани және материалдық байлығын білу, оны үнемді пайдаланып, соған қарай болашағын жоспарлай алу деген сөз. Алайда қазірде ту етіп отырған прагматизм алдағы он жылдықтың ұраны болуға жарайды.
Келесі мәселе – ұлттық код. Қазақты қазақ етіп отырған қанның тазалығы. Біздің келесі міндет – тектілігімізді сақтап, болашаққа деген сенімді нығайтатын қасиеттерімізді топтастыру. Тарихты білмей жолға шығу қарусыз шайқасқа барумен тең. Жаңғырулар жолында міндеттеріміздің түп тамыры ретінде ұлттық дәстүлерімізді алуымыз парыз секілді. «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды», — деген Нұрсұлтан Әбішұлы. Яғни қазақылығымыз біздің түнектегі шамшырағымызға айналуы маңызды. Сонымен қатар, ұлттық тамырымыз біздің бойымызда ұлттық иммунитетті қалыптастырады деп есептеймін. Өз ұлтының тек жақсысын бойына сіңірген адам ғана ешқандай сырқатқа ұшырамай алға басады. Ұлттық иммунитет бізді тек бір жақты емес, бар жағынан да сақтандыратын қорған секілді. Ұлттық дәстүрлеріміз бен иммунитет біздің келешекке нық қадамдар жасауымыздың кепілі.
Қорыта келе, тасыған заманда аман қалу үшін өзімізді-өзіміз сақтандырып, жүйел түрде дамытып отырмасақ заман ағымында жұтылып кетумізі әбден мүмкін. «Рухани жаңғыру» — болашаққа қадамымызды нақтылайтын, бұқаралық сананы өзгертетін басты құрал, әлем мойындар табысты ел болуымыздың кепілі. «Өмір сүру үшін өзгере білу керек», — деген Елбасымыз. Бізге қойылатын талап – ұлттық сипатымызды жоғалтпай, алға сенімді адымдар жасайтын буын болып өсу. «Болашақ жастардың қолында». Сапалы да саналы ұрпақ – еліміздің алға басудағы еліміздің үміті, дүбірлі додада озып шығатын дүлдүлі.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.