Қазақ тілі – елімізді мекендеген кез-келген ұлттың мемлекеттік тілі
26.06.2018 0 3 906
Жанна Иманқұл,
«Жалын» журналының қызметкері,
«Ақпарат саласының үздігі» иегері
Адамзаттың өзге тірі дүниеден ерекшелігі болып табылатын ақыл-ойының сыртқа шығар бұлағы сөйлеу құбылысы бір Алладан болса, ұлт тілдерінің әр түрлі болуы да тап солай.
Тіл – бейматерия. Яғни, оны қолмен ұстап немесе көзбен көре алмаймыз. Сонысымен де ол Жаратушының адамзат баласына берген үлкен құдіретті құбылысы саналады. Сөйлеу арқылы адам баласы өзінің ішкі жан дүниесіндегі түрлі толқыныс – қуану, ренжу, сүйіну, күйіну т.б. психологиялық жай-күйін толығымен айналасына жеткізе алады.
Тіл – жанды. Өйткені ол пайда болады, дамиды, көнереді, өледі. Бұл жерде адами факторлар өте үлкен рөл атқарады. Бірлесіп тірлік кешкен адамдар қарым-қатынас қажеттілігін өтеу үшін тілдік бірліктер тудырады. Ал оның динамикасы осы топтағы адамдар тобының ақыл-ойына, интеллектісіне, айналасын тану философиясына тікелей байланысты. Тұрмыс-тіршілікке орай тілдегі кей сөздер көнеленіп, қолданыстан шығып археологизмдерге айналса, оның орнын жаңа неологизмдер басады, болмаса көнерген сөз бастапқы мағынасын жоғалтып мүлде жаңа мән беретін қалыпқа түседі. Жанды құбылыстың өлуі оны пайдаланатын адамдардың болмауынан орын алады. Өз тілдерінде сөйлеуді қажет деп таппай өзге тілдің жетегінде кету арқылы белгілі бір ұлт тілі жоғалады. Тілмен бірге онда сақталған қаншама ғасырлық таным-түсінік, салт-сана да өшеді. Бұл әрине үлкен деңгейдегі орны толмас қасірет. Ана тілінен түрлі жағдайларға байланысты ажырап қалған елдер азып-тозып, кейіннен тіпті тарихтан аттары өшіп дерексіз жоғалып кеткеніне тарихта дәлелдер аз емес.
Жалпы, тілді халықтың жан-дүниесімен, ой-санасы, тарихы, мадениетімен байланысты зерттеу керек екендігін әлемдік деңгейде мойындалған В.Фон Гумбольдт, И.Гердер, Г.Пауль, В.Аундт, Г.Штейнталь, Э.Сепир, Б.Уорф, А.Потебня, Н.Я.Марр сияқты ғалымдар баса айтып кеткен.
Ал қазақ тіл білімінде бұл ойды А.Байтұрсынұлы, М.Балақаев, К.Аханов, Т.Қордабаев, Ы.Маманов, Н.Уәлиев, Р.Сыздықова, А.Жапбаров, Ә.Болғанбаев, С.Исаев, А.Ысқақов, Қ.Жұбанов, Р.Әміров сынды ғалымдар сабақтады.
Осы орайға қазақ әдебиетінің шоқтығы биік тұлғасы Ғ.Мүсіреповтің: «Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа таптайды. Тілден биік асқар жоқ, тілден асқан байлық жоқ, тілден терең теңіз жоқ» – деген ұлағатты сөзін еске ала кетелік.
Қазақ топырағында қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесінде қолдану мәселесі тәуелсіздік алғаннан кейін де толғақты түрде келе жатқанына да аз болмады. Әйтсе де, биылғы тіл туралы халық қозғалысын Шәкәрім қажының «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген ойының ізімен «бұрынғылардан өзгерек» деп пайымдауымызға толық негіз бар.
Орта ғасырда кәрі құрлық Еуропада латын тілі салтанат құрып тұрған шақта ағылшынның ұлы классигі Шекспир өз шығармаларын көне ағылшын тілінде жазып, ана тілінің әлемдік тіл болатынын айтқанда оны бүкіл Еуропа келеке еткен еді. Араға 4-5 ғасыр салып, оның айтқаны айдай келіп, ағылшын тілі дүние жүзілік аренаға шықса, ал латын тілі өлі тілге айналды. Қазақ тілі өз жерінде өгейсумен келе жатса да кім білсін, дүние кезек мүмкін біздің тіліміз де әлемдік деңгейдегі тілдердің біріне айналар. Бұған қазақ тілінің сөздік потенциалы толығымен жетеді, тек басты шарт тілді сақтап қалу керек.
Тіл, ұлт боп ұйысқан қалың топтың қажеттілігін атқарғанда ғана бар болады дедік. Ұлт болып қалыптасу мен дамудың ішкі түйткілдеріне бүкіл ұлт өкілдері терең тамыр жіберіп құрмет тұту керек. Ал, бұл процесс қазіргі жаһандану дәуірінде бәрінен де қиын, қиюы қашып тұрған бірінші мәселеге айналды. Тарихта мұндай аумалы-төкпелі кезеңдерде туған халқы мен ана тілінің асқақ рухын бойына толығымен дарытқан тұлғалар ғана ұлтын сақтай алатыны сан мәрте дәлелденді. Ұлтын, тілін, жан-тәнімен сүйетін тұлғаларда қолында саяси үстемдік ету мүмкіндігі болмаса да, рухани билік бар. Ұлттық салт-санасынан, тілінен ажырағандардың кез-келгені кемшілігін түсінеді әрі жоғарыдағы сөз болған тұлғаның ақиқатты ой-толғақтарын сырттай жаратпаған сыңай танытса да, ішкі түйсігі бәрібір оның ықпалынан шыға алмайды. Сондықтан да қоғамда орын алып отырған күрделі жайттардың себеп-салдарына, нақты түп-төркініне бара отырып ішкі түйсікке әсер ету механизмін жетілдіру қажет-ақ.
Түйсік дегеніміздің өзі адамның жан-жағында толып жатқан ұғымдар мен заттар, түрлі құбылыстардың жеке қасиеттерін бейнелендіретін қарапайым психикалық процесс. Иә, біз түйсігіміз арқылы айналамыздағы заттардың қасиеттерін, қатты, жұмсақтығын, олардың бетінің тегіс немесе кедір-бұдыр екенін, салмағын, температурасын, иісін, дәмін, түсін, дыбыс шығаратынын, шығармайтынын, қозғалатын, қозғалмайтынын біле аламыз. Сол себепті психолог-мамандар «Түйсік – әлем жайындағы біздің барлық біліміміздің бұлағы, қабылдау, елестеу, еске түсіру, ойлау секілді күрделі тану процестері үшін материал осы түйсік арқылы беріледі…», – дейді.
Нақты бір тіл турасындағы зерттеу қандай болса да, обьекті – нақты тілдік айтылымдар (ауызша немесе жазбаша) болады. Тіл өзін бар етіп тұрған осы нақты айтылымдар арқасында адам түйсігіне енеді, адам түйсігіндегі қабылдаулар тілге өтеді. Қазіргі таңда тілді зерттеуге ұлттық құндылықтар тұрғысынан келуге қажеттілік туып тұр. Ұлттық құндылықтарға материалды және рухани мәдениеттер жиыны жатады. Әр тілдің, мәдениеттердің айырмашылығынан тіл зерттеушілеріне түрлі нысандар туындайды.
Осы ретте, бірқатар тіл зерт-теушілері туған тілдің дүниетаным қалыптастыруға ықпалы бар десе, енді біреулері жоқ деп келе жатқан екі жақты пікірге нүкте қою үшін көптеген тәжірибелер мен пікірталастар болды. Американың Беркли қаласындағы және Чикаго университеттерінің психологтары, лингвистері, нейрофизиологтары дүниетаным қалыптастыру, көзбен көріп айналаны қабылдау адамның туған тіліне тікелей бағынышты болатынын дәлелдеді.
Бұл тәжірибе адамның көру түйсінулері арқылы туатын түс ұғымын қабылдау турасында жасалды. Біздің көз алдымыздағы нәрсенің қай-қайсының да белгілі түсі бар. Егер зат түссіз болса, әрине, көзге көрінбес еді. Көру түйсінуі негізінен, көру мүшесіне жарық әсер еткенде орын алады. Табиғаттағы барлық түстер ахроматикалық, яғни бояусыз (ақ, қара, сұр) және хроматикалық, яғни бояулы (қызыл, кошқыл сары, жасыл, көгілдір, көк, күлгін) болып екі үлкен топқа бөлінеді. Ересек адам түстің 180-дей жеке түрлерін және он мыңнан астам реңктерін ажырата алады.
Тәжірибеде ерікті қатысушыларға біреуінің түсі басқасынан сәл өзгешелеу жасыл түстегі, ал қалғаны бірыңғай жасыл түсті төртбұрыштардан құралған шеңберді ұсынады. Қатысушыларға қойылған талап – өте жылдам, аз уақыт аралығында басқа төртбұрыштардан түсі сәл өзгешелеу пішінді тауып, реңкіне байланысты сөзді атау болды.
Яғни, егер тілде түс реңкінің мәнін беретін бірліктер болмаған жағдайда жасылдың 10 түрін қойып қойсаңыз да, ол тек бір ғана жасыл түс болып қабылданады екен.
Қазақ тілінде жасыл сөзінің реңк бояулары – жасыл, жап-жасыл, жасылдау, жасылырақ, өте жасыл, қанық жасыл, солғын жасыл т.б. ойлайтын адам жасыл түстің түрлі реңктерін түгел тізіп қойса, ол бәрінің тілдік атауын атап шығады. Ал басқа тілде ойлайтын адам олардың кейбірін бірдей деп тануы мүмкін. Қорытынды – тіл құрылысынан дүние таным мен ойлау құрылымы келіп шығады. Осындай тәжірибені халықтың ұлттық дүниетанымы негізінде атауға ие болған кез-келген ұғым арқылы жалғастырып, нақтылай беруге болады. Көшпелі өмір салтына орай халқымыздың тұрмыс-тіршілігі төрт түлік малмен біте қайнасты. Сол себепті қазақ тілінде төрт түліктің әрқайсысы туралы алуан түрлі ұғым соның негізінде атау қалыптасқан. Лингвист ғалымдар «жылқы» сөзінің 80 түрлі синонимі бар дейді. Біразын мысалға келтіре кетелік: құлын, құлыншақ, тай, құнан, дөнен, бесті, байтал, жылқы, айғыр, тұлпар, күлік, жабағы, ат, сәйгүлік, желқұйрық, пырақ, құлагер, жорға, шабан, асау, бие, ту бие т.б.
Жоғарыда байтал сөзін айтқаннан кейін қазіргі қолданыстан шыға бастаған сойтал сөзінің мағынасын де еске ала өтелік. Байтал деп жылқы малының күйіне келген ұрғашысын айтады. Тілімізде: «сойталдай-сойталдай» екен деп жатады. Сойтал сөзі бойжетіп, есейген қыз балаға қатысты айтылады.
Сол сияқты қазақ жерінің 120 млн. гектар жерін шөл және шөлейт аумақтар алып жатқандықтан түйе шаруашылығы да бірқатар дамыған. Сырт пішіміне қарай жалғыз және қос өркешті болып бөлінгенімен түйе малына қатысты атау сөздер жеткілікті. Мысалға: жалғыз өркешті түйе – нар, інген, үлек, нар, мая, кердері, көйін, қылмақ, бура, балқоспақ, кез мая, кірдек, жарбай, инер мая, кез мая, кез нар, кіртайлақ, атан, аруана, түрікмен аруанасы т.б.
* * *
Әр халықтың тілі – бұл оның тарихи жадысы екені ақиқат. Түрлі мәдениеттердің өзара қақтығысынан тіл араласуы орын алады. Әлемдегі қай тілде болмасын түрлі жағдайда ұзақ уақыт араласудан, түрлі сәйкестіктер мен өзгешеліктер кездесіп отырады. Өзгешеліктерден алшақтаулар, тіпті, өзге мәдениет турасындағы адасушылықтарға дейін апарады.
Өзге рухани мәдениетпен қатынасқа түскен адам оны өзінің туған мәдениеті призмасы (призма – оптика шынысы) арқылы өлшеп бағамдайды. Осы арадан аралық әсермен қарау, байқау, бағамдау барысында туған мәдениетінде кездеспейтін түрлі бірліктерді түсіну барысында кезінде ол туралы ұғым ана тілінде болмаса бұл арада бос кеңістік орын алады.
Екі тілдің арасындағы бұл бос кеңістік «эквивалентті лексика», лакун яғни, баламасы жоқ сөздер. Лакун – бос жер, кеңістік, мәтіндегі жетпей тұрған жер ұғымындағы терминді француз лингвистері Ж.Вине мен Дарбельн енгізген. Кейін бұл нысанды зерттеген Л.А.Шейман, Н.М.Варич (1976ж.) ғалымдар ол бірліктерге «этнодейм» деген атау берген.
Тілдердің лексикалық құрамы ортақ бір негізде болғандықтан, барынша ұқсайды дегенмен, ажырайтын тұстары да бар. Тілдердің өзіне ғана тән ерекшеліктері жоғары деңгейдегі абстракцияда бұлдыр тартып көмескіленеді, ал жеке-жеке ерекшеліктерін санамалағанда лакундар шыға келеді. Бұл жерде басты орынды тағы да мәдени-тарихи және этнографиялық факторлар алады. Мысалы, К.Хейл өз зерттеулерінде уолбори тілінде өзге елдердің бәріне тән сан есімдер кездеспейтінін тапқан. Мысалы орыс (мужской, женский, средний род), араб (музаккар, муаннас тегі), т.б. тілдерде жыныс ерекшелігіне қатысты ұғым, соны айқындайтын сөздер мен қосымшалар бар, бұл сөздер мен қосымшалар біздің тілімізде тек бос кеңістік (лакун) ретінде қалады.
Біздің тіліміз ғасырлар мен дәуірлердің, жылдар мен айлардың, іздену мен саралаудың, сан түрлі тәжірибелердің арқасында дамып, қалыпқа түсті. Қай ұлттың болмасын тілінің сөздік қорын байытып, грамматикалық құрылысын жетілдіріп, орныққан уақыт болады. Қазақ тілінің дәл осындай дәуірі Керей мен Жәнібектің қазақ хандығын құру кезеңінен басталады. Тіл мүмкіндігін еркін пайдаланған от ауызды, дүлдүл көсемдер мен шешендер, дуалы ауыз билер, ақын-жыраулар қазақ халқының баға жетпес руханиятын – тілін дамытты. Кейін қарай тарихи-қоғамдық түрлі жағдайларға орай қазақ тілі жазба әдеби тілінде татардан араб-парсы тілдерінен кірген элементтерді көп пайдаланды. Бұған дәлелдерді сол кездегі хат үлгілерінен тіптен кейінгі қазақ публицистикасының негізін салған «Дала уалаяты газеті» (1870-1888жж.), «Түркістан уалаяты газеті» (1888-1902жж.) сияқты Ташкент, Омбы қалаларында басылып, таралған баспасөздерден де кездестіруге болады.
Ана тілімізді құрметтеудің басты шарты – сөз тазалығы. Сөз тазалығы – тіліміздегі орныққан бірліктерді бұзбай, өзге, бөтен сөздерді қыстырмай сөйлеу. Дей тұрсақ та, тілдің даму тарихында өзге тілдерден енген кірме сөздер, қала берді қосымшалар да көптеп кездеседі. Кірме сөздердің хронологиясын түзу өте қиын шаруа. Өйткені, кейбір сөздердің енуі тіпті ерте ғасырлар қойнауына кетеді. Бұл құбылысты қазіргі кездегі қай тілді алайық, бәрінен де табуға болады. 100 пайыз өз сөзін ғана қолданатын тіл жоқтың қасы.
Өзге тілдерден техникалық, ғылыми жаңғырудан кіріп орын алған телефон, интернет, пошта, түрлі дәрі-дәрмек атауы химиялық элементтер т.б. сияқты дағдыланған сөздердің тілден орын алуы заңды құбылыс. Ал көп орайда өз тілімізде бар сөздерді бұра тартып сөйлеп, тілімізді «суббота демаламыз, звонить етем, вообще көрмедім, давай сау бол» т.б. деп шұбарлау тілге көпе-көрнеу жасалған қиянат екеніне мән де беріп жатпаймыз.
1925 жылы Ресейдегі санақ кезінде 193 ұлттың бары анықталған еді. Ал жетпіс жылдан кейінгі санақта бұл мемлекетте 103 ұлт қалыпты. Бұл арада қалғаны ұлттар қайда, болмаса үдере көшіп кетті ме деген сұрақ туары заңды. Ол ұлттар ешқайда да көшпеген тек, орыс ұлтының соңынан еріп, орыстанып кеткен. Біз өз жерімізде отырып осы үрдісті қайталап қалмайық. Өйткені сол ұлттар тілдерінен айрылды да, ұлт болудан қалды.
* * *
Дербес ұлт болудан айрылып қалмас үшін, оның басты тірегі тілді, тілдік нормаларды қатал бекітіп, қажеттілікті заң жүзінде іске асыру шарт. Ана тілінде сөйлемейтіндер мен Қазақстандағы өзге ұлттарды мемлекеттік қызметтерде мемлекеттік тілде сөйлетудің жалғыз жолы – қажеттілік тудыру, қажеттілік тудыратын заң талаптарын күшейту.
Осы ретте қазақ тілін үйрену қиын, болмаса ана сөздік дұрыс емес, мына жоба қате дейтіндерге мына бір қызықты жайтты алға тартқымыз келеді. Мысалы, АҚШ-тың Орегона құрамасы университетінің ғалымдары жаңа тіл сөздерін үйрену барысында ми жаңа ақпараттарды жадыға жазып алуға өзгеше бейімделетінін, басқа әлеммен, басқа мәдениетпен танысу барысында адам миы ерекше сергектікте болатынын анықтаған. Бұндай тылсымдықтың сыры толық ашылмаса да жаңалық ретінде бағаланып отыр.
Адам баласы ана құрсағында жатқанда-ақ туған тілінің түрлі белгілерін қабылдай бастайтындықтан, әр ұлттың тілін қорғап, қолдау мақсатында ЮНЕСКО көлемінде «Халықаралық туған тіл күні» бекітілген. Бұл мейрам жыл сайын 21 ақпан күні атап өтіліп келе жатыр. ЮНЕСКО тіл байлығы баға жетпес рухани байлық болғандықтан, әр ұлт тілі өзінің аясында қорғалатынын жариялаған болатын. ЮНЕСКО әлем бойынша қазіргі қалған 6000-ға жуық тілдің 3000-ға жуығына жойылу қаупі төніп тұрғанын айтып дабыл қағуда. 5-6 ғасыр бұрын тілдердің бөлініп дамуы орын алса, ал соңғы 2-3 ғасырда тілдердің жойылуы орын алып келеді.
«Келесі ғасырларда адамзат баласы тек бір ғана тілде сөйлеуі мүмкін бе?» деген сұрақ төңірегінде тоқталайық. Тілдердің өлуі осылай үлкен қарқынмен жүре берсе, енді жүз жылдан кейін 600 ғана тіл қалады деген де болжам бар. Ал одан кейінгі жүз жылдықта шынымен де адамзат бір тілде ғана сөйлейтін күннің де ауылы алыс емес көрінеді. Оның үстіне әлемді жаулауға жанталасатын кейбір империялық саясат ұстанатын елдер мұндай идеяны жалаулатып ұстап отырғаны тағы бар. Бірақ жоғарыда атап өткеніміздей ұлт болу да, түрлі тіл болу да адамның қолында емес. Мынадай бір аңызға назар аударалық:
Есте жоқ ерте замандарда жер бетінде бір ғана тіл болған екен. Сол замандағы адамзаттың техникасы да, өркениеті де ерекше дамыған көрінеді. Тіпті, олар өздерін асыра бағалап, Құдайға енді мәжбүр емеспіз деп: «Аспанға дейінгі биіктіктегі үлкен мұнара салып, өз атымызды қалдырайық» деп, Вавилон мұнарасын тұрғызуға жанталаса кіріседі.
Құдай Тағала адам баласының соншалықты өзімшілдігіне налып: «Барлығын бір тілде сөйлейтін етіп, білім-ғылымын дамыттым. Бұдан артық не керек, олар бақытты ғой енді олардан сұралатыны тек жаратушысын ұмытпау еді. Бірақ, олар астамшылықтан тіпті, қалай, не үшін жаратылғандарын да ойламайды екен-ау» – деп қаһарланып, адамдардың тұрғызып жатқан мұнарасын қиратты. Қанша уақыт білім мен ғылымы дамыған өркениеті жермен-жексен болды, ең бастысы, бір-бірімен қатынасқа түсетін қасиетті тілдерінен айрылады. Соңында жаратушы қаһары оларды бірінің тілін бірі түсінбейтін түрлі-түрлі ұлт пен ұлысқа ру мен тайпаға бөлді. Бізге бұлдыр елесі «Вавилон қарғысы» деген тіркеспен жеткен аңыздың түбі ақиқат болуы да мүмкін.
Тіл турасындағы зерттеу еңбектері құндылығымен мәнін жоймай келе жатқан тіл зерттеушісі Вильгельм фон Гумбольдт әлемдегі әрбір тіл өзінше бөлек әлем екенін сараптай келе, «қанша тіл болса, сонша дүниетаным бар» деп тұжырымдады.
Бір қарағанда қазіргі қоғамда тіпті Гумбольдт заманында жоқ тілдер де өмір сүріп жатыр. Оларға ICQ, твиттер, скайп, агент, электр пошта, смс т.б. жатқызуға болады. Көптеген зерттеулер олардың мән-мазмұн, түр-пішін дүниетанымға негізделмей, керісінше, құр мылжың, жаргондар мен төмен лексика қолданылатын уақытша тілдерге жататынын анықтады.
Қай елде болмасын уақытша тілдердің ішіндегі пошта, смс, агент сияқтыларын қолданушылар жастар, жеткіншектер, ал төменгі лексика қабатындағы сөздерді қолданатындар – қоғамда өзін жоғалтып алған адамдар тобыры. Көп жағдайда олар өз пікірлерін сөзбен емес, түрлі ым-ишаратпен ысқыру, итеру т.б. ұғындырып, тіл мәдениетіне мән де бермейді.
Ауызекі тілде жүз пайыз жазба әдеби тіл элементтерін сақтау еш мүмкін еместігінен тіл екі жақты дамуда болады. Тордағы жолбарысты сол тұрысына қарап, әдемі, сүйкімді, ешкімге залалы жоқ деп анықтама беруге болмайды. Өйткені, торға қамалмай тірлік кешетіндері мүлде басқадай өмір сүреді. Сол сияқты тілді де тек жазба тіл тұрғысында ғана бағалау біржақтылық болып табылады. Ең бастысы, жазу мен сызу өз биігіне жетпей тұрып-ақ, сан ғасырлар бойы тіл ауызша түрде сақталды. Демек, тілдің ауызекі түрі де – айрықша мәнге ие.
Ғылым мен техника дамыған ғасырдың негізгі ерекшелігі – тілдер санының жедел қарқынмен азаюында. Тілдердің өлуі бар құбылыс болса да, дәл осы ғасырдағыдай жаппай жоғалуы бұрындары орын алған емес.
Бұрын тіл сөйлеушісімен бірге өлсе, қазір тілдің өкілдері ешқайда кетпей-ақ, өз тілдерінде ойлау мен сөйлеуді доғаруда..
Мысалы, Европа түгел – ағылшын, ТМД аумағы орыс тілінде сөйлеу негізінде өз тілдерін өгейсітуде. Егер біреу біреуге, не көпшілікке қастандық жасаса ол құбылыс тыныш қалмас еді. Ал мыңжылдықтардан түзілген тіл түрлілігін сол тілдің өкілдері өздері қолдан тұншықтырып отырса да ешқандай шу шығып жатқан жоқ.
Өз тілдерінен жерігендер ағылшын, қытай, болмаса француз, не орыс тілінің ғана үстемдігінде қалу арқылы басқа халық тілдеріндегі ғылым-білім, әдеби-мәдени мұралардың барлығын жоққа шығаруда. Қазір көптеген халықаралық жоғары деңгейдегі кәсіпорындар мен фирмалар қай елде болсын тек ағылшын тілін білетін мамандарды ғана жұмысқа алып жатыр. Кәсіпорынның ішкі жарғыларына сәйкес, олар тіпті жұмыс аралығындағы үзіліс кезінде (түскі ас ішетін қызметтік асханаларда) ағылшын тілінде сөйлеулері шарт. Бұл нормалар жоғары деңгейге көтерілген, сондай-ақ, үлкен көлемдегі жалақы беретін кәсіпорындардың барлығына бірдей жайылып барады.
Тілдері әлемдік салтанат құрып тұрған ағылшындар өзге шет тілдерін үйренуді тіпті қажет деп санамайды. Олардың ойында өзгелер ағылшын тілін меңгерулері қажет, орыс халқының да ұстанатын көзқарастары осы ыңғайда.
Қазақ халқы үшін адам саны жылына 20-25 миллионға көбейіп жатқан, ендігі 20-30 жылда 2 млрд. адамнан асуы мүмкін қытайлардан да келетін қауіп жақын. Мұншама көп адамды асырауға қытайдың экономикасы қанша мықты болса да табиғи қоры мүмкіндік бермейді. Сондықтан да қолайлы қоңсы ретінде Қазақстан нысанаға алынып отыр. Қазірдің өзінде 1 миллионнан аса қытайдың қазақ жерінде жүргені жасырын емес. Қытайлар көбейе бастады деген сөз онсыз да шалажансар күйдегі тілімізге тағы да бір қатер төнді деген сөз. Себебі бұл халықта өзге тілді үйреніп, басқа тұрмысқа бейімделу деген түсінік мүлдем жоқ. Керісінше, олар барған жерлерін түгелдей қытайландыруды ғана біледі. Сондықтан да, тіл турасындағы заңды солқылдатпай, ата заңда бекітіп, халықаралық ЮНЕСКО сынды ұйымдардың түпкілікті қорғауына енгізбейінше, қауіп-қатер көп. Мемлекеттік тілді меңгермеген шетелдіктерге азаматтық бермеу – тілге құрметтің бір нысаны. Бұл дамыған еуростандарттағы елдердің тілін сақтау тұрғысындағы ерекше ұстанымдары.
Әрине, қазіргі уақытта сөздік қоры миллионыншы сөзбен толыққан ағылшын тілі, одан кейінгі қытай, араб, испан, орыс тілдері өз орындарын алдағы ғасырларда басқа тілдерге бере қоймайтыны шындық. Өз тілдеріне орасан құрметпен қарап, жаппай ағылшындануға ерік бермей отырған француздар мен жапондарға, қытайларға осы тұрғыда құрметпен қарауға болады. Тіпті, Франция 1992 жылы Страсбургте қабылданған «Аймақтық тілдердің Еуропалық Хартиясына» енбеген ел. Франция Республикасының Конституциялық Кеңесі: «Француз тілінің Конституциялық мәртебесі бұзылады» деген тұжырыммен аталған хартияға енуге қарсылық танытты. Қазіргі уақытта тіпті, немістердің элиталық орталарының өзі ағылшын тіліне мойын бұра бастады. Бұл өз кезегінде неміс тілінің әлемдік аренада құлдырай бастауына, неміс мәдениетінің әлсірей бастауына әкеледі деп неміс патриоттары дабыл қағуда.
Еуростандарт елдерінің тіл саясаты негізінде азаматтарын ең алдымен ана тілін, одан соң ағылшын, сондай-ақ, тағы бір көрші елдің тілін үйреніп, мәдениетімен танысуға міндеттеп отыр. Бұл әр елдің руханиятына құрмет көрсетіп, тілін сақтап қалуы үшін жасалып отырған игі шаралар.
Еуропаның көптеген дамыған елдерінде шет тілінде сөйлеген адам өз тілінің акцентімен, бірақ ойын жеткізіп, қарым-қатынас жасай алса бұл арадан ешкім мәдениетсіздікті іздемейді. Олар үшін бұл қалыпты жағдай. Ал, біздегі посткеңестік елдер, оның арасында өз елімізде бұл жағдай керісінше.
Тіпті, сөйлеуші қазақ бола тұра орыс тілінде сәл кемшілік жіберсе, басқа емес оны өз ана тілінде сөйлей алмаса да орыс тіліне жетік бауыры мазақ қылып күлкіге айналдырады. «Жығылып жатып, сүрінгенге күлумен» тең бұндай жағдайлар, құлдық санадан айырыла алмаудан туындап жатыр.
* * *
Тіл – жүйе, оған абсолютті еркіндік жат. Оны әркім өз қалауынша өзгертуге қақы жоқ. Тілдің кез-келген күйі тарихи факторлар жемісі, тілдегі таңбалардың өзгеріссіз қала беруі, өзгелермен ауыстыруға келмейтіні осыдан.
Толық қазақтілді саналатын ортаның өзі көбіне қазақ тілін өресінен тарылтып қолданады. Сөздік қоры неше мыңдаған сөздерден тұратын қазақ тілінің зор руханиятын халық санасынан өшірмеу үшін халық алдында қызмет ететін ақпарат құралдары, оның ішіндегі бастысы – теледидар, одан кейін радио тілі, газет-журнал тілі. Көпшілік жағдайда экран алдында шығатын хабар, жеке авторлық туында, жиын-той жүргізушілері әдеби тілді, жазба тіл тудырған тіл элементтерін қолданбай мардымсыз, қыстырма сөздерді қолданып уақыт ұтқызады.
Бұндай арзан қолданысқа: «жаңағы, барды ма-ей, келатыр (келе жатыр), қайақта (қай жақта), қой-ей (қойшы, қойыңызшы), жоқ-ей, неғылып, нетіп, немесе» т.б… «Ң» дыбысының орнын «н» дыбысына түбегейлі беріп қойған. Менің, сенің, оның – менін, сенін, онын етіп айтады.
Сондай-ақ, қазақ тіліндегі ерекше құбылыс, тілдік дамудан қордаланған үндестік заңын бұзып сөйлеу, (жоғарыда мысалға келтірген «ң» мен «н» сияқты) кей дыбыстарды өзгертіп сөйлеу де тілге жасалатын зор қиянат. Тілдің жазылу сауаттылығы мен айтылу сауаттылығының арасындағы жікке назар аудармай айтылуды түгелдей орыс тілінің айтылу заңдылығына негіздейміз.
Айтылымдарда осылайша, қол-данысқа түсе берсе, экран тілі мен баспасөз тілі арқылы сөздер активтенеді. Яғни, сөздік қолданыс та өзгереді. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Сондықтан халық алдында сөйлейтін, халық назарына алынатын бағдарлама, ақпарат т.б. түгелдей әдеби тіл нормасын сақтауы қажет.
* * *
Тілді мемлекеттік тұрғыдан алып қарастырсақ, ол – сол елдің саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани, ғылыми тірегі болса, ұлттық тұрғыда тіл – сол ұлттың танымы, тарихы, дәстүрі, әдебиеті, сақталатын ең басты қазынасы.
Адам баласы ұлтына, жеріне, тарихи дамуына, қауымдасуына, діліне қарай дербес мемлекеттер болып өмір сүріп жатқанда тілге қажеттілік туғанда ғана оның мазмұны мен мәні артып, тіл мемлекетішілік қатынас құралы ретінде мойындалып, саяси сипатқа ие болады.
Егер тілге тәуелсіздік берілмесе, қазақ халқы кезіндегі отарлаушы елдің мәдени экспанциясынан, империялық саяси идеологиясынан алысқа ұзай алмайды. Сондықтан да, өз жерімізде сыртқы әсерлердің ықпалынсыз тек бір тілдің – мемлекеттік тілдің мемлекеттік деңгейде салтанат құруын талап ету қимылдары жиі жүріп жатыр.
Мемлекеттік тілді қолдау үшін жасалып жатқан осындай шараларды орыстілді азаматтардың көпшілігі, негізінен алғанда, қазақ халқының жанашырлары өз ана тілдеріне жасап жатқан қамқорлықтары сияқты ғана бағалайды да, қазақ тілін, негізінен, бір халықтың ғана тілі деп түйсінеді. Ал дұрысы, мемлекеттік тіл – қазақ тілі болғандықтан, қазақ тілі – елімізді мекендеген кез-келген ұлттың мемлекеттік тілі.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.