ІЗГІЛІК ІЗДЕРІ ІЗГІЛІК ІЗДЕРІ

ІЗГІЛІК ІЗДЕРІ

17.09.2021 0 1 097

Көпен ӘМІРБЕК, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Үмбетбай Уайдиннің 85 жасқа толуына орай сықақшымен көзі тірісінде алынған сыр-сұқбат …Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Егемен Қазақстанның» бетінде «Шық-пайсың... ІЗГІЛІК ІЗДЕРІ

Көпен ӘМІРБЕК,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

Үмбетбай Уайдиннің 85 жасқа толуына орай сықақшымен
көзі тірісінде алынған сыр-сұқбат

уайдин

…Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Егемен Қазақстанның» бетінде «Шық-пайсың ба, сатира, шабуылға!» – деген жалпы тақырыппен бір топ өлеңдерім жарық көрді. Қоғамдағы түрлі жағдайларға байланысты менің қуанышым, менің ашуым, менің айқайым, менің саясатым соның ішінде.
Қытай мен Өзбекстанға ұлтарақтай болса да жеріміз кетті. Сол көңіліме қонбай қаным басыма шапшып, қолыма қалам алуын алғанмын. Бірақ «үлкен жеңістер үшін, кішігірім жеңілістерге, шегіністерге барған да дұрыс шығар» – деп, әрең райымнан қайттым. Саясатым соның ішінде. Осы тұста бір айта кетейін дегенім, саясат, демократия дегенді біздің қайсыбір ағайындар салғыласу, үстел-табуреткаға атып шығып, «Қазақ! Қазақ!», «Халық! Халық!» деп айқайлау, дүниені дүрліктіру деп түсінетін сияқты. Саясат, демократия дегеніміздің мағынасы солай ма? Бұны ғылым қалай түсіндіреді?
Саясат (политика) – термин. Политика (саясат) мемлекет пен, қоғаммен байланысты айтылатын грек тілінен енген кең мағыналы сөз.
«Саясат – белгілі бір таптық мүд-делерді қорғауға бағытталған өкімет орындарының, қоғамдық топтардың ел билеу, басқарудағы ішкі және сыртқы қарым-қатынастарының әрекет өрісі, ұстанған бағыты» («Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», 8-том).
Саясаткер дегеніміз не? Оны тү-сіндірудің қажеті болмас. Ал саясатшыл дегеніміз не? Солай деп айтып-жазып жүрміз ғой?
Саясатшыл (политикан) – «нені болса да саясатқа бұрғыш, саясат жөнінде коп айтқыш» адам («Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», 8-том).
Айналып келгенде, мен саясаткер де, саясатшыл да емеспін, өзің сияқты жақсы-жаманды айыра алатын көзі ашық адаммын.
…Саясаткердің сақ, аңдап сөйлегені ақыл,
Аңқылдап сөйлемегені мақұл.
– Адамнын сайтаны жынның сай-танынан:
– Қайдан келе жатырсың? – деп жөн-жосық сұрайды.
– Шаршадым, – дейді жынның сайтаны. – Екі достың арасына от салдым. Ажырамады. Қырғиқабақ қылуға тырыстым. Әрекетім әдірә қалды.
– Ынтымағы жарасқан жандар екен-ау?
– Иә! Бірі – соқыр, екіншісінің бір қолы жоқ, шолақ. Бірақ екеуі бір адамдай бірлесіп еңбек етеді. Татулығы сондай, Құдай ажыратпаса адам ажыратпайды.
Адамның сайтаны ажырамас дос-тардың үйіне келеді де:
– Кім бар-ау? – деп дауыстайды. Іштен шолақ дос шығып:
– Ассалаумағалейкум, аттан түсіңіз! – дейді. Сонда адамның сайтаны:
– Асығыспын. Мә! Мынау саған, мынау анаған! – деп бар даусымен барылдай дырау қамшымен екі рет тартып-тартып жібереді де жөніне кетеді. Дәмеленген соқыр досы:
– Әлгі кісі не берді? – деп сұрайды.
– Ештеңе берген жоқ! – дейді.
– Соқ, өтірікті! Неге жасырасың?
– Бірдеңе берсе – бұйырмасын! Оллаһи…
– Әй, көзім көрмесе де, саңырау емеспін. Естідім ғой бәрін. «Мә, мынау – саған. мынау – анаған!» – деген жоқ па?
– Оллаһи-білләй! Айғайлап-айғайлап, арқамнан екі рет қамшымен тартып жіберді! – дейді. Бірақ досы сенбейді. Қанша қарғанса да илана ма? Араларын сайтан аралаған екі дос екіге бөлінеді.
Жынның сайтанынан адамның сайтаны аса қауіпті.
Ең бастысы, елді біріктіретін нәрсе – сенім. Сіз сенгішсіз бе, Үмбетбай аға? Базбіреулер айтқан сөзіңнен астар іздеп, аңысын аңдығандай екіұшты көзқараспен «пәле» ойлап тұрады. Сондай пенденің сортынан емессіз бе?
Жалпы, сенім деген не ұғым? От па, су ма, жел ме, желім бе?
– Сақтық, сергектікке не жетсін. Менің бойымнан ондай жақсы қасиеттің табылуы қиын: кімге, неге болса да сенгішпін, нанғышпын.
«Пәле» іздеу дейсің бе, басқаша айтасың ба, өзің біл секемшіл, сезікшіл, күдікшіл де адаммын. Әлгі сенгіштік нанғыштығымнан біраз опық жедім, содан болар.
Сонау бір жылы «Ара-Шмельдің» тапсырмасымен жолға шықтым.
Шалқарға аялдап, сапарымды әрмен қарай жалғастырдым. Купеде екі жолаушымыз. Қасымдағы еңгезердей жас жігіт. Орыс па, білмеймін. Әйтеуір қазақ емес. «Қай жерге шейін барасың?» – деп, бір-бірімізден жөн сұраса бергенімізде, басқа купе жақтан айқай-шу естілді. Қасымдағы жігіт орнынан атып тұрып солай қарай кетті. Артынша мен де бардым. Әлденеге түсініспей қиқылдасып жатқан қазақтар мен өзге ұлттың өкілдері екен. Сол екі ортада жаңағы менің қасымдағы жігіт қазақтарға жақтасып, дау-дамайға араласып кетті. Оған менің ішім жылып қалды. Сөйтіп мұнда «бейбітшілік» орнатып, купемізге бардық. Шағын жолсөмкемді үстіңгі төсекке тастап, мен жолаушы жігітке бұрылдым.
– Сіз боласыз ғой? Мен бір жағына жүріп қайтайын.
– Болам, болам.
Ойымда ештеме жоқ, купеден шығып, ресторанға тарттым. Тамақтанып қайтып келсем, қасымдағы жігіт көрінбеді. Ішім қылп ете қалсын. Жалма-жан жоғарыдағы төсекке көз жүгіртіп, жолсөмкемді қолыма алдым. Орнынан қозғалған сияқты. Ашып қарасам, қағазға оралған ақшам жоқ. Олай іздедім, былай іздедім – жоқ! Жолсерікке барып айтып едім, одан қайран болмады.
Өзім де оңбағанмын, қанша секемшіл, күдікшілмін десем де, бұндай жағдай кейін тағы бірнеше рет қайталанды.
Сенім. Сенімнен шығу. Сенім ақтау. «Сенген серкем сен болсаң…» Бәрі-бәрі сенім-нанымның жақсы әңгімесі.
Көпен, сен, «сенім дегеніміз не ұғым?» – деп сұрадың ғой деймін. Жауап берейін. «Өзіңе өзің мықты бол, басқаны ұры санама!»
– Қожанасырды мұқатпақ болған қара ниетті біреу қарсы ұшырасып: «Ой, ит екен деп қалсам, Сіз екенсіз ғой!» – депті мүләйімсіп. Есесін жіберетін Қожекең бе, ол да ойланбастан өтірік аңқаусып «А-а… Мен сізді адам екен деп қалсам…» – депті.
Қышыған жеріңді ешкімге білдірмей қасып қойғанын сияқты, мақтаған боп мақтамен бауыздауға тырысатындар бар. Іш есебі ішіндегі қуаяқтардың аяқтан шалған әзілдеріне әзілмен жауап бердіңіз бе? Әлде іштей күйініп, кейіннен келген ойды малданып «Қап, әттеген-ай, сөйтіп айтуым керек еді!» – деп сан соқтыңыз ба?
Марк Твенге біреу «Кітапты қалай жазасыз?» – деп тосын сұрақ қоя салған.
– О-о, ол оп-оңай, – деген жазушы алыстан орағытып. – Қалам мен қағазды аласың да ойланасың, ойланасың… Сосын басыңа не келсе сонны жазасың. Бірақ бір жаман жері – сол ойды басыңа келтіру қиын-ақ!
Тосын сұраққа тосылған кезіңіз болды ма?
– Тосын жағдай, тосын сауал-сұрақтарға аз ұшырасқаным жоқ. Көп тығырықтан әзіл-қалжыңмен айналып, күлкімен құтылып кетіп жүрдім. Тосылып қалу да болды. Біреуін айтайын.
Үйде Ақтеңгеш жеңгеңнің үлкейтілген суреті ілулі тұратын. Жаңа келген Мариямның бірде: «Апамыздың суретіне көзім түскен сайын, тұсынан олай-былай өткен сайын, неге екенін, біртүрлі, қатты қысыламын. «Мынау кім?» деп қарайтын сияқты» дегендей болды. Содан, әрі ойлап, бері ойлап, кейінірек суретті басқа жерге ауыстырдым. Ондағы ойым: үйге жаңа келген адамға да түсіністікпен қарайық, қалай дегенмен де жатырқайды ғой, балаларға бауыр бассын, «адаптациядан өтсін» дегенім еді. Ержетіп, үйленіп, бөлек үй болғанда шешесінің сол суретін еншілеріне қосып Ербол алып кетті.
Бір күні үйге шалқарлық ақын, бұрынғы теміржолшы, шешем жағынан нағашы саналатьш Зиядин Әбдуәлиев келді. Жаңа пәтерге көшкен кезіміз болатын, Зиядин бөлмелерді аралап, оған-бұған көз қыдыртып, жазу үстелім орналасқан бөлмеге келген соң, орындыққа отыра бере: «Әй, жиен, Ақтеңгештің суретін көрмедім ғой, Ақтеңгеш сұлудың суреті қайда?» – дегені. Күтпеген, тосын сауал. Не дерімді білмей, құдай тас төбемнен ұрды да қалды. Араға кішкене уақыт салып, мән-жайды әрең түсіндірдім.
Ендігісін айтпаймын. Жүрек ауыртатын сұрақ қоймашы, жүдә, тегі.
– Таяуда академик Мейірхан Әбділ-дин теледидардан берген сұхбатында: «Ауылдағы кемпір-шалдың адамгершілігі мен имандылығы қаладағы академиктерден он есе артық!» – деген ой айтты.
Бұрнағы жылы Шыңғыс Айтматов та осы төңіректе сыр тартып, ұлттық намысымызға ұйытқы салып сөйледі: «Мәдениетті адам. Ол кім? Оқыған-шоқыған дипломды азаматтың көбісінен ауылдағы қара танымайтын қариялардың ішкі мәденнеті анағұрлым жоғары», – деді.
Мәдениет – сыпайы жүріп, сырбаз сөйлеу ме?
Мәдениет – сүтпен кіріп, сүйекке сіңетін адамның арда қасиеті ме?
Мәдениет – сұлу қыздар сұқтанардай сыртқы келбет пен кескін ғана ма?
Шоқан Уәлихановтың өзі өмір сүрген XIX ғасырдағы ішкі қынжылысына сүйенсек: «Әркімге туған, өскен жері – қымбат. Туған халқымды мен де сүйем. Ол – мәдениет сатысында төмен қалған ел. Әр халықты жоғары сатыға көтеру – көзі ашық ұлдары мен қыздарының міндеті. Менің халқымда ондай ұлдар мен қыздар жоқтың қасы» дейді. Ауыр сөз, әрине. Ал тарихтан белгілі шетелдік саяхатшы-ғалымдардың көне жазбасына көз жүгіртсек, мәдениетімізді, дарындылығымызды аса жоғары бағалаған. Екі ғасырда – екі ұдай пікір.
Сатира тілімен болса да, салиқалы ой жүгіртіп сарапқа саласыз ба?
– Оқығанның да наданы, наданның да наданы бар. Олжас (Сүлейменов) бір публицистикасында: надан елді надан басшылар басқарды деп жазды. Оқыған немесе шала сауатты басшыларды меңзегені де.
Кеңестік атақты педагог, жүрегін балаларға арнаған («Сердце отдай детям») В.А.Сухомлинский оқымаған наданнан оқыған надан қауіпті депті. Не түсіндің?
Әнші Қайрат Байбосыновтың «Айқын» газетіне (1.09.2004:«Әкімқаралар шетінен әнші болып кеткеннен кейін біз әнді қойдық…») берген сұхбатында мынадай жолдар жүр. «…Үкімет басында отырған бір азаматымыз үлкен той өткізіп, сонда ән айтып, күй тартуға консерваториядан балалар бармай ма? Сөйтсе, «домбыра-момбыра зачем нам? Выгоните!» – деп айдап шығыпты». «Ол өзі кезіндегі керемет бір ұлтжанды жазушының, қазақтың қи қордасының (қорасының болуы мүмкін – Ү.У.) арасында туған баласы болатын».
«… Баяғы шал-кемпір жоқ. Олар да азып кетті қазір. Баяғыда қалай еді? Біз ауыл-ауылд аралаған кезде қойшыларыңызға дейін саясат дейсің бе, өнер дейсің бе, қайсысын болсын, жілікше шағатын. Сол қараңғы шал-кемпір мен музыканың ең білгір деген маманын қатар отырғызып қойып ән салшы! Ауылдың қариясы көзіне жас алып, толғанып, қай-қайдағысы есіне түсіп, бар ынтасымен, жан дүниесімен балбырап тыңдайтын. Жанындағы музыка танушы селт етпейді, сұп-сұр қалпында, сұп-сұр болып отырып тыңдайды және онымен қоймай, сенің нотаңды түземек болады. Сонда екеуінің қайсысы академик?»
«…Кейінгі кезде үстінде майкі де, көйлек те жоқ, құр костюмінің алдын ашып жіберіп, қарнын жалтыратып, қалай болса солай шығып жүрген де жастарды көзіміз көрді. Болмайды ғой олай! Сахнаның өз мәдениеті, этикасы бар. Мысалы, Үндістанда сахнаға жалаңаяқ шығады. Ол – оны киелі санағандықтан».
Әлгі айтқандарымыздың қай-қайсысы да академик Мейірхан Әбдіддиннің ой-пікірімен сабақтас. Сондай ретпен, ұзақтау болса да мына үзіндіні әдейі келтірдік. Айналып келгенде, мейлі, ол академик пе, жоқ, шопан, шопыр ма – кім болса да гәп адамның ішкі мәдениетінде. Кітаптың оқуы бар да, өмірдің оқуы бар. Оқыған даналар бар да, оқымаған даналар және бар. Даналардың пікірлерінде ұқсастықтар кездесіп қалады. Адамды алға жетектейтін мақсат, мұрат, мүдде дегенді айтқан Ыбырай Жақаев атамыз. Ішкі мәдениеті дамымаған адамнан бұндай аталы сөз шыға ма? Академиктер Салык Зиманов пен Зейнолла Қабдолов ағаларымыздың ішкі мәдениетін біз қалайша бәлен-түген дей аламыз. Мейірхан Әбділдиннің өзін алайық. Жоғары мәдениетті адам. Интеллект.
Меніңше, академиктің де, әншінің де пікірінде асығыстық, яғни эмоция бар. Үстірттеу. Тым кесіп-пішіп, таусылып айтқан. Олай дейтінім, адамгершіліктері «олай-былай» академиктер де ауылдағы сол иманды, иманжүзді шалдардың – халықтың денесінен шыққан перзенттер емес пе? Қалайша біз оларды бірін бірінен бөліп-жарып алып, «сорттаймыз?»
Бір нәрсені ескеруге болады: ауыл адамдары қалалықтарға қарағанда ашық, аңқылдақ, қарапайым, табиғи. Ешқандай «стандартқа» бағынбаған Бауыржан Момышұлы мен Жұмабек Тәшеновтей ағаларымыз болмаса, қалалықтар көбіне сергек, ортаға, жағдайға бейімделгіш, ыңғайланғыш. Ішінара жасандылық та кездеседі.
Олардың көбісі әдемі сөйлейді. Әдемі сөйлегеннің бәрі әдемі ме? Жоқ, әділ сөйлеген адам әдемі. Ауыл адамдары, ауыл үлкендері әр сөзді бояп, сырлап, сұлу сөйлеуге, жасанды сөйлеуге көп бара бермейді. Ал оқығандардың ішінде… (Ойбай, көпке топырақ шашпайық).
Сосын, өмірдегі неше түрлі жағ-дайларда қалпын бұзбайтын күшті тәрбиенің, тектің, тектіліктің адамдары бар ғой. Яғни:
Тез бұзылатын тағам бар,
Тез бұзылатын адам бар.
Бұл тұспалдың мән-жайын,
Айтыңдаршы, адамдар?..
Айтпақшы, қылмыстық зерттеу, тарихи зерттеу, әдеби зерттеу, журналистік зерттеу деп жатамыз ғой. Сол зерттеулердің шалалығынан өмірде қаншама былық-шылықтар, шатасулар болып жатады.
Текті бабамыз Шоқан да әлгі сенің аузыңнан шыққан пікірді айтты ма, жоқ па, кім білсін. Ашынғанынан айтса айтқан шығар. Абай атамыз айтпады ма?
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
– Қандай хас шебердің қолына түссе де басқа тілге аударуға көнбейтін ұлттық бояуы мол нақышты өлеңдеріміз нені білдіреді? Мысалы, Махамбет Өтемісұлының екі өлеңі орыс тіліне аударылмай қалған. Неге? Себебі ондағы тіркестер мен қазаққа ғана тән мағыналы атаулар басқа ұлттың сөздік қорында жоқ. Әрі ұста әрі зергер әрі ақын әмбебап Дәркембай Шоқпарұлының жырлары Еуропа тілінде сөйлеуге көнбейтін поэзия. Дәлел үшін бір өлеңінен үзінді келтірейік:

Ер-тұрман, ат әбзелін күмістеген,
Күрделі іс, көп-ақ мұнда жұмыс деген.
Қақталған жамбы күміс жалт-жұлт етіп,
Япыр-ай, дегізгендей кім істеген?!

Шаужайы, ауыздығы, сулығымен,
Кекілдік, сағалдырық, баулығымен.
Шылбыры шығыршықты тізгінімен,
Сымбатты, салтанатты, құнды жүген.

Айтайын айыл-тұрман мән-жайын мен,
Ауыздық бірге біткен шаужайымен.
Шаужайсыз бұра тартсаң тізгініңді,
Ауыздық тіл зақымдар таңдайымен.

Шашақты, жылжымалы желкелігі,
Жабы емес, жүрдек жылқы ер серігі.
Сәні мен мәні сәйкес ер қосумен,
Бүгінмен ұластырам ертеңімді.

Тартпасын, құйысқан мен өмілдірік,
Үзбелеп, әшекейлеп, төгілдіріп.
Дәркембай деген ұста даярлаған,
Сізге деп көздін майын төгіп жүріп…
Ұзақ өлеңнің үзын-ырғасында «Тоқым, торалғы, үзеңгі, қанжыға, қам қайыс, қырғыз өрім, бел ағаш» секілді сөздер бесенеден белгілі болса да, басқа тілде ойнай ма? Әй, қайдам?!
Аударма саласымен айналыстыңыз ба, аға? Өз шығармаларыңызды Ю.Тарасов, В.Карака, Г.Брейгин секілді сықақшылар орыс тіліне аударып жүрген заманда Л.И.Брежнев марқұм тірі еді. Орысшаға аударылған әзіл-сықақ, фельетондарыңызды оқығанда «Әттеген-ай!» деп ішіңіз қан жылаған сәттер кездесті ме?
– Ой-шұқыры көп деп, орысшамның о жақ-бұ жағын өткенде бір сөздің келе жағында айттым ғой. Содан ба, аударма мәселесіне онша құлқым жоқ. Орыс, украин қаламгерлерінің прозалық сатираларынан бая-ғы-да аздап аударғаным бар.
Поэзиялық сатираға беттемедім. Автордың қарғысына қаламын ба деп қорқамын. Өмірімде дені дұрыс екі жол өлең аудардым.
Қазақфильмде қызметте жүрген кезім. Бірде асханада тамақтанып отырсам, қасыма асхананың бір әйел қызметкері келіп: «После еды убери посуду» деген мағынадағы сөйлемді өлеңмен болса да қазақшаға аударып беріңізші» деп тілек айтты. Ойланып көрейін дедім. Сәлден кейін өз шаруасымен жүрген әлгі келіншектің қасына барып: «аудардым», – дедім.
Ішіп болсаң тамағыңды,
Әкеп таста табағыңды.
Келіншек аузын аспанға қаратып күлді. Риза болғаны шығар.
Аударылғанына мәз болып, шығар-маларымның орысшасына жете зер салмаппын, құданың құдіреті.
Гена (Брейгин) сауатты еврей еді ғой. Бірде әңгімеміз аударма жайында болды. Мен: «Аударылмайтын шығарма жоқ. Бәрі аудармашының шеберлігіне байланысты», – дедім. Гена «Аударуға келмейтін де шығарма болады», – деп, «Сена», «пена» дегенге ұқсас екі жол сөйлем айтты. «Ал аударшы», – деді. Біразға шейін ырсыддап-пырсылдап ойланып көріп ем, мен оны аударып келістіре алмадым.
Қай жерде, қай кезде кімнің қай тілде не айтқаны адамның есінде қала бере ме. Мен де солай. Жадыма сенбей, кейде аузымнан ұшқан бірді-екілі жолдарды қағазыма түсіріп қоятын әдетім бар. Жақында соның біреуі дәптерімнен көзіме түсті.
1986 жылы аланда жастарымызды ұрып-соғып, бүкіл қазақ халқын ұлтшыл деп шығарғанда орысы бар, орыс боп кеткендер бар – қанша адаммен қанша рет орысша салғыластым. Солардың біреуі дәптеріме түсіпті. Міне: «Незначительная ошибка главы государства – большая трагедия народа».
Орысшамның түрі осы.
ІІІоқпарұлы ақын екен ғой? Шынында да, оның мына өлеңін қай аудармашының жүрегі дауалап орысшаға аударар екен? Г.Бельгер болмаса. Ол ақын емес қой.
– Өмір сүру деген не? «Өзі үшін өмір сүрген адам өзі үшін от оттаған хайуанмен бірдей» деген сөз бар. Сірә, Абай атамдікі. Жағымпаздықпен күн кешкен жалпақшешейлерді «Аюды апа деп, текені жезде» деп жүрген қу ғой ол» дейді. Америка жазушысы Теодор Драйзер «Өмір сүруді өмірдің өзінен үйрену керек» депті. Кімнің аузынан шыққанын қайдам «Біреу тамақ ішу үшін өмір сүреді, енді біреулер өмір сүру үшін тамақ ішеді» деген сөз жадымда жатталып қалыпты.
Лев Толстой: «Таза өмір сүру үшін ұмтылыс керек, жаңылыс, бұлқыну, шатасу, арпалысу, қателесу және қайтадан бастау, тастау, сол тастаған ісіңді қайтадан бастау керек. Үнемі күрес пен күштілікті бастан кешу керек. Ал тыныштық – жанды арбаған жауыздық» дейді.
Біздің байқауымызша, өмір сүруге бейім емес сияқтысыз, Үмбеке. «Бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін алып» та жүгірмейсіз. Қысы-жазы көкпеңбек шырша секілді бірқалыпты рең, бірқалыпты мінез. «Алаңғасар – көкала иттің құйрығын қазанға асар» дейтіндей аңқаулығыңыз болмаса, алаңғасарлығыңыз да байқалмайды.
Жеті-сегіз баласы, пәленбай немересі бар көршіңіз, атақты фототілші Сайлау Пернебаевты біреу: «Қайтіп күн көріп жүрсің?» – деп мүсіркепті. Сонда ол ағамыз: «Күн мен үшін шығады дейсің бе? Өзі үшін шығады. Шыққан күнді жұртпен бірге көріп жүрмін», – деп жауап қайырыпты. Өмір сүру күнкөріс қамы ма?
– Сәкең (Сайлау) ақылды қыршаңқы. Одан өзіне болмаса, өзге ешкімге зиян жоқ – күледі де қояды. Кейде артық та кетіп қалады. Сондайда мен «әй, қыршаңқы» десем, «өзің оңып тұрсың ба?» – деп, күлкісін әрмен қарай алып кетеді.
Отыз-қырық жылдай қатар келе жатырмыз, әрі құдайы көршіміз. Оның артық-кем тұстарында мен ырқылдап күліп отыра берсем, дұрыс бола ма? «Әй, Сәке, болды ғой», – деп тамағымды қырнасам, не санын шымшығандай болсам, мен осы қотынымнан корықпаймын, сенен қорқамын», – деп күліп жеңеді. Ақылды қыршаңқы деуімнің себебі сол. Әттең жазуға жоқ. Қаншама тапқыр сөзі қаншама қаламдастарымыздың аузында, шығармаларында жүр. Бір қызығы есіме түсіп кетті.
Қаламдас қатарымыз қайтыс болып, Сәкең екеуміз оның бала-шағасына көңіл айтуға бардық. Дене үйден аулаға шығарылып, қоштасу рәсімі өтті. Сөз молдада. Ол ұзаңқырап кетті. Бір сөзінде «рамазан айында қайтыс болған адам нағыз бақытты адам. Оның о дүниедегі орыны – жұмақ», – деп қалып еді, менің жанымда тұрған Сәкең: «Не дейді, рамазан айында қайтыс болған адам бақытты болса, рамазан айында өзің неге қайтыс болып кетпейсің?» – деп қойып қалғаны. Біреу естіп, біреу естімеді. Өз сөзімен өзі боп, молданың да құлағы шалмады. Жалғандыққа жаны қас, әй, Сәкем-ай.
Ал енді, өзімнің өмір сүру прин-ципімнен әр кезде, әр түрлі жанрда көпшілік-қауымды хабардар етіп келе жатқаным саған мәлім.
…Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз.
Абай атамыздың бұл өлең жолдарының үдесінен шығып келем бе, жоқ па, білмеймін. Бірақ әйтеуір көңілім адал, ниетім түзу.
«Қанағат, рақым…».
Ана жылы саяжайға жер алдық. «Жүр, көр» деп, бір күні балалардың шешесін ертіп бардым. Саяжайлық тере-е-ң сайды көріп, ол шошып кетті.
– Құрсын, мынау не сұмдық. Қайтарып бер, басқа, жазықтау жер сұра, – деді.
Осындай әңгіменің болатынын күні бұрын сезіп, алдын ала дайындап қойған ішімдегі жауаптарымды іске қосып жібердім.
– Жақсы тауардан жақсы киім пішіп, тіге алмайтындар да бар, жаман тауардан жақсы киім пішіп, тіге алатындар да бар. Не нәрсе де ұқсатуына, ұқсататын адамдарына қарай. Саяжайлық жер саған сайдан тисе, ақ ордадай үйің биікте, орталықта. Бес балаң бар. Біреуде бір де бала жоқ. Жаман шалың және бар. Біреуде жаман шал да жоқ. Сонда қалай, жақсы үй сенде, жақсы саяжайлық жер сенде, жақсы шал – қысқасы, жақсы атаулының бәрі сенде болуы керек пе?
– Сен сөйтесің ғой.
– Енді… сөйтпегенде… Бұл жерді өткізсек, оны алатын біз сияқты адам ғой. Игеретін шалы бар ма, жоқ па – қайдан білесің?
Сөйтіп, бір жеңіс менің жағыма шықты. Кәдімгі тактикалық жеңіс.
Бұл жолдарды өлеңмен толықтыра кетейін.
…Айтпаса кім біледі сырын іштің,
Маңдайдың ащы терін сығып іштім.
(Сол терді көрмей-білмей «жыбырлайтын»,
Аузынан салар ма ед кей сволыштың!)

Ашыған көже мен нан сүйікті асым,
Ет жеймін, сорпа ішемін тиіп-қашып.
Сыртымнан бәлен-түген дейтіндерге,
Қан-жоса көрсетер ем иықты ашып!

Көзінде жылт-жылт
жанып қанша үміттің,
Қап-қара тас-жүректі қанша үгіттім…
Көрініп-көрінбеген бақытымды,
Қайырылыс-қалтарыста қанша күттім!
Менің өмір сүру жайындағы сырым, ұғым-түсінігім осы өлеңімнің ішінде. Иә, жүрек тарсылдамай, өкпе қабынбай, сүрініп-құламай, күлмей, күрсінбей бақыт қайда? Лев Толстой соны айтқан ғой. Сен айтқан Толстойдың қарасөзі – аударма. Жүдеулеу аударма. Орысшасын тыңда.
«…чтобы жить честно, надо рваться, путаться, биться, ошибаться, начинать и бросать, и вечно бороться, и лишаться. А спокойствие – душевная подлость».
Ұлы суреткердің бұл қарасөзін біздің Махамбет бабамыз өлеңмен айтты-ау. Қалай еді:
…Тебінгі теріс тағынбай,
Темірқазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?!
Адал өмір сүруді мен осылай түсінемін, осылай бағалаймын.
Адал өмір сүру дегеніміз: шаршап жұмыс істеу, жақсылап демалу. Ақ тер, көк тер еңбек! Қорытайын.
Өмір ме?
Өмір сүру?
Ол дегенің, –
Жүз өліп, тірілуім күнде менің…
(Ішінде майданы жоқ, қайраны жоқ,
Не керек алып жүру құр денені).

Төбемнен ұры түсіп, жөлік түсіп,
Төбелес күнде қырғын жүрек тұсым.
Қарын жоқ ана жылғы қарбыз тыққан,
Жұрт айтса, айтқандай-ақ жүдепті ішім.

Төбемнен қу, зымиян, мыстан түсті, –
Қап-қара іштен шыққан ыстан үстім.
(Басымның телеграф сымдарында
Тізілген үркіп кеше құстар ұшты…)

Үңгіп жеп ішті әзәзіл – «құмар ойын»,
Қанша рет бұрышынан құлады ойым.
Жүрегім алба-жұлба, шұрық тесік,
Пытыра быжынаған тұлабойым.

Найзағай-найзағайдың арасымен,
Көп жүрдім мақсат қуып, ал осы мен.
Ит талап, адам талап, жылан шақты, –
Меніңше өмір сүру бәрі осының.

Жар сүю, жапырақ жаю – бала өсіру,
Ышқынған қымбатшылық – баға өсіру,
Сутегін арзаншылық, аманшылық –
Мінекей, өмір сүру бөрі осының.

Дарқандық. Дарақылық. Қара шығын…
Мән-жайын түсіндірші ал осының?
Біздіңше өмір сүру дегеніміз,
Басыңның бақыты үшін аласұру!

Ел сүю. Адам сүю. Алға шығу.
Зорығу. Артта қалу.
Ал осыны,
Жіберсек жайып-жазып,
Өмір сүру –
Баршаның бақыты үшін аласұру.

Өмір ме?
Өмір сүру?
Түсінгенге ол:
Қанатты ғажап жандар ұшып жүрген.
Мөселе өлуде емес, ерлік үшін,
Ерлікті ұстап қайта түсу жерге!
Бақытты, адал өмір сүруді, міне, мен осылай бағалаймын, осылай түсінемін, Көпен бауырым.
– Ертедегі палуандардын ережесі бойынша тірескеннің тізесі жерге тисе «жеңілдіге» санаған. Иілсе де, белі бүктеліп майысса да «әлсіз, әлжуаз неме» – деп бағалаған. Ал қазақша күрестің қағидасы – жауырынды жерге тигізу. Бірақ қарсыласының айла-тәсіл амалын іздеген. Жапонның бір жаттықтырушысы қыстыкүні терезеден далаға карап, ұзақ ойланады. Қараса – жапалақтап қар жауып тұр екен. Ағаштың бір бұтағы қалың жауған қарды көтере алмайды. «Қазір сынады-ау» – деп ойлайды ол. Жоқ, керісінше… Бұтақ сынбас үшін майысады да, қалың қарды сілкіп тастайды.
«Е-е, енді білдім, – деп қуанады жапонның жаттықтырушысы, – сынбас үшін майысу керек екен ғой!..».
Алыстан мысал келтіріп, астарлап отырғандағы айтайын дегенім – ина-баттысыз, ибалысыз. Кішінің алдында да кішірейіп, майысып тұрасыз. Соның бәрі сынбас үшін бе?
– Майысудың да майысуы бар ғой. Жағымпаз адам – майысқақ. Майысу кейбір жағымпаздардың өмір сүру тәсілі, енді біреулердің ең соңғы амалы. Өз басым жағымпаздарды айыптамаймын, аяймын.
Сосын қорқақ адам майысқақ. Ондай майысқақтарды аямаймын, кіжінемін.
Қорықпайтын адам жоқ. Мен де қорқамын. Кімнен? Неден? Қаңғыған оқтан. Өйткені онда тіл жоқ. Сосын оттан, судан қорқамын. Екеуі де тілсіз жау. Қарсыласып бағармын ғой, бірақ тіл болмаған соң оларға өзімді қалай түсіндіремін, іс-тірлігімді қалай дә-лелдеймін?
Солай, майысудың да майысуы бар, талшыбықтай майысқан қыз бала сүйкімді ме, жоқ болмаса томардай немесе сиырдай қыз бала сүйкімді ме? Алтын майысады, болат морт сынады. Қайсысы қасиетті, қайсысы құнды? Сапа-қасиетіне қарай әрқайсысының өз бағасы, өз құны бар.
Ал әркімнің алдында еңкейіп-тоңқаятын ер азамат пен морт мінезді ер адамның қайсысы құңды, қайсысы қадірлі? Майысудың да майысуы бар деуіміздің себебі сол.
«Адамның күні – адаммен». Менің де біреулерге күнім түсті, кіріптар болдым. Бірақ ұяттың, әдеп, иманның алдында болмаса, басқа бірде-бір тірі жанның алдында майысып, еңкейіп-тоңқайған адам емеспін. Көргендер болса, айтсын: қашан, қай кезде, қай жерде?..
– Енді сізге Есләм Зікібаевтың бір өлеңін ықшамдап оқиыншы, аға.
Жарығым-ай!
Кім ойлапты болар деп бәрі бұлай.
Ісің түссе барасың кішірейіп,
Қолында күші бардың бәрі Құдай?
Арпалысқан шен жарыс,
шекпен жарыс…
Жалтарысқан бөдене, кептер жарыс…
Байлық жарыс, бақ жарыс,
бедел жарыс,
Білмеймін, қаптап кеткен неткен жарыс?!

Аярлықпен біреуін біреуі арбап,
Ағаны іні қулықпен жүреді алдап.
Адал жандар азға да қанағат қып,
Арамзалар алтынды күреп алмақ.

Қызықтырмай үлде мен бүлде мені,
Қуантады елімнін гүлдегені.
Қулығы жоқ, құны жоқ бұл күндерде,
Момын қайтіп қалбақтап күн көреді?

Жарығым-ай!
Ұстараның жүзінде жаным ұдай.
Біз білетін бір Құдай бар ма, жоқ па?..
Қолында күші бардың бәрі Құдай!
Бір ат мініп, бір атты жетектеген жолаушыға ұқсамай-ақ қояйын. Алдыңыздағы өлеңнің мазмұнын тәптіштеп артыңызға несін жетектетем. Онсыз да түсінікті, айдарынан жел есіп айғайлап тұрған жоқ па? Иә, солайы солай. Бірақ, Үмбетбай аға, Сіз қанағатшылсыз. «Қанағаттың да қарын тойғызатынын» қазіргі тақ жарысқа түскендердің түсіне бермейтіні несі? Кішіпейіл болу кішірею деген сөз бе?
– Қайталау емес пе? Жарайды, толықтырайын.
Есләм марқұм, бейдауа дертке ерте ұсталып қалды. Ол менен бір жасқа кіші болғанымен, университетте екі курстай жоғары оқыды. Жақын жүріп араласпасақ та, кездесіп қалғанда шүйіркелесіп сәлемдесетінбіз. Соңғы рет оны «Балалар әлемі» дүкенінің тұсындағы аялдамада кездестірдім. Дауысы әлсіздеу шықты. Сырқаттанып жүрмін деді.
«…Қулығы жоқ, құны жоқ бүл күндерде,
Момын қайтіп қалбақтап күн көреді?»
Сүйегі ірі болғанымен, Есләм менің байқауымда сезімтал және момындау жігітке ұқсайтын.
Момынның синонимі – жуас. Халық даналығы «Жуас түйе жүндеуге жақсы» дейді. Момын, жуас адамды көрінген көрбақ басынады. Есләмнің момындарға алаңдауы осындай ретпен-ау, сірә…
Meн өзім жалмаңдаған жал-мауыздардан гөрі момын, жуастарды көбірек іштартамын. Өйткені кәрілік – ауру, момындық ауру емес, мінез. Момындықтан олардың біреулерге есесі кетсе кетер, бірақ оларды басынғандарға түбі бір зауал: тірі жүрсе, бір қанжылайды, не көрінде өкіреді! Киік пен аққу – киелі. Киелі адамдар бар. Момындар – солардың қатарына жатады.
«Жыртық үйдің құдайы бар», «Ақ, аққа құдай жақ». Бұлар жуас, момындарға қатысты айтылған халық даналықтары. Менің сенімімде жасағание жақсылықты да, жамандықты да – кімге болсын, иіп-иіп өзі әкеледі. Қулық-сұмдығы жоқ, жан дүниелері аппақ, тап-таза, бала сияқты бір момын кісілер бар ғой. Құдірет ондайлардың ниетіне береді.
«Біреуден ілгері, біреуден кейін» деген жақсы сөз. Біз солай: «біреуден ілгері, біреуден кейінбіз». Есесін Алла жеткізеді, соған шүкір, тәубе, қанағат.
– Қанымызға сіңген қасиет пе, қайдам, әлдекімдерден кеткен кегімізді қайырып, өш алып, есе қайырып жатамыз. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген нақылды құлаққа да қыстырмаймыз.
– Ей, Қожеке, төмен түс!
– Түсе алмаймын, – дейді Қожанасыр, – көршім-ау, көрмейсің бе, үйдің шатырын жөндеп жатырмын ғой. Не шаpуa? Сол жерде тұрып айта берсеңші.
– Біртүрлі ыңғайсыз, төмен түсші!..
Жарыктық Қожекең жалпылдап жерге түссе:
– Айналаны басыма көтеріп айғайлап айтуға ұялдым, қарыз берші! – дейді көршісі.
– Түсінікті, – дейді Қожа ызаға булығып.
– Түсінбедім, – дейді көршісі, – бересің бе, бермейсің бe?
– Менімен бірге жүр!
Көршісін сатыға тырбаңдатып үйдің төбесіне шығарады да:
– Қазір ақшам жоқ! – дейді Қожекең.
– Бермейтінің бар, сонша әуреге салып шатырға несіне шығардың? – деп ренжіген көршісіне Қожанасыр:
– Өйтпесем, мені төмен түсірген ақынды қалай қайтарам? – десе керек.
Сықақшылар кауымы – Қожанасырдың ұрпағымыз ғой. Басыңыздан сөз асырмасаңыз да, кеткен кегімді қайтарам деп, әуреге түсіп, әбігерленбейсіз бе?
– Кек. Кекшіл. Кек қайтару. Кек сақтамау.
Ұғым-мағына жағынан кекке ең жақын сөз – дық. Біреулер біреулер жайында: «бұл өзі дықшыл, кінәмшіл пәлекет» немесе «бұл өзі кең адам, анау-мынауды елең қылмайды, көңіліне ала бермейді, дықшыл емес» деп жатады. Алайда ұғым-мағынасы жағынан бір-біріне жақын болмағанымен, кек дық емес, дық кек емес. Дық өкпеге, кек өшпенділікке жақын. Асқынса, не нәрсе де қауіпті. Өкпе, реніш, дық қабынса, қабақтағы кірбің сүртілмей, шайылмай көкіректе қатып қалса, асқынса, ушықса, оның да арғы жағы – кек, өшпенділік. Оның арты: шығын, қара шығын, адам шығыны!
Әлдекім атаңа, аталасыңа тіл тигізіп немесе қандасыңа зәбір берді дейік. Оған өзің қандай қимыл көрсетесің? Ыржиып күліп, болмаса жүгіріп барып бетінен былш еткізіп сүйіп аласың ба? Біздің кезімізде әскерде үлкенді-кішілі қақтығыстар болып тұратын. Бір-екі рет өзімнің де сарт-сұрт болғаным бар. «Ты, черт, нерусский», «Ты, фиксатый» деп, ұлты есімде жоқ, әйтеуір бір славяндық солдат қыр соңымнан қалмай қойды. «Фиксатый» дейтін себебі, сап-cay алдыңғы екі тісімді жылтырақ темірмен қаптатқанмын. Жастық не істетпейді. Бір күні кешкілік әлгі солдат гармон тартып отырып, маған тағы тиісті. Шыдамадым, баспен ұрдым ба, қолмен ұрдым ба, білмеймін, әйтеуір гармон-пармонымен жерге аунатып түсірдім. Жатты өлген есектей…
Ол қателігім, әрине, шарасыз, жазасыз қалған жоқ.
Бала кезде, жас кезде ондай-ондай намысы бар кімде болмайды.
Алайда өмір бойы кімді ұрып жығасың. Сен біреуді ұрып жықсаң, сені біреу ұрып жығады. Оның бергі жағында «білгенің қайсы, білмегеннің білместігін кешірмесең» деген халық даналығы да бар ғой. Есейе келе, жас егде тартқан сайын: «Кең бол. Кен, болсаң, кем болмайсың», «Дұшпаның аддыңа келіп жығылса, атаңның құнын кеш» деген сықылды халық кодекстері және:
Болмасын кекшіл,
Болсайшы көпшіл,
Жан аямай нәсіп қыл,
деген сықылды Абай атаның ақыл-кеңесі де ойлантпай қойған жоқ.
Бұның бәрі кешірімнің төңірегіндегі әңгіме.
Кешірім болғанда, кешірімнің де кешірімі бар-ay. Кек-өшпенділіктің бір қайырлысы – намыс! Намыстың бірсыпыра әңгімесін өткенде айттым. Намысты қорғау оңай ма: талай иттің көргенсіздігін жаңағы халықтық кодекстерді ұстанып, шегініп жеңдім. Жеңілістер де болмай қалған жоқ.
Кімнің сыртынан кім не демейді: «Хан сыртынан жұдырық». «Ит үреді, керуен көшеді».
Алпыс жылдығым тұсында жүрген-тұрған жерінде бізге кіжініп, неше түрлі әңгіме қаулатып, бәлендей аралас-құраласымыз болмаса да сәлем-сауқатымыз түзу бір қаламдастың қатты зәбірі өтті. Оның бізді біреулерге өкіртіп жамандап тұрғанын баламыз Мұхтардың құлағы шалып, «Мен оны өлтірем!» – деп, бірде үйге жұдырығын түйіп келді. «Оны шешетін сенің жұдырығың емес, менің ішімдегі кодекстер», – деп, баламызды әрең тоқтаттым.
Салқын қас-қабағымыздан, тым-тырыс арақатынастан секем алды ма, кейінірек кездескенде жаңағы каламдастың көзі жыпылықтап тұрды. Маған керегі сол. Маған керегі сол тактикалық жеңіс…
Тағы бір қаламдас та, түсінсем бұйырмасын, олай өтіп, былай өтіп тілімен сүйкеніп, қаралай ұрынып жүрді. Ойыны шығар деп әзіл-қалжыңмен қағып тастап келгем. Бір күні Жазушылар одағында әлгі «товарищ» маған тағы тиісті. Iшкен. Қатты мас. Көйлегінің ілгек-түймелері босып кеткен, алқам-салқам.
Сол күні ақын Аманхан Әлімовтің шығармашылық есебі өткен-ді. Дастархан жайылды. Мен дастарханға отырмай, Аманханның қолын қыстым да, дәлізге шықтым. Әлгі қаламдастың маған ұрынғаны осы түс.
– Сен бері кел! Қайда тұрсың? Аузыңды, ауыңды жөнде, тәртіпке шақыр, әйда!
Сол кезде қасымызға Дүйсенбек Қанатбаев келіп:
– Үке, не, жай ма? – деп, «Балалар әлемі» дүкені көрінетін терезеге қарай қолтығымнан демеп әкетті.
Оған жарытып ештеме айтпадым. Ашуым басылмай, үйге келген соң әлгіге хат жаздым. Хатты оған Нүкеш Бәдіғұлов арқылы жеткіздім (Нүкең бір жайсаң жігіт еді ғой!).
Хат мен ренжіп жүрген қаламдастың қолына тиіпті. Оны Жазушылар одағына бір барғанымда Нұрланның кабинетінің алдында ұшырастырдым.
– Үке, үлкенсіз ғой, жонарқам міне, – деді.
Меніңше оны маған біреулер арандатқан. Бұл жұрт қарап жүре ме, анау бір жылы біз екеумізді де арандатты ғой. Өзімді түсіндіріп жазған сондағы хатым тігулі.
Қысқасы, өкпе, реніш, дық, кек мәселелерін мен ақыл-парасатымның жеткенінше осылай шешемін. Мүм-кіндігінше кек сақтамаймын.
Сенің өзің ше, кекшілсің бе? Принципің?
Сөз орайында халықтың мына дана-лығын да еске сала кетейін.
Жақсы адамның өкпесі,
Жібек орамал кепкенше.
Жаман адамның өкпесі,
Жамбасы жерге жеткенше.
– Баяғы бала кезімізде әжелеріміз «жеті нан құдайы» беріп жататын. «Неге жеті нан, неге сегіз емес?» – деп ойлайтынмын. Кейін келе-келе «жеті» – қасиетті сан екенін түсіне бастадық. Бірақ «7»-нің сыры мен құпиясын ешбір ғалым немесе ғұлама аша қойған жоқ. Жеті парыз, жеті қазына, жеті ру, жеті қарақшы, жеті ата…
Одан, бұдан оқығаным бар, осы жеті атаны тізбектеп бір әзіліме қостым:
1. Әке. 2. Бала. 3. Немере. 4. Шөбере. 5. Шөпшек. 6. Немене. 7. Туажат.
Былай қарағанда – дұрыс, қатесі жоқ сияқты. Сол әзілімді «Ара» (№ 7, 2003 жыл) журналын оқыған шежіреші Серікбек Еркінбекұлы маған «Дұрыс жазбағансың!» – деп қатемді түзетті. Көнекөз қариялардыц шежіресі бойынша ұрпақ пен ұрпақ ауысқанда, олардың атауы жетеу емес, он екіге барады екен. Мінеки:
1.Ата. 2.Баба. 3.Әке. 4.Бала. 5.Немере. 6.Шөбере. 7.Немене. 8.Туажат. 9.Жекжат. 10.Жұрат. 11.Жұрағат. 12.Қаймана.
Ойланып-толғанып, осы кісінің уәжіне тоқтадым, Үмбеке. Біреуге – әке, біреуге – атасыз, Сіздің пікіріңіз қалай?
– Он екі аталықтың аталуын Серікбек Еркінбекұлы аспаннан алған жоқ. Әдебиеттерде бар. Жеті ата жердің түбі емес, он екі ата – ол да. Жеті атаның да, он екі атаның да жалпы атауы – ата-баба. Ата-бабамыздың тұтастығы – ұлт, халық, ел. Қазақ елі. Тұтастық ыдыраса, оның арғы жағы – бөлініп-жарылу, қырық ру… Бөлініп-жарылған елде береке бола ма? Менің қаупім аталықтың аталуынан емес, бөлініп-жарылудан! Жеме-жемде шетел асып кететін, шетел азаматтығын алатын кімдер? Жеме-жемде ата-баба рухына ысқырып-пысқыратын кімдер? Жеті атасын білмейтін, білгісі де келмейтін қулар, жеме-жемде ата-баба рухына түкіретін ондайлардың арамызда қаншасы жүр. Бір-екеуін тындайық.
– Кет, әкеңнің ауызын!
– Кетсең кет, әкеңнің ауызын!
– Мен сенің жеті әкеңнің ауызын!
– Мен сенің сегіз әкеңнің ауызын!
– Мен сенің семіз әкеңнің ауызын!
– Мен сенің жеті жүз жетпіс жеті әкеңнің ауызын!
– Мен сенің сегіз жүз сексен сегіз әкеңнің ауызын!
…Естіп жатырсындар ма бабалар,
Ұрпағыңның дауысын?..
(«Ұрпақ дауысы»).
– Өтірік пен шындық. Өмір бойы бітіспес жау. Антоним. Оппозиция. Ар-ождан өтірікпен ымыраға кеп, мәмілеге тоқтамайтын қарама-қайшы дүние. Беті шылп етпей өтірік соққан адам қателікке қарай қадам басады. «Дүниедегі ең оңай нәрсе – өзіңді өзің алдау», – дейді Демосфен. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дейді қазақ. Көзбен көрген – шындық, естіген – өтірік. Сондықтан «Өтірік пен шындықтың арасы – бес-ақ елі» дейді халық. Естігеніңді біреудің құлағына жеткізсең өсекке айналып, ақыр аяғы шіп-шикі өтірік боп шығуы ықтимал.
Күнә – мылтық, өтірік – шүріппесі. Әлдекімдерді сыртынан күстәналап, өтіріктің шүріппесін басып қалсаң, жазықсыз жандарды жаралап, күнәға батасың. Күнә демекші… Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз өз хадисінде жұмыр басты пенде үш-ақ жерде:
– Отанды жаудан қорғау үшін;
– Отбасыңды сақтау үшін;
– Ұрсып калған екі адамды татуластыру үшін өтірік айтуға болатынын көрсетіпті.
Ақын Қадыр Мырза Әли ағамыз:
«Өткізу үшін шындықты
Өтірік айтам кейде мен!» – деп пәлсапалық ой тастайды.
Өтіріктің әкесі – сайтан. Егер өтірікті өрбітіп, өз аузыңнан туғызсаң – шешесі сен боп шығасың.
Студент кезімде ұстазыма айтқан өтірігім шығып қап, кешірмеді. Сол үшін емтиханда «2» қойып, алты ай бойы стипендия ала алмай, зардабын шеккенім есімде.
Үмбетбай аға, Сіз өміріңізде бір рет өтірік айтып көрдіңіз бе?
– Өтірік айтуға бола ма? Өтіріктің пайдасы бар ма немесе өтірік айтқан адам семіре ме?
Өтірікті жамандай береміз. Сен де, мен де. Тактикалық тұрғыдан өтірікті қай жерде қалай тұтыну керек? Гәп сонда. Өтірікті қашан, қандай жерде іске қосып жіберу керек? Баяғы заманда өмір сүрген ағылшын Дани-ель Дефо да: «Албастыны алдағанның айыбы жоқ», – депті. Өтірікпен алдамаса, албастыны кім қалай алдайды? Олай болса, өтірік айтуға болады, егер өтірік өзін өзі дәлелдей алса немесе өтіріктің күші шындықтан асып түссе, өзіне, өзгеге, елге зияны тимесе.
«Үмбетбай аға, Сіз өміріңізде бір рет өтірік айтып көрдіңіз бе?» – деп сұрадың. Тыңда. Ұрмасам да ұрдым деп, ұрламасам да ұрладым деп, «шыныңды айтсаң ұрмаймын» дейтіндерге бала кезімде алданып қалдым дедім ғой бір сөзімде.
Өтіріктің арқасында бұл көкең жастау кезде тәп-тәуір «әртіс» те болды. Ол былай.
Жетпісінші жылдары жұмыста жалақыны екі бөліп, қаламақыны да, ұмытпасам, екі бөліп беретін. Бұл, сонда, үйге айына төрт рет ақша келеді, келіншектеріміз айына төрт рет әдемі күледі деген сөз.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *