ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТЫҢ НЕГІЗІ – ПІР МЕН ИШАНДЫҚ МЕКТЕП ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТЫҢ НЕГІЗІ – ПІР МЕН ИШАНДЫҚ МЕКТЕП
Құдияр Біләл, ҚР Мәдениет қайраткері   Жамбыл атамыз осы тұрғыда: «Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сыйынбай! Сырлы, сұлу сөздері Маған тартқан сыйындай! Сүйінбай... ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТЫҢ НЕГІЗІ – ПІР МЕН ИШАНДЫҚ МЕКТЕП

Құдияр Біләл,
ҚР Мәдениет қайраткері

 

Жамбыл атамыз осы тұрғыда:
«Менің пірім – Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сыйынбай!
Сырлы, сұлу сөздері
Маған тартқан сыйындай!
Сүйінбай деп сөйлесем,
Сөз келеді бұрқырап
Қара дауыл құйындай!» — депті.
Енді сауал. Сүйінбайға сыйынса Жамбыл атамызға не себепті «Қара дауыл құйындай» болып сөз келеді? Жауап айқын. Себебі, Сүйінбай сөз иесі. Жамбыл атамыз соны білген. Осы жерде: «Қызыр – дариды, бақ – қонады», – деген ұғымға мән беру керек. Тап осы сияқты Сөз әу баста Сүйінбайға қонған. Ұғынықтылық үшін Сөзді өз алдына бір әлем деп қабылдасақ, Сүйінбай сол әлеммен байланыста тұрған адам. Біз сондай «Әлемдермен» (әруақпен) байланыста тұратын адамдарды Пір деп атаймыз. Егер байыбына барсақ, жер бетіндегі барлық тіршілік сондай «Әлемдермен» байланыста тұрған «Негіздерге» (Пірлерге) байлану арқылы тіршілік етеді. Ол Пірлер ауызекі тілде, не болмаса ғылыми тілде, не әрқилы түсінікте әрқалай атала береді. Жалпы ол қалай аталса да егер сол Негізден (Пірден) ажыраса, қай жаратылыс та азып-тозып жоқ болып кетеді. Мәселен, аралардың басын Ана ара (Пір) қосады. Құмырсқалар да солай. Құстар да бір-біріне байланып ұшады. Соны білген аталарымыз тіпті төрт түлік малды да Пірге әкеліп байлайды. Жалпы біздің бүткіл өмірсалтымыз Пірмен байланысқа құрылған. Оған ежелгі хиса-дастандар, лиро-эпостық жырлар дәлел бола алады. Бір-екі мысал келтіре кетелік:
«Алпамыстың Пірі еді
Баба Түкті Шашты Əзіз.
Бүркіт болып келеді,
Қолтығынан демеді».
«Батырлар жыры».

«Жақсылар дастан айтайын,
Әуелі, Алла сыйынып.
Екінші, кәміл Піріме…»
(Қамбар батыр)

«Сыйындым пайғамбарлар
барын айтып,
Данышпан Ұлықпанды,
кәріні айтып.
Жалбарындым әулиелер жүмләсіне,
Сегіз жар, он екі имам
жарын айтып.
Шапағат әрбір жанға бердің кәміл,
Ғаріптер тілегенде зарын айтып».
(Әбубәкір Кердері)

«…Қысылған кезде сыйынған,
Пiрлерiм едiң қашаннан.
Ер Сейтбембет, Мағзаман,
Қосымқожа сабағым.
Солардан да өткен сұм дүние».
(Балқы Базар)

«Мұздыбалақ ақиық – қатуланбай
аң алмас,
Аруаққа сыйынбай – ерлерің қылыш
шаба алмас.
Жігіттің Пірі болмаса – қынаптан
шықпас ақ алмас,
Алладан бұйрық болмаса – табанға
тікен қадалмас».
Тұрмағанбет Ізтілеуұлы
(1882-1939)

«Сүйендім абақтының шарбағына,
Сыйындым атам Қазыбек аруағына.
Бір күнде қаршығадай қалықтадым,
Бұл күнде мен
аңшының қармағында».
(Мәди Бапиұлы)

Жалпы біздің хандарымыз да, би-батырларымыз да, ақын-жыр-шыларымыз да Пірсіз болмаған. Мәселен, кезінде бүкіл Дәшті-Қыпшақты өз құзырына қаратқан Қасым хан Бұхар шайхы Сағды қожаға қол тапсырып, мүрид болса, Тәуекел хан да 120 жасағымен бірге Ысқақ қожаға (Пірге) қол тапсырады. Себебі, Пір – Аллалық әлеммен байланыста тұрған алтын арқау.
Соған орай қазақ қазақ болғалы ел ішінде орын алған дау-дамайларды шешу барысында: «Төрт босағаң кім?», – деп сұрайтын болған. Бұл сауал: «Ел-жұртыңның Пірі кім, биі кім, батыры кім, мырзасы кім?», –дегенді білдірген.
Біздің дәстүрімізде «Бата алу» деген бағзыдан келе жатқан жол бар. Соған орай: «Жаңбырменен – жер көгерер, батаменен – ер көгерер», – деп қоямыз.
Рас, жаңбыр жауса жердің көгеретінін ешкім де жоққа шығармайды. Себебі, ол – Алланың нұры. Мәселе мәніне осы тұрғыда назар аударсақ, батаның да Алланың нұры екендігі мәлім болады. Сондықтан да біз батаны да соған иелік ететін адамнан аламыз. Ол адамды: ақсақал, әулие, пір, бір сөзбен айтқанда, әруақты адам деп қабылдаймыз. Ал әруақ дегеніміз – Аллалық әлем. Демек біз батаны да сол әруақты әлеммен байланыста тұрған адамнан алады екенбіз. Біздің бата алған адамның көгеретініне сенім артатындығымыз сондықтан.
Басы ашық жәйт. Пірге қол бермеген адам өз бетінше әруақ әлемімен байланысқа түсе алмайды. Бұл тұрғыдағы алғашқы қадам Бата алу арқылы жүзеге асады. Соған орай аузы дуалы батагөй қарттар әр ауылда да болған. Әрине, абыз, батыр-билердің орны өз алдына. Алайда түптеп келгенде солардың бәрі бір бір Пірге байланады. Тура әлгі сахабалар тәрізді. Жалпы қай сахабаның етегінен ұстасаң да Пайғамбарымызға (сғс) барып байланатының күмәнсіз. Сол сияқты елді аузына қаратқан қай би-шешеннің де өзі қол берген Пірі болған. Мәселен, Төле бидің Пірі – Мағзаман, Әйтеке бидің Пірі – Мүсірәлі, Қазыбек бидің Пірі – Ер Сейтімбет қожалар болған. Мүсірәлі үш жүзге Пір болғаннан кейін Тәуке хан:
«Үш жүздің пірі Мүсірәлі қожаның іргесі Кіші жүздің Қаракесек әулетінің ортасында болады. Хан Кеңесіне дейінгі жолмен шешілетін бүкіл дау әзіреті піріміз Мүсірәлі қожаның алдында мәмілесін тауып отырсын», – деген жарлық шығарады. Бұл деген Билер кеңесінің барлық мүшелері Мүсірәлі Пірге қол берді деген сөз. Жалпы Билер кеңесіне неше кісінің мүше болғаны жөнінде басы ашық дерек жоқ. Төле, Қазыбек, Әйтекеден басқа Қаражігіт, Қу дауысты Құтты-бай, Шаппа, Тиес, Сасық, Әнет тәрізді билердің аттары аталады. Қалай десек те қазақтың Майқы биі, Аяз биі, Мөңке биі, Бейсенбі биі, Әнет биі, Бұхар биі, Төле биі, Қаз дауысты Қазыбек биі, Әйтеке биі, Нияз биі (Тілеуліұлы), Шоң биі, Шеген биі (Мұсаұлы), Мамашәріп биі, Беген биі (Азынабайұлы) және тағы да басқа билері данагөй, қара қылды қақ жаратын әділ, ел мен елді, ағайынды бір-бірімен жарастырушы бітімгер, халық қатты құрметтеген тарихи тұлғалар болғаны күмәнсіз. Олар сол биікке Пірге мүрид болғандықтан қол жеткізді. Соған орай олардың қай-қайсысы да әруақ әлемімен үндесіп тұрды. Ал ол қандай әлем?
Бәрімізге белгілі, Қазыбек би 14 жасында қалмақ Қонтайшысының алдында билік айтады. Сонда Цебдан Рабдан сөзден тосылып, бала Қазыбектің барлық талабын орындайды. (Осы жерде Қазыбектің бала кезінде Төлебай деген батыр-биден бата алғанын ескерген жөн). Кейін қалмақ Қонтайшысынан: «Баланың алдында неге сөзден тосылдыңыз?», – деп сұрағанда, ол: «Сендер байқамадыңдар ма, оның екі иығында екі аю маған айбат шегіп тұрды ғой», – деген екен.
Жалпы бізге жеткен осы әңгімеге шамалы түзету енгізу қажет. Шынтуайтына келгенде, Қазыбектің екі иғында айбат шегіп тұрған аю емес, жолбарыс болу керек. Себебі, қазақты желеп-жебеп жүретін әруақ – жолбарыс. Ал аю – орыстарға тән. Сондай-ақ айдаhар – қытайдыкі. Әйтсе де олар әруағының бәсі төмен. Себебі, біздікі рухани да, олардыкі халықтың сенімі арқылы қолдан жасалған әруақ. Соған орай кезі келгенде Мұса пайғамбардың асасы сияқты біздің жолбарыс та аю мен аждаhаңды жұтып жібереді. Алайда ол үшін біз сол жолбарыс иесі Пірге сенім артуымыз керек.
Уақыт алмасты. Көзқарастар өзгерді. Пір туралы түсінікті көне тарих еншісіне қалдырдық. Сол-ақ екен біз бағзылық болмыстан, өр рухымыздан ажырап қалдық. Мінез өзгерді. Жолбарыс түсімізге кірмейтін болды. Соған орай өздерінің қойға ұқсайтынын мақтан тұтатын ұрпақ қалыптасты. Қой мінез, момындық алға шықты. Пір тағылымын саяси идеология алмастырды. Алайда олар қанша тыраштанса да Пір арқылы қалыптасатын өршіл рухтың орнын толтыра алмады. Мәселен кешегі КСРО кезінде коммунистік сананы балабақшадан бастап қалыптастыру жолға қойылды. Ол сана октябраттық, пионерлік, комсомолдық тәрбиемен толықты. Коммунистік таныммен кемелденді. Бұған қосымша қаншама идеологиялық машиналар жұмыс жасады. Осы жолда жанын қиған батырлар, еңбек озаттары үлгі тұтылды. Рас, осыншама еңбек нәтижесіз болған жоқ. Соған орай, бір сөзбен айтқанда, бүкіл әлемді тітіркенткен КСРО халқы қалыптасты. Алайда КСРО билігі өз халқы бойындағы «өршіл» рухты сан қилы идеологиясына қосымша ұдайы арақ беру арқылы көтеріп отырды. Мұндай жәйт өршіл рухтың сыналар шағы соғыс кезінде тіпті белең алып кетті. Соған орай негізінен маскүнемдер даңқ тұғырына көтерілді.
Жә, өзімізге келейік. Қазіргі емес, дін-мұсылман аман кезге. Иә, ол кездің батырлары жауға жалғыз шабатын. Себебі… Дұрыс. Қай батырдың да қол берген Пірі болатын. Дәйек келтірейік:
«Кәміл пірлер жебеді,
Қолына алып толғанып,
Қозы жауырын жебені
Ат үстінен шіреніп
Сонда тұрып тартады,
Кәміл пірлер сенгені.
Құрулы бақан басында
Екі бөліп ұшырды
Ай астында теңгені».
(«Қобыланды батыр» жыры.)
Міне, осылайша Піріне сыйынып ай астындағы теңгені атып түсірген Қобыланды Қүртқа сұлуға қол жеткізеді. Ал қалмақ батыры мен Ер Тарғынның жекпе жегі жырда былайша суреттеледі:
«Сонда тұрып Домбауыл
Қорамсаққа қол салды,
Суырып алған қу жебе
Көп оғына жол салды.
Кезегендей қалады,
Созағандай алады.
Тарлан аттың басы деп,
Алтынды ердің қасы деп,
Өлер жерің осы деп,
Толғанып тұрған Тарғынды
Толғап атып салады.
Кірістен шығып кетеді,
Тарғынға таман жетеді.
Тоғыз қабат ақ сауыт ,
Сегізінен өтеді.
Жыртылы жаздап сауыттың
Қатарланған жағасы,
Қабыл еді Тарғынның
Ежелден бермен тобасы.
Өтер еді мұнан да ,
Жібермеді бұл оқты,
Сыйынып жүрген Тарғынның
Бітуәже бабасы».
Тап осындай оқиғаларды барлық Батырлар жырынан кездестіруге болады. Мәселен, «Бабалар сөзінің» 46-томында былай делінеді:
«Сөйдеді де ер Әділ,
Пірлеріне жалынды.
Сол уақытта қызылбас
Шапса қылыш кеспеді,
Атса мылтық өтпеді.
Көк найзасы теспеді».
Одан әрі жыр былайша өрістейді:
«Сол уақыттары ер Қази
Әлсіреген досының
Аузына сусын бергенде,
Орнынан Әділ тұрады.
Бұзайын, – деп, – кісенді,
Қылыш салып кеседі.
Қылыштың жүзі қайырылды,
Қандай мықты десе де.
Сол уақыттары Қарасай
«Бұзайын, – деп, – кісенді”,
Қолыменен бұрады.
Әділ сонда қарленді,
«Тоқта, – деді, – достарым”,
«Я, пірім” деп ұмтылды,
Таусылып ердің шыдамы.
Алмас кісен қолдағы
Быт-шыт болып сынады».
Міне, біз қолдағы кісенді быт-шыт қылатын сол қуаттан айырылып қалдық. Тіпті әруақты, сол әруақ иесі Пірді бар деп білмейтін болдық. Болмаса қазақтың әруақ шақыруы кодтық сөз еді. Сол сөз ауызға алынғанда жауға жалғыз шапқан батырдың артында тек жау көзіне көрінетін әскер түзілетін. Біз бұл сөзді ойдан шығарып отырған жоқпыз. Бұл ұғым аят арқылы бекітілген.
Рас, біз әруақты бүгін де ауызға аламыз. Бірақ айбарымыздың асқақ-тап отырғаны шамалы. Себебі… Дұрыс. Піріміз жоқ. Ал Пірсіз ол әскер ешқашан түзілмейді.
Бір мәселе айқын. Өлген адам Аллаға ғибадат жасай алмайды. Ал адам баласы болса, хадисте айтылатынындай, өлі. Олар тек өлген соң тіріледі. Соған орай тағы бір хадисте: «Өлмей тұрып өліңдер», –делінеді. Біз, біз ғана емес, біздің ата бабаларымыз тілге тиек ететін Пір – сол өлі жандарды тірілтетін адам. Ол тірілу діни тілде Ихсан деп аталады. Дін мамандары Ихсанды: «Ғибадатты Алланы көріп тұрғандай жасау, егер Алланы көрмесең, онда Алланың сені көріп тұрғанына сенім білдіру», – деп түсіндіреді. Осы түсініктің өзінен-ақ Алланы тек тірі адамның көретіндігі мәлім болады. Демек Ихсан – Алла мен адам арасындағы байланысты түзетін жүйе. Ал Пір мұсылмандарды сол жүйеге қосатын адам. Ол жүйеге қосылмаған адам, кім болса ол болсын, өлі адамдар санатына жатады. Шайтанның басты қызметі – мұсылмандардың осы жүйеге қосылуына жол бермеу. Басқа діни ғибадаттың бәрін жаса, тіпті үйіңді мешіт жасап ал, шайтан оған мүлде қарсылық танытпайды. Егер Пірді мойындамай, өзің ұстанған жолдан айнымасаң, шайтан сенің қызметіңде жүріп, тіпті дәрет суыңды да жылытып береді. Себебі ол өлі адамдардың ғибадаты қабыл болмайтынын жақсы біледі.
Бәрімізге белгілі. Адам атамыз жәннаттан жерге түсті. Осы орайда Алла тарапынан: «Бір-біріңе жау болып түсіңдер!» деген әмір бар. Көп діндәр мұны адам мен шайтан арасындағы жаулық деп түсінеді. Шынтуайтына келгенде, бұл – адамның өзі мен өзі арасындағы жаулық. Сол «Өз»-дің бірі – сенің өзің де, екіншісі – нәпсі. Біз «адамдар өлі» деп биліктің нәпсі қолындағы кезін айтамыз. Пірге қол берген кезде сол нәпсі өледі. Өлген адам – жоқтыққа өтеді. Міне, солайша адам өзін жоқ ете алғанда Бар (Алла) көрініс береді. Ихсан дегеніміз сол. Тек сол кезде ғана сен Алланы, Алла сені көреді.
Тағы бір жәйт. Қазақы ұғымда: «Әйелдің Пірі – ері», – деген түсінік бар. Дұрыс түсінік. Себебі, қай әйел де еріне мойынсұнғанда өзіндік «Менін» өлтіреді. Дұрысы – ілгергі дәуірдегі біздің апаларымыз өлтіре алған. Ал шайтанның бар жұмысы соған жол бермеу. Кешегі КСРО кезінде «әйел теңдігі» соған орай ойластырылды. Ал бүгін гендерлік саясат алға шығып отыр. Болмаса біздің аналарымыз… Мәселен, «Қыз Жібек» жырында анасы Төлегенді шығарып салып тұрып былай дейді:
«Аһ, дедім құдая!
Дарғаһыңа бас идім!
Сөзді сөзге ап келіп,
Күйгенімнен жапсырдым.
Кетер болсаң қарағым,
Әуелі құдай мен сені,
Кәміл пірге тапсырдым
Қол иесі Қамбар-ау,
Жол иесі Қамбар-ау
Қарағыма көз сал-ау!
Рақым қылсаң құдая
Сенен өзге кім бар-ау?
Ғашықтардың пірі едің
Ләйлі-Мәжнүн сіз бар-ау!
Ғашықтардың сәруәрі
Зылиха — Жүсіп пайғамбар!
Әйелдің пірі бибі Бәтима!
Баламды сізге тапсырдым!
Адасса жолға салып жүр,
Сүрінсе қолдан алып жүр.
Бәлекет келсе қағып жүр;
Бір ғашықтың дертінен
Қарағым менің нағып жүр,
Әзіреті ер сұлтан
Рақым қылып сіз тұрсаң
Баба түкті шашты әзіз!
Баламды сізге тапсырдым».
Ал біз өзімізді, өзімізге жақын өзге адамдарды Пірге тапсыра аламыз ба? Жоқ, егер біз тапсыратын болсақ, онда тікелей Аллаға тапсырамыз. Себебі… Дұрыс. Өліміз.
Біз ғасырлар алмасқан сайын қоғам дамып жатыр деп ойлаймыз. Енді оны қалайша теріс дерсің. Тіпті өткен ғасырды былай қойғанда, қазір қол жеткізген жетістігімізді осыдан жиырма жыл бұрын қиялдай да алмайтынбыз. Ал ертеңгі күніміздің бұдан да ғажап болары күмәнсіз. Солай бола тұра діни таным әлгі біз соңына түскен «ғажап өмірді» ақырзаман деп атайды. Демек, ғасырлар алмасқан сайын қоғам шайтани ілімнің соңына еріп, кері кетуде.
Енді сауал. Осы түсінікке біреуді иландыра аласың ба? Жауап айқын. Әсте мүмкін емес. Осы жерде мұсылмандардың әлемдік өркениет дамуына не себепті үлес қоспағанын қаперге алуға болады.
Басы ашық жәйт. Ілгергі дәуір ғылымын дамытқан, жалпы заманауи ғылымға жол ашқан сопылар. Олар өркениет дамуына жоғарғы әлем қалауына орай араласты да одан кейін ол есікті жапты. Ал ислам дінін сопылық әлемнен тыс танушылар ол есікті бар деп те білмеді. Исламның догмалық төменгі шекке дейін құлдырауы сондықтан.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Бәрімізге белгілі, адамзаттың абзалы – пайғамбарлар. Егер мына біз ардақ тұтқан өркениет, бүгінгі ғылыми жетістік Алла алдында соншалықты қадірлі болса, онда бүгінгі қызылды-жасылды әлем пайғамбарларға тиесілі болар еді.
«Ол кезде заман басқа болды ғой», – деп өзіңізді алдамай-ақ қойыңыз. Заман – сол заман. Ол ешқашан өзгерген емес. Өзгерген тек адамдар. Енді күннің ол кезде басқа жақтан шықпағаны белгілі ғой. Сол сияқты жер бетіндегі әу бастағы жаратылыста бүгінгіден ешқандай да айырмашылық болған жоқ. Оның үстіне пайғамбарлар, олардың «сахабалары», әулиелер, бір сөзбен айтқанда, әр дәуірдің сопы-лары уақыт алмасуынан тысқары тұрды. Бұл деген, жұқалап айтқанда, «адам баласы барлық кезде, барлық жерде өмір кешеді» деген сөз. Оған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) миғражына мән берген адам көз жеткізе алады. Оны бүгінгі квант физиктері де жоққа шығармайды.
Біз сопылық тағлымның біршама парақтарының бетін аштық. Бұл тұрғыда Аралбай Оңғарбекұлы былай дейді:
«Жаббар Хаққа ұнайсың,
Зікір айтып зарласаң.
Жамағатқа ұнайсың,
Пікір етіп барласаң.
Одан өткен амал жоқ,
Шартарапты шарласаң.
Осыларға бекем бол,
Ақыретті қамдасаң.
Мәдинада – Мұхаммет,
Түркістанда – Қожа Ахмет,
Маңғыстауда – Пір Бекет,
Солардан сұра нанбасаң».
Әуелі сауал. Біз Пірге не үшін қол береміз?
Жауап айқын. Руханиятқа қосылу үшін.
Тағы да сауал? Егер руханиятқа қосылмаса не болады?
Жауап: Ондай жағдайда шайтан пірлік етеді. «Пірсіздің пірі – шайтан», – дегенді соған орай айтамыз. Енді осы сауал-жауап төңірегіндегі әңгімені шамалы тарқатыңқырап айтайық.
Бәрімізге белгілі, Алла Тағала періштелерді Адам атаға сәжде жасатты. Тек Ібіліс қана Алла әміріне қарсы шығып, сәжде жасаудан бас тартты. Рас, әмірге мойынсұнбағаны үшін Ібіліс шайтандық кейіпке енді. Алайда Алла Тағаладан қиямет қайымға дейін Адам ата мен оның ұрпағына қарсы күрес жүргізуге мұрсат алды. Соған орай ол Аллаға: «Мен адам баласын азғырып, сенің тура жолыңда көлденең жатып аламын», — деді. Алла болса оған: «Саған ергендердің бәрін тозақпен толтырамын», — деп жауап қайырды. Міне содан бері Пірді мойындамағандар шайтан әскері сапына қосылумен келеді. Шынайы Пірден бас тартқандардың пірі шайтан болатыны сондықтан.
Басы ашық жәйт. Әуелгі Пірлік пайғамбарларға тиесілі болды.
Пайғамбарлардың (Пірдің) басты міндеті – адам баласын руханиятқа қосу. Сонда «руханиятқа қосу» дегенді қалай түсінеміз? Осы жерде мына жәйтқа назар аударған жөн. Алла Тағала періштелерді Адам атаға сәжде жасату арқылы Өзінің әлемді басқару жүйесін қалыптастырды. Ол жүйе өзінің орынбасары – Пірлер арқылы, нақтыласақ – Рухул құддус арқылы басқарылады. Ол – Исми Ағзам деп те аталады. Ал оған иелік ететін пайғамбарды (Пірді) – Құтбул әлам деп атайды. Заманында бірнеше пайғамбарлар қабат өмір сүргенімен Құтбул әлам тек біреуі ғана болады. Пірлер де солай. Өзгелер соған байланып тұрады. Мәселен, Жақып пайғамбардың өз баласы Жүсіп пайғамбарға сәжде жасауы сондықтан.
Енді Алла тағаланың өзі жаратқан әлемді не себепті бір адамның (Құтбул әлам) жүрегі арқылы басқаратынына назар аударайық.
«Алла Тағала назары мүминнің жүрегіне түседі», – дегенді барлық діндәр айтады. Байыбына барсақ, Алла тек Құтбул әламның (Пірдің) ғана жүрегіне назар аударады. Ал өзге мұсылмандар сол Пірге байланып тұрады. Оған байланбағандар, әрине, назардан тыс қалады. Назардан тыс қалғанның бәрі шайтан әскері сапына барып қосыла береді.
Тағы бір ескерер жәйт. Барлық жаратылыстың тау-тас, орман-тоғай, құрт-құмырсқаның, тіпті тозаңның да әруағы бар. Себебі, қай жаратылыс та Аллаға тек әруақ арқылы байланысады. Сол барша әруақ – Құтбул әлам иесіне байлаулы тұрады. Бұл — Құран Кәрімде Алла Тағала тарапынан айтылатын: «Мен жер бетіне өзіме орынбасар жараттым», – деген аяттың мәні.
Көңілде күмән қалмас үшін айта кетейік. Құтбул әлам иесі бұл күнде пайғамбарлардан мирасқа Пірлерге өткен. Себебі, Адам атаға сәжде жасату арқылы түзілген Аллалық жүйе ешқашан үзілмейді. Ол үзілген күні қиямет қайым болады.
Рас, бүгінгі Құтбул әлам иесі
пайғамбар емес. Алайда Пайғам-барымыз (с.ғ.с.) үмметінен шыққан Пірлердің Жақып пайғамбар әулетінен (еврей) шыққан пайғамбарлармен дәрежесі тең болатынын ешкім де жоққа шығармайды. Әйтсе де атам қазақ пайғамбарлар құрметіне орай бүгінгі Пірлерге қарата: «Өлі арыстаннан, тірі тышқан артық», – деп қояды. Ол құрметті Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мына өлеңінен де аңғаруға болады. Оқып көрелік:
«Байларға – пір, кедейге
тамақ болған,
Нағыз – ақ пайғамбарға
мирасқорым.
Келмесе мәжілісін халық сағынып,
Қуанып, келсе төрден орын берген.
Өмірде мал жимаған өз басына –
Бәрін берген нашарға, жолдасына.
Қайдағы жыртық киім, дорбалыны,
Жиып ап, асыраған өз қасына.

Ешкімнен ешбір нөрсе сұрамаған,
Жұрт өзі әкеп берген ықыласына.
Даламның қандай еді абыздары,
Диуана, ишан, қожа, ғазиздары.
«Құдайға жақын жан»
деп ұғылғаннан,
Көп ауруға ем болған лебіздері».
Сонымен Пірдің өзіне қол берген мұсылмандарды әруақ әлеміне қоса-тын рухани жетекші екенін білдік. Сонда әруақ әлемі дегенді қалай түсінеміз?
Басы ашық жәйт. Шыр етіп дүние есігін ашқан адам сол сәтте әруақ әлемінен, яғни Алладан ажырайды. Енді Алладан ажыраған адамның жасаған ешқандай ғибадатының қабыл болмайтынын түсіну үшін көп ақылдың қажеті жоқ қой.
Барлық діндәр біледі. Рух – әруақтың жекеше түрі. Ал әруақ –рухтың көпше түрі. Біз дүние есігін ашқанда сол жеке автономиялы рухқа иелік етеміз. Ол жеке, дербес автономиялы болғандықтан өз бетінше сыртқы әлеммен (Алламен) байланысқа түсе алмайды. Түскенді былай қойғанда, «Әруақ жоқ», «Әруақ қайда?» деген әңгімелерді айта бастайды. Солай дей тұра ол өзінің әруақтан ұдайы пайдаланып тұрғанын мүлде білмейді. Егер мән берсек, тек сіз бен біз ғана емес, бүкіл жаратылыс сол әруақтан нәр, қуат алып, мына материялды әлемде көрініс беріп тұр.
Соған орай айтарымыз, әруақсыз бір тозаң көкке көтеріле алмайды. Сондай-ақ әруақсыз жасалған ғибадат, оқылған намаз да Аллаға ешқашан жетпейді. Ол – сен иелік ететін, дұрысы – саған тиесілі рух иелік ететін автономиялы шардың ішінде қалып қояды. Ал ол «шардың» ішінде Алла жоқ. Атеистер үшін мына әлем де сондай шар. Соған орай олар бұл әлемде Алланың жоқ екендігіне ғылыми тұрғыда көз жеткізген. Және де олардың ғылыми тұжырымы дұрыс. Себебі, олар да әруақты көре алған жоқ. Ал әруақты танымай, Алланы ешқашан тани алмайсың. «Өзіңді танысаң, Алланы танисың», – деген сөз соған орай айтылады.
Енді сауал. Сонда өзімізді қалай танимыз? Жауап айқын. Әр адам өзін тек Пір арқылы таниды. Мәселен біз өзімізді мұхиттағы балықпыз деп ойлайық. Балық болған соң, мұхитты мына әлем деп түсінеміз. Ал су – әруақ. Енді балықтың (біздің): «Су қайда», «Су жоқ қой» деуіміз ақылға сия ма? Тап сол сияқты айналамыздағы «бос кеңістіктің» бәрі әруақпен толтырылған. Шынтуайтына келгенде, әруақ – Алланың әскері. Ол ұдайы Алла қызметінде тұрады. Осы материя үстіндегі алғашқы әлем қақпасы тарихат арқылы ашылады. Сол әлемге кіретін қақпа иесі – Пір деп аталады. «Отырарда — отыз баб, Түркістанда – түмен баб, Сайрамда бар – сансыз баб, ең үлкені Арыстан баб», – дейініміз сондықтан. Баб дегеніміз – есік. Рухани есік. Сол есік иелерін біз бабтар дейміз. Сол әруақ әлемінің үстінде Пайғамбарымыздың (сғс) нұры тұрады. Сопылық тілде оны мағрифат дейміз. Одан жоғары – Алланың есім сипаттары. Әр адам иелік ететін рух (шар) осы әлемдерден тысқары тұрады. Пір – әр адамның шар іспеттес денесіндегі рухты сыртқы әруақ әлемімен қоса алатын құзыретті жалғыз жан. Әлгі бізді қоршап тұрған дене (шар) күйреген кезде рух бостандыққа шығады. Ол екі жағдайда, өлмей тұрып өлген кезде, яғни Пірге қол берген кезде және шын мәнінде өлген кезде бостандыққа шығады. Бірақ ол кезде бәрі кеш болады. Соған орай Шортанбай:
«Заманақыр кезінде
Қожасы жоқ құл азар,
Қонысы жоқ бай азар.
Азғанының белгісі –
Байдың тілін жарлы алмас,
Ханның тілін қара алмас,
Өлінің тілін тірі алмас,
Өздері ғақыл біле алмас.
Екі үлкен егесіп,
Қошқардай басын теңесіп,
Сол жерде заман оңалмас», – дейді.
Басы ашық жәйт. Алла адамды мінсіз жаратқан. Оның рухына Аллалық сипат тән. Ол оған әу баста берілген. Алайда сол Аллалық сана адам баласы дүние есігін ашқан сәтте-ақ нәпсімен бүркеледі.
Соған орай материялды сана (нәпсі) өзіне қажетті білімді, ақылды, қулық-сұмдықты өзінің өмірлік тәжірибесінен жинақтай бастайды. Алайда сол жинақтағанының бәрі өзі өмірден озғанда осы әлемде қалып қояды. Мәселен, Қазыбек би дүниеден өтер шағында: «Менің жаназамды шығыс жақтан келетін жолаушы шығарсын», – деп өсиет қалдырады. Айтқандай-ақ, Қазыбек би қайтыс болған сәтте шығыс жақтан оның өмір бойы бірге өскен үзеңгілес досы Бегімшайық әулие келе қалады. Ел арасына әулиелігімен танылған Бегімшайық Қазыбек бидің сүйегі жатқан үйге кіріп, мүрдені аса таяғымен бірнеше рет салып қалады. Әулиенің «әбес» ісін көрген Қазыбек бидің баласы Бекболат оны дереу тоқтатады. Сонда Бегімшайық: «Бекер араластың. Әкеңнің бойындағы бар қасиет сүйегімен бірге кетіп бара жатыр екен. Егер жеті рет ұрғанымда әкең бойындағы сол қасиет жеті ұрпағыңа даритын еді. Үш-ақ рет ұрып үлгердім. Енді би бойындағы сол қасиет үш ұрпағынан әрі аспайды», – деген екен. Шынында да Қазыбек би әулетіне дарыған билік, шешендік қасиет Бекболаттан Тіленшіге өтіп, одан Алшынбайға жеткен соң тоқтайды.
Енді сауал. Сонда Қазыбек би өзінің өмірден озатынын, сондай-ақ Бегімшайық әулие оның сүйегімен бірге кетіп бара жатқан қасиеттерді алып қалу керектігін қайдан білді?
Басы ашық жәйт. Рухани, яғни адам баласына әу баста берілген білім рухта тұрады. Кім де болсын Пірге қол берген кезде сол өлі, нәпсімен бүркелген сана қайта тіріледі. Соған орай Пірге қол берген адам өзінің бағзылық болмысымен қайта қауышады. Мұндай қауышу кейде түс (аян) арқылы да жүзеге асады. Кей өнер туындылары, ғылыми жаңалықтар осылай да өмірге келген. Бұл тұрғыда Мөңке би:
«Пірімнен жәрдем болмаса,
Не болсын бізде білімнен…», – дейді. Сонда ол қандай білім?
Құран Кәрімдегі пайғамбарларға қатысты айтылатын тарихта Мұсаға (ғ.с.) қатысты мынандай хикаят баяндалады. Мұса пайғамбар көңілі-нен бірде: «Осы жер бетінде менен асқан білім иесі жоқ-ау», – деген ой өтеді. Соған орай оған Алла тарапынан Қызырға (ғ.с.) жолығу әмір етіледі. Не керек, екеуі теңіз жағасында жолығып, бірнеше күн жолдас болады. Осы бірге жүрген кезде Мұса пайғамбар Қызыр (ғ.с.) тарапынан жасалған іс-әрекеттердің ешқайсысын да қабылдай алмайды. Соған орай қоштасар сәтте Қызыр (ғ.с.) оған өзі иелік ететін құпия білімнің бетін ашады. Біз адам баласы әу баста иелік еткен білім деп соны айтамыз. Ол — рухани білім. Батни деп те аталады. Ол білім — рухани патшалық иесі қолында тұрады. Қызыр (ғ.с.) сол патшалықтың иесі. Ал Мұса (ғ.с.) материялды әлемге иелік етеді. Осы бөлек екі патшалық біздің Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірге келу құрметіне орай тұтасып кетеді. Пірге қол берген адамдардың рухани да білім иесі болатыны сондықтан. Кердері Әбубәкірдің жырлауынша, атақты Досжан хазірет жүздеген мүридіне «жауһар білім – батыннандүр (батыния) білімін» ашқан. Досжанның Орынбор Қарғалысындағы пірі – Олдан шайх Мәуереннахрда батынияны таратқан Ниязқули әл-Бухаридің тікелей мүриді болса керек, себебі ол заман Еділ, Сібір атырабындағы көрнекті сопылар түгелдей Ниязқұлидың тәлімін көргендер еді. Ол заманда батырдан бұрын елді өзіне аударып әкететін шешен, наркескендей өткір би керек еді. Рас, ондай билер қазақ даласында аз болған жоқ. Әйтсе де не нәрсенің де себебін ашып отырып, салдарын түптеп отырып тың оймен, тосын қисынмен жаға ұстататын оқшау бітімді, мемлекетшіл көсем-бидің орны бөлек. Ондай тұлғаны дін оқуы да, дүние оқуы да қалыптастыра алмайды. Ондай ерекше қасиетті – кісінің жүрегін шыңдап, ықтиярын ықтияттап, ерік-жігерін жанып, өзгеден алапатын арттыратын қабілет-қарымды, парасат-пайымды сопылық, оның құпия ілімі ғана бере алады. Біздің хан, батыр-билеріміздің Пірге қол бергені сондықтан. Бұл тұрғыда Қашаған Күржұманұлы:
«Аллалаған пір өткен,
Туына жұртын түнеткен.
Жария зікір, таспих,
Мешіттің ішін гүл еткен.
Хақ Расулдың сүннетін,
Қожа Ахметтің міндетін,
Өшіре көрмең жүректен», – дейді.
Барлық тарихаттың негізі бір. Ол негіздің аты – руханият. Сондықтан сопылықтан шамалы түсінігі бар адам тарихаттарды, Пірлерді бір-біріне қарсы қоймайды. Себебі, руханиятта күпірлік, күнә, пенделік, ғайбат, жауыздық деген ұғымдар болмайды. Оның бәрі материялды әлемге тән. Жалпы руханиятқа қосылған адам ұдайы дәретпен жүруі тиіс. Бұл –нақышбанди тарихаты Пірлерінің басты уәзипасы (тапсырмасы). Соған орай кезінде біз де «Дәрет» атты өлең жазған едік. Келтіре кетейік:
«Келесі айтылар сөз – дәрет жайлы,
Жуылып сіз бен бізден
кетсін қайғы.
Дәрет кілті намаздың,
иманды істің,
Дәретсіз жерді баспа берсе де айды.

Дейді хадис: «Жақсы дәрет –
жарты иман»,
Дәретпен-ақ жандар бар
иман жиған.
«Ораза тұтқан жандай
дәретті адам»,
Түсінген жан шығармас
мұны мидан.

«Дәрет алған жұмаққа
лайық болар»,
Дәретсіз жер баспайды
өйткені олар.
«Өлер кезде шәйт кетер дәреті бар»,
Дәреттіге әрқашан Құдайы жар.

Дәруіш бейне жансыз топырақтай,
Отырады ол үнсіз бақылап жай.
» Дәрет алған адамның ағаштағы,
Бар күнәсі төгілер жапырақтай».

Құлағына кім мұны іле алады?!
Хадис сырын тоқыған біле алады.
«Тек кемел мүмін ғана білсеңіздер,
Дәретпенен әрдайым жүре алады».

Дәреттіге бір Алла болады жар,
Дәретсіздің қабірі болады тар.
«Дәретпен жатқан адам түнде өлсе,
Шаhит болар» деген сөз
хадисте бар.

«Періште дәреттінің
қасында ылғи»,
Жөн сөзді мақұл дейсің
басың шұлғи.
«Әрдайым сауап жазар» және олар,
Дүние байқалмастан өтер сырғи.

Дәреттіге «Мүшесі таспих айтар»,
Дәретсіздер өмірден құр
қол қайтар.
» Жаны оңай шығады» және тағы,
Бұны ұқпаған жан ғана
басын шайқар.

Біледі Алла барлығын, Алла шебер,
Хадис сырын ұққандар
жасын төгер.

«Жамандықтан сақтайды
періштелер,
Ұйықтағанда адам мен
жыннан келер.

«Дәретті жан Алланың
қорғауында»,
Бұл нәсіп болмаған ғой
көп қауымға.
Ендеше дәретпенен біз жүрейік,
Деген бар: «Садақаңды бер
сауыңда».
Иә, біз кезінде дәретсіз жер баспаған қазақ едік. Алайда жүре келе діндәрлардың өзі дәретсіз жүруге кеңшілік жасады. Себебі, әруақ әлемі біртін-біртін жадымыздан шыға бастады. Бұл тұрғыда патшалық Ресей тарапынан жоспарлы түрде жұмыстар жүргізілді. Рас, оған тарихи оқиғалар да себеп болды. 1718 жылы Тәуке хан өмірден озған соң үш жүздің басын қосқан Мүсірәлі Пірдің билігі шектелді. Соған орай хан-сұлтандар бас-басына билік құра бастады. Осылайша қазақ әруағының құты қашты. Сол-ақ екен, 1723 жылғы ақтабан шұбырынды маңдайымызға жазылды. Ол аздай 1731 жылы орыстың қолтығына кірдік. Міне содан келіп Екатерина II 1785 жылы 25 қарашада арнайы қаулы шығарып, барон Игельстромға қазақ руларын татар молдаларымен қамтамассыз етуді тапсырды. Молдалар қазақ даласында Ресей үкіметіне тыңшылық қызмет атқарып, қазақ халқын Ресей құрамына енгізуде делдалдық қызмет етуге мүмкіндік берді. Бәрінен бұрын Ресей тарапынан енгізілген татарлық діни мектеп дәстүрлі дініміздің тамырына балта шапты. Соған орай Пірлер биліктен аласталды. Сол-ақ екен қазақтың өршіл рухы сынды. Біз әруақты, әруақ бізді тәркі етті. Қазақ даласында тек шариғатты алға шығарған татар молдалар ұстаған діни мектептер бой көрсете бастады. Қазақты әруақтан айыру үшін пірліктің де бағасын түсірді. Тарихаттың исі мұрнына бармайтын ноғайларды қазаққа пір тұтқызды. Соған орай Бұхар жырау былайша толғады:
«Он екі айда жаз келер,
Құс алдында қаз келер.
Айтып айтпай немене
Заманымыз аз келер.
Ата-бабаң қол берген
Қожаларын қас көрер.
Ноғайларды ғалым деп,
Әулиедей көрерсің.
Ноғайлардың байлары
болар сазандай,
Сәлдесі болар қазандай.
Ақыретке барғанда,
Ақ сүйекті қор тұтқан,
Қараны онан зор тұтқан.
Ноғайларды пір тұтқан
Тартарсың сонда жазаңды-ай!».
Басы ашық жәйт. Қай мұсылман да Аллаға серік қосуға қорқады. Әсіре діншілдердің әруақты ауызға алмайтыны сондықтан. Шынтуайтына келгенде, әруақты ауызға алмаған адам Аллаға серік қосады.
Енді осы мәселенің басын ашайық. Кімге де болсын белгілі, егер жаны болмаса ешкім ешнәрсе істей алмайды. Ал жан дегеніміз – рух. Сол сияқты біздің көзімізге көрінетін, көрінбейтін барлық жаратылыста рух бар. Сол рухтарды біз бір ауыз сөзбен әруақ деп атаймыз. Сонда әруақ дегеніміз не?
Әруақ – ең әуелгі жаратылыс. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыз (сғс): «Алла Тағала ең әуелі менің нұрымды жаратты», — деген. Соған орай нақышбанди тарихатының Пірі Құрбанәлі Ахмед ишан:
«Алла Тағала Құран Кәрімнің: «Жүсіп сүресінің 87-ші аятында: «Уә лә тәясу мин раухилләһ»-«Алланың жаратқан аруағынан үміттеріңді үзбеңдер, инкар қылмаңдар», – деп кесім етті», – дейді. Сонымен қатар тағы да:
«Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Әууә-
лу мә халақаллаһу рухи уәл махлуқуна минни»-«Әуелі Менің (сғс) Рухымды жаратты. Менен (с.ғ.с.) бүкіл он сегіз мың әлемді жаратты», деген хадисін бәріміз де жақсы білеміз.
Демек:
Рух – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сипатынан болған бір сипат;
Рух – Пайғамбарымыздың (сғс) Құдратул хадиса қуатынан болған бір қуат;
Рух – Пайғамбарымыздың (сғс) Нұрының күшінен болған бір күш;
Рух – Пайғамбарымыздың (сғс) Нұр қызыметінен болған бір қызмет», – дегенді де айтады.
Енді мына мәселеге назар аударайық. Сонымен әуелгі жараты-лыстың Пайғамбарымыздың (сғс) нұры екендігі мәлім болды. Сопылық тілде бұл әлем – мағрифат делінеді. Одан жоғары – жоғары – 8 субути сипаты, одан жоғары – Алланың тажали заты (мекенсіз) бар. Ал Пайғамбарымыз (сғс) әлемінің төменгі жағында – руханият, яғни Күрси орналасқан. Біздің әруақ деп отырғанымыз сол. Арш болса – Пайғамбарымыз (сғс) әлемі. Әсіре діншілдер «Арш үстіндегі тақта Алла отырады», – дегенде, жоғарғы Аллалық сипаттарды Алланың өзі деп түсінеді. Жаңсақ түсінік. Біз тілге тиек еткен бұл жүйені нақышбанди тарихатының Пірі Құрбанәлі Ахмед ишан былайша түсіндіреді:

Хақиқат – Иләһи сана,
Мағрипат – Пайғамбарлық сана,
Тариқат – Рухани сана,
Шариғат – материалдық сана».
Біз кезінде әуелгі жаратылысқа қатысты «Нұр-Мұхаммед» деген өлең шығарған едік. Осы өлеңде де көп жәйттың беті ашылады. Оқып көрелік:
«Нұр-Мұхаммед – тіршіліктің
бастауы,
Әруақ сол – оған ешкім жоқ дауы.
Алла Әмірі әруаққа берілген,
Сол тіршілік, сол жер,
су мен тал – тауы.

Әруақта Алланың бар сипаты,
Нұр-Мұхаммед – әруақтың біл аты.
Онсыз әмір бұл әлемге симайды,
Екеуінсіз жоқ тіршілік бір заты.

Біз білетін 18 мың жалғанда,
Жанды, жансыз, тау да, тас та,
орман да,
Көрінетін, көрінбейтін бар әлем,
Бар болады Нұрда Әмір тұрғанда.

Табиғат сол – біз білетін заңдылық,
Табиғатта тұрған бірақ мәнді ұқ.
Әруақты ауызға алмай бірақ та,
Өзге жақты шиырлап бос қаңғыдық.

Ішіңде тұр әруағың – әлемің,
«Рух – Әмір» деген аят дәлелім.
Нұр-Мұхаммед рух болса,
Алла Әмір,
Иманым сол, соған ғана сенемін.

Қайдан білсін бал дәмін
татпағандар,
Төрге озды досқа қанжар
сақтағандар.
Әруқты тәркі етіп уағыз айтар,
Төрт-бес сүре Құраннан
жаттағандар.

Бал дәмін білмегенді едік емдер,
Соқырға бәрі бірдей күнді түн дер.
Дәстүрім мен дінімді былғап бітті,
Әруақсыз Алланы іздегендер.

Жан-әруақ, тәнің соның киімі,
Айттық сөздің келгеннен соң иіні.
Тәнді танып, әруақты ұмыттық,
Мұны ұғыну қиынның ең қиыны.

Сауал қойдың келтіріп сөз орайын,
«Алла қайда?» Сауалыңа болайын.
Алла! Алла! Нұр-Мұхаммед –
әруақ,
Алла өзіңде, бол ендеше көзайым.

Басқарылад әруақпен бұл әлем,
Білсең егер ойды соған бұрар ең.
Құдай емес, бірақ ол былай да емес,
Ұқсаң оны естен танып құлар ең.
Пірсіз мұны ұға алмайсың қарағым,
Қанаттанып өркен жайсын
талабың.
» Әруақ!» деп атой салған қазақты,
Түсінуге ниет қылсаң жарадың».
Сонымен әруақ туралы біршама түсінік алдық. Соған орай айтарымыз, қай мұсылман да әруақты қаперге алмай: «Мен намаз оқыдым», – десе, онда ол адам Аллаға серік қосудан шет қала алмайды. Себебі, жоғарыда да айтқанымыздай, ешкім әруақсыз кірпігін де қимылдата алмайды.
Бұл тұрғыда аталарымыз: «Құдай-сыз қурай да сынбайды», – деп қояды. Себебі, қурайды жансыз нәрсе сындыра алмайды. Ал жанда (рухта) Аллалық сипат бар. Сындыратын сол. Әруақ та, ауызекі тілде Құдайға телінетін де сол. Жалпы әруақты қаперге алмай: «Бәрін мен өзім жасадым», – дейтін адам аманатқа қиянат жасаған болып табылады. Себебі, рухсыз ешкімнің ешнәрсе жасай алмайтыны белгілі ғой. Ал рух болса, Алланың бізге берген аманаты. Соған орай аманатқа қиянат жасаған, яғни аманатты өзіне меншіктеп алған адам мұнафық (екіжүзді) делінеді. Пір болса сол аманатты сенің көзіңнің тірі кезінде-ақ Иесіне (әруақ әлеміне) қосып қоятын адам.
Енді сол әруақ әлеміне қосылғаннан кейін оқылған намаздың қандай болатынына көңіл аударып көрелік.
Бәрімізге белгілі, намаз – мүминнің миғражы. Миғраж – Алламен жүз-десу. Сонда намаз оқыған адам Алламен қалай жүздеседі? Жауап айқын. Миғраж (баспалдақ) арқылы. Баспалдақ деп отырғанымыз, біз жрғарыда санамалап шыққан әлемдер. Пірге қол беріп, руханиятқа қосылған адам сол әлемдерді басып өтіп, Алламен бетпе-бет келеді. Міне, ол кезде барып «Фатиха» сүресіндегі: «Өзіңе ғана бас иіп, құлшылық қыламыз. Бір Өзіңнен ғана жәрдем тілейміз!», – деген аятты айтады. Біз Пірге сол үшін де мұқтажбыз.
Пір мен Ишан бір ұғым. Сондық-тан да қазақ даласында ғұмыр кешкен барлық Ишандарды Пір деп қабылдаған жөн. Соған орай Палман шайыр кезінде:
«Тірегі мұсылманның Ажам, Араб,
Мұхаммед пайғамбардан шыққан
тарап –
Қожа Ахмет Ясауи Түркістанда
Кіші Мекке атанған алтын дарақ.
Алланың арыстаны Ер Әлінің
Мұхаммед-Ханафиясынан
өскен тарап.
Ысмаил, Айқожа ишан, Сайыпназар
Солардан шыққан ұрпақ
«Иа, Аллалап», – деген екен.
Міне, осы Ишандардың әр ауылда әлі күнге дейін мұрттары (мүридтері) бар. Бағзыдан қалыптасқан дәс-түр бойынша Ишандық мектеп тағылымын көрген қарабайыр халық өз Ишандары ұрпағын қазір де төрге оздырады. Әйтсе де ондай құрмет күн өткен сайын өз мәнін жоғалтып барады. Жүсіп Баласағұн соны білгендей:
«Құлдан бөлек, бек кісіден ерекше,
Адамдар бар, араласар керексе.
Бірі олардың пайғамбардың әулеті
Қадірлесең, қонар құт пен дәулеті.
Сүй оларды көңіліңмен, жаныңмен,
Нәрсе сыйлап, жақсылық
қыл барыңмен,
Бауыры бұлар пайғамбардың
ет жақын,
Пайғамбарлық қақы үшін сүй,
ей жаным!
Сұрастырма еш қарекет, сырларын,
Айтқан сөзін еш
қайтармай тыңдағын», – депті.
Әйтсе де қаншама жылдардан бері жүргізіліп келе жатқан дінсіздендіру саясаты өз нәтижесін берді. Соған орай адамдар құқы теңестірілді. Ер, әйел, жалпы барлық адам бірдей болған соң әулиелерді бар деп білмейтін болдық. Тіпті діннің өзі әулиелерді өткен тарих еншісіне қалдырды. Содан келдік те, Ишанды – молда, ал Пірді – жай ақсақал деп қана қабылдайтын болдық. Ишан мен Пірдің қадірі осылай құлдыраған соң қарапайым сопылар туралы сөз етудің өзі артық. Құдай абырой бергенде, бізді бүгінгі күнге жеткізген дін емес, әруақ. Бақ дейік, шақ дейік, қазақтың Құдайы – әруақ. Қазақты сақтап қалған да, ертеңгі күні ұшпаққа шығаратын да сол әруақ. Бұл тұрғыда нақышбанди тариқатының Пірі Құрбанәлі Ахмед Ишан былай дейді:
«Біз әруағымыз асса – мерейленіп жүретін; Аруағымыз қозса – төңкеріп тастайтын; Әруағымыз қысса құрбандық шалатын халық емес пе едік!
Біз қиналсақ та «Әруақ!», қуансақ та «Әруақ!» деп әруақты арқаланатын халық емес пе едік! Біз құлшылық етсек те әруақтан айналған; басымыз жерде жатса да әруақты аттамаған халық емес пе едік!»
Иә, солайы солай. Бірақ біз сол әруақтан ажырап қалдық. Себебі, әруақ иесі – Пірді тәркі еттік. Байы-бына барсақ, Пір мүмкіндігін жоққа шығару, Құдайдың мүмкіндігін жоққа шығарумен бірдей. Себебі біз Пірден ажырасақ, әруақтан ажыраймыз, ал әруақтан ажырасақ, Құдайдан ажыраймыз. Бұл тұрғыда біз кезінде «Пір» деген өлең жазған едік. Оқып көрелік:
«Әуелгі сөздің басы Пірім болсын!
Тілеуім бәріңнің де Пірің болсын!
Пірсіз қазақ болмаған ілгеріде,
Пірің бар, өзің жоқсың,
білсең – Солсың.

Пірсіздің білесіздер Пірі шайтан,
Бұл сөзді білгеннен соң
мен де айтам.
«Пірің бар, өзің жоқсың»
дегенді ұқсаң,
Сен болып тіл қатады
сонда шайтан.

Пірсіз сен бұл сөзімді ұға алмайсың,
Шайтаннан және өзің боп шыға
алмайсың.
Шыға алмайсың сондықтан
тілді безеп,
Өзіңді және өзгені құр алдайсың.

Момынның қай кезде де Пірі жары,
Онсыз келмес шайтанға тіпті әлі.
Адамның жанын баурап жүретұғын,
Аятпен расталған шайтан бары.

Қол бер Пірге егер де соны білсең,
Шайтандандың сен емес
егер күлсең.
Қайтейін өкінішті – Ібілістің ,
Құрығына ілінген емес бір сен.

Пір мәнін «ойпырмайдан»
ұғынасың,
Пірсіз таппас еш адам құбыласын.
«Ой, Пірім-ай» деп егер жүрмесек біз,
Онда бір күн бәлеге ұрынасың.

Пірдің әр кез жүреміз жетегінде,
Демейсің мақсатқа онсыз жетемін де.
Пірсіз шайтан иманға таласады,
Дүние шыр айналып өтерінде.

Жеттік біз бүгінгіге әупірімдеп,
Әупірімнен шығады
«О, Пірім!» кеп.
Тапсырып қойсақ егер Пірге өзіңді,
Тіршіліктің бәріне болады сеп.

Пір – Алла, Пір – Мұхаммед,
Пірім – Құран,
Бұл сөздер жай әншейін емес ұран.
Олардың әрқайсысын әлі айтармыз,
Сіздерге арналады барлық
жыр – ән».
Мұхтар Шахановтың «Бөдене таланттар мен Қажымұқандар» деп аталатын өлеңі бар. Сол өлеңінің соңын Мұхаң былайша түйіндейді:
«Шықпас деп қазір кім айтар қайсар
қанаттылар халықтан зерек?!
Рухтың табанындағы
шөңгені алатын,
Жабайы капитализмді де
жөнге салатын,
Қоянның көжегіне ұқсас ергежейлі
қалыптан бөлек,
Қоғамға бүгін Қажымұқан қуатты
дарындар, алыптар керек!..»
Енді сауал. Қажымұқан қуатты дарындар, алыптар туу үшін не істеу керек? Бұл сауалға жауап бермес бұрын әуелі М. Шаханов айтқан бөдене таланттар мен Қажымұқан таланттардың аражігін ажыратып көрейік. Ол үшін екі талантты материялды тұрғыда саралайық. Саралағанда, алдымызда екі талант иесі тұр делік. Біреуінің талантының көлемі — бөденедей, екіншісініңкі — Қажымұқандай. Қазіргі адамдық сана, адамдық түсінік, адамдық болмыстың да айырмашылығын тура осындай деп қабылдайық. Сонда мына әлемді «бөдене» адамдардың жаулап алғаны мәлім болады. Ал Қажымұқандар…
Енді негізгі айтпағымызға ойысайық. Егер байыбына барсақ, Қажымұқандардың, барлық тұрғы-дағы, оның ішінде адамдық та Қажымұқандардың некен-саяқ болса да кездесіп қалуын, олардың әртүрлі жағдайға байланысты руханиятпен байланысқа түсіп қалуынан деп түсінен жөн. Себебі, руханият (әруақ әлемі) бар асылдың негізі. Ал Пір адам баласын сол руханиятқа қосатын бірден бір жан.
Кезекті сауал. Сонда руханиятқа қосылған адамда қандай артық-шылықтар пайда болады? Әуелі мына жайтқа назар аударайық. Жер басып жүрген кез-келген жан өзі иелік ететін қуатты тек материалды әлемнен ғана алады. Олар: топырақ, су, от, ауа және нәпсі амара. Ал руханиятқа қосылған, яғни Пірге қол берген адам топырақтың негізі – қалыптағы және оның иесі Адам Сафиолладан келетін қуатқа; сондай-ақ, судың негізі – рух пен оның иесі Нұх Нәбиолладан келетін қуатқа; сонымен қатар, оттың негізі – сыр мен оның иесі Ибраhим Халиолладан келетін қуатқа; одан кейін, ауаның негізі – хафи мен оның иесі Иса Рухулладан келетін қуатқа және де осы төртеуінің басын қосатын нәпсі амараның негізі – ақпа мен оның иесі Мұса Кәлимолла арқылы келетін қуаттарға иелік етеді. Руханиятқа қосылған адам бұлармен қатар төрт ұлық періште – Жәбірейіл, Микаил, Исрафил, Әзірейілден келетін қуатқа, сонымен қатар Алланың тажализатынан, 99 есім мен 8 субути сипаттарынан, сондай-ақ Пайғамбарымыздың (сғс) нұры әлемінен және де руханияттан (әруақ әлемінен) келетін қуаттарға иелік етеді. Сонда ол Қажымұқан талант, Қажымұқандық санаға ие адам болмағанда кім болады?
Міне, Пірге қол беру астарында осындай құпия сырлар бұғып жатыр. Соған орай Руми:
«Көңіл жақсы көргенін тапса, қураған ағаш та гүлдейді», – деген. Ал Хазреті Нақшибанди болса: «Бұл жолды таппағанға ренжімеймін, бірақ тауып нәсіпсіз болғанға ренжимін», – дейді. Ендеше біз тілге тиек еткен рухани қуаттар баршаңызға нәсіп болсын!
Хакім Абай:
«Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі
Іштегі кірді қашырса
Адамның хикмет кеудесі», – дейді.
Иә, «көкірегі ояу» деген әңгімені біз де естіп жүрміз. Бірақ оның неге ояу екеніне жете мән берген емеспіз. Тіпті соған мән берген хакім Абайға да терең бойламай, ақынның тек: «Адамның хикмет кеудесі» дегенін ғана тілге тиек етіп, дұрысы сол сөзді ғана ұғынған болып, адам кеудесінде көп сырдың бұғып жатқанын білген адам сияқты кейіп танытамыз. Шынтуайтына келгенде, ол кейіпті де хакім Абайды зерттеп тастаған данышпан ойшылдар ғана танытады. Ал біз, несін жасырайық, осы бір шумақ өлеңде жасырылған сопылық тағлымға ешқашан мән берген емеспіз. Ал ол қандай мән?
Әуелгі мән – жүрек көзінің ашылуы;
Келесі мән – Хақтың сәулесі;
Соңғы мән – іштегі кірден арылу.
Міне, осы мәндер сыры ашылғанда адам кеудесінің хикмет екені мәлім болады. Ал ол мәндер сыры қалай ашылады? Жауап айқын. Тек қана Пір арқылы ғана ашылады. Осы жерде хакім Абайдың да жас кезінде Бұхарада 18 жыл оқыған Қамараддин хазретке қол бергендігі туралы бүркеулі тарих бетін ашатын уақыттың жеткенін айта кеткен жөн. Тарихқа жүгінсек, Қамараддин ишан атымен танылған Айжарық дамолла 1852-1863 жылдары Сарыарқа жерінде бір топ жастарға дәріс береді. Мәшhүр Жүсіп алғашқы сопылық тағлымды осы ұстазынан алады. Сол тағлымды хакім Абайдың да алуы мүмкін екендігі жоққа шығарылмайды. Оған Абайдың 1866 жылы Омбы Кадет корпусында оқып жүрген інісі Халиолла Құнанбайұлына жазған үшбу хаты дәлел бола алады. Аталмыш хатта: «Сізден бізге хат жазған Қамараддин моллаға көптен-көп сәлем дегейсіз. Һәр бір сізге дінқарындасы тұрғысынан сынан қылған жақсылықтары Алла тағаладан қайтсын, өзіне хат жазуға уақыт тар болды», – делінеді. Бұл кезде Абайдың жасы 21-де, Халиолланың жасы 17-де екендігін ескерсек, ағайынды шәкірттердің Қамараддин хазретке қол бергенін жоққа шығара алмаймыз. Хакім Абайдың біз жоғарыда қаперге алған өлеңі соған меңзейді.
Жә, енді әлгі мәндер сырына келейік. Басы ашық жәйт. Адам баласының кеудесінде Алламен байланыста тұратын бес нүкте (көз) бар. Оның екеуі – жүректің асты мен үстінде. Тап сондай екі «көз» оң жақ кеудеде орналасқан. Осы төртеуінің тап ортасында тағы бір «көз» бар. Бұл «көздер» сопылық тілде: қалып, рух, сыр, хафи, ақпа деп аталады. Осы «көздердің» әрқайсысына тілді таңдайға жапсырып тұрып тек жаныңмен «Алла», «Алла» деп күніне жүз, мың, он мың реттен айтып тұрсаң, яғни осылай деп зікір салсаң, әлгі «көздер» ояна бастайды. Хакім Абай: «Жүректің көзі ашылса» деп соны айтады. Сол «ашылған көз» біртін-біртін жүрек сияқты бес жерден соғып, лүпілдеп тұрады. Лүпілдеп қана қоймайды, Хақтың сәулесі түскен соң «Алла», Алла» деп тынымсыз соғып тұрады. Ал іштегі кір тек зікір арқылы қашады. Ол үшін зікірге отырғанда өзіңді Піріңе тапсырасың. Бұл деген, өзіңді жоқ ету деген сөз. Өзіңді жоқ еткен кезде, тек Пір алға шығады. Пірдің діни тілдегі тағы бір аты — мүштаhид (ұдайы Алламен байланыста тұратын адам). Міне, осы жәйтты қаперге алғанда, зікірге отырған сопының өзін Пірі арқылы Аллаға тапсырғаны мәлім болады. Осы тапсырудан кейін зікір салушы сопы: «Отырған орным — қабірім, киген киімім — кебінім, жұтқан демім — соңғы дем», — дейді де «Алла», «Алла» деп зікір салуды бастайды. Сол зікір үстінде әр сопы Алламен бетпе-бет келеді. Себебі әр адам тек зікір үстінде ғана «Бар» болып тұрады. Осы «Бар» болу мәнін шамалы түсіндіре кетелік.
Тілімізде: «Өткен шақ», «Осы шақ», «Келер шақ» деген ұғымдар бар. Егер мән берсек, біз өткен шаққа иелік ете алмаймыз. Сол сияқты, келер шақ та біздің құзырымызда емес. Біз тек осы шаққа ғана иелік етеміз. Нақтыласақ, жұтқан ауамызға ғана иелік етеміз. Себебі, шыққан ауа — өткен шақтың, ал жұтатын ауа — келер шақтың еншісіне жазылады. Зікір сол жұтылған ауа кезінде салынады. Сонда бетпе-бет келетінің де Алла, жүрегіңнен шығатын сөз де Алла, тіпті «hу» (hу — Алланың аты) деп шығарған демің де Алла болады.
Бірде нақышбанди тариқатының Пірі Құрбанәлі Ахмед ишанға мүриді:
– Хазірет, зікір салып жүрмін, бірақ жетісіп керемет көріп жүргенім шамалы, – депті. Сонда Пірі:
– Зікір салғаныңызға қанша уақыт болды? – деп сұрапты. Мүриді болса:
– 20 жылдан асты, – депті. Сонда хазірет:
– Енді 20 жыл Алла деп ”Зікір” айтқызып қойғанына шүкір айтпайсыз ба?! Одан артық қандай керемет керек?! Қаншама адамдар жүр, Алла деп айтпақ бұлай тұрсын, Алла мен шаруасы жоқ», – деген екен.
Кезінде мен де зікір туралы өлең жазған едім. Оқып көрелік:
«Алланы еске алсаңыз зікір болар,
Дей алмаймын ол жанға
шайтан жолар.
Үнемі «Алла» дейтін адамдар бар,
Тура жолды тапқандар міне солар.

Зікір салсаң Алланы ұғынасың,
Ұғынған соң төгілер көзден жасың.
Алла бар, өзің жоқсың, көкірегің,
Түскендей алай-түлей
бейне жасын.

«Алла» деп іздейсің сен ақиқатты,
Ұқпайсың оны айтпасаң
ешбір затты.
Зікірсіз бар өмірің босқа өтер,
Шерменде боп сандалып
таппай Хақты.

Алла мәнін мынадан ұғыналық,
Алланы айтпаған жан болар ғаріп.
Адасса сәби егер «Мама!» дейді,
Сол сөзден сәби жанын
біл сен танып.

Сол сөзде тұр сәбидің сағынышы,
Сол сөзбен өртеніп тұр, жалын іші.
Жанұшырып іздейді анасын ол,
Қорқыныштан бозарып
қашып түсі.

Жалғыз сөзден ұғасың соның бәрін,
Жалғыз сөз ашып тұр ғой
сәби халін.
Зікірден басталады барлық таным,
Сол сезім Алланы айтқан
менің жаным.
Мынандай тәмсіл де бар
зікір жайлы,
Бір жігіт ғашық бопты көріп айды.
Ай дегенім патшаның
жалғыз қызы,
Ғашықтықтан жігітті басты қайғы.

Перизат жас жігітке болды арман,
Дәрмен жоқ бірақ ешбір
келер қолдан.
Бейшара кедейге кім қызын берсін,
Өтердей бар өмірі салып зарлы ән.

Күннен — күнге жігітті қайғы басты,
Еріткендей қайғысы қара тасты.
«Сіз бұған қандай ақыл
қосасыз» деп,
Әулие жанға бір күн сырын ашты.

Әулие жан айтты оған тиіп себі,
«Алладан басқа сөзді ұмыт» деді.
Зікір салды ол «Алла» деп, шынында да,
Құдіретінде Алланың жоқ қой шегі.

«Алла!» «Алла!» дейді екен
қайда жүрсе,
Таңданғандар көбейді бұрын күлсе.
Зікірді кім де болса салар еді,
Келер қуат бұл сөздің мәнін білсе.

Алладан басқа сөзді айтпайды ол,
Біртіндеп ашылады жігітке жол.
Екі адам сөйлессе егер бір-бірімен,
Айтатыны тек қана болады сол.

Зікір біртін басады жігіт зарын,
Дәріптейді жұрт оны бейне дарын.
Бір күні патша ағзам да есітеді,
Қол астында сондай бір
жанның барын.
Жігітті патша өзіне шақыртады,
Ашылуға таяп тұр жігіт бағы.
– Тақуа сендей жанға қыз беремін,
Сеніңкі, – дейді және – Патша тағы.

Бұл сөзге жігіт мүлде таңданбайды,
Қалауына нәпсінің алданбайды.
Қызды да ауызға алмай қояды ол,
Бір кезде шынымен-ақ
болған қайғы.

Дейді жігіт — Зікірдің тиді себі,
Зікірсіз тұра алмаймын мүлде тегі.
Мүмкіндік маған тағы туса егер,
Қалауым қыздан да зор болар еді.

Дей алман қамымды өзге
менің жейді,
Зікір салып Алла деп өлсем мейлі.
Бәрін Алла берерін білсем егер,
Қызды мүлде ойламас едім, – дейді.

Ұқсаңыз қызды қалау нәпсіге тән,
Зікір салсақ Алланы табады жан.
Құлақ салған сіздерге алғыс шексіз,
Әлі де тамылжытып саламыз ән».

Басы ашық жәйт. Адам баласының аяғы жер бетіне тигелі соғыс өрті бір сәт те толастаған емес. Тарихта із қалдырған айтулы соғыстарды айтамыз. Ал «ауыл» арасындағы адамдардың бір-бірін түтіп жеуіне етіміз үйренген. Адам баласын жоюға арналған қаруларды санап түгесе алмайсың.
Дамыған елдердің қарулы күштері әлемді тітіркентеді. Түн жамылып жүретін қарақшы, қаншерлер өз алдына бір әлем.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *