Серпілемін, көкке  дауыс сермеймін… Серпілемін, көкке  дауыс сермеймін…
Түсіпқан Қасымжанұлы 1930 жылы Семей облысы, Аягөз ауданының Ақшатау совхозында туған. 1954 жылы Алматы қаласында тау-металлургия институтын бітіріп, тау инженері деген мамандық алды. Өзінің... Серпілемін, көкке  дауыс сермеймін…

Түсіпқан Қасымжанұлы
1930 жылы Семей облысы, Аягөз ауданының Ақшатау совхозында туған.
1954 жылы Алматы қаласында тау-металлургия институтын бітіріп, тау инженері деген мамандық алды. Өзінің еңбек жолын участок бастығының орынбасары қызметінен бастап, Екібастұздағы ірі көмір бірлестігінің экономикалық дирекциясының директорына дейін көтерілді.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де, Екібастұз қаласының “Ата-мұра” мәдени орталығын тұрғызып, соның директоры болып қызмет істеді.
Түсіпқан Қасымжанұлы Екібастұз қаласының халық депутаттары кеңесінің атқару комитетінің төрағасы, қалалық партия комитетінің бірінші хатшысының міндеттерін он екі жыл бойы атқарды.
Екібастұз көмір бассейнін дамытуға және ұлтаралық қатынастарды нығайтуға қосқан үлкен үлесі үшін, ол екі Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, Қазақстан Республикасынын Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен және үш мәртебелі Шахтер Даңқымен марапатталды.
1994 жылы “Екібестұз қаласының құрметті азаматы” атағы берілді.
Біз “Бүкіл қазақ елі ән салып тұрғандай” деген пікірге ие болған, әншілігі аңызға айналған, үштің бірі өлең жазуға ұмтылған халықпыз. Олай болса, Түсіпқанның өлең жазуға әуесқойлығы, құштарлығы дәстүріміздің жалғасы, өнер дамуының заңдылығы деп түсінеміз.
Түсіпқан Екібастұз қаласының 40-жылдық мерекесіне көргендері мен көңілдегілерін жазып, бірінші өлең кітабын шығарған еді. Ол кітап жас ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қосты.

Түс

Жетімдік алты жасымда,
Кетті мені күйретіп.
Қалмайды әлі қасымнан,
Келемін оны сүйретіп.

Сол жылғы бір түсімнен,
Жүремін әр кез шошынып.
Ой толғаймын түсінбей,
Сыры не деп осының.

Алпыста әкем сол жылы,
Менің жасым жетіде.
Тағдырдың жеккен біз құлы,
Тақыр кедей, жетім ек.

Аялайтын анам жоқ,
Әкемді басқан қайғы бар.
Жетім үйде пана жоқ,
Жанашыр жоқ, жәйді ұғар.

Үйімізде белгілі,
Бір зат жоқ, алар есепке.
Кеңестік заман келгелі,
Жиырма жыл өтті десек те.

Көз алдымда әлі де,
Терезенің жыртығы.
Тесігінің бәріне,
Қоятын әкем жүн тығып.

Қымбат дүние осы үйде,
Шынжырлы сағат болатын.
Құлазыған бос үйде,
Құлата құйма соғатын.

Тоюға тамақ таппаган,
Тәттінің дәмін татпаған.
Тіршілік еді күйзелген,
Таң атса, күн батпаған.

Шырылдап түннің ішінде,
Атып тұрдым ағалап.
Көк төбет ит түсімде,
Кетті жұлып, жаралап.

Оянып кетті әкем де,
Жатыр едім қасында.
Не болды саған, көкем? – деп,
Сипалады басымнан.

Бар ма деп, әлде ыстығың?
Бауырына қысады.
Түсімді айттып қыстығып,
Әлі де зәрем ұшады.

Түсің жаман! – деді әкем,
Дауысымен зілінің.
Сезіп жаттым бір бөтен,
Бойын ұрған дірілін.

Оу, тәңірім! Тағы да,
Жетімдерден ұялмай.
Қартайған мынау шағымда,
Неңді жүрсің қия алмай?

Деп әкем қатты күрсініп,
Мазасыз күйге оранды.
Жатырмын жаным түршігіп,
Түн таусылмай қараңғы.

Әкем сол түн көз ілмей,
Тұрып кетті азанда.
Дірілдеп қолы илікпей,
Қарма нан қарды қазанға.

Ұрлана қарап көзіне,
Іздеймін тосып жылылық.
Тек діріл көп сөзінде,
Қалыпты жүзі жығылып.

Іше алмай жөндеп шайын да,
Кесесін қолдан түсіріп.
Бір қайғыны мойындап,
Отырған қартты түсіндім.

Ұшырып сол кез үрейді,
Үйдегі мылқау тынысты.
Естілді сырттан біреудің,
Есікті соққан дыбысы.

Айтар сөзі үзіліп,
Жия алмай бойын қалды атам.
Кіріп келді тізіліп,
Қызыл жаға үш адам.

Жаңбырша жауып көп сұрақ,
Тінтіліп жатыр үй іші.
Бауырына басып тұр жылап,
Менімен әкем сүйісіп.

Білмедім қайдан әкелді,
Екі кітап-құранды.
Арқаға қағып әкемді,
Келеке етіп, қуанды.

Абақтыны көресің,
Қиын! – деп зекіп, желкелеп.
Ұшырып оның зәресін,
Алып кетті жетелеп.

Ойлаймын не, – деп абақты,
Қорқытып тұр жанымды.
Ызғары оны жалап тұр,
Қатырардай қанымды.

Үй-іші азынап, аңырап,
Түтін алып от басын.
Шеше жоқ енді маңырап,
Әкеммен қалдым қоштасып.

Өмірдің осы бір түні,
Жабысты дерт боп әкеме.
Өшті үйдың түтіні,
Ұрды бізді шекеден.

Қалды әкем сол жақта,
Тіршілік дәмі таусылып.
Осы жылды жауапқа,
Алуды бізге тапсырып.

Ойлаймын нелер ғажайып,
Қорлықты әкем көрді-ау деп.
Сағынып бізді сарғайып,
Жүрегін жарып, өлді-ау деп.

Жауаптан сол кез алынған,
Ашылды жала шындығы.
Жеке басқа табынған,
Жылдардың әкем құрбаны.

Өзі молда, өзі бай,
Халық жауы екен деп.
Қайтпастай етіп, ой аллай!
Соттапты менің әкемді.

Өмірдің ерте, кешінде,
Жылжыған жылдар көшінде.
Ойымда қалды өшпейтін,
Осы түс әлі есімде.

Анашым

Анашым-ау, сен дүниеден өттің де,
Бес жасымда мені тастап кеттің де.
Білмедім бе, білдім бе, есім бар ма?
Көз жасымды тауысып,
қабырғамды сөктім бе?

Мен де бірі болыппын-ау сор маңдай,
Таңдамай-ақ тағдыр құрық салғандай.
Жете алмады-ау, сезімім де, санам да,
Қайран анам мәңгі құлап қалғанда.

Анашым-ау, қалай ғана ерте өлдің?
Жыл өтпей-ақ қайғы-қасірет үйге енді.
Әкем менен ағамды алып түрмеге,
Жалғыз қалдым балалығым өртенді.

Айыптапты әкемді, молдасың деп,
Ағамды да, молданың баласы деп.
Әкетіпті оларды Сібірге алып,
Үш бала шулап қалдық панасы жоқ.
Қалыпты әкем Күншығыста-қиырда,
Аямады тағдыр соқты құйындай.
Өлді-ау қартым, бізді ойлап жанын жеп,
Туған жерден топырақта бұйырмай.

Асылым да, ардағы – анам менің,
Сен өткен соң бос қалды панам менің.
Ержеткен соң ауырсаң көмек беріп,
Арашалап өлімнен қалар ма едім?

Білесің ғой жетімектің өмірін,
Әркімге бір көзін сатқан көңілің.
Күн батқанда қай есікті ашам деп,
Жүретұғын бала намыс көміліп.

Өзінді білетіндер қасына алып,
Көңілі босап, көзіне жасын алып.
Сен туралы не жақсы ойлар айтса,
Тыңдаушы едім, елжіреп, іштен жанып.

Қарттар айтқан естелік бейнең сенің,
Жан-дүниемді жарық қып, нұр боп еніп.
Бір жақсы әйел кездессе көз ала алмай,
Сен де осындай шығар деп, жүрдім сеніп.

Көрсем тәтті, әңгіме айткан ананы,
Тыңдаушысы – өзі туған баланы.
Еріп-елтіп қызығына қуансам,
Жалғыздығым қызғанып та қалатын.

Сағынамын асыл анам-ардағым,
Өтті-ау, сенсіз, жаным сыздап зар қағып.
Есте сақтап қала алмаппын жүзіңді,
Сол боп өт-ау, арманымның – арманы.

Сен үшін де өмірді қымбат көрдім,
Өміріңді өзіммен үзбей жүрмін.
Мен де сендей құрметті болармын деп,
Сен көрмеген бақытты іздеп жүрмін.

Марат, Дулат ұлдарым бар – немерең,
Думан, Данияр екеу де шөберең.
Күлшат қызым, Айдар, Санат – жиенің
Көресің бе, көрмейсің бе сенер ем.

Сен көрмеген қызығын ғой осылар,
Өмір жалғап ұрпағына қосылар.
Мен де елімнің сенімінен сый алдым.
Үмітіңді ақтасам мен, тосып ал.

Ризамын мен бүгін тағдырыма,
Көрдім, білдім, бағындым жарлығына.
Жетім көз боп, өтсе де балалық шақ,
Аға болдым, келді ғой барлығы да.

Домбырамен сырласу

Шабытыма қанат болған домбырам,
Сиқырлы үнге сусынымды қандырам.
Ой сергітіп, қөңілімді өсіріп,
Шаршағанда жанға шуақ жандырам.

Көңіл тербеп, желпіндіріп күнде сен,
Ғасырлардың өткенімен үндесем.
Қос ішектің дүлдүл күйін ойнатып,
Құрман ата, Дина апамен тілдесем.

Зерікпеймін болсаң өзің қасымда,
Күй дүлдүлі ән бұлбұлы осында.
Біржан, Ақан, Естай, Майра қонағым,
Оларменен ән шырқаймын қосыла.

Сен тұрғанда жабырқауды білмеймін,
Серпілемін, көкке дауыс сермеймін.
Сені көрсем әрбір үйдің төрінен,
Шарықтайды, биіктейді мерейім.

Ұлы Абайдың
100 жылдық тойында

Жетіп қалдық 150 жыл – ұлы Абай тойына,
Қуанышым шарықтап, сияр емес бойыма.
100 жыл толған тойында да бәйге алған,
Бала кезім атқа шапқан ойымда.
Қарауылдан тоқсан шақырым қашықта,
Ауылым тұр Ақшатаудың қойнында.

Ақшатауым Шыңғыстаумен бауырлас,
Дәм-тұздары, думан-тойы аралас.
Тату-тәтті елдер еді жарасқан,
«Төскейде мал, төсекте бас» ауылдас:

Қуанышты жыл еді шашу терген,
Фашистерді талқандап жеңіс келген.
Біздің ауыл өзінше ерекше еді,
Көк жорға аты бәйгеден келіп жүрген.

Көз еді ол, шаттығымыз басылмаған,
Қуаныштың көз жасын жасылмаған.
100 жылдық Абай тойы бәйгесіне,
Ат қоссын деп келді бір тосын хабар.

Ести салып хабарды ел дүрлікті,
Бәйгеге қосамыз деп көк жүйрікті.
Екі-ақ жұма қалса да той күніне,
Жүйрігін жаратуға ой бірікті.

Сол күні Ақжайлаудан үш ат келді,
Үшеуі де жарасып баптауға енді.
Ақсақалдар жиналып ертелі-кеш,
Алдымен көк жорғаның жайын көрді.

Көк жорға бәйгелерден келіп жүрген,
Ел көңілін ерекше бөліп жүрген.
Аулымның бастығы сылап-сипап,
Су жорға деп тек өзі сәнге мінген.

Тұжырым ба, әлде не?.. ел тегінде,
Жорға жүйріқ болмайды дейді екен де.
«Мыңнан тұлпар шығады» деп айтуы,
Ойлайсың-ау, шынында дәл екен деп.

Екі ай бойы ер салмай жүрген жорға,
Тойынып, түрленіпті Ақжайлауда.
Жүйріктің де от көзі айтып тұрді,
Болады деп аламанға айдауға.

Құла менен қызыл ат қоса келген,
Өздерінше жүйріктер шаба білген.
Тәсіл екен үш атты жарыстырып,
Тамшы терді қалдырмай ала білген.

Басқарма, бәйге атқа енді кім шабады?
Айтыңдар сенім жықпас бір баланы!
Деп еді, ақсақалдар кеңес құрып,
«Мықты тақым» бала деп мені атады.

Бәйге бала мен болып, бағы жанған,
Алақайды аунаттым қуанғаннан.
Жас өсіп, жарлы байып жатады екен,
Бұдан артық мен үшін бола ма арман.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *