БОЛАШАҒЫМЫЗ БАЛА ШАҚТАН БАСТАЛАДЫ БОЛАШАҒЫМЫЗ БАЛА ШАҚТАН БАСТАЛАДЫ
  Мамытбек Қалдыбай, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ақжігіт ақұба өңді, орта бойлы, сұлу да сүйкімді бала еді. Көңілі ашық аспандай ашық болатын. Барлық пәннен... БОЛАШАҒЫМЫЗ БАЛА ШАҚТАН БАСТАЛАДЫ

 

Мамытбек Қалдыбай,

Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты

АТАТА

Ақжігіт ақұба өңді, орта бойлы, сұлу да сүйкімді бала еді. Көңілі ашық аспандай ашық болатын. Барлық пәннен «беске» оқып, қатар-құрбысының бәрімен тату болды. Мақтанып, кеуде көтермейтін. Жақында ойда жоқта жолығып қалып, екеуіміз ұзсақ сырластық. Көбіне ол сөйледі.
– Әкем табиғатынан тәрбиеші еді, – деп бастады сөзін. – «Жақсы оқыңдар, зейінді болыңдар, өтірік айтпаңдар, сенің сөзіңе жұрт сенетін болсын, үлкен кісіні сыйлаңдар, ешкімге қиянат жасамаңдар, елді, жерді сүйіңдер, батыр болыңдар. Естеріңде жүрсін, дүниедегі ең сұлулық – қарапайымдылық, көпшіл мінез», – деп үнемі айтып отыратын. Ол кісінің тағы бір ерекшелігі – бізге батырлар жырларын, қазақ ертегілерін көп оқытатын. Оқыған кітаптардың мазмұнын, қалай түсінгенімізді сұрайтын. Өзі нағыз кітапқұмар еді. «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз», «Жалын», «Білім және еңбек» журналдарын, «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Оңтүстік Қазақстан», аудандық «Ильич жолы» газеттерін жылда жаздырып алатын. Кейде «сендер дұрыс түсініңдер» деп мысалға Абайдың өлеңдерінен, қара сөздерінен үзінділер келтіріп, ойын тиянақтап отыратын.
– Сондағы айтқан бір-екеуін есіңе алшы?
Ақжігіт маңдайын ұстап, ойланып қалды.
Әлден соң:
– Е, есіме түсті, – деді қуана күлімсіреп. – Данышпан Абай: «Мықтымын деп мақтанба, ақыл білсең, мықты болсаң, өзіңнің нәпсіңді жең», – деген. Бұдан қандай ой түйдіңдер, балаларым, – деп әкеміз, бізге сынай қарайтын. Жауабымызға көңілі толмай, мұны былай ұғыңдар деп ерінбей талдап, түсіндіретін. «Өзі өзгеше боламын демектің түбі – мақтан. Әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілдікті бітіреді, күншілдік күншілдікті қозғайды» деген Абай аталарың. Ол кісі мақтаншақтың табиғатын терең таныған деп бізді мақтаншақ, күншіл болудан сақтандыратын.
– Тағы айта түсші?
– Бай киіз үйінің босағасына алтын көмген көрінеді. Түс әлетінде ішке бір кемпір еніп, босаға жанына шөкелеп отыра кетеді. Солай ету ауыл әйелдерінің әдеті ғой.
– Келіңіз, төрлетіңіз, – дейді бай. – Бұйымтайыңызды айтыңыз?
– Қызыңызға құда түскелі келдім, – деп кемпір маңғаздана тіл қатады. Байдың бәйбішесі үйде жоқ екен. Көршілерге қыдырып кетсе керек.
– Бәйбішем келсін, ақылдасамыз. Төрлетіңіз.
Кемпір төрге шығып отырады. Сол екі арада байдың бәйбішесі де келеді.
– Әлгі маған айтқан сөзіңізді қайталаңыз.
– Жүн сұрағалы келіп едім, – дейді кемпір. Оның алғаш:
«Қызыңызға құда түскелі келдім» – дегені босағаға көмілген алтынның буы екен. Ол төрге өткенде алтыннан алыстап, күнделікті қалпына түскен ғой. Бұдан не ұқтыңдар, балаларым? – деп әкеміз бәрімізге сұрақ қойып, бізден жөнді жауап ала алмаған соң: «Бұл шағын мысалда маңдай термен, яғни адал еңбекпен өмір сүру керек» – деген ой айтылған.
Баяғыда Абылай ханның бөркін біреу қасақана жерге түсіріп жібергенде: «Басыңыздағы қалпақ – халықтың киесі. Оны мазақ еткенге қалай кешірім жасайсыз. Оның жазасы – өлім» – дескен қасындағыларға:
– Басшының төңірегіне халық жиналғанда ғана кие орнайды. Бұл байқамай түсіріп алды – деп Абылай хан кешірім жасаған, – дегенді айтып әкеміз бізді кешірімді, кең болуға баулитын.
– Бала кезіңде қандай болдың?
Ақжігіт аха-ха-халап күлді.
– Ақсайда тұратынбыз. Той-жиын болса, үлкендер өзбекше шапан, тақия кигізіп, беліме белбеу байлап, кішкентай үш жасар мені билететін. Әкем: «Жақсы билейсің» – деп қоятын. Сол еміс-еміс есімде.
Мен бала кезімде бөтен үйге қона алмайтынмын, тамағын да ішпейтінмін. Себебі, басқа үйдің исін сезіп тұратынмын. Денеме бөртпе жара шығып кетер деп сескенетінмін. Аш болсам да, анамның істеген тамағынан басқа тамаққа тәбетім шаппайтын. Міндетті түрде үйге кеп қонып, анам істеген тамақты ішетінмін және өз төсегімде ғана жатқанды ұнататынмын. Алда жалда бөтен үйге қонатын жағдай туа қалса, онда есік алдындағы алма бағына төсек салдырып жататынмын. Біреудің төсегіне қисая кеткенді жек көретінмін. Ес білгеннен сондай әдетім болды.
Қолым жұмыстан сәл босай қалса, дереу кітапқа жармасатынмын. Әкемнің қалаға бара жатқанын біліп қалсам:
– Маған жаңа жарық көрген кітаптарды сатып ала келіңіз, – деп жалынатынмын.
Кешке өрістен қайтқан малды қарсы алу үішін ауыл сыртына шығып тұратынбыз. Сонда өзім құралпылас балаларға оқыған кітаптарымның оқиғаларын айтып беретінмін. Бәрі мені күнде қаумалай қоршап:
– Қандай шығарма оқыдың? Бізге айтшы, айт, – деп өтінетін.
Екі жаққа бөлініп, күрес, аударыспақ, көкпар ойындарын ой-найтынбыз. Мен намысқа тыры-сып, ешкімнен жеңілмейтінмін, әрі ешкімнен қорықпайтынмын, айт-қанымнан қайтпайтынмын. Себебі әкем: «Бабаларың батыр болған, сендер де батыр болыңдар», – деп Бөгет атамыздың ерлігін жиі еске салып отыратын.
Балалық па, кім білсін, сыныптастарымның бірде біріне есе жібермейтінмін. Жекпе-жекке тайсалмай шығатынмын. Құрдастарым мені көшбасшымыз дейтін. Барлық уақытта жақсы оқыдым, сынып ағасы болдым.
…Орталықтағы колхоз кеңсесі алдында бір топ адам тұр екен. «Ассалаумағалейкум» деп амандасып, жандарынан өте бергенімде әлгі топтың бірінің:
– Қалтайдың осы баласынан адам шығады, – деген сөзін есітіп қап, жалт қарадым. Жалт қарағаныммен әлгі сөзді қайсысы айтқанын біле алмадым. Шамамда кішкентай қозы қарны бар колхоз басқарма төрағасы Айтымбет Ералиев айтқан тәрізді. Олай дейтінім, маған ол қадала қарап тұр екен.
– Бұл кісі мені қайдан таниды? – деп бұрылып, жөніме кете бергенімде:
– Әй, бала, тоқташы? Жетіні тоғызға көбейтсең, қанша болады? – деді Айтымбет Ералиев.
Мен бірден жауап бердім.
– Айттым ғой, – деп ол топтасып тұрғандарға маңғаздана тіл қатты. Мен мүдірмей тез жауап бергеніме қуанып, алға адымдай түстім. Баламын.
Кітап оқуға өте құмар болдым дедім ғой. Ауыл, мектеп кітапханаларындағы қазақ тілінде жарық көрген көркем әдебиеттен мен оқымаған шығарма қалмаған шығар. Бір түнде бір кітапты оқып тауыса беретінмін. Бұл да әкемнің өнегесі.
Ол кісі бізді таңертең ерте тұрғызатын. Биенің құлынын бай-латып, ошаққа от жаққызатын. Қораның есігін ашқызып, малды өріске айдатқызатын. Біз ол кісінің тапсырмасын ешуақытта екі еткен емеспіз. Өте тілалғыш едік. Ауыл балалары шетінен тіл алғыш қой.
Жазда Қаратөбенің бауырайына бие арқандап, оны сауатынбыз. Бақша дақылдарын егіп, шалғымен шөп оратынбыз, күзде алма теретінбіз. Қыста малға қараумен бірге қораны тазалап, қиын сыртқа шығаратынбыз, Ол қидан көктемде тезек істейтінбіз. Кезекпен қой, қозы бағатынбыз. Осылай әкеміз бізді кішкентай кезімізден еңбекке баулыды.
Үйден домбыра үзілмейтін. Ағаларымның бәрі де домбыра тартатын. Көкем (біз әкемізді көке дейтінбіз) суырып салма ақын еді. Бізді ес білгеннен өнерге құштар етіп тәрбиеледі. Тек: «Музыкамен әуестенбеңдер, әулекі боп кетесіңдер. Музыка көңіл көтеру үшін қажет. Адам салмақты болу керек» – дейтін.
Бала кезім. Көкем Сиқымдардың шежіресін жинастырды. Қай жерде қандай ата, әулет бар деп ауыл ауылды аралап, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарына шейін барып, келіп жүрді. Ыса болыстың шежіресін ары қарай толықтырып, дамытты. Екі жылдай «Жүсіп-Зылиха» дастанын жазды. Ол кезде бүгінгідей электр шамы жоқ, сығырайған май шам ғана бар. Көкем күні бойы жазғанын кешке сығырайған май шамның жарығымен бізге әндетіп оқитын. Жан-жағынан қаумалай қоршап, ол кісіні ұйып тыңдайтынбыз. Ағалары баланы өлсін деп құдыққа тастағанымен тынбай, қойды сойып, оның қанын көйлегіне жағып, әкелеріне: «Балаңды қасқыр жеп кетті» дегеніне қайғырып, жылайтынбыз. Сол кезде Жебірейіл періште қанатымен қағып, баланы құдыққа түсірмей аман құтқарғанына, баланың аман қалғанына қуанатынбыз.
Көкемнің осы жыр оқу қасиеті біздің кітапқа деген құмарлығымызды оятты. Өзі оқып отырып, кей жерінде жылайтын. Біз де жылайтынбыз.
Көкем әскери милиционерлерге жақсы көзқараста емес еді. «Олар араққа құмар. Арақты көп ішеді. Жемқорлық осындайдан басталады» – деп онша жақтырмайтын. Егер көкем тірі болғанда мені Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне қызметке жібермес еді. Олай дейтінім, Ақмырза ағам «әскерде қалам, офицер болам» дегенде, «колхозда агроном боласың» деп рұқсат етпеген. Сол замандағы көкемнің түсінігінің шама-шарқы осындай еді. Бейбітшіл, қарапайым кісі болатын.
– Сен біреуді таяқтап, қашып-пысып саймен жүргенше, таяқ жеп жасырынбай қырмен жүр» – дейтін. Ол сөзді бізге төбелескіш боп бұзылып кетпесін, бізден де ел қамын ойлайтын ерлер шықсын» деп айтады екен. Тағы бір өнері – шахмат ойынына сондай құмар еді.
Көкемнің ойнағанын көріп жүріп шахматқа мен де біржола бауыр бастым. Шахмат – ермегіміз еді. Әсіресе, 9, 10 сыныптарда оқып жүргенімде көкеммен күнде шахмат ойнайтынмын. Бірде ұтып, бірде ұтылып қалатынмын. Көкемнің мені ұту үшін емес, өзінің құмарын басу үшін ойнайтынын іштей сезетінмін. Ол кісімен шахмат ойнағанның өзі маған өте пайдалы болды. Шахмат деген адамның ойлау, есте сақтау қабілетін дамытады екен. Оны орыстар ақыл-ойыңды жаттықтырып, шынықтырады дейтін көрінеді. Өзім шахматты өте көп, әрі жақсы ойнадым. Біздің әулетке бұл ойын түрі құт боп қонғандай. Мысалы, Ақжарқын әпкемнің ұлы шахматтан ССРО спорт шебері атанғанын мақтаныш етем.
– Әкелерің денсаулықтарыңа көңіл бөлуші ме еді?
– Атам қазақ «Тәні саудың – жаны сау» деген. Денсаулықтарыңды да ойлаңдар, күтіңдер, – деп көкеміз түсте бір-екі сағат ұйықтатып алатын.
Өзі таңертең намаз оқитын. Тағы бір ерекшелігі – өте атқұмар еді. Жирен қасқа атын біз Балдыбірек өзеніне шомылдырып, жал-құйрығын тарайтынбыз. Бір жаққа жол жүрерде тұлпарын ерттеп береміз, қайтып келгенде қарсы аламыз. Атын ер-тоқымынан ажыратып, қораға жайғастырамыз. Оны бағып-қағамыз.
Көкпарға 15-20 адам боп топтасып кететін. Ол жақта апталап жүретін. Үйге қонақтар келсе, түн ортасынан ауғанша әңгіме-дүкен құратын. Үй-ішіміз боп ұйып тыңдайтынбыз. Көкеміз.
– Отырыңдар, бәрін тыңдаңдар, – деп бізді міндетті түрде үлкендердің әңгімесіне қатыстыратын. Мен қонақтарға шай құйып беретінмін. Көкем әр қимылымды бақылап, байқап отыратын.
– Дұрыстап шай құйып беретін бала ең аз дегенде өзін құрметтей алады. Шайды дұрыстап құйып бере алмайтын балалар да бар. Олар адам болмайды. Одан түк шықпайды, – деп менің қонақтарға қызмет еткеніме қуанатын.
Өзін өте таза ұстайтын, сыртқы әлемі ғана емес, ішкі әлемі де сұлу болатын. Анамыз да сондай кісі еді. Үйімізде байлық, дүние жинау деген ниет байқалмайтын. Кедей, жұпыны тұрдық. Ауылдастарымыз арасындағы ең таза жүретіндер біз едік. Үйімізде ыбырсып, шашылып жатқан зат болмайтын. Монша жоғын ескеріп, анамыз суды жылытып, апта сайын бізді бір, не екі рет шомылдыратын.
Көкем бірде: «Түсімде көп жұлдыз көрдім. Ішінде бір жарық жұлдыз жарқырап тұрды. Сол сенсің, балам» – деді. Тағы бірде: «Он бір қозы бағып жүр едім. Біреуін қасқыр жеп кетті. Бір баламнан ажыраймын-ау», – деп жылады. Көп ұзамай Тәжікстандағы Ажар әпкем қайтыс болды. Көкемнің сондай көріпкелдігі де бар еді.
Ол кісі зейнеткерлікке шыққаннан кейін тау қарауылы боп істеді. Ақсудың қабағына жақын Сасық бастау деп аталатын Қарааршаның ар жағындағы Дулатбайдың тамы деген жерде жаз бойы болып, көкөніс өсіретінбіз, шөп оратынбыз.
Күндіз жұмыстан қолымыз босамайды, кешке қараңғы боп кетеді. Кітап оқи алмаймыз. Көкеміз бізді жалықтырмас үшін Бәйдібек баба, Сыдық төре, Домалақ ана, әз Төле, қаз дауысты Қазбек, Әйтеке билер, Жалаңтөс, Сыпатай, Бауыржан Момышұлы, баяғының батырлары, 1937-ші жылғы зұлмат туралы көп әңгіме айтатын. Кейде:
– Балаларым, зейін қойып тыңдаңдар, – деп қазақы күлкілі әңгімелердің бірінен кейін бірін айтып, біздің ішек-сілемізді қатырып, күлдіретін. Сәл үндемей қалсақ:
– Зеріктіңдер ме? – деп қайта бастайтын. Қазір ойласам, сонда ол кісі бізді жақсылыққа, ізгілікке баулуды көздеген екен.

ҰСТАЗДАР

– Сендерге Маутай сабақ берді ме?
– Берді. Ол кісіге: «Қалада көрген киноларыңызды айтып беріңізші?» – дейтінбіз. Ол майын тамызып айтып беретін. Біз ұйып тыңдайтынбыз.
Күзембай ағайдың Тәжібай деген құрдасы болатын. Балаларға: «Сенің атың Тәжібай. Балалар, суретті Тәжібайшылап салыңдар дейтін әзілдеп» – деп Ақжігіт аха-халап күлді. – Үйіңнен Тәжібайдың суретін салып кел деп інім Қанжігітке тапсырма беретін. Аха-ха-ха, аха-ха-ха. Итінің атын да Тәжібай деп қоятын.
– Басқа ұстаздарыңнан кімдер есіңде?
– Биология, химиядан мектебімізге жаңадан келген Бәтима, Әділ ағайдың үйіндегі Әлиман, Көшкін ағайдың үйіндегі Оразгүл, Әтір апайлар, Қырықбай, Найманбай, Күзембай, Түлкібек, Айтмұрза, Жұмабек, Мырзақұл, Орынбасар, Тещебай, Көшкін, Әділ, Өнер, Мақұлбек, Әбілқас ағайлар сабақ берді. Әр сыныпта академик болатындай кемінде 3-4 оқушыдан бар едік. Амал жоқ, біз оқулық шеңберінде ғана білім алдық. Ары қарай жан-жақты талдап, түсіндіретін бір де бір мұғалім болмады. Оқулықтағы кішкентай ғана материалды оқып, игеру өте қиынға соғатын. Оны мұғалімдер ары қарай талдап түсіндіруге дәрменсіз еді. Мұның бәрін мен кейіннен, өзім ержетіп, институтта оқып жүргенімде ұқтым. Мысалы:
– Бүгіндері маймыл неге адам тумайды? – деген сұрағыма Әбілқас ағай:
– Сенің былжырап не айтқаныңды түсінбеймін, – деп өзіме ұрсатын.

СЫНЫПТАСТАР

– Кімдермен бірге оқыдың?
– Қанат Оспанбеков, Қабланбек Оңалбеков, Шынарбек Ералиев, Есіркеп Жолдасовтармен бірге оқыдым. Бүгінде Қанат Оңтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруа-шылығы басқармасының бастығы, Қабланбек Шымкент қаласындағы жүйке аурулары ауруханасының 20 жылдан бері бас дәрігері. Шынарбек Алматы музыка мектебінде ұстаз, Есіркеп Шымкент опера және балет театрының дирижері, атақты Нұрғиса Тілендиевтың шәкірті. Мен домбыраны Шынарбек пен Есіркептен де жақсы тартатынмын.
Ес білгеннен ән-жырды, музыка-ны жақсы көріп, домбыраның құлағында ойнап өстім десем болады. Мектебіміздегі көркемөнерпаздар үйірмесіне үзбей қатысып, Күзембай
ағаның үйретімен күйлер орын-дайтынмын. Бес жасымнан бастап домбыра әуенімен үнді биін биледім. Мондалинде де ойнадым.
Әлі күнге дейін жақсы ән, жақсы музыканы құмарта тыңдаймын. Ақжол, Ақмырза, Ақмұрат ағаларым да әнге, музыкаға құмар еді, бәрі домбыраны жақсы тартатын. Жаңадан ән шықса, тез үйреніп алуға тырысатынбыз.
Ақмырза айтыскер ақын еді. Өлеңді құрастырып айта беретін. Ол Алматыда оқыған студент кезінде ауылымызға жаңа әндерді алып келетін. Ол әндерді түн жарымына дейін ұйықтамай, қасында отырып үйренетінмін.
Ол кезде магнитофон, телевизор деген жоқ. Тыңдайтынымыз – радионың «Шалқар» арнасы. «Шал-қардан» қазақ әндерін беретін.
Сыныбымызда Сартаева Қаламқас, Сартаев Ораз, Сапар деген оқушылар болды. Қаламқас кейін әнші атанды. Үшеуі де Күзембай ағайдың туыстары, атақты Дәулет күйшінің немере, шөберелері болатын. Олардың бойын-дағы өнер бабаларынан дарыған өнер екен. Олардан атақты өнер иелері; әнші, композитор шығатыны сөзсіз еді. Өкінішке қарай, оны дамытпады. Оған басты себеп, аналары жесірлік тағдырдың қыспағында жүріп, олардың ізденуіне, оқуына септігін тигізе алмады.
Ораз өте өнертапқыш бала болатын. Қолдан құрастырып арба жасап жүретін.
– Оқушы кезінде ме?
– Иә. Таң қалатын едік. Гитараны, радионы қолдан жасай беретін. Машинаның неше түрін ойлап табатын. Техникаға бейім еді.
– Ол қазір қайда?
– Ауылда. Қарапайым жұмысшы болып қалды. Амал қанша, қаржының тапшылығынан оқи алмады. Мек-тебімізде өнертапқыш үйірмесі жұмыс істегенде де ол жақсы дамитын еді.
Рәтбек Жамалбеков деген көкемізді білетін бе едіңіз?
– Білетінмін.
– Сол кісінің Арыс деген ортаншы баласы бізбен бірге оқыды. Өте талантты бала еді. Жақсы оқыды. Ең үздік мен болсам, ол менен бір мысқал да кем оқымайтын.
Төртінші сыныпта жүргенінде Арыстың анасы қайтыс болды. Әкесі бухгалтер еді.
Есепті шығару жолдарын маған әкем үйрететін, – дейтін мақтанып. Сонда мен оған керемет қызығып қарайтынмын. Біздің әкеміз өйтіп үйретпейтін. Тағы менің өмірімдегі келеңсіз жағдай, үй тапсырмасын еденге етбетімнен жатып орын-дайтынмын. Арыс олай емес, үй тапсырмасын орындықта отырып орындайтын. Ол сондай талантты оқушы еді. Анасы қайтыс болды да, сабақ үлгерімі күрт төмендеп кетті. Қазір өндірісте мастер боп істеп жүр.
Сыныбымызда Тілеубай Досым-беков деген бала болды. Өлең жазатын. Өлеңдеріне қатты қарным ашатын. Қазір ойласам, оны дұрыс бағаламаған екем. Оның балаң екенін ескермеппін. Өзім өлең жазуға құмартпадым. Жазсам, одан жақсы жазатынымды білдім. Тек талпынбадым. Талпынбаған себебім, әкем желөкпелікті жек көрді. Өлең-жыр туралы сөз қозғасақ, жақтырмай отыратын. Ақмұрат ағама:
– Мына балаға ән үйретіп, желөкпе ететін болдың, – деп ұрсатын. Музыкант, артист мамандығын мойындамайтын.
– Еріккеннің ермегіне айналмай, дұрыс адам болатын мамандықты таңдау керек, – дейтін.
– Өлең жазған Тілеубай маған көрші тұрды. Әкесі жоқ, адамгершілігі бар, мінезі жақсы, өтірік айтпайтын, иманжүзді бала еді ғой. Ол қазір кім болып істейді? – деген менің сұрағыма, Ақжігіт:
– Шымкент қаласында суретші, – деп жауап қатты. – Біз әке-шешеміз арқасында біраз еркелеу өскен шығармыз. Тілеубай бұйығылау, сабағын бір қалыпты оқыды. Оны жақсы тәрбиелегенде жазушы, ақын да болып кетер еді. Мектебімізде оған дұрыс бағыт-бағдар беретін ешкім болған жоқ. Дұрыс бағыт-бағдар беруге әдебиет пәнінің мұғалімдерінің шамасы жетпеді. Қазір ойласам, сол кездегі мұғалімдер оныншы сыныпты әрең бітірген оқушылар сияқты екен. Көбісі маған солай елестейді.

МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ

– Инженерлік мамандықты қалай таңдадың?
– Мен мектепте оқып жүргенімде дәрігер болғанды аңсадым. «Білім және еңбек» журналында халық емдері, дәрі шөптер туралы жазылғандарды қызығып оқушы едім. Мектепті бітірген соң, Қарағанды медицина институтына барам дегенімде әкем:
– Айналайын, Қарағанды деген алыс жер. Ол жаққа бармай-ақ қой. Анда-санда жіберетін ақшам да жоқ. Зейнетақым аз. Мүмкіндігім шамалы. Сен биыл барасың, келесі жылы мен өлем. Сен қабіріме топырақ салуға үлгіре алмай қаласың. Мына ауылымыздың іргесіндегі Шымкенттің оқуы да жақсы, – деп рұқсат етпеді.
Тәуекел деп Шымкент технология институына құжат тапсырдым. Менің тобыма ертең қабылдау емтиханы басталады. Ақмырза ағамның үйіндегі жеңгемнің сіңлісі Шымкент педагогика институтының математика факультетіне түсу үшін емтихан тапсырғалы ішке кіріп кеткен еді. Біз, жанкүйр ретінде, Ақмырза ағам екеуміз сыртта күтіп тұрғанбыз. Қасымыздағы бір топ талапкер бір есепті шығара алмай әлекке түсті. Оларға мектеп мұғалімі көмектесіп еді, одан да нәтиже шықпады. Мен үңіле қарап:
– Е, мынаны былай, ананы олай ет, – деп жолдарын көрсеткен едім, есеп шықты да кетті.
– Ой, сен бала қайда оқисың? – деді мұғалім маған таңырқай қарап.
– Мен де талапкермін. Технология институтына келдім, – деп жөнімді айттым.
Мұғалім Ақмырза ағама:
– Е, мына бала институтқа түседі, түсті. Бұл түспесе, білмеймін кімнің түсетінін. Мына математика факультетінің талапкерлері шығара алмаған есепті оп-оңай шығарды, – деді. Мұны естіген Ақмырза ағам:
– Сен институтқа түсесің, – деп қуанып кетті.
Мен қалың ой құшағындамын. Бар қаупім – орыс тілі. Ауылымыздан бір орысты көрген емеспін. Түрінің қандай екенін де білмеймін. Мектепте оқып жүргенімде сынып жетекшіміз Мырзақұл Тұрғынбаев ағайымыздың басқаруымен бірінші рет Алматыға саяхат жасағанымыз бар. Сонда сіз бізді үйіңізге ертіп барып, ауруханада емделіп жатқан батыр Бауыржан Момышұлы атамазбен кездестіргенсіз. Содан кейін ауылдан ұзап ешқайда шыққан емеспін. Барып, қыдырып тұратын жақын маңдағы қалаларда туысқанымыз да жоқ еді.
…Екі емтиханнан «бес» алдым. Үшінші асу – орыс тілі. Емтихан қабылдаушы екі әйел бір жазуы бар парақты ұсынып:
– Осыны оқып, мазмұнын ауызша айтып бересің, – деді. Ол қағаздағы жазуды оқығаныммен ештеңе ұққаным жоқ. Қиналғаным сондай еңсем түсіп кетті.
Емтихан қабылдаушы екі орыс әйел шаштарын сары, еріндерін қызыл бояумен бояп алған. Өзара орысша сөйлесіп отыр. Маған да орысшалап бірдеме, бірдеме деп қояды.
– Оқы, түсінгеніңді айт дегені шығар, – деп қағазға өтірік үңілем. Басым салбырап, қабағым түйіліп кеткен. Бір кезде:
– Ой, мына бала қатты қиналып отыр ғой, – деп біреуінің қазақша сөйлегенін құлағым шалып қалды. Менде үн жоқ. Жұмған аузымды аша алар емеспін. Себебі, ештеңе білмеймін.
– Шынында мына балаға обал болады-ау, – деді екіншісі. Құлағым елең ете түсті.
– Апайлар, сіздер қазақсыздар ма? – дедім жылдам сөйлеп.
– Е, қазақ болмағанда ше? Қазақ болмай не көрініпті? – деді бірі.
– Манадан бері мен сіздерді орыс екен деп отырмын. Ауылда өстім, бір орысты көрген емеспін.
Шынымды айтсам, мен орысша білмеймін. Мектепте басқа пәннің бәрінен «беске» оқыдым. Мен сіздерге уәде берем, екі айда орыс тілін үйренем. Маған сеніңіздер. Мен ешқашан өтірік айтқан емеспін. Дұрыс баға қойып жіберулеріңізді өтінем.
Екеуі ауызша кеңестен құламай өтті деп жазып берді. Қалған емтихандарды «беске» тапсырып, иниститутқа түсіп кеттім. Бірден жақсы оқыдым. Орысшаны өліп-талып екі айда үйрендім. Үшінші курстан бастап жоғары стипендия алдым. Топ ағасы боп сайландым.
Көкем екінші курста оқып жүргенімде қайтыс болды. Сәл жасып қалдым. Бұған дейін көкеме арқа сүйеп, еркін сөйлеп, еркін жүрген едім. Әжептеуір басылып, жиі-жиі ойға енетін болдым. Бұрынғыдай желіккенді қойып, салмақтылау күйге ауыстым. Әке қадірін тірі кезінде, әсіресе күнде қасыңда жүргенде біле бермейтініміз бар екен-ау деп өткен күндеріме ой жібердім. Ендігі мақсатым – әкем, әулетім атына кір келтірмей, жақсы оқу, білімді азамат атанып, еліме, жеріме адал қызмет ету екенін бар жан дүниеммен сезіндім. Әсіресе, әкемнің «келесі жылы мен өлем» деген сөзінің дәл келгеніне таңғалдым, қазір де таңғалам.
– Иниститутта өтетін ғылыми конференцияларға қатыстың ба?
– Бізде лабораториялық жұмыс жүргізілетін. Себебі, мамандығымыз – цемент шығару. Көбіне ананы қоссаң, мынаны қоссаң, қандай цемент шығады деп лабораторияда тәжірибе жасаймыз. Техника ғылымының кандидаты, докторы болатын шамам бар еді. Соны өзім ылғи армандап жүрдім.

КУРСТАСТАР

Орта бойлы, шыныққан шымыр денелі, ширақ қимылды, қыр мұрынды жігітағасы екеуміз оңаша бөлмеде сырласып отырмыз. Ол студенттік өмірін еске алып:
– Еншімізге жатақхананың ең шетіндегі бөлме тиіпті, – деп біраз күліп алды. – Сол бөлменің ішіне еніп, «Жалын» журналын оқып отыр едім, Ақжігіт келді. Алдында аудиторияда бір-бірімізді көріп, танысқанбыз.
– О, бірге жататын болдық, – деп қуаныстық. Бірер күннен кейін Серік Малышев деген жігіт төбе көрсетті. Ол да өзіміздің курстасымыз.
Үшеуміз бір-бірімізбен жақсы сыйласып, бір ананың баласындай болып кеттік. Бір бөлмеде жатамыз. Таңертең бірге тұрамыз. Біріміздің киімімізді біріміз жуа саламыз.
Ақжігіт сол кездің өзінде-ақ өте сауатты, білімді еді. Сауатты, білімді екені сөйлеген сөзінен де, істеген ісінен де, жүріс-тұрысынан да көрініп тұратын.
Күнбатыс жағымызда жаңа жатақ-хана үйі салынып жатқан. Оны біздің факультеттің студенттеріне беріледі екен деген сөз шындыққа айналып, ол бітісімен сонда көшетін болдық.
Қазан айының бес-алтысында мақта теріміне аттандық.
Ол жақта да жұбымыз жазылған жоқ. Еңбек майданы кімнің кім екенін әйгілей түседі емес пе? Құдайға шүкір, үшеуміз де еңбекпен көзін ашқан жандар екенбіз.
Мақта терімінен келісімен жаңа жатақханаға көштік. Тағы да үшеуміз бір бөлмеден орын алдық.
– Студенттік өмірде есте қалған оқиғалар болды ма?
– Болды. Мен бәрінен Ақжігіттің есте сақтау қабілетінің күштілігіне таңғалатынмын. Аудиторияда екі жүздей студент отырамыз. Лекцияны бас көтермей, өліп-тіріліп жазамыз. Ақжігіт дәптеріне әлденелерді түртіп қойып, жайбарақат отыратын. Жазуына ешкім түсінбейтін, әріптері өте майда еді.
Асыл дауыстай күлді.
– Мен ғана түсінетінмін. Сонда Ақжігіт лекцияның керекті жерін ғана жазатын. Оны оқып, ар жағында не барын есіне түсіре қоятын. Оның сондай қасиеті бар еді.
Біз силикат факультетінде оқыдық. Органикалық, басқа да химиялар бар. Лабароториялық жұмысты бастап, басымыз қатып отырғанда, Ақжігіт: «Болды, арғы жағы белгілі» – деп формуланы шығара салатын.
– Ей, тоқтасайшы. Мынаны аяғына дейін істейік, – десек:
– Жоқ, босқа әуреленбеңдер. Дәп-терлеріңді жинай салыңдар. Кеттік, тамақ ішеміз, – дейді. Сонда біз бас жағын бастағаннан ол оның аяқ жағының немен бітетінін біліп қоятын. Басы қатты жұмыс істейтін.
– Емтиханға қалай дайындалатын?
– Емтиханға бәріміз бірге бара-тынбыз. Бізді таңертең оятатын.
– Әлі ерте, таң атсын, адамдар көшемен жүрсін. Күте тұрайық, – десек:
– Жоқ, сөзді көбейтпеңдер. Ем-
тиханды бірінші болып тапсы-рамыз, – деп төсегінен тұрады. Лаж жоқ, біз де тұрамыз. Жуынып-шайынып, тамақтанып, жатақханадан шығамыз. Түнімен жауған қарға әлі із түспеген. Аппақ ақ дүние құшағында иниститутымызға барамыз. Ешкім көрінбейді.
– Неге асықтық?
– Е, ерте тұрсаң ісің ерте бітеді дейтін әкем, – деп Ақжігіт күлімдей жауап береді.
Емтиханға бірінші кіреміз. Ол бізге жасырын көмек беретін. Оның осындай адамға, қасында жүрген достарына деген қамқорлығы өте күшті еді.
– Ұрлықы жазбаға (шпаргалкіге) құмар болмаңдар. Ол не білім береді? Одан гөрі ғылыми еңбектерді оқыңдар, – дейтін. Өзі ұрлықы жазбаны жек көретін.
Ол кезде бәріміз жаспыз. Кейде келешек туралы ой бөлісеміз.
– Иниститут бітіреміз, қызмет бабымен тұс-тұсқа кетеміз. Кімнің кім болатынын білмейміз. Қайда жүрсек те бір-бірімізге қамқор болайық, – десетін едік.
Иниститутта Нұрмахан Қарабаев, Тәңірберген Сыпатаев, Сәбен Әшір-баев, Амантай Айтуғанов, Ақжігіт Исабеков, мен – бесеуміз өзі-
мізше араластық. Бәріміз ауыл-дың баласымыз. Біреуіміз Шар-дарадан, біреуіміз Бәйдібек ауданы-нанбыз. Ақжігіт Төле биден, мен Жетісайданмын. Сол бесеуміз отба-сымызбен әлі араласамыз. Ылғи тойларда, жақсылық жағдайларда бас қосып тұрамыз. Ұл-қыздарымыз да бір-бірін таниды. Бұл Ақжігіттің адамгершілігінің жемісі.
Оның ағайын-туғанға деген пейі-лі де, қамқорлығы да ерекше еді. Ағайынына ешкім Ақжігітке ұқсап жәрдем бере алмайтын шығар. Қолынан келгенше бәріне көмектесіп жатыр. Әсіресе, жағдайы жоқ жетім-жесір, кембағалдарға көмегін аямайды. Ол жағы енді мықты. Кейінгі жылдары имандылыққа бет бұрып, намаз оқыды.
– Студенттік өмірлеріңнің есте жүрген қызық оқиғасын айтшы?
– Қаңтар айында қасымыздағы Кәден деген жігітті туған күні болды. Ол Бәйдібек ауданының жігіті еді. Әпкесі Алматының орталығында тұрады екен. Сол кісінің үйінде бас қостық.
Кәден сыныптастарын да шақы-*рыпты. Біз бір топ боп барғанбыз. Ол үйден түнгі сағат он бірлерде шықтық. Қызумыз. Айқайлап ән айтып келеміз. Кенет екі орыстың баласы қарсы ұшырасты. Алда кетіп бара жатқан жігіттер ол екеуінің біреуін қағып кетіп, құлақшынын жерге ұшырып түсірді. Сол сол екен. айқай-шу шығып, төбелес басталды да кетті. Көше жигендегі үйлердің терезелерінен әйелдер:
– Қашыңдар! Кетіңдер! Милиция шақырдық. Құрыңдар! – деп орысшалап айқайлай бастады. Бәріміз тым-тырақай қаштық. Машина көрінбейді. Есесіне мотоцикль мінген милиционерлер жетіп үлгерді.
Жігіттер үстілеріндегі сырт киімдерін шешіп, лақтырып тастап, қашып барады. Олардан мотоцикль озып кетті. Мен тоқтай қалып, жігіттердің киімдерін жинап жүрмін.
Ақжігіт қоршаудан секіріп, ар жағына өтті. Сол сәтте милиционерлер оны, тағы бір жігітімізді ұстап алып, милиция бөліміне алып кетті.
Біз жатақханаға келдік. Мен жинап-теріп алған киімдердің бәрін иелеріне табыс еттім. Екі досымызды қамаудан қалай құтқарамыз деп ақылдастық. Көрші бөлмедегілерді ояттық.
– Әй, жігіттер, осындай күтпеген оқиға болып қалды. Милиционерлер екі курстасымызды ұстап алып кетті. Не істейміз? – дестік.
Ол кезде такси де жоқ еді. Оншақты жігіт жаяу милиция бөліміне бардық. Ондағылар:
– Екеуін қамап қойдық. Таңертең келіңдер, – деді. Ұбап-шұбап жатақ-ханаға қайттық. Мұндайда қай-дан ұйқы келсін.
– Әй, не амал істейміз? Енді бұларды оқудан шығарып жібереді, – деп ақылдасып, дереу ақша жинай бастадық. Ана досымызды, мына досымызды ұйқыдан оятып, мән-жайды айтып түсіндірдік. Олар сөзге келмей тапқанын беріп жатыр. 500 сомдай ақша жинадық. Ертелетіп милиция бөліміне бардық. Барсақ, сол маңда түнгі екі орыс бала да жүр. Олар милицияға: «Бізді ұрды. Біреуі құлақшынымызды тартып алды» – деген мағынада түсінік жазып беріпті. Кейін білдік, әлгінің басынан жерге түскен құлақшынды біздің бір студент басына киіп алған екен. Оған ұрыстық.
Милиция бөлімінде қазақ сержант отыр.
– Аулақ жүріңдер! – деп еш сөйлеспеді.
– Ең құрығанда бізді жолықтыршы?
– Жоқ, жолықтырмаймын!
Бүйірдегі бөлмеден кекселеу өзбек майоры шыға келді.
Шамада жасы қырық бестерде-ау. Сол ана сержантқа:
– Әй, өзіңнің қазақтарың ғой. Бұларды сонша неге қинап отырсың? Студенттерге көмектеспесең, обал болады, – деген сөз айтты. Бір жақсысы, құжатты әлі толтырмаған екен.
– Біз студентпіз, – деп сержантқа екі жүз сом бердік.
– Студентпіз дегеннен кейін райымнан қайттым, – деп ол екі жүз сомды алып, екі досымызды темір тордан шығарды.
Бәріміз қарапайым адамдардың балаларымыз. Ішімізде ешқайсы-мыздың тіреп тұрған ешкіміміз жоқ. Енді екеуін иниституттан шығарып жіберетін болды деп біздер әбден қорыққан едік. Екі досымызбен жылап, құшақтасып көрістік.
Екеуі жалаңаяқ. Аяғындағы бәтіңкілерін кімнің алғанын білмейді.
– Тар бөлмеде он бес шақты адам жаттық. Жатарда аяқкиімдерімізді шешіп қойған едік. Тұрсақ жоқ. Біреулер киіп кетсе керек, – деді екеуі. Бұрын бір танысымнан:
– Темір торға түскендердің аяқ киімдері табылмай қалады, – дегенді естіген мен ескі аяқкиімдерді ала барғам. Ол аяқкиімдерді екеуі ескі-пескі демей киіп алды. Көшеге шығып, жатақханамызға қайтып келе жатырмыз. Бәріміз қуаныштымыз.
Мен жол бойы әлгі өзбек майорға рақмет айтумен болдым. Өзі үлкендеу кісі екен. «Әй, өзіңнің қазақтарың ғой. Неге қинайсың? Оқудан шығарып жіберсе, студенттерге обал болады» – дегенінен кейін қазақ сержант икемге келді. Оған әлгі кісі ой салмағанда ол мәжілісхатты толтырып, иниститутқа хабарламақшы еді. Өз басым екі досымызды өзбек милиционердің арқасында қатал жазадан құтқарып қалдық деп ойлаймын. Біздің басымыздан осындай да жағдай өткен.
– Қамалып қалған екінші студенттің аты-жөні кім?
– Нұрмақан Қарабаев. Ол қазір Семей қаласында тұрады, бір заводтың бас инженері.
– Тағы айта түсші? – дедім мен қызығып.
– Көбі естен шықты. Бас қосуларда ылғи Ақжігітпен бірге болатын едік. Оның аздап ән айтатыны да бар еді.
– Даусы жақсы ма?
– Жақсы. Бас қосуларда ашық-жарқын, көңілді отыратынбыз. Аздап ішетін де едік. Е, есіме түсті. Қарағанды қаласында бір қызық болды.
Ол қарқылдап, рахаттана күлді.
– Онда да ішкіліктің кесірі. Төртінші курсты бітіріп, Қарағанды облысына қарайтын Ақтау елді мекеніндегі цемент заводына тәжірибеден өткелі оншақты жігіт бардық. Қалғандарымыз Семейге, Ресейге кетті.
Ақтауда бір ай болып, Қарағандыға келдік. Поезға әлі билет алғанымыз жоқ. Ақжігіт:
– Әй, осы қалада менің Қабланбек деген сыныптасым бар. Вокзал маңында тұрады. Өзі Қарағанды медицина институтында оқиды. Поезд жоқ, босқа күтіп қайтеміз. Қабланбекке барайық, – деді.
Күн кешкіріп қалған кез еді. Қабланбектің жалдаған пәтері жолдың арғы жиегінде ғана екен. Алыстан көрініп тұр.
Пәтеріне енсек, қасындағы бір жігітпен Қабланбек шай ішіп отыр. Ақжігіт екеуі құшақтасып амандасты. Дереу дастарқанын жаңалады.
Баяғыда милицияға бірге түскен Ақжігіт пен Нұрмахан екеуі бірдеңеге келісе алмай ерегісіп қалды.
Ақжігіт пен Нұрмаханды жарастыра алмай әлекпіз. Екеуі қолдарын сермеп, екі жаққа кетіп қалады. Көйлектерін шешіп тастаған, майкішең. Түрлері қап-қара боп кеткен. Оларға екі жігітімізді бөліп, қалғанымыз кассаға барып, билет алып жүрміз. Жұрттың бәрі бізге жоламай қашады. Сонда. біреуіміздің бір қасиетіміз бар-ау деп ойладым. Қалайша дейсіз ғой? Вокзалды басымызға көтеріп, айқайлап жүргенде ешкім бұларың қалай демеді. Бізді қазақтар да, орыстар да, тіпті бірді-екілі милиционерлер де көрді. Біреуі ұстамады.
Билетті алысымен Ақжігіт пен Нұрмаханды жарастырып, сүйрелей-мүйрелей поезға міндік. Шымкентке аман-есен жеткеніміз де достықтың арқасы.
Ақжігіттің сондағы адамгершілігі – Нұрмаханның сөздерін көңіліне алған жоқ. Нұрмахан да солай етті.
– Шынында сендерді Құдай сақтаған екен. Қиын жағдайға ұрынып қалуларың мүмкін еді ғой.
– Иә, бізді Құдай сақтады. Есімізді жиған соң: «Енді шарап ішкенді қояйық» – дестік.
Ол күлді.
– Оққағарларың бар екен, – деп мен де күлдім.
– Е, тағы бір жағдай есіме түсті.
– Айт, іркілме.
– Бірде Ақжігіттің сыныптастары жатақханамызға келді. Оларды қалай қарсы алмайсың. І
Ақжігіт шай ішсе, сырт киімінің бәрін шешіп, басын орамалмен таңып алатын. Кенет үстімізге кезекші қыздар енді де:
–Жатақхананы тексеріп сарапшы топ келе жатыр, – деп хабарлады.
– Ақа, орныңнан қозғалма. Есіктің ілгегін іштен іліп алайықшы? – дедім. Ішкен адам тыңдай ма? Ақжігіт сыртқа елден бұрын шықты. Дәлізде жүріп бара жатырмыз.
– Ақа, сарапшы топ арасында оқытушылар бар екен. Бәле болады. Бөлмемізге қайтайық, – дедім.
– Біз тәртіп бұзған жоқпыз ғой.
Бір орында сөйлесіп тұрғанбыз. Орыс оқытушы мен
Ақжігіт бетпе-бет кездесіп қалды. Оқытушы Ақанды таниды.
– Сендерде бөтен адамдар бар ғой, – деп еді, Ақжігіт:
– Пошел, – деді орысшалап. Оқытушы ашуланды.
– Ойбай, енді қайттік? Мұның арты насырға шабады, – деп мен жуып-шайғансыдым.
Оқытушы деканның орынбасары еді. Ертеңіне ол деканға айтқан. Декан ректорға барғалы отыр екен дегенді есітіп, жатақханадағы барлық студент көтерілдік. Командентымыз Орынкүл деген Жетісай қаласының қызы еді. Орыс мектебін бітірген, өткір қыз болатын. Бәріміз соған бардық.
– Ақжігітпен осындай жағдай болып қалды.
– Ой, енді оны институттан шығарады. Деканның орынбасары тоңмойын, шовинист адам. Ақжігіт кешірім сұрап алдына барсын, – деп ол қатты мазасызданды.
– Мен алдына не деп барам? Ештеңе дегем жоқ. Ештеңе білмеймін, – деп Ақжігіт көнбей қойды.
Жатақхана студенттерінің комсо-мол комитеті Ақжігіт туралы жақсы мінездеме жазып, оған бәріміз қол қойып, деканға бардық. Жалынып жүріп, деканды әрең райынан қайтардық. Өйтпегенімізде ол Ақжігітті иниституттан шығармақшы еді. Сонда бір таңғалғаным, қазақ қыздары мен жігіттері жұдырықтай жұмылып: «Біз үздік студент Ақжігіт Исабековті жемтік ете алмаймыз!» – деп көтеріліп кетті. Бұл бағытта Орынкүл өте үлкен жұмыс істеді. Өзі орысша, қазақша шешен сөйлейтін, нағыз белсенді, өткір қыз еді.
– Бұл әрекеттеріңіз жастарымызға жақсы өнеге екен. Тек Ақжігіттің деканның орынбасарына «пошел» дегені үлкен дөрекілік. Бәрі ішкіліктің кесірі ғой, – деген маған:
– Әлбетте. Ақжігіт жайшылықта сондай ұстамды, сыпайы жігіт. Ол кейін деканның орынбасарынан кешірім сұрады.
– Студенттік өмірлеріңде қызық көп екен ғой.
– Көбі көп. Ақжігітке тартып, жақсы оқысын деп екінші ұлымның атын Ақжігіт қойдым. Ол сәл еркелеу болып, сабақты орташа оқыды.
Сегізінші сыныпта жүргенінде:
– Ақжігіт досым сияқты сабағын жақсы оқысын, соның жолын қусын деп атыңды әдейі Ақжігіт қойып едім. Үмітті ақтамадың, – деп қайта-қайта ұрса берсем керек. Ұлым:
– Неге атымды Ақжігіт деп қоясыңдар?! Басқа ат құрып қалды ма? Ақжігіт деген ат басыма бәле болды ғой, – деп тас-талқаны шығып ашуланса бола ма?
Екеуіміз де қарқылдап күлдік.
– Қазір ол ұлым иниститутты бітіріп, үйленіп, ауылымдағы мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жүр.
– Е, онысы үлкен жетістік екен. Өмірден өз орнын тапқан адам бақытты. Ұлың Ақжігітке тартыпты, – дедім мен риза көңілмен.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *