МАҚАЛДЫҢ МӘНІ МАҚАЛДЫҢ МӘНІ

МАҚАЛДЫҢ МӘНІ

24.06.2020 0 3 831

Құдияр БІЛӘЛ, жазушы, ҚР «Мәдениет қайраткері»   Адам жаратылысы әрқилы. Соған орай аталарымыз: «Біреу күймеге қарайды, Біреу күймеге таққан түймеге қарайды», – деген. Бұл... МАҚАЛДЫҢ МӘНІ

Құдияр БІЛӘЛ, жазушы,
ҚР «Мәдениет қайраткері»

 

Адам жаратылысы әрқилы. Соған орай аталарымыз: «Біреу күймеге қарайды, Біреу күймеге таққан түймеге қарайды», – деген. Бұл да өз құпиясын ішіне бүккен мақал. Себебі, күймені емес, оған тағылған түймені көру… Мақал мәніне қатысты кесімді ой айту қиын. Өйткені ол – ниетке байланысты айқындалады. Мәселен, бір парақ ақ қағаз бетіне бір нүкте қара дақ салып, көпшілікке: «Мына жерден не көріп тұрсыздар?» десеңіз, жұрттың бәрі қара нүкте көріп тұрғанын айтады. Ал бір бет ақ қағазға ешкім де назар аудармайды. Сол сияқты талантты адамдар да затты өзінше көреді. Соған орай аталарымыз:
«Әуелі бойыңда талант болсын,
Талантыңа талабың қанат болсын» деп қояды. Әйтсе де талант та әрқилы. Мәселен ол талант иесі суретші болмаса, сөз басында біз келтірген мақалда айтылатын күймеден түймені көре алмауы мүмкін. Рас, ол «түймені» күйменің кінәраты ретінде де қабылдауға болады. Соған орай біз де жоғарыда: «Мақал мәні ниетке байланысты айқындалады» дегенбіз.
Сонымен талантқа қатысты айтылған кейінгі мақалға келейік. Байыбына барсақ, бұл мақалдағы негізгі мән талантта емес, талапта тұр. Алайда ол талаптың да бағын бақ ашатынын аталарымыз: «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» деп айтып қойған. Мән берсек, бақ – діни сенім. Соған орай ұлы тұлғалардың өзі әлгі «бақты» айналып өтіп, талант жолының оңғарылуы талапқа, еңбекке байланысты деп түсінеді. Әрине, оны біз де жоққа шығармаймыз. Бұл тұрғыда Рэй Крок:
«Алға қарай ұмтыл: өмірде табандылықтың орнын ештеңе баса алмайды. Талантты болса да, жолы болмағандар көп. Данышпан болса да, ойлары жүзеге аспағандар көп. Тіпті ең жоғары білім де оны алмастыра алмайды. Өйткені әлем білімді жалқауларға толы. Ең басты құдірет – табандылық пен өз дегеніңнен қайтпау», – десе, Майкл Джексон:
«Ерекше талант иесі болуың мүмкін, алайда дайындалмасаң, жаттықпасаң бәрі желге кетеді», – деп нақтылай түседі.
Алайда: «Талантты адам – барлық істе де талантты» деген де қағидат бар. Сірә А. Куприн: «Сурет салуға, мүсін жасауға, ән айтуға, өлең шығаруға қаншалықты талант керек болса, махаббатқа да соншалықты талант керек», – дегенді соған орай айтса керек.
Сурет салу демекші, бұл орайда жапон халқында:
«Бұтақтың суретін салу үшін желдің сыбдырын есту керек», – деген мақал бар екен. Әрине, желдің сыбдырын есту үшін ерекше талант қажет. Ол «сыбдырды» талантың болмаса қанша жерден талаптанып, қанша жерден еңбек етсең де ести алмайсың. Ал талант – Алланың сыйы. Шынтуайтына келгенде бұл жерде де дінді айналып өтуге болмайды. Себебі, ол «сый» – аталарымыз айтқан таудай талаптан биік тұратын бармақтай бақ. Сондықтан да бізге ата-бабаларымыздан мұраға қалған мақал-мәтелдерге жеңіл-желпі қарауға болмайды. Біздің мақалдар мәніне қайта үңіліп жатқандығымыз сондықтан.

***

«Ажал жетпей – өлмек жоқ» деп Қорқыт атамыз айтпақшы, тілімізде өлім-жітімге байланысты біршама мақал-мәтелдер бар. Соның бірі: «Өлмектің артынан өлмек жоқ» деген мақал. Алайда бұл мақалдың жүре келе мәні өзгергендіктен «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» деп қолданылатын болды. «Тірі адамның тіршілік жасайтынын» қаперге алсақ, қайта осы біз мәні өзгерді деп отырған мақал қаралы адамдарға басу айтуға дөп келетін тәрізді. Себебі, Жиренше шешен айтпақшы:
«Әкесі өлген – асқар тауы
құлағанмен бірдей,
Шешесі өлген – ағар бұлағы
суалғанмен бірдей,
Ағасы өлген – оң қанаты
қайырылғанмен бірдей,
Інісі өлген – сол қанаты
қайырылғанмен бірдей,
Апа-қарындасы өлген – өрісі
тарылғанмен бірдей».
Иә, Жүсіп Баласағұни айтқандай:
«Барлық адамның тағдыры бір жерде түйіседі: құл да өледі, қожайын да өледі».
Жүсіп Баласағұни бұл ойын одан әрі өрбітіп:
«Бұл дүниеде екі-ақ есік бар: бірі – өмірге қарай ашылады, екіншісі – өлімге қарай ашады. Бірінші есікке енген адам – екінші есікке де енеді», – депті.
Иә, Махамбет Өтемісұлы айтпақшы: «Өлім – хақтың пәрмені». Соған орай аталарымыз:
Батырдың көзі өмірге түседі,
Қорқақтың көзі өлімге түседі» және «Ер екі өлмейді, бір өледі,Қорқақ шіркін күнде өледі» деген сияқты да мақалдарды өмірге әкелген. Алайда біз көбіне ақиретті емес, осы өмірді көбірек ойлаймыз. Соған орай хадисте:
“Пенде жан тапсырғанда періш-телер: “ақиретке не алып кетті?” дейді. Ал, адамдар болса: “Артында не қалды?” дейді” (Байһаки), – делінеді. Шынтуайтына келгенде: «Әрбір жан өлімнің дәмін татады» (Әли Имран сүресінің 185-аяты). Себебі, «Бұл дүние тіршілігі – тек ойын-ермек, өткінші нәрсе, нағыз өмір – ақыретте» (Анкабут сүресі, 64-аят).
Соған орай кімнің де болсын білгені жөн:
«Алла жандарды өлім кезінде (ажалы жеткенде) алады. Ал (əлі) өлмегенді ұйқысында (сезімдерін тоқтатады). Өлімді үкім еткенін ұстап қалады да, ал өзгесін (ұйқыдағысын) белгілі мерзімге дейін (денесіне қайтарып) жібереді. Негізінде, осында ойланған қауым үшін (Алланың құдіретінде) сөзсіз белгілер бар» (Зүмәр сүресі, 42-аят).
Соған орай айтарымыз:
«Ешбір жан ертең не болатынын білмейді, ешбір жан қай жерде өлетінін білмейді. Шындығында, Алла – бәрін Білуші һәм Хабардар» (Лұқман сүресі, 34-аят).
Тағы да қайталайық:
«Қайда болсаңдар да сендерге ажал жетеді, тіпті, тұрғызылған мұнараларда болсаңдар да» (Ниса сүресі, 78-аят).
Сондықтан да:
«Намазым да, құлшылығым да, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемнің Раббысы Алла үшін. Оның еш серігі жоқ. Осылай бұйырылдым және мен бойсұнушылардың алғашқысымын» деп айт» (Әнғам, 162-163-аят).
Міне енді аталарымыздан қалған: «Өлмектің артынан өлмек жоқ» деген мақал мәнінің де ашылар уақыты жетті. Білген жөн. Құран аятында айтылған «бойұсынушылар» аталарымыздан қалған мақалдағы – өлмектің артынан өлмек жоқ екенін дұрыс түсінгендер. Себебі, бұл – ақида (сенім). Адам баласы ажал дәмін бір-ақ рет татады. Одан кейін өлім жоқ. Соған орай аталарымыз: «Өлмектің артынан өлмек жоқ» деген. «Періштелер ондай тақуалардың жақсы жағдайда жандарын алады да, оларға: «Сендерге есендік болсын! Істеген жақсылықтарыңа орай жәннатқа кіріңдер!» – дейді» (Нахл сүресі, 32 аят). Бұл орайда хакім Абай да:
«Өлейін деп өлмейді өлерлік жан,
Әсте өлмейді білгендей
қылық қылған.
Ажал келіп бас салса, жанды ұрласа,
Өмір қайда, сен қайда, соны да ойла.

Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ.
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ», – дейді.
Жалпы адам баласы өздерінің өлмек үшін туатынын әу бастан білген. Мәселен, Күлтегін де: Адам баласының бәрі де өлгелі жаралған», – дейді.
Жалпы «Ажал ақымақ үшін алтау, ақылды үшін біреу», – демекші, ақылды адам ешкімді де: «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» деп жұбатпайды. Оның үстіне жұбатуға тірі адам емес, өлгендер мұқтаж. Соған орай өлгендерге қарата: «Алла алдынан жарылқасын, өлім – хақ, осымен бәрі тәмам, себебі, өлмектің артынан өлмек жоқ» деп қоямыз. Оның үстіне Иүгінеки Ахмед айтпақшы:
«Өмір тәтті – бүгін қолың жеткенде,
Удай ащы – ертең тастап кеткенде».
Сондай-ақ, өлгеннің артынан еш-кімнің де өлгісі келе қоймайтынын Төле би де өз насихатында былай деп аңғартады:
«Арғымақ баптап не керек –
жабы қуып жеткен соң,
Ағайын-туған не керек –
аңдысып күні өткен соң,
Бес күн дәурен өтеді –
ажал қуып жеткен соң».
Алайда адам баласы сол бес күн дәуренді өтпестей көреді. Өтпесей көретіні сонша, әр туған күнін асыға күтеді. Бұл орайда Бернард Шоу: «Тек ақымақ қана өз өлімінің жақындағанын тойлайтын болады», – деген екен. Сірә, Қадыр ағамыз: «Өлімнен де ауыр ит өмір кімге керек?!, – дегенді соған орай айтса керек.

***

Тілімізде: «Жолаушы жол кеспейді» деген даналық бар. Соған орай біз жолаушыдан: «Жол болсын» деп жөн сұраймыз. Және де: «Жолаушыны сусындатпай тұрып, бұйымтайын сұрама» деген даналықты да қаперге аламыз. Себебі, «Жолаушының үлеспеген еншісі бар». Және де: «Жолаушының азығы – жолында». Сондай-ақ «Үйінен қырық қадам ұзап шыққан адам мүсәпір». Мүсәпір – түрік тілінде жолаушы деген мағына береді. Соған орай аталарымыз: «Аңшының кешіккенінен сүйін, жолаушының кешіккенінен күйін» деп отырады. Жалпы: «Жол азабы – көр азабы» десек те, аталарымыз: «Жолда жүрген май ішер, үйде қалған қан ішер» деген. Себебі, жолаушы адам қауіптен тысқары болмағанымен, үйдегінің уайымы одан басым болады.
«Жолаушының ақысы – жүрсе өнеді» десек те, аталарымыз айтқандай: «Жолаушыны жол сынайды». Соған орай Уинстон Черчилль: «Бақыт пен денсаулық тілемеңіз, сәттілік тілеңіз. «Титаник» жолаушыларының барлығы бай-қуатты болды, ал жолы болғыштары бірнешеу ғана», – деген.
Соны білген біздің ата-бабаларымыз жолды ешқашан кеспеген. Оған себеп: “Қандай да бір іске бел буғаныңда: «Мен оны ертең (міндетті түрде) істеймін», – деп, айтушы болма. Тек «иншалла (Алла қаласа немесе бұйырса), істеймін», – деп, айт. Олай айтуды ұмытып кеткеніңде, (есіңе түсе салысымен) бірден Раббыңды есіңе ал әрі: «Раббым маған туралыққа ең жақын болған істі аз ғана уақыт ішінде істеуді нәсіп етер, деп, үміт етемін», – дегін» («Кәһф» сүресі, 23-24), — деген аят
Жоғарыда ата-бабаларымыздан жет-кен бірқатар мақал-мәтелдерді тілге тиек еттік. Мән берсек, жолаушылардың кесімді жауап бермейтіні, жалпы адам баласының өзі тумысынан жолаушы.
Мынандай бір тәмсіл бар. Бір жолаушы жігіт аты аңызға айналған ишанның үйіне қонақ болып түседі. Ғұлама діндардың тым жұпыны тұратынын көрген жолаушы: «Үйіңізге ешқандай дүние-мүлік жинамағаныңыз қалай?» деп сұрайды. Сонда ғұлама: «Сенде де артық дүние жоқ қой», – дейді. Әлгі жігіт ғұламаға таңдана қарап: «Мен жолаушымын ғой», – дегенде, ғұлама да: «Мен де жолаушымын» деген екен.
Жалпы ишандардың қолына таяқ ұстап жүруінің бір себебі сол. Қолдағы таяқ – адамның жолаушы екендігін ұдайы сезіндіртіп тұрады. Олардың материалды әлемге байланбайтындығы сондықтан.
Сөз соңын Тұрмағамбет Ізтілеуұлы-ның мына толғауымен түйіндейік:
«Жолығып бір жолаушы бір данаға:
– Жетемін, – деді, –
қашан мен қалаға?.
– Барасың асықпасаң бір-ақ күнде,
Қонасың асықсаң бес екі араға.
Деп дана, езу тартып қала берген,
Ақылсыз, айтып жұмбақ бейшараға.
– Бес қонып күндік жерде
кім жүред? – деп,
Кейіген көнді кетіп бір салаға.
– Сағатта-ақ, шаба берсем,
барармын, – деп,
Соқтықты өз-өзінен бір қараға.
Қамшы ұрып, қатты
шапты қағынғандай,
Әр түрлі ой жіберіп мажыраға.
Қара тер болып аты, қалды жүрмей,
Тастауға өлімтігін күр далаға.
Жаяулап «жануарым не қылдың?» деп,
Жетектеп жеткізді атты бес қонаға.
Жай жүрсе, жалғыз күнде-ақ баратын еді,
Асығыс, асылында еткен іс оңа ма?
«Артқа қой асығысыңды»
деп даналар,
Кейінге кеткен жазып ырсалаға.
Кездессе, кейір ем мен сол данаға:
– Еттің, – деп, – еңбегіңді
еш кем санаға.
Табылса тәтті сөздің төгіндісі,
Ер бермес есі бүтін мың сомаға.
«Арбамен асықпаған қоян алар»
– Деп айтқан құлағыңды қой жобаға.

Сақтаулы саспағанның сыбағасы,
Асыққан ұшырасар бір тобаға.
Басына ой құсының орнықтырып,
Тұрекең тігіп берді бір томаға».

***

 

Тілімізде: «Нәпсім – көкжал бөрідей,
Иманым – бағлан қозыдай», – деген мақал бар. Сондай-ақ осы ыңғайда айтылатын: «Ашу – ақылдың дұшпаны,
Нәпсі – иманның дұшпаны» деген және «Мешкей қарын тояды, Мешкей нәпсі тоймайды», – деген де мақалдар бар. Соған орай Әлихан Бөкейханов: «Адам баласы – нәпсінің құлы: маңдайы тасқа тимей тоқтамайды», – деген. Ал хакім Абай: «Нәпсінің қу мінезін – тіл де үйренеді», – десе, Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Нәпсі, өзімшілдік пен мақтан шексіз көп жаман әдеттер туғызады», – дейді.
Сонымен нәпсінің жайы белгілі болды. Сонда біз оны не деп түсінеміз? Бұл сауалға жауап беру үшін әуелі хадиске жүгінейік. Хадисте: «Нәпсінің қалауларына бой алдырудан сақтаныңдар. Өйткені, ол (адамды) шындыққа қарсы саңырау һәм соқыр қылады”. (Жамиғу әс-Сағир), — делінеді.
Осы хадистен мәлім болғанындай, нәпсі – адамның қалауы. Ол қалау адам баласын шындыққа қарсы саңырау hәм соқыр қылады екен. Ал ол шындық – ахирет. Демек нәпсіге ерген адам ахиретті жадынан шығарады. Бұл деген адам баласы өз өмірін мына материялды әлемге арнайды деген сөз.
Осы жерде шамалы кілтипан бар. Ол – дін. Мәселен, біз дінді ұстанамыз. Ал дінді ұстану – ахиретті ойлау деген сөз. Яғни біз дінді ұстанған кезде нәпсінің қалауына ермейміз.
Шынымен солай ма? Тексеріп көрелік. Біз не үшін Аллаға құлшылық етеміз? Дұрыс. Алла ризашылығын табу үшін. Бұл – жай ғана ауыз екі айтылатын сөз. Шынтуайтына келгенде біздің Аллаға не үшін құлшылық жасайтынымыз құлшылық соңындағы дұғада мәлім болады. Біз сол ғибадат соңында жасаған дұғаларымызда өз қалауымызды Алладан қол жайып сұраймыз. Мақұл, осы дүние қажеттері емес, ахиретті, жәннәтті, Алланың дидарын көруді сұрадық делікші. Мән берсек, бұл да қалау. Нәпсінің қалауы. Ал хадис болса: «Нәпсінің қалауларына бой алдырудан сақтаныңдар» дейді. Сонда не істемек керек? Жауап айқын. Қалауды қаламау керек. Соны түйсінген хакім Абай:
«Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Апандағы саз емес.
Бәрі болды өзімнен,
Тәңірім салған наз емес», — дейді.
Нәпсі қалауының соңғы көкжиегін Артур Шопенгауэр дөп басып айтыпты. Ол кісі былай дейді:
«Нәпсі аңсары дегеніміз нәсілге (түрге) пайдалы құндылықты өз жеке басына да пайдалы деп есептейтін алдамшы сезім. Нәсілдік мақсат орындалғанда елес құштарлық сейіледі де, жеке өзінің нәсілге алданғанын сезіп құлазиды. Нәсілдік әрекет, мысалы ұрықтандыру орындалғанда босау мен әлсіреу пайда болады, көп санды жәндіктер дереу өледі».
Ұғынықтылық үшін бейнелеп айтайықшы. Кей жәндіктер жұптасуы – соңғы сәт. Бір жағы ол – табиғи заңдылық. Алайда сырт көзге әлгі «табиғи заңдылықтың» біз тілге тиек етіп отырған нәпсі қалауынан пәлендей айырмашылығы жоқ. Егер біз осы екеуі арасындағы айырмашылықты түсінсек, қалауды қаламаудың мәнін де ұғамыз. Басын ашып айтайық.
Қалау – әр жұмыр басты пендеге тән. Ал табиғи заңдылық – Алла әмірі. Алла әмірі жүзеге асқан кезде қалау – ахиретпен үндеседі. Яғни адам (жәндік) өзін жоғалтады. Нақтыласақ – өледі. Сол сияқты адам да қалауды қаламаған кезде өледі. Енді өлген мәйітте ешқандай да қалаудың болмайтыны кімге де болсын түсінікті ғой. Бізге түсініксізі – тірі адамдардың өлуі. Бұл өлу – сопыларға тән. Сондықтан да қалауды қаламау тек сопыларда ғана болады. Соны білген аталарымыз:
«Нәпсім – көкжал бөрідей,
Иманым – бағлан қозыдай», – деген. Бұл деген егер кімде кім қалауды қаламауға қол жеткізе алмаса, иманын (бағлан қозыны) нәпсіге (көкжал бөріге) жем қылады деген сөз. Сондай-ақ «Нәпсі – иманның дұшпаны» деген мақал да осы ойды толықтырып тұр.

***

 

Тілімізде ашуға қатысты айтылып жүрген мақал-мәтелдер аз емес. Солардың ішінде біздің жиі қаперге алатынымыз:
«Ашу – дұшпан, ақыл – дос, Ақылыңа ақыл қос», -деген мақал. Бір ескерер жәйт, осы ыңғайдағы мақал-мәтелдердің бәрінде де ашу мен ақыл қабат аталады. Мәселен, бірде: «Ашу асып жүрген жерде, Ақыл қашып жүреді», десек, тағы бірде: «Ас тасыса, қатығы төгілер,
Ашу тасыса, ақылы төгілер, – дейміз. Содай-ақ:
«Ақылы аздың – ашуы көп,
Таяз судың тасуы көп», – деп те қоямыз.
Осы ашу мен ақыл текетіресінде қай жақтың жеңіс тұғырына көтерілетіндігін де біз мақал арқылы айтып қойыппыз. Міселен бұл тұрғыда:
«Ашу келсе – ақыл кетер,
Ашудан ақыл көп болса,
Ашу не етер?» – дейміз. Бір ғажабы, тағы бір мақалда қаперге алынатынындай:
«Қатты күркіреген күн
Тез ашылады.
Қатты ашуланған адам
Тез басылады» – екен.
Болмаса біз бұл орайда:
«Жақсы кісінің ашуы – шай орамал кепкенше», – деп қоямыз ғой. Демек қатты ашуланатын адам да жақсылар санатына қосылады екен дә. Әйтсе де шамаң келсе сол ашу дегенді келтірмей-ақ қойған жөн-ау. Себебі:
«Ашу бар жерде ақыл тұрмайды.
Ашу деген – ағын су,
Алдын ашсаң, арқырар.
Ақыл деген – дария,
Алдын тоссаң, тоқырар.
Кісі бірге туыспау керек,
Туысқан соң сөз қуыспау керек.
Сөз қуған пәлеге жолығады.
Жол қуған олжаға жолығады».
Әйтеке би осылай депті. Оның үстіне Лев Толстой айтпақшы: «Ашумен басталған нәрсе ұятпен аяқталады».
Шынтуайтына келгенде, бұл – әңгіменің бер жағы. Ал ашудың адам баласына алып келетін кінәратын санай берсең бар ғой… Бір-екі дәйек келтірейік:
«Ашу үстінде өзіне аманат етілген сырды айтып қойған адам төмен дәрежедегі адам болып саналады».
Рабия Адуия
«Ашушаңдық адамды бір сәтте ақымаққа айналдырып жібереді».
Брюс Ли
«Біреудің жанын жаралап алудан сақтаныңыз, әйтпесе ол адамның кек алғаннан кейін ғана ашуы тарқауы мүмкін».
Антуан де Сент-Экзюпери
Солай бола тұра ашудың адамға тән болмыс екенін жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан да кейде ашуға ерік беру – заңдылық. Оның заңдылық екенін Мұқағали Мақатаевтың мына өлең жолдарынан да аңғаруға болады:

«Біреулерді мерт қылып аламын деп,
Ашуыма ауыздық саламын кеп.
Тентек іні бетіме тік қараса,
Жасқанамын жандай-ақ залалым көп.

Бағамын деп әркімнің қас-қабағын,
Балам қабақ шытса да жасқанамын.
Сәлемімді біреулер алмай кетсе,
Екі иығым салбырап, пәс қаламын.

Досым өтсе алдымнан қырын қарап,
Боз торғайым кеудемде шырылдамақ.
Естігісі келмейді бәтшағардың,
Қорғасынмен құлағын тығындап ап.
Қайсыбіреу қарайды айдаһарша,
Тұрпайы әзіл, түрпі сөз – қайда барсам.
Қайтер еді, ожардың шарығына,
Ашуымды қайтадан қайрап алсам?!».

Алайда Мұқаң сынды ашуды қайрап алу үшін әуелі Дональд Трамптың мына сөзіне де құлақ асқан жөн сияқты. Ол кісі:
«Әрқашан өз ашуыңыздың себебін анықтай біліңіз. Дегенмен оның жұмысқа қатысы бар болса, тек жағдайдың қаншалықты күрделі екенін білдіреді», – дейді.
Дегенмен қалай десек те Махмұд Қашқари айтпақшы: «Ашу қысса –ақылың ғайып болады». Ал ол ашу бізді қай кезде қысады? Бұл сауалға жауапты Шәкәрім атамыз берген екен. Оқып көрелік:
«Жалқаулық, көрсеқызар, ашу, мақтан,
Арамдық, өтіріктен – ерте сақтан.
Күні бұрын жуытпа маңайыңа,
Есер, есірік, ынжықтық – солар жақтан».
Иүгінеки Ахмед айтпақшы:
«Өз ашуын өзі баса білген адам – күшті адам». Оны білеміз. Соған орай Стивен Кинг: «Егер сіз өзіңіздің ашуыңызды ұстай алмасаңыз, ашуыңыз да сізді ұстай алмайды, – дейді. Себебі, Шал ақын айтпақшы: «Ашуланшақ келеді жарлы кісі».
Өкінішке қарай біз Шал ақын қаперге алған «жарлы» сөзін тек малға қатысты айтылған деп ұғамыз». Егер мән берсек, ашуға ерік бергендердің бәрі – жарлы. Беріден қайтсақ – ақылға, арыға барсақ – иманға жарлы. Соған орай аталарымыз: «Ақылыңа ақыл қос», – деген.
Сөз соңын Қадыр ағамыздың мына бір өлеңімен түйіндейік:
«Әу бастан-ақ үлесіне тиген бе,
Әдемі қыз ақмақ жанды сүйгенде;
Дұрыс сөздің дұрыстығын дәлелдеп
Өткізе алмай,
Жаның әбден күйгенде;
Жүлде тимей дәл ататын мергенге,
Жанкүйерлер болған кезде шерменде;
Жаман неме төрге шығып,
Жақсылар
Есік жақта отырғанын көргенде,
Жәй қарақұс аққуыңды ілгенде,
Жыртық тұрып тесігіңе күлгенде,
Бәрін қойып,
Аяғымен қи басқан
Әдебиет храмына кіргенде,
Татып тұрып ағыл-тегіл ас дәмін,
Танисың да адамдардың астамын,
Дөңгеленген дүниені
Ашудан
Келеді бір төңкеріп-ақ тастағың!
Ағайынға ұнамасын, ұнасын,
Адамзаттың көтеріп бар кінәсін,
Келеді шын дүниені төңкергің,
Бірақ стол төңкерумен тынасың!
Ашу-асау ақылыңа көнбейді,
Одан, әсте, ештеңе де өнбейді.
Өнбесе де төңкересің столды,
Оның өзі кейде қолдан келмейді.
Келе қалса,
Оғаш болып әлгі ісі,
Шырық бұзар атанады ол кісі.
Қайткенде де
Жамандықты көргенде
Күйіп кету –
Жақсылықтың белгісі!».

***

 

Тілімізде әйелдерге қатысты: «Жақсы әйел ерінің басын төрге сүйрейді, Жаман әйел ерінің басын көрге сүйрейді», – деген мақал бар. Жалпы әйелдерге қатысты бұдан өзге де қолданыста жүрген мақалдар аз емес. Мәселен, «Әйелі жоқ үй – жетім» деген мақал да жиі қаперге алынады. Сондай-ақ: «Үйді қырық еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады», – деген мақал да әйелдер қауымы артықшылығын айшықтай түседі.
Әйтсе де: «Әйелінен сескенген, ауылдасына шай іш демейді», – деп те қоямыз. Сірә, Оноре де Бальзак: «Әйелге әмірін жүргізе білген – мемлекетті де басқара алады», – дегенді соған орай айтса керек.
Қалай десек те, әйел мен еркектің бір-бірінсіз күні жоқ екенін жоққа шығаруға болмайды. Бұл тұрғыда Антон Чехов:
«Әйел болмаса еркек есінен, еркек болмаса әйел ажарынан айрылады», – деген. Ер адам үшін әйелдің орнын Төле би атамыз былай жеткізіпті:
«Атың жақсы болса,
Ер жігіттің пырағы,
Балаң жақсы болса,
Жан мен тәннің шырағы.
Қызың жақсы болса,
Жайқалып өскен құрағы.
Әйелің жақсы болса,
Бірінші – иманың,
Екінші – жиғаның,
Үшінші – ырысыңның тұрағы».
Әйелдерге қатысты Төле би атамыз айтқан осы үш анық: иман, жиған, ырыс – мұсылман әйелдеріне тән болмыс. Ондай әйел сол үшін де өзгелерден үстем тұрады. Ондай әйелді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да ардақтаған. Сөзіміз дәйексіз болмас үшін осы орайда айтылған бірнеше хадистерді келтіре кетейік:
«Салиқалы әйел, ізгі амал істемейтін мың еркектен хайырлы» (Хадисті Умар ибн әл-Хаттаб жеткізген).
«Кімде кім анасының көзін сүйсе, осы ісі тозақ отынан қорғайтын қалқан болады» (Ибн Аббастан Байхақи риуаят еткен).
«Иман келтірген ер кісі, иман келтірген әйелін жек көргені дұрыс емес. Егер әйелінің жағымсыз мінезі болса, басқа көркем мінезді қылықтарына риза болғаны абзал» (Абу Хурайрадан Муслим риуаят еткен).
Айша р.а. әйелдерге қарап былай деді: «Ей, әйелдер! Сендер күйеулеріңнің алдындағы міндеттеріңді білгендеріңде ғой, өздеріңнің беттерің шаң бола тұра, күйеулеріңнің бетіндегі шаңды сүртер едіңдер»\ (Абу Шейх риуаят еткен).
«Әйел адам құрсақ көтерсе, оған Алла жолында күнімен ораза ұстап, түнімен намаз оқығанның сауабы жазылады. Ал босанар уақыты жақындап, қиналған уақытта, Алланың ешбір жаратылысы ол әйел үшін қаншалықты сый-сияпаттың әзірлегенін білмейді. Дүниеге нәресте әкеліп, көкірегіндегі сүтімен баласын емізген әрбір сәті үшін, нәрестенің әр бір емген сәті үшін де марапатталады. Өліні тірілткендей болады. Баланы емізуді доғарған уақытта, періште оның иығынан түртіп, «сый-сияпат алуды жалғастыр» дейді». (Хадисті Абдуррахман ибн Ауфтан Абу Шейх риуаят еткен).
Міне, мұның бәрі мұсылман әйелдер үшін жасаған Алланың сыйы. Жалпы әйелдің келін болып түскеннен бастап атқарған үй ішілік қызметі түгелдей ғибадат орнына жүреді. Соны білген мұсылмандар әйелді құрмет биігіне көтерген. Жәннаттың «ана аяғының астында» делінуі де сондықтан.
Әйел қауымына деген құрметті Тұманбай ағамыз да жеріне жеткізе жырлаған екен. Оқи отыралық:
«Сенікі ме, менікі ме сонау гүл,
Арман үшін жүрміз жазып алау жыр.
Жат біреуге бақыт болып туатын,
Әйелдерді еркелеткен жөн-ау бір.

Әйелді ылғи еркелеткен ер оңар,
Әйелдерсіз тірлігіміз не болар?
«Қой» дейтұғын қожаң егер болмаса,
Еркек байғұс азып-тозып жоғалар.

Әйел – сенің аспазың да күтушің,
Әйел барда биіксің де бүтінсің.
Әйел барда жалынсың – сен, отсың – сен,
Әйел жоқта бықсыған сен түтінсің.

Әйел – сенің ақылшың да, айбарың,
Ол барында естімейсің қайғы әнін.
Әйел – сенің күзетшің де, сақшың да,
Әйел – сенің мерекең де, мейрамың.

Әйел сені, сен әйелді сүйгенсің,
Сен әйелден, әйел сенен сый көрсін.
Өз елінің ұлы болам деген жұрт,
Әйелдерге құл болуды үйренсін.

Әйел, әйел – арман әні, жол әні,
Дүниенің кешкі қоңыр самалы,
Әйел сені құл қып алмай алдымен,
Құдай құлып көтермейді жоғары.

Сыйла әйелді, жоғарыдан бер орын,
Көтер оның мерейі мен беделін.
Өз қызыңды сыйлағаның ол сенің,
Өз анаңды мәңгі құрметтегенің».
Ақыры айтқан соң мына бір құпияның да бетін ашайық. Жалпы қай ерлі-зайыптының да некесі көкте қиылады. «Құданы құдай қосады» дегенді біз соған орай айтамыз. Сондықтан да еркектің көзі түскен бірде бір әйел оның жұбайын алмастыра алмайды. Соған орай Коко Шанель: «Ер адамның өмірінде бір-ақ әйел болады, қалғандары сол әйелдің көлеңкесі», – деген. Ал өз әйеліңе деген ол сезім ешқашан жоғалып кетпейді. Бұл ойды Виссарион Белинский былайша жеткізеді:
«Әйелің – көңілдесің емес, бүкіл ғұмырлық досың, әрі серігің, демек, оны біз егде тартқан әйел болған шағында да, кемпір болған кезінде де сүюге ерте бастан ойланып, дағдылана білуіміз ләзім».
«Әйел адам – гүлмен тең», – депті хакім Абай. Демек Коко Шанель айтпақшы: «Ұсқынсыз әйел болмайды, еріншек әйел болады». Ал жаратылыстық болмысы… Ол енді бөлек бір әлем. Оның қандай әлем екенін М. Лермонтов ептеп жеткізген екен. Оқып көрелік:
«Әйел ақылынан артық түсініксіз ештеңе болмас. Оларды бір нәрсеге көндіру мүмкін емес. Сондықтан да, оларды өзін-өздеріне көндіру керек. Олардың сөйлеу тілін үйрену үшін мектеп қабырғасында қалыптасқан логиканың барлығын төңкеру керек».
Міне осындай бүкіл болмысы құпияға толы әйел жаратылысын КСРО идеологиясы ашық майданға алып шықты. Біз соның зардабын әлі күнге дейін тартып келеміз. Дұрысы – әйелдердің өзі тартып келеді. Оның қандай зардап екенін Бауыржан Момышұлы былайша жеткізіпті:
«Ерте заманда қазақ ішінде қылмыс жасаған әйел заты үшін жазаның ең үлкені – оның бұрымын кесу болған екен. Совет өкіметі орнағалы бері әйелдер өзін-өзі жазалап келе жатыр».
Тағы да қайталайық. Ислам дінінде тек әйелдердің дәрежесі ғана Пайғамбармен (сғс) теңесе алады. Бұл тұрғыда хадисте былай делінеді:
«Егер әйел жақсы жанұядан және сұлу болса. Күйеуі өзінен бұрын дүние салып, күйеуі қайтыс болған соң басқа күйеуге шықпай, сауық-сайран құрмай, боянбай кәмелет жасқа келгенше балаларын тәрбиелесе немесе дүние салса, онда ол әйелдің жәннаттағы дәрежесі Менімен бірдей болады». (Абу Хурайрадан әл-Хараити риуаят еткен).
Сөз соңын Жүрсін Ерман ағамыздың мына бір өлеңімен түйіндейік:

«Қай жерде, мейлі, қай елде,
Әлемнің мәні – әйелде.
Мықтымын десең ойыңды,
Әйелге барып дәлелде.

Әйелсіз айтпан әнді мен,
Әйелмен дәмді әңгімем.
Сүйкімді болсаң шынымен,
Әйелің сүйсін алдымен.

Әйелге мәлім көп сырың,
Сүрінсең – әйел деп сүрін.
Халыққа сыйлы болмайсың,
Әйелге болсаң жексұрын.

Әйелсіз қонды бақ қашан,
Әйел деп түстік отқа сан.
Әлемнің тілін таппайсың,
Әйелдің тілін таппасаң!

Ананың сорып емшегін,
Басылған талай келсегің.
Бәдік боп өмір кешесің,
Бермесе әйел женьшенін.

Болмасын әйел назалы,
Болмасын әйел жазалы.
Кеудесін қаққан талайдың,
Әйелден болған ажалы!

Әйелден ыстық от бар ма?
Әйел деп түстік көкпарға.
Қарғағың келсе біреуді,
Әйелің өлсін деп қарға.

Әйелмен құның өлшенер,
Құдайдан кейін сол — шебер.
Бақытты сен де болмайсың,
Әйелің сорлы болса егер.

Сырыңды соған ашасың,
Шөліңді содан басасың.
Адамның күні — Әйелмен,
Әйелдер мәңгі жасасын!».

***

«Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам». Оны білеміз. Солай бола тұра адам баласы өтірікті өміріне серік етеді. Әйтсе де шындықтың өтіріктің бетін ашпай қойған кезі кемде-кем. Соған орай аталарымыз:
«Шындық бар жерде
Өтірік байқап жүреді.
Шындық жоқ жерде
Шіреніп, шайқап жүреді», – деген. Алайда ол да уақытша шайқау. Аталарымыз соны білгендіктен де:
«Жыртық үйді жел табар,
Өтірік сөзді ел табар», – деп, «Өтіріктің қүйрығы бір-ақ тұтам» екендігіне кімнің де болсын көзін жеткізіп баққан. Солай бола тұра өтірік сөзде де адам жанын баурайтын құпия мән бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Соған орай Қадыр ағамыз былай депті:
«Туыстық жайлы лепіріп,
Тұлпардан бетер желеді.
Бәрі де соның өтірік,
Бірақ та сенгің келеді.

Болып сол елдің өкілі,
Бауырыңа сенің енеді.
Өкілдігі де өтірік,
Бірақ та сенгің келеді.

Аяусыз сөзбен өлтіріп,
Арамды жерлеп-көмеді.
Онысы тағы өтірік,
Бірақ та сенгің келеді.

Ақырын сөйлеп отырып,
Абайға мені теңеді.
Бәрі де мұның өтірік,
Бірақ та сенгің келеді.

Бір кезде кенет өкіріп
Жылайды,
Жасын төгеді…
Онысы тағы өтірік,
Бірақ та сенгің келеді».
Алайда Блез Паскаль айтпақшы: «Адам баласы шындықтан өлердей қорқып, өтірігінің ашылып қалуынан сақтанып жүрсе, бұдан артық бақытсыздық жоқ». Себебі, «Өтірік сөз – өрге баспайды». Қорқыт атамыздан қалған осы сөз әлі күнге дейін өз мәнін жойған жоқ. Сондықтан болса керек, Авраам Линкольн:
«Артымнан айтылған жалған, жала сөздерге ешқашан мән беріп көрген емеспін. Өтірік сөзге күйіп-пісудің не қажеттілігі бар?» – депті. Әйтсе де Асқар Сүлейменов: «Өтірікті кешіруге болады, ақтауға болмайды», – дейді.
Қалай десек те Махатма Ганди айтпақшы: «Өтірікші шындығына келгенде өзін-өзі алдайды». Алайда: «Көп өтірік айтатын адамдар шыншыл болып көрінуге тырысып бағады».
Бұл – Цицеронның пайымы. Бірақ қанша жерден шыншыл болып көрінуге тырысқанымен, өтірік – адам баласының болмысын өзгертеді екен. Оны Виссарион Белинскийдің мына сөзінен аңғаруға болады: «Егер адам тұла бойы түгелімен жалғандыққа берілсе, ақыл-ой талантынан айрылатыны айдан анық». Солай бола тұра сол өтірікке кейде билік те жүгініп жатады. Бұл тұрғыда Марк Твен:
«Өмірде өтіріктің үш түрі бар: жәй өтірік, көзіңізді бақырайтып қойып айтылатын бетсіздердің өтірігі және статистика», – дейді.
Енді негізгі айтпағымызға ойысайық. Ол: «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген мақалдың мәні. Ол мәнді аталарымыз:
«Өтірік сөз – жанға қас,
Өткір пышақ – қынға қас», – деген келесі мақалымен айтып та қойыпты. Демек, өтірік сөз – жаннан тысқары екен. Жаннан тысқары болғандықтан да ол адамның табиғи болмысы емес. Соған орай Шерхан Мұртаза:
«Күйреген рухты қайта көтеру – міне, қазіргі тандағы басты мақсат. Қып-қызыл өтірікті көтере беретін осы дүние ғана. О дүниеде оңдай қулық өтпейді» – дейді.
Білген жөн. Өтірік пен шындық бір жерде тұрмайды. Соған орай Малик бин Динардан жеткен хадисте:
«Шындық пен өтірік екеуі, бірі екіншісін қуып шығарғанға дейін көңілде (жүректе) күреседі», – делінеді. Соны білген Лұқпан хакім:
«Балам, өтірік айтудан сақтан, ол құс етіндей тәтті. Одан аз адам құтыла алады», – десе, Айша анамыз (р.а): «Сахабалар үшін ең жаман, ең ауыр күнә өтірік болатын. Өйткені олар өтірік пен иманның бір арада болмайтынын жақсы білетін еді» дейді.
Өтірік пен иманның бір арада болмайтыны… Хадиске жүгінелік. Бір күні Пайғамбарымыздан (с.а.с): «Мұсылман адам қорқақ бола ма?», – деп сұрағанда: «Иә», – деп, «Мұсылман адам сараң бола ма?» – деп сұрағанда тағы да: «Иә», – деп, соңында: «Мұсылман адам өтірікші бола ма?» – деп сұрағанда «Жоқ», – деп жауап берген (Малик).
Сонымен мұсылман адамның өтірік айтпайтынын білдік. Өтірік айтатын – мұнафықтар (екі жүзділер). Олардың аузынан шыққан сөздің бәрі өтірік болып келеді. Ал мұсылмандардың аузынан шыққан сөздердің бәрі ақиқат болып келеді.
Осы жерде кілтипан бар. Оның қандай кілтипан екенін бәріміздің де ішіміз сезіп отыр. Енді аузыңнан шыққан сөздің бәрі шындыққа құрыла бермейтіні рас қой.
Сонда… Күмілжудің реті жоқ. Аузы-
мыздан шыққан сөздің бәрі шындық. Себебі, мұсылманбыз. Ал мұсылман өтірік айтпайды. Өтірік айтпайтыны, біз аманатқа қиянат жасамаймыз. Ол аманаттың аты – жан. Соған орай аманатты өзі иелік еткен адамның (мұнафықтың) аузынан шыққан әр сөзі өтірік болып табылады.
Себебі, сөйлеуші ол емес, аманат. Ал мұсылман жанға иелік етпейді. Әйтсе де күнәсізбіз дей алмаймыз. Ол күнә – нәпсіге тән. Сондықтан да біз нәпсіні мұсылман қылуға міндеттелгенбіз. Нәпсі мұсылман болған кезде… Дұрыс. Ешкім өтірік айтпайды. Мұндай мүмкіндік мұсылманнан өзге ешкімге берілмеген. Сондықтан да өзгелер өтірік айтуын қоймайды. Ал біз оларға қарата: «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам», – деп қоямыз.М

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *