КӨКТЕ КҮН БОП ЖАНАМ ДЕП… КӨКТЕ КҮН БОП ЖАНАМ ДЕП…
Тұрмағанбет КЕНЖЕБАЕВ 1961 жылы Түркістан облысы, Созақ ауданы, Қызылкөл ауылында туған. «Тарту», «Күміс бұлақ», «Жанымның жарық сәулесі», «Кәусар» атты кітаптардың авторы. Қазақ радиосында редактор,... КӨКТЕ КҮН БОП ЖАНАМ ДЕП…

Тұрмағанбет КЕНЖЕБАЕВ

1961 жылы Түркістан облысы, Созақ ауданы, Қызылкөл ауылында туған. «Тарту», «Күміс бұлақ», «Жанымның жарық сәулесі», «Кәусар» атты кітаптардың авторы. Қазақ радиосында редактор, бас редактор, «Қазақстан» ұлттық телеарнасында редактор, «Бірінші Еуразия» арнасында шеф-редактор, «Астана ақшамы» газетінде аға тілші қызметін атқарды. Қазір «Қазақстан» ұлттық телеарнасының дубляж бөлімінде аға редактор. Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі.

             ЕКІ БАС…

…Махамбеттің басын алып,
Айырылдың тіліңнен!
Жарқылдаған жасыныңнан –
Саңқылдаған үніңнен!..

Махамбеттің басын шауып,
Айырылдың Рухтан!
Тіршілігің – салқын табыт,
Тамырыңда суық қан!..

Махамбеттің басын кесіп,
Айырылдың шындықтан!
Қайта өмірге келсең де енді –
Құтылмайсың құлдықтан!..

Махамбеттің басын сатып,
Айырылдың арыңнан!
Енді міне, құтың қашып –
Құлға айналдың жағынған!..

…Хан Кененің басын алып,
Айырылдың тәжіңнен!
Елдігің мен теңдігіңнен –
Ерлігің мен сәніңнен!..

Хан Кененің басын шауып,
Айырылдың тағыңнан!
Бойыңдағы асылың мен
Басыңдағы бағыңнан!..

Хан Кененің басын кесіп,
Айырылдың басыңнан!
Тобыр болдың көтке теуіп
Кім-көрінген басынған!..

Хан Кененің басын сатып,
Айырылдың намыстан!
…Қайран, менің бассыз елім –
Қайран, екі Арыстан!..
                            ***

…Әкемнің көзін көрген қарттарым-ай,
Бойға күш, дауа берсін дертке Құдай!..
Селдіреп күзгі бақтай қатарыңның,
Күн сайын сиреп бара жатқанын-ай!..

Армысың, ақсақалды абыздарым?..
Өткізген не сұрапыл дауылдарын,
Тәңірдің көнеміз де дегеніне –
Өмірдің көреміз дер жазылғанын!..
Аман ба асқар таудай биіктерім?..
Тағдырдың татқан талай күйік-шерін.
Төзімің тарқалса да үзілмедің –
Сенімің шайқалса да иілмедің!..

Кешегіні жалғаған бүгініңе,
Келер күннің бұйырар нұры кімге?!.
Қиқулаған құстардың күз-керуені,
Көз ұшында бұлдырап үзілуде!..

…Әкемнің көзін көрген қарттарым-ай,
Бойға күш, дауа берсін дертке құдай!..
Күздегі жел ұшырған жапырақтай
Күн санап сиреп бара жатқаның-ай!
                          ***

…Өкінішті!
Мынау дүлей ғасырдың беті күшті.
Әділдіктің кісендеп аяқ-қолын
Төбесіне көтерген өтірікті!..
Өкінішті!..

Жиіркенішті…
Танымайтын топастар оң-терісті,
Талапайға түсіріп, тоз-тоз етіп
Түгесуге айналды жер-кенішті,
…Жиіркенішті!

Жаратқан-ай!..
Жалмауызға күнімді қаратқан-ай!..
Барыңды алған, бойдағы нәріңді алған
Басқа шықты қансорғыш балақтағы-ай!..
…Жаратқан-ай!

Кім кінәлі?!.
…Түн өткен соң күмәнсіз Күн шығары!
Сергелдеңге салғандар сендердің де –
Бастарыңа туады бұл күн әлі!..
…Кім кінәлі?!
   ***

…Мен не істемедім?..
Ерте кетіп әйтеуір, кеш келемін…
Тауға да ұрып басымды, тасқа да ұрып
Қу тірлікті қанша жыл өкшеледім!
Сонда да бос келемін!..

Мен не істемедім!..
Қарамастан бетіне ештеңенің,
Өмір бойы шарқ ұрып шабылсаң да
Жеткізбесе қайтесің көксегенің?..
…Құдай-ау, не істегенің?!.

…Мен не қылмадым?..
Жас та болып жалындап, арындадым!..
Мас та болып тірліктің тарылғанын
Көрдім талай!..
Жанымның, жарығым-ай,
Көзім жетіп бекерге сабылғанын –
Ақыры дамылдадым!..

…Мен не іздедім?
Жер тағында тұрғанда, көгінде – Күн!..
Неге сонша жанығып, жанталастық?
Енді міне, көзде – жас, көңілде – мұң!..
…Не іздедім?!.
    ШАБЫТСЫЗ ШАҚ

…Жалыны сөніп сезімнің,
Айрылған майдай тортасы.
Айтайын деген сөзіңнің,
Аузыңнан шығар қаңқасы.

Көбелек-көңіл гүл қуған,
Талпынып қанат қағады…
Жеткізбей судай сырғыған
Күндерім кетіп барады.

Жарықсыз, нұрсыз құр кеуде,
Меңіреу, мылқау табыттай…
Ұстатпай қойды-ау бұл неме
Тереңдегі алтын балықтай!..

Жалтара қашып құйын күн,
Жанымды салды азапқа.
…Толғағы қатты жырымның –
Қуаныш па, әлде, мазақ па?!.
 ***

Бар менен жоқтың арасы
Жер менен Көктей қарашы.
Көрінген итке жем болды-ау,
Қазақтың қара баласы!..

Қазақтың қара баласы,
Ішіне толып наласы,
Қарайды көкке қайда деп
Жазылмас дерттің дауасы?!

Жоғыңды жұрттан жасырып,
Барыңды елден асырып,
Жүргенде жоққа бас ұрып –
Барлығы кетті сатылып!..

Алтыны кетіп – тас қалды,
Асылы кетіп – нас қалды…
Өлсе де көзі тоймайтын
Құлқыны жаман «аш» қалды!..

Тексіздер таққа отырды,
Ұлтан құл салды кесірді.
Жағымпаздарға жал бітіп –
Ұры мен қары есірді.

Өлейін десе ажал жоқ,
Көнбейін десе амал жоқ!..
Тірлігі бүйткен құрысын –
Әйтеуір жүрген адам боп!..

Көрмеген кебің көп екен,
Ажалың бірақ жоқ екен…
Тірі өлік бол да жүре бер
Тіршілік тәтті дегенмен!..

…Бар менен жоқтың арасы
Жер менен Көктей қарашы.
Көрінген итке қор болды-ау –
Қазақтың қара баласы!..
 ***

Жатса да шаттық сәулесін сеуіп,
Жастықтың жалынды әнімен.
Жетеді апат белгісі келіп,
Жүректің тамырларымен.

Жатса да бақыт шапағын шашып,
Арайлы армандарымен…
Уақыт уын жатады тасып
Жүректің арналарымен.

Күн – өмір жанның жарасын мәңгі,
Жазса да шуақтарымен.
Ағады қайғы қара сулары
Жүректің бұлақтарымен.

Сарқылып сенім, арманың алдап,
Күн көзін жұмбағанымен.
Тіршілік түнін жатады жалғап,
Жүректің жылғаларымен.

Жастықтың жалын – алауы сөніп,
Төзімің таланғанымен.
Жетеді өмір хабары келіп,
Жүректің тарамдарымен.

Өмірдің барлық сырлары келіп,
Кеудеме қаланғанымен…
Тарайды қайта жырларым болып
Жүректің каналдарымен!..
  ***

Сергелдең болдым сенделіп,
Сабылып босқа шаршадым.
Алдады арман, ақ үміт,
Айналам тұнған сар сағым!..

Таусылды тағат-төзімім,
Қырқылды қиял-қанатым.
Өтеусіз өткен өмірім,
Қай жаққа кетіп барасың?..

Күндерім қайта оралмас,
Түндерім түнек жамылған…
Жүрегім мынау – жалаңаш,
Тірегім қайда табынған!..

Сенімнің сынып семсері,
Жігердің жүзі мұқалды.
Үзілді ме әлде жол шегі
Сөнде ме сезім шырағы?!.

Жеткізбес жүйрік уақыт,
Кеудеден қағып қарсы ағын…
Қажеті қанша жұбатып –
Шаршадым, жаным, шаршадым!..
***

Өткінші бәрі, бәрі де
Өткінші бақыт, бақ деген.
Алдамшы мынау өмірде
Өлімнен шындық жоқ бөтен!..

Өңмендеп, өктеп, өзеуреп
Жарқыным, босқа аптықпа!..
Даурығып сонша не керек –
Бір күндік аштық-тоқтыққа?!

Жанықпа, жаным, желігіп
Алдың – жар, артың – қара түн…
Дегбірің қашып, демігіп
Құдай-ау, қайда барасың?!
Жанарың жаудай арбасып,
Жағаға қолың жармасып,
Жүргенде көзді шел басып
Өмірің өтер сорлатып!..

…Жоғалтқан жарық, жылуын
Жүрегім – жамау, ой – құрау…
Онсыз да қысқа ғұмырдың
Қадірін білмей қойдық-ау!..
 ***

Күпір болма кең әлемге симастан,
Көкте күн боп жанам деп.
Өкінерсің!.. Өлім жолы бір басқа –
Жеңілмеске шараң жоқ!

Керілдейміз кеудемізге нан пісіп,
Атағымыз қалар деп…
Ойладық па құримыз деп жай түсіп, –
Өкінгенмен амал жоқ!..

Тіршілікте тырбанамыз тынбастан,
Кім ойлаған табар деп?..
Табады Ажал! Оның жолы бір басқа,
Алысқанмен амал жоқ!..

Кім едің сен, кім едім мен, кім еді ол?..
Жоқ енді ешбір бөлегі…
Дүниеге сыймадың ба, сене бер –
Сиғызады сені Өлім!..

Күпір болма кең әлемге симастан,
Көкте күн боп қалам деп.
Өкінерсің!.. Өлім жолы бір басқа –
Жеңілмеске шараң жоқ!
  ***

…Қайран елім, қазағым қалың ірге,
Ақыныңмын әрқашан жаны бірге.
Еске аларсың мені де күні ертең-ақ
Ақпандатқан аязды долы күнде!..

Сұм тағдырдан сан рет соққы жедім,
Ит тірлікте қаншама кетті кегім.
Өзім құлап жастам да Жаратқаннан –
Сенің туың тік тұрсын деп тіледім!..

Ақталғам жоқ көшімнен қалдым-ау деп,
Мақтанғам жоқ өзгеден оздым-ау деп.
Шағым айтпан саған да, сөнсем егер –
Күнім жетпей тым ерте солдым-ау деп!..
Бәрі Алланың қолында – білем оны,
Білем оны, мезгілсіз кім өледі?!
Өзің барда біз бармыз, ақыныңның –
Жаратқаннан жалғыз сол тілегені!..
ҚОҢЫР ЖЕЛ…

Балалық, шіркін, бал дәурен,
Балаң кез, балғын жастық шақ…
Оралмас тәтті арман ба ең? –
Жалт етіп сөндің отқа ұсап!..

Көктем де кетті қол үзіп,
Қызуы жаздың басылды.
Ұшырған қоңыр жел үзіп –
Жапырақ жерге шашылды…

Қоңыр күз, күңгірт қоңыр бақ,
Қоңыр қаз – жетім көңіл-күй.
Басылар ақыр дамылдап –
Қоңыр жел тартқан қоңыр күй!..
 ***

Құдай бізге берген екен,
берген екен мол қылып,
Жеріміздің асты-үстін
қазынаға толтырып!..
Қанша алса да таусылмайтын
бұл не деген молшылық –
Қанша шашса сарқылмайтын
бұл не деген кеңшілік?!

Құдай өзі берген екен,
берген екен аямай!..
Жабыла кеп таласа да,
балға қонған арадай,
Жабыла кеп тонаса да
жан-жағына қарамай –
Тәңірі өзі несібесін артық еткен қазақ-ай!..

Құдай өзі жаратқан соң
етек-жеңін кең қылып,
Оңын солға, жоғын барға,
барын нарға тең қылып!..
Кеңдігі мен теңдігінің тағы ретін келтіріп –
Артын асыл шежіре қып,
алдын даңғыл жол қылып!

Құдай өзі берген шығар
кең пейілді халқыма,
Еліне сай ерлерім бар күн көрікті, тау тұлға!..
Бүкіл әлем таң қалуда байлығыңа, даңқыңа –
Қазақ болып кеткен жоқ па,
ұйғырың да, сартың да!..

Құдай өзі қуат беріп,
Тәңір жолды оңғарсын!
Қолтығыңнан Қызыр демеп,
періштелер қолдасын!
Күншілдердің көзі шығып,
сағы сынып сорласын –
Жетсек жеттік, жете алмасақ –
артымызда сөз қалсын!..
***
Тіршіліктің тірегі,
Тығыршығы мен дейсің.
Менсінбейсің ешкімді –
Ешкімді тең көрмейсің!..

Мықты болсаң мен дерлік,
Неғып жүрсің мал таппай?
Үйсіз-күйсіз сенделіп
Көшіп жүрсің қаңбақтай!..

«Өмір сүрем өлгенше,
Адалдықтан аттамай.
Құдай қайтем бермесе –
Аулақ жүрші оттамай!..»

Ай да, Күн де, жұлдыз да
Саған басын иеді.
Қол жетпейтін бір қыз да –
Сені ғана сүйеді!..

Домбыраның тиегі
Сенсің, кімнің дауы бар?!
Бар әлемнің жүрегі
Саған ғана бағынар!..

Сенсіз Жерде тірлік жоқ,
Оны да өзің білесің!
…Қажет кезде ділгір боп –
Атың да жоқ мінетін!

Сонда да сен – асылсың,
Сонда да сен – ұлықсың!
Жарқылдаған жасынсың –
Сыр сақтаған құлыпсың!..

Патшаға да бас имес
Тәкаппарсың, батырсың.
…Жоққа бірақ жол тимес –
Жалаңаяқ пақырсың!..
Текті дегдар бекзатсың,
Сөз қадірін білетін.
Кендір баулы қармақтың –
Жемтігін кім ілетін?!

Елім, Жерім, Тілім деп
Ентігесің басылмай.
Тек өзіңнің ту тігер
Жерің де жоқ тоқымдай!..

Ақынмын деп бөсесің,
Атағың жоқ, сыйың жоқ.
Ертең сен де кетесің –
Ел іздейді кімім деп?!

«…Өмір кешем кеткенше,
Адамдықтан аттамай.
Қайтем Құдай бермесе –
Аулақ жүрші оттамай!..»
 ***

Қаламымның ұшынан қаным тамып,
Қаным тамып, құмарым, жаным қанып.
Бір жыр жазсам, содан соң өкінбес ем –
Өкінбес ем кетсе де барымды алып!..

Тірлік біткен жеңілер түбі өлімге,
Сұрарым тек сол ғана – тілерім де…
Бір-ақ өлең, жырқұмар бар қазақтың
Мәңгі-бақи қалатын жүрегінде!..

Қаламымның ұшынан қан тамызып,
Кең далама қалғыған ән салғызып.
Бір жыр жазсам, шіркін-ай, бар ақынды
Бұл кім өзі дейтұғын таң қалдырып!..

…Содан кейін!..

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *