Құлбек ЕРГӨБЕК. 1952 жылы Түркістан облысының Отырар ауданындағы Көксарай ауылында туған. Филология ғылымдарының докторы, профессор, Х.А. Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінде ректордың орынбасары....

 

Құлбек ЕРГӨБЕК.

1952 жылы Түркістан облысының Отырар ауданындағы Көксарай ауылында туған. Филология ғылымдарының докторы,

профессор, Х.А. Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінде ректордың орынбасары. «Жан жылуы», «Мейірім шуағы»,

«Баян ғұмыр», «Адасқандар ақиқаты», «Сібір сабақтары» атты кітаптардың авторы.

кулбек

Күн түнге қол беріп, түн күнге жол беріп, аунап ай, жылжып жыл өтіп барады екен-ау. Біз де балалықтан өтіппіз, аталық жасқа жетіппіз. Ақсақалды аталардың “Хал қалай балақан?” – деп басымыздан сипаған алақанының ыстық табы бар, өздері жоқ. Ақ самайланған ағалардың іні тұтып сөйлеген көп тілегі де көмескі тарта бастапты. Олар да жоқ мынау жарық жалғанда. “Кеше бала едік, біз де келдік-ау талай жасқа”. Өмір белеңіне шығып тұрып,“ қайдан келемін, қайда беттеп бара жатырмын?” (А де Сент Экзюпери) деген ойлар жетегіне берілу заңды құбылыс. Ой-қиялыммен өз өмір жолыма қыдырыстадым.
1952 жылы 26 желтоқсан күні Отырар ауданы Көксарай елді мекенінде озат шопан отбасында жарық дүниеге келіппін. «Мен туыппын ақпандатқан боранда…» – деп ақын Ізтай Мәмбетов жырлағандай, мен туған ай – аязы арқыраған Желтоқсан! Жарық дүниеге келгенше Анама көрсеткен азабым аз болмапты. Сол жылы қыс әдеттегіден ерекше суық болыпты. Ай өзіне жайлы, шаруаға жайсыз аталып, шалқасынан туған ба, әйтеуір ақ боран түтепті де тұрыпты. Соғыстан кейінгі жылдар ғой. Әкейдің дәулеті түзеле бастаған жылдар болса керек. Әйтеуір, аяулы Анамның ойына Ақ боз үй көтеру арманы кіріпті. Ақбоз үй ол заманның көп қабатты зәулімі…
Оны шаруасы оңалып, жағдайы түзелген жандар ғана көтере алады. Шопандарда ілуде біреуде ғана Ақбоз үй бар. Әйтпесе, көбі қараша үй тігеді. Қараша үй де арман көп жұртқа. Көбісі жер кепені мекендейді. Жер кепені жерге тыға берудің де орны жоқ. Әрісі Абылайша аталатын жорық үй, жолым үй болып басталатын қазақтың үй жабдығында жер кепе жазда салқын, қыста жылы үй үлгісі болған. Әсіресе Сыр бойы қазақтары жер кепені жақсы пайдаланған. Шаруаға тіпті таптырмас үй үздігі осы жер кепе! Шопан отбасы жер кепеден өзге көп жаппалы қараша үйді пайдаланар еді. Үстіне қабаттап киіз жауып, түңлігін түсіріп, іргесін мықтап бекітсе қараша үйіңіз де қысқа қамзау. Ортаға сексеуілді гүрілдетіп жағып, шоғын сөндіріп, қоламтасына айнала аяғын созып жіберіп жатса қыстан тоңбай шығады-ақ. Жаз, әрине киіз үйді жасау-жабдығын көздің жауын алардай түрлендіріп, өзін жадағайландырып, іргесін күннің ығытына қарай түріп тастап тіршілік етер еді ол кезде. Ал, Ақбоз үй алдымен дәулет, сонан соң сәулет! Ақбоз үйге кез-келген кісінің қолы жете бере ме, бірақ?! Аяулы Анам Ақбоз үйге ниет етсе, бау-шуын алдын-ала дайындап талап қылса алдымен шаңырақтың дәулетінің түзелуі.
Әкей майдангер еді. Бүгінгі жастар біздің бұл сөзімізге аңырап қарауы мүмкін. Қай майданды айтып отыр деп. Тарих көзіне шыққан ХҮ ғасырдан бастап қазақтың бар өмірі майдан! Одан әрі Алтын Орда, Түрік қағанатына дейін қиял көзіңізді қыдыртсаңыз оның бәрі майдан. Біздің әкей Сәрсен Ергөбекұлы Бердіқожаны алсақ, оның қатысып жүрген майданы атың өшкір – «Ұлы Отан соғысы» (1941-1945 ж.) аталатын ұзын-ырғасы бес жылға созылған алапат соғыс. Соғыс атаулының қайсысы оңған?! Әйтсе де, тарихта қате айтылып, қате бағаланып келе жатқан осы бір Россия – Алман соғысындай соғыс бола қоймаған шығар тарихта! Тәуелсіздікке дейін де жетімсіз тағдырыма, жетім кем-шәу мұңды балалығыма ой жіберген сайын осы бір адамзатты жұтып жібере жаздаған сұрапылға жек көре қарайтынмын. Тәуелсіздіктен соң тіпті әрқилы ойға берілетін болдым. «Әкей кім үшін соғысты?», «Соғыс бізге – қазақ ұлтына не берді?», «Біздің шаңырақтың күйреп, жетімдік тақсіретін шегуімізге осы соғыс ерекше себеп болды-ау» жауабын таптырмас ойлар жосығы міне осындай!
Арғы тегі Түркістандық біздің әкей осы Отырар өңірінде жарық дүниеге келген. Әкесі Ергөбек ісмер үйші кісі болыпты. Бабам – Бердіқожа кісі ақысын жемеген, бар нәсіпті құдайдан күткен әулие атанған кісі екен. “Әулиеге түнегенше Бердіқожаға түнемейсіңдер ме?” – деген сөз қалыпты баба замандастарынан. Қайталап айтам, Атам – Ергөбек ісмер үйші болыпты. Түркістан уалаятында Ергөбекте үй болса, өзге кісіден үй алар ниет болмапты ешкімде. Орта жасқа келгенде үйіне жай түсіп, жары, бала-шағасы, малы… үлпі ота-ны күйіп кетіп, үй істейтін ағаш іздеп тоғай аралап кеткен атамның соқа басы сопайып жалғыз қалыпты. Мұнан асқан қасірет болмас адам баласы үшін. Атам мекен еткен «Иіркөлдің» батыс беткейінде Жүнісбек, Рысбек, Асан (ақын Сабырхан Асановтың атасы) аталтын ағайындылар тұрыпты. Орта жасқа келіп, соқа басы сопайып қалған Ергөбекке ағайындары Жүнісбектің 16 жасар Сейдін есімді тұлымшағы желбіреген қызын алып беріпті. Шамасы, бұл істе Түркістанның старшыны – Байгөбек інісінің ықпалы болса керек. Сейдін – жиен бе, нағашы ма, әйтеуір жекжаттық жайы бар. Сөйтіп, Ергөбек шаңырағы сөне жаздап барып, қазақтың кеңбейілдігі, ұлттық дәстүр дарқандығы арқасында қайта жанған… Ұлт ретінде қазақтың шырағы сөнбесін лайым! Әулет райында әрісі Құрман баба, берісі Бердіқожа әулие, атын алып жүрген Ергөбек үйші шырағы сөнбесін!
Ергөбектен – Түкібай, Сәрсен, Дүйсен, Оразбек есімді 4 ұл, Қалампыр есімді бір қыз келеді өмірге. Ақын Түкібай — қазақтың үлкен сатирик ақыны Көпен Әмірбектің атасы. Өз ортасына суырып салма ақын ретінде кең танылған. Қаратаудың күнгейі мен теріскейінде жүйрік ат мініп, қыздардың сыртынан өлең айтқан, ақындармен шалқып айтысқан атақты шайыр болыпты. Өлең жолын қумағанымен әкем Сәрсен де ақын болған. Өлең сөзді – ойын сөздей көрген кісі. Әкей алты-жеті жасқа келгенде Ергөбектің үйі тағы да өртеніп ақ таяғын ұстап қалыпты. Тағдыр бір айналдырғанды шыр айналдырады-ау, шамасы. Ергөбек жаңа қайын жұртынан сауын сұрайды. Қайынжұрты бір баласын мал бағуға сұрайды. Құдайдан тілеп алған Түкібайды бермей, қайынжұртының малын бағуға Сәрсенді ұсынады…
Сөйтіп, әкей жастай Рысбек байдың малын бағады… Ергөбек тағдыр таяғы қатты тиіп, Сейдінмен шаңырақ көтерген сәттен бойын қайта тіктеген кезінде шайыр болып өсіп, жарқырап шығып келе жатқан Түкібай 27 жасында аттан құлап, жан тапсырып, әулеттегі бар тауқымет Сәрсеннің мойнына ауып, ақындық жолды қуа алмаған. Түкібай қасіретінен соң еңкейген Ергөбек пен алау Сейдін екеуі бірдей бірінен соң бірі жарық дүниеден баз кешкен. Ендігі бар ауыртпашылық Сәрсеннің мойнында…
Сәрсен – соғысқа (1941-45 ж.) қатысқан. «Сталинградты алғаны үшін» дейсіз бе, «Жауынгерлік Қызыл Ту» дейсіз бе, әйтеуір бірсыпыра марапатты кеудеге тағып оралған майданнан… Жеті жерінен жарадар, жарымжан болып оралған қан майданнан… Соғысқа дейін жеңгедей алған әйелі (ағасы Түкібайдың әйелі Күлімай) Сәндіқыз есімді қызымен бірге қайтыс болған. Сүйіп алған жар-қосағы Гүлбаршын ері майданда жүргенде төркініне кетіп қалған. Майданнан оралған соң жарының соңынан іздеп бармапты әкей. Қазақы ұғымды ұстанғаны болар. Менің анам – Бибіайша ағасы Түкібайдың балдызы екен.
Соғыстан соң үйленіп, өсіп-өнген жары – біздің анамыз. Әкеміз бен анамыздың үй айналып жүруге, тіпті жүгіруге жарап қалған бір ұл, бір қызы бірінен кейін бірі шетінеген. Екі перзенті үй айналып жүгіріп жүріп шетінеген соң әкей «Құдай бізді құрамайын деді-ау»-деп бүк түсіп жылап жатып қалыпты. Немере ағасы қаралы күндері Шәуілдірден көңіл айта келіпті. Көз жасын бұлап бүк түсіп жатқан інісін қалай жұбатарын білмейді. Сондай сәтте Анамыз: «Сәрсеке, Құдайдың берері сол екі бала ғана деймісіз? Диханшылығынан айырмасын! Берер әлі…»-депті. Қонақтан қысылғаннан айтқаны болар. Аузына сөзді Алла салған шығар. Төлепбай жарықтық: «Е, бәсе, келін рахмет айналайын. Алланың бергені ек бала ғана болса не болар? Береді әлі… Жас адамның баласы өлуші ме еді?!..»-деп көсіле көңіл айтып, інісін орнынан тұрғызған екен, тіршілікке бетін бұрған екен інісінің!
Содан кейінгі перзенті – қазақтың көрнекті фотосуретшісі болып өткен Берсінбек Сәрсенұлы! Анамыз «Жылап жүріп көрген перзентіміз ғой…»-деп ерекше мейірмен қарар еді Берсінбекке. Берсінбек те Көксарайда Сәрсенқұдық басында туған. Көксарай өңірінде «Сәрсенқұдық», «Сәрсен асуы», «Сәрсеншоқы» аталатын жерлер бар. Біздің әкейдің мал баққан жаз жайлауы, қыс қыстауы. Әкейдің атымен туындаған топонимдер. Иә, Берсінбек. Екі перзенті, жеңге алған әйелінен туған Сәндіқызды қосқанда үш перзентінен айырылған жарымкөңіл әкенің бар үміті жарының қас-қабағында болыпты.
Анамыздың ай-күні жетіп босанарға таяғанда үйіне жасы сексенге таяған саятшы қария Берсінбек келіп қонақ болыпты. Құс салып, тазы жүгірткен саятшы кісі екен. Өзі ақын, өзі құмай тазы, алғыр бүркіт ұстаған Сәрсен Берсінбек қарияны ерекше құрметтесе керек. Алдымдағы жалғыз аға жарық дүниеге келгенде қуаныштан жылап отырып атын “Біздің ұлымыз да осы кісі секілді сексенге келер ме екен?” – деген ізгі арман, қазақы ырыммен атын Берсінбек қойыпты. Әрі атасының аты – Бердіқожадан үйлесім іздесе керек. Сөйтіп ағай аты ізгі арман жемісі. Берсінбек-қазақтың белгілі, тіпті көрнекті фото жорналисі. «Қазақ әдебиеті», “Егемен Қазақстан” газетінде, «Ақиқат» журналында қызмет істеді. Фотоөнері халық жадында болар алғы күндері де. Өйткені, ол фотошежіреші ғана емес, фотосуреткер.
Мен жарық дүниеге келерде анамыз үш күн, үш түн толғатыпты. Бәріне кінәлі әлгі Ақбоз үй… Дәулет біткен кісі сәулет іздейтін әдет. Екі жасар Берсінбегін кезек-кезек әлдилеген балажан әке мен мейірбан ана жыл, жыл жарым бұрын Ақбоз үй көтеру арманына енеді. Ақбоз үй көтеруге үлкен дайындық керек. Иіні жаңармаған жұрт ол кезде Ақ боз үй көтеруге бара бермейді. Ақбоз үй көтеру лай жатқызып, кірпіш құю емес. Өздері баққан уақ малдың күз күздеу, жаз жабағы жүнін ықтияттап қырқып алып, қақтың тұнба суына тұндырып жуып, содан киіз басса, жүнді сұрыптап түтіп, иіріп жіп шығарып киіз үйдің басқұрдан басталатын бау-шуын ерінбей тоқыса Ақбоз үйіңіз жыл, жыл жарым уақытта дайын болады дағы… Жалғызілікті озат шопан жары – Анамыз Ақбоз үйдің қызығына айықпастай кірген-ақ екен. Ұжымшар орталығында отырған әкейдің інісі – Оразбек мал дәрігер. Дәрігер ағайдың әйелі Мәриқыз айтады екен «Абысын-ау, ай-күніңіз тақалып келеді. Енді ұршықты тастаңыз. Әйтпесе, баланың ішегі басына оралып қалады…» деп. Міне, қараңызшы, аяғы ауыр ананың кәсібі іштегі балаға қалай ықпал ететінін. Екі қабат ананың кәсібіне қарай баласының композитор, сазгер болып туатыны осы заңдылықпен сабақтас жатса керек.
Иә, Анамның мен жарық дүниеге келер сәтте үш күн, үш түн толғату сыры міне, осы құбылысқа байланысты. Кіндігім мойныма оралып қалған. Оралып қалған кіндігім көлбей жатар нәрестені екі бүктеген… Үшінші күн… Анам талықсыпты… Далада ақ қар, көк мұз. Жалғызілікті әкей мал соңында. Сүйретіліп қу жаны жүрсе керек. Абысынын босандыруға Мәриқыз келіні келген. Абысыны қабағына қарап өзін қоярға жер таппай, абы кіріп, күбі шығып, қазақтың ырым-жырымын жасап зыр жүгірсе керек. «Абысын-ай айтып едім ғой ұршық иірмеңіз деп…» Қауіп ойлап, айтар сөзі келінінің. Перзентхана бар ма, жоқ па ол кезде. Болған күнде перзентханаға барып босану қазақтың әйелінің қалпында, салтында жоқ кез. Үйде босанар қазақ әйелі қиналса дәрігер шақыруды да қаперіне алмайды-ау, сірә?! Талықсыған Анам «ажалға біткен бала болды-ау бұл?!»-депті кезерген ернін тістелеп… «Бәрі ұршықтың кесірі…» Келіні де өз дітін қайталаудан жалығар емес.» Ақбоз үйдің кесірі…» деп мен отырмын…
Ақыры өрістен мал қайтқан ақшамда, ақ түтек ақырған ақ боранда, қазақтың қарапайым қасиетті киіз үйінде мен жарық дүние есігін ашыппын… Абысынының аман босанғанына қуанғаны болар, Мәриқыз жеңгей менің кіндігімді кесіпті де былай тас-тай салыпты…
Талықсыған Анамның жағдайы менің ұл, не қыз екенімді айтуға шамасын келтірмеген болар бәлкім. Әйтеуір, менің ұл, не қыз екенімді Анам есін жиғанда да айтуды ескермепті. Ұл болса деп армандайтын қазақтың әдеті. Анам «Қыз болды-ау шамасы. Қыз болса несі бар? Қызым көп пе екен менің? Айтса қайтеді мына келін, шіркін?!» – деп ойлапты есі кіргенде. О, Құданың құдіреті осы сәт Арыс қаласынан Анамның ағасы, ілгеріде Көкілташ медресесінде оқыған, қадымша сауатты Әбдімәлік келіп кіріпті үсті-басы ақ қырау, көк мұз болып. «Сүйінші құда! Ұл жиеніңіз келді. Бет-аузының бәрі мұрын…»-депті кіндік шешем Мәриқыз. «Ер мұрынды келсін» – деген, бауы берік болсын!» – депті Әбдімәлік нағашым. Ұзамай бір отар қойды қораға қамай салып әкей жетіпті… Мәриқыз жеңгем тағы да сүйіншілепті. Қуаныштан жылап жіберген әкей қайнағасына ат мінгізіп, келініне сауын беріпті. Мен өмірге борандатып желтоқсан айында міне осылай келген екенмін!
Енді, азан шақырып атымды қоюы керек қой. Алдымдағы ағамды зарығып көрген әкей молда қайынағасымен ақылдаса келе алдындағы ағасына, жасы үлкен ағаларына, “құлша қызмет қылсын”, өзінен кейінгі інілеріне бек болсын деген оймен менің атымды «құл» мен «бектен» құрап “Құлбек” қойыпты. Сәбиге жақсы ат қою міндет деседі діни кітапта. Баланың келешекте кім болмағы қойылған есімге тікелей байланысты өріс алады деседі. Кім білсін?! Өз басым осы поэзиясы аздау, қазақы ырымы басымдау есімді қастерледім. Қастерлемегенде маған кім жақсы есімін берсін?! Мен жарық дүниеге келген жылы Анам жыл, жыл жарым уақыт дайындаған Ақбоз үйін тігіпті. Мен осыны бойтұмардай ырым еттім іштей!
Кіндік шешем, сөйтіп туған жеңгем болып шығады. Әкейдің Оразбек есімді інісінің алғашқы әйелі. Мәриқыз қараторы келіншек еді. Бірақ, сәнқойлау болды ма, қайдам. Бойын күткені үшін Мәриқыз «Күндеқыз» атаныпты. Ағайға дейін ерленген әйел. Ақыншалыс ағай ышқы кетіп, екіқабат күйінде азғырып алып қашып келген екен. Ағайдан Төлбасы есімді бала (1946 ж.), Әтіркүл, Нышангүл есімді қыз көрді. Сосын ағай Мәриқызды төркініне апарып салды. Кіндік шешем одан кейін тағы да ерге шықты. Тағы бір қыз қарындасым бар… Шашымды шашау шығармай тарағанымды, шалбардың қырын сындырмас бала кезімді көрген Анам «кедейдің кербезінен сақта» дейтін. Ат жалын тартып мінген бозбала шақта қыздарға көбірек көз салғанымды, үйленбей жүріп алғанымды мін көрген Анам аналық назбен «Е, ей, осының кіндігін Мәриқызға кестірермін бе мен?!» – деп те қоятын. Сосын «тұқымың жайылғыр!» – дейді өзінше… Анамның жиі айтар «қарғысының» түрі еді бұл…
Анам менен кейін Сайрамбек (1955 ж.), Сапарбек (1958 ж.) есімді екі ұл тапты. Әкей бала есіміне үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Сайрам ауданының малын бағып отырған жапандағы жалғыз үйлі шопан отбасында жарық дүниеге келген баласын өзі қабылдап, кіндігін «ұлым өткір болсыншы» деп ұстарамен кесіпті. Есімін Сайрам ауданының малын бағып отырғанда туды ғой деп Сайрамбек қойды. Кенже інім сапар айында өмірге келіпті. Әкей «Сапар айы ғой. Бұл айда өмірге келген нәресте не әкем сапар, не анам сапар, не өзім сапар деп келеді. Сондықтан қазақ әкең сапарда деп ырымдап аттың әбзел-сайманын далаға шығарып қояды» – депті. Сөйтіпті де жары Бибайша «Жайсыз қайнаға» атайтын Жаманбай ағасының қызын кіндік кесуге қалдырып, атының салтанатқа салатын су жаңа ер-тұрманын алып далаға шығып кетіпті…
Кісілікке мінетін бәйге атына салар ер-тұрманды киіз үйдің оң жақ босағасына тастап үй жанындағы биік шоқыға барып отырыпты… Соғыстан жеті жерінен жараланып әупірім-тәңірмен аман оралған әкейдің шоқыға шығып бара жатқанда өкпесі сырылдапты… Туған нәрестенің атын азан шақырып сапар айында туған Сапарбек, Сапарбек, Сапарбек –деп үш рет айтыпты. Алты айдан соң әкем Сәрсеннің жамбасы жерге тиді…
Кім, кімге де өзінің кіндік кескен – туған жері қымбат! Туған жерің туған еліңе деген махаббат сүйіспеншілікке бастайтын тұғырың!
Содан да Көксарай аталатын жер атауы мен үшін барынша қымбат. Әрине, Көксарайдан тағдыр ызғарынан ертерек ауа көшіп Балтакөл, одан Түркістан ауып, ақыры Арыс қаласына барып байыздаған отбасынанмын. Студент кезімде туған жеріме деген сағыныш буып арнайы Көксарайға сапарладым. Табиғаты тамаша жер! Құйқасын тартсаң майы шығады. Адам атадан бері адамзат баласына аяулы Ана атанып, нәр сыйлап келе жатқан сұлу Сырдарияны арғы беті, бергі беті. Ну тоғай. «Еділдің бойы ен тоғай, Ел қондырсам деп едім…» (Махамбет) Көксарай дарияның қос қабатын алып жатқан жап-жасыл алқап. Туған жердің түрленген сырт келбеті, тамылжыған табиғатына қарап «Менің туған жерім Көкшетау болмағанымен, Көкшетауыңнан да, Баянтауыңнан да кем емес екен…»-деген мақтаныш сезімімен оралдым Алматыға. Табиғаты көк жасыл болған соң Көксарай аталған болар деп топшыладым. Бақсам, балалық түсінік, пәруай пайым екен. Жақында советтік шаруашылық деп жүріп, қадымдық мәдениетіміздің бір пұшпағын жұтқан Шардара теңізін бір айналып өтіп, Көксарай су қоймасын басып, екі қапталын ен тоғай жайлаған Сырдарияны жағалап танабы тартылып, ындыны кеуіп жатқан Арал теңізіне дейін жүріп өттім. Ендігі ойым Орынборлатып, қарт Хазар мемлекеті ізіне түсу. Сол сапар көңіліме түйгенім менің кіндік қаным тамған Көксарайым – Ортағасырлық өркениеттің отаны!
Көксарай іргесінде Ақтөбе аталатын елді мекен бар. Сырдың бойын өрлеп жоғары ағысқа қарай жүрсеңіз атақты Шардара теңізіне жолығасыз.
Кезінде улы Сталиннің Қызылқұм, Қарақұмды суландыру аталатын алып жобасы болған. Соның су тұрақтататын (жинайтын) қоймасы ретінде Шардара салынбақ болады. Шардара түсетін ойпатта ескі қиранды орны, көне зират-қорымдар көп болатын. Шашылған сүйек, қыш құмыра сынықтарынан аяқ алып жүру қиын-ақ. Социалистік жос-парлы шаруашылық басшылары аяқ астынан алып ойпатты су қоймасына айналдыруға құмбыл кірісіп кетеді. Сол сәт, бәлкім ұлы археолог Әлкей Марғұлан ба, әлде Академияның басында отырған Қаныш Сәтпаев па, әлде Жезқазған даласында кен іздеп жүрген Қаныш Сәтпаевтай дананы «Казахстанская правда» газетінде жариялаған бірді-екілі мақаласын оқып, іздеп тауып алып, алдымен филиалын, сосын Академияның өзін ашатын азамат – көсем басшы Нұртас Оңдасынұлы Дәндібаев па, әйтеуір жедел түрде Мәскеуден Максимова, Вайнберг сынды археологтарды шақыртып, республика археологтарымен бір қосып болашақ теңіз боларлық ойпатты зерттейтін экспедиция жасақтайды. Археологтар құлағын жымып, құмбыл кіріседі іске.
Аз уақыт (бір-екі жыл) ішінде ортағасырларда өмір сүріп, тіршілік еткен алып өркениет ошақтарын табады. Олар бір-бірімен жалғасып жатқан қалалық мәдениет қирандысы. Археологтар оларды жергілікті халық атауымен Ақтөбе-1, Ақтөбе-2, Ақтөбе-3-деп археологиялық нысанмен айналдырады. Археологтар қысы, жазы, күндіз-түні дегендей жан алып, жан беріп жұмыс істейді. Алайда, қазба жұмысы – ғылыми жұмыс. Ол асығыстықты көтермейді. Асықпайын десе, теңіз жобасы өкшелеп қуып келеді. Археологтардың жан алып, жан беріп жұмыс істеуінің сыры міне, осында! Тізе қосып, өзара білім үстеп жұмыла кіріскен археологтар бұрын соңды кездеспеген қалың олжаға жолығады. Ойпаттан не шықпады дейсіз?!
Шаруашылық асықпайтын ғылым-ды асықтырып ақыры санаулы жылдан соң ығыстырып шығарады. Ойпатты су қаптайды. Ақтөбе аталатын екі қала су астында қалады. Ақтөбе-3 Шардара теңізі мен Көксарайдың орта белінде күні бүгін күңіреніп, ұрпағына қарап жәрдем күткендей телміріп жатыр. Екі Ақтөбе сөйтіп су астында қалды. Әлгі мәскеулік, қазақстандық археологтар экспедиция материалдарын қорытып «Древонсти Чар-дари» аталатын арнайы еңбек жазды. Жақсы-ақ. Бертінде қазақтың тамаша ақыны Есенғали Раушанов Шардара теңізіне телміре қарап тұрып тебіреністі өлең жазды.
Ақтөбе-3 қаласының өркениеті әлі күнге зерттелген емес… Ұмыт қалып келеді. Бәлкім археологтар бір қиыры ашылған Ақтөбені қазғанымен археологиялық нәтиже қайталанады-ау деп сақтанса керек. Әйтеуір Ақтөбе аталған үшінші қала күні бүгін зерттеусіз, назардан тыс, жергілікті тұрғындардың кісі қояр зиратына айналып жым-жырт жатыр. Қайтқан кісіні қою үшін көр қазсаң, астынан неше түрлі сүйек-саяқ, қыштан жасалған ыдыс-аяқ сынығы шығады… Бұл бар болғаны Ақтөбе-3-тің беткі қабаты ғана. Егер астыңғы қабат-қабаттарға ден қойсақ ше? Жә, Ақтөбеге (3) де күн туар. Зерттелер. Аршылар, ашылар. Ашылған ғылыми жаңалықпен ата тарихымыз байыр… Бәрі де болар!
Экскурсқа барып қалып жатуда мән бар. Үш Ақтөбенің жайын айттық қой. Енді Көксарайға жақын елді мекенде және бір Ақтөбе бар. Кезінде кеңшардың орталығы болған ауыл. Ауылдың Қызылқұм беткейінде Ақтөбе аталатын аумақты төбе бар. Бұлар да археологтар тарапынан зерттелмеген жерлер. Жым-жырт. Бұл Ақтөбелердің бәрі – жалғасқан, өзара сабақтасқан орта ғасырлық қала өркениеттері деп ойлаймын. Аңғарып қараған кісіге Қызылқұм, Қарақұм іші толы көне қалалар желісі. Менің Көксарайым сол ортағасырлық өркениеттің астанасы болды ма екен деп те ойлаймын!
Ол Отырар өркениетіне жата ма, жоқ па? Оны да білмедім. Сырдария, Әмудария алып екі өзеннің екі беткейін алып жатқан, жота-жота бұйрат желілі құм арасына туын тіккен қалалық мәдениет «Қызылқұм өркениеті», «Қарақұм өркениеті» аталуға тиіс шығар. Түркістан өркениеті тұрғанда одан басы артық тұрғанын ескеріп «Отырар өркениеті» атауын берген этнолог Өзбекәлі Жәнібек секілді археолог, этнолог шығар бір күні.
Шығар да Орталық Қазақстан архео-логиялық кешеніне «Бегазы Дәндібай мәдениеті» деп ат берген ұлы ғалым Әлкей Марғұлан секілді, әйтпесе Максимова бастаған мәскеулік және алматылық археологтардың жергілікті топонимді ескеріп, өздері ашқан археологиялық қазба байлықтарды бетке ала «Ақтөбе» атағаны секілді «Қызылқұм өркениеті», «Қарақұм өркениеті» атайтын болар, асылы. Осындайда археолог мамандығын таңдамағаныңа өкінесің, өкінесің де туған жерің алдында ұлы мәдениеттер жосығын көз алдыңа елестете тұрып орта ғасырларда кеніш болып өркен жайған бабалардың кемел мәдениеті алдында, баяғыда бақилыққа көшіп кете барған бабабалар әруағы алдында басыңды иіп кешірім сұрайсың. Мамандығың сай келмегендіктен «Қызылқұм өркениеті, «Қарақұм өркениеті», «Отырар өркениетімен» сабақтас «Көксарай–Ақтөбе» мәде-ниетінің де болғанына ешбір шүбә келтірмей, Көксарайдан төмен Сыр жағалап жаяулатып «Оғызсай» арқылы бүгін тіршілік етіп, күн кешіп жатқан Түркістаныңа Отырарлатып ораласың. Бірнеше күнге созылған жаяу сапарда «Оғызсайға» аялдап бір қонасың. «Неге Оғызсай? деп тағы да толғанасың. Толғанып отырып аудан орталығы Шәуілдір оғыздың «Шамалдар» тайпасының атынан, Сырдың орта ағысына орналасқан үлкен ауыл, кезінде Фрунзе ауданының орталығы болған Шорнақтың түріктің шор тайпасы атынан бастау алатыны есіңе түседі. Олай болса, Сырдарияның жоғары ағысы, ортаңғы ағысы, төменгі ағысы Арал өзеніне дейін бір кезде түрік жұрты мекендеген шағын қалалар жосығы болғанына ден қойып туған өңіріңнің ұлы Түрік қағанатының түп отаны болғанына көз жеткізіп шүкіршілік етесің. Бойыңды мақтаныш кернейді. Демек, Түрік қағанаты заманынан бүгінгі қазақты құрайтын түрік ұлт-ұлыстары Монғолия, Бурятия, Сібірдегі Орхон-Енисей өзендері бастау сағасынан Сырдария, Әмудария жағасына дейін көшіп, қонып ен жайлаған. Ғалымдар еуроцентристік пиғылмен айтып жүргендей бірыңғай көшпелі ел болмаған, көшпелі өмір салтымен бірге кенттік отырықшы тұрмыс салтын да ұстанған.
Өткен жылы Алтай республикасын аралағанда Орхон-Енисей ру жазбаларының Алтай жерінде көп кездесетініне көз жеткізген жайым бар. Табиғаттас тас мүсіндер де куә біздің әңгімемізге. Сондай тас мүсіндер, тастағы суретті жазулар қарт Қаратауда да молынан кездеседі. Олай болса бағзы баба – түріктер мемлекет ретінде әбден толысып бүгінгі монғол жерінен тартып, ақық Алтай таулары баура-
йын, Қаратау күнгейі мен теріскейін, аяулы Әму, сырлы Сыр жағалауын, тауға бергісіз өз қызығы өзінде, қала берді елді жауға да бермейтін Қызылқұм, Қарақұмды ен жайлаған. Каспий теңізі жағалауындағы бір кезгі Хазар мемлекетімен сабақтас өсіп өнген түрік жұрты. Каспий теңізі бір кезде Хазар теңізі атанғанын қосыңыз бұған.
ХХ ғасырда ұлы Мағжан Жұмабайұлы түрік жұртын жырласа, өзбектің замандас, қанаттас, табиғаттас ұлы ақыны Чулпон Хазар мемлекетін аңсарына айналдырып арманды жыр саулатады ақын жүректен. Сонда деймін-ау, менің кіндік қаным тамған Көксарайым бүгінгідей мөлдіреп жатқан көгерішті жапан дала емес, кезіндегі ұлы Түрік қағанаты аталған жиһандық мемлекеттің бір астанасы болып, астаналық көк күмбез болып бой тастамас па ойлы кісіге?! Бүгінгі жасыл алқап, Ақтөбе аталып қазылған, аршылған археологиялық мәдениеттер жүйесі Көксарай арқылы Қызылқұм, Қарақұм өркениетіне барып сабақ-таспас па?! Отырар, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Баршынкент… тағы не, әйтеуір аймақ-аймақ көне шаһарлар бір-бірімен тығыз байланыста, ынтымақ-бірлікте өракендеген мәдениет үлгілері болып ой тастамас па, ойлы кісіге?! Ат, атауына зер салғанда солай! Көксарай – ұлы Түрік қағанатының бір астанасы. Астананың бір бас қаласы! Бас қаладағы Көксарай айшылық алыс жерден көз тартар бас қаланың жеті қат көкке өрлеген көк күмбезді ұшар басы! Көксараым менің, ішіңе сан-ықылым сыр жинақтап үнсіз жатырсың-ау?! Сенің де бауырың аршылар, бағың жанар күн туар әлі-ақ! Оны біз көрмеспіз, ұрпақ көрер! Ұрпақтар сабақтастығы үзілмесін!
Қазақтың қадым заманалық мәдениетін жұтқан Шардара теңізін бір айналып, Көксарай су қоймасына соғып, Сыр жағалап сапарлағанда менің келген түйінім міне осындай!
Туған жер туралы толғаныс тарих туралы ойланыстан басталды. Туған жерімен мақтану – қай қазақтың да мінезінде бар. Мен де сол қазақтың бір баласы. Енді, бір сәт өз тағдырым туралы ойланып, ел алдында есеп сөзімді айтсам ба?! Туған жерім Көксарайымнан түсіп тұрып жатқан құт мекенім Түркістаныма жеткенше мені қосанжарласқан сезім биледі. Ойлап отырсам күні бүгін сабақ салып, бұтақтап өркен жайып отырған Түркістаныма тартылған жол да оңай болмапты. «Дүние бір қисық жол бұраңдаған…» Бұралаң соқпақты тағдыр жолынан өтіп барып, кездескен қиындықтарды жеңе жүріп жетіппін бүгінгі күніме.
Шыққан белеңім – қай белең?, Алған асуым қай асу?, Тындырғаным қаншалық?, Тындырарым ше?, Халыққа бергенім қаншалық?, Берерім ше?.. Кісіні түрлі-түрлі ой қаумалайды мұндайда. Үлкенбіз бе, кішіміз бе, адамзат көш-керуеніндегі бір бекетке келіп ат басын тіреп тұрған сәтте – жұмырбасты бір пенде ретінде кісі өз өмірін ойша қорытар болса теріс емес. Алпыстан асқан жастың есесі де, есебі де міне, осы шығар деп ойлаймын. Әйтпесе, алпысында кісі жұрттың той үстіндегі мақтанына дес беріп, ден қоюмен шектелсе – ештеңе болмағаны!
Қаншалық халқыма қызмет еттім, оны бір Алла біледі. Ал, Құлбек деген атыма лайық болуға тырысып өсіп келемін. Алғаш жариялана бастағанда “атың нашар, кейін үлкен жазушы болып қалыптасқанда жарасымсыз болады, әдеби әдемі есім таңда” – деушілер де, кейбір мақалаларыма “Құлатай” деп сыртымнан өзгертіп қол қойып жіберген Аян сынды ниеттес аға, сыйлас басшыларым да болды. Азан шақырып қойған атымды өзгерткім келмеді. Ат жазбайды, талант жазады, ат шаппайды, бақ шабады. Қалғаны жай нәрсе. Бауырлас түріктің (Түркия) ұлы сықақшысы «Несің?» (кімсің?) деген атты алып та дүниені даңқы шарлап кете барды емес пе?! Есесіне менің туған жерімнің аты қандай жақсы. Туған жерімнің екінші аты — “Ақынтоғай”! Мүмкін мені Көксарай тарих тұңғиығына батырса, әдебиетке жетелеген осы бір “Ақынтоғай” ныс-пылы жер атауы (топоним) шығар…
Әкем еркелетіп үлгерген жоқ. Қасым ақын айтқандай мен іңгәлап үйге енгенде, әкем шалқалап үйден шықты ғой. Әкемнің мені кім деп атағаны да есімде жоқ. Үздік шопан атанудан бір танбай өткен әкем түр-келбеті, бейнесі есімде еміс-еміс қана. Сопақ ақ жарғақ сары кісі… Бәйгөбектің кемпірі (жеңгесі Тәтігүл) «Шанаш» деп атайтын әкемді. Шоқша сақалы бар. Ағам Берсінбек, інім Сайрамбек әкелеріңнің көшірмесі десетін марқұм анам. Мал санап тұрғаны, шабынған жараған бураның тістеп алғаны, анаммен сөзге келіп қалғаны, көрші отар иесімен ат үстінде қамшыласқаны, мал жоғалғанда мені шыбықпен бір тартып жібергені, қатты сырқаттанып жатқаны, сартап жүзін сыртқа салғаны, інісі Әмірбектің атпен суыт барып дәрігер әкелгені, ине еккені, азан-қазан, жылау-сықтау… Бұл менің 5-6 жасар кезімдегі елес-тер ғана.
Отырар ауданының тумасы – Әкем – Сәрсен Сайрам ауданының малын бағып отырып, 1959 жылы қақаған қыста қайтыс болды. («Көлқұдық» елді мекені зиратында мәңгілікке дамылдап жатыр жарықтық.) Қара суықты қыс еді. Сол күннен бастап анам – жесір, біз – жетім атандық. Бізді тағдыр қара суығы қарып өсірді. Асылық та болса айтпасқа амалым жоқ. Бір ағам – Берсінбек, қос інім – Сайрамбек, Сапарбек – төртеуміз әуелі Аллаға сиынып, содан соң бір аяулы анаға (Бибіайша) сүйеніп өстік.
Анам Бибіайша мектепке бір-екі ай шамасы ғана барған кісі. Бірақ, кісінің ала жібін аттамайтын әулие бейіл ана, алғы күнді кеңірек болжайтын дана десем жарасады. Молданың отбасында мұсылманша тәрбиеленген Анамыздан біздің бойымызға имандылық, ізгілік көбірек тарады. Жетім бала, жесір әйел бас сауғалап жастықта көбірек көшіп-қондық. Отырар, Түркістан, Арыс, Сайрам, Отырар… менің оқыған жерлерім. Онжылдықты он жерде (мектепте) оқыған болармын…
Білім алдық дегеннен шығады, менің балалық шағым ертеде Сейхун атанған Сырдария жағасында сабақталды. Балдай тәтті бола қоймаған шығар, тіпті кермек татитын болар. Бірақ, шыны сол. Мектепке алғаш Түркістан ауданы, Балтакөл елді мекенінде бардым. Үш-төрт ай оқудан әріге шама келмеді. “Жаңбыр жауса – торғай баласын қорғайды, бұршақ жау-са – басын қорғайды” – деген бар емес пе?! Жесір ана, жетім бала төбесінен тағдыр жаңбыры да жауды, бұршағы да соқты. Әкеден қалған үйір-үйір жылқы ұрланды, табын-табын сиыр қолды болды, қора-қора қойға да қол салынды. Төрт жетімегін “қанаттыға қақтырмаймын, тұмсықтыға шоқтыр-маймын” – деген ойдағы ана бізді Арыс қаласына ала қашты.
Арыста ағасы – Әбдімәлікті (Нұрманұлы) паналауды ойлады. Әбекең жарықтық бала шағында Бұхарадағы «Көкілташ» медресесінде оқыған, «қара молда» атанған кісі еді. «Көкілташта» оқыған Тұрмағамбет, С.Айни, Б.Кербабаевты білетін. Жақсы оқып жүрген жерінен жалғыз баланы құбылған заманадан қауіп ойлап қайтарып алған әкесі Нұрман. Әбекең жарықтық «Хисса-сұл-Әнбияларды» еркін оқып, бізге әңгімелеп беріп отыратын. Соның әсері болуы керек, мені мектепте, сәл кейінірек жоғары мектепте қанаттас балалар «Түркістанның құдайшылдау кенже ұлы» атайтын.
Сөйтіп, мен 3-4 сыныпты бірінші Арыста, 5-6-7 сыныпты екінші Арыста оқыдым. Бастауыш мектепте бірге оқыған Мақұлбеков Пернебай, Қалдар Баймаханов, Назарова Жұпар, Бибігүл Борықбаева, Темірбаева секілді ұл-қыздардың есімі есте қалыпты. Қайда, қандай тағдыр жетегінде жүргенін кім білсін?!
Сыр бойында сабақ алған ұстаздардан Тәліп Тұрымбетов, Беласаров Бұйрабай, секілді ұстаздар есте. Арыста Санаев, Байтеміров, Пернебек Үсенбаев (Нұржамал Үсенбаеваның әкесі), Тұрсынбек Бейсенов сынды ұстаздардан тәлім алдым. Әдебиет пәнінің мұғалімі Тұрсынбек Бейсенов алғашқы өлеңсымақтарымды өңдеп, қабырға газетінде “жариялатты”. Арыс-
та бірге оқыған Қалдар, Пернебай есімді сыныптас азаматтармен әлі де аралас жүреміз.
Арыс – тоғыз жолдың торабы дерлік, шойын жол айқыш-ұйқыш түсіп жататын жер. Теміржол – бейне өмірдің қан тамырындай. Біз балалар жүк поезына жабысып, кейде тамбурда тұрып, кейде вагонның үстімен қуаласа жүріп келесі аялдама, тіпті келесі стансаларға дейін барып қайтатын едік. Енді ойлап отырсам соның бәрі қатер екен-ау. Арыста – бүгінгі танымал әнші, Ақжол Мейірбеков бізден екі сынып жоғары оқыды. Еркелеу еді. Ағам Берсінбек екеуі – түн баласына шаһар кезіп, көше шамдарын сындыратын әдет тапты.
Анам көңіліне уайым ұялады.
Бір күні Анамыз бәрімізді отыр-ғызып қойып, ойласқан болып отырып өз шешімін жария етті.
– Араларыңдағы үлкендерің – Берсінбек. 16 жасқа толды. Аяғың 7 жастасыңдар. Мына жүрген жерлерің нағашы ауылы. Өз отан жұрттарың – Отырар. Қыз бала болсаңдар мейлі. Өзге шаңырақ түтінін түтетін. Сендер ер баласыңдар. Ер азамат нағашы жұртында емес, өз жұртында өсуі керек. Отырарға көшсек қалай қарайсыңдар? “Иә, иә” дестік, Ана бетіне келмей өскен біз – төртеуміз. Сөйтіп, 7-ші сыныпты Арыс қаласында аяқтаған мен 8-ші сыныпты Отырар ауданында Темірбек Ибрагимов атындағы сегіз жылдық мектепте жалғадым.
Темірбек Ибрагимов – «Ұлы Отан соғысы» аталатын атың өшкір қанды қырғында ерлікпен қаза тапқан, «Советтер Одағының Батыры» атанған 20-21 жасар боздақ. Қыршын дарын Саттар Ерубаевтың жақын тумалары. Ал, 9, 10 сыныпты аудан орталығында жарықтық Жамбыл Жабаев атындағы орта мектепте оқып аяқтадым. Ол мектепті отызыншы жылдары Өзбекстан мемлекет қайраткері Ахунбабаев салдырып берген екен. Отызыншы жылдары біздің аудан туралы қазақтың жорға ақыны Ғали Орманов «Шәуілдір» аталатын поэма, қырғи тілді сатирик жазушысы Асқар Тоқмағамбетов «Әке мен бала» романын жазған.
Ол мектепте Өзбекәлі Жәнібек, Өмірзақ Айтбайұлы, Көпен Әмірбек оқыған. Мен де сол мек-тептің түлегімін. «әл-Фараби екеу-міз жарықтық Жамбыл Жабаев атындағы орта мектепте бір сыныпта оқығанбыз» – деп қалжыңдаймын кейде. Астары бар әзіл.
Бірде немере ағам Көпен Әмірбек екеуміз Түркістаннан Отырарға қарай келе жаттық. Жарықтық Жамбыл Жабаев атындағы орта мектептің жанынан өтіп бара жатып қалжыңдадым:
– Көпеке, мына мектепті өмірден қай бұрын өткеніміз иемденетін шығармыз?..
– Бізден бұрын Өмірзақ ағамыз Айтбаев өтіп кетіп, сорымызды қайнатып мектеп атын ағамыз иемденеді-ау… Бізге бұйыра қоймас…
Екеуміз күлкіге көмілдік…
Екеумізге де мына жатаған екі қабатты мектеп ыстық-ақ!
Балдәурен шіркін – балалық!
Қаншалық қиындық көрсең де, тіпті қасірет шексең де балалық шақты ештеңеге айырбастамайсың. Әйтпесе, балдаурен дерліктей балалық бола қойған жоқ менде.
Сегізінші сыныпта оқып жүріп те еңбек етуге тура келді. Жыл бойы оқып, жаз бойына кірпіш құятын едік. Ол аз болса, күндіз мектепке барып оқып, түнде ауданнан 3 шақырымдай жерге орналасқан құрылыс-монтаж басқармасында қарауыл болып істедік. Кәдімгі күзетшілік. Арлан итіміз болды. Кейде жалғыз, кейде тете інім Сайран, кейде кенже інім Сапарбек екеуміз барып, құрылыс материалдары түсірілген айдаладағы алып қораны күзетеміз.
Жазда мейлі-ау, қысқы суықта от жағылмайтын вагонда жату – жаудан ақырет! Таң атқанша тісің-тісіңе тимей, тізең-тізеңе тимей қақайып шығасың. Амал қанша?! Күнкөріс керек. Біздің “Балдаурен шіркін балалығымыз!” осылай өткен еді.
Әр кез ауылға аяулы анама сәлем бере барғанда, қайтарда әлі күнге ауылдың сырт бетіне орналасқан осы ашық-шашық құрылыс қорасына соғамын. Көзіме аса ыстық көрінеді. “Апыр-ай, сол бір бала кезде елсіз мына мекенде түн баласына қорықпай қалай жатқанмын?” – деп үрейлене ойланамын. Ішімді бір уіл алып бара жатады. Көңілімді өксік қысады. Көкірегіме мұң тұнады, көзімнің аясына жас үйіріледі…
Орта мектепті аяқтар жылы ерте көктемнен аудандық аурухана жанындағы дезинфекциялық мекемеге қызметке тұрдым. Ол үшін «Аудандық дезинфекциялық бөлім» басшысы, марқұм, Мамырхан Ыбырай баласына шексіз алғыс айтқым келеді. Рухына тағзым етемін. Жұмыстан тыс уақытта “кесек құю” аталатын үйреншікті жұмыс. Келер жылы оқуға аттанбақпын. Соған қаражат жинау қамы. Артық уақыт болса – оқитынымыз – кітап. Көбіне көркем әдебиет.
Әрине 5 сыныпта өлеңсымағымды өңдеген Тұрсынбек Бейсеновке, 8 жылдық мектепте әдебиет пәнінен сабақ берген, баласынбай кітап сыйлаған марқұм, ұстаз Исабек Есібаевқа, 10 жылдықта әдебиетке баулыған Бекболат Нәдіровке дән ризамын. Әр мұғалім – білім мен тәрбие бұлағы. Біздің бойымыздағы білім, мәдениет сол аяулы ұстаздардан!
Ол жылдары көркем әдебиет оқу – үлкен-кішіге бірдей үрдіс. Қойшы етігінің қонышынан “Жұлдыз” журналы түспейді. Көркем әдебиет – біздің құмарымыз. Бір-бірімізбен кітап алмасып жатамыз. Біздің үй – жылжымалы кітапхана дерлік еді.
Өзі де тірідей жетім өскен Мамырхан Ыбырай баласы менің тағдырым туралы да толғана жүруді ұмытпайды. Мал дәрігерлік институтында Аманжол Таңатаров есімді таныс профессоры бар екенін айтып, аталмыш институтқа үгіттейді. Тіпті, немере ағасының қызына үйленіп, оқуға бірге кеткенімді қалайды. (Атын ұмыттым, ол қыз менің сыныптасым, әрі бөлімде бірге істейміз.) “Саған бай қайын керек. Әйтпесе, жетім баласың. Оқи алмайсың ғой” – дейді бастығым.
Әдебиетке құмарланып алған қияли басым ол кісі айтқан малдәрігерлік институтына да, немере қарындасына да ықыласты бола қойғаным жоқ. Сығырайған май шаммен оқитын көркем әдебиет құдіреті ме, әлде мектепке келіп кездесу өткізген Дүкенбай Досжанов, Ермек Өтетілеуовтің әсері ме, әйтеуір ҚазМУ-дің философия факультеті өзіне тартты да тұрды.
1970 жылы анаммен, аға-іні бауырларыммен жылы қоштасып, Алматыға жол тарттым. Шемоданымда “Маркстік-Лениндік эстетика” оқулығы, сыншы Мұхамеджан Қаратаевтың “Әдебиет және эстетика” кітабы. Ойым, ҚазМУ-дің не философия, не филология факультетіне оқуға түсу. Немере ағам Көпен Әмірбек қарсы алып, көрнекті балалар ақыны Әнуарбек Дүйсенбиевтің үйіне алып барды. Ақын екі иығына екі кісі мінгендей алпауыт екен. Оның қасында Көпен екеуміз «лилипуттар» секілдіміз. Ол бір алпауыт кісі. Ал, мінезі – бала дерлік. Екі ағам екі қолтығымнан демеп, түрколог Мархабат Томанов жебеп оқуға түстім. Студенттік жылдарым жоқшылыққа толы. Денсаулығыма байланысты ауылшаруашылық жұмысына бара алмаған жылы жатақханадан орын да тимеді. Жалдамалы пәтер. Әйтпесе, курстастарым Тұрар Сүлейменовтің, не Жарылқасын Әбішевтің бір кісілік кереуетіне құшақтасып бірге жаттық. Жаман оқымадым. Бір-екі рет жоғары степендияға ие болдым. Ең бастысы – балалық арманымды ұштауға мүмкіндік туды. Бақытыма орай, талапты ортаға тап болдым. Бақытыма орай, Бейсенбай Кенжебайұлы, Тұрсынбек Кәкішұлы секілді ұлы ұстаздардың тәрбиесіне тап болдым, тәлімін алдық. Бірге оқыған достардан Жанғара Дәдебаев – ҚазМу-дің вице-президенті, көрнекті оқымысты. Сауытбек Абдрахманов – “Бұхаралық ақпарат және қоғамдық келісім” министрі. Мемлекет қайраткері. Жұмабай, Серік, Мәжит, Қалидолла… дегендей көп дос таптым, көп өнеге үйрендім.
Профессор Бейсембай Кенжебайұлы арқасында 2-ші курстан ағымдағы баспасөзде мақалаларым жариялана бастады. Қайталап айтамын, студенттік кездерім – қиыншылыққа толы жылдарым. ҚазМУ-де оқи жүріп, вагоннан көмір түсірдім, ет комбинатында жұмысшы болып істедім Қалалық “Халық университеті” сабағынан қалмаушы едік. Университетті академик Рахманқұл Бердібай басқарады. Университеттің М.О.Әуезов атындағы әдеби бірлестігін бізге дейін Сағат Әшімбаев басқарыпты.
Біз де қатарға тұра қалып әдеби бірлестікті басқарыстық. Ақын, жазушымен кездесу жасайтын едік, жастар дуылдатып өлең оқитын. Біз баяндама жасадық. Енді ойлап отырсам, соның бәрі-үлкен мектеп екен.
Сөйткен, университет те аяқтал-ды. Маман ретінде Көкшетауға жіберілдім. Көтерме қаражатын алып, қалтаға салдық. Жаза бастаған мақалаларымның әсері болар, ең бастысы шәкірт талабын таудай көрген ұстаздың ұлы мейірімі шығар, профессор Тұрсынбек Кәкішұлы Оқу министрлігіне арнайы барып, министрдің орынбасары Әуезхан Қанапинге кіріп, бағыттаманы бұздырды. Бізді Алматыға алып қалды. Ғылым академиясына қызметке орналастырды. Жақсылық жасар әке жоқта – әкедей жақсылықты, сөйтіп, ұлы ұстаздан көрдік. Іргетасын Нұртас Оңдасынов, Қаныш Сәтбаев қалаған Академия – Білім, Ғылым ордасы! Біз онда небір марқасқа ғалымдардың көзін көрдік. Бөлім басқаруға дейін жеткен Ғылым академиясын ұмыта қоймаспын.
Мен өткен ендігі бір мектеп – баспасөз. Буыным қатпай жатып қазақ теледидарында жұмыс істедім. Кейін де теледидардан қол үзген емеспін. Қазіргі таңда теледидар алтын қорында С.Мұқанов, Б.Кенжебайұлы, Ә.Тәжібаев, Б.Момышұлы жайында телефильм дәрежесінде жасаған хабарларым сақтаулы. Б.Момышұлы тағдырынан түсірген “Қаһарман қаламгер” аталатын хабарым үшін теле, радиокомитет сыйлығын алғанымды да жасырмайын. Кинорежиссер Халила Омаров түсірген “Мағжан”, «Нұртас Оңдасынов», «Сағат Әшімбаев» фильмдеріндегі рөлім ше? Ол да өмірімнің бір сәті. “Өтпелі кезеңде” Сағат Әшімбаев ұйымдастырып, жүргізген «Жүректен қозғайық», “Қарыз бен парыз” – бізді елге таныстырған, ширатқан хабарлар. Қайран, Сағат аға! “Қарыз бен парыздың” авторы марқұм болған сәттен әрі қарай жүргізу маған жүктелген жайы бар. Мен келіспедім. Келіспеген себебім – “Қарыз бен парыз” өтпелі кезеңге арналған ағартушылық хабар. Ол өз міндетін абыроймен атқарды. Тіпті, Сағат ағаның өзі тірі болғанда да тоқтауға тиісті хабар. Сондықтан, “Қарыз бен парызды” – Сағат рухына бағыштап, соңғы санын көгілдір экранға шығарып түйдім. Ол да алтын қорда! Теледидармен айналысып жүріп, біраз уақыт Мәдениет министрлігі сферасында қызмет істедім. Қайталанбас қайраткер Өзбекәлі Жәнібек мекте-бінен тәлім алдым. Ащылы-тұщылы талай сөзін естідім. Сол ұлы тұлға жетекшілігімен “Сәбит Мұқанов музей-үйін” жасақтағанымды мақтан тұтамын. Ол – өз алдына бір ақ жарылып айтар дербес әңгіме еншісі.
Баспасөз – мектеп. “Лениншіл жаста” С.Бердіқұловтай батыл басшы, стилист бас редактормен қызметтес болдым. Талай жанашыр ағаны осы жастар газетінде жүріп таптым. Аға ғана ма, жарыса жазар замандастар, достарым ше?!
Ж.Бейсенбаев,М.Құлкен, Ж.Дәуренбеков,М.Қожахметова, Д.Әшімханұлы,Қ.Жиенбаев, Ж.Аупбай, Б.Әлімжанов, Е.Сағат, Н. Жүнісбайұлы т.б. осындай аға дос-тар, замандастар. Мен қалам ұштаған ендігі бір баспасөз – “Егемен Қазақстан”. Көрік Дүйсеев басшылығымен қызмет істеген жылдары республикада желтоқсан оқиғасы дүбірлеп, егемендік алуға ұмтылып, аласапыран күй кешіп жатты. “Қазақ киносының ұлттық беті қайда?” деген материалдан бастап талай-талай проблема қозғаппыз.
«Қазақ ұлтшылдығы» қаулысы қабындап тұрған сәт. Істі бола жаздадық. Жазықты атанып барып, қоғам тың арнаға бұрылуына орай, аман қалдық. “Қазақстан коммунисті” журналын “Ақиқатқа” айналдыруға ат салыстым. Бас редактор жүйрік журналист Камал Смайылұлы есімі мәңгі есімде. Ахат Жақсыбаев бас редакторлық еткен жылдары “Қазақ әдебиеті” газетінде қызмет еткенімді де – өмірбаянымның жарқын беттері санаймын. “Қазақ әдебиеті” дегеннен шығады, сол жылдары (1994-95) ҚР ҰҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында бөлім басқарып, Консерваторияда дәріс оқып, “Ақиқат” журналы мен аталмыш әдеби газеттерде (“Қазақ әдебиеті”) бөлім басқардым. Оған қоса, Қ.А.Ясауи университетінде лекция оқитын едім. ЖАК-та жауапты хатшымын. Керек болдық. Аянбадық. Әрі жан бағу. Бала-шаға асырау. Бәріне үлгеруге тырыстық. Консерваторияда Мағжан Жұмабайұлы атындағы әдеби бірлестік ұйымдастырдым. Түркия Республикасы бірден үн қатты. Тағы аңду. Ректор Д.Қ.Қасейінов азаматтығын көрдім.
1991 жылы кандидаттық, 1995 жылы докторлық диссертация қорғадым. Кандидаттық диссертациям докторлыққа баланған – саладағы бір адаммын. Өмірімнің 20 жылын Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне беріппін. Доцент, кафедра меңгерушісі, декан, ректордың ғылым жөніндегі орынбасары қызметтерін атқардым.
1999-2003 жыл аралығында әуелі Түркістан әкімінің руха-
ният мәселелері жөніндегі орынбасары, іле-шала облыс әкімі аппараты бастығының орынбасары, қоғамдық-саяси бөлім меңгерушісі, һәм облыс әкімі кеңесшісі қызметтерін атқардым. Қайраткерлігін халқына арнаған Б.М.Сапарбаевтай іскер азамат, ілкімді басшымен қызметтес болғанымды өзіме мәртебе санаймын.Университет профессоры қызметінен қол үзбей істедім әлгі аталған лауазымдарды. Қазір Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде вице-президент қыз-метіндемін.
Қоғамда басы артық адам болмайды. Әркім өз орнында бағалы. Мені “Құлбек Ергөбек” ретінде көтеріп тұрған – жазушылығым, журналистігім, ғалымдығым. Онсыз мен ешкім де емеспін. Қызметті жастай қумадық. Мұрат тұтпадық. Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібек бірде (1990 жылы 24 маусым күні) өзіне көмекші болуға қызметке шақырды. Бармадым. Ағайынбыз. Қажеті не?! Бар ғұмырын халқына қалтқысыз арнап келе жатқан қайраткерге сөз келмесін дегенім. Өкініші жоқ.
Есесіне шығармашылық соңына ерте түстім. Алғашқы мақалам – ҚазМУ-дің екінші курсында оқып жүргенде, профессор Бейсембай Кенжебаевпен қос авторлықта жарияланды. Жоғары оқу орнында екінші курста оқи жүріп үшінші курсқа лекция оқыдым. Тарихта болмаған жайт. Ұлы ұстаз әзіз Бейсекемнің арқасы…
Алғашқы кітабым – 29 жасымда жарық көрді. 1981 жылы. “Жан жылуы”! Қазіргі таңда 60 кітаптың авторымын. Екі кітабым өндірісте, басылып жатыр.
Шығармашылық еңбек – көлеммен өлшенбейді, санға бағынбайды. Оқырманға асу үстінде тұрып беріп отырған шығармашылық есеп үшін тиянақтаған жәйіміз ғана.
Сонымен 60 жасты өттік. Өмірдің бір асуы! Алпыстан асып, жетпіске беттеп барамыз. Алпыс жылдығыма орай қазақ поэзиясы жайында -– «Өлеңсөз», қазақ прозасы хақында – «Қарасөз», әдебиеттану мен сын әлемі туралы – «Сарасөз», «Дарасөз» аталатын әрқайсысы бір жанрдың жай-күйін қарастыратын жүгі ауыр сын еңбектерім жарық көрді. Ұсынылып отырған «Баласөз» балалар әдебиетінің жай-күйі, «Баянсөз» қазақ деректі, деректі-ғұмырнамалық, мемуарлық, эпистолярлық әдебиетті жинақтай талдайды, жанрлық тұрғыдан саралайды. Жазсақ деген шығармашылық Жоспар көп әлі.
Мен өзімді орташа жазушы, тәуір журналист, үздік сыншы санаймын. Әлгі кітаптардың ішінде ерекше ден қоятыным – “Жазушы шеберханасы” (2002) аталатын зерттеу. Бүгінгі таңда “Ғалым шеберханасы” – деп аталатын зерттеу аяқтап отырмын. Алдыңғы кітап – Сәбит Мұқанов, соңғысы – Бейсембай Кенжебаев шығармашылық шеберханасы хақында! Осы саладағы үшінші кітап “Ақын шеберханасы” аталады. Ол – Тәжібаев Әбділданың ақындық лабораториясы туралы болмақ. Осы үш кітаптық зерттеумен бірсыпыра шығармашылық жоспарды түйіндемекпін. Ғұмыр болса, одан арғысын көрерміз.
Ел танып, ер-азамат тұтып 2004 жылы 50 жасты мүшелтойдан гөрі мерейтойға айналдыра атап өтті елім. Тойға Ресейден, Польша, Чехия, Монғолия, Хакасия, Алматы, Астана, облыстардан кәделі қонақтар қатысты. «Арыстар мен Ағыстар» аталатын алты кітаптық шығармаларым жарық көрді. “Егемен Қазақстаннан” бастап баспасөз атап өтті.
Ол кезде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппарат жетекшісінің орынбасары болып қызмет атқарамын. Облыс әкімі келген жасты ескерді ме, еткен еңбекті ескерді ме «Құрмет» орденіне ұсынды. Облыстың ол кезгі ахуалын, әкімшілік орта, этникалық жағдайларды ескеріп, өзім тоқтаттым ұсынысты.
Отырар ауданының, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» атандым. Алпыс жылдығыма орай «Парасат» орденімен наградталдым. Мерекелік медальдар қаншама! ҚР Президенті стипендиясын алдым. 2016 жылы 5-6 мамыр күндері өзім қызмет атқаратын Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті басшы-қосшы ұжымы «Құлбек Ергөбек және Бүгінгі түркология мәселелері» аталатын халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізді.
Оған бауырлас елдерден академик Х.Ю.Миңнеғұлов (Татарстан), академик М.Х.Идельбаев (Башұртстан), Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының депутаты, ақын Г.А.Юнусова (Башқұртстан), Екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Н.Ю.Фазылов (Өзбекстан), академик С.Бахадырова (Қарақалпақстан), академик А.Акма-талиев (Қырғызстан), лақай профессор Н.Назаров (Өзбекстан) өзге де ғылым адамдары қатысты. Алпыс жылдыққа өзім Түркістаннан әкедей әзіз ұстазыма арнап «Бейсембай Кенжебайұлының түріктану музейін», көп тілді «Түрік тілдес халықтар кітапханасын», «Түрік халықтар өнер галереясын» ағам Берсінбек Сәрсеновтің фотокөрмесімен ашып, экспозициялап, жасақтап, қалыптап жұртқа есігін ашып жетіппін. Музейдің лентасын ұстаз, аға үлкен түріктанушы Мырзатай Жолдасбеков, татардың көрнекті ғалымы Хатип Юсупович Миңнеғұлов, кітапхана тұсауын академик Өмірзақ Айтбайұлы, өзбектің үлкен жазушысы Насыр Фазылов, галерея тұсауын «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Жанболат Аупбай, бауырлас башқұрттың аса көрнекті ақыны Гульфия Азнағұловна Юнусова қиды. Олардың бәрі дүние жүзінде өз ақылын, өз ақшасын салып, осыншалық мәдени-ағарту ошақтарын ашқан жазушы ғалым жоқ десті бірауыздан. Кім білсін! Ашарда атақты ойламадық. Мүмкін ақылға бітер абыройды ойласақ ойлаған шығармыз. Мырзатай Жолдасбековтің бір сөзі құлағымнан кетпейді: «Біз байысақ қонақ үй, рсеторан саламыз. Құлбек қарызданып-қауғаланып жүріп мемлекет болып сала алмай жүрген мәдениет ошақтарын салды» – деді ол. Құлаққа кіретін, жүрекке жететін жылы сөз… Қиналып жүріп ашқан мәдениет ошақтарым Түркістанды «Түрік халықтарының рухани астанасына айналдыру» (Н.Назарбаев) жолында халыққа кіршіксіз қызмет етсе, иненің жасуындай себебі болса жетеді деп ойлаймын.Кісінің аман жүргенінің өзі, шығармашылық еңбектен қал-мағанының өзі – бақыт!
Түріктік өркениеттің жәдігер көзі, кіндік қаным тамған Көксарайым, туған Түркістаным сендердің тари-хыңды ойға ала отырып туған халқым алдында басымды ием. Елге, жерге перзенттік бейілден басымды иіп, тағзым етем! Қадіріме жеткен іс басындағы азаматтарға қарыздар бейілден алғыс айтамын! Оқи қалса – оқырманыма мың алғыс!

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *