ҚОЙНАУЫ ҚАСИЕТКЕ ТОЛЫ – ҚАЗЫҒҰРТ ҚОЙНАУЫ ҚАСИЕТКЕ ТОЛЫ – ҚАЗЫҒҰРТ
Бақыт ТАСПОЛАТОВ, Филология ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы Түркістан облыстық университеті, Қазақ тілі және әдебиеті факультетінің доценті       Аңызға айналған Қазығұрт атауы ғасырлар бойы... ҚОЙНАУЫ ҚАСИЕТКЕ ТОЛЫ – ҚАЗЫҒҰРТ

Бақыт ТАСПОЛАТОВ,
Филология ғылымдарының кандидаты,
М.Әуезов атындағы Түркістан облыстық университеті,

Қазақ тілі және әдебиеті факультетінің доценті

КАЗЫГУРТ 

 

 

Аңызға айналған Қазығұрт атауы ғасырлар бойы ауыздан-ауызға көшіп, ұлтымыздың мәдениетінен өзіндік орны бар феномендік атауға айналған. Ол тек қазақ халқына ғана емес, жалпы түркілік сипатқа ие киелі атауға айналған ортақ тарихи, мәдени тілдік маңызы бар құбылыс.
Қазіргі таңда қазақ топонимикасында Қазығұрт атауына қатысты, өзге осы сынды тарихи онимдерге қатысты тарихи-тілдік деректер мен білімдер жүйесін саралау қажеттілігі туындап отырғаны белгілі. Осы ретте Қазығұрт туралы бұрын-соңды айтылған деректерді, оның этимологиясына қатысты зерттеулерге тоқталмақпыз.
Сонау қадым заманнан бергі тегі бір түркі халықтың, яғни бабаларымыздың артықша әзіз тұтып, ақ адал пейілдерімен тәуап етіп, ғибадат жасап келген қасиетті орындарының бірі – Қазығұрт тауы болып саналған.
Бұл киелі тау Оңтүстік Алатаудың батыс қапталынан оқшауырақ жерде орын тепкен. Алыстан бақылап қарағанда Қазығұрттың өзінің шығысында жатқан таулардан шарт үзіліп кетпегенін байқауға болады. Мұның мәнісі, Оңтүстік Алатаудың батыс жағы бірнеше бөлік мұрын жон-жотаға тармақтанып, бұтақтанып кеткен. Сондай үлкен жоталардың қат-қабаттасып, бір-бірімен сіңісіп жатуынан алынбас асуға ұқсас биіктеу бір бел түзілген. Қазығұрт – Оңтүстік Алатаудың сілемдерінде нақ осы бел арқылы жалғасып, ұласып жатқан тау.
Қазақ жұртының әуел бас-тан тұтынып келе жатқан тарихи жәдігерлерінің бірі – аңыздарға сүйенсек, қасиетті Қазығұрт тауына байланысты алуан түрлі оқиғалардың сырына қанық боламыз. Қазығұртқа қатысты айтылып, сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан сондай аңыздардың бір тобы Қазығұрт тауы мен Нұһ пайғамбардың кемесі жайында сыр шертеді. Аңыз бойынша әлемдегі жаңа өмірдің нышанын жаңғыртқан Нұһ пайғамбардың кемесі осы таудың басында қайырылған. Адамзаттың қазіргі ұрпағы осы тау бауырынан өркендеген көрінеді. Тек адамзат қана емес, бүкіл әлемдегі жан-жануар мен табиғат тартулары да осы Қазығұрт тауының қойнауынан өсіп-өрбіген екен:

Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған?
Ішінде екі қозы болған екен,
Шопан ата деген сөз содан қалған.

Қазығұрт басында кеме қалған,
Ол керемет болмаса неге қалған?
Ішінде екі бұзау ұйықтап қалып,
Зеңгі баба деген сөз содан қалған.

Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол құдірет болмаса неге қалған?
Кемеде екі бота қалған екен,
Ойсылқара деген сөз содан қалған.

Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол қасиет болмаса неге қалған?
Ішінде екі құлын қалған екен,
Қылқұйрық Қамбар Ата содан қалған.

Тұңғыш рет белгілі этнограф әрі фольклоршы Ә.Диваевтың 1896 ж. шыққан «Қазығұрт кемесі туралы аңыз» кітабында жазбаша түрде берілген.
Ел аузында түрліше вариантта айтылатын бұл өлең Қазығұрт тауының әулиелігін дәлелдей түседі. Өлеңдегі Қазығұрттың жоталарына түскен жан-жануарлардың аяғы тиген жерлер киелі болып қалған екен. Олар: Қазығұрт Ата, Ақбура Ата, Шілтер Ата, Көзді Ата, Аңғар Ата, Қызыл Ата, Қайнар Ата және Мейрам Ана деп аталыпты. Осындай қасиет дарыған орындар топонимге бай Қазығұрт өңірінде көптеп саналады. Олардың шығу тарихы, аталу тарихы туралы әр дәуір ғалымдары өзінше болжап, зерттеу еңбектерінде келтірілген.
Ең алдымен, «Қазығұрт» деген сөздің қалай шыққандығын, нені білдіретіндігін қарастырайық. Бұл жайында көптеген тілшілердің ой-болжамдары бар. Соларды саралай отырып, маңызды дегендеріне қысқаша тоқталсақ. Зерттеуші Е.Қойшыбаев: «Қазығұрт – көне тілдердің тайпа аттарына байланысты қос этнонимнен құралған атау: «қаз» және «құрт» – түркілердің VIII ғасырларды өмір сүрген тайпалары», – деп анықтама берсе, жазушы С.Бақбергенов: «қазы» – төреші, әділ төреші, ал «құрт» – қасқыр деген мағынаны берсе керек» – деп тұжырымдайды. Ал, ғалым Қ.Өмірәлиевтің пікірі бойынша, «Қазығұрт атауы бір кездерде Гаргурд, Гузкурд, Геркурд болып қолданылған: «кер» – есім түбір. Якут, алтай, төлеуіт және көне түркі тілінде «қар» – керемет қорқынышты зор жылан, екі басты айдаһар дегенді білдіреді. Оны «кар йутпа» деп те атайды. Қазақ тілінде бұл түбір «кер ауыз», «кермиық» деген тіркестерде ғана сақталған… Якут тілінде сақталған «кар» (екі басты айдаһар) мен Қазығұрт сөзінің арасында ізі өшіп кеткен байланыс болуы мүмкін». Онда қазіргі Қазығұрт тауының байырғы замандағы «кер» тұлғасы «айдаһарлы» деген мағынаны білдірген болады. Олай болса, бұл жорамал жергілікті халықта сақталған «Қазығұрт тауының астында зор айдаһар бар, оны дуалап, арбап қойған. Ол босанып кетсе қиямет-қайым болады-мыс» деген аңыздан өрбісе керек. Топонимист А.Әбдірахмановтың пікірінше, «кер» бөлімі «құрылу», «бөліну» мағынасын, ал «курт» сөзі «қасқыр» мағынасында қолданылған тотемдік ру, тайпа атынан шыққан.
VІІ-VІІІ ғасырларда жазылған араб ғалымдарының еңбектерінде Қазығұрт «Гезгерд» формасында келтіріледі. Х ғасырда ғалым Кудама «Жер салығының кітабы» еңбегінде: Шаш қаласынан Гезгердке дейін бес фарсах (13 км.), ал Гезгердтен Испиджабқа дейін төрт фарсах», – десе, ортағасырлық араб географы Әл-Макдиси «Елдерді танудың ең жақсы бөлінісі» (Х ғ.) кітабында «..Бинккеттен Анфаран рабадына дейін бір күндік жол, одан Гезгердке дейін бір күндік жол, одан Исфиджабқа дейін бір күндік жол», – деп жазады Ұлы Жібек жолының сипаттамасында. Ортағасырлық араб географтарының осы еңбектеріндегі Гезгерд қаласы қазіргі Қазығұрт тауының бөктеріндегі Шарапхана ауылының маңында болған, ал Гезгердтің қасында орналасқан тау кейінірек Қазығұрт аталып кеткен деген пікір білдіреді ғалымдар.
Яғни, Қазығұрт атауы мен ІХ ғасырда оған таяу жерде болған қала Гузкерд бір түбірдің әр замандағы әр түрлі атауы. Бұл пікірге белгілі ономаст Е.Керімбаев: «Тау аты қала атынан қойылуы ықтимал деп болжам жасау қисынға келмейді. Оған дәлел тау, өзендер т.б. табиғи объектілерден сірә әлдеқашан бұрын белгілі болатыны. Ал тау етегіндегі қазақ қыстақтары сол тау атымен атала берген. Сол себептен Қазығұрт тауының түбіндегі көне қала тау атымен аталуы әбден мүмкін» – деген қарсы пікір білдіреді.
Қолда бар деректерге қарағанда, Қазығұрт тауы туралы дерек алғаш рет ІХ ғ. кездеседі. Оғыз бен печенектер – қанғарлар арасында болған соғысты бейнелейтін «Қорқыт туралы жырда» және Әбілғазының «Түркі шежіресінде» көрініс тапқан. Тегі бір түркі халықтарына ортақ «Қорқыт Ата» кітабындағы қорқыт бабаның замандасы Салар Қазанға арнап шығарған мадақ сарын жырындағы:
«Қазығұрт тауындағы үңгір тасты
Салар Қазан барып көркейтті.
Онда ата-бабасына садақа таратты…»
деген жолдар Қазығұрт атауының ІХ ғасырда топоним ретінде түпкілікті қалыптасып болғанын дәлелдейді. Осы жырда Қазығұрттың Үңгір әулиенің қасиеті жөнінде де сөз болады. Тарихшы Әбілғазының айтуынша, сол киелі үңгірлі Қазығұрт тауы Қазанбектің жақсы көретін, әрі ордасы көп тұрған жер болған екен.
Қазығұрт сөзі Әбілғазының «Шежіре-и-туркмени» (1660-1661жж.) кітабында біріншіден, тау аты есебінде, екіншіден, Оғыз ханның бір ұрпағы, яғни оның тайпасының бірі есебінде кездеседі. Тарихшының екінші мәліметін қазақ халқының құрамындағы (Кіші жүздегі) Қазығұрт руымен байланыстырған Қ.Өмірәлиев «Қазығұрт атауы тұтасымен этноним болып, кейін тау атына ізін қалдыруы ықтимал» деген ой айтады. Түркітанушы ғалым, тарихшы С.Әбушәріп: «Құрт сөзіне келетін болсақ, ол «Куртулуш» (немесе оның түрлі вариантының) сөзінің түбірі болып табылады және «құтқару», «құтылу» дегенді білдіреді дейді. Осыған қарап, бүгінгі күні Қазығұрт аңыздарын зерттеп жүрген әдебиетші Қ.Ергөбек: «Қазығұрт сөзі – Қазы есімді адамның халықты түрлі апат пен бәлекеттерден Алла тағаланың жәрдемімен құтқарған қызметіне қарай оның атына «құрт» түбір сөзінің жалғанып, бірігуінен шықса керек», – деп тың пайымдау жасайды.
Жоғарыда Қазығұрт топонимнің бірнеше этимологиясын қарастырдық.
Олардан басқа жергілікті көнекөз қариялардың аузындағы аңыздар қаншама. Солардың кейбірі Қазығұрт атауын Қазығұрт әулиемен, келесі түбі «қорқу» сөзінен алынған Қазы-Қорқытпен, ал енді Нұһ пайғамбардың кемесін топан судан сақтап қалған «құттың алтын қазығы» – Қазықұт тауымен байланыстырады. Бұл айтылғандардың қаншалықты дәлелді екендігін дөп басып айту қиын.
Қазығұрт өңірі «Ұлы жібек жолымен» Еуропа мен Азия бөліктерін жалғастырып тұрған аймақ ретінде ежелден белгілі болған. Екі ел арасындағы қарым-қатынасты байланыстырушы аймақты «Елшілік көпірі» деп танып, талай керуеншілер мен саяхатшылар, тарихшылар мен географтардың табаны тиген.
Сондықтан да Қазығұрт туралы алғашқы жазба деректер жиһанкездердің жазбалары арқылы арнайы жүргізілген. Тарихшы Геродот б.з.д. 455-447 жылдар шамасында саяхатқа шығып, Кіші Азияға дейін аралап, бұл аймақтарда массагеттердің мекендейтінін жазса, ежелгі грек тарихшысы, әрі географы Страбон (б.з.д. 63 ж.-б.з.20 ж.) саяхатқа шығып, «География» атты 17 кітап жазады. Еңбектің 13-14 кітаптарын Кіші Азияға арнайды. Сондай-ақ Птолемей (б.з. ІІ ғ.) еңбектерінде де сараң деректер кездеседі. Мұндай деректер Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінде де тасқа қашалып түсірілген. Қазығұрт және оның аймағы туралы нақтылай деректер араб ғалымдарының еңбек-терінде VІІІ ғасырдың орта кезеңінен бастап жиі ұшырайды.
Енді сол еңбектерге аз-кем тоқталсақ. Мәселен, араб тарихшысы әл-Белазури Қазығұрт өлкесі бірде түрік, бірде қытай, енді бірде араб елдерінің иелігіне көшіп, 760 жылдары түрік халқының иелігінде қалғанын жазады. әл-Белазуридің еңбегіне сүйенген араб географы ибн Хордадбектің «Жолдар мен әкімшілік бөлінісі» (ІХ ғ.) атты кітабында Қазығұрт туралы, ондағы елді-мекендердің ара қашықтығы жайлы нақты мәлімет беріледі. Сонымен бірге ибн Хаукалдың, әл-Макдисидің, ас-Саманидің,М.Қашқаридың, М.Хайдардың, т.б. ғалымдардың еңбектерінен Қазығұрт баурайы, елді-мекендері, олардың тұрғындары мен шекаралары туралы мәліметтерді кездестіреміз. Осы жазбалар арқылы Қазығұрт пен Қаржан тауын, Өгем сілемдерін, Казкирд, Чорапхана, Сынтас, Сарыүйсін, Кузбен, Қаражон секілді ел мен жер аттарын әлем халқы танығанын аңғарамыз.
Қаншама ғасырлар өтсе де Қазығұрт туралы хикая бәсеңсіп көрген емес. ХVІ ғасырда жазылған тарихшы әл-Бұхаридің «Абдулланама» кітабында «Келес өңірі, Қазығұрт баурайы – гүл жайнаған бау-бақшалы, көк майса жер» деп суреттеледі.Сондықтан да бұл маңды жаулап алуға тырысқан қан қилы дұшпандар мен қақтығыстардың сан рет ашық майданы болған Қазығұрт баурайының аты жиі өзгеріп отырған.
Тарихшы Г.В.Григорьев бұл аймақты б.з.б. V-VI ғғ. сақ тайпалары мекендеген «Сақтар Отаны» десе, К.М. Байпақов сақтардың мәдениетін дамытушы – қаңлылар осы маңда өмір сүріп, бұл өлке «Қаңлы елі деп аталған» – дейді. Х ғ. өмір сүрген араб саяхатшысы Истахри өзінің қолжазбасында: «Ангрен мен Шыршық аңғарында, Шатқал мен Өгем жоталарында, Қазығұрт пен Келес даласында оғыздар, қарлұқтар мен басқа да түркі тілдес топтар араласа мекендеген» – деп жазады да, осы өңірді «Оғыздар қонысы» дейтін.
1043 жылы Оғыз ұлысы ыдырап, кейбір тайпалары батысқа кеткен сәттен бастап бұл өлкені «Қазығұрт халқы» деп атай бастағаны туралы деректер де бар.
Қазығұрт атауына байланысты қазақ тілінде өсімдік атауларын зерттеген белгілі ғалым Байынқол Қалиев былай дейді. «Қазақ тілінде жамбыл, қазығұрт, қорғалжын, қандыағаш, ереймен, көкпек, бұғыты, сөгеті деген өсімдік атаулары бар. Осы аттас жер-су, тау атаулары және бар. Бұлардың қайсысының аты қайсысына қойылған: жер аты өсімдікке ме, жоқ өсімдік аты жерге ме? Бұған ойланбастан жауап беруге болмайды. Әйткенмен де, көбісі жер аты ретінде сол жерде өсетін өсімдіктің аты қойылатындығын ескерген жөн. Кейде керісінше, өсімдікке атау ретінде оған жер-су аты қойылатын жағдайлар да жоқ емес». Бір жағынан бұл пікірдің де жаны бар сияқты. Қазығұрт атауы алғаш рет Рашид-ад-диннің «Оғызнамасында кездеседі, алайда онда жер-су атауы емес, кісі есімі ретінде айтылады екен. Қазығұрт антропонимі… руынан шыққан бидің есімі деп берілген.
«Қорқыт ата кітабындағы» Кавказдың «Қазылық тау аталуы екендігіне көз жеткіземіз», дейді Қазығұрт топонимінің этимологиясынзерттеген жазушы Б.Қошым-ноғай. Өз кітабында ол Қазылық тау атауындағы тау компоненті көне түркі тіліндегі арт сөзінің синонимі… деген тоқтанымға келеді. Әрі қарай зерттеуші көне түркі тілінде біршама жиі қолданыста болған арт сөзі Қазығұрт атауының құрамында да кездеседі дейді. Сөйтіп Қазығұрт атауы әуел баста Оғыз+лық+арт тіркесінің нәтижесінде пайда болғандығы туралы ой түйіп, талдау арқылы өз ойын дәлелдеуге тырысқан.
Қалай болғанда да, Қазығұрт атауы жөнінде бұрын да, қазір де көптеген аңыз-әңгімелер, ғылыми негіздегі этимологиялар, болжамдар айтылуда. Ғасырлар бойы сақталып, қазіргі күнге дейін өзінің тілдік, топонимдік қызметін атқарып келе жатқан қасиетті Қазығұрт тауы атауының жұмбағы әлі де шешіле қойған жоқ. Жаңа дерек, жаңа кешенді ізденістерді қажет ететін көнеден жеткен бұл атау туралы әңгіме әлі алда деп білеміз.
Кез келген өңірдің топонимиясы диахрониялық тұрғыдан өзгеріске ұшырайды, демек, аймақтық топонимияда жаңа сипаттағы топонимдер пайда болады, олардың түрлері мен типтері өзгерілуі мүмкін; көп жағдайда оның себептері басқа тілден енген топонимдердің тарихи, мәдени және тілдік болмысына байланысты келеді. Сондай тарихи өзгерістер Қазығұрт өңірі топонимиясынан да байқалады.
Қазығұрт өңірі топонимиясында сол өлке халықтарының ұзақ ғасырлар бойы қалыптасқан тарихына қатысты түрлі тілдерден енген топонимдер де пайда болды. Басқа тілдерден енген географиялық атаулар бөгде этностың сол өңірді жаулап алған себептерінен туындайды және де басқа елдер мен тілдер арасындағы өзара мәдени, тарихи, сауда-саттық, экономикалық қарым-қатынасының нәтижесінде пайда болады, жергілікті топонимиялық жүйеге енеді. Осындай тарихи-лингвистикалық тұрғыдан алғанда, ұлттық және аймақтық топонимияда топонимиялық стратиграфия құрылымын айқындауға болады. Жалпы алғанда, топонимиялық стратиграфия тарихи және этностық процестер, тілдердің өзара әрекеттесуі нәтижесінде бір-бірімен тығыз байланысқан, әртүрлі тілдерге жататын және әр кезеңде қалыптасқан географиялық атаулар қабаттарының жиынтығы болып табылады.
Қазақстан топонимиясының қа-баттары оларды хронологиялық жіктеу негізінде көрсетіледі, ал белгілі бір тарихи кезеңде қалыптасқан қабат әдетте жеке бір тілге байланыстырылады. Мәселен, Е.Қойшыбаев (1985) хронологиялық жіктеу негізінде Қазақстан аумағында бес тілдік қабатты бөліп көрсеткен:
1. Ежелгі тілдер элементтерін сақтап келе жатқан тым көне қабаттар (санскрит, үнді-иран тілдері элементтері: тал, ар, бал, сар, ғар, қан);
2. Шартты түрдегі түркі-моңғол тіл бірлестігі элементтерін сақтап келе жатқан көне қабаттар (ал, ала, бала, қар, шар, чар, көк, бай, тоғай);
3.Түркі тіл қабаттары немесе түркі тілдер семьясы құрамының ерекшеліктерін көрсететін қабаттар;
4.Осы күнгі түркі тілдері ерекшеліктерін көрсететін қабаттар (қазақ, қырғыз, алтай, қарақалпақ, башқұрт, ұйғыр, түркімен, әзірбайжан, өзбек және т.б.);
5.Орыс тілі негізіндегі топо-нимикалық қабаттамалар, яғни Э.М. Мурзаевтың айтуынша, «ең үстіңгі қабат».
Қ.Рысбергенова Оңтүстік Қа-зақстан аумағындағы топонимиялық негіздерді тілдік тұрғыдан үш топқа; 1) субстратты (көне); 2) сырттан енген; 3) түркілік қабат деп жіктейді. Е.Қойшыбаев, Ә.Абдрахманов, Қ.Рысбергенова т.б. зерттеушілер көрсеткен негізгі стратиграфиялық тілдік қабаттар Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында, соның ішінде Қазығұрт топонимиялық аймағында көрінісін тапқан.
Мәселен, Өгем тауының атауындағы гем /кем-ді кейбір зерттеушілер көне иран терминіне жатқызады. Кей жағдайда ирандық терминдер қазақ тіліне кеңінен сіңісіп кетіп, өзіндік мағыналық жүктемеге ие болады. Сондай ирандық терминдердің бірі – сеңгір «тік жарқабақты жартас» мағынасында қазақтың халық терминологиясында белгілі. Қаратаудың солтүстік-шығыс беткейіндегі Қызылсеңгір тауы (786 м.), шындығында да, тауалды жазығымен тік жартасты беткей жасап жалғасады.
Ә.Абдрахмановтың зерттеулерінде Бадам, Бетпақдала, Ленгер, Шардара, Шымкент атаулары иран тілдерінен енген атаулар қатарына жатқызылады.
«Бадам – өзен, ұзындығы 141 км. Бастауын Қаржантау етегінен алады, Төле би ауд., Шымкент қ., Бөген ауд., көлемінен өтіп, Арыс өзеніне барып құяды. Қар, жауын-шашын суымен толығып отырады. Наурыздан мамырға дейін су деңгейі көтеріледі. Өзен бойында үлкенді-кішілі жиырмадан астам каналдар бар. Бұлар Сайрам, Бөген ауд. жерін суландырады және Шымкент қаласының кәсіпорындарын сумен қамтамасыз етеді. Су энергиясына бай. Бадам Қазығұрт тауының шығыс жағын орып өтіп, сонан соң солтүстік жағымен ілесіп отырады. Қазығұрттың солтүстік жағындағы ең үлкен өзен осы. Кезінде осы маңда Бадам болысы болған. Сол болыстыққа Қазығұрт өңірінің біраз жері қараған».
Иран тілдер тобына жататын тәжік тілінде бодом миндаль жемісінің атауы болып табылады. Жергілікті қазақ халқы бұл жемісті «бадам» немесе «түкті өрік» дейді.
Оңтүстік Қазақстан облысы аумағындағы, соның ішінде Қазығұрт өңіріндегі сырттан енген атаулар тобына араб тіліндегі лексикалық элементтер де жатады. «Өлке топонимиясының арабтық элементтерінің енуі VIII-ІХ ғғ. сәйкес келеді. Араб мәдениеті мен тілінің біз зерттеп отырған аумаққа ықпалының артуы араб саудагерлері мен саяхатшыларының Ұлы Жібек жолы арқылы енуімен және арабтардың жаулап алу жорықтарымен байланысты болды. Жалпы алғанда, Оңтүстік Қазақстан облысында еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда араб топонимдері көбірек кездеседі», – деп жазады зерттеуші З.Қ. Мырзалиева.
812-817 жж. Отырар маңына Фадл ибн Сахл бастаған араб басқыншылары келіп жетті. «Араб қолбасшысы Нұх ибн Асад 840-ж. Испиджабты өзіне бағындырды. 859 ж. оның інісі Ахмед ибн Асад Шавғарға жорық жасап, сол жерде мыңдаған адамды таяққа жыққан. Х ғ. басында қараханидтер әулетінің рубасы Сатух ислам дінін қабылдады, ал оның ұлы Боғра-хан б. Муса 960 ж. Исламды мемлекеттік дін деп жариялады. В.В. Бартольд қарлұқтар ислам дінін 766 жылы Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанды жаулап алған соң, тез арада-ақ Мехди Халиф (775-785 жж.) тұсында қабылдады деген болжам ұсынған. Бұл тек қарлықтардың кейбір тобы ғана болса керек. Өйткені Ислам ибн Ахмад 893 ж. Таразды басып алып барып қана қаланың бас шіркеуін мешітке айналдырды».
Дегенмен, ислам дінін алғаш қабылдағандар Қазығұрт өңірінің тұрғындары екені анық. Оны араб тарихшыларының өзі жазып қалдырған. Ал-Истархи өзінің «Китаб масаллик ал-мамалик» атты еңбегінің парсыша аудармасында: «Фараб, Кенджид және Шаш арасындағы жайлауларда көшпенділер өте көп. Олардың бәрі мұсылмандар, бірақ ешкімге бағынбайды» – деп жазған. Екінші бір ғалым ибн Хаукал «Китаб ал масаллик ва-л мамалик» атты еңбегінде: «Фараб, Кенджид пен Шаш арасындағы жайылымдар өте шұрайлы, ол жердегі 1000 түтіндей түріктер исламды қабылдаған, тек өз салттары бойынша киіз үйлерде (в шатрах) тұрады» деп жазған. Ендігі бір саяхат жасаған жиһанкездер дәл осы ойды Испиджаб пен Шаш арасындағы мың түтін деп көрсетеді. Соңғы кезде қазақ зерттеушілері алғаш ислам дінін қабылдағандар Қазығұрт өңірінің тұрғындары, ол 777 ж. болатын деп тұжырымдайды (осындай бір еңбек 1999 ж. «Жас Алаш» газетінде жарияланған).
Тарихқа көз сала келсек, ислам дінінің Қазақстандағы тарауы Қазығұрт өңірінің оңтүстігінен басталған. Өйткені алғашқы кезде Испиджабтың өзі де (Сайрам) ислам дініне мойынұсынбай, соңынан барып қана қарахандар дәуірінде исламды уағыздаушы орталыққа айналған. Ал ислам дінінің келген бағыты – Самарқанд, Ташкент.
Нақ осындай тұжырымдар «Қазақстан тарихында» былай берілген: «Ибн Хаукалға жүгінсек, оғыздардың бір тобы Шаш облысына жататын Бискент қаласын мекендеген. Ол қазір Арыс өзенінің аңғарындағы Піскентке сәйкес келеді.
Қазығұрт өңірінде араб бас-қыншылығымен қатысты топонимдер түгелімен сол бір кезде пайда болып, тұрақты түрде «қатып» қалып ғасырлар бойы өзгермей қалды деп айту қиын. Басқа тілден қалыптасқан топонимдердің автох-тондық топонимияға енуі ұзақ жылдар, ғасырлар бойы жүреді деп атап көрсеткеніміз жөн. Жалпы алғанда, бөгде тілдік лексиканың өзі жергілікті тілге біртіндеп сіңіседі, ол үшін көптеген мәдени, діни, саяси-экономикалық өзгерістер (алғы-шарттар) қажет-ақ. Сол себепті көп жағдайда белгілі бір өңірде топонимиялық билингвизм (екі тілдік) қалыптасады. Осының салдарынан топонимдік калькалар пайда болады. Оңтүстік Қазақстандағы ортағасырлық топонимдік калькалар қалалардағы билингвизм (айталық, түркі-араб, түркі-соғды) жағдайында қалыптасты деуге болады. Қ.Рысбергенова осындай калькалар ретінде Отырар-Фараб, Сайрам-Испиджаб, Сырдария-Сейхун, Оксус-Весидж атауларын мысал ретінде келтіреді.
Дегенмен, араб тіліндегі кейбір географиялық терминдер мен сөздер жергілікті, байырғы (автохтондық) топонимияға сіңісіп, күні бүгінге келіп жеткен. Сондай араб географиялық терминдерінің бірі – рабат. Э.М. Мурзаев өз сөздігінде рабад, рабат терминінің топонимдік мағыналарын көрсетіп, рабад пен рабат терминдері арасындағы айырмашылықтарын түсіндірген: «РАБАД, РАБАТ – городские стены и поселения по их внешнюю сторону; охрана города, предместье; каравансарай; сторожевой пост (тюрк., тадж., араб., среднеазиатские республики, арабские страны, Пакистан, Афганистан, Иран). Другие значения: «подворня», «странноприимный дом», «станция», «монастырь». В.В.Бартольд различает рабад и рабат: «…в Туркестане, как и в других пограничных областях мусульманского мира, строились рабаты (таково правильное арабское произношение), или рабаты так произносилось это слово, которое не следует смешивать со словом рабад в Туркестане). По объяснению автора ХІІ в., рабатом называлось «место, где привязывали коней» (таково и этимологическое происхождение термина); рабат предназначался для газиев (борцов за веру), так как они, когда поселялись в пограничном пункте, жили там лицом к лицу с врагами, отражая и козни и их нападения на мусульман». Таким образом рабат первоначально в Туркестане – «пограничное поселение»; а рабад – «предместье».
«Қазығұрт» энцилопедиясында Рабатқа мынадай түсінік берілген: «Рабат – жер аты. Көне ауылдың ежелден келе жатқан аты. Рабат деген ұғым алғашқы кезде шекарадағы бекініс, соңынан керуен сарай баламасына тең. Тау қойнауында орналасқан, көк жасыл алқап, Жібек жолының бойы. Осы жерде әулиелі бекет болған. Ташкентке қарай өткен керуендер бекетке тоқтап, демалып, көлік ауыстырып, ары қарай жол тартқан».
Қазығұрт өңірі көне заман және ортағасырлық дәуірлерде тек малшаруашылығымен, егіншілікпен айналысып келген өлке ғана емес, сонымен қатар оны қалалық өркениет аймақтарының құрамдас бір бөлігі ретінде тануымызға болады. Мәселен, қазіргі Оңтүстік облысы аумағын алып қарайтын болсақ, көптеген көне қалалар мен қорғандардың, кесене, ескерткіштердің т.б. археологиялық нысандардың орнын кездестіреміз. Мысалы:
1. Орта ғасырдағы (ІХ-ХVІІ ғғ.) Сауран қаласының орны (Ақтөбе, Майдантал өзендерінің орта алқабында);
2. Көне Түркістан (Ясы) қаласының орны (IX-XVII ғғ.). Ол Шорнақ пен Қарашық өзенінің аралығында, қазіргі теміржол бойында;
3. Көне Отырар қаласының орны (б.д.д. І-ХVІ ғғ.дейін);
4. Қарағұндышық немесе Құқсұқ (І-VІ ғғ.) қаласының орны Арыс өзенінің
Сырға құйылар жерінде;
5. Жартытөбе көне қала орны;
6. Құмкент (ІХ-ХVІ ғғ.) көне қала орны;
7. Қарашық көне қала орны. Түркістан қаласының маңында (қазір онда археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатыр);
8. Қараспан төбе (VІ-ХІ ғғ.) – Арыс өзенің бойында болған қаланың орны;
9. Манкент-Сайрамсу мен Арыс өзендерінің арасындағы көне қала орны;
10. Шарапхана (VІ-ХІІ ғғ. жататын) көне қаланың орны;
11. Өзбекстан жеріндегі Ақтөбе ауданы жеріндегі Қаңга (Қанғұй мемлекетінің кезіндегі бір резиденциясы) т.б.
Айта берсек, мұндай көне ескерткіш белгілері Оңтүстік өлкеде өте көп: Шардара (І-ХІІ ғғ.), Қаратөбе (VІ-ІХ ғғ.), Жартөбе (VІ-ІХғғ.), сондай-ақ Шардараның сол жағындағы, Темірлан маңында, Түлкібаста т.б. бұл өлкенің көне тарихи мұраларға бай екендігін көрсетеді.
Жоғарыда берілген көне заман ескерткіштерінің санатында Қазығұрт өңіріне тікелей қатысы бар топонимиялық атау – Шарапхана. Шарапхананың тарихи-лингвистикалық сипаттамасы «Қазы-ғұрт» энциклопедиясында жақсы берілгені; «Шарапхана – жер атауы (Бұрын Қаратас, Шарапхана, Шарафхана, Газгерт аталған).
1948 жылы Оңтүстік Қазақстан экспедициясы қазіргі Шарапхана төңірегінде, анығы Келес өзенінің сол жағында орта ғасырға тиісті қаланың орнын анықтаған. Зерттеуші Г.И.Пацевичтің пікірі бойынша, бұл орта ғасырдағы Газгерт қаласы деген тұжырым жасалады. «Газгерт» деген сөз әділетсіздікке қарсы күресуші деген мағынаны білдіреді. Кейіннен бұл қала Шарапхана аталады (екеуі бір қала).VІ-ХІІ ғасырларда өмір сүрген делінеді. Ол 1954 жылы Мәскеу қаласында археология ғылымының кандидаты дәрежесін алу үшін қорғаған диссертациясында: «Газкерт қонысы ертедегі қала. Оның қорғаныс құрылымдары екі алаңнан тұрады. Батыс жағындағы алаң аумағы солтүстіктен оңтүстікке қарай 80 м., батыстан шығысқа қарай 65м., биіктігі 1,5 м. екінші алаңның мөлшері солтүстіктен оңтүстікке қарай 100 м., батыстан шығысқа қарай 140 м., биіктігі 0,5. Айналары ормен және соқпа дуалмен қоршалған» деп көрсетеді. Қазба жұмыстарын жүргізгенде түрлі бұйымдар табылған. Олар егін және малшаруашылығына байланысты заттар болған.
Жазба деректерде келтірілгендей, бұл өңірде жылқының үш түрлі тұқымы болған. Әсіресе, асыл тұқымды, денесі сымбатты, басы кішкентай, қой мойынды жылқылар өсірілген. Жылқылардың жамбасына «шөміш» таңбасы салынған. Жіп иіру, тоқу, тері өңдеу, киім, аяқкиім жасау жұмыстары дамыған. Кейінірек Газгерт оңтүстік пен солтүстік, батыс пен шығыс аймақтарды мәдени және экономикалық жағынан байланыстырып, соның нәтижесінде «Ұлы Жібек жолының» білте шырағына айнала бастады. Бағдат халифатындағы провинциялардың бірінде пошта бастығы, араб географы Убайдулла ибн Абдуллах ибн Хордадбек өзінің «Китаб ал –масалик ва ал мамалик» кітабының басында: «Шаштан (Ташкент) Газгертке дейін бір күндік жол, ал Газгерттен Испиджабқа дейін бір күндік жол» деп көрсетті. Газгерт керуендер жолындағы (Сайрам) саудагерлер түйісетін жер екенін баяндайды. Оның пікіріне қосыла отырып, Бағдат халифаты сарай қызметкері, қаржы және мемлекеттік географиялық бөлімін басқарған Құдама ибн Джафар өзінің «Қытай әл Хараджа» деген еңбегінде «Испиджабпен Газгерт екі пошта станциясынан кейін Бинкентке (Ташкент) бір күндік жол» деген мағлұмат береді. Белгілі араб ғалымы әл-Фараби өз еңбегінде Испиджаб қаласын суреттегенде айналасындағы Манкент, Джумишлаг, Газгерт, Харлуг қалаларын атайды.
Арабтың аты белгілі географы Мұхамед әл-Макдиси мұсылман мемлекеттерін түгел аралап шығып, «Ахсанат-Такстеим-фи-Маърифат ал- акалим» деген еңбегінде Бинкет пен Испиджабтың орта жолында Газгерттің орналасуының маңызын баяндайды.
VІ ғасырда Түрік, VІІ ғасырда Батыс Түрік қағандығының күш-қуаты артқан дәуірде Газгерт маңындағы шаруашылықтардың көшпелі және жартылай көшпелі әдісі басым болған. Қазығұрт бауырындағы Келес бойында малшаруашылығымен қатар егіншілік жүйесі орнады. Ел тары, жүгері егумен айналыса бастады.
VІІІ ғасырдың бірінші жартысында (705-756 жж.) билік еткен Түргеш қағандығының сауда айналымындағы тиындары Газгерт археологиялық жұмыстарында көп табылады.
Сол кезде бұл өңір Тан сарайының және оңтүстік батыстан арабтардың шапқыншылығына ұшырады. Газгерт бойындағы қыстақтар мен Газгерт қиратылды.
712-713 жылдары қытай мен арабтар Қазығұрт баурайында соғысып, қытайлықтар жеңіліп, арабтар жеңіс туын тігеді.
Сол күннен бастап Газгерт «Шарапхана» – «Жеңіс үйі» деп аталды. Фараби, Испиджаб, Қазығұрт аймағын арабтардың жаулап алуы, ислам дінінің қабылдануы бұл аймақтың әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени өміріне өз ықпалын тигізді. Енді Шарапхана Ұлы Жібек жолы бойында Қазақстанның Оңтүстігі мен Жетісу үшін елшілік және сауда-саттық желісі ғана емес, мәдени және рухани байланыстар арнасы ретінде де орасан үлкен маңызға ие болды. Оңтүстік Қазақстан халқының жаппай ислам дініне кіруіне де Тұрбат, Шарапхана екеуі орталықтарының бірі болған. Тұрбаттағы Исмайыл Ата, Шарапхана орталығындағы Қошқар Ата, шығысындағы Бұлбұл Ата, солтүстігіндегі Ақбура Ата ислам дінін ендіруде ерекше орын алған. Елді исламдандырумен қатар араб әліпбиіне негізделген түрік жазуы түзілген. Х-ХІІІ ғасырда Қарахан әулетінде мұсылман әдебиеті түрік тілінде жазыла бастайды. Барша саладағы жаңа кезең Шарапханаға да өз әсерін тигізеді. Тек моңғол шапқыншылығы тұсында Қазығұрт өңірінде Шарапхана ауыр күйзеліске ұшырайды, дамуға бет алған өлкенің табиғи процесі үзіліп тасталады. Шарапхана талай тарихи про-цестерді өткізіп, Кеңес өкіметі кезінде шағын село дәрежесіне жетті».
«Қазығұрт» энциклопедиясынан алынған бұл үзіндіде Шарапхана атты елді мекеннің тарихы баяндалған. Алайда осы көне тарихи жер атауының этимологиясы, біздің пікірімізше, халықтың, яғни жалған этимологиясы тұрғысынан берілген. Бұл этимология бойынша «Шарапхана» – «Жеңіс үйі» деген мағынаға саяды.
Шарапхана атауында шар түбірін алып қарасақ, Е.Қойшыбаев зерттеуші ғалымдар К.К.Юдахин мен В.Мурзаевтар деректеріне сүйене отырып, былай деп жазады: «К.К.Юдахин: түркілердің қазіргі қырғыз тілінде сақталған «селдір тоғай» мәніндегі сөзі; В.Мурзаевтың Орал-Алтай аясындағы угор тілдерінде бар «өзен саласы» мәніндегі сөзі. Біздіңше, соңғы деректің үйлесімі бар».
Ғ.К.Қонқашбаев «шара» сөзін: «ложе озера или русло реки» деп берген.
Шар(а) топонимдік компонентінен кейін орналасқан ап-аб, об түрлерінің Э.М.Мурзаевтың сөздігінде көптеген иран (парсы) түркі, финн-угор тілдерінде «су, өзен» мағыналарында кездесетінін атап көрсеткен: «Бесчисленное количество топонимов образовано с участием этого термина на обширных пространствах Азии. Они обычны в Таджикистане, Узбекистане, Киргизии, Азербайджане, в горах Куньлуня, окаймляющих Таримскую впадину, в Иране». Ал енді Шарапхана атауындағы соңғы компонент хана(ға) келетін болсақ: «Хана, Хане поселок, дом, помещение (тюрк., иран.). ср. тадж. хон – «жилище», «дом», «здание»; узб. хона – «комната», «помещение»; перс. хан, хане, хани-то же; «караван-сарай», «водоѐм», «колодец», «родник».
Сонымен Шарапхана «өзен саласындағы (өзен бойындағы) керуен-сарай» деген мағынаны берген көне атау деп болжауымызға болатын сияқты. Шарапхана орналасқан табиғи-географиялық жағдайы және Ұлы Жібек жолы бойында болғандығы осы этимологияны растайды.
Бір кезде «Жеңіс үйі» деп түсіндірілген Шарапхана атауы күні кеше тағы бір халықтық (жалған) этимологияға ұшыраған тәрізді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша: «1969 жылдың мамыр айында Алматы, Шымкенттен бір топ шенеуіктер келе жатып, жол-жөнекей Шарапханаға аяқ шалдырады. Олардың арасында білгішсінген біреуі «Бұл атау «Арақхана» дегенді аңғартады. Коммунизмге бет алған қоғамда мұндай атаудың болуы өте ұят, сондықтан Шарапхана дегенді жедел арада өзгертпесе болмайды» – деп қолма-қол нұсқау береді. Содан дереу-ақ Шарапхананың тарихи аты жойылып, орнына «Қаратас» деп жүргізіле бастайды. Бұл сорақылық 1993 жылдың 7 қазанына дейін жалғасты. Тек арада ширек ғасырға таяу уақыт өткенде ғана Шарапхана атауы қайтарылды.
Қазығұрт өңіріндегі жер-су атаулары құрамындағы моңғолдық элементтер үш кезеңде пайда болуы мүмкін:
1. Болжамды (гипотеза) түрінде айтылған моңғол-түрік тілдік дәуірде;
2. ХІІІ ғ. Шыңғыс ханның шапқыншылық дәуірімен;
3. Кейінгі ғасырларда жоңғарлардың шапқыншылық жасауымен байланысты. Сондай атаулардың бірі – Дегерес (моңғол тілінде «жабайы ешкі»). Дегенмен, Қазығұрт өңірінде моңғол тілінен енген топонимдер жоқтың қасы.
Қазығұрт өңірінің аймақтық топонимиясына өте көп те елеулі өзгерістер енгізген орыс тілінен енген топонимдер болды. Бүкіл Қазақстанға сияқты Оңтүстік, соның ішінде Қазығұрт өңіріне ХІХ-ХХ ғғ. жүрді. ХІХ ғ. екінші жартысында орыс шарауаларын жаппай қоныстандыру саясаты іске асырылды. «Қазақ даласына капиталистік қатынастардың еніп, өндіргіш күштердің дамуы негізінде, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Орталық Ресейден шаруалардың қоныс аударуының нәтижесінде, көшпелілердің жерлерінің ауқымды қоныстары тарылып, көшу жолдарының қысқаруы үдей түсті. Сонымен бірге өлкенің отарланып, көшу ауқымының тарылуы кейбір қазақ руларының ежелден бері басқа рулардың иелігіндегі жайылымдарын тартып алуына әкеп соқтырды», – деп жазады М.С.Мұқанов.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ руларының бұрыннан келе жатқан этно (рулық) территориялық байланыстарының жаппай күйреуі етек алды. «Осындай ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ руларының этнотерриториялық тұтастығының түп тамырының күйреуі этнографиялық топонимияның кейпінің өзгеруіне әкелді, өйткені көптеген қыстау, күзеу, көктеу, жайлау аттары, топонимдік белгілер микротопонимияға қызмет етуін тоқтатып, біртіндеп ұмытыла бастады. Қазақстанның ұлттық-этнографиялық топонимиясының мұндай өзгеріске ұшырауының астарында үлкен мақсат бар еді – байырғы ұлттық (қазақтың) географиялық атауларды әдейі түрде өзгерту, жоқ қылу – Романовтың әулетіндегі (патшаның) ерекше адамдарына, үздік деп танылған миссионерге, әскер басшыларына қатысты атаулар берілді, байырғы жер-су, елді мекен атаулары орыстың саясиландырылған отаршыл топонимдерімен ауыстырылды. Түркістан мен «Қырғызда» Ресей билеушілерінің отарында болған кезінде, әкімшіліктің ықпалымен көптеген орыс атаулары пайда болды».
Қазығұрт өңірінің Ресей отарлау саясатына ұшыраған кезеңі былай көрсетіледі: «1865 жылы патшалық Ресейдің Қарулы күштері Ташкентті қаратып алғаннан кейін, өлкеде 1867 жылы Түркістан генерал-губернаторын орнатты. Әкімшілік басқару жүйесін орнатып, 50-жылы колония саясатын жүргізді. Бұл кезеңде Қазығұрт өңірінің тарихы онымен тығыз байланыста болды. Біздің ауданымыздың территориясы Сырдария облысының Ташкент және Шымкент уездеріне қарады, Шымкент уезіндегі 33 болыстың 3 болысы: «Жылыбұлақ», «Қазығұрт», «Қаратас»; «Ташкент» уезіндегі 27 болыстың 4 болысы: «Ақжар», «Жетісу», «Шарапхана» және «Үштамғалы» болыстары біздің аудан өңірінде болды.
Бұл әкімшілік басқару жүйесінің содырлы шоқпарларының жарты ғасыр бойына халқымыздың төбесінде ойнағанын, есепсіз қиыншылықтар алып келгенін Ташкент қаласында сарғайып жатқан архив құжаттарынан білеміз.
Бұл құжаттардан Қазығұрт өңірінде жерлестеріміздің қаңлы, сіргелі, шанышқылы, оймауыт, бағыс, рамадан, жаныс, сары үйсін, темір, көкірек, құланаян, бөгежіл және шегір сияқты көп рулы ел болып өмір сүргенін көреміз.
1870 жылы өткізілген санақта Жетісу болысының Шарапхана ауылының көрсеткіші төмендегіше болған:
Шаңырақ саны – 112
Халық саны – 794
Түйе саны – 110
Ат саны – 156
Қой саны – 1018
Мешіт саны – 2
1880-1890 жылдары Қазақстанға Ресейден қоныс аударып келушілердің саны 4 миллионнан астам болды. Патшалық Ресей Қазақстанның шырайлы жерлерін тартып алған жер көлемі 17 миллион десятинаға жетті. Әуелі Ақмола, Семей облыстарының шырайлы жерлерін, кейін Жетісу мен Сырдария облыстарының жерлерін иемдене бастады.
Қазығұрт аймағы Ташкентке жақын болғандықтан, генерал-губернатор күнделікті көз қырына ала отырып, Қазығұрттың шырайлы, құнды топырағы, жайлаудағы шөбі, тәтті суы, әсіресе, таза ауасы оларды қатты қызықтырды. Бұл өлкеге жиі келіп, губернатор өкілдері елді күйзелтіп кететін еді.
1909 жылы Сырдария облысы жер бөлімінің бастығы полковник Рубах Ақжар болысының жеті ауылын аралап шығып, ежелден «Молла Әли» ауылының жері болған Амансай және Шарбұлақпен танысып, жайлауларды ерсілі-қарсылы өлшеп, ол жерледі зорлықпен тартып алды.
Қазығұрт, Тұрбат баурайы мен Амансайда қаулап өскен шүйгін шөптеріне қызыққан Түркістан губернаторлығы өзінің артиллерия әскери аттарына жайлау етіп, Амансайға рамадан, қаңлы елінің малдарын жолатпай қойды. Молла Әли әулеті қасірет тартты, тіршілігі тарылды.
1905 жылы почта станциясы «Жер» төңірегіндегі жерлер Ақжар болысындағы Шарбұлақтардан алынып, Түркістан әскери әкімшілігіне берілді. Бұл аумақ артиллерия аттарын бағатын жерге айналды. Бұл аймақтың батысы Келес өзені, Оңтүстік Қарабау өзеншесі мен шығысы «Амансай», солтүстігі Шарапхана болысымен шектеседі. 1800 десятинаға жуық өте құнарлы, Қазығұрттың жаңбырлы ауасымен ерекшеленіп тұратын, жаздық бидайдан өте көп өнім алынатын жер жайлауға айналады.
1907 жылы 15 тамызда Санкт-Петербургтен телеграмма арқылы рұқсатнама келген соң, қоныстандыру поселкасының жобасы түзілді. Жергілікті Шарбұлақ ауылы наразылық білдіріп, қарсылық жасады. Халық наразылығын зорлықпен таптай отырып, 1909 жылы көктемде молокан поселкасын құруға 1909 жылы 18 наурыз күні Шарбұлақ ауылының 496 үйі иелеріне «Өз еркімізбен бердік» деген қағазға күшпен көндіріп, қолтаңбаларын қойдырады. Бұл сол кездегі тілмаш Тұрғынбаевтың толтырған хабарынан белгілі.
Ташкент уезінің жер өлшеушісі бастығының орынбасары С.Порошин және Нехорошевтің жетекшілігінде 1909 жылы 16 қазанда әскери губернатор генерал-лейтенант Романовтың бұйрығымен құрылған поселка «Алексеевка» деп аталды. Сол бұйрықта «Алексеевка» ауыл қоғамының құрамы бекітілсін, старосталық міндет 1 жылға дейін Павел Никифорович Портновқа жүктелсін, мөр берілсін, қоғамның мүшелерінің тізімі журналда көрсетілсін» делінгенін жиналысқа қатысқан губернатор жәрдемшісі полковник Гепнер хабарлайды.
1913 жылы Алексеевка селосының тұрғындары 56 отбасы болып, олардың әрқайсысының меншіктерінде 18-36 десятинаға дейін жерден болып, жалпы пайдаланған жер көлемі 1577 десятинаға жетті. Көшіп келгендер байыды, қазақтар кедейленді. Жайлаулардың орнына егін егіп, өткел бермей қинады. Мұжықтар «мынау менің жерім, мынау менің шабындығым» деп, маңайына жан жүргізбей қойды. Көшпелі елге жүз жылдар бойы қызмет етіп келген қара жолдан өту енді мүмкін болмай қалды. «Алексеевка» қорасы қасқайып бөгет болды. Сол жылдары тіміскіленген мұжықтар және бір құнарлы аймағымыз болған Шарапхана болысына қарасты «Кемербастауды» іздеп тауып, генерал-губернатор-ларға өтініш жасады.
Олар 1908 жылы Ақмола облысы, Көкшетау уезінен көшіп келген 45 семья келімсектер еді. Көкшетаудың қатарына жете алмаған келімсектер атынан ұялмай, тартынбай Г.Д.Дубашкин «Кемербастаудағы» 1200 десятина құнарлы жерді Жетісу болысының биі Шалқарбай Жолдықараев әулеттерінен тартып алып берді. Қазығұрт жерін бөлшектеудің үдей түсуі осылайша зорлық-зомбылық арқылы жүзеге асып отырды.
1910 жылы полковник Рубах ауылдың жерлерімен танысып, Шарбұлақ, Қақпақ жоғары ауылдарының бірнеше адамдарының жерлерін орынсыз талаптармен отаршылар пайдасына қаратты».
Белгілі абайтанушы, көрнекті ғалым М.Мырзахметов өзінің «Отарлау топонимдері» деген мақаласында отаршыл орыс топонимдерінің пайда болуын үш кезеңге бөледі: 1781-1822 жылдар – протекторат жүйесі, 1822-1876 жылдар – хандық басқарудың күйреп, сұлтандық жүйенің нығаюы, сұлтандық үкіметінің басқаруы, 1876-1917 жылдар болыстық басқару жүйесі.
Қазығұрт өңіріне қатысты отарлау саясатының нақты мысалдары (жоғарыда көрсетілген) Ресей империясының отарлау саясаты күшейіп, орыс шаруаларының жаппай қоныс аударуы, қазақтың байырғы жерлерін тартып алып, атамекен атауларын ауыстыру, соның нәтижесінде Қазығұрт жерінде орыс отарлау топонимдерінің пайда болуы дәл осы үшінші (1876-1917 жж.) кезеңге сай келеді.

«ХІХ ғасырда өмір сүрген орыстың белгілі географы Н.И.Надеждин «топонимика дегеніміз – жердің тілі, ал жер – географиялық атаулар арқылы адамзаттың тарихы жасалынатын кітап» десе, кемеңгер жазушы М.Әуезов: «Біздің қазақ жер атын, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай өлкеге барсаң да жер, су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады» – деп ой түйген. Қазақ халқының ат қою шеберлігіне қызыға қараған.
Ауданның ежелгі топонимикасы жоғарыдағы пікірмен үндесіп жатады. Бірақ түрлі соғыстар мен тартыстардың құрбаны болған ол атаулар ұмытылып, көне жұрттар мен қалашықтар төбеге айналған. Олардың саны бүгінде елуге жетеді. Солардың ішінде Жалпақсу, Тентектөбе, Сынтас, Жартытөбе, Қарауылтөбе, Сарытөбе, Жаументөбе, Ғұзион, Шұқырбекет, Сауыршы, Қышқорған ел жадынан шығып барады.
Кеңес өкіметі дәуірінде ел топонимикасының 90 пайызы өзгеріске ұшырағанын байқауға болады. Мәселен, 1993 жылға дейін аудан көлемінде бір ғана В.И.Лениннің есімімен Ленин ауданы, Ленин селосы, Ленин аудандық кеңесі, Ленин атындағы колхоз, Ленин және Ленин жолы елді мекені, Ленин алаңы, Ленин көшесі, Ленин орта мектебі, Ленин мектеп-интернаты, «Ленин өсиеті» газеті деп аталып келді.
Аудан көлемінде территориялық бөлініске түскен 74 елді мекен, 30-ға жуық өзен, су аттарын мына төмендегідей саралауға болады: коллективтендіру кезеңіндегі атаулар – Жаңабазар, Жаңажол, Жаңатұрмыс, Жұмысшы, Қызылдихан, Тілектес, Үлгілі, Ынталы, Қызылтаң, Еңбек, Өндіріс, Еңбекші, Жаңаталап, Қызылту, Алғабас; ірі саяси оқиғаларға байланысты атауларға 1-май, Қазақ ССР-ның ХХ жылдығы, Коммунизм, Жеңіс; орыс тіліндегі және орыс тілінен енген атауларға Лесхоз, Пришкольное, Заготскот, Новостройка, Комсомол, Старый Чанак; кісі аттарына қатысты атауларға Карл Маркс, Киров, Калинин, Ленинск, Ленин жолы, Ф.Энгельс, Аманкелді, Крупская, Абай; жер рельефі мен оның пейзаждық болмыс-бөліміне байланысты атауларға Аққұм, Алтынтөбе, Қарабау, Қосағаш, Айнатас, Бейнеткеш, Жігірген, Қарабастау, Көкібел, Құларық, Қызылата, Қызылбұлақ, Майбұлақ, Бұлбұл, Жіңішке, Талдыбұлақ, Көктөбе, Ақтас, Атбұлақ, Қызылдала, Шанақ, Ақжар, Ызабұлақ, Шарбұлақ елді мекендері жатады. 2002 жылдың қаңтарында ауданда 12 ауылдық әкімшілік округтер болды. Олар: Алтынтөбе, Жаңабазар, Көкібел, Қазығұрт, Қақпақ, Қарабау, Қызылқия, Рабат, Тұрбат, Шанақ, Шарапхана, Шарбұлақ».
Қазығұрт өңірі топонимиялық жүйесі, көріп отырғанымыздай, ғасырлар бойы қалыптасып, түрлі тарихи кезең мен дәуірлерде өзгерістерге ұшырап отырған. Бұл өзгерістер біз қарастырып отырған өлкенің және Оңтүстік, ары барғанда Қазақстан аумағындағы болып өткен үлкенді-кішілі тарихи процестерге, оқиғаларға қатысты өрбіді. Яғни өлке тарихының іздері сол өңірдің жер тілі топонимиясында қалып отырады. Осы тұрғыдан келгенде, шын мәнісінде «топонимия – тарих айнасы».
Қазығұрт аймақтық топони-миясының қалыптасуына геогра-фиялық, тарихи, этномәдени алғы-шарттардың (факторлардың) өзара ұштасып, ықпал еткені анық. Өйткені кез келген өңірдің, өлкенің, бүкіл елдің топонимиясы тек тілдік фактілерден құралмайды – топонимиялық жү-йені қалыптастыруда, өзіндік ерекшеліктерін және келбетін түзуде сол өңірдің (өлкенің,елдің) географиялық ортасы, төл тарихы, тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымы белсенді түрде қатысады.
Халқымыз ежелден Қазығұртты киелі тау деп санаған. Дүниежүзіне танымал ұлы ұстаз Әбу Насыр әл-Фараби «Сеңгір алмаған Қазығұрт, сені кім алады?» деп жазған екен. Сол Қазығұрттың әрбір тасы киелі саналады. Ал діни-мистикалық наным-сенімде ұлттың рухани күші болғандығы белгілі
Қазығұрт феноменінің көптеген мың жылдықтарға созылған тарихы бар. Феноменнің тұрақтылығын қамтамасыз ететін талай дәуірлер өтсе де, рухани негізін, рухани ортаны жоғалттырмайтын сансыз ұрпақтар сабақтастығы орын алған. Ұрпақтар сабақтастығына арқау мен негіз болатын тек биологиялық (генетикалық) түрде көрінетін табиғи заңдылық емес, сонымен бірге ұрпақтардың рухани жалғастығын қамтамасыз етіп, мәңгі өлмейтін халық рухы.
Сол Қазығұрт тауын, өңірін мекендеген халықтың рухы Қазы-ғұрттың киелілігін, қасиеттілігін мыңжылдықтар бойы сақтай білді, бізге мирас етіп тапсырды.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *