ОТЫРАР  ҚОРҒАНЫСЫНА – 800 ЖЫЛ ОТЫРАР  ҚОРҒАНЫСЫНА – 800 ЖЫЛ
Бекжан Бейсенбай, «Атланттар туралы аңыз бен ақиқат» атты ғылыми-тарихи зерттеу еңбектің авторы Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ұлттық құндылықтарды дәріптеп, төл тарихымыздың белгісіз... ОТЫРАР  ҚОРҒАНЫСЫНА – 800 ЖЫЛ

Бекжан Бейсенбай,
«Атланттар туралы аңыз бен ақиқат» атты ғылыми-тарихи
зерттеу еңбектің авторы

Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ұлттық құндылықтарды дәріптеп, төл тарихымыздың белгісіз беттерін түгендейтін ауқымды жұмыстар атқарылып, жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сол маңызды мәдени шаралардың ішінен Отырар тарихына қатысты жоспарларды, ұсыныстарды ерекше атауға болады.
2019 жылдың қыркүйек айында Шыңғысхан шапқыншылығына қарсы Отырар қорғанысының басталғанына 800 жыл толады. Қазір халқымыздың тарихында өшпес із қалдырған бұл оқиға туралы әркім әр түрлі айтып жүр.
Жалпақ жұртыңды, исі алашыңды құрметтеу-алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты мазмұны мен бағыты да осы танымның негізінде туындаған.

отырар сур

Сондықтан, қазіргі жастарды біле жүрсін деген оймен, Отырар қорғаушыларының ерлік істерін ақ пен қарасын ашып көрсеткенді жөн көрдік.
Отырар қорғанысының басты кейіпкерлері – Шыңғысхан мен Қа-йырхан. Осыған дейін Шыңғысхан туралы жазылған еңбектер аз емес. Қазақ халқы үшін XIII ғасырдың басынан басталатын Шыңғыс ұрпақтарының билігі XX ғасырдың басына дейін 700 жылға созылыпты. Осы жеті ғасыр аралығында Шыңғысхан туралы небір көпірме еңбектер жазылыпты. Олардың ең бастылары: Жувейнидің «Әлемді жаулап алушының тарихы», Рашид-ад-Диннің «Жылнамалар жинағы», Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресі».
Жувейнидің «Әлемді жаулап алушының тарихы» моңғолдар тарихына жазылған бірінші шығарма. Жувейнидің әкесі де, өзі де моңғол хандарына қызмет еткен. Ол 1256 жылдан Хулағу ханның қызметінде болып, Хулағудың мұсылман елдерін, Бағдатты жаулап алу соғыстарына қатысқан. Кейін Бағдаттың, Ирактың және Хузистанның әкімі болған. Ал Рашид-ад-Диннің атасы, әке-сі, өзі де моңғол илхандарының қолында қызмет атқарған. Олардың тегі еврей деген де мәлімет бар. Ол өзінің «Жылнамалар жинағы» атты еңбегін Газан ханның екінші уәзірі болып қызмет атқарып жүріп, Газан ханның арнайы тапсырмасымен, әрі ханның арнайы жинап берген моңғол шежірешілерінің айтуымен жазған. Еңбек Газан ханның қадағалауымен бірнеше рет түзетіліп, толықтырылып қайта жазылған.
«Бұрынғы уақыттарда ғалымдар мен атақты адамдардың кейбірі Шыңғысхан үстемдігі және әлемді жаулап алу жағдайына байланысты қарама-қарсы пікірлерді айтты. Алайда ғасырлар өте келе шынтуайтты тарих Моңғол тілінде және моңғол жазбаларында жазылғанымен, бір жүйеге келтіріліп жинақталмады. Жекелеген бөлім түрінде ғана хандардың қазынасында сақталды. Оны сырт адамдардың оқуына тиым салынды. Себебі, онда жазылған тарихи оқиғаларды жұртшылыққа таратудан сескену сезімі пайда болды.
Осындай себептерге сүйене отырып, автор сол бір ұлы адамдардың ауқымды рақымын көрсете келе, олардың жіберген қателіктері мен кінәларын жуып-шаюға ұмтылады.» (Жылнамалар жинағына кіріспеден) (Тарих адамзат ақыл-ойының қазынасы. 3 т. 245-247бет)
Ал Әбілғазы Шыңғысханның тіке-лей ұрпағы. Бұл шығар-малардың барлығы Шыңғыс ұрпақтары билік басында тұрғанда Шыңғысханды мадақтау үшін арнайы жазылған шығармалар. Осы шығармалардың деректеріне арқа сүйеген кейбіреулер қазір Отырардың қаһарманы Қайыр-ханды «керуен тонаған» деп айыптап жүр. Ал шындығында қалай?
Шыңғысхан туралы Шыңғыс ұрпақтары билік басында тұрғанда тек қана мадақтайтын шығармалар сақталса, Кеңес дәуірінде тек жамандайтын шығармалар жазылды. Сондықтан да біз нақты дәлелденген деректерді, даусыз фактілерді қарас-тырып көрейік.
Шыңғысханға дейін түркілердің ата мекені – Орталық Азия аймағы сол дәуір үшін жоғары өркениеті бар, ғылым-білімі дамыған, мал шаруашылығы мен қолөнері қатар дамыған аймақ болса, Шыңғыс ұрпақтарының билігі соңында түрік-тер тек мал бағумен ғана айналысатын, өркениеттің соңында қалып қойған көшпенділерге айналды.
Шыңғысханға дейін Отырарда дүние жүзіне белгілі үлкен кітапхана болып, түріктерден әлем мойындаған Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, әл-Хорезми, Қожа Ахмет Яссауи, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари сияқты қаншама ғалымдар шықса, Шыңғысхан ұрпақтарының билігі соңында жазу-сызудан кенде надан халық атандық. Сол олқылық орны бүгінгі таңда еселеніп толып жатыр. Түбі бір түркінің төл бесігі Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ұлт-тық құндылықтардың шынайы қадіріне жететін ауқымды жұмыстар атқарылып, жобалар жүзеге асырылды.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы шеңберінде өңірде атқарылуға тиісті іс-шаралардың жоспарлары түзілген. Түркістанды рухани әрі мәдени орталыққа айналдыру бағытындағы жұмыстардың жинақталған тұжырымдамасы, сараптамасы жасалды. Осы тұжырымдама негізінде Қ.А.Ясауи кесенесінің маңында рухани-мәдени және туристік нысандар салынып, туристер саны артпақ.
Құрылыстар ЮНЕСКО арнайы рұқсат еткен аумақтарда ғана жүргізіледі. Түркістан қаласында қайталанбайтын, ұлттық дара сипатын сақтаған сапалы қолөнер бұйымдарының технологиясын оқытатын ірі қолөнер орталығын салып, іске қосу да жоспарға енген. Сондай-ақ ірі сауда орталығы да бой көтермек. Мұнда отандық өнімдер, шеберлеріміздің бұйым-дары сатылады. Бұдан басқа тарихи және заманауи нақыштар мен қажеттіліктерден бастау алған жобалар да қолға алынады.
«Соңғы есептеулер бойынша Орталық Азияның солтүстік батысында (көпшілігі Қазақстанға қарайды) орта ғасырларда қорғанмен қоршалған, жалпы жер көлемі 5036 га, 1334 қала болған» Қожа М.Б. «Отырар мұралары» №3 2013ж.
Шыңғыс шапқыншылығына дейін жоғары өркениетті қалалары бар Найман патшалығы, Таңғұт патшалығы, Керей хандығы, өте бай Қыпшақ, Қаңлы қалалары болса, Шыңғыс ұрпақтары билігінің соңында Орталық Азия аймағындағы бұл қалалардың орнында тек құлазыған төбелер ғана қалды. Шыңғысханның астанасы делінетін Қарақорым қаласының өзі бұрынғы Найман патшалығының астанасы болатын. Оның өзін де өштескен қытайлар «бүтін кірпіш қалдырмай» қиратқаны соншалық, XX ғасырдың ғалымдары орнын таба алмай әуре болды.
Шыңғыс ұрпақтарының соғыс-тарының зардабын негізінен түркі халықтары тартты. Меркіт, татар, таңғұт сияқты халықтар толыққа жуық жер бетінен жойылды. Шыңғысханның атын малданып жүрген моңғол халқы да аз зардап шеккен жоқ. Моңғолдардың қанымен келген бұл Шыңғысханның «жеңістері» ақыр соңында моңғолдарға қайғы қасірет әкелді. Екі ғасыр Шыңғыс ұрпақтарының билігінде болған қытай халқы ақыр соңында надан моңғолдардың зорлық-зомбылығына шыдамай жаппай көтеріліске шығады да, қытай жеріндегі моңғол атаулыны қырып салып, өздерінің Мин династиясын құрады. Тарихшылардың айтуынша сол кезде қытай жерінде мекендеген моңғолдардың саны 400 000 болса, соның 40 000 ғана, яғни 10 пайызы ғана қашып құтылған. Қытайлар мұнымен де тоқтамайды. Өз елінде таза қытайлық Мин империясын құрып, мемлекетін реттеп алған соң моңғол жеріне шабуылға шығады. Шыңғыс империясының астанасы Қарақорымды «бүтін кірпіш қалдырмай» қиратып, моңғолдар қайта бас көтермес үшін аяусыз қыра берген. Әсіресе, Шыңғыс тұқымынан тірі жан қалдырмай жойып отырған. «Пәлен жерде Шыңғыс тұқымы бар» десе, сол жерге міндетті түрде әскер аттандырып, көзін жойып отырған. Осындай қытайлар шапқыншылығының жиі болғаны сонша, тек бір жылдың өзінде қытай әскері моңғол даласына он рет шабуыл жасаған кездері болған. Қытай және моңғол аймағындағы Шыңғысханның кіші екі баласы Үгедей мен Толының ұрпақтары түгелімен жойылған. Жетісу мен Орта Азия және Хорасан аймағындағы Шағатайдың ұрпақтарының ең соңғылары Ақсақ темірдің қолынан қаза табады. Ақыр соңында Ақсақ Темір қуыршақ хан қоятын Шағатай ұрпағынан жан қалмаған соң, Жетісу жерінде қытайлардан қашып келген бір Үгедейдің ұрпағы жүр дегенді естіп, соны алдыртып «хан» қояды. Бірақ, келесі бір ашуланғанда оның да басын шауып тастап, басқа Шыңғыс тұқымы қалмаған соң өзі Әмір Темір Көреген деген атпен ел билейді. Осы кезде Жошы тұқымына жататын бірнеше ханзада өз қолында жүрсе де Ақсақ Темір оларға назар да салмапты. Себебі, оларды Шыңғысхан тұқымына санамаса керек.
Қазақпен бірнеше ғасыр жауласқан жоңғарларда хан деген атау болмауы, ол кезде Шыңғыс ұрпағының тұқымына тұз құйылғанын білдіреді. Жоңғарлардағы тайшы, қоңтайшы деген билеушілер Шыңғысханның тұқымы емес дегенді білдіреді. Себебі, кезінде Шыңғысхан хан деген атақ тек қана өз ұрпақтарына берілсін деген жарлық шығарған.
Ал, қытайлардың осындай жиі шапқыншылығынан азар болған моңғолдар моңғол даласынан безіп кетеді. XV ғасырдың басында моңғол үстірті бос қалған. Қазіргі орыс жерінде, Сібірдің ормандарын мекендейтін тува халқы сол қытайлардан қашып, орманға тығылған моңғолдардың қалып қойған ұрпақтары дейді.
Тек қытайды чжурчендер басып алып, қытайда билік ауысқан соң ғана моңғол даласына ел қайтып оралған.
Сөздің қысқасы, қазіргі XXI ғасыр-космос ғасырында жартылай көшпенді өмір сүріп жатқан моңғолдар осы өмірі үшін Шыңғысханға «рахмет» айтуға тиіс. Бұл тұрғыда ЮНЕСКО-ның «Ұлы Жібек жолы ескерткіштері» аталымы бойынша әлемдік мәдени мұралар тізіміне енген ортағасырлық 8 ескерткіш (Сауран қалашығы, Түркістан, Күлтөбе, Жуантөбе, Сидақ, Қараспан, Отырар оазисінің ескерткіштері, Бөржар қорғаны) туралы алғаш рет тарихи-деректі фильмдер түсірілді.
Ал Шыңғысханның жеке бас мінездемесіне келетін болсақ, оны бір мысалмен-ақ түсіндіруге болады:
Бірде Шыңғысхан барлық нояндарымен бас қосқан жиында нояндарына мынандай сұрақ қояды: «Сендердің ең жақсы көретін, жандарың ұнататын нәрсе не?» деп сұрайды. Әркім әртүрлі жауап беріп жатады. Тарихшылар тек Жошы мен Шағатайдың және Шыңғысханның жауаптарын жазып қалдырыпты. Жошы: «Мен аңға шыққанды ұнатамын. Аңнан қанжығаң майланып үйге олжамен оралғанда өзімді бақытты сезінемін.» дейді. Ал Шағатай мен Шыңғысханның жауаптары ұқсас болыпты. Шыңғысхан: «Мен бәрінен де дұшпанымды өлтіріп, оның бар мал мүлкін, қатындарын тартып алып, әйел, бала-шағасының зар илеп, еңірегенін көргенде, жаным рахаттанып, ләззат аламын» депті. Ер азаматы өліп жесір қалған әйел мен әкесі өліп жетім қалған баланың зар жылағанынан ләззат алу ешқандай есі дұрыс адамның мақтанатын іс емес екенін айтудың қажеті жоқ шығар. Кейбіреулер «ол дұшпаны туралы айтып тұр ғой» деуі де мүмкін. Бірақ, Шыңғысхан үшін шығысы Жапон теңізінен батысы Жерорта теңізіне дейінгі аймақта кім Шыңғысханға бас имесе соның бәрі дұшпан.
Ол жас бала кезінің өзінде бір жейтін тамақ-құсқа таласып, әкесі бір шешесі бөлек бауыры Бектерді садақпен атып өлтірсе, бір емес үш рет анттасып, анда дос болған, есейгенде, өзіне қаншама жақсылық жасаған жалайырдың Жамұқасымен дұшпан болып, ақырында асып өлтіреді. Ал өз әкесі жасамаған жақсылықты жасап, өз әкесі Есугейдің кесірінен, басына іс түскенде бейшара күйден құтқарып, барлық дұшпандарын жеңіп беріп, хан дәрежесіне жеткізген керейдің аңғал ханы Тоғырылға жасаған опасыздығы ешқандай адами түсінікке жатпайды.
Шыңғысханның әкесі Есугей өлгенде артында өшпенділік пен дау ғана қалдырыпты. Есугей қайтыс болғанда ағайындары Есугейдің жанұясын жұртқа тастап, көшіп кетеді. Ал Шыңғысхан үйленгенде, меркіттер 300 жігіт аттандырып, жас келіншегі Бөрте мен өгей шешесін тартып әкетеді. Бұл үшін кінәлі әкесі Есугей болатын. Себебі, Есугей Шыңғысханның шешесі Оелұнды меркіттің жігітінен, күйеуін өлтіріп тартып әкеткен болатын. Ағайындарынан бөлініп қалған Шыңғысхан, меркіттердің шабуылынан інілері мен шешесімен бірге, қамыстың арасына тығылып әзер құтылады. Осылайша басына іс түскенде көмек қолын созған бір жақыны болмапты.
Өз ағайындары әкесі өлген соң далаға тастап кетсе, кейіннен Темүжин (Шыңғысхан) құсқа таласып, туған ағасы Бектерді садақпен атып өлтіргені үшін өлім жазасына бұйырады. Сондықтан Шыңғысхан өз ағайындарынан жасырынып жан сақтауға мәжбүр болған.
Ал Шыңғысханның нағашы жұртымен, Әкесі Есугейдің Оэлұнның төркіні қайын жұртымен байланысы туралы тарихта еш дерек жоқ. Соған қарағанда, Оэлұнның төркіні заңды күйеу балаларын өлтіріп, қыздарын тартып әкеткен Есугейді мойындамаған секілді.
Ер жігіттің үшінші жұрты делінетін Шыңғысханның қайын жұрты қоңыраттар да басына іс түскенде Шыңғысханға көмектеспепті. Қайта кейіннен Шыңғысхан мен Жамұқа соғысқанда, қоңыраттар Жамұқаның жағында Шыңғысханға қарсы соғысады. Ал Шыңғысхан да кейіннен, өзіне көп жәрдемдесіп, хан тағына отырғанда «Шыңғысхан» деген ат берген, өгей әкесі қоңырат Меңліктің ұлы атақты Көкешу бақсыны, ел арасында беделінің артып бара жатқанынан сескеніп, өлтіртіп тастайды. Осы Көкешу бақсы (Көктің ұлы) қазіргі қоңыраттардың шежіресі бойынша, қазіргі қазақ халқының құрамындағы қоңырат руына қарасты екі атаның бірінің атасы болып табылады.
Осылайша бейшара күйге түскен Шыңғысханға керейдің аңғал Тоғырыл ханы көмектеседі. Басқа барар жер, басар тауы қалмаған Шыңғысхан бір кезде әкесі Есугейдің Тоғырылдың басына іс түскенде көмектескенін есіне алып, Тоғырылдан көмек сұрайды. Тоғырыл Шыңғысханды өкіл балам деп жариялап, көмек қолын созады. Тоғырыл бастаған керейдің 20 000 әскері мен жалайырдың Жамұқасының 10 000 қолы меркіттерге күтпеген жерден шабуыл жасап, Шыңғысханға Бөртені қайтарып береді. Меркіттердің қолында бір жарым жыл болған Бөрте жолда босанып, ұлының атын жолда туған Жолшы (Жошы) деп қояды.
Егер де Тоғырыл хан көмек-теспегенде біз тарихта Шыңғысхан деген атты естімес те едік. Осыдан кейін Шыңғысхан андасы Жамұқадан бір елі қалмай, көлеңкесіндей болып жүріп, мал, дүние, әскер жинап алған соң Жамұқадан бөлініп кетеді. Тоғырыл ханмен бірігіп ата жауы меркіттерді тағы да ойсырата жеңіп, татарларды талқандап, әскерін көбейтіп күшейіп алған соң, өзіне осынша көмек берген адамдарды бірінен кейін бірін талқандайды. Алдымен Жамұқаның әскерін талқандаса, артынан әкесі жасамаған жақсылықты жасаған өкіл әкесі Тоғырыл ханның ордасына тұтқиылдан шабуыл жасап, Тоғырыл ханды өлімге душар етеді. Шыңғысхан мұнымен де тоқтамайды. Шыңғысханның шабуылынан аман қалып, ұйғыр еліне қашып кеткен Тоғырылдың жалғыз ұлы Сенгумді артынан адам жіберіп басын алдыртады. Осылайша өзіне қаншама жақсылық жасаған адамның тұқымына тұз құйып, атын өшіреді.

-II-

Ал Хорезм мемлекетінің басында бұл кезде қыпшақ қызы Теркен қатынның ұлы Мұхаммед шах отырған болатын. Бұл мемлекеттің негізін қалаушылар бір кездері өздерінің ата қонысы Сыр бойы, Арал теңізінің жағалауынан қыпшақтардың қысымымен қоныс аударуға мәжбүр болған оғыз тайпаларының бір тобы түрікмендер болатын. Негізгі астанасы Үргеніш қаласы болса, екінші астанасы Самарқан қаласы еді.
Бұл кезде Алдыңғы Азияға кеткен оғыздардың алдыңғы тобы Бағдат халифатын қолына қаратып, ислам дінінің алмас қылышына айналса, қыпшақтардың алдыңғы тобы өз діндерін сақтай отырып солтүстікте Шығыс Еуропаға жеткен болатын. Оғыздар отырықшы өмірге бейімделіп, жауынгерлік қабылетінен айрыла бастаса, қыпшақтар әлі де аттан түсе қоймаған жауынгер халық болатын. Сондықтан, Еуропа билеушілері де, Алдыңғы Азия мемлекеттерінің басшылары да өз әскері қатарына қыпшақ жауынгерлерін көбірек тартуға тырысытын. Қыпшақтарды өз жағына тартудың ең тура жолы қыз алып, қыз беріп құдандалы болу. Орыс князьдері де, Шығыс Еуропа, Кавказ билеушілері де, Азия шахтары да осы жолмен өз әскерлерін күшейте бастаған. Сыр бойындағы қыпшақтардың ханы Алып Қара Ұранның ұлы Қыран батырдың қызы Теркен де осындай астарлы саясатпен хорезм мемлекетінің билеушісі Текеш шаһқа ұзатылған болатын. Отырар қаласының билеушісі Қайырхан (Түрікше аты Алып Терек, мұсылманша Қайырхан) осы Теркен қатынның немере інісі болатын. Текеш өлген соң орнына баласы Мұхаммед отырады. Ол алғашқыда көптеген жеңістерге жетіп, өз мемлекетінің шекарасын Кавказдан Үндіге дейін ұлғайтып, абыройы асқақтайды. Шығыста қыпшақтардың Сыр бойы қалаларын да қосып алады. Ақырында, көкірегі өсіп, менменсіген Мұхаммед шах Бағдат халифі Ахмет ан Насырдан өз атын құтпаға қосып айтуын талап етеді. Бірақ ислам әлемінің рухани жетекшісі, әрі қолында үлкен билігі бар халиф бұдан бас тартады. Сонда Мұхаммед шах өз билігіндегі ислам дінбасыларына фетва(Шешім) шығартып, Бағдат халифіне қарсы соғыс жариялайды. Халиф бұл үшін Мұхаммед шахқа қарғыс жариялайды.
Алғашқыда хорезм әскерлері халифтің әскерлерін тықсырып, бірнеше қалаларын басып алады. Осы кезде күтпеген тосын оқиға болады. Ирак жерінде жаз айында қалың қар жауып, күн қатты суытып, хорезм әскері үсік шалып көп қырылады. Мұны көрген халық «бұл Мұхаммед шахтың теріс әрекетіне құдайдың жіберген қарғысы» деп түсінеді. Мұхаммед шахтың өзі де қатты сасып, әскерін кері қайтарады. Осыдан бастап бұған дейін талай жеңістерге жетіп, дарынды қолбасшы есебінде көзге түскен Мұхаммед шахта қорқыныш сезімі пайда болады. Әскердің де арасында түрлі өсек тарап, берекесіздік пайда болады.
Бұл кезде хорезм мемлекетінде үш топқа жататын халық мекендейтін:
1) Осында бұрыннан тұрып келе жатқан соғдылар, парсы тектес халықтар;
2) Хорезм мемлекетін құрған оғыздар-түркімендер;
3) Жаңадан келіп қосылып жатқан әскери күш-қыпшақтар.
Әрі өздерінің әскери қабілетінің арқасында, әрі Мұхаммед шахтың анасы адуынды Теркен қатынның қолдауымен хорезм әскері қатарында қыпшақтардың саны көбейіп, әрі ірі қызметтерге тағайындалып, мемлекеттің негізгі иелері түрік-мендермен қыпшақтар иық теңестіре бастаған. Бұл жағдай түрікмендер мен қыпшақтар арасында бақталастықты туындатқан болатын. Ал байырғы халық соғдылар болса түрікмендерді де, қыпшақтарды да жаулап алушы есебінде жақтырмайтын. Соғдылар негізінен сауда-саттық, егіс, бау- бақша өсірумен, қолөнермен айналысса, түрікмендер әскерде, қызметте және мал өсірумен айналысатын, ал қыпшақтар болса негізінен әскери қызметте болды.
Осы кезде солтүстік қытай жеріндегі Алтын империясымен соғыс жүргізіп жатқан Шыңғысхан әскерлері арасына сауда жасауға Хорезм саудагерлері келеді. Ал Шыңғысханның саудагерлерді мәлімет жинау, тыңшылық қызмет үшін шебер пайдаланғаны белгілі. Шыңғысхан хорезм саудагерлеріне өз иелігіндегі жерлерде еркін сауда жасау үшін рұқсат-пайзы беріп қояды. Шыңғыс әскерлерінің қытайларды тонаудан түсірген қымбат алтын, күміс бұйымдарын өте арзан бағаға сатып алып, пайдаға белшеден батқан, көкейін ақша тескен саудагерлердің Шыңғысханға ризалында шек жоқ еді. Шыңғысхан да оларды жақын тартқан болып, Хорезм мемлекетінің ішкі жағдайын толық біліп алып, олар еліне қайтарда өз адамдарын қосып жібереді. Олар Шыңғыс иелігіндегі жерлерден өткенше Хорезм саудагерлерін қорғаса, Шыңғысхан үшін ең негізгісі Хорезм мемлекетінде тыңшылық қызмет атқаратын.
Шыңғысхан иелігінде жасаған саудадан тапқан пайдадан басы айналған саудагерлер Шыңғысханды көпірте мақтап Хорезм мемлекетінің шекарасындағы Отырар қаласына келіп кіреді. Соған орай сол кезеңді көзге елестету үшін бүгінгі күні Отырар қалашығын әлемдік туристік нысанға айналдыру мақсатында қалашық қақпасын қайта құру, іргелес аумағын көгалдандыру жобасы, қызмет көрсету түрлерімен қамтамасыз ететін Визит-орталығының құры-лысы да басталды.
Бұл кезде солтүстік Қытай жеріндегі миллиондаған халқы бар Алтын империясын талқандап, Шыңғысханның абыройы асқақтап тұрса, Бағдат Халифіне соғыс ашамын деп Мұхаммед шақтың абыройдан жұрдай болып тұрған кез еді. Абыройы асып тұрған Шыңғысханның өздеріне жылы сөйлегенін арқа тұтқан, әрі жолы болып, тапқан табыстары масайратқан соғды саудагерлері Отырардағы хорезм қызметкерлеріне астамси сөйлейді. Тіпті Отырар билеушісі Қайырханды бір саудагер «айналшық» деп кемсіткендей болады.(Инал-көне түркі тілінде кіші хан, тақ мұрагері дегенді білдіреді. Қайырхан- Алып Терек Отырардың ханы болып сайланғанға дейін қыпшақтың Қыран ханының тақ мұрагері болған.) Өз елінің билеушілерін көзге ілмей, бөтен елдің билеушісін сонша мадақтаған саудагерлерді Қайырхан тұтқынға алып, Мұхаммед шахқа бұл туралы хабар жібереді. Онсыз да ел ішіндегі жайсыз әңгімеден хабардар, ызалы Мұхаммед шахтың шешімі өте қатал болды: Ол Қайырханға барлық саудагерлердің басын алып, олардың дүниелерін өзіне жіберуді бұйырды. Керуеннің ішіндегі Шыңғысханның жансыздары бұл хабарды Шыңғысханға жеткізеді. Қыпшақ текті Қайырханның қо-лымен соғды саудагерлерінің өл-тірілуі хорезм мемлекетіндегі ала-уыздықты одан әрі қоздыра түсті. Шыңғысхан алауыздыққа от құя түсу үшін мұсылмандардың беделді көпестерінен елші жасақтап, хат жазып береді де Хорезмшахқа жөнелтеді.
Ол хатта: «Сендер менің жақтастарымды өлтіріп, дүние мүлкін талан-таражға салдыңдар» деп Хорезмшахты кінә-лай келе Қайырханды жазалауды талап етеді. Шыңғысханның «менің жақтастарым» деп тұрғандары бар-жоғы Шыңғысхан иелігіндегі жерлерде еркін сауда жасауға рұқсат беретін моңғолдардан пайзы алған Хорезмдік саудагерлер болатын. Ал елшілерге келсек, Әбілғазы Бахадүр ханның «Түрік шежіресінен» «…Әли Қожа Бұхари, Махмут Хорезми, Юсуп Отрари Мұхаммедке елші ретінде жіберілді» дегенді оқимыз.
Бұл жерде Шыңғысхан қалай да ұтыспен шығатын. Егер Хорезмшах Қайырханды жазаласа, сөз жоқ бұл қыпшақтардың наразылығын тудыратын.
Бұл Шыңғысхан келмей тұрып-ақ Хорезм мемлекетінің талқанын шығаратын әрекет болар еді. Оның үстіне бұл тек Қайырханды ғана емес, өзін де кінәлі деп мойындау болар еді. Себебі саудагерлерді өлтіру туралы бұйрық берген де, олардың дүние мүлкін иеленген де өзі ғой.
Ал Хорезмшах Қайырханды жақтаса сөз жоқ соғдылар наразы болар еді. Хорезмшах Шыңғыс-ханның ойлағанынан да ары кетіп, Шыңғысханға арқа сүйеп өктем сөйлеген бас елшінің басын алдырып, қалғандарының сақалын күзеп, масқаралап қоя береді. Ол кезде мұсылманның сақалын қырқу мұсылмандар үшін ең ауыр қорлау болып саналатын. (Гаремдерде қызмет ететін әтектерден басқа барлық еркек сақал қоятын.) Бұны естіген әккі Шыңғысхан Хорезм мемлекетіне соғыс ашудың ең оңтайлы сәті түскенін бірден түсінді.
Бар өмірі ел арасында өтетін саудагерлердің көпірте жамандауымен ел ішінде Хорезмшах пен қыпшақтарға деген наразылық күшейе түсті. Бұған дейінгі қаншама соғыстарға қатысып, дарындылығымен көзге түскен Мұхаммед шахтың моңғол әскерінен әлдеқайда көп және күшті әскері бола тұра Шыңғысхан әскерімен ашық соғыса алмауы осы араздықтың әсері деп түсіну керек. Егер де Хорезмшах бар әскерін біріктіріп, Шыңғысханды шекарада қарсы алғанда, тарихтың басқаша жазылары сөзсіз еді.
Бірақ олай болмады. Бар әскерін біріктірсе өз әскерінің арасында жанжал туып кетуінен, не болмаса наразы түркімендердің опасыздық жасауынан қауіптенген Хорезмшах түркімен қолбасшыларының ұсынысымен шекарадағы қыпшақ қалаларын Шыңғысханмен бетпе-бет қалдыруға ұйғарды. Шекарадағы негізінен қыпшақтар иелік ететін Сыр бойы қалаларының халқының моңғолдарға жанаямай қарсылық көрсетуі, ал моңғолдардың бұл Отырар, Сығанақ, Ашнас, Жент қалаларының халқын аямай қырып тастауы осыған дәлел. Соған орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы іс-шараларды Түркі дүниесі арасында кеңінен насихаттау мақсатында «TÚRKISTAN MEDIA» халықаралық орталығы құрылып, жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, медиа орталықтың базасында «TÚRKІSTAN» зияткерлік клубы ашылып, Бағдарлама аясында республикаға танымал әртүрлі сала майталмандарымен, тұлғалармен қызықты сұхбаттар ұйымдастырылуда.
Кейбір тарихшылар «Шыңғысхан әскерін Отырарға келген соң төртке бөліп жіберді. Отырарды алуға Шағатай мен Үгедейді ғана қалдырды» дейді. Бұл бар жоғы жүз мыңға жуық әскермен солтүстік Қытай жеріндегі миллиондаған халқы бар Алтын империясын 5-6 айдың ішінде талқанын шығарған Шыңғысханның Отырар қаласын ала алмай шарасыз күйге түсіп, бес ай тұрғанын жасыру үшін кейбіреулердің ойлап тапқан далбасасы.
Отырар билеушісі Қайырханның өзінің 50 мың әскері болғаны белгілі. Оған Мұхаммед шах көмекке Қараджа хаджипке басқартып 10 мың әскер жібереді. Ал Шыңғысхан Ертіс бойынан 150 мың әскермен аттанады. Оған жолшыбай құдасы ұйғырлардың билеушісі Баржұқ, Алмалық билеушісі Сығнақ Тегін, және қарлұқтардың билеушісі Арслан өз әскерлерімен келіп қосылады.
«Шыңғысхан Отырар қаласына 1219 жылдың қыркүйек айында келіп жетіп, өз шатырын Отырардың цитаделінің қарсы алдына тікті. Қамал үстіне көтерілген Қайырхан «айналасына қарап таңданғанынан бармағын тістеді.
Тамаша қаруланған сан жетпейтін әскерлер оған толқыған теңіз болып көрінді. Айқай, тағаланған аттардың және сауыт жабылған қашырлардың дүбірі жер жарды» деп баяндайды Жувейни.
Миллиондаған халқы бар Алтын империясын бес-ақ айда талқанын шығарған Шыңғысхан Отырар түбінде шарасыз күйге түсіп бес ай тұрады. Тікелей шабуылмен ештеңе өндіре алмаған Шыңғысхан ақырында қаланы аштықпен алуды ұйғарады. Ол үшін қаланың сыртпен барлық байланыс жолдарын бекітіп, қала сыртын бірнеше қатар әскермен қоршап тастайды.
Кейбіреулер айтып жүргендей, Шыңғысхан көк желкесінде өліспей беріспес жауы Қайырхан бастаған қыпшақтарды қалдырып, түрікмен, соғдылар қорғайтын Орта Азия қалаларына соғыс ашуы мүмкін емес еді. Бұлай етсе қаншама қулықпен арасын әзер ажыратқан қыпшақтар мен түрікмендер қайта бірігіп кетуі де мүмкін еді. Оның үстіне бір мезгілде бірнеше бағытта соғыс жүргізетіндей Шыңғысханның әскері де онша көп емес болатын. Хорезмшахтың әскері өз әскерінен әлдеқайда көп екенін ол жақсы білетін.
Отырарлықтар күші басым жаумен осылайша жан алысып-жан берісін жатқанда бар әскерін жинаса 400 мың әскер шығаруға мүмкіндігі бар Мұхаммед шах еш қол үшін созбады. «Бағдат халифіне қарсы соғыс ашамын деп құдайдың қаһарына ұшырадым» деп бойын үрей билеген Хорезмшах Шыңғысханмен бір рет болса да бетпе-бет келіп соғыса алмай, қаша-қаша ақырында елсіз аралда өз адамдарының қолынан абыройсыз ажал құшты.
Бес айдай қоршаудан кейін Отырар тұрғындары тарыға бастады. Сырттан келер көмектен де күдер үзіледі. Осындай қиын кезде отырарлықтар емес, Хорезм шах көмекке жіберген әскердің басшысы Қараджа хаджип сыр береді. Ол түнде, өзіне қарасты әскерін бастап, Сопыхана қақпасын ашып моңғолдарға беріледі. Ашық қалған қақпадан моңғолдар қалаға басып кіреді. Бұл жағдайды кеш білген қалалықтар жанын сала моңғолдардың жолын бөгейді. Қайырхан бұл хабарды алғанда тым кеш еді. Бұл кезде моңғолдар қалаға кіріп, қаланың бір бөлігін басып алып қойған болатын. Сондықтан да ол енді аман қалған бар әскерін ішкі қамалға жинап бекінеді. Ішкі қамалға бекіген қалалықтардың бар саны жиырма мыңдай ғана еді.
Таңертең Қараджа хаджипті Шыңғысханның алдына алып келеді. Шыңғысхан Хараджа хаджипті тергеп, бар керекті мәліметті білген соң, Хараджа хаджипті бар әскерімен қырып тастауға бұйрық береді.
Осыдан кейін барып Шыңғысхан Отырарды алуды аяқтауды ұлдары Шағатай мен Үгедейге тапсырып, қалған әскерін үшке бөледі. Жошы бастаған қолды Сыр бойымен солтүстік батысқа бағыттайды. Олар қыпшақтар иелік ететін Сығанақ, Ашнас, Жент пен Баршылықкент қалаларын бағындырады. Ал Сыр бойымен жоғары өрлеп Фенакент пен Ходжент қалаларын алуға Алақ, Сүгту, Тоғай нояндары бастаған түмендерін жұмсайды. Ал төртінші, ең негізгі қолды өзі бастап Бұхараға аттанады.
Шыңғысхан Бұхараны үш-ақ күн қоршайды. Үш күннен кейін Шыңғысханның Хорезмшахқа жазған хатында соғды саудагерлерін «Менің жақтастарым» деп емексіткенінен дәмеленген бұхаралықтар қаланың қақпасын өздері ашып, Шыңғысханға беріледі. Соғдылықтардың бұл опа-сыздығын көрген қаладағы түркімен текті Хорезм әскерлері моңғолдардың қоршауын бұзып шығып батысқа қарай қашады. Моңғолдар соңынан қуалап жүріп қырады. Аз ғана әскер Амудариядан өтіп кетіп, аман құтылады. Ибн ал-Асирдің жазуынша Бұхаралықтар қала қақпасын ашып, моңғолдарға берілген күн 10 ақпан 1220 жыл.
Ал Бұхараның ішкі қамалына бекінген бар-жоғы 400 қыпшақ сарбаздары Шыңғысхан әскері мен бұхаралықтардың біріккен шабуылына 12 күн бойы қарсыласты. Моңғолдар қамалға басып кіргеннен кейін де өле-өлгенше соғысты.
Шыңғысхан қаланы толық алып алған соң, қала басшыларынан Отырарда тоналған өз жақтастарының заттарын түгелдеп беруін талап етті. Бұхаралықтар қолда бар алтыны мен күмісін жинап береді. Осыдан соң Шыңғысхан өз әскерлеріне қаланы тонауға рұқсат береді. «Моңғолдар қалаға, мектептерге, мешіттерге от қойып, ақша талап етіп, халықты қан қақсатты. Балалардың, еркектердің, әйелдердің зарынан бұл күн өте жаман күн болды. Тұрғындар жан-жаққа қашып алба-жалба болды, моңғолдар әйелдерді де бөліп алды.
…Кейбіреулер бұны көргенше өлгенім жақсы деп, өлгенше айқасты. Рукнеддин имамзаде мен баласы, кади Сахреддинхан да осылай қайтыс болды.
…Бұхара тұрғындарының тірі қалғандарын Самарқанға жаяу айдады. Әлсіреп, жүруге жарамағандарын жолда өлтіріп тастап кетті.» деп баяндайды ал-Асир.
Самарқанда бәрі керісінше болды. Самарқан тұрғындары Шыңғысханға өз еркімен беріліп, Хорезм әскеріне қарсы соғысқан бұхаралықтардың мынандай бейшара түрін көрген соң, Шыңғысханның «Менің жақтастарым» дегені жай алдау екенін түсініп, жаппай соғысқа дайындалады. Самарқанда Мұхаммед шах қалдырған 50 мың Хорезм әскері бар болатын. Олар Бұхарада жергілікті халық соғдыларлың опасыздықпен моңғолдар жағында хорезм әскеріне қарсы соғысқанын естігесін Самарқанды қорғаудан бас тартты да Шыңғысханға соғыспай беріледі. Шыңғысхан оларды өз жағыма қабылдаймын деп алдай тұрады да қала тұрғындарының шаруасын бітіргенсін, қырып тастайды.
Ал маман әскерилерлің көмегінсіз қаланың қарапайым халқы моң-ғолдарға оңай жем болды. Жаппай қаруланған қала халқы моңғолдардың тұтқынындағы бұхаралықтардың бейшара түрін көргенде ашу ызаға булығып, моңғолдарға лап береді. Әккі моңғолдар алғашқыда қорқып қашқан болып қала тұрғындарын қаладан ұзатып шығарып алады да, қоршап алып садақпен қырып салады.
Шыңғысханның Самарқанды бағындырған кезін ал-Асир 617 ж. Мұхаррам айында болды дейді. Бұл 1220 жылдың 8 наурыз бен 6 сәуір аралығы.
Осы Самарқан қаласында Шыңғысханға Отырардың ішкі қамалындағы 20 мың отырар-лықтардың шаруасын бітіріп, Қайырханды тұтқынға алған Шағатай мен Үгедей бар әскерімен келіп қосылады. Көп ұзамай Сығанақ, Ашнас, Жент және Баршылықкент қалаларының тұрғындарының өрше-ленген қарсылығын жеңіп, халқын қырып, қалаларын талқандап Жошы да бар әскерімен келіп қосылады. Осында Шыңғысхан Қайырханды жазалап өлтіреді. Бұл мәселелер халық жадынан ешқашан өшпеу керек. Сондықтан да Облыс орталығы Түркістанға көшірілген соң облыстық «Рухани жаңғыру» Жобалық кеңсесі Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің базасында орналасты. Тиісті материалдық-техникалық жабдықтармен қамта-масыз етілген. Бүгінде облыстағы 16 аудан, қалада Жобалық кеңселер толығымен құрылып, жұмыс атқарып келеді.
Бұхара мен Самарқанның жағ-дайынан кейін Шыңғысханның «менің жақтастарым» дегені құр алдау екенін жақсы түсінген Үргеніш қаласы Шыңғысхан әскеріне өрше-лене қарсыласты. Бірақ тым кеш еді. Сыр бойы мен Мауреннахрды толық қол астына бағындырған Шыңғысхан бұл кезде тым күшейіп кеткен болатын. Түркімендер қарулас достары қыпшақтарға жасаған опасыздығының жемісін қапысыз жейді.
Тегі қыпшақ Құмар тегіннің қолбасшылығымен қала халқы әрбір көше, әрбір кварталды бекініске айналдырып бес ай соғысады. Бірақ күш тең емес болатын. Моңғолдар қала халқын аямай қырып, қаланы суға алдырып, үйіндіге айналдырады. Жувейнидің жазуынша моңғолдар қаланы алғаннан кейін : «100 000 –нан аса қолөнершілерді бөліп алып, жас әйелдер мен балалардан басқа адамдарды өлтіріп тастайды. Сонда әрбір моңғол әскері 24 адамнан өлтірген.»
Шыңғысханның ісін әрі қарай жалғастырған Шыңғыс ұрпақтары шығыста Сары теңізден батыста Жерорта теңізіне дейінгі аумақта өз билігін орнатты.
Мұсылман жылнамашылары былай дейді: солардың арасында Ибн Атир былай деп жазды: «Бұл апаттың жойқын болғаны соншалық – мен көпке дейін ол туралы жазу я жазбау керектігін білмедім. Қазірдің өзінде қаламды ықылассыз қолыма алып отырған жәйім бар. Исламның ақырын суреттейтін, мұсылмандардың қаза болғанынан хабар беретін әрі оның масқара күйге ұшырағанын жазуға кім тәуекел етер дейсіз?! Мен бұдан да мұндай зауалды көргенше, әлдеқашан жан тапсырып, ұмыт болғаным жақсы еді. Бірақ, достарым, маған бұл оқиға туралы жазу керектігін айтты. Ақыры, апат жөнінде тіс жармаудың ешқандай пайда бермесін өзім де ұғындым. Тарихта мұндай алапат әлі болған емес. Адамзат нәсілі мен мұсылмандардың өзі де оған қорқынышпен қарады. Егер, әлдекім Адам атадан кейін де дәл осындай оқиға тарихта болған десе қатты қателеседі. Себебі, адамзат шежіресінен ондай кезеңнің болғанын суреттейтін бірде-бір дерек таба алмайсыз. Тіпті, енді, ақыр заманға дейін мұндай апаттың қайталануы екіталай». «Жаулап алушылар ешкімді аяған жоқ. Олар жүкті әйелдердің қарнын жарып, құрсақтағы балаларға дейін қылыш сілтеді. Бұл әлемдік деңгейдегі апат болды. Ол құйын тәрізді кенеттен пайда болып, бүкіл шартарапты шарпып өтті».
Моңғолдар 650 жылы Бағдатты басып алып, оны жермен-жексен етеді. Ибн Қасир ол туралы былай дейді: «Қырық күн бойы Бағдат қиратылумен болды. Содан кейін, әлемдегі осы бір ең әдемі қаладан қиранды мен тау болып үйілген адамның өлігі ғана қалды. Өлі денелер әр жерде үйіліп жатты. Кейін жаңбыр жауып мүрделер бұзыла бастады. Олардың адам төзгісіз иісі шартарапты алып кетті. Сонау Сирияға дейін індет жайлап, жұртқа қасірет шектірді. Бүкіл елде аштық, індет пен өлім-жітім көбейді».
Моңғол шапқыншылығы ислам әлеміне үлкен зардап шектірді. Оның интеллектуалдық дамуы дағдарысқа ұшырап, мұсылмандар арасында исламның болашағына күдік келтіргендер пайда болды.
Шыңғыс ұрпақтарының тырнағына ілікпеген шығыста Жапондар мен батыста Батыс Еуропа елдері. Шыңғыс ұрпақтарының билігі бағынышты елдерге тек қасірет әкелді. Қазір қарап отырсаңыз:
1) Шыңғыс ұрпақтарының тыр-нағына ілікпеген Батыс Еуропа мен Жапонияның экономикасы шарықтап дамып алға кеткен.
2) Одан кейінгі орынға Шыңғыс ұрпақтарының билігінде аз ғана уақыт болған Шығыс Еуропа елдері шығады.
3) Шыңғыс ұрпақтарының билі-гінен ертерек құтылған Қытай мен славяндар үшінші орынға шығыды.
4) Орта Азия елдері
5) Орталық Азияда мекендеген түрік халықтары(қазақтар, қырғыздар….)
6) Ен соңғы орында Шың-ғысханды әлі күнге пір тұтып жүрген жартылай көшпенді моңғолдар. Ал Шыңғысхан бас-таған моңғолдар шапқыншылығы басталғанға дейін түріктердің ғылым-білімі, өркениеті Еуропадан әлдеқайда жоғары болатын.
Батыс Еуропалықтар түріктер ойлап тапқан от қаруды пайдаланудың арқасында америкалық үндістерді, Азия елдерін тонаудан түскен байлықты техникалық прогреске жұмсап үздіксіз дамып жатқанда Шыңғыс ұрпақтары өз билігіндегі елдерді өркениеттен артқа тартты. Әсіресе, Шыңғысханның ұрпақтарына отырықшылыққа тиым салып, көшпенді өмір салтын сақтауды қатаң тапсыруы түріктерді өркениеттен кері тартты. Қазіргі ғалымдардың дерегіне сенсек Шыңғысханға дейін мыңнан аса қалалары болған Ұлы Дала түріктері Шыңғыс ұрпақтары билігінің соңында мәдениеттен артта қалған көшпендіге айналды.

-III-

Отырарға қайтып оралайық. Сыртқы қамалды алып, Қараджа Хаджипті бар әскерімен жусатып салған Шыңғысхан осыдан кейін ішкі қамалды алып, Қайырханды тірідей өз алдына жеткізуді балалары Шағатай мен Үгедейге тапсырып, өзі Бұхараға аттанып кетеді. Шыңғысхан Бұхараға 1220 жылдың 7 ақпаны күні жетеді.
«Қайырхан арыстан жүректі 20 000 батырмен ішкі қамалға бекінді. Енді олар өмірден күдер үзіп, өлімге бас тікті де, кезек-кезек 50 адамнан қамалдан шығып, моңғолдарды қырумен болды. Олар ең соңғы адамы қалғанша соғысумен болды. Сондықтан олар моңғолдарды көп қырғынға ұшыратты».
Бұл Шыңғысханның немересі Хулагу ханның арнайы тапсырмасымен, Шыңғысханды мадақтап жазылған кітаптағы Жувейнидің сөзі. Бұл Қайырхан бастаған Отырар қаһармандарының ерлігін Қайырханның ата жауы Шыңғыс ұрпақтары да мойындаған деген сөз.
Бір ай үздіксіз шабуылдан кейін қатары селдіреп қалған отырарлықтардың қарсылығын жеңіп, моңғолдар ішкі қамалға басып кіреді. Ендігі шайқас қамалдың ішінде жалғасады. Ең соңында аман қалған екі сарбазымен Қайырхан шайқаса жүріп қамал төбесіне шығып кетеді. Қасындағы екі сарбазы да өліп жалғыз қалғанда да берілмей соғыса береді. Ақырында қаруы да қалмаған кезде қасында қалған екі қызметші әйелдер сарайдың қышын бұзып әкеліп беріп Қайырханға көмектеседі. Қайырхан жақын келген моңғолдарды қышпен ұрып құлата береді. Моңғолдар әйелдерді де атып өлтіруге мәжбүр болады. Содан кейін ғана жалғыз қалған Қайырханға моңғолдар жан-жағынан тұзақ лақтырып, тірідей қолға түсіреді.
Шыңғысханға сеніп өздері беріл-ген, тіпті қалада қалып қойған қыпшақ сарбаздарына қарсы моңғолдармен бірге соғысқан Бұхара қаласының тұрғындарын Шыңғысхан қалай қорлағанын тарихшылардың бәрі де жазады. Самарқан қаласының тұрғындары да осындай қорлауға ұшыраған. Моңғолдарға қарсы бес ай соғысты деген Хорезм мемлекетінің астанасы Үргеніште тұтқынға түскен адамдардан 100 000 шеберді бөліп алып, жас әйелдер мен балалардан басқасын өлтіруге бұйрық бергенде әр моңғол сарбазына 24 адамнан түскен деп баяндайды тарихшылар.
Ал Отырарлықтар туралы мұндай дерек жоқ деуге болады. Керісінше Отырарлықтар ақтық демі біткенше нағыз ерлерше алысып өлді, тіпті қызметкер әйелдерге дейін Қайырханмен бірге қала қорғауға қатысты деп дұшпандарының өзі мойындауға мәжбүр болған.
Бұл соғыс ерте ме кеш пе болмай қоймайтын соғыс еді. Соғысқа бейімі жоқ әлжуаз қытайларды оп-оңай талқандап, араны ашылған Шыңғысханның осымен тоқтап қалмайтыны белгілі еді.
Бірақ бұл соғыстың аяғы басқаша аяқталуы да мүмкін еді. Бұл соғыстың Хорезм мемлекеті үшін осынша қайғылы аяқталуына екі себеп болды:
1) Мұхаммед шахтың өрескел қылықтарынан туындаған Хорезм мемлекетіндегі алауыздық;
2) Ақша үшін жанын сатқан Соғды саудагерлерінің көрсоқырлығы.
«Бүлінген елден бүлдіргі алма» деп аталарымыз бекер айтпаса керек. Еңбекқор қытай халқының көз жасы мен қанына былғанған моңғол әскерлерінің тонаудан түсірген заттарын арзан бағаға сатып алғанына мәз болған, құныққан саудагерлер хорезм еліне «бүлдіргі» әкелерін ойламаса керек.
Ал Шыңғысханның шын ойын түсінгенде тым кеш болды. Бұл азды беріп тұрып, кейін мыңды алуды ойлаған залым Шыңғысханның қулығына алданып қалған, жанын ақшаға сатқан соғды көпестерінің көрсоқырлығынан орын алған жағдай еді.
Моңғолдар еш уақытта сауда ісімен айналыспаған. Осы Отырардағыдан басқа моңғолдардың сауда керуені туралы тарихта еш дерек жоқ. «Шыңғысханның сауда керуені» деп жүрген керуендегі барлық көпестер де, Хорезмшахқа елшілікке келген елшілер де Хорезм мемлекетінің өз азаматтары болатын. Бұл негізінен алғанда Шыңғысханға қатысы жоқ, Хорезм мемлекетінің ішкі ісі болатын. Бірақ әккі Шыңғысхан бұл оқиғаны өз пайдасына өте шебер пайдаланып кетті.
Қаншама халықтарды қан қақсатып, «дүниесін тартып алып, жесір қалған әйел мен жетім қалған балалардың зарынан ләззат алған» Шыңғысханның қазір жер бетінде тұқымы да қалған жоқ. Тіпті, Шыңғысханның өзі мен өз қанынан тараған балаларының жер бетінде моласы да жоқ.
Шыңғысхан өзінің қаншама адамдарға қиянат жасағанын өзі де мойындайтын сияқты. Олай дейтін себебіміз: Бұрынғы түріктердің елге еңбегі сіңген патшалары, хандары қайтыс болғанда халқы арулап жерлеп, басына оба орнататын. Ұрпақтары жыл сайын басына келіп құрбандық шалып, дұға жасайтын, әрі ұрпақтары бабаларының мазарларын қызғыштай қорып жүретін.
Сондықтан да бабалар жатқан жерді қорым деп те атайды. Түріктерде өз моласын жасырған алғашқы билеуші осы Шыңғысхан болса керек.
Шыңғысхан өлерінде балаларына өсиет айтып, өз моласын жұрттан жасырып, құпия жерлеткен. Жерлеп болған соң моласының үстінен мыңдаған атты ары-бері айдатып, моласының ізін де қалдырмаса, былай шыққан соң жерлеуге қатысқан, жерленген жерін көрген мыңдаған әскерлерін де қырып тастапты.
Осылайша, өлгеннен кейін де қылмыс жасап, өзіне қалтқысыз қызмет еткен қаншама адамның жанұясын зарлатып кетіпті. Жесір қалған әйел мен жетім қалған балалардың зарынан көрде жатып та осылайша соңғы рет ләззат алса керек. Қазақ «атың өшкір» деп осындайларға айтқан.
«Біз жақсы адамдарға арнап құрбандық шаламыз. Солардың құрметіне орай ас беріп, той жасаймыз. Себебі, өлі разы болмай, тірі жарымайды. Әрине, мәселе тек оларда ғана емес, біз өлген адамдарға құрмет ете отырып, тірілерге олардың жақсылықтарын уағыздаймыз. Сондықтан да тірі жүргендердің көпшілігі соларға ұқсап артына жақсы сөз, өшпейтін із қалдырғысы келеді» депті бұдан 2500 жыл бұрын өмір сүрген Тоқсары Әулие.
Біз де қазіргі жастар туған жерінің тарихын біліп жүрсін, «Ұлылардың отаны», «Қазақ өркениетінің алтын бесігі» атауы Отырарға тегін берілмегенін, Отырардың ғалымдары мен батырларының, ел билеген дана басшыларының өнегелі істерінен үлгі алсын деген ниетпен жас ұрпаққа арнадық.
Отырар ауданының бір топ зиялы азаматтары – (Бейсенбай Бекжан Кәленұлы; Қыдыр Сағындық – ауданның құрметті азаматы, Өксікбаев Мырзабай – аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның құрметті азаматы, Есжан Ержан Әуелханұлы – Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының директоры, т.ғ.к., Ақылбек Серік — Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының директорының орынбасары, Әбікей Таңат – қ.н. Өзбекәлі Жәнібеков мемориалдық мұражайының меңгерушісі, Мәлік Әділхан-суретші, ақын) ауданды көркейту турасында өздерінің ұсыныстарын қосып, пікір білдірді.
Мысалы, ауданның құрметті азаматы Қыдыр Сағындық: «1) Отырар қорғанысының қаһарман басшысы Қайырханға аудан орталығынан ескерткіш орнатып, көше, мектепке атын беру.
2) Көрнекті жерге келер ұрпаққа үлгі боларлық алғашқы Отан қорғаушылары-Отырар қорғау-шыларына ескерткіш панорама тұрғызу»
Жалпы бұл бірінші рет көтеріліп отырған мәселе емес. Танымал жазушы Әдіһам Шілтерхановтың «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 4 шілде 1998 жылғы номерінде «Қайырхан қаһарманымыз емес пе еді…» деген мақаласында, республикалық «Ана тілі» газетінің 20.XI.2003 жылғы №46 номерінде жарияланған «Қайырхан» атты мақалада (Авторлары: Абдулла Жұмашев-«Руханият-Әбу Насыр әл-Фараби мұражайы» МКҚК-ның директоры, мәдениет қайраткері; Тұяқбай Мұсатаев-Халықаралық Отырар-Қайырхан қорының төрағасы; Қойшыбай Мамасерік-«Отырар алқабы» газетінің сол кездегі редакторы), және т.б да бұл тақырып қаншама рет көтерілді.
2005 жылға дейін ауданды басқарған, қазіргі сенатор Қуаныш Айтахановтың орасан еңбегін аудан халқы тек ризашылықпен еске алады. Ол кісі Отырар ауданы үшін ең негізгі бағыт туризмді дамыту деп көрсетіп , осы жолға барын салды. Сол кісінің еңбегінің арқасында 30 қыркүйек 2004 жылы Қазақстан үкіметі №1009 қаулысымен «Көне Отырардың өрлеуі» атты бағдарлама қабылдады.
«Күші өзінен 10 есе басым жаумен алты ай бойы алысқан Отырарлықтардың Ұлы ерлігін паш ететін «Отырар қорғанысы» монументін және жергілікті бюджет есебінен аудан орталығынан «Даңқты бабалар» аллеясын саламыз.
«Даңқты бабалар» аллеясының күншығыс, бастау жағына Отырар қаһармандығының символы ретінде Қайырханға, орта тұсына Отырар өркениетінің, ғылымы мен білімінің символы ретінде Әбу Насыр әл-Фарабиге ескерткіш орнатамыз. Соңын Отырар мәдениетінің-өнер мен әдебиетінің символы ретінде «Ақындар аллеясы» аяқтайтын болады.
Осының барлығы бірігіп орыстардың «Бородино панорамасы» сияқты жас ұрпақты отансүйгіштік, патриоттық сезімге баулитын ерекше танымдық «Даңқты бабалар» кешені аталып, Отырардың қаһарман рухын, жоғары өркениеті мен мәдениетін көрсетіп тұратын болады» деп жобалаған болатын.
Көреген азамат сол кезде-ақ «Ел боп, жұрт боп Қайырхан сияқты ұлттық тұлғаға ескерткіш қоюдың орнына кейбіреулер ешкім білмейтін ру батырына ескерткіш қоюмен әлек» деп сынап та кеткен екен.
Қорыта айтқанда, игі істерге жұмыла кететін Түркістан өңірінің жұртшылығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының екі жылдығын осындай жетістіктермен еңсерді. Дегенмен атқарылар жұмыс көп және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге деген құлшыныс өте жоғары. Жаңа дәуірі асталып, енді ғана түлеген киелі Түркістан әлі талай бастамалардың ордасына айналатыны сөзсіз.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *