МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ —  МЕМЛЕКЕТТІҢ  ТАҒДЫРЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ —  МЕМЛЕКЕТТІҢ  ТАҒДЫРЫ
Сайын БОРБАСОВ, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор ҚазҰАУ   Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы және дамуы ел халқын ұйытушы мемлекеттік тілдің толыққанды дамуына тәуелді. Осы... МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ —  МЕМЛЕКЕТТІҢ  ТАҒДЫРЫ

Сайын БОРБАСОВ,
саясаттану ғылымдарының докторы,
профессор ҚазҰАУ

 

Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы және дамуы ел халқын ұйытушы мемлекеттік тілдің толыққанды дамуына тәуелді. Осы ақиқатты басқарушы билік те, қарапайым халық та дұрыс түсінбей келеді. Елдегі коммуникацияның негізгі бағыттарында орыс тілінің үстемдік құруы бүкіл халықтың санасына сіңіп, үйреншікті тіршілікке айналып кеткені соншалықты қазақ тілінсіз-ақ барлық тірлік-тіршілік жүре беретіндей. Орыс тілі қазақ тілінің көтеретін жүгін, міндетін де өз арқасына ауырсынбай салып алгғандай күн кешудеміз. Елдегі этнолингвистикалық ахуалдың өзге-руі ағылшын тілінің күннен-күнге ықпалы мен қолданылу аясының кеңейе түсуіне де байланысты. Елбасы Н.Назарбаев күн тәртібіне қойған ел халқының «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясаты. Осы орайда мемлекеттік тіл – қазақ тілінің әлі де өз тұғырына толықтай қона алмаған тұстары бар. Нақтылай айтсақ мемлекеттік тілдің кенже қалу үрдісі тоқтар емес. Бұл үрдіске тежеу салмай билік те, халық та қателесіп жүр.
Тілдік қатынастар мен тіл саясатының осы даму векторы сақтала беруі керек пе? Әлде тілдік процестерге түбегейлі өзгерістер енгізу саясатын жүргізген дұрыс па? Осы сұрақтар ел тағдырын ойлайтын әрбір азаматты ерекше толгандыруда. Мемлекеттік тілдің қызметінің күшеюі Қазақстанның мемлекеттілігінің тағдырында ше-шуші рөлге ие екендігін ұғынбай жүргендер жетерлік.
Әлемдік саяси-әлеуметтік тәжі-рибеге назар аударсақ Қазақстандағы мемлекеттік тілдің «екінші сортты» жағдайы түптің-түбінде тәуелсіз мемлекеттің дамуына зор қауіп. Әсіресе мемлекеттік қауіпсіздіктің әлсіреуі үрдісіне мемлекеттік тілдің әлсіреуінің тікелей әсері бар. Мемлекеттік тілдің толыққанды дамуы мемлекеттілікті күшейтетін аса ықпалды рухани фактор екендігі ақиқат.
Біріншіден, Қазақстан халқының рухани, саяси, мәдени және дәстүрлік топтасуына, бірігуіне қазақ тілі жағдай туғызады. Қазақ тілі — қазақ халқының және барлық қазақстандықтардың Қазақ Елі болып қалыптасуына көмектеседі.
17 миллион қазақстандықтардың 11,2 миллиондайы қазақтар. Ел халқының 66 пайызын құрап отырған қазақ ұлтының тілі Қазақстанның қоғамдық қатынастарының бар-лық салаларындағы дамуы мен қауіпсіздігіне ғана қызмет етеді. Оқырман осы айтылған істерді орыс тілі мен ағылшын тілі де жасай алады ғой деген қарсы пікір айтатыны шындық. Әрине, тек осындай игі тілектер мен игі істерге ғана қызмет етсе, орыс, ағылшын тілдері қазақ мүддесіне қызмет ете алар еді. Бірақ, өкінішке орай орыс тілді БАҚ, баспасөз бен әдебиет қазақ халқының мүддесі үшін емес, Ресей мен орыс халқының мүдделеріне қызмет етіп келеді. Алдағы уақытта да орыстардың шаруасына қызмет етеді. Қазақстан тарихында орыс тілі қазақ халқының дамуы мен өркендеуіне қамқоршылық функцияны атқарумен айналысқан емес. Орыс тілі бірінші кезекте отарлаушылық саясаттың, қазақ халқын мәңгүрттендірудің, оны орыс халқының құндылықтарына тартудың, қазақтың рухани құндылықтарын басып-жаныштаудың құралы болып келеді. Еғер тілдік саясатымызды нақтылы бір жолға қоймасақ осылай жалғаса берері де сөзсіз.
Бұл пікірден орыс тілінен қазақтар бас тартуы керек деген ой тумауға тиісті. Басты мәселе, орыс тілінің Қазақстанда атқарып отырған қызметінің табиғатын, мақсат-міндетін білу және осы айтылған негативті құбылыстарға жол бермеуге келіп тіреледі. Әрбір қазақ ана тілін толық меңгеріп өзінің ұлттық құндылықтарын дұрыс түсінгенде оған ешқандай басқа тілдің де, басқа мақсаттардың да қаупі жойылады. Ұлттық тіл ұлттық мақсаттарға, құндылықтар мен мұраттарға қызмет етеді. Қазақ тілін біле отыра басқа тілдерді де меңгерген азаматтар өзге тілдердің өз ұлтына қарсы істерін лақтырып тастап, оларды тек жасампаздыққа, іскерлікке, ізгілік пен гуманизмге пайдалануға қабілетті болады. Өз мемлекетін, тілін құрметтеген азамат олардың құнсыздануына ешуақытта жол бермейді. Қазақ тіліне осындай қатынас орнағанда ғана ол бүкіл қазақты, қазақстандықтарды топтастырушы, біріктіруші, достастырушы рухани факторге айналады. Қазақ тілінің толыққанды дамуы мәдениетті, ғылымды, өнерді, салт-дәстұрлерді ғана емес, елдің экономикасы мен қаржы жүйесін көтеретін, жаңартатын әсерге ие болады.
Түптің түбінде, әрбір тіл сол тілді жасаушы халықтың мүдделеріне қызмет етеді. Ұлттың тілі ұлттық мұдделерді қорғаудың және сол ұлттың өкілдерін отаншылдыққа, ізгілікке тәрбиелеудің ең тиімді құралы болып табылады. Ал, өз этносының тілінен шыққан адамдар өзге тілдік ортада біріншіден басқа халықтың рухани құндылықтарының ұясына ауысып кеткендіктерін байқамай да қалады. Қазақ халқына жақсы таныс мәңгұрттену, маргиналдану ұрдісі осы құбылыстан бастау алады. Әрине, мәңгүрттенудің деңгейлері әртүрлі. Кейбіреулер өз ана тілін білмегенімен, өзінің туған ұлтын, Отанын, жерін жек көрмейді. Ал екінші топтағы маргиналдар өзі таңдаған тілін қорғап, өзінің этникалық тамырларына, яғни халқының тілі мен салт-дәстүрлеріне қарсы шығады.
Ал үшінші топтағы маргиналдар ұлттық құндылықтарды толықтай жалпыадамзаттық құндылықтарға бағындырғысы келеді. Олар үшін адамға, тұлғаға жақсы болса, өмір-тіршілігі қолайлы болса жетіп жатыр. Өкінішке орай, Қазақстандағы қазақ халқында маргиналдардың осы үш тобы да жетіп артылады.
Патшалық отарлау және ком-мунистік, тоталитарлық саясат «шекпенімен» шыққан маргиналдану үрдісі қазақ халқын бүгінгі күнге дейін екі топқа бөліп келеді. Бірінші топ — ұлттық құндылықтар мен қазақ тілін ұстанатындар. Екінші топ – ұлттың тілін, салт-дәстүрлерін қабылдамайтын мәңгүрттенген топ. Біртұтас халықтілдік және дүниетанымдық ұстанымдарымен екіге бөлініп тұр. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Орыс тілді қазақтар ресейлік бағыттағы саясатты жақтаса, қазақ тілді қазақтар ұлттық мемлекеттің күшеюін қалайды. Міне осы көзге ашық көрінбейтін текетірес тәуелсіз мемлекетіміздегі ішкі саяси, танымдық қайшылық ретінде жалғасып келеді.
Орыс тілді қазақтар елдегі орыс диаспорасына да иек артады. Оның саны 3,6 млн. адам, ел халқының 21 пайызын құрап отыр. 2,5 миллионнан астам ана тілін білмейтін қазақтарды қосқанда қазақстандықтардың 6 миллиондайы елде орыс тілінің толық үстемдік құрғанын ашық жақтайды. Яғни Қазақстан халқының 35 пайызы қоғамдық қатынастардың барлық салаларында мемлекеттік тілдің өзіне тән қызметін толыққанды орындауын қуаттамайды, немесе бұл мәселенің өз шешімін табуын маңызды деп мүлдем есептемейді.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» 1997 жылы қабылданған заңның қазіргі тілдік ахуалға жауап бере алмайтындығы байқалуда. Себебі, бұл заң бұгінгі этнодемографиялық ахуалға сәйкес емес. 1997 жылы орыстар ел хал-қының 40 пайызын құрайтын 6 миллион адам болатын. Қазір олардың үлес салмағы 21 пайызға дейін төмендеді. Демократиялық қоғам талаптарына сүйенсек қазақ этносының мақсаттары мен құндылықтары ешқандай шетқақпай көрмеуі керек. Себебі, қазақ тілді қазақтар абсолютті көпшілік. Басым халықтың мүдделері мен талаптарының орындалмауы түбінде үлкен әлеуметтік-этникалық қайшылыққа ұласу қаупі күшті.
Бұл мәселе жылы жауып қоятын оңай шаруа емес. Оның қауіптік потенциялы қорқынышты. Сондықтан, мемлекеттік тілді дамыту мәселелерін шешпей, созбұйдаға салып, созылта беру – Қазақстанның тәуелсіздігіне қауіп төндірумен, саналы түрде ел қауіпсіздігіне зиян тигізуімен пара-пар.
Қандай мемлекетте болмасын, қолданыстағы негізгі тіл өз ұлтының құндылықтарын басымдыққа жет-кізеді. Қазақстандағы орыс тілінің басымдығы сақтала берсе, түптің түбінде Қазақстан халқы орыс ұлтының құндылықтары мен мақсат-мұраттарын қабылдайтын қалғе жетеді. Қазақ тілі қорғалмаса, ол тіл қорғайтын қазақ этносының құндылықтары мен мақсат-мұраттары біртіндеп жойылады. Тіл тағдыры мен ұлт тағдырының диалектикалық өзара байланысы осы құбылыстан көрінеді. Әсіресе, жастардың мемлекеттік тілді толық білуі маңызды.
Сондықтан «Болашақ» сияқты бағдарламаларға қатысты шет елдерде оқуға баратын ұл, қыздардың ана тілдерін толыққанды білуін талап ету маңызды. Қазақстанға қайтып келген соң, олар әлемдік озық басқару, білім, техника мен технология үлгілерін қазақ тілінде жүргізуге қабілетті болулары керек. Ғылым мен технология жаңалықтары қазақ тілінде сөйлеп тұрмаса, мемлекеттік тілде болашақ болмайды. Немесе тіл тұрмыстық деңгейде қалып әлсірей береді.
Ел халқының 67 пайызын құрайтын қазақ ұлтының тілі оның 21 пайызын құрайтын орыс тілінің астында қалмақ. Мұндай ахуалға кінәлі қазір тек қана қазақтардың өздері. Елдің ішкі саясатының бағыттарын айқындап отырған қазақтың саяси элитасы, бизнес элитасы өз ана тілінің ауқымынан шығып, орыс тілдік ортаға көшіп кеткен. Ал, қарапайым халық басшы топқа қарап, сап түзейтіні белгілі. Қытай ойшылы Конфуңий айтқандай «басшы — жел, халық — шөп. Жел қай бағытқа соқса, шөп солай қисаяды». Сондықтан билік, бизнес және халық қазақ тіліне бетбұрыс жасайтын рухани және саяси-әлеуметтік ахуал қалыптастыру күн тәртібіндегі қажеттілік. Бұл істі жүргізбесек, ана тіліміздің дағдарыстық қалпын ушықтырып алуымыз ықтимал.
Бұл мәселе қазақ тілінің әлеуметтік функцияларын, қызметтерін терең-детуге келіп тіреледі. Осы ойлар айтылып жүр, бірақ та орындалуы тым мардымсыз. Сондықтан қоғамдық пікірді қазақ тілінің қолданбалық қызметін күшейту мәселесіне аудармасақ болмайды. Төмендегі шараларды іске асырсақ, қазақ тілі өзінің мемлекеттік тіл ретіндегі статусына жауап берер еді. Бұл шаралар қаржылық шығындарды да көп қажет етпейді.
Біріншіден, Қазақстан Респуб-ликасының Президентіне сайлан-ғанда, қойылатын мемлекеттік тілді еркін меңгеру талабы бұл және үкімет мүшелеріне, облыс, аудан және ауыл әкімдеріне қойылғаны әділетті. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді білу талабы ұлттық компаниялардың, банктердің, кеден мен полиция, сот пен прокуратура басшыларының барлығына қойылғаны дұрыс. Сонда, ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов күн тәртібіне қойған «кеңсенің қазақ тілінде сөйлеуіне» қол жеткіземіз.
Екіншіден, ақпараттық, ашық қоғамда негізгі коммуникация көздерінің қызметтері де мемлекеттік тілде толыққанды жұмыс істері маңызды. Почта, телефон, телеграф, теледидар, интернет жүйелерінде Қазақстанда қазақ тілінің салтанат құруына қол жеткізу – қазақ тілінің тынысын аша түсетіні ақиқат.
Үшіншіден, финанс-қаржы жүйесін қазақ тілінде қызмет еткізбесек болмайды. Қазір әрбір азамат банкпен жұмыс істейді. Банк мемлекеттік тілде сөйлемейді. «Ақша-патша болған» санада ақшаның қай тілде «сөйлегені» өте маңызды. Қазақстанда банктер қызметі негізінен орыс тілінде.
Бұл оларға үйреншікті тіл, әрине банк қызметіне қолайлы. Бірақ, осы ахуалды заңмен жеңбесе мемлекеттік тілдің даму каналының маңызды бағыты жабық қалады. Теңге – ұлттық валюта. Сондықтан теңгенің белгілері мен жазуларын тек мемлекеттік тілде ғана айшықталуын жолға қоятын мезгіл жетті. Сонда ғана мемлекеттік тіл мәртебесі жолға қойыла бастайды.
Төртіншіден, ақпараттық кеңістікте мемлекеттік тілдің басымдылығын іс жүзінде жолға қою қажет. Ол үшін қазақ тіліндегі телебағдарламалар кемінде 4-5 каналда 12-24 сағаттан беріліп тұруы міндетті. Балаларға арналған хабарлар қазақ тілінде міндетті түрде жүргізілуге тиісті. Орыс тіліндегі телеканалдарға заңмен шек қоя бастау да қажет. Әсіресе, дөрекі, порнография мен зорлық- зомбылықты наситхаттайтын телеканалдар мен баспасөз құралдарын жауып тастауға болады. Себебі, халыққа теріс, тәрбиелік, сапасыз хабарларды беретін де осы каналдар. Бұл жұмыс қаржыны және журналистер қауымының үлкен шығармашылық құлшынысын талап етеді. Қазақ халқының рухани, мәдени және ғылыми жаңару жолында мемлекет шығынға баруға тиісті деп білеміз.
Халықтың мәдени потенциалының күшеюі – оның ана тілінде сапалы, жедел және мазмұнды ақпарат алуына байланысты. БАҚ пен теледидар, интернет пен кино елде адамгершілік идеологиясының, отаншылдық пен демократия құндылықтарын ұлттық мақсат-мұраттарға бағындыра отырып, насихаттаса, зор табыстарға негіз болмақ. Мәдениеті, онері, білімі мен ғылымы озық мемлекет қана «Мәңгілік Ел» қатарына көтерілуге мүмкіндік алады. Қазақ тілінің осындай жасампаздық қуатын ашсақ қана қазақ ұлтының ұзақ тарихи кеңістікте егеменді мемлекетін сақтауының кепілі болады. Ұлтының ұйысуының, рухани бірігуінің және нағыз отаншылдығының кепілі – қазақ тілінің дамуы мен көркеюуі.
Бесіншіден, қарапайым халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде мем-лекеттік тілдің бар екендігін, онымен қарым-қатынас жасап отыру керектігін сезінуі маңызды. Қазір елдегі мегаполистерде ірі сауда, демалыс орындарында шетелдік музыка, ән қуатты дауыспен қойылып тұрады. Олай етуге тиым салу – әділеттілік. Себебі, елдегі барлық мекемелерде, ұйымдарда, әсіресе ірі сауда орындарында мемлекеттік тілдегі әндер айтылып, ұлттық кұйлер, музыкалық шығармалардың беріліп тұру талабы қойылса – жеткілікті. Сонда сатып алушылар мен саудагерлер, демалушылар мен қызметкерлер мемлекеттік тілге әр күн сайын, әр сағат сайын тартыла береді. Күнделікті естілген қазақ әні мен қазақ әуені қазақи рух пен құндылықтарды тәрбиелеуге және күшейтуге көмектеседі.
Алтыншыдан, мемлекеттік тілді оқыту сапасын жақсарту, бала бақшадан бастап университеттерге дейін қазақ тілінің оқыту әдістемесін қарапайым жүйеден күрделі жүйеге қарай көтеру мәселелерін шешу маңызды. Бұл жұмыс жүріп жатыр. Бірақ әлі де жеткіліксіз. Орыс мектебін бітірген түлек мемлекеттік тілді толыққанды меңгеріп шығу талабы іске аспай келді. Ол үшін орыс мектептерінде бірінші сыныптан бастап 11 сыныпқа дейін мемлекеттік тіл оқытылуы міндетті.
Әрбір мекемеде қазақ тілінің маманы болып, оның қызметтік функциялары нақты айқындалып, олардың сол мекемелерде іс-қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілуіне жауап бергені дұрыс. Әрбір мекеме, ұйым, фирма меншік нысанасына қарамай мемлекеттік тілде сойлегені заң талабына енуі тиісті.
Жетіншіден, қазақ тілі Парла-менттің, Үкіметтің және сыртқы саясаттың тілі болуы қатаң заң талаптарымен орындалатын мезгіл жетті. Елдің басқару жүйелерінің толықтай мемлекеттік тілде жұмыс істеуі қамтамасыз етілгенде қазақ тілінің абыройы асқақтайды. Басқару жүйесінің, Банк жүйесінің, шаруашылықты басқарудың қазақ тілінде жұмыс істеуін мемлекеттік Тіл заңына толықтырулар мен өзгерістер енгізуімен жолға қоюға болады.
Сегізіншіден, Қазақстанның шетелдермен экономикалық одақта болуы – орыс тілінің беделін бұрынғыдан да күшейтуге бастайтыны белгілі. Экономиканың даму талаптарында мемлекеттік тілді ысырып тастауга болмайды.
Қазақ тіліне саяси қамқорлық керек. Себебі, әлемдегі 14 миллионнан астам қазақтың 5 миллиондайы ана тілін білмейді. Яғни, қазақ этносының үштен бірі маргиналдық жағдайда. Бұл құбылыс қазақ тілінің әлемдік тілдер арасында құруға бет алған тілдер қатарында екендігін көрсетеді. Сондықтан қазақ тілін білетін 8 миллионнан астам қазақ өз тілі үшін тағдырлық шараларды жүзеге асырмаса ертең кеш болады. Ол шара Елдің Конституциясына өзгерістер енгізуді де қамтиды.
Қазақстанда тек қана бір толыққанды мемлекеттік тіл болуын қамтамасыз ететін мезгіл келді. Орыс тілінің ресми статусын алып тастау, оның қазақ тілімен теңдігін алу елдегі орыс тілінің дамуына ешбір кедергі келтірмейді. Орыс тілі Қазақстанда басқа этникалық топтардың тіліндей өмір сүре береді. Дамыған орыс тілін Қазақстанда конституциялық статуспен қорғау қажетті емес. Ал, керісінше дағдарыстағы қазақ тілін дамытудың өзекті мәселелерін шешу үшін оған деген мемлекеттің жүйелі түрде жүргізілетін қамқорлық шаралары болуы шарт. Ресей басшылары мен орыс халқының қазақ ұлтының өз тіліне деген қамқорлығына түсініспен қарауы үшін мәселені дұрыс насихаттау, дұрыс түсіндіру маңызды. Ресей Қазақстанмен одақтас, дос мемлекет болса қазақ ұлтының жойылып кетпей дамуына мүдделі болуға тиіс. Егер Ресей қазақ тілінің мемлекеттік статусын толыққанды орындауына қарсы болса онда оның Қазақстанмен стратегиялық әріптес, мәңгі достықтагы ел болу міндеттемесіне көлеңке түспек емес пе? Қазақ тілінің сақталуы мен дамуы түптің түбінде Қазақстанның өркендеуін, күшеюін қамтамасыз етуі арқылы Ресейге де пайдалы болатындыгы ақиқат. Себебі, Ресей әлсіз, шашыраңқы, біртұтастығы жоқ Қазақстанмен емес, күшті, қуатты Қазақстанмен одақтас болады.
Қазақ тілін дамытудың өзекті қырларын бір мақалада еңсеріп тастау мұмкін емес. Біз мәселенің саяси қолданбалық аспектілеріне назар аудардық. Ал, тілдің сапасын арттыру, тілдің қазіргі ғылымның дамуы мен ақпараттық тасқынның күшеюіне жауап беру мәселесі ол өз алдына бөлек әңгіме. Тілдік саясаттың мақалада көтерілген аспектілері Қазақстан қоғамында, әсіресе қазақ БАҚ-да көтеріліп жүр. Бірақ, шешімін таппаған істердің қоғам назарын аудара беретіндігі шындық.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *