Әсел Алданазарова Әсел Алданазарова
Әсел Алданазарова 1996 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қарақұм ауылында туған. Өлеңдері бірқатар республикалық басылымдарда жарияланып жүр. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін тәмамдаған, педагогика... Әсел Алданазарова

Әсел Алданазарова

1996 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қарақұм ауылында туған. Өлеңдері бірқатар республикалық басылымдарда жарияланып жүр. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін тәмамдаған, педагогика ғылымдарының магистрі.

 

***
Алғаусыз жетті кімнің дерегі,
Жақыным қанша бар дедім.
Есентай бойлап бір мұң келеді,
Сенгім келеді ал менің…

Сан жетпес түндер – безген мазам ғой,
Ойлатқан сені күні-түн.
Өліара шақта өлең жазам ғой,
Ал, өлең – менің үмітім.

Өлең бар. Сезім бар аспаныңда,
Жөңкіліп жылдар қайтты ма?
Ақ шарбы бұлттан әрі асқаныңда,
Сыбырлап самал айтты ма?

Сыбырлағаны – менің сырым ғой,
Сені ойлауменен жүр едім.
Сені ойлау деген – өмір сүру ғой,
Өмірді шексіз сүйемін!

Көзімнен сені көргім келеді,
Көзіңе сенің ғашықпын.
Сол ғашықтыққа сенгім келеді,
Сенгім келумен асықтым.

Заңдылық шығар құламау мұздан,
Әнтектеу шығар білгенің.
Құтқарар мені шыңырау құздан,
Жер басып сенің жүргенің.

Алғаусыз жетті кімнің дерегі,
Жақыным қанша бар дедім.
Есентай бойлап бір мұң келеді,
Сенгім келеді ал менің.
О, ғұмыр!

***
Көктем дейді…
Мұңайтады бір бүрсең,
Ең болмаса есім жиып үлгірсем.
Түн баласы ие бермей қаңғыған,
Қу жаныңды қайда қойып жүрсің сен?..

Көктем дейді…
Гүлдер, бәлкім, жаңа бақ.
Соны күткен шыдамым да шамалы-ақ.
Құрбым тағы қос жанарын сүртеді,
Айыбы жоқ иығымды саялап.

Кімдер сені жүрегінде түнетер,
Мен де өзіңдей армандының бірі екем.
Ол да мендей жалғыздықты сүйетін,
Кімге барып дертін айтып жүр екен?

Шақтарыңның әні ғажап! Несі мін?
Өткеніңе бере алдың ба, кешірім?
Таңға жуық өлең есік қағып тұр.
Жазайын ба, сұрайын ба есімін?

Ұқтың екен, жан сырымды сен неше?
Қысты өткеріп қуанып жүр ел кеше.
Алматыға жаз да келер. Күтейік,
Одан әрі тоңдырғысы келмесе.

Көктем дейді…
Көңілімде қыс әлі,
Талғамыңды күндер неге тұсады?
Ол жаумаса мұң жаумас па, кім білсін?
Ано-оу аспан айтшы, неге құсалы?

Көктем дейді…
Мұңайтады бір бүрсең,
Ең болмаса есім жиып үлгірсем.
Түн баласы ие бермей қаңғыған,
Қу жаныңды қайда қойып жүрсің сен?..

***
Жаз-құдаша сықылық қаға күліп,
Шаттықтан шыны моншақ таға жүріп,
Табыстап көңілімді КҮЗ досыма,
Үміттің үлбіршінін… барады үгіп…
Досым ғой КҮЗ де менің бірге жылар…
Оған бұлт,маған уайым бірге тұнар…
Өші бар сағыныштың екеумізде,
Қит етсе мұңға серік қыла қояр…
Баяғы жайраң əнді айта алмайды,
Есіне ап… балаң күнін… дарқан жəйді…
Жаз-сылқым қыз күні өтіп, ұзатылған
Арудай сыңсу айтып жаутаңдайды…
Өткізіп естелігін… санама құр…
Жүрегім… қуаныштан ада жатыр…
Табыстап жылауық қыз КҮЗге мені…
Меруертін шашып мұңның бара жатыр…
Жаз-жетім… жайраң жұртын
қия алмайды…
Жалғанға өзі жалғыз сия алмайды…
Үш құрбы – Маусым,Шілде,Тамыз атты
Көз жасын төгіп беріп… жия алмайды.
Қаншама шуақ құшқан күндерді алып…
Қаншама мамыражай түндерді алып…

***
Кім бетіңе мейірмен күлер қарап?
Анаң барда орын бар, сый да атаулы.
Жалғаныңнан жүргенде жүдеп-жадап,
АНА!.. дедім маңдайдан сипағанды.

Елемеді ол. Жылдардың желін өпкен,
Сыбырлаған ауыздың сыры тозды.
Жылауға шақ тұрғанда еңіреткен,
АНА!.. дедім бір ауыз жылы сөзді.
Қайырлы таң тілейді гүлдер оған,
Бағалайды себебі, жаттың да әнін.
Жүрегімді әлдилеп жырға ораған,
АНА!.. дедім аяулы сәттің бәрін.

Қыран ғой ол – үн табар тек шың-құздан,
Еткен ісі ең асыл ер сияқты.
Құлағанда орнымнан тік тұрғызған –
АНА!.. дедім күндерді ең шуақты.

Бейнетінен бақытын кезіктіріп,
Дұғасымен үйретті Хаққа ұнауды.
Маңдай термен келгенін сезіп тұрып,
АНА!.. дедім бір үзім тәтті нанды.

Сене білдің, жарытар шуаққа алдан,
Әппақ нұрға бөлейсің қара түнді.
Ұшарымда қомдауға жарап қалған –
АНА!.. дедім қатайған қанатымды.

Шаттықта мін қалар ма, сабырда мұң,
Жаралғандай жақсыға бола жаның.
Қартаймауын, тілесем ауырмауын
АНА!.. дедім кім десе ол адамың.

Өз көгіңе шығасың күнің толса,
Шағынады анаға сағынғандар.
Осы менің бойымда жылу болса –
АНАМДІКІ!.. деп қана қабылдаңдар!

***
Дос дейтіндей жаныңды ұғар кім қалды?
Мен емес қой бақытыңның өлшемі.
Қайтсем екен, жазығы жоқ жылдарды?
Қайтсем екен, қайтсем екен мен сені?!.

Көкірегіңде жалғыз шөкім қалса үміт,
Аялашы, аяламай болмайды.
Мұндай сәттер қалар дейсің қаншалық,
Мұндай сәттер қолды-аяққа тұрмайды.

Тыңдайық па, айғыз әйнек ақылын,
Арылмайын жан жылытқан отыңнан.
– Сәлеметсіз, ең аяулы ақыным?
– Сәлеметсіз, ең елеусіз оқырман?

– Берші біліп, бір сауалдың сәйкесін,
Өзім де әлі жауап таба қоймадым.
Көше кезіп сансыраса қайтесің,
Оңашада күн бермеген ойларың?
– Мұң қиянат көрген сәтте қайтер ең?
– Жалғыздық па, жүрегіңнің қалауы?
Мықты болып тумайды ғой қайта емен,
– Неге солғын, жалқы күннің жанары?

– Белгісіз ғой, кімнің шаттық табары
Сәл ғана күт, бәлкім, бұл да өткінші.
Ақын деген – сұрақтардың жауабы,
Өлең деген – өмірің ғой, екінші!

Тағдыр көрсем…. Мен де іркіліп қаламын,
Кім көңілсіз, кім орынсыз қалыпты?
Ақын деген – емі емес пе, жараның
Өлең деген – ғұмырың ғой – бақытты!

Дос дейтіндей жаныңды ұғар кім қалды?
Мен емес қой – бақытыңның өлшемі.
Қайтсем екен, жазығы жоқ жылдарды?
Қайтсем екен, қайтсем екен мен сені?!.

***
Мен сені неге барым деп ұқтым,
Әнім сен ең ғой жалғанбайтұғын?
Мәнсіздеу бөскен сөзінде жұрттың
Ұнайтын маған сен болмайтының.

Мөлдіреп тұрып жоси да алмаған,
Жасыған үнсіз бейуақ.
Жанарым ең ғой кешімді алдаған,
Мөлтілдеп тұрған төгіп ап.

Анық еді ғой қосылмайтыным,
Жұқа да емес сорымыз.
О бастан жырым осындай-тұғын,
Бір болмасындай жолымыз.

Әрсіздеу өткен сәтім де ол-дағы,
Артты да шуақ жазға үміт.
Зарыққан жылдар хатын жолдады,
Торыққан жаным жаздырып.

Көңілді кеште көрінбегенмін,
Мендегі мұңды елемедің ғой.
Мен сені неге өмір дегенмін.
Өксікке толы өлең едің ғой?..

Алдадым неге, алдандым неден?
Жалығу сосын жан бағу.
Шырақтың бәрін күнім деп көрген,
Ұнайды, сол бір алдану….
Жарығым!..
***
Өтті күндер, мұңның беріп хабарын,
Мұң жоғалса сені қайдан табамын?
Жалғыздықтың күнәсі жоқ арындай,
Жауған қарды сүйіп тұрды жанарым.

Қысқа сәлем жолдап кетті күз ағай,
Тіршілікке бермеуші ме ед қыз арай?
Өмір езген менің төмен еңсемдей,
Жауған қар-ау, тапталарсың ұзамай…

Солқылдақтау шумағындай жаңа әннің,
Әппақ нұрға бөлеп едің таң алдын.
Жауған қар-ау, жазасынан жалғанның
Айтшы, сені қалай аршып алармын?..

Кешегі өткен қалғандайын күз ұмыт,
Жаз жайнаған бақша ішінен гүл үзіп.
Таң мен кештің арасында қалқыған,
Қар ғұмыры болармысың бір үзік?

Қар жыласа жанайқайдан бетер-ау,
Жылжып жылап сенен де өмір өтер-ау…
Қар мен қыздың, күн мен гүлдің тағдыры
Дәл осынша ұқсас болады екен-ау…

Алматыда қар…

***
Қолшатырлар қаласында күз әсем,
Қанша түн бар күннің тілін меңгерген?
Терек жұбау тартқанымен түз есен,
Енді неге жұбанбайды бұл кеудем?

Пейзаж ғажап –
Адырларда ақ жауын,
Қылқаламдар кенептерде билейді.
Ұзақ түнде ұйқысырап қалды әнім,
Алаңсыздау ақ арманым кімге ерді?

Құлазуда кісендеулі қанша үкім,
Бізге сірә, сыр ашатын қалам бар.
Мұң біткенге мүлгіп басын иетін,
Күзге кінә артпайықшы, адамдар.

Қыз жыласа кеткенінше түн ауып,
Көктем қанша жабырқауға төзді осы?
Күз қалайша бола алмасын жылауық,
Құшағында жер бетінің көз жасы…
Көлеңке мен сан жете ме күнгейге әр,
Өлеңге кей шағына алмай тарықтық.
Айтыңызшы, құмда қанша сүрлеу бар,
Күздің қанша жазығы бар, жарықтық.

Сүрілмеген ғұмыр болса алып ұш,
Жүрілмеген жолдар қанша тақты айып?
Көшелерде құшақ толы сағыныш,
Түсірмейді шөліркеген шаққа дық.

Көп үйреніп тұңғиыққа түнеуді,
Жетімек күн тағы жанды жасқады.
Көгершінін әне, ұшырып жіберді,
Күзді сүйген көңілімнің аспаны…

***
Мәнсіз күннің жүдеткенде керегі,
Көмескі азап күртік ойға көмеді.
Осы жерден тоқтайықшы, уақыт,
Екінші рет сәби болғым келеді…

Үлбіршінім үздігеді бір демде,
Көңіліме күз кіреді бір демде.
Есеюді көп аңсамас едім ғой,
Құба жонның құлазырын білгенде.

Қиялыма түсірместен қылау шаң,
Қауырсынын қосып беріп бір аңсар.
«Қалаға!..» деп салмас ем ғой қиғылық,
Қала бақыт сыйламасын ұға алсам.

Шамырқатар орнағанда сыр әйгі,
Жалқы сәттер жарты бағын сұрайды.
Жыл тонаған жапырағы жанымның,
Көкжиектен күн ауғанда жылайды…

Кімді ұнатып, көре алармын кімді ерсі?
Мазасыздау жүрегіме Түн – көрші.
Күн жауғанда жүгіретін балалық,
Мұң жауғанда қаша алмасын білсемші?..

Мәнсіз күннің жүдеткенде керегі,
Көмескі азап күртік ойға көмеді.
Осы жерден тоқтайықшы, уақыт,
Екінші рет сәби болғым келеді…

***
Жайды ма қанатын кеңінен сенде Күз,
Жоғалып қаз салған бақтағы көлден із?
Періште – пері емес – Көк жақта деседі,
Бәріміз – пендеміз, бәріміз жердеміз.

Санамда сандалдым сәттілеу теріп ой,
Жолдар да жеткізбей ұдайы жегі бой.
Көшеңе ақ қырау сән беріп тұр ма екен,
Сендегі Қыс та аса жылылау еді ғой…

Жетті ме сағынып талыңа құс, тырна,
Жететін бағы бар құс екеш құстың да.
Мен күткен Көктемің көрікті болатын,
Құшақтар қайтадан қызғалдақ құшты ма?

Жауыны жостиын Жазың бар – бір анық,
Сол жаздай жазмышым жайнаса гүл алып.
Тротуар, перрондар, трамвай, таксилер
Тұр ма екен тамшыңның
мұңына шыланып?

Алдыға алаңдап, өкпелеп өткенге,
Қайыңдар қайысып қасірет шекенде.
Шөкті ме өркеші сендегі құсаның,
Тау – Ата таң ата ұйқыға кеткенде?

Сенделткен сағыныш сұрықсыз сыр атып,
Мен тағы отырмын жырымды жылатып.
Жазыңа ғашықпын, Күзіңді сүйемін,
Тым әппақ Қысыңды Көктемдей ұнатып.

Торықсам жанымның таба алмай
Түн емін,
Өлеңнің дегенін жаза алмай жүдедім.
Булыққан кеудемде бүлкілдеп жатырсың,
Алматы – о, менің жазалы жүрегім!..

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *