Мамандықты дұрыс  таңдаудың маңызы Мамандықты дұрыс  таңдаудың маңызы
Қастер Сарқытқан Абай атындағы ҚазҰПУ, Елтану және туризм кафедрасы доценті, география ғылымдарының кандидаты   Осы 2018 жылдың мамыр айының екінші күні Абай атындағы ҚазҰПУ,... Мамандықты дұрыс  таңдаудың маңызы

%d0%ba%d0%b0%d1%81%d1%82%d0%b5%d1%80

Қастер Сарқытқан

Абай атындағы ҚазҰПУ,
Елтану және туризм кафедрасы
доценті, география ғылымдарының кандидаты

 

Осы 2018 жылдың мамыр айының екінші күні Абай атындағы ҚазҰПУ, Жаратылыстану және география институтында “Қазақстан төртінші өнеркәсіп төңкерісі қарсаңында: Бәсекелестік және адами капитал әлеуетімен” атты еркін пікір мен ашық ой алаңын ұйымдастырдым. Дөңгелек үстелге танымал ғалымдар, кәсіпкерлер, ұстаздар және магистрлер мен студенттер қатысып, алдағы уақытта адамзатты күтіп тұрған аса ауқымды ғылыми-техникалық жаңғырулармен бірге, бұрын-соңды болмаған бәсекелестік және жойқын қауіп-қатерлер туралы ой бөлісті.
Ұйымдастырудағы мақсатым – «Қазақстан-2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы жастар саясаты тұжырымдамасы негізінде жастардың дұрыс мамандық таңдап, сапалы білімді алып, болашақта қажетті кәсіппен айналысып, қаржылық және әлеуметтік тұрғыда тәуелсіз болуы үшін бағыт-бағдар беру. Бұл ойға келгеніме де біраз жыл болды. Себебі, университетте ұстаз болып жүргеніме міне 30 жылға жақын уақыт өтіпті. Алдымыздан қаншама шәкірттер түлеп ұшты. Заман ағымы мен уақыт талабы да көз алдымызда өзгеріп, құбылып жатыр. Білім мен оны берудің әдіс-тәсілі, техникасы үздіксіз жаңғыруда. Адам өз заманына лайық білімді алуы керек, боламаса, көштен қалып қояды. Насыр Ахмет Қалпенің сөзімен айтқанда: “Өз заманының ғылымын білмей өмір сүрген кісі, надан болып өледі”/1/.
Біздің университет педагогикалық бағытта болса да, шәкірттерім қатарынан журналистер, құқық қорғау орындарының, банк саласының қызметкерлері, әкімшілік қызметкерлер, кәсіпкерлер, сатушылар т.б. өсіп шықты. Тіпті кезінде дұрыс мамандық таңдамау себебінен, оқуға қызықпай, соңында университетпен “қоштасып”, өмірін өксіткендер де болды. Бұл не сонда? Біздің жастар неге өздері сонша жыл оқыған кәсібін істемейді? Әлде олар өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмады ма, жоқ әлде ұстаздық саланың мәртебесі мен жалақысы төмен болды ма, әлде, жан қалауы сол болды ма? Бәрі де мүмкін. Ал сонда неге әуелде педагогикалық мамандыққа оқуға түсті?-деген сұрақ туады. Міне мәселенің түп — төркіні осында жатыр.
Әлемде 40 мың шамасында мамандықтың түрі бар. Жылына 25 млн. адам жұмыс орнын ауыстырады екен, бір қызығы соның 12 пайызы өз орнына қайтып келеді/2/. Бұның өзі мамандық таңдаудың күрделі екендігін ұғындырады. Мектеп бітіруші үміткерлердің өздеріне қажетті мамандықты таңдай алмауының себептері әр алуан. Оған министрлік, мектеп, ата-ана, оқушының өзі де жауапты болуы мүмкін. Егер министрлік түлектердің болашағына дұрыс бағыт-бағдар беретін ақпараттар мен маман-кадрларды ұйымдастырып, жүйелі түрде, БАҚ арқылы жұмыс істесе, болашақта қажетті пәндерді оқытуға мән берсе; Мектеп ұжымы психолог, білікті педагоктарды, бизнесмендерді, ғаламдарды, қоғам қайраткерлерін шақырып бітіретін және орта мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесу ұйымдастырса, сол арқылы оларға жол сілтесе; Ата-ана біреуге, көршісіне, ауылдасы мен ағайынына еліктемей, өз баласының дарыны мен қызығушылығына сай, мамандық алуына жағдай жасаса; Оқушы да сабақтан тыс уақытында жаңа ғылыми-техникалық дүниелер мен шығармашылыққа ден қойып, өзінің болашағы туралы бір сәт болса да, ойланып, жоспар жасаса басқаша болар еді. Бірақ нақты өмірде олай болмай жатады. Түлектер психологиялық тұрғыда абыржу, жүрексіну, сенімсіздік, өзге біреуге еліктеу, шарасыздық факторларына шалдығады. Оған көмек көрсетуге ата-анасының, оқытушыларының да уақыты не шамасы келе бермейді. Оның үстіне көрпеге қарай көсілу де бар. Қазіргі жастар ЖОО-ын талдағанда мынадай өлшемдерді негіз етеді: мамандығының бет-беделі, табыстылығы, оқу ақысы, айналадағы адамдарға әсері, ҰБТ жинаған баллы және өзінің бейімділігі мен қызығуы. Осылардың ішінде ең соңында ғана жүрек қалуы тұр. Ал қалғандары қоғамдық-экономикалық, психологиялық факторлар жетегі. Соның нәтижесінде түлектердің 15 пайызы ғана дұрыс таңдау жасай алады екен. Қалған басым көпшілігі кезінде көреміз деген “тәуекелмен” кете барады. Сондықтан менің мақсатым: Азамат ретінде — жастардың болашағы баянды болуына; Ұстаз ретінде — алдыма өз мамандығын сүйіп оқитын жастың келуіне; Әке ретінде — ұрпағымның білікті, білімді адам болуына жол сілтеу ғана. Бір ауыз сөзбен айтқанда қазақ жастарын адами капиталға айналдыруға мән беру. Капитал дегеніміз — табыс әкелетін құндылық. Табыс әкелмеген кез-келген байлық капитал бола алмайды. Сондықтан алған білім не өзіне, не еліне пайдасын бермесе ол қайдан адами каптиал болмақ? Адами капиталға айналмаған жан қалай бәсекелестікке қабілетте бола алсын?
«Адами капитал» терминін алғаш рет ғылыми ортаға енгізген, Нобель сыйлығының иегері, экономист Теодор Шульц: “Адам бойындағы барлық қабілет туа бітеді немесе өмірлік дағдымен қалыптасады. Тиісті қаржы бөлу арқылы дамытылатын адам бойындағы туа және өмірде жүре қалыптасқан құнды қабілеттерді біз адами капитал дейміз” — деген. Демек, адами капитал – адамдардың өндіріс процесіне қатысу кезіндегі қабілеті мен білімі, еңбек ету дәрежесі. Адам бойында жасырын қабілет болады. Ол қызығушылық сезімі арқылы көрініс табады. Жүре бітетін қабілет ол — дұрыс жол көрсету және оқыту арқылы жетіледі.
Мемлекет те, жеке азаматтар да ұрпақ біліміне қаржы құюдан сақсынбау керек. Адам капиталының инвестициясына – денсаулық сақтауға, оқуға, техникалық білім алуға кеткен шығынды айтуға болады. Дамыған елдер адами капиталға инвестиция салуды болашақта мол табыс әкелетін бизнес жоба ретінде қарастырады. Нобель сыйлығының тағы бір лауреаты Гэри Беккер: “Білімге жұмсалған инвестиция болашақта орта есеппен жылына 12-14 пайыз табыс береді; Тұрғындардың адами капиталын дамыту елдің жалпы экономикалық өсіміне әкеледі; Адами капиталды бір пайызға ғана арттыру, ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы өсімін 3 пайызға дейін арттырады”-дейді. Сондықтан жастардың жақсы білім алып, өз ісінің маманы болу тек жеке адамдардың ғана қуанышы емес, тұтас елдің мерейі деп бағалау жөн. Бұл кезекте жоғары оқу орындар (ЖОО) жүйесінің тиімді жұмыс істеуінің маңызы зор.
Қазіргі Қазақстан жоғары оқу орындары әлемдік даму үрдісіне бет алғандықтан жетістіктері мен кемшіліктері де болады. Шамамен елімізде 131 жоғары оқу орны бар. Саны жағынан әрбір миллион тұрғынға шаққанда Ұлыбритания, Германия, Жапония сияқты елдерді басып озып отыр. Оның үстіне мамандықтар бойынша ауытқулар басым. Мәселен, ЖОО-да 350 мыңға тарта шәкірт білім алса, оның 330 мыңнан астамы бакалаврлар. Ел экономикасы үшін осыншама бакалаврларға сұраныс бар ма? Әсіресе, заңгер, экономист, қаржыгер сияқты мамандықтар үшін? ЖОО-да 27 пайыз экономистер дайынлалады екен. Ал еліміздің еңбек нарығында әртүрлі экономикалық мамандықтар бойынша жұмыс істейтіндер саны 13 пайыздан аспайды. Екі есе адам артық еңбек күш. Керісінше елімізде техникалық кәсіптік оқу орындарын бітірген мамандарды қажетсінетін 20 мың жұмыс орны бос тұр. Міне бұл мамандық таңдаудағы олқылықтардың салдары. Экономикалық әлеуеті жоғары елдерде мектеп бітірушілердің 80 пайызға жуығы кәсіби біліктілігі жоғары жұмысшы мамандығын игеруге ден қояды/3/.
Осы тұста баса айта кететін бір жағдай, қазіргі таңда жоғары білім алу қол жетімді. Алайда, сұранысқа ие мамандық иесі болу мәселе болып тұр. Өз басым қазақ жастарының жаппай ЖОО-да оқуын құп көрмеймін. Керісінше қаламсап, ине жасаудан басталатын күнделікті тұрмыстық бұйымдардан тартып ғылыми сиымдылығы жоғары техникаларды жасайтын, “Made in Kazakhstan” авторы болатын жастар керек. Онсыз “Бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіру”-деген ұранымыз бос арман болмақ. Сөз орайы келген соң аздап толықтыра кетейін, Бүкіләлемдік экономикалық форум Дүниежүзлік банк және Женевадағы халықаралық менеджмент және даму институтымен бірлікте әр жылы әлем елдерінің бәсекеге қабілеттілігін бағалайды. Сол арқылы елдер өздерінің артық-кем тұстарына талдау жасайды. Оның өлшем көрсеткіштері көп. Бастылары төмендегідей /4/:

1

 

Біз осы көрсеткіштер негізінде 30 елдің қатарына кіруді мақсат етіп отырмыз. Біздің білім беру, мамандық таңдау ұстанымымыз осы көрсеткіштердің талабына сай нысанда болғаны дұрыс. Оның үстіне төртінші өнеркәсіптік төңкеріс қарсаңындамыз. Бұл төңкеріс — Киберфизикалық жүйенің өндіріске, күнделікті тұрмысқа және жұмысқа енуімен ерекшеленетін, адам баласының өмір сүру тәртібін, өндірісі мен тұрмысын, саудасы мен нарығын, тіпті, үкіметі мен саяси жүйесін, қала берді жеке адамның тұлғалық қасиетін өзгертетін ірі төңкеріс. Н.Назарбаевтың сөзімен айтқанда: Төртінші жаһандық өнеркәсіптік революция немесе жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертеді. Ол ел экономикасының дамуына әсер етіп қалмастан, жаппай жұмыссыздыққа алып келеді. Міне үміткерлер, жастар шынайы ойланып, дұрыс мамандық таңдап, адал еңбек етіп, өзінің кәсіби әлемін жасаудың кезі келді. Біз көтеріп отырған мәселенің өзегі де осы.
Бүкіл дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы әрі президенті Клаус Швабтың “The Fourth Industrial Revolution”(Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс)-атты кітабында: “Төртінші өнеркәсіп революциясы бойынша, коммуникацияның цифрлық байланыс арналармен және бағдарламалық технологиямен қамтамасыз етілуі, қоғамды түбегейлі өзгертеді десек артық кетпейміз. Бұл өзгерістердің әсер ету ауқымы, трансформациялануы және жылдамдығы, адамзат тарихында болып өткен өнеркәсіптік революцияға қарағанда мүлдем басқаша тұрпатта жүріп жатыр”-деп атап көрсетті/5/. Осы кітапта Дүниежүзілік экономикалық форумның халықаралық сараптау кеңесінің, жоғары лауазымды бизнес өкілдерінің 800 жетекшісіне зерттеу жүргізіп, сол бизнес өкілдерінің көзқарастары бойынша түбегейлі өзгерген жаңа технологияның қай кезден бастап, жалпы қоғамдық сипат алатындығын және оның әсерінің қалай болатындығы туралы сараптаманы ұсынған. Мен сіздерге өзгеріс кезеңнің 23 өзгерісін төмендегі кесте арқылы ұсынып отырмын.

2
Көріп отырғандарыңыздай, осы 23 түрлі өзгеріс біздің қоғамды және қоғамдық қарым-қатынасты түбегейлі өзгерту қарсаңында тұр. Қазіргі кезде зерттеушілер мен өнертапқыштар – адам интеллектісі деңгейіндегі жасанды интеллектіні ойлап табуға талпынуда. Жасанды интеллект (Artificial intelligence) «ақылды» технологиялар заманын тудырды және ол тоқтаусыз әрі қарай дамып барады. Біз бұл мақалада, 4-өнеркәсіптік төңкерістің әр өзгерісіне тоқталмаймыз. Біз тек, осы өзгерістер орын алғанда қандай мамандықтардың орнын техникалар иелеп, адамдарды жұмыссыз қалдыратынын және қандай мамандықтарды адамдар өздеріне алып қала алатындығы туралы айтамыз. Зерттеудің нәтижесіне негізделгенде адамдардың жұмыссыз қалатын салалардың ретін жоғарыдан төмен қарай орналастырсақ былай:
— көлік және жүктасымал,
— өндіріс,
— техникалық монтаж және ремонт,
— құрылыс және кен өндіру,
— жер игеру, орман және балық шаруашылығы,
— кеңсе және әкімшілік қызметтер,
— сату және оған қатысыты жұмыстар,
— қызмет көрсету,
— дәрігерлік және денсаулық сақтаудағы техникалық қызметтер,
— білім беру, заңнамалық, халыққа қызмет көрсету, өнер мен БАҚ,
— компьютерлік құрал-жабдық, техника мен ғылым,
— басқару, бизнес және қаржы /5, 175./
Ең алдымен робототехникалардың иелейтін саласы- көлік және жүктасымал саласы болмақ, оған жүргізушісіз көліктердің пайда болуы жеткілікті себеп. Одан соң өндіріс орындары, монтаж және ремонт, құрылыс, кен өндіріу мен байыту салалары біртіндеп адамдардың қолынан сусып шыға бермек. Бірақ, білім, өнер, шығармашылық, ғылым мен басқару салалары адамдардың еншісінде қалады. Оған жасанды интелектінің мүмкіндігі жетпейді. Біз жоғарыда айтқан жасанды интелектінің “қолына өтетін” салаларда мүлде адам жұмыс істемейді деуден аулақпыз. Онда да адамдар жұмыс жасайды, мысалы, басқарушы, техникалық шеберлер, заңгерлер, кәсіпкерлер болып. Міне жас достар Сіздердің замандарыңыз әлде сор әлде бағыңыз болар осындай өзгермелі өмірге тап болып отырсыздар, бәсекелестік бұрын және қазір адамдар арасында болса, таяу болашақта адамдар мен адамдар арасынан алқып, адамдармен “жасанды адамдар” арасында болғалы тұр. Ал ондай жасандылардың жүрегінде Құдайдың бізге берген ең ұлы сыйы — махаббат пен ізгілік болмағандықтан олармен бәсеке кескілескен түрде болатындығы даусыз. Бірақ, Сіз саспаңыз, қорықпаңыз, тек соларды жасау мен басқарудың білімі мен ғылымын игеріңіз, шығармашылыққа жақын болыңыз, жеке кәсібіңізді ашыңыз. Ал ата-аналар халқымыздың “Әке балаға сыншы”-деген даналығын басшылыққа алып, балаңыздың дара қасиетін, әуестігін бағалаңыз. Оның қандай мамандық оқуына немқұрайлы қарамаңыз. Оның біліміне “инвестиция” салудан қашпаңыз. Ол инвестиция мейлі қаржы, мейлі ақыл-кеңес, жылы жүрек, ізгі көмек болсын, бәрі де дағдарып жүрген ұл-қызыңыз үшін аса маңызды екенін ескеріңіз. Қанша жұмыс басты болсаңызда, ұялытелефон мен ессіз фильмдерге бөлген алтын уақытыңызды ұрпағыңызға арнаңыз. Балаларыңыздың біліміне жұмсалған қаржының қартайғанда бейресми зейнетақы болып өзіңізге қайтарын ұмытпаңыз. Сөз соңында мамандық таңдауда екі негізгі ұстанымды есте сақтаңыз. Бастысы, өзіңізді мамандыққа емес, мамандықты өзіңізге өлшем етіңіз немесе “Маған осы мамандық керек пе?” емес, “Мен осы мамандықтың үдесінен, талабынан шыға алам ба?”-деген сұрақты қойыңыз. Сонда жүрегіңіздің қалауын табасыз. Екінші ұстаным — “Егер, мен осы мамандықты игергенде мемлекетіме не істеп бере аламын”- дегенді ойлаңыз. Себебі, түбі бәрімізде мемлекет үшін жұмыс істейміз. Мемлекеттің Сізді керексінуі — Сіздің болашағыңыздың жарқын болғандығы. Мемлекет — біздің отанымыз, анамыз, әкеміз, досымыз, үйіміз, күйіміз. Ол жақсы болса, біз де жаман болмаймыз. Елімізді сүйіп, еліміз үшін қызмет істейтін азаматтардан болайық.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Қастер Сарқытқан “Табыс — жүректе жасырынған Құдай құпиясы”/Elana.kz 19.04.2017
2. Берсүгірова А. Ә. “Мамандық таңдаудың сыры неде?” ped.kz 10.10.2014
3. Жылқыбай Жағыпарұлы “Ел ертеңі интеллектуалды ұрпақ қолында”/ Егемен Қазақстан 23.12.2016 ж.
4. Қастер Сарқытқан “Бәсекелестік деген не? Біз кіммен бәсекелесеміз?” / Qamshy.kz 15.04.2016
5. Клаус Шваб “Четаертая промышленная ревалюция”/ТОО Издательство “Э” Москва 2017 — 208 с.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *