Көшем-ау мен де бір күні, Найзағайлардың жүзіне Көшем-ау мен де бір күні, Найзағайлардың жүзіне
Гүлнәр Өмірбек Түркістан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында туған. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Ақ қанатты періштем», «Сүмбіле қыздың сырғасы» атты жыр жинақтары жарық көрген.... Көшем-ау мен де бір күні, Найзағайлардың жүзіне

Гүлнәр Өмірбек

Түркістан облысы,
Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында туған.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
«Ақ қанатты періштем»,
«Сүмбіле қыздың сырғасы» атты жыр жинақтары жарық көрген.

 

Жүрегіммен сүйенем өлеңіме…

Алға сонша жылдарым, асықтың-ау,
Бара жатыр көңіл де жасып мынау.
Күнім аз-ау, еркелер енді менің,
Өмір саған, сонда да ғашықпын-ау.

Жаз жаныма жап-жасыл жасын түсіп,
Жанарымнан жалт етіп шашылды шық.
Кетті – ау ұшып көп күнім құс қанатта,
Жүрегімді суырып, жасымды ішіп…

Ұласты ма жас кеуіл мұңды күзге,
Жайымды бұл, жақсы аға, білдіңіз бе?
Ұшты ау солай жаулығым, жасыл бағым,
Жарық дүние жалт етіп күлді бізге…

***
Ертегідегі серіні күткен,
Елік кез көшті, нұрлы еді.
Еркелігімді ұрлаған үптеп,
Егде күз ертіп жүр мені.

Күнге де, гүлге елтіп күлгенім,
Жастыққа мастық — күнә ма?
Ғайып та ғайып еркін күндерім,
Оралмас енді сірә да.

Бал татқан балаң ақ бантик шағым,
Бой түзеп бұрым өргенім.
Алақанға салған ақшанқан ауыл,
Жерісем сенен… өлгенім…

Ел жаңа бүгін, еркең де өзге,
Үкілер теліп үмітті.
Бал түсіп жолыңа, бақ қонар кез кеп,
Серпісе көңіл күдікті…

Ақын әпкеге наз

Назым ба әлде, мұңым ба жүректегі,
Бір сөз айтқым келеді… тілеп нені?
Ақын әпке-ау, шалғайда сарғайдым-ау,
Сырын айтар жан таппай жүдеп тегі.

Жас та емен… еркінсіп жүрер әлі,
Сартап көңіл демеймін күлер әлі.
Жан да емес ем сағы сына таусылатын,
Асқақ арын жүдемес жігер әні.

Сонда да азынайды армандарым,
Қу кеудеде кім ұғар арман барын?
Айға ұлиды түнімен бөрі ойым,
Алданғанмен айтысып арбалғаным.

Атқақтап жүрек кейде өртенеді,
Өзге ғой енді өмірдің еркелері.
Беу, әпке, осылай дәурен көшеді ме,
Арман деген алданыш өшеді де…

***
Төзім тозып, таусылды- ау тағатым да,
Өзегіме қалғандай мұң кептеліп.
Күзяч де кеткен тырналар қанатында,
сағыныштар оралды тізбектеліп..

Тағы да жүр уайым — шер қабаттасып,
Үміт арта, күдікті ерен ойлап.
Қызығу мен жабығу бір астасып,
Ой – теңізге барамын терең бойлап.

Белгісіз мұң қалмайды… дүния алып,
Күнгейі мен терісі қабат екен.
Қуанышым мұнартты… үрия жарық
Ол да бір өлшеуі кем сағат екен.

***
Күрсінсем мұң боп төгілген,
Кеудем бір мұздың алаңы.
Құлдилай берді көгімнен,
Жылдарым сыздап налалы.

Кіл күдік көңілде кілкіді,
Жетелеп қара ой күзіне.
Көшем-ау мен де бір күні,
Найзағайлардың жүзіне.

Бөтен қыз күлер көктемге,
Жанарында жанып жасыл от.
Гүл терген өзім көк белге,
Түсермін сонда жасын боп.

Жылап та жүрем жауында,
Тамшыларын осып өлеңім.
Қарсы да жүзем дауылға,
Қаңсырап… сосын өлемін.

Өлемін… қайтам көгіме,
Жарқ еткен жасын ізімен.
Сағыныштарым төгіле,
Найзайғалардың жүзінен…

***
Кернегендей кеуілімді сағым – мұң,
Ел – сел болып көк жүзінен ағылдым.
Жанбырлардың жүзін тіліп жарқ етер,
Жасын күйім, жастығымды сағындым.

Түкпірінде жүрегімнің тілдей мұң,
Талықсиды, күле алмаймын, күлмеймін.
Қай күн, айдан басталғанын жолымның,
Білем, бірақ тоқтар жерін білмеймін.

Көкірегімді кеулеп ағын көшелі үн,
Терең ойдың теңізін мен кешемін.
Күздің күрен жапырағын жамылып,
Қарашаның нөсеріне көшемін.

***
Бір хабар келсе алыстан,
Жалғанға жаным тұрғызбай.
Сонау бір көктен, ғарыштан,
Түсермін ағып жұлдыздай.

Жапырақтай ғана жүрегім,
Тәрк етсе тағдыр – талайын.
Асылып айға білегім,
Түнді де тілер арайым.

Жылдарым — жауын тоқтаған,
Көз жасы кеуіп тиылған.
Базына айта ма кеп маған,
Өткеннен, қиян – қиырдан
Көріп те көңіл шайлығып,ячсяччсячс
Күйіп те, сүйіп көнгенмін.

Қарасам кейде қайырылып,
Сонымда өңшең өлген күн.
Белгі бар дейді өткенде,
Табам ба ізін, қарасын.
Айналып жерді көкпеңбек,
Жұлдызым, ағып барасың.

***
Таң ата…. шөп – шөп деп бір дыбыс…
Жастықтан жұлып ап басымды,
Таңғала тыңдадым… үр сүйіс,
Моншақтар, моншақтар шашылды.

Бадана – бадана тамшылар,
Шатырлар шатырлап үндесті.
Бір – бірін қуалап, қамшылап,
Ел де сел, шығарды күллі есті.

Құдай – ау, күй ғой бұл, күй жаңа,
Домбыра дала ғой , шалқыма.
Осылай шертілер күй ғана,
Осылай шалқып та алқына.
***
Көңілдің де кеміп арманы,
Көшіне ілестім күйбеңнің.
Күндерде не бар алдағы,
Бәрі өткен – қалап, сүйгенім.

Толқындар менің егізім,
Тулап та толқып ағады –ай…
Күңгірт ой кештім теңізін,
Жарқабақтарды жағалай…

Тілегі тозды- ау жүректің,
Әуелей алмай, қарманып…
Кеміді -ау күші білектің,
Түйірдей үміт қалмады.

Сайраңдап жүрген дәуренім,
Сарыала мұңды күздейін
Сәлемі сүйген сәулемнің,
Сағымға сіңген іздейін.

***
Сен мені бір күн іздесең,
Ойға алып жақындығымды.
Мен туған көз сал күзге сен,
Мойыңда ақындығымды.

Сырғалы күзді сүй мендей,
Сыңғырлы сырлы баққа бар.
Сүй, сосын мені сүйгендей,
Сезімді сонау ақтап ал.

Ақтап ал, сұлу шақтарды,
Кеудеңнің тыңда лүпілін.
Періште пейіл ақ таңды,
Сүй мендей, жырла, үкілім.

Шарқ ұрып шарла күз елін,
Ақтап ал күйін қараша.
Жанымнан жапырақ үзермін,
Кеуілмен күздей жараса…

***
Алмасып, таппайды екен күн дамылың,
Кеудемде тыншымайды мұң дауылым.
Сызылта әнге салып сағынышты,
Тұсынан өтіп барам құмды ауылдың.

Топ үйрек дарияны айналады,
Кез қайда серттесіп, сөз байлағалы.
Неше күз кеуіп көңіл кенезесі,
Оралып неше көктем жайнағалы…

Өмір солай дегенін алады да,
Өкініш жанға батып барады ма,
Жақын кеп, жалт бұрылған қайран қалқам,
Өкпе айтар жайың бар ма налалыға …

***

Құлпырғанда дүние… жылап күліп,
Қарт тауымның етегінде құлап – тұрып.
Көз жасында көктемнің мен өлемін,
Жұбанбаған жанымда сұрақ тұнып.

Сағыныштар жауғанда, нала үзе,
Мен айналам қараша қара күзге
Бір жапырақ жүрегім дір ете қап,
Бір тамшы жас боп тамар дала түзге.

Дауыл болып, жауын болып келемін де,
Күзді атқарып, қыс күйіне көнемін де,
Қарша қыздың күймесінде мен өлемін,
Жүрегіммен сүйеніп өлеңіме.

Жасын еді дер досым жүректегі,
Жасық еді дер жауым іреп мені..
Асыл еді деп тамсанар ғашық әлем,
Өлеңімде сүйісіп тілектері.

Өлең – ғұмыр жамылып парақтарын,
Дауылында шарқ ұрам ала ақпанның.
Билегенде қаршалар соңғы биін,
Мені іздеңдер, жыр сүйер қарақтарым…

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *