Әлібек  Асқаров. ҚАЗЫҒҰРТ Әлібек  Асқаров. ҚАЗЫҒҰРТ
Кілт Оралхан Бөкейдің тамаша бір эссесі: «Ер екеніңді білейін, Қазақстанның өзге өңірі туралы осылай жазып көрші…» – деген сөйлеммен аяқталушы еді ғой. Өзінің туған... Әлібек  Асқаров. ҚАЗЫҒҰРТ

Кілт

Оралхан Бөкейдің тамаша бір эссесі: «Ер екеніңді білейін, Қазақстанның өзге өңірі туралы осылай жазып көрші…» – деген сөйлеммен аяқталушы еді ғой. Өзінің туған Алтайы туралы толғанғанда тілін тоқтаусыз төгетін сөз зергерінің бұл жазғанында терең ой жатқандай. Ауылдағы анасын Алматыға алдыра алмай, амалы таусылғанда Жұмекен ақынның: «Туған жер деп, әттең-ай, туған жер деп кетпедің, туған жерді сен жалғыз Бошалаққұм деп пе едің?!» – деп қиналатыны еске түседі осындайда. Әрине, әрбір қазақ үшін ән сап тұрған бүкіл қазақ сахарасы оның туған жері екені және рас. Біз де Алтай туралы шамамыздың келгенінше, өреміздің жеткенінше жазудай-ақ жазған екенбіз. Осы «Егемен ҚазақСтанның» бетіне «Көккөл», «Шындығатай», «Мұз-тау», «Шабанбай», «Марқакөл» атты эсселеріміз жарияланды. Олардың бәрінің басы қосылып «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын», «Алтай – алтын бесік, атажұрт» атты кітаптар мен альбомдар да жарық көрді. Бірақ бәрібір Оралхан ағамыздың әлгі бір сөзі көкейден кетпей-ақ қойған… Еліміздің өзге өңірлерінің ғажайып табиғаты, тағылымды тарихы туралы неге көсіліп бір жазбасқа деп қиялдайтынмын.
Өйткені, қазақ жерінің қадір-қасиетін әр қаламгер өзінше таниды, өзінше көреді, өзінше қалам тербейді ғой! «Байқа, досым, Алтайдан басқаға қаламың шабандап қалып жүрмесін?» деп Мәжіліс депутаты, әдебиетші ғалым Сауытбек Абдрахмановтың анау бір жылдары әзілдегені бар. Сөйтті де Астанадан арнайы келіп, мені Хан Тәңірінің баурайына алып барған. Тікұшақпен шырқау биікке көтерді, Алатау мен Тянь-Шанның өзен-көлдерін, сай-саласын аралатып, Жер жәннаты Жетісуды көктен тамашалатты. Тәңір таудың алқымын иіскетіп, етегіндегі көкшалғын жайлауында демалдырды.
Сол сапардың ұмытылмас әсерінен «Аспантау» деген көлемді эссе жазылды. Ол да «Егеменде» жарияланып, оқырманның жылы лебізіне ие болды. Өткен жылдың жазында: «Сенің ауылыңа 7-8 рет бардым. Енді сен де менің ауылыма жүр. Қасиетті Қазығұртқа бірге шығайық. Қазығұрт туралы жазу да, жазбау да өзіңнің адам-гершілігіңе байланысты. Бірақ ол жақтан жаның жадырап, көңілің марқайып қайтарыңа мен кепілдік берем», деп ежелгі әдетінше қалжың-шыны аралас қолқа салған. Артын¬ша, сол жылдың шөп буыны бекіген қараөзек бір шағында жолымыз түсіп, Қазығұртты армансыз аралаудың жөні келген.
Оңтүстік сапары Біз оңтүстік өңіріне келгенде тамыздың шағырмақ күні жер дүниеге шапағын молынан шашып, мейірімін елжірей төгіп тұрды. Шымкент қаласынан жолға шыдамды екі «внедорожникпен» таңсәріден сапарға шыққанбыз. Алдыңғы машинада то-бымыздың жолбасшысы, осы өңірдің тумасы, сенатор, «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев.
Келесі жолаушы – алыс Алтайдан ат арытып арнайы келген, бұрынырақта Қатонқарағай ұлттық табиғи паркінің, кейіндері «Берел» қорық-мұражайының директоры қызметтерін атқарған Ерен Жұмағұлов. Оған иықтасып артқы орындықта мен отырмын. Соңымыздағы машинада Сауытбек Абдрахманов, оның көршісі – тілуар саясатшы ініміз Ерлан Саиров. Бірер сағаттан соң жорғадай тайпалтқан асфальт та таусылған, қияның шаңы борап, шоқырақтаған қара жолына түстік.
Құрғыры, қара жолың да таусылып бермес ұзақ екен, шаршап-шалдығып, ырғатылып көп жүрдік. Жібектей желкілдеген жосалы жазықтарды, боз жусаны аңқыған қобыз жондарды басып өттік. Содан, Өгем асуының текшесіне жете тізгін тежегенбіз. Осы арада аяқ суытып, бой жазып жарым сағаттай дем алдық. Асудың ең биік, өркешті тұсы осы екен, бетімізге жаныңды жадыратқан салқын самал лекіді. Оның арғы етегінде ертек сипатты көгілдір аңғар мұнартады. Салқын самалмен рахаттана тыныстап, қарсыдан ашылып салған мол панораманы құмарта қызықтаймыз. – Мына аңғардың көрінісі Алтайдың тайгасына ұқсайды екен! – дейді Қатонқарағайдан келген Ерен досымыз. Рас айтады, ондай ұқсастықты мен де байқап тұрғам. Бірақ, Алтайдың сесі басым, түсі суық, айдыны ызғарлы. Қия басып қателікке ұрынсаң, жұтып қоярдай нойыс. Оңтүстіктің таулары көңілге қуаныш ұялатып, көзге жылы ұшырайды екен. Десек те, мына Өгем аңғарынан тек Алтайдың ғана белгісі емес, Баянауылдың қыз жүгіндей текшеленген майда тастарын, Қарқаралының қоңыр жон қарағайлы қырқаларын, Бура-байдың толқын шапаттаған көгілдір көлдері мен самаладай сыңсыған жасыл ормандарын, Тянь-Шанның маңқиған асқақ паңдығын көргендеймін. Жер бедерінің мұндай ұқсастығын Алтайдан да табар едің, Алатау мен Арқадан да кездестіресің.
Қазақ жерін тұтастырып тұрған да тегі осындай көзге таныс, үйреншікті көріністер, жүрекке жақын суреттер болар! Шығыс көкжиекте төбесін қырау шалған шың-шоқылар ағарады. Ағарып қана тұрған жоқ, шекесінен шекшигендей. Әйгілі Ақсу-Жабағылының сеңгірі сол десті. Аңғардың біз тұрған күнгей беткейі жартасты, ағашы сирек, алақат. Дегенмен, әр тұста шоқ-шоқ бозарша, долана мен қалың бұта қарауытады. Етекке құлар жолдың айналмасы көп, бұрылысы одан да мол, кейбір тұсы төменге тік шаншылған құлама екен. Қазір күн ашық, жол шаңытқан құрғақ, соның өзінде мына жол сайтан сирағын сындырғандай қауіпті көрінді. – Жаңбырлы күндері бұл жолдан машина түсе де, шыға да алмай қалады. Тек шынжыр табан трактор ғана жүреді, – деді Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев. – Ал қыс айларында, оның өзінде күн ашық күндері трактормен болмаса, етектегі Өгем ауылына қатынас мүлдем жабылып қалады. – Сонда қыс бойы олар қалай күн көріп жүр? – «Северный завоз» дегенді естіген шығарсыздар? Өгемдіктер қыстың қорын жазда жасап алады да, қорасында малын бағып, үйінде бала-шағасын асырап, төбеге қарап жата береді. Өгемге түсе берісте табиғаттың тағы бір кереметіне кездескенбіз. Еңкейістегі өзектің бұралаң бір мүйісінде фантастикалық бейнедегі қалың жартас көзге шалынған. Асқар биіктегі сәнді мүсіндер кешені сияқты. Өздері күйдірілген кірпіштей қып-қызыл. Көкке найзадай шаншылып, самаладай сап түзей қапты. Өзіміздің Қазығұрт емес, құдды бір суы жоқ, нуы жоқ Қызыл планетаның бедеріне ұқсап кеткен. «Қырық қыз дейтін табиғат ескерткіші осы болады! – деп таныстырды топ басшымыз Әли Бектаев. – Тура осыған ұқсас табиғаттың киелі ескерткіштері Қазығұрт баурайында үшеу». Естуімізше, сол үшеуіне де байланысты үш түрлі аңыз бар екен. Солардың бірін Әли былайша әңгімелеп берген: «Баяғы бір жаугершілік замандарда ел шетіндегі Қарабау суына шомылып, алаңсыз серуен құрып, ауылға қайтып келе жатқан қырық қызды жау шап-қыншылары байқап қалады. Қыздарды көріп көздері қызарған жау айғайға басып, соңдарынан қуа жөнеледі. Тағдырлары тығырыққа тірелген қыздар Құдайға: «Уа, Жаратқан Ием, жаудың қолына түсіріп, өмірімізді қор қылғанша, мына қуғыншыларды да, бізді де тасқа айналдыр!» деп тізе бүгіп жалбарына кетеді. Қыздардың тілегі сол арада қабыл болып, бөктерді бойлай далақтап шауып келе жатқан жау әскері жақпар-жақпар қара тас боп қата қалады. Ол жер содан бері «Қаратас» аталыпты. Ал ару қыздар ары-бері өткен жолаушылардың көзін қызықтырып, әсемдене тізілген қайталанбас мына ескерткіштерге айналған екен». Біз төмендей бергенде, самаладай сап түзеген осы найзатастардың етек жағында селтиген тағы бір тас көзімізге түскен. Сақшыдай шақшиған оның түсі тіпті ерекше – аппақ. Әкпен әдейі сылап қойған ба дерсің. Жұрт оны «Күйеу тас» деп атайды екен.
Айтары жоқ, жайлаудай жазиралы жазықтар, сылаңдап сағым ойнаған бозалаң белдер, салқын сабат өзен аңғарлары көз суарғандай әсем. Салқар созылған аңғардың табанында бұраңдай аққан Өгем – хас сұлудың мойнындағы күміс моншақтай. Тау қойнауында мөлдіреген Сусіңген мен Мақпал көлдері Қазығұрт пен Қаржантаудың жасаураған жанарына ұқсаған. Солтүстігінде – ағысы қатты, шайпау мінез Бадам. Оңтүстік етегінен әйгілі Келестің бір саласы бастау алады.
Әйтеуір, көпіріп аққан көкпеңбек өзендер, бұлқына аққан бұратарт бұлақтар бұл жақта жеткілікті тәрізді. Қазығұрт пен Қаржантауды төрт құбыласына бұлақтан сүт ағызған абзал анадай елестеттік. Қалай десек те, әсем дүние әуезі біздің көңілде де ән боп тербелгені рас еді. Қазығұрттың басында Қазақы салт-дәстүріміздің мәйегін уыздай ұйытып, ұлтымыздың ырым-жоралғысын көздің қарашығындай сақтап отырған оңтүстіктегі ағайынның қонақ-жайлығы ел ішінде аңыз болып тараған. Әулие тауды іздеп келген біздің топты қай жерге барсақ та аруақты өңірдің азаматтары қырық жыл көрмеген туысындай қарсы алысып, шынайы ықылас білдірісіп жатты. Әр жерге бір аялдап, ауыл ақсақалдарымен, жергілікті азаматтармен, орманшы-егерьлермен көңіл жазып әңгіме-дүкен құрамыз. Артынша тағы да шаңы бұрқыраған қия-жартасты, жоталы-таулы сапарымызға шыға-мыз. Үшінші күні мақсат етіп алыстан іздеп келген әулие тауды бетке алған едік. Қалыптасқан дәстүр бойынша Қазығұрттың биігіне шығар алдында, алдымен Ақбура әулиенің басына барып, құрмалдық шалып, тауап қылу керек екен. Біз де елдік дәстүрден ауытқымай, бәрін мұқият сақтауға тырыстық. Тайпақ сайдың тұйығындағы әулиенің көкжасыл жыланкөз жалатқан күмбезді кесенесі алыстан көрініс берген.
Сай іші жеміс ағаштарының алуан түріне малынып тұрды. «Жемісі көп, жері көп, жер төресі мұнда екен», деп Асан қайғы бабамыз айтқандай, бұл өңірдің байлығына таңданбасқа лажың қалмағандай. Ақбура әулиенің басынан шыққан бойда машинамен ырғатылып тағы біраз жер шалдық. Әлдебір үңірейген шаттың етегіне жете созалаңдап машинадан түсіп едік, ерттеулі дайын түрған бір топ әндігер аттар көлденең тартылды. Содан, жалғыз аяқ жетім сүрлеуді бойлап, тау биігіне салт аттармен тартып кеттік.
Тау төбесінде үй орнындай жазаң бар екен. Қия жолдың қиындығы қалалықтарға ауырлау тиді ме, аттардан түскен бойда тіземізді баса алмай қаппыз. Амалсыз жерге домалай құладық. Құладық та, ойпаңның көк шалғынына бел жазып, аяқ созып аунай кеттік. Біз шалғынына аунап жатқан ойпаңның аты «Кеме қалған» аталады екен. Расында да, ойпаңның екі қапталы аруақтай аспанға шаншылған ақсөңке жартастар. Нұх пайғамбардың алып кемесі осы секиген сүңгі тастардың арасына тұмсығымен сұғына кіріп, кептеле барып тоқтаған деседі. Бұл тұстан төңірек алақандағыдай ап-айқын, күншілікке дейін көкпеңбек болып жарқырап жатты.
Түстік жақта тұңғиық көсілген салқар көш, боз дала. Терістікте ұлы-жіңгір бұйрат бел, құйқалы адыр. Бұйрат белдердің үсті шахматтың тақтасына ұқсаған шақпақ-шақпақ егістік алқаптар. Қалтарыстағы сай-саладан үл-кенді-кішілі ауылдар, етекті ел нобайланады. Әне, кешегі қанды соғыстың атақты Батыры, генерал Сабыр Рахимовтың ауылы. Батырдың ауылы сай бойына созыла қоныс теуіпті. Оның етегінде Әли досымыздың ауылы ағарады. Анау Қаржантаудың теріскейінде Сауытбектің кіндік кесіп, кір жуған Ұя атты ұядай ұйыған ауылы. Осыдан бес жыл бұрын Ұяға барған сапарымыз еске түсіп еді, жүректі әлдебір мұң шымшылап өткен… Ол сапарда Әбіш Кекілбаев ағамыз, Фариза Оңғарсынова апамыз да бар еді ғой! Дариға-ай десеңші, өмір деген осы да, өтеді де кетеді! Әбіштей заңғармен біз бір заманда өмір сүріп едік дегенге келер ұрпақ сенер ме екен, сенбес пе екен? Баяу соққан желмен қосылып Қаржантау жақтан құлағымызға әлдебір мұңлы сарын жеткендей. Таудың жазықтау түскен шығыс арқасы «Орда қонған» деп аталатынын білдік. Пілдің жонындай жайқала созылған осы тепсең біздің дәуірімізге дейін Қаңлы мемлекеті хандарының жазғы ордасы саналыпты. Жазушы ағамыз Қалаубек Тұрсынқұлов сырқаттанып жүріп «Қазығұрт» атты тамаша кітап-альбом жазып кеткені жұртқа мәлім. Алуан суреттермен байытылып, жан-жақты мазмұндалған тарихи-танымдық осы кітапта ертеде Қазығұрттың баурайына Көктүріктің Истеми ханы, одан беріде Тәуке сияқты қазақ хандары жаз айларында ордаларын тіккені жазылған. Халқымыздың от ауызды, орақ тілді ақылгөйі Төле бидің жайлауы да осы жер екен. Арқадан арнайы келген Қаз дауысты Қазыбек би де сол жерге ат басын тіреп, ала жаздай меймандап кетіпті. Сабалақ бала – жас Абылайдың Төле бидің түйесін бағатын жері де осы маңай деседі. Қысқасы, елім деп еңіреген, халқым деп қайысқан талай батырлар мен баһадүрлердің ту тіккен жері, ақындар мен абыздардың, хан мен қараның бас қосқан киелі ордасының бірі мына Қазығұрт болыпты. Бергідегі тарихты айтпағанның өзінде, біздің жыл санауымыздан бұрын Геродот та, Страбон да, Птолемей де бұл өңірді білген, біліп қана қоймай, сараң да болса өз еңбектерінде атап өткен. Осындайды ес¬керіп, «Қорқыт ата» мен «Оғызнамада» жырға қосылған Қазығұрттың маңызын ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мақсатында 1998 жылдың 17 қаңтарында «Егемен Қазақстан» газетінде ашық хат жарияланады. Оған академиктер Әбдуәли Хайдари, Қилыбай Медеубеков, профессор Әбдез Стамқұлов, ақын-жазушылар Қалихан Ысқақов, Қуандық Шаңғытбаев, Қадыр Мырзалиев, Қалаубек Тұрсынқұлов қол қойыпты. Халқымыздың тұлғалы азаматтарын алаңдатқан бұл хатта былай делінген: «Қазығұрт тауы – біздің көне дәуіріміздің алып ескерткішінің бірі. Жалпы қазақ даласының тарихы ұшан-теңіз ғой. Кеңес дәуірінде оны біріміз білсек, біріміз білмей келдік. Абырой болғанда, тәуелсіздігіміз қолға тиіп, жоғалтып ала жаздаған сол асыл қазынамызды біртіндеп болса да түгендей бастаған сияқтымыз…
Қазақтың Атыраудан Алтайға, Сарыарқадан Жетісуға жайылып жатқан кең даласында талай-талай тарихи жерлер бар. Тек қана Ұлытау мен Қаратаудағы, Қозыбасы мен Аңырақайдағы, Ерейментау мен Маңғыстаудағы тарихи орындардың өзі неге тұрады! Осылардың бәрінің тарихын бір ізге түсіріп, жүйелей білсек, бүкіл қазақ даласының да, қазақ халқының да төл тарихы жарқырап шыға келері даусыз. Осындай қасиетті орын, киелі мекеннің бірі – Қазығұрт тауы!». Ашық хаттың авторлары, сондай-ақ, Қазығұрттың Ұлы Жібек жолының бойында жатқандығын ескеріп, таудың басына мемориал ескерткіш орнату жөнінде үндеу тастайды. Тау баурайында жыл сайын Наурыз мейрамын атап, ақындар айтысы, бәйге, көкпар сияқты ұлттық ойындар, Қырғызстан мен Өзбекстан жастарын тарта отырып, түрлі спорт сайыстарын өткізіп тұрса деген ұсыныстар жасайды. Осы үндеуден кейін, Нұқ пайғамбардың кемесін символикалық түрде бейнелеген алып мемориал ескерткіш Қазығұрттың етегінен өтетін Шымкент-Ташкент тас жолының бойына, шоқының биігіндегі көрнекі тұсқа 2004 жылы орнатылады. Кейінірек Қазығұрт тауының биігіне жалт-жұлт еткен айнасы күншіліктен шұғыла шашқан обелиск бой көтереді. Асқақ мемориалдың да, обелис¬кінің де бой көтеруіне мұ¬рын¬дық болған – сол кезде Қазығұрт ауданын басқарған қайраткер азамат, қазір біздің қасымызда жүрген Әли Бектаев болатын. Бабалар мекені Мамандар Қазығұрт сілемі есте жоқ ескі замандарда жанартаудың атқылауынан пайда болған деседі. Зерттеулер тау төңірегіндегі тұма бұлақтарда түрлі химиялық қосындылардың, минералдық қоспалардың молдығын дәлелдепті. Басқа жермен салыстырғанда, Қазығұрттың бауырында өсетін жемістердің дәмі де өзгеше, қуаты да ерекше, денсаулыққа әсері де бөлекше сияқты. Түрік әлемінің ХVI ғасырдағы ғұламасы әл-Бұхари: «Қазығұрт баурайы – гүл жайнаған бау-бақшалы, көк майсалы жер», деп, анау заманның өзінде мақтап кетіпті.
Ендеше, жайсаң жұрты бар, жазиралы жайлауы бар, топырағы құнарлы, шөбі шүйгін жерұйық мекенге кім қызықпасын? Сол себепті де бұл өңірде қанды соғыстар көп болыпты, нелер бір қылышты қылилар, найзалы нар батырлар көптеп шығыпты. «Қазығұрт» кітабында осы аймақты біздің заманға дейінгі VI-V ғасырларда сақ тайпалары мекендегені жазылған. Академик Карл Байпақов Қазығұрт маңайын сақтар мәдениетінің ізбасары – қаңлылар мекен еткенін, сондықтан бұл өлке «Қаңлы елі» деп аталғанын айтады. Х ғасырда өмір сүрген Истахри атты араб саяхатшысы біз сөз етіп отырған өңірді «Оғыздар қонысы» деп атапты. Жер тарихы біздің негізгі тақырыбымыз емес, сондықтан мақаламызда біз өткенге тым тереңдеуден аулақпыз. Әңгіме – әулие Қазығұрттың маңайы тұнған тарих екенін еске салу, елі үшін, жері үшін жан қиған ерлердің, еңку-еңку жер шалған ереймен батырлардың мекені болғанын мақтан ету. Бізді қызықтырған бір жағдай – Қазығұрттың бауырында жұртшылық пір тұтатын, тауап етіп сиынатын қасиетті мекендердің көптігі болды. Әулие жердің молдығы жөнінен Қазығұрт өңірі Маңғыстаудан кейін екінші орында тәрізді. «Шілтер Ата – Имандылық шырағы ғой, Ақбура – ізгіліктің бұлағы ғой, Қазығұрт – әулиелер тұрағы ғой!» деген ескіден қалған өлең жолдары соның бір дәлелі болса керек. Осы Қазығұрттың бауырында жер астынан қайнап шығып жатқан үш бұлақ барын естідік.
Олар «Көзбұлақ», «Өңешбұлақ», «Құлақбұлақ» деп аталады екен. Әңгімеге қарағанда, осы бұлақтардың сулары бір-біріне әсте ұқсамайды, дәмдері де бөлек. Аттары көрсетіп тұрғандай, емдік қасиеті сол ағзаңды емдеп жазуға септеседі, әсері айтарлықтай. Қазығұрт десе ең алдымен Нұқ пайғамбардың кемесі, ерте заманғы аңыз-әпсаналар, Жер үстін басқан топансу ойға оралатыны заңды. «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған» деп басталатын дастанның өлең жолдарын білмейтін қазақ жоқ шығар.
Сол себепті де, Қазығұрт туралы жазған қаламгердің қай-қайсысы да топансу тақырыбын айналып өте алмасы анық. Шүкір, осы жазбаға кірісер алдында біз де әлемдік топансу жайында біршама материалдар жинастырған едік. Солардың ішінде жоғарыда сөз еткен «Қазығұрт» кітабынан біршама деректер кездестірдік. Шымкенттік қаламгер Құралбек Ергөбеков «Қазығұрт ата әулие» кітапшасына ел арасына ауызша тарап кеткен бірнеше аңыздарды хатқа түсіріп, жинақтап беріпті.
Бұл кітапша көлемі шағын болғанымен, өз басым оны үлкен еңбекке баладым. Ауыл-ауылды аралап жүріп, ел аузындағы маржандай аңыздар мен жырларды теріп жазып алған. Оны айтқан кісілер бүгінде арамызда жоқ, әлдеқашан өмірден өтіп кетіпті. Әрине, мен үшін бұл деректер де аздық етіп, өзім қызмет жасайтын Ұлттық кітапхананың қорынан да іздеу салдым. Ескі газет-журнал тігінділерін ақтардық, интернетті қопардық. Библияның түсіндірмелерін, Құранның аударма сөрелерін де парақтауға тура келді. Ең қуаныштысы, Мәскеу халықаралық кітап жәрмеңкесіне қатысудың жөні түсіп, сол жерден әлемдік топансуға қатысты ағылшын тілінен жаңадан аударылған бірнеше зерттеу кітап алып келдім. Осы жинақтар білім көк-жиегімізді кеңейтіп, көп нәрсеге көз ашқандай болды. Сондықтан, бұл эссеге әулие Қазығұрт қозғау салғанымен, әлемдік топансу жайындағы біздің жиған-тергеніміз топтастырылды.
Оларды жұртшылыққа тастай қатқан жүйеде емес, фактографиялық құрылымда жа-сақтап, жеке кітапша ретінде жарыққа шығармақ ойдамын. «Егемен Қазақстан» оқырмандарына сол ұзақ баянның ықшам нұсқасы ұсынылып отыр. Қыш кітаптың қисыны Жалпы, топансу өмірде шын болған оқиға ма? Бұл сұрақ ғасырлар бойы талай-талай ақыл-ой иелерін, сақалы сала құлаш данышпандар мен қалың қабақ діндарларды, арыстан тұлғалы ғалымдарды тығырыққа тіреген. Оларды күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырып, көз майын тауысып терең зерттеулер жасауына мәжбүрлеген. Бәрібір әлі күнге ешкім оның жауабын нақты айта алмай келеді. Осылайша, ғасырлар бойғы ізденістің арқасында ғылым әлемінде алуан түрлі болжамдар, кереғар пікірлер молынан жинақталыпты. Орыстың көрнекті мәдениеттанушысы әрі теологы, Библия мен Құранға түсіндірме жасаушылардың бірі Д.В.Шедровицкий былай деп жазады: «Топансудың болған-болмағаны туралы ғылым әлемінде талас пен тартыс әр заманда болып тұрған. Бұл алапат оқиғаның салдарын іздеп, көптеген археологиялық зерттеулер де жасалды. Түрлі құрлықтарда жүргізілген сол зерттеулер расында да ескі заманда жер бетін әлдебір ғаламат су басқанын айғақтап отыр». Осылай дей келе, мәдениет білгірі бүгінгі теңіз деңгейінен әлдеқайда биік қыратты, үстіртті аймақтарда теңіз табанының белгілері көптеп кез-десетінін алға тартады. Суы жоқ шөлейтті өңірлерден ежелгі су жәндіктері мен теңіз өсімдіктерінің қалдықтары табылуда. Жердің қыртыс-қабаттарында лай басқан белдеулердің бары да соның бір айғағы болмақ. Өйткені, топырақтың әрбір қыртыс қабаты – Жер тарихының ашылмаған парақтары екені даусыз.
Қазба жұмыстарында мұндай мысалдар көп. Сондықтан, топансу жайындағы археологтар тұжы-рымын осымен доғара тұрайық та мынаны баяндайық.
…1872 жылы монета сарайының бұрынғы гравері, кейін Британ музейінің қатардағы қызметкері Джордж Смит (1840-1876) дүниені дүр сілкіндірген жаңалық ашады. Ол оған дейін осы музейде сақтаулы қыш тақтайшалардағы сына жазуларды жылдар бойы оқумен шұғылданған болатын. Сол тақтайшалардың ішінен он екі өрім өлеңнен тұратын «Гильгамеш дастанын» да ежіктеп талдап, оқып шығады. Ең ғажабы, осы эпикалық шығарманың он бірінші тарауы оған дейін Библияның Тауратында тастай болып жазылған, ел-жұртқа бұрыннан жақсы мәлім топансу апаты туралы екен.
Ол бұл әлемдік маңызға ие жаңалықты сол жылдың 3 желтоқсанында Лондонның архео-логиялық қоғамының жалпы жиналысында жария етеді. Сол-ақ екен, оның жаңалығы әлемге әйгіленіп, елеусіз клерктің атағы бірден аспанға шарықтайды. Археологтар содан бірер жыл бұрын Месопотамияның қиыр солтүстігіндегі ескі Ниневия қаласының орнында қазба жұмыстарын жүргізген болатын. Сонда олар б.з.д. 669-633 жылдары патшалық құрған Ашшурба-нипалдың орасан зор кітапханасын табады. Бұл патша өз қаласын ғимараттармен ғана әсемдеп қоймай, жаулап алған елдерден көптеген тарихи, табиғи білімдерді, грамматика мен діни тұрғыдағы мәтіндерді жинастырған жан екен. Яғни, өзінің халқын сауаттандыруға ұмтылған ойы өрісті, ниеті келісті патша болса керек. Жиналған мәтіндердің баршасы жұмсақ қыш тақтайшаларға сына жазу түрінде жазылып, соңынан олар ыстық пеште күйдіріліп, болашаққа сақтау мақсатында кітапханада қатталып отырған.
Ғажабы сол, әлгі мыңдаған қыш кітаптарда және оның әр кездері сынған бөліктерінде Библиядағы топансу жайындағы баяннан айнымайтын мәтіндер кездескен. Сүлкиіп таңнан кешке дейін қыш тақтайшаларға үңілген елеусіз бір қызметкер ғылым әлемін осыншалық таңғалдырады, ресми шіркеуді дүр сілкіндіріп, аяқтарынан тік тұрғызады деп кім ойлаған? Ол өз жаңалығымен ағылшын үкіметін де әбігерге салады. Ол кезде көзі ашық азаматтарды былай қойғанда, әліпті таяқ деп білмейтін қараңғы жұртқа шейін Библиядан хабары болушы еді.
Көпшілік жұрт оның мазмұны мен ол жердегі аңыз-әңгімелерді жатқа білісетін. Сөйтсе, қайдағы бір қазбадан табылған елеусіз қыштың сынығында «көктен түсті», Құдайдың әуезі дейтін Қасиетті Кітаптағы канондық мәтін қайталанған? Бұл не сұмдық! Үйде де, түзде де, көше мен шіркеуде де бұл жаңалық неліктен жұртшылықты осыншалық әбігерге түсірді? Әсіресе, ресми шіркеудің беделіне зор нұқсан келтіріп отырған мәселенің төркіні неде еді? Нойдың өмірі мен топансу жайын жан-жақты баяндаған бұл сына жазулар христиан әлемінің сиынатын, тәу ететін Қасиетті Кітабынан мың жылдан астам бұрын жазылыпты! Ал, керек болса!
Қалыптасқан наным-сенімді күл-талқан еткен мұндай әңгімеге ресми шіркеу алдымен жағаларын ұстап таңданған. Артынша жатып кеп шамданған, ерін бауырына алып тулаған! Еврейлердің де, христиандардың да, арабтардың да Қасиетті кітаптарында Құдай адамдардың қамсыз тірлігіне, жүгенсіз іс-әрекетіне наразы. Азғындығы үшін оларды Құдай қатал жазаға бұйырады. Былайша айтқанда, жер бетінде қыбырлаған, жыбырлаған дүниенің бәрін сыпырып тастап, аппақ қағаздан Жаңа, жасампаз өмір бастауды, Жерде Жаңа дәуірдің бетін ашуды ниет етеді. Және ол Жаңа дәуір мейірімге, жақсылыққа, ізгілікке, имандылыққа толы боларына сенеді.
Содан, Жаратушының жарлы-ғымен жерге қырық күн, қырық түн толассыз жаңбыр төгеді. Жаңбырдан соң 110 күн бойы жер үстінде ұшы-қиыры жоқ көк мұхит тербеліп-толқып тұрып алады. Нойдың кемесі осылайша 150 күн көк мұхиттың үстінде салындыдай қалқып жүре береді. Библия бойынша, топансу Адамата, Хауанадан басталған жыл санаумен есептегенде, 1656 жылы жер бетін басқан. Бұл – қазіргі заманның есебі бойынша біздің жыл санауымыздан бұрынғы 2369 жылы болған оқиға. Яғни, шамамен бұдан 4400 жыл ертедегі алапат…
Десек те, топансудың өмірде болғанын дүние жүзі халықтары мен тайпаларының этнографиялық деректері, сондай-ақ қазбадан табылған көне жазулар айғақтап отырғанын айту парыз. Осынау алуан мифтер мен көне жазулардан басқа, топансу оқиғасы ежелгі тарихшылардың да еңбектерінде баяндалғанын ескерген жөн. Әлемдік мифтер Жалпы топансу жайындағы мифтер әлемнің көп халқының мәдениетінде кездеседі. Мұндай мифтердің негізгі арқауы – адамзаттың жарық жалғандағы бақыты мен барын көтере алмауы, қызыл-жасыл дүниенің парқын бағалай алмауы, соның салдарынан азғындық жолға түсуі, құдай мен тәубесін ұмытуы. «Асқанға – тосқан», жаман істің түбінде бір сұрауы болады, адамзат өзі жасаған күнәсі үшін түбінде бір жауап беруі тиіс.
Топансу туралы тақырыпты қозғайтын үш жүзден астам аңыздар мен мифтер бар екен. Олардың кейбіреуі бірер фразадан ғана тұрса, енді біреулері кәдімгі әдеби жәдігерлер, алуан үлгідегі өлеңдер болған. Солардың ішінде Қазығұрт жайындағы екі қазақ дас-таны да бар. Қайталап айтайын, тақпақ емес, өлең емес – екі дастан! Әлемдік фольклордан дәл мұндай көрнекі мысалды табу қиын шығар! Жүздескен кейбір азаматтардан біздің естігеніміз, Қазығұрттың тарихын да, қасиетін де бір кісідей білетін жан – ғылым докторы Аманбек қажы Ақайұлы десті.
Сапар барысында ол кісімен кездесудің реті келмеді де, Алматыға жеткен бойда іздестіріп, қажының кітаптарымен танысып шықтық. «Көне аңыздар бойынша жер бетін топансу қаптағанда Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған орын деп Қазығұрттан басқа Арабиядағы – әл-Жуди, Кавказдағы – Арарат, Палес¬инадағы – Синай тауларын айтып жүр. Бірақ олардан Қазығұрттың бір ерекшелігі – мұнда аңыздарда айтылған белгілердің сақталып қалғандығы», – дейді Аманбек қажы кітабында. Сосын өзі айтқан әлгіндей белгілерге былайша тоқталып өтеді: «Атап айтқанда, Қазығұрттың 1720 метр биігінде Нұқ пайғамбардың кемесінің ізі, сол жерді мекендеген адамдардың үңгірі, су ішкен бұлағы осы күнге дейін бар… Қазығұрт тауына кеме тоқтап, тіршілік қайта жалғасқанда Нұқ пайғамбардың Хам, Сам, Иафес атты ұлдары осы арада төрт түлік мал өргізіпті. Міне, сол төрт түліктің тасқа түскен іздері, Пайғамбардың тамақ пісірген ошағы, дастарқаны, жайнамазы тас күйінде адамзаттың алғашқы тұрмыс-тіршілігінен сыр шерткендей болады. Тіпті, «дастарқанның» жанындағы таста жас баланың ізіне дейін сақталып қалған…
Мінеки, осы мысалдардың өзінен-ақ Қазығұрт тауының адамзат үшін қаншалықты қасиетті екендігін байқаймыз». Арарат ақиқаты «Нұқтың кемесі қайда тоқтады?» дегенде, көпшілік жұрттың ойына алдымен Арарат тауы түседі. Өйткені, «Библияда солай жазылған» деп олар дәлел келтіріп, бой бермес еді. Өзге әңгімені тыңдағысы және жоқ. Тереңдей үңілсек, Библияда солай жазылғаны рас, бірақ тура сол мағынада емес екен!
Ол жағын ешкім айтқысы келмейді, аңғармағансиды. Мінеки, қарап көріңіз: «И вода стала медленно уходит с земли. На сто пятидесятый день вода начала спадать: в семнадцатый день седьмого месяца ковчег остановился на Араратских горах. Вода медленно отступала; настал десятый месяц года. В первый день десятого месяца показались вершины гор». Байқасаңыз, еврейлер жазған бұл мәтінде тау туралы көпше түрде айтылған – «на Араратских горах» дейді, «показались вершины гор» деп тағы да көпше түрде баян етеді. Қазір біз «Алтай таулары», «Тянь-Шань таулары» жалпылама айта салатынымыз сияқты, бұл жерде де Араратты жалпылама түрде сипай кеткен. Арарат – шошайған жалғыз шоқы, іргесінде елеусіз тоқал жотасы бар. Сондықтан таудың аты көпше түрде айтылмайды. Яғни, «ол нақты Арарат шоқысы емес, одан әрі іркес-тіркес жалғасып кеткен Кавказ таулары да болуы әбден мүмкін», дейді аузы дуалы Ирвинг Финкель. Ол кісінің сөзіне иланбасқа шара жоқ.
Өйткені, ол – британиялық атышулы ассириолог, шумеролог, Британ музейінің Таяу Шығыс бөлімі «Сына жазулар коллекциясының» меңгерушісі. Британ музейінің Таяу Шығыс бөлімінде қазіргі кезде 130 мыңдай сына жазулы қыш тақтайшалар бар. Сына жазуларды зерттеуде бүгінгі таңда ол кісімен теңдесер маманды таппайсыз. Финкельдің «Ковчег до Ноя» атты іргелі зерттеулері ағылшын тілінен орысшаға аударылып, 2016 жылы Мәскеуде кірпіштей қалың фолиант түрінде жарық көрді. Біз біршама жаңа деректерді Ресейден әкелген Финкельдің осы кітабынан алып отырмыз.
Ал ертеде кең мағынаға ие «Арарат» сөзі «Урарту» атауынан шыққанын ескерсек, тағы да қалың сұрақтың астында қалады екенбіз. Өйткені, Урарту – шошайған тау аты емес, «Жер кіндігі» аталған Месопотамияның солтүстігіндегі саяси және географиялық дарқан аймақтың жалпылама аты. Финкель осы дерекке де шұқшия үңіліп, мұқият ойлануды ұсынады. Бір қызығы, Арарат тауы тектоникалық өзгерістердің әсерінен арадағы бес мың жыл ішінде 20 шақырым оңтүстікке қарай жылжығаны анықталып отыр.
Арарат тұрған Жердің қырқыншы градус ендігі қазір Армения жеріндегі жұртқа белгісіз бір төбешікте қалыпты. Ирвинг Финкель кеме тоқтаған таулардың бәрін тізбелеп, сергек санамен саралай келе, мынадай тұжырым жасайды: «Ковчег пристал к земле на чрезвычайно удаленной гигантской горе, расположенной далеко за страной Урарту, на противоположенном берегу Океана, окружающего обитаемую землю, и далеко за пределами человеческого знания. Иными словами, чтобы найти Ковчег, надо пересечь всю область Урарту и продолжить в том же направлении, в некотором смысле в бесконечную даль». Байқасаңыз, бұл жердегі «Океан» дегені Каспий теңізіне келеді.
Одан арғы «бесконечная даль» – Тұранның дарқан даласы сияқты. Ондай жағдайда «чрезвычайно удаленной гигантской горе» – біздің Қазығұрт болуы әбден мүмкін! Осы арада ескеретін жайт, Финкель қыш жазулардан да мың жыл ертеде сызылған «Бабыл картасы» атты тақтайшаны зерттей келе, картаға байланысты мәтіндерді жан-жақты талдай келе, осындай тұжырым жасап отыр.
Патша заманында Санкт-Петербургтен Императорлық орыс география қоғамының бастамасымен «Россия. Полное географическое описание нашего Отечества» атты көптомдық анықтамалық энциклопедия шыққаны мәлім. Көптеген саяхатшылардың сапар жазбаларымен, түсініктермен, карталармен, диаграммалармен, сызбалармен толықтырылған осы энциклопедияның «Туркестанский край» деген 13-томы 1913 жылы жарық көріпті. Бұл кітапты біз Ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар қорынан көтеріп, парақтаған едік. Анықтамалықта Қазығұрт тауы біріне-бірі қатыссыз екі мақалада сөз болады. Алғашқы мақалада В.И.Масальский деген князь былай дейді: «Казыкурт пользуется широкой известностью среди окрестного мусульманского населения не только как место обитания и погребения святого Казыкурта, но и как пункт остановки ковчега Ноя после потопа и является таким образом туркестанским Араратом».
Келесі деректі анықтамалықтың соңғы жағындағы бір мақаладан ұшыраттық: «Казыкурт, замечательная не столько своей вышиной (около 5.000 ф.), сколько широкой известностью среди мусульманского населения края, как место погребения святого Казыкурта и остановки Ноева ковчега после потопа. Об этом туркестанском Арарате сложен ряд легенд и преданий, и киргизские певцы, играя на кобызе и домбре, до сих пор перечисляют в своих песнях животных, спасшихся в ковчеге на вершине Казыкурта». Қалай десек те, Ной-Нұқ пайғамбардың кемесі қазақтың Қазығұртына қайырлапты деген хабарды Ресейдің ғылыми айналымына алғаш енгізген осы анықтамалық болып отыр. 2003 жылы «Аргументы и факты» апталығының 7, 8 нөмірлерінде журналист В.Писаренконың «Космопоиск» деген қоғамдық-ғылыми бірлестіктің ашқан жа-ңалығы туралы қызықты материалы жарияланады. Онда Вадим Чернобров дейтін азамат басқарған бірлестік мүшелерінің «Арарат құпиясын» ашу мақсатында 2002-2003 жылдары біраз әрекет жасағаны айтылады.
Олар таудың Түрік үкіметі баруға тыйым салған батыс қыраттарына шығыпты. Ебін тауып түрік бақылаушыларын айналып өтіп, тауға жасырын көтерілген. Чернобров соңынан осы саяхаты туралы мерзімді баспасөзге сұхбат береді. Сұхбатында ол алдымен осы «Арарат құпиясы» туралы жарияланған, айтылған мақалалар мен құжаттардың баршасын жиып-теріп, мұқият оқып-танысып шыққандарын баяндайды.
Соларды бір-бірімен салыс-тырған кезде, олардағы толып жатқан қайшылықтар мен сәйкессіздіктерді батыл көрсетеді. Бірлестік мүшелері тау шыңына жету үшін шаршап-шалдығып 3-4 күн сапар шегеді. Ақыры 1950 метр биіктікке көтерілгенде, төмендегі бір бел-гісіз бейнені байқайды. Чернобров бұдан әрі былай дейді: «Точно! Я вспомнил фото, которое кочует в интернете из одного сайта в другой. То же плато, те же холмы, только…здесь еще должен быть ковчег!
Прекрасно помню, как на снимке виден остов разрушенного корабля – для контрастности его еще опоясали белыми ленточками. Остов был на месте, уже без ленточек. Только вот при ближайшем рассмотрении «корабль» оказался сложенным из камней и припорошенным землей… загоном для скота, правда, очень большим. Сюда на ночлег пригоняют отары овец. Одной легендой стало меньше». Бұдан әрі Чернобров келесі бір биікке көтерілгенде, тау төбесінде бір жағына қарай қисайып жатқан кеменің сұлбасын көреді. Төртінші күн дегенде сол араға жетеді: «Только это не ковчег. Лежащее на боку «судно» длиной более 200 метров на самом деле оказалось каменным карнизом вулканического происхождения. Лишь по форме он напоминал большой корабль. Кажется, природа будто специально создала обтекаемые «корабельные» обводы. А «поперечный каркас белого цвета» – свисающие сверху гигантские сосульки. Видели бы вы эти сосульки! Длиной 30-50 метров, шириной с железнодорожный вагон!…Итак, можно было констатировать главный вывод. Тот объект, что на снимках из космоса ученые принимали за отпечаток днища, на самом деле – всего лишь обрыв. Этакий грамадный козырек высотой до 50 метров, на котором не задерживается снег – именно поэтому он хорошо различим на больших расстояниях из огромной каменной полости, которую принимали за открытый корабельный трюм, ветер, вода и время удалили всю более мягкую породу». Бірлестік жетекшісінің берген сұхбаты, мінеки, осындай.
Арарат тауындағы ғалымдар арасында «Арарат аномалиясы» деп аталған бұлағай жұмбақтың шешіміне орыс баспасөзі осылай нүкте қойыпты. Сонымен, Нұқ кемесі Араратқа тоқтаған дегенді таза ғылыми тұрғыдан тиянақтауға тырысып жүргендердің сөзінің тас-талқаны шықты. Жалпы, «кеме менің тауымда тоқтаған» деп біржолата кесіп-пішіп айтуға ешбір халықтың хақысы жоқ шығар деген ойдамыз. Енді Сауытбек Абдрахмановтың «Қазығұрт» альбомына жазған алғысөзіне назар салайық: «Құдайдың құдіретіне шек жоқ, сондықтан бұл аңызға шәк жоқ. Мәселе басқада… Мәселе ежелгі бабалар санасының әлемді жапқан топансу туралы классикалық мифке үн қосқан сұлулығында, саралығында, дүниенің жаратылысына адамзаттың жер-жаһанға жаратылысына қызыққан, соны өзінше түсіндірген даралығында. Қазақ мифологиясының әлемдік сарындар ауанынан аумайтынының өзі тәнті етеді».
Бұл тұжырымды Википедия былай қуаттайды: «Согласно исследованиям Дж.Фрэзера, обнаружены следы сказаний с подобным сюжетом в Вавилонии, Палестине, Сирии, Армении, Фригии, Индии, Бирме, Вьетнаме, Казахстане, Китае Австралии, на многих остравах (Индонезии, Филиппинах, Анда-манских островах, Тайване, Камчатке, Новой Гвинее, островых Меланезии, Микронезии и По-линезии), среди множества индейских племён от Огненной Земли до Аляски (всего учтено почти сотни версий)». Мінеки, ұлы ғалымның зерттеу еңбегінде алып Еуразия континентінен Қазақ жері де аталған!
Ендеше Қазығұрт аңыздары – халқымыздың әлемдік фольклорға қосқан дара дүниесі екені даусыз дүние. Түйін Шүкір дейік, Оңтүстік – өркені асып, тірлігі тасыған, құдайдың назарындағы, бақыттың базарын-дағы ел екен. Қай жерге барсаң да шекарадан қарсы алып, шекараға дейін шығарып салған ас та, төк құрметтің куәсі болдық. Бұл өңірде сонау балапан басына, тұрымтай тұсына қашып, өткел таппай үріккен тоқсаныншы жылдардың қиындығында да ел іргесі сөгілмепті. Жаңа заман шақшадай басты шарадай қылып, нарық деген аш бөрідей бүйірден қысқан кезде де ірге алдырып, береке мен бірлікті жоғалтпапты. Ескен жел жоқ, көшкен ел жоқ.
«Көрмейін десем көзім бар дегендей», өзге өңірлерді де іссапармен аралап, көріп-біліп жүрміз ғой… Қазақ ауылдарының біразы аузы үңірейіп, терезесі саңырайып, бейнебір белгісіз жау тапап өткендей қирап қалған. Ал оңтүстіктің елінде ауылды иесіз тастап көшу деген, ауылдан кету деген ұғым санада жоқ сияқты. Қайта, қайсыбір ауылға барсаң да бұрқыратып коттедждер мен үйлер салып, құрылысты қарқындатып, асфальтты аршындатып, абаттандырып, жайнатып жатқан тірлікке қанасың.
Ең бастысы – ағайын арасы тату, ауыл абыройлы, ел еңсесі биік, шеңбері берік. Сауыны мен бәсіресі жайылыста. Сол жайылысы мен жайлауы да тотыдай түрлене түскен. Бәрін көрдік! Көрдік те, елдің тіршілігіне риза болдық, бет сипадық, тәубе еттік. Осындай игілікті істермен көзіміз ашылып, көңіліміз ағарып қайтты. Жүрекке қуаныш ұялатқан бір жағдайды айта кетпесе тағы болмас… Оңтүстік жұртшылығының біз жүздескен азаматтары: «Қазығұрт жұртының мінез-құлқы өзгеше, қазығұрттық екені іс-әрекеті мен сөйлеген сөзінен-ақ аңғарылып тұрады», дегенді айтты. Іздеп келгеніміз, зерттеп жүргеніміз Қазығұрт болғасын, біз де бұл әңгімеге құлақ түріп, қызықтай түскенбіз. – Қазығұрттықтар кеңпейіл, бауырмал, ізетті келеді, – деді осы жердің тумасы Әли Бектаев досымыз. Әлидің сөзі маған өткен бір жылдары Ұяға барған сапарымызды тағы да еске салған. Аядай ауыл өнерпаздарының күшімен ұйымдастырылған концертті тамашалап, басқа да түрлі мәдени іс-шараларға қатысып, елмен емен-жарқын араласып жүргенде қалтамнан ұялы телефоным түсіп қалыпты. «Айфон» дейтін марканың енді шығып жатқан кезі, Алматыда да, Астанада да ол телефонды көпшілік әлі біле қоймаған. Маған Пекинде жұмыс істеп жүрген күйеу балам сыйлаған-ды. Өзі удай қымбат дүниенің қалтамнан түсіп қалғанын Шымкентке келгенде бір-ақ аңғарайын… – Қазығұртта қалғаны рас болса, табылады. Көресің, ертең өздері әкеліп береді! – деген, сол жолы да қасымызда бірге жүрген Әли Бектаев. Біреуге табыстап кеткендей-ақ сөзі нық, өзіне сенімді. Әлекең дос ретінде көңілжықпастықпен айтып тұр ғой деген оймен: – Әлі ешкімде жоқ мықты телефон еді! – деп мен «қош айтысқандай» өкініш білдірдім. – Қазығұртта ондай жағдай болмайды! – деп Әли де айтқанынан қайтпады. Мен ертесінде таңертең қызмет бабымен шұғыл Астанаға ұшып кеттім. Өзге жұрт бірер күн демалмаққа Сарыағашқа жол тартты. Айтқандарындай-ақ, сол күні кешке телефонды балалар шөп арасынан тауып алып, ауылдың әкіміне әкеліп табыстапты.
Әкім келген қонақтың бірінің телефоны екенін сезіп, ертеңінде телефонды арнайы кісімен Сарыағашқа жібереді. Ол кісі телефонды Фариза Оңғарсынова апамыздың қолына тапсырады. Фариза апам Астанаға қайтып келген соң әдетінше іні-қарындастарын қонаққа шақырып, жиналған жұрттың көзінше телефонды «сүйіншілеп» маған қайтарды. «Әлібек, мен бұл оқиға туралы өлең жазамын. Ол өлең «Басында Қазығұрттың сотка қалған» деп басталатын болады», – деп бәрімізді ду күлдірсін… Қазығұрт аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мұхтар Момынов: – Біздің азаматтар «қазығұрттық» деген имиджді түсірмеуге тырысады. Қазығұрттықпын деу зор мәртебе! Сол үшін де олардың ішкі мәдениеті жоғары. Турасын айтсам, біздің ауданда айғайшыл еркек, шарқая қатын деген болмайды! – деп, жалғастыра түсті. Соңынан естігеніміз, Қазығұрт ауданында біреуді біреу жамандау, өсек тасып облыс басшыларының есігін тоздыру немесе жоғары жаққа шағым жазып, шу шығару секілді келеңсіз жайлар әсте болмап-ты. Қазығұрттықтар алдымен ырымшыл жұрт екен, содан кейін намысшыл екен.
Таулық ағайындармен бірер күн араласқанымызда, ондай әйбәт мінездерін біз де байқағанбыз. Өрнекті ой иелерімен, өрелі сөз иелерімен кездесіп, жүрек ашып шешіле сөйлесіп жүрдік. Қысқасы, адам бойынан ізгілікті көре білу, жақсылықты тани білу үрдісін қазығұрттықтар көптен бері өздерінің өмір салтына айналдырыпты. – Қазығұрттықтардың үлгісін күллі Қазақстан үшін моральдық кодекс іспетті қабылдаса да, жақсы болар еді! – дейді заң ғылымдарының докторы, профессор Қанатбек Досалиев әзіл-шыны аралас.
Біз осы айтылған сауап-тілектердің баршасымен бас шұлғып келістік. Әрі Қазығұрт Алланың шапағаты түскен, Пайғамбардың кемесі тоқтаған әулие тау ғана емес, жаныңа жапырақ жаяр жақсылар мекені екеніне де көзімізді жеткізіп қайттық.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *