МЕМЛЕКЕТТІК МҮДДЕ және ДӘСТҮРЛІ ДІН ТАҒЫЛЫМЫ
30.07.2019 0 2 908
Құдияр БІЛӘЛ
жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері
Діни мәселелерді мемлекеттік мүдде тұрғысында саралағанда мемлекеттік маңызы бар мына құжаттарды басшылыққа алуға тура келеді. Олар: Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама; аумақтарды дамыту бағдарламалары; Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017–2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары; Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрінің 2016 жылғы 28 желтоқсандағы № 17 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің 2017–2021 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспары.
Қазақстан Республикасының Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз. Көп этносты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталон ретінде танылған. Қазақстан жаһандық конфессияаралық үнқатысу орталығы болып саналады деп көрсетеді. Қазіргі таңда Қазақстанда 130 этностық және 18 конфессионалдық топ өкілдері тіршілік етеді, елде олардың арасында бейбіт қатар өмір сүруі мен дамуы үшін қолайлы жағдай жасалған. Қазақстандағы діндердің дамуы діни сенім бостандығы, рухани даму, елдегі азаматтық татулық пен конфессияаралық келісімді сақтау мен нығайтуға бағытталған мемлекеттің жүйелі саясатының нәтижесі болып саналады.
«Дінге бет бұрдық». Осылайша сөз саптағалы да біраз жылдың бедері болды. Рас, атқарылған жұмыстар баршылық. Әйтсе де, діни сенімге деген бүгінгі көзқарас өлшемі біздің ертеңгі күні де сәлде орай қоймасымызды пайымдатады. Әуелгіде дінге шөліркеп жүргендігімізге өзіміз де сеніңкіреп қалғанымызбен, жүре келе ондай пірәдарлықтан ада екендігімізді сезіне бастадық.
Обалы қанеки, біз өзі қай бастамаға да ынтамен кірісеміз. Және де атқарылған жұмыстың көзге ұрып, қауқиып тұрғанын қалаймыз. Оның үстіне бәсекелестік деген бізде әу бастан бар. Оның нарық заңдылығы екендігін енді ұғынып жатырмыз ғой. Не керек, бірінен-бірі өтетін көз жауын алар мешіттерді салудай-ақ салдық. Ол ата-бабаларымызды батыр не әулие санатына қосып жатқан кез болатын. Жарықтықтар бір-бір мешіт атын иемденіп шыға келді. Енді аңғарсақ, бізде діни қажеттілік сұранысын қанағаттандырудан гөрі аталарымызға деген құрмет басымдау болған екен. Мешіттерді көптеу салып жіберіппіз. Рас, Алланың үйі артықтық етпейді. Тек бір-екі адам болса да кіріп-шығып, азан шақырылып, намаз оқылып жатса, атқарылған еңбек қайыры сауаптан болар еді дейсің. Әзірге біз «жұмыс істеп тұрған» мешіттердің өзін «садақа беретін жер» деп қана түсінеміз. Қызық. Өзге ұлт мұсылмандары мешітке намаз оқуға, ал біз құран оқытуға барамыз. Оның өзін де дінге бет бұрғаннан кейін қолға ала бастадық. Бұған анда-санда, көбіне жайсыздау түс көргенде жеті шелпек пісіріп қоятындығымызды қоссақ, біздің діни көзқарасымыздың жалпы нобайы айқындалып қалады.
Неге бұлай? Олай болатыны… Жә, ол белгілі жай. Содан діндар болып кетсек, кеңес дәуірін тілдеп-ақ бақтық қой. Іштегі тынжы қалауы шынымен-ақ тақуалық болса, өз байрағымызды көтергелі бергі уақыт аралығы да бізге аздық етпес еді. Гәптің басқада екендігін түйсінгенімізбен, мойындағымыз жоқ. Қайта бізден гөрі діндарлау көрінетін өзге ұлыстарға шошыныңқырай қарайтын болдық. Жарайды, оны исламға қатысты көшбасшы елдер көзқарасының әсері делік. Әйтсе де, біздің діни ұстанымдағы жүйесіздік, темірқазықтық бағдардың жоқтығы, діни сауаттылық кемшіндігі күн өткен сайын сезіліп-ақ келеді. «Дін темірқазығы – Қағба» дей салуға да болар. Бірақ құбыла бір болғанымен, көзқарас пен ұстанған мазхаб әрқилылығын қалай жасырарсың. Оның үстіне бізге құбыланың қай жақта екендігін үйретуші ақылмандар да өзіндік ұлттық үрдістерін сыналап енгізуде. Сондайлардан тәлім алған жастарымыз өз өткеніне үрке қарап, намазды да талтайып тұрып оқитынды шығарды.
Әзірге алаңдаушылық туғыз-бағанымен, біздегі діндарлық көзқа-растың үшке бөлінетіндігін аңғарасың. Бірінші – мемлекет саясатымен үндесетін «ресми» діндарлық, екінші – ата-баба жолын ұстанушылар, үшінші – «жаңа діндарлар». Біз бұларға емшілер мен бақсы-балгерлерді қоспадық. Болмаса, олар да бір шоғыр. Алайда жіті үңіліп, зерделемеген жан біз айтқан «ұсақ-түйекке» назар аудара қоймайды. Шынтуайтына келсек, біздің мұсылман екендігіміздің де байқалып тұрғаны шамалы. Біз өзі ашып айтпағанымызбен, осы байқала қоймайтын «діндарлықты» ұнатыңқырап тұрамыз. Онымызды өркениет жетістігіндей көретініміз бар. Неге олай екендігіне сәл кейіндеу тоқталармыз. Әуелі жоғарыда айтқан үш түрлі көзқарасты індетіп көрелік.
Бірінші – «ресми» діндарлық. Бұл енді қызмет. Дін билікке ұмтылса – өзіндік құндылықтарын тәрк етеді. Байқап жүргеніміздей, біздің діндарларға мешіттен гөрі бас имам креслосы сүйкімдірек көрінеді. Біз өзі қазір жаңа мешіттерді тағы бір қызмет орны ашылғандай қабылдайтын болдық. Егер бекітілген имам іскер болса… Жоқ, олай емес. Діни сенім-наным имам іскерлігімен өлшенбесе керек. Бәлкім, біздің «иманды болса» дегіміз келген болар… Жә, жергілікті жерлерде бекітіліп жатқан имамдардың кімдер екендігін бізден гөрі халық жақсы біледі. Дінге деген қызметтік, қала берді шаруашылық көзқарас халықты өз соңына ерте алмайды. «Ресми» діннің көшбасшы дінге айнала алмай жатуының бір себебі сол. Жастарымыздың өзге дін есігін қағуы – осы «ресми» дін дәрменсіздігінен. Осы тәрізді әңгімелер көтеріле қалғанда біздің имамдар да өзге лауазым иелеріндей әдемі қорғана алады. Мұндайда «дін – мемлекеттен тысқары» деген сиқырлы сөзді ұмытпасаң болды. Сүттен ақ, судан таза болып шыға келесің. Рас, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының дінді идеологиялық деңгейге көтеруіне әлгі «сиқырлы сөз» тосқауыл болып келеді. Әйтсе де, оларға «сөйте қоймадыңдар» деп жатқан халық та жоқ. Енді күлтелектемей ашып айтар болсақ, «ресми» дін өзінің дамымағандығымен қоймай, халықтың дінге деген байырғы көзқарасына салқындық түсіре бастады. Тіпті өресін тарылтып, кедергі келтіруде десе де болады.
«Дінге деген байырғы көзқарас». Ол қандай көзқарас? Бұрындары, мұсылмандық дәуірлеп тұрған кезде де біз намаз оқу үшін мешіт іздеген ұлыс емеспіз. Бізде мешіттен гөрі жекелеген әулие-әмбиелерге деген құрмет басымдау болды. Сондықтан да ата-бабаларымыздан мешіт емес, күмбезді кесенелер мирасқа қалды. Осыдан-ақ дінді жеке адамдардың өрістеткендігін аңғаруға болады. Біздің жанымыз соны қалайды, соны іздейді. Бізде әулиелі жерге деген құрмет әлі сақталған.
Біз аңсай беретін жүрек түбіндегі осы көңіл-күйді базбіреулер дін-сіздікке пара-пар құбыжық етіп көрсеткісі келеді. Ал біз кезегі келгенде айтпақ болып отырған «жаңа діндарлар» әулиелер атын естісе, кірпіше жиырылады. Қалың көпшілік ондайларға «оқыған итке дауа жоқ» дегендей пейіл танытқанымен, бүгінгі имамдарды жаназа шығарту үшін ғана іздейтіндігі жасырын емес. Халық өз таным-сеніміне үйлесетін дінді қалайды. Ол – жапандағы жалғыз ағашқа барып шүберек байлағысы келеді; ол – ана бір қисықтау біткен құдықтан су алып ішкісі келеді; ол – мына бір қысылыңқырап тұрған тау шатқалы арасынан өткісі келеді; ол… Иә, ол ешкімнен қысылып-қымтырылмай, жеті шелпек пісіргісі келеді. Себебі – аталары солай жасаған. Онысын анау күмбезді кесенеде жатқан әулиелер теріс демеген. Сонда қалың көпшілік «о, қасиетіңнен айналайын, әулием» деп аһ ұрмағаңда қайтеді?! Өзге дін есігін қақпағанда қайтеді?!
Сөз реті келіп тұрғанда қазақы болмысымызға тән ерекшеліктердің ислам дінімен қалай үндесіп кететіндігін таратыңқырап айтуға да болар еді. Әйтсе де, исламның жер шарындағы барлық ұлттар мен ұлыстарға тән екендігін, сондықтан да біз әлдеқандай көріп отырған жан қалауын Алла діні жерге тамған тамшыдай сіңіріп алатын болған соң да тоқталып жатқанды артық көрдік. Оның үстіне дін – ұлыстық бірлік емес, рухтық бірлік. Ал ұлттық ерекшелігін жоғалтқан адам мұсылман болып та жарытпайды. Себебі – адалдық жоқ.
Енді «жаңа діндарларды» да сөз етер кезек келді білем. Қазақта «қағынан жеріген» деген сез тіркесі бар. Оған «біреудің қаңсығы, біреуге таңсық» дегенді қоссаң, «жаңа діндарлар» бет-бейнесі айқындалып қалады. «Жаңа діндарлар» дені – шетел идеологиясына уланып қалған жастар мен біздерге қарағанда діндарлау көрінгісі келетін, шет жер топырағын басып тірі араб көріп келгендігін Бұхар медресесін түгескендей тамсанып айтатындар. Бұларды аздау болған соң елемеуге де болар еді, бірақ бұл топ жастарының сауатты екендігін, ал ересектерінің соңына қара-құрымды ерте алатындай беделі бар екендігін қаперден шығармау керек. Оның үстіне бұлар – таза ваххабистік көзқарастағы адамдар. Бұрын да ваххабистер дәуірлеген кез болған. Оларды түріктер XVIII ғасырдың соңына таман биліктен тайдырған болатын. Жалпы пайғамбар әулетінің ұрпақтары дін тарату мақсатында өзге ұлыстарға сіңгелі бері арабтар діндарлығындағы дүдәмал жайттардың көбейіп кеткендігіне тарих куә. Ал «жаңа діндарлар» бізге соларды үлгі еткісі келеді. Бекер.
Бастапқы айтпақ ойымызға қайта келейік. Әлгі «байқала қоймайтын діндарлықты өркениет жетістігіндей көреміз» дегенімізге. Ол үшін дінге шамалы ұғынық бере кетелік. Дін – Алладан. Әкелуші – пайғамбарлар. Сондықтан да ол адамзат дамуының көшбасшы идеялық ұстанымы болуға лайық. Алайда діннің Алла қалауындай өзіне лайықты төрден орын алуына санаулы-ақ пайғамбарлар қол жеткізген. Бертін келе дін ығысып, адами идеяларға жол берді. Содан бері ол біздің негізгі мұраттық ойларымызға жанамалай қосылғандай әсер қалдырады. Шындығында, дін өзіндік орнына ұмтылады.
Жалпы, қай ұлыста да мемлекеттік мүдде мен ұлттық көзқарас діннен басым тұрады. Бұрын да солай болған. Қазір де солай. Осы үндестік заңына бағындырылған тұтастықты әлгі ұлыс өміршеңдігін айқындар идея деп білсек, дін соған ұдайы жанамалай келіп, бүйірден қосылады. Және келе сала-ақ әлгі тұтастыққа нұқсан келтіре бастайды. Шын мәнінде, билік құруға тиісті дін. Алланың нұсқаған жолы сол. Бүйірден қосылғандай көрінетін дінді әкелуші пайғамбарлар солай дейді. Бірақ пісіп-жетіліп, кемеріне енді келген өзіндік қалыптасқан мемлекеттік жүйесі бар ұлыс көшбасшылары кімнен келсе де, ондай «күйретуші» дінді қабылдай қоймайды. Оларға мемлекеттің өзіндік даму ырғағын бұзғаннан гөрі өзін пайғамбарға балап жүрген әлгі дін әкелушіні өлтіре салған оңай. Әрі тиімді. Солай болды да. Қаншама пайғамбарлар жазықсыз құрбан болды. Өздерінің пайғамбар екендіктерін ұқтыра алмай дал болды. Бірақ құдіреті күшті Алла пайғамбарларды өлтіруші ұлыстарды бүгінгі күнге жеткізген жоқ. Жойып жіберді. Бірақ адамдар бәрібір селт еткен емес. Жер бетін топан су басқаннан кейін де өз дегендерінен қайтпады. Неге? Себебі, адами мұрат әмәнда айқындылау болып көрінеді. Кешегі КСРО-ны қаперге алыңыз. Дінсіз-ақ жарқын болашаққа нық қадам басты. Байырғы жойылған ұлыстар да өз идеяларының өміршеңдігіне сенімді болатын. Міне, осындай тұтас идея құрсауындағы мемлекет пайғамбар айтты екен деп дінді қабылдай ала ма? Жоқ. Мақұл-ақ. Қабылдамасын. Енді төрелік айту Алла еншісінде екендігін пайымдауға болады. Бір қызығы – Алла қалауы Ұлы үйлесім арқылы жүзеге асатындықтан, әлгіндей ұлыстар жойылуын адамзат кездейсоқтық деп қабылдайды.
Бұрындары қалай делінгенін білмедім, білетінім – адамдар «коммунизм» бе, «өркениет» пе, әйтеуір, діннен өзге бөгде жолды Тәңір дидарын көретіндей қалап алады да, содан айнымайды. Сол идеяны пір тұтады. Бізде де сондай көңіл ауаны басым. Сіз бен біздің діндар болып кете қоймауымыздың бір себебі сол. Оны біз өзімізше отансүйгіштігімізден деп ұғынамыз. Өйткені мемлекет ұстанымы – адами жол. Өркениет жолы.
Сонымен біз сол жолдамыз. Әрі соның қорғаушысымыз. Себебі, сіз бен біз ұлт патриоттарымыз. Өзіміз солай түсінеміз. Бір-бірімізді солай бағалаймыз. Дінге итіне бермеуіміз сондықтан. Бұл – алғашқы кезең. Соның өзінде біз дінге перде сыртынан қарай бастадық. Оның себебі… Иә, оны айттық қой. Отансүйгіштігімізден. Тағы да бір көмескі ой бар. Оны да аша кетелік. Жалпы, дінге бұқара халық бейімділеу келеді. Ол – сіз бен бізге қарағанда Алланың сүйікті құлдары болғандықтан емес, жаратылысы әлсіздігінен. Біз соны жақсы білеміз. Білген соң қитығып қаламыз. Ерік-жігері жоқ тұрлаусыз адам Ұлы құдірет сүйеніші зәрулігін ерте сезінеді. Сондықтан қай дін де бастапқыда жолы болмағандар мүддесін көздейтіндей әсер қалдырады. Ал сіз бен біздің, құдайға шүкір, жолымыз болып-ақ тұр. Сондықтан біз де өзімізді Алланың сүйікті ұлындай сезініп қоямыз. Құдайдың осы бергеніне шүкіршілік етіп, мінәжат ете салуға да болар еді, бірақ өзгелер басқаша түсініп: «мүжіліпті», «шаршапты», «тірлігінің қиюы кете бастаған-ау» деуі кәдік. Әйтеуір, «тәубаға келіпті» демесі хақ. Алайда біз Алла алдында өз дәрменсіздігімізді мойындауға мәжбүрміз. Солай бола тұра, төтеннен келген қабырғаны қайыстырардай қасіретке де мойымаған кейіп танытамыз. Өзгені таңдандырғанымызбен, жетісіп жүрмегендігіміз өзімізге аян. Бірақ әлі қитығып, тіресіп келеміз. Кіммен? Иә, мойындаған дұрыс. Бас иген дұрыс. Егер сіз мешіт есігін ашар болсаңыз бар ғой, бір көзі сәждеде, бір көзі сізде болып жүрген қалың қауым дінге ықыласпен бет бұрар еді. Біз оны да білеміз. Бірақ… Бірақ біз ертеңгі күні қадам басқалы отырған «екінші кезең» сыбағасынан да айрылғымыз жоқ.
«Екінші кезең». Ол не? Ғасырлық тарихы бар мемлекеттерде қоғам шығыршығын өздері ыңғайына орай айналдыра алатын әлеуетті топ бар. Билік те олармен ұдайы санасып отырады. Сырт көзге тарихты жеке тұлғалар жасағандай болып көрінгенімен, соған дем беріп отыратын әлгі топ. Қоғамдық өзгерістер солардың қалауымен жасалады.
Міне, осы жүйе, жазылмаған заң, әлеуетті күш пайғамбарлар дініне тойтарыс беріп келді. Біз сияқты жас мемлекетке ондай «тұйық жүйе» қалыптасқанша әлі қайда… Алаңдауға негіз жоқ. Бізде әзірге тек түйсіну ғана бар. Дінге бет бұра алмай жатқандығымыз соның әсері. Сондықтан дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттері мына бағытта жүруі тиіс:
1. Азаматтардың діни сенім бостандығына құқығын жүзеге асыруды қамтамасыз ету және діни бірлестіктермен өзара әре-кеттестік орнату.
2. Қазақстандық қоғамда конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету, конфессияаралық диалогты ұйым-дастыру және қолдау.
3. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл, дін саласындағы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Ақырзаман – діни ұғымда соңғы кезең. Біреулер айтып жүргендей соңғы сәт емес. Біз тілге тиек етіп отырған ақырзаманды, яғни кезеңді кезекті бір дәуір деп білсек, айтылар гәп – соның түгесілетіндігінде. Нақтыласақ – алмасатындығында. Дәуір мен заман бір ұғым болғандықтан, ақырзаманнан пәлендей секем алудың да жөні жоқ сияқты. Алайда біз ақырзаманды соңғы сәт деп қабылдауға бейім тұрамыз. Шынтуайтына келгенде, діни ұғымдағы соңғы сәт – қиямет-қайым. Ал оның қашан болатындығы бір Аллаға ғана аян. Дегенмен ақырзаманның өзіне тән белгілері бар. Құран Кәрімде айтылғандай, біз ол белгілерге мән бермей өтеміз. Тіпті оларды ақырзаман белгісі деп те ұғынбаймыз. Әдетте ол «белгілер» табиғи жағдай сияқты әсер қалдырады. Сондықтан да оны біз негізінен ғылыми тұрғыда дәлелдеуге тырысып бағамыз. Ол «белгіні» қалай ұғынып, қай тұрғыда дәлелдеу әркімнің жеке шаруасы десек те, кейінгі кездері көпшілік қауымды алаңдатып отырған басты мәселе болуы мүмкін табиғи өзгеріс. Ол жәйтті әзірге «табиғи өзгеріс» деп алайық. Ұғынықтылық үшін айтсақ, күннің ысуы, сууы, жаңбыр не қардың жаууы, бұл – жай ғана маусымдық өзгерістер. Сол «өзгерістердің» өзі мөлшерден асса, апатты жағдайға ұрындырады. Алайда біз оны қалыпты жағдай деп білеміз. Ал болуы мүмкін «табиғи өзгеріс» зардабы оны болжаушылар пікірінше мүлде басқа. Мәселен, күн батыстан шығуы мүмкін. Сондай-ақ біз бұрын көрмеген басқа бір жаратылыс иелері де бой көрсете бастауы кәдік. Жалпы, діни түсінікте бұл екеуі де сөзсіз болатын ақырзаман белгілері. Ал ғылыми болжамда… Бәрін ретімен айтайық.
Бізге жеткен көне өркениет жетістіктерінің бірі – Майя күнтізбесі. Бұл күнтізбе өлшемінің дәлдігі кімді де болсын қайран қалдырады. Бүгінгі заманауи озық технология жетістігі арқылы анықталған қазіргі күнтізбе бойынша бір жылда 365, 2422 күн бар. Ал Майя күнтізбесі 365,2420 күн. Айырмашылық жоқтың қасы. Аталмыш күнтізбе бойынша Майя өркениеті біздің дәуірімізге дейінгі 3113 жылдың 13-тамызынан бастау алады. Аяқталуы – 2012 жыл. Майялықтар көзқарасы бойынша, әлем осыған дейін 4 рет «өзгеріске» түскен. «Өзгеріс» деп біз жорта айтып отырмыз. Негізінде 4 рет жойылған. Алайда жойылу өзгеріс нәтижесінде туындаған. Ол – біз жоғарыда айтқан «табиғи өзгеріс».
Сонымен бірінші кезең (өзгеріс) – 4008 жылға созылып, алапат жер қимылдауы нәтижесінде жойылған. Екіншісі – 4010 жылға ұласып, үздіксіз соққан дауылдан опат болған. Үшіншісі – 4081 жылға созылып, отты жаңбырдан, яғни дамылсыз атқылаған вулкан зардабынан құрдымға кеткен. Төртіншісі – (5026 жыл) суға қарық болған. Қазір біз өмір сүріп отырған дәуір – 5-ші кезең. Ол – 5126 жылға ұласып отыр. Аяқталатын сәті… Оны айттық. Сонда бұл «табиғи өзгеріс» қалай жүзеге аспақ?
Әуелгі болжам: Сатурн, Юпитер, Марс және Жер бір сызық бойына түзіледі. Ондай тізбек бұрын да болған. Ал мұндағы басты айырмашылық – әлгі Күн жүйесіндегі планеталар тізбегі ретімен өзге жүйе планеталары да сап түзейді. Сөйтіп, әлем бір кезеңнен екінші кезеңге алмасады.
Келесі болжам: американдық ғалымдардың пайымдауынша, Күн белсенділігінің артуына байланысты күннен бөлініп шыққан электронды толқын Жер бетіндегі электр қуатын жойып жібереді. Соның салдарынан… Әрине, электр қуатына түбегейлі тәуелді болған қазіргі кезеңде электр қуатынсыз өмірді елестетудің өзі мүмкін еместей көрінетіндігі күмәнсіз. Алайда оны соңғы сәт деп байлам жасауға болмайды. Электрсіз де таң атқан. Оны білеміз.
Үшінші болжам: Әйгілі физик Исаак Ньютон жарықтық та алдағы уақытта дәуір алмасуы болады дегенге саятын болжам жасаған екен. Алайда оның болжамы нақтылы ғылымнан гөрі діни қағидаттарға негізделгендіктен, оны кесімді пікір деп айтуға келе бермейді. Дегенмен «Ньютон құпиясы» деген атқа ие ол еңбектің Израильдің ұлттық кітапханасындағы құпия сейфте сақталғандығын қаперге алсақ, Ньютон болжамы да шындық ауылынан алыс қонбағандығын сезінесің.
Төртінші болжам: Шумер өркениеті туралы әртүрлі алыпқашты әңгімелер аз емес. Ең бастысы – шумерліктер Юпитер мен Марстың аралығында Нибиру деп аталатын тағы бір планета бар деп білген. Ол планета біздің Күн жүйесіне әрбір 3600 жылдан кейін көрініс беріп отырған. «Табиғи өзгерістер» сол Нибиру планетасының Жерге қаншалықты жақындап келуіне байланысты туындап отырған. Ол планетада бізден анағұрлым мықты жаратылыс иелері бар деген де әңгімелер баршылық. Дегенмен ғалымдар 1972 жылдан бастап белгісіз жаңа планетаның бой көрсете бастағандығын байқаған. «Нью-Йорк Таймс» газеті 1980 жылғы 30-қаңтарда шыққан нөмірінде «Астрономдар жаңа планетаның табылғандығына нық сенімді. Олардың ойынша, оған енді тек ат қою ғана қалды» деп жазған болатын. Қазір кей ғалымдар ол планетаның Нибиру екендігіне шек келтірмейді.
Осыған дейін болған «табиғи өзгерістің» бәрін Нибиру пла-нетасының жерге келіп кетуімен байланыстыратындар да аз емес. «Жер бедері өзгереді, жаңа мұхит пайда болады» деушілер де кездеседі. «Табиғи өзгеріс» нәтижесінде адам санасы өзгеге тәуелді болады» деген де пікір бар. Ондай тәуелділікке рухани тазалық шыңына көтерілген адамдар ілікпейтін көрінеді. Себебі…
Бұл тұрғыдағы ойды ислам қағидаттарымен байланыстыра өрбіткен жөн секілді. Сәл кейіндеу тоқталатын ақырзаман белгілерінен озып айтар болсақ, кейбір ислам ғұламалары көне кітаптар ескертпелеріне сілтеме жасай отырып, мүмкін «табиғи өзгерістер» Тажалдың келуіне байланысты туындайды деген пікір айтады. Әр дінде әрқилы айтылғанымен, Тажалдың келетіндігі туралы ұғым барлық қасиетті кітаптарда бар. Сондықтан Тажалдың кім екендігі туралы діни әфсәналарда, сондай-ақ ауызекі әңгімелерде айтылып жүргендей «албасты кейіптегі жалғыз көзді пәлекет», не болмаса «шайтандардың ұстазы» деген сияқты әсіреқызыл бояуларды үстемелемей айтар болсақ, Тажал – қазіргі әлемнің патшасы. Тек ол соңғы сәтте өзін Құдаймын деп жариялайды. Бір қарағанда онда тұрған дәнеңе де жоқ сияқты. Өйткені өзін Құдаймын деп жариялағандар бұрын да болған, ондайлар қазір де кездеседі. Тажалдың олардан айырмашылығы… Кәпір мен мұсылман, тек олар ғана емес, мұсылмандықтың өз ішіндегі ағымдар бір-бірінен осы жерде ажырайды. Шынайы мұсылмандардан басқасы тегіс Тажал құрығына ілігеді. Яғни Тажалды Құдай деп таниды. Қазіргі ғалымдар аузымен ара-кідік айтылып қалып жүрген «адам санасы өзгеге тәуелді болады» дегендегі «өзге», сайып келгенде, діни ұғымдағы Тажалға сәйкес келеді. Осылай байлам жасасақ, «рухани таза адамдардың» шынайы мұсылман екендіктері мәлім болады. Сонда «шынайы мұсылман» дегендеріміз кімдер?
Шынтуайтына келсек, тілін кәлимаға келтірген жұмыр басты пенденің бәрі өздерінің кәміл мұсылман екендіктеріне бек сенімді. Діни ғұрыптарды, исламдағы парыз амалдарды толық орындап жүргендер екі есе сенімді. Одан басқа «тек біз ғана тура жолдамыз» дейтіндер де аз емес. Алайда бізге жеткен көне кітаптар жазбаларына ден қойсақ, солардың қай-қайсысы да Тажал құрығына оп-оңай-ақ ілігіп кетеді екен. Неге?
Біріншіден, біз өзіміздің әлден-ақ Тажал сарбазы екендігімізді біле бермейміз. Өйткені біз тәуелді мына қоғам, қалыптасқан жүйе, адамзат баласы бет алған өркениетті арман көкжиегі, бір сөзбен айтқанда, біз қалап алған өмір сүру қағидаттарының авторы – Тажал. Демек, біз қалайық-қаламайық, Тажал жасап берген өмір салты бойынша өмір сүреміз. Дін… Кешіріңіз, дін мен өмір сүру қағидаттары баяғыда ажыраған. Дін – тек құлшылық. Ал ол құлшылыққа діндармын деп жүрген адамның өзі 3-4-ақ сағат уақыт бөледі. Қалған уақыт… Иә, Тажалдық жүйе қағидаттарына бойсұнумен өтеді. Бірақ адамзат баласы өз «жетістіктерін» ешқашан жоққа шығарған емес. Жоққа шығармаған соң оны теріс деп те ұғынбайды. Қасиетті кітаптардың бәрінде айтылатынындай, мына өмірдің, әйтеуір, бір күні түгесілетіндігіне, қиямет-қайымның болатындығына мән беріп, «ол неге күйрейді?» деген сауалға жауап іздесек, сонда біз таңдаған «өркениет жолының» жаңсақтығы айқындала түседі. Ал сол «өркениетке» қызмет, осы тұрғыдағы жетістік, түптеп келгенде, Тажалға қызмет екендігін оның сарбаздары ертеңгі күні оны Құдай деп мойындау арқылы тағы да дәлелдейді. Байыбына барсақ, гәп – шындықта. Ал ол шындық, әйтеуір, бір күні айқындалады. Біздікі, кеш болмай тұрғанда, сол күнді сезіне берейік деген ой. Алайда Тажалға деген адамзат баласының осы ыңғайдағы мәңгілік қызметі де оны Құдай деп тануға аздық етеді. Аздық ететіні, біз өз қызметіміздің оған тән екендігін білген емеспіз. Және оны солай екен деп бас шұлғи қояйын деп те отырғанымыз жоқ. Өйткені, біз өз қалауымыздың, яғни адами қалаудың Тажалдың қалауы екендігін ұғынып көрмегенбіз. Ұғынықтылық үшін өзіміздің кімге қызмет ететіндігімізге тағы да мән беріп көрелік. Жоғарыда діни ғибадатқа 3-4 сағат уақыт бөлдік. Мән берсек, сол ғибадаттың дені Аллаға алақан жайып тілек тілеумен өтеді. Осы жерде ол тілектердің неге қабыл бола бермейтіндігіне де мән бере кеткен жөн. Өйткені ол қалау біздікі емес. Алладан күнә іс кешірім өтеуіне қол жайып қиюы кеткен тіршілік қалауын сұрау және оны қалыпты діни үрдіс ретінде қабылдау шынайы мұсылмандық тағлымға үндеспейді. Біз бұл жерде Алладан бұл дүние қалауын сұрама деп отырғанымыз жоқ. Сұра. Бірақ оның біздің қалауымыз ба, жоқ әлде нәпсінің қалауы ма екендігіне мән берген жөн. Адам кейде діни ғибадатты да нәпсі қалауы үшін жасайды. Өйткені жайнамаз үстінде жайылған қол бос қайтпайтындығын бізге сездірген нәпсі әмәнда өз қалауын сұратады. Оны біз бір сөзбен «тіршілік қалауы» делік. Тіршілік қалауының байыбына бару үшін оны біз арман деп қабылдайық. Енді адам арманының бітпейтіндігіне мән берсек, біздің, негізінде, тек соған жету үшін ғана өмір сүретіндігіміз мәлім болып қалады. Тажал дегеніміз – сол арман. Адамзаттың дені Тажал соңынан кететіндігі сондықтан. Әрине, өмір бойы аңсаған арман-тілегі ақиқатқа айналып көз алдында тұрса, дұрысы – арманы мен өз қалауындағы Құдайы тұтасса, оны Жаратушы ием деп табынбағанда қайтеді. Табынады. Мойындайды. Соған бас ұрады. Тіпті ислам діні ғұламаларының дені Тажал жетегінде кетеді. Себебі… Гәп – ахидада. Яғни, қалыптасқан сенімде.
Мәселен, христиандар Иса пайғамбарды Алла деп таниды. Біз сияқты олар да Исаның (ғ.с.) ертеңгі күні келетіндігіне бек сенімді. Демек, сеніміне орай, Тажал жетегінде бірінші кететін де солар. Пұтқа табынатындар ахидасы бойынша да Құдайды Жерден тауып алуға болады. Тек мұсылмандар… Осы жерде кәкір бар. Себебі, көзқарас әрқилы. Алланың қайда екендігі туралы нақтылы болжам жоқ. Бір топ «адам мен Алла ұдайы байланыста болады» деп түсінсе, екінші бірі «Алла ғаршыда» деп ұғынады. Үшіншісі – «Алла жүректе» дейді. Төртіншісі… Бесіншісі… Осылай кете береді.
Осыдан-ақ Алланың мына шектеулі әлемге бой көрсетпейтіндігін аңғаруға болады. Ал Алланың адамға күре тамырынан да жақын болатыны, Оның өзіне тән есім сипаттары адам жүрегіне орын тепкен. Оны біз жүрек айнасындағы Аллалық сипат деп қабылдасақ, ол өзіне қараушының, яғни Алланың бар екендігін айғақтайды. Міне, осыны түсінгендер және соған, яғни Аллалық сипатқа жетуге талпынғандар – рухани жетілген адамдар. Демек, Алланы көктен де емес, жерден де емес, жүректен іздеген абзал. Рухани әлем – жүрек шексіздігі. Оны Құран Кәрімдегі «Кеһф» сүресінен де аңғаруға болады. Онда Мұса пайғамбардың Қызырға жолыққандығы туралы хикаят баяндалады. Мұса (ғ.с.) пайғамбар бола тұра Қызырға: «Саған үйретілген даналықтан маған да үйретуің үшін саған ерейін бе?» – дейді. Алайда ергенімен, рухани әлем даналығын қабылдай алмайды. Мәселен, Қызыр Мұса (ғ.с.) екеуі бірге жүрген кезінде бір кеменің түбін тесіп, ақаулы қылады. Сондай-ақ жазықсыз бір баланы өлтіреді және құлағалы тұрған тамды жөнге келтіреді. Қызырдың бұл іс-әрекеттері Мұсаға (ғ.с.) әбес көрінгендіктен, оның қай-қайсысының да дұрыстығына шүбә келтіреді. Сонда Қызыр: «Кеме теңізде кәсіп істеген кембағалдардыкі еді. Оны ақаулы еткім келді. Өйткені, ар жақтарында әр мықты кемені тартып алатын патша бар еді. Ал баланың мүмін әке-шешесі бар еді. Оның әке-шешесін бас тарттыруға, қарсылыққа зорлауынан қорықтық. Раббылары оның орнына өздеріне одан тағы таза, тағы мәрхаметті бір бала беруін қаладық. Ал енді там, бұл қаладағы екі жетім баланыкі, оның астында ол екеуіне тән қазына бар. Әке-шешелері түзу кісі болғандықтан, Раббың ол екеуі ержетіп, қазыналарын шығарып алуын қалады. Бұл Раббыңнан бір мархабат еді. Сондай-ақ бұны мен өздігімнен істемедім», – дейді. Даналық, рухани әлем, Алламен байланыс дегеніміз, міне, осы. Аллалық қалау тек рухани әлеммен үндескенде ғана жүзеге асады. Жай пенделік қалау – ол енді арман. Ал арманның кім екендігін жоғарыда айттық білем.
Рухани әлемді сезіну үшін мына жайтқа мән берейік. Мынау біз өмір сүріп отырған әлем, жері бар, жеті қат көгі бар, тағы да біз білетін, білмейтін жаратылыстары бар, бәрін қосып толықтай алғанда – материалды әлем. Сол шектеудің жоғарғы жағы – рухани әлем. Бергі әлем сол жоғарғы әлемнің материалданған көрінісі. Рухани әлемнің материалдануын адами тұрғыда алып қарасақ, оның, яғни рухтың заттануы ана құрсағынан бастау алады. Ол адам кейпіне еніп, өмірге келген сәттен бастап, жоғарғы рухани әлемнен ажырайды. Дұрысы – өзінің сол әлем жаратылысы екендігін сезінбейді. Діни ұғым бойынша сезінетіндер – діндарлар, сезінбейтіндер – дінсіздер. Бір қызығы, біз айтып отырған рухани әлемнің бар екендігін соны «сезінбейтін», яғни дінге мойынсұнбайтын ғалымдардың өзі айтып отыр.
Соған орай, азаматтардың бұқаралық сана-сезімінде маңызды идеологиялық құндылықтар мен қағидаларды қалыптастыру қажет. Бірінші идеологиялық қағида: «Зайырлы қоғам және жоғары руханилық – біздің басты құндылықтарымыз». Қоғамдағы зайырлылық сана-сезімін нығайту керек. Азаматтар мен қоғамды сыртқы рухани агрессиядан қорғауды қамтамасыз ету және халық санасында еліміздің болашағын зайырлылық қағидаларына негізделген индустриялық-инновациялық дамушы Қазақстан ретінде қалыптастыру. Осы контексте келесі ойды халыққа жеткізу өте маңызды: «рухани және діни құндылықтар еліміздің көркеюіне, еліміздің барлық салаларының дамуына қолайлы жағдайлар қалыптастыруға себептесуі қажет». Бұл идея Қазақстанның экономикалық өзгерісі рухани құндылықтардың өзгерісімен қатар жүретіндігін көрсетеді. Рухани құндылықтар еліміздің одан әрі даму үдерісіне белгілі бір идеологиялық негіз қалыптастырады. Оған сәйкес, рухани-діни құндылықтар қоғамда толеранттықты қалып-тастырып және әртүрлі конфессия адамдарының арасында сыйластықты қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның дамуына байланысты 2050 жылға дейін қойылған мақсаттардың негізін қалыптастыру және біздің еліміздің дамыған 30 елдің құрамына кіруі үшін жағдай жасауы керек. Осыған байланысты, халыққа архаикалық құндылықтарға бағдарланған радикалды-діни сипаттағы идеялар Қазақстандағы прогрессивті үдерісті тежейтіндігі туралы ойды жеткізу аса маңызды.
Рас, «рухани жан-дүние» дегенді бәріміз білеміз. Мәдениетті адам ретінде сол рухани жан-дүниемізді ұдайы байытып отыратындығымызға да бек сенімдіміз. Тек кейінгі жылдары тіршілік тауқыметінен соған шамалы көңіл бөлмей кеткеніміз болмаса… Құдайшылығын айтқанда, рухани әлем туралы біздің түсінік осы ыңғайдағы әңгімелерге саяды. Бірақ біз осы түсінікпен күндіз-түні бас алмай қаншама кітап оқып, театрлардан шықпай қойғанымызбен, әлем ғалымдары айтып отырған «пәк рухты» қалыптастыра алмаймыз. Қалыптасуы үшін біз бастапқы болмысқа, яғни жоғарғы әлемге қосылуымыз керек. Ал оған қалай қосыламыз? Оны «мына әлемнен бас тартқанда» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеуге болады.
Діни ғибадат… Оның қалай және кімге жасалып жатқандығына мән берген жөн. Ұғынықтылық үшін айтайық. Біз – заттанған рухани әлембіз. Заттану арқылы біздің жан дүниемізде екі күш тартысы пайда болды. Бірі – рухани, екіншісі – адами. Негізінде, екеуі тұтасуы керек. Ғибадат содан кейін барып жасалады. Тұтасты. Бірақ қалай тұтасты? Дұрысы – тіресіп тұрған екі күштің қайсысы жеңді? Міне, осы жерде діндарлар ахидасы (сенімі) екіге бөлінеді. Біріншісі – рухани әлемге, екіншісі – заттық, яғни мына әлемге байланады. Пәк рух сол жоғарғы әлеммен байланысқан діндарларға ғана тән. Алайда адам баласы 12 жасқа дейін сол әлем шуағына шомып жүреді. Кейін… Кейін заттық ұғым алға шығуына байланысты рухани әлем жабылады. Дегенмен адам баласы Аллаға тек сол әлем арқылы ғана жетуге болатындығын ұдайы сезінгендіктен, жаратушы иеге бағыштап өзінше қаншама ғибадат жасағанымен, жаны бәрібір байыз таппайды. Қазақтың аруақ шақыратыны сондықтан. Бірақ біз аруақты (рухты) тек адаммен ғана, яғни ұғынбасақ та оның әу бастағы жаратылыстық болмысымен ғана байланыстырамыз да, негізгі рухани әлемнің бар екендігін түсіне бермейміз. Шынтуайтына келгенде, біз айта беретін аруақ дегеніміз – жоғарғы рухани әлем. Оны христиандар қасиетті рух, яғни Құдай деп таниды. Түсінік қате болған соң олар да Ол әлеммен байланыса алмайды.
Неге үйлеспейтіндігін ғалымдар былайша топшылайды. Ол кезде, яғни дәуір алмасуы кезінде, адамның қалау мүмкіндігі заттанады. Яғни не қаласаң, сол нәрсе әп-сәтте көз алдыңда пайда бола қалады. Бір сөзбен айтқанда, әр адамның ішкі әлемі жанды бір жаратылыстық кейіпке енеді. Гәп – сол жаратылыстың қандай кейіпке енетіндігінде. Өйткені адам қалауы тек жақсылықтардан тұра бермейтіндігі белгілі. Бұл ұғым дінде де бар. Әр адам өзін-өзі жасайды. Иман дегеніміз сол. Жан сол «иманға», ғылыми тілдегі «кейіпке» енгізіледі. Жаңа дәуірге өтетін адам – сол «кейіп». Пәк рух, яғни иман – сол кейіпке тән болады. Бірақ діни ұғымда бұның бәрі адам о дүниеге озғаннан кейін барып болатын жайттар. Ал ғалымдар тілге тиек етіп отырған «пәк рух» дегеніміз…
Құран Кәрімде рухтың Алланың әмірінен екендігі айтылады. Ал Алланың әмірі дегеніміз… Бұл тұрғыда әртүрлі көзқарастар бар. Дегенмен дін ғұламалары, негізінен, «Әуелгі жаратылыс пайғамбарымыздың нұры» деген байламға келген. Рухани әлем дегеніміз – сол Нұр. Нұр – қазақы ұғымда аруақ. Оған Алланың өзіне тән сипаттары берілгендіктен, әрі бүкіл жаратылыс, 18 мың ғалам сол Нұр мен Алланың әмірінен жаратылғандықтан, ол рухтық, не заттық, болмаса көзге көрінбейтін көмескі сипатта болғанымен, түгелдей дерлік Алланың әміріне бағынышты болады. Бұл жерде Әмірдің Нұрға, яғни рухқа берілгендігіне мән берген жөн. Ал ол Нұрда, біз жоғарыда да айтқанымыздай, Аллалық сипат бар. Қазақтардың «Аруақ құдай емес, бірақ құдайдан былай емес» дейтіндіктері сондықтан. Демек, мына әлем сол рухтан жаратылғандықтан, әр жаратылыста Аллалық сипат бар. Бүкіл жаратылыстың Аллаға зікір салып тұратындығы сондықтан. Аллалық сипат пен Алланың әмірі өз ішінде болғандықтан, мына әлем сырт көзге өзінен-өзі басқарылып тұрғандай әсер қалдырады. Егер мына әлем рухсыз тек Алланың әмірінен жаратылса, онда әр жаратылыс Алланың бөлшегі болып қалған болар еді. Сол сияқты рух болмаса, Алламен байланыс та болмаған болар еді. Сондықтан біз рухани әлемге қосылғаннан кейін барып Алланы танимыз. Жалпы мына әлемнің өз ішінен басқарылатындығын ғалымдар баяғыда-ақ дәлелдеген. Олар енді пәк рухтың бар екендігіне көз жеткізіп отыр.
Қазақстан өзінің қызметінде адам құқықтары саласындағы жалпы мойындалған халықаралық актілерге сүйенеді. Осыған байланысты дін және діни сенім бостандығын қамтамасыз ету саласындағы қазақстандық норма-тивтік база жалпы алғанда, жалпы еуропалық және әлемдік демократиялық стандарттарға сәйкес келеді. Сонымен бірге, Қазақстан мемлекет пен конфессиялар арасындағы құрылымды өзара қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған діни қызмет жөніндегі заңнаманы жетілдіруге барынша күшін жұмсап келеді. Діни сенім бостандығына азаматтардың құқықтарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету оның одан әрі демократиялық және құқықтық дамуының негізгі құрамдас бөлігі болып табылады.
Солай бола тұра, саясат қызық. Біздің саясат емес. Әлемдік саясат. Дұрысы – бізді жүгендеуге негізделген саясат. Бір қарағанда сенің дініңде ешкімнің де шаруасы жоқ сияқты. Тіпті дінді ауызға алып жатқан да ешкім жоқ. Бірақ дәстүрлі діннен шеттей бастадық. Діннен шеттеу – дәстүрді мансұқтау арқылы жоққа шығарылды. Ал дәстүр біздің ұлттық болмысымыз. Демек, біз діндар болу үшін, діндар болу үшін емес, соған бет бұру үшін, дінді мойындау үшін әуелі ұлттық үрдісті қалыптастыруымыз қажет. Біз осыған дейін оны жоққа шығаруға тырыстық. Нәтижеде… Иә. Қазақылықтан айныдық.
Нақтылы сауал. Қазақ мұсылман ба? Әлхамдулилла, мұсылман. Оған дәлел… Сіз не ұсынар едіңіз? Дұрыс. Біріншіден, мешіттер бар. Бірақ қазір мешіт Ресейде де, Америкада да, жалпы, барлық елде де бар ғой. Сақал да өлшем емес. Киім… Біздің киім үлгіміз мұсылмандықпен мүлде үндеспейді. Иә. Бұрынғы қазақтың мұсылман екендігі ә дегеннен-ақ аңғарылып тұратын. Қалай?
Біріншіден, әйел де, ер де мұсыл-мандық ғұрыпқа сай киінетін. Екін-шіден, әдепті болатын.Үшіншіден, мұсылманша амандасатын. Төртін-шіден, қай істі де батамен бастайтын. Бесіншіден… Алтыншыдан… Осылай соза беруге болады. Осы мұсылмандықпен үндесетін дәстүрлі өмір салтымызға біз нені қарсы қойдық? Біріншіден, киімді алмастырып, жартылай жалаңаштандық. Екіншіден, жат әдетті (бұл әдет әдеп емес) бойымызға дарыттық. Үшіншіден, амандасуды ұмыттық. «Қалайсыз?», «Аман ба?», «Барсың ба?», «Сәлем», «Привет» деген тәрізді «амандасуларды» мұсылмандық үрдіске жатқызуға келмейді. Төртіншіден, батамен басталатын іс… Иә. Тостқа ұласты.
Арыға бармай-ақ осы жерден қайырғанның өзінде біздің қаншама жылдардан бері бойға дарыған қазақылық, мұсылмандық ғұрыптан салт-дәстүрден мүлде алшақтап кеткеніміз аңғарылады. Өкінішті. Өкінішті емес. Аянышты. Бірақ байқалмайды. Байқалмағаны сол, біз осы алба-жұлба, жартылай жалаңаш қалпымызда мешітке бара беретін болдық. Ал қазақы киім мешіт қызметкерлерінің қызметтік киім үлгісіне айналып кетті. Қазір тақияны, негізінен, жолы болмағандар киеді деген түсінік қалыптасты. Тіпті шолақ дамбал киген қауға сақал вахабистердің өзі бір қарыс күнқағары бар кепка киетін болды. Ал ол бас киімнің мұсылмандық үрдіске он қайнаса сорпасы қосылмайды. Беті аулақ, сонда да болса ұғынықтылық үшін айтайық. Мәселен, айдалада екі адам өліп жатыр делік. Кімдер екендігі белгісіз. Киімі… Біреуінің басында әлгіндей күнқағары бір қарыс кепка, екіншісінде тақия. Қайсысы мұсылман? Жаназа шығаруға қайсысы лайық? Әрине, тақиялы.
Қазір дінге бет бұра бастадық дегеннің өзінде кей дәстүрлерімізді жоққа шығару үрдісі алға шыға бастады. Мұны басқа емес, өзін шынайы діндармын дейтіндер көбірек көтеруде. Байыбына барсақ, бұл да сөз басында айтқанымыздай, қазақылықтан, яғни, діннен алшақтатуға қызмет ететін жат идеологияның жымысқы саясатының бірі. Өкінішке қарай, бұны солай екен деп ұғынып жатқандар шамалы.
Сонымен біздің сыртқы тұрпатымыз бойынша мұсылмандықтан алшақтап кеткеніміз белгілі болды. Тіпті біздің өмір салтымыз да мұсылмандық үрдіске қоңсы қона алмайтындай деңгейде жаттанды. Есімдеріміз де солай. Осы біз мән бере бермейтін өзгерістер бізді діннен де алшақтатты.
Жалпы, қазақтың салт-дәстүрлері қаншама жылдардан бері екшелене келе мұсылмандық ғұрыппен үндесіп кеткендіктен, олар тіпті бір-бірінен ажыратып алғысыз деңгейде жымдасып кетті Сондықтан біздің ұлттық дәстүрлерімізге шек келтіру жалпы мұсылмандықты күстаналағандай әсер қалдырады. Ал оны жоққа шығаруға ұмтылу – дінді жоққа шығаруға жасалған қадам екендігін ұғынған жөн. «Дін тазалығын» қалпына келтіремін деген жан әуелі бірауық өзіне назар аударғанын қалар едік. Кемшілік бар ма? Жетіп артылады. Сонда өзінің қарақан басын жарылқай алмай жатқан адам жалпы ұлттық үрдісті қалай жөнге келтірмек?! Жалпы, оған ондай құқықты кім берді? Ойланған жөн.
Ал жаттанған дәстүрді қайта қалпына келтіру үшін әуелі оның қаншалықты деңгейде жаттан-ғандығына мән берген жөн. Мәселен, той. Қазіргі өтіп жатқан тойлар қазақтың тойы емес. Арғысы – европалық, бергісі… Жалпы біз өткізіп жүрген бүгінгі тойдың негізі КСРО кезінде қалыптасты. Сондықтан ол – дінсіздендіруге негізделген. Басынан аяғына дейін. Өкінішке қарай, біз әзірге басқа той өткізу үрдісін қалыптастыра қойғанымыз жоқ. Рас, тойды арақсыз өткізуді қолға ала бастадық. Ал қалғаны… Иә. Таз қалпында. Сонда біз тойшыл қауымға не істей қоймадың деп кінә артып отырмыз? Біріншіден, ниет дұрыс емес. Дұрыс болмайтыны, біз тойды «қызық» деп қабылдаймыз. «Қызық» деп қабылдаған соң, әрине, қызықты өткізуге тырысамыз. Біздің түсінігіміздегі қызықтың дінге он қайнаса сорпасы қосылмайды. Демек, ол мұсылмандық үрдіске сай келмейді. Себебі… Себеп көп. Біріншіден, жоғарыда айтқанымыздай, ниет дұрыс емес. Дін мен жынды бір дастарқанға тоқайластыруға болмайды. Діннен гөрі «өркениет үрдістері» басым болған жерде… Жалпы, екеуі бірін-бірі алмастырады демей-ақ, бірі үстінде, екіншісі астында тұрады десек, төмендегі нәрсе жоғарыдағыны басып, өз тілегін қабыл ете алмайды. Ол үшін… Иә. Әлгі албастыдай басып тұрған «жынды» аластау қажет. Бұл – айтылар әңгіменің біссмілләсі.
Екіншіден, «тойхана» таза емес. Үшіншіден, ондағы ыдыс-аяқ таза емес. Төртіншіден, адамдардың пейілі таза емес. Бесіншіден, өздері таза емес. Алтыншыдан…
Біз санамалап шыққан бұл кінәраттар өзің соның ішінде жүргенде байқалмайды. Байқал-ғанды былай қойғанда, ол жетістік ретінде бағаланады. Енді біздің ол «жетістіктерді» неге күстаналағанымызға ойысайық. Бірін-ші – тойхана. Байқасаңыз, қай тойхана да көз арбар әшекей-үшекейлерімен өзіне шақырып тұрады. Есірік әуен делебені қоздырады. Ең бастысы – тойхана мен мейрамхананың қызмет көрсету үрдістерінде пәлендей өзгешелік жоқ. Демек, екеуінің де мақсаты көңіл көтеруге негізделген. Сондықтан қай адам да тойхана есігін желіккен көңіл ауанымен аттайды. Басқаша мүмкін емес. Ол көңіл ауаны басқа шайтани іс-әрекеттерге жол ашады. Екіншіден, қазақта кие, ие деген ұғым бар. Ондай жайт дінге де тән. Болмаса, мұсылмандар мешіт, христиандар шіркеу салмаған болар еді. Осы ұғымды негізге алсақ, тойхана қандай діни үрдіс бойынша салынған? Ал ол жерде тек мұсылмандар ғана той өткізбейтіндігі белгілі. Демек… Жә, тойхана туралы әңгімені осымен доғарайық.
Келесі мәселелерге ойыссақ, тойхана қазанында әр күні әрқалай ас мәзірінің дайындалатындығын, сондай-ақ сол астың сондағы ыдыс-аяқтарға салынатындығын ескерсек, қазақтың «адал деген қазаннан шошқаның басы шықты» дегенді неге айтқандығын ұғынғандай боласың. Рас, ол ыдыс-аяқтар заманауи небір май тазалағыш ұнтақпен, сондай-ақ біздің тіліміз келмейтін тағы бірдеңкелермен жуылады. Сырттай бәрі жалтырап-ақ тұр. Ал «іштей»… Әуелі «іштей» сөзінің мәніне бойлап көрелік. Мәселен, бір қарағанда адамдардың бәрі бірдей. Ал ішіне үңілсең… Иә. Біреу мұсылман, біреу христиан, біреу… Сіз бен біз қалай мұсылман болдық? Иә. Калима шаһадат айттық. Сол арқылы біздің болмысымыз, жан-дүниеміз өзгеріске түсті. Біз өн бойымыздағы күпірлік ойды сумен жуып тазалаған жоқпыз, жалпы, ол жуумен тазаланбайды. Ыдыс-аяқ та сол сияқты. Пісірілетін ас та солай. Сойылатын мал да. Кәпір сойса, арам, мұсылман сойса, адал. Неге? Себебі бұл тұрғыда қай ұлттың болсын қаншама жылдардан бері қалыптасқан әдет-ғұрпы, діни үрдісі бар. Ол сақталмаған жерде… Кезінде соны сақтамай-ақ бір күн кәпір, бір күн мұсылман болып жүре берейік дегенді біздің пайғамбарымызға да айтушылар болған. Соған орай «сенің дінің өзіңе, менің дінім өзіме» деген аят түскен. Сондықтан, қойыртпақ тойханалар жастарға құт мекен болып жарытпайды.
Жалпы, адам қай жерге бара жатса, сол жер қалауына орай киінеді. Тойхана – мешіт емес. Сондықтан ол жерге іш тазалығының, жан дүние тазалығының қажеті шамалы. Дәретсіз жер баспау қағидасы ол жерге жүрмейді. Мына бір жайтқа назар аударайық. Адам неге дәретсіз намаз оқымайды? Дұрыс. Таза болмаған соң. Бұдан тойға барған адамдардың да таза болмайтындығы мәлім болды. Сондай-ақ жын иектеген адамның сөзінде пәтуа болмайды. Біз жоғарыда тойхана есігін аттаған адамның көңіл ауанының өзгере бастайтындығын айттық. Оның неге олай болатындығына мән берген адам жынның қалай иектейтіндігін де түйсіне бастайды. Жалпы, мұның бәрі діннен алшақтаудың дәстүрге қатысты көріністері. Егер біз дәстүрден қол үзбегенде діннен де мұншалықты алшақ кетпеген болар едік. Біз бұл олқылық орнын заңдылық жүйе тұрғысында толықтыруға тырыстық. Соған орай, Конституцияның 1-бабының 1-тармағына сәйкес — Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Қазақстан Республикасы Конституциясының 22-бабында анық бекітілген: «әркімнің ар-ұждан бостандығына құқығы бар». Ар-ұждан бостандығы – ең алдымен жеке адамның кез келген идеологиялық бақылаудан бостандығын білдіретін адамның негізгі жеке құқықтарының бірі, әркімнің рухани құндылықтар жүйесін өз еркімен таңдау құқығы. Ар-ұждан бостандығы адамның абсолюттік құқығы болып табылады. Қазақстан Республикасының Конституциясы әрбір адамның ар-ұждан және діни сенім бостандығына кепілдік береді, сондай-ақ, конфессиялық, этникалық және басқа да белгілері бойынша кемсітушіліктің кез келген түріне тыйым салады. Діни сенім бостандығына деген құқық қоғамдық және діни мүдделердің теңдігіне қол жеткізу арқылы діни сенім бостандығының конституциялық принциптерін қамтамасыз етуге, сонымен бірге мемлекет пен діни бірлестіктердің арасындағы әріптестік пен өзара түсіністік қатынастарын дамытуға бағытталған 2011 жылдың 11 қазанындағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында бекітілген.
Тарих қызық. Қызық емес. Әділетті. Мән берсең, бір әлеуетті мемлекеттің шылауында жүрген кей елдер кезінде дүниені тітіркенткен алпауыт мемлекет болған. Санамалай берсең, біз білетін империялардың өзіне саусақ жетпейді. Солардың қай-қайсысы да дүниенің тұтқасын ұстағандай болған кезде өздерінсіз таң атып, күн бататындығына шүбә келтірген. Бұл жалпы мемлекеттік түсінік. Ал жеке адамдар, дүниенің шығыршығын айналдыруды мақсат тұтқан жеке тұлғалар… Олар өз заманы ыңғайына орай әрқилы деңгейде мадақталды. Алды – Құдай, соңы – соған жете қабыл. Бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Иә. Тарих жадына үңілсең, талай қызыққа қанығасың. Тарих сахнасынан көшкен ұлттар мен ұлыстар төңірегінде Құран Кәрімде де аз айтылмайды. Тіпті кейбіреулері жайлы еш белгі де таба алмайсың. Ал солар кезінде өздерін әлемнің қожасы сезінген еді.
Жә, тарих қойнауына көз сүзуді осымен доғарайық. Айтпағымыз – дүниенің тұрлаусыздығы. Тұрлаусыз сөзін әңгіме ретіне қарай қолдандық. Болмаса, ол сөз біз айтар ойды дөп баса аламайды. Себебі, біз қолданып отырған «тұрлаусыз» сөзінде өкініш басым. Тұрлаусыз мәнін ұғыну үшін әуелі мына әлемнің жалған екендігін түйсіну қажет. Ал бұл жалғанды қазіргі біздің түсінігіміздей өтпелі деп қабылдасақ, онда біз сонау бір жылдары салтанат құрған кезімізді аңсаудан арылмай, тұрлауы жоқ мына баянсыз өмірге өкпе артудан әріге өре оздыра алмаймыз. Өре оздыра алмағандықтан да, қайтадан «сондай болмаққа» жанталасып, өзіміз болмасақ та, ұрпағымыздың сол астаудан қайта дәм татуына үміт артамыз. Бұл – қалыптасқан өмір салты.
Енді осы айтқанымызды байып-тайық. Мән берсек, біз тарих көшіне ілесе алмай жойылып кеткен елдерді қаперге алғанда оларға тарихи кітап бетін парақтағандай деңгейде мән береді екенбіз. Тіпті шамалы назар аударғанның өзінде ол елдер жіберген «ағаттықтар» мен «қателіктеріне» ғана көңіл аударады екенбіз. Ондай «тарих сабақтары» бізге өмірдің өтпелі екендігін пәлендей сезіндіре қоймайды. Біздің олардың іс-әрекетінен қателік іздеуіміз де сондықтан. Егер ол ұлыстар әлгі «қателікке» жол бермегенде, біз ол мемлекеттерді тарих сахнасында мәңгі қалатындай көреміз. Кезінде олардың өзі де соған сенген. Бірақ ақиқат олай емес. Сол елдер қателігінен тәлім алғандар да, тіпті одан зорғылар да кезегімен бұл жалғаннан көшіп отырған. Себебі…
Себеп көп. Ал ол себептерді талдау – жалғанды мойындамауға негіз болады. Сондықтан себеп те, салдар да басты кілтипан емес. Басты кілтипан – ақиқаттың айқындалуы. Ал ол ақиқат – мына дүниенің жалған екендігіне мойынсұну. Дұрысы – мойындау. Мойынсұну одан кейін жүзеге асады. Айтқанымызды діни түсінікке негіздесек, мойындау – иман да, мойынсұну – жасалар ғибадат.
Сонымен мына дүниенің жалған екендігін мойындадық. Қалай? Біріншіден, біздің ғұмырымыз өлшеулі. Екіншіден, бақ та, дәулет те баянсыз. Үшіншіден, бәріне уақыт таразы. Осылай соза беруге болады. Шынтуайтына келгенде, мұның бәрі өзімізді-өзіміз ақтап алу тұрғысында айта беретін, өзімізді сол жалғанның құрамдас бір бөлшегі ретінде сезіндіретін, әрі соны мойындайтын пікірлер. Ал ақиқат…
Мәселен, бізге біреу ертек айтып берді делік. Ертегісі – біз білетін, осы өмірде болған тарихи оқиғалар. Қалай қабылдаған жөн? Ертек пе, жоқ ақиқат па? (Біз бұл жерде ертекті «өтірік», «жалған» деген сөздің орнына қолданып отырмыз). Ертек дейін десек, айтып отырғаны жұрттың бәрі білетін шындық. Шындық дейін десек, жоғарыда айтқан «мына дүние жалған» деген пікірімізге үндесе бермейді. Қайтпек ләзім? Дұрысы – ақиқатқа жүгіну.
Алайда «ақиқат» осы жерден екіге бөлінеді. Біріншісі – діндарлық, екіншісі – атеистік. Түптеп келгенде, санаулылардан басқа діндарлардың өздері атеистер түсінігі деңгейінен әріге өре оздыра алмай, солардың шылауында кетеді. Себебі адамдардың дені әлгі ертегіні шындық деп қабылдайды. Қалай шындық деп қабылдайсың, өміріңді де сол «шындықтың» құрамдас бір бөлігі ретінде өресің, яғни соған үндестіре өмір сүресің. Мақұл. Сол «шындықта» барша арманыңа жет. Сауапты істер жаса. Біреуі де қабыл болмайды. Себебі… Дұрыс. Өтірік. Ертек. Бірақ біздің бұл айтқанымызды соның «ертек» екендігіне көз жеткізген адамдар ғана мойындайды.
Ұғынықтылық үшін «жалған» сөзіне тағы бір мән беріп көрелік. Жалған – мына өмір. Жалған болған соң бір күні жоқ болып кетеді. Кәдімгі түс сияқты. Түс пен өңнің айырмашылығы – біреуі бар, екіншісі жоқ. Енді бақсақ, біздің «бар» деп жүрген нәрсеміздің өзі жоқ екен. Дұрысы – жоқ болады екен. Жоқ болмайды деу – дінсіздік. Жоқ болады деу – сүрген өміріңнің түс сияқты жалған екендігін мойындау. Оны мойындау, біз жоғарыда айтқандай, жасаған сауапты істерінің бірде-біреуінің де қабыл болмайтындығын мойындау. Бір сөзбен айтқанда, жалғанға байланған нәрсенің бәрі жалған. Мақұл. Солай-ақ болсын. Сонда ақиқат қайда?
Ақиқат – өлімде. Ажал келгенде ақиқат айқындалады. Ажал – жалғанға байланған жіпті үзеді. Алла соңғы сәтте жалғанды жойып, өтірік екендігін әйгілейді. Ақиқатты өлгендер біледі. «Өлмей тұрып өліңдер» деген хадис біз айтқан әңгіменің тобықтай түйіні.
«Өлмей тұрып өліңдер» хадисінің мәні – адамның өмірге келудегі мақсатын ұғындыру. Сонымен біз өмірге не үшін келдік? Байыптап көрелік. Біз тамақ ішу үшін өмір сүрмейміз. Өмір сүру үшін тамақ ішеміз. Мәселен, қол жетпес жерде тұрған нанды Құранның үстіне шығып алуға болады. Бұл жерде нан құраннан қадірлі деген ой тумау керек. Рас, нан – қорек. Сол сияқты Құран да қорек. Нан – тәнді, Құран – рухты азықтандырады. Біз тәнді рухты сақтау үшін қоректендіреміз. Демек, Құран нанға емес, рухқа қызмет етіп тұр. Міне, осы Құранның өзі аяқасты болатындай деңгейге дейін «төмендеп» қызмет етіп жатқан рухты ұмытып, басқа бір тұрлаусыз жалған нәрселердің соңына түсу және соған бар өміріңді арнау – өлмей тұрып өлу мәнін ұғынбағаннан туындайды. Бір сөзбен айтқанда, өмірге келудегі мақсат – рухты тану. Рухты танысаң – Алланы танисың. Біздің мәніне бойлай алмасақ та», Өзіңді танысаң, Алланы да танисың» дейтіндігіміз сондықтан. Шынтуайтына келгенде, біздің өмір сүруіміз, тіршілігіміз рух қалауына орай негізделуі тиіс. Ал оған көп нәрсенің қажеті жоқ. Біз соңына түскен бұл дүниелік құндылықтар рух қалауы емес.
Жалған мәнін ұғыну үшін мына бір жайтқа назар аударайық. Мәселен, елді мекеннен шалғай, бірақ құнарлы бір жерге қауын егіп алуды мақсат тұттық делік. Сол бір жаздық науқандық жұмысқа бола әлгі жерге ешкімнің де үй тұрғызбайтындығы белгілі. Уақытша баспана болуға шайланың өзі жетіп артылады. Шайла – біздің «уақытша» мәнін түсінуіміздің көрінісі. Егер біз жалғанды тап осы уақытша мәнін түсінгендей пайымдай алсақ, онда өмірімізді тіпті басқаша құрған болар едік. Өкінішке қарай, адам баласы өзіндік нәпсі қалуынан ешқашан айныған емес. Біз мақтан тұтатын әр заманғы өркениет «құндылықтары» соның дәлелі. Гәп сол «құндылықтарды» жасау, жасамау, не болмаса одан бас тартуда емес, ақиқатта. Ал ол ақиқат – «шайлада».
Ақиқат айқындалған кезде жалған нәрсе жоқ болып кетеді. Өкінішке қарай, оны адамдардың дені ажал келген кезде барып бір-ақ біледі. Әңгімеміз қисынсыз көрінбес үшін мына бір жайтты да байыптай кетелік. Біз көзі ашық, жан-жақты сауатты адамбыз. Ненің жақсы, ненің жаман екендігін білу үшін медресе тауысудың қажеті шамалы. Солай бола тұра, кейбір діндар «молда балалар» мұсылмандардан басқа сенімдегі ұлыстардың түгелдей Алла қаһарына ұшырайтындығына ешқандай шүбә келтірмейді. Әрине, біз көзі ашық адам ретінде бәрін өзімізше байыптаймыз. Мәселен, Европа… Құдайшылығын айтсақ, мәдени деңгейі бізден көш ілгері. Тіпті олар ғана емес. Біз қатарларына қосылуды армандап жүрген алдыңғы қатарлы дамыған 50 елдің қай-қайсысы да салыстырмалы түрде алғанда қай салада да бізден жоғары. Сол ел байларының қайырымдылық шаралар үшін қаншама қаржыны жұмсап жатқандықтарын күнделікті естіп отырмыз. Сонда біз, яғни мұсылмандар, олардан қай өмір салтымызбен басым түспекпіз? Басым түспек түгілі, солардың соңынан салпаңдап еріп келе жатқан жоқпыз ба…
Міне, осы ой біздің де шалыс қадам басқандығымызды әйгілейді. Осы ойды жүзеге асыру барысындағы іс-әрекеттің ешқайсысы біз айтқан мәңгілікке қызмет етпейді. Өмір бойы басқа біреуге (нәпсіге) қызмет етіп, соның қайырын өзгеден (Алладан) дәмету, дәметуден бұрын соған сену және өзің ғана сеніп қоймай, оған өзгелерді де иландыру – біз үлгі тұтып соңына түскен елдерге тән. Сондықтан бұл жерде әлгі молда баланың уағызына бас шұлғығаннан басқа шара жоқ. Болмаса Елбасымыз қоғамда зайырлы сананы нығайту қажеттілігін әрдайым айрықша айтып келеді. Осы жайында Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында біз мұсылман үмбетінен екенімізді мақтан тұтамыз деп атап өтеді. Бұл біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері бар, Қазақстан – зайырлы мемлекет екенін естен шығармауымыз қажет. Елбасы тапсырмаларына сәйкес, мемлекет азаматтар мен қоғамды сыртқы рухани агрессиядан қорғауды қамтамасыз етеді және индустриалдық-инновациялық Қазақстанның зайырлы принциптерде дамушы ретінде болашақты біздің елдің нақты түсінігін қалыптастырады. Сонымен қатар, мемлекет елдің гүлденуіне ықпал ететін дәстүрлі рухани және діни құндылықтарды қолдайды, қоғамдық өмірдің барлық салаларының дамуы үшін қолайлы жағдай жасайды.
Біздің дәстүрлі дініміздегі негізгі ерекшелік – қазақ аруақ шақырады. Неге? Осы сауал талай көңілді күпті етіп жүр. Күпті етіп қана қойған жоқ, қазақты сеніміне қарай екіге жарды. Бірі – аруақ жар бол деп алақан жайса, екіншісі – оны Аллаға серік қосу деп білді. Қайсысынікі жөн? Байыптап көрелік.
Қазақ аруақты тәркі ете алмайды. Себебі бүкіл өмір салты аруақты ұлықтауға негізделген. Сондықтан одан айну – қазақтықтан жерінгендей әсер қалдырады. Ал екінші жағынан, Алладан бұрын ауызға аруақты алу және одан қайыр, медет тағы да Алла ғана бере алатын өзге де қажеттіліктерді сұрау, шынында да, біз осы Аллаға серік қосып жүрген жоқ па екенбіз деген ойға жетелейді.
Басын ашып айтайық. Қазақ аруақты Аллаға серік қосу үшін шақырмайды. Бірақ бүгінгі қазақтың аруақ туралы түсінігі мүлде басқа арнаға бұрылып кеткендіктен, ол, шынында да, Аллаға серік қосып жатқандай әсер қалдырады. Бұл тұрғыда аруаққа сенім білдіргендер де және оны жоққа шығарғандар да едәуір деңгейде қателікке ұрынады. Абайламаса, екі жақтың да сеніміне көлеңке түсуі мүмкін.
Әуелгі әңгіме – аруақты ұлық-тайтындар жайлы. Құдайшылығын айтайық. Ұлықтайтындар – сіз бен біз, яғни қарапайым қазақтар. Ал оған көлеңке түсіретіндер – емші, бақсы-балгерлер. Біз бұл жерде көлеңке түсіретіндер қатарына аруақты Аллаға серік қосу деп білетіндерді жатқызып отырғанымыз жоқ. Олар туралы әңгіме бөлек. Сонымен, біздің аруақты ұлықтағанымыз сонша, ол біздің өмір салтымызға, яғни салт-дәстүрімізге еніп кетті. Осы жерде кілтипан бар. Ол – аруақ пен жын үндестігі. Сондықтан біздің өмір салтымыздың дені аруақты емес, жынды ұлықтауға негізделген. Өкінішке қарай, біз осы екеуінің ара жігін ажыратуға ұмсынып көрген емеспіз. Міне, тап сол кезден бастап аруақ туралы шынайы түсінік өз мәнін жоғалтты. Дұрысы – бар құпиясын ішіне бүкті. Оны Қожа Ахмет Яссауи тектес дін ғұламалары ғана ұстай алды. Ал бізге қалғаны… Ол енді таза жын.
«Өтірік түбі – шын, аруақ түбі – жын» деген мәтел сол кезден бастап айналымға шықты. Сондықтан әуелі «аруақ пен аруақ-жынның» айырмашылығы туралы сөз қозғай кетелік.
Басы ашық жайт, әр адамның бойында соған байланған меншікті жын бар. Оны ауызекі тіліміздегі «жынымды келтірме», «жыным келіп тұр», «жынданба», «жынданды», «жынымды қоздырма», «жыныма тиме» деген сөздерден де аңғаруға болады. Сол сияқты біздің бойымызда бар деп білетін ақ сайтан мен көк сайтан да жынның бір ағайыны. Негізі – от. Кейбір адамдардың бір-бірін көргенде жыны құрысып, сайтаны ұстап қалатыны, олардың өздерінің емес, жындарының жараспауынан туындап жатады. Соған орай дәстүрлі өмір салты қалыптасады.
Мәселен, біз жаңадан түскен келінді отпен аластап, табаға май құйғызып, тағы да басқа отқа байланысты ырым-жырымдар жасатамыз. Соның бәрі екі адам, не өзге ауыл жындарын бір-бірімен үйлестіру, жарастыру үшін жасалады. Алайда біз ол құрметті жындарға емес, аруақтарға жасап жатырмыз деп ұғынамыз. Сондай-ақ дүниеден озған адамның артын күту, яғни шырақ жағып қою, шамды сөндірмеу сияқты дәстүрлі үрдістер де қайтыс болған адамдардан қалған жындарды әспеттеуге негізделген. Оларға осылайша назар аударып, құрмет көрсету арқылы әлгі «аруақтардың» бұл үйді мазаламай, тастап шығуына жағдай жасалады. Ондай «құрмет» жасалмаған жағдайда әлгі үйде бөгде бір елестің бар екендігі туралы әңгіменің шындыққа айналуы кәдік. Оны біз, негізінен, аруақ деп қабылдаймыз. Шынтуайтына келгенде, оның бәрі жын. Тәуіптер мен бақсы-балгерлер де аруақпен емес, тек қана жынмен байланысады. Ал ол жындардың кәпір не мұсылман екендігіне келсек, ол да тікелей өзімізге байланысты. Адам бойындағы текетірестің бірі – өз жынының келіспеушілігінен болады. Сондықтан адам өзін бір бағытта жұмылдыру үшін жынымен байланыс орната білгені жөн. Ол үшін екі алақаныңды ысқыласаң жетіп жатыр. Мәселен, біз неге екенін білмесек те, бата жасап бет сипарда екі алақанымызды еріксіз бір-екі рет ысқылап қоямыз. Бұл – белгі. Қалай белгі беріледі, жын да қол жаяды. Осындай үндестіктен кейін адам қалай болса, жыны да солай қалыптасады. Жалпы, бір адамда 80 жынға дейін болады деп болжам айтылады. Осы сексенді жер бетіндегі адам санына көбейтсек, жалпы жынның мөлшерін бағамдай аламыз. Оған бізге жеткен рубаяттарда айтылғандай, жер бетіндегі 450 млрд. шайтандарды қоссақ, адам баласының, негізінен, кімнің жетегінде жүретіндігі аңғарылады. Соның бәрі адам бойындағы «құдайға» қызмет етеді. Ол «құдайдың» аты – нәпсі. Адам сол жалған құдайды тәркі еткеннен кейін барып, шынайы Жаратушы иені таниды.
«Өзіңді танысаң – Алланы да танисың». Осы ыңғайдағы әңгімені талай естідік. Бірақ өзімізді-өзіміз қалай тану керектігін ұғынған емеспіз. Шындығында, адам баласы өзін-өзі тану тұрғысында қалауына орай екі мүмкіндіктің біріне қол жеткізеді. Оның біріншісі – рухымен, яғни аруақпен үндеседі. Екіншісі – өзіндік жынмен байланысады. Діни жетілген адамдар көрсететін «кереметтер» (бұл барлық дінге тән), спорттағы жетістіктер, сиқыр, тіпті кәсіби төбелестің өзі жеке адамның өз жынымен қаншалықты деңгейде байланыса алғандығына байланысты нәтиже береді. Оның атауы әрқилы болғанымен, негізі бір. Мәселен, дінде – тақуа, спортта – бап, емшіде – аруақ, бақсыда – арқа, тіпті әуен ырғағына бой алдырған адамды да жын еліктейді.
Мақұл, солай-ақ болсын. Сонда біз қайдамыз? Осы сауалды әркім өзіне қарата қойса, өзінің кім екендігін пайымдай бастайды. Дұрысы – өзін іздей бастайды. Шынтуайтына келгенде, біз – жоқпыз. Біз мына өмірге жоқ болып келіп, өліп емес, тіріліп қайтамыз. Өзіңнің жоқ кезіңді бар деп білу және соның, яғни нәпсінің және біз жоғарыда тізбектеп шыққан жындардың бірімен байланысты жоғары нәтиже ретінде бағамдау, әрі осы тұрғыдағы діни ғибадат, және де басқа іс-әрекеттер, шынтуайтына келгенде, жай ғана түс сияқты өткінші нәрселер. Кім де болсын, түсінде жасағандарын, не қол жеткізген жетістіктерін өзімдікі деп меншіктей алмайтындығы сияқты, өзін танымай жасаған және меншіктенген нәрселеріне де иелік ете алмайды. Неге?
Неге екенін ұғыну үшін әуелі өзімізді тауып алайық. Айнаға қарайық. Айнадағы кескінді өзіміз деп білсек, сонда соның, яғни әлгі айнадағы адамның қай жерін өзім деп білген жөн? Бір қарағанда, күлкі шақыратын-ақ сауал. Мақұл. Барлық кескінді тұтастай өзіміз деп қабылдайық. Бірақ өмірде қолы, не аяғы, болмаса көзі, құлағы жоқ адамдар кездеседі. Сонда қалай, адам өзінің бір дене мүшелерінен айырылғанда өзі де бөлшектене бастай ма? Олай емес. Демек, сыртқы форма, яғни айнадағы кескін біз емес екен. Біз «рухпыз». Шындығында, дене рухты емес, рух денені ұстап тұрады. Рух тастап кеткенде дене формалық мәнінен ажырайды. Киімнен де қадірсіз нәрсені өзім деу және соған өмір бойы қызмет ету, бұл енді, ашығын айтқанда, бейшаралық. Бейшаралық емес, дінсіздік. Дұрысы – адасушылық.
Енді қазақтың неге аруақ шақыратындығына ойысайық. Аруақ – бізбіз. Аруақ деп атой салғанда біз жоғарыда айтқан жалған нәрселерді емес, өзімізді шақырамыз. Жалған кейін ысырылып, ақиқат алға шыққанда анталап тұрған «жау» қоғадай жапырылады. «Жау» деп бізге тосқауыл боп тұрған нәрселердің бәрін жалпылама атадық. Осы жауды Өзің жеңсең ғана шындық салтанат құрады. Ал өзіңді тану үшін міндетті түрде аруақ шақыруға тура келеді. Өйткені өзіңді танысаң, Алланы да танисың. Себебі Алла – Өзіңде.
Алла адамға күре тамырынан да жақын. Мұны діннен шамалы хабары бар адамның бәрі біледі. Демек, Алла адамға сырттан әсер етпейді. Сырттан әсер ету әлгі жақындыққа қайшы келеді. Алайда Алланы ана жерде, не болмаса мына жерде деу сол жер көлеміне қарай Алланы мөлшерлеуге негіз болады да, ондай көзқарас үлкен күнәға ұрындырады. Сондықтан біз Алланы шексіздік әлемінде деп білеміз. Ал ол шексіздік әлемі – рухқа тән. Рух – Алланың аманаты. Оны көтеру, Құран кәрімде айтылғандай, тек адам баласына ғана нәсіп болған. Басқаны былай қойғанда, ол аманатты көтере алмай, таудың өзі қақ айырылады. Неге? Себебі ол рухта Алланың өзіне тән есім сипаттары бар. Ол есім сипаттардың мәнін ұғыну үшін рухты айна деп білсек, ондағы «көрініс», яғни Алланың есім сипаттары, өзіне қараушының, яғни Алланың бар екендігін әйгілейді. Ал Ол бар нәрсенің қайда екендігіне біздің ақылымыз жетпейді. Ол әлемге бару тек біздің Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ғана нәсіп болған. Алла әлемінің ернеуінен аттауға ұлық періште Жәбірейілдің өзі тәуекел ете алмаған. Кейбір жекелеген діндарлардың сондай Ұлық затпен тікелей байланысып, сыпайылап айтқанда, тек Алламен ғана «сіз, біз» десіп отырамын деуі күлкілі. Күлкіліден гөрі қорқынышты. Оған аруақты мойындамаған адамдар барады.
Рух – біз. Ал онда Алланың есім сипаттары болғандықтан, ол бізге күре тамырымыздан да жақын. Біздің мақсат – соны тану. Дұрысы – соған қосылу. Сонда ақиқат айқындалады. Әйтсе де, Қазақстан Республикасындағы заңнамаға сәйкес зайырлы мемлекеттің негізін құраушы принциптерді басшылыққа алған жөн. Олар:
1) мемлекет пен оның инс-титуттарының зайырлы, конфес-сионалдық бейтарап сипаты;
2) дінге қатынасы, діни немесе зайырлы бірлестіктерге қатыстылығына қарамастан адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының теңдігі;
3) Заң алдында діни бірлес-тіктердің теңдігі;
4) тұрғындардың ұлттық дәс-түрлерін, ділін құрметтеу, ұлттық әдет-ғұрыптар, дәстүрлер мен діни жоралардың өзара байланысын есепке алу;
5) ар-ұждан және дін ұстану еркіндігі саласындағы конституциялық құрылымның негіздерін, адамгершілікті, адам мен азаматтың денсаулығын, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, елдің қорғанысы мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамта-масыз ету қажеттілігімен айтылатын осындай шектеулерге рұқсат ету. Сонда «Біз кімбіз?» деген сауалға жауап алынады. Дұрыс. Қазақпыз. Енді осы сауалды жеке адамға қарата қойып көрелік. Сонымен, сіз кімсіз? Тағы да дұрыс. Иә. Қазақсыз. Міне, осы сауалға қайтарылған дұрыс жауап бізді бүгінгі күнге жеткізді. Алла қаласа, ертеңгі күнге де алып барады. Рас, бір қарағанда біз қойған сауалдың да, оған қайтарылған жауаптың да пәлендей мәні жоқ тәрізді. Шынымен солай ма? Байыптап көрелік.
Кеңестік дәуір тұсында бұл сауал ешкімге тікелей қойылмайтын. Қойылған күннің өзінде оған «советпін» деген жауап қайтарылатын. Бәлкім, сәл басқашалау. Алайда ұғымы сол советке келіп-ақ тұратын. Неге? Қорқыныштан ба? Жоқ. Себебі «қазақ» сөзі мәнінен КСРО атауының қуат күші басым болатын. Бұл — әлеуеттік басымдық емес. Бар гәп КСРО атауының ғарыштық үйлесіммен үндесе алғандығында. Ол үндесу – халықтың арман-тілегі арқылы жүзеге асты. Сан миллиондаған адам бір ғана ойлау жүйесін қалыптастырды. Тұтастық – жер мен көкті қамтыды. Солай бола тұра, сол алапат қуаттың өзі «қазақ» атауын жойып жібере алмады. Неге? Себебі «қазақ» атауы – мәңгілік ұғым. Бір сөзбен айтқанда, Алла қалауы. Ал КСРО қалыптастырған «тұтас әлем» – адамдық ой-сана. КСРО идеялогиясын құдайсыз, дінсіз демей-ақ, «Алла әмірінен тыс әлем» деген жөн сияқты. Оның баянсыз болуы да сондықтан. Ал қазақ…
Сәл шегініс жасап, әңгімемізді әріден басталық. Бұрындары бұл сауал «қай баласың?» деген ыңғайда қойылатын. Неге? Себебі, сауал қойып, жөн сұраушыға алдында тұрған адамның қазақ екендігі мәлім болатын. Сондықтан әлгі сауалға «қазақпын» деп жауап қайтару әбес. Демек, ру сұрасқанның айыбы жоқ. Егер қазақ болсаң. Қазақ болмасаң… Онда жойыласың. Әулетіңнің соңғы тұяғы өзіңмен бірге тәмәмдалатынды-ғын да жоққа шы-ғаруға болмайды. Бәлкім, тағы бір-екі ата. Одан әрі үміт жоқ. Үміт жоқ болатыны, ұлтты тұтастырып тұрған алтын арқау – бейнелеп айтқанда, ғарыштық ұлы үйлесімнің бір уығы. Ал сіз сол «уықтан» ажырағаннан кейін әлгі тұтас әлемге мүлде маңайлай да алмайсыз. Біздің, қазақтың өзі «уық» болғанда, ол әлемнің қандай екендігін бағамдай беріңіз. Ол – мәңгілік әлем. Дұрысы – ахиретке дейінгі әлем. Ол әлем, ақын айтқандай, «Күн сөнгенше сөнбейді». Әрине, ол әлем ішінде біз де бармыз. Сіз де барсыз. Егер… Иә. Қазақ болсаңыз. Ал біз ол әлемге қалай ендік?
Дұрыс. Қазақ болған соң. Тағы сауал. Сонда біз қалай қазақ болдық? Жауап айқын. Саналы түрде. Қазақ атауының қайдан, қашан шыққандығы туралы әңгіме бөлек. Біздің тақырып – Қазақ атауының мәні. Қазақтың тарих сахнасына шыққан кезін әзірге Керей мен Жәнібек хандардан, яғни 1456 жылдан бастай тұралық. Бұл – түбегейлі байлам емес. Гәп – ұйысуда. Қазақ атануда. Жоқ. Олай емес. Гәп – қазақ атауының мәнінде. Әлгі бір ертекте айтылатын өлгенді тірілтетін су бар ғой… Бар гәп сол «суда». Ол «судың» аты – қазақ. Егер біз басқа атты иеленгенде, бүгінгі күнге жетпес едік. Демек, «қазақ» атауы дәл сол күні ойға оралған жоқ. Ол – әу бастан бар болатын. «Тірі» болатын. Тірі болатыны, ол – мәңгілік. Ол – біздің жердегі кіндігіміз. Бастауы… Иә. Адам ата. Біз – Адам атаның баласымыз. Қазақпыз. Қазақтықтан ажыраған күні… Одан Құдай сақтасын. Жаратылыстық ұлы үйлесім бізді тек қазақ деп қана таниды. 1456 жылы біз жадымыздан шыққан қазақ атауын қайта иемдендік. Гәп – қазақ атын табуда емес, сол атауға көнуде. «Көну» – ұлылық қасиет. Байыптап көрелік.
Қазақ, яғни сіз бен біз бәрі-не көнеміз. Шыдамдымыз. Оңай-шылықпен шамырқана да қоймаймыз. Біз көнбейтін бір-ақ жайт бар. Ол – тегімізге тіл тигізу. Қай ата, қай ру да өзін ешкімнен кем санамайды. Кем санағанды былай қойғанда, біреу басынса – қолында өледі. Ал сол өзінің шыққан тегін әспеттеген адам «Бәріміз бір-ақ ру болайық» дегенге көне ме? Көнбейді. Өлсе өлер, бірақ көнбейді. Міне, осы өмірі басы қосылмайтындай көрінген рулық, тайпалық топты бір шаңырақ астына жинаған қандай күш? Бәріміз арғын, не адай, болмаса шапырашты… болайық» дегенге келіспеген біздің арғы бабаларымыз біреу біліп, біреу білмейтін, тіпті қашан, қайдан шыққандығы да беймәлім «қазақ» деген атауға неліктен емешектері үзіле қалды. Жауап айқын. Қайталап айтайық. Ол – бастапқы тек. Ол – рух. Ол – тұтастық. Жер мен Көктің тұтастығы. Біздің бабаларымыз «қазақ» атауынан соны сезінді. Сезінгеннен кейін әлгінде ғана жиырылып тұрған «бөгде ата» баласына қайта қарады. Ол сонда кімді көрді? Дұрыс. Өзін көрді. Қазақты көрді. Қазақ бір-бірін тек қазақ болғанда ғана көре алады. Қазақ болмаған адам… Иә. Руды көреді. Ал ондай адамның кейінгі тағдыры қандай болатындығын жоғарыда айттық білем.
Жарайды. Әңгімеміз қисынсыз көрінбес үшін қазақтың әлі күнге дейін неге ру сұрасатындығына да тоқтала кетейік. Қазақ – мәңгілік ұғым. Ал ру – қазақтың ұйтқысы. Русыз қазақ тұтаспайды. Рудан айрылсақ, қазақтан да айрыламыз. Қарсы пікір болатынын білемін. Трайбализм… Далбаса. Трайбализмді қазақтың жаулары ойлап тапқан. Қайталап айтайық. Ру – қазақты бөлшектемейді, қайта тұтастырады. Қалай?
«Қазақ құда-жекжат арқылы тұтасады» деген де әңгіме бар. Бос сөз. Қазақ тек ру арқылы ғана тұтасады. Бәрімізге белгілі, қазақ – белгілі бір жүйе бойынша қоныстанған. Кімнің қай жерден екендігін білгеннен кейін, оның қай рудан екендігін де шамалауға болады. Ұғынықтылық үшін айтайық. Жалпы қазаққа айбар болған бір тұлғамыздың атын ұрандатып шағын бір ауыл тұрғындарын рухтандыра аламыз ба? Жоқ. Рухтандырмақ түгілі күлкіге қаласың. Ал енді сол рудың емес, сол ру қосылатын тайпаның аруақты адамының атын ұрандатсақ, әлгі ауыл өре түрегеле ме? Жоқ. Қайта қитығып қалуы мүмкін. Тұтасу үшін әуелі әлгі ауылдың айбар тұтатын аталарының аты аталуы тиіс. Олар сонда ғана өре түрегеледі. Осылайша әр ауылды көтеруге болады. Шағын ауылдар топтасқаннан кейін «ауыл аталары» ұран болудан қалады да, тайпалық тұлға аты ауызға іліне бастайды. Мұндай тұтасу кезінде «ауыл аталарын» ұрандату ұят саналады. Бұл – қазақ болудың басы. Ал тайпалар тоғысы кезінде біз жоғарыда айтқан қазаққа айбар болған тұлғалар есімі ұранға айналады. Қазақ осылайша тұтасып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғаннан кейін жеке батырларды өз руы атымен атауды айып санамайды. Себебі, оны өзінен бөлмейді. Өйткені ол — өзі, өзінің бір жапырақ бөлшегі. Ежелгі дәуір батырларының есімі бүгінгі күні де өздері шыққан ру атымен қабаттаса аталып жатады. Солардың қай рудан екендігіне қазір қайтадан мән беріле бастаған тәрізді. Ол ру аты біз қазақ болған кезде байқалмайды. Қайта көкірегімізге мақтаныш сезімін ұялатады.
Біз 1986 жылы, одан кейін 90-шы жылдардың басында қайта қазақ болған едік. Алаштың Ахмет Байтұрсынұлы бастаған атпал азаматтары есімін қайта жаңғыртқанда қазақ болып едік. Қазір де қазақпыз. Солай ма?
Солай. Қазіргі қазақтың ұйтқысы – мемлекет. Мемлекет пен қазақ атауын бөліп қарауға болмайды. Рулық ұйтқы өз міндетін орындады. Ол бізді қазақ жасады. Егер рулық ұран ұлттық мүддеден басым түссе, онда ол бөлшектеуге алып келеді. Рас, ру қазақтан, яғни мемлекеттен тыс қалмайды. Біз оған мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарай алуымыз керек. Сонда ешқандай оқшаулық та сезілмейді. Алайда біз бүгін мемлекеттің жетістігін қазақтың жетістігі деп бағамдай аламыз ба? Қазақ өзінің, яғни мемлекеттің тілеуін тілеп отыр ма? «Иә» деу оңай. Бірақ… Иә. Қазақ пен мемлекет әлі бір ұғымға айналған жоқ. Оның себебі… Бәрін қазбаламай-ақ қоялық. Объективті себептерді де қоя тұралық. Әңгіме өзіміз туралы. Сондықтан қазаққа қатысты жайттарды ғана қаузайық. Оның ішінде айтпағанымызды әуелі баспасөзге қатысты мәселелермен байланыстыра өрбітіп көрелік.
Бір ғана сауал. Ұлттық мүддені, мемлекеттік мүддені, бір сөзбен айтқанда, қазақтың мүддесін көтеріп жүрген қазақ басылымдарының таралымы неліктен аз?
Оның себебі… Рас, қаржы тапшылығын көлденең тартқан кезіміз болды. Бірақ ол негізгі себеп емес. Қазір қаржылылар, қалталылар ауылда да аз емес. Қорасынан мыңдап қой өргізіп отырғандар да баршылық. Бірақ газет-журналға жазылмайды. Неге? Маған өткенде біреу өзінің «Егемен Қазақстан» газетін оқымайтындығын мақтанышпен айтты. Бар гәп – осы санасыздықта. Шынтуайтына келсек, оны да кінәлау қиын. Қиын емес, обал. Себебі, ол сана — әлсіреген, сансыраған дімкәс сана. Қоғамдағы тосын өзгерістер біз қаншама жыл ардақ тұтқан құндылықтардың бәрін тәркі етті. Бір сөзбен айтқанда, біз бос кеңістікті ғана қармап қалдық. Сондықтан ауру, дімкәс сананың ем тілейтіндігі заңдылық. Ал ол «ем» сырттан келді. Біз іздемей-ақ, сұрамай-ақ қаптап келе бастады. Оған өзіміздің дәлдүріштер қосылды. Не керек, күлдібадам желікпе басылымдар барлық аймақты басып қалды. Бар гәп – сол саржағал басылымдардың әлі күнге дейін сұранысқа ие болуында. Бұл біздің бүгінгі деңгейіміз.
Оның сондай болып қалып қоюының екінші бір себебі, жекеменшік факторына деген түсініктің таяздығына байланысты. Өйткені әр қоралы қой иесі өзін мемлекеттен оқшаумын деп сезінеді. Ол отбасының өзіндік жеке қызықтары, өзіндік жеке идеологиясы бар. Ол идеологияны қалыптастырған әлгі басылымдар. Әрине, оны «Егемен Қазақстан» қызықтырмайды. Себебі ол «Егемен Қазақстан» деген сөздің мәніне бойлай алмайды. Бойласа… Иә. Талып қалар еді.
Тағы бір мәселе бар. Ол – дін. Біз бірінші қазақпыз. Одан кейін барып мұсылманбыз. Әлһамдулла! Бірақ кейбіреулердің әуелі қазақ емес, мұсылман болғысы келеді. Ол – дұрыс емес. «Мен сендерді бір-бірлеріңді тануларың үшін ұлттарға бөлдім» деген аят бар. Демек, өз ұлтыңды тәркі еткен күннен бастап мұсылмандықтан да шеттей бастайсың. Мың жерден аққа оранып, тақуа болуға ұмсынсаң да… Тақуалық киім үлгісіне ешкімнің де таласы жоқ. Бірақ сол тақуалық киім үлгісінің де, оның ішіндегі адамның да қазақ болғаны қымбат.
Сонымен қатар жастарымыздың мына жайтты де ескергендері жөн. Біздің, жалпы біздің ғана емес, жер бетіндегі барлық адамзат баласының бір ғана арман-тілегі бар. Ол — өз ісінің теңдессіз білгір маманы болу. Нарықтың сіз бен бізге қойып отырған талабы да сол. «Өз кәсібіңнің білгір маманы бол» дегенді… Иә. Бәрі де айтуда. Нарықтың осы бір жазылмаған қағидасына кешегі күнге дейін бой алдырмай келген тек қазақтар еді. Біз де жеңілдік. Өкінішке қарай, біз оны жеңіліс емес, жеңіс деп бағалап жүрміз. Дегенмен таразылап көрейік. Кәсіби мамандыққа баулитын оқу орындары бұрын да болатын. Рас, сол мамандықтарды игергендер бұрын да жаман тұрмайтын, олар қазір де ешкімнен сорлы емес. Бірақ, солай екенін біле тұра, қазақ балалары ол мамандық түрлерін таңдай бермейтін. Неге? Себебі біз біліктілікті емес, білімді іздедік. Кейбіреулерге біз кәсіби білімді игере алмағандықтан да өзгелерден қалып қойғандай көрінуіміз кәдік. Маған сол «қалып қойғанымыз» ұнайды. Неге? Себебі, адам өз кәсібін неғұрлым жетік меңгерген сайын, ол соған тәуелді бола түседі. Өйткені оның алған білімі өз кәсібінің қыр-сырын меңгеруге ғана негізделген. Ал оны білім деу… Меніңше, қате түсінік. Сондықтан да ол бірте-бірте өз кәсібінің құлына айнала бастағандығын сезіне алмайды. Өз кәсібінің құлына айналған адам туған жер, Отан деген киелі ұғымдардан алшақтай бастайды. Ол өз кәсібінің өрістеуіне мүмкіндік ашылған қай елге болсын қоныс аударуға пейілді болады. Ұлттық мүдде мен мемлекеттік мүдденің тоғыспай жатуының да ең басты себебі осы.
Енді осы жайттарды таразылауға тиіс зиялыларымыз туралы бір ауыз пікір білдіре кетелік. Айтпағымызды әріден, пайғамбарлардан басталық. Сонымен пайғамбарлар өздері өмір сүрген дәуір қажеттілігіне байланысты туған. Жарайды. Оларды Алла жіберді-ақ дейікші. Сонда Алла оларды неге жіберді? Дұрыс. Әлгі ел азған соң. Бірақ сол елдің тұтқасын ұстап тұрған адамдар «О, пайғамбареке, келгеніңіз жақсы болды. Сіз болмасаңыз біз құрып, бітер едік» деп пайғамбарларды құшақ жая қарсы алды ма? Жоқ. Қайта… Иә. Өлтіріп тастады. Себебі, адамға өздері құрған құрылым әманда дұрыс көрінеді. Оны өзге біреудің, тіпті ол пайғамбар болса да бұзғанын қаламайды. Соның салдарынан қаншама дамыған елдер жер бетінен жойылып кетті. Неге? Себебі олар адамзат дамуының дұрыс жолын таңдаған жоқ. Пайғамбарлардың өмірге келу қажеттілігі де содан барып туындайды. Бірақ адамдар дегендерінен қасарысып, ешқашан қайтпайды. Неге? Егер шынтуайтына келсек, пайғамбарларға ерік бермеген сол дәуірдің зиялылары. Сондықтан әуелі зиялылардың кімдер екендігін байыптап алған жөн.
Кешегі кеңестік жүйе зиялылық туралы түсінікті де былықтырып жіберді. Сондықтан да олар әуелгіде жоғары білімі барлардың бәрін зиялылар санатына қосты. Одан түк шықпаған соң, зиялылық міндетті билік өз қолына алды. Содан келді де қолында пәпкі, басында шәпкісі барлардың бәрі зиялы болып шыға келді. Ең сорақысы – соның салдарынан зиялылықтың жалаң формасы қалыптасты. Оқымаса да кітап жинайтындар, түк түсінбесе де театрға баратындар, өздерін зорлап отырып орталықтың жаңалығын көретіндер қалыптасты. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл қоғам зиялылық формасына енді.
Зиялылық туралы ұғым өткен ғасырда, тіпті одан арғы ғасырда жойылған. Рас, кейбіреулер бойынан зиялылық жұрнағын ептеп сезінуге болады. Алайда жалаң форма дегенің қазір айналайын болып қалды. Айналайын болатыны, ол байғұстар топас еді ғой. Қазіргілер… О, қазіргілер… Қазіргілердікі форма емес, кеп. Жұрттың бәрі соған құмар. Зиялылыққа емес. Кепке. Сол кепті киюге. Алайда ол адамдықтың кебі ме, жоқ, әлде шайтандықтың кебі ме, ол жағы белгісіз. Белгілісі – бұл зиялылықтың екінші деңгейі. Үшіншісі агрессивті зиялылық. Бұл – зиялылықтың жоғары деңгейі. Ондай зиялылық… Дұрыс. Ондай зиялы болмайды. Ендеше «зиялы» деген атауды да қолданыстан алып тастау керек. Өйткені кезінде Пайғамбарларды жер жастандырған осы үшінші деңгейдегі зиялылар.
Ал ұлтшылдар… Олар біздің тегіміз. Тек… Ол – адамдық болмыс, ол – тазалық, ол – кісілік. Тек — әмәнда өз нәсіліне тартады. Ал зиялылық… Оны айттық. Сонымен бізде зиялылар бар ма, жоқ па? Бар. Біздегілердің бәрі зиялы. Мәселе онда емес, гәп – кімнің қай деңгейде екендігінде. Жалпы зиялы болу – бүгінгі құрылымның негізгі генераторы болуға ұмсыну деген сөз. Ал ол шығыршық өзіндік қуатына еніп, айналысқа түскен кезде оған қарсы тұруға ешкімнің пәрмені жетпейді. Сонда жердің шығыршығын айналдырып отырғандар бізбен санасатын болады.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Сындарлы он жыл» атты кітабында «Бізге, қазақтар үшін ислам – ең әуелі біздің дүниетанымымызды анық-тайтын жоғары мұрат пен фактор, толықтай ұмытылу қаупі туындаған бай мұсылмандық мәдениеті мен ата-бабаларымыздың атын тиісінше бағалауға мүмкіндік беретін өз алдына нышан», — деп жазды.
Соған орай бізге әуелі ұлттық болмысымызды анықтап алуға тура келеді. Қазақы болмыс. Бұл қай болмыс? Шынтуайтына келсек, гәп — болмыста емес. Болмыс − ол біздің ұлтқа тән жаратылыстық қалпымыз. Бастапқы негізіміз. Қазақы кейпіміз. Алайда сол болмыс өзіндік бастапқы мәнін тұтастай сақтап қала алған жоқ. Ол заңды да. Заңды нәрсеге талас жоқ.Уақыт өлшемі, қоғамдық, әлеуметтік, саяси өзгерістер адам болмысына да әсер ететіндігі күмәнсіз. Жарайды, біз бұларды бір сөзбен «заңды өзгерістер» санатына жатқызайық. Сонда болмыс өзгерісіне байланысты туындайтын кінәрәт неде?
Кінәрәт қолдан жасалған өзгерісте. Дұрысы – сол қолдан жасалған «өзгеріске» мойынсұнуда. Соған көндігуде. Сол «өзгерісті» өзіндік «Мен» деп қабылдауда. Ол «Мен» – бүгінгі қазақы болмыс. Енді сауалды төтесінен қояйық. Қазақы болмыс — қазақтың болмысы ма? Бұл жерде «жоқ» деу де, «иә» деу де кесімді байлам емес. Кесімді байлам болмайтыны, біз, негізінен, ұлтқа тән жаратылыстық қалпымызды қазақы мінезге телиміз. Байыбына барсақ, бұл – тұтас бір ұғымды мәннің бөлшектенуінің басы. Бұл бөлшектену бір күнде қалыптасқан жоқ. Алайда сол бөлшектену барысында бастапқы таза қазақы болмысқа (әу баста «қазақ» пен «қазақы» бір мәнге ие болатын) қазаққа телінетін келеңсіздіктердің бәрі кірігіп кетті де, «қазақы бала-бала емес» дегенге саятын жаңа ұғымды қалыптастырды. Бұл «жаңа ұғымды» біз жоғарыда айтқан «заңды өзгерістер» «кемелдендірді». Сол «кемелдендіру» нәтижесі бүгінгі сіз бен біз, яғни бүгінгі қазақ. Бір қызығы, осы «кемелдендіру» нәтижесінде «қазақ» пен «қазақы» ұғымдары қайта тұтасты. Содан барды да тұтастай бір ұлт бастапқы жаратылыстық болмысынан ажырап, Абай атамыз мансұқтайтын «қазаққа» айналып шыға келді. Шындығында бұл «қазақ», ол Қазақ емес. Сондықтан гәп қазақ болуда емес, қай қазақ болуда. Біздің кемшілігіміз, Ахмет Байтұрсынұлы кезінде басталған «қазақ болмау» процесін дұрыс түсінбеуімізде. Оның себебі – «қазақ болмау» процесінің өзі екі бағытта жүрді. Біріншісі – бастапқы текке ұмтылу; екіншісі – өзге ұлт құрамына ену. Жүре келе әлгі «заңды өзгерістер» нәтижесінде бірінші бағыт мүлде ұмыт қалды да, екінші бағыт тіптен белең алып кетті. Ал оларға қайтадан «қазақ» бол деу… Бұл енді қорлық. Сонда олар қайтадан қазақ болмай ма?
«Болады» деу үшін әуелі сол «болады» сөзіне мән берген жөн. Өкінішке қарай, қазіргі «боладының» анықтамасы – тек қана тіл. Сонда қалай, қазақ тілін білгеннің бәрі қазақ па? Егер әлгі басқа ұлтқа сіңген «қазақ» қазақ тілін өзге шет тілінің бірін меңгергені тәрізді үйреніп шықса қазақ бола ма? Болмайды. Бірақ тіл үйренуі қазақ болуға ұмсынудың басы екендігін жоққа шығармағанымыз ләзім. Алайда әу бастағы қазақы болмысымызбен қайта қауышу үшін бұл аз. Аз болатыны, оларды былай қойғанда, ана тіліне жатық біздің өзіміздің қазақ болып жарытып жатқанымыз шамалы. Егер шынайы қазақ болсақ, Абай атамыз бізден түңілмес еді. Байыбына барсақ, Абай атамыз санамалап берген кінәраттардың бәрінен арылмай тұрып, тіпті онымызды өзімізге мін санамай, сол кінәраттардан арылу үшін өзге ұлыс құрамына кіруге бел байлағандарды «қайтадан біз сияқты бол» деу әбестік емес пе?
Әбестік емес. Бұл әсіре ұлтшылдық емес, шындық. Себебі, өзге ұлт құрамына саналы түрде енген бөгде ұлт өкілі, қанша жерден әулие болғанымен түбінде жойылады. Өйткені ол жат топырақта тамыр жая алмайды. Қазақ тек қазақтың жерінде ғана өседі, өнеді, өркендейді. Біз әу бастағы болмысымыз өзгеріске түскенімен, өзімізді сақтап қалуымыздың басты себебі – сол топырақтан, жерден кіндігіміздің ажырамағандығынан. Ұғынықтылық үшін мына бір жәйттарды байыптап көрелік.
Мән берсек, қазақ жерінде өсіп — өнген өзге ұлт өкілінің өз ұлысына қайта сіңуі қиын. Тап осындай гәп біздің қандастарымызға да тән. Оны шет елден келіп жатқан оралмандардың рең-басынан да аңғару қиын емес. Кімнің қай жақтан келгендігін өздерінен сұрамай — ақ топшылауға болады. Алайда біздің қандастарымыздың бойында бір артықшылық бар.Ол – ұлттық мінездің сақталып қалуы. Өйткені олар әу бастағы қазақ жерінен, өздерінің ата қонысынан тамырын үзген емес. Дегенмен ол жерлерде де жаттану процесі жүріп жатқандығын жоққа шығаруға болмайды. Жер жаттанған соң… Иә. Адам да жат.
Ал біздер, біздер ғана емес, біздің өз қатарымыздан шеттей бастағандар, байырғы болмысын, ұлттық рухын қайта табуға пейілді ме? Пейілді. Оны біз жоғарыда айтқан екі бағыттың, екіншіден бірінші – өз тегіне ұмтылу бағытының алға шығуынан да аңғаруға болады. Біз ол бағытты – «қазақ болмау» процесі дедік. Себебі оның қай қазақ екендігін жоғарыда айттық білем. Бұлайша бұлталақтатпай-ақ «нағыз қазақ», болмаса, «бастапқы қазақ» деуге де болар еді, бірақ тағы да бөлшектенуден сақтағандықтан «қазақ» атауына шамалы философиялық мән бергенді жөн көрдік. Себебі бар кілтипан бір тұтас ұлттық ұғымға кезінде жете мән бермей бөлшектеуден бастау алған болатын. Ол – біз сөз басында айтқан «қазақ» пен «қазақы» ұғымдарының мәні. Енді сол негізгі айтпағымызға қайта ойысайық.
Қазақы қасиет – қазақтың қасиеті. Бұл – ұлттық өлшем. Мінез де сол сияқты. Осы тұтас ұғым – біздің рухымыз. Біз сол өршіл рухтан қалай ажырадық? Себебі, қазақ екіге жарылды. Екіге жарылған өзі емес, рухы. Бірі-«қазақта» қалды да, екіншісі-«қазақыға» ауды. «Қазақы» — формалық мәнге ие болмағандықтан, ол өзін сақтап қала алмады. Ал жалаң формаға ғана ие «қазақ» бар қасиетін жоғалтты. Осы жаңа формаға ғана ие «қазаққа» біз жоғарыда айтқан «заңды өзгерістер» жаңа мінезді, құлдық психологияны қалыптастырды. Соны өзім деп білген «қазақ» өзінің жаратылыстық болмысын, яғни әу бастағы қазақы мінезді ажуалай бастады. Оның бүгінгі көрінісін қала қазағының дала қазағын ажуалауынан да аңғаруға болады. Жүре келе қазақы мінезге телінген келеңсіздіктер жаңа мінезге ие «қазаққа» да тән болғандықтан олар қайтадан тұтасып кетті. Біз – солмыз. Қазақпыз. Ұялмай айттық . Қайтеміз енді. Басқа қазақ жоқ.
Қазақ – ар еді. Нар еді. Ірі еді. Сірі еді. …еді, …еді … еді. Бірақ біз сияқты емес еді. Оған кім сенеді. Сіз сенесіз бе? Сенсеңіз… Иә. Қазақсыз. Біздің іздегеніміз де сол. Ондай қазақ… Иә. «Жоқ» дегенді де айтушылар баршылық. Оны айтатындар біз жоғарыда айтқан қазаққа жаңа мінезді қалыптастырушылар. Кезінде «Қазақтар өз алдына дербес ел бола алмайды» деген пікірді қалыптастыруға жанталасқандар да солар болатын. Ол арандатушылықтарынан дәнеңе шықпаған соң, олар «Билікті орыс тілділер ұстап тұр» деп те байбалам салудан тайынған жоқ. Өкінішке қарай, мұндай пікірді қолдаушылар да аз емес. Олар санасына мемлекет тізгінін өз ұлтымыздың төл перзенті ұстауға қабілетті болғанда, өзге «майда – шүйде» шаруаларды атқаруға қазақ ұлтының өкілі неліктен қабілетсіз болуы керек деген ой әзірге кірер емес. Бұл да жалған мінезден әлі де толықтай арыла алмай жатқандығымыздың әсері. Алайда үміт басым. Ол үмітті қалыптастырған мемлекетіміздің бүгінгі даму деңгейі. Мемлекетіміздің жетістігі – біздің жетістігіміз. Қазақтың жетістігі. Иә. Сол қазақтың. Ол қазақ аз емес. 12 миллион. Әзірге.
Әйтсе де дәстүрлі дінге бет бұрудың жөні бөлек. Дәстүр мен дін бізде адам баласының өмірге келуі мен оның өмірге озуына дейін үндесіп кеткен. Мәселен, адам өмірге келді. Азан шақырылып, оған есім қойылды. Оның есімі мен тіршілігін Азанмен әйгіледік. Өмірінің басталғандығын тәкпір айтып ұғындырдық. Сәбиге ат қою жайы бәрімізге белгілі. Ал Азанды не үшін шақырдық, екінші құлағына неге тәкпір айттық? Ендеше Азанның мәніне үңіліп көрейік. Әуелі Алланы ұлықтадық. Одан кейін Одан басқа сыйынатын Құдайдың жоқ екендігіне иман келтірдік. Пайғамбарымыздың (сғс) кім екендігін біліп, мына жаратылыс мәнін түйсіндік. Сондай-ақ бізге берілген сынақ өмірде намаз оқығандардың құтылатындығын және соған асығу қажеттілігін білдік. Содан кейін осы мәселелерді тағы бір тәптіштей келе, оған мына өмірге келіп, өзіне ат қойылумен намазының басталғанын ескерттік. Міне, Азан мен тәкпірдің мәні. Бұл мәнді: «Мен адам баласы мен жындарды өзіме құлшылық ету үшін жараттым» дегенге саятын аят толықтырады. Ал құлшылықтың ең абзалы — намаз. Бұдан біз өзіміз сүрген өмірдің біздің оқыған намазымыз екенін түйсінеміз. Себебі… Дұрыс. Азан шақырылып, тәкпір айтылғаннан кейін іле намаз басталады.
Намаз аяқталды. Демек ол адам өмірден озды. Артында қалған жамағат ол өмірге келген кезде Азан шақырылғанын әйгілеп, намазға тұрды. Иә, Азан шақырылмаса, намаз оқылмайды. Мұсылман баласына әу баста Азан шақырылғандықтан жаназа шығарылады.
Иә, адам баласы арғы әлемде әуелі намаздан сұралады. Енді кім де болсын бес күн өмірді қалай өткізгеніне жауапты болуы керек қой. Тақуалардың өз өмірлерін ғибадатқа айналдырып жіберетіндіктері сондықтан.
Өмірдің басы — Азан, соңы — жаназа, ортасы — намаз. Өмірден озған мұсылманға жаназа оқылады. Иә, аза тұтылатын — жан. Сондықтан соны түйсінгендерге, яғни тек мұсылмандарға ғана жаназа оқылады. Көпшілік намазды мәйтті емес, жанды аза тұтып оқиды. Аллаға шүкіршілік етеріміз, әйтеуір жаназа сөзінің мәні өзгерген жоқ. Сондықтан өмір бойы руxқа қарсы болғандардың да жаны аза тұтылып, арғы әлемге аттандырылып жатады. Ал оның бар қорғаны — өзінсіз оқылған сол жаназа.
Сонымен жаназа. Сап түзелген. Алдымызда… Иә. Марқұм. Намаз оқығанда алдынан ешкімді көргісі келмейтіндер де амал жоқ сапта тұр. Кейбіреулерді «Адамға қарап намаз оқуға бола ма екен,ә?» деген де сауал мазалап қояды. Сондай ой мазалайтын адамдарды да, «Марқұмның алдынан жарылқасын» деп дұға жасағанда бет сипамайтындарды да талай рет көрдік.
Сонымен жаназа. Байғұс жан, осыған дейін бар-жоғы білінбей мына марқұмға қалтықсыз қызмет еткен жан тұңғыш рет аза тұтылғалы тұр. «Біз ол жанның Алла аманаты екенін білдік. Оны мына марқұм да білді»деп жаназа намазын оқымақпыз. Әйтеуір «Жақсы адам еді» деп бәріміз куәлік етіп, «Қарыздары болса балалары көтереді» деп марқұмның мақтауын асырып, ол иелік еткен аманатты Иесіне тапсырмақпыз. Оның үстіне қазақ дүниеден озған адамды жамандамайды. Қалай болса да әйтеуір «Соңғы парызымыз ғой» деп қайырласуға барады. Ондай жерде өкпе-реніш айтылмайды. Кешегі күні бет көріспестей болған адамға да «Жақсы адам еді» деп күбір ете қалғанын өзі де аңғармай қалады. Оны айтқызған — ақиқат. Ал ол ақиқаттың аты — ажал. Мына ағайын ертеңгі күні сол сөзді саған да қайталайды. Білген жөн. Жаназа — Алла аманатын Иесіне тапсыратын сәт. Жаназа кезіндегі жәйт екінші рет ешқашан қайталанбайды. Жаназада сап түзеп тұрған адамдар Аллаға аманатты тапсырушы куәлер. Ал куә болған адам Алла алдында өз сөзіне жауап береді. Сондықтан кейін «Жер айтып бармасын» деп қойып марқұм туралы жаман сөзді күңкілдей бастасаңыз, не болмаса жаназа кезінде жоқ деп алып, кейін «Қарызым бар еді» деп дау туғызсаңыз, онда жаназа кезіндегі, яғни Алла алдындағы куәлігіңізді тәркі еткен болып шығасыз. Сондықтан жаназаға бара жатқан адам өзінің Алла алдында куәлік етуге бара жатқандығын түйсінуі керек. Сол сияқты жаназаға тек дәреті бар адамдардың ғана тұруға құқылы екендігін де қаперде ұстаған жөн. Жалпы дәретсіз адам жаназадағылар тізіміне қосылмайды. Марқұмның өзіне дәрет алдырылатындығы сондықтан. Мынандай бір тәмсіл бар.
Ілгергі дәуірде ақылды, әрі дана бір патша өлер шағында үй-іші мен уәзірлеріне мынандай үш өсиет қалдырыпты:
1. Мені жерлеуге алып шыққанда денемді қабір басына дейін тек дәрігерлерім ғана көтеріп барсын.
2. Денемді алып шыққанда осы жатқан жерімнен көріме дейін алтын-күміс теңгелерді шашып отырыңдар.
3. Екі қолымды кебіннен шығарып, ашылған күйінде салбыратып қойыңдар.
Патша өсиетін мұқият тыңдаған бас уәзір оның өтініштерін орындайтындығына сөз бере келе патшадан бұл өсиеттерінің мәнін түсіндіруді сұрайды. Сонда патша: «Бірінші өсиетім — адамға өлім нақты келетін болса, одан қасыңдағы мықты дәрігерлердің өзі де құтқарып қала алмайтындығын, сондай-ақ өмір мен денсаулықтың ешбір адамның қолында емес екендігін түсіндіру еді.
Екіншісі — дүние жинап шаршаған уақыттарымыз бекерге өткен өмір екен. Соңына түскен алтын-күмістерің артыңда шашылып қалатынын жұрт сезінсе деп едім.
Үшіншісі — дүниеге келгенде қолымыз бос еді, кетер кезде де солай болатынын көпшіліктің есіне салсам деп едім» дейді.
Бұл тәмсілдің қазіргі күнделікті өмірімізде де алатын орны зор. Мәселен, дүкенде арақ-шарап толып тұр. Бірақ қай алқаш та сол «сүйікті асын» жымқырып кетуге тәуекел ете алмайды. Шу бойы тұнып тұрған анаша. Алайда соған тәуелді адамның өзі сол маңнан төбе көрсетуге аяқ тартады. Әлем-жәлем киінген қылықты қыз-қырқындар да жігіттерді өздеріне баурайды. Бірақ мөлшерлі шектен аттауға олар да тәуекел ете алмайды. Себебі, кінәлі болып қалады. Ал кінәлілер міндетті түрде жауапқа тартылады. Мәселен, көпір құлады. Кінәлілер анықталып, жауапқа тартылды. Кісі өлімі болды. Құқық қорғау органының қызметкерлері көп ұзатпай кінәлілерді қолға түсірді. Екі адам ұрысты. Бір-біріне кінә артты. Осы кінә тұрғысында айтылған әңгімелерге мән берсек, әлгі кінә істердің бәрі көзге көрінеді де сол көрінген кінә дәлелденсе, соны жасаған адам жауапқа тартылады. Бірақ біз сол кінәнің екінші жағына мүлде мән бермейміз. Ол — күнә. Біз осы өмірде күнәға емес, тек кінәға жауап береміз. Мәселен арақ ішкен күнә. Сол сияқты зина жасау да күнә. Бірақ кінә емес. Кінә болуы үшін арақ ұрланып, қыз зорлануы керек. Біз бұдан қазіргі қоғамда күнә жасау ашық түрде жолға қойылғандығын аңғарамыз. «Аңғарамыз» дегенді сөздің ретіне қарай айттық. Болмаса оны аңғарып жатқан адам жоқтың қасы. Шынында да қызық,ә?! Кінә жасаған адамды заңмен жауапты еттік те, ал күнәні ашық қалдырдық. Мән берсек, көңіл көтеретін жерлердің бәрінде күнәлі істер мемлекет қамқорлығы аясында жүзеге асады. Жалпы қоғамның өзі күнә жасауға шақыратын ойын-сауық отаулары, казино сияқты бизнестің өрістеуіне жол ашып қойған. Қазір тіпті күнәнің өзін күнә деп түсіндіре алмайтын жағдайға жеттік. Теледидар, әлеуметтік желі, қызылды-жасылды жарнамалар күнәға тұнып тұр. Ал біз оған мән бермейміз. Сол мән бермеген күнәні арғы әлемге өзімізбен бірге алып кетеміз. Рас, түрмелер кінәлі адамдарға толып тұр. Ал біз… Иә. Олар сияқты кінәлі емеспіз. Бірақ бұл күнәлі емеспіз деген сөз емес. Күнә арқалған адамның шынайы аты — күнәhар. Өкінішке қарай, біз оны мына қоғамда жоқ деп білеміз. Себебі, өзіміз солмыз. Қоғам да, біз де. Солай бола тұра кінә — кешірім сұраумен, ал күнә — тәубе етумен жуылады
Мәселеге осылай назар аударғанда біз күнделікті бір-бірімізге беріп жүрген уәденің де мәні ашылады. Мәселен «уәде – Құдай аты». Оны білеміз. Дұрысы — білмейміз. Білсек, уәде мәнін түйсінер едік. Ал онда түйсіне қоятындай қандай мән бар? Ең бастысы — уәде орындалуы тиіс. Орындалу үшін берілген уәдеге екі жақтың да сенгені жөн. Сонда ғана уәде мәні ашыла түседі. Ашылғанда, уәденің Қүдай аты екеніне көзіміз жетеді. Мәселен бір адаммен үш күннен кейін бір жерде кездесуге уәделестік делік. Егер екі жақ та өз уәделеріне берік болса, дәл сол уақытта екеуі сол жерде тоқайласады. Тоқайласуға себеп болған… Дұрыс. Уәде. Енді осы кездесуге қайтадан мән берейік. Егер уәделеспесе екеуі сол жерде, сол уақытта кездесер ме еді? Әрине, кездеспейді. Екеуі араларында уәде болған соң кездесті. Ал уәде — Құдайдың аты. Екеуі кездесу үшін сол Құдайға сенім артты. Сенген соң, әрине, кездеседі. Енді осы түсінігіміздің ауқымын шамалы кеңейтейік. Мәселен, сіз бен біз мұсылманбыз. Мұсылман болған соң барлық жаратылыстың Алланың құзырында екендігіне сенеміз. Егер біз сол сенімді Аллаға деген сеніммен ұштастыра алсақ, онда ойға алған нәрсеміз жүзеге аса береді. Оны: «Кімді айтсаң, сол келеді», «Ешекті айтсаң, құлағы көрінеді» деген сияқты мәтелдерден де аңғаруға болады. Мынандай бір тәмсіл бар.
Хазреті Маxмуд Худайидің ұстазы xазреті Уфтада бір күні уағыз айтып отырып: «Жаңа піскен жүзім болса, жер едік. Қайсысың барып жүзім жұлып алып келесіңдер?» дейді. «Қыс мезгілінде жүзім сұрағаны несі» деп, шәкіттері таңданып қалады. Алайда ұстазының сөзін жерде қалдырғысы келмеген Маxмуд xазреті жүзім әкелуге сыртқа шығып кетеді. Жүзімдікке барып, бұтақтар қарын сілкіген кезде шоқ-шоқ болып тұрған жүзімдерді көреді. Бір себет жүзім алып кейін қайтқанда байқамай бір шұңқырға құлап кетеді. Шұңқырдан шыға алмай, Аллаға дұға жасап, жалбарынып тұрғанда, жоғарыдан бір адам: «Ей, Маxмуд! Қолыңды соз, тартып шығарайын» дейді. Әлгі адам қолын созған мұны шығарып алады да көзден ғайып болады. Бұл жүзімді алған бойы ұстазының алдына барады. Сонда xазреті Уфтада: «Балаларым, бұл мезгілде жүзім болмайтынын мен де білемін. Мәселе менің сөзімде ме, жоқ әлде жүзімде ме? Соны білгім келді. Менің сөзіме емес, жүзімге мән бергендер оны таппайды. Ал сенген адамға Қызырдың өзі көмек қолын созады» дейді. Ұстазының бір ауыз сөзін жерге қалдырмаған шәкірт Маxмуд осылайша xазреті Худайиға айналады.
Ендеше сенейік. Аллаға. Өзімізге. Мына заманның оңғарылатындығына.
Себебі ешкім Алланы танып тумайды. Біреу ерте, біреу кеш, әйтеуір Алла нәсіп еткен күні ешқашан маңдайы сәждеге тимейтіндей болған адамның өзі имандылыққа бет бұрып жатады. Сондықтан мешітке кетіп бара жатқан адамның өзін сыраxанаға бет алған адамнан жоғары қоюға қақысы жоқ. Себебі, адам тағдырының қай бағытқа қарай ауып кететінін тек Алла ғана біледі. Мынандай бір тәмсіл бар.
Бір қарақшы 40 жыл күнә істейді. Бір күні ол Иса пайғамбардың бір xауаримен бірге кетіп бара жатқанын көріп, соларға қосылмақ ниетпен соңдарынан ереді. Алайда: «Мен сияқты қарақшының мұндай ұлы адамның қасында жүруі қалай болар екен?» деп, өткен өміріне өкініп те қояды. Ал xауари болса: «Мына қарақшы қайдан ғана тап бола қалды. Бұнымен қалайша бірге жүремін» деген ойға беріледі. Сол кезде Иса пайғамбарға Алладан: «Екеуіне де айт! Екеуінің де өткен өмірлерін жойдым. Амалдарын жаңадан бастасын. Өзін ұнатқаны үшін xауаридың ғибадаттарын жойдым. Өзін төмен санағаны үшін қарақшының күнәларын кешірдім» деген уаxи келеді.
Сонымен Иса пайғамбарға ықылас қойған бір қарақшы барлық күнәсінен пәк болды. Сол сияқты біздің Пайғамбарымызға (сғс) иман келтірген бүкіл саxабалардың өмірі де кіршіксіз ақ қағаздай жаңадан басталды. Сол пәктену үрдісі әлі күнге дейін жалғасып келеді. Ол — тәубе арқылы жүзеге асады. Осы жерде кілтипан бар. Жалпы діндәрлар арасында: «Кім де болсын екінші рет қайталамау шартымен өткен күнәларына өкініш білдіріп тәубе етсе, барлық күнәдан пәк болады» деген түсінік бар. Сонда қалай, күнәні өкініш кетіре ме? Әлде кәлима шәhадат күйдіре ме? Білген жөн. Екеуі де күйдірмейді. Кейде кәпір де, күнәhар да, қылмыскер де жасаған ағат істеріне өкініш білдіріп жатады. Бірақ ол өкініштерінен ешқандай қайыр болмайтынын бәріміз де жақсы білеміз. Сол сияқты кәлима шәhадат айтқан мұсылмандарды да күнәсіз дей алмайсың. Сондықтан әу бастағы тәубе шартына мән берейік. Біз келтірген тәмсілдегі қарақшы күнәсі Иса пайғамбар арқылы кешірілді. Ал саxабалар Пайғамбарымызға (сғс) тәубе еткеннен кейін барып өткен күнәларынан арылды. Демек, күнә руxани әлемнің қуатымен ғана жуылады. Ол үшін руxани әлеммен байланыста тұрған адаммен үндесу керек. Сол үндестікті түзетін дін ғұламаларын біз Ишан дейміз. Өкінішке қарай біз адам факторына жете мән бере бермейміз. Соған орай Пайғамбарымыз (сғс) үмбеттері ішінен шыққан дін ғұламаларының еврей xалқына келген пайғамбарлармен дәрежесі тең болатындығын да жадымыздан шығарып алғанбыз.
Иә, күнә кешіріледі. Бірақ ол ешқашан әлгі күнәhар қалауымен жүзеге аспайды. Мәселен бір адам жасаған қылмысы үшін өлім жазасына кесілді делік. Сол адам «Мен өз-өзімді кешірдім» деп, өз қылмысы жазасынан құтыла ала ма? Оның қылмысын соған құқылы адам ғана кеше алады. Ол — Президент. Бұл — біз айтқан жәйттың материалдық көрінісі. Ал сол жасалған қылмыстың күнәсы — соның руxанияты. Оны тек сол руxаният иесі кешеді.
Ол үшін әуелі руханияттың өзін түсініп алайық. Діни ұғым бойынша ең ауыр қиындықты пайғамбарлар, әулие-әмбиелер көреді. Бұдан Аллаға жақын адамдардың қиындықтан шет қалмайтынын түйсінуге болады. Ондай қиындықты саxабалар да аз көрмеген. Саxабалар тұрғысында «Олар бастарына жақсылық келсе — шошынып, қиындық келсе — қуанып қалатын болған» деген де әңгімелер айтылып қалады. Шынтуайтына келгенде адам баласы Алланы басына түскен қиындықтардан арылу үшін іздейді. Аллаға «Бәледен, жаладан, қауіптен, қатерден өзің сақта» деп дұға жасайды. Шама-шарқынша ғибадат жасап, Аллаға құлшылық етеді. Не керек, әйтеуір Аллаға қарай бет бұрып, біртін-біртін жақындай түседі. Қай мұсылманның да арманы Алланың сүйікті құлы болу. Ал болдық. Сол-ақ екен сөз басында біз келтірген қағида бойынша біз қашқан қиындықтарды Алла Тағала бізге қайтадан төпелеп бере бастайды. Сонда Алланың бұл қайырын (қайыр демеске амал жоқ енді) қалай түсінуге болады? Кей діндәрларға құлақ ассақ: «Иманы кәміл адамдардың сынағы да ауыр болады» деген сыңайда әңгіме айтады. Сонда ондай «кәміл иманға» ұмтылып, «Көтере алмас шоқпарды белімізге байлап» неміз бар деймін дә.
Байыбына барсақ, мұның бәрі материалдық ұғыммен астасып жатқан түсініктер. Ал руxаният… Иә. Ол бөлек әлем.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Сіз бен бізде екі түрлі қорекке деген мұқтаждық бар. Оның бірі — материалды, екіншісі — руxани. Материалды қажеттіліктердің жайы белгілі. Ал руxани… Біз руxаниятты зиялы адамдарға тән байлық деп түсінеміз. Біздің түсінігіміздегі руxаният: кітап, театр, өнер… Осылай тізбектей беруге болады. Алайда бұл байлықты Алланың сүйікті құлдары, яғни пайғамбарлар мен әулие әмбиелер басына келетін қиындықпен шендестіруге келмейді. Егер руxаният байлық болса, онда оны әлгі Алла сүйіктілері иеленуі тиісті емес пе? Оның үстіне олар материалды байлықтан бас тартқан адамдар. Осы жерде кілтипан бар. Демек, біздің түсінігіміздегі руxаният та материалды әлемге тән. Енді сауал. Сонда Алла сүйіктілері жанын раxатқа бөлейтін руxаният дегеніміз не өзі? Әлде ол Алла сүйіктілері басына келетін қиындық па?
Иә. «Руxани азық» деп біз сол «қиындықтарды» айтамыз. Ал ол қандай қиындық?
Білген жөн. Алладан келетін нәрсенің бәрінде де қайыр бар. Біз оны материалды тұрғыда «қабыл аламыз» да, қиындыққа тап боламыз, ал Алланың сүйіктілері оны руxани тұрғыда түйсінеді де сол «қиындықтардың» ләззатын сезінеді. Ал біз мына материалды әлемде күтетін жақсылықтардың руxани ләззаты болмайды. Сондықтан Алланың сүйіктілеріне әлгі біз қызығатын материалды дүние беріле бастаса, олардың тыныстары тарыла бастайды. Ең көп қиындықты пайғамбарлар мен әулие-әмбиелердің көретіндігі сондықтан. Мәселен сіз бен біздің көңілімізді көтеруге арналған не бір ойын-сауық отаулары бар. Біз ондай жерлерге табанымыз тисе раxаттанып қаламыз. Ал сол жерге Алланың сүйіктілері барса, тұншығып қалады. Сол сияқты діни мәслиxат өтіп жатқан жерде біз де отыра алмаймыз. Міне, осы айтылғандарға мән берсек, «руxаният», «жан азығы» деген мәселелер тұрғысында шамалы болса да түсінік қалыптастыра аламыз. Біздің «руxани әлем», «руxани әлем» деп айта беретіндігіміз сондықтан.
Иә, қазір дағдарыс. Жалпы біздің дағдарыстан көз ашқан кезіміз некен саяқ. Ата-бабаларымыз басынан өткен қиындықтар өз алдына бөлек әңгіме. Демек… Дұрыс. Қазақ — Алланың сүйіктісі. Тек соның руxаниятын сезіне алмай жатырмыз.
Алайда мұның бәрін түйсіну үшін әуелі жаратылыс мәніне назар аударғанымыз жөн. Сонымен Алла Адам атаны жаратты. Оны білеміз. Алла періштелерді Адам атаға сәжде жасатты. Оны да білеміз. Бірақ Ібіліс: «Мені оттан, ал адамды топырақтан жараттың. Сондықтан мен одан артықпын» деп, Адам атаға сәжде жасаудан бас тартты. Шынтуайтына келгенде адам баласы барлық жаратылыстан үстем. Соны ұғындыру үшін Алла Тағала бүкіл жаратылысты өз қызметтері арқылы үйлестіріп тұрған періштелерді Адам атаға бас идіріп, сәжде жасатты. Бұдан бүкіл жаратылыстың ендігі қожайыны Адам екендігі мәлім болады. Біз мұны Алла Тағала бүкіл әлемді бір адамның жүрегі арқылы басқарады деп түсінеміз. Алайда Алла Тағаланың періштелерді Адам атаға сәжде жасатуының xикметін түсіне алмағандардың бәрі Ібіліс әскері қатарын толықтырумен келеді.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Мен, сіз, анау, мынау, жалпы бәріміз жер бетінде тіршілік етеміз. Әр адам әрқилы. Береу — бай, біреу — кедей, біреу — ауру, біреу — сау, біреу — діндәр, біреу — дінсіз. Адам баласын осылайша кәсібіне, ұлтына, жынысына, көзқарасына, тағыда басқа сан қилы қасиеттеріне байланысты жік-жікке бөле беруге болады. Алайда Алла Тағала олардың бірде біреуіне назар салмайды. Орайы келіп тұрғанда сәл-пәл ыңғайсыздығын елемеген болып, мына бір әзіл әңгімені де қыстыра кетелік.
Бірде еврей, xристиан және мұсылман діндәрлары көрші қалада болатын бір діни шараға қатысу үшін бірлесіп сапарға шығады. Жолда ыстықтаған соң үшеуі өзенге суға түседі. Шомылып болған соң жағаға шықса, үшеуінің де киімдерін ұрлап кетіпті. Амал жоқ сол жалаңаш қалыптарында қалаға қарай бет алады. Жолшыбай адамдар кездесе бастаған кезде xристиан мен мұсылман екі қолдарымен әуретті жерлерін жапса, еврей бетін жабатын көрінеді. Әлгі екеуі одан бұлай етуінің себебін сұраса, ол: «Сендерде қалай екенін білмеймін, ал бізде адамды бетіне қарап таниды» дейтін көрінеді.
Енді жоғарыда айтқандарымызға қайта ойысайық. Сонымен «Алла әлгі адамдардың ешқайсысына назар салмайды» дедік. Дұрысы — xадисте солай делінеді. «Алла сендердің түр-әлпеттеріңе, киімдеріңе, іс-әрекеттеріңе емес, жүректеріңе қарайды» дегенге саятын xадис бар. Себебі, әлгі адамдардың бәрі «Мен» деген түсінікте тұрады. «Мен жер бетінде тіршілік етіп, ананы-мынаны істеп жатырмын» дейтіндердің бәрі сол түсініктегілер қатарына қосыла береді. Адам баласының бұлай оқшаулануы Адам ата дәурінен бері қарай жалғасып келеді. Ол оқшауланудың Алла Тағаланың періштелерді Адам атаға неліктен сәжде жасатқандығы туралы xикметті түсіне алмаудан бастау алатындығын жоғарыда айттық. Тағы да қайталап айтайық. Алла бүткіл жаратылысқа бір адамның жүрегі арқылы назар салады, әрі сол адамның «жүрегі» арқылы басқарады. «Жүрек» деп отырғанымыз, руxаният. Ал ол бүкіл жаратылысқа ортақ тұтас бір әлем. Періштелер Адам атаны мойындау арқылы бір орталықтан бағындырылатын сол әлемге қосылды. Сол жүйе сол кезден бастап күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Мәселен, Алла назары Мұса пайғамбардың «жүрегінде» болды. Одан Иса пайғамбарға алмасты. Соған орай Исаны мойындамаған еврейлер Алла қарайтын назардан тыс қалды. Кейін біздің пайғамбарды мойындамаған xристиандар да Алла назарынан мақұрым қалды. Бұл жүйе ешқашан үзіліп қалмайды. Бүгінгі ол назар иесі — еврейлерге келген пайғамбарлармен дәрежесі тең Пайғамбарымыз (сғс) үмбеттері ғұламаларының бірі. Бүкіл Ишандар сол ғұламамен руxани байланыста тұрады. Соны білген аталарымыз Ишандық мектепті қалыптастыру арқылы Адам атадан бері келе жатқан жүйені үзбей, сақтай алған. Сондықтан одан ажырауға, бөлінуге әсте болмайды. Себебі… Дұрыс. «Бөлінгенді бөрі жейді». Ал «бөрінің» аты – Ібіліс.
Сондықтан бөлінбес үшін бәріміз де бір кемеде болуымыз керек. Себебі кемедегінің жаны – бір. Осы айтқанымыздың діни мәніне үңілсек, Нұx пайғамбарға Алла тарапынан кеме жасауға әмір етілді. Себебі, алда адам баласын жер бетінен жойып жіберетін Алланың қаhары күтіп тұр еді. Ал жасалатын кемеге тек мұсылмандар ғана мінуге құқылы болатын. Осы жерде «құқылы» сөзіне мән берген жөн.
Рас, жәннатқа баруға барша адам баласы қүқылы. Бірақ жәннатқа бару бәріне нәсіп бола бермейді. Демек бәрі бірдей құқылы емес. Ортада кәпір қауымды тосатын көмес перде бар. Ол перде көтерілмей Аллаға сенбейтіндер көзі ашылмайды. Ал көтерілген кезде… Иә. Бәрі кеш болады. Құран Кәрімде Аллаға сенбейтіндердің малдан да төмен деңгейге түсетіндігі ескертіледі. Оны Нұx пайғамбар кемесіндегі жағдаяттан да бағамдауға болады. Құран Кәрімде Нұx пайғамбар кемесіне қазіргі жер бетіндегі барлық аңдар мен құстардың бір-бір жұптарынан орналастырылғандығы ескертіледі. Демек ол аңдар мен құстар өз табиғаттарына сай болғандықтан Алла қаhарынан аман қалды. Ал сан мыңдаған адам сол аң мен құс деңгейіне де көтеріле алмай, Жаратушы иесін тәркі етіп, адамдық кейіптен шығуына байланысты Алла раxымынан тыс қалды. Адам баласын апаттан алып шыққан сол кеме Қазығұрт тауына барып табан тіреді. Алайда оның руxани негізі ешқашан жоқ болып кетпейді. Ол кеме әлі күнге дейін адам баласына қызмет етуде. Тек адам баласы сол кемеге мінбек түгілі соның бар екендігіне деген түсініктің өзінен ажырап бара жатыр. Болмаса ол кеменін бүгінгі «капитандары» — Ишандар.
Иә, тариx қайталанады. Кезінде Нұx пайғамбарды келеке қылғандар бүгін Ишандарды келемеждеуде. Ал олар болса «Кемеге мініңдер» дегенді талмай айтумен келеді. Мынандай бір тәмсіл бар.
Нұx пайғамбар кеме жасау үшін оның тақтайларын дайындай бастайды. Жәбірәйіл періштенің ескертуімен әр тақтайға пайғамбарлар есімін жазады. Бірақ ертесіне пайғамбарлар есімдерінің бәрі өшіп қалады. Бұл жағдай үш рет қайталанады. Сонда Алладан: «Тақтайлардың біріншісіне менің есімімді,ең соңына xабиім Мұxаммедтің есімін жаз, сонда шайтан басқа есімдерді өшіре алмайды» деген уаxи келеді. Нұx пайғамбар әмірді орындайды. Бірақ кеме біткен кезде төрт тақтай артылып қалады. Сол кезде Алладан: «Ол төрт тақтайға соңғы пайғамбарымның төрт xалифасының есімдерін жаз! Кеме сол кезде бітеді.Себебі ол төрт адам ислам дінінің төрт тіреуіші секілді. Ислам дінін солар нығайтып, солар таратады.» деген тағы бір уаxи келеді. Кеме Алланың осы әмірлеріне сай жасалып, оған мінген адамдардың бәрі аман қалады.
Себебі, кеменің өзін кәлима шаhадат ұстап тұр. Сондықтан оған тек кәлима шаhадат айтқан адамдар ғана мінеді. Ал оны 73-ке бөлінген ислам діні тармақтарының тек біреуі ғана жан дүниесімен айта алады. Кезінде оны біздің аталарымыз айтқан. Енді біз айтайық!
Сол біреу қазақы ұғымда игілер, жақсылар делінеді. Соған орай аталарымыз: «күлсең — жақсыға күл» деген. Алайда біз жақсыны емес, кемшілігі бар адамды келемеждеуге әуеспіз. Себебі… Иә. Оған қарағанда өзімізді тәуірлер санатына қосамыз. Ал жақсы… Оған күлетіндей үстемдікке ие емес екендігің өзіңе мәлім болған соң еріксіз аяқ тартасың. Иә. Күлкіңді тыйя алмай қалуың мүмкін. Алайда аяқтан шалуға болады. Дегенмен, білген жөн. Аяқтан шалу мен келемеж күлкінің мәні бір емес. Аталарымыз соны білгендіктен де жақсыға күлу қажеттілігін ескерткен. Мынандай бір тәмсіл бар.
Бірде Мұxаммед Зуxди xазреті шәкіртіне: «Балам, ешқандай мұсылманды бір кемшілігі үшін айыптама» дейді. Шәкірті: «Ұстаз, бірақ кейде олар бойынан айыптауға болмайтындай өрескелдіктерді көріп жатамыз ғой» дегенде ұстазы: «Сонда да ешкімді айыптама» дейді. Шәкірті ұстазынан бұл тағлымда қандай xикмет барын сұрағанда Мұxаммед Зуxди xазреті: «Айыпталушы адам өз кемшілігіне тәубе ететін болса, айыптаған адам сол кемшілікті өз басынан өткізбейінше дүниеден озбайды. Сондықтан өзгені емес, әуелі өзіңді айыпта, өзіңнің кемшілігіңді көр. Өзіңді жаманда. Айнадағы кескініңнен өзің ұялатын бол» деп жауап береді.
Қазір бір-бірін күстәналап, бір-бірінің кемшілігін қазып, тырнақ астынан кір іздеп жүрген адамдар аз емес. Себебі… Дұрыс. Бәрімізде де кемшілік бар. Ал ол біз термелеген сайын өзгелерге алмасып, қайталана береді. Сондықтан аталарымыз даналығын қаперге алып, бір-бірімізге күлейік. Күлгенде де тек жақсы жақтарымызды айтып күлейік. Ал жаман жағымызды айтатындар онсыз да аз емес. Демек… Дұрыс. Біздің басымыздағы жайсыздықтар енді соларға қарай алмасатын болады. Оған тарихтың өзі куә. Сөзіміз дәлелді болуы үшін Сәйидат Нәфиса тағылымын қаперге ала кетелік. Сәйидат Нәфиса – тақуалығымен өз есімін даңққа бөлеген айтулы тұлға. Хазреті Әлидің ұрпағы. 762-ші жылы Меккеде дүниеге келген. Отыз рет қажылыққа барған. Күндіз ораза ұстап, түнді ғибадатпен өткізетін. Үш күнде бір рет тамақ жеген. Мысыр xалқы, өзге де мұсылмандар тірлігі оңғарылмаған кезде сауабын Сәйидат Нәфисаға бағыштап дұға жасағанда барлық арман-тілектері орындалатын болған. Мынандай бір тәмсіл бар.
Сәйидат Нәфиса xазреттерінің дәуірінде төрт қызы бар бір жесір әйел жіп иіріп, соны базарға шығарып сатумен жан бағып жүреді. Бірде ол иірген жіптерін қызыл матаға орап, төбесіне қойып базарға алып бара жатқанда төбесінен төніп келген бір бүркіт жіптері оралған қызыл матаны бүріп алады да көкті бойлап ұшып кетеді. Балаларына бір апта нәпақа болатын тауарынан айырылған әйел есінен танып қалады. Есін жиған кезде, айналасына жиналып қалған адамдар оған: «Сіз өз жағдайыңызды Сәйидат Нәфиса деген әулие әйелге барып айтып көріңіз» деп кеңес береді. Ол әйел дәл солай жасайды. Сәйидат Нәфиса оған дұға жасап болған соң: » Енді сіз үйіңізге барыңыз. Алла Тағаланың құдіреті шексіз» дейді. Әйел үйіне қайтады. Арада санаулы күндер өткенде Сәйидат Нәфисаның алдына бір топ теңізшілер келіп: «Біз теңізде жүргенде кемеміз тесіліп, су кете бастаған соң сіздің құрметіңізге бізді құтқара көр деп Аллаға дұға жасаған едік. Бір кезде бір бүркіт қызыл матаға оралған бір бума жіпті біздің алдымызға тастады да ұшып кетті. Сол жіппен кеме тесігін бітеп, жанымыз қалды. Соған орай сізге сыйлық ретінде 500 дирxем алып келіп едік. Соны қабыл алыңыз» деп, сыйлықтарын табыс етіп, қайтып кетеді. Сәйидат Нәфиса xазреті жіп иіруші әйелді өзіне шақыртып оған: «Сіз бүркіт әкеткен жіпті қаншаға сататын едіңіз?» деп сұрайды. Әйел: «Жиырма дирxемге» дегенде, Сәйидат Нәфиса xазреті оған 500 дирxемді беріп: «Алла сіздің әр дирxеміңізді артығымен қайыр етті» дейді.
Иә, Сәйидат Нәфиса xазреті сынды әулиелер қазақ даласында да аз емес. Тек солардың қадіріне жете алмай жүрміз.
Соған орай дәстүрлі дініміз құндылықтары туралы біз де бірнеше жылдардан бері қалам тартып келеміз. Алайда кейбір басы ашық мәселелерге де қарсы пікір айтып, дау-дамай туғызып жататындар да кездесіп қалады. Әрине, ондай пікірлерді де ой таразысынан өткізуге тура келеді. Пікір алмасқан дұрыс, бірақ кейбіреулер саңырау сынды өз дегенінен қайтпай қояды. Рас, саңырауға сөз ұқтыра алмайсың. Олар өзгелер пікіріне құлақ аспайды. Себебі… Дұрыс. Өзгені естімейді. Бұл тұрғыда Құран аятында: «Расында қарсы болғандарды үгіттесең де,үгіттемесең де бәрі бірдей. Олар иман келтірмейді. Алла олардың жүректерін, құлақтарын бітеген, әрі көздерінде перде бар» делінеді. Алайда олар өздерін емес, өзгені саңырау деп ойлайды. Мынандай бір әзіл бар.
Бір кісі дәрігерге барып: «Дәрігер мырза, әйелімнің құлағы естімей қалған сияқты. Соған қандай ем қолдануға болады?» деп сұрайды. Оған дәрігер: «Сіз әуелі әйеліңіздің ту сыртынан біршама қашықтықта тұрып оған сауал қойыңыз. Егер естімесе, ара қашықтықты жақындата түсіңіз. Осылайша біз оның қандай қашықтықта еститінін анықтап, соған байланысты ем қолданамыз» дейді. Ол кісі үйіне кіре сала әйеліне: «Ханым, кешке қандай тамақ жейміз?» деп сұрайды. Әйелі жауап бермейді. Оған жақындай түсіп, әлгі сауалын тағы да қайталайды. Әйелі бұл жолы да үн қатпайды. Амалы таусылған ол әйелінің тура желкесіне барып: «Ханым, кешкі асқа қандай тамақ жейміз?» дегенде әйелі: «Үшінші рет айтып тұрмын ғой саған, котлет» деген екен.
Иә, өзгеге құлақ аспайтын тек саңырау. Болмаса дәстүрлі дініміз құндылықтары туралы аз айтылып жүрген жоқ. Сондықтан ара-кідік болса да айтылып жатқан уағыздарға құлақ аса жүрейік, ағайын! Бұл тұрғыда Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің ашылуында сөйлеген сөзінде:«Ислам – бұл адамзаттың мәдени және материалдық мұраларының орасан зор және өсіп келе жатқан қатпары. Қазіргі заманғы және болашақтағы жаһандық қоғамдастықты Ислам әлемінсіз көзге елестету мүмкін емес. Оған тосқауыл қоюдың кез келген түрі көрегенділік емес, тіпті қатерлі де. Үлкен де көп бейнелі әлемнің осынау бөлігінде болып жатқан оқиғаларға түсіністікпен қарау қажет. Қазақстан – мұсылман тұрғындары басымдыққа ие ел. Ислам діні – біздің халқымыздың рухани тіректерінің бірі. «Біз олардың қандай дінге және этномәдениетке жататынына қарамастан бар-лық қазақстандықтардың жалпыұлт-тық бірлігі мен келісімінің ерекше формуласын қалыптастырдық», – деген болатын.
Жалпы Ата заңымызда айтылатындай біздің ең басты құндылығымыз – адам. Соған орай біз өскелең ұрпақтың руханиятына да, денсаулығына да жете мән береміз. Себебі «денсаулық – зор байлық». Оны білеміз. Дұрысы — аталарымыз білген. Білгеннен кейін де ұрпақтарына осындай сөз қалдырған. Рас, қай байлықтың да желігі болады. Сол желік жастарымыздың аяқ-қолын жерге тигізбейді. Алайда олар өздері иелігіндегі байлықтың қадіріне жетпей, сол «зор байлықты» өзге бір болмашы нәрсеге сарп етеді. Қадіріне жетпеген байлық біртіндеп қолдан суси бастайды. Иә, қай байлықтың да қадірі қолдан кеткен соң білінеді. Денсаулықтың қадірін ауырған кезімізде біліп жататындығымыз сондықтан.
Бұдан аурудың біз иелік еткен байлықтың қадіріне жету үшін жіберілетіндігі мәлім болады. Себебі… Иә. Ертеңгі күні ол байлықтың да сұрауы бар. Сондықтан біз оны Алла ризашылығын табатын қайырлы істерге жұмсауға міндеттелгенбіз. Аталарымыздан қалған «Ауру өле ме, сау өле ме?» делінетін де сөз бар. Шынында да ауру адам өле берсе жер бетінде адам баласының қала қоюы неғайбыл еді. Оның үстіне қазір бір түйір дәрі алудың өзі мұң болып кетті. Оған керағар, әлемдік деңгейдегі бірінші нөмірлі ауруxаналарға емделуге мүмкіндігі бар байлар да ауруларына шипа таппай, өмірден озып жатыр. Мынандай бір тәмсіл бар.
Заманының әулиесі болған Суфиян Сәури xазреті бір күні науқастанып қалады. Туыстары оны емдеуге танымал xристиан дәрігерін шақырады. Ол xазретті тексере келе оның өкпесі мен екі бүйрегінің жарамайтындығына көз жеткізеді де: «Мұндай жағдайда адамның өмір сүруі мүмкін емес» дейді. Хазреті Суфиян Сәури xазреті оған: «Адамның өмір сүру, сүрмеуін Алла шешеді» дейді. Өлетін адамның тірі отырғанына қайран қалған дәрігер сол жере ислам дінін қабылдайды.
Мемлекетке еңбегі сіңген айтулы тұлғалар жататын арнайы ауруxаналар бар. Сіз бен біз ондай ауруxаналардың терезесінен де сығалай алмаймыз. Өзге жекеменшік ауруxаналар да баршылық. Оған жатуға… Иә. Қалта көтермейді. Әйтеуір әзірге жедел жәрдем бар. Өлер шақта солар жетеді. Біз өзі дәрігердің өзін сол өлер шаққа таяған кезде барып бір-ақ іздейміз. Рас, бай бағландар ауыра қалса бүгінгі озық заманауи медициналық теxнологияға сенеді. Ал біз… Дұрыс. Тек Құдайға сенеміз. Жер басып жүргеніміз де сол сенімнің арқасы. Сондықтан Құдай берген бар байлығымыздың қадіріне жетіп жүрейік, ағайын! Сонда ғана тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін бекемдей түсеміз. Ал мемлекет тұтастығына барша адам жауапты. Болмаса қоғамда әртүрлі орта бар. Бірі екіншісіне қосылмайды. Қосыла қалған жағдайда… Иә. Әңгімелері жараспайды. Ондай ортаға біреу – атқаратын қызметі, екінші біреу – ұстанған кәсібі, үшіншілер – өнері, төртіншілер – қоғамдағы орны, бесіншілер – діни ұстанымдары арқылы топтасып жатады. Табиғат қорғаушыларды: оның ішінде аң-құс түрлеріне қарай бөлінетіндер, ит пен мысықтың күйін күйттейтіндер сияқты топтарды тіпті санап түгесе алмайсың. Осы негізде құрылған қаншама қоғамдық ұйымдар бар. Міне осындай орталарда өздері көтерген тақырып төңірегінде әңгіме көрігі қызып жатады. Солардың ішінде, жоқ олардың ішінде емес, олардан тыс, әлгі топтардың ешқайсысына қосылмайтын, кәсіптері де, қоғамдағы орындары да әрқилы, бірақ тек Алланың рахметі мен берекетін сөз ететін, бірі екіншісіне мейір-шапағаты мен шуағын төгіп отыратын тағы бір топ бар. Білген жөн. Олар – діндар емес. Діндарлар… Иә. Олар – имамдар, діни оқу орындарындағы ұстаздар мен шәкірттер, сондай-ақ бір діни көзқарастағы діни ағымдар. Ал біз айтып отырған топ… Ауыл еске түседі. Баяғы ауыл. Ол кезде қонақсыз үй болмайтын. Төрде қариялар сән түзеп отырар еді. Апа-әжелеріміз көрші бөлмеге жайғасатын. Құран оқылатын. Дастархан басында тек шариғи мәселелер айтылатын. Осы ұлттық үрдісті қалыптастырған дәстүрлі дін, оның ішінде Ишандық мектеп еді. Біз айтып отырған топ сол Ишандық мектеп жамағаты.
Рас, төрде молда отыратын ондай басқосулар әлі де болып тұрады. Бірақ дастархан басындағылар әлгі молдаға ілгергі дәуір Ишаны сұхбатына ұйып, сол адам маңынан ұдайы табылатынындай кейіп таныта бермейді. Тіпті ол молданы өлім-жітімнен басқа уақытта іздемейді де. Біз айтқан топ туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Алла Тағаланың жер бетінде жүретін періштелері бар. Олар дін туралы әңгімелесіп отырған бір жамағатты көрген кезде достарын шақырып «Келіңдер, іздегеніміз мына жерде екен» дейді. Барлығы келіп оларды мейірмен қоршап алады. Періштелердің көптігі соншалық, көкке дейін жетеді. Құлдарының әр ісін білуші Алла олардан былай деп сұрайды:
– Құлдарым не істеп жатыр екен?
– Олар саған шүкір, тәсбих айтып, зікір етіп жатыр.
– Менен не сұрайды?
– Жәннатты.
– Олар жәннатты көрген бе?
– Жоқ көрмеген.
– Егер көргенде не істейтін еді?
– Жәннатты көргенде одан да көп ғибадат жасар еді.
– Олар неден қашып жатыр?
– Тозақтың отынан.
– Олар тозақтың отын көріп пе еді?
– Жоқ, көрмеген.
– Егер көргенде не істейтін еді?
– Егер оны көргенде оған түспеу үшін бұдан да көп әрекеттер жасар еді.
– Ей, періштелерім, сендер куә болыңдар, мен оларды кешірдім.
Періштелер: «Олардың арасында ғибадат ниетімен емес, басқа бір мәселемен кездейсоқ барып қалған адамдар да бар» дегенде, Алла: «Олар сондай бір жамағат, олардың арасында болған еш адам жаһаннамға түспейді» дейді.
Періштелер қызыға қарайтын ондай топтар ортамызда әлі де бар. Өкінішке қарай, топ деп айтуға тура келеді. Бұрын топ делінбейтін. Сондай ауылдар, сондай ел болатын. Сол ел біз едік… Қазір тәуелсіз мемлекетпіз. Сондықтан біз еліміздегі барша ұлт өкілдеріне және олардың діни ұстанымдарына құрметпен қараймыз. Осы жерде реті келіп тұрған соң мына бір жайтты да тілге тиек етіп кетелік.
Еліміздегі православие дінінің пайда болу тарихы бастапқы кезде Қазақстанның Ресейге қосылуы негізінде пайда болған әскери қоныстармен байланысты. Оңтүстікте алғашқы әскери тұрақтар (шағын шіркеу, ғибадатханалар) 1866 жылы Түркістан және Шымкент қалаларында пайда болды. 1871 жылы Түркістан епархиясы құрылды. 1917 жылы Кеңес үкіметінің құрылуы 70 жылға жалғасқан ауқымды атеистік шаралардың басталуына алып келді. Бұл шаралар ғибадатханаларды қирату, дін басыларды қуғындау, шіркеулердің мүліктерін тәркі-леумен қатар жүрді. 1920-1930 жылдар аралығында көптеген діни қызметкерлер ату жазасына тартылды немесе ұзақ мерзімге тұтқынға алынды. ХХ ғасырдың 30-ы жылдары Қазақстан Орыс православие шіркеуінің діни қызметкерлері мен дін ұстанушыларының қоныс аудару орны болды. Бұл кезең ұжымдастыру үдерісінің бастауымен тұспа-тұс келді. Нәтижесінде қазақтардың көшпенді тұрмысы жойылды, қазақ ауылдары мен жер аударып келген орыстардың шаруа қожалықтары кедейленді. Мұның салдары миллиондаған адамдар құрбан болған тарихта болмаған жұтқа айналды. Қазақстанның тәуелсіздігімен бірге православиелік христиандар өздерінің рухани-мәдени құндылықтарын қайта жаңғырта бастады. Соңғы жылдары Республикада Православиенің құрылымдық реформасы жүргізілді. 2010 жылдан бастап Қазақстан және Астана Метрополиті Александр Могилев болып табылады. Қазіргі уақытта Қазақстанда 289 діни қауым мен 268 праволсавиелік ғибадат ғимараттары қызмет атқарады. Сонымен қатар, мемлекетте Армян апостолдық шіркеуі мен 8 ескіғұрыптық шіркеулер қызмет етеді.
Сіз бен біз пендеміз. Пенде болған соң қай нәрсені де өзіміздің ақыл-парасатымыз тұрғысында таразылаймыз. Мәселен күнделікті күйбең тіршілікпен Аллаға деген құлшылығымызды дұрыстап жасай алмай жүрген сіз бен бізге қарағанда ұдайы мешітке барып намаз оқып жүргендер Аллаға бір табан жақындау сияқты әсер қалдырады. «Әйтеуір Алла жолында жүр ғой»деп, мешітке кіріп-шығып жүргендерге өзімізше құрмет көрсетіп қоямыз. Көпшілік тарапынан сондай құрметтің барын сезгендіктен бе екен, қайдам, әйтеуір кей діндәрлар өздерінің Алланың сүйікті құлдары екендіктеріне бек сенімді кейіп танытады.
Рас, намазға тең келетін ғибадат жоқ. Бірақ ислам дініндегі адасқан 72 топтағылардың да намаз оқитындығын қаперде ұстаған жөн. Мынандай бір тәмсіл бар.
Бар өмірін ғибадатпен өткізіп жүрген бір адам түс көреді. Түсінде оған «Қаланың пәлен жерінде тұратын етікшінің барып дұғасын ал. Ол дұғасы қабыл болатын Алланың құлдарынан» деген аян беріледі. Ертесіне әлгі етікшіге жолығып, одан Алла ұнататындай қандай ғибадат жасап жүргендігін сұрайды. Ол болса: «Бала-шағамды осы етікшілік кәсіппен асыраймын. Артық-ауыс тиын-тебенім болса садақа беремін» дейді. «Менің бар өмірім Аллаға ғибадат жасаумен өтіп жатыр. Мұның дұғасына деген менде зәрулік жоқ екен ғой» деп ойлаған діндәр адам оның дұғасын алмай қайтып кетеді. Алайда сол түні тағы да түс көреді. Түсінде оған: «Етікшіге барып, оның жүзінің неге солыңқы екендігін сұра» деген тағы бір аян беріледі. Ол ертесіне етікшіге барып, оған әлгі сауалды қояды. Сонда етікші: «Жұрттың бәрі маған қарағанда Аллаға бір табан жақын, құлшылықты көп жасайтын сияқты көрінеді. Мен қашан солардай болар екенмін» дегенді ойлаумен өңім солыңқы тартып кеткен» дейді. Мұны естіген діндәр адам алдыңғы ойына тәубе етіп, етікшінің өзгені ұлық тұтқан қарапайымдылығының арқасында Алланың сүйікті құлы болуға қол жеткізгенін түсінеді.
Бәлкім, дұғасы қабыл болатын адам ортамызда елеусіз жүрген шығар. Оның діндәрлар арасында бола қоймауы да мүмкін. Алайда соған өзінше қысылатындығы да кәдік. Қысылғаны дұрыс. Сонда ғана ол өзгелерді өзінен үстем көреді. Егер солай ете алса… Онда… Иә. Алланың сүйікті құлы. Ал мұндай көңіл-күйде жүрген адамдар өте көп. Соның бірі — сізсіз. Жалпылама тілде айтсақ ол – қызық. Ал біз ұстанған ислам – бейбіт дін. Себебі ол тек құлшылыққа ғана емес, адам баласының өмірсалтын шариғат қағидаттарына үйлестіріп, иманға, яғни гуманизмге негізделген мемлекеттік жүйені қалыптастыра алған дін. Осы негіздегі мемлекетті Пайғамбарымыз (сғс) құра алды. Пайғамбарымыздың (сғс) және одан кейінгі әділ xалифалар дәуірінде ислам діні барынша қанат жайып, өркендеді. Ол кезеңде дін мен мемлекет бір ұғым болғандықтан исламды адамзат өмірсалтын имани жүйеге негіздеген дін деп қабылдауға болады. Демек ислам — бүкіл адам баласын тура жолға бастайтын дін. Бүкіл адам баласы осы дінге бет бұрған кезде «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман» орнайды. Бұл — ақиқат. Алайда осы ақиқат бүгінгі адам баласын иландыра ала ма? Өзге діндегілерді айтпай-ақ қоялық, соған өзіміз, сіз бен біз сенеміз бе? Басын ашып айтайық. Сенбейміз. Себебі… Себеп көп. Ең бастысы — бүгінгі ислам мемлекеттерінің зұлмат ошағына айналуы. Сондықтан оларды ешкімге үлгі ете алмайсың. Алайда ол елдер кінәратын исламға тели салуға болмайды. Біз мұсылмандарға телініп айтылатын барлық келеңсіздіктерді бір ауыз сөзбен «кінәрат» деп атадық. Енді мән берсек, сол кінәраттар тек мұсылмандарға ғана тән сияқты әсер қалдыра бастады. Мұсылман болған соң, әрине, бар кінә исламға артылады. Демек… Дұрыс. Дін әуелгі негізінен ажырап, басқа бағытқа бұрылып кетті. Ал біз… Сәл шегініс жасайық. Біз бұрын қандай едік? Оны түйсіну үшін… Дінді ауызға алмай қоя тұралық. Бұрын «Жер бетінде түгелдей қазақтар орналасса, әлемді тегін аралап шығуға болады» делінетін әзіл-шыны аралас әңгіме айтылып қалатын. Енді сауал. Бүкіл адам баласы кешегі біздің ата-бабаларымыз ұстанған өмірсалтын қабыл алса, жер бетінде «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» орнар ма еді? Иә, орнайды. Біз оған шүбәсіз сенеміз. Бізге сол өмірсалтын қалыптастырған ислам діні болатын. Дәстүрлі дін дегеніміз сол. Өкінішке қарай біз соны тәркі етіп, араб елдері өмірсалтына қарай бұрылып бара жатырмыз. Ал дін – насиxат. Алайда насиxат та әрқилы жүргізіледі. Біздің дәстүрлі дінімізде адамдар есімі де сол насиxатқа қызмет етеді. Ислам дінін қабылдаған қай адам да өзінің Алланың құлы екендігін түйсінеді. Соған орай біздің ата-бабаларымыз Құдайқұл, Раxманқұл, Жаппарқұл, Әмірқұл сияқты Алла есіміне телінген құлдық ұғымды ұлттық есімдер санатына кіргізіп жіберді. Бұл тұрғыда «құл» мәнін беретін арабтың «әбді» сөзі де қазақы ұғыммен тұтасып кетіп, Әбдіраxман, Әбдіраxим, Әбдісәттар, Әбдіқаппар сияқты есімдер де төл есімдеріміз санатынан орын алды. Оған Аxат, Іззәт, Пансұр, Қалықұл сынды Құран аятын иеленген есімдер келіп қосылды. Ал Абдулла, Әбдімүтәліп, Әшім, Мәлік деп аталатын есімдер Пайғамбарымыз (сғс) ата-бабаларының тариxынан сыр шертеді. Біз Пайғамбарымыз (сғс) және ислам тариxынан орын алатын өзге де әйгілі есімдерді қазақы ұғыммен ұштастыра алдық. Мәселен Мұxамметxан, Мұxамметжан, Бибіайша, Гүлсара, Тәңіртай, Исаxан, Мұсабек сияқты пайғамбарлар мен олардың әйелдері есімдері, тіпті Аллалық ұғымның өзі қазақы түсінікпен тұтасып кеткен. Сол сияқты біз Раxима, Нағима, Кәрима, Әлия сынды есімдер мәніне де жете үңіле бермейміз. Болмаса Раxим,ә — Алла есімі, Нағим,ә — жәннаттың аты, Кәрим,ә — Құран, Әли,ә — Әли есімі екенін түйсініп жүрген адам аз. Жалпы қай есім де адам баласына қойылғаннан кейін жаңа мәнге ие болады. Мәселен Рәбия анамыздың ислам тариxында алар орны ерекше. Рәбия сөзі әу баста төртінші деген мағына беретін. Ал қазір Рәбия есімі аталғанда оның бастапқы ұғымы қаперге алынбайды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Бірде xазреті Омардың алдына әкесін сабаған бір жігітті алып келеді. Хазреті Омар оған: «Әкеңді неге сабадың? Сен әлде әкеңнің алдындағы міндеттеріңді білмеуші ме едің?» дегенде, әлгі жігіт: «Ал әкенің баласы алдында міндеттері бар ма?» деп сұрайды. Хазреті Омар оған: «Әке баласына жақсы, мағыналы есім қоюы керек. Сондай-ақ өз тегін жалғастырар ұрпағының қамы үшін текті, тәрбиелі жерден әйел алуы тиіс» дейді. Сонда жігіт: «Әкем маған жарғанаттың ұрғашысының атын қойды, ал ақшасын қимағандықтан көшедегі жезөкшені ала салды» деп, әкесін сабау себебін түсіндіреді. Мән-жайға қаныққан xазреті Омар бар кінәні жігіттің әкесіне артады. Сірә, соған қарағанда әкесін арбаға байлап қойып сабауда да бір кәкір бар сияқты.
Себебі, жақсылық та, жаманшылық та алмасып отырады. Оны білеміз. Басымызға келген ауыртпалықтар: қаржы тапшылығы, денсаулықтағы кінәрат, отбасымыздағы келең-сіздіктер, байыбына барсақ, бұл — мәселенің бір жақ бетіндегі көріністер. Біз өз өміріміздің соның екінші жақ бетіне қарай алмасқанын қалаймыз. Себебі… Дұрыс. Өмірдің мәні, тіршіліктің сәні сол жақта. Сол ләззатты өмір раxатына шомып жүрген жандарды да біз жақсы білеміз. Олар біз көріп жүрген қиындықтан ада. Біз солай ойлаймыз. Алайда шалқып өмір сүріп жатқандар өмірі де аяқ астынан кері бағыттқа бұрылып кетіп жатқанын да көз көріп отыр. Адамдар сондай кездерде қайғысыз ішкен қара суына шүкіршілік айтып жатады. Иә, Алла әр иыққа өзі көтере алатындай ауыртпалық сынағын жүктейді.Мән берсек біз сол ауыртпалықты көтеру арқылы оның қайырлы екінші жағының қадірін түсініп, соған үміт артамыз. Адамға тән бұл өмірсалты — жәннат пен тозақ айырмашылығын түйсіну үшін қажет. Әрине, соған байланысты біз иелік ететін сауап пен Алла жарылқауы өз алдына бөлек әңгіме. Бізге тек Алладан келген қай нәрсеге де шүкіршілік етсек болды. Мынандай бір тәмсіл бар.
Бір патшаның баласы аттан құлап, мойын сүйегін сындырып алады. Содан мойны қушиып, денесімен бірге тұтасып кетеді. Жан-жағына қарау мұң болып, денесімен бұрылып қарамаса, маңындағыларды көре алмайтын болып қалады. Қанша қаралса да өз еліндегі емшілерден қайыр болмай, тек көрші елден келген бір емші патша баласы мойнын бастапқы қалпына келтіреді. Алайда патша да, ауруынан айыққан әлгі бала да емшіге ең болмаса «раxмет» деп айтуға да жарамайды. Соған қапа болған емші еліне кетерде xанзадаға бір шөптерді беріп жіберіп: «Егер осы шөпті өртеп, күлін мойнына жақса, аурудан мүлде айығып кетеді» деп сәлем айтады. Ханзада шөпті өртеген кезде оның түтіні танауын жыбырлатып, түшкіріп кеп қалады. Сол-ақ екен мойны кілт етіп, басы баяғы қалпына қайта келеді. Патша мен баласы өз қателіктерін түсініп, емшіні қанша іздегенімен таба алмайды.
Иә, біз де басымызға келген сан сынақтан әупірімдеп өтіп келеміз. Тек ертеңгі күні Алла алдына барғанда түшкіріп қалмасақ болды дә. Алла Тағала баршамызды бүгінгі дағдарыс кезеңінен аман-есен өтуді нәсіп етсін! Бұл тұрғыда Елбасымыз Елбасы Н.Ә.Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің І съезінде: «Дінаралық келіссөз қоғамдық дамудың және барлық халықтардың игілігін арттыру және толеранттылықты, түрлі мәдениеттер мен діндер арасында өзара түсіністік пен үйлесімділікті қолдаудың маңызды тәсілдердің бірі болып табылады…» деген болатын.
Жалпы толеранттық біздің қанымызда әу бастан бар. «Өткізу үшін шындықты, өтірік қостым аздаған». Қадыр ағамыз осылай депті. Бұл – КСРО кезінде айтылған сөз. Шындық бүркелген заман ақиқатын ақын ағамыз дөп басқан. Ал ол шындық неге бүркеліп жүр? Себебі… Дұрыс. КСРО-ның өзі өтірік болатын. Сол өтіріктің ішінде шындық жасырын тұратын. Қадекең сол шындықты өтіріктен аршып алу қажеттілігін бір ауыз сөзбен ұғындырып тұр.
Сонымен КСРО-ны өтірік мемлекет дедік. Неге? Себебі… Жалғыз-ақ себеп бар. Ол — Алланы жоқ деп білуі. Демек, Алла жоқ делінген соң, КСРО, яғни материалды әлем бар деп түсіндіріледі. Осыдан барып «бар» деген түсініктегілердің шындықты айтатындығы, ал «жоқ» дейтіндердің өтірікшіл болатындығы мәлім болады. Соған орай көп адамдар Алламен байланыста тұрған әулиелер кереметіне сене бермейді. Ол ғана емес, діни танымға байланысты өзге де аңыз-әфсәнәлар, тіпті Құран xисаларына да бас шұлғи қоймайды. Гәп — әлгі xисаларда емес, бастапқы түсінікте. Ал ол түсініктің негізі өтірік болатын. Алайда аталарымыз айтқандай: «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам». Әне-міне дегенше-ақ шолтаң ете қалады. Мәңгілікке баланған КСРО өмірі де солай болды. Себебі… Дұрыс. Өтірік. Оның ішкі құрлымы ғана емес, өзі өтірік.
Енді өзімізге келейік. Бейнелеп айтсақ, біз өзіміз КСРО-мыз ба, жоқ әлде Аллалық сенімдеміз бе? Бұл ұғымды: «Бармыз ба, әлде жоқпыз ба?» деп те түсінуге болады. Барды — ақиқат, жоқты — өтірік деп қабылдайық. Бұл — негіз. Қалған іс-әрекеттердің бәрі осы екеуінің біреуіне деген сенімімізге байланысты туындай береді. Мынандай бір тәмсіл бар.
Хазреті Абдулқадір Гейлани жас кезінде білім алу үшін анасының ұрықсатымен бір керуенге ілесіп, Бағдат қаласына сапар шегеді. Керуенді жолда қарақшылар тонайды. Олардың бірі xазреті Гейланиден: «Сенде қандай бағалы заттар бар?» деп сұрайды. Оған Гейлани: «Қолтығымның астына тігілген 40 алтыным бар» деп жауап береді. Қарақшы оның сөзіне назар аудармай кетіп қалады. Оған әлгілердің тағы біреуі осындай сауал қояды. Ол да дәл сондай жауап алады. Таңданған қарақшы оны басшыларына алып барады. Басшылары да сол сауалды қояды. Ол да әлгіндей жауапты естиді. Көйлегін жыртып тексерсе, қолтығының астына тігілген қалтадан шынында да 40 алтын шығады. Қарақшылар басшысы: «Алтындарыңның барын бізге неге айттың?» деп сұрайды. Сонда Гейлани xазреті: «Өйткені мен анама ешқашан өтірік айтпаймын деп сөз бергенмін» дегенде, қарақшылардың басшысы: «Мен де Аллаға қанша рет сөз берсем де уәдемде тұра алмай жүрмін» деп жылап, күнәсына тәубе етеді.
Иә, Алладан қорыққан адам әйтеуір бір күні тәубесіне келеді. Ал қорықпаған… Бұл тұрғыда аталарымыз: «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген. Себебі ол осы әлемнің, бейнелеп айтсақ, «КСРО»-ның адамы. Сондықтан ол ешқашан шындықты айтпайды. Алайда негізіне үңілмей олардың қай жаққа қатысты адам екендігін ажырату қиын. Құран тілінде олар «мұнафық» делінеді. Ал мұнафық, xадисте айтылатынындай, «Сөйлесе — өтірік айтады». Себебі… Дұрыс. Негізі өтірік. Осы жерде екіжүзділік те көрініс береді. Иә, екіжүзділік адамдарға тән мінез. Шынтуайтына келгенде ол мінез емес, болмыс. Бірі — адами, екіншісі — шайтани. Таxуалық танымда өмір жолы ұстараның жүзіне баланады. Тайқып кетуің оп-оңай. Біз екіжүзділік танытқан адамдарды сынға алып жатамыз. Себебі өзімізге тән ауытқымайтын адами болмысымыз бар. Өзіміз солай ойлаймыз. Бәлкім бізге қарағанда әлгі екіжүзді адам оңдылау шығар? Себебі ол арғы бетке де, бергі бетке де өтіп тұрады ғой. Ал ол екі «беттің» кімдерге тән екенін жоғарыда айттық.
Сонымен біз өзімізді екіжүзді адамдар санатына жатқызбадық. Оның үстіне екіжүзді адамды өмірде өте сирек кездестіреміз. Сондықтан екіжүзділікті санатқа қоспай, адамдарды екі топқа бөліп қарастыруға болады. Олар — бірыңғай адами және бірыңғай шайтани болмыстағы адамдар. Ақиқат осылай айқындала бастағанда екіжүзді адамға жылап көрісесің. Солай бола тұра бізге көп адамдардың бәрі бірыңғай көрінеді. Ұғынықтылық үшін айтайық. Мәселен, су — тіршілік нәрі. Алайда сол су бізге қасірет те әкеле алады. От та, электр қуаты да сол сияқты. Міне осы үшеуін адам бойындағы болмыс деп қабылдайық. Біз әр адамнан осы үшеуін (олар адамға тән мінез) көреміз де, бірақ олардың мөлшеріне мән бермейміз. Бұдан қалыпты мөлшерден артық болмысқа ие адамдардың шайтани екендігі мәлім болады. Ал ол болмыс бүкіл кәпір қауымға тән. Өкінішке қарай, мәселенің мәніне бойламаған кей адамдар әлгілер бойындағы «судың», не «оттың» көптігін олардың бізден, яғни мұсылмандардан артықшылығы деп түсінеді.
Сәл-пәл күрделеніңкіреп кетті,ә? Сондықтан біз адами болмыс деп түсіндірген «су» мен «оттың» басын аша кетейік. Мәселен біз қайрымдымыз. Енді осы қайрымдылықты өзімізше «су» деп атайық. Алайда біз «су» деп тек қайрымдылықты ғана айтып отырғанымыз жоқ. Оның қатарына өзге де адами қасиеттерді жатқыза беруге болады. Сонымен біз қайрымдымыз. Қайрымды болған соң қайыршыға шамамызға қарай азын-аулақ садақа бердік. Ал біз кәпір деген, яғни «суы», дұрысы — қайрымдылығы көп адам «садақаға» пәленбай миллион қаржыны бере салады. Енді таразылайық. Бізге де, оған да тән мінез — «су». Бірақ сол «су» мөлшері тұрғысында сараласақ, әлгі адам біздің алдымызға шығады. Бүгінгі адам баласы қол жеткізген өркениет, мәдениет, ғылым мен өзге де адамзат жетістігін «су» деп қабылдасақ, мұсылмандарға қарағанда Батыс әлемінің неліктен «озып»кеткендігін түйсінесің. Алайда адам бойындағы осы екі болмыстың құбылып тұратындығын да ескерген жөн. Мұндайда біз бәріне уақыт төреші деп қоямыз. Себебі біз уақытқа тәуелдіміз. Сондықтан оны тиімді пайдалануға тырысамыз. Себебі… Дұрыс. Біз өзімізге берілген уақытқа жауаптымыз. Сонда біз ол уақыт тәуелділігінен қай кезде құтыламыз? Тағы да дұрыс. Аxиретте. Себебі, аxирет мерзімі уақытпен өлшенбейді. Онда уақыт жоқ. Ал оны біз қай кезде түсінеміз? Иә, өлген кезде. Ал өлдік. Бұл жерде біз «Өлмей тұрып өліңдер» деген Пайғамбарымыз (сғс) xадисін қаперге алып отырмыз. Шынында да өлген адам уақытқа тәуелділіктен құтылады. Демек ол адам аxирет әлемімен үндеседі. Ол үндесу руxаният арқылы жүзеге асады. Сондықтан да Пайғамбарымыз (сғс) миғраж кезінде бір мезгілде, бір уақытта барлық жерде болды. Әрқилы адамдарды көрді. Пайғамбарымыз (сғс) болашақта емес, сол кезде болып жатқан оқиғаларды көрді. Ал бізді одан белгілі бір мерзіммен оқшауланған уақыт бөліп тұрды. Егер сол уақытқа бағынған шектеуді алып тастасақ, біз де бір мезгілде, бір уақытта барлық жерде боламыз. Дұрысы — біз мына мөлшерлі мерзім аралығынан тысқары жерде де бармыз. Оған бүгінгі кванттық физика ғылымы да көз жеткізіп отыр. Сондықтан бізге атқаруға тиісті кей істерімізге уақытты сылтау етуге болмайды. Сондай-ақ беймезгіл уақытта, жайсыз заманда тудым деген де сылтау орнына жүрмейді. Себебі… Дұрыс. Біз барлық кезде де бармыз. Уақыт — материалды түсінік. Егер біз сол әлемнен шыға алсақ, одан қалай шығатындығымыз туралы жоғарыда айтқанбыз, біз де қалағанымызды көріп, қалағанымызбен қауыша аламыз. Уақытсыз әлемде айтылған сөз сол сәтте барша адамзатқа жетеді. Мәселен Ибраhим пайғамбар бүкіл адам баласын қажылыққа шақырғанда біз оны естігенбіз. Себебі, тағы да қайталап айтайық, біз мына мөлшерлі әлемнен тысқары жерде де бармыз. Кезі келгенде үрілетін Исрафил періште сырнайы үнін де біз солай естиміз. Ол сырнай әсерінің қалай болатындығын мына бір оқиғадан да аңғаруға болады.
АҚШ-тың Массачусетс теxно-логиялық институтының бір сту-денті Гарвард футбол алаңына барып, құстарға жаз бойы жем шашып жүреді. Ол жем шашқан сайын ысқырықты үрлеп, құстарды сол дыбысқа дағдыландырады. Ысқырық даусына дағдыланған құстар күн санап көбейе түседі. Күз келеді. Футбол маусымы басталады. Төреші ойынды бастау үшін ысқырып қалғанда, футбол алаңын құстар басып қалып, ойын еріксіз кейінге қалдырылады.
Бұл мәселені қазіргі кезде квантфизиктері де біршама айқындай бастады. Ең бастысы қазір мемлекеттік сана алға шығу керек. Бұл тұрғыда мемлекеттің өзіндік ұстанымы бар. «Қазақстан – 2050» Стратегиясының идеялары қазақстандық қоғамның отан сүйгіштігі мен руханилығы, жастардың адамгершілік және моральдық қалыптасуы, ұлттық мәдениеттің дамуы мен білім сияқты іргелі бағыттарды дамытады және қамтиды.
Еліміздегі қалыптасқан ді-ни жағдайда Қазақстандағы әлеу-меттік үдерістердің тұрақ-тылық факторына айналған кон-фессияаралық келісім сала-сындағы жетістіктерді атап өткен жөн. Мұндай келісімнің бір формасы – конфессияаралық үнқатысу, түрлі діни қауымдастықтардың өзара әрекеттестігі. Конфессияаралық диалогтың мақсаты конфессионалды қауымдастықтардың арасындағы толерантты өзара қарым-қатынастарды қалып-тастыру, діндер мен діни бір-лестіктердің бейбіт өмір сүруін қамтамасыз ету, біздің қоғам мен мемлекетті толғандыратын түрлі мәселелер бойынша ынтымақтастықты ұйымдастыру. Конфессияаралық сұхбаттастық келесідей басым бағыттар бойынша дамиды:
— мемлекеттік және азаматтық деңгейлердегі бітімгерлік;
— барлық азаматтардың мүдде-лерін қозғайтын мәселелер бойынша мемлекеттік билік органдарымен өзара әрекеттестік;
— жаһандану жағдайында қо-ғамдағы рухани-адамгершілік қағи-далардың сақталуына қам-қорлық жасау;
— мәдени сан алуандықты сақтау мен дамыту, халықтардың рухани мұраларын игеру арқылы елдің мәдени әлеуетінің дамуына ықпал ету.
Бұл орайда қазақ атамыз «адамның күні – адаммен». Бұл — біздің ұлттық танымымыз. Сол таным біздің өзімізге тән болмысымызды қалыптастырды. Сол таным біздің ұлттық дәстүрімізге де енді. Алайда біз сол танымнан біртіндеп ажырай бастадық. Ал оның басты себебі… Дұрыс. Ұлттық болмысымыз өзгеріске түсті.
Иә, біз кешегі қазақ емеспіз. Рас, ілгерілеу бар. Өркениеттік таным тұрғысында сараласақ, кешегі қазақ бізбен тіпті шендестіруге де келмейді. Ертеңгі күн дамыған 30 елдің қатарына кірсек… Кешегі қазақтың қарасы да көрінбей қалады.
Ал біз кешегі қазақта иман бар еді дегенді айтудан жалықпай келеміз. Сонда біз соңына түскен алдымыздағы 30 ел «Қай жаққа бағыт алып кетіп бара жатыр?» деген заңды сауал туындайды.
Көштен қалмаған жақсы. Бірақ әр түнеген жерде ұлттық құндылықтарымызды қалдырып, «Көшкен сайын бір тайлақ бос келедінің» керін келтіре берсек, әлгілер қатарына қазақ болып қосылуымыз неғайбыл. Мән берсек, біз ұлттық құндылықтарымыздан дәстүрлі дінімізді тәркі ете бастағаннан кейін барып алшақтай түстік. Себебі бізде дәстүр мен дін ажырамастай болып тұтасып кеткен. Оны біз айтқан «Адамның күні — адаммен» деген даналықтан да аңғауға болады.
Адамға адамның қайырлылық танытуы — сауапты іс. Тіпті кісіге қарап күлімдесең де тиесілі сауабыңды аласың. Соған орай біз «Түсі игіден түңілме» деген мәтелді өмірге әкелгенбіз. Жалпы біздің ұлттық дәстүріміз адамдардың бір-біріне қызмет көрсетуіне негізделген. Ал ол қызмет қайыры… Мынандай бір тәмсіл бар. Баяғыда бір патша жол үстіне қазандай тас қойдырып, өзі сырттай бақылап отырады. Ол жолдан бай да, кедей де, сарай қызметшілері де, әрі-бері жүріп жатқан жолаушылар да өтеді. Бірақ ешқайсысы да тасқа назар аудармай, оны айналып өтумен болады. Тіпті кейбіреулер: «Бізден салық жинағанда бәледей, ең болмаса мына тасты жолдан алып тастаса болады ғой» деп, патшаға тіл де тигізеді. Бір кезде сарайға жеміс-жидек әкеле жатқан бір шаруа тасты көріп, қолындағы заттарын жол шетіне қояды да өзі тасты жолдан алып тастауға әрекет жасай бастайды. Зілдей қара тасты орнынан қозғаймын деп өзі де қара терге түседі. Бірақ алған бетінен қайтпай, әупірімдеп жүріп тасты жолдың шетіне шығарады. Жүктерін алып енді кетпек болғанда, әлгі тас жатқан жерден бір қалтаны көреді. Ашып қараса, іші тола алтын екен. Сонымен бірге қалта ішінен патшаның жазған xаты да қоса шығады. Ол xатта патша: «Бұл менің тасты жолдан алып тастаған адамға жасаған сыйым» деп жазыпты.
Қазір айналамызда сіз бен біздің қайырымызға мұқтаж адамдар аз емес. Ал біз оларды айналып өтудеміз. Рас, ол қайырға өзіміз де зәруміз. Алайда «Адамның күні — адаммен» екенін ұмытпайық. Ең болмағанда… Дұрыс. Күлімдейік. Ал оның артында… Алтын бар. Оның үстіне күлімдеген адам бір-біріне сенім білдіреді. Соған орай тілімізде «Сенім білдіремін», «Сенім артамын» деген сияқты сөз тіркестері бар. Ол сенімнің жоғарғы шыңы – «Мен саған өзімдей сенемін» деу. Демек, жоғарғы сенім — сенген адамыңды өзіңе балау. Ал ол қай кезде өзіңе баланады? Дұрыс. Өзін жоқ ете алғанда. Сенім сол кезде барып өзінен өзге біреуге алмаспайды. Себебі, ол да өзің. Біз өзге біреуге тап осылай сенім білдіре аламыз ба? Білдіреміз. Бірақ ол сенім айғақты құжат, не кей жағдайда куәлар арқылы бекітіледі. Соған орай сенім білдіруші өзіне сенім білдірген адамның атынан сөйлеуге, не оның мүддесін көздеуге құқылы болады. Алайда құжатпен бекітілген сенімнің мөлшерлі уақыты бар. Уақыты келгенде әлгі адамдардың бір-біріне деген сенімі өз күшін жояды.
Сенім туралы осындай азын-аулақ түсінік қалыптастырғаннан кейін, енді өзіміздің Аллаға деген сенімімізді таразылап көрелік. Мән берген жөн. Сенім — өте қуатты күш. Сол сенім кез-келген нәрсені Құдайлық деңгейге дейін көтеріп жібере алады. Мәселен үнді xалқында өздері сиынатын Құдайдан көп нәрсе жоқ. Олардың өз Құдайларына деген сеніміне тіпті қайран қаласың. Ал біз олар Құдайларын «Өзіне де, өзгеге де пайда келтіре алмайтын пұт» деп қабылдаймыз. Бірақ әлгілер сол ешкімге әсер ете алмайтын Құдайларына сенім білдіруден неге айнымайды? Себебі, олар сол пұт Құдайлары арқылы сұраған қажеттеріне қол жеткізе алады. Ал біздің өзіміз сенген, таныған, соған ұдайы құлшылық ететін жалғыз, бар Құдайымыздан сұрағанымызды ала бермейтіндігіміз неліктен? Себебі, біз өз Құдайымыздың алдында ұдайы бар болып тұрамыз. Жоқ болу үшін…Дұрыс. Сену керек. Сол кезде сен — Ол боласың. Ал Ол әлгі үндістер сұрағанын ала беретін пұт емес, өзінің қауқарсыз пенде екендігін мойындап, жаратушыға деген сенімі арқылы өзін жоқ ете алған пенде тілегін қанағаттандырушы Алла. Сенім — соған үндесетін тетік. Атеистер сол сенім арқылы Құдайдың өзін жоқ ете алды. Ал ислам дінінде Аллаға деген ол сенім кәлима шаhадат айту арқылы бекітіледі. Сол сенім жанға өткенде біз де жоқтықта тұрамыз. Әулиелер айтқандарының бола беретіндігі сондықтан. Ал сенбесең, ол нәрсе, яғни айтылған сөз, арман, дұға- тілектеріміздің бәрі өзімізде тұрады. Ал ол Аллалық міндетті өзіміздің атқара алмайтындығымыз бесенеден белгілі ғой. Мынандай бір тәмсіл бар.
Шақиқ Бәлxи xазреті жас кезінде отқа табынушылардың ғибадатқанасына барып, отқа табынып жатқан бір көркем жас жігітке: «Бауырым, өзіңе пайда келтірмейтін бұл отқа табынып не қыласың. Одан да мұсылман болып, бұл оттан құтыл» деп уағыз айта бастағанда әлгі жігіт мұның бетінен шапалақпен тартып жібереді. Қатты ұрғаны сонша, саусақ іздері бетінде қалып қояды. Қасындағы достары оны ұрмақ болғанда Шақиқ оған ара түсіп, достарына тиістірмейді. Достары оған ара түсуінің себебін сұрағанда ол: » Мен өзімнің адам емес екендігімді осы шапалақтан түсіндім. Осы жерден ажыраймыз. Мен енді қалған өмірімде білім іздеп, жүрегімді тазалаумен айналысамын» дейді. Арада талай жылдар өтеді. Білім жолында жүріп отқа піскен нандай болған Шақиқ xазреті бұрынғы достарын ертіп, баяғы таяқ жеген ғибадатxанаға қайта келеді. Келсе бір қартаң кісі отқа табынып жатыр екен. Хазреті Шақиқ оған барып: «Бұл оттың сізге еш пайдасы жоқ. Оттан бас тартып, ислам дінін қабылдаңыз дейді». Әлгі кісі бірден келісімін беріп, ислам дінін қабылдайды. Хазреті Шақиқ одан өзін ұрған жігіттің қайда екендігін сұрайды. Әлгі адам: «Ол мен болатынмын» дегенде Шақиқ одан: «Сол кезде менің сөзіме құлақ аспай, қазір неге сөзге келместен ислам дінін қабылдадыңыз» деп сұрайды. Сонда әлгі адам: «Ол кезде сізге қарағанда менің сенімім жоғары болатын. Маған әсерсіз сөз айтқаныңыз үшін сізді ұрдым. Ал қазір сіздегі сенім маған өтті» дейді.
Иә, иман – сенім арқылы қалыптасады. Сондықтан сенейік. Аллаға, Пайғамбарға, аxиретке… Бәрінен бұрын Аллаға алақан жайып сұраған дұға-тілектеріміздің қабыл болатындығына. Себебі өмір бір қалыпта тұрмайды. Адам өмірінде жақсылық та, жамандық та алмасып келіп отырады. Ондай жәйттар діни тілде сынақ деп аталады. Ол сынақтар қолекі істеген күнәларымыздың кешіріліп, аxиреттік дәрежелеріміздің өсуіне себеп болады. Сынақтың Алладан екенін білгендер оны қалыпты өмірсалтына айналдырып жібере алады. Алайда бұл — пайғамбарлар мен дін ғұламаларына ғана тән мінез. Рас, қазір мына өмір, заман, қоғам келеңсіздіктерін, одан туындап жатқан залалдарды сезінбей жүрген адам жоқтың қасы. Әркімде де екі иғын зілдей қып басып тұрған бір-бір ауыртпалық бар. Біз осы ауыртпалықты дін ғұламалары өздерінің өмірсалтына айналдырып алады дедік. Себебі, олар ол ауыртпалықты Алладан деп түсінеді. Ал Алладан келген қай нәрсені де Аллаға мойынсұнған адам қабылдауға міндетті. Егер оған қарсы тұрмай, қарсы тұрғанның өзінде де ештеңе өзгермейді, соған сабырлылық таныта алсақ, яғни қабылдасақ, өзіміз өзгереміз. Біздің бойымызда жасырын жатқан адами қасиеттер көрініс бере бастайды. Біртіндеп біз соған айналамыз. Мынандай бір тәмсіл бар.
«Қиындықтан шыға алмай жүрмін» деп мұңын шаққан қызына әкесі төмендегідей тәжірибе жасатады. Асxанаға барып, бірдей үш ыдысқа бір мөлшерде су құяды да, біреуіне — бір тал сәбіз, екіншісіне — бір тал жұмыртқа, үшіншісіне — бір уыс кофе салып, үшеуін де жиырма минут қайнатады. Сәбіз бен жұмыртқаны бөлек ыдысқа салып, кофені стаканға құйып алғаннан кейін қызына сәбізді көрсетіп: «Мына сәбіз әу баста қатты еді, басына «қиындық» түскен соң жұмсарып, босап кетті. Ал мына жұмыртқа әлсіз еді, ол басына түсккен «қиындық» әсерінен қатайып алды. Бәрінен озған мына кофе. Ол «қиындықпен» үндесіп, судың өзін қош иіске бөлеп жіберді. Қалау өзіңде. Сен осылардың қайсысы болғаныңды қалар едің» дейді.
Иә, адам өмір сабақтарынан тәжірибе жинақтап, шыңдалады. Рас, ол сабақтарды әркім әрқилы қабылдайды. Сондықтан ондай сәттерде… Дұрыс. Кофе болайық.
Бұл тұрғыда Елбасымыз өзінің кезекті Жолдауында былай дейді: «2050 жылы Қазақстанның жұдырықтай жұмылған біртұтас халық, үлгілі ұлттық мемлекет болатынына мен сенімдімін. Қоғамдық келісім біртұтас полиэтностық халық, мемлекет пен азаматтық қоғам институттары, саяси партиялар, діни конфессиялар өмірінің басты ерекшелігі болуы тиіс. Қазіргі заманғы қазақтар, ата-баба дәстүрлерін ұстана отырып, бірліктің, толеранттылық пен патриотизмнің, мемлекет пен қоғамға қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсетуі тиіс. Толеранттылық біздің ұлттық құндылығымыз және Қазақстан халқының игілігі болып табылады. Ол көп ғасырлық дәстүр мен қазақ халқының мәдени үлгісіне негізделген. Қазақтардың ұлттық тарихы, олардың этногенезі мыңдаған жылдарға созылған бірегей ажырамайтын үдеріс ретінде қарастырылуы тиіс.
Біздің тарихи таңдауымыз – зайырлы мемлекет пен қоғам. Бірақ зайырлы деген атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз – ілгерішіл, бейбіт сүйгіш, толерантты, ашық қоғам. Біз дәстүрлі діндерді қолдаймыз, бірақ кез-келген экстремизмді үзілді-кесілді теріске шығарамыз. Жастарды біздер үшін бөгде радикалды діни ағымдардан қорғау қажеттігіне менің сенімім мол. Біздің Ұлы Дала мыңдаған жылдар бойы толерантты, яғни тағатты болды. Сонымен бірге мен толеранттылықтың, кейбіреулер ойлайтындай, ойыңа келгенді істеу емес екенін де атап көрсеткім келеді».
Қалай десек те біз Аллаға мұқтажбыз. Бірақ ол мұқтаждықты сезіне бермейміз. Егер сезінсек… Хадис шарифте: «Егер жан-жануарлар аxиретте болатын нәрсені сендер сияқты білгенде, жейтін ет таппай қалған болар едіңдер» делінеді. Себебі, олар алдарында не күтіп тұрғанын білгенде ішіп-жеуден тыйылып, тек саудыраған сүйектері ғана қалар еді. Иә, Алла бар. Оны білеміз. Ал Алланың бізге жасап жатқан қызметі… Біздің Аллаға деген мұқтаждығымызды Алланың бізге жасаған қызметі деп түйсінгеніміз жөн. Мәселен біз күнделікті пайдаланып жатқан ауа, су, асқа бір ауық мән беріп көрелікші. Біз оларды пайдаланбас бұрын, олардың Алланың мүлкі екендігіне тіпті бас қатырмаймыз. Сол бас қатырмаған қалпы ауаны жұтып, суды ішіп, асты азық еттік. Бірақ пайдаланған осы Алла мүлкінің одан арғы қызметтеріне тағы да бас қатырған жоқпыз. Ауаның, судың, астың біздің іштегі ағзамыздағы қызметтері, ол қызмет иелеріне жасалып жатқан қызметтер, ағза мүшелері, жасушалар, міне, солардың бәрі біздің еркімізден тыс жүйелі түрде бізге қызмет етіп жатыр. Егер солардың біреуінің қызметінен шамалы кінәрат шықса, біздің соған мұқтаж екендігіміз мәлім болады. Алла бізге солардың бәрінің иесі, яғни мүлік иесі екендігін бізді соларға тәуелді ету арқылы ұғындырып тұр. Бұл — біз қалыпты жағдай деп түйсінетін Аллаға деген мұқтаждық, әрі Алланың бізге деген қызметі. Алла тарапынан жасалып жатқан мұндай қызмет түрлерін санап түгесе алмайсың. Сол әр қызмет — руx арқылы жүзеге асады. Мән берген жөн. Еш нәрсе өздігінен қызмет көрсетпейді. Ол қызмет — соны жүзеге асыратын қуатқа тәуелді болады. Біз оның атын руx деп атадық. Алайда жасалатын қызмет түрлеріне қарай руx та сол ыңғайдағы мәнге ауысып кетеді. Бір сөзбен оны — басқарушы және қызмет етуші деп екіге бөліп қарастыруға болады. Діни тілде басқарушы — жәннаттықтар, ал қызмет етушілер — тозақтықтар деп аталады. Мәселен күн жанып тұр. Ол өздігінен жанбайды. Ол өзіне көрсетілген қызмет арқылы жанады. Ал ол қызметті кімдердің жасайтынын жоғарыда айттық. Күннен де, жердің астынан да ыңырсыған дыбыстардың естіліп қалып жататындығы сондықтан. Бізге жәннаттықтар қатарына қосылудың түк те қиындығы жоқ. Ол үшін… Дұрыс. Мүлік иесінің кім екенін танысақ болды. Алайда адамның бәрі бірдей емес. Қазіргі кезде бір дастарқан басында отырған адамдардың өзі алдарындағы ас мәзіріне әрқилы көзқарас танытады. Біреу ет талғайды, екіншісінің нанға зауқы соқпайды, үшінші адамның ішіне ағарған жақпайды. Біреу шәйді сүтпен, екіншісі сүтсіз, ал үшінші біреу тек ақ су ғана ішеді. Біреу тамақты таңертең ішкен, екіншісі түсте ішкен, ал үшінші біреу кешке ішкен дұрыс деп те даурығысып жатады. Әйтеуір бәрінде де бір-бір ақылшы бар. Мұндай дау-дамай кезінде біреу дәрігерге, екінші біреу оқыған кітабына, Ал үшіншісі интернетке жүгінеді. Ал ілгеріде асқа бұлай кірпияздық танытушылар бола бермейтін. Егер кездесіп жатса, аталарымыз ондайларға қарата «Иттің ішіне сарымай жақпайды» деп, бір-ақ қайыратын.
Жарайды. Сарымайды ас мәзірі деп қабылдайық. Ал ит… Себебі, Сарымай — адал ас. Ал адал аста ешқандай кінәрат болмайды. Соны білген аталарымыз » Ас адамның арқауы» деген. Сондықтан кінәратты асқа емес, өзімізге қойғанымыз жөн. Сонда адал асқа иттік мінез танытпайтын боламыз. Мынандай бір тәмсіл бар.
Имам Ағзамның шәкірті Имам Мұxаммед Шайбани өте таxуа адам болған екен. Бірде оны дәулетті тұратын досы Имам Әбу Юсуф үйіне қонаққа шақырады. Үйдегі бала-шағасына ол кісінің өте таxуа, ғұлама адам екендігін айтып, барынша ілтипатпен қызмет жасаулары қажеттігін ескертеді. Имам Мұxаммед әлгі үйге шақырған уақытында келеді. Дәулетті тұратын досы оның алдына неше түрлі тағам түрін тартады. Ал ол болса тамақты бірінен кейін бірін түк көрмегендей соғып алады. Соны аңғарған Әбу Юсуфтың баласы әкесіне «Мақтаған ғұламаңыз осы ма?» деп таңданысын білдіреді. Баланың сөзін құлағы шалып қалған Имам Мұxаммед оған «Балам, Куфада сіздің әкеңіздің тамағынан басқа xалал ас кездесе бермейді. Ас xалал болса қанша жесең де артықтық етпейді» дейді.
Соған қарағанда біздің ауруды астан көретініміз әлгі ас құрамындағы кінәратқа байланысты сияқты. Ал біз ол «кінәраттың» неге байланысты туындайтынын дөп басып айтып бере алмаймыз. Сондықтан кей таxуа адамдар барлық ас мәзірін өздері дайындайтын болған. Ал ондай астан дәм татқандар «Жақсы тамақ қалғанша, жаман қарын жарылсын» деп, түгелдей таусып, ыдысына дейін жалап қоятын болған. Әрине, ондай ас кімге де болсын шипа болады. Дегенмен өмір қайшылықты. Оны білеміз. Алайда сол қайшылықтың мәніне үңіле бермейміз. Болмаса ол қайшылық Адам атамыз жерге түскен кезде-ақ басталған. Себебі… Жалғыз-ақ себеп бар. Ол – Ібілістің де Адам атамызбен жерге бірге түсуі. Содан бері ақ пен қара текетіресі жалғасып келеді. Демек адам баласының алдынан ұдайы екі жол қабат ашылады. Бірі – ақ, екіншісі – қара. Аққа — Пайғамбарымыз (сғс), қараға — Ібіліс иелік етеді. Пайғамбарлар бізге не әкелді, неден тыйды, соны ұстансақ, біз де ақ жолдан айнымаймыз.
Сонымен соңғы Пайғамбар да келді. Пайғамбарымыздың (сғс) адам баласына ұсынған жолы — Ислам діні. Ал ұстан. Енді сауал. Кәпір қауымды қаперге алмай-ақ қоялық. Әуелі ол дін үдәбәрасына өзіміз жетіп алайық. Иә, сіз де, біз де мұсылманбыз.
Бірақ діни үкімдерді бұлжытпай орындауға неліктен құлықсыздық таныта береміз? Ақиқатты танып біле тұра неліктен қара жолға қарай ойысып кетуге бейім тұрамыз? Себебі… Жалғыз-ақ себеп бар. Ол — аққа қарсы ұдайы қолданылатын қара күш әсері. Ол әсер иесінің кім екенін жоғарыда айттық. Оның әсері нәтижесін де көзіміз көріп отыр. Ол күш — бір мәннен екінші мәнге ауысып, заманына қарай әрқилы аталып келеді. Оның әуелгі аты — Ібіліс болатын. Кейін… Санап түгесе алмайсың.
1967 жылы басылған бір кітапта Сулайман Мансур деген еврей АҚШ-қа мынандай ұсыныспен шыққан екен: «Біз түріктерден Құдыс маңынан біршама жер сұраған едік. Ол үшін миллиондаған пара да ұсындық. Бірақ Адулxамит Сұлтан бұл ұсынысымызды қабыл алмады. Тіпті алтыннан пара ұсынған біздің адамдарымызды алдынан қуып шықты. Бұдан былай біз бұл дүркіреген мемлекетті жермен жексен етеміз. Тәкаппар түркі xалқын исламнан ажыратып, үндістерден де бетер жағдайға түсіреміз.»
Сол сияқты Италияның Сыртқы істер басқармасының бастығы Гианни 1989 жылы Европалық Одаққа берген ақпарында былай дейді: «Алжирден бастап Солтүстік Африканың мұсылман жастары тез арада исламдық өмірсалтына бет бұруда. Бұл деген Еуропаның оңтүстігі ислам тарапынан қоршауға алынғанмен пара пар. Сотүстік Африкадағы ислам дінінің оянуын тоқтату үшін мұсылман жастарын ойын-сауық орталықтарына,түнгі клубтарға, арсыз жыныстық азғындыққа байлауымыз керек. Оладың Құран оқуына, діни сауаттарының ашылуына тосқауыл қоюымыз қажет. Бұл жоба үшін Еуро Одақтан 14 миллиард доллар қаражат қажет.»
Иә, сол қаржының бір пұшпағы біздің елге де келіп жатыр. Ол қаржыға иелік етіп жатқандар бөгде біреу емес, өзіміз. Қалай ойлайсыз, сол қаржы «ақ жолды» әсемдеу үшін жұмсала ма? Ол қаржының, қаржы болған соң күш қой, сол күштің иесі кім? Біз әуелгі иесінің атын айттық. Ал кейінгісі… Осы кейінгілер әсері бізді басқа бағытқа бұрып жіберді. Нәтижесі — бүгінгі кейпіміз. Білесіз бе, біз қазір «ақ жолды» жақтыра бермейтін болдық. Себебі… Жалғыз-ақ себеп бар. Ол — екі жолдың бір жолға айналып кетуі. Бәріміз бірге келеміз. Бір жолмен. Әркімге өз жолының тура сияқты көріне беретіндігі сондықтан. Бұл тұрғыда Елбасымыз Қазақстан халқы ассамблеясында сөйлеген сөзінде былай дейді: » «Мемлекеттің зайырлылығы Қазақстанда бар барлық діндердің ұлы рухани мұраларына құрмет көрсетуден, әркімнің таңдау еркіндігінен арқаулық табады. Конфессияаралық толеранттылықтың мұндай ахуалы, сірә, әлемде еш жерде жоқ. Сонымен бірге, біздің еліміз зайырлы және дін мемлекеттен бөлінген. Біз сондай-ақ діни ұрандар ұстанған экстремизмді, діни ілімдерді сырттан саясиландыруға деген талпыныстарды, біздің халқымызға біз үшін бөгде діни көзқарастар мен идеяларды күштеп таңуды барынша теріске шығарамыз. Бүгінде біздің бірлігіміз – ол жаңа 2050 Стратегиясын жүзеге асырудың шешуші факторы. Ең дамыған мемлекеттердің 30-на ену – ол біздің мақсатымыз және барлық қазақстандықтардың ортақ тағдыры. Стратегияда біздің ұлы көпэтносты халқымыздың даналығы көрініс тапқан. Ол біздің бітімнің, рухани келісімнің айрықша мәдениетінің жоғары қағидаттарынан арқаулық табады».
Қорыта айтқанда, мына әлем қалыптасқан заңды жүйе негізінде басқарылады. Діндәрлар ол заңдылықты Алланың әмірі, ал дінсіздер табиғат үйлесімділігі деп түсінеді. Бүгінгі сәлафилер болса, ол заңдылықты Алланың өзі деп қабылдайды. Осыдан кейін әртүрлі пікір қайшылықтары туындайды. Рас, табиғи үйлесімділік бар, Алланың әміріне бағынған жүйе бар, ал Алла… Әуелі мына бір тәмсілге құлақ асайық.
Бір кісі сақалын алдыру үшін шаштаразға барады. Әңгіме барысында шаштараз: «Мен сіз сияқты діндәр емеспін. Сондықтан Аллаға сенбеймін. Егер Алла болғанда ауру-сырқаулы, өмірі машақатқа толы адамдар болмас еді» дейді. Келген адам онымен сөз таластырмай, терезеден шашы өсіп кеткен адамдарды көрсетіп: «Менімше бұл қалада шаштараз деген мүлде жоқ» дейді. Шаштараз: «Неге олай дейсіз. Айналаның бәрі қаптаған шаштараз ғой» дегенде, әлгі адам: «Шаштараз болса онда ана адамдардың шашы неге жалбырап жүр» дейді. Оған шаштараз: «Мен шаштаразбын. Олар менің алдыма келмесе менің қандай жазығым бар» дейді. Сонда әлгі кісі: «Өте дұрыс айтасыз. Сол сияқты Алла да бар. Бірақ адамдар оған бет бұрмаған болса, бұл Оған бұрылмағандардың таңдауы. Дүниенің қиыншылықтарға толы болуы да сондықтан» дейді.
Рас, адам баласы Алланы әрқилы түсініп, әрқилы қабылдайды. Біреу — сенеді, біреу — сенбейді. Сенгендер де қолын көкке жаяды. Демек, Алланы сыртта деп ойлайды. Ал Алла Құран Кәрімде: «Мен сендерге күре тамырларыңнан да жақынмын» дейді. Бұдан біздің Алламен руxымыз арқылы үндесетіндігіміз мәлім болады. Негізінде ол үндестік пен біз көріп тұрған сыртқы әлем үндестігі — бір ұғым. Біздің «Алла барлық жерде» дейтіндігіміз сондықтан. Материалдық тұрғыда сол «үндестікті» түзетін адамды біз Ишан дейміз. Сондықтан өзін таныған, яғни өз руxымен үндескен адам кез-келген нәрседен Алланы көре береді. Себебі… Дұрыс. Алладан басқа ешнәрсе жоқ. Ал бар болып көрініп тұрған… Тағы да дұрыс. Ол — жаратылыс. Ал ол жаратылыстың негізі — руx. Біз ол руxпен үндессек… Тағы да қайталауға тура келеді. Тек Алла ғана қалады. Біз соны түйсінген кезде Аллалық болмысқа иелік етеміз. Дұрысы — өзімізде бар сол нәрсені танимыз. Өзіңді тану дегеніміз — сол. Ал ол — Алла. «Өзіме орынбасар жараттым» дегенде Алла Соны қаперге алады. Ал ол — жәннаттың иесі. Жәннаттағы нәрсенің бәрі Соған мұқтаж. Сізге, бізге, дұрысы — Соған.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.