ҰЛТТЫҚ РУхТЫ ҰЛЫҚТАҒАН БАҒДАРЛАМА
30.07.2019 0 2 507
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қашан да халқымыздың рухани сілкіністер жасап, ұлттық рухтың асқақтай түсуі үшін бағалы бастамалар көтеріп, ірі жобаларды жүзеге асырып келеді. Еліміздің еңсесін тіктеп, ұлттық сананың жаңғыруы мақсатында жазылған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жоғарыда айтылғандарымыздың жарқын мысалы. «Жеті ғасыр тарихын білмейтін ел жетесіз, жеті атаны білмейтін ер жетесіз» деген қазақ даналығын басшылыққа алған Елбасы сонау сақ дәуірінен басталған ұлттық салт-дәстүрлерімізді, жөн-жоралғыларымызды, әдеп-ғұрыптарымызды жаңғырту, тарихымызды түгендеп, өшкенімізді жандырту үшін бағыт-бағдар айқындап берді.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде Түркістан облысы бойынша бағдарламаның 6 басымдылығы негізге алынып, 6 арнайы жоба қолға алынды. Мақала жарық көргеннен соң алғашқы қолға алынған ірі жобалардың бірі – «Туған жер» бағдарламасы. Осы ретте облысымызда әуелі «Туған жерге туыңды тік» атты акция өтіп, оған республикамыздың түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп келе жатқан танымал тұлғалар шақырылды. «Туған жер» жобасының «Атамекен», «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Ақпарат толқыны» атты төрт қосымша бағдарламасы аясында киелі жерлердің картасы әзірленді. Осы карта бойынша киелі жерлерге этномәдени экспедициялар, яғни археолог, этнограф, мәдениеттанушы, тарихшы, өлкетанушы, басқа да мамандар киелі жерлерге барып, кешенді зерттеулер жүргізді. Соның бірі «Ханқорған» археологиялық қалашығында археологиялық қазба, реставрация және консервация жұмыстары нәтижесінде ашық аспан астындағы музейі дүниеге келді. «Қазақстанның киелі жерлері» арнайы жобасы бойынша республикалық тізімге Түркістан облысынан 24 нысан енгізілді. 80 тарихи-мәдени ескерткіш жергілікті маңызы бар қасиетті, киелі жерлердің тізіміне енді. Облыстағы киелі жерлерді қалпына келтіру, дамыту үшін былтыр облыс бюджетінен 686 миллион теңге бөлінді. Демеушілердің қолдауымен 208,4 миллион теңге жиналып, аталған жұмыстарға бағытталды.
ЮНЕСКО-ның «Ұлы жібек жолы ескерткіштері» аталымы бойынша әлемдік мәдени мұралар тізіміне енген ортағасырлық 8 ескерткіш (Сауран қалашығы, Түркістан, Сидаң, Қарааспан, Жуантөбе, Күлтөбе, Отырар оазисінің ескерткіштері, Бөржар қорғаны) туралы деректі фильмдер түсірілді. Тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттап, жастарға тәрбие беру мақсатында түсірілген «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая «Хабар» арнасы арқылы республикамыздың түкпір-түкпіріне тарады. Бұдан бөлек «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау», «Күш атасы – Қажымұқан», «Бәйдібек би», «Ордабасы – бірлік туы», «Түркістан», «Оқсыз» атты тарихи-анимациялық фильмдер көрермендерге жол тартты. «Төле би» телесериалының түсірілімі аяқталды.
Киелі жерлер туралы ақпаратымыздың қолжетімділігін, туризм саласының әлеуметтін арттыру мақсатында «Түркістан облысының киелі орындары (ескерткіштері) геоақпараттық жүйеде» және «Түркістан облысының киелі жерлері географиясы» атты 700-ге жуық киелі нысандарға, аудан, қалаларда орналасқан 100 монументті өнер туындысына QR-код бағдарламасы енгізілді.
Түркістан қаласындағы тарихи және мәдени нысандардың туристерге арналған штрих-кодтары көпшіліктен жоғары бағасын алды. «Хазрет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығының ескерткіштерін 3D түрінде виртуалды саяхат арқылы көрудің мүмкіндігі туды.
Қазақстан халқының дүниетанымында Қазығұрт тауының орны ерекше. Сондықтан «Наурыз – Қазығұрттан басталады» атты іс-шара өтті. Түркістан қаласының жаңа статус алуына байланысты Наурыз мерекесі биыл осы киелі кентте жалғасты. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңғыру, жаңару мерекесінің жоғары деңгейде өтуіне баса мән берді.
Туған жер қашан да қастерлі. Оның даңқын аспандата беру әрбір перзентінің басты борышы. Осы тұрғыда Түлкібас ауданында «Қызғалдақ», Жетісай ауданында «Safari Shardara», Түркістан қаласында «Қолөнершілер» фестивальдері өтті.
Баға жетпес құндылықтарымыздың құнарлы қабаты ұлттық әдебиет десек, бұл бағытта атқарылған шаруалар да шаш-етектен. Мәселен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 10 жергілікті ақын-жазушының жинағы жарыққа шықты. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің мұрындық болуымен жыл сайын «Жақсылар, дастан айтайық» атты оқушылар арасында батырлар жырын жатқа айтушылардың жарысы өтіп келеді. Мұндай мысалдар мыңдап табылады.
Бұқаралық сипат алған бағдарламалық мақаладағы бастамалар түп тамырын тереңнен іздеген халқымызға жарқын жол ашып берді. Ендеше, текті жер – Түркістанда тағылымдық іс-шаралар жалғаса береріне талас жоқ.
ӨТКЕНДІ ҰЛЫҚТАУДЫҢ ӨНЕГЕЛІ ҮЛГІСІ
Былтыр Орбұлақ шайқасының қаһармандары – Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс Баһадүрдің ат үстіндегі айбынды бейнелері асқақтаған киелі Қазығұрт жеріндегі «Бабалар рухына тағзым» кешені алыстан қарауытып көрінгеннен-ақ рухыңды көтеретін тағы бір еңселі ескерткішпен толықты. Кешеннің орта тұсынан орын тепкен Төле, Қазыбек, Әйтеке бидің мүсіндері көрген жұртты өткен-кеткен жолаушыны бірлікке шақырып, ынтымақты болуға үндеп тұрғандай күйге бөлейді. Әйтеке би Бәйбекұлының 375 жылдығына орай тұрғызылған билер ескерткішіне «Жері жарғы» және «Қожаберген жырау» қайырымдылық қорының басшысы, облыстық құрметті азаматы, белгілі заңгер Бекет Тұрғараұлы бастамашы болды.
Шарапхана ауылында өткен салтанатты рәсімге облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов, Қазақстаның өнер-қоғам қайрат-керлері, республиканың түкпір-түкпірінен келген қонақтар қатысты. Алдымен өңір басшысы көпшілікті ескерткіштің ашылуымен құттықтап, өткенге үңілудің өнегелік маңызына тоқталды.
-Бүгінгі шараның маңызы орасан зор. Өйткені, тарих қойнауындағы атақты билердің есімін қайта жаңғыртып, өнегелі өмірін өскелең ұрпаққа үлгі етудің үлкен тәрбие екенін ұмытпауымыз керек. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары қазақстандықтардың арасында зор серпіліс тудырып, ауқымды жұмыстардың жүргізілуіне жол ашты. Мәдениет, өнер, білім салаларында бұрын-соңды болмаған бастамалар жүзеге асты. Қазақ халқының бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан үш биді бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Олардың басты мақсаты – ел тәуелсіздігіне қол жеткізу, елдің ынтымағы мен бірлігін нығайту еді. Тоғыз жолдың тоғысында орналасқан «Бабалар рухына тағзым» кешені жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеумен қатар алдағы уақытта осында келетін туристердің де назарын өзіне аударатынына сенімдімін, — деді Өмірзақ Естайұлы.
Елордадан арнайы келген Бақтықожа Салахатдинұлы рухани жұтаңдану кезеңінде ұлт тарихын санаға сіңіру осы отырғандардың ортақ міндеті екенін еске салды. Ал Солтүстік Қазақстан облыстық «Қызылжар-ақпарат» ЖШС-нің директоры, белгілі журналист, ұлт жанашыры Жарасбай Сүлейменовтің пікірінше, дәл бүгінгі жаһандану заманында қолдан сусып жатқан дүниелеріміз көп екен.
-Бүгін болащаққа бағдарланған, сәулесі келер ғасырларға түсетін үлкен оқиғаға куә болып отырмыз. Себебі, ұлыларлы ұлықтау, олардың мол мұрасын бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіруде мұндай шараның маңызы өте зор. Егер жаны таза, ғажайып ұлт боламыз десек, осындай шараларды көптеп өткізуіміз керек. Ал, осы шараның басы-қасында жүрген Бекет Тұрғараұлы біраз жыл Солтүстік Қазақстан облысында қызмет істеген азамат. Сонда жүргенде орысы көп өңірге қазақылықтың дәнін сеуіп, ұмытылып кеткен тұлғаларымыздың рухын қайта тірілтуге көп еңбек сіңірді. Бекеңнің енді туған жерінде де осындай іргелі істерді қолға алуы – қуантарлық іс. Сондықтан мұндай істер – елдің болашағы үші қажет дүние, — дейді Жарасбай Қабдоллаұлы.
Жиынды республикаға танымал әншілер ән-жырмен көмкерсе, білекті жігіттер ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті. Соңынан бабалар рухына құран бағышталып, ас берілді.
Жиын түс ауа Шымкент қаласындағы «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында жалғасты. Мұнда шараға арнайы келген қонақтар қазақтың бітімгершілік дәстүрін қайта жаңғырту ісіне қосар ардагерлердің үлесі мен қоғамдық медиаторлардың іс жүргізу тәртібіне арналған семинарға қатысып, аға буынның елі ішіндегі дау-жанжалды реттеу тәжірибелерімен бөлісті.
ЕР ҚАЗЫБЕК ЕЛІНДЕ
1. Жайсаңнан Үшқараға дейін…
Көңіл күмбезінде көгершіндей қалықтап әдемі бір күмбір-күйдің құлағыңнан кетпей қоятыны бар емес пе? Сол көңіл көкжиегіндегі көкейтесті мақсатыңа бір-ақ сәтте қол жеткенде сан тарау ойдың тұңғиығына терең батады екенсің. Ес жиғаннан санаңа сіңіскен әдемі әпсана көкіректе қайта жаңғырып, жаңа бір әлемнің бетін ашқандай ерекше сезім құшағына бөленесіз.
Сонымен, біз Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылында өтетін қазақ халқының қабырғалы билерінің бірі Қаз дауысты Қазыбек бабамыздың 350 жылдығына арналған мерекелік іс-шараға баратын болдық. Атадан асып туған бидің қазақ елінің азаттық, тәуелсіздік жолындағы ұлы күрескерлік ерліктері еске түскен. Осындайда қайран қалатын бір тәмсіл бар. Тәңірдің халық тағдырындағы таңғажайып тартуларына кейде қалай таңдай қағып, таңырқамассың.
Қазақ елін, жерін жан-жағынан үш аждаһа ауыздарын арандай ашып жұтып жібергелі тұрғанда Жаратқан Иеміз үш абызды құтқару үшін көктен түсірген тәрізді. Бұл аралықта тұп-тура 19 жыл өтті. 1644-1663 жылдар аралығында қазақ жерінде үш перзент келіп, олар үш жүздің көсеміне, жол бастаушысына айналды. Бұл Ұлы Жаратушымыздың қазақ халқын жарылқауы емес пе еді?! Қазақтың ұлан-ғайыр жерінде халық үш бірлікке топтасып өмір сүргенімен, шын мәнінде күллі қазақ біртұтас ел болатын. Еліміздің сол тұстағы қоғамдық- саяси және рухани кеңістігінде тарихи тұлғалар халық бірлігі жолында жанқиярлықпен тер төкті. Ұлт тұтастығы жолындағы олардың қажырлы еңбектері өз жемісін берді.
Қарағанды сапарында осы жайттер еске түскен. Сапар мұраты-асыл, жауапкершілігі –ауыр еді. Осыны жан-жүрегімен терең түсінген облыстық мәслихаттың депутаты, ОҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі Дулат Әбіш ә дегеннен Қарағанды облысын бетке алып тартып кетпей, киелі, тәберікті Түркістанды таңдады. Неге? Өйткені, мұнда Қаз дауысты Қазыбектің әзиз денесі жатыр. Сол күні Арыстанбаб кесенесі жанындағы қонақүйде түнеген арнайы делегация мүшелері Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі басына таңалакеуімде жетті. Осы жерде құрбандық шалынып, Қожа Ахмет кесенесі ішіндегі баба рухына арналып Құран бағышталды. Қазыбек биге арналып сомдалған құлпытас жанында да Құран оқылып, бет сипасқан делегация мүшелерін Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев сапарға шығарып салды.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деп атап көрсетті. Осы сөзден қанаттанған делегация мүшелері Жамбыл облысы Шу ауданындағы Жайсаң жазығына бет түзеді.
Қарақыстақ шатқалы арқылы Әулиешоқыға көтерілер жолдағы шағын жазықта қорғандар мен қамалдар орыны кезігеді екен. Ал Жайсаң жазығына жетпей бір шоқының басында үш бірдей балбал тасқа кезіктік.. Олар мемлекет қорғауына алыныпты. Балбал тастардың соншалықты көркем әрі дәлдікпен салынғанына қайран қалмасқа шараң да жоқ. Мына бір балбал тастың кемер белбеуі мен оған қыстырған қанжары да айқын бедерленіпті. Ортада тұрған балбалтаста бала бейнесі.Ал, тағы бір шетіндегісіне әйел таңбаланыпты. Былай қарасаңыз- «Әке.Шеше.Бала» образы. Баланың әке мен ана ортасында орнығуы да заңдылық. Бағзы бабаларымыздың ой тереңдігіне қайран қаласыз. Иә, шаңырақ бірлігі-мемлекет бірлігі. Тәуелсіздік үшін жандарын пида еткен ұлы бабалар айтарларын тасқа осылай таңбалап кеткен-ау.
Жазиралы Жайсаң жазығының жолбарыс жонды жотасында Төлеби бабамыздың кіндігі кесілген. Міне, осы жерге жамбылдықтар ескерткіш-белгі орнатыпты. Тағдыр-ай десеңізші, Жайсаң жазығында өмірге келген Төле бабамыздың денесі Ташкентте жатыр. Ал, 1763 жылы ақпан айында Семізбұғы тауынан әрі Далба тауының етегінде, Қарабас шоқысы, Теректібұлақта дүниеден өткен Қазыбек бидің сүйегі Түркістанда жерленген. Қаз дауысты Қазыбек Үшқара тауын да жайлаған.Бүгінде Үшқара тауының баурайында белгітас бар. Оған: «Бұл жерде Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз қоныстанған» деген жазу таңбаланыпты. Ал, Далба тауында сөретас тұрған жерде де ескерткіш- белгі орнатылған.
Бабаның Теректібұлақта қайтыс болғанын айтып қалдық. Осында естіген бір әңгімені айта кеткенді жөн санап отырмын. Қазыбек би дүниеден өтер алдында «Сүйегімді Әзіреті сұлтанға апарып қойыңдар» деп аманат етеді. Мезгіл қыс болғандықтан соң баба сүйегін былғарымен орап, сөре үстінде сақтайды. Үстіне алты қанат киіз үй тігеді. Ерте көктемде Бекболат бастаған 40 жігіт сүйекті Түркістан қаласына қарай алып жүреді. Бетпақ даласына кіре берісте олар бір жерге түнейді. Осы түнде олардың Түркістанға барғанда ел-жұртты жинап ас береміз деп айдап шыққан бір үйір жылқысы мен мініс аттарын ұрылар үптеп кетеді. Бірақ, сол түні тұман түсіп, ертесіне ұрылар сүйекшілерге қайта келіпті. Осы жағдай үш рет қайталанады. Сонда ұрылардың басшысы: «Түкке түсінбедік, қанша тырыссақ та сіздерден қара үзіп кете алмадық. Сіздер кімсіздер? Әкетіп бара жатқандарыңыз не?» деп сұрапты. Көш иелері: «Бұл Қазыбек бабамыздың сүйегі. Түркістанға әкетіп барамыз» деп жөнін айтыпты. Сонда ұрылардың басшысы жата қалып жылап, ат-шапан айыптарын тартып, кешірім сұрапты. Баба әулие болмаса осы оқиға болар ма еді?
Даланың даңғайыр данышпаны Қазыбек би қалмақ ханына үш рет елші болып баруы оның дипломатиялық қарым-қабілетін байқатады. Мына бір оқиғаға арнайы тоқтала кеткіміз келеді. Қазыбек би қалмақ билеушісі Қалдан Серенмен келіссөз жүргізеді. Сонда Қалдан Серен: «Біз сенімен үшінші рет келісім жасасып отырмыз. Біздің достығымыз бен татулығымыз тұрақты болуы үшін қыз алысып, бір-бірімізге қыз берісейік» депті. Осы келісіммен Қазыбек биге қалмақтың бір қызы беріледі. Оның аты Кішік еді. Осы Кішікті би өзінің ұлы Бекболатқа қосады. Бекболат пен Кішіктен атақты би әрі батыр Тіленші туған.
Қаз дауысты Қазыбек Анна Иоаанқызы патшалық құрған кезде қазақ елінің Ресейдің қоластына кіруіне Арғын руының атынан сенім білдірген. Қазыбек би сыртқы саяси дипломатиялық бітімгершіл ерек қасиетінің арқасында екі ірі мемлекет Ресей мен Қытай қарым-қатынасында үлкен роль атқарған араағайын болды. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, Этно-мәдени ғылыми-зерттеу институтының директоры Зарқын Тойшыбайдың айтуынша, Қытай мұрағатында Қазыбектің суреті сақталған. Онда би бабамыздың бейнесі бүгінгі үш данышпанның ескерткішіндегіге мүлде ұқсамайтын көрінеді. Көне сарғайған суретте Қазыбек би шүңірек көзді, терең ойлы, келбетті, батырлығы жүзінен көрініп тұратын жан ретінде бедерленген. Қытайлықтар суретті қолға бермеген. Алайда, ізденушілер ебін тауып суреттің көшірмесін алса керек. Осы сурет ізімен Қазыбек бидің жаңа ескерткіші жасалынған. Аталған ескерткіш еңсе тіктегенде бәлкім бабамыздың әзіз жүзінің шынайы бейнесін көре алармыз.
2. Ұлы дала ұлағаттары
Қарқаралы топырағының құнар-лығымен, табиғатының әсемдігімен ғана емес, тарихының тереңдігімен де талайларды тәнті етіп келе жатқан киелі өңір. Қарқаралы дегенде кезінде алты алаш баласына билік айтқан кемеңгер баба Қаз дауысты Қазыбек, қыр даланың құлагер күйшісі Тәттімбет, қазақ рухының көшбасшылары Әлихан Бөкейханов пен Ақбайдың Жақыбын, өз заманының өршіл өрендері Мәди, Қасым, Әміре, Бибігүл, Әсет, Жүсіпбек, Кемпірбай, Шөже, Жанақ, Нарманбет, Қаллеки, Қалибек, Ақжан Машани, Нүркен, Тоқтар есімдері тізбектеліп көз алдымызға келеді. Қасиетті Қарқаралы, Балқантау өңірі туралы сөз қозғалса, осында толысып өскен ұлы Абай, Қарқаралы табиғатын көркем шығармаларында келістіре сомдаған ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, осы өңірдің топырағын басып, ғибарат таратып, шежіреден сыр шерткен Шоқан, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов пен Жүсіпбек Аймауытов тұлғалары еске түседі.
Абайдың анасы Ұлжан Балқантау етегінде дүниеге келген. Сондықтан да Ақылбай Абайұлы «Нағашым Ер Қазыбек әулие өткен, Пәниден уақыт жетіп ол да кеткен» деп өлеңіне арқау етті.
Қарқаралы дегенде тұңғыш құрылған Совдеп мүшесі Нығмет Нұрмақовты айтпай кету мүмкін емес. Ол кейіннен Мәскеуде Бүкілодақтық атқару комитетінің ұлттар бөлімінің меңгерушісі болды. Ал, осы өңірдің тумасы Мұхаметқали Тәтімов республиканың еңбек және денсаулық сақтау министрлігіне дейін көтерілді. Мұқатай (Угар Жәнібеков) Лена қырғынына қатысқан жұмысшы-большевик еді.
Қарапайым халықтың құқығын қорғап, әлеуметтік әділетсіздік және теңсіздікті сынағаны үшін биліктің қудалауына ұшырап, Атбасар, Семей, Омбы, Қарқаралы түрмелерінде отырған Мәди Бәпиұлының өмірі тым аянышты. Ол1919 жылы Колчакқа карсы шайқастарға қатысады. Ақ гвардияшыларды Қарқаралыдан қуып шығысымен жаңа өмірді нығайтуға көмектеседі. Бірақ Кеңес үкіметіне кіріп алған жаулары оны ебін тауып өлтіруді ойластырады. 1921 жылдың ақпанында Мәди қаза табады.
Едірей тауында Шатырлы үңгір деген үңгір бар.Мұны жергілікті тұрғындар «Мәдидің қараүңгірі» деп те атайды. Мәди осы үңгірде жатыпты. Ал Қарқаралыдағы Мәліксайда оның бейіті тұр.
Қарқаралы қаласындағы Мәди Бәпиұлының ескерткіші алыстан менмұндалайды. Қолында домбырасы бар Мәди ақын: «Үшқара басың биік мұнар шалған, Сымпиып өте шықты мына жалған. Тар есік, тар босаға жаман екен, Ер едім ел ішінде сайран салған» деп жырлап тұрғандай. Үшқараның баурайынан аса алмай, жапырағын жайқалтып баса алмай арманда кеткен әнші-композитордың сом тұлғасын мүсінші сәтті сомдапты.
Күй өнерінде Арқа дәстүрін дамытқан Тәттімбет Қазанқапұлы Егіндібұлақ ауылында 1815 жылы туылып, 1862 жылы қайтыс болады. Біржан, Жанақ, Жаяу Мұса, Кемпірбай, Тоқа, Ықылас, Шөже, Алшынбай, Ерден, Құнанбай, Шыңғыс сияқты ел басшыларымен пікірлес болған Тәттімбеттің «Сарыжайлау» күйіне жетер дүние бар ма екен, шіркін?! Екінші Александрдың тойына барған Тәттімбеттің сазды күйіне патша сарайындағылар билей жөнелген деген сөз қалған.
Бұл 1863 жылдың 24 наурызында өткен. Тәттімбет Ресей патшасы Александрдың таққа отыру тойына Сарыарқа қазақтарымен бірге Санкт-Петербург қаласына барады. Сол сапарда күйлері арқылы Ресей астанасы шенеуніктерінің ықылас, назарына ілініп, күміс медальмен марапатталған. Осы медальді шөбересі Өзек Кәбішұлы сақтап келген. Ал, күйлері інісі Жақсымбет, балалары Мұсатай мен Исатай арқылы кең тараған.
Қарқаралыға келіп тұрып Құнанбай салдырған мешітке, Абай қонып өткен үйге аялдамау мүмкін емес.Құнанбай қажы мешітінің бас имамы Әміржан Әшімұлының айтуынша, 1924 жылы шолақ белсенділер Алланың үйін өртеп жіберуге бұйрық береді. Мешіттің сыртына қураған ағашты мол етіп үйіп, от қояды. Алайда отын тұтанбай, бықсып барып өшіп қалады. Сосын мешіттің екінші жағына отын үйеді. Бұдан да түк шықпайды. Сол жылы Имаш деген кісі мешітті өртемек болғанымен қоймай, балталап шабады. Мұнараны жыққан бетте қолынан балтасы ұшып кетіп, өзі жантәсілім етеді. Сол кісінің бейіті ауыл шетінде екен. Екінші бір кісі мешітті өртемек болғанда көзіне шоқ түсіп, жанарынан айырылады.
1941-1945 жылдары, одан кейінгі тың игеру тұсында әр елден келгендер осы мешітті жатақхана ретінде пайдаланыпты. Сонда олар: «Мұнда түнеу мүмкін емес. Түнде беймәлім сөздер айтылады. Үй ішінде біреу жүргендей сезіледі» деп мешіттен қашып шығыпты. Бір жылдары ескі мешіт кітапхана ретінде пайдаланылған. Сол кезде күндіз жинап қойған кітаптар түнде шашылып қалатынын Әміржан бізге айтып берді. Мешітті Құнанбай аға сұлтан кезінде 1851 жылы салдыртыпты. Бүгінде мешіт қайта қалпына келтірілген.
Құнанбай Қарқаралыға келгенде Абай да онымен бірге талай рет болғаны М.Әуезовтің «Абай жолы» романында айтылады. Құнанбай қажы Халиолла Бекметов деген көпестің үйіне тоқтайтын болған. Осында Абай екеуіне арнайы бөлме жабдықталған. Осы бөлмеде отырып Қарқаралы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Дана Төлегенқызынан талай әңгіме естідік. Халиолланың байлығы соншалық, бір көпеспен ерегісіп, самаурынды ақшамен қайнатқан дегенді де Дана қарындастың әңгімесінен білдік.
1913 жылы Григорий Потанин Қарқаралыда болып, халықтың мәдени мұраларын, ертегі-аңыздарын, жырларын зерттеген, жазып алған. Географ әрі ғалым, даңқты жазушы М. Пришвин 1909 жылы тамыз-қыркүйек айларында «Русские ведомости» газетінің тілшісі ретінде Қарқаралы уезіне келеді. Ол осы сапарында Кент тауларындағы қызыл кенішті аралап көреді.
1942 жылғы 19 желтоқсанда қарқаралық ұшқыш Нүркен Әбдіров жанып бара жатқан әскери ұшағын немістің шоғырланған техникасының үстіне құлатқаны белгілі. Міне, осы ерлігі үшін ол Кеңестер Одағының Батыры атанды.
Исі түркі жұртынан шыққан тұңғыш ғарышкер, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров осы топырақтың тумасы. Тоқтар ағаның Қазыбек би бабасы туралы «Дала данагөйі» атты толғауы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде де жарияланды. Дара туған ер бұл жиында көсіліп әрі шешіліп сөйледі.
Торқалы тойдың өтуіне белсене атсалысып жүрген республикалық «Қарқаралы» тарихи-танымдық, әдеби журналының және аудандық газеттің бас редакторы, Қазақстанның құрметті мәслихат депутаты Рымбек Смағұлов осы өңірден шыққан айтулы азаматтар жөнінде бізге көптеген мәліметтер берді. Ақжарқын азамат екен.
Қасиетті Қарқаралы топырағынан Қазақстанның халық жазушысы Әлжаппар Әбішев, ақиық ақын Қасым Аманжолов, драматург Қапан Сатыбалдин, ақындар Жаппар Өмірбеков, Ғабдиман Игенсартов, Әмен Әзиев, сатирик-жазушы Әбжан Омарбеков, жазушы-ақындар Сапарғали Ләмбекұлы, Серік Ақсұңқарұлы, Дидар Амантай, Кәрім Сауғабай, тағы басқа да әдебиет алыптарының шыққанын оқырман қауымның қаперіне сала кетуді хош көріп отырмыз.
ТАБИҒАТ – ТАЛ БЕСІГІҢ
Қарқаралы өңірінде құймақұлақ қариялардан, зерделі жыраулардан 154 ән жазып алған Александр Затаевич француздың атақты жазушысы Ромен Ролланға хат жолдап, өзі болған жерлердің тамаша табиғатын сүйсіне суреттеген екен. Әлемде елді көркімен тамсандырар ғажайып мекендер аз емес.Қарқаралы өнертанушының қаламына неге ілікті?
Қойнауы қазынаға толы Қарқаралы өңіріне келіп тұрып Шайтанкөл, Бассейнкөл, Үлкен көлге, Ұлттық паркке бұрылмай кету мүмкін емес. Айтпақшы, осы Қарқаралы атауы ұзатылып бара жатқан қыздың қарқарасы жол-жөнекей түсіп қалып, содан тұтас тау осы атпен аталып кеткенін бүгінде біреу білер, біреу білмес. Балқантаудың да ежелгі атауы Қу екен. Тау етегінде кезінде Қу ауданы болған. Кейін Егіндібұлақ атанып, кешегі тоқырау кезінде Қарқаралы ауданына сіңісіп кетті. Үш жүз мыңдай түтіні бар Егіндібұлақтың сыртқы сәулетіне көңіл онша қанағаттана қоймады. Аудан орталығы статусынан ажырап қалғандықтан да күйі кеткені көрініп тұр. Мұндағы Қазыбек би ескерткіші, бабаның 350 жылдығына орай осы ауылдан шыққан кәсіпкер Ғани Омаровтың демеушілігімен бой көтерген «Бәйтерек» монументі болмаса, басқа ғимараттар көнелігімен көңіл құлазытады. Есесіне Балқан тауына көтерілгендегі әсерді сөзбен айтып жеткізу қиын. Мұндағылар композитор Ілия Жақановтың «Балқантауда» әнін ауыл әнұраны ретінде шырқайды екен.
Балқантаудың баурайына біз де барып қайттық. Екі таудың арасынан өте «Үш піл» атты табиғи мүсін бірден көзге түседі.Менің есіме Қазығұрт баурайындағы Ғайып Ерен Қырық Шілтен кешеніндегі Піл түсті.Бізде-біреу, оларда –үшеу.Ту сыртынан қарасаңыз Балқантаудағы көрініс іркес-тіркес кетіп бара жатқан үш пілден аумайды. Одан әріде мұржалы тау көрінеді. Таудың ұшар басына біреу әдейілеп мұржа орнатып қойғандай.
Бір таңырқатары, тау баурайы мұнтаздай таза. Бұлақтың басында арнайы демалыс орыны бар. Тіптен кәуеп жасайтын тұғырына дейін дайын. Жергілікті тұрғындардың тазалыққа баса мән беретіні бірден байқалады. Осындай демалыс орындарын Шайтанкөлге көтеріліп бара жатқанда да көрдік. Әр-әр жерлерге қоқыс жәшіктері қойылған. Шашау жатқан бір бөтен зат көрмейсіз. Осындайда біздің кейбір таулы жерлердегі демалыс орындары еске түседі. Демалған жерлеріне күл-қоқысты ашық-шашық тастап кете беретін жерлестерімізді Қарқаралыға бір жіберіп алсақ-ау деп ой түйесіз.
Шайтанкөл – Қарқаралы қала-сынан 7 шақырым жерде Бұғылы тауының теңіз деңгейінен 1200 метр биіктікте жатыр. Таудың ұшар басындағы көл асығыс аттанған хас батырдың көсесі сияқты. Жол-жөнекей тіп-тік аспанға шаңшылған қайың, терек, қараған, бірінің үстіне бірі қабат-қабат жиналған гранит тастар сұлулығымен тамсандырады. Хас мүсіншінің қолынан шыққандай небір ғажайып көріністер көз суарады. Шайтанкөл шыңына дейін осындай түрлі бейнедегі тылсым тастардың құпиясы неде екен деп ойланумен барасыз. Менің есіме сол кезде Өгем тауындағы Мақпалкөл түскен. Жетелеп барар жолбасшысы табылса, Мақпал көл де талайларды тамсандырар еді-ау. Ал, Қарқаралыдан шыға Шайтанкөлге дейін жол бойы көрсеткіш тақтайларға толы.
Шайтанкөл туралы аңыз әңгімелер көп. Ертеде Жиренсақал деген әулие түн ішінде көлге түсейін деп келсе су бетінде адам тәріздес мақұлықтар толып жүр екен. Олат «әплет», «жәплет» деп бір-бірімен тіл қатысады дейді. Жиренсақал олардың шайтандар екенін біліп қойыпты. Дұға оқығанда олар жоқ болып кетсе керек.
Бірде көлдің жағасында қожа-молдалар тамақ жеп отырады. Олар орталарындағы Торсықбай деген жарлы жігітке тамақ бермеуімен қоймай, оны мазақ етеді. Осыған ызаланған Торсықбай ешкі терісін жамылып келіп, жартастар арасынан секіріп шыға келеді. Екі көзі қып-қызыл, басында мүйізі бар, үстіндегі жүні жалба-жұлба құбыжықты көріп қожа-молдалар «ойбай, шайтан!» деп тұра қашады. Осыдан кейін айдын Шайтанкөл атанып кетіпті дейтіндер де бар.
«Шайтанкөлге» жол бастап барған Ғазиз деген жігіт бізге мынадай екі әңгіме айтып берді. Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров ғарыштан оралған соң Шайтанкөлге шомылыпты. Арада көп уақыт өтпей ғарышкердің үстіне жара қаптапты. Мәскеудің, басқа да шетелдердің мен деген мықты дәрігерлері жараның шипасын таппай шаршайды. Сонда бір күні Тоқтардың түсіне ақ киімді, ақ сақалды бір кісі кіріп: «Балам, менімен неге амандаспадың?» депті. Тоқтар дереу елге оралып, Шайтанкөлдің басында бір қой сойдыртып, ас береді. Ол Шайтанкөлге көтеріле бере «Ассалаумаағелейкум,ата!» деп сәлем береді. Осыдан соң батырдың үстіндегі жарасы төгіліп түсіпті. Осы әңгімені естіген біз Шайтанкөлге сәлем беруді ұмытқанымыз жоқ.
Екінші әңгіме. Қаланың бір топ өзге ұлт өкілдері Жаңа Жылды Шайтанкөл маңында қарсы алмақ болыпты. Палаткалар тігіп, ас-суларын әзірлеп, олар ойын-сауыққа кірісіп кетсе керек. Енді дастарханға отыра береміз дегенде ғайыптан бір құйын пайда бола кетіп, демалушылардың палаткаларын, асүйлерін көтеріп алып, тау етегіне апарып бір-ақ ұрыпты. Жаңа Жылды қарсы алушылар құйын арасында өздерінің қайда қалғандарын білмей естен адасып, үйлерін зорға тауып келгенге ұқсайды. Содан бері олар Шайтанкөлдің құдіретін мойындапты және бұл маңайда ішімдік атаулыны мүлдем татып алмайды екен. Шіркін-ай, біздің Мақпал көлден қайтқандарға да осындай бір құдірет кезігер ме еді?
Бассейн аталып кеткен көлдің де көрінісі ғажап. Қаланың солтүстік-батысына қарай 6 шақырым жерде таудың ұшар басындағы бұл көл де әдемілігімен, керемет көркімен таңырқатады. Көлдің ұзындығы 60, ені 40 метр, тереңдігі 2 метр. Суы мөлдір, тұщы. Жан-жағын қызыл гранит тастар қоршап тұрған көл расында да шынайы бассейннен аумайды.
Қарқаралы ұлттық паркі 1998 жылы құрылыпты. Аумағы 112120 гектарды құрайды. Қарқаралы мен Кент тауларындағы дала өсімдіктері мен қарағайлы орман алқабындағы ұлттық паркте небір кереметтерге кезігесіз. Осы алқапта жаратылыс пайда болғандағы алғашқы адамдар қоныстанған деген үш үңгір бар. Менің есіме Қазығұрт тауы түсті. Мұнда да Кемеқалған шыңында адамдар мекендеген үңгір бар. Нұқ пайғамбарымыздың саусағының ізі қалған тас тұр. Жол бойындағы көкке қарай шаншылған шынарларды көргенде есіме Қаратастағы, Тұрбат ауылының солтүстік-шығысындағы сарқырама маңындағы Қырық қыз түсті. Мұндағы тас мүсіндер де көкке шаншылып міз бақпай тұр. «Қырыққыз қорғаны» мен «Қырыққыз әулиені» туристерге көрсетер ме еді? Қазығұрт тауының баурайындағы Ақбура әулиені, Арыс қаласы маңындағы Мұңлық-Зарлық өмір сүрген аралды неге дәріптей алмай жүрміз? Қазықұрттың баурайында Көктүріктің Истеми ханы, одан беріде Тәуке хан жаз айларында ордаларын тіккенін неге ұмытып кете береміз? Арқадан арнайы келген Қазыбек би осы жерде Төле бидің төрінде ала жаздай мейман болып жатыпты. Мұны неге ескермейміз?
Жә, оқырман, қызғаныш деп келте жорымаңыз. Елбасымыз Н.Назарбаев атап көрсеткендей: «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті орындары болады,оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл- рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рол атқарған. Бірақ, осынау рухани, географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы үзілмеген».Ендеше, сонау Қарқаралыдағы ғажайыптарды Қазығұрттағымен үндестіруге не кедергі екен деген тағы бір ой қылаң береді.
Ұлттық паркте сібір елігі, бұлан, арқар, қасқыр, түлкі, борсық, қоян, марал, дала шақылдағы келушілерді қызықтырады.Құстардан қыран, жапалақ, үкі, байқұс, тұрымтай, күйкентай, ақшыл қанат сайрауық кездеседі. Ну жынысты орманда қайың, терек, шілік, қараған, тобылғы, ырғай, долана, қарағай, аққурай, итмұрын, мойыл, бөріқарақат, тасжарған өседі. Қорықта 40 түрлі аң, 114 құс түрі, 66 түрлі өсімдік, 8 түрлі балық қорғауға алынған.
«Біздің Ақсу-Жабағылы ұлттық қорығында да осындай аң-құс, өсімдік түрлері бар.Табиғат байлығы мен сұлулығы жөнінен екі облыс жарысқандай екен-ау» деді Қазыбек бабаның тойына қатысушы ардагер Сейдахмет Байдәулетов аға төңірекке тамсана қарап.
Тұма табиғат тамашаларына тамсана қарап келе жатқан менің есіме Қазыбек бабамыздың бата-тілегі түскен.
Өркенім өссін десең,
Кекшіл болма –
Кесапаты тиер еліңе.
Елім өссін десең,
Өршіл болма –
Өскеніңді өшірерсің.
Басына іс түскен пақырға
Қастық қылма –
Қайғысы көшер басыңа.
Жанашыры жоқ жарлыға,
Жәрдемші бол асыға.
Қиын-қыстау күндерде –
Өзі келер қасыңа.
Бүгін сағы сынды деп,
Жақыныныңды басынба!
Сөз қуаты! Иә, қыран жетпес қияға қызыл тіл жетеді! Қасиет қонған, кие қонған Қазығұрт, Қарқаралы, Қаратау, Балқантау, Кент, Қопа, Аюшат, Қаракеңгір, Келіншектау, Қостұра Алланың шапағаты түскен жерлер ғана емес, ұлылар өткен, сол ұлылардың ұрпақтары Мәңгілік Ел іргетасын бірге қаласып жатқан ортақ мүдделі жандар мекені емес пе?
«Атыңнан айналайын, Қарқаралы» деп Мәди ақын жырлаған қасиетті мекеннен қайтарда осындай ойлар жетегінде келе жаттым.Иә, Қазақстанның қай түкпірі де- Атамекен. Ендеше, туған жердің қадірін бағалай білейік.Туған Жер деген Құдірет бізді осыған міндеттейді.
АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН АТАУЛАР
Келіншектау
Басынан талай ел көшкен қабырғалы Қаратаудың әр қапталы, әр шыңы шежіре. Сонда да Келіншектау деген ат тым жақын да тосын естіледі. Осы таудың жанынан талай рет әрі де, бері де өттік. Сонда өркеш-өркеш тауларға қарап, келіншек бейнесін іздейтінмін. Иә, алыстан қараған адамға өз сән- салтанатымен сауық-сайран құрып бара жатқан іркес-тіркес көш көз алдыңызға келеді. Алдындағысы бос кетіп бара жатқан түйеден аумайды. Одан кейін басында сәукелесі бар қалыңдықтың сұлбасы. Тасқа айналып кеткеннен соң ба, оның жүзін толық көру мүмкін емес. Тек оны сәукелесінен ғана ажырата аласыз. Құда жақ айттыра келгенге дейін оның бетіне ешкім жел болып тимеген де шығар-ау. Соған сай еркелігі де, өжеттігі де болғаны анық. Бәлкім, қыңыр ма екен?
Қалай еді өзі? Бағзы бір замандарда Қаратаудың қойнауы мен жазиралы жазығын емін-еркін жайлаған бір бай болыпты. Сол байдың ерке де сұлу қызы бар екен. Қыз болған соң бойжетеді, ұзатылар күні де келеді. Байдың қызы бір жігітті ұнатып, сөз байланыпты. Кей деректе бай өзі ұнатқан жігітке қызын еркінен тыс берген деседі. Әкесі де қыз таңдауына қарсы бола алмайды. Баяғыша айтқанда, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, тоқсан түйеге жасау-жабдығын тиеп, қызды ұзатып салады.
Жол ұзақ еді. Ауылдан ұзап шыққан ерке қыз көшті тоқтатыпты. Ондағысы қыз жасауын тағы бір қарап шығу керек болса керек. Тоқсан түйеге артылған қыз жасауында не жоқ десеңізші. Қымбат матадан тігілген көйлектер көздің жауын алады. Оларға алтын мен гауһар қадалған. Барлық бұйымдары түгел алтындалған болып шығады. Қос жанары жақұттай жарқыраған қалыңдық әкесі берген жасауға сүйсіне қарап ұзақ тұрады.
Бір кезде қыздың көзі итаяққа түседі. Әкесі оны да ұмытпаған. Бірақ итаяқты алтынмен аптатып, күміспен күптеткізбепті. Нәйеті итаяқ қой десе керек, ағаштан ойдырыпты да қойыпты. Қалыңдық қыңыр мінезін осы арада танытыпты. Жау шапқандай әкесіне хабаршы шаптырыпты. «Әкемнің мұнысы несі? Саф алтыннан жаңа итаяқ жасатып берсін. Көш содан кейін ғана қозғалады» деген сөзін хабаршыға шегелеп тапсырады. Кілтетпе қыздың ерке мінезін хабаршы құйтырқылықпен құбылта жеткізеді.
Жан дегенде жалғыз қыздың мына қыңыр мінезі әкесінің жүрегіне шаншудай қадалыпты. Жаны күйзеліп тұрса да әкесі қатал үкім шығарыпты дейді сонда.
– Ата-ана мейірімін ұғынбаған бұл неткен тасжүрек қыз еді? Осыншама мәпелеп өсіргенде оның бойына қарыз бен парызды еге алмағанымыз ба? Сол көшің тоқтаған жерге тас болып қатып қал. Тас болып қатып қал! — деп әке байғұс күңірене қарғыс айтыпты.
«Әке қарғысы – оқ» дейді қазақ. Сән-салтанаты келіскен көш сол бойда тасқа айналып шыға келіпті. Ауылға жіберген хабаршысы алыстан қарауытып көрінген тұсы екен бұл. «Соңымыздан алтын итаяқты алып жетер» деп қыз көшті енді қозғалта бастаса керек. Сол күйде көш түгел тасқа айналып кеткен ғой.
Келіншектаудың тұсынан өткенде осы аңыз ойға оралады. Алыстан бұлаң-бұлаң етіп кетіп бара жатқан тоқсан түйелі көшті көргендей боламын. Қайдағы бір итаяққа бола әкесіне өкпелеген қыздың қыңырлығы еске түседі. Осы шектен тыс еркелігі болмаса мынадай халге түсер ме еді деп ойлаймын.
Бүгінде әке-шеше мейіріміне риза емес жастар кездеспейді емес, бар. «Олай ете қоймадың, бұлай ете қоймадың» деп әкесіне өкпелеп, өз үйінен өзі безген бір бойжеткеннің тағдырын да білеміз. Алайда, қыздарын үлде мен бүлдеге бөлеп қоятындай кей әкелердің шамасы жете берер ме? Сондықтан әке-шеше мүмкіндігіне қарай қадам жасау керек қой.
Жуырда бір әңгімеге еріксіз куә болдық. Бір байшыкештеу кісінің қызы ұзатылыпты. Әке-шешесі қыз жасауын барынша жұтындырса керек. Әйткенмен, қыз қалауындағы бір қымбат көлік қыз жасауына қосылмай қалыпты. «Машина мініп келген келін» деген сөзден қашты ма, әлде басқа да себептері болды ма, ол арасын өздері біледі, әкесі қолында бар бола тұра қызына сол автокөлікті мінгізбеген. Ал, бауыр еті баласы не істеген десеңізші. «Мені ұялтты» деп әке-шешесіне хабарласпай қойған. Әрине, кеткен қыздың тастай батып, судай сіңгені жақсы. Бірақ, мәпелеп өсірген әке-шешесін өкпеге қалай қияды деген сауал көкейімнен бір кетпей-ақ қойды. Осындай мейірімсіз қыздарды қалай тәрбиелейміз? Әлде біз ұрпақ тәрбиесін осалдатып алдық па?
Мына Келіншектау сол осал тұсымызға мықты сабақ тәрізді. Жалғыз ғана қызы бола тұра бір қыңырлыгы үшін әкесі оны тас болып қатып қалуға қиды ғой. Неге? Өйткені, басқа да бойжеткендер сондай кілтетпе, қыңыр болып өспесін деді. Бәлкім, бұл аңызды тау сұлбаларына қарап отырып бір ойы жүйрік жан айта салған шығар. Алайда, әр аңыздың түбінде бір шындық бар дегенді қайда қоямыз? Аңыз желісі ғасырдан-ғасырға бекерден бекер мұрты бұзылмай жетер ме?
Біз туризм кластерін дамытамыз деп күн сайын жанығып жатамыз. Туризмге лайықты киелі жерлердің тізбесінде Келіншектау атала бермейді. Неге? Өйткені, Келіншектау кереметін түгел көрсету үшін оған бастап баратын жол жоқ. Туристер табиғат мүсіншінің төл туындысын танып, білуі үшін тым құрығанда жол жиегіне аңызға айналған таудың қысқаша тарихын жазып қою керек.
Американың Колорадо штатында Гранд-Каньон ұлттық паркі бар. Олар мұны 1908 жылы-ақ ерекше қорғауға алған. Мұнда табиғат-мүсіншінің «қолымен» жасалған ғажайып таулар мен құз жартастар көздің жауын алады. Осы жартастардың ғажайып көріністерін тамашалау үшін туристер әлемнің әр түкпірінен ағылып келіп жатады. Алматы қаласы маңындағы Шарын шатқалы да ғажайыптарға толы. Шарын шатқалы ұлттық парк ретінде талайларға шаттық, қуаныш, ғажайып сезім серпілістерін сыйлап жүр емес пе?
Шолаққорған селосынан шығып Кентау қаласына бара жатқан тау ішіндегі жол бойында да көріністері керемет кұз жартастар бар. Ал, ана бір тау беткейіндегі құз жартасты көпшілік «Чапаев» деп атап кеткен. Алыстан қарағанда үстінде шинелі, қолында қылышы бар Чапаевтан аумайтын бұл жартасты табиғат-мүсінші өзі сомдаған.
Мыңжылқы, Алтынтау қойнаула-рында да небір керемет жерлер көп. Осындағы таудағы үңгірлер, таңбалы тастар, жаздай көк көрпе жамылып жататын жайылым, суы шипалы Ақтас туралы, Баба Түкті Шашты Әзиз, Ысқақ баб, Қарабура кесенелері, Бабата, Құмкент қалаларының орындары, Ақбикеш мұнарасы туристерге ұялмай көрсететін киелі орындар.
Әзіреті Қаратау, расында әулиелердің кені ғой. Тылсым табиғаттың тамашаларын көреміз дегендерге тарих, қария, шежіре Созақтың айтары сірә да таусылмақ емес.
ЕР ЕДІГЕНІҢ АСЫЛ СҮЙЕГІ –
СОЗАҚ ЖЕРІНДЕ
Өз заманының аса белгілі, ықпалды тұлғасы Ер Едіге жайлы еңбектер аз жазылған жоқ. Шоқан Уәлиханов ел ауызынан Едіге туралы аңыздарды жазып алады. Осы нұсқаны 1905 жылы ғалым П.М. Мелиоранский Санкт-Петербург қаласына ала келіп, жеке кітап етіп шығарады. Арада жиырма екі жыл өткенде, яғни, 1927 жылы академик Қаныш Сәтбаев ел ауызынан жазып алған Едіге туралы жырларды өзі алғысөз жазып, Мәскеу қаласында бастырады. Осы ерлігі үшін ол ұлтшыл атанып, 1950 жылы қуғынға ұшырағанын айта кеткенді мақұл көріп отырмыз.
Міне, осы қуғыннан соң Едіге туралы еңбектер жарты ғасыр бойы тұңшығып жатты. 1989 жылы «Қазақ халық әдебиеті» көп томдығының батырлық жырларға арналған топтамасында Мұрын жырау жырлаған «Қырымның қырық батыры» циклі бойынша «Едіге» жыры бесінші томда жарияланды. Қ.Сәтбаев жариялаған нұсқа 1995 жылы «Ер Едіге» деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып шықты. 1996 жылы О. Нұрмағамбетованың құрастыруымен «Едіге батыр» жинағы жарық көрді. Оған академик Рахманқұл Бердібаев алғысөз жазды.
Кезінде жырдың дәстүрлі нұсқаларын Ш.Уәлиханов, П.М. Мелиоранский, Г.Н. Потанин, В.В. Радлов, И.Н. Березин, А.Белаев, Н.И. Васеловский, Ә.Диваев, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов секілді ғалымдар мен жазушылар зерттеп, жоғары бағалаған. Академик В.М. Жирмунскийдің айтуынша, « Ер Едіге» жырының орыс тіліне аударылған 30 нұсқасы бар екен.
Десек те, Едіге батыр жөніндегі алғашқы сөз Сыпыра жыраудың аузынан тарағанын ұмытпауымыз керек. Ол шамамен ХІҮ-ХҮ ғасырларда өмір сүрген қазақ ақыны. Сыпыра жырау «Едіге би» эпикалық жырының авторы ретінде тарихта есімі қалды. Жоғарыда айтқанымыздай, ауыздан ауызға тараған осы жырдың бірнеше нұсқасы бар. Оның бергі жағында Ш.Уәлиханов нұсқасындағы «Едіге жыры», Қ.Сәтбаев нұсқасындағы «Ер Едіге», Ә.Диваев нұсқасындағы «Мырза Едіге», Мәшһүр Жүсіп нұсқасындағы «Ер Едіге», Мұрын жырау Сеңгірбекұлының нұсқасындағы «Едіге», Нартуған нұсқасындағы «Мәулімнияз-Едіге» жырлары пайда болды. Қарақалпақ жырауларында «Едіге батыр зпосы» деген нұсқа тағы бар. Әрине, осы нұсқалардың қай-қайсысында да Едігенің ерліктері, елді ұйыстырудағы ерен еңбектері, өмірлік мұраты мен асқақ рухы, тапқырлығы мен мырзалығы көрсетіледі. Әу баста Едігенің бабасы Баба Түкті Шашты Әзиздің перінің қызына үйленетін тарихы ел аузында кеңінен тарап кеткендіктен болар, жыршы-жыраулар батырды сөз еткенде осы нұсқаны үнемі жадыларында ұстайды. Сондықтан жырдағы тарихи оқиғалар эпостық-ертегілік сарында болып келеді. Жыраулар өз жандарынан қосып, қиял-ғажайып әңгімелерді сіңістіре келе жырды әсерілеп те жібереді. Осындай сарындар барлық жыршыға тән.
Ал, тарихта Едіге батырдың Алтын Орданың зұлым ханы Тоқтамыспен текетіресіп өткені таңбаланады. Бұдан бөлек Едіге батырдың Литва мен Польшаны билеп тұрған, батыс тарихшылары адамзат тарихындағы ұлы қолбасшылардың бірі деп санайтын Витовтты талқандағанын ұмытпауымыз керек. Литва мен Польша ХІҮ ғасырдың аяғында әбден күшейіп, Батыс және Оңтүстік орыс жерлерін, Украйна мен Белоруссияны дәргейіне қаратқан еді. Литва, Польша, Мажарстан, Швеция жан-жақтан төніп, Ресейді қайтарымсыз бөліп алу қарсаңында тұрған екен. «Мәскеудің шаруасы шешіліп тұр» деп есептеген Витовт төрт жылғы мұқият дайындықтан соң, алты мемлекеттің әскерін біріктіріп, оған қоса немістің Тевтон орденді рыцарларын бастап келіп, Алтын Ордаға тұтқиылдан тап береді. Едіге осы алапат шайқаста өзінің ержүрктілігі, тапқырлығы, қолбасшылық асқан талантының арқасында олардың ту-талақайын шығарып, түре қуады. Осы ретте Мәскеу Едігенің 1399 жылғы 12 тамыздағы Борсықтыдағы ұлы жеңісінің нәтижесінде аман қалғанын тарихшылар куәландырады. Едіге мұнан соң 1408 жылы Мәскеуге, Литва билеген Киевке шабуыл жасауда, Хорезмді қорғауда өзінің сайыпқыран қолбасшы екенін дәлелдеген батыр. Тарихшылар сонымен бірге Едігенің Алтын Ордада ислам дінінің біржола орнығуына зор ықпал еткенін жазып қалдырған.
Міне, осындай ұлы қолбасшының, ел бірлігін ойлаған дананың асыл сүйегі қай жерде жерленген? Осы күнге дейін нақты жауабы жоқ осы сауалға тарихшылар мен ғалымдар әртүрлі дерек келтіріп жүр. Академик В.М.Жирмунский Едіге Тоқтамыстың баласы Қадірбердімен болған ұрыста өлді деген қорытынды жасайды. Мұны дәлелдеуге араб тарихшысы әл-Айнидің (Элайнидің) дерегін келтіреді. Қадырғали Жалайыр Қадірберді хан Қырым әскерімен келіп,Еділ дариясын кешіп өтіп Едіге бимен соғысқанын жазады. Осы соғыста Едіге би жараланады. Қадірберді де ауыр соққы алса керек. «Екі жақ әскері бірін-бірі аямай кескіледі. Ичкили ұлы Хасан Едіге бидің ақта атын (ереуіл атын) ұстап тұр еді. Қадірберді ханға «Едіге мұнда жатыр» деп хабар берді. Ол жетіп келіп, оны өлтірді. Қадірберді хан да сол жарақатынан кейін бірнеше күннен соң опат болды» деп жазады Қадырғали Жалайыр. («Шежірелер жинағы». Алматы. «Қазақстан». 1997 ж.115 б).
Философия ғылымының докторы, профессор Бекежан Ахан мен филология ғылымының докторы Жұбаназар Асанның «Қазақ әдебиеті» газетінің 2017 жылғы 15 қыркүйектегі № 38 санында жарияланған мақаласында Қадырғали Жалайырдың деректері негізінде Едігенің сүйегі Ақтөбе облысы Мәртөк ауданында жатыр деген қорытындыға келеді. Бұған 1869 жылғы патшалық Ресей оқымыстылары жасаған «Атлас Оренбургского края» деп аталатын құпия картада «Могила Едиге» деген таңбаның бар екенін алға тартады. Сонымен бірге 1904 жылы Ресей тарихшы-картографтары сызған «Карта Темирского уезда Уралской области» деген картада да Едігенің моласы таңбаланғанын айтыпты. Тіпті, 1983 жылы кеңес үкіметі тұсында ғарыштан түсірілген картада да Едігенің моласы бар екен. Ғалымдар сондай-ақ Ортаңғы Бөрте деген жерден Ұлытаудың арасы екі мың шақырым жер екенін айта келіп, Едігенің сүйегі Ұлытауға жеткізілгеніне күмән келтіреді. Біз де осы байламға тоқтайық десек, академик А.И. Шренкпен бірге болған сапарында Шоқан Уәлиханов: «Ұлытау шыңдарының бірінен маңғыт ордасының негізін салушы Едігенің моласын таптық. Оның моласы-тас үйіндісі. Оның ғұзыры өзі орналасқан тау қиясының биіктігімен сәтті ұштасып тұр» деп жазғанын қайда қоямыз?
Филология ғылымының докторы, профессор Б.Нұрдәулетованың «Айқын» газетінің 2016 жылғы 15 шілдедегі №104 санында жарияланған «Маңғыстаудағы Едіге қай Едіге?» атты мақаласында «Маңғыстай облысы, Маңғыстау ауданының орталығы Шетпеден оңтүстік-шығысқа қарай 40 шақырым жерде Қарауылкүмбет биігі деп аталатын аласа тайлар сілімі бар…Қарауылкүмбет биігіндегі қойылымдықтардың ортасында тұрған жартылай қираған кесене біздің назарымызды ерекше аударды. Маңдайшасында араб графикасымен таңбаланған мүк басып, көмескілене бастаған жазулар бар. Ғимараттың қасбетіндегі таңбалардан «…Едіге» деген жазуды оқыдық» делінеді. Кейін анықталғандай, бейіттегі жазуда «башар басби, баһадыр болды» деген анықтауыш та барлығы расталған. Мұнан соң автор М.Көпеевтің сөзін келтіре отырып, Едігенің Ұлытауға жерленгенін айтады. Бұл жер «Ақ мешіт әулие» атанып кеткенін де көрсетеді. Ал,жазушы Ә.Сарай Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер жинағындағы» дерек негізінде «Едіге 63 жасында Елек суының іргесінде Үшбөртеде опат болды. Оны лешкербасы Хажы Мұхамед оғлан (сібірлік Көшім ханның баласы) әке-бабаларының әруақ орны Құмкент, Баба Түкті Шашты Әзиз жанына жеткізе алмай,Ұлытауға жерледі» деп көрсеткен.(«Маңғыстаудағы Едіге қай Едіге?»)
Жалпы, тарихта төрт Едіге өткен екен. Соның бірі ХІҮ ғасырда өмір сүрген қолбасшы Едіге Таңашұлы. Екіншісі Ноғай ұлысының биі, өзімізге танымал Едіге. Үшіншісі-ХҮІІ ғасырдың аяғы мен ХҮІІІ ғасырдың басында өмір сүрген Арғынның Қаржас руынан шыққан саясаткер Едіге. Төртіншісі- Ақсақ Темірмен жақын туыс, барлас руынан шыққан жауынгер Едіге.
Жоғарыдағы Б.Нұрдәулетованың жазуынша, Маңғыстауда Баба Түкті Шашты Әзиз- екі адам,бірі (Баба)-әкесі, екіншісі (Әзіз)-қызы. Жергілікті халық екі бейітті де кие тұтып, басына түнейді екен.
Жазушы Кәмел Жүністегінің «Едіге» атты тарихи романында Едігенің баласы Нұралы әкесінің қас жауы Тоқтамысты найзамен түйреп өлтіреді. («Нұра-Астана» баспасы. 2012 жыл. 347 бет). Ал, Едігенің өзі 1419 жылы Ұлытау жерінде Тоқтамыстың кіші баласы Қадірбердімен өткен жекпе-жекте алған жарақатынан қайтыс болады. Осылай Едігенің денесі Ұлытау шыңына қойылады. Бұған дәлел ретінде жазушы осында Едіге тауы бар екенін айтады. Баянауылдың қазағы, көзі тірісінде-ақ әулие атанған қаламгер Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Бұл аманат орны. Бұнда Едіге батырдың денесі бір жыл сақталған. Себебі, таудың басы салқын болады, мүрде бұзылмайды. Бұнда ол өз өсиетімен туып-өскен топырағы Құмкентке, Жылыбұлақ жағасына, Баба Түкті Шашты Әзиздің қасына жерлеу үшін апара жатқанда аманат есебінде тұрған, бұл да мола есепті. Ал, Едіге батырдың сүйегі Құмкентте» деп жазады.
Мәшһүр Жүсіптің осы сөзіне ұйимыз. Өйткені, оның балалары, немере-шөберелері ұлысты билеген азаматтар болған. Олардың әке аманатын орындамаулары мүмкін емес. Сондықтан әке денесін ұлы баба жанына әкеліп қайта жерлеуі бек мүмкін емес пе?
Осы жерде сонау Балқантаудың баурайында бақилық болған Қаз Дауысты Қазыбек бидің денесі алты ай қыстан соң Түркістанға әкелініп, Қ.А.Иассауи кесенесі маңына жерленуін еске аламыз. Бұл жолғы рет те осы ізбен атқарылған шығар.
Тағы да Едігенің Ұлытаудағы моласы туралы. Орыстардың адамның басы десе екіленіп кететін әдеті. Мәселен, Кенесарының басын Санкт-Петербургтегі Эрмитажға қойғанын тарих куәландырады. 1941 жылы орыстар атақты жиһангез Әмір Темірдің моласын ашып, басын Мәскеуге жөнелтті. Сол сияқты, 1950 жылдары Мәскеудің үш ғалымы келіп, Едіге батырдың моласын тінтуі жан түршіктіреді. Ұлы бидің сүйегін қорлатқысы келмеген жергілікті екі ақсақал: «Мынау Едіге жатқан жер» деп ғалымдарды жаңылыстырған. Соның өзінде Едігенің жанында жатқан мәйіт арада бес ғасыр өтсе де бұзылмаған деседі көнекөз қариялар.
Қалай дегенде де ұлы бабасы Баба Түкті Шашты Әзиздің Меккеде, Алтын Ордада, Маңғыстау облысындағы Үштаған-Сазды деген жерде және Түркістан облысы, Созақ ауданы, Құмкент ауылында моласы кездесетіні сияқты, Едіге батырдың да үш моласы бар екенін жұртшылық біледі. Бұл жолы бейіттердің қосарланып келуін сопылардың іс-әрекеттерімен байланыстыруға болмас.
ХІХ ғасырда өмір сүрген татар оқымыстысы Ибрагим Халфин «Едігенің бабалары Сирия мен Иракты, Бағдат пен Даманскіні билеген» деп жазып қалдырған. Сол секілді Едігенің Әмір Темірдің қол астындағы Хорезм жерін оншақты жыл билегенін көне тарих жоққа шығармайды. Оған парсы жақтағы Керменені билегенін қосыңыз. Өзі қолдан құрған ноғайлы ұлысын басқарады. Ұлы би ретінде Алтын Орда мемлекетінің тізгінін он бес жылдай ұстайды.
Ал, Түркістан облысы, Созақ ауданы, Құмкент ауылының батыс бөлігінде, Жылыбұлақ жағасында, қарт Қаратаудың етегінде Баба Түкті Шашты Әзиздің жаңадан салынған кесенесі сонадайдан мен мұндалайды. Сол кесененің жанында қызыл кірпішпен қоршалған бір бейіт бар. Бейіт жанындағы тұғыртаста «Едіге батыр» деген жазу бар. Сонымен қатар, Жылыбұлақтың төменгі сағасын жергілікті тұрғындар күні бүгінге дейін «Едігенің майлы жұрты» деп атайды. Сонда бұл не? Кездейсоқтық па әлде тарихи шындық па? Ғалымдар осы мәселеге түпкілікті шешім айтса, біз Ер Едігенің асыл сүйегін Түркістан мен Ақтөбе облыстары мен Ұлытаудан іздеп неміз бар?
ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ
АЛТЫН ТАМЫРЫ
Біздің ауылда Бектас деген қадірменді қария болды. Жарықтықты бүкіл ауыл болып қатты сыйлаушы еді. Онда мектеп жасындағы баламыз. Таңертең Бексұлу, Камила деген жеңешелерімізбен бірге құлдыраңдап мектепке бара жатамыз. Кенет жеңешеміз кілт тоқтайды.
–Тоқтаңдар, балалар. Ата келе жатыр екен ғой, – дейді.
Біз алдымызға көз жібереміз. Бектас ата үйінен шығып әлдеқайда жол жүрмекші болып тұрады. Содан Бектас ата қашан қасымыздан өтіп кеткенше көшенің бойында тікеден-тік тұрамыз. Бектас ата жақындай бергенде Камила жеңешем иіліп сэлем береді дейсіз бір. Сұңғақ бойлы оның иілгенінің өзі қандай әдемі. Барлық қимыл-қозғалысы өзіне сондай жарасып тұрады. Осындай жеңеше әкелгені үшін ағамызға іштей дән риза боламыз.
– Өркенің өссін! — дейді Бектас атамыз.
– Енді жүре беруге болады, — дейді күлімсіреген Камила апайымыз.
Содан соң жол бойы тағы әңгіме айтады.
– Балалар, үлкендердің жолын кесіп өтпеңдер. Сәл ғана шыдасаңдар, олар өтіп кетеді. Бұл – ізеттілік. Үлкенге деген құрмет, – дейді апайымыз.
Осы тәрбиені, сірә, бесікте жатқанда аналарымыз кұлағымызға сіңірді- ау деймін. Әкеміз де «үлкен тұрғанда бейпіл сөйлей бермеңдер деуші еді.
Мектепке келеміз. Алдымыздан ағайларымыз шығады. Бас киімімізді қолымызға алып «сәлеметсіз бе?» деп сызылып өтеміз. Одан кейін бізде үн жоқ. Сабақ сұраганда ғана жауап береміз. Аздап есейе бастағанымызда арамызда аздап тентектік жасағандар да болды, әрине. Мұндайда мұғалімдеріміз тақта алдына тұрғызып қояды. Кейбір шолжаң балаларды шапалақтап та алады. Бірақ ешқайсымыз «мектепте ағай ұрды» деп айта алмаймыз. Деп көр. Әкеміз мұғаліммен қосылып сабайды. Аш құлақтан тыныш құлақ. Сондықтан ұстаздарымызды көрсек ығып жүреміз. Қазір айтсақ, біреулерге ертегі сияқты көрінер, ағайлар мен апайлардан қарадай қысылып жүруші едік-ау.
Осы бір әдемі сыйластықтың алтын жібі кейінірек бырт-бырт үзілгендей болды. Әскери борышын өтеп келген көкелеріміз ата- бабаларынан қалған өші бардай арақ пен темекіге өршелене ұмтылды. Мас болып бүкіл ауылды қырып кете жаздайтын «атамандар» көбейді. Тіптен, бір көкеміз араққа сылқия тойып алып, трактор руліне отырмай ма? Сол көкеміз тракторын тырылдатып көшедегі қаз-үйректі бақылдатып қуғанымен қоймай, бір-екі жеңгесін басып кете жаздап зорға тоқтады.
Мұндай сорақы көріністерге етіміз өле келе күнделікті үйреншікті көрініске айналды. Тойдың сәні арақ болды. Той-тамаша төбелессіз бітсе, бұл жиынды қызық өтті деп санамайтынбыз.
Сонымен бірге науқандық жұмыстардың барлығы арақсыз өтпейтін болды. Әсіресе, астық жинау, қой қырқымы, күйек алу науқандарында жұмысшылар топтанып ішеді. Арада ішімдік жүрген соң әрине, мұның соңы жанжалмен, төбелеспен бітеді. Көзі, ерні, шекесі көгерген көкелеріміз «кеше осындай болып қалыпты» деп мұнысын Айға ұшып барып қайтқан ерліктей көреді. Ал, мал қыстату науқанының әр күні «той». Сана семіп, ой ұйықтап, зерек қалғып кеткендіктен де шығар, талай көкелеріміз түзелуден біржола кетісіп те қалып еді. Соның салқыны шығар, біразы түрменің тәрелкесінен тамақ татып та келді.
Осы сарқыншақ «салт» салқынынан өскелең ұрпақ әлі де сытылып шыға алмай келеді. Мәселен, бүгінде үлкеннің алдын кесіп өтпейтін келіндер мен жастар бар ма? «Жоқ» деп аузымызды құр шөппен сүртуден аулақпыз, алайда әлі де үлкендердің алдын кесіп өтпеу былай тұрсын, қағып-соғып өте шығатындар бар.
Қаладағы қоғамдық көліктерге мініп көріңізші, сабаққа бара жатқан немесе келе жатқан студенттер күндіз-түні оқып, шаршап-шалдығып жүретіндері соншама кейде «үйықтап» та қалады. Олардың санасын кім оятады? Жатақханалардың, ғимараттардың артында, саябақтарда темекі түтінін будақтатып отыратын студент қыздарды шыққыр көзіміз күн сайын көріп жүр. Кәмелет жасқа толмай жүкті болып қалған қыздарымыздың көбеюі неліктен? Түні бойы тәнін саудалап жүрген «түнгі көбелектер» неге тиылмайды? Оқушылар неге бір-біріне мылтық кезенеді? Бүгінгі оқушылар мүғалімдеріне қандай құрмет көрсетіп жүр?
Міне, осы сауалдарға жауап іздегенде жүрегім жаншылады. Мектептердегі тәбелестерді айтпағанда, мұғалімін ұрып кеткен оқушылар жөнінде жиі еститін болдық. «Шыбық тимей шыңқ етерлер» ұстазы ұрмақ түгілі, қабағын түйсе, әке-шешелеріне айтып келіп, есесін қайтарғандар табылып жатыр. Қазір оқушы мүғалімнен емес, мүғалім оқушысынан қорқады.
Менің бір таныс мұғалімім бар. Енді сыйлас-сырлас болған соң түрлі тақырыпта әңгіме-дүкеннің түйме-түймелері ағытылады. Сол айтады, бүгінде жоғары сынып оқушыларына сөйлеуден қалдық деп. Оны айтасыз, алтыншы, жетінші, сегізінші сыныптың оқушылары да басқа планетада жүретін көрінеді. Сабақ үстінде қалта телефондарымен ойнап, әлдекімдерге хат жазып отыратын олар сауатсыз болып шықпағанда қайтеді. Баланың барлығы вундеркинд емес.
Кейбір сабақ оқуға тырысатын балаларды төңірегіндегілер етектен тартатын көрінеді. Ынтасы бар оқушыларды достары «оқымысты», «профессор» деп мұқатады дейді таныс мұғалім. Осыдан соң балалар білім алуға талпына ма? Жалпы, ата- аналардың жауапкершіліктерін жоғарылатпай, іс оңбайды. Қазір байдың балаларына бірдеңе деудің өзі қиын деп күйінеді танысым. Әрине, кәсіпкерлікпен шаруасын дөңгелетіп алғандар ұл-қыздарына «ағай, апайларыңды тыңдамаңдар» демейтін шығар-ау. Дегенмен, әке- шешелерінің бойларынан көрген маңғаздық, тәкаппарлық оларға жұғыспайды дейсіз бе?
Ұлтымыздың рухани жан-дүниесіне сіркеше сіңісіп, ажырамай келе жатқан кертертпа мінезден толық тазармайынша іргесі бүтін елге айнала алмаймыз.
Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың,
Оның да алған жоқ па Құдай құлқын?
Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,
Сапырылды байлығың, баққан жылқың!
Баста ми, қолда малға талас қылған,
Күш сынасқан күндестік
бұзды-ау шырқын.
Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың,
Әр жерде-ақ жазылмай ма,
жаным, тырқың?
Қай жеріңнен көңілге қуат қылдың,
Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың?
Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қалпың,
Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың.
Ұғындырар кісіге кез келгенде,
Пыш-пыш демей қалар ма ол да астыртын? – дегенде Абай атамыз ұлтын жек көрген жоқ. Өз сөзінен басқа сөзді ұқпай жүрген, аузымен орақ орған өңкей қыртыңға күйінді. Көрсоқыр, күншіл, міншіл, жалқау, сараң, сұм, қу, мақтаншақ, өтірікші, өсекші, өсімқор, арсыз жұрттан көңілі жыли алмады. Малға бөгіп, кісімсіп жүргендердің жан дүниесінің жұтаңдығына налиды. Бет-аузын жүз құбылтып, қоразданып сөйлегендерді жүдә жек көрді. Жалғыз атын терлетіп, ел қыдырып, сәлемдеспей, алыстан ыржаң қаққандарға күйінді. Данышпан ақын өз ұлтының осындай мінін сынағанда, қазақтарды жерге ұрмайтыны хақ. Сөзді ұғар бозбала барын біле түра үзілмес үмітпенен бос қуарды. Әйтеуір ақсақалдар айтпады демес үшін ауызынан аз ғана сөз шығарды. Иә, жан жарасы жазылмай кеткен ұлы ақын халқының осындай мінін түзеймін деп барын салды. Абай заманындағы ұлтымыздағы осы кемшіліктер ада-күде жоғалып бітті ме?
Мемлекет болып өз алдына шаңырақ көтерген елді өте аз мезгілде әлемдегі теңдесі жоқ қуатты республикаға жеткізген, Қазақстанның әлемдік және халықаралық аренадағы орынын айшықтап, таңбалап берген Қазақста Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың теңдесі жоқ ерлігін айтып жеткізу мүмкін емес. Ұлт Көшбасшысының ақыл-ой парасаты мен ерлік, жігері, даналығы, көрегендігі, кемеңгерлігі, аңсар-арманы Мәңгілік Ел идеясы арқылы айқын көрініп, таң нұрындай жарқырады. Отанын, Атамекенін алпауыттар қоршаған мына сын-қатерге толы алмағайып заманда Мәңгілік Ел жасауға барын салуы Елбасының ұлы мақсаты әрі кемеңгерлігі екенін паш етпей ме?
Енді, міне, Ұлт Көшбасшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаң-ғыру» атты стратегиялық маңызы зор мақаласында бізді тағы да жігерлендіріп қана қоймай, жаңа қадамдарға бастап отыр. «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын.
Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі — алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деді Елбасы. Осы кертартпа тұстарымыз қайсы? Абай айтқан жоғарыдағы міндеріміз. Біз тұспалдаған тұстарымыз. «Қанымызга сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес» деп Елбасы біздің осал тұсымызды тамыршыдай тап басып отыр.
Әрине, елжанды Елбасымыздың ет жүрегі елжірегенде халқымыздың ғасырлар бойғы тамаша салт-дәстүрлерін, бойларындағы тамаша қасиеттерін саф алтындай таза қалыпта сақтап қалуға ұмтылғанын танып, біздің де бойымыз шымырлады. Терең ой тұңғиығына баттық. Жан тебіренді. Жүрек бұлқынды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тағылымдық тұжырымдамасы өте дер кезінде жазылған баға жетпес құжат. ¥лттық құндылықтардың алтын тамырынан ажырап қалған ұрпақтың адасары сөзсіз. Сондықтан, Президент жадынамасы сананы жаңғыртты. Сілкіндірді. Біз бұл еңбекті әрбіріміздің төрімізге іліп қоюымыз керек.
Отбасымыздан бастап отан-дастарымыздың барлығына стра-тегиялық мәні орасан зор мақаланың түпкі идеясын үйретейік. «Сөз түзелді, ендеше, сен де түзел» деп Абай атамыз айтпақшы, болашағымызга бағдар айқындалды.
Олай болса осы бағдаршамнан айныма, адаспа, бауырым!
Көреген Көшбасшымыздың бар екенін мақтан тұтайық. Ұлтымыздың ұлы ұстазы көрсеткен жарқын жолмен жүрелік!
Серпілетін, сілкінетін күн келді!
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.