Шерәлі Біләл,
физика-математика ғылымдарының кандидаты,
филология ғылымының
докторы, профессор
Мен, Шерәлі Біләл, М.Өтелбаевтың төменде келтірілген, Жас алашта жарияланған бір мақаласына байланысты туындаған ойларымды (Мұқаң идеологиясын іске асыру жолдарын) оқырманмен бөліспекпін. Дұрысы, мақалаға сілтеме жасай салу керек еді, бірақ мнің жазбам сол мақаланың материализацияланған жалғас нұсқасы болғандықтан, әм оқушыны қинамас үшін әрі Ұлы ғұламаның құрметіне мақаласын толық беруді мақұл көрдім. Сонымен, Мұхаң не дейді:
«Қай жағдайда да қоғам жас-тарды қолдауға тиіс. Олар – біздің болашағымыз. Бірақ, өкінішке қарай, ұлт азаттығының арқасында өмірге келген Қазақстан Республикасында биік мемлекеттік қызметке ие болған жастар (министрлер, вице-министрлер, компания басшылары, агенттік, комитет, департамент төрағалары, директорлары т.б.) қазақ тілінде сөйлемейтіні және шала сауаттылығы қатты ойландырады. Өйткені, Конституциямызда жазылғандай, елімізде мемлекеттік тіл – ағылшын тілі де емес, орыс тілі де емес, ҚАЗАҚ ТІЛІ! Бұл олардың біразының ана тілі болмауы да мүмкін (шешелері де қазақ тілін білмейтін шығар), бірақ, сөз жоқ, баба тілі немесе әже тілі!
Мемлекеттік тілді білмеу — «Мәңгі ел» болу ұмтылысына, «Рухани жаңғыру» үдерісіне (процесс) зор кедергі. Егемендігіміздің баянды болуына күмән тудырып, жастарды отаншылдық (патриотизм) рухында тәрбиелеуге нұқсан келтіріп отыр.
Осындай рухсыз кадрлардың тым көбейіп кетуінің негізгі себебі – үлкен қызметтерде көп болған немесе түрлі амалдармен ен байлықты иемденіп қалған «ел ағаларының» өз ұрпағына, өз адамдарына тықпыштап қызмет әперуінің нәтижесі. Яғни жауапты орындарға маман қоюда, білімнің сапасын анықтауда, мемлекеттік қызметтің қарапайым ғана этикасын сақтауда (мемлекет тілін білмей халыққа қызмет етуге бола ма?..) принципсіздік – біздің сорымыз болып тұр. Демек, олардың мұндай әрекеттері — болашақ ұрпақты тәрбиелеу ісіне жасалған аса үлкен қастандықпен бірдей.
Білім беру және білімді басқару жүйесінде көптеген кемшіліктер бар. Кемшіліктердің күрделеніп, молаюына себеп – жалған (псевдо) ғалымдардың көбейіп кетуі деп нақты айта аламыз. Олар ғылымның да, білімнің де іргелі (фундаментальды), баянды болуына үлкен кедергі келтіріп отыр. Өйткені, псевдо-ғалымның табиғаты сондай: талантты өсірмеу, үздікті көрмеу, өтірік айту, жылтырақ сөйлеу, елдің басшылығын да, халықты да алдап соғу.
Жас мамандарды дұрыс бағыт таңдай алатындай етіп тәрбиелеу мүмкіндігіміз жылдан-жылға тарылып келеді. Білімнің, ғылымның жауапты орындарына шығып алған пысықайлар, псевдо-ғалымдар тұтастай жастарға өте жаман өнеге көрсетіп отыр. Біріншіден, олар өзі сияқтыларды таңдап, ынталандырады, өсіреді. Екіншіден, нағыз талантты балалар мұны көріп ғылымнан шошынады. Әрі-бері шаршаған соң, «құрысын» деп, шетелге ұмтылып, сонда қалып қояды.
Қазіргі студент-жастардың көзі ашық: олар интернеттен барлық профессордың, ректордың, академиктің деңгейін, әлеуетін біліп, бағалап отырады. Әділ бағалап, «анау – карлик, мынау – гном», «анау – плагиатор» деп, өз арасында дәлелдеп, талқылайды. Енді «карликтің», «гномның» «плагиатордың» академик, профессор, ректор деңгейінде ақыл айтып тұрғанын көрген студент қандай ойда болатынын, қандай тәрбие алатынын болжау қиын емес…
Сондықтан ғылым, білім жүйесін басқаратын, осыларды қадағалайтын, бұлармен араласатын кадрларды өте мұқият таңдамасақ, арты не боларын болжау қиын емес. Сталин: «маман бәрін шешеді» («кадры решают все») деген. Соғысқа барғандар ғана Стекең деп сыйлайтын осы «көсем» – орыс шовинизмінің зұлымдығынан жеңіліп, өзі де зұлымдыққа барған билеуші болғанын екінің бірі біледі. Бірақ, аса қиын кезде өзі айтатын мықты кадрдың арқасында совет одағының ғылымын көтергені, ғалымдарын ынталандырғаны, көп нәрседе қатаң принципке барғаны шындық.
Сорымызға қарай, біздің көп басшыларымыз жіберген қатесін мойындап, түзетудің орнына «қателесу процесін» одан әрі дамытып келеді. Бәрі жеке басының пасық («низменный») мақсаты үшін ғана.
Бүгінде қазақ тілі, ағылшын тілі, технология дегенді көп айтамыз. Рас, әлемде технология қарыштап өсіп кетті. Мысалы, күні-түні байланыстағы мына қалта телефонымызды да қазақ тілінің мүдесіне қызмет еткізе білуіміз керек. Қазір ұялы телефонмен бірінші адам өз ана тілінде (араб – арабша, неміс – немісше, ағылшын – ағылшынша…) сөйлейді, ал нәтижесінде әрбір тыңдаушы (немесе қабыл алушы, әңгімелесуші) өзінің тілінде еркін қабылдай береді. Бұл — ұялы телефон бір тілден екінші тілге оп-оңай аудара алады деген сөз.
Ұялы телефонға (немесе компьютерге) бір-екі емес, жүздеген тіл сан мыңдаған сөздік қорымен сиып кететіні белгілі. Енді телефонның аудару қабілеті күннен күнге артып түспек. Демек, тіл білу (мысалы, ағылшын тілін білу) — техникалық шешімі бар проблема. Жақын болашақта барлық халықтың адамымен солардың «тілінде» сөйлесе беретін боламыз. Яғни, смартфондағы (телефон т.б.) сөздік жанымызды қинамайды. Әлемде осындай технологиялық төңкеріс жүріп жатқанда, біздің балабақшадан бастап «ағылшын тілі!» деп жанығуымыз мүлдем теріс болып шығады. Тіпті бұл А.Байтұрсынұлының өсиетіне, неміс, жапон т.б. елдер тәжірибесіне қарсы екенін айта-айта жағымыз талған жоқ па?! Осы жағдайда біз қазақ тілін дамытуға, қазақ тілін терең білуге тырысуды қолдап-қолпаштауға тиіспіз. Мына заманда бір тілді терең біле түсу – аса қажет базалық дүние. Өзіңіз ойлаңызшы, әр нәрсені тиіп-қашып істеген жұмыс нәтижелі ме, орнықты жұмыс нәтижелі ме?..
Біз – аға толқынбыз. Осы шындықты шетелде оқып келген жап-жас білім саласы басшылары көзін жұмып алғандай білмей, ел басшылығын «үш тіл бізді ұшпаққа шығарады» деп алдаусырату – қай жағынан да қисынсыз, өнімісіз, болашағы жоқ бірдеңе (дұрыс емес нәрсені «идея» деу де күпірлік). Әйтеуір қазаққа тек Құдай көмектесіп жатады. Әлгідей ана тіліне еш зиян тигізбейтін, қайта оның қолтығынан демейтін технологияның Қазақстанға жететін күні де алыс емес. Жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер осы мәселеге шұғыл көңіл бөлгені дұрыс болар еді.
Қазақша «білетін» ұялы телефон жүйесі (смартфон) қазақтан басқа ешкімге керек емес. Қай ұлтты болсын ана тілімізде «сөйлететін» телефон, әрине, аспаннан аяғы салбырап түсе қалмайды. Біз сол үшін, яғни өз тілімізде сөйлейтін телефон оны қазақша программамен жабдықтау үшін күресуіміз керек. Ондай «тілмаштыққа» орыс тілі де жарайды десек, әлем алдында күлкіге қаламыз. Сондықтан, Қазақстан Республикасына келетін немесе бізде сатылатын телефонның бәрінде қазақша сөйлеу қажет, (бекітілген латиницаны да) міндетті. Бұл – мемлекеттік жұмыс, бағдарлама болуы тиіс! Нақты ақиқат: қазақша «білмейтін» телефондар мемлекеттік тілге қарсы жұмыс істейді (табиғаты солай). Бүгінде 1-сыныпқа барып жүрген бүлдіршіндер мектепті бітірген кезде, ұялы телефондар ең мықты аудармашыдан (тілмаштан) әлде-қайда мықты аудармашы болады. Сондықтан, жеткіншектеріміз бір тілді, яғни, Қазақстанның мемлекеттік тілін өте жақсы (бүкіл ішкі дүниесімен, сезімімен) меңгергені дұрыс деп білеміз.
Үш немесе одан да көп тілді «ми спорты» ретінде үйренуге, әлбетте, ешкім қарсы емес. Ол – әркімнің жеке ісі. Ал, қалың көпшілікті рухани жаңғырту үшін, Қазақстанның толыққанды азаматы ету үшін қазақ тілін 100 пайыз еркін меңгерту – мемлекеттің №1 міндеті.
Осыдан он жылдай бұрын тілмаш телефон жасау шешілмейтін проблемадай еді. Бүгін ол ақиқатқа айналғалы тұр.
Мен, М.Өтелбаев, сол кезде-ақ ІТ, информатик, ақпараттық технология мамандарына «тілмаш телефон жасауға қорықпай кірісе беріңдер!» деп ұсыныс жасаған едім, бірақ олар құлақ аспады. Құжаттарды (документ) орысшадан қазақшаға аударатын программа жасап, ақша тапқандарына мәз еді. Осы мәселе туралы баяндама жасап (Әбу Қуандықовпен бірге), бір алгоритм жасаған едім. Алгоритмді (өте қарапайым) мамандарға ұсынғанмын. Информатиктер тілмаш телефонның пайда болғанын менен естіп-біліп жүргені ұят-ақ… Шет мемлекеттерде ғылымның алғы шебі қалай дамып жатқанын жастарымыз мұқият қадағалап жүрсе деген тілегім де бар. Әлемдік ғылымның алғы шебінде не болып жатқанын қадағалап отыруға интернет және басқа ақпарат құралдары жеткіліксіз. Тіпті барған сайын жиілеп бара жатқан конференциялар, конгрестер де «көштен қалып», оны айта алмайды екен. Сондықтан, аптасына бір-екі рет өткізілетін тұрақты ғылыми семинарлар керек. Мұндай семинарлар математиктерде дәстүрге айналған. Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент, Тараз, Ақтөбе қалаларында аптасына бір рет семинарлар өтеді. Математиктердің көрсеткіштері жақсы болып жүргенінің бір себебі осында. Ғылымның басқа саларынан экономист Орақ Әлиев ұйымдастырып жүрген бір ғана семинардың бар екенін білемін. Одан басқа тұрақты, дәстүрлі семинар туралы естіген емеспін. Осындай қарапайым себептердің нәтижесінде ғылымдағы күрделі жаңалықтарды білуге тиісті ғалымдар кешігіп естіп жүр. «Тілмаш телефонның» пайда болуы «үш тілділік» проблемасын қайта қарауға мәжбүрлейтіні сөзсіз.
Егер жақын арада «тілмаш телефонды» қазақша үйретпесек (олар қазір жүз тіл біледі), ол телефондар қазақ тіліне қарсы жұмыс істей бастайды және де ана тілімізді мейлінше әлсіретіп, түбінде егемендігімізге зор қауіп төндірері сөзсіз.
Біздің информатиктер мен математикалық логика мамандары және тіл мамандары өзара түсіністікпен біріксе «тілмаш телефонға» көп уақыт өтпей-жақ қазақша үйрете алады. Күннен күнге аудармашылық қабілетін жетілдіретін («самообучающийся») чип жасай алады. Еліміздегі жауапты қызметкерлер қырсықпаса, аяқтан шалмаса, бәрі жасалады.
«Алдымыздағы 15-20 жылда «тілмаш телефондар» ең жақсы аудармашыдан әлдеқайда сапалы аудара алатын болады» десем, күмәнданбаңыздар. Естеріңізге «шахмат ойнайтын программаны» түсірейін. Қазір компьютерден әлем чемпиондары да жеңіліп жүр. Ал кезіңде «компьютер ешқашан чемпион адамды шахматтан жеңе алмайды» дейтін еді ақылгөйлер.
Жаһандану заманында «тілмаш телефондар» және интернет жүйесі егемендігі жоқ көп халықтың жойылып кетуіне себепкер болады. Егер де біз «тілмаш телефонға» қазақ тілін жедел түрде үйретпесек, біздің де жағдайымыз қуанарлықтай болмайтыны айдан анық. Себебі, олар Батыстың, Ресейдің идеологиялық экспансиясына өте тиімді (эффективті) қызмет көрсететін күшке айналады. Технологиялық іс насырға шапса, біз жас ұрпағымызды өзіміз тәрбиелеу мүмкіндігінен мүлде ажыраймыз, жастарымыз өзін «қазақпыз» деп сезінуден қалады. «Әкем де — қазақ, анам да – қазақ, тауым да — қазақ, бауым да – қазақ, төрт түлігім де – қазақ, бұйымым да — қазақ» дейтін жас өспірімді немесе ойыншық аң-құсымен, қуыршағымен ана тілінде «сөйлесетін» бүлдіршіндерді таппайсыз.
Мен жылқы қиының иісі, жылқы терінің иісі мұрнына келсе, сүйсініп рахаттанатын қазақтар үзілмей, бола берсе екен деп тілеймін. Мұқағалидай ақын қазақтар дүниеге келе берсе екен деп армандаймын. Халқымыз жаһандану заманына жұтылып кетпей, тілін және салт-дәстүрін аман сақтап, мәңгі ел болатынына үміттенемін.
Тағы бір ойым бар. Ол — Google-дың Қазақ елінде филиалын ашу. Қазірдің өзінде осы ғаламтор жүйесінде қазақтар қызмет етеді. Таяу болашақта елдер, халықтар техникалық аудармамен байланысып, ықпалдасып өмір сүретін болады. Қонақүйде, мейрамханада, музейде т.б. көпшілік орындарда сізді робот қарсы алып, қызмет көрсетеді. Біреулер «құлтемір» деп жүрген осы темір мен технологиядан жаралған «қызметшіні» қазақ тілінде сөйлетуге міндеттіміз.
Ғылым мен техниканың ұлы жетістіктері бізді жай ғана жұбатпай, рухани барымыз бен нарымызды жетілдере түссе, қазақ көштен қалмайды. Ол үшін осы саланың отаншыл, елшіл, ұлтын шексіз сүйетін азаматтарын бағалау, сөзіне құлақ асу, мінберден қиқулап, төмпештеп түсірмей, идеясының жүзеге асуына мүмкіндік туғызу, шәкірт таңдауына қолдау көрсету – нағыз мемлекеттік іс болмақ» (Мұхаң мақаласының соңы).
Бұған, Мұхаңның мақаласына, менің (Ш. Біләл) қосарым, бұл мәселеге ел басқарушылар дұрыстап көңіл бөлгені жөн. Бұл мәселеге нағыз ғалымдарды жұмылдырған дұрыс. Басшылардың есігін тоздырып жүрген псевдоғалымдарды, лжеученыйларды жолатпау керек. Себебі, олар «бітірдік» деп есепхат (отчет) берумен шектеледі ғой.
Енді «Тілмаш телефонның», оның ресурстарының, қалай жасалатындығына назар аударып көрелік. Біріншіден, көптілдік сөздіктер (жай сөздік, сөз тіркестерінің сөздігі, фразеологиялық сөздік, терминологиялық сөзік, т.б.) жасалуы қажет, олардың сапалық деңгейі өте жоғары болуы шарт. Ал бізде ондай сөздіктер жасалмаған десе де болады, ал барының сапасы төмен. Екіншіден, тәржіман (аударма) теориясын (мат.логика, бейнелерді танып-білу, графтар теориясы, лингвистика, мат.лингвистика, т.б. элементтерінің интегративті байланысынан тұратын) жетік меңгерген үздік мамандар қажет. Ондай мамандар бізде жоқтың қасы. Өз түсінігіміздегі үздік мамандарды шетелдік, «тілмаш телефон» ғылыми орталықтарына жіберіп, кәсіби жетілген мамандар даярлауымыз қажет. Үшіншіден, аса күрделі «тілмаш телефон» проблемасын материализациялау принциптерін схематизациялаушы әлхорезмдеу мамандығын игеру қажет. Төртіншіден, дайындалған әлхорезмдер (алгоритмдер) бойынша программа түзу қажет. Ал, дайын әлхорезм бойынша программа түзу қиын іс емес, әрине, программа (программалау) тілін білгенге. Бірақ, бұл жерде программалау тілін білу жеткіліксіз, программалау барысында Интернет-ресурстар, басқа да қолданбалы программалар кеңінен қолданылатын болады. Қиындықтың көкесі әлхорезмде, яғни әлхорезм түзуде. Мұхаңың әлхорезм, тәржіманның (тілмаштың) қарапайым әлхорезмін түздім дегеніне мен сене қоймаймын. Ол үшін , яғни әлхорезм түзу үшін үлкен информатик
(ақпаратшы) болуы керек қой. Бесіншіден, деректер қорын ( сөз, мәтін қорын) — 15томдық әдеби тіл сөздігі, 35томдық терминологиялық сөздік, фразеологиялық сөздік, сөз теркестерінің сөздігі және т.б. сөздіктер. Жанадаң жасалуға тиіс сөздіктер т.б. сөздік құрылымдар – қалыптастырып структуризациялау, формализациялау қажет. Алтыншыдан, қазақы мәтіндерді тәржемалаудың (мәшендік тәржіман – машинный перевод) озық үлгелірің, әдістерің (өзететіңдік статистикалық т.б.) аралас бірлікте, тұтастықта қолдану. Жетіншідең, мәтіндік тәржіман мәтіндерің құрастыру тәсілдерің жетілдіру. Мұқаңмен тағы бір келіспейтін жерім, Мұқаң 15-20 жылы. Оны мен 7-ге түсірсем деймін.
Сонымен, мәселені қорытындылай келе айтарымыз, «тілмаш телефон» жасау ісі қиынның қиыны. Себебі, осы күнге дейін арамызда орыс тілін тәржімалау ісі «орыс тілі-қазақ тілі» , «қазақ тілі-орыс тілі» программасы жасалғанымен, оның нәтижесі , программа сапасы қанағаттандырмайды. Шетелдік тәржіманның, «тілмаш» программаның құпиясын терең түсіну керек. Ол үшін не істеу керек екенін жоғарыда айттық.
Сонымен, «тілмаш телефон» жасау ісі жылдам жасай салатын бір-екі күндік (жылдық) іс емес, оған біршама уақыт барынша тер төгуге тура келеді.Сонымен қоса ол мол қаражатты талап етеді, жеке кәсіпорын, фирманың қаражаты жетпейді. Бұл мемлекет тарапынан қаржыландырылатын, аса құнды, мемлекет дамуын қарқынды алға бастыратын симбиоз. Және де екі-үш (он,он бес) адам атқаратын, атқара алатын жұмыс емес, бүтіндей үлкен ғылыми ұжымдық жұмыс. Яғни, арнайы ғылыми орталық ашу қажет. Жұмыстың теңдесссіз маңыздылығы соншалықты, бұл істен ешнәрсені аямау қажет. Нәтижелі жұмыс мемлекеттің потенциалын бір емес, екі емес, одан да жоғары деңгейгс көтеретін болады.
Тіл мәселесінің, Мемлекеттік тіл мәселесінің, қойылғанына 30 жылдан асты. Бірақ, мәселе түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Оның сыры неде екенін ешкім білмейді. Біреуі мемлекеттен көрсе, екіншісі орыстанып кеткен қазақтардан көреді және т.б. Бірақ, осылардың барлығы да дұрыс емес екен. Себебі, бұл мәселенің шешімі ғылымды ұлт тілінде сөйлетуде жатыр. Соны дәлелдеп, біз «ұлттық ғылым тілі негіздерін қалыптастыру» — деген тақырыпта докторлық десертация да қорғадық. Бірақ, оның ешкімге қажеті жоқ болып шықты.
Қазір, компьютерлік лингвистика технологиялары ұялы телефондарда кең қолданылған заманда, осы мәселені шешудің басқа тиімді жолы бар. Ол — ұялы телефондарда қазақ тілінен өзге тілге және кері қарай автоматты түрде тәржімалау негізінде «тілмаш-телефон» жобасын іске асыру. Бұл қазақ тілді азаматтың өзге тіл өкілдерімен ұялы телефон арқылы еркін сөйлесе беруіне мүмкіндік береді және олардың серверлерінде жиналған деректер қорын қазақ тілін дамытуға және оның қолдану аясын кеңейтуге қолдануға болады. Бірақ, осы жобаны іске асыру үшін аса қомақты қаржы және білікті 200-ге жуық мамандар (лингвистер мен информатиктер) қажет. Оларды «Тіл — қазына» акционерлік қоғамы, Тілбілім институты, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің Жасанды зерде ғылыми-зерттеу институтының (ЖЗ ҒЗИ) мамандарынан іріктеп алып, бір ғылыми орталыққа жинау қажет. Айта кетсек, «Тіл – қазына» акционерлік қоғамының, Тілбілім институтының қазіргі негізгі жұмысы — қазақ тілін латындандыру. Ал, ол мәселе 2013-2015 жылдары ҚР БҒМ-нің қаржыландыруымен ЖЗ ҒЗИ орындаған «Қазақша жазуды латиницаға аударудың ғылыми, әдіснамалық, технологиялық және әдістемелік негіздері» атты жоба шеңберінде шешіліп, компьютерлендіріп қойылған (нәтижелер www.e-zerde.kz және www.alphabet.kz сайттарында орна-ластырылған). Ол туралы профессор А.Шәріпбай телеарналарға берген көптеген сұхбаттарында айтқан болатын. Соған қарамастан, Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жөніндегі жұмыс тобы 20.02.2018 жылы бекітілген қате әліпби негізінде қазақ тілінің емлелерін дұрыс жасауға болмайтындығын ескермей-білмей, 2018 жылы мемлекеттен бөлінген қыруар қаржыны талан-таражға түсірді. Бұл туралы түрлі ақпарат құралдарында қаншама мақалалар мен сұхбаттар жариаланды. Бірақ, «Латындандыру» ісі басындағы азаматтар оған құлақаспай, керексіз істі одан әрі жалғастыруда. Оны тоқтатуға бізде дәрмен жоқ. Бұл мәселені Президент қана шеше алады.
Қорыта келгенде, «тілмаш-телефон» ісіне қаражатты алыстан емес, жақын жерден табуға болады. Ол үшін Тіл комитеті, оның облыстардағы бөлімшелері түгелдей жабылуы керек. Жалпы, тілге қатысты қаржыландырылатын ұйымдар түгелдей жабылуы тиіс. Себебі, олар «Мемлекеттік тіл» атауына нұқсан келтіріп тұр. Оның мәртебесін төмендетіп, іске алғысыз етеді. Себебі, Тіл-мемлекететтік болған соң, мемлекет істері тек сол тілде атқарылуы міндетті. Ал, аталған ұйымдар міндеттілікті әлсіретеді. Міне, жақын жерден «үлкен» іске қажетті қаржы көзі де табылды.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.