Емлені ұштай түсіп,  орфографияны жетілдіреміз десек… Емлені ұштай түсіп,  орфографияны жетілдіреміз десек…
Сейдін БИЗАҚОВ, филология ғылымының докторы, профессор 2018 жылдың 22 тамызында сарапталып, талқылау барысында даярланған қазақ тілі емле ережесінің жаңа жобасына енгізілген өзгерістер толықтыруды, жетілдіруді... Емлені ұштай түсіп,  орфографияны жетілдіреміз десек…

Сейдін БИЗАҚОВ,
филология ғылымының докторы, профессор

2018 жылдың 22 тамызында сарапталып, талқылау барысында даярланған қазақ тілі емле ережесінің жаңа жобасына енгізілген өзгерістер толықтыруды, жетілдіруді қажет етеді. Өйткені латыннегізді «Қазақ емлесінің негізгі ережесінде» кирилл әліпбиіндегі әріп санын азайтуға қатысты жазуды ғана өзгертіп, қазақ орфографиясының ережелерін жаңарту, жетілдіру мәселесі алдағы атқарылар іс – шаралардың ең бастысы және өзектісі екені өз мәнінде жеткілікті түрде ескерілмей қалғаны жайында әр алуан талас пікір айтылуда.
«Ана тілі» газетінің 2018 жылдың 18 қазанындағы санында басылған жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы «Жаңа әліпби тіл бодандығын жалғастыра бере ме?» атты билік басындағыларға кінә артқан мақаласындағы ойын газеттің 2019 жылдың 10 қаңтарындағы санында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қызметкерлерін кінәлап қайталап басыпты. И мен у – ды дауысты дыбысқа жатқызбай и – ді – ій, — ый деп, ал у – ды – ұу – үу деп екі әріпппен жазуды ұсыну ешбір қисынға келмейді.
Білікті тіл мамандары Құралай Күдеринова, Анар Салқынбай, Гүлфар Мамырбек, Ж.Жұмабаева тағы басқалары өткендегі атақты ғалымдардың айтқан пікірлеріне сүйене отырып, и мен у – ды бір әріппен таңбалап дағдыланып кеткен қазіргі жазуды өзгертіп, жаңа ереже ұсыну сөздің табиғи айтылуына да, сауаттылыққа да кері әсерін тигізеді, оқу мен жазуды қиындатады, тіліміздің табиғатына сай келмейді, айтылым сазына кереғар болады деп атап көрсетті. Жақсы әліпби үйретуге қолайлы болуға тиіс. Жақсы әліпби жазуға жеңіл болуға тиіс. Жақсы әліпби тілге шақ болу керек. Жақсы әліпби орыстілділерге қазақ тілін үйретуде қосымша қиындық тудырмауға тиіс.
Осы тілідік нормалар бас-шылыққа алынбай, әліпби жасалатын болса, тілдің иммундық жүйесіне, заңдылығына қауіп төнуі мүмкін деп, ұу, үу, ый-ій–дің қос дыбыс емес, бір дыбыс екенін дәлелдеп берді.
У мен и – ді қос әріппен таңбалаудың кесірінен емлемізді түбегейлі өзгеріске ұшырату тиімді емес. Өйткені қазіргі тіліміз туыс тілдер ішіндегі орфографиялық нормасы қалыптасқан, сымбаттылығы артқан озық тіл болғандықтан, ішінара ұштай түсу арқылы ғана өткендегі жеткен жетістіктерімізді зая жібермей орфографияны жетілдіре аламыз. Б. Нұржекеұлы мұны екермей, тарих дөңгелегін кері айналдырып, тіліміздің фонетикалық құрылымының қазір-гімен салыстырғанда оншалық дами қоймаған жүз жыл бұрынғы қалпына түсіргісі келеді.
Ол өзге тілден енген сөздер «ст», «зд», «дж», «кс», «зм», «рс» т.б. дыбыс тіркесімен берілсе, олардың арасына «ы», «і» қысаң дауыстыларын қосып жазуымызды жақтайды. Іністійтут, фыйлологыа, пірезійдент, піремійер, тырактыр, міністір, көледіж, көдекіс, қурыс, экістіремізім деп жазуымыз керек дегені де орфографияны кері кетіреді, сауаттылық та мүмкін болмай қалады. Өйткені бұрын күрделі кірме сөздерді айтуға тіліміз келмесе, қазір оларды айта алатын, жаза алатын болдық. Автордың сүійеді, зыйалы, быйазы, табыйғый, сайасый, ыйық, ылайық сөз нұсқаларының естілімі әуезді дегені де шындыққа жанаспайды.
Сөздің қысқасы у мен и – ді қос әріппен таңбалауды емле ережесінің жаңа жобасына енгізер болсақ (оның бетін ары қылсын) дау – дамай, талас пікір өршіп, барша көпшілік оқырманның қарсылығына тап болып, ақырында бұл әріптердің емлесін дұрыстап, қайтадан қарап, бір дыбыс түрінде өзгертпей жазуға мәжбүр болар едік. Кирилл әліпби негізінде «қазақ тілінің» өзіндік сөйлеу мақамын қалыптастырып, орнықтыруға, жазу мәдениетін жетілдіріп, дамытуға ықпал еткен жағдайларды қаперіне алмай, қазақ алфавитіндегі қыруар әріпті жат дыбысқа жатқызғанына қарсы уәж айта отырып, белгілі мәдениет қайраткері Сабыржан Шүкірұлы бұл дыбыстардың «тым әріден арна тартатынын, қазіргідей ашық, айқын сөйлеуге жеткізген, ұлттық тарихи даму жолында пайдаланған барша жазу тәжірибесі мен өзінің үнінің табиғи жетілу нәтижесі деп білген жөн. Үніміз өзгерген жоқ, тіліміз ұзарып не қысқарып кеткен жоқ. Сол баяғы қазақ дыбысы, қазақ үні, қазақ сөзі қалпында» екенін еске алып, ой қорытады («Ана тілі», 30.05.2002).
Керісінше, аталған әріптермен сөзді жазу тіліміздің дыбыстық құрылымын жетілдіруде болсын, сөйлеу тілін бірыңғайлап, әдеби тіл мәдениетін көтеруде болсын тиімді болғаны анық. У мен и – ды қос әріппен таңбалайық деушілер қазақ тіліндегі түбір сөздің ешқайсында екі дауысты дыбыс қатар келмейді, «иек», «иық» деп жазылмасын. Қазақ тілінің үндестігі бойынша сөз басында екі дауыссыз дыбыс қатар келмейді. Қазақ тілінің буын үндестігі бойынша жуан және жіңішкелі аралас буынды сөз болмауы керек. «Г» дыбысы мен «а» дыбысының тіркесі қазақ тіліне жат. Сол себептен «газ» деп жазылмасын. «Р», «л», «у» үнді дауыссыз дыбыстарынан да сөз басталмайды. Олар жалаң түрде ы, і, ұ, ү дыбыстарынсыз жазылмасын. Махаббат, ләззат, күллі, құдды деп екі дауыссыз дыбыс қосарланып жазылмасын деген әр алуан шектеулерді алға тартады. («Ана тілі», 20.12.2018). Шектеудің аты шектеу. Ол – тіліміздің лексикалық құрамы мен грамматикалық құрылымы секілді фонетикалық дыбыстық жүйесінің де дамып жетілуіне кесе – көлденең болатын кедергісі. Тіліміздің дамып, жетіліу барысында шектеу атаулының басым бөлігінің өз әсерін жойып алатыны белгілі.
Автордың қазақ тілінің әуез-ділігін, мәнерлі, биязы айтылуын қамтамасыз ететін дыбыстардың ішіндегі ең өнімдісі – «ы» мен «і» дыбыстары дегені де шындыққа жанаспайды. Қысаң «ы» дауыстысын жеке тұрып дыбыстағанда да әуезді дыбысқа жатпайтыны жөнінде әр кезде айтылған пікір жоқ емес. Мәселен, орыс тілінде «ы» әрпі анық, айқын естілетін тұста ғана жазылатынына қарамастан, өткен ғасырдың 30 – ыншы, 40 – ыншы жылдарында қайсыбір ғалымдардың орыс әліпбиінен бұл әріпті алып тастау тиімді деген пікірінің айтылған кезі болды. «Естілім әуезділігіне нұқсан келтіретін «ы» әрпі орыс тіліне татар – моңғол шапқыншылығы тұсында басқа тілден енген.
Еуропалық тілдердің бірде –бірінде бұл әріп жоқ. Бұл адамдардың айтатын дыбыстауынан гөрі қайсыбір хайуанаттың шығаратын үніне келіңкірейді» дей келе, олар «ы» әрпінің орнына әліпбидегі «и» — дің жеткілікті екенін және бала – шаға «ы» әрпін дыбыстауға қиналатынын алға тартады. Қазақ тілінде қысаң ы, і дауыстыларын мүлдем естілмейтін тұстарында да үстемелеп жазып, соның кесірінен сөз тұлғасының табиғи дұрыс дыбысталуын бұрмалап, айтылуын қиындатып, «естілім жағымдылығын» нашарлатып, тіліміздің табиғи әуезділігінің берекесін кетіріп, орфографиялық норма мен орфоэпиялық заң-дылығының қалыптасуы үшін де қолайсыздық тудырудамыз. Жаңа әліпби қабылданған кезде негізінен үндестік заңына басымдық беру керек. Қазіргі тілімізде өз әсерін жоғалтып алған ерін үндестігін қалпына келтіру жағы да латынға көшер тұста ескерілуі керек» деген ұстанымның да тілді алға оздырмайтыны белгілі. «Қазақ тілінің негізгі заңы үндестік заңы қазіргі күнде ойсырау кезеңін бастан кешіріп отыр. Оның басты себебі әліпбиімізге қазақ тіліне жат и әрпінің енуі еді. Біздің тілімізде тек «й» (шолақ «й») бар болатын.
Сөйтіп қазақ тілін орыс сөздері мен орыс тілінің емлесі іштен ірітіп жүр. Үндестік заңының үнін өшіру – қазақ тілінің үнін өшіруге апаратын жол», – дейді Б.Нұржекеұлы. Әуел баста түркі тілдерінің баршасына ортақ сингармонизм кейін келе елеулі түрде өзгеріске ұшырап, туыс тілдер үш топқа бөлінді. Кейбір тілдерде бұл үндестік заңы толықтай өз ықпалын сақтаса, екінші бір тілдер тобында аталған заңдылық өз ықпалын елеулі түрде әлсіреткен.
Тағы бір туыс тілдерге қазіргі таңда сингармонизм тән емес. Қазіргі қазақ тілінде ерін үндестігінің өз әсерін жоғалтып алуы тіліміздің әуезділігіне септігін тигізді. Өйткені тіл тарихының ең ертедегі кезінде қалыптасқан ерін үндестгін артта қалған фонетикалық заңдылыққа жатқызатындар бар. Атап айтқанда бір неміс ғалымы бұл үндестікті ауыз қуысындағы дыбыстау мүшелерін жан – жақтырақ қимыл қозғалысқа келтіруге ерінетін рухани жалқаулыққа жатқызыпты.
Соған орай тілдің дыбыстық құрылымының дамып жетілу барысында туыс тілдердің басым бөлігінде бұл заңдылық өз әсерін жойып алды. Бір қызығы қырғыздар ерін үндестігінен құтыла алмай әлек екен. 1977 жылы Қырғызстанның Нарын облысында тоғызқұмалақ ойнынан 15 күндей жарысқа қатысқанымда қырғыз ғалымдарының «біз де қазақ тіліндегідей ерін үндестігін қолданбай жазсақ, сөздің айтылымы да солай қалыптасып, тіліміз әуездірек болар ма еді» деген пікірін естідім. Ал қазіргі қазақ тілінің басты фонетикалық заңдылығына жататын езу үндестігі тіліміздің әуезділігін кері келтірмей, өз қалпында сақтайды.
Дегенмен тіліміздің дыбыстау мүшелерінің қызметін жан-жақтырақ ететін ілгерілеушілік мұнда да байқалады. Әуелгі кезде сөз құрамындағы дауысты дыбыстардың бір – бірімен үйлесіп, ыңғайласып айтылуы жаппай қолданылса, қазіргі таңда бұл заңдылықтан ауытқып, жуан, жіңішкелі аралас буынмен айтылатыны да аз емес. Қазақстанның кейбір өңіріндегі жергілікті ерекшелікте жуан, жіңішкелі аралас буынды сөздердің қолданылуы әдеби тілдегіден көбірек.
Мысалы, олардың мәған, сәған, әқын, сәғыну, өқасы, тәғзым, жәқын, жәңалық, мәхаббат, мәрхабат деп айтуы әуездірек еді. Қазіргі таңда бұл ерекшелік егде жастағылардың сөйлеу тілінде басымырақ сақ-талған.
Ендігі міндет – латын әліпбиіне көшкен елдердің тәжірибесін зерделеп, тілімізге нұқсан келтірмей, кирилл әліпбиіндегі жеткен жетістігімізді зая жібермей, жүйелі де сапалы зерттеу арқылы кемел әліпбиді қалыптастыру. Қазақ әліпбиін, жазу таңбаларын жетілдіру қазіргі қолданымдағы емлені қырнап, ішінара өзгеріс енгізу арқылы жүзеге аспақ. Жаңа әліпбиге осындай айқындықпен көшу керек дегенде тілдің ғасырлар бойы қалыптасқан нормаларын бұзбайтындай, жеткен жетістігімізге нұқсан келтірмеу жағы ескерілмек. Қазақ әліпбиін 26 әріппен алғаш құрастырған Ахмет Байтұрсынұлы кезіндегімен салыстырғанда қазіргі тіліміз — көш ілгері дамып жетілген тіл. Зор қарқынмен еселеп байыған сөздік құрамымен қоса тіліміздің фонетикалық, морфологиялық құрылымы да күрделеніп, дамып жетілді. Мұның бәрінде кирилл графикасы негізінде қабылданған әліпбиіміздің игі ықпалы болғанын теріске шығару мүмкін емес.
Осы тұрғыдан І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Қ.Жұбанов, А.Ыс-қақов тағы басқа ғұлама ғалымдарымыздың кирилл графикасына көшкеннен кейінгі тұста жазу жүйесін дұрыс қалыптастыруға, қазақ тілі орфографиясын тіл табиғатына, ұлттық ортикуляциялық базасына сәйкес жетілдіруге септігін тигізген қыруар еңбегін зая кетірмеу жағын ескергеніміз жөн.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұжымы қазақ әліпбиін латын графикасына көшірер алдында емлеге қатысты дау – дамай, талас тудырған тұстары жайында тіл мамандарымен жан – жақты пікір алысып, бір тоқтамға, пәтуаға келіп, орфографияны жетілдіру мақсатымен үш дүркін өткізген дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша «Қазақ тілін көркейтудің оңтайлы тәсілдері» атты кітапшасын баспадан шығарып, бір жарым жыл бойы тіл мамандарымен кең көлемде жан – жақты пікір алыстық. Бұл қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіруге даярлық тұрғысынан жазылған тұңғыш арнайы еңбек. Бұған дейін тіліміздің аса бай, көркем, дамып жетілген тіл екенін ғана айтып, ал оның кемшін тұстарын ешкім арнайы әңгімелеген емес. Тіліміздің кемшін тұстары дегенге жатырқап қараудың жөні жоқ.
Өйткені біздің айтпағымыз тіліміздің өзіне тән кемшін тұсы емес, емле ережесін қолдануда бірізділік пен жүйеліктің сақ-талмауы салдарынан, емлені ішінара ұштай түсіп, орфографияны жетілдірудің оңтайлы тәсілдерін ескерусіз қалдырудың салдарынан тілімізде орын алған кемшін тұстар. Соның кесірінен басқа ұлт өкілдерін айтпағанның өзінде, орыстілді қандастарымыздың да арасында қазақ тілі әуезді тіл емес, заман талабына сәйкес дами алмаған деген жаңсақ пікірдің қалыптасуы оны үйренуге деген ұмтылысын да тежеп келгені белгілі болып отыр.
Қазақ тілінің өзінің мәнділігі мен мазмұндылығы, сыпайылығы мен сәнділігі жөнінен де көп тілден озық тұрғанына орыстілді қандастарымыздың көзін жеткізіп, санасына сіңіру арқылы олардың ана тіліне деген қызығушылығы мен ықылас қоюына жағдай тудырудың алда тұрған үлкен де абыройлы міндет екенін ескердік. Ана тілімізді өз заңдылығымен көркейту үшін оның еркін дамуына мүмкіндік туғызуымыз керек. Оның кемшін соғып жатқан тұстарын дәл анықтап, жөнге келтіру арқылы оны кемелдендіріп, мемлекет тұрғындарының бәріне ортақ ұлтаралық тіл деңгейіне жеткізетін мүмкіндікке сай жүйелі жұмыс атқаруымыз керек.
Қамшының сабындай қысқа ғұмырдың тез өте шығатыны белгілі. Ата – бабамыздан жалғасып келе жатқан ең қымбат қазынамыз ана тілімізді көркейтіп, кемелдендірген күйінде келер ұрпаққа қалдыру қазіргі тіл жанашырларының абыройлы перзенттік парызы.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *